Әріп Тәңірбергенұлы Әсет Найманбайұлы Бармақ Мұқанбайұлы



жүктеу 2.8 Kb.

бет1/12
Дата14.05.2017
өлшемі2.8 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

ШЫҒАРМАЛАРЫ
«Нұрлы Press.kz» 
Алматы
2014
Әріп Тәңірбергенұлы
Әсет  Найманбайұлы
Бармақ Мұқанбайұлы
Дүр Оңғар Дырқайұлы
Ерімбет Көлдейбекұлы
Тілемес Есболұлы
Сарышолақ Боранұлы
Нұралы Нысанбайұлы

УДК 821.512.122
ББК 84 (5 қаз)-5
Ә72
Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
бағдарламасы бойынша жарық көрді
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 
Жамбылтану және халық ақындары ғылыми-зерттеу институты
Редакция алқасы 
С. Пірәлиев, С. Қирабаев, Т. Кәкішев,
У. Қалижанов, Б. Ыбырайым, Б. Сманов
«Ақындар аманаты» атты қазақтың ауызша
әдебиеті жобасының авторы
Бекен Ыбырайым
Әріп Тәңірбергенұлы, Әсет Найманбайұлы, 
Бармақ Мұқанбайұлы, т.б.    Шығармалары. – Алматы: 
«НұрлыPress.kz», 2014. – 288 б. – (Ақындар аманаты)
 ISBN 978-601-7572-06-8 
 
Бұл  кітапта  есімдері  елге  мәшһүр,  жан-жақты  дарын  иелері  -  Әріп 
Тәңірбергенұлы, Әсет Найманбайұлы, Бармақ Мұқанбайұлы, Дүр Оңғар 
Дырқайұлы,  Ерімбет  Көлдейбекұлы,  Тілеміс  Есболұлы,  Сарышолақ 
Боранұлы,  Нұралы  Нысанбайұлы  суырып  салып  айтқан  өлең-жырлары 
мұрағаттардан, сондай-ақ түрлі жинақтардан іріктеліп ұсынылды.
УДК 821.512.122
ББК 84 (5 қаз)-5
ISBN  978-601-7572-06-8                                © Ыбырайым Б., 2014
© «Нұрлы Press.kz», 2014
Ә72

Әріп 
Тәңірбергенұлы 
(1856-1924 ж.ж.)

Әріп Тәңірбергенұлы 
4
ҚУАНЫШБАЙ МЕН ӘРІП
Қуанышбай:
Әріпке сәлем айттым үш қайтара,
«Айтысты» деп оттапсың Біржан, Сара.
Басыңда байлауың жоқ бір ант едің,
Сайтан болып кетерсің бара-бара.
Сұрасаң менің атым – Қуанышбай,
Жау көрсем, қалған емен ту алыспай.
Бар шығар Найманда да талай жүйрік,
Қалман деп ойлаушы едім бір салыспай...
Ежелден бұзық болып туып еді,
Бәлеге жас күнінен жуық еді.
Жай жүрмей, көрінгенге соқтыққан соң,
Мектеп түгіл, Семейден қуып еді.
Сөзімді көп айтпаймын саған қимай,
Орынсыз өтірік айттың аузың тыймай.
Мың-мыңнан ауыл басы жылқы өреді,
Малы жүр Құнекемнің жерге симай.
Тұра ма сыймаған соң дер іздетпей,
Садаға сен қайтесің одан кетпей?
Уақ, Керей, Найманға отарлайды,
Төрт болып Тобықтының жері жетпей.
Баласы Құнекемнің Ыбырайым,
Найманға алдыртпаған абыройын.
Пысқырған пысығының мұрнын кесіп,
Мың-мыңнан айып алды топ бас сайын.

Әріп Тәңірбергенұлы
5
Абайдың әр білімі елден асты,
Әр жерде-ақ ел жауымен қарсыласты.
Болмасаң шын имансыз, өзің – куә,
Талай тантық Найманның көңілін басты.
Соларға тіл тигіздің – содырлы сөз,
Жарайды бақсы болып алсаң қобыз.
Ысқақтың бір қойшысын қорқытам деп,
Айыпқа тартып едің тоқсан тоғыз.
Абайдан құтыларлық ебің бар ма,
Сендердің көмек болар көбің бар ма?
Балқыбек, Бақанаста сыяз болса,
Аттанған айып бермей тобың бар ма?
Абайға кей дұшпаны қылар қастық,
Ойласақ оның түбі дәулет мастық.
Бәрі бар Найман оңбас – түбі оңбаған,
Талассақ мәртебеге біз таластық.
Әріп:
Елмісің естімеген Сақ, Тоғалақ,
Салам ба сөз деп құлақ, нақ сұғанақ!
«Мен Дадан Қуанышбай» депсің өзің,
Кім едің сен албасты доп-домалақ?
Адамнан артық туған Сара саңлақ,
Сарадай оңай емес ақын болмақ.
Өнері қашан кем еді Біржан салдан,
Мен емес айтыстырған оларды арбап
1
.
Арғынсып салғансисың салмағыңды,
Сездің бе сөзбен билеп алғанымды?

Әріп Тәңірбергенұлы 
6
Нағыз Найман кез келсе, оңдырар ма?
Жақсың қалап алды ғой қалмағымды.
Арғынға сенен көрі өзім жуық,
Қысқартам алқымыңды сөзбен буып.
Далаға жаққан оттай бос шалқыма,
Әуелі Арғын болшы анық туып.
Анық Арғын болмайсың жалғастырсаң,
Құл-құтан сүйегіңді алмастырсаң.
Күйіп кет, жындылығың бір қалмайды,
Нәсілді болдым-ақ деп салғастырсаң.
Найманда ергенекті анық теңің,
«Бар еді, – деп айтпаймын, – одан кемің»,
Үш жылда бір жақсыңды дүрелейсің,
Болған аузыңда өсек, ұрлық жемің.
Құрысын қастық қылған дәулет масың,
Абайдай сыйламайтын кісі басын.
Сол сияқты Абайды Нұрғазы ұрды,
Болған соң жын-перуана кәрі-жасың.
Болмайсың бәрің Абай, жәһил, аңғал,
Құтырса, соған тоқтар қулық, жанжал.
Абайдан басқаң сөзді не қыласың,
Сол дана бұл заманда, биік заңғар!
Абайды ұнасады мақтағанға,
Алмас қой екі дүзді сақтағанға.
Алтынға дым тигенмен қараймайды,
Жұдырық хан артынан боқтағанға.

Әріп Тәңірбергенұлы
7
Ойнама, Қуанышбай, меніменен,
Сөз білсең сөйлеу керек жөніменен.
Бәрі Абай болмайсың лепіргенмен,
Сөзім зая сөйлескен сеніменен?!
1.  Бір  нұсқада  «Екеуін  айтыстырдым  әдейі  арбап»,  – 
деп айтылады.

Әріп Тәңірбергенұлы 
8
КӨКБАЙ, ӘРІП, МҰСАҒАЛИ
Белгілі  ақындар  Көкбай,  Әріп  және  оларға  атқосшы-
лыққа  Мұсағали  деген  жігіт  үшеуі  жолаушылап  келе 
жатып, Белтерек бекетіндегі Сопы деген кісінің үйіне ат 
басын  тірейді.  Үй  иесі  қадірменді  қонақтарға  бір  семіз 
қой  сойып,  ақ  майын  алдарына  тартады.  Сонда  Көкбай 
Мұсағалиға қарап тақпақтай жөнеліпті:
Көкбай:
Арғы атаң, аты шыққан Мамай батыр,
Ту тігіп батырлықпен құрған шатыр.
Бір тайды жалғыз жеген атаң Дулат,
Мына май сені көріп неге жатыр?
Сонда  Әріп:  «Көке,  осы  өлеңіңізді  сәл  өзгертсем 
қайтеді?» – дегенде, Көкбай: «Бірақ желісін бұзба», – депті.
Әріп:
Арғы атаң аты шыққан Мамай батыр,
Ашыққанда ашынғаннан балдай татыр.
Бір тайды жалғыз жеген атаң Дулат,
Мына май сені көріп неге жатыр?
Үнсіз отырған Мұсағали ұшып тұрып, өлеңмен жауап 
бергенде барлығы таң қалыпты.
Мұсағали:
Атам мешкей болғанда, әкем мешкей,
Мешкейліктің күнәсін тәңірім кешкей.
Жасымнан сабақ оқып, биязы болып,
Қалыппын сол себепті ләпсім өспей.

Әсет 
Найманбайұлы
(1867-1922)

ӨЛЕҢДЕР

Әсет  Найманбайұлы
11
АҚЫРҒЫ СӨЗ 
Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,
Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.
Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,
Қаптағы дән сияқты себілмеген.
Тірліктің қызығына қызып жүріп,
Айқайға қайран даусым ерінбеген.
Абайдай арт жағына сөз қалдырып,
Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген!
Зымырап бәйге атындай өте шықтым,
Жабығып көріп еді көңіл нeдeн?
Ертең жазып, бүрсігүн бітірем деп,
Баянсыз тіршілікке сенуменен.
Гүлдерім қайта өнер ме өрімдеген,
Жібегім кетті-ау талай өрілмеген!
Өмірдің өрге басқан жолын қумай,
Өттім-ау бос үмітке еруменен!
Қатын-бала асырау амалында,
Кеттім ғой соған көңіл бөлуменен.
Менен сорлы ақын да өтті ме екен,
Бір сөзі баспа орнына берілмеген!
Осымен өмір бітті, дәм таусылды,
Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген!
Тіршілікте әрекет етпеген соң,
Сүйектен не шығады кебіндеген?
Жолықтым дәм таусылар уақтысына,
Ажалдың мейірімсіз қаттысына.
Жүргенде елден ауып есім шығып,
Тұрмыстың тура келіп тапшысына.
Кеудемнен тіршіліктің оты өшіп,

Әсет  Найманбайұлы 
12
Жанымның қош айтыстым ақ құсына.
Төбемде жарқыраған сәулем сөніп,
Лақтырдым қолымдағы затты суға.
Айбарлы ұлы арыстан болғаныммен,
Тышқандай бағам бар ма жақты ашуға!
Ажалды ақша беріп сатып алдым,
Кездестім аңқау елдің бақсысына.
Әу деген үнімді ел көп тыңдаған,
Жиналып жаяуы да, аттысы да.
Сөйлесем, жүректегі шерін төккен
Арызды, армандысы, даттысы да.
Сезімді, сергек туған көзі ашықтың
Талантты, талабы зор оттысы да.
Ажал ма, арманда ма қалай өлем,
Білетін дәрігердің жоқ жақсысы да!
Алмасты мүсәтір деп татып алдым,
Дерт шалды өне бойды, жатып алдым.
Құдайдан тура келсе, арманым не,
Ажалды бес теңгеге сатып алдым.
Өлімді ойламаған сорлы басым,
Дүрмекке елтіп жүріп қапы қалдым.
Өрнекті өлеңімнің гүлі қурап,
Сөгілген ескі етіктей қақырадым,
Қоштасар мезгіл жетті ел-жұртыммен,
Найман ел, жалпақ Үйсін, қалың Арғын.
Сәлем де артта қалған туған елге,
Ту тігіп, думан құрып өскен жерге!
Жыртылып айрылған үйрек-қазы,
Самалы қоңыр салқын айдын көлге!
Көре алмай ақырғы рет өлерімде,
Мойнымды сұнып тұрмын терең көрге.

Әсет  Найманбайұлы
13
Ел-жұрттан алыс кетіп, ақырында
Аяғын шалыс басқан мен бір пенде.
Ән-күйдің қызығының отын үрлеп,
Кез болдым кері аққан қатты селге.
Таусылып бара жатыр қауқар күшім,
Шапқанда шапшитұғын қарсы өрге.
Алашқа атым шыққан Әсет ақын,
Өлеңім – жан жолдасым болған жақын.
Ақтарып ағытқанда түйдегімен,
Мейірін тыңдаушының қандыратын.
Дәуірлеп дәурен өтті желдей есіп,
Ел-жұртым қадірлейтін сөздің парқын.
Жігіттер, өкінсеңдер әнімді аңсап,
Армандай еске түсер менің даңқым.
Сөздерді інжу-маржан ақтарғанда,
Нөсердей сорғалатып жаудыратын.
Аңыраған аспан көкке асқақ үнім,
Саған да уақыт жетті-ау қарлығатын!
Бозбала, осы әнімді үйренерсің,
Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің.
Білмесең сыр, мінезін жақсы өнердің,
Домбыра қайдан жорға күйге келсін?
Асау ән жетегіңе жүрмеген соң,
Біріңнен бірің көріп сүйрелерсің.
Боршалап, іреп сойып өз бетіңмен,
Тоқпақтап, найза сұғып түйрелерсің.
Оған да көнбеген соң, көңілің қайтып,
Жуымай маңайына жиренерсің.
Ішінде өсіп-өндім Қызай елдің,
Жерлерін Күнес, Текес мекендедім.

Әсет  Найманбайұлы 
14
Қандырған құлақ құршын тыңдаушының
Осы екен, қайран даусым, жетер жерің!
Дүниенің қызығына тоямын деп,
Көз жұмдың, пақыр Әсет, бітті демің.
Сыймайтын шалқығанда арнасына,
Сарқылып бара жатыр тасқын селім.
Өмірдің шыңырауына құлдиладым,
Сырғанып мойыныма кетті-ау ерім.
Өлеңмен атақ жайдым оң мен солға,
Жүйрік ем сүрінбеген терең орға.
Еркелеп ел ішінде жүруші едім,
Қапыда құтылмастай түстім торға.
Тірліктің нұры сөніп бара жатыр,
Бір Алла, сапарымды өзің оңда!
Тарылып талыс кеудем күрілдеген,
Шығады қырылдаған үнім зорға.
Дертке – дәрмен, көңілімнің гүлі болған,
Осы өлең адастырды-ау ақтық жолда!
Ел-жұртым, аға-іні, көңіл қошым,
Бұл менің арыздасқан сөзім болсын.
Даусымды ести алмай арқыраған,
Сыбырым таңдандырар шыққан тосын.
Кешегі дүрілдеген заманымда,
Бастадым өз ортаңда әннің көшін.
Барады қарауытып қос жанарым,
Тағдырым сыйға тартты күңгірт кешін.
Ақырғы айтар сөзім осы болды,
Бәрібір мейлі дұшпан, мейлі досым.
Артымда тірі қалған үлкен-кіші,
Бәріңе ақтық рет айтқан қошым!

Әсет  Найманбайұлы
15
МАМАНҒА 
Әсет ақын бірде Маманға:
Мамеке-ау, ой найманға болдың тұтқа,
Ілінер кеме барып Қазығұртқа.
Бір өзіңнен туғанның бәрі қажы,
Мұнан артық жетсін бе қолың бұлтқа? – 
дейді. Сонда Маман тұрып: 
–  Ақын  емес,  әншейін-ақ  екенсің  ғой!  –  деп  қысқа 
қайырғанына  кейісе  керек.  Шамырқанған  ақын  шырқап 
қоя берген екен дейді. Сондағы айтқаны:
Жігітке қисық қылық мінменен тең,
Жайы жоқ жаман әйел күңменен тең.
Шалқия ерін билеп алған әйел
Байы өліп, бағы күйген тұлменен тең.
Жігіттің алған жары жақсы болса,
Бұлттан жайнап шыққан күнменен тең.
Шабан ат, жаман жолдас, шайпау қатын,
Қылады жігеріңді құмменен тең.
Атадан жаман болып туған бала
Саны бар, сапасы жоқ құлменен тең.
Жолдасың кішіпейіл жайлы болса,
Ішіңнен жарып шыққан ұлменен тең.
Ақылы атасынан асқан бала
Сабы жез, сағағы алтын туменен тең.
Хайламен халқын билеп алған жігіт
Терісі жуан елі пілменен тең.
Мінезі кейбіреудің ұйқы-тұйқы,
Тау Қаптан асып келген жынменен тең.
Кейбіреу ашып-жарып сөз айтпайды,

Әсет  Найманбайұлы 
16
Қараңғы тұман түскен түнменен тең.
Ақылы кейбіреудің арт жағында,
Құбылтқан сыртын бояп сырменен тең.
Жігіттер, бұл сөзімнен ғибрат ал,
Бұл сөзім – көпке бірдей сынменен тең, –
деп тоқтағанда ғана Маман: – Е, бәсе, осылай айту керек 
қой! – депті.

Әсет  Найманбайұлы
17
КӘРІПКЕ АЙТҚАНЫ 
Күнқақты сұр шолақсың шыр бітпеген,
Кісідей өрт өшірген түр бітпеген.
Араққа апиынды езіп ішіп,
Бір қусың мал-басыңды өрбітпеген.
Асаудай аптық басып арындайсың,
Құр сөзге құнары жоқ жалындайсың.
Терідей шыбын жаққан жылп-жылп етіп,
Шіркін-ай, қойған жерден табылмайсың.

Әсет  Найманбайұлы 
18
ОТЫНШЫҒА АЙТҚАНЫ
Жанында Өтекемнің алтын пышақ,
Төрт Мәмбетті алдың ғой тайдай тұсап.
Төрт Мәмбетті алсаң да тайдай тұсап,
Жан-жағыңды қоймадың тажалға ұқсап.

Әсет  Найманбайұлы
19
ЖАСБОЛАТ, КІСІ-АҚ ЕДІҢ АЛШАҚТАҒАН
Жасболат, кісі-ақ едің алшақтаған,
Бұл күнде борсық болдың ін сақтаған.
Жерінен ауып келген он екі бай,
Сай-сайдың саласында жан сақтаған.
Асуға ат шықпайтын арба шығар,
Қыранды қанды балақ қарға жығар.
Бұрынғы қопа бұзған қабыландар,
Қорғалап қоян көрсе шөпке бұғар.

Әсет  Найманбайұлы 
20
ЖАСБОЛАТ БОЛЫСҚА 
Байғана күнгей Байыс, басқа жайдан,
Таныған әуелден-ақ Арғын, Найман.
Ақтабан шұбырынды ел ауғанда,
Қалыпты  бір мың жылқы Бәйті байдан.
.........................................................
Қосылды зор бәйгеге атқа тайдан.
Жұтаған төрелерге қыстақ беріп,
Асып еді Әбілпейіз Көканайдан.

Әсет  Найманбайұлы
21
ТАҒЫ ДА ЖАСБОЛАТҚА 
Біз бардық бірдің айы туған кезде,
Барлықтан орын таппай одан өзге.
Кісінің әншейінде бәрі ақылды,
Көрінді зеректігі биыл көзге.
Үй басына бір қара шығын емес,
Осы еңбегі білінбес қайбір езге.
Баж бердім деп соған да қайғыланар
Саф алтынды санайды сары  жезге.
Өзіміз он қарадан қысқа бердік,
Кезігіп қыс қаһары қиын кезге
Жақсылардан болады бір мархаббат,
Деуші еді ақылдыдан күдер үзбе.

Әсет  Найманбайұлы 
22
ТАҢҒЫТҚА АЙТҚАНЫ 
Тәкеңді жұрт сайлаған басшылыққа,
Алты жұмық ереді атшылыққа.
Қойы он мың, жылқы екі мың, кемел дәулет,
Жалғыз-ақ ақыл-ойы, тапшылықта.

Әсет  Найманбайұлы
23
ҚАНАҒАТҚА 
Бір  отырыста  Кәрібай  ақын  Қанағат  болысқа  былай 
дейді:
Соғады Құбыладан қара дауыл, 
Найманға ұран болған жалғыз ауыл
Күңнен байтал салыпсың, құлдан айғыр,
Бір өзіңнен көп екен қарабайыр. 
Сонда Әсет ақын: «Жоқ, ол дұрыс емес, мен былай ай-
тамын», – дейді.
Ер қыран Қабанбайға қуат қонған,
Найманда ұран бар ма ондай толған.
Қабағын дұшпандарға қатты түйсе,
Қаңтардың аязындай сырттан тоңған.
Болады әсілі әулие бел  баласы
Тентекті тезге салып,  түзу жонған.
Бай Жақас орта жүзге ұйтқы болып,
Атағы алты алашқа  мәшһүр болған
Мал дарып, қатын алып, бала сүйіп,
Есітіп қырғыз мұны оң мен солдан.
Әділбек айнымаған баласы екен,
Шықпаған мырза атанып түзу жолдан.
Көпшілікті билеген төбебасы
Бағыпты Қожақұлды санап қолдан.
Қанағат атасының бағын ұстап,
Кек алды заманында талай зордан.
Отырған ту түбінде Байділдажан,
Шығып ең қыдыр шалған сонша молдан.

Әсет  Найманбайұлы 
24
ҚЫЗЫР ТӨРЕГЕ
Жасболат шын досыңыз қимайтұғын,
Әр жерде басын алаш сыйлайтұғын,
Тамтығын Әліп мырза жиып апты,
Жасырын жауап емес ұрлайтұғын.
Не етейін Қонысбек пен Қанағатты,
Үстінде ұлық жоқ деп бұлдайтұғын.
Тегінде қасқыр қақын күзен жемес,
Мақал да ақ иіліп сынбайтұғын.
Байсиық Байыспенен шын жау болса,
Торғайың жалғыз күнде шырлайтұғын.

Әсет  Найманбайұлы
25
МАМЫРБЕК БАЛАСЫ ҚЫЗЫР ТӨРЕГЕ
Нағыз ханның тұқымы Мамырбек-ті,
Шыңғыстың шын баласы асыл текті.
Көп Керей жаулық қылып бұзылғанда,
Одан да шерік құрып бұзған шепті
Қорғалап қорыққан кезде сарт мінезді,
Жығылып аяғына қадірлепті.
Жанында қанжары бар қайран төре,
Сұлтан жоқ заманында ондай бетті.
Сұрағы, топырағы жеңіл болсын,
Фәниден бақи жайға  жүріп кетті.
Отырған хан тұғырға ие болып, 
Қызыр төре зор молла, сөзге де епті.
Арыстандай ажарлы ханға тартқан,
Қабанбайдан аларлық жекпе-жекті.
Қажы төре Қызыржан науқас басып,
Сыр білмей Керейдің де ызасы өтті.
Оған мансап айланған заманада,
Қызыржан не заманды кісі депті.
Сүйегі көпір болып жатса дағы,
Дейтұғын басып өтпе ақ сүйекті.
Қанағат сырын білмей адам көріп,
Бай ақын не етейін мен Қонысбекті.
Қарақастан басқаның бәрі жау боп,
Күтіп жүріп күйзеліп түпке жетті.

Әсет  Найманбайұлы 
26
КЕРІМБЕК ДЕГЕН БИГЕ АЙТҚАНЫ
Арқаның нудан ұшқан алғырымын,
Кең қолтық орта жүздің Арғынымын.
Сүйінген ел мадақтаған өлеңімді,
Алдынан өткергенмін сан мыңыңның.
Найманның араладым дәмін татып,
Бастаған артына еріп тағдырымның.
Гулетер көкірегім көмейменен,
Көркем саз, сұлу әннің сандығымын.
Руым Қаракесек қарашордан,
Сұрасаң, жайын айтам барлығының.
Мойнында тазы иттің де қарғысы бар,
Маған шаңын жұқтырма паңдығыңның.

Әсет  Найманбайұлы
27
ЕЛШІБАЙ БАЙҒА
Елшібай деген бай кісі қараша үйге түсіп, бір лақтың 
етін  тауыса  жеп  отырғанда,  үстіне  Әсет  келіпті.  Ет 
желініп  болған  соң,  Елшібай  Әсетке  «Өлең  айт»  депті. 
Сонда ақынның айтқаны:
Елшекем сұғанақтау бір су бүркіт,
Кеспірі – пісілмеген саба іркіт.
Іркіттің, қымыз сынды дәмі болмас,
Елшекем ел қыдырмай мәні болмас.
Қарны ашса, қараша үйді бас салатын,
Көзге айтқан өсиеттің шамы болмас.
Мәйекті бай кісіге лайық па,
Ашқарақтау адамның ары болмас.

Әсет  Найманбайұлы 
28
ЕЛШІБАЙДЫҢ БАЛАСЫ ҚАБЫРҒА
Ассалаумағалайкум, жуан құдам,
Жұттан аман шығыпсың, қуан, құдам.
Құмға шыққан құрақтай қоқырайып,
Саптаяқтай көрінед ұмаң, құдам.
Үйіме жаңа ғана қонақ келді,
Еркек қой іздеп келдім бұған, құдам.

Әсет  Найманбайұлы
29
ӘСЕТТІҢ АМАНДАСУЫ
Сапармен сары жазда көлге келдім,
Көрмеген өзім туып елге келдім.
Мал бағып, егін салып, кәсіп қылған
Дейтұғын Қызай ана елге келдім.
Сарыарқа менің жерім-ай,
Сағындым қалың елімді-ай!
Әй, у-гай, у-гай,
У-га-га, г-гай!

Әсет  Найманбайұлы 
30
КӨҢІЛ АЙТУ
Өмірден  жастай  өткен  Тұрысбек  Мамырбеков  деген 
азаматтың туыстарына Әсеттің көңіл айтуы:
Өткенге өмір зая өкінгенмен,
Артығы болмайды ғой бекінгеннен.
Адамға адам жуық, дүние алыс,
Пайда жоқ бет қадірін кетіргеннен.
Көкорай қурай болып ол да солар,
Гүлденіп жаз айында жетілгенмен.
Бір тұсау аяғыңа түспей қалмас,
Тірлікте арғымақтай секіргенмен.
Өтіпті Қаракерей Қабанбай да,
Қазақтың арыстаны секілденген.
Тұрлаусыз бұл өмірдің баяны жоқ,
Бір күн сыртын, бір күні бетін берген.

Әсет  Найманбайұлы
31
МЕШБЕТТІ КӨРГЕНДЕГІ СӨЗІ
Ассалаумағалайкум, ағай Мешем,
Елінде анам Қызай сіз бір көсем,
Алла берген денсаулық арқасында,
Есен-сау жүрмісіңіз аман-есен?
Мейірбан түсі жылы кісі екен ғой,
Бір ойдан әлдеқандай адам десем.
Еншәлла болғандай адам екен.
Сөзім бар кейінірек айтатұғын
Дәм айдап шеттен келген мейман десең.
Ей, Мешет, туысыңмын бөтен емес,
Таралған Арғын Найман орта жүзден.
Ішінде қалың топтың көру үшін,
Әдейілеп ат өксітіп іздеп келгем.
Бұрылып қай тарапқа беттер екен,
Жұмысым тиянақты сіз деп келген.
Қызыл тіл, сен де тоқта әзірінше,
Сөзіңді соза бермей тізбектелген.

Әсет  Найманбайұлы 
32
ЖАБЫҚБАЙҒА АЙТҚАН СӨЗІ
Бұ кісі, Жабықбай ма аты шыққан,
Адуын күрескеннің бәрін жыққан?
Досың да, дұшпаның да ер болсын деп,
Қалған сөз ескі сарын жұртшылықтан.
Кісі екен дегенде-ақ байқауымша
Атадан озып туған сайыпқыран.
Сыртынан, ел аузынан естуімдей,
Көргенде болмай шықты ойда күмән.
Екі дүние бағытын тең ойлайтын,
Қолы бос болмайтындай құлшылықтан,
Ей, Жақа, қолыңды әпкел, көріселік,
Үй іші, есен-сау ма бала-шағаң?
Іленің қасиетті ауасында,
Денсаулық таза жүр ме сырқағаннан?
Мен өзім кеше күндіз Қайшыда едім,
Қайтсам деп дидарласып келдім саған.
Отырыңыз, тамақ іш бізбен бірге,
Сөзімді кейін айтам іште қалған.

Әсет  Найманбайұлы
33
МЕШБЕТ ПЕН ЖАБЫҚБАЙДЫ  
ТАТУЛАСТЫРҒАН СӨЗІ 
Жалғанның кім келмеген сапарына,
Келіп дәм, жер жүзінен татарына.
Көл орны, орда орны құр тұрмайды,
Бұл сөз бар бұрынғының мақалында.
Қызайлық лабашіде кісі болған,
Кемдік жоқ абырой мен атағында.
Бұлғыншы, Жәнет болса, Далданбайлар,
Жаралған жақсылардың қатарында.
Игі сәт, Қалендер де кісі болған,
Өзінің бойға лайық мақабында.
Жарқырап жай тасындай жарып шықтың
Соңғы жас сіздер орнын басары да.
Жабықбай, Мешбет мырза, Дарабоздар,
Жұрт бақтың туыпсыздар ашарында.
Екеуің қатар жүрсең нені алмайсың,
Таңғалам бірлігіңнің нашарына.
Өнеге қандай жүйрік жон-жосыққа,
Бұларға бірлік қылса шен босап па?
Бурадай анадайдан шегінісіп,
Сыймай жүр екі қошқар бір қосаққа.
Жараспас жақсылардың адасқаны,
Бұлардың немене екен таласқаны?
Кім білсін аз ба, көп пе өмірлері,
Тірлікте жақсы емес пе жарасқаны.

Әсет  Найманбайұлы 


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал