Елгезек А. Шексіздік сыртындағы шам. Өлеңдер. – 324 б. Удк ббк е



жүктеу 2.6 Kb.

бет1/11
Дата14.09.2017
өлшемі2.6 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Елгезек А. 
Шексіздік сыртындағы шам. Өлеңдер. – 324 б.   
УДК  
ББК 
      Е
Ақберен Елгезек – жаңа ғасырдың жаңашыл ақыны. Қазақ 
поэзиясы әлеміне ерекше өрнек, бөлек ой алып келген ақынның 
кезекті жинағына белгілі шығармалары мен кейінгі екі жылда 
жазылған жаңа өлеңдері енгізіліп отыр. 
Автордың бұл жыр жинағы да көпшіліктің көңілінен шы­
ғатынына сенімдіміз. 
ISBN 
Е 
УДК  
ББК 
© Елгезек А., 2014
Редакциядан: 

ТАМШЫЛАРДА 
ТҰНШЫҚҚАН 
МҰХИТТАР
(І бөлім)

5
ЕЗУ ТАРТЫП КҮЛГЕН МҰҢ
Осы бір ақын жігіттің ныспысы – Ақберен. Дулығалы, дулы есім, 
асқақ естіледі. Оның топтама өлеңін (6 өлең) бұдан көп бұрын 
«Қазақ әдебиетінің» «Жас қалам» қосымшасынан (№4 (43)
оқығам. Оқығам да қойғам. Оным бекер екен, жақында қағаз­
дарымды қопарыстыра келе, жас дарынның сол өлеңдерімен қайта 
қауыштым. Сол сәт өзім де күзгі тұманды түндей қандай да бір 
қамырықты күйде болғандығымнан ба екен, әуелі бірден көзіме 
түсе кеткені «Депрессия» атты бірінші өлең еді. Қайыра оқып 
шықтым. Бек лыпыған күлгін­жасыл жүзінде қас дұшпанның арам 
қаны алабөтен ырши безектеген ақ берендей Ақберендік сұмдық 
өткір күйзеліс!
Шынымды айтайын, «Әлі бала деуге де болатын өрімдей жас 
ақынның мұншама ышқынуына не себеп?» деген ауыр ойға қалдым 
бірден. Өйткені тіршілікте «плюс­минус» екі энергия өзара кенет 
жалғаса қалғанда, жарқыраған үшінші бір қозғалыс болмысы қашан 
да тосыннан ерен жаратыла кететіні секілді, қарама­қарсы орасан 
қуаттарға ие «параллель» сезімдер өзара «күркіресе қиылысып» 
түскенде де не осындай депрессиялық түңіліс түнегі күрт тұтана­
ды, не әлденендей тылсым бір ізгі түйсік оты ілкім пайда болады. 
Жан дүниенің ондайлық сұрапыл динамикасы аузымыздан ақ 
жалын сөз болып және ақтарыла жөнелу үшін төсіміз ішінде – көзі 
тостағандай Көңіл, төбемізде – кемел ақылға лайық көсем Рух бо­
луы қажет.
Ал Ақберен – жазмыш дариясын жалпағынан кешіп, «қайран 
жиырма бесін» қамыға жырлайтын қапері толық қартаң жаста 

6
емес, әлі балғын азамат. Алайда белгілі бір мөлшерде Ақберенде көпті 
көрген көсемдарларға ғана тән, әрі кез келген уақытта шағылыса 
кетуі бек мүмкін әлгіндей «өзара параллель» екі алапат та бар бо­
лып шықты.
Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, 
Ақын,
«Қазақ әдебиеті» газеті, №11,
10.11.2006

7
АҚИҚАТ
Оралмай қап кешкі бір серуендерден,
Құмға сіңіп, қираған керуендермен,
Бұл жалғанды сүймеген мұңлықтармен,
Күн астында қақталған құрлықтармен,
Шындық үшін баз кешкен шаһиттермен,
Тамшыларда тұңшыққан мұхиттармен,
Күдіктерден мертіккен армандармен,
Шың басында ентіккен ормандармен,
Ақ параққа түспеген дастандармен,
Ақ бұлттары адасқан аспандармен,
Шылымдармен ең соңғы, шегілмеген,
Бұрымдармен кеудеге төгілмеген,
Соңғы бейне сақталған таспалармен,
Сахналарда тапталған маскалармен...
Біздің басқа қонбаған бақытпенен,
Тектен­текке өртенген уақытпенен,
Күннің нұры  сырғыған сілемдермен,
Оранып ап жап­жаңа кілемдермен,
Иегіңмен соңғы түк тебіндеген,
Көйлек киіп ең соңғы кебін деген,
Мойындарды қажаған қамыттармен,
Қайыңдардан қашалған табыттармен,
Табандарға қадалған жаңқалармен,
Құшақтасып қураған қаңқалармен,
Тарам­тарам сүрлеулер, тармақтармен,
Бізден бұрын аттанған аруақтармен,
Бір өкініш аңқыған келбетіңнен,
Жоғаламыз бір күні жер бетінен!

8
БАСТЫҒЫРЫЛУ
Түсініксіз түсімдегі қарамойыл қарғалар 
күдігім боп қарқылдап ап, үрейіме жалғанар. 
Содан кейін ұя салып бұтақтанған шашыма, 
қорқынышты сөздер болып түйсігіме сорғалар...
Түйсігімнің ортасында иірім бар құйынды, 
ортасына тартар мені, шыр айналтып миымды.
Мен түсімде сұрап жүріп, жылап жүріп табамын
ешқашанда салынбаған үйімді.
Ол қара үйде өмір сүріп жатады екен өткенім, 
бауырларым...  естерінде елесім де жоқ менің. 
Қарғаларға қарап қойып, дән шоқиды аулада 
қалып қойған баяғыда менің көңіл­кептерім...
Ол қара үйде әкем, апам, ағам және кәрі анам 
өмір сүріп жатады екен, бұрынғыдай... жаңадан... 
Аттай алмай жүреді екем босағадан, қиналып... 
Қара итке айналады қолымдағы чемодан...
Бағана боп ыңырсиды күні ертеңгі жел дүлей, 
(жан­жағымнан бақылайды қимылымды ел, білем).
Қаңғырамын, қара итімді қарғыбаудан тартқылап...
Үйді айнала жүгіремін... терезесінен телмірем...
(Ешкім маған сәтке назар аудармайды дейді екем). 
Терезеге қарап қойып, күрсінеді кейде әкем...

9
Бәрін тастап, баянсызға кетіп бара жатамын...
Өзім – өзім емес екем, жел ұшырған жейде екем...
Бір күрсініс жетер бір сәт моласы мол даладан, 
Қалш­қалш етіп дірілдейді шам одан...
Селк­к етем де, оянамын... қабырғаны сипақтап,
Қара бөлме – чемодан?..

10
ҚОБЫЗ-ЖҮРЕК
Күн мен Түннің арасында ес жатқанда ауысып,
Тарғыл­тарғыл кіл күмәндар кезіп жүрер бау ішін. 
Дүниедегі бар дыбыстар бір арнада қауышып, 
Түйсігімнен күдірейер дүр қобыздың дауысы.
Аруақтармен би билеген елестесе бір бақсы,
Көкейімнің қылын қозғар ішімдегі
 
 
   шырақшы. 
Көксеңгірдің көкірегін қарс айырса зарлы үн,
Сен білерсің, түсінерсің бұл Жалғанның тарлығын.
Ол ұлы Күй бір­ақ сәтте мыңжылдықты өткерер
Көз алдыңда мұхиттай боп тербеледі ақ көде...
Кенет сені бөлек жерге қондырады тылсым күш,
Жан­жағыңнан өлекшіндей қанат қағып күрсініс, 
Алаңғасар дүниені дауыл алып, жоғалар,
Ал ауада қалқып жүрер ауылдағы молалар.
Қобыз үні сыпырып ап мөлдір аспан терісін,
Мақпал бұлттар таласады алақандай жер үшін.
Сонсоң, анау ғарыш жақтан ысқырынғанда түнгі ызғар, 
Бұршақ­бұршақ саулап жатар жұмыр­жұмыр жұлдыздар.
Мақшарланған ақшам сондай! 
Сен қапысыз аңдап қал,
Жер бетіне самсай қонар періште мен аруақтар.

11
Жиын болар содан кейін... 
Қобыз үні мәңгілік!
Тәңір жақтан құйылады ноталардың 
жаңбыры!.. 
Бастау болып түйсігім тұр азандаған үнге осы. 
Бірақ, бірақ байқау керек, сайтан оны білмесін! 
...Жан­жүйкемнен өріп алып қырауланған пернесін, 
Қобыз­жүрек 
Бір күндері үнсіз қалып жүрмесін... 

12
КӘРІ БАЛА
Қала шеті. 
Күл­қоқыс.
Жаздың күні тымырсық.
Қайыршылар арықтан әндететін ыңырсып.
Лас сөздерден жиіркеніп, бұлың­бұлың
 
 
    көшемен 
Күнде өтеді бір жетім тумай жатып есі өлген.
Қайыр сұрап шығады ол кәрі шалдық
 
 
    түр­өңмен. 
Жап­жас бала бірақ та... 
Жеті жасар...
Білем мен... 
Белгісіз бір ауруға душарланған өгей ұл, 
Өкініштен­өксіктен жыбырлайды көмейі.
Қоғам деген мен үшін – сол жетім мен 
 
 
    өңгелер. 
Тақияға ескірген соқыр теңге дөңгелеп
Түсе қалса,
Сырқаттан айығам деп ойлайды.
Қолындағы шыбықты аспап қылып ойнайды.
Кімді іздеп жүр бұл бала тым қатыгез
 
    әлемнен?.. 
Ұйытардай қаныңды ұйқасы жоқ өлеңмен.

13
Дерт меңдеген денесін, 
Елес кезген санасын...
Қаптап жүрген кіл пенде қайырылмайды жаны ашып.
Бүгін де сол... 
Күл­қоқыс.
Айнала­маң тымырсық.
Арық іші – алқаштар қозғалады ыңырсып. 
Кәрі бала шыбықты аспап қылып...
 
   жылады...
Құдайым­ау, шыбықтан сыбызғы үні шығады!..

14
ТҰМАН
Менің нала­мұңымнан жаратылған 
дала – тұман...
Түкпірінде тұманның періште жүр, 
пейіш нұры тамшылап қанатынан... 
Қалар ма екем айырылып тағатымнан, 
уақыт нұры тамшылар сағатымнан, 
нәрестенің іңгәсі құмығады,  
жусаннан жаңа туған;
Жұпар буы шыға алмай қауыздардан, 
Сөздер – ауыздардан;
күмәнді Ойдың айналып құрбанына, 
Ес жатыр бауыздалған...
О, сұмдық­ай, көрініс ауыр қандай! 
Көзі ақшия тұншыққан дауылдардай 
Аппақ тұман!
Тұманның түйсігінде
қаңыраған қазақы ауыл бардай... 
Сіңіп барам мәңгірген ағайынға... 
Сынған сәуле түседі орайыма. 
Соқыр тұман және Мен...
«Мен» деппін ғой...
өзімнің де тұманнан жоқ айырмам...

15
АҢҒАЛАҚ
«Барлық адамның аңғалағы

бірдей келеді». 
                                        Эрнест Мулдашев 
Пері өмірін келгендей қайталағым
Айна ішінен жаныма жай табамын. 
Қарашықта жұлдыздар ән салады, 
Қара аспанның нұрынан Ай толады.
Өкінішіне өткеннің өкпелемей, 
Жерұйыққа ақыры жеткен елдей, 
Мен өзіме қараймын айна ішінде, 
Мейірімнен тұтанған от көрердей.
Иесіз қалған күйіндей қыл қаламның, 
Болашағы киесіз бұл ғаламның. 
Шиырланған жаһанның тамырымен 
Аппақ нұрды қуады түн қараңғы.
Түн қараңғы, басады сар даланы, 
Кірпігінен дірілдеп шам жанады. 
Рухым кезіп іздейді кеңістіктен 
Беймекенде орныққан Шамбаланы.
Өткендердің босаған аңғалағы 
Түнегімен үңіліп, жанды алады. 
Шым­шытырқ айнаның әлемінде 
Өз­өзімді таба алмай сандаламын...
1
 Аңғалақ – адамның бас сүйегіндегі көз ұясы 

16
ПЕНДЕ МҰҢЫ
Періште перзент едім ғарыштағы, 
Рухыма Тәңір тәнді бағыштады. 
Жаратқанды сағынып жылап жаттым 
Жалғанменен еріксіз табысқалы.
Елігіп жұлдыздарға жолымдағы, 
Бағымды жоғалттым ба қолымдағы?!. 
Білмеген өлім сырын бала жүрек 
Шошыды құлпытастан қорымдағы.
Аллаға адал қайту антым еді, 
Шаршатты тіршіліктің шарты мені. 
Сенделіп екі дүние арасында, 
Жаныма ауыр тиді Тән тілегі.
Рухым ұшса ортасы шеңберленген, 
Еркіндіктен ес ауып, емделер ме ем?.. 
Не сұраймын,
Не күтем, 
Нені білем
Мен сияқты бейүміт пенделерден?..
Қым­қуыт күндер өтер дөңгеленген, 
Кім туып, кімдер өтпес шерленбеген?!. 
Барар жерің беймәлім,
Бейтарапта,
Бейжауапты күтпеші сен де менен...

17
БҰЛТТАР, БҰЛТТАР...
Бұлттар, бұлттар, бәйтеректер көктегі, 
Мың құбылып, биіктікте бүр жарған. 
Мені елемей өткен күнге өкпелі, 
Сағымданар сұр жалған.
Бұлттар, бұлттар, бұйра белдер көктегі, 
Жусан иісі аңқып ескен жаңбырдан. 
Өміріміз ақ жауындай өтпелі, 
Тағдырымыз дәруіш пе қаңғырған?..
Бұлттар, бұлттар, арғымақтар көктегі, 
Кімнен озбақ, неден озбақ жүйрігің?.. 
Шығыс жақтан айдаһар­Күн от демі 
Өртеп жатыр көкжиектің құйрығын.
Бұлттар, бұлттар, бозінгендер көктегі, 
Жер бауырлап, боз даланы емізген. 
Көкке мен де шырқап кеткім келеді
Өздеріңмен егіз бе ем?..
Бұлттар, бұлттар, ақ көделер көктегі, 
Күндей нұрлы, Айдай сырлы жамалың. 
Мен де болғам өздеріңдей көшпелі, 
Енді, міне, қала болды қамалым.
Бұлттар, бұлттар, керуендер көктегі, 
Мені ала кет, қосып алып көшіңе.
Сағым туған Шыңғыстаудың бөктері 
Неге жиі оралады есіме?..

18
Бұлттар, бұлттар, ақ армандар көктегі, 
Есіркеуді күтпейсіңдер ешкімнен... 
Беу, туған жер, перзентіңді сөкпегін, 
Аспан жаққа кететін боп шештім мен!

19
КҮЗГІ ҚАЛА. ЖАҢБЫРЛЫ КЕШ
Тереземнің арғы жағы – күнелтудің амалы, 
Күнелтуде мән қанша?
Хайуан болып ырылдауың керек шығар, 
Жанарың
Жап­жасыл боп жанғанша!..
Тереземнің арғы жағы – сұрғылт көше, 
Үш көзі
Жыпылықтап кезекпен... 
Өлең үшін ішу керек, ішкесін, 
Шер тіленген өзекпен!..
Тереземнің арғы жағы – гүр­гүр мотор, 
Отынан
Жаратылған газ көкшіл... 
Асфальт қана жазар бәрін жадына, 
Жазылары  – сөз кекшіл...
Тереземнің арғы жағы – жетім жаңбыр, тілемсек.
Әйелдердің өкшесі...
Жапыраққа 
Күз жыр жазып жіберсе
Жап­жарық боп кетсе есім!..
Тереземнің арғы жағы – тұмандықтар, ғаламдар...
Аузын ұрдым... ақшасын!..
Біреу маған қарап отыр жалаңдап, 
Көзін қара... жап­жасыл!..

20
* * *
Бұрын...
Көңілімнің бағында гүлдеп тұратын үміттер, 
Көкірегімдегі нұр шашатын  күдік те.
Түні бойы өлең жазып, 
Таң алды
Жанарымда жай ойнаушы ед, жігіттер!..
Кеше...
Талай­талай кітап оқып тартымды, 
Ақыл­есім ой жетпеске талпынды. 
Ондай кезде мырзасынғандардың бетіне 
Шашып кететінмін алтынды.
Құштарымнан жаратылып армандар, 
Көктем келсе, тамшылайтын талдан бал... 
Бүгін
Жалған өрнегімен жауратты 
Жалбыр­жұлбыр жауған қар... 
Менен гөрі бақыттырақ секілді 
Мәйхананы мекен етіп алғандар...
Енді...
Ойламаңыз мен секілді ерді сіз,
Күз келді де, меңдеп алды жерді сыз.
...Жындарына еріп кетті бір адам, 
Барар жері белгісіз...

21
ЖҰБАТУ
Жыла, Жаным! 
Жалқы мұңлы,
жасырмай солқылыңды,
Қоздыршы қанымдағы алтынымды!..
Жыла, Жаным! 
Безгектей қалшылдашы!
Жалындап жалқын шашым,
Маңдайымнан
жазмышымның жазуы жарқылдасын!
Жыла, жыла!
Тек жасыңды көрсетпеші!.. 
Мынауың бір ез ғой деп ел сөкпесін!
Сыртым – адам, ал, ішім – жаралы құс... 
Жасаған­ай, құсымды емдеп берші!..
Жә, қой енді, жыламашы!.. 
Ешкімді кешірмеші!..
Сен мәңгілік Тәңірдің Есіндесің! 
Күлші, қане, құшақтап көлеңкеңді,
Ол да күлсін... 
«Күлейік, досым!» десін...

22
ЕЛЕГІЗУ
Іңірлер...
Қып­қысқа бір өмірлер...
Көше бойы – көмескілеу  күбірлер. 
Жүректегі үміт құсын үркітетін түнімен 
Жарқанаттар жамырайды көк үйлердің түбінен.
Іңірлер...
Көкжиектің ысқырығы сыбызғының
 
   үніндей... 
Аққан жұлдыз айдаһардың тіліндей.
Енді қанша ғұмырыңның қалғанын 
Біреу санап тұрған сынды білінбей.
Іңірлер...
Біз сүймейтін беймаза шақ, көңіл де, 
Өксіктер бар қараңғылық тозаңына көмілген.
Ай бұрымы көкжілтімдеу өрілген
Ақ сайтанның сақалындай көрінген...
Іңірлер...
Қып­қысқа бір өмірлер...
Телефонның жүрегіне таңбаланған нөмірлер...
Құштарлық пен үрей табы көрінер 
Құпия хаттың бұзылмаған мөрінен...

23
Іңірлер...
Қып­қысқа бір өмірлер...
Қызыл кеште нұр тамшылар көгімнен. 
Мен отырмын хатқа қарап шошынып, 
Маған келген үкім болар, тегінде?..

24
САЯХАТ
Шумақ­шумақ соқпақтар сілемденсе өлең боп, 
Тыпыршыған жүрегім «жүрем!» десе, елеңдеп. 
Кеужіреген кеудеге күн тығып ап кешқұрым, 
Түнге сіңіп кетер ем, жалын құшып бестінің. 
Оң жағымда – көк бөрі, салақтатып көк тілін,
Сол жағымда – көк қасқа, ер тимеген
 
   шоқтығын, 
Әр бұтаққа байлауға көйлегімнің ақтығын, 
Бара жатам сүйретіп көлеңкесін аттының.
Бара жатам бетке алып жалындаған батысты, 
Қарт­құрт шайнап құртымды,
   
 
 
жусан жұлып ат үсті. 
Таза ауадан масайып, ән бастасам бір рухты,
Шапалақтап көкте құс, қолпаштар ед мұңлықты.
Жанымдағы көкжалым ұлып берсе қосылып, 
Жас төгілер ауадан, жерге жетпей шашылып. 
Тыныштығы бұзылған тұра келер дала­аю, 
Мың құбылып жазылар гүлге толы самайы.
Сауырынан бестінің ақ тамшылар дөңгелеп,
Ақ маржандай шық болып, қонып жатар шөңгеге.
Дүбірлетіп бар маңды, асып өтсем белден бір, 
Дүр­дүр етіп ұшар ед шаһит рухы көрден бір.

25
Дербес менің дауысым жатқан кезде
 
   жаңғырып, 
Еркіндіктің есінен кетпес едім мәңгілік!
Көк қасқаға ауысып, көк сағымды
 
   шұбыртып, 
Кең даланы бір шолсам, көздерімді жүгіртіп.
...Бара жатса көз ұшы бейнем менің сұйылып,
Дүниенің төрт жағы сәлем берер иіліп!

26
ТҮС ЖОРУ
Келбетімнен бүгін менің, аяулым­ау, нені
 
    ұқтың?!. 
Түнде менің пәк түсіме ақ көделер еніпті.
Толқып тұрған аппақ теңіз тербетілген
 
    сағым­дүр, 
Сезесің бе, мен даланы, дала мені сағынды...
Мені іздеген бала күнгі қоңыр көзді
 
   жылқылар 
Ақ көдені кешіп жүрді кісінесіп, шұрқырап.
Қос құлағын қайшылаған, жер тарпыған
 
    жұлқынып,
Маған ұқсас, өзі асаулау шапқылайды бір құлын.
Осқырына жақындайды, соза түсіп тұмсығын, 
Құшақтатпай қайта қашар кіп­кішкентай қырсығым!..
 
Анау жерде өзен жатыр балық толы құрсағы, 
Жағасында мен отырмын, қатып қалған құрт  шағып.
Сары құртпен араласа, бырдай­бырдай шашылып 
Жатыр екен қынаменен мың боялған асығым.
Қармағым да қолымдағы – қарағаштың бұтағы,
Ол бұтақтың өн­бойынан мөлдір­мөлдір шық ағып...
Ару самал тым мейірлі, маңдайымнан сипаған, 
Күй төгеді дөңгеленіп аспанда Күн­күйтабақ! 

27
Сиқырлы күй!.. 
Сиқыр сәуле!..
Сиқырлы бір ноталар!.. 
Бұлаң­бұлаң бұлт билейді, көтеріліп жотадан.
Ех, шіркін­ай, бүйтіп жаным шалқымапты
 
    бұрыннан,
Ох, шіркін­ай, Күннің исі аңқитындай құлыннан!..
Қандай бақыт!..
Ал есімде бақытсыздау балалық...
Әлде, Тәңір түспен емдеп бермек пе еді
 
    сананы?..
Сұм қалада жүрген кезде жан берісіп, жан
 
    алып,
Көптен күткен тылсым жақтан бұл бір ғажап жаңалық!..
...Бұл түсімді жору үшін көңілімді тасытқан 
Қылаң таңда оянып ап, тауға қарай асыққам. 
Таулы өзеннің жағасында қиыршық тас
 
   «шүкір!..» 
деп...
Тасқа айналып кеткен болды түсімдегі асықтар...

28
* * *
Беймезгіл... 
Жасанды үміттерім...
Сөнуден жалыққан жарықтаймын. 
Көкала көбелек­күдіктерім 
Көңілдің көшесінде қалықтайды...
Ішімнен өртенген іңірдеймін, 
Күдіктен тұтанған тамұқтаймын. 
Арсызға өлең күбірлеймін, 
Арлыны іздеуден жалықпаймын...
Кеудесін қызыл іңір еміп жатқан 
Батыстық құрлықтаймын. 
Тұмандар тірідей көміп жатқан 
Жарықтың
ұшқындарын ұлықтаймын.
Таппаған орманынан қайырымды 
   шыбықтаймын.
Көзіме көрсете айыбымды, 
айнадан сырғыған тұрықтаймын...
Шаршадым...
Періштеге де тіл қатпай иықтағы, 
Сайтанға да тіл қатпай миықтағы, 
Мен бүгін мына түнге құндақталып, 
Сәбидей келеді ұйықтағым...

29
ГЕНЕТИКА
Жетінші әкем жадымда менің. 
Жаңбырлатар аспан тезінен
Сансыз белгі...
Түсінбегенмін. 
Байқамағанмын. 
Сезінем...
Бөтен сезім, өзге пайыммен 
өте ме екен тегі өмір?..
Енді кіммен, қандай ойынмен 
сынайды екен мені Тәңір?..
Таңырқатады көрген түстерім... 
Тым бейтаныс маған әлем. 
Өзегімді өртейді үнемі іштегі 
сыртқа шықпай қалған өлең...
Қайда бастап барады мені 
мына сүрлеу?.. 
күнә­жарық?.. 
Күндер, жылдар тонады мені 
қай қалтарыста тұра қалып?..
Құпияға жетемін дедім,
«Ойлан, сұра, ақымағым!..» 
Қыс келгенде, сөнеді сенің 
жапырағың...

30
Жадымдағы жетінші әкенің 
дауысы тұр ғой  жаңғырып!..
– Кімсің өзің, менің бөтенім?
Қайда жүргенсің қаңғырып?..
Жауап бермейді. 
Ішімде менің
Жылайды әлі қанша рух?.. 
Мен ештеңе түсінбегенмін,
Ақымақ болар ма ем соншалық...

31
ТАЛҒАМ – ЭСТЕТИКАЛЫҚ АР-ҰЯТ
Ақбереннің өлеңдерінен озған заманнан әлдеқалай жеткен, кім 
біледі, дүниеге ақын болып жаратылуы тиіс, бірақ жаратылмаған 
күйінде кеткен, өзіне лайықты тағдыр ақын жүректі тапқанымен, 
бұл жолы да «мұратыма жете алмаймын­ау, кесімді күнім келген­
де осы ақын жүрекпен бірге тағы да бақиға кетемін­ау» деп апта 
мен күн, айды санамалап жылап тұрған әлдебір рухтың бейнесі көз 
алдыңызға келгенде қайран қаласыз.
Ақынның жас басына лайық келмейтін озық рухани тәжірибесі­
не емес, мүлдем басқа нәрсеге таңдай қағасыз. Себебі бұл жерде өт кен 
заманның өнер мұраты бізді тағы бір рет іздеп келіп тұр. Бірақ біз 
әлжуаз ұрпақ сол өнер мұратын кенересіне жеткізе алмай тағы да 
қор болмақпыз. Міне, бұл жерде ақынның бойын билеген озған заман 
мүддесі алдындағы жауапкершілік пен ұят сезіміне бас иесіз.
Бұл – адасқан, адасқан себепті кешіккен, кешіккен себепті ай­
нып, күйреп жеткен Мағжанның жыры!
«Поэзия – қанның сияға айналуы». Бұл сөзді Т. Элиот айтып­
ты.
Өз тарапымыздан айтарымыз, шын поэзия – ақынның Жа­
ратқан Иемен тілдесуі. Ақын Жан адамның аяғы баспаған жерді та­
уып қана дұғасын оқиды. Бұл жерде оқырман тек қана куә бола ала­
ды. Осы биік тұғырдан сәл төмен түсетін болсақ, поэзия – ақынның 
өзімен бастас, өзіне тең адамға жазған хаты.
Бұрындары поэзияны ат төбеліндей аз, озық оқырман оқитын. 
Қазір әдебиетте шын талғаммен қатар масскульт талғам, яғни 
нашар оқырман диктатурасы орнай бастаған сияқты.
Бір дәуірдің құлдары келесі дәуірге өткенде өнерге, әдебиетке 
тәртіп орнатқысы келіп, абақтының күзетшісі болғысы келіп аңсап 

32
тұрады. Бірақ шын поэзия өзіне өзі белгілеген заң­низамдармен ғана 
жүреді. Поэзияны түзетуге тырысу – аспанға қарауға, жұлдыздарды 
тамашалауға тиым салумен бірдей күлкілі әрекет. Түптің түбінде 
елді соңынан ерткендікі емес, елдің бәрі қарсы болғандікі ақиқат бо­
лып шығады.
Салют пен фейерверк аяқталғанда аспанда шын жұлдыздар ғана 
қалады. 
Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ, 
Жазушы, сыншы,
«Алматы ақшамы» газеті, 
11 мамыр, 2011 жыл

33


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал