Г. Т. Жиембаева



жүктеу 59.8 Kb.

Дата01.03.2017
өлшемі59.8 Kb.

 

 

Г.Т. Жиембаева  

Л.Н.Гумилев атындағы 

ЕҰУ халықаралық 

қатынастар факультетінің, 

түркітану кафедрасының  

аға оқытушысы 

 

Түрік Танзимат кезеңі романдарындағы құлдық мәселесі 



Түйін:  Аталған  мақалада  Түрік  Танзимат  әдебиеті  роман, 

әңгімелеріндегі құлдық мәселесінің бейнеленуі қарастырылады. 

Кілт сөздер: құлдық мәселесі, түрік әдебиеті, Танзимат әдебиеті, 

роман, әңгіме. 

 

  ХІХ 


ғасырда  қалыптасқан  түрік  Танзимат  әдебиеті 

романдарында  маңызды  орын  алатын  және  ең  көп  қарастырылған 

мәселелердің  бірі  -  құлдық  мәселесі  еді.  Аталған  мәселеге 

байланысты  сол  кезеңнің  қаламгерлерінің  көптеген  шығармалар 

жазып  қалдырғандығы  белгілі.  Ежелден  келе  жатқан  қоғамдық-

әлеуметтік  мәселелерден  бірі  саналатын  құлдық  батыс  болсын, 

шығыс  болсын  әлемнің  түпкір-түпкірінде  кеңінен  таралғандығы 

баршамызға  аян.  Ислам  дінінің  құлдықты  қаламағандығына,  тіпті, 

пайғамбарымыздың  құлдарын  азат  еткендігіне,  Құранда  құлға 

азаттық  беру  сауап  іс  саналатындығына  қарамастан  қатаң  тиым 

салынбағандықтан  құл  алып,  сату  Османлы  жерінде  де  жалғасын 

тапты.  


ХІХ ғасыр түрік романдарында қарастырылған құлдық мәселесі 

әлеуметтік  мәселеге  қарағанда  романтикалық  сезімге  негізделген 

десек  те  болады.  Ол  туралы  әдебиетші  ғалым  Орхан  Окай 

«Танзимат  романында  өте  көп  кездесетін  аталған  тақырып  - 

әлеуметтік  мәселе  ретінде  емес,  көбіне  романтикалық  сезімнің 

негізі  ретінде  қарастырылған»[1,  151],  -  деп  атап  көрсетеді.  Батыс 

қоғамындағы  құлдар  мен  күңдер  жер  өңдеу,  құрылыс,  ауыл 

шаруашылығы  сияқты  ауыр  жұмыстарға  жегілсе,  Османлы 

қоғамындағы  құлдар  мен  күңдер  көбіне  өздері  қызметші  болып 

жүрген  отбасының  бір  мүшесі  ретінде  саналған,  қожайындары 

оларды  үйлендіріп,  білім  беріп,  жоғары  орындарға  қызметке 

тұрғызған.  Танзимат  кезеңіндегі  романдардан  көбіне  Кавказ 

жерінен  әкелініп  құлдыққа  сатылған  балалардың  басынан  кешкен 

қайғы-қасіреттері,  кездейсоқ  бір-бірімен  табысқан  бауырлар, 



олардың  алыстарда  қалған  отандарына,  жақындарына  деген 

сағыныш сезімдерінің суреттелгенін байқауға болады.  

  Танзимат  кезеңі  романдарының  ішінен  құлдық  мәселесін 

алғаш  рет  қозғаған  және  оны  жан-жақты  қарастырған  Ахмет 

Мидхаттың  «Құлдық»  романы(1870)  түрік  әдебиеті  тарихында 

маңызды  орын  алады.  Аталған  романда  Зейнел  атты  бай  құл 

саудалаушылардан екі бала сатып алады. Өсе келе екі жастың бірін-

бірі  жақсы  көретінін  сезген  үй  қожайыны  оларды  некелестіреді. 

Неке  түні  Фатин  мен  Фытнат  бір-бірлерінің  өмірлері,  балалық 

шақтары  туралы  әңгімелеп  отырып  туған  бауыр  екендіктерін 

кездейсоқ  білгеннен  кейін  қожайындарына  хат  жазып  қалдырып, 

өз-өздерін  өлімге  қиып  кете  барады.  Жазушының  екі  бауырды  өз-

өздеріне  қол  жұмсатып  өлтіруінің  астарында  құлдыққа  деген 

жеккөрушілікті  ояту  мақсаты  жатыр  десек  те  болады.  Ахмет 

Мидхат  Әпенді  аталған  шығармасында  бір  жағынан  түрік 

қоғамының  құлдар  мен  күңдерге  оң  көзбен  қарағандығын 

аңғартқысы  келсе,  екінші  жағынан  құлдықтың,  күңдіктің  қаншама 

отбасын  ойрандап,  ортаға  түсіргенін  баяндайды.  Сол  жылы 

жарияланған  «Фиркат»  атты  әңгімесінен  де  осыны  байқауға 

болады.  Шығарманың  кейіпкері  Мемдух  Фериде  атты  Кавказ 

жерінен  келген  қызметшімен  үйленеді.  Бір-біріне  бауыр 

екендіктерін білген Фериде мен Мемдух у ішіп өледі. Жазушының 

«Жөн  түрік»  романындағы  Дилшинас  күң  болғанына  қарамастан 

әскери  қызмет  атқаратын  дәулетті  Газанфер  мырзаға  тұрмысқа 

шығып сән-салтанаты жарасқан үлкен тойы өтеді. 

  Танзимат  әдебиетінің  танымал  өкілі  Н.Кемалдың  «Гүлнихал» 

атты пьесасында (1875) Кавказ жерінде бақытты өмір сүріп жатқан 

Гүлнихалдың  тағдырдың  тәлкегіне  ұшырап,  өмірінің  тасталқанға 

айналғандығы  баяндалады.  Күйеуі  өлтірілгеннен  кейін  құлдыққа 

сатылған жас әйелдің басынан талай қиыншылықтар өтіп, қайраты 

мұқалып,  мына  өмірдегі  тек  мақсаты  өш  алуды  ғана  көздейді. 

Гүлнихалдың  өз  өмірі  жайлы  Исметке  айтқан  мына  сөздерінен 

құлдықтың  қасіретін,  күңнің  сезімдерін  түйсінеміз.  «Көздерімді 

ашсам  кемеде  қол-аяғым  байлаулы  жатыр  екенмін.  Сөйтсем, 

күйеуімнің  жанын  алған  малғұндар  мені  құлдыққа  бір  оңбағанға 

сатып жіберіпті. ... Қаншама басынуды, таяқты, балағаттауды, түрлі 

қорлықты  көріп  осы  жерлерге  жеттім.  Басымнан  өткен  қаншама 

қиындық  жүрегіме  бір  қатігездік  ұялатты.  ...  Тұрып  қалған 

қамырдың  ашып,  көгеріп  кететіні  сияқты  уақыт  өткен  сайын 


жүрегімдегі  қайғы  да  табиғатымды  өзгертіп,  өшпенділікке 

айналдырды»,[2,  9-10]-  дейді.  Н.Кемал  алғашқы  әдеби  роман 

саналынатын  «Интибах»  романында  да  күңдікке  түскен  қыз 

Дилашубты «ар-намыстың, пәктіктің символы» ретінде бейнелейді. 

Әдебиеттанушы  ғалым  Зейнеп  Керман  «Романда  Дилашубқа  күң 

болғандығынан  емес,  бақытсыз  әйел  болғандығына  байланысты 

жанымыз ашиды»[3, 37], - дейді. 

  А.Мидхаттың  1874  жылы  жарияланған  «Фелатун  мырза  мен 

Рақым  әпенді»  романында  да  құлдық  мәселесінің  көрініс 

тапқандығын көреміз. Романның жағымды кейіпкері, сол кезеңдегі 

жастарға үлгі боларлықтай жан-жақты болып, жақсы өсіп жетілген 

Рақым  әпендінің  үйіндегі  қызметшісі  Федаи  де  күңдікке  сатылған 

әйел.  Рақым  әпендінің  әкесі  қайтыс  болғаннан  кейін  материалдық 

қиындыққа тап болған отбасын тастап кетпей, ханымының жасаған 

бұйымдарын сатып, түрлі істер атқарған Федаи қолынан келгенше 

Рақымға  көмектеседі.  Рақым  анасы  қайтыс  болғаннан  кейін  өсіп 

жетілуіне материалдық, әрі рухани қолдау көрсеткен осы жасамыс 

қызметші  әйелге  үлкен  құрмет  көрсетеді.  Жағдайы  жақсарғаннан 

кейін  Федаиге  көмектессін  деген  ниетпен  Жанан  деген  қызды 

сатып  алады.  Рақым  әпенді  үйіне  алған  жас  қыздың  мәдениетті, 

әдепті  болып  өсуі  үшін  қолынан  келгеннің  бәрін  жасайды.  Жеке 

мұғалімнен музыка мен шет тілін үйреніп жүрген Жананға өзі түрік 

тілін  үйретеді.  Рақым  кейіннен  Жананға  ғашық  болып  екеуі  де 

жүрек  қалауларымен  бас  қосады.  А.Мидхат  әпендінің  осы 

романында  шығыс  пен  батыстағы  құлдықты  салыстырғандығын, 

түріктердің  құлдыққа,  күңдікке  түскендерге  адамгершілікпен 

қарағандығын  білдіргісі  келгендігі  айқын  көрініс  тапқан  десек  те 

болады.  Романда  Рақым  әпендіден  сабақ  алып  жүрген  ағылшын 

қыздарының  Жананға  «біз  де  Рақым  әпендінің  қызметшісі  болсақ 

қой»,  -  деп  қызығушылықпeн  қарауы  осының  дәлелі  десек  те 

болады.  А.Мидхат  әпенді  1891  жылы  басылып  шыққан 

«Мүшахедат»  романында  да  Османлы  жеріндегі  құлдар  мен 

күңдердің  тұрмыстарының,  жалпы  жағдайларының  жақсы 

болғандықтарын алға қоюға тырысқандығын көреміз.  

  Османлы  тарихынан  құлдар  мен  күңдердің  сарайда  қызмет 

атқарғандықтарын, сарайда тұрғандықтарын білеміз. Орхан падиша 

кезеңінде  басталған  осы  үрдіс  Кануни  сұлтан  Сүлейман  кезеңінде 

шырқау  шыңына  жетті  десек  те  болады.  Оны  Кануни  сұлтан 

Сүлейманның  Украина  жерінен  күңдікке  әкелінген  Хүррем 


сұлтанмен  үйленуінен  көреміз.  Танзимат  кезеңінде  де  Кавказ 

жерінен  Стамбұлға  құлдыққа,  күңдікке  әкелінгендердің  бір  бөлігі 

үй  иелерімен,  дәулетті  адамдармен  үйленіп,  бақытты  өмір  сүрсе, 

бір  бөлігі  түрлі  қиыншылықтарда  өмірлерін  өткізеді.  Осылардың 

барлығын  Танзимат  жазушылары  өз  романдарында  жан-жақты 

суреттеуге, оқырмандарына әсер етуге тырысқандығын көреміз. 

  Танзимат  әдебиетінің  басты  өкілдерінен  бірі  Режаизаде 

Махмұт  Екремнің  1875  жылы  басылып  шыққан  «Вуслат  немесе 

үзілген  қуаныш»  атты  пьесасында  құлдықтағы  қыз  Вуслаттың 

драмасы  баяндалады.  Алайда,  жазушының  осы  романда  тоқталған 

негізгі  тақырыбы  құлдық  емес,  сол  кезеңнің  кең  таралған 

мәселелерінен бірі ата-аналардың өз пайдаларын ойлап, балаларын 

өздері  қалаған  сүйіктілерімен  үйлендірмей  өз  дегендерін  жасатуы, 

балаларының ой-пікірлерімен санаспауы қарастырылған болатын.  

  Танзимат  кезеңі  түрік  әдебиетіндегі  құлдық  тақырыбын  алға 

қойып, көркем тілмен бейнелегендердің бірі жазушы Самипашазаде 

Сезаи  еді.  А.Х.Танпынардың  айтқанындай  «сол  кезеңнің  көптеген 

жазушылары  мен  ақындарының  анасы  сияқты  Сезаидің  анасы  да 

күң ретінде Черкесс елінен келген»[4, 291-293] екен. Сондықтан да 

оның осы мәселеде қалам тербеуі түсінікті жәйт сияқты.  

  С.Сезаидің  «Сергүзешт»  романында  романның  бас  кейіпкері 

кішкене кезінде Кавказиядан Стамбұлға күңдікке әкелінген Дилбер 

атты қыздың басынан кешкендері баяндалады. С.Сезаи романында 

бастан-аяқ қаналған, анда-мында сатылған, адам ретінде сезімі мен 

ой-пікіріне мән берілмей төмендетілген Дилберді көреміз. Романда 

осынау  талдырмаш  келген  байғұс  қыздың  айналасындағылардың 

зәлімдігі  бейнелі  көріністерімен  оқырманға  үлкен  әсер  ететіндігі 

сөзсіз.  Романда  Дилбердің  қысқа  ғұмыры  негізгі  үш  ортада  өтеді. 

Кішкене  қызды  Кавказиядан  әкелген  кемеден  сатып  алған  Қажы 

Өмер  атты  құл  саудагері  «қапастың  ішіндегі  құсты»[5,  10]  еске 

түсіретін  Дилберді  Мұстафа  әпендінің  әйеліне  сатады.  Осы  үйдегі 

ең  ауыр  жұмысқа  жегілген  байғұс  қыз  үй  иесінен  де,  сол  жердегі 

қызметші  Тараветтен  де  болмашы  нәрсеге  бола  таяқ  жеп  әбден 

қорлық  көреді.  Бірнеше  жыл  қызмет  еткеннен  кейін  үй  иесі 

Мұстафа  әпенді  қызды  құл  сатушыға  алпыс  бес  лираға  сатып 

жібереді.  Дилбер  осы  жерде  тағдырлары  өзінің  тағдырына  ұқсас 

отанынан,  отбасынан  айрылған  қыздардың  жанында  жалғыздығын 

ұмытқандай  болады.  Алайда,  Дилбер  бұл  жерде  ұзақ  уақыт 

тұрақтамайды, оны жүз елу лираға Асаф Паша сатып алады. Ол осы 


үйде тыныш өмір сүреді. Ажарланып, өңі кіріп, өзін бақытты сезіне 

бастайды.  Оның  үйдегі  қызметі  де  жеңіл,  өзіне  ұнайтын  іс,  яғни, 

«таңертеңдері  үйдің  ханымымен  бөлмелерді  реттеп,  тотығұстың 

торын тазалап, жемін беріп, суын ауыстыратын»[5,49].  

  Үйдің қожайыны Асаф Пашаның  Парижде сурет өнерін оқып 

жатқан ұлы Желал алғашқы кездері Дилбердің суретін салып, оны 

ойыншық  сияқты  көргені  қыздың  шамына  қатты  тиеді.  Қолынан 

тек жылау ғана келеді. Кейіннен қызды ренжіткенін түсінген Желал 

одан  кешірім  сұрайды.  Бір  күні  түнде  Дилбердің  бөлмесіне  кірген 

ол  өзінің  суретін  қыздың  қолынан  көргенннен  кейін  оған  деген 

сезімі одан әрі өрши түседі. Желалдың анасы болса текті, дәулетті, 

өздерінің  теңі  болатындай  отбасымен  құдаласқысы  келеді.  Оның 

ойынша  «тең  теңімен,  тезек  қабымен»  болуы  керек.  Желал  болса 

осы мәселеде анасымен түсінінсе алмайды. Ол рухани әдемілікпен 

шынайы  сүйіспеншіліктің  бәрінен  жоғары  екендігін  алға  қойып 

«Жүрек сүю үшін міндетті түрде байлыққа, тектілікке мұқтаж ба? ... 

Әдеміліктен  жоғары  тектілік,  таза,  пәк  жүректен  жоғары  байлық 

бар ма?»[5, 61-62], - дейді. 

  Дилбермен  ұлының  бір-бірін  жақсы  көретіндігін,  олардың 

жасырын  кездесіп  жүргендерін  сезген  анасы  болып  жатқан 

жәйттерді күйеуіне айтқан кезде ол қатты ашуланып «Мүмкін емес! 

Біз  оған  жақсы  тәрбие  беріп,  білім  алғызып,  жақсы  неке  құруын 

қалағанымызға  қарамастан  барлық  ісімізді,  өзінің  келешегін, 

қолындағы барын қайдағы бір күңнің қызметтен былғанған қолына 

ма  тапсырады?  Мүмкін  емес!»[5,  70],  -  дейді.  Осыдан  кейін  үйдің 

ханымы да ұлымен Дилберді бір-бірінен айыруға тырысып, қыздан 

құтылудың шарасын іздестіреді. Соңында Дилберді құл саудагеріне 

сатып жібермек болады. Жағдайды түсінген Чаресаз атты күң түні 

бойы  жылап  шығады.  Ол  неге  жылағанын  сұрап  өзін  жұбатуға 

тырысқан  Дилберге  «Жылау  -  күңнің  ең  үлкен  құқығы.  Біз  сол 

бостандыққа  иеміз»[5,  75],  -  деп  жауап  береді.  Сатылғандығын 

соңғы сәтте ғана білген Дилбер не істерін білмей абдырып орнында 

тұрып  қалады.  Тағдырдың  жазғанына  бой  ұсынудан  басқа  шарасы 

қалмаған  қыз  өзі  «махаббат  ұясына»  ұқсатқан  сарайға  ақырғы  рет 

бір көз тастап кете барады. 

  Сол  уақыттарда  болып  жатқан  оқиғалардан  еш  хабары  жоқ 

Желал  Дилбермен  үйлену  үшін  немере  ағасынан  көмек  сұрайды. 

Ағасының  да  көзқарасы  әкесінің,  шешесінің  көзқарасымен  жақтас 

болып  шығады.  Жаңашыл  идеяларға  қарсы  бұл  адам  жастар 


тәжірибесіз болғандықтан нақты, дұрыс шешім қабылдай алмайды, 

үйлену сияқты өмірлік мәселелерді  «отбасындағы үлкендер шешуі 

керек»  деген  ойда.  Алайда,  жиенінің  айтқанынан  қайтпайтынын 

білген  соң,  «қолымнан  келгеннің  бәрін  жасап,  әке-шешеңді 

көндіруге тырысамын» деп сөз береді. Соған үміттеніп, қуанышты, 

көтеріңкі  көңіл  күймен  үйіне  оралған  Желал  Дилбердің  сатылып 

кеткендігін Чаресаздан естіп есінен танып құлап түседі. Сүйгеніне 

қосыла  алмай  көңілің  мұң  торлаған  байғұс  Желал  Дилбердің 

жоқтығына  көндіге  алмай,  ақыр  аяғында  дерті  асқынып  мидың 

қабынуынан көз жұмады. 

  Дилбер  болса,  мысырлық  дәулетті  біреудің  сарайына 

сатылады.  Дилбердің  басынан  өткен  оқиғалардан  хабардар  және 

оны үмітсіз сүйген Жевхер Дилберді құтқаруға шешім қабылдайды. 

Алайда, қашу жоспары трагедиямен аяқталады. Дилберді босатқан 

Жевхер  баспалдақтан  құлап  ауыр  жараланады.  Не  істерін  білмей 

абдырған  қорғансыз  Дилбер  де  Нілдің  суына  секіріп  өзін  өлімге 

қияды.  Осылайша  Дилбердің  Топхане  жағалауында  басталған 

хикаясы  Ніл  өзенінің  суық,  жан  алғыш  иірімдері  арасында 

аяқталады[6,  51].  Белгілі  ғалым  Мехмет  Каплан  «Сергүзешт» 

романындағы  бейнеленген  құлдық  мәселесіндегі  жазушының 

ұстанымы жайлы «Самипашазаде Сезаи құлдықты тек шығысқа тән 

құбылыс  ретінде  көрсеткен,  Америкадағы  құлдықты,  Еуропадағы 

қанаушылықты  байқамағандай  болады»[7,  369],  -  деп  атап 

көрсетеді.  

  Қорытындылай  келе,  Танзимат  кезеңінде  түрік  әдебиетіне 

батыстан  келген  өзекті  мәселелерден  бірі  «құлдық,  күңдік» 

мәселесінің  роман,  әңгімелерде  кеңінен  қарастырылғанын 

байқаймыз.  Түрік  әдебиетіндегі  пьеса,  роман,  әңгіме,  өлеңдерде 

негізінен  романтикалық  жағынан  қарастырылған  құлдық  мәселесі 

әлеуметтік  мәселе  ретінде  оқырмандарға  құл  саудалаудың 

адамгершілікке  жатпайтын  жақтарын  ашып  көрсетуге,  ойлануға 

жетелегендей болады.  

  Сонымен қатар, Танзимат әдебиетінің белгілі бір кезеңдерінде 

құлдықтың  қоғамдағы  өзекті  мәселе  ретінде  маңызды  орын 

алғандығын,  шығармаларда  түрлі  формаларда  қолға  алынып 

қарастырылғанын көреміз. 



 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал