Философия, саясаттану және дінтану институты ғылым комитеті қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі



жүктеу 3.73 Mb.

бет1/22
Дата10.02.2017
өлшемі3.73 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

1

ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ ЖӘНЕ

ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫ 

ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ 

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҰЛТТЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК 

ЖӘНЕ ҚАЗАҚТЫҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ 

9-том

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 

25 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН АКАДЕМИК 

Ә.Н. НЫСАНБАЕВТЫҢ ТАҢДАУЛЫ ҒЫЛЫМИ 

ЕҢБЕКТЕРІНІҢ 10-ТОМДЫҚ ЖИНАҒЫ

Алматы

2016

2

ӘӨЖ 101

КБЖ 87

Н 91

ҚР БҒМ Ғылым Комитеті Философия, саясаттану және дінтану 

институтының Ғылыми кеңесі баспаға ұсынған

Редакциялық алқа:

З.К. Шаукенова

 (төраға), С.Е. Нұрмұратов (төраға орынбасары), 



В.Ю. Дунаев, С.Ю. Колчигин, В.Д. Курганская

Рецензенттер:

ҚР ҰҒА академигі Ж.М. Әбділдин, 

ҚР ҰҒА академигі А.Қ. Қошанов, 

ҚР ҰҒА академигі С.С. Сартаев



Н 91 Нысанбаев Ә.Н. 

Қазақстан  Республикасы  Тәуелсіздігінің  25  жылдығына 

арналған  академик  Ә.Н.  Нысанбаевтың  таңдаулы  ғылыми 

еңбектерінің 10-томдық жинағы. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, 

саясаттану және дінтану институты, 2016.

ISBN – 978-601-304-064-6

Т. 9: Ұлттық тәуелсіздік және қазақтың рухани мұрасы.  

– 448 б. 



ISBN – 978-601-304-073-8

ҚР ҰҒА академигі, қоғам қайраткері, Президенттің бейбітшілік 

және  рухани  келісім  сыйлығының  лауреаты,  көрнекті  ғалым-

философ  Ә.Н.  Нысанбаевтың  таңдаулы  еңбектерінің  10  томдық 

жинағында оның белгілі шығармалары топталған.

Тоғызыншы  томда  автор  тәуелсiздiк,  демократия  және  гума-

низм  ұғымдарын  өзара  байланыстыра  отырып  қарастырады.  Бұл 

кітап  автордың  тәуелсіздік  жылдары  жүргізген  философиялық 

пәнаралық  зерттеулерінің  нәтижесі.  Қазақ  халқының  өте  бай  ру-

хани және мәдени мұрасы туралы өзінің жаңа ой-пікірлері мен ой-

толғамдарын оқырман қауымға ұсынады.

Кiтап ғылыми қызметкерлерге, оқытушыларға, студенттер мен 

докторанттарға және қалың оқырман қауымға арналған.

ӘӨЖ 101

КБЖ 87

ISBN – 978-601-304-073-8 (Т. 9)             © Нысанбаев А.Н., 2016

ISBN – 978-601-304-064-6 (ортақ)  © ҚР БҒМ Философия, саясаттану 

 

 



 

                        және дінтану институты, 2016



3

АЛҒЫ СӨЗ

Адамзаттың  ұлан-асыр  даму  көшінің  өн  бойын-

да сан қилы дүрбелеңдер көп болған. Әдетте, осындай 

асулардан, яғни үлкен аумақтарды қамтыған қанқұйлы 

соғыстардан соң ғана, әлем картасы аталатын ала қағаз 

бетiне түзетулер түсетiн. Ал жиырма бірінші ғасырдың 

басында  әлем  келбетi  ешқандай  дүрбелеңдерсiз-ақ 

өзгерiп  шыға  келдi.  Оған  жер-жаһанның  алтыдан  бiр 

бөлiгiне иелiк етiп, қаһарымен алыс-жағын жұрттардың 

бәрiн ықтырып келген алып тоталитарлық империяның 

көп ын-шыңсыз ыдырай бастауы себеп болды. Ыдыраған 

империяның  орнынан  он  бес  тәуелсiз  мемлекет  өсiп 

шықты. Солардың бiрi – Еуразия құрлығының дәл орта-

сына орналасқан Қазақстан Республикасы едi.

Төрткүл дүниенiң қай қырының да қан тамырының 

қалай соға бастағанын қалт жiбермей бағып отыратын 

әлем саясаткерлерi бұл оқыс құбылысты сан ғасыр бойы 

езгiде  болған  ұлттардың  дербестiкке  ұмтылуының 

табиғи  желiсiне  балады.  Алайда  олар  жаңадан  пайда 

болған  жас  мемлекеттердiң  етек-жеңiн  жиып,  әлемдiк 

өркениет  көшiне  iлесуiне  бiр  ғасыр,  кемiнде  елу  жыл 

қажет деп есептедi. Оларға бiрнеше ғасыр бойы отарлық 

езгiнiң зардабын тартқан, дербес мемлекеттiлiктiң ны-

сандарын жоғалтқан, кейiнгi жетпiс жыл бойғы кеңестiк 

өміршiл-әкiмшiл жүйенiң зобалаңы  салдарынан  қоғам-

ды реттеушi саяси және экономикалық тетiктерi бұзыл-

ған  елдердiң  бiрден  әлемдiк  қауымдастыққа  қосылып 

кетуi неғайбыл болып көрiндi.

Бiрақ, Қазақстан Республикасы аталатын мемлекет-

тің адамзат өркениетiнiң дамуы үрдiсiне жаңалық қос-

қан  iлгерi  ұмтылысы  мұның  бәрiн  жоққа  шығарды. 


4

Бүгiнгi Қазақстан – өзi орналасқан аймақтың ғана емес, 

бүкiләлемдiк  проблемаларды  талқылауда  және  шешу-

де  ықпалды  рөл  атқаратын  ел.  Қазақстан  Президентi 

Нұрсұлтан  Назарбаевтың  көптеген  пiкiрiне  әлем 

саясаткерлерi  ықылас  қоятын  болды.  Адамзат  дамуы 

тарихындағы  мұндай  оқшау  құбылыс  қалай  өрбiдi. 

Қолдарыңыздағы жарық көрiп отырған кiтап, мiне, осы 

туралы  сыр  шертедi.  Кiтапты  оқи  отырып,  Қазақстан 

Республикасы  аталатын  жаңа  мемлекеттің  өзге  елдер 

жүз жыл бойы шиырлаған даму жолын жиырма бес жыл 

iшiнде жүрiп өткенiне анық көз жетедi.

Осы жиырма бес тәуелсiздiк жылдары iшiнде өзiне 

тән барлық институттары бар, әлемдiк қауымдастықтың 

ықпалды  мүшесi  болып  табылатын  түбiрiнен  жаңа 

егемен  мемлекет  құрылды,  оның  қауiпсiздiгi  мен 

тәуелсiздiгi  қамтамасыз  етiлдi.  Конституциялық  жол-

мен  мемлекеттiк  және  саяси  билiк  құрылымдарын  же-

дел  жаңарту  негiзiнде  елдiң  демократиялық  жолмен 

дамуының берiк iргетасы қаланды.

Тәуелсiздiк,  демократия  және  гуманизм.  Ғасырлар 

тоғысында  дербес  елге  айналып,  экономикалық,  сая-

си  және  әлеуметтiк  жүйесi  әлемдiк  өркениет  үлгiсiнде 

қайта  құрылып  жатқан  бiздiң  бүгiнгi  елiмiзде  бұл  үш 

ұғым  бiр-бiрiмен  өте  тығыз  байланыста.  Тәуелсiздiк  – 

қоғамдағы демократиялық принциптердiң орнығуы мен 

жаңа гуманизмнiң қалыптасуының iргетасы болса, демо-

кратия мен гуманизм – елдiң саяси және экономикалық 

тәуелсiздiгiн баянды етудiң басты құралы.

Осы жиырма бес жыл iшiнде елдің iшкi экономикалық 

жүйесі түбiрiмен өзгерiп, дамыған өркениеттi елдердiң 

ешқайсысынан  кем  түспейтiн  нарықтық  қатынастар 

мен  институттар  құрылды.  Соның  негiзiнде  Қазақстан 

дүниежүзiлiк  экономикада  өз  орны  бар  бәсекеге  қабi-

леттi елге айналды.

Осы жиырма бес жыл iшiнде жеке адамның, тұлғаның 

құқықтары  мен  бостандықтары  заңмен  қорғалатын, 

демократиялық институттар мен құндылықтар орнық-

қан ашық қоғам құру үстiнде.


5

Сонымен бiрге қазақстандықтар бұрыңғы қасаң иде-

ология  шырмауынан  арылып,  шынайы  құндылықтар 

мен  мұраттарды  қастерлейтiн  тұтас  бiр  жаңа  толқын 

өсiп жетiлдi.

Жиырма  бес  жыл  iшiнде  қазақ  халқының  ұлттық 

санасы  мен  дүниетанымы  жаңарып,  өзiн-өзi  тану,  өзiн 

басқаға таныту, өзiнiң бай ежелден қалыптасқан тари-

хы  мен  ұлттық  дәстүрлерiн  құрметтеу,  ұлы  тұлғалары 

мен  ойшылдарын  бүкiл  дүниеге  таныту,  бай  рухани 

және мәдени қазынасы әлемдiк өркениетпен ұластыру 

бағытында қыруар шаруалар атқарылды.

Мақсатымыз  елiмiздiң  жиырма  бес  жыл  iшiнде 

жүрiп өткен тәуелсiздiк жолын жүргізілген зерттеулер, 

әр  жылдағы  ойлар  мен  болжамдар  арқылы  көтерiлген 

жаңа  проблемалар  және  оларды  шешудi  қарастыру 

негiзiнде  баяндап  шығу  болған  едi.  Нәтижесiнде  жас 

ұрпақ  ұлағат  алатын,  әрбiр  қазақстандықтың  өзiн-өзi 

танып, имандылық пен адамгершiлiк рухы көтерiлетiн, 

кең байтақ Отанымыз бен парасатты халқымызды өзге 

ұлттарға  танытатын  елiмiздiң  ерлiк  пен  еңбекке  толы 

жиырма  бес  жылдық  тарихының  қысқаша  шежiресi 

жасалған сияқты.


6

1 ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ 

МАҒЫНАСЫ

1.1 Ұлттық сана көшін кім бастайды?

Қазақстан  қоғамын  нарықтық  экономика  мен 

демократиялық  қоғам  құруға  бағыттай  отырып  өзгер-

тудің  қазіргі  демократиялық  үлгісі  негізінен  алғанда 

–  әлеуметтік-экономикалық  және  саяси  сипаты  ба-

сым.  Дүниежүзілік  тәжірибенің  көрсетіп  бергеніндей, 

қоғамды  демократиялық  тұрғыдан  жетілдіре  түсу 

процесінде  әлеуметтік-гуманитарлық  және  дүниеге 

көзқарас проблемалары, яғни адамның өмір сүру және 

даму проблемалары күрт шиеленісе түседі. Солай бола 

тұрса  да  өркениетті  елдердің  практикасы  нарықтық 

өзгерістерді  ұлттық  мәдениет,  халықтық  дін,  салт-

дәстүр,  ұлттық  психология  ерекшелікгерін  ескере  әрі 

сақтай отырып та ойдағыдай табысты жүргізуге болаты-

нын мейлінше айқын көрсетіп берді. Соның нәтижесіңде 

ол  елдер  кәміл  сеніммен  тұрақты  экономикалық  өсу 

мен  гүлдене  даму  жолына  түсті.  Біз  осы  тұрғыдан 

алғанда  қазір  республикамызда  жүргізіліп  жатқан 

реформалардың  адамгершілік-гуманитарлық  және  ру-

хани болашағы қандай болатынын, интеллигенцияның 

рөлін терең зерттеуге тиістіміз.

Шындығында да, интеллигенция әрбір ұлттың, әрбір 

халықтың қаймағы десек, артық айтқандық емес. Ол өз 

болмысынан  гөрі  халықтың  болмысын  көбірек  ойлай-

тын ой еркіндігі бар адам. Әлихан Бөкейханов, Мұстафа 

Шоқай  және  басқалар  дүниеге,  байлыққа  қызықпаған. 

Олар  халықтың  мұң-мұқтажын,  мүддесін,  оның  жоғын 

жоқтауға  бар  өмірлерін  сарп  етті.  Қарақан  бастарына 



7

жұмақ іздеп жанталаспады. Артымда бір өшпес із қалып, 

кейінгілер мені мақтап-мадақтаса екен деген жымысқы 

ой миларына кіріп те шықпады. Сондықтан болар, Ахмет 

Байтұрсыновтың «Досыма хат» өлеңінде:

...Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай,

Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!

Үйілген өлексені өрге сүйреп,

Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай

–деп  Әлекеңе,  Әлекең  тұрғыластарға  риясыз  құрмет 

білдірілген.

Италияның Антонио Грамши деген ғұлама ойшылы 

болған. Сол айтады: «Интеллигентсіз қоғам болмайды» 

деп.  Сол  ғұламаның  пікірін  біз  де  қолдаймыз.  Өйткені, 

озық  ойлы  азаматсыз,  көш  бастар  серкесіз  қоғамның 

көйлегі жыртылатыны анық. Орыстарда интеллигенция, 

біздерде  зиялы  қауым,  интеллектуалдық  элита  дейді. 

Бірақ  осы  зиялы  қауымның  ішінен  шынайы  интелли-

генттер пісіп-жетілуі үшін уақыт керек қой. Грамшидің 

айтуынша, интеллиген ция екі топқа бөлінеді. Біріншісі 

–  дәстүрлі,  яғни  табиғи,  ал  екіншісі  –  органикалық. 

Дәстүрліні – халықтың өзі туғызады. Мысалы, қазақтың 

тектілік  пен  парасаттылықты  тең  ұстаған  хандары, 

билері, шешендері, жыраулары, ғалымдары – осы табиғи 

зиялылықтың қаймағы. Ал органикалыққа кәсіби білімі 

бар,  озық  ойлылар  (мұғалімдер,  агрономдар,  инже-

нерлер  т.б.),  оқығаны  да,  тоқығаны  да  барлар  жатады. 

Қазақ  халқының  өткеніне  сәл  көз  жүгіртейікші:  Асан 

Қайғы, Бұқар жырау, Абай, Шоқан, Ыбырай – осылардың 

оқығаны бар, тіпті оқымағаны бар – озық ойлы, халық 

үшін тебіренген жандар ғой.

...Бақпен асқан патшадан.

Мимен асқан қара артық.

Сақалын сатқан кәріден,

Еңбегін сатқан бала артық, 

–демей ме ұлы Абай? Алдымызда XXI ғасырдың белесі тұр. 

Адамзаттың рухани болмысына үн қосып, өркениетті ел-

дер қатарына ұмтылу үшін жас ұрпақ өзінің философия-

сын,  тарихын,  мәдениетін,  әдебиетін,  тілін,  дінін  жақсы 


8

біліп, ой-өрісін мейлінше кеңейтуі керек дейміз. Бұл – бір. 

Екіншіден, осы XXI ғасырда қазақ интеллигенциясының 

параметрі  қандай  болуы  керек  өзі?!  Қазіргі  қазақ  ин-

теллигенциясын,  меніңше,  үш  топқа  бөлуге  болады: 

біріншіден  –  орыстандырылғандар.  Олар  өз  халқының 

тарихын, тілін білмейді, тереңірек айтсақ, әйтеуір, ұлты 

қазақ;  екіншісі  –  жаңа  қазақтар,  бизнеспен  айналыса-

тын қалталылар; үшіншісі – таза қазақтар, бірақ кедей-

ленген, әзірге саясатқа белсене араласуға мүмкіндіктері 

жоқтың қасы. Сонда, тап бүгінгі өмір сүріп, тіршілік етіп 

жатқан  интеллигенциямыздың  бағыт-бағдары  бола-

тындай бір мұраты бар ма? Өкінішке орай, жоқ. Тәуелсіз 

мемлекетіміздің алға қарай қадам басқанына жиырма бес 

жыл  уақыт  болса  да  шынайы  интеллигенттің  мұратын, 

яғни  идеалын  көрсететін  бір  көркем  шығарманы  жазу-

шыларымыз  дүниеге  әкелді  ме?  Жоқ!  Ғалымдарымыз 

зерттеп,  болашақ  зиялы  да  интеллектуалдық  элита-

ны  алдымызға  тартты  ма?  Жоқ!  Мал  да,  дүние  де  адам 

тіршілігіне  керек  шығар.  Бірақ  өз  ұлтының  озық  ойлы 

серкесі болу үшін – бүгінгі күні талант, білім аздық етеді. 

Бұл  екеуіне  ұлттық  рух,  ұлттық  намыс,  ұлттық  мінез, 

ұлттық сана, ұлттық болмыс қосылуы қажет.

Қоғамдағы  бірлік  пен  әлеуметтік-саяси  тұрақты-

лықты  қамтамасыз  ететін,  негізінен,  интеллигенттер 

ғой.  Халықты  ұлы  іске  топтастырып,  тіпті  ұлт  ретінде 

қазақтың өзін іштей бір-біріне жақындастыратын да – 

осы интеллигенттер. Ауызды қу шөппен сүртуге болмас, 

бізде де интеллигент – зия лы қауым баршылық. Бірақ 

бүгінгідей  қиын  заманда  қазақ  интеллигенттерінің 

рөлі күшейген сайын жауапкершіліктің де күшейетінін, 

олардың  иығына  түсетін  салмақтың  тым  ауыр  екенін 

сол интеллектуалдық элитамыздың өзара сезінулері ке-

рек.  Құрғақ  ақыл,  құр  даудан  ештеңе  өнбейтінін  көріп 

те,  біліп  те  жүрміз  ғой.  Ал  мемлекет  басшылары  зия-

лы  қауымның  ой  өлшемінен  шыққан,  таразы  безбенін 

тартатын  түйінді  ұсыныстарын  жүре  тыңдамауға 

ұмтылулары қажет. Парламент жиналысымен халықты 

топтастыру  қиынның  қиыны.  Қазақ  халқы  бұл  күнде 


9

республика  тұрғындарының  көшбасшысы  –  67  пайыз, 

яғни 11 миллион болды деп жүрміз. Шетте 5 миллиондай 

қазақ ғұмыр кешуде. Демек, қазақ интеллигенттеріне де 

әлеуметтік-этикалық  жауапкершілік  күшейе  түседі  де-

ген сөз.


Кей-кейде  мен  ойлаймын,  осы  біздің  интеллиген-

цияның  ұлттық  намысы,  ұлттық  рухы  төмендеп  бара 

жатқан  жоқ  па  деп.  Ұлттық  намысты,  қазақтық  намы-

сты  ұлттық  мүддеге  бағындыруды  1920  жылдардағы 

халқымыздың  шоқтығы  биік  зиялы  азаматтары  бас-

тап  берген  жоқ  па?!  Ал  қазір  ше,  ауылға  барсақ,  ортақ 

қолдай, апталдай жігіттеріміз жігерленіп намыстанудың 

орнына:  «Сіздер  айтпайсыздар  ма,  жағдай  жаман»  деп 

міңгірлейді.  Соған  қарағанда  көбіміздің  санамыз  ула-

нып,  қуыс  боп  қалған-ау  деймін!  Тіпті  санамыздың  өзі 

екіге бөлінген бе деп қалдым. Аз-маз демократияланған 

сана  бар  да,  көбі  бұрынғы  социалистік  сана.  Сілкініп, 

өзімізді өзіміз жігерлендіріп, ескі санамызды бойымыз-

дан қумайынша жағдаймыз түзеле қояр ма екен?!

Қоғамда  көптеген  әр  түрлі  әлеуметтік  топтар  бар 

емес  пе?!  Қазір  әлеуметтік  жіктелу  процесі  жүріп  жа-

тыр. Соның біреуін, яғни бір тобын негізге алып, соның 

мүддесін көздесек, сол арқылы Қазақстанның мүддесін 

қорғасақ. Онда оған интеллигенттер де кірер еді...

Ойдағы революция ылғи алда жүреді де әлеуметтік 

өмірде  болатын  жаңалық,  өзгерістерді  алдын  ала  дай-

ындайды.  Ұлы  француз  революциясын,  Германиядағы 

революцияны,  т.б.  саяси  жаңарулардың  бәрін  жасаған, 

жаңа бір қоғамды қалыптастыруға әрекет еткен зиялы 

интеллигент тер.

Тәңірім саналы етіп жаратқан әрбір азамат ат жалын 

тартып мінер шаққа жеткен соң-ақ «мен осы кіммін?» де-

ген сұраққа жауап іздері хақ. Отаршылдық езгісінен есін 

жиып,  дербес  ел  болған,  айналасына  өзінше  бағамдап 

қарай бастаған әр халықтың да ең алғаш өзіне-өзі қояр 

сұрағы осы: «біз кімбіз?» Осы сұраққа жауап іздеген сапа-

рында ол жат жұрттықтың қабағына қарап жалтақтап, 

жарым  көңіл,  жарты  құрсақ  күн  кешкен  жылдарда 


10

жоғалтқан  асылдарын  іздеп  табар,  төрт  құбыласын 

түгелдеп, ешкімге ұқсамайтын өзіндік болмыс-бітіміне, 

діліне, дүниетанымына қайта орала бастар.

Біздің  де  бауырлас  өзбек,  қырғыз,  түркімен,  әзер-

байжан халықтары сияқты осындай қайта түлеу кезеңін 

басымыздан өткізіп жатқан жайымыз бар.

Соңғы он-он бес жыл ішінде біздің – көк байрақты 

Қазақ елінің өзге жұрттар бір ғасырда жүріп өткен жол-

ды басынан өткергені ақиқат. Біз өзіміздің дербес мем-

лекет ретінде өмір сүре алатынымызды дәлелдеп қана 

қоймай, келер ғасырдың отызыншы жылдарына қарай 

Орталық Азиядағы тұңғыш барысқа айналатынымызға 

әлем жұртшылығының көзін жеткіздік. Бұған еліміздің 

булыққан  өндірістік-экономикалық  қуаты,  Елбасы-

мыз  Н.Назарбаевтың  жүргізіп  отыртан  парасатты  сая-

саты,  тарихтың  ұлы  көшінде  мың  өшіп,  мың  тірілген 

халқымыздың темірдей төзімі мен кемеңгер даналығы 

кепіл болар, сірә.

Алайда асау мұхиттай буырқанған әлемге ақ пейілі-

міз  бен  болашаққа  сенімімізді  желкен  етіп,  ашық 

айдынға жаңа ғана шыққан біз жеріміздің байлығы мен 

ниетіміздің адалдығына сеніп, қаракетсіз отыра берсек 

ақжал  толқындар  көмейінде  жұтылып  кетеміз.  Себебі, 

біз  бұрынғыдай  жан-жағы  тас  қабырғамен  қоршаулы 

жабық  тоғанда  емес,  әр  бағытқа  тартар  атыстары  мен 

асау  толқындары  буырқанған  ашық  айдында  жүзіп 

келеміз. Мұндай жағдайда өзіміздің халықтық келбеті-

міз  бен  ұлттық  болмыс-бітімімізді  сақтай  отырып, 

діттеген нысанаға жету оңай шаруа емес. Әсіресе, ғасыр-

лар бойы саяси ғана емес, рухани езгіні де басынан өткіз-

ген  халық  әлемдік  өркениетке  өзіндік  болмысымен 

қосылуы үшін өзінің төзімі мен парасатының ғана емес, 

асқақ  ұлттық  намысы  мен  рухының  да  мықтылығын 

таныта білуі керек.

Осы  уақытқа  шейін  Құран  сөзіндей  табынып  кел-

ген  маркстік  философияда  «сананы  болмыс  билейді» 

деген  қағида  бар-ды.  Мұны  қарапайым  халық  «сананы 

тұрмыс билейді» деген әзіл-шыны аралас қанатты сөзге 


11

айналдырып  алғаны  да  белгілі.  Бірақ,  әлемдік  филосо-

фияда, әсіресе шығыстық дүниетанымда бұған қарама-

қарсы  көзқарас  та  өмір  сүріп  келеді.  Әуелі  сана,  содан 

соң  өзге  дүние  жаратылған.  Яғни  парасатты  ақыл  мен 

берік  ұлттық  рух  бақытты  тұрмысқа  жетудің  кепілі. 

Бұл  қағиданың  ақиқаттығын  әлемнің  талай  халқы  өз 

тәжірибелері арқылы дәлелдеп шықты да.

Қазіргідей  өтпелі  кезеңде,  аумалы-төкпелі  заман-

да  бізді  қиындықтар  мен  ауыртпалықтардан  алып 

шығатын да, барыс бейнесіндегі діттеген нысанамызға 

жеткізетін  де  ұлы  күш  осы:  бүкіл  халықтық  рухани 

серпіліс, санадағы серпіліс қарқыны.

Соңғы бірнеше жыл көлемінде баршамыз атап өткен 

Ордабасы мен Орбұлақтағы мерекелер, Абай мен Мұхтар, 

Бұқар  мен  Жамбыл,  Қаракерей  Қабанбай  мен  Шақшақ 

Жәнібек,  Қарабура  мен  Оқшыата  т.б.  рухтарына  арнап 

өткізілген  тойлар  халқымыз  рухын  сілкінткен  оқшау 

оқиғалар болғаны анық. Біз өз тарихымыздың, дәстүрлі 

мәдениетіміздің,  ұлттық  дүниетанымымыздың  кәусар 

бұлағына қайта орала бастағанымызды аңғардық.

Бірақ, жалпыхалықтық рухани серпіліске жету, бар-

ша отандастарымызды біріктіретін жүйелі ұлттық идея 

мен  арман  –  дүниетанымымызды  қалыптастыру  бір 

күннің шаруасы емес, барлық зиялы қауым өкілдерінің 

күш-жігерін  біріктіріп,  еліміздің  ғылыми  қуатын 

жұмылдыратын жүйелі де мақсатты жұмыс жүргізгенде 

ғана  біз  үзік-үзік  ұлттық  тарихымызды  бүтіндеп, 

сағымдай  құбылған  бұлыңғыр  дүниетанымымызды 

бытысқан  терминдер  мен  ұғымдардан  тазартып,  сара 

желіге сала аламыз.

Іргетаста  ірілі-ұсақты  сызат  қалмауы  қажет. 

Құрыштан  құйылғандай  тұтастық  қана  мәңгіліктің 

кепілі. Сонда ғана Сіз бен біз боп, іргесін көтеріп жатқан 

жас  мемлекетіміздің  уығы  берік,  шаңырағы  биік. 

Өзіміздің қайдан шыққанымызды, қандай-қандай белес-

тен  өткенімізді,  неден  сүрініп,  нені  тиянақ  еткенімізді 

бүге-шігесіне  дейін  анық  білгенде  ғана  біз  діттеген 

нысанамызға нық басып жетеміз:


12

Жақында  тек  қазақ  елі  үшін  ғана  емес,  бүкіл  түркі 

жұртының  мәдениеті  тарихында  қалатын  ұмытылмас 

оқиға болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің уәкіл-

дері  Монгол  елінің  басшыларымен  келіссөз  жүргізіп, 

Орхон  өзенінің  бойында  бұдан  1300  жыл  бұрын  ұлы 

бабаларымыз  тасқа  қашап  жазған  «Күлтегін»,  «Білге 

қаған»,  «Тоныкөк»  жырларының  көшірмесін  олардың 

тікелей  мұрагерлерінін,  ата  жұртына  алдыратын  бол-

ды. Міне, бұл – түркі жұртының тарихы мен мәдениетін 

зерделеудегі  әлгі  айтқан  түркілік  тұтастықтың  баста-

луы.  Себебі,  бүкіл  әлем  өркениетінің  тарихында  VII 

ғасырда тасқа қашалып жазылған сурет пен сөз бар болса 

бар шығар, бірақ тұтас жыр жоқ. Демек, біз заттай айғақ 

арқылы  өз  мәдениетіміз  бен  дүниетанымымыздың  та-

мыры тым теренде жатқанын, елдік дәстүріміз бен ру-

хани бітіміміздің қайнар бастауы берік екенін өзіміз де 

түсінетін, өзгеге де ұқтыратын халге жеттік. Сөйтіп, ба-

уырлас түркі жұртының бәріне ортақ дүниетанымымыз 

бен  эстетикалық-этикалық  талғамдарымызды  бір  ізге 

салып, жүйелей бастадық. Ендігі міндет – осы басталған 

ұлы  істің  желісін  үзбей,  тұтастығын  бұзбай  зерделеп, 

өз  болмыс-бітімімізді  егжей-тегжейлі  анықтау,  сөйтіп 

болашақ ұрпағымызды да тура жолдан тайдырмайтын 

біртұтас  құбылнамамызды  жасап  шығу.  Осы  тұрғыдан 

алғанда,  барша  түркі  баласының  «Орхон-Енесей  жазба 

ескерткіштерінен» кейінгі табан тірер тұғыры, айналып 

соғар бекеті – Қорқыт баба мұрасы болмақ. Ол – қазақ 

даласының ұлы ойшылы.

Бәлкім,  таза  хронологиялық  зандылықты  бәрінен 

жоғары  қоятын  әріптестерім  «Қорқыт  Ата  кітабы» 

хатқа  XV  ғасырда  түспеп  пе  еді,  «Орхон-Енесей  жазба-

лары»  мен  «Қорқыт  Ата  кітабының»  арасында  талай 

ескерткіштер бар емес пе деп дау айтар маған. Жоқ, мен 

ғылыми  хронологияны  шатастырып  отырған  жоқпын. 

Бірі Германиядағы Дрезден, екіншісі Ватикандағы Аро-

столика  кітапханаларында  сақталып  қалған  «Қорқыт 

Ата кітабының» XV ғасырда хатқа түскені рас. Бірақ бұл 

жырлардың  VII-VIII  ғасырлар  арасын да  туғаны,  араға 


13

уақыт  салып  Қап  тауын  асып,  Анадолы  жеріне  табан 

тіреген ұрпағының ата жұртын сағынып, есінде қалған 

Қорқыт жырын қағазға түсіргені ғылымда дәлелденген 

шындық. Қорқыт Ата жыры ата жұрттан жыраққа қоныс 

аударған  түрік  баласының  жадында  жеті  ғасыр  бойы 

сақталған болса, ата жұрттың өзінде, тіпті, аты дүрілдеп 

аңызға  айналған  шығар-ау.  Шыны  да  сол.  Қорқыт  Ата 

аңызы,  оның  жыры  мен  күйі,  арманы  мен  мұраты  он 

ғасырдан  астам  уақыт  бойы  Еуразия  құрлығының 

орталығын  жайлаған  барша  түркі  жұртының  иманы 

мен сезімін баурап, рухын шындап келе жатқаны ақиқат. 

Тіпті, зерделеп қараған адам Жүсіп Баласағұн мен Әбу На-

сыр әл-Фараби еңбектерінен, Науаи мен Низами дастан-

дарынан, Асан Қайғы мен Бұқар жырау толғауларынан, 

Мақтымқұлы  мен  Жүніс  Әмре  шығармаларынан,  Абай 

мен  Мағжан  жырларынан  Қорқыт  Ата  ойларының  ізін 

оңай-ақ табар еді. Мен бұл арада, «Көроғлы» мен «Алпа-

мыс» эпостарындағы, «Хан-Шентай» мен «Жүсіп-Ахмет» 

дастандарындағы  «Қорқыт  Ата  кітабымен»  тікелей 

үндесетін сюжеттерді еске алмай-ақ қояйын.

Бұдан  шығатын  қорытынды:  Қорқыт  Ата  рухани 

мұрасы  бүкіл  түркі  халқының  VII-VIII  ғасырдан  кейінгі 

мәдениетіне негіз боп қаланған іргетас екен.

Сонымен, есімі мен өсиеті он ғасырдан астам уақыт 

бойы  халық  аузынан  түспей  келе  жатқан  Қорқыт  Ата 

кім? Тарихта болған ба өзі?

Қорқыттың  өмірде  болғаны,  VII-VIII  ғасырда  Сыр 

бойында өмір сүргені, нақтылы тарихи тұлға екені бүгін-

ге дейін жинақталған ғылыми деректер бойынша күмән 

қалдырмайды.  Аға  жағынан  оғыз  тайпасының  Қамы 

(Қайыспас) дейтін атасынан тараса, ана жағынан қалың 

қыпшақ нағашы жұрты болып келеді. Қорқыттың әкесі 

оғыз тайпасына белгілі Қарақожа деген кісі болса керек.

Демек,  Қорқыт  Ата  қазіргі  бүкіл  түрік  жұрты  бөл-

шектенбей  тұрған  заманда  шығысында  Ұлы  Қытай 

қорғанынан, батысында Дербент қаласына дейінгі Ұлы 

Далаға иелік еткен Түрік қағанатының ыдырау дәуірінде 

ғұмыр кешкен.


14

Қорқыттың  дүниеге  келуі  де  халық  жадында  әлі 

күнге дейін аңыз боп айтылады. Ол дүниеге келерде ана-

сы құлан етіне жерік болып, құрсақтағы баласын үш жыл 

тоғыз күн көтерген екен. Сол үш жылдың әр жылында 

толғақ  қысып,  дүниеге  нәресте  келетіндей  қамданып, 

Қорқыттың анасы бебеу қаға қиналатын болған.

Қорқыт  дүниеге  келерде  бүкіл  дүние  оның  анасы-

мен қоса толғатқандай күйге түседі.

«Қорқыт туған кезінде,

Қара аспанды су алған,

Қара жерді құм алған. 

Ол туарда ел қорқып, 

Туғаннан соң қуанған», 

–дейді  халық  жадында  сақталған  ескі  жыр.  Қиындық-

тан  құтқарар  жебеуші  күту  әлемдік  философияда  бар 

сарын.  Дүниеге  жаңа  діни  наным  алып  келген  Ғайса 

пайғамбарды  да  кезінде  жұрт  дәл  осылай  күтіпті-мыс. 

Сірә, Қорқыт та кезінде пайғамбар сынды өз еліне ақыл-

парасатымен күш-береке дарытса керек. Бізге белгілісі 

– оның үш ханның тұсында ел билігін қолына ұстаған, 

іргесі  бөлінбеген  түркі  жұртын  кемеңгерлігімен  ортақ 

іске  бағындырған,  тұтастығын,  ауызбірлігін  сақтаған 

ойшыл болғандығы.

«Баят  руында  Қорқыт  Ата  дейтін  білікті,  сәуегей 

адам  болыпты.  Тәңірі  зердесіне  салған  соң  оның  бол-

жамдары  қатесіз  болған...  оғыз  тайпаларында  Қорқыт 

Ата  ең  қиын  деген  мәселелерді  шешкен.  Қандай  ғана 

қиын іс болмасын, Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір 

жұмысқа қол ұрмаған. Ел оның барлық өсиетін (билігін) 

бұлжытпай  орындаған»  –  деп  басталады  XV  ғасырда 

хатқа түскен «Қорқыт Ата кітабы».

Шыны  сол:  ғасырларды  көктеп  өтіп  бізге  жеткен 

Қорқыт  Ата  жырлары,  ең  алдымен,  елді  ел  етіп  сақтап 

қалудың қамын  толғайды. Барша түрік жұртына батыр-

лықты,  бір  сөзділікті,  ел  мүддесі  жолында  жанын  бе-

руге  даяр  жанпидалықты  өсиет  етеді.  «Қолына  өткір 

қылыш  алып,  соны  жұмсай  білмеген  қорқаққа  қылыш 

сілтеп,  күшінді  сарп  етпе,  –  дейді  VIII  ғасырдан  жеткен 


15

Қорқыт баба үні, – Батыр туған жігіттің садағының оғы 

да  қылыштай  кесіп  түседі...  Ат  жемейтін  ащы  шөптің 

гүлденіп  өспегені  жақсы.  Адам  ішпес  ащы  судың  жылға 

қуып  ақпағаны  жақсы.  Атаның  атын  былғаған  жетесіз 

баланың  әке  омыртқасынан  жаралып,  ана  құрсағында 

шырылдап тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің 

тегін қуған балаға ешкім жетпейді». 

Осылай  деп  болашақ  ұрпағына  айтар  аманатын  бір 

түйіндеп алады да, қара қобызын қолына алып ерлік жы-

рын толғайды ол. Түркі жұртының елдігін нығайтқан Ба-

яндур, Қазан сынды билеушілерінің парасатын дәріптейді, 

Бұқаш, Ораз, Бисат, Бәмсі-Байрақ сынды ел қорғаған ер-

лердің батырлығын үлгі етеді келешекке. Намыс пен ар, ел 

мен жер, қарыз бен парыз туралы түркілік түсініктердің 

арғы тегін тексергіңіз келсе, Қорқыт жырларын оқыңыз.

Осыдан он ғасырдан астам уақыт бұрын емес, күні бүгін жа-

зылғандай отаншылдық рухымен баурап алады жаның-

ды.  Әсіресе,  «Қорқыт  Ата  кітабындағы»  он  екі  жырдың 

ішіндегі соңғысы – Бәмсі-Байрақтың қазасы туралы толға-

ныс тұғасқан ел іргесінің байқаусыз түскен іріткі алауыз-

дықтан ыдырайтыны туралы ауыр ойларға жетелейді.

Сірә,  бұл  жыр  бүгінгі  түркі  халықтарының,  ол 

замандағы жеке-жеке тайпалардың арасына алауыздық 

кіріп,  бірі  Ұрымға,  бірі  Қырымға  ыдырай  бастар  тұста 

туса  керек.  Бар ша  ғұмыры  мен  ақыл-парасатын  түркі 

елінің  бірлігін  сақтауға  жұмсаған  Қорқыт  Ата  мұндай 

алауыздықтан  қатты  шошыса  керек.  Сөйтіп,  өзінің 

соңғы  жыры  «Бәмсі-Байрақты»  толғайды.  Ал  бұл  жыр 

кейін халық жадында шыңдала келе «Алпамыс батыр» 

эпосына айналған. Мына қызықты қараңыз: бүкіл түркі 

халықтарынан  ата  мекендерінде  қалған  қазақтың  ең 

танымал  екі  ерлік  эпосы  бар.  Бірі  –  «Алпамыс  батыр», 

екіншісі  «Қобыланды  ба тыр».  Ғалымдардың  айтуын-

ша, «Қарақыпшақ Қобыланды» жырының негізінде ХІV 

ғасырдағы  ноғай-қазақ  арасының  ажырауы,  яғни  «ел 

айырылған» күйігінің сарыны жатыр.

Ал VII–VIII ғасырдан жеткен Қорқыт Ата жырының 

дерегіне сүйенсек, «Алпамыс» жырының негізіне де бір-


16

тұтас түркі ұлысының ыдырау оқиғасы арқау болған екен. 

Демек,  халық  жады  туған  бауырынан  айырылған  оқи-

ғаны мәңгі-бақи ұмытпай, жүрегіндегі жарасын Қорқыт

Ата сынды кемеңгерлерінің аузымен болашаққа жеткізіпті.

Бұл құбылыс бүгінгі күні қайта табысқан барша түр-

кі  халықтарының  ынтымағы  мен  бауырластығын  көз-

дің қарашығындай қажеттігін тағы да ұғындыра түседі. 

Қорқыт Ата өсиетінен алар бірінші тағылым – осы.

Екіншіден,  Қорқыт  –  ел  бірлігін  нығайтқан  кемең-

гер  қайраткер  ғана  емес,  түркілік  дүниетанымның 

мәйегін  жасап  кеткен  ғұлама  ойшыл,  әлемдік  ақыл-ой 

мәдениетінде  өз  орны  бар  философ-гуманист.  Зерттеу-

шілер  өлімнен  қашқан  Қорқыт  философиясын  әйгілі 

шумер эпосы «Гильгамеш туралы жырдағы» Гильгамеш 

әрекетімен салыстырады. Ал, ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов 

Қорқыт аңызын гректің адамзатқа от ұрлап әкеліп сый-

лайтын Прометей туралы аңызымен теңестіреді. Қалай 

болғанда да, мәңгілік өмір жолында күресу, күй тілімен 

ажалды  жеңу  философиясы  әлемдік  философиядағы 

оқшау ой. Алайда өмір мен ажал, жан мен тән, пәнилік 

пен бақилық ұғымдары – түркі дүниетанымындағы ең 

ежелгі  де  етене  ұғымдар.  Ежелден  табиғатпен  етене 

араласып, дүниенің өтпелілігіне, байлық пен бақыттың 

баянсыздығына күн сайын көзі жетіп, осынау әлем жара-

тылысын оймен саралап үйренген халық мәңгілік өмір 

туралы армандамай тұра алар ма, сірә?!

Талай дүбірлі оқиғаның қайнаған ортасында болған, 

Еуразия құрлығының жартысына жуығын билеген түр-

кі  жұртын  жырымен  де,  күйімен  де  аузына  қаратқан, 

ғұмырының  соңында  бірлігі  ыдырай  бастаған  туған 

жұртының алауыздығына күйінген Қорқыт Ата ажалдан 

қашып, мәңгілік өмір іздеп дүниенің төрт бұрышын кезіп 

кетеді. Бірақ қайда барса да, алдынан көр қазып жатқан 

адамдарды  жолықтырады.  Бұл  кімнің  көрі  деп  сұраса, 

айтатындары  бір  жауап:  «Қорқыттың  көрі».  Халық 

аузында  тағдырға  налығанда,  күйінгенде,  торыққанда 

айтылатын «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген сөз 

осыдан қалған.


17

Алайда  түркі  жұртының  өршіл  рухының  символы 

сынды Қорқыт Ата бұған налымайды. Дүниенің кіндігі 

– өз ата мекені Сырдың жағасына келіп, Желмаясының 

жабуын дарияның бетіне төсеп, үстіне өзі отырып, қара 

қобызын қолына алады. Жабу суға батпайды, қобыздан 

төгілген мәңгілік өмір сарыны бір сембейді, жан-жануар 

біткеннің  бәрі  дария  жағасына  жиналып,  күй  үніне 

елти құлақ түреді. Қорқыт Ата осылайша жүз жыл бойы 

Жаналғышты күй сазымен маңына жуытпай, Сырдария 

үстінде өмір жырын толғайды. Тек әл жинап алу үшін бір 

сәт қалғып кеткен кезінде ғана ажал астыртын жылан 

боп кеп, шағып алады.

Бұл – аңыз. Аңыз болсада, философиялық мазмұны 

өте терең, өмірсүйгіштік рухы өшпес аңыз. Мұны бүкіл 

әлем  ғұламалары  мойындайды.  Тек  мойындап  қана 

қоймай, түркі жұртының өмір мен өлім туралы түсінігінің 

әдемілігіне, өмірге құштар рухының асқақтығына тамса-

на таң қалады. Мәңгілік нәрсе – өнер, шығармашылық, 

адамның артында қалатын өшпес ізгі ісі.

Бұл  –  аңыз.  Аңыз  болса  да,  бүкіл  түркі  жұртының 

арманы  мен  мұратын  бейнелейтін  әпсана.  Халық  көзі 

тірісінде кемеңгер көшбасшысы болған, көзі жұмылған 

соң  да  пайғамбар  сынды  сиынатын  піріне  айналған 

киелі  бабамызға  ажалды  да  жеңгізіп  отыр.  Дүниедегі 

қашып құтыла алмас құдірет – ажалдың өзі Қорқыт Ата 

өнерінің алдына кеп тайсақтаған. Міне, Қорқыт туралы 

аңыздың әлем халқын таңдандыратын мәйегі осы.

Ал,  өмір  мен  өлім  туралы  Қорқыт  Атаның  өзі  не 

дейді? Оқып көрелік: «Тәңір пендесінің мандайына не 

жазса,  сол  болады.  Оның  жазуынсыз  адам  жамандық 

көрмейді,  ажал  келіп  өлмейді.  Өлген  тірілмейді, 

кеудеңнен  жаның  кетсе,  ол  қайтып  келмейді.  ...Қар 

қаншама  қалың  жауғанмен  –  жазға  бармас.  Гүлденіп 

өскен бәйшешек – күзге бармас...»

Кемеңгер  бабаның  өмір  туралы  философиялық 

толғамдары осылай жалғасып кете береді. Ойыңа еріксіз 

түркі жұртының кейінгі даналары Жүсіп Баласағұнның 

«Құтты білігіндегі»


18

Кісі мәңгі болмас, мәңгі аты

Арыға мәңгі қалар шапағаты –

деген  жолдар,  немесе  Махмұт  Қашқаридың  «Диуани 

лұғат ат-түркіндегі»

Қураған ағаш иілмес

Қураған шыбық түйілмес –

деген жолдар, немесе Әбу Насыр әл-Фарабидің мәңгілік 

парасат туралы ілімі, ең соңында, ұлы Абайдың

Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,

Желігін жерге тықпас кісің бар ма?!

деген өлең жолдары оралады. Байқап қарасаң, Қорқыт, 

Баласағұн,  Қашқари,  әл-Фараби,  Науаи,  Низами, 

Ұлықбек, Иасауи, Абай боп жалғасып кете беретін түрік 

ғұламаларының бәрінің өлім мен өмір, жан мен тән тура-

лы түсініктері бірін-бірі толықтырып, тұтас бір түркілік 

дүниетаным әлемін құрайды.

Тіпті, Қожа Ахмет Иасауи әулие қанымызға сіңірген 

ислам  философиясындағы  сопылық  ағымның  біздің 

түркілік дүниетанымымызбен етене бауырласып кетуі-

не де осы ұғымның жақындығы, түсінік ұқсастығы себеп 

болған.


Өмір  мен  өлім  туралы,  жер  бетіндегі  тіршіліктің 

мәні жайындағы Қорқыт Ата философиясының мәйегін 

ұғынбаған жан ғұмыр бойы адамзатты толғандырған осы 

сауалдардың ақиқатын іздеп, көзі тірісінде хақтың өзімен 

дидарласуды  мұрат  тұтқан,  сөйтіп,  «жер  бетінде  өлмес 

бұрын тірі өліп», алпыс үш жасында өз еркімен қылуетке 

түскен,  сол  жер  астында  тағы  да  алпыс  үш  жыл  ғұмыр 

кешіп, қазір бәрімізді таңдандыратын ақыл кітабы «Ди-

уани  хикметті»  жазған  Қожа  Ахмет  Иасауи  тағылымын 

да,  оны  айтасыз,  бүкіл  түркі  жұртының  басқалардан 

өзгешелеу мұсылмандық иманын да түсінбеуі кәдік.

Расында  да,  бірі  құдіретті  күйімен  жүз  жыл  бойы 

ажал ды  маңына  жолатпаған,  екіншісі  көзі  тірісінде 

сол  ажалға  өз  еркімен  мойын  ұсынып,  алпыс  үш  жыл 

бойы жер ас тында тіршілік еткен түркі даласының қос 

ғұлама  ойшылының  мұраты  да,  арманы  да  түркілік 

дүниетанымның  екі  кезеңі,  өмір  мен  өлім  туралы 


19

ұғымның айқын айғағы екені даусыз. Ол мұрат, ол арман 

– адамзатқа жер бетіндегі өмірдің мәнін ұғындыру, адам-

дар жүрегіне қайсар рух пен кемел ізгіліктің дәнін себу, 

яғни  Иасауиша  айтсақ,  «жүз  жыл  өмір  сүрсе  қарымас, 

жер  астына  кірсе  шірімес»  асыл  қасиеттер  дарыту.  Де-

мек,  Қорқыт  Ата  философиясы  Жүсіп  Баласағұннан 

бастап,  Қожа  Ахмет  Иасауиге  дейінгі,  Науаидан  бастап 

Абай  Құнанбайұлына  дейінгі  түркі  ғұламаларының 

дүниетанымын түсінудің кілті екен.

Үшіншіден,  Қорқыт  Ата  –  қара  қобызды  түркі 

жұртының  аруақты  аспабына  айналдырған  ұлы  күйші, 

бүгінгі тілмен басқашалау айтқанда, түркі саз өнерінің 

негізін  қалаушы.  «Күй  атасы  –  Қорқыт»  дейді  қазақ 

халқы.  «Қорқыт  Шығыстың  ең  алғашқы  бақсысы» 

дейді  Шоқан  Уәлиханов.  Қай  пікірде  де  шындық  бар. 

Күй  өнері,  қобыз  тарту  үрдісі  Қорқыттан  басталғаны 

тарихи  шындық  болу  керек,  сірә?!  Бұл  пікірімізге,  он 

ғасырдан астам уақыт бойы жоғалмай, сиқыры мен са-

зын сақтап бізге жеткен Қорқыт Атамыздың өз күйлері 

айғақ.  Бұл  пікірімізге  Қорқыт  Ата  қалыптастырған 

өзгеше  күй  мектебінің  Кетбұға,  Асан  Қайғы,  Қожеке, 

Ықылас  дәстүрлері  түрінде  бізге  жеткені  айғақ.  Оны 

айтасыз,  әлемдік  өркениет  тарихында  тұңғыш  музы ка 

энциклопедиясын  жазып  шыққан  Әбу  Наср  әл-Фараби 

бабамыздың  өзі  шебер  сазгер  болған.  Бізге  жеткен  де-

ректер музыка аспабын да оның өзі жасап алатынын жа-

зады. Демек, ежелгі оғыз-қыпшақ отанында дүниеге кеп, 

әмбебап  білімімен  әлемді  тамсандырған,  батыс-шығыс 

ғұламаларының  бәріне  Аристотельден  кейінгі  «Екінші 

ұстаз» атанған әл-Фараби «Үлкен музыка кітабын» жа-

зарда, сөз жоқ, ата жұртындағы Қорқыт қалыптастырған 

саз өнерінің дәстүрін есіне алды, тіпті, өзі жасаған аспап-

та  ойнап  та  байқаған  шығар-ау.  Бұл  –  болжам,  бірақ 

негізсіз емес.

Төртіншіден,  Қорқыт  Ата  –  бүкіл  түркі  жұртына 

ортақ имандылық пен сыйластық, әдептілік пен ізеттілік 

өлшемдерін кейінгі ұрпағына өсиет етіп кеткен данагөй 

бабамыз.  Қорқыттың  бір  күйінің  шығу  төркініне  бай-


20

ланысты айтылатын «башпай» туралы аңызды есімізге 

алайықшы.

...Жүз  жыл  бойы  дария  үстінде  күйін  сызылтып 

отырған Қорқытқа Ақтамақ аталатын қарындасы тамақ 

әкеп  беріп  тұрмаушы  ма  еді?  Сол  сәтте  дария  үстінде 

дауыл  тұрып,  алай-түлей  толқын  тұрып,  су  бетіндегі 

екеудің  берекесін  алмаушы  ма  еді?  Аласапыран  шақта 

Қорқыттың  башпайы  байқамай  қарындасына  тиіп 

кетеді. Осынау әбес оқиғаға қамыққан Қорқыт қапалана 

отырып,  «Башпай»  күйін  тартады.  Кейін  ұрланып  кеп 

шағып  алған  ажал-жыланның  уынан  өлетінін  білген 

сәтте,  әлгі  арам  башпайын  қабірінен  сыртқа  шығарып 

жерлеуді аманат етеді...

Дүниеде  аңыз-әңгіме  көп,  бірақ  дәл  осындай  биік 

этикалық  талапты  ешбір  елдің  аңызынан  таппайсың. 

Түркі жұртының дәстүрлі әдет-ғұрып өлшемдерінің түп 

негізін, мәні мен қасиетін ұғынғысы келген әрбір адам 

«Қорқыт Ата кітабын» қайта парақтап шықса игі еді.

VII–VIII  ғасырдан  жеткен  Қорқыт  Ата  жырларында 

әке  мен  бала,  аға  мен  іні,  қалыңдық  пен  күйеу,  ер  мен 

әйел арасындағы сүйіспеншілік, бірі үшін бірі жан беру-

ге әзірлік қалай жеріне жеткізе суреттелген десеңізші!

Тіпті, «жауыңның өзін сыйла, опасыздық жасама, на-

мысына тиме» деп өсиет айтады Қорқыт баба.

Жалпы,  түркі  жұртына  ортақ  қонақжайлық  пен 

меймандостықтың,  имандылық  пен  адалдықтың  түп 

негізі қайда жатқанын да «Қорқыт Ата кітабынан» іздеп 

табу қиын емес.

Ойға  осы  орайда  жаңарған  Қазақ  елінің  тұңғыш 

Президенті Н. Назарбаев айтқан мына бір пікір оралады: 

«Ашықтық және жан ізгілігі, мұқтаж адамды жылытуға, 

онымен қолдағы барын бөлісуге даярлық қазақ халқы-

ның генетикалық қасиеті болып табылады. Ол ешкімге 

және ешқашан жеккөрушілік немесе артықшылық таны-

тып, сондай сезіммен қараған емес, ешқашан да ұлтара-

лық жанжалдың шоғын маздатуға қызмет еткен жоқ».

Бәлкім,  бүкіл  түркі  жұртының  әу  баста  ту  тіккен 

жұртының  мұрагері  –  бүгінгі  қазақ  халқының  әдет-


21

ғұрпынан  Қорқыт  Ата  жырлайтын  әдеп  пен  ізет 

өлшемдері  бедерлірек  байқалса  байқалар,  бірақ  сол 

айшықты  бедердің  барша  түркі  баласының  қанында 

барлығына  куәлік  ете  аламын.  Себебі,  біз  бәріміз  де 

осыдан он ғасыр бұрын Қорқыт Ата парасатына құлақ 

түрген, сол дананың өсиетімен ел болған жұрттан өсіп-

өнген ұрпақтармыз.

Барша  түркі  жұртының  кемеңгер  ойшылы  және 

гуманисі  Қорқыт  Ата  –  әлемдік  ақыл-ой  тарихындағы 

да  оқшау  тұлғалардың  бірі.  Оның  философиясы  –  өмір 

фи лософиясы,  жер  бетіндегі  адамзат  тіршілігінің 

мәні,  өтпелілігі  мен  мәңгілігі  туралы  ойға  батыратын 

даналық  бесігі.  «Қорқыт  Ата  кітабында»,  тіпті,  біздің 

ғасырымыздан  бұрынғы  «адамзат  дүниетанымының 

елесі бар» дейді ғалымдар. Мысалы, Төбекөз дәу туралы 

аңыз. Біздің заманымыздан бұрынғы VII–V ғасырларда 

қазіргі түркі даласына келген гректер бұл аңызды кейін 

өздерінің «Одиссея» жырына қосқан.

Қорқыт  Ата  философиясының  бүкіл  адамзаттың 

ақыл-ой  қазынасымен  байланысы  тек  мұнымен  ғана 

шектелмейді.  Егер  зерделей  қарасақ,  соңғы  екі  ғасыр 

бойы  әлемдік  сананы  әжептәуір  дүрліктірген  батыс 

философиясындағы  эк зистенциализм  ағымының  да 

мәйегінде  өлім  мен  өмір  ту ралы,  адам  өмірінің  мәні 

жайындағы  Қорқыт  Ата  ойларының  ұшқыны  жа-

тыр.  Сондықтан  Қорқыт  Ата  мұрасын  тереңірек  зерт-

теу,  әлемдік  философия  бастауында  тұрған  данагөй 

баба  есіміне  қатысты  орындарды  қастерлеу  тек  қазақ 

халқы  немесе  түркі  жұрты  үшін  ғана  емес,  барша 

әлем  өркениетінің  толыққанды  тарихын  түзу  үшін  де 

маңызды.


Бұл орайда, түркі жұртының фольклорлық мұрасын 

жинауға  өлшеусіз  үлес  қосқан  Әбубәкір  Диваев  еңбегі 

еріксіз  еске  түседі.  Ол  өткен  ғасырдың  өзінде  қазіргі 

Қызылорда  облысы  Қармақшы  маңындағы  Қорқыт 

бейітін  су  шайып,  құлағалы  тұрғанын,  мұның  өзі  адам-

зат  үшін  аса  құнды  тарихи  ескерткіштің  жер  бетінен 

жойылып кету қаупін туғызып отырғанын айтып, патша 


22

шенеуніктеріне хат жазған еді. Кейін Сыр бойы елі Қорқыт 

Ата бейітінің басына лайықты ескерткіш орнатты.

Сырбаз  сәулетші  Бек  Ыбыраевтің  авторлығымен 

орнатылған,  үш  қобыз  бейнелі  бұл  ескерткіш  басында 

болған  жанның  Қазақстандағы  Сырдариядан  соққан 

самалдың  ызылы  ма,  жоқ  әлде  ғасырлар  қойнауынан 

жеткен күйдің ызыңы ма, әйтеуір бір мәңгілік сарынды 

құлағы шалары хақ.

Не айтады бұл сарын бізге? Зерделей құлақ түрсек, 

бұл сарыннан төмендегідей ой түйер едік: егер бүгінгі 

таңда дербес мемлекеттер шоғырын түзе бастаған тұтас 

түркі жұртының әр өкілі өз елінде ізгілікті қоғам орнату 

мен  қарыштап  ілгері  дамытудың  іргетасын  іздесе,  сол 

берік іргетас Қорқыт Ата мұрасынан бастау алар табиғи 

етене дүниетаным жүйесі болары сөзсіз.

Егер  біз  замандастырымыздың  ғана  емес,  болашақ 

ұрпақтарымыздың да бір-біріне арқа сүйер мәңгілік ба-

уыр болып, ынтымақтаса тіршілік етуіне сенімді тұғыр 

іздесек,  сол  мықты  тұғыр  да  Қорқыт  Ата  аманатына 

адалдық болмақ.

Мұны кезінде қазіргі заманғы түрік мемлекетін әрі 

өзіндік  келбетін  сақтап,  әрі  әлемдік  дамудың  көшінен 

қалдырмай  ілгері  дамытудың  үлгісін  көрсетіп  берген 

Мұстафа Кемал Ататүрік те жақсы түсінгенді.

Мұны  бүгінгі  таңда  тәуелсіздікке  енді  ғана  қолы 

жет кен, халқының дербес мемлекетін құру міндеті мен 

елінің  экономикалық  жүйесін  осы  заманғы  әлемдік 

өркениет  дәстүріне  лайықтап  қайта  қалыптастыру 

ісінің барша ауыр жүгін өз иықтарына алған жас түркі 

мемлекеттерінің елбасылары да жақсы түсінеді.

«2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Бары-

сына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі бола-

ды деп сенемін, – делінген Қазақстан Республикасының 

Президенті,  заманымыздың  парасатты  саясаткері  Н. 

Назарбаевтың өз халқына жолдаған нақтылы ғылыми-

стратегиялық  бағдарламасында,  –  ...қазақстандық 

Барыстың  бойына  дамудың  алдыңғы  қатарлы  үздік 

деңгейіне  үстелген  Батыстың  талғампаздығы  да, 


23

Шығыстың  кемеңгерлігі  мен  төзімділігі  де  тән  болуға 

тиіс.

Ол  өзінің  талпыныс-ұмтылыстарында,  жеңістері 



мен сәтсіздіктерінде бір ананың сүтін тел емген өзінің 

бауырлары – Өзбек, Қырғыз және басқа да Орталық Азия 

барыстарымен  дәйім  бірлікте  болып,  олардың  өрлеуі 

мен жетістіктерін мақтаныш тұтатын болады».

Біз  бүкіл  түркі  халықтарының  қасиетті  ата  жұрты 

–  Қазақстан  Президентінің  бұл  тұжырымынан  осыдан 

он ғасырдан астам уақыт бұрын ғұмыр кешкен Қорқыт 

Атаның  асқақ  рухымен,  даналық  ойларымен  үндестік 

табамыз.  Барша  қазақстандықтар  мен  түркі  бауырла-

рымызды Қорқыт Ата өсиет еткендей, ел қамын жеген 

ерлеріміздің төңірегіне топтасуға шақырамыз.

Қорқыт  жырларындағы  отаншылдық  пен  ерлік, 

ізгілік пен әдептілік, сабырлылық пен төзімділік – біздің 

бәріміздің ата-бабаларымызды қандай қиын сыннан да 

алып шыққан түркілік қанымызда бар асыл қасиеттер. 

Осы  болмысымыз  бен  дүниетанымымызды  келер 

ұрпақтарымыз  да  мәңгілікке  жалғастырып,  адамзат 

өркениетінің  тарихында  лайықты  орнымызды  иеле-

ну үшін біз Қорқыт Ата мұрасын асқан ұқыптылықпен 

жинап,  жан-жақты  зерделеп,  өскелең  буынға  үнемі 

үлгі-өнеге  етуіміз  қажет.  Бүкіладамзаттық  ақыл-ой 

қазынасының шынайы тарихын жасауды мақсат еткен 

әлем  зиялылары  да  дүниежүзілік  философия  ілімінің 

атасы  сынды  Қорқыт  баба  мұрасын  жүйелі  зерделеуге 

ат салысады деп сенеміз.

Бәлкім,  Қорқыт  баба  шапағаты  желеп-жебеп 

жүр,  бәлкім,  осы  өңірде  дүниеге  келген  білікті  де 

жігерлі  облыс  пен  қала  басшыларының  іскерлігінің 

нәтижесі де болар, әйтеуір, соңғы екі-үш жыл бойы Сыр 

өңірінде  құт-береке  орнап  тұр.  Егін  бітік,  халық  жаңа 

өзгерістердің  бағыт-бағдарын  түсініп,  жаппай  тірлік 

жасауға  көшкен.  Шаруашылықты  жаңаша  жүргізу  мен 

ел-жұртты  дұрыс  жолға  бағыттау  әдістерін,  шетелдер-

мен  тиімді  экономикалық  байланыстар  орнату  жол-

дарын  жетік  меңгерген  басшылар  Сыр  өңірінің  тари-


24

хы  мен  мәдениетін  құрметтеуді  де,  халықтың  өзіндік 

дүниетанымын қайта түлетуді де ұмыт қалдырған емес.

Осы  пікіріміздің  айғағы  –  1997  жылы  өткізілген 

«Қорқыт  және  түркі  әлемі»  тақырыбына  арналған 

халықаралық  ғылыми-теориялық  конференция.  Осы 

жиындағы  негізгі  баяндаманы  мен  жасаған  едім.  Бұл 

Қорқыт Ата мұрасын әлемдік деңгейде жүйелі де мүдделі 

зерттеудің бастауы болар, сірә.

«Істің  қалай  біткеніне  емес,  қалай  басталғанына 

қарап  бағала»  демеуші  ме  еді  ұлы  Абай.  Біздер  өз 

күшімізбен  Қорқыт  Ата  мұрасын  қайта  зерделеуді 

бастаған  екенбіз,  енді  осы  ізгі  талпынысқа  бүкіл  ел, 

барша  түркі  жұрты,  әлем  зиялылары  қолдау  көрсетсе 

лазым.  Бұл  бағытта  бүкіләлемдік  деңгейде  қолға 

алынып  жатқан  шаралардың  алғашқы  хабары  бізді 

қуантады.  Барша  түркі  мемлекеттерінің  мәдениет  пен 

білім  саласындағы  ынтымағы  мен  бірлігін  нығайтуды 

қолға  алған  ТүрікСОИ  ұйымы  келесі  жылды  «Қорқыт 

Ата жылы» деп жариялап отыр. Халықаралық ЮНЕСКО 

ұйымы философия ілімінің атасы Қорқыт бабамыздың 

1300 жылдық мүшелтойын бүкіл дүние жүзі көлемінде 

атап өтіп, әлем халқы келер ғасыр табалдырығын адам 

рухын аспандатқан ұлы данаға тағзым етіп аттамақ.

Бұл  ізгі  ниет  барша  түркі  баласына,  әсіресе,  түркі 

халықтарының  ата  жұртында  отырған  қазақстан-

дықтарға  зор  жауапкершілік  жүктейді.  Осыған  орай, 

бүкіл түркі халықтарының мәдени және рухани бірлігі, 

Қазақстанның  орнықты  дамуы  мен  рухани  –  адам-

гершілік қауіпсіздігі мәселелерін сараптау, бағалау және 

болжау  үшін  екі-үш  жылда  бір  рет  өткізіліп  тұратын 

«Халықаралық Қорқыт форумы» қажет.

Сонымен  қатар,  дүние  жүзі  әдебиетінде  Қорқыт 

туралы  осы  уақытқа  дейін  жарық  көрген  еңбектерді 

жүйелеп,  қорқыттану  ғылымын  бір  ізге  салған  дұрыс. 

Осы  жұмысты  білікті  түрде  үйлестіру  мақсатымен 

Қорқыт  Ата  атындағы  Кызылорда  мемлекеттік 

университеті  жанынан  «Қорқыт  ата  ғылыми-зерттеу 

орталығын» құрудың мезгілі жеткен тәрізді. Оның озық 


25

студенттері  үшін  Қорқыт  Ата  атындағы  стипендия 

тағайындалғаны жөн. Содан соң, Қорқыт Атаға қатысты 

аңыздар мен жырларда айтылатын қалалар ордаларын 

қайта ретке келтіріп, оның рухани мұрасын насихаттай-

тын тарихи музей кешенін ұйымдастыру да алда тұрған 

зор  міндет.  Қазақстанның  болашаққа  қарай  даму  стра-

тегиясын жан-жақты насихаттағанда біздер үшін қазақ 

халқының  бай  рухани  мұрасын,  оның  ішінде  Қорқыт 

мұрасын  кеңінен  қолданған  тиімді.  Сонда  ғана  барша 

түркі  жұртының  кемеңгер  ойшылы,  әлемдік  пәлсапа 

ілімінің атасы іспетті Қорқыт Ата қасиеті ерекше дара-

ланып, адамзаттық ақыл-ой бесіктерінің бірі – Сыр өңірі 

дүние жүзі зиялыларының мінәжет етер қастерлі орны-

на айналар еді.



  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал