Г. Ахметжанова, С. Мəлікова, К. Оспанов, З. Тайшыбай атамекен атаулары солтүстік Қазақстан облысының топонимикалық атаулары



жүктеу 3.03 Kb.

бет1/19
Дата08.09.2017
өлшемі3.03 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Издательство
«Северный Казахстан»

Г. Ахметжанова, С. Мəлікова, К. Оспанов, З. Тайшыбай
АТАМЕКЕН
АТАУЛАРЫ
Солтүстік Қазақстан облысының
топонимикалық атаулары
Петропавл қаласы, 2015

Солтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту
басқармасының тапсырысы бойынша дайындалған.
Солтүстік Қазақстан этномəдени ғылыми зерттеулер 
институты Ғылыми кеңесі мақұлдаған, хаттама № 1
30 қыркүйек 2015 жыл.
УДК 81.373.2
ББЖ 81.2-3
А 94
Пікір жазғандадар:
Е. Тоқшылық, əлеуметтік ғылымдар магистрі
С. Мəлікова, тарих ғылымдарының кандидаты
А. 94.  Атамекен атаулары
(Солтүстік Қазақстан облысының
топонимикалық атаулары. Ғылыми басылым)
Г. Ахметжанова, С. Мəлікова, К. Оспанов, З. Тайшыбай
Петропавл, «Северный Казахстан», 343-бет.
ISBN 978-601-7247-70-6
Еңбекте  қазіргі  Солтүстік  Қазақстан  облысына  қарайтын  ау-
мақтың  жер-су,  елді  мекендер  атаулары  тарихи  жəне  этнолингви-
стикалық  тұрғыда  зерттелген.  Уақыт  жағынан  алғанда  1830-2015 
жылдар  аралығын  қамтиды.  Облыстағы  ономастикалық  жұмы-
стың жайына шолу жасалған жəне бұл тараптағы тəжірибе мен Қа-
зақстан заңнамалары талданған.
Кітап  ономастика  жұмысымен  айналысатын  мамандарға,  мем-
лекеттік қызметшілерге, өлкетанушыларға, студенттер мен жоғарғы 
сынып оқушыларына арналған.
УДК 81.373.2
ББЖ 81.2-3
ISBN 978-601-7247-70-6

5
Жаратылдым топырағыңнан, сен – түбім,
Жалғаны жоқ, бəрі сенен жан-тəнім.
Сенен басқа жерде маған қараңғы,
Жарық болар Шолпан, Айым, сен Күнім.
Мағжан Жұмабаев.
БЕТАШАР ОРНЫНА БІР-ЕКІ АУЫЗ СӨЗ
«Туған жердің түтіні де тəтті» дегенде түтіннің тура мағ-
надағы  дəмі  емес,  оның  туған  жерден  шығып  тұрғаны  тəт-
ті  көрінеді  екен  ғой.  Кіндік  қаның  тамған  жерді  сағынған-
дықтан,  сəбилік  шағың  өткен,  бала  болып  ойнап,  ес  жиып, 
етек  жапқан,  оң  қол-сол  қолыңды  таныған  шағыңның  куə-
гері болған соң тəтті көрінеді ғой. Солтүстік өлкенің сүйікті 
ұлы, жалынды жыршысы Сəбит Мұқанов атамыздың туған 
жер туралы толғаныстары, атамекеннің əр тасы мен төбеші-
гі, айнадай жарқыраған көлдері мен шоқ-шоқ тоғайларының 
атын  жасынан  жаттап  өскен  жершіл  азаматтың  жазбалары 
Отансүйгіштік оқулығындай жетелеп отырады.
«Петропавлға  келе  сұрастырсам,  –  дейді  жазушы.  –  Жа-
маншұбар  жерінің  қай  совхозға  қарауын  білетін  адам  жоқ 
екен. Оларды кіналауға да болмайды, – географиялық карта-
да ондай ат жоқ. Бірақ, мен Жаманшұбардың жолын ешкім 
айтпай-ақ  табам»,  деп  алады  да  бастаушы  алмай-ақ  жүріп 
кетпек болады. Ойша құрған жоспары бойынша
 
тас жолмен 
жылдамдатпай,  сағынышын  басып,  көкірек  кере  тыныстап, 
қазақ даласының өгей ұлдары түсіне бермейтін көркем кел-
бетін  тағы  тамашалап  құмарынан  шыққысы  келген  болуы 
керек,  өзі  ежелден  жаңылмайтын  жол  сорабын  қағазға  бы-
лайша  түсірген:  «…білетінім,  ауыл  арасының  жолы.  Ерте 
кезде,  ұсақ  ауылдарды  аралап  қиқаң-сиқаңы  көп  болатын 
бұл  жолмен…  Петропавл,  Архангельск,  Бүгілім  (Боголю-
бовка),  Талапкер,  Жекекөл,  Орталық,  Жекекөл  (Благове-
щенка), Майбалық. Одан əрі жайлау – Жаманшұбар». Сəбең 
1930 жылы келгенде: «Маршрутым: Бескөл, Надеженка, Бо-
голюбов,  Өрнек,  Алтай-Мұрат,  Қоржынкөл,  Жекекөл,  Май-
балық, өз ауылым».

6
Міне,  бүгінгі  замандастарымыз  көңіл  аударып,  «Сəбит 
жолы»  деп  арнайы  атап,  құжаттап,  хаттап,  туристік  марш-
рут жасайтын тарихи сапар жолы – осындай-ақ болар. Өзге 
емес,  Сəбеңнің  өзі  аңсап,  зор  құрметпен  артына  аманат 
ретінде  жазып,  таңбалап  кеткен  сорапты  ұмытуға  бола  ма? 
Жол бойы тұнып тұрған шежіре, əр ауылы теріскейді ежел-
ден  мекендеген  халықтардың  əрілі-берілі  тарихынан  сыр 
шертеді.  «Жаманшұбар  Докучаев  атындағы  совхоздың  қа-
рамағында екен… Жолда «Жамбыл» жəне «Украина» атала-
тын  екі  совхоздың  жерінен  өту  керек.  Олардың  жерлері  де 
маған  таныс:  «Жамбыл  колхозының  негізінде  «Жарқын», 
«Суаткөл»,  «Есперлі»  ауылдарынан  құрылған»,  деп  келеді 
де, Сəбең Иван Шухов деген жерлес жазушының осы маңда 
туып-өссе  де,  осы  совхоз  туралы  сол  жылы  жарияланған 
очеркінде  бірде-бір  қазақтың  атын  атамағанына  реніш  те 
білдірген.  «Украина»  орнаған  жерде  бұрын  «Уақ-шоға» 
деп  аталатын  көп  ұсақ  ауылдар  отыратын  еді…  Орталығы 
бұрын Шəліңке аталатын қыстаудың орнына салыныпты, ол 
– бізге белгілі ақын Баймағамбет Ізтөлин туып-өскен жер».
Жазушы  шығармасында  жер-су  атауларын  түсіндіріп, 
ерекшелігін  ежелгі  қазақ  тұрмысымен  қабыстыра  баяндап 
кетеді: «Бұл маңайда, бұрын үш ауылдың қыстауы болушы 
еді,  Жаманшұбар,  Батпақкөл  жəне  Өтей-Дəуіш.  Жаман-
шұбарда  көл  жоқ,  суды  құдықтан  ішетін,  бірақ  құдық  суы 
тапшы болып, кейбір қыста малдары да, жандары да қарды 
еріткен сумен күн көретін. Батпақкөлді қыстаған Мəмек пен 
Аңдамасқа  көлдің  суы  кейде  жетіп,  кей  жылда  тапшы  бо-
лып, сондықтан, олар да қар ерітіп күн көретін».
Қадірлі  қаламгердің  қазақ  тарихына  да,  əдебиеті  мен 
мəдениетіне,  ғылымына  салған  жолы  ұрпақтар  санасында 
осылайша  жаңғырып,  жарқырап  жатқандығын  көрсететін 
шағын  мысалды  келтіре  отырып,  жер-су  атаулары  туралы 
«топонимика»  деп  аталатын  ғылымның  танымдық,  тəрби-
елік маңызына назар аударғымыз келді.
Əлдеқандай  біреудің  сұрауымен  немесе  ұйғарымымен 
атала  салмаған,  халық  тарапынан  қойылған  жер-су  атаула-
ры – сол жердің табиғи құжаты болып табылады. Əрбір ге-
ографиялық  атау  географиялық  картада,  ресми  құжаттарда 

7
өз орнын табуы керек. Ол үшін ел болып жұмылып, түзетіп, 
қалпына  келтіру,  зерттеулер  жүргізу,  баршамыздың  мін-
детіміз болғандықтан, авторлардың шағын тобы осы шаруа-
ны қолға алғалы бірталай уақыт өтті.
Зерттеушілердің  есебі  бойынша  Қазақстанда  шамамен 
2,7-3  млн.  шамасында  əртүрлі  географиялық  атау  бар  деп 
есептелінеді.  Өкінішке  орай,  осындай  халықтың  рухани 
байлығы қазіргі уақытқа дейін жүйелі түрде толық. Осы кез-
ге дейін ірі масштабты топокарталар географиялық атаулар-
дың бірден-бір сақтаушысы ретінде саналуда.
 Бір сөзбен ай-
тқанда, 
Қазақстан  топонимикалық  кеңістігінің  əлі  шешімін 
таппаған мəселесі көп. Жер-су атауларын жинақтау, оларды 
реттеу,  дұрыс  таңбалау,  тарихи  атауларды  қалпына  келтіру, 
аймақтық  сөздіктер,  анықтамалықтар  шығару  сияқты  топо-
нимиялық, теориялық жəне қолданбалы мəселелерге респу-
блика  үкіметі  үлкен  мəн  беріп,  тиісті  Бағдарлама,  заңнама-
лық актілер қабылдады.
Осы орайдағы Бағдарламада терминологиялық жəне оно-
мастикалық сөздіктер шығаруға, əкімшілік-аумақтық карта-
ларды мемлекеттік тілде сөйлетуге жан-жақты көмек көрсе-
ту, қаржыландыру мəселелері көрсетілген.
Бағдарлама  шеңберінде  ҚР  Мəдениет  жəне  ақпарат  ми-
нистрлігі  Тіл  комитетінің  тапсырысы  бойынша  қазақ  тілін-
де  «Павлодар  облысының  топонимикалық  кеңістігі»  (2007) 
атты монография, Павлодар облысы тілдерді дамыту жөнін-
дегі  басқармасының  тапсырысы  бойынша  алғаш  рет  қазақ 
тілінде  «Павлодар  облысының  əкімшілік-аумақтық  бірлік-
тері  мен  физикалық-географиялық  атауларының  көрсеткіш 
анықтамалығы» (2007), «Ертістің – Аққулы өңірінің жер-су 
аттары»  (2007),  əкімшілік-аумақтық  карталар  топтамасы 
(Ақсу,  Екібастұз,  Ақтоғай,  Ертіс,  Баянауыл,  Железин  ау-
дандары).  Осындай  іргелі  еңбектер  Қарағанды  облысын-
да
1
,  жеке  аудандарға  арналған  топонимикалық  сөздіктер, 
анықтамалықтар  Ақтөбе,  Оңтүстік  Қазақстан,  Шығыс  Қа-
зақстан, Қостанай т. б. облыстарда жарық көрді.
1. Жартыбаев А. Е. «Орталық Қазақстан топонимиясының тарихи-лингвистикалық, 
этимологиялық жəне этномəдени негіздері Алматы, 2006.

8
Соңғы 10 жылдың мұғдарында жазылған, шыққан ғылы-
ми  еңбектерде  əр  аймақтағы  топонимдерінің  пайда  болуы, 
дамуы,  қалыптасу  тарихы,  тілдік  қабаттарының  құрамы, 
олардың тарихи өзгеру, қалыптасу заңдылықтары жергілікті 
халықтың тарихы, тұрмысы, экономикалық-əлеуметтік бай-
ланыстарымен сабақтастырыла баяндалған.
Қазіргі  таңда  ұлттық  мəртебемізді  əлемге  танытатын  құ-
жат деп атауға тұрарлық Қазақстан Республикасы географи-
ялық  атауларының  каталогтары  құрастырылуда.  Оны  жасау 
бірер адамның қолынан келмейді жəне осы орайда Йан Ма-
клеод  есімді  ғұламаның  «Тарих  –  тым  жауапты  іс,  оны  та-
рихшыларға  сеніп  тапсыруға  болмайды»  деген  терең  мəнді 
сөздері еріксіз еске түседі.
Қазақстан  Республикасы  Білім  жəне  ғылым  министрлі-
гі  жанындағы  География  институтының  топонимика  тобы 
карталардағы  топонимдерге  объективті  түрде  ғылыми  баға 
беруде,  сондай-ақ  əрбір  облыстың  бұрмаланған  атауларын 
қалпына  келтірген  «Географиялық  атаулардың  каталогта-
рын»  жасап,  басып  шығаруда.  Мəселен,  осы  күнге  дейін 
Ақмола, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік 
Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының (1-2 т.) каталог-
тары т. б. дайындалды.
Тіл мамандары, тарихшылар мен географтардың бірлесіп 
жұмыс  істемеуі  салдарынан  топографиялық  карталардағы 
атаулардың  жартысынан  көбі  үлкен  бұрмаланумен  беріл-
гендігі  соңғы  кезде  мінбелерден  айтылып,  мерзімді  бас-
пасөзде  жазылып  та  келеді.  Қазақстан  картасын  қазақша 
сөйлетеміз  деп  жүрген  азаматтар  тілді  жетік  білмегендік-
тен,  оның  үстіне  тіл  мамандарымен,  топонимистермен,  жер 
жағдайын  жақсы  танитын  ақсақал-қарасақалдармен  ақыл-
даспағандықтан,  өз  еңбектерінде  өрескел  қателер  жіберді. 
Міне,  осындай  олқылықтарға  жол  бермеу  үшін  Қазақстан 
Республикасы  Білім  жəне  ғылым  министрлігінің  География 
институты,  Ахмет  Байтұрсынов  атындағы  Тіл  білімі  инсти-
тутымен  жəне  Қазақстан  Республикасы  Жер  ресурстарын 
басқару  жөніндегі  агенттігінің  «Ұлттық  картографиялық-ге-
одезиялық қорымен» бірлесіп, «Қазақстан Республикасының 
географиялық  атауларын  қазақшадан  орысшаға  аудару  жəне 

9
орыс тілінде қалыптасқан атауларын қазақша берудің нұсқа-
улығын»  даярлап,  маңызды  бір  сауапты  іс  жасады.  Сөйтіп, 
бұл еңбек Тəуелсіздік алғаннан бері қарай жүзеге асып келе 
жатқан ұлттық саясат пен тіл идеологиясының аясында сұра-
нып тұрған, өмірлік маңызы ерекше тарихи, қоғамдық-саяси 
үдерістердің арнасына жаңа леп болып қосылды.
Қолдарыңыздағы  ұжымдық  еңбек  Солтүстік  Қазақстан 
облысы  топонимиялық  кеңістігін  осындай  деңгейде  ғылы-
ми-зерттеудің  бастамасы,  кейінгі  берекелі  ізденістерге  жо-
ралғы болар деп қабылдаңыз. Бұл жұмысқа дерек көзі ретін-
де  облыс  тарихының  ХҮІІІ  ғасырдың  екінші  ширегінен 
бері  қарай  жарық  көрген  материалдар  алынды.  Оның  ішін-
де,  əсіресе  Ақмола  облысының  Естелік  кітапшалары  деп 
аталатын  ресми  басылымдардың  жөні  бөлек.  Мемлекеттік 
тапсырыспен, арнайы білімі бар қызмет адамдарының ресми 
есеп-санақ  құжаттарын  негізге  ала  отырып  дайындаған  жи-
нақтарындағы  мəліметтерге  сенбеуге  болмайды.  Бұл  арада 
Зерттеушілер  тобы  «Ақмола  облысының  Естелік  кітапша-
ларының»  1887,  1913,1914,1915,  1916  жылдары  шыққан 
нұсқаларын  зерттеп,  кəдеге  жаратты.  Билік  орындарының 
жинаған, сұрыптаған материалдары соның алдындағы жыл-
дармен  салыстырылып  берілуі  есеп-санақ  деректерінің 
нақтылығына  жетелейді  деген  ойдамыз.  Осы  еңбектерден 
сүзіп  алып,
 
деректану  тұрғысынан  тексеріп,  ретке  келтіріп, 
қазақша нұсқасын жасадық.
Есеп-санақ  жинағының  қазақша  толық  атауы:  «Жерге 
орналастыру  жəне  егін  шаруашылығы  бас  басқармасы.». 
Ақмола  облысындағы  қазақ  шаруашылығы.  ІІІ  т.  –  Петро-
павл  уезі.  1901  жылы  жасалып,  1908  жылы  қайта  тексеріл-
ген.  СПб.  –1910  жыл.  Мағлұматтар  толық  болуы  үшін  сол 
кездегі  Петропавл  уезінің  əкімшілік-аумақтық  бөлінісімен 
шектеліп  қалмай,  Солтүстік  Қазақстан  облысы  аумағының 
қазіргі жағдайын бейнелейтіндей дəрежеде, бұрынғы Көкше-
тау уезіне тиісті болған, қазіргі Ақмола жəне Қостанай облы-
старына  қарайтын  аумағынан  тиісті  бөлік  алынды.  Сөйтіп, 
өз облысымыздың қазіргі топонимиялық кеңістігі мүмкінді-
гінше тарихи түрде қамтылды. Бұл деректерді шартты түрде 
«тарихи  топонимика»  деп  алдық.  Нақты  ғылыми  атау  тала-

10
бына  сəйкес  келе  қоймаса  да,  деректердің  тарихилық  баға-
сын береді-ау деген ойдамыз.
1901  жылы  қағазға  түсіп,  1908  жылы  қайта  түсірілген 
жер  пайдалану  жағдайының  тізбесі  (бұдан  былай,  қысқа-
ша  «Тарихи  топонимика»)  сол  кездегі  Ресейдің  отарлаушы 
əкімшілігінің жасаған кестесіне сəйкес, бірнеше бағандарға 
бөлініп  жазылған.  Алдымен  жер  иесінің,  яғни  шаңырақ 
иесінің  аты  мен  əкесінің  аты  (кейде  «ов»  қосылып,  кейде 
қосылмай  берілген),  одан  кейін  қыстау-мекенінің  аталуы, 
жердің кадастрлік сапасы, көлемі, қандай зонаға жататыны, 
ақырғы бағанда, қазіргі біздің түсінігіміздегі «мекен-жайы» 
дегенді  білдіретін  болса  керек,  «ауыл  кімнің  атымен  ата-
лады,  руы  немесе  ауыл  ақсақалы»  деген  мəлімет  берілген. 
Осылардың  ішінен  ғылыми-зерттеу  мүддесі  үшін:  1)  қы-
стау-мекен  иесінің  аты-жөнін  (антропоним),  2)  қыстау-ме-
кенінің атауын (ойконим) жəне 3) руын немесе ауыл ақсақа-
лының атын (этноним) сүзіп алдық.
Аталған  мəліметтерді  ғылыми  сұрыптаған  кезде:  кісі 
саны  4590  болды,  мұның  ішінде  қайталап  келетіндерінің 
санын  жақша  ішінде  көрсетіп,  (мысалы  екі  Ахмет,  төрт 
Омар,  он  Оспаннан  бір-бірден  ғана)  тек  жалқы  есімдерді 
ғана  алғанда,  барлығы  2544  есім  (антропоним)  болды;  қы-
стақ-мекендердің  атаулары  да  солай  жасалды  –  санағаны-
мызда  2255  қыстау,  немесе  шаңырақ  (түндік-жеке  шару-
ашылық)  болса,  қайталанып  келгендерін  есептемегенде 
1356  атау  (ойконим)  іріктелді.  Тізбенің  соңғы  бағанындағы 
«ру-тайпа  атаулары  немесе  ауыл  ақсақалының  аты»  деп 
764 этноним
 
теріп алынды

Бұларға қоса 1833 жылдан 1917 
жылғы  революцияға  дейін,  Кеңес  өкіметі  кезінде,  дəлірек 
айтқанда Ақмола губерниясы, Қызылжар округі, Қарағанды 
облысы, ең аяғы Солтүстік Қазақстан облысы құрамындағы 
əкімшілік-аумақтық бөлініс тарихын кеңінен көрсету мақса-
тымен, Ресей құрамындағы қазақ жəне орыс болыстарының, 
казак  станицаларының,  56  ауданның,  ауылдық,  селолық 
жəне поселкелік советтер мен селолық округтердің 481 ата-
уы тізіліп, бүгінге дейінгі жағдай қамтылды.
Жұмыстың тақырып аясына сəйкес, тек қана топонимдер 
зерттелді,  олардың  жасалу  жолдары,  семантикасы,  апелля-

11
тивтік  қызметі  қарастырылды,  жекелеген  типтерге  бөлінді. 
Кісі  есімдері  мен  этнонимдер  жеке  зерттеуді  қажет  ететін-
діктен, олар тек қана антротопонимдерде кездескен жағдай-
да  ғана  қаралды.  Зерттеу  тақырыбына  симайтындықтан, 
«тарихи топонимика» тізіміндегі көптеген атаулардың қазір-
гі жағдайы толық тексерілген жоқ, кейбір тұстарда ғана еске 
алуға  тұрарлық  факт  ретінде  аталды.  Кітап  авторлары  қол-
дағы  антропонимдер  мен  этнонимдердің,  басқа  да  жалқы 
есімдердің  облыс  аумағынан  жинақталған  қоры  келешекте 
талай қызықты зерттеулерге арқау боларына сенеді.
Сара  тақырып  арнасы  «Солтүстік  Қазақстан  облысының 
топонимикалық  атаулары»  болғандықтан,  топонимиялық 
кеңістіктің қазіргі жағдайына едəуір көңіл бөлуге тура келді. 
Бұл  тұрғыда  бізге  нақты  дерек  көзі  болған  «Государствен-
ный  каталог  географических  названий  Республики  Казах-
стан. Том 2. Издание третье, переработанное и дополненное. 
Северо-Казахстанская  область.  Алматы,  2011»  жəне  «Қа-
зақстан Республикасының географиялық атауларының мем-
лекеттік  каталогы.  2  том.  Екінші  басылым,  қайта  өңделген 
жəне  толықтырылған.  Солтүстік  Қазақстан  облысы.  Алма-
ты, 2012 ж.»
 
деген басылымдар.
Бұлардың алғашқысы 2011 жылдың 1 ақпандағы мəлімет 
бойынша  жасалған.  Түсіндірмеде  «Каталогты  жасау  үшін 
оның негізгі деректері ретінде масштабы 1:100 000-дық мем-
лекеттік  картада  берілген  атаулар  қабылданғаны,  сондай-ақ 
оған  География  институтының  топонимикалық  картотека-
сының  деректері,  ведомстволық,  статистикалық  жəне  басқа 
да мəліметтер пайдаланылғаны айтылған. Мұнда 7 мыңнан 
астам  таулардың,  шоқылар  мен  төбелердің,  қоныстар  мен 
мекендердің,  өзен-көлдердің,  қамыстар  мен  томарлардың, 
тоғайлар мен шоқ ағаштардың… басқа да географиялық ны-
сандардың атаулары берілген.
Екінші  каталог  Солтүстік  Қазақстан  облысының  та-
рихында тұңғыш рет қазақша шығарылған жəне білікті ма-
мандардың  ықтиятты  жұмысының  жемісі  деп  бағалауға 
тұрарлық еңбек болып шыққан. Кейбір селкеу кемшіліктері 
болғанымен,  мынадай  маңызды  бастаманың  ақталған  нəти-
жесі деп білеміз. 2001 жылы жасалған каталогты қайта өң-

12
деп, құрастырушылар, өткен уақыт аралығында орын алған 
өзгерістерді  қамтыған,  географиялық  атаулардағы  ағат-
тықтарды  жөндеген,  əсіресе,  топонимдердің  қазақша  жəне 
орысша  дұрыс  жазылуына  мұқият  қараған.  Бұл  екі  каталог 
та  тек  қана  анықтамалық  құралдар  емес,  өлкеміздің  өткен 
тағдырына,  келешегіне  ден  қойған  саналы  азаматтың  əр-
біреуіне ой салады деп есептеуге əбден болады.
Бұларға  қоса,  бағалы  дерек  ретінде  облыстың  өткен  80 
жыл  ішіндегі  əкімшілік-аумақтық  бөлінісіне  шолу  жасал-
ды.  Бұл  бөлімнен  елді  мекендердің,  əкімшілік-аумақтық 
бірліктердің  атаулары  қалай  қалыптасып,  қалай  өзгергені, 
жоғалғаны  туралы  нақты  мағлұматтарды,  мемлекеттік  дең-
гейдегі  құжаттарға  сілтеме  жасай  отырып,  бергенді  жөн 
көрдік.
Осы  тақырыпты  зерттеп,  еңбек  ретінде  қалыптау  бары-
сында  облысымыздың  əкімшілік-аумақтық  бөлінісінің  та-
рихына  да  едəуір  орын  берілді.  Осы  тұрғыдағы  тұңғыш 
талпыныс  болғандықтан,  Қазақстан  Тəуелсіздігіне  25  жыл, 
Солтүстік  Қазақстан  облысының  шаңырақ  көтергеніне  80 
жыл  толып  отырғанда,  еліміздің  өткен  тарихын  бір  шолып 
қайтуды  артық  көрмедік.  Сондықтан,  ХХ  ғасырдың  басын-
дағы күрделі қоғамдық-саяси сілкіністердің салдарынан, за-
ман  өзгеріп,  Кеңес  өкіметінің  билігі  орнады.  Осыдан  кейін 
Қазақ  автономиялы  Республикасының  құрамында  Ақмола 
губерниясының қалай құрылғанына, сол губернияның, одан 
кейін  Қарағанды  облысының  орталығы  болған  Петропавл 
қаласының  жəне  Тəуелсіз  Қазақстан  экономикасы  мен  өн-
дірісінің, мəдениеті мен ғылымының аса маңызды аймағын-
дағы  əрбір  елді  мекен  мен  ауданның  қалай  қалыптасып, 
дамығанын  көрсетпекке  ниет  еттік.  Сексен  жыл  ішіндегі 
ірілі-уақты өзгерістер, бəрі біздің өткен тарихымыз болған-
дықтан, əрқайсының себебі мен салдары нақты құжат түрін-
де көрсетілді.
Бір сөзбен айтқанда, «Мəңгілік ел» идеясын ту еткен Қа-
зақстан халқының бір бөлегі мекендейтін Солтүстік өлкенің 
осынау  құнарлы  да  құтты  жерлерін  қиын-қыстау  заманды 
бастан кешіп, біз үшін сақтап қалған аталарымыздың еңбегі 
осы шағын еңбектен байқалса деген үміттеміз.

13
Жер шарындағы ең көлемді Еуразия құрылығы болса, со-
ның  бес  пайызын  алып  жатқан  Қазақстан  жерінің  ауданы 
бойынша  дүние  жүзінің  ең  ірі  мемлекеттерінің  бірі  болып 
табылады  жəне  осы  көрсеткіш  бойынша  «Ұлы  дала»  дүние 
жүзінде  Ресейден,  Канададан,  Қытайдан,  Ақш-тан,  Бразили-
ядан, Аргентинадан кейінгі 9-орын алады. Осындай кең-бай-
тақ аумақта жасалып, қорланған миллиондаған эндогендік то-
понимдер халықтың жадында сақталуының арқасында біздің 
заманымызға  дейін  жетті.  Бірақ,  өкінішке  орай,  бұл  орасан 
көп атаулар əлі күнге дейін бір жерге толығымен жиналмай, 
жүйеленбей жəне жан-жақты зерделенбей келеді
2
.
Кеңес  заманында  бұл  мəселеге  айрықша  көңіл  бөлін-
бей,  ежелгі  жер-су  атауларын  зерттеу  мəселесімен  жекеле-
ген  «жанкешті»  зерттеушілер  айналысты.  Соның  өзінде, 
Қазақстаннан  басқа  республикаларда  ономастика  мəселесі-
не  ден  қоюшылар  қатары  біртіндеп  болса  да  көбейе  берді. 
Əсіресе,  ономастиканың  топонимика  сияқты  маңызды  сала-
сы,  соңғы  жылдары  даму  үстінде.  Қазақстан  Республикасы-
ның өз Тəуелсіздігін жариялауына 25 жыл толып отырғанда, 
өз  облысымыздың  топонимикасына  да  зер  салып,  ата-мекен 
атауларына Отансүйгіштікке тəрбиелеудің
 
құралы ретінде та-
нып,  бұл  атауларға  тек  тіл  білімі  тұрғысынан  ғана  емес,  пе-
дагогика, тарих, əлеуметтану ғылымдары тұрғысынан қарап, 
қайта зерделу жөн болар еді.
Тарихи  топонимика,  дəлірек  айтқанда,  тəрбиенің  пəрмен-
ді  құралы  болып  табылатын  тарихи  өлкетану  талпыныста-
рының  қайнар  көзі.  Еліміздің  жас  жеткіншектері  өз  Отанын 
мақтан  еткенде,  оның  əр  ауылының,  өзені  мен  көлінің,  тө-
бесі мен тауының, тіпті шоқ-шоқ ағашының қалай аталғанын 
білгісі келетіні табииғи қажеттілік. Ендеше осы қажеттілікті 
өтеу əр облыс пен аудандағы мемлекеттік мекеме ғана емес, 
жеке кəсіп иелерінің, əрбір сауатты азаматтың міндеті.
Жоғарыда  айтқанымыздай,  Кеңес  дəуірінде  географи-
ялық  атауларды  жинау  жəне  жүйелеу  мəселесі  тек  шару-
2. Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогы. 2 том. 
Екінші басылым, қайта өңделген жəне толықтырылған. Солтүстік Қазақстан облысы. 
Алматы, 2012 ж. 4-бет.

14
ашылық  аймақтардың  бөлісі,  экономика  мүддесі  тұрғы-
сынан  қаралды.  Бұрынғы  Қазақ  ССР-ында  географиялық 
атауларды  каталогтау  жұмыстары  Қазақ  ССР  Жоғарғы 
Кеңесінде,  кейбір  салалық  министрліктер  мен  жеке  ве-
домстволарда  ғана  жүргізілді.  Олар  белгілі  бір  тапсырма 
алғаннан кейін ғана, арнайы тізімдер жасады, солардың не-
гізінде  жеке  аумақтық  анықтамалықтар  шығарып  тұратын. 
Тəуелсіздіктің алдында, яғни 1989 жылға дейін, ең жоғарғы 
мемлекеттік  деңгейде,  үкімет  тапсырмасы  негізінде  айна-
лысқан  ғылыми  мекемелердің  бастамасымен  дайындалған, 
«Əкімшілік-аумақтық  бөлініс»  деп  аталатын  анықтама-
лықтың  таралымы  өте  аз  болғандықтан,  олар  тек  ресми 
қызметтік  құжат  түрінде  қызмет  етті.  Топонимиканың  аса 
маңызды  ғылыми-танымдық,  тəрбиелік,  тіпті  эстетикалық 
көркемдік  маңызына  көңіл  бөлінбеді.  Бұл  басылымдар  мə-
дениет  тарихын,  этнографияны,  қажет  десеңіз,  философия 
тарихын  арнайы  зерттеушілер  үшін  дерек  көзі  қызметін 
атқаруы да маңызды құбылыс деуіміз керек.
Мысалы,  осындай  анықтамалықтың  соңғысында  10,8 
мыңға  жуық  əкімшілік-аумақтық  бірліктер  жинақталды. 
Сөйтіп, олар түрлі географиялық карталар мен атластар жа-
сағанда  басшылыққа  алатын  негіз  түрінде  кəдеге  жаратыл-
ды.  Пайдасы  осы  десек,  мұндай  анықтамалықтардың  тіл-
дік,  ұлттық  танымдық  қасиеттері  ақсап  жататын.  Бір  кезде 
естіліп,  ауызша  тараған  жер-су  аттары  орысша  бергенде 
адам танымастай өзгеріп, елді мекен атаулары, жол белгілері 
ретінде  тоқтаусыз  таралып,  зиянды  əсерін  көбейте  берді. 
Шынын  айту  керек,  мұндай  бассыздыққа  Тəуелсіздік  жыл-
дары, Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңы қабыл-
данып, жүзеге аса бастаған кезде ғана тиым салынды.
Ахмет  Байтұрсынов  атындағы  Тіл  Білімі  институтының 
күшімен  жасалған  анықтамалықтың  негізінде  «Қазақстан 
Республикасының  топонимикасы»  деген  атпен  2001  жылы 
жаңа анықтамалық басып шығарылды. Басылымның айрық-
ша құндылығы – мұнда географиялық нысандардың атаула-
ры қазақша жəне орысша жарыстырып берілді. Сөйтіп, бұл 
кітап  алдымен,  ономастикалық  сауат  ашу  құралы  ретінде 
құнды болса, бір кезде өзге тілге аударылғанда бұрмаланып, 

15
сол  күйі  қалыптасып  кеткен  атаулардың  түп-негізі  қандай 
болғанын  көрсететін  танымдық  құны  бар  ғылыми  еңбек 
түрінде дүниеге келді.
Игі іс осылай басталып, сең қозғалды дегенмен, бұл кітап-
тың  таралымы  аз  болды,  атамекен  атауларына  зер  салғысы 
келетін, зерттеулерді кеңейткісі келетіндердің қолына түспей-
тін құрал болып қалды. Құрал деуіміздің өзі артықтау болар, 
осындай құнды еңбектің сараптамадан өткені де күмəнді, Қа-
зақстан  Үкіметі  жанындағы  мемлекеттік  ономастика  комис-
сиясы  оны  бекітпеген  еді.  Осылайша  əуесқойларға  ғана  ар-
налғандықтан, нормативтік құжат болып саналмады.
Еліміз  Тəуелсіздік  туын  көтеріп,  талай-талай  құн-
дылықтарды  қайта  қарап,  тарихи  əділетті  қалпына  кел-
тіруге  бағытталған  талпыныстарға  сай,  ономастикалық 
жұмыстарға  қойылатын  талаптар  да  өзгерді.  Елді  мекен-
дер  мен  əкімшілік-аумақтық  бөліністер  ретке  келтіріліп, 
бірлік  болып  табылатын  нысандардың  бұрмаланған  ата-
улары  түзетіле  бастады.  «Қазақстан  Республикасының 
əкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 жел-
тоқсандағы Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 
1995  жылғы  29  желтоқсандағы  Жарлығы  мен  Қазақстан 
Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы қаулы-
сына  сəйкес,  кəсіпорындарды,  ұйымдарды,  мекемелер  мен 
басқа  да  физикалық-географиялық  нысандарды  атау  мен 
қайта атаудың, атауларды өзгертудің тəртібі бекітілді.
Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н. Ə.  Назарбаев 
1998  жылғы  17  наурызда  еліміздің  шығармашылық  зиялы 
қауым  өкілдерімен  кездескенде,  қатысушылар  тарапынан 
осы  мəселе  де  қозғалды.  Сонда,  Елбасымыз  ашық  та,  ай-
қын  былай  деген  болатын:  «…ономастикалық  саясатты 


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал