Әділғазы Қайырбеков



жүктеу 7.14 Kb.

бет10/14
Дата22.01.2017
өлшемі7.14 Kb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит 
МҰҚАНОВТЫҢ сүйікті жары Мәриям МҰҚАНОВАМЕН 
сұхбат
– Апай, «Жамбылдың жасын берсін!»  деген  бата сөзді 
талай рет естісек те, сол жасқа жеткендерді көп көре 
бермеуші едік. Құдайға шүкір! Міне, Сіз алдағы қыркүйектің 
15-інде, бұйыртса, 100-ге толасыз! Сәбеңнің 100 жылдық 
мерейтойын 2000 жылы өзіңіз бастан-аяқ өткердіңіз! 
Ең алдымен, Сіздің 100-ге толатыныңызды «Алматы 

177
ақшамы» газеті жұртқа жариялап жіберді. Енді «Жүз 
жасқа келуіңізбен!» деген құттықтауларды естігенде, таң 
қалмаңыз. Біз де сол қуанышты құттықтаумен қоса, өзіңізді 
аздап әңгімеге тартсақ, көкейде жүрген кейбір сауалдарға 
жауап алсақ деп едік...
– Баяғыда біреу: «Быламық ішейін деген асым ба 
еді,  тоқсан  көрейін деген жасым ба еді?!» деген екен. Сол 
айтқандай, «жүзге келдіңіз!» деп жұрт  қанша желпілдетсе 
де, сол жүзге қалай жеткенімді өзім де байқамай қалдым, 
қарағым. Аллам бұйыртқан екен, енді оған да шүкір... 
Жамбыл атаның батасын алғандардың бірі  – менмін. 
Сәбитке еріп,  ол кісінің үйінде талай рет қонақта болдық. 
Өз дастарханымнан да дәм татырып, қолымнан шәй бердім. 
Сол кезде : «Қарағым, Мәриям, дәміңе рахмет! Менің 
жасымды берсін!» деген сөзі  күні бүгінге дейін құлағымда 
тұр. Қартайған Жәкемізді қызық көріп, қалжың айтып, 
күліп отырушы ек. «Күлсең кәріге күл!» деген.  «Әттең, 
екі аяғым! Әйтпесе, анау атқа ырғып мініп кете барар ем!» 
дегенін естігенде,  «мына шалдың дәмесін қарай гөр!» деп 
талай күлгенбіз. Енді соның бәрі басымызға келіп отыр. 
– Апай, сіздің төлқұжатыңызда туған жылыңыз 1909 
жыл деп жазылған. Өзіңіз 1910 жылғымын дейсіз? Осы 
қалай?
–  Сәбит екеуміз қосылған кезде нақты жасым 15-те еді. 
Совет өкіметінің кәмелетке толмаған қызды алуға болмайды 
деген пәрменінен қорқып, Сәбит менің жасымды 16-да деп 
жаздырып алған. Содан былай барлық құжаттарымда 1909 
жыл деп жазылған.
– Биыл 8 наурызда Қазақстанның халық жазушысы 
Әзілхан Нұршайықов ағамыз алғашқы болып өзіңізді «Жүз 
жасыңызбен» құттықтаған екен... 
– Иә,  Әзілханға рахмет! Қанша дегенмен де, ескі көз... 
Сәбитке деген     құрметіне ризамын.
–  Апай, Сәбеңнің «Өмір мектебінде»  Абылай қажының 
аты аталады.Сәбең екеуіңіздің қосылуыңызға осы кісі себеп 
болғанын айтып едіңіз...
–  Иә, әуелі Алла, сонан соң  Абылай қажы атам. Мен 
Қожахмет деген кісінің жалғыз қызы едім. 4 жасымда 
отызға да жетпеген әкем соқырішектен қайтыс болады. 

178
Артында аңырап әжем Зейнеп, жас шешем қалды. Содан 
мені «жалғыздың жалғызы» деп еркелетіп, бетімнен қақпай 
өсірген ғой. 
1926 жылы Орынбордағы оқуын бітіріп, елге келген 
Сәбитке ағайын-туыс, жанашыр адамдары  жар болар қыз 
қарастырады. Сонда осы Абылай қажы: «Біздің ауылда 
Зейнеп бәйбішенің Мәриям атты немересі бар. Сәбитке сол 
қыз лайық» депті.  Шешем ол кезде басқа бір кісіге тұрмысқа 
шығып кеткен. Көнгісі келмеген менің туған-туыстарымды 
да көндірген осы кісі екен. «Заман – Сәбиттердікі! Қызың 
бақытты болады!» деп әжемді де жұбатыпты. Ағайындар 
сол сөзге тоқтапты. Әйтпесе, кім білсін, мені жалаңаяқ 
жалғызбасты жігітке бермей қоюлары да мүмкін еді...
–  Сөйткен Сәбеңмен 47 жыл бірге өмір сүрдіңіздер... 
Жалпы, Сәбең тұрмыста өте жайлы адам болған сияқты ғой... ?
–  Сәбитпен  бірге өткен ол жылдар – менің ең бақытты 
кездерім. Маған еш уақытта даусын көтерген кісі емес. 
«Мәке, Мәке» деп, өмір бойы еркелетумен ғана өтті. Сәбит 
отбасының тірлігіне араласқан емес. Тек жазуымен ғана 
айналысты. Тіпті, қолына ақша да ұстамайтын. Будыратып 
әкеліп береді. Қалғанын өзім жайғастырамын. Жалпы, мінезі 
өте жұмсақ болатын. Балаларға да зекіп, ұрысқан кісі емес. 
Ал, менің қаталдығымнан олар ығып тұрушы еді. Сәбит 
барда ақшадан тарыққан кісі емеспіз. Қалай жұмсасаң да 
жетеді. Алайда, мен сол балаларды да үлде мен бүлдеге орап 
қойғаным жоқ. 
  –  Әйел адамдар алтын, бриллиант сырғаға құмар ғой. 
Ал, сізді құлағына ешуақытта сырға тақпаған дейді. Сол рас 
па? 
–  Рас. Құлағымды кішкене кезімде әжем теспекші 
болған екен. Сөйтсе, әкем мені аяп, жылайды деп, кейінге 
қалдыртыпты.. Ол кісі  қайтыс болған соң, әжем: «әкесінің 
сөзі еді» деп бұл әңгімені мүлде доғарды. Содан ба, құлақ 
тесу туралы ойлаған емеспін. Кейін қыздарым, келіндерім 
«тескізейік, бриллиант тағайық» деп еді, өзім келіспедім. 
Құлаққа жапсырып қоятын қымбат сырғаларым болды. 
Клипсі деуші ме еді... Ал, негізінен, мен алқа мен сақина 
тағуды ұнатушы ем. Сәбит туған күніме, әйелдер мейрамына 
үнемі қымбат сақина, алқа сыйлайтын. Жақұт, гауһар, 

179
алтын алқаларды тақтым. Сақинаның неше түрі болды ғой. 
Күні кешеге шейін саусағымнан тастамаушы ем. Кәріліктен 
бе, саусақтарымның еті қашып, сақиналарды тақпағаныма 
екі жылдай болды...
 Қазір осы жұрт сағатты көп тақпайды-ау деймін. Бәрі 
сығырайып, сотовыйларына  қарап жатады. Біздің кезімізде 
әйелдер үшін алтын сағат тағу дәстүр болатын. Олардың  да 
біразының қызығын көрдік...
 – «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» демекші, 
Сәбеңнің сүйікті асы – ет деген едіңіз бір әңгімеңізде. 
Сіздің дастарханыңыздан өзіміз де талай дәмді ет жедік. 
Етті баптап ұстау, сақтау дегендерді сіз кімнен үйрендіңіз? 
Сәбеңе тым жас қосылдыңыз ғой... Оның үстіне 15 жасқа 
дейін ұл балаша киініп, еркекшора болып өсіпсіз?
–  Сәбит екеуміз қосылып, 1926 жылы Қызылордаға 
келгенімізде, мен шынында да  бала едім.  Тамақ істеуді  
білмейтінімді байқаған Сәбит үйге бір қызметші орыс әйелін 
алды. Ол тамақтың түр-түрін пісіріп, үйдің ішін жиыстырып, 
тыным таппайды. Сәбит күні бойы жұмыста. Менің ішім 
пысады. Содан өзім құралыптас, менен жасы  сәл кіші 
көршінің қыздарымен қуыршақ ойнаймын. Ойнап отырған 
жерімде ұйықтап қалады екенмін. Ұйықтап қалған жерімнен 
Сәбит өзі көтеріп апарып төсекке жатқызады екен. Өзім 
шілбиген арықпын. Ауылда, кең жайлауда, көк шалғында 
еркін өскен бала едім, қаланың тымырсық ауасы, тамағы 
да жақпай, біразға шейін жүдеп жүрдім. Сәбит соның бәрін 
түсініп, жағдайымды жасауға тырысты ғой.  Бертін келе тек 
қазанға ет салуды ғана емес, тамақтың басқа да түрлерін 
пісіруді, тұшпара, бәліш, шәк-шәк,  көксалат жасауды да 
меңгере бастадық. Ғабит Мүсіреповтің әйелі Хұсни марқұм 
тамақтың шебері еді. Татар ғой. Қалада өскен. Оқыған. Біраз 
дүниені содан көріп, жазып алып, үйде  пісіріп үйрендім. Ал, 
ет баптауды әжем Зейнеп үйретті. Ол кісі 1937 жылы қайтыс 
болды. Кіші балам Ботажанды көріп кетті. Зейнеп әжем  өте 
ақылды, парасатты адам еді. Әйел де болса, сол кісіден ақыл 
сұрап, жүгініп келіп отырған талай ауыл адамдарын көрдім. 
Сәбит те әжемді ерекше сыйлайтын.
 
– «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» 
дегендей, күні бүгінге дейін сіз өзіңізді бірқалыпта ұстап 

180
келе жатырсыз. Көп нәрсені ұмытпағансыз, жақсы естисіз, 
жақсы көресіз. Осының сыры неде?
– Бұл алдымен бір Алланың сыйы болар. Денсаулыққа 
да байланысты. Жас кезімнен тамақты талғап ішіп, ас 
атаулыға құныққан емеспін. Үнемі қимыл-қозғалыста 
болдым.  Өкіметтің жұмысын істемесем де, ерте тұрып, елдің 
соңында жаттым. Аз ұйықтадым. Ұдайы сергек жүрдім. Бала 
тәрбиесі, үй шаруасы, қонақ күту  –  бәрі де өз мойнымда 
болды. Сәбитті соның ешқайсысына араластырмайын 
дедім. Адамның есте ұстау қабілеті жас ұлғайған сайын 
нашарлайды. Соны болдырмас үшін, қыздарым әртүрлі 
жадыны жақсартатын дәрумендерді әкеліп беріп жүреді. 
Әлі күнге шейін теледидарды көзілдіріксіз көремін, «Қазақ 
радиосын» күнделікті тыңдаймын. Телефонмен сөйлескен 
адамның даусын  да жақсы естимін. Біреулер кәрі адам ғой, 
нашар еститін шығар деп, айқайлап сөйлесетіндері бар. 
Оларға ақырын сөйлеп, жауап қатам. «Менің айқайлағаным 
әбес болды-ау, мына кісінің құлағы тәуір естиді екен ғой» 
дейтін шығар соңынан ...
– Сәбең 1926-1928 жылдары «Сұлушаш» атты өлеңмен 
жазылған романын дүниеге әкелгенде Сұлушаш бейнесін 
Сізге қарап сипаттаған деседі жұрт.
– Кім білсін, әйтеуір «Сұлушашты» жазып отырып, 
бірнеше рет шақырып алып, «Мәриям, шашыңды жайып 
жіберші! Көрейін» дегені бар. Өйткені, шашым өте ұзын еді. 
«Мәриям, шашыңды қиюшы болма» деп Сәбит қызғыштай 
қорып өтті.
–  Сәбең сізді қызғанушы ма еді?.. Әдемі әрі жассыз 
дегендей...
–  Қызғанбаушы ма еді!? Қызғанады ғой. Бірақ оны 
сыртқа шығарып көрген емес. Менің мінезім, бала кезімнен 
еркекшора, жалғыз өскендіктен бе, адуындау болды. Анау-
мынау адам маған орынсыз қалжыңдап, жеңіл ойын-күлкі 
көрсеткен емес. Оның үстіне Сәбиттің де беделі зор. Ғабиден 
Мұстафин, Ғабит Мүсірепов сияқты құрдастарының бетін 
өзім-ақ қайтарып тастаймын. Олар маған батпайтын. «Бұл 
пәлеге жоламаңдар» деп маңайларына ескертіп отыратын. 
Оның себебі бар. Жас кезіміз. Жаңа жылдың түнінде  бір топ 
жазушылар әйелдерімен  бір үйде қонақта болдық. Түннің бір 

181
уағында  сыртқа шықсақ, жер дүние аппақ. Тобықтан келер 
қар жауып тастаған. Қонақтан көңілді шыққан Ғабиден, 
Ғабит, Тайыр Жароков т.б. өңкей желігіп алған жігіттер: 
«мына келіншектерді қарға аунатайық» деп әйелдерге тарпа 
бас салды емес пе. Алыса-жұлыса кеттік. Әжептәуір қарулы 
да едім. Бір кезде алдымнан Ғабиден шыға келді. Ұмтыла 
берген оның сол қолынан шап беріп  ұстағанымда,  қолыма 
бас бармағы іліге кетті. Ойланбастан бұрап кеп жібердім. 
Ғабиденнің жан даусы шықты. Сөйтсем, бармағын шығарып 
жіберіппін. Сәбит қысылып: «Мәриям, байқамадың ба?» 
деп қалды. «Сол керек. Маған жолап несі бар» деп мен де 
қоймаймын.  Кейін  Ғабиденнің сол бас бармағы шор болып, 
қисайып бітті. «Міне, көрдіңдер ме? Мынау – Мәриямның ісі. 
Бұған жолай көрмеңдер!» деп, жұртты күлдіріп отыратын. 
Бір жылы қымбат қызыл шифоннан көйлек тіктіріп, 
қонаққа киіп баруға жиналдым. Мұны көрген Сәбиттің 
қабағы түсіп, ұнатпай қалды. Ақыры, сол көйлектен 
құтылуға тырысып, ауылдан келген абысынымның біреуіне 
кигізіп жібердім. Қызыл киген адам көзге түседі. Жұрт 
назары ауа береді. Сәбиттің мені қызғанғанын түсіндім. 
Содан былай қызыл көйлек киген емеспін.
– Өзіңіз ше? Ол кісіні қызғанушы ма едіңіз? 
Қызғанышыңызды қалай басушы едіңіз? Сәбең  саяхаттарда, 
шығармашылық  сапарларда көп жүрді ғой. 
–  Әрине, қызғанамын. Сәбиттей адамды қызғанбау 
мүмкін емес. Жұрттың бәрін әңгімесіне ұйытып, өзіне үйіріп 
отыратын Сәбитке қыз-келіншектердің де көзі түспеді 
деймісің. Бірақ, Сәбит көңіліме жаман, күдікті ой ұялатып 
көрген емес. Қайда барса да қасынан тастамай, ертіп жүрді. 
Курортқа менсіз барып көрген емес. «Мына тұрған Мәскеуге 
өзің-ақ бара берсеңші» десем де, болмай алып кететін. 
1956 жылы Қытайға барғанда ғана үйде қалдым. Шақырту 
тек Сәбитке ғана болды. Әйтпесе, мені де ерте кететін еді. 
Баруын барса да, екі күннің бірінде үйге телефон шалады. 
Ақшаңды үнемде десең де болмайды. «Үйге алаңдаумен 
жүрдім» дейді. Жалпы, бір-бірімізге қадірлі болдық. Көңіл 
қалатындай қатты сөз айтыспадық қой. Содан да болар, 
Сәбит өмірден кеткелі  36 жыл болса да, әлі күнге шейін 
сағынамын, есімнен еш уақытта шыққан емес.

182
–  Төрт ұл, екі  қыз тәрбиелеп өсірдіңіз. Балаларыңыздың 
бәрі орысша оқыпты. Ал, біздің білуімізше, Алматыдағы 
тұңғыш қазақ балабақшасын ашуға Сәбит Мұқанов көп 
ықпал жасады дегенді замандастары айтады. Сол кездегі 
қазақ зиялылары сияқты Сәбең де шарасыз халде қалған-
ау, шамасы...
Баларыңыздың ішінде Сәбеңнің жолын қуғандары, 
мұратын ұстанғандары жөнінде айтсаңыз. 
–   Сәбит тумысынан жалғыз, апа-қарындастары 
жастайынан шетіней берген. Атамыз Мұқан мен енеміз 
Балсары жалғыз ұлға зар болып жүргенде көрген баласы 
ғой. Содан да болар, Сәбит өте балажан еді. Арыстан, Марат, 
Алтай, Ботажан, екі қыз – Баян мен Жанна да әкелерінің 
алақанында өсті. Беттерінен қақпады. Бірақ, заманның 
соққан желіне біз де қарсы тұра алмадық па, бәрі орыс 
мектебінде оқыды. Мәскеуде, Ленинградта т.б. Ол кезде 
орысша оқымаған адам дүниеден құр қалады деп ойлайтын 
бәрі. Бірақ, балаларымыз мүлде орыс боп кеткен жоқ. Үйде 
қазақша, сыртта орысша сөйледі. Әр қайсысы әр түрлі 
мамандықты игерді. 
Үлкеніміз Арыстаннан кейінгі әкесіне  жақындауы 
Марат болды. «Тентек те болса, осыдан бірдеме шығады» 
деп отырушы еді Сәбит. Шынында да, Марат әкесінің жолын 
қуып, қолына қалам ұстады, тарихпен, этнографиямен 
шұғылданды. Қазақ халқының дәстүрін, салтын, шежіресін, 
киіз үйін, ішкен тамағына шейін зерттеп, кітаптар жазды. 
Ғылым докторы болды. Әкесімен көп әңгімелесетін. Ескі 
қазақ ауылындағы салт-дәстүрлер туралы сұрағыштап, 
қағазына жазып алып отыратын. Мараттың «Қазақтың киіз 
үйі» атты кітабы қазір көптеген шетел тілдеріне аударылды 
дейді.
Әкесінің соңында қалған мұрасын түп-түгел  есепке 
алып, тізбесін жасап, музейге өткізерде  Мараттың көп 
көмегі тиді...
– Апай, өздеріңіз 1965-1973 жылдары тұрған үйді музейге 
айналдыру туралы ой Сізге қалай келді? Кім көмектесті?
–  Сәбит 73 жасында дүниеден өтті ғой. Содан соң көп 
ойландым. Балалардың бәрі жеке-жеке үй болып, өз 
түтіндерін түтетіп отыр. Келімді-кетімді кісілер де азайды. 

183
Осы үйді музейге берсем деген ойымды ең алғаш құдам 
Ғабитке айтып ем, ол «...қайтесің, жылы ұяңда отыра 
бермейсің бе?!» – деген сыңай танытты. Оған да көңілім 
көншімеді. Дағарадай алты бөлмелі үйде жалғыз өзім не 
істеймін?!. Содан Қонаевтың қабылдауына өтініш жасадым. 
Күн белгіледі. Тілегімді айтып ем, қабыл алды. Содан соң 
өз жеке киім-кешегімнен басқа заттардың бәрін музейге 
қалдырып, жаныма немеремді алып, бөлек шықтым. 
Ал музейдің ашылуына Қазақ елін ұзақ жылдар 
басқарған Дінмұхамед Қонаевтың, Мәдениет министрі 
Өзбекәлі Жәнібековтің, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің, 
музейдің алғашқы директоры Хакім Бекішевтің, т.б. көп 
көмегі тигенін айтқым келеді. 
– Апай, Сәбеңнің жеке кітапханасының – бай кітапхана 
екендігін келіп көрушілер жиі айтады. Аса сирек басылым 
– Брокгауз бен Ефронның 86 томдық энциклопедиялық 
сөздігінің өзі көздің жауын алып тұр. Мына төрт мыңнан аса 
кітаптар мен қолжазбалар қалай жиналғанына бірден-бір 
куәгер адам өзіңіз...
– Мәскеуге барсақ та, Тәшкенге барсақ та, тіпті, 
Қызылжарға жолымыз түскенде де Сәбит ең алдымен кітап 
дүкендеріне бас сұғатын. Онымен бірге мен де жүремін. 
Алған кітаптары көбейіп, ең соңында, екі жақтап кітап 
арқалап қайтамыз. Өмір бойы кітап оқыды, кітап жазды 
және кітап жинады. Мен білетін Сәбит сол! Мен оның жиған 
кітаптарын шашау шығармай, сақтауға тырыстым. Музейге 
өткізгенше, қолды болып кетпесе екен деп, уайым шектім. 
Осы кітаптардың әр қайсысының беттерінде Сәбиттің 
қаламының ізі бар. Астын сызып оқитын еді, жарықтық, 
кітапты. Кейде қызыл, кейде көк, кейде қара қарындашпен 
қалдырған жазулары кітап беттерінде сайрап жатыр. 
Сондықтан да маған бұл кітаптар аса қымбат көрінеді. 
– Апай, бір күні Қызылордадан бір әйел хабарласты. Екі 
қабатты ескі үйде тұрамыз дейді. Үйдің қабырғасында «Бұл 
үйде 1928 жылы Сәбит Мұқанов тұрған» деген тақта бар 
екен. Сол үй жадыңызда бар ма? 
 –  Ой, Алла, үй әлі тұр ма екен?! Сексен жылдан асыпты-
ау! Қалай құлап қалмады екен, ә?! Есімде... бәрі есімде... 
Қызылжардан Қызылордаға көшіп келген соң аз уақыт 

184
пәтерде тұрдық та, содан соң өзіміз отау тіккен жеке үйіміз 
ғой! Иә, екі қабатты сары үй еді... сол үйде Сәкен, Бейімбет 
ағаларым қолымнан дәм татып еді. Өтіп бара жатқан уақыт-
ай! Шіркін, барып, сыртынан сол үйге бір қарасам ғой... 
Қайран, дүние...
 – Сәкен Сейфуллин мен Сәбең ағалы-інілі, мұраттас, 
мақсаттас, идеялас адамдар болды ғой. Сәкеннің жары 
Гүлбаһрам мен сіздің 1933 жылы қатар тұрып түскен 
фотосуреттеріңіз сақталып қалыпты...
– Иә, бұл суретке Мәскеуде, Гүлбаһрам Цветметзолото 
институтының жұмысшы факультетіне оқуға келгенде 
түскенбіз. Гүлбаһраммен өмір бойы сыйласып өттік. 
Сәкеннен айрылған соң бізді арқа тұтты. Қиындыққа 
қайыспайтын, өр мінезді әйел еді, жарықтық. Бір күні, осы 
музейге айналған үйде тұратынбыз, біреудің есік алдында 
әлдене деп айғайлаған дауысын естіп, сыртқа шықсам, 
Гүлбаһрам келіп тұр екен: – «Мынау не, есігіңнің алды көк 
мұз. Ойып, тазалап қоймайсың ба? Сәкеннің әйелі Сәбиттің 
үйінің алдында мұзға тайып жығылып, басын жарып, көшеде 
өліпті деген атқа қалдырайын деп пе ең?» –  дейді бұрқан-
тарқан ашуланып. Мен күліп: «Күлеке-ау, келе жатырмын 
деп, телефон шалғаныңда аяғыңның астына кілем төсеп 
қоятын едім ғой!» – дегенімде, ол да жадырап, күліп, екеуміз 
есіктің алдында құшақтасып амандасқан едік. Сыйлас көңіл, 
сондай...
 ...– Былтыр Ташкентте жол түсіп, Сәбеңнің 35 жыл дәмдес-
тұздас болған досы Ғафур Ғұламның музей-үйіне арнайы 
бардым. Қызы Алмаз басқарады екен. Сізге көп-көп сәлем 
айтқан болатын. Музейде Сәбеңнің Ғафурға сыйлаған қазақы 
ұлттық шапаны арнайы жәдігерлік ретінде экспозицияда 
тұр екен... Суретке түсіріп алдым...
 – Өзбек Ғафур Ғұламмен достығы ерекше еді. Түннің 
бір уағында телефон шырылдаса, «Бұл – Ғафур!» деп атып 
тұратын. Екеуі ұзақ сөйлесетін. Жиі жолығысатын. Сондағы 
әңгімелерінің арқауы – әдебиет, жазу өнері, ел бірлігі. 
Жан досының қазасы ауыр тиді: «Енді маған Ғафурдай 
дос қайда?!» деп отыратын. Сәбиттің достары көп еді ғой. 
Ғафурмен достығы бөлек еді... Үйін музейге айналдыруға 
қызы көп еңбек сіңірді деп естимін. Онысы дұрыс болған 

185
екен...
–  Апай, заман көп өзгерді ғой. Алаш арыстары ортамызға 
қайтып оралды. Мұражай қорын Сәбеңнің жеке мұрағатында 
ұзақ жылдар бойы жабық сақталған Шәкәрімнің, Ахмет 
Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек 
Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың т.б. кітаптары 
толықтырды. Соның бәрін жұртқа көрсетпей, тығып ұстау 
да оңайға түспеген болар?..
– Сәбит олардың кітаптарын шүберекке орап, жазу 
столының ең төменгі тартпасында ұстады. Кейде, оңашада, 
өзімен-өзі отырып, ескі кітаптарды ақтарыстыратынын 
байқайтынмын. «Мәриям, бұл кітаптарды ешкімге көрсетпе, 
ешкімге берме!» деп талай айтты. Кейін алашордалықтар да 
ақталды деген соң жарыққа шығардық қой. Бұлар – аманат 
арқалаған кітаптар. Жұрт не десе, о десін, Сәбит те солар 
сияқты елін, халқын, ұлтын, сүйіп өтті! Соған қалтқысыз 
қызмет етті. Заман ыңғайына жығылса, жығылған шығар. 
Кім жығылмады заман ыңғайына? Қазір де бәрі заманының 
сөзін сөйлегісі келеді....
– Сәбең өмірінің соңында «Қазақ қауымы» дейтін ұлт 
мүддесіне қызмет ететін сүбелі еңбек жазды. «Аққан 
жұлдызды» аяқтай алмай кетті. Музейде Шоқанның бәкісі 
тұр... 
–  Е, иә... Музей 1978 жылы ашылды ғой. Бір күні 
Шота (қазір Шот-Аман. Ә.Қ.) Уәлиханов келді. Қолында 
осы Шоқанның бәкісі, Мақының түймелері бар... «Сәбең 
Шоқанды ұзақ жылдар бойы зерттеді. Көлемді дүние 
жазуды жоспарлады. «Аққан жұлдыздың» екі кітабын да 
халық ықыласпен қабылдады... Мынау бәкі  – Шоқанның 
жеке мүлкі. Бабамыздың көзіндей... Сәбеңнің музейінде 
тұрса деген тілекпен әкелдім. Қабыл алыңыздар!»  – деді. 
Сонымен сол бәкі тұр музейлеріңде... 
– . Апай, сіз адамды бір көргеннен танисыз ба?
–  Негізі, адамды бір көргеннен танимын. Киіміне, жүріс-
тұрысына да қарайсың ғой, дегенмен, адамның кім екендігін 
көзі айтып тұрады. Сәбит біреулердің ант-су ішіп берген 
уәде сөздеріне қатты сенетін, кейде алданып та қалады. Мен 
сөзге сенбеймн, ал көзге сенемін!.. 
–Ырымшылсыз ба?

186
– Қатты ырымшылмын дей алмаймын. Дегенмен, әжемнің 
тізесінде отырып, жаңа туған Айға қарап: «Ай көрдім, аман 
көрдім. Жаңа Айда жарылқа, ескі айда есірке!»  –  деп бет 
сипарым бар. Үйге келген қонақ қайтарда есік ашпаймын. 
Кірерде есікті өзім немесе немерелерім ашады ғой, ал қонақ 
шығарда есікті өзі ашып шығуы керек! Бұл да бала күннен 
қанға сіңген дағды, әдет, ырым болса керек. Қонағыңа «ал, 
кете бер!» деп есік ашып тұрғаның ыңғайсыз емес пе?! Қазақ 
мұны да «құт, берекеге шығатын есікті өзің ашпа!» деп 
ырымдаса керек... 
– Сіздің қолыңызда Сәбеңнің Араб елдерінің біріне 
барғанда алып келген жайнамаз сақтаулы. «Музейге 
тапсырам» дегенсіз... Осы «Сәбең Құран сүрелерін жатқа 
оқитын» дегенді әрегідік естеліктерден оқып қаламыз... 
Жеке кітап қорынан «Құран» да табылды... 
– Е, Сәбит өзі «Өмір мектебінде» ауыл молдасынан 
оқығанын, сауат ашқанын, «Молда бала» атанғанын 
жазады ғой. Құранды да сол жас кезінде жаттаса керек. 
Кейін балшабек болып жүргенде жұрт көзінше оқуға 
қаймығатын... Бірақ, кейбір қысылтаяң сәттерде шала 
молдаларды ұялтып, Құран сүрелерін заулата жөнелгеніне 
өзім де талай куә болдым. Жарықтық, Жамбыл ауруханада 
әл үстінде жатқанда: «Нұр жауған «Балуан Шолағым», мен 
жүріп кеткенде алдымен өзің дұға оқы! Молда шақыртып 
жаназамды шығарт!» деп өсиет айтқан екен. Сәбит Жәкеңнің 
айтқанын бұлжытпай орындаған. Одан бұрынырақ, сол 
Жәкеңмен бірге жайлауда, оңаша үйде, қымыз ішіп, әңгіме 
соғып бірнеше күн қасында болғаны бар. Содан келгенде маған 
сыбырлап «Жәкеңмен бірге бес уақ намазға жығылдым!» 
деген еді. Жүрек түкпірінде Жаратқанның барына, Алланың 
хақ екендігіне белгісіз бір түйсікпен сенген болар, сірә... 
– Сәбең тұңғыш романы «Адасқандарды» 1928 жылы 28 
күнде жазып шыққан деген дерек бар... 
– «Адасқандарды» оқиғаның ізі суымай жатып-ақ 
жазғаны есімде. Сұлтанбектің (Бүркіт) сотында қоғамдық 
айыптаушы болып қатысты, мән-жайға толық қанықты, 
Сұлтанбектің күнделігін де іске жаратты, Мұстафаны 
(Мүсәпір) газет қызметкері ретінде біледі, Бәтимамен 
(Бәтес) сөйлесті   – әйтеуір қажет материалдарын да тез 

187
жинады, содан соң ыстық-суығы басылмай тұрған оқиғаны 
бірнеше апта бас көтермей жазып шыққаны есімде. 
«Адасқандар» кейін «Мөлдір махаббат» болып шықты ғой. 
Бірақ, көнекөз қариялар «Адасқандарды» көп іздейтін. 
Ақыры, 100 жылдық тойы қарсаңында «Елорда» баспасынан 
қайта басылып шықты ғой...
   – Сәбеңе киімді де өзіңіз таңдап алып береді екенсіз. 
Тіпті, қалтасына ақша да салмайды дедіңіз бірде. Соның 
бәрі тіршіліктің уақ-түйегіне назар аудармайын дегендіктен 
шығар... 
– Сәбит үй шаруасына көңіл бөлмегені сияқты, үстіндегі 
киіміне де көп назар аудармайтын. Таза болса болды, киіп 
жүре беретін. Зор денелі кісі болғандықтан, дүкендегі кез-
келген киім бойына қона кетпейді. Сондықтан, көбінесе 
костюм-шалбарларын арнайы тапсырыспен ательеде 
тіктіретінмін. Кейде бір көйлек немесе аяқ киім алып келіп 
кигізгенімде: «Мәриям, мынау маған шап-шақ екен. Осы 
сен менің размерімді қайдан білесің?» деп мәз-мәйрам 
болатын. Ақша санауды білмейтін. Оның қаншасы қайда 
жұмсалғанын есептеп жатпайтын. Содан да болар, айлығын 
маған әкеп береді де, керек кезінде қажет мөлшерде ғана 
сұрап алып жүреді. «Артық ақша қалтаңда жүрсін, керегі 
болып қалады!» десем де алмайтын. Бір жағы қасында мен 
жүрген соң алаңдамайтын болар... 

1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал