Ғибратты ғұмыр Құттыбек баяндин нұрмолда алдабергенов



жүктеу 10.11 Kb.

бет1/20
Дата17.01.2017
өлшемі10.11 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

1
Ғибратты ғұмыр
Құттыбек  БАЯНДИН
нұрмолда
алдабергенов
(Ғұмырнамалық деректі хикаят)
АЛМАТЫ 
«ҚАЗАҚСТАН»
2014
Личность и время

УДК 631/638
ББК 4
Б 31 
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 
“Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін шығару” 
бағдарламасы бойынша  жарық көрді
Баяндин Құттыбек
Б 31   Нұрмолда Алдабергенов. / Қ.Баяндин. – Алматы: ЖШС
“Қазақ стан” баспа үйі”, 2014.  – 312 бет + 16 бет фотосуреттер.
ISBN 978-9965-10-128-1
Ұрпағына  өнегелі  өміршең  іс  қалдырған  халқымыздың 
ардақ тұтар асыл азаматтарының бірі – Нұрмолда Алдабер-
генов. Тірлігінде Нұрекең ауыл шаруашылығының академи- 
гі атанды, елінің абырой атағын аспанға көтерді, омырауына 
қос Алтын жұлдыз тақты, қазақтың белгілі ақын, жазушыла-
рымен, қоғам қайраткерлерімен үзеңгілес дос-жаран болды.
Оның бар ғұмыры ел-жұртына тек адал қызмет істеумен 
өтті.  Бүкіл  бір  дәуірдің  қуаныш  пен  қайғысын,  жақсылы- 
ғы мен жамандығын тең көріп, тең көтерген нар тұлға Нұ- 
рекеңнің қилы да, қызық тағдыры бұл кітапта еш қоспасыз 
аса шыншылдықпен баяндалады.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.
УДК 631/638
ББК 4
ISBN 978-9965-10-128-1
© Баяндин Қ., 2014
© “Қазақстан” 2014

3
Бірінші тарау
ӨЛІАРА
1
Малайсары  тауының  көптен  кенеуі  кеуіп,  тамыры  солған 
ойы  мен  қыры  кешеден  бері  біресе  себелеп,  біресе  сіркіреп 
жауған  жаңбырдан  кейін  бірден  бұрқ  етіп  бусанып,  әп-сәтте 
ауада  жусан  иісі  бұркырап  шыға  келді.  Күні  кеше  ғана  арса-
арса боп, көне астаудай ақ жемі шыққан сай-саланың реңі бір- 
ден көзге жылыұшырай көрінді. Андас руының Исабай, Мыр- 
зақожа,  Сарт  сияқты  атақты  байларының  жаз  жайлауға,  қыс 
қыс тауға  түсерде  қонса  –  қонысы,  жатса  –  жайылымына  ай-
налған майшелпек Малайсары өңірінің енді ғана үстінен ауыр 
жүк түскендей уһ деген кезі еді бұл.
Байлардың  ентелей  ертерек  етекке  түскеніне,  іле  жаңбыр-
дың жауып бергеніне Алдаберген аяғы ауыр әйелі Назира дәп 
бір қошқардай ұл тауып бергендей қуанды. Жер кеңіді, өріс бо-
сады.  Бар  тіршілігі  малға  қарап  отырған  қара  қазаққа  бұдан 
артық  қандай  қуаныш  болмақ.  Алдындағы  жүз  қаралы  қой-
ешкісі мен қырық шақты ірі қарасын еркіне қоя беріп, қалғып-
шұлғып,  көз  шырымын  алмақ  еді.  Аяқ  астынан  сумаңдаған 
сұр иттей аспанда бір бұлт ойнап шыға келді. Сол-ақ екен бу-
санған жер беті тұтасқан тұманға айналды. Ауа райының мына 
сұрқынан сескенген Алдаберген жерге кенедей жабысқан ма-
лын апыл-ғұпыл «қайт-қайттап», бетін қыстау жаққа бұра ба-
стады. Қарны қампая қоймаған мал ырық берер емес. Ас тын-
дағы  керторымен  олай  бір,  бұлай  бір  шауып,  ақ  тер,  кек  те-
рін  шығарды.  Ақырында,  онысы  омақаса  құлап,  шойнаңдап, 
міністен де қалды.
Көз  алдындағы,  қол  созым  жердегі  Малайсары  тауының 
қарасы  өшіп,  төңіректі  қою  қараңғылық  басты.  Алдаберген 
жан  ұшырып  жүріп,  Көксеркені  мал  алдына  салды.  Жол  тау-
ып, жер танып үйге аман-сау адастырмай алып барар деген бар 
үміт сонда. Мұндай кысталаң, қиын кезде малды қузап, қуып 
айдауға  да  болмайды.  Еркінен  айрылған  жануарлар  ерегесіп, 
ерік бермей кетуі де мүмкін. Содан да болар, анда-санда ғана 
сес  көрсетіп,  айқайлағаны  болмаса,  Алдаберген  мал  соңында 
құр ілбіп, ілесіп келеді. Жаңбырға езілген жерден ілгері басқан 

4
аяғы  бірде  алға,  бірде  кейін  кетеді.  Кейде  тіпті,  шатқаяқтап, 
шалқасынан  түсе  де  жаздайды.  Сондағы  сүйенері  қолындағы 
жалғыз қаруы – құрығы. Бұл болмаса кім біледі, жығылған же-
рінде тұра алмай қалар ма еді, қайтер еді? «Әйт шу – түйеге де 
демеу»  деген  осы-ay  дейді  ол  енді  іштей  құрығына  сүйенген 
күйі мұңға батып.
Әкесі Ерденбек аңшылық өнерді кәсіп еткен, ешкімге сәбеті 
түсе қоймаған кісі еді. Балаларын жастай жұмысқа салды, адал 
еңбекке  баулыды.  Жарықтық  екі  сөзінің  бірінде:  «Өмір  деген 
бақ пен сор! Суын ішіп, уын ішпеймін демеңдер. Қызығын да 
қызықтарсыңдар,  азабына  да  төзерсіңдер.  Пешенелеріңе  жа-
зылғанын көрмей, көрге де түспессіңдер!»... деп отырушы еді. 
Жас кезде әке сөзіне құлақ тосып, көңіл қою қайда. Бір құлақ-
тан кірсе, түбі жоқ шелектей екінші құлақтан шығып кете бе-
ретін. Алдаберген енді ойлап қараса, әкенің айтқаны ақыл-ке-
ңесі азық екен ғой. Өмірге келгелі, оң-солын танып білгелі көр-
гені  қым-қиғаш  бірдеңе.  Ес  жиып,  еңсе  көтеріп,  ел  қатарына 
қосылайын-ақ  дейді,  бірақ  қанша  талап  қылып,  қанша  қам-
қарекет  жасаса  да,  «мені  тастап  қайда  барасың»  дегендей  қу 
кедейшілік  құрғыры  етегінен  тартып,  адымын  аштырар  емес. 
Арқа  сүйер,  ақыл  айтар  екі  ағасы  бірдей  андас  байларының 
жалаңаяқ жалшылары мен қаратабан малайларының қатарына 
қосылды.  Жылда  бір  төбелерін  көрсетіп,  тапқан  табысымыз 
деп, үш-төрт ұсақ малды әкеп бергендеріне мәз. Бұл болса, со-
лардан  құралған  азын  аулақ  тұяқты  бағып-қағып  күн  көруде. 
Анасы  Ақтолыс  болса:  «Бұған  да  тәубә!  Бұл  болмаса  қайтер 
едің? Қай байдың құлағын кесіп аласың?!» деп, басу айтып, са-
басына түсіріп отырғаны.
Өзін-өзі  кәрі  жіліктей  мұжып  келе  жатқан  Алдабергеннің 
тағы да аяғы тайып, жалпасынан түсе жаздады. Құрығына сү-
йеніп, әупіріммен әзер аман қалды. Күнде көріп, күнде жүріп 
өтетін  сай-сала,  тау-жота  жер  жұтып  қойғандай  жым-жылас. 
Қай сайда келеді, қайда барады, болжап болмайды. Әйтеуір сай 
жағалап келе жатқанын сезеді. Алда қауіпті екі бұрылыс барын 
да біледі. Көксерке осыдан жол танып, өте шықса жарады. Он-
да аман-сау үйіне жеткені. Егер де бұрыс тартса, онда сайдан-
сай өрлеп, Малайсары тауын шарлап кете береді де.
Осыны ойлағанда Алдабергеннің, жұдырықтай жүрегі атша 
тулап, төбе құйқасы шымырлап қоя берді. Тіршілікті торлаған 
мына  тұман  енді  оған  жалғыз  аяқ  жол  тұрмақ,  жарық  та  кең 
дүниенің  өзін  көрсетпеуге  белді  бекем  буғандай  тым  сұсты 

5
көрінді.  Ол  тіпті,  өзінің  «әйт,  әйт!»  деген  айқайының  сыртқа 
шықпай,  құр  көмейінде  тұншығып  қалып  жатқанын  да  сезер 
емес.
Малайсары  тауының  оңтүстік  күнгейі  Іле  өзенін  жағалай, 
Балқаш көліне тіреліп, солтүстік-шығыс беті Алтынемел асу-
ынан  өтіп,  Жоңғар  Алатауының  бауырына  ілігеді.  Ұзындығы 
батыстан шығысқа қарай жүз шақырымға толатын да, ені ала-
құла, кей тұстары 25-40 шақырымнан аспайтын. Қазақтын жоң-
ғар басқыншыларына қарсы қанды кек қақтығыстары кезінде, 
орта  жүздің  бәсентиін  руынан  Малайсары  деген  батыр  асқан 
ерлік көрсетіпті, ата жауын жапыра қуып, Алтынемелден асы-
рып бара жатқан кезде баһадүр батыр дұшпан оғынан ауыр жа-
раланады.  Ақыры  жарақаты  асқынып,  есіл  ер  дүние  салады. 
Жа лайырды  жаудан  қорғап,  жерін  дұшпаннан  азат  өткен  қа-
һар ман батырын андастар да ата-баба салтымен жерлеп, осы-
нау  аласа  қоңыр  тауды  содан  былай  Малайсары  атап  кетеді. 
Сол  Малайсары  тауының  осынау  тұсы  әк  тасты,  тақта  тасты 
боп, бір-бірімен жалғаса, сала-сала сай-сайға айналып кете ба-
ратын.  Тау  етегінде  бетеге,  көде,  сораң  шөптер  ұйыса  қалың 
боп шығатын да, жотаға қарай жуадай боп көк жусан өсетін. 
Қой науы құт осынау малға жайлы, шұрайлы отты өңірді жай-
лаудан  түсе  байекемдердің  отар-отар  қойлары  мен  үйір-үйір 
жылқылары қашан етекке түскенге дейін емін-еркін еміне жай-
ылып,  қара  күзге  шейін  жердің  шаңын  шығарып,  ит  жалаған 
астаудай етіп кететін. Жылдағысы солайтын. Биыл да сонысы-
нан жазбады.
Қарашаның  қара  суығына  ұрынбайын  деді  ме,  жоқ  әлде 
күзекке  Мырзақожадан  бұрын  жетіп  алайын  деді  ме,  әйтеуір 
Исабай биыл орнынан ерте қопаңдап, жұртын етекке алдымен 
көшірді. Байдың малы қыс бойы қаулап сораңы, қаптап баялы-
шы,  сіресіп  ақтеріскені  өсетін  құмды  өңірді  емін-еркін  жай-
лап  шығады.  Ол  жаққа  Алдаберген  биыл  көше  алмай  қалды. 
Әйелінің аяғы ауыртын. Жалшы, жақыбайларын қыстың ұзақ-
ты таңына біресе түйенің жабуын, біресе қошқардың күйегін, 
біресе малшылардың шарығын сарытып, дамыл таптырмайтын 
байекемнің мінезін жақсы білетін анасы, бұған: «Дәл биыл Ма-
лайсарыны  қыстап  шығасың»  деген  бұйыра  сөйлеп.  «Байеке - 
ме  не  деймін?»  дегенінде,  «Қыстырылмай,  қыстауымда  қала-
мын демейсің бе?» деп, ақыл да қосқан. Сол сөзбен жапан дала-
да жалғыз үй қалған жәйі бар еді мұның.
Таңертеңгілік  анасы  бұған:  «Бүгінше  малды  қыр  жаққа 

6
шығармай-ақ, осы маңға жайсаң да болар» деп еді. Алдаберген 
бұл сөзді естімеген адамша кете берген. Өзінше оның мұнысы 
да жөн еді. Қыс болса, қыр астында. Күні ертең белуардан қар 
түсіп,  қарға  адым  жер  мұң  болып,  мал  да,  жан  да  қысылған 
шағында  қол  созым  жердегі  қыстау  маңын  пайдаланбай  ма? 
Ал кәзір жер қара, күн жылыда алыстағы өрісті қамтып қалуы 
керек қой. Сол үшін де ол күн қабағының түнеріп, аспанның 
ала  құйындатып  тұрғанына  қарамастан,  етекке  қарай  ентелей 
түсіп кетіп еді. Енді міне, өрге қарай өкпесі күйіп әзер келеді. 
Жығылғанға жұдырық дегендей алдан Жамансайдың суық же-
лі соқты. Бұл бір әншейінде әулекіленіп тұратын жертін. Ал да-
бергеннің кенеп шапанының етегі далбаңдап, қойны-қон шына 
суық  жел  сұр  жыландай  сумаңдап  ене  де  бастады.  Жамансай 
өткелі шамасы бір шақырымдай ғана. «Содан аман-сау өтсем, 
өмірі  өлмеспін»  дейді  ол  іштей  иманын  айтып.  «Суға  кеткен 
тал қармайды» деген емес пе, жан дәрмен жан-жағын қарманып 
жүріп, қолы қасқа сиырдың құйрығына ілінді-ау. Сол-ақ екен 
зіл батпан аяғы жеңілденіп сала берді.
Қараша үйде толғақ қысқан әйелі Назира қанша қиналса да 
үн шығармай, тек тісін шықырлатады. Зіл батпан салмақ сай-
сүйекті сырқырата төмендеген кезде барып, бейшарадан дауыс 
шығып:
«Би – батпа, пірім-ай,
Бір өзіңе сыйындым-ай!» дейді күңірене.
–  Аллаға, Аллаға сыйын! –  дейді енесі де жан  дәрмен ке-
лінінің белін қыса құшақтай. – Уа, құдай... Уа, ата-баба аруағы 
қолдай гөр...
Келінінің белін тас құшақтаған ененің аузы да, қолы да ты- 
 ным табар емес. Ақтолыс аяғы ауырлаған келінін алғашқы күн-
нен-ақ аялап, бағып қақты. Әр қимылын көзінен таса қылған 
жоқ. «Іштегі бала шымыр боп өседі» деп, қара сағыз шайнатты. 
«Көңілі таза, ақылы тұнық болады» деп, рауғаш жегізді. «Та-
банды, еңбекқор болады» деп, жалаңаяқ жүргізді. Жұпар иісі 
аңқыған көкемарал шөбін қайнатып, оған жас аршаны арала-
стырып күн ара келінін жылы суға жуындырып тұрды.
Ұзын толғақ басталысымен «бала кіндігіне оралып қалады» 
деп, арқан естірмеді, тең бұздырмады, қаптың аузын байлатпа-
ды. Тек, буулы нәрселерді шешуге, жабулы заттарды ашуға ға-
на  рұқсат  етті.  Аузын  бірде  қайнатқан  кара  жусанмен,  бірде 
қа ратікен  тұзбен  шайғызып  отырды.  Ал  ай  толғағы  бастала 
«баланың еті қызарып кетеді» деп, жас етке қол тигіздірмеді. 

7
«Сәбидің сүйегі берік болсын» деп, қызыл ірімшік жегізді, іш-
кізген тамағы ақ болды. Әредік: «Баламыз қалай өсіп келе жа-
тыр екен? Кәне, көрелік» деп, келінінің ішін қарап та жіберетін.
– Ақапа-ау, іштегі баланы қалай көре қоясыз? – дейтін сон-
да келіні оған таңданып.
– Құдай көрсетсе, мен неге көрмейін, – дейтін сонда енесі де 
оған елжірей тіл қатып. – Ұл табатыныңды міне, құрсағыңның 
өзі айтып тұр емес пе? Есіңде болсын, балам, көріп ал, біліп ал! 
Қыз бала ана құрсағының төменгі, ал ұл бала жоғарғы жағында 
жатады. Қыз сол, ал ұл оң жақтан қозғалады.
– Рас, рас айтасыз, – дейтін сонда келіні қуанышы қойнына 
сыймай. – Немереңіз түнде оң жағымнан түртiп шықты.
–  Қарағым,  келін,  қашан  айттың  деме,  бұл  немерем  тегін 
адам  болмайды,  –  дейтін  сонда  Ақтолыс  сыбырлай,  сыйына 
сөй  леп. – Түс көрдім. Түсімді өзіңе кейін айтамын. Алла та ға-
ланың нұр шапағаты түскелі тұр. Аруаққа сиын! Құдайға сен!
Құдай бар дегенге сенетін, аруақ қолдайды дегенге илана-
тын Назира енесінің айтқанын екі еткен жоқ, істе дегенін істеді, 
же дегенін жеді, сиын деген аруаққа сиынды. Содан да болар, 
толғаққа дейін қыңқ деп ауырып көрген де жоқ. Міне, тас боп 
қарысқан  енесінің  құшағы  да  босап,  сылқ  етіп  жерге  отыра 
кетті.  Мұның  да  қыңқылы  пышақ  кескендей  тына  қап,  бүкіл 
денесі қорғасындай балқып, жан рахатына бөлене берді.
Үй-ішінің  осы  бір  сәт  тыныштығын  іңгәләған  нәресте  үні 
бұзды. Сол-ақ екен білегі түрулі Ақтолыс: «Уа, аруақ! Ақсар-
бас! Ақсарбас! Ақсарбас!» деп, «Құдай қуат берді деген осы!» 
деп, немересін жерден көтеріп, бісмиллалап, кіндігін кесті. Со-
нан  соң  үсті-басын,  аяқ-қолын  тазалап,  ақ  шытқа  құндақтап, 
астына алаша төселген кәннің үстіне жатқызды.
Осы кезде сырттан бұзауына мөңіреген қасқа сиырдың та-
ныс  дауысы  да  естілді.  Келіні  аман-сау  босанып,  немересін 
иіскеп, кәрі көңілін қуаныш кернеген Ақтолыс жүгіріп далаға 
шық ты. Есік алдында теңселіп тұрған ұлын көре сала, әй-шәй 
жоқ:
– Әй, Алдаберген, сүйінші! Назира ұл тапты! – деді.
Үйіне  сүйретіліп,  құр  сүлдесі  жеткен  Алдаберген  ана  сө-
зін  естіген  жоқ,  буын-буыны  қалтырап,  табалдырықты  аттай 
бере мұрттай ұшты. Мән-жәйін айтпаса да түсіне қойған Ақ-
толыс: «Қатыны ұл тапса да, кеудесін көтере алмаған, әй қу ке-
дейшілік-ай» деп, баласының қолтығынан демеп, төрге қарай 

8
сүйрей  ала  жөнелді.  Осы  кезде  жуынды  бетінде  жылтыраған 
майдай аспандағы жұлдыздар да өлеусірей көріне бастаған еді.
Бұл  1906  жылдың  қазан  мен  қараша  айының  өларасы  бо-
латын.  Ақтолыс  келінін  қалжалап,  Малайсары  тауын  қыстап 
шықпаққа  ниет  еткен  өздері  сияқты  үш-төрт  отбасын  тауып, 
немересінің  шілдеханасын  жасады.  Қара  суық,  тұманды  күні 
туса  да,  тіршілігі  жарық,  нұрлы  болсын  деп,  атын  Нұрмолда 
қойды. Алдаберген: «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» дегісі 
келіп, қопаңдап біраз отырды да, келіні дәп бір байбатша тау-
ып бергендей, қауындай қақ жарылып жүрген шешесінің райы-
нан қаймығып, үн шығара алмай, құр іштен тынып қала берді.
Бұл  күнде  Ақтолыстың  Ақапа  аталып,  жалпақ  елге  жария 
болғанына да бес-алты жылдың жүзі толған. Онда бұлар жай-
лауда отырған. Исабайдың тоқалының толғағы қатты болып, екі 
күн босана алмай әбден қиналған кезі. Төңіректен шақыртпаған 
бақсы, балгер қалмады. Олардан да еш көмек болмады. Сол кез-
де бір замандасы байға келіп: «Ауылдағының аузы сасық» деп 
отырсың  ба,  әйеліңді  Ақтолысқа  неге  қаратпайсың?»  дейді. 
Сол-ақ  екен  бай  Ақтолысты  дереу  алдырады.  Ақтолыс  келе 
екі  білегін  сыбанып,  жуынады  да,  әйелді  қарап  жіберіп:  «Ба-
ла теріс біткен екен» дейді. Дереу арқанға асылған әйелді жер-
ге жатқызып, баланы түзетуге кіріседі. Іштегі баланы дұрыстап 
алған соң, арқанды қайта кергізіп, бай тоқалын аман-есен бо-
сандырып алады. Бұл Жамал деген зерделі әйел еді. Қошқардай 
ұл табады. Ажалдан аман алып қалған Ақтолысқа сый-сияпа- 
тын беріп тұрып: «Келініңіз Назира сізді Ақапа деп, тегіннен-
тегін атамайды екен. Ақапа десе, Ақапа екенсіз» дейді екі көзі 
боталап. Шын көңілден шыққан мұндай сөзді жұрт қағып ал-
май қойған ба, содан бері Ақтолыс – Ақапа аталып кете барады.
Сол  жылы  Малайсары  өңірінде  қыс  аса  жұмсақ  болды. 
Малшылар қысылмай, малдар жүдемей, қоңды шықты. Мұны 
Ақапа жақсылыққа жорыды. Немересі талпынып, күліп, ширақ 
өсті. Алты айда әжесін әбден танып алды. Дауысын естісе бол-
ды, «жібер де жібер» деп, қолды-аяққа тұрмайтынды шығарды. 
Бұл  қылығын  көргенде  әжесі  де:  «Адам  болар  бала  бесігінде 
бұлқынар, тұлпар болар құлын желісінде жұлқынар» деуші еді 
деп,  іштей  мың  қайтара  «тәубә-тәубә»  дейтін.  Құшағына  қы-
сып,  иіскеп  мауқын  басқан  соң,  нәрестенің  қол-аяғын  созып, 
суға түсіріп, әй бір сөйлейтін. Немересі де оны түсінгендей-ақ 
гуілдейтін. Бұған Назира мәз болатын.
Бірде Назира енесіне:

9
– Ақапа-ау, түс көргем деп едініз, соны айтпай жүрсіз ғой, – 
деп өткендегі өз уәжін есіне салды.
– Қарағым-ау, оны ұмытып жүрген мен жоқ, – деді енесі де 
келініне елжірей қарап. – Саған қашан айтсам екен деп, сары 
майдай сақтап жүрген сырым емес пе ол.
– Ақапа-ау, ынтықтырып барасыз... Естиін де енді...
–  Естігің  кеп,  ынтызарың  ауып  жүргенін  баяғыдан-ақ  сөз- 
гем. Көп созып қайтейін. Айтайын, – деп Ақапа жайғасып ал-
ды да, бір сәт көзін жұмып, ойға шомып, әңгімесін бастап кетті:
– Күз мезгілі болса керек, отын іздеп жүріп, тауға шығып 
кетіппін деймін. Аяқ астынан ауа райы бұзылып, күн күркіреп, 
аспанда  найзағай  ойнап,  шелектеп  жаңбыр  жауып,  дүниенің 
әлек-шәлегі шығады. Барар жер, басар тауы жоқ бейшара тор-
ғайдай  бір  еменнің  саясын  паналап  мен  тұрмын.  Үсті-басым 
малмандай  су,  тісім  тісіме  тимей  сақылдап,  тоңып  барамын. 
Ай қайлап,  көмекке  өздеріңді  шақырайын  десем,  тау  ішіндегі 
аю,  қасқыр  даусымды  сендерден  бұрын  естіп,  жетіп  келе  ме 
деп қорқамын. Істерге еш шарам жоқ, серейіп, сілем қатып тұр-
ғанымда, алыстан тұяқ дүбірі естілді. Сол дүбір жақындай дәл 
қасыма келіп тоқтады. Қорыққаннан болар, көзім тас жұмылып 
қалыпты. Кәне, аша алсамшы. Осы кезде:
–  Қарағым,  қорықпа!  Мә,  ұста  мынаны,  –  ден  Малайса-
ры батыр қолыма қайың сапты айбалтаны ұстата берді де, өзі 
ғайып болды. Жарықтықты көзім тас жұмулы болса да, ап-анық 
көремін.  Жалма-жап  айбалтаны  кеудеме  бастым.  О,  ғажап! 
Сол-ақ екен бойым жылып, күн жарқырап ашыла берді. Сен-
дер тоңып қалған шығар деп, бір құшақ қу отынды құшақтай 
жүгіріп  үйге  келсем,  бірің  де  жоқсыңдар.  Тойға  кетіпсіңдер. 
Сендерге өкпелеп жатып қаламын. Қайың сапты айбалтаны бо-
сағаға тастай салғанмын. Содан ол елеусіз, ескерусіз қала бер- 
ді.  Жылдар  жылжып  өтіп  жатты.  Қайың  сапты  айбалта  ұмыт 
та болды. Біреу алды ма, әлде ұшты-күйлі жоғалып кетті ме, 
оны біліп жатқан мен де жоқ. Қайын сапты айбалтасыз да оты-
ны мыз шабылып, ағашымыз жарылып, қазанымыз қайнап жат-
ты. Күндерде бір күн үйімізге жарықтық бабамыз Балпық әулие 
келген екен деймін. Ол кісі үйге түспей сырттан:
– Балам-ай, Малайсары батыр берген әлгі қайың сапты ай- 
балтаңды көрейін деп келдім, – деді дауыстап.
Жатып  кеп  айбалтаны  іздейін.  Кәне,  тапсамшы.  Ойпыр-
ай, мұндай қысылмаспын. Жүрек дүрсілдеп, ауызға тығылды. 
Үсті-басты қара тер басты. Бір кезде қайдан қолыма ілінгенін 

10
білмеймін,  әйтеуір  қайың  сапты  айбалтамды  ұстап,  әулие 
бабамызға  қарай  құстай  ұштым.  Міне,  ғажап!  Балтамның  са-
бы да, басы да күн сәулесіне жарқ-жұрқ шағылысып, көз қа-
рықтырады. «Бұған не болған?» деймін іштей қобалжып. Осы 
кезде әулие Балпық бабам:
– Балам-ай, батыр берген асыл затқа ие болсаңшы. Өзінің 
басы да, сабы да алтын, қасиетті нәрсе екен, шаңыраққа қон-
сын!  Аумин!  –  деп,  батасын  берді  де  көзден  ғайып  болды. 
Өңім-ақ  екен  деймін.  Көзімді  ашсам  түсім  екен.  «Бисмилла-
лап» жүріп, аруақтарға құран оқытып, балаларға жеті шелпек 
үлестірдім. Іштей түсімді жорыдым. Үлкендер: «түс оңалмай, 
іс оңалмайды» деуші еді. Иншалла, осы түстен кейін қырсық 
кетіп, қыдыр қонатын шығар...
Ақапа түсін айтып болып, жайнамазын алдына жайды. На-
зира болса, енесімен бірге түс көргендей күй кешті. Тәтті ұй-
қысын қимаған жандай көпке дейін өз-өзіне келе алмай отыр-
ды да:
– Қорғап, жебеп жүрген аруақтардан айналайын, – деді дау-
ысы қалтырай шығып.
Бұл  кезде  енесі  құран  оқып  кеткен  еді.  Іштей  тұла  бойы 
тұңғышының тілеуін тілеген Назира да айрандай ұйыды.
Ақапа Алдабергеннің қыңқыл-сыңқылына қарамады, неме-
ресінің тұсау кесер, сүндетке отырғызар тойларын ат шапты-
рып, палуан күрестірмесе де, ел қатарлы жасады. Елдің игі жақ-
сыларының бастарын қосып, батасын алды.
Ақапаның  тазалығы  елден  ерек  еді.  Үстіне  қылшық  жуы-
майтын, бес уақыт намазын әсте қаза жібермейтін, ыдыс-аяғын 
жарқыратып ұстайтын бипаз кісі болатын.
Қысы-жазы бірдей иіс-қоңысы сіңеді деп, малға үйін қоңсы 
қондырмайтын. Жуылған киімдерді ашық алаңға, желдің өтіне 
жайғызатын. Тегі, «Келін енесінің топырағынан жаралады» де-
ген сөз рас та болса керек. Жұрт Назираны Ақапасының аузы-
нан түскендей, айнымай қалған десетін. Бұл үйден шыққан та-
ғам  иісі  де  көш  жерден  бұрқырап,  жұртты  өзіне  «мұнда  кел, 
мұнда  кел»  деп,  шақырып  тұратын.  Қашан  да  есіктері  ашық, 
дас тарқандары жаюлы, қонақ күткіш, кең пейіл, ауызға ілінген 
кісілер еді.
Тазалық нәресте бойына ерте сіңді. Әжесі: «Мынау жақсы, 
мынау жаман» дегенді де немересінің құлағына күнде құйып 
отырды. Нұрмолда төрт жасында-ақ үйге келген кісілердің қо-

11
лына  су  құя  бастады.  Әуелі  әжесі  суын  жылытып,  орамалын 
кұрғатып беріп тұрды.
– Балам, не істесең де ықыласпен, пейілмен істе. Орамалың 
иығыңда болсын, суды алақанға сарылдатпай тура құй, шы лап-
шыныңды көлбеу ұста, су шашырамай-ды, – деп ақыл-кеңес бе-
руден де әсте жалықпайтын.
Шын  пейілмен  істелген  кішкене  ісінің  өзі  жұрт  көңілінен 
шығып,  бірі:  «Батыр  бол,  балам!»  деп,  бірі:  «Бай  бол,  шыра-
ғым!» деп, бірі: «Балақай, азамат бол!» деп, ақ батаның астын-
да қалдыратын. Мұндайда әжесі: «Қырықтың бірі қызыр. Айт-
қандарың келсін!» деп, іштей тәубә-тәубә деп отыратын. Ауыл 
арасында сөз жатқан ба? «Шіркін, қолға су құйса, Ақапаның не-
мересіндей құйсын» деген сөз де бірден-бірге жетіп жататын.
Нұрмолда  ақжолтай  болды.  Үш  жасында  анасы  босанып,  
қыз тапты. Атын Бибі қойды. Бұл жанға жан, малға мал қосы-
лып, Алдабергеннің тасы өрге домалаған кезі еді. Ұсақ мал бес 
жүзге жетіп, бір үйір жылқы бітіп еді. Байда малайлықта жүр- 
ген екі ағасын қолына алып, биыл біреуін үйлендірсем деп, құ- 
да да түсіп қойған. Малдан қолы босаған Алдаберген енді елдің 
игі  жақсыларын  жағалайтын  болған.  Бірімен  дәмдес,  бірімен 
сапарлас та бола бастаған. Бірде сондай бір бас қосудан мере- 
йі өсіп, көңілі тасып келе жатқанында, қарсы алдынан қыңыр, 
қисықтығы елге белгілі, Қарсыбай шыға келеді.
– Ей, Алдаберген! – дейді ол әй-шәй жоқ, – сен осы байы-
дым деп жүрсің бе?!
– Байыса, несі бар екен? – дейді Алдаберген де мұны жақ-
тырмай. – Жалғыз аттан басқа жал бітпей, жарымай жүрген сен 
ғой дейсің бе?
– Е-е, оттапсың! Қазақ байыса, қатын алады! Жар дегенде 
жалғыз қатыны бар сен де бірдей, мал дегенде жалғыз аты бар 
мен де бірдей. Тең емеспін дегенді тәубасына түсірер тәңірім 
бар, кем емеспін дегенді тәубасына келтірер кұдай бар! – дейді 
де атын сипай қамшылап жүріп кетеді.
Мұны естіген Ақапа:
– Қарсыбайға соқтығып нең бар еді, құлыным, – дейді бала-
сына кейіп. – Кім жарымайын дейді. Кім байымайын дейді. Бар 
болу, бай болу бір құдайдың қолында емес пе?
Осы оқиғадан кейін көп ұзамай Алдабергеннің әйелі дүние 
салады, арада алты ай өтпей оның өзі де көз жұмады. Артын-
да аңырап анасы, шырылдап екі баласы қалады. Тірнектеп жи-
наған малдан да құт-береке кетіп, азып-тоза бастайды. Ақапа 

12
сең  соққандай  есеңгіреп  қалады.  Балаларының  ішіндегі  ша- 
руаға жуығы Алдабергені еді. Оны құдай көп көрді. Келінді бо-
лып, тынысым кеңіп, өрісім ашылды ма деп еді. Оны да құдай 
көп көрді. Осыны ойлағанда қарт ана өзінен-өзі мұжылып, ең-
сесі түсіп, езіліп кетеді-ақ. Одан қайта қайрат жинайды. «Ой-
бай-ау, тірі тіршілік жасамаушы ма еді?» дейді ол енді екі не-
мересін емірене иіскеп, ентігін басып. «Тіршілік деген осылар 
емес пе? Болашақ деген осылар емес пе?».
Арада  бір  жыл  өтпей  Исабай  байдың  тоқалы  Жамал  Ақа-
паны  немерелерімен  ауылына  көшіріп  алады.  Малын  малы-
на  қосады.  «Кір  қол  жууға,  ас  дайындауға,  көші-қон  артуға 
бас-көз  боласыз.  Басқаға  басыңыз  ауырмасын.  Құдай  алдын-
да қарыздармын сізге» дейді Жамал. Зейінді, ұстамды әйелдің 
сөзіне Ақапа қалтқысыз сенеді. Сенбеске шарасы да жоқ еді. 
Інінің орнын жоғалтпауды, түтінін өшірмеуді, жетімін жылат-
пауды құдай Алдабергеннің екі ағасының пешенесіне жазбап-
ты.  Бас  ауыртып,  балтыр  сыздатпастан  байларға  малайлыққа 
жалданып  кете  барды,  «Бір  биеден  ала  да,  құла  да  туады  де-
ген осы екен-ау» деп, Ақапа болса у ішкендей іші өртеніп қала 
берді.


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал