Хабаршы вестник



жүктеу 5.01 Kb.

бет10/18
Дата08.01.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18

 
ҚАЛТАЙ МҰХАМЕДЖАНОВ ДРАМАТУРГИЯСЫНДАҒЫ ТАРТЫС 
 
Қ.Ө. Əжиев - 
 филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы 
 Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы 
 
Белгілі  драматург,  аудармашы,  публицист,  театр  сыншысы,  Қазақстанның  халық  жазушысы 
Қалтай  Мұхамеджановтың  қазақ  драматургиясының  дамуына  елеулі  үлес  қосқаны  белгілі.  Ол  туралы 
«Қалтайдың  өзі  де  бір  театр»  деген  өнер  адамдарының  құлағына  сіңісті  болып,  қанатты  сөзге  айналған  
пікірдің айтылуы бекер емес.  
Қалтай  Мұхамеджановтың  алғашқы  туындысы  «Бөлтірік  бөрік  астында»  атты  комедия  өткен 
ғасырдың 60-шы жылдары үлкен резонанс тудырды. Ол баспасөз беттеріндегі əртүрлі, кейбіреуі қарама-
қайшы пікірдегі мақалалардың жарық көруіне себепші болды. Комедияда совет жастары жағымсыз түрде 
көрсетілген, үлкен қоғамдық деңгейдегі мəселе көтерілмеген деген сияқты  өз заманының талабына сай, 
кеңес  идеологиясы  шеңберінен  шықпайтын  сындар  айтылып  жатты.  Сонымен  қатар      М.  Əуезов  осы 
туындыға  «татымды  комедия», «анық  талантты  табыс»  деп    жоғары  баға  бергені  белгілі.  Жарты  ғасыр 
бұрын,  яғни 1958 жылы  жазылған    «Бөлтірік  бөрік  астында»  комедиясы  қазіргі  кезде  де  маңызы  зор, 
мəдени құндылығы жоғалмаған, көркемдік – эстетикалық мəні ескірмеген  шығарма. 
Бұл туындының  бұдан елу жыл бұрын көтерген мəселесі XXI ғасыр тұрғысынан қарағанда да əлі 
күнге өзекті. Пьеса В. Маяковскийдің өлең жолдарымен басталады: 
                               <...>Мы любим парад, 
                                                  Нарядную песню. 
                                       Говорим красиво, 
                                                  Выходя на митинг. 
                                       Но часто 
 
                                                   под этим  
                                                           покрытый плесенью 
                                       Старенький – старенький бытик …    
Бұл  сөздер  комедияның  негізгі  идеясымен  тығыз  байланысты.  Сыртқы  жасанды  сұлулық    ішкі 
жұпыны  болмысты    жасырады.  Сөзі  мен  ісі  қабыспайтын  екіжүзділік  қай  кезеңде  де  адамның  қасіретке 
жетелейтін кемшілігі.
 
Комедияның  басты  кейіпкері  Сапар  университеттің  бесінші  курс  студенті.  Ол  ауылда  əйелі  мен 
баласы барын жасырып, курстасы Жəмилаға үйленгелі жүр. Жəмиланың əкесі – лауазымды қызметкер. Ал 
Сапардың  мақсаты – сондай  туыстықты  пайдаланып  Алматыда  қалу.  Ол  барлық  ісін  есептеп  қойған: 
«мықтының  творчествосынан  диплом  жазады»,  кездескен  сəтте  мықтыны  «əдебиетіміздегі  алып  тұлға», 
«поэзиямыздың мақтанышы» деп небір теңеулерді үйіп-төгіп, тілін безеп мақтай жөнеледі. Сапар жылы, 
ыңғайлы  орынға  өтірік-айламен  жеткісі  келген,  сөзі  мен  ісі  жасанды,  сезімі  жалған  мансапқор  ретінде 
танылады.  
Пьесаның соңында кейіпкердің бетпердесі ашылып, өтірігі əшкере болады. Ауылдан келген ағасы 
Бекен  ақсақал  күйініп  Сапарға  «бөрік  астындағы  бөлтірік»  деген  баға  береді.  Мүмкін,  осындай  теңеу 
арқылы  кейіпкердің  келеңсіз  қылығы  жеке  бір  адамның  ғана  қоғамға  жат  кемшілігі  деген  ұғым 
қалыптастыруға болатын шығар. Дегенмен комедияның мəтінін талдау арқылы Сапардың типтік кейіпкер 
дəрежесіне  дейін  көтерілгенін  көреміз.  Екіжүзді  тоғышар  бейнесі  Қалтай  Мұхамеджановтың  басқа 
шығармаларында да көркемдік шешімін тапқан. 

 
56
  «Бөлтірік  бөрік  астында»  комедиясында  тағы  да  бір  сюжеттік  желі  бар.  Ол  Сұңғат  пен 
Марфуғаның қарым-қатынасы. Марфуға қазақ тіліне шорқақ, қалада өскен қыз. Осы образға байланысты 
авторға сын да айтылды.   Кезінде Ə. Əлімжанов «тіл мəселесін неге қоғамдық мəселе ретінде қарастыру 
керек,  қала  қазағы  əртүрлі  себептермен  ана  тілін  меңгере  алмаған  шығар,  оған  назар  аударудың  қажеті 
қанша?» /1,116/  - деген пікірде болды.  
Бүгінгі  күн  тұрғысынын  қарасақ,  сонау  тоқырау  заманында  Қалтай  Мұхамеджанов  қазақ  тілі 
мəселесін  көтере  білді.  Кезінде  мəн  берілмеген  ұлттың  көкейкесті  мəселесін  драматург  мысқыл,  кекесін 
күлкі  арқылы  қозғайды.  Комедияда  тағы  бір  өз  тілін  шұбарлап  сөйлейтін,  рок-н-роллға  табынатын, 
космополит Арыстан атты кейіпкер бар. Автор Марфуға мен  Арыстан арқылы ана тілін, төл мəдениетін 
білмейтін шала қазақтың типтік бейнесін сомдаған. 
«Бөлтірік  бөрік  астынданы»  Қ.  Мұхамеджанов  сатиралық  комедияға  жатқызады.  Мұнда 
кейіпкерлердің  кемшіліктері,  қателіктері  шынайы  күлкі  арқылы  сыналады.  Автор  юмор,  ирония  сияқты 
бейнелеу  тəсілдерін  кеңінен  қолданып,  комедиялық  шығарманың  поэтикасына  сай  кейіпкерлер 
арасындағы қақтығыстарды көрсетеді. 
 Қ.  Мұхамеджановтың  келесі  туындысы  «Құдағи  келіпті»  атты  комедия.  Бұл  шығарма  «Бөлтірік 
бөрік  астындағының»  жалғасы.  Осы  аталған  екі  шығарманы  сыншы  Сейілбек  Жұмабек  «комедия-
дилогия» деп дəл айтқан. Алғашқы пьесадағы Сұңғат пен Марфуғаға байланысты сюжеттік желі «Құдағи 
келіптіде» əрі қарай дамиды. Ана тілін білмейтін қазақ қызы Марфуғаның келешегі не болмақ? Бұл рухани 
кеселден айықтыратын жол бар ма? Автор осы сауалдарға екінші комедияда жауап береді. Марфуға күйеуі 
Сұңғатпен ауылда тұрады, мектепте мұғалім. Орыстанып кеткен қазақ қызы ұлттық мəдениеттің рухани 
бастауы  саналатын  ауылға  келін  болып  түскендігінің  арқасында  бастапқы  болмысына,  ежелгі  түп-
тамырына оралуға мүмкіндік алады.             
Осы  пьесада  драматург  Марфуғаның  əке-шешесі  сияқты  қалада  тұрып  даланы  ұмытқан,  ауылды 
менсінбейтін  қазақтар  жəне  ауылдың  қарапайым  тұрғындары  арасындағы  қақтығысты  көрсете  отырып, 
тағы да ауыл мен қала мəселесін қоғамдық дəрежеде көтереді.  
Пьесада  Сұңғаттың  жанұялық  мəселесімен  қатар  өндіріс  мəселесі  де  қозғалады.  Мектеп 
оқушылары жаз бойы интернат салу үшін кірпіш құйған. Колхоз бастығы Сəрсен сол кірпіштермен cиыр 
қора  салдыру  керек  дейді.  Оған  мектеп  директоры  Кеңес  жəне  партия  ұйымының  хатшысы  Сұңғат 
қарсылық  білдіреді.  Осындай  қақтығыс  арқылы  автор  шынайы  құндылықтар  мəселесін  көтереді:  адам 
қымбат  па,  мал  қымбат  па?  Нəтижесінде,  алпыс  мың  кірпіштен  шопандардың  балаларына  интернат 
салынатын болып, ал cиыр қораны колхоз бастығы өзінің жеке қаражатына жасайды. 
Қ.  Мұхамеджановтың  «Қуырдақ  дайын»  атты  үшінші  комедиясындағы  оқиға  темір  жол 
бойындағы  мал  шаруашылығымен  шұғылданатын  совхозда  өтеді.  Экспедитор  Ережеп  бастықтың 
орынбасары  Жақанды  балдызы  Күлəнға  үйлендіргісі  келеді.  Ережеп  ішкі  есебін  іске  асыру  мақсатында 
əртүрлі қулыққа барады. 
Пьесада  жеке  бастың  мəселесімен  қатар  шаруашылық  тақырыбы  да  бар.  Облисполкомның 
орынбасары  поезбен  өтеді.  Соған  совхозда  атқарылған  жұмыстың  есебін  алып  шығу  керек.  Жағымпаз 
Ережеп пен Жақан қосымша сый-сияпат жасап, үйткен малдың етін ұсынады. Осы орынсыз əрекеті үшін 
олар  басшының  қаһарына  ілігіп  облысқа  шақырылады.  Жақанның  «ендігі  қуырдақты  сонда  көрерміз» 
деген  сөздері  астарлы.  Сонымен,  пьеса  атауының  екі  мағынасы  бар.  Біріншісі - тіке  мағына:  Ережептің 
əйелі Əлима қуырдақ қуырып, оның дайын екенін мəлімдейді. Екінші, символикалық мағынасы жазықты 
болып  қалған  екі  кейіпкердің  ертең  облыс  басшысына  барғандағы  мүшкіл  халін  сипаттайды.  Автор 
Ережеп пен Жақанның жағымпаздық, тоғышарлық болмысын мысқыл, мазақ күлкі арқылы ашады.  
Драматург  «Өзіме  де  сол  керек»  атты  комедиясында  қоғамды  жайлап  бара  жатқан  жоғары  оқу 
орнына  орналастыру  сияқты  келеңсіз  құбылысты  көрсеткен.  Жұмыссыз  Хайдарбек  алаяқтықпен 
айналысады.  Ол  жоғары  лауазымды  қызметкерлердің  атын  жамылып  балаларды  институтқа  түсіреді. 
Осыны  табыс  көзіне  айналдырады.  Пьеса  соңында  Хайдарбектің  ісі  əшкереленеді.  Автор  кейіпкеріне 
«Оқуға  көбіне  беделді  қызметкерлердің  көше  таптап  жүрген  əумесер  балаларын  алып  жүрміз.  Олар  бес 
жыл бойы ілініп-салынып, онда да əке беделінің арқасында зорға бітіреді. Я маман емес, я надан емес əрі-
сəрі  бірдеңелер  шығып  жатыр.  Шын  мəнінде  бұл  болашаққа  жасалып  отырған  зорлық,  қиянат». /2,105/ 
деген сөзді айтқыза отырып елдің болашағына тікелей қатысты  мəселені тереңнен қозғайды.  
Сонымен, Қ. Мұхамеджанов комедияларында XX ғасырдың екінші жартысындағы замана келбетін 
суреттей отырып, негізінен əлеуметтік мəселелерді көтереді.. Пьесалардың кейіпкерлері қоғамдық сатыда 
əртүрлі орын алатын жандар: студент жастар, қалада тұратын тоғышар алаяқтар, ауыл адамдары. Көбіне 

 
 
57
 
драматург  қарапайым  ауыл  тұрғындарының  бейнесін  сомдайды:  агроном,  шопан,  жылқышы,  мектеп 
мұғалімі,  кітапханашы  т.с.с.  Мұхамеджанов  комедияларының  көркемдік  əлемінде  қоғамда  орын  алған 
мансапқорлық,  тоғышарлық,  жағымпаздық,  екіжүзділік,  парақорлық,  алаяқтық,  ана  тілін  білмеушілік 
сияқты келеңсіз құбылыстар сыналады. Қаламгердің ерекшелігі аталған келеңсіздіктер жеке бір адамның 
басындағы  қоғамға  жат  кемшіліктер  ретінде  емес,  керісінше  жалпы  қоғамдық  кесел,  жүйенің  осалдығы 
ретінде сипатталады. Драматург пьесаларының өміршеңдігі де сонда.  
Қ. Мұхамеджановтың қаламынан комедиялармен қатар драмалық шығармалар да шықты. «Менің 
дертім»  атты  драманың  шығармашылық  тарихы  күрделі.  Бұл  пьеса 1962 жылы  жазылып  он  алты  жыл 
бойы  автордың  столының  тартпасында  жатты. 1988 жылы  «Біз  періште  емеспіз»  деген  атпен  театр 
сахнасында қойылды.    
Бұл  туындыда XX ғасырдың  басындағы  қоғамдық зұлмат  сөз  болады.  Драма  кейіпкерлері  Назар 
мен  Қаспақ – НКВД  қызметкерлері.  Олар 1937 жылғы  қанды  оқиға  куəлары  ғана  емес,  сонымен  қатар 
жазықсыз  өлім  себушілер.  Кейіпкерлер  өткен  күндердің  қорқынышты  көріністерін  əр  түрлі  түсіндіреді. 
Осы  өткенге  деген  əртүрлі  көзқарас  олардың  арасындағы  шиеленіске  себепкер  болады.  Өзіне-өзі  риза 
Қаспақ 1937-жыл трагедиясын сол уақыттың ерекшелігі деп, ал өзінің əрекетін сол күннің талабы ретінде 
түсіндіреді. Бірақ соған қарамастан Қаспақтың іс-қимылдарынан оның да ішкі дүниесі алай-дүлей екенін 
көреміз:.  Қаспақтың  «Тірлігім  азап,  серігім  арақ» /3,95/ « арақ  арсызға  перде  болуға  жарайды»  деген 
сөздерінен  іштей  қиналып  жүргенін  байқаймыз.  Дегенмен,  қалай  болғанда  да,  ол  өз  істерін  ар  сотына 
салудан аулақ.  
Ал  Назар  өткенге  мүлдем  басқаша  қарайды.  Оған  өткен  күндердің  елесі  мүлдем  тыныштық 
бермейді.  Ол  ешқандай  кінəсі  жоқ  Ерден  мен  оның  жары  Асылдың  өліміне  қатысы  барлығына  қатты 
қиналып, ар сотының азабын тартады. Автор Назардың ішкі əлемінің драматизміне баса назар аударған. 
Өзінің  досы,  көн  терілі  Қаспақ  сияқты  Назардың  да  өткенді  жылы  жауып  қоюына  болар  еді,  өйткені 
қазіргі  кезде  оның  кінəсі  жайлы  ешкім  білмейді.  Бірақ  кейіпкер  олай  істей  алмайды,  есте  барды  сызып 
тастап, өзінен-өзі жасырынып қала алмайды. Кейіпкердің бар рухани драмасы осында. Жанрлық жағынан 
пьеса  философиялық-əлеуметтік  драма.  Мұнда  адам  өмірінің  мəні,  болмыс  пен  сана,  тұлға  мен  қоғам 
сияқты философиялық мəселелер көтерілген.  
1966  жылы  Қ.  Мұхамеджанов  «Жат  елде»  атты  пьесасын  жазды.  Мұнда  соғыстан  кейін 
Германияда қалып қойған отандастарымыздың шағын тобы туралы əңгіме болады. Олардың мақсаты əр 
түрлі.  Бірі  Америка  жəне  Германияның  қолдауымен  «Түрік  ели»  атты  ұйым  құрып,  түрік  тілді 
республикаларды Кеңес өкіметінен бөліп алуға ұмтылса, енді бір тобы осы ұйымның ісін қолдамағанмен, 
солардың арқасында амалын тауып елге жетіп қалғысы келеді.  Ал Америка мен Германияның  ойы осы 
топтың күшімен Кеңес одағына қарсы бағытталған идеологиялық диверсияны күшейте беру. 
Драматург  бұл  шығарманы  мемлекеттік  тапсырыс  бойынша  жазғаны  белгілі.  Бірақ  ол  тапсырыс 
талабына  сəйкес  сатиралық  комедия  емес,  саяси-  əлеуметтік  драма  жазған.  Тағдыр  тəлкегімен  туған 
жерінен  жат  елге  кеткен  адамдар  тағдырын  күлкіге  айналдыру  қиын.  Отанынан  алыс  кету - адам  үшін 
драма.  Əдебиетші-ғалым С. Қирабаев бұл пьесаны «патриоттық спектакль» деп атаған. Драманың негізгі 
мотиві – Отанға  деген  сағыныш.  Жат  елдегі  қандастарымыздың  сезімі  мен  қиналыстары  ақын  Асанның 
трагедиялық  образы  арқылы  берілген.  Сонымен  қатар  пьесада  сатқындық  тақырыбы  да  бар.  Жасырын 
ұйымды құрушы Құрбан бəрінен бұрын өзінің жеке басының пайдасын ғана ойлайды. Сол себепті де оған 
қатал үкім шығарылады. Анасы оны «шіріген жұмыртқа» санап, «балам өлді» деген кесімін айтады. 
«Көктөбедегі кездесу» драмасы Шыңғыс Айтматовпен бірігіп жазылған. Ол терең психологизмге  
толы,  интеллектуалды-аналитикалық  құрылымы  бар,  символдық  образымен  ерекшеленетін  шығарма.  
Пьеса  оқиғасыз,  сол  себепті  тартыс  сыртқы  деңгейде  емес,  іштей  өрістейді.  Бір  мектепте,  бір    сыныпта 
оқыған  төрт  дос  демалыс  күні  Көктөбеге  шығады.  Кейіпкерлердің  бірі  Көктөбені  атақты  Фудзиямаға 
теңейді. Бұл теңеудің символикалық мəні бар. Ертеде Жапонияда Фудзияманың басына шыққан монахтар 
адамға  ашпаған  сырын  айтып,  құдайдың  алдында  рухани  тазарудан  өтетін  болған.  Осыны  еске  алған 
актриса  Гүлжан  қатысушылардың  əр  қайсысына  айтылмаған  сырларын  көпшілікке  жайып  салып, 
Көктөбенің басында тазаруды ұсынады. Құдайдың алдында шынын айтуға барлығы бірдей дайын болмай 
шығады. 
Драматургтың  шығармашылық  табысының  бірі  пьесаның  образдар  жүйесіне  тағы  бір  кейіпкер, 
Айша  апайды  енгізуі  болды.  Қарт  мұғалім  бұрынғы  оқушыларынан  олардың  досы,  сыныптасы  Сабыр 
жайында сұрайды. Өйткені оның есінде  бесеуі бірге оқып, бірге жүріп, майданға қол ұстасып бірге кеткен  

 
58
күйінде қалған. Өзінің ең талантты  шəкіртін еске алу арқылы Айша апай Сабырмен байланысты сюжеттік 
желіні күшейте түседі. Қарт мұғалім есіне түсірген Сабырдың  «Мəңгі талас, мəңгі дау» атты  өлеңі оның 
асқан талант иесі екендігіне куə. Мұнда «Қайткенде адам қалады адам болып?» деген жолдар қайта-қайта 
қайталанады.  Өмір  адамды  күрес,  соғыс,  өлім  тағы  басқа  жағдайлар  арқылы  сынайды.  Адам  өмір  бойы 
адамгершілікке емтихан тапсырумен өтеді. Ең бастысы - қандай жағдайда да адам болып қалу. 
 Соғыстың  соңына  қарай  Сабыр  «Дабыл  үні  өшкенде»  атты  поэма  жазады.  Жауынгерлердің 
рухын көтеретін өлеңдер жазумен белгілі болған оның бұл ісін достары түсіне алмайды. Жауды отанының  
шекарасынан  қуып  шыққандарына  қуанудың  орнына  Сабырды  «осының  қаншама  өмірді  қыршынынан 
қиып,  қаншама  қан  қазаға  душар  ететінін  байқайсың  ба»,  бұл  жеңістің  құны  қанша  деген  сұраулар 
мазалайды.  Осы  поэмасы  үшін  Сабыр  жазаға  тартылады.  Төрт  досының  бірі  оны  сатып  жіберген.  Бірақ 
дəл қайсысы екені жұмбақ күйінде қалады. Тарихшы Мəмбет бүкіл қойылым барысында сатқын кім деген 
сұрақты қайта-қайта көтереді. Бірақ айналасындағыларға бұл мəселені қозғау керек емес. Барлығы да  бұл 
тақырыпты  жылы  жауып  қойғысы  келеді.  Олар  ұзақ  жылдар  бойы  бұл  адам  жайлы  əйелдеріне  де 
айтпаған. Бірақ Сабыр жарылмаған шиқан сияқты бəрінің есінде. Сол себепті сыныптастардың əңгімесі, 
олар оны қаламаса да, қайта-қайта Сабырға келіп тіреле береді. Өмірден жылы орнын тапқан Исабек пен 
Иосиф Патаевичтің айтуларына қарағанда, Сабыр бұл күндері ішіп кеткен, жанұясынан айырылған. 
Драма кейіпкерлерінің өмірге деген көзқарастары əртүрлі. Олар  сол себепті де ортақ нəрселер көп 
болғанына  қарамастан,  рухани  жағынан  бір-бірінен  соншалықты  алыс.  Олар  үнемі  бір-бірімен  сөз 
таластырумен  болады.  Сыныптастардың  жүздесуі  ұзақ  сағынышпен  күткен,  рухани  жақын  адамдардың 
кездесуі  емес.  Əңгімелерінен  де  көңілі  жақын  жандардың  шынайы  сөздерін  ести  алмаймыз.  Олардың 
дауларының  ең  басты  себебі  табынатын  құндылықтарының  əртүрлі  болуында.  Мысалы,  жақындығы 
сөздерінен аңғарылатын Мəмбет пен Алмагүл өзара қарым-қатынастың негізі бір-біріне рухани азық бере 
білуде деп есептейді. Иосиф Патаевич, Исабек, Мəмбеттің əйелі Əнуар тоғышарлық түсініктің шеңберінен 
шыға  алмаған  адамдар.  Не  актрисалық  өнердің  шыңына шыға  алмаған, не  ана  бақытына  қолы  жетпеген 
Гүлжан өзінің осындай жағдайына қатты қайғырады. Сол себепті автордың негізгі драматургиялық тəсіл 
ретінде дискуссияны таңдап алуы бекер емес. 
Пьесаны  Сабырдың  образымен  байланысты  сатқындық  тақырыбы  көктеп  өткен.  Бұл  тақырыпты 
Моцарт пен Сальери жайлы репликалар күшейте түскен. Фудзиямаға шығу арқылы пьеса кейіпкерлеріне 
сатқындық  дертінен  тазаруға  мүмкіндік  туған  сияқты.  Бірақ  олар  бұл  мүмкіндікті  пайдаланбайды. 
Авторлар  пьесаға  таудың  етегінде  тас  тиіп  қайтыс  болған  белгісіз  əйел  жайлы  жаңа  эпизод  кіргізеді. 
Нəтижесінде кейіпкерлер бұл трагедияға əдейі болмаса да кінəлі болып шығады. Бірқатар сыншылар бұл 
көріністі  артық  деп  есептеген  еді.  Бірақ  осы  эпизод  арқылы  драма  кейіпкерлері  кезекті  сынаққа  түседі. 
Мүлдем əртүрлі көзқарастағы адамдар ақыр соңында өздерінің шынайы орнын тапты. Сатқындар қашып 
кетті,  ал  адал  адамдар  қолымен  істегенін  мойнымен  көтермек  болып,  қалып  қойды.  Пьесада  сатқын 
мынау еді деп нақты көрсетілмейді. Оның кім екендігі маңызды емес. Авторлардың концепциясы кінəліні 
тікелей көрсетуден де кеңірек. Кім сатқын деген сұраққа жауап беру аз. Оқиғаның драматизмі сатқындық 
фактісінің  өзімен  тікелей  байланысты.  Мəмбет  сатқын  өзі  емес  екенін  біледі.  Соған  қарамастан  ол 
жақындарының  бірінің   сатқын  болғаны  үшін  рухани  күйзеліске  түседі.  Өйткені адам  өзінің ғана  күнəсі 
үшін  емес,  бүкіл  адамзаттың  күнəсі  үшін  де  жауапты.  Осындай  рухани  ізденістерімен    Мəмбет  өз 
жанұясының  материалдық  жағынан  басқасына  бас  ауыртпайтын  Досбергенге,  жолы  болғыш  ғылым 
докторы  Иосиф  Патаевичқа,  жағдайға  бейімделгіш  Исабекке,  тоғышарлық  көзқарастағы  Əнуарға  
түсініксіз.      
Сонымен  Қалтай  Мұхамеджановтың  драмалары  психологиялық  мазмұнымен,  философиялық 
тереңдігімен  ерекшеленеді. «Көктөбедегі  кездесу»  атты  драманың  кейіпкері  Сабыр  ақынның  өлеңіндегі 
«Қайткенде  адам  қалады  адам  болып»  деген  жолдарды  Қалтай  Мұхамеджанов  драматургиясының 
лейтмотиві  ретінде  қабылдауға  болады.  Оның  драмалары  мен  комедияларының  негізгі  тақырыбы  адам 
тағдыры,  адамның  кемшіліктері,  адамның  күрделі,  қарама-қайшылыққа  толы  жан  дүниесі. 
Комедияларында күнделікті тұрмыстың сынына түскен адам күлкіге айналдырылады. Драмаларында адам 
ерекше  психологиялық  жағдайлар  арқылы:  қасиетті  тау  Фудзиямада («Көктөбедегі  кездесу»),  жат  елде 
(«Жат елде»), қасіретке толы 1937-жылды еске алуда («Менің дертім»)  сыналады.  
Қорыта  келгенде,  Қ.Мұхамеджановтың    пьесаларындағы  тартыс  табиғаты  өте  күрделі:  онда 
адамның  жеке  тұлғаны  жəне  қоғамды  аздыратын  келеңсіздіктермен  күресі  барысында  туындайтын 
қақтығыстар баяндалады.  Драматург  адам өміріндегі күнделікті ұсақ тіршілікпен қатар құдаймен тілдесу 
сияқты  əртүрлі  дəрежедегі  көріністерді  суреттеу  арқылы  жеке  бастық,  жанұялық,  өндірістік  істердің  

 
 
59
 
деңгейіндегі  қақтығыстарды  жалпыадамзаттық  жəне  мəңгілік  құндылықтарды  сақтап  қалу  жолындағы 
тартыс деңгейіне дейін көтереді.  
 
1.
 
Жұмабек  С.  Қалтай  Мұхамеджан.  Титан  драматург. (Замандастар  айнасында) 
Шығармашылық портрет. – Алматы: «Өнер» баспасы, 2007. – 240 б. 
2.
 
Мұхамеджанов 
Қ. 
Өзіме 
де 
сол 
керек.// 
Мұхамеджанов 
Қ. 
Таңдамалы                      
шығармалар. Үш томдық. 2-т. Пьесалар. Портреттер. Өнер жайлы ойлар. -Алматы: Атамұра, 1998 – 
72-107 бб. 
3.
 
Мұхамеджанов  Қ.  Менің  дертім.//  Мұхамеджанов  Қ.  Таңдамалы  шығармалар.  Үш 
томдық. 1-т. Пьесалар. Сахна сазы. Кинофильмдер туралы. - Алматы: Атамұра, 1998 - 89-121 бб. 
 
Резюме 
 
В статье рассматривается поэтика конфликта в драматургии К.Мухамеджанова. 
 
Summary 
The conflict in K.Muhamedjanou`s dramatic art is considered in the article.  
 
 
БАЯН-ӨЛГЕЙ ҚАЗАҚ РАДИОСЫНА 45 ЖЫЛ 
 
Д.Баймолда -   
ф.ғ.д.,  Абай атындағы ҚазҰПУ-дың   
  аға оқытушысы  
 
2010  жылы  шілде  айында  өзінің  орнағандығының 70 жылдығын  тойлаған  Моңғолияның  Баян-
Өлгей аймағы 1940 жылдан бері «ұлттық аймақ» деген мəртебеге ие. Моңғолия қазақтарының осы ұлттық 
ерекшелігін ескерген Моңғолия үкіметі оу бастан қазақ баспасөзін, қазақ тілінде хабар тарататын радионы 
дамытуды қолға алды.  
Алтай тауларының бөктерінде мал бағып, күн көрістерін тауып келген Моңғолия қазақтары үшін 
радио үкімет саясатын насихаттайтын тиімді құрал болумен бірге аймақ тұрғындарын ішкі жəне сыртқы 
жағдайлармен, түрлі оқиғалармен дер кезінде таныстырып отырды. Яғни халықтың көзін ашып, сауатты 
болуына  көмекке  келді.  Ел  астанасы  Ұланбатырдан  алғаш  рет  қазақ  тілінде  хабар  тарату  ісі 1944 жылы 
көктем айында басталыпты. Алайда осы хабардың тұңғыш тілшісі, редакторы жəне дикторы кім болғаны 
туралы  мəлім  емес. 1947 жылы  Монғолияның  Ұлттық  Радиосы  аптасына  бір  рет  қысқаша  қазақ  тілінде 
тұрақты  хабар  таратуды  қолға  алып,  қазақ  тіліндегі  алғашқы  хабар  таратушы–редакторы  болып  аймақ 
тумасы  Сəдуұлы  Қабышай  істеді.  Қазақша  хабарды  бастабында  С.Қабышай  өзі  моңғолша  ақпараттарды 
негізге алып, хабар дайындап жүріпті (1).  
1950-ші  жылдардан  Kеңес  елінде  жасалған  «Родина-52»  маркалы  шағын  радио 
қабылдағыштардың еркін саудаға шығуына байланысты моңғолия қазақтары моңғол тіліндегі хабарлардан 
басқа Қазақстанның қазақша хабарларын да тұрақты тыңдай бастады ( 2).  
1950  жылдан  бастап  Моңғол  Радиосы  Ұланбатыр  қаласынан  қазақ  тілінде  хабар  тарату  аясын 
кеңейтуді  ойластырып,  байөлкелік  қазақ  жастарын  жұмысқа  шақыра  бастады.  Қазақ  тілінде  берілетін 
алғашқы  хабардың  уақыты 15 минут  болды.  Алғашында  қазақ  тілінде  хабар  дайындайтын  арнайы  штат 
дайын болмағандықтан Ұланбатырда оқитын қазақ жастары хабар дайындауға көмектесіп, эфирге шығып 
жүрді.  Ел  астанасы  Ұланбатырдан  берілетін 15 минуттық  қазақша  хабарларда  «Үнэн»  секілді  партия, 
үкімет  басылымында  жарияланған  ресми  ақпараттар  оқылатын.  Ел  астанасы  Ұланбатырдан  өз  ана 
тіліндегі  радиохабарын  есту  бұл  моңғолия  қазақтары  үшін  үлкен  қуаныш  əрі  тарихи  оқиға  еді.  Өйткені 
бұл кезде əрбір аймақтың өз радиотораптары болды (3). 
1955  жылы  Сəдуұлы  Қызырбек,  Х.Ауғанбай  секілді  азаматтар, 1957 жылы  журналист  Мəлікұлы 
Хизат  Монғол  Радиосына  редактор  жəне  аудармашы  болып  қызметке  кірді. 1960 жылдан  Моңғол 
Радиосының  қазақ  редакциясына  Əбілмəжінұлы  Хабылахат,  Смағұлқызы  Займкелер  тілші  болып 
жұмыстарын бастады. С.Займке өзінің жазған «Алпысыншы жылдар хабары» атты мақаласында: –Ол кез 
аймақта  радиостанция  орнамағандықтан  Баян-Өлгей  қазақтары  үшін  Ұланбатырдан  моңғол  тіліндегі 

 
60
радио  хабар  бағдарламасына  сыйғызып  күн  сайын 30 минут  қазақ  тілінде  хабар  берілетін.  Аймақ 
орталықтан  алшақ,  қəзіргідей  күн  сайынғы  əр  жақты  қатынас  жоқ  болғандықтан  аймақ  өміріне 
байланысты  ақпарат  мəлімет  табылмайтын.  Біз  көбінде  моңғол  тіліндегі  хабарлар  мен  «Үнэн»  газетіне 
жарияланған материалдарды жəне моңғолдың ұлттық ақпарат агентігі – МОНЦАМЭ-нің моңғол тіліндегі 
жаңалықтарынан қазақшаға аударып беретінбіз,– деп еске алады (1). 
Ал 1961 жылы  қазақ  аймағының  өмірінде  алғаш  рет  Чехословакия  елінің  техникалық  көмегімен 
аймақ  орталығы–  Өлгей  қаласында  қазақ  тілінде  радио  хабарларын  тарату  станциясы  орнады.  Ол  үшін 
1435  гц  жиілікте  хабар  тарататын 60 квт  күш  қуаты, 365 метр  биік, 47 бөліктен  тұратын 170 тоннадай 
салмағы  бар  сол  жылдары  Азия  құрылығындағы  ең  биік  антенна  орнады.  Чехословакияның  көмегімен 
салынған бұл радиостанцияның хабар тарату қашықтығы 500 шақырымдай еді. Яғни қазақша хабар Бай-
өлкеден  алыс  Шыңжандағы  қазақ  бауырларларға,  Ресейдің  Қос-ағаш  ауданындағы  қазақтарға  тіптен 
Шығыс  Қазақстанға  дейін  жететін.  Бұл  бір  жағы  қазақша  хабардың  Өлгейден  берілуін  тілеген  бай-өлке 
қазақтарының  талай  реткі  орталыққа  жіберген  өтініш-тілектеріне  сай  келсе,  екінші  жағынан 1960 
жылдардың  басынан  Кеңес  Одағы  мен  Қытай  арасында  туындаған  саяси  араздық,  келіспеушілікке 
байланысты Кеңес  Одағының ең жақын  досы саналған Моңғолияның  батысында  Шыңжаңға  қаратылған 
күш қуатты радиостанцияны орнату сол кездегі саяси шешім болғаны түсінікті (1).  
Моңғолия үкіметінің 1965 жылғы 219/242 жарлығымен ұлттық қазақ аймағында орнаған алғашқы 
радио  хабарын  тарату  редакциясы  құрамына  радио  релесі  жəне  радио  хабарын  тарату  жүйесі  еніп, 
редакцияның  жауапты  редакторы  болып  Мəлікұлы  Хизат,  алғашқы  тілшілері  ретінде  Əбілмəжінұлы 
Хабылахат, Хашқынбайқызы Күлдан  қызмет істеп күніне қазақ тілінде 30 минуттық хабар беріп тұрды. 
Х.Күлдан соның алдында ғана Алматыдан КазПИ-ді бітіріп келген болатын. Қазақ радиосы 1989 жылдан 
бастап  күніне 1 сағаттық  хабар  беретін  болды  жəне  редактор, 2 тілші,  режиссер,  оператор, 4 техниктен 
құралған редакция хабардың мазмұны, сапасы, техникалық жақтарына жауап берді.  
Аймақтағы Қазақ радиосы да бұл жылдары Моңғолиядағы социалистік өмірдің жақсы жақтарын, 
социалистік жарысты жалпы социализм мұратын насихаттаудан жалықпады. Социалистік өмірдің тек бір 
жақсы, жағымды жақтарын айтумен болды. Бұл сол кездегі Моңғолиядағы коммунистік биліктің жүргізіп 
отырған  саясаты  еді. 1986 жылы  Мəскеуде  басталған  жариялылық  яғни  қоғамды  демократияландыру 
процессі осы уақытқа дейін Мəскеу ымымен жүріп,тұрып əлемдік оқиғалардан тыс өзінше бейғам жатқан 
Моңғолияны да шарпыды. Бұл бір жағы Моңғолияны кеңес одағының идеологиялық бұғауынан босатса, 
екінші жағы Моңғол қоғамы алдына өзінше өмір сүруді қарастыруды жүктеді. Сондықтан баспасөз, радио, 
теледидардың  алдында  елдегі  өзгерістерді  халыққа  насихаттау,  түсіндіру,  сол  жолда  қоғамдық  пікір 
қалыптастырып, шығармашылық қал ахуал орнату қажеттігін атап көрсетті (5). 
Елдегі  саяси  өзгерістер,  демократия  мен  жариялылық,  экономикадағы  жаңарулар,  əлеуметтік 
жағдайлар  жəне  мəдени,  рухани  саладағы  тоқыраулар  аймақтағы  баспасөз,  радио  қызметкерлерін 
серпілтті,  олар  ұлттық  мəселелерді  батыл  айтқан  мазмұнды  хабарларды  көбейтті.  Тіпті  радио 
тыңдаушыларының  өздері  қоғамда  болып  жатқан  жағдайға  бей  жай  қарай  алмайтындықтарын  білдірген 
хаттарын көптеп түсіретін болды. Осындай хаттар радио эфирінен беріле бастауы мұң екен бұл халықтың 
жаңа  өмірге  деген  көзін  ашуға,  қиындықтарды  жеңуге  жол  ашты. 1989 жылдан  бастап  қазақ 
редакциясының хабар беру уақыты екі есеге ұлғайтылды яғни күніне екі сағат хабар беретін болды. 1990 
жылдың  басында  коммунистік  темір  тəртіптің  шеңгелі  босап,  шекара  ашылуы  мұң  екен  моңғолия 
қазақтары ежелгі атамекені –Қазақстанға қарай көше бастады.  
Көші-қон, тіл мəселелері радионың күнделікті бағдарламасында басты тақырыптар болса ал салт– 
дəстүр,  дін  мəселелері  сондай  ақ  нарықтық  экономика  мəселелері  ең  маңызды  тақырыптар  қатарында 
болды. 1937-38 жылдарғы  «эсэргуу»  яғни  саяси  құғын  сүргін  құрбаны  болған  қазақтар  жайында  ел 
ауызында  айтылып  келген  тақырыпты  қазақ  радиосы  көтеріп,  өз  эфирінен  хабарлар  бере  бастады.  Бұл 
радионың «Тағдыр» айдарымен тұрақты беріліп тұрды. Бұл көпшілік қауымның көп жылдары айта алмай 
ішінде буып келгенін эфирден жариялай бастауы расында жариялылықтың арқасы еді.  
Баян-Өлгей  қазақ  радиосының 1989-2000 жылдарғы  бас  редакторы  қызметін  атқарған  бүгінде 
Қазақстанға  оралған  Бодаухан  Тоқанұлы  «Бай-Өлке  радиосы  демократиялық  кезеңде»  атты  естелік 
мақаласында: Баян-Өлгей  аймағы қазақ радиосы Моңғолияда тұратын ат төбеліндей аз қазақтың ұлттық 
болмысын сақтап қалуға қазақ мектептерінен кейін зор үлес қосқан бірден бір киелі орны болды деп атап 
көрсетеді. Оның айтуынша социализм дəуірінде Баян-Өлгей радиосында партия саясатын ұстанғандықтан 
еркіндік  болмағаны  рас.Алайда  радио  ең  бергісі  қазақтың  тілдік  нормаларының  қалыптасуына,əдебиеті 
мен  өнерінің  қанат  жаюына  зор  үлес  қосты.  Қазақ  радиосының  басты  ерекшелігі  елдегі  адам  құқығын 

 
 
61
 
қастерлеген демократиялық  қоғамның  туын  көтерісуі  осы  демократия  негізінде  бұрынғы  түзу  сызық,тар 
шеңбер,бұлтартпас  жол  өзгеріп  қоғамның  барлық  саласында  еркіндіктің орын  тепкендігі сол  еркіндіктің 
алғы шебінде қазақ радиосының жүргендігі дейді ол. 
Баян-Өлгейдегі Қазақ радиосының қəзіргі бас редакторы Сұраған Рахметұлының айтуынша Баян-
Өлгейдегі ақпарат құралдары соңғы бес-алты жылда біршама өзгерістерге ұшыраған. Жаңадан теларналар 
ашылып, FM радиолар  дүниеге  келе  бастаған.  Бірақ,  бұл  радио желілері  бүгінгі  журналистика  талабына 
жауап бере бермейтін жағдайда. Өйткені бұған дейін Өлгей радиосында жұмыс істеп кəсіби шеберліктері 
шыңдалған журналистердің көбі Қазақстанға-атажұртқа қарай көшіп кеткен ал қалғандарының тəжірибесі, 
кəсіби журналистіктері жетіспейді. 
Баян-Өлгийде  көпшілікпен  тұрақты  түрде  дидарласып  тұратын  ақпарат  құралы –  «Баян-Өлгей» 
радиосы  ғана.  Радио  күніне  жергілкті  уақыт  бойынша  кешкі  сағат 21.00-22.00 арасында 1 сағат  хабар 
таратады: Əрі Моңғолиядағы мемлекет қаржыландыратын бірден-бір ақпарат құралы–дейді С.Рахметұлы. 
Чехословакияның  көмегімен 1965 жылы  ашылған  радионың  құрал  жабдықтары  ескірген. 
Мемлекеттен  арнайы  қаржы  бөлініп,  соңғы  жылдары  радионың  құрал-жабдықтарына,  компьютерлерге 
керекті  жабдықтар  алына  бастаған.  Бүгінгі  күні  Баян-Өлгий  радиосының  толқын  жиілігі 15 квттан 
аспайды  екен.  Демек,  алыс  ауылдар  қазақ  тіліндегі  жалғыз  ақпарат  құралының  үнін  естуге  зар  болып 
отыр.  Радио  директоры  Сұраған  Рахметұлы  осы  тығырықтан  шығудың  жолын  былайша  қарастырып 
жатқандығын  айтады:-  Келешекте  радионы  ұлттық  деңгейге  жеткізуді  көздеп  отырмыз,  Ол  дегеніміз – 
Моңғолия  көлеміне  шығару,  уақытын  да  аздап  көбейтуді  жоспарлап  отырмыз.  Онда  Шығыс  Қазақстан 
облысының  бірнеше  ауданы  Өлгий  қазақ  радиосын  тыңдайтын  болады.  Ал  Байөлкеліктер  Алматыдағы 
«Қазақ Радиосы» мен тығыз байланыста болуды армандайды тіптен соның Моңғолиядағы бір бөлімшесі 
іспетті  жұмыс  істесек  деген  ойымыз  да  бар.  Бұл  əрине  екі  мемлекеттің  үкіметтері  арасында  сөйлесіліп 
шешілетін іс болмақ дейді ол.  
Баян-Өлгей  қазақ  радиосының  өз  алдына  отау  тіккен 1965 жылдан  кейінгі  жарты  ғасырға  таяу 
мерзім ішінде осындай даму сатыларына өтті. Соның əсері болар, ондағы 150 мың қандастарымыз өзінің 
қазақы келбетін осы күнге дейін таза қалпында сақтап отыр. 1991 жылы Қазақстанға көштің басын алғаш 
бұрған да осы қазақтар болатын. Қазіргі ресми есеп бойынша Моңғолиядан Қазақстанға 100 мыңға жуық 
қазақ  оралды.  Алайда,  Моңғолияда  əлі  де 120-130 мың  қазақ  тірлік  етеді.  Қазақ  топырағынан  тыс  өмір 
сүріп  жатқан  Моңғолия  қазақтарының  бұқаралық  ақпарат  құралдары  сөз  жоқ  біздің  ақпараттық  хабар 
тарату жүйеміздің бір бөлшегі іспетті.                               
      
1.
 
Жел, қанат, құс. //  Ұланбатыр. -2005. 
2.
 
Баян-Өлгий аймгийн нэвтэрхий толь, 2010. 
3.
 
Журнал «Радио» . – 1956. - №4. 
4.
 
«Жаңа өмір» газеті. – 1985. - 25/9. 
5.
 
Моңғолия қазақтары. //Шалқар -1994. - №10. 
 
Резюме 
В  статье  представлена  краткая  история  и  практическая  возможность  Баян-Ульгейской 
радиостанции, которая вещает на казахском языке почти 45 лет.   
 
Summary 
In the article there are short history and practical skills of the kazakh radiostation in Bayan-Olgei, 
Mongolia. 

1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал