Әдеби kz cәйгүліктер Повесть Қабдеш Жұмаділов 24. 03. 2013 1 Әдеби kz



жүктеу 5.01 Kb.

бет8/9
Дата21.02.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9


Малшы  қауымның  жаз  жайлауда  көрген  аз  күндік  рақатын  желкелерінен 
сығып  алғысы  келгендей,  биылғы  қыс  қаһарына  ерте  мініп,  тым  жайсыз 
басталды.  Қараша  туысымен  сілбілеген  ақ  жауын  апта  бойы  ашылмай, 
жұртты  әбден  ығыр  қып,  бүркіп  тұрып  алды  да,  жылбысқа  жылауық  күздің 
арты  қылаулаған  қарға  айналды.  Ауа  іріген  сүттей  қоймалжың  тартып,  сай-
саланы тұмшалап алған соқыр тұман біразға дейін сейілмей қойды. Көктемде 
сәуірдің  сабалақ  бұлты  осы  Алатау  өңіріне  келіп  «құлындап»  еді.  Тек  арты 
қайырлы болғай. 
Соңғы  екі-үш  күнде  Ағыбай  аттан  түскен  жоқ.  Қарт  жылқышы  суық  қысып 
бара  жатқан  соң,  Күлайшаны  фермадағы  босаған  үйлердің  біріне  енгізіп, 
«уһ» деп жан шақырғаны сол еді, міне, ойламаған жерден тағы бір қарбалас 
жұмыс  табылды.  Мұндайда  жамандықтың  жалғыз  жүрмейтін  әдеті  ғой, 
осыдан бір апта бұрын Сайлаудың қарауындағы табыннан бес бірдей жылқы 
кем болып шыққан: Екі құлынды бие, бір құнажын байтал бар қасында. 
Жас жігіт тұманды күні байқамай қалған ба, әлгі бесеуі» үйірден бөлініп, бір 
қалтарыста  қалып  қойыпты.  Алғашқы  күндері  Сайлаудың  өзі,  тағы  басқа 
жігіттер кезектесіп іздеген болып еді, бәрі де ешбір дерек таппай, сандалып 
бос  қайтты.  Тәртіп  бойынша  себепсіз  жоғалған  малды  бақташы  төлеуге  тиіс 
болатын.  Бірлі-жарым  бас  болса  ештеңе  емес,  бес  бірдей  асыл  тұқымды 
жылқының орнын толтыру оңай ма, Сайлау байғұстың жүні жығылып, бір-ақ 
күнде еңсесі түсіп кетті. 
Жас жылқышы жыларман болып, Ағыбайға келіп мұңын шақты. 
— Екі күні бойы бармаған жер, баспаған тауым жоқ. Әбден басым қатты, Ақа. 
Жігіттер де сұрау салып көмектескен болып жүр. Бірақ біреудің жоғын біреу 
өлең айтып жүріп іздемей ме қазір. Серіктеріме де сене алмай отырмын. Бұл 

142 
Әдеби KZ 
өлкенің жер  жадысын  өзіңізден жақсы  білетін  кім  бар.  Тым  құрыса  көңілде 
түйткіл қалмасын, осы төңіректі бір арылтып беріңіз. 
Жас  серігінің  басына  түскен  тауқыметті  көре  тұрып,  Ағыбай  үйде  шыдап 
отыра алмаған. 
Егер жоғалған жылқы қолды боп кетпей, өз аяғымен ауа жайылып жүрсе, бір 
қалтарыстан  табылып  қалар  деген  үмітпен  бұл  да  атқа  қонып  еді.  Сайлау 
екеуі ат басын бұрар жерлерді алдын ала бөлісіп алып, бұлар екі күн ішінде 
осы  маңайдың  жылқы  жайылады  -  ау  деген  жықпыл  -  жыра,  ұры  сайларын 
түгелге жуық сүзіп шықты. Жалғыз-жарым қоныстанған шопан қыстауларына 
да  соғып,  өрісте  мал  жайып  жүрген  малшы  -  қосшыдан,  ары-бері  өткен 
жүргіншілерден  сұрастырып  көрді.  Бірақ  көрдік  -  білдік  деген  бір  жан 
табылмады. 
Бес жылқы суға батқан тастай ізім - қайым жоқ болып шықты. 
Осы  жоқ  қарау  үстінде  Ағыбайдың  көзі  жеткен  бір  нәрсе:  бұл  шынында  да, 
өмірдің шаңына ілесе алмай, қара үзіп, қалып қойған екен. Бұл білетін дала 
жұртының  жаратылысы,  мінез  -  құлқы  адам  танығысыз  өзгеріп  кетіпті.  Егер 
өзіне қатысты болмаса, өрісте сөдегей  - солпы жүрген үйірі басқа малға көз 
тоқтатып, көңіл аудару, ен-таңбасын біліп, адресін анықтау дегенді бұл жұрт 
қойған секілді... Баяғыда мұның жастау кезінде, тіпті осы бертінге дейін бәрі 
басқаша еді ғой. Әлдеқалай ауа жайылып, көз жаздырып кеткен саяқ малды 
іздеп тауып алу да қиынға соқпайтын. Мәселен, мінер жақ құлағының ойық 
ені  бар,  тұмар  таңбалы,  құйрығын  байталша  күзеген  қоңыр  бие  үйірінен 
бөлініп,  жоғалып  кеткен  екен  делік.  Бірақ  сонын  қай  уақытта  қалай  қарай 
беттеп  бара  жатқанын  көрген  -  білген  адамдар  ауылдан  ұзай  бере-ақ 
ұшыраса кетпейтін бе еді. Тіпті сенімен бірге ол да жоқ қарасып жүргендей, 
іздеген жылқының түр-түсі, ен - таңбасына дейін мөлдіретіп айтып бермейтін 

143 
Әдеби KZ 
бе  еді.  Қазекең  осы  үрдіспен  сұрау  сала  жүріп,  жол-жөнекей  қона  -  түстене 
жүріп,  арада  айлар  өтіп  кеткеннен  кейін  де,  жоғалған  малын  тауып  ала 
беретін-ді. 
Ал  қазір  ше?  Қазір  біреуден  бір  нәрсенің  жөнін  сұрап  білудің  өзі  қиынға 
айналып кетіпті. 
Әлде  «көрдім  деген  —  көп  сөз»  дегенге  ден  қойып  алған  ба,  әйтеуір,  жөн 
сұраған  адамыңнан  дұрыс  жауап  ала  алмайсың.  Кілең  бір  ештеңені 
көрмеген,  ештеңені  сезбеген,  барған  із  бар  да,  қайтқан  ізі  жоқ,  мылқау 
жандар...  Шіркін-ай,  мұндайда  жоғалған  малыңның  түсі  -  түгін,  ерекше 
белгілерін айтып қақсап тұрғанда, «жарайды, көз - құлақ бола жүрейік» деп, 
пейіл  білдірген  де  жақсы  екен  ғой.  Кейбіреулері  тіпті  тіл  қатуға  ерініп, 
бастарын шайқай салатынын қайтерсің. 
Осы жай Ағыбайдың жүрегіне майдай тиіп, меселі қайтқаны соншалық, келе-
келе  жолыққан  кісілерден  жөн  сұрап,  «мал  жоғалтып  жүр  едім»  деп  айтуға 
да  ыңғайсызданатын  болды.  Біреулер  жұрт  шұбырып  жатқан  кешеде 
ақшасын  түсіріп  алып,  артынан  соны  іздеп  жүрсе,  халық  қандай  күлер  еді? 
Қазір  жоғалған  малды  даладан  іздеп,  әркімнен  сұрастыру  да,  соған 
ұқсаңқырап кетіпті. Ағыбайға таңдана қарағандар да, күле қарағандар да көп 
болды.  Ақыры  өрісте  сиыр  жайып  жүрген,  жасы  елулер  шамасындағы  егде 
азамат  мұның  мына  жүрісі  тым  анайылық,  аңқаулық  екенін  бетіне  басып 
айтты да: 
—  Қазір  жоғалған  малды  айдаладан  іздеп,  бүйтіп  босқа  шаршамайды  ғой, 
ақсақал,  —  деді  ол  бұған  шын  жаны  ашып.  —  Бұл  күнде  баяғы  кең  сахара 
жоқ,  ауыл  арасы  тым  тығыз,  тарам-тарам  тас  жолыңыз  мынау,  ағылып 
жатқан  машинаңыз  анау.  Мұндай  тар  жерде  ауа  жайылып,  адасып  жүретін 
мал  болушы  ма  еді?!  Әй,  мен  бірдеме  білсем,  қолды  боп  кетті  ғой 

144 
Әдеби KZ 
жылқыңыз... Мінеки, суық түсті, деген соғымның уақыты. Біреулер түн ішінде 
машинаға тиеп апарып, жабық қораға бекітті де, бір-бірлеп сыбайластарына 
таратып  берген  шығар  -  ау.  Ендігі  талай  үйдің  қазаны  шұрқылдап  қайнап 
жатыр ма, кім білсін? 
Ағыбай  «ой,  жағыңа  жылан  жұмыртқаласын!»  дей  жаздап,  өзін  әрең  ұстап 
қалды. Іріген ауыздан шіріген сөз шығады... О несі, ей, былжырап? Әлгі жігітті 
жек көріп кеткені соншалық, көңіліне күдік ұялай қалды: 
—  Сен  өзің  қай  ауылдың  малшысысың,  шырағым?  Қолмен  қойғандай 
мөлдіретуің жаман, сол жылқыны өзің сойып алғаннан амансың ба?  — деді 
атын омыраулата жақындай түсіп. 
—  Әй,  ақсақал  -  ай,  жылқыны  жығып  алған  кісі  сізге  бүйтіп  ақыл  айтып 
тұрмайды  ғой,  —  деп  сиыршы  жігіт  жымиып  күлді.  —«Ауызы  күйген  үріп 
ішеді»,  өз  басымнан  өткен  соң  айтып  тұрмын.  Анада  бір  өгізім  ұшты  -  күйді 
жоғалып,  хабарсыз  кетіп  еді,  ақыры  біреулер  көкбазарға  апарып,  етін 
сатқалы  жатқан  жерінен  қолға  түсті...  Сіз  де  қапы  қалмаңыз,  ақсақал, 
жоғалған малыңызды ең алдымен милицияға хабарлағаныңыз жөн. 
Ағыбай қайдағы сұмдықты шығарып тұрған қу ауыз сиыршыны ұнатпай, қош 
айтпастан  жүріп  кеткен.  Бірақ,  ең  ғажабы,  сол  жігіт  бірдеңені  білетін  болып 
шықты.  Өзінің  көріпкелі  бар  ма,  айтқаны  айнымай  дәл  келді.  Ертеңінде 
жылқы  жоғалды  деген  хабарды  естіп,  фермаға  совхоз  басшылары  жетті 
шапқылап.  Директор  да  сол  сиыршының  сөзін  қайталап,  Отарқұл  бастатқан 
жылқышыларды жерден алып, жерге салды. Ферма бастығы 
Пернебекке де біраз кейіп алды: 
—  Мұндай  да  ашық  ауыз,  бейқам  боларсыңдар  ма?'  Бұл  күнде  жоғалған 
малды  кім  ат  сабылтып  айдаладан  іздеуші  еді?  Милицияға  неге 
хабарламадыңдар?  Сомадай  бастарыңмен  заңды  білмейсіңдер  ме?  Аяқты 

145 
Әдеби KZ 
малды  өрістен  іздеп  тауып  алатын  уақыт  әлдеқашан  келмеске  кеткен... 
Ойпыр-ай,  неткен  иіс  алмас,  топас  едіңдер?!  —  деп  бұлқан  -  талқан 
ашуланып,  ферманың  кеңсесінде  отырып-ақ,  аудандық  милиция  бөліміне 
қолма - қол телефон соқты. 
Ақыры  директордың  айтқаны  келді.  Арада  тағы  екі  -  үш  күн  өткенде, 
Қапшағайдан  хабар  жетті.  Бес  жылқыны  тиеп  алып,  түнделетіп  безіп  бара 
жатқан  бір  машина  жол  бойында  ұсталыпты.Табылған  жылқының  түр  -  түсі, 
ен-таңбасы  «Көктөбе»  жылқысына  дәлме-дәл  келіп  тұр.  Сайлау  байғұста  ес 
жоқ,  қуанғанынан  жылап  жіберді.  Келесі  күні  қасына  бас  зоотехникті  ертіп 
барып, жылқыны алып қайтты. 
Кейде кісінің ақылы қартайған шағында да кіре беретін көрінеді ғой. Ағыбай 
осы  оқиғадан  кейін  өзінің  бір  ағаттығын  айқын  түсіне  бастады.  Бұрын  ол 
жылқы түлігіне қасқырдан өзге жау жоқ, бұл жануарларды иен жатқан құмды 
өлкеге  апарып;  емін-еркін  өсіре  беруге  болады  деп  ойлайтын.  Енді  қарап 
отырса,  ол  жоспары  баланың  қиялындай  бос  бірдеңе  екен.  Қазір  жылқы 
байғұстың  сары  ізіне  түсетін  қасқырдан  басқа  да  жаулары  аз  емес  көрінеді. 
Топар даласында тарпаңға айналып, жабайыланып кеткен жылқыларды аңға 
шыққан  адамдар  машинамен  қуып  жүріп,  мылтықпен  атып  алады  екен 
дегенді  естігенде,  әй  бекер  шығар  деп  илана  қоймап  еді.  Соның  растығына 
күн  өткен  сайын  көзі  жетіп  келеді.  «Ет  тәттілігін  қойса,  мен  де  ұрлығымды 
қояр  едім»  депті  ғой  баяғыда  бір  ұры.  Ағыбай  жас  кезінде  жылқыны 
жетектеп кететін, немесе үйірімен айдай жөнелетін барымташы - ұрылардың 
шет-жағасын  көрген-ді.  Бірақ  одан  бері  қаншама  заман  етті.  Ондай  дала 
тентектерінің  тұқымы  тұздай  құрығалы  қашан.  Енді,  міне,  жылқыны 
машинаға  тиеп  алып,  тапа  тал  түсте  тас  жолмен  зымырайтындар  шыға 
бастапты...  Ой,  сұмдық  -  ай,  өлмеген  кісі  мұны  да  көреді  екен  ғой.  Ержан 
жиені  екі  сөзінің  бірінде:  «Бұл  ғасыр  —  жылдамдық  ғасыры»  деп  отырушы 

146 
Әдеби KZ 
еді, соның сөзі рас шығар, сірә? Жылдамдық дегеніңіз адамдарды алаламай, 
адалына да, ұры-қарыға да бірдей қызмет атқара беретін болғаны ғой... 
Шынында,  қазір  машинаға  жол  алыс  па,  бүгін  ұрланған  жылқы  ертеңінде 
мың шақырым жерден табылып жатса, оған таңданатын не бар?! 
Осы  жағдайды  неғұрлым  айқынырақ  сезінген  сайын,  Ағыбай  өзінің  ашық 
ауыз аңқаулығын, өмірден, соншама сырт буын тартып қалғанын мойындай 
бастады.  Жоғалған  жылқыны  неше  күн  бойы  ауыл  арасынан  іздеп 
сандалғанын  ойласа,  кірерге  тесік  таппай  ұялатын  болды.  Енді,  міне,  бұдан 
басқа жұрттың бәрі білгіш, бәрі айтқыш — айнала гу-гу әңгіме. Сөйтсе, малшы 
қауымның  кейінгі  кезде  екі  шоқып  бір  қарайтын  басты  қаупі  —  бұл  күнде 
тұқымы  құрып  бара  жатқан  даланың  бөрісі  емес,  түнделетіп  келетін 
машиналар  екен  ғой.  Оны  кім  білген?!  Жоқ,  Пернебек  дұрыс  айтады,  мал 
бағу  жөнінде  Ағыбайдың  заманы,  шынында  да,  өтіп  кеткен  екен.  Ендігі 
уақытта сақалын сапситып, жастармен жағаласа берудің орны жоқ, шылбыр - 
тізгінді соларға біржола беру керек екен. Заман — солардікі. Ағыбай елу жыл 
бойы  ат  арқасынан  түспей,  осы  өлкені  тұлпар  тұяғымен  талай  -  талай 
дүбірлетті.  Халықтың  ортақ  игілігі  үшін  жарғақ  құлағы  жастыққа  тимей, 
мыңдаған  жылқы  өсірді.  Осы  уақыттың  ішінде  атақ  -  абыройға  белшесінен 
батып кетпесе де, әй кәпір атанып, жаман аты шыққан жері жоқ. Тағдырдың 
мұнысына  да  мың  да  бір  шүкіршілік.  Қамбар  атаның  аруағы  кешіре  жатар, 
осы  абыройының  барында  жылқымен  қош  айтысып,  мұның  да  тыным 
алатын  кезі  келген  сияқты.  Осы  байламға  берік  бекіген  Ағыбай  жылқыны 
күнде көріп көзге күйік қылғанша, жылқылы ауылдан іргесін бөліп, алысырақ 
отыруды жөн көрген. Бірақ ол ойын іске асыруға үй жағдайы кедергі жасады. 
Амал  жоқ,  биылша  қарауылдық  міндетті  місе  тұтып,  осы  ферманы  қыстап 
шығуға  тура  келеді.  «Жылқы  атаулыны  жаңа  типті  жылы  қорада  ұстаймыз» 
деп,  Пернебек  қанша  желпілдеткенімен,  жаңа  тәртіпке  бірден  көше  қою 

147 
Әдеби KZ 
оңай болмады. Етке өткізетін екі жүз жылқыдан басқасы әзірше жайылымға 
шығып  жүр.  Жылқышылардың  тірлігіне  де  көп  өзгеріс  ене  қойған  жоқ,  бәрі 
де  бұрынғы  қалпында.  Күндіз  жылқыны  сырттай  бақылап,  қайырмақтап 
жүреді де, түнде кезектесіп күзетке шығады. Әнеугүнгі оқиғадан кейін тәртіп 
қатайып,  түн  баласында  табынды  көзден  таса  етпейтін  болған.  Түн 
қараңғылығында  әлдеқайдан  мотор  үні  естіліп,  машина  жарығы  жылт  ете 
қалса,  жылқышылардың  жандары  шығып,  мылтық  атып,  әлекке  түседі. 
Жұрттың  төндіріп  айтуынша,  кейбір  машиналар  фарын  әдейі  жақпай,  мал 
шетіне мысық табандап, тіпті ақырын жүріп келетін көрінеді. Ұсақ мал болса 
тірідей  олжалап,  ірі  қара  болса  атып  алудан  тайынбайды  деседі. 
Барымташылармен  баяғыдай  сойыл  сілтесіп,  айқасып  қалсаң  арман  не, 
мыналар  малды  жығып,  машинаға  салып  үлгерсе  болғаны,  бір  шеттен  сен 
айқайлап жеткенше, қарасын көрсетпей кетеді екен. 
Қатардағы  ұқыпты  жылқышы  болмағанымен,  қарауыл  деген  ат  бар, 
жылқының түнгі күзетіне Ағыбай да шығып жүр. Кейде кезекпен де санасып 
жатпай, әлдеқалай тығыз шаруасы шығып қалған жігіттердің орнына да бара 
береді. Міне, бүгін де солай болды: 
Бүгін  бір  табынның  күзет  кезегі  Отарқұлдың  өзіне  келген  екен,  ол  көрші 
ауылға  құдалыққа  кетіпті.  Содан  әлі  оралмаған.  Амал  жоқ,  атқа  жеңіл 
телпекбай Ағыбай шықты орнына. 
Қызыл іңірде кешкі асын ішіп, жылы киініп  алды да, Көккемердегі жылқыға 
қарай  бет  түзеді.  Декабрь  туғалы  күн  әжептәуір  суыта  бастаған-ды.  Ауадан 
бет  шымшылаған  шыңылтыр  аяз  білінеді.  Бірақ  Ағыбайдың  киімі  сайлы  еді: 
үстінде  қаусырмалы  қара  тон,  басында  түлкі  тымақ,  аяғында  ұзын қонышты 
саптама  етігі  бар.  Күзетке  арналған  нағыз  жылқышының  киімі.  Мына 
қалпында жай шағырмақ аяз түгіл, түтеген боранға да былқ ететін  түрі жоқ. 
Қыста ат үстінде жүрген адамның алдымен тізесі тоңатыны белгілі. 

148 
Әдеби KZ 
Жылқышылар  әсіресе,  мұның  қазір  еш  жерден  таптырмайтын  саптамасына 
қызығады. 
Қонышы  қара  саннан  келетін,  киіз  байпақты  қара  саптаманы  Ағыбай  бұдан 
он  шақты  жыл  бұрын  осы  елдегі  ең  соңғы  қазақ  етікшісі  Құмарға  үлгісін  өзі 
пішіп беріп тіктіріп алған. 
Онысын  жазда  аялап  тығып  қояды  да,  қыста  осындай  күзетке  ғана  киеді. 
Жүрісі сағыздау жуан тұғыр, жалдас торының дөкпек желісімен шоқырақтап 
отырып, ол бірер сағат шамасында Көккемерде жатқан жылқының шетіне де 
ілініп еді. Жаз бойы қалың егіннің ортасында қаға беріс қалып, оты басылмай 
соны тұрған кең қолаттың ішінде бір табын жылқы бытырай жайылып жатыр. 
Ағыбай  шеткері  бөлініп жүрген  үйірлерді  қайырмақтап,  сай  табанына қарай 
жапырды  да,  өзі  қыр  басында  маңайын  шолып  тұрып  қалды.  Осы  арадан 
ойпатта  жайылып  жатқан  көп  жылқы  да,  сонау  тау  жол  бойындағы  оттары 
жарқырап өтіп жатқан машиналар да ап-анық  көрінеді. Оң жақ бүйірде қол 
созым жерде атақты шопан Жүністің қыстауы тұр. Өздері әлі жата қоймаған 
ба,  терезесінен  от  жылтырап,  ат  үстінде  тоңазып  тұрған  жылқышыны  жылы 
мекенге шақырғандай болады. 
Біраздан  бері  Қоянкөк  те  өрістегі  жылқының  ішінде  болатын.  Ағыбай 
маңдайға  басқан  жалғыз  жорғасын  көзінен  таса  еткісі  келмей  аз  уақыт 
қорада  ұстап  көріп  еді,  Пернебек  пен  Отарқұл  бір  аттың  шөбін  ауырсынып, 
әлсін-әлі  қыңқылдай  берген  соң  амалсыз  жылқыға  қосып  жіберген.  Күзетке 
жиі  шыға  беретіні  де  —  сол  жануардың  қамы.  Қазір  де  Қоянкөкті  көрмек 
болып, үйірлерді аралап байқап еді, қараңғыда көзіне түсе қоймады. Сәурік 
неменің әлі де жыны басылмай, шет жақтағы саяқтарды иектеп жүр ме, бүгін 
әдетінен жаңылып, Ағыбай келгенде, оқыранып дыбыс та бермеді. 

149 
Әдеби KZ 
Әлі  де  Ай  туа  қоймағанымен,  ала  шабыр  қар  жатқан  дала  төсінде  бозамық 
сәуле  бар.  Қара  барқын  түнгі  аспанды  алтынмен  аптағандай  сансыз 
жұлдыздар  жымыңдайды.  Бұл  ғұмырында  Ағыбай  қанша  түнді  ашық  аспан 
астында кірпік ілмей, жылқы күзетінде жүріп өткізді екен?! Қанша қыс, қанша 
жаз  қайталанды  содан  бері?  Уақыт  шіркін  қалай  зымырап  тез  өтеді.  Ат 
үстінде  құрыққа  сүйеніп  тұрып  қор  ете  түскен  қас  қағым  сәттей  тым  келте 
екен ғой өмір дегенің. Ал мына жаратылыс, күн мен түн, аспан мен жер сол 
баяғы  қалпында  мизімей  тұра  береді.  Мына  бір  қозданып  жатқан 
қоламтадай жұлдызды аспан мұның жас кезінде де дәл осылай төбеден төне 
қарап  тұрушы  еді,  сол  күйінен  бір  өзгерсеші.  Терістіктен  тапжылмайтын 
Темірқазық та, соның дәл түбінде «арқандаулы тұрған» Сары ат пен Көк ат та
сол  екеуін  қалай  ұрлаудың  ретін  таппай,  Темірқазықты  шыр  айнала  беретін 
Жетіқарақшы  да,  бәрі-бәрі  бұған  етене  таныс,  ескі  досындай  сыралғы. 
«Жерде  сен  көз  ілмесең,  көкте  біз  көз  ілмейміз.  Мұнымыз  да,  сырымыз  да 
бір»  дегендей,  әрқайсысы  алыстан  көз қысып  тіл  қатқандай  болады...  Міне, 
үзіліп түскен бір уыс маржандай шоқтанып үркер де көтеріліп қалыпты. Енді 
біраздан кейін қорғалап қалған Ай да қылаң беруге тиіс. 
Ағыбай  көзіне  ұйқы  тығыла  берген  соң,  насыбай  атпақшы  болып,  қалтасын 
сипалап  еді,  таппады.  Қап,  мына  қырсықты  қарашы!  Қылшаның  күліне 
үгітілген қара бұйра насыбайды мүйіз шақшаға толтырып, терезенің алдына 
қойып еді, жүрерде тарс есінен шығып кетіпті. 
Әлгі кемпірі түскір де етегіне сүрініп жүріп, еске салғанды білмейді... Қанша 
ұмытқысы келіп өзін алдарқатып көргенімен, насыбайы құрғыр есіне жиі түce 
берді. Ауылға баруға алыс, бірнеше белдің астында қалды. Әлде мына тұрған 
Жүністің қыстауына соғып, насыбай атып қайтса ма екен? Жүніс құрдасының 
насыбайға  сараңдығы  жоқ  сияқты  еді,  бір  таңға  мұның  ауыртпалығын 
көтермес деймісің. 

150 
Әдеби KZ 
Ол  тебінде  жатқан жылқыны  көзімен шола, Көккемердің шығыс  жағындағы 
қырқаға  көтерілген.  Шопан  қыстауы  мына  жерден  тіпті  тұспа  -  тұс,  жақын 
көрініп  кетті.  Қорасына  жаққан  шамдары  самаладай  самсап,  сол  маңнан 
күркілдеген  движок  үні  де  еміс-еміс  естіліп  қалады.  Ағыбай  бұдан  ары 
шыдай  алмай  кетті.  Торы  аттың  басын  бұрып  алды  да,  Жүніс  қыстауына 
қарай шоқыта жөнелді. 
Бірақ  түнгі  жолдың  алыстап  кететін  әдеті  ғой,  жаңағы  көрініп  тұрған  от 
жеткізсеші.  Екі  аралықта  су  орып  кеткен  жар  бар  екен,  соны  айналып  өтіп, 
қыстауға  сүт  пісірім  шамасында  әрең  жетті.  Беймезгіл  жолаушыны  шопан 
ауылының иттері түтіп жеп қоярдай үзеңгіге секіріп, маңайды басына көтере, 
дүрлігіп  қарсы  алды.  «Шаруасы  шалқып  тұрған  малшыны  итінің  үргеніне 
қарап-ақ  айыруға  болады  деуші  еді,  сірә,  биыл  Жүністің  беталысы  жаман 
болмас» деп ойлады Ағыбай ішінен. 
Үйден  тонын  желбегей  жамылған  жастау  жігіт  шықты.  Жүністің  ер  жеткен 
ұлдарының бірі екен; Ағыбайды танып, иттерін зорға тыныштандырды. 
— Әкең үйде ме?—деді жылқышы ат үстінде тұрған беті. 
— Бар ғой. Түсіңіз... Үйде қонақтар бар еді, жақсы келдіңіз. 
—  Жоқ,  рақмет.  Бала-шағаны  дүрліктірмей  -  ақ  қояйын.  Әкеңе  айт,  мойнын 
бұрып кетсін. 
Жас жігіт үйге кірген соң, көп кешікпей далаға Жүністің өзі шықты. Көңілденіп 
алған ба, қалай, сонадайдан самбырлап сөйлеп келеді. 
—  Ағыбаймысың  ей?  Баяғының  белсенділері  құсап  ат  үстінде  неге  тебініп 
тұрсың? 
Түспейсің бе? 

151 
Әдеби KZ 
—  Алда  разы  болсын.  Рақмет.  Жылқыда  жүр  едім...  Қара  басып,  бүгін 
шақшамды үйге тастап кетіппін. Өлтірмесең маған екі-үш атым насыбай бер. 
—  Сен  жылқыны  қойды  деп  еді,  құрығыңды  әлі  тастамаған  екенсің  ғой?  — 
Жүніс  жақындап  келіп,  торы  аттың  шылбырынан  ұстады.  —  Насыбай 
табылады. Алдымен үйге кіріп, бой жылытып алмайсың ба? 
Ағыбай жылқының иен жатқанын, үйге кірсе отырып қалатынын айтып, аттан 
түспеді. 
—  Сен  де  қажымайсың  -  ау,  құрдас.  Жылқы  десе  ішкен  асын  жерге  қоятын 
сол баяғы қалпың. Сен екеуіміз кеткен соң, «Көктөбенің» күні не болар екен 
осы?  —  деп  Жүніс  қарқылдап  күліп  алды.  —  Білем  ғой,  насыбайдың  азабы 
деген  бір  пәле.  Қазір  шылымды  кім  көрінгеннен  сұрап  тартуға  болады.  Ал 
насыбайшыны  жолықтыру  өте  қиын.  Кішкене  тұра  тұр.  Осы  қазір-ақ  сенің 
көзіңді шырағдандай жандырайын. 
Соны айтып үйге кіріп кетті де, көп айналмай қайта шықты. 
—  Мынау  бір  дәріден  босаған  құты  еді,  соған  сықап  толтырдым,  —  деді 
кішкентай шишаны мұның қолына ұстата беріп. — Бір таңға жетіп қалар. Оған 
дейін мынадан құмарыңды қандырып бір атып ал, — деп, өзі шақшасын қоса 
ұсынды. 
Ағыбай мүйіз шақшаны ердің қасына тық-тық еткізіп бір-екі рет қақты да, көк 
бұйра насыбайды алақан шұқырына толтыра, астыңғы ерінге тастап жіберді. 
—  Па,  нағыз  шал  жығардың  өзі  екен  ғой!—деді  бойды  шымырлатқан  ащы 
уытты бірден сезініп. 
Жүніс  бүгін  көңілді  екен.  Мына  жеті  қараңғы  түнде  аспан  астынан  тағы  бір 
насыбайшы табылып, өзін ат сабылтып іздеп келгеніне разы сияқты. 

152 
Әдеби KZ 
— Баяғыда насыбайдың тақыршылығы өткен сен сияқты біреу дарияның ар 
жағынан  тағы  бір  салт  аттыны  көріпті  ғой,  —  деді  ол  тың  әңгіме  бастап.  — 
Әлгіден  насыбай  сұрап  атайын  десе,  өзеннен  өту  қиын.  Екеуі  алыстан 
айқайласып,  зорға  тіл  қатысады.  Сонда  амалы  таусылған  әлгі  байғұс:  «Әй, 
тым  құрыса  насыбайыңнан  мен  үшін  бір  атшы»  —  депті  ар  жақтағы  кісіге. 
Анау  да  жағдайды  түсіне  қойса  керек,  шақшасын  бұған  көрсете  шалқайып 
тұрып  қағып  салады.  Сонда  әлгі  сорлы:  «Па,  шіркіннің  күші  -  ай!»  деп, 
шалқасынан құлап түскен екен. Соның кері болды-ау сенікі де. 
Екеуі  насыбайшылар  жөнінде  әр  түрлі  күлдіргі  әңгімелер  айтып,  тағы  біраз 
тұрып қалды. 
Насыбайшы мінген аттардың да әбден жаман үйреніп алатыны, жол үстінде 
біреудің  қарасы  көрінсе  -  ақ,  тұра  қалатыны  сөз  болды.  Қарашыл  жылқыға 
айтылатын  «насыбайшының  атындай»  деген  сөз  содан  қалыпты.  Кейбір 
сараң  насыбайшылардың  екі  қалтасына  екі  шақша  салып  жүретіні,  біреу 
насыбай  сұрай  қалса,  «бұйырмасын»  деп,  бос  шақшасын  көрсететіні  де 
айтылмай қалған жоқ. 
—  Е  -  е,  бұл  насыбайға  деген  құмарлық  мына  дүниені  қойып,  о  дүниеге 
барғанда  да  басылмайтын  көрінеді  ғой,  —  деді  құрысы  -  тырысы  жазылып, 
маңдайы  терши  бастаған  Ағыбай  да  қарыздар  қалғысы  келмей.  —  Баяғыда 
бір  насыбайшы  өліп,  ел  -  жұрты  жиналып  жерлемей  ме.  Көпшілік  қабір 
басынан  қырық  қадам  ұзаған  соң,  әлгіден  жауап  алу  үшін,  әңкүр  -  мәңкүр 
аталатын  екі  періште  келіпті.  Екеуі  келген  бетте  -  ақ  күрзілерін  оңтайлап, 
«рәббің  кім?»  деп  қадала  кетеді  ғой,  баяғы.  Сонда  бірнеше  күннен  бері 
насыбай  ата  алмай,  әбден  зарығып  жатқан  әлгі  марқұм  періштелерге 
алақанын  жайып:  «Әй,  өзің  рәббің  -  сірәббіңді  қоя  тұрып,  былжырамай 
насыбайыңнан әкелші» деген көрінеді... 

153 
Әдеби KZ 
Ойда  жоқта  ұшырасқан  екі  насыбайшы  осылайша  күлкімен  біраз  көңіл 
сергітіп, ақыры қоштаса бастады. 
—  Айтпақшы,  Жүке,  сағатың  қанша  болды?  —  деді  Ағыбай  атының  басын 
бұра беріп. 
— Жаңа мен шыққанда он екі жарымды көрсетіп тұрған. 
Ағыбай шабан торыны бауырлай тартып жіберіп, жаңағы келген ізімен қайта 
салды. 
Шопанның тайыншадай төбеттері ат үстінен алып түсердей өршеленіп, біраз 
жерге  дейін  апарып  тастады.  Келуі  -  қайтуы  бар,  Жүніспен  әңгімелесіп 
тұрғаны  бар,  бәрін  қосқанда  бөгелісі  сағатқа  тола  қойған  жоқ.  Дегенмен, 
жылқының  жолға  тым  тақау,  қараусыз  қалғаны  есіне  түсіп,  Көккемерге 
жеткенше асығып келеді. 
Жасының жетпіске таяғанына қарамастан, Ағыбайдың әлі күнге дейін көзінде 
ақау,  құлағында  мүкіс  жоқ  еді.  Жылқы  жатқан  сайға  бір  қырқа  қалғанда, 
кенет  құлағына  шып  ете  қалған  бір  жат  дыбыс  естілгендей  болды.  Біреу 
қамшымен  әлденені  осып  жібергендей,  немесе  ағаш  бұтағын  шарт 
сындырған  тәрізді  ме,  соған  ұқсас  бірдеңе.  Кейде  түнде  атылған 
малапульканың үні де осылай естілуші еді... Ағыбайдың онан арман тынышы 
кетіп,  торының  барбаңдаған  шабысымен  манағы  төбе  басына  қайта 
көтерілді.  «А,  құдай,  бәле-жалаңнан  өзің  сақтай  гөр!»  дей  береді  әлсін-әлі. 
Бұл  кезде  Алатау  заңғарынан  жарты  шеке  ай  сығалап,  жота-жондарға 
бозамық  сәуле  түсіре  бастаған-ды.  Тек  жылқы  жатқан  аңғардың  іші  ғана 
қоңыр  көлеңкеге  шып  толып,  қарауытып  тұр.  Ағыбай  ат  үстінен  созыла 
ұмсынып,  қараңғылықты  жанарымен  тінтіп  үңіле  қарады.  Бәлендей  өзгеріс 
байқалмайды. 

154 
Әдеби KZ 
Маңайда  жылт  еткен  жарық,  не  күдік  тудырар  дыбыс  жоқ.  Айнала  тым-
тырыс.  Алыстағы  тас  жол  бойында  да  қозғалыс  атаулы  тоқтаған  секілді.  Тек 
жылқы  үйірлері  манағы  орнынан  сәл  әрге  қарай  сырылып,  шоғырланып 
қалған ба қалай? Ит - құс тиді ме дейін десе, оның да қисыны келіңкіремейді. 
Олай  болғанда  көп  жылқы  шұрқырап  белгі  берер  еді  ғой.  «Түнде  жортқан 
түлкіден  бе,  бірдеңеден  секем  алған  -  ау,  шамасы»  деп  ойлады  Ағыбай. 
Сайдың төменгі аузында ескі қыстаудың орны жатушы еді, қырқаны қабақтап 
солай  таман  барды  да,  сезік  тудырар  ештеңе  білінбеген  соң,  кейін  қайтты. 
Төңірек  құлаққа  ұрған  танадай.  Оқта-текте  жайылымдағы  жылқының 
пысқырғаны,  жабағы  -  тайларын  іздеген  биелердің  оқыранғаны  естіледі. 
Алайда  қарт  жылқышының  жүрегі  бір  сұмдықты  сезгендей  ойнақшып, 
қобалжуын  қоймады.  Енді  ол  сай  табанына  түсіп,  жылқыны  жақын  жерден 
барлағысы келді. 
Қиялап  төмен  түсіп,  үйірлерді  көзімен  шола,  баяу  аралап  келеді.  Құлын  - 
тайы  аралас  екі  жүз  қаралы жылқыны  түн  ішінде  түстеп  түгендеу  де  мүмкін 
емес.  Дегенмен  көз  мөлшерге  қаралғысы  толық,  бөлініп  -  жарылғаны  жоқ 
сияқтанды.  Көбік  қармен  жасаң  тартқан  ақтық  пен  таспа  қияқты  іскектей 
жұлып,  қадалып  жатыр.  Кейбір  қартаң  биелер  мен  жасамыс  аттар 
құлақтарын  қайшылап,  сайдың  төменгі  жағына  осқырына  қарап  қояды. 
Қалайда, сол жақта бір жат сыбыстың бары анық. Ағыбай жылқының арасын 
баспалап,  тықырын  білдірмей,  солай  таман  аяңдады.  Ат  жалына  жабысып, 
төңірегіне  жиі  құлақ  түреді...  Кенет  манағы  ескі  қыстаудың  орнынан  еппен 
шабылған  балта  дыбысы  тәрізді  бірдеңе  естілгендей  болды.  Біреулер  ескі 
қораның қалған - құтқан ағашын бұзып алып жатыр ма екен? Бірақ сол үшін 
түнделетіп,  ұрланып  келетіндей  не  бастарына  күн  туыпты?  Әй,  мынау  тегін 
емес.  Әлде  шынымен-ақ...  Түнгі  жорыққа  шыққан  жанкешті  біреулер  бір 
жылқыны  жығып  салып,  жәукемдеп  жатпасын.  «Қаупің  неден  болса  — 
ажалың содан» дейді. Ақыры мұның басына да келді-ау бұл зауал. 

155 
Әдеби KZ 
Манағы  естіген  дыбысы  да  тегін  болмады,  баспалап  келіп,  монопулькамен 
атып алған - ау, иттер... Бәсе, солай болды. Кенет ескі қыстаудың қалқасынан 
қол  фонарьдың  жарығы  сумаң  ете  қалды.  Сол  маңнан  біреулердің 
қараңдаған  сұлбасы  көрінеді.  Дәл  қастарында  үсті  қорапты  бітеу  машина 
тұр...  Ағыбай  жерге  түсе  қалды  да,  атын  жанасалай  жетектеп,  жиырма-отыз 
қадамдай  жақын  келді.  Әлгілердің  өз  жұмысы  өзінде,  жанталас  қимыл 
үстінде мұны байқайтын емес. Анда-санда күбір-сыбыр тіл қатысып қалады. 
Біреуі  фонарьды  бір  өшіріп,  бір  жағып,  жарық  түсіріп  тұр  да,  қалған  екеуі 
әлденені кесек – кесегімен көтеріп, машинаның артқы есігіне енгізіп жатыр. 
Осы сәт жылқышының қаны басына теуіп, жүрегі тоқтап қала жаздады. Алда, 
атаңа  нәлет,  иттер  -  ай!  Мыналардың  тиеп  жатқаны  ет  қой,  кәдімгі 
жылқының  еті...  Оңбағандар  -  ай,  сойған  малының  терісін  де  сыпырмастан, 
қолын  -  қол,  санын  -  сан  күйінде  балтамен  шауып  алып,  машинаның  үстіне 
лақтырып жатыр. Қаралдысына қарағанда, бір емес, екі жылқының сорабы... 
О,  жасаған,  мұндай  да  сұмдық  болады  екен-ау!  Жауыздар  -  ай,  жан  иесін 
тірідей  балталауға  қалай  ғана  дәттері  барды  екен?!  Ата-анадан  туып,  бала-
шаға  бағып  жүр  ме  екен  осылар  да?  Өз  ұғымына  мүлде  симайтын  өрескел 
көріністен есі шығып, Ағыбайды бір сәт үрей билеп кетті. 
Жөпелдемеде  ойына  түскен  бір  нәрсе,  машинаның  номерін  біліп  қалғысы 
келген.  Бірақ  қаншама.  ентелегенімен  қараңғыда  көзіне  ештеңе  іліге 
қоймады. 
Апыр-ай, екді не  істесе екен? Мына оңбағандар екі бірдей жылқыны сойып 
алып,  әй-шәй  жоқ  кете  бермек  пе,  сонда?  Қап,  мылтық  ала  шықпағанын 
қарашы! Мылтық асыну әдетінде жоқ еді, сол шалағайлығына енді өкініп тұр. 
Құр  сойылмен  не  істей  алады  мыналарға?  Әттең,  ат  үстіндегі  айқас  болса, 
ақтық демі біткенше күш сынасып көрер еді. 

156 
Әдеби KZ 
Жанкешті  немелер  дәл  қазір  мұны  бір  оқпен  қатыра  салудан  да  тайына 
қоймас. 
Дегенмен  ол  мыналарды  ешбір  кедергісіз  жібере  салуға  да  болмайтынын 
ішкі  бір  сезіммен  түйсінгендей  болды.  Ертең  ел  -  жұртқа  не  бетін  айтады? 
Басшыларға  не  деп  жауап  береді?  «Түн  ішінде  біреулер  келді  де,  екі 
жылқыны сойып, машинаға басып алып кетті» дей ме? 
Оның бұл ертегісіне жұрт сенсе жақсы, сенбей жүрсе ше? Жоқ, мыналармен 
бір  айқасып  қалмай,  жібере  салуға  болмайды  екен.  Мейлі,  атса  атып-ақ 
тастасын. Жаны — арының садағасы. Жетпіске келгенде қара бет болып, жер 
шұқып отырғанша, өліп кеткенінің өзі жақсы. 
 
Осындай  ойлар  басында  нажағайдай  ойнап  өткен  Ағыбай  атына  мініп, 
сойылын  оңтайлап  ұстады  да,  ұрыларға  тұтқиылдан  дүрсе  қоя  беруге  бел 
байлады.  Бұл  сәтте  аналар  да  жүктерін  тиеп  болып,  жүріп  кетудің  қамына 
кірісіп жатқан. Біреуі машинаға от алдырып, қалған екеуі жердегі ұсақ-түйекті 
жинастырып  жүр.  Қауіп  -  қатерді  ұмытқан  секілді,  манағыдай  емес  еркін 
сөйлесе бастады. 
—  Мына  бас  пен  ішек  -  қарынды  қайтеміз,  аламыз  ба?  —  деді  біреуі 
дауыстап. 
—  Бастың  керегі  жоқ.  Ішек  -  қарынды  тастама,  —  деді  екіншісі.  —  Жылы  - 
жұмсағының өзі сонда емес пе, ақымақ?! 
Ағыбай шыдай алмай кетті. Атын тебініп: 
— Әй, иттің балалары, не істеп жатырсыңдар? Тастаңдар етті жандарыңның 
барында!— деп, сойылын білеп тұра ұмтылды. 

157 
Әдеби KZ 
Ұрылар да зыта жөнелуге әзір тұр екен. Біреуі жабық машинаның ішіне сүңгіп 
кетті  де,  екіншісі  кабинаға  қарғып  шықты.  Соны  күткендей  машина  да 
орнынан қозғала берді. 
Ағыбайдың  бар  қолынан  келгені  —  березентпен  бе,  әлде  фанер  тақтаймен 
бе, қапталған бітеу машинаның қорабын сойылмен бір-ақ рет салып өтті. Жан 
дәрмен алдын орамақ болып еді, үлгере алмады. 
Сұмдығын ішіне бүккен бітеу машина сай табанындағы сүрлеу жолға түсті де, 
біртіндеп  ұзай  берді.  Ағыбай  жанталаста  не  істерін  білмей,  атының  басын 
кері  бұрып,  жаңағы  қанды  қасаптың  орнына  келген.  Олар  да  өлермен  -  ақ 
екен, іске татитын ештеңе қалдырмапты. 
Әр жерде тірсектен қиылған сирақтар қан-жыны аралас өкпе - бауыр, тістері 
ақсиып,  көздері  жалтыраған  екі  бас  жатыр.  Бұл  кезде  қабақтан  көтерілген 
мұжық  ай  да  сай  табанына  себіздеп  жарық  түсіре  бастаған-ды.  Ұрылардан 
қалған  ұзын  сапты локет  балтаның  жүзі  ай  нұрына  шағылып,  жалт  ете  түсті. 
Ағыбай  ат  үстінен  еңкейіп,  жерге  қайта  төнді.  Жұртта  қалған  екі  бастың  бірі 
көзіне  жылы  ұшырап  кеткен-ді.  Кенет  жүрегі  зулап  қоя  берді.  О,  жасаған, 
Қоянкөк қой, мынау! Әр жерінде танадай - танадай теңбілі бар, op ауыз көк 
жорғаның  басы  қара  жерге  иегін  артқан  күйі,  көзі  шарасынан  шыға,  көкке 
қарап  қатып  қалыпты.  «Есіл  жануарым  -  ай!..  Құдай  төбемнен  қос  қолдап 
ұрған екен ғой!» деді, ат жалын құшқан Ағыбай бойын әрең тіктеп. 
Ол  енді  бұдан  ары  ойланып  жатпады.  Дүние  зіл-залаға  айналып,  төңкеріліп 
түскендей  болды  да,  есі  ауысқан  адамдай  атын  борбайға  бір  салып, 
машинаның  соңынан  шаба  жөнелді.  Ұзын  сайдың  аяғы  ирелеңдеп  батысқа 
қарай бұрылады да, содан жазыққа шыққан соң қайта қайқайып, үлкен күре 
жолға  барып  қосылатын.  Ағыбай  машинаның  соңынан  тепеңдей  берудің 
пайдасыз екенін сезіп, жолдан ұту үшін, қырға қарай төте тартты. Ұрылармен 

158 
Әдеби KZ 
енді  бір  айқасса,  үлкен  жолға  қосылатын  бұрылыста  ғана  айқаса  алды... 
Атына үсті-үстіне қамшы басып, төпеп келеді. Жуан торы қанша қысағанмен, 
барлыққан  балпаң  шабыстан  бір  танар  емес.  Қарттың  бетін  жас  жауып 
кеткен. Өзегі оттай өртеніп, тамағына өксік тығылды. Басында кекті ашу мен 
ызадан өзге бір түйір ой жоқ. 
Ұрыларды  қуып  жеткен  күнде  де  не  істей  қоятыны  белгісіз.  Есі-дерті  — 
қалайда бір айқасып қалу. 
Бір  ғажабы,  ол  шынында  да,  үлкен  жолға  ұрылардан  бұрын  жетті.  Жол 
айрығына тақау, бұл күнде су ақпайтын құр өзекке салынған көпір бар екен, 
сол  тұсқа  келгенде  тізгін  тартты.  Осы  арада  көңіл  түкпірінен  тағы  бір  үміт 
ұшқыны  жылт  етті.  Егер  тас  жол  бойынан  жүргіншілер  ұшыраса  қалса, 
тоқтатып,  қылмыстыларды  ұстауға  көмек  сұрармын  деп  дәмеленген.  Бірақ 
түн  ортасынан  ауған  соң  қозғалыс  сиреп  кететін  болғаны  ма,  әншейінде 
қайшыласып  жататын  машиналардың  бірі  жоқ.  Тас  жолдың  екі  басынан  да 
жылтыраған бір от көрінсеші. 
Ағыбай  осылайша  жан-жағына  алақтап  тұрғанда,  сонау  сай  бойынан  бері 
бұрылған манағы машина да жақындап қалып еді. Өздерінше, қуғыншыдан 
құтылдық  деп  ойласа  керек,  фарын  жағып  алып,  қасқайып  тура  тартып 
келеді. Тақтақ жолға бір ілінсе, қара көрсетпесі белгілі. Ағыбай бірден көзге 
түспеу  үшін,  көпірдің  қалқасында  баспалап  тұрған-ды;  ұрылар  елу  метрден 
қалғанда, алдарынан атойлап қарсы шықты. Айдау жолдың екі жағы бірдей 
күзде жыртылған .егіс алқабы, қазір қар суымен езіліп жатыр. 
Ұры  машинаның  бұрыла  қашатын жері  де  жоқ  еді.  Арт  жақта  қалып  қойған 
жалғыз  жылқышы  кенет  алдымыздан  шыға  келер  деп  олар  да  ойламаса 
керек, ағындаған күйі келді де, тас жолға бұрылатын қайқаңға таяғанда, кілт 
тоқтай қалды. Өйткені жол үстінде айбат шегіп, манағы салт атты тұр еді. 

159 
Әдеби KZ 
Ағыбайдың  а  дегенде  байқағаны  машинаның  номеpi—  «АТК  -  13-88».  Соны 
қөңіліне  мықтап  түйіп  алды.  Ұрылар  басында  абыржып  қалғанымен, 
жылқышының жалғыз екенін және қолында құрықтан өзге қару жоғын көріп, 
естерін  тез  жинап  ала  қойды.  Машинадағы  жарық  атаулыны  лып  еткізіп 
сөндірді де, біреу кабинадан басын шығарып, айқай салды: 
—  Әй,  шал,  ажалыңнан  бұрын  өлгің  келмесе,  жолдан  былай  тұр.  Әйтпесе 
басып  өте  шығамыз,  —  деді  гүр-гүр  еткен  бір  жуан  дауыс.  Тілін  шайнап 
сөйлейтіні  Отарқұлға  ұқсап  кетті.  Бірақ  ол  мыналарға  қалай  қосылуы 
мүмкін?! 
—  Боқты  басарсың!  Шық  былай  машинадан...  Халықтың  ақ  малын  қайда 
әкетіп барасыңдар, оңбағандар? 
Ағыбай  арыстандай  айбат  шегіп,  жол  үстінде  тапжылмай  тұрып  алды.  Дәл 
қазір басып өте шықса да орнынан қозғалмас еді. Түстік жақтан көз ұшында 
жалғыз  жарық  көрінеді,  сол  машина  келгенше  ұстай  тұру  да  жоқ  емес 
ойында... Ол жарықты, сөз жоқ, ұрылар да байқаған болар, кабинадағы екеу 
күбір-күбір сөйлесе бастады. 
—  Әй,  кәрі  төбет,  сенімен  кермалдасып  тұруға  уақытымыз  жоқ.  Тез  жолды 
босат!  —  деді  жаңағы  жуан  дауыс.  —  Егер  тіл  алмайтын  болсаң,  өз  обалың 
өзіңе, атып тастаймыз да жүре береміз. Бізге енді бәрібір... 
Кабинаның ашық әйнегінен мылтығын оңтайлап шақпағын қайырып жатқаны 
байқалды. 
Ағыбайдың  жүрегі  дір  етіп,  тұла  бойынан  бір  суық  ағын  жүгіріп  өтті. 
Жылқыны  атып  алып,  терісімен  бірге  балталаған  тас  жүрек  немелерге  дәл 
қазір адам қаны да түк емес екенін іші сезіп тұр. Бірақ, не үшін екен, шегінгісі 
келмеді.  Өзегін  өртеген  ыза  мен  кектің  әсері  ме,  әлде  бүкіл  өмірін  бірге 
өткізген жылқы малына деген жан пида аяныш па, әйтеуір, бір құдіретті күш 

160 
Әдеби KZ 
тұла  бойын  құрсаулап,  жібермей  тұрып  алды.  Көз  алдына  Қоянкөк  елестеп 
кетті.  Есіл жануардың  тәуеттей  сұлу  тұрқы,  мақпал  майда  жүрісі, жауһардай 
жанып  тұратын  қос  жанары  есіне  түсіп,  ақыры  осы  өңірдегі  ең  соңғы 
жорғаның  да  маңдайға  сыймай,  қарақшылардың  қолынан  мерт  болғанын 
ойлағанда, қаны басына теуіп, өзін-өзі билей алмай қалды. 
—  Атыңдар,  жауыздар!  Аямаңдар...  Асыл  тектім  —  Қоянкөгімнен  жаным 
артық емес. 
Иттің  балалары  -  ай,  көздерің  қиып  қалай  аттың  екенсіңдер?!  Жазықсыз 
хайуанның  қаны  жібермес  -  ау  сендерді  де...  Әлі-ақ  желкелеріңнен  шығар, 
тоқтай тұр, бәлем! — деді қаһарлана айқай салып. 
Бұдан  ары  не  болғаны  жадында  жоқ.  Өң  мен  түстің  арасындай  бұлдыр 
тұман... Машина жарығының кенет лап етіп өзіне құйылғанын біледі. Тарс ете 
қалған дыбыспен бір мезгілде кеудесінің оң жақ тұсы шоқ басқандай ду етіп, 
сұмдық  бір  өрттің  шарпығанын  біледі.  Сонан  соң  тас  жол  бойлап  ала 
жөнелген  торы  аттың  үстінен  құлап  бара  жатқанын  ғана  бал  -  бұл 
түйсінгендей болды. Одан ары ештеңені сезген жоқ. Санасы сазға батқандай 
ауырлап,  бірте-бірте  тұтқырлана  түсті  де,  кенет  төңірегін  қап-қара  түнек 
жайлап алды. 
 
 

161 
Әдеби KZ 

1   2   3   4   5   6   7   8   9


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал