Әдеби kz cәйгүліктер Повесть Қабдеш Жұмаділов 24. 03. 2013 1 Әдеби kz



жүктеу 5.01 Kb.

бет7/9
Дата21.02.2017
өлшемі5.01 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9

IX 
Ел жайлаудан қайтып, етекке көшіп түскелі де едәуір уақыт болған. Күзеуде 
де  жылқы  үшін  бөлінген  арнаулы  қоныс  жоқ,  жылқышылар  ферма 
орталығына таяу бұлақ бойына киіз үйлерін тігіп, жақында жиналып алынған 
егіс  даласының  ортасында  сынадай  қыстырылып  әрең  отыр.  Жайлаудағы 
секілді  мұнда  да  қырғын  бәсеке:  қой  қаптап  кетпей  тұрғанда,  жылқыны 
босаған  аңыздарға  өрістетіп  жайып  қалулары  керек.  Жылқы  дегеніңіз  — 
тәуліктің  жиырма  төрт  сағатында  аузы  босамайтын  түлік  қой,  күндіз  ұсақ 
малмен  таласа-тармаса  жайылады  да,  кешке  қой  қораланған  соң,  орылған 
егіннің орны бұларға еркін тиеді. 
Бірақ  жапа-тармағай  жайылған  көп  мал  қойсын  ба,  айналасы  он  шақты 
күннің ішінде егіннің масағын да, шет - пұшпақта комбайыннан қалып қойған 
арпа мен сұлы бастарын да кекілдей қырқып, тып-типыл етті. Енді тек ауыл - 
ауылдың  арасындағы  астық  өскен  алаңқайларды,  жыра-сайларды  сағалап, 
боз жусан мен қараған - бұтаны талшық еткеннен басқа амал жоқ. 
Кеше  ферма  бастығы  Пернебек  келіп,  бұларға  тосын  жаңалық  айтты:  биыл 
жылқышылар  құмға  көшпейді.  Экономистердің  есептеуі  бойынша,  алысқа 
мал отарлату, мойны қашық жерге жем-шөп, азық - түлік тасу совхозға қып - 
қызыл зиянға түсетін көрінеді. Оған қосымша асыл тұқымды арғымақтардың 
қысқы тебінге төзімсіздігі де ескерілсе керек, жылқы малы бұдан кейін күндіз 
ғана жайылымға шығып, түнде жылқы қораларда тұратын болыпты. Сол үшін 
механикаландырылған арнаулы жаңа қоралар салыныпты. Совхоздың қысқа 
дайындаған жем-шөп қоры да жеткілікті деседі. 
Бұл  хабарға  жас  жылқышылар  қуанысып  қалды.  Жылдағыдай  қыс  бойы 
жылқы  қосында  қоңторғай  болып,  салт  бастары  көшіп  жүрмейді  енді.  Жұрт 
қатарлы  жылы  үйде,  бала  -  шағаларының  қасында  болады.  Орталықта  ел 

123 
Әдеби KZ 
көріп  жатқан  қызықтан  бұлар  да  құр  қалмай,  кешке  қарай  киноға  барады, 
немесе телевизордың түбінде отырады. Несін айтасың, рақат! 
Тек  жыл  аяғына  қарай  жылқы  басы  шағындалатынын,  қазақы  жылқының 
қалғанын түгел етке өткізіп, қымбат бағалы асылдарын ғана алып қалатынын, 
соған  байланысты  жылқышылар  қатарынын  қысқаруы  мүмкін  екенін 
естігенде,  жеребенің  кімге  түсетінін  ойлап,  бәрі  де  үндемей  қалысты... 
Ағыбайдың  да  іші  қылп  ете  түскен.  Штат  қысқаратындай  болса,  алдынғы 
кезек  өзіне  келетінін,  сөйтіп  қайран  жылқымен  қоштасатын  сәттің  де 
жақындағанын сезіп, іштен тына күрсінді. 
Айтқанындай  -  ақ,  ертеңінде  совхоз  басшылары  мен  мамандар  бас  қосып, 
жылқыны  сұрыптауға  кірісті:  етке  өткізетіндерін  бір  бөлек,  қымбат  бағамен 
басқа  шаруашылықтарға  сатылатын  асыл  тұқымды  айғырлар  мен  биелерді 
бір  бөлек,  ипподромға  барып  жаттығудан  өтетін  жүйріктерді  бір  бөлек 
іріктей  бастаған.  Малшы  -  қосшының  астында  да  жүздеген  мініс  аттары  бар 
екен,  олардың  да  ақсақ  -  жауыр,  кәрі  -  құртаңын  жинап  алып,  етке  кететін 
үйірге  қосты  да,  орнына  кілең  дон  тұқымдас  жылқыдан  дөнен  -  бестілер 
үлестірілді.  Сөйтіп  әрқайсысын  әр  жаққа  таратып  әкеткенде,  ферманың 
қарауында  сегіз  жүздей  ғана  жылқы  қалды.  Бірақ  бәрі  де  асыл  тұқымды, 
бағасы жөнінен бір - біреуі жай жылқының бесеуіне татитын тектілер. 
Әрине,  Ағыбай  жылқының  іріктеу  билігіне  араласқан  жоқ.  Басшылардың 
айдап  кет  дегенін  айдап  кетіп,  қуып  кел  дегенін  қуып  келіп,  астындағы 
Қоянкөктің  тайпалған  жорғасымен  ары-бері  жүйткіді  де  жүрді.  Ондағы  ойы 
—  Қоянкөкті  қалайда  бастықтар  мен  мамандардың  назарына  іліктіру.  Егер 
көк  жорғаның  жүрісіне  көңіл  аударып  қызығушылар  табылса,  оларға  айтып 
көрем  бе  деген  өтініші  де  бар  еді.  Соның  бір  орайлы  сәтін  күтіп  жүрген. 
Жылқы үйірлері іріктеліп, хатталып - шотталып біткен шамада, шынында да, 

124 
Әдеби KZ 
совхоз  басшылары  мен  мамандар  Ағыбайды  жан-жақтан  қоршап  алысты. 
Алдымен көңіл аударған директордың өзі болды. 
—  Ақсақал,  мына  көк  жорғаны  қайдан  тапқансыз?  Біздің  жылқыда  мұндай 
жорға жоқ сияқты еді ғой?  — деген машинасына мінер алдында Қоянкөкке 
көзі түсіп. 
—  Бізде  қайдан  болсын,  біз  түгіл,  бүкіл  ауданда  жорға  жоқ,  —  деді  Ағыбай 
мақтанышын  жасырмай.  —  Қырғызстанда  Төреқұл  деген  досым  бар  еді, 
соның мінгізгені ғой! 
— Келіскен жылқы екен!—деді директор Қоянкөктің алды-артына шығып. — 
Кәне,  жорғасын  тағы  бір  рет  көрейік:  сонау  бір  дөңге  дейін  барып 
қайтыңызшы. 
Ағыбайға керегінің өзі де осы еді. «А, құдай, бере гөр!» деп, Қоянкөктің де, 
өзінің  бар  өнерін  аямай,  көз  көрім  жерге  жұлдыздай  ағып  лезде  барып 
қайтты. 
— Мынауыңыз, расында да, су төгілмес жорғаның өзі екен!—деді директор 
шын сүйсініп. — Қырғыз жылқысы дедіңіз бе? Мұның қызығын жалғыз өзіңіз 
ғана  көресіз  бе  сонда?  Біз  де  мініп,  құмардан  шықпаймыз  ба?!  Орнына  бір 
жарамды жылқы алып, совхозға берсеңіз қайтеді? 
Бұл кезде мамандар да, басқа жылқышылар да сол маңға жиналып қалған-
ды. Пернебек бастаған топ директордың айтқанын қолма  - қол қағып алып, 
тұс - тұстан қолпаштай жөнелді. 
—  Дұрыс  айтасыз.  Ақаң  енді  қартайғанда  жорға  мініп  қайда  барады?  Сізге 
сыйлайтын шығар. 
— Деген, директордың - ақ мінетін аты! 
— Қоянкөк шын иесін жаңа тапты... 

125 
Әдеби KZ 
— Тал бойында айғырлығынан басқа бір міні жоқ. Ол жынын қағып алу қиын 
емес қой, — десіп бірі атып, бірі қағады. 
Араларында  ипподромнан  келген  орыс  жігіттері  де  бар  екен:  олар  да 
бастарын  шайқап,  таңданысып  тұр.  Ағыбай  енді  не  айтасыңдар?»  дегендей 
жұртқа жағалай көз салып өтті де, ақырында директорға келіп тоқтады. 
—  Берейін.  Сөзіңнен  садаға...  Тіпті  бодауына  ештеңе  сұрамай,  тегін  -  ақ 
берейін,  —  деді  дауысын  қаттырақ  шығарып.  —  Бірақ  қоятын  бір  ғана 
шартым бар. Қоянкөкті бергенде, оны тек сұлыға байлап қойып, анда - санда 
мініп, көңіл көтеру үшін емес, үйірге салып, өсім алсаңдар ғана беремін. Егер 
осыған шыдасаңдар, көк жорға қазірден бастап сендердікі. 
Директор төмен қарап, қипалақтап қалды. 
—  Оған  біздің  шаруашылықтың  профилі  келмейді  ғой.  Бізде  тек  асыл 
тұқымды жылқылар қалғанын өзіңіз де көріп отырсыз, — деді күле тіл қатып. 
—  Үйірге  салу  жағы  қиын  болар...  Сіз  екеумізге  осы  Қоянкөктің  қызығын 
көрсек те жетіп жатыр емес пе?! 
— Е - е, олай болса қолқа салмай-ақ қойыңдар, жігіттер, — деді аяқ астынан 
Ағыбайдың  тәкаппарлығы  ұстап.  —  Қартайғанда  жүрісі  жайлы  бір  жылқы 
өзіме  де  керек.  Сендер  «Волга»  мініп  тайпалғанда,  орталарындағы  бір  шал 
жорға мініп жүрсін де тым құрыса. 
—  Жарайды,  ол  жағын  енді  өзіңіз  білесіз,  —  деп,  директор  сырт  айналып 
машинасына қарай бет алды. Көздің жауын алатын сұлу сәйгүлікке былайша 
қызыққаны болмаса, оның да бәлендей емешегі үзіліп тұрмағаны белгілі еді. 
Әңгіменің  соңы  сиырқұйымшақтанып,  жұрт  жан-жаққа  тарай  бастаған. 
Ағыбайдың  әлгі  қылығын  әбестік  санап,  құптай  қоймағандары  жүздерінен 
көрініп тұр. Топ адамның арасынан әлдекімнің: 

126 
Әдеби KZ 
—  Мына  шал  қонайын  деп  тұрған  бақытты  басқа  тепті  -  ау.  Директормен 
жақын болып алса, мұртын балта кесер ме еді, — дегенін ап-анық естіді... 
Сонымен, қарттың Қоянкөкті занды түрде үйірге салам ба деген үміті біржола 
үзілгендей  болды.  Кәрі  кісіге  арқыраған  айғырды  байлап-матап  ұстап  отыру 
да  оңай  емес.  Дегенмен  ол  райынан  қайтқысы  келмеді.  Ғайыптың  ісімен 
қолға  түсіп  қалған  осы  өңірдегі  жалғыз  жорғадан  тым  құрыса  бір  тұяқ 
қалдырмай  із  -  тозсыз  жіберсе,  өмір  бойы  өкініші  кетпес  еді.  Ағыбай  енді, 
мыналарға  ерегескенде  осындағы  жекелердің  бірлі-жарым  биесіне 
шаптырса да, Қоянкөктен тұқым алып қалуға бел байлады. 
Сол күні жылқының түнгі күзетінде болып, таңертең бірер сағат көз іліндіріп 
алды  да,  шайдан  кейін  атына  мініп,  ферманың  орталығына  қарай  аяңдады. 
Осында  жылқыға  арналып  жаңа  типті  қоралар  салынып  жатқан.  Бұрын 
сыртынан жанап өтіп жүргені болмаса, ішіне кіріп көрмеген еді, соны аралап 
көрудің сәті бүгін түсті ақыры. 
Жаңа  құрылыс  маңында  қараңдаған  бірнеше  адам  жүр.  Екі  қораның 
арасындағы  алаңқайда  көксау  жылқыдай  күрк-күрк  жөтеліп,  «Белорусь» 
тракторы тұр. Ағыбай атын оңашарақ байлап, әлгілердің қасына жақындады. 
Ордаңдай  басып  ортада  тұрған  —  Пернебектің  өзі  екен.  Қасында  желке 
шашы  үрпиген,  балаңдау  үш  -  төрт  жігіт  тұр.  Ферма  бастығы  бүгін  көңілді 
екен.  Өзі  бастаған  үлкен  бір  жұмыстың  біткеніне  мерейі  тасып,  марқайып 
тұрған секілді. Ағыбайға сонадайдан сәлем беріп, даурыға қарсы алды. 
—  О,  Ақаң  келе  жатыр  екен  ғой.  Келіңіз,  төрлетіңіз,  —  деді  бет-аузы  түгел 
жайылып.  —  Көріңіз  біздің  сәйгүліктерге  арнап  салған  сәнді  сарайымызды. 
Құдай біледі бар ғой, сіздердің кездеріңізде мұндай ғажайып түстеріңізге де 
кірген жоқ. 

127 
Әдеби KZ 
—  Жөн  -  жөн,  шырағым.  Қайырлы  болсын...  Жақсыны  көрмекке  деп, 
жаңалықтарыңды әдейі көрейін деп келдім. 
— Мына тұрған жігіттер — болашақ жылқышылар, — деді Пернебек қасында 
тұрған жастарды нұсқап. — Жаңа заманның жаңа жылқышылары... Бұл күнде 
бар  жұмыс  техниканың  қолына  көшті  ғой.  Бұлар  бесаспап  жігіттер:  әрі 
механизатор, әрі веттехник, әрі жылқышы. 
Ағыбай мұрттары енді тебіндеп келе жатқан, күпәйкелі, керзі етікті, жалбыр 
шаш  балаларға  көз  тоқтатып,  сынай  қарады.  «Жылқышыға  жарыған 
екенсіңдер» деді ішінен. 
Бірақ сырттай сыр берген жоқ. 
—  Несі  бар,  жастардың  келгені  жақсы.  Бұлар  бұрын  тірі  жылқының  үстіне 
шығып көріп пе екен? Мен танымайтын балалар ғой. 
—  Көрмесе,  енді  көреді.  Механизаторлық  курсты  бітіріп  келген  беттері  осы. 
Айтып тұрмын ғой, бұлар малды техникамен бағады. 
—  Жөн  -  жөн.  Бәрі  де  тепсе  темір  үзетін  жігіттер  екен...  Мен  өзім  он  бес 
жасымда  қолыма  құрық  алғам.  Жылқы  бағу  үшін  асып  бара  жатқан  күштің 
керегі  жоқ,  тек  малға  жаны  ашыса  болғаны...  Ал,  маған  қораңды 
көрсетпейсің бе? 
—  Мархамат,  жүріңіз!—  жаңалықты  көрсетіп  мақтануға  Пернебектің  өзі  де 
кет әрі емес секілді, сөзге келместен алға түсе берді. Ағыбай мен жас жігіттер 
соңынан ілесіп келеді. 
Обалы кәнеки, жылқы қорасы мақтанғандай - ақ бар екен: екі жағында жүкті 
машина еркін сыйып кететіндей кең қақпа. Қаз - қатар тіреулер мен бөлінген 
қораның іші, тіпті ат шаптырым. Ұзыннан-ұзақ созылған ағаш науалар, жеке-
жеке тұратын жылқы ұялары. 

128 
Әдеби KZ 
Осындай  төрт  қатар  науаны  қақ  жарып,  екі  жерден  жол  өтеді  екен,  малға 
берілетін  жем  -  шөп  трактормен  жеткізіліп,  науаларға  мезгіл-мезгіл  құйып 
кетіп  отыратын  көрінеді.  Бір  сөзбен  айтқанда,  мұндағы  жылқылар  суатқа 
барғанда болмаса, күндіз-түні далаға шықпай тұра беруіне әбден болады. Ол 
да уақыттық қана қиыншылық. Кейінірек бұлақтан су құбыры тартылса, ауыз 
су дегеніңіз шүмектен өзі-ақ құйылып тұрады. Несін айтасың, жылқыны енді 
тұяқ қимылдатпай, жамбастап жатып-ақ бағуға болады. 
Пернебек  те  бүгін  бабында  екен.  Осының  бәрін  майын  тамыза  түсіндіріп 
келді де, бір мезет өткен өмір мен бүгінгіні салыстыра кетуді жөн көрді. 
—  Қайран,  Ақа,  сіздерге  кейде  жаным  ашиды,  —  деді  толқи  тіл  қатып.  — 
Қарттар, сіздер не көрмедіңіздер?! Бала да болсақ шет жағасын көрдік қой, 
қысы-жазы  үй  бетін  көрмей,  қар  жастанып,  мұз  төсеніп,  жылқының  ішінде 
жүретінсіздер.  Бәрінен  де  сорақысы,  қыстың  қақаған  аязында  сонау  құм 
арасында киіз үймен отыратын едіңіздер - ау!.. Соны ойласам әлі күнге дейін 
төбе шашым тік тұрады. Ол заман келмеске кетті, әрине. Қазір бәрі басқаша. 
Космос  дәуірі  деген  осы:  қазіргі  адамдар  сіздердің  кездеріңіздегідей 
итжанды,  көнтерілі,  көмпіс  емес,  тіршіліктің  мәнін  жақсы  біледі,  жанға 
жайлы, дұрыс жерде өмір сүргісі келеді. Ол үшін білімі де, өнері де жетіп тұр. 
Техниканың  көмегінсіз,  тұяғын  да  қимылдатпайды...  Бұл  күнде  адам  түгіл, 
жылқы екеш жылқының өзі баяғыша тебінге шығып тентіремей, биік ақырда 
сұлы жеп тұрғанды ұнатады... 
—  Оның  бәрі  жөн  ғой,  Пернебек  шырағым.  Менің  бір  түсінбей  тұрғаным  — 
сонда  жылқы  жарықтық  бұдан  кейін  дала  бетін  көрмей,  мәңгі  қамауда 
тұратын  болғаны  ма?  —  деді  Ағыбай,  завферманың  әңгімесі  тым  созылып 
бара жатқан соң. 

129 
Әдеби KZ 
— Далаға шықса, тек жаз маусымында ғана шығатын болар, — деді Пернебек 
ойланбастан.  —  Жазда  екі  -  үш  ай  жайлауға  апарып  жаятын  шығармыз.  Ал 
қыста  далаға  шыққанда не  бітіреді?  Маңайда  бәрібір  тіске  шұқитын  ештеңе 
қалмай барады. 
— Қызық екен... 
—  Несі  қызық?  Бұдан  кейін  малды  адам  емес,  техника  бағатын  болады,  — 
деді Пернебек қолын сермеп. — Ертеден кешке дейін мал соңынан сандалу 
дегеніңіз  —  қазір  ескіліктің  қалдығы... Ақа,  көңіліңізге  келмесін,  бұрын  сізді 
тәжірибелі  жылқышы  деп,  пір  тұтып  келдік  қой.  Енді  олай  емес,  сіздердің 
тәжірибе  деп  жүргендеріңіз  қазірдің  өзінде  ескіріп  қалды.  Айтыңызшы, 
мәселен сіз мынадай жаңа комплексте жұмыс істей алар ма едіңіз? 
Жоқ, істей алмайсыз. Өйткені техниканы меңгермегенсіз. Ал, мына болашақ 
жылқышылар, — деді Пернебек таяу тұрған жалбыр шаштың иығына қолын 
артып,  —  машинаның  да,  трактордың  да  құлағында  ойнайды...  Ертең  -  ақ 
етке  өткізілетін  екі  жүз  жылқы  осында  әкелінбек.  Көрерсіз,  бір  айдан  кейін 
солар майдан баса алмай қалады. 
—  Бәрін  оңайлатып  жібердің  -  ау,  шырағым,  —  деді  Ағыбай  мұртын  бүлк 
еткізіп.  —  Мен  бірдеңе  білсем,  жылқы  жарықтықтың  тәулік  бойы  аузы 
құрғамайтын  сияқты  еді.  Сонда  оларды  күндіз-түні  тығындап  тұруға  жем  - 
шөп жетісе ме? 
—  Жетеді,  —  деді  Пернебек  бөгелместен.  —  Техника  бәрін  де  орнына 
келтіреді.  Бұрынғы  көктеу,  күзеу  деп  жүрген  жерлердің  бәріне  арпа  мен 
сұлы,  жоңышқа  мен  жүгері  егіп  тастаймыз.  Жем  дегенің  былай  болады,  — 
деп,  сұқ  саусағымен  тамағын  орып  жіберді.  —  Айтпақшы,  сіз  таяуда  сатып 
әкелген шөп тартатын тиірменді көрмей жүр екенсіз ғой? Ол бір ғажап: Оған 
тал  ма,  терек  пе,  қараған  -  бұта  ма,  бәрібір,  жер  бетіне  қылтиып  шыққан 

130 
Әдеби KZ 
дүниенің бәрін ұн қып уатып шығара береді. Ал  соны жемге қосып бердіңіз 
бар  ғой,  жұғымы  тіпті  керемет!..  Сонан  соң  бізге  химия  көмекке  келеді,  — 
деді Пернебек екіленіп. 
— Газеттен оқыдыңыз ба? Кәдімгі сабанды, талдың тамыры мен жапырағын 
талқандай  турап,  оған  химиялық  тұздар,  қышқылдар  қосып,  булап,  ашытып 
беретін болсаңыз, ол да малға таптырмайтын тамақ көрінеді... Ой, Ақа, несін 
айтасыз, ғылым мен техника небір ғаламатты жасап жатыр ғой қазір. «Ағып 
тұрған сөз ғой, тек сылдыр сөз!—деп ойлады Ағыбай өзінің бастығына қарап 
тұрып.  —  Жердегі  қылайғанның  бәрін  талқандап  тамаққа  айналдырсаңдар, 
жетісерсіңдер! 
Қараған - бұтаны тауысып, енді тал мен терекке ауыз салдыңдар ма? Сонда 
не қалады жер бетінде?» 
Бірақ бұл ойын ашық айтпай, Пернебекпен сөз таластырып жатқысы келмеді. 
Ағып тұрған сөз ғой, бәрібір тоқтата алмайсың. Қазанын қанша араластырсаң 
да, шөмішіңе шеміршек те ілінбейді. 
—  Ылайым,  солай  болсын,  Ұзағынан  сүйіндіргей!  —  деді  екеуі  есік  алдына 
шыққан кезде. — Мен арызымды ертең-ақ әкеліп берермін. 
— Нені айтасыз? 
—  Енді  бұл  жылқының  айналасында  мен  істейтін  не  қалды,  көзімді 
құртпаймын ба? 
— А - а, жұмыс жайын айтып тұрсыз ба? Ол жағы өзіміздің де ойымызда бар, 
—  деді  Пернебек,  маңайда  ешкім  жоқ  болса  да,  мұны  оңашалап.  —  Сіз 
туралы  директормен  сөйлескем.  «Жарты  ғасыр  жылқы  баққан  адамды 
далаға  итеріп  тастағанымыз  болмас,  жеңіл  -  желпі  жұмыс  берейік»  дегем... 
Беталысы  жақсы  еді.  Кім  білсін,  кешегі  жағдайдан  кейін  қалай  өзгеріп 

131 
Әдеби KZ 
қалғанын?—деді  мүлде  сыбырға  көшіп.  —  Жыл  аяғына  дейін  жылқыңызды 
баға берсеңізші. Жаңа жылдан бастап, осындағы ат қораға қарауыл боласыз 
ба, бір мәнісін ойластырармыз... 
Ағыбай  үш  ұмтылып  атына  әрең  мінді.  Екі  иығынан  зіл  басып,  өзін  жан 
баласына қажеті жоқ, артық адамдай сезініп келеді. Шынымен - ақ қартайып 
қалғаны  ма?  Басқалардың  көзіне  лақса  кәрі,  өлмелі  шал  кейпінде  көрінетін 
болғаны  ғой,  шамасы?  Ал  өз  көңілі  баяғыдай.  Жаяу  жүргенде  ептеп  кібіртік 
тартқаны болмаса, ат үстінде өзін әлі де мығым сезінеді... Пернебекті тыңдап 
отырса, дүние дегенін мүлде өзгеріп кеткен тәрізді.  Оның сөзіне қарағанда, 
бұл  —  бейне  басқа  бір  әлемнен  адасып  келген  адам...  Уақыт  көшіне  ілесе 
алмай, көзге күйік, қолға байлау болып жүрген тірі масыл біреу етіп көрсетті - 
ау мұны! 
Тек  солар—дүниенің  тұтқасын  ұстап  тұрған.  Бірақ  сол  Пернебектің  өзі 
болашақта  не  болатынын  жете  біле  ме  екен,  сірә?  Соның  айтқандарында 
жаңсақтық  жоқ  па  екен?  «Дүмше  молла  дін  бұзар»  дегеннің  кері  келіп 
жүрмесін. Әй, солай шығар. Жүрегі бірдеңені сезеді. 
Шіркін,  Ағыбайдың  көңілінде  де  небір  армандар  болып  еді-ау  кезінде. 
Осынау  дала  төсінде  жылқы  дегенің  құландай  жортып,  қаптап  жүрсе  деп 
қиялдайтын. Солай істеуге жағдай да, мүмкіндік те бар сияқты көрінуші еді. 
Ана  бір  жылдары  құмды  өлкеден  артезиан  құдықтары  қазылады  екен 
дегенде,  бұл  қандай  масайрады  десеңізші.  Құмға  егін  салына  қоймас, 
жылқыға  кең  өріс  ашылар  деп  қуанған.  Егер  құмда  су  мәселесі  шешілсе,  он 
мыңдаған  жылқыны  мемлекеттен  бір  тиын  шығармай  -  ақ,  емін-еркін 
қыстатуға болар еді. Бір жиналыста Ағыбай осылай деп сөйлеген де болатын. 
Сонау  Топардың  құмында  өздігінен  өсіп,  жайылып  жүрген  шу  -  асау 
жылқыларды мысалға келтірген. Амал қанша, ол құдықтар қазылмай қалды 

132 
Әдеби KZ 
ғой...  Судан  қиналмаса,  жылқы  қашанда  өз  тамағын  өзі  тауып  жейтін  мал. 
Оған қалың қарың да, түтеген бораның да тоқтау бола алмайды. 
Жүздеген  шақырым  жайылымдарға  қоныс  аудару  да  қиынға  түспейді.  Атам 
заманнан  бері  қай  қазақ  жылқы  үшін  шөп  шауып,  жылы  қора  салып  еді? 
Амал не, аяқ жететін жерге дейін өзі айдалып жайылатын қайран түліктің осы 
қасиетін ешкім бағаламады ғой. 
Жылқыны  көбейтіп,  әрі  арзандатудың  орнына,  санын  азайтып,  бағасының 
қымбаттағанына мәз болып жүр кейбіреулер... 
Ағыбайдың  басына  осы  тәріздес  шырма  -  шату  ойлар  келіп,  ауылға  көңілсіз 
оралған-ды. 
Атынан созалаңдай түсіп, белдеуге байлай бергені сол еді, үйден жарқылдай 
күліп,  Ержан  шыға  келді.  Жаздағыдай  емес,  күнге  күйіп,  жел  қағып, 
толысқаны байқалады. 
— О, даламыздың соңғы серісі, хал-жағдайыңыз жақсы ма? — деп келе - ақ 
шылбырына жармасты.  — Қабағыңыз пәс қой өзіңіздің? Бір жеріңіз ауырып 
жүрген жоқ па? 
— Тәнім сау... Бірақ жаныма түскен жара бар,  — деді Ағыбай жиенінен сыр 
жасырмай. 
— Неге олай? Себебін білуге бола ма? 
— Жаңа жылдан бастап жылқыдан босатамыз деп жатыр... 
—  Ой,  тәйір  -  ай,  сол-ақ  па?  Мен  де  төтенше  бірдеңе  болып  қалған  екен 
десем,  —  деді  Ержан  оның  бетіне  күле  қарап.  —  Орнынан  түсіп  қалған 
президенттер де өліп қалмай, аман-есен жүріп жатыр ғой. Сіз де бірдеңе етіп 
күн көрерсіз. 

133 
Әдеби KZ 
— Саған ойын керек - ау... Мен өзімді ойлап тұрғам жоқ, жылқының жағдайы 
алаңдатады. 
Екеуі  үйге  кіргенде,  Күлайша  күйбеңдеп  шай  жасап  жатыр  еді.  Ағыбай 
дастарқан  басында  бүгінгі  көрген  -  білгені  мен  Пернебектен  естігендерін 
қысқаша баяндап берді. 
— Осылай боларын баяғыда-ақ білген ем, — деді Күлайша сөзге араласып. — 
Кет  деген  сөзді  айтқызбай-ақ,  ертерек  жолға  түсуің  керек  еді.  Өзің  ғой  — 
талақ боп жабысып жүрген... Бәлем, сауап болған екен! 
—  Ендеше  құдай  тілеуіңді  берді,  —  деп  Ағыбай  кемпіріне  түйіле  қарады.  — 
Есі-дертін көшіп - қонудан құтылып, орталыққа барып түсу еді, ол арманыңа 
да жететін болдың. 
Енді рақат: кешке қарай шалдармен қолтықтасып киноға барып тұрасың. 
—  Орталықта  салған  үйің  саңғырап  тұр  еді  жаманнан  қатты!  Сонда  кімнің 
қолтығына барып тығылмақсың? 
Ағыбай  біразға  дейін  үндемей,  кеседегі  шайын  сораптай  түсіп,  ойланып 
отырды да: 
—  Асылханның  ескі  тамы  бос  тұрған  көрінеді.  Биылша  сонда  қыстап 
шығармыз,—деді күмілжіңкіреп. — Екеуміздің қай дүниеміз сыймай барады, 
басқалқа табылса болды да. 
— Байғұс-ау, қай Асылханды айтып отырсың? 
— Тұрардың Асылханы ше? Ұмытып қалдың ба? 
—  Ойбу,  енді  не  бетімді  айтайын!—деп,  Күлайша  сұқ  саусағымен  оң  жақ 
бетін осқылады. 

134 
Әдеби KZ 
—  Баяғыда  сол  Тұрардың  босағасынан  шықпап  па  едің!?  Қырық  жылдан 
кейін сол есікке қайта айналып бармақсың ба? 
—  Шіркіннің  намысшылын!—деді  Ағыбай  мырс  етіп.  Асылхан  кімнен  кем 
екен? 
Тұрардың  әулеті...  Кеше  көрдім  —  сегіз  бөлмелі  саңғыраған  үй  салып 
алыпты... 
—  Далада  қалсам  қалармын-ау,  бірақ  бір  құдай  жетектеп,  бір  құдай 
қамшылап айдаса да, Асылханның босағасына бармаспын!—деді Күлайша да 
қасарысып. — Сенің - ақ осы бет моншағың төгіліп тұрады екен... Одан да ана 
директорға  барып  үй  сұрамайсың  ба?  Өмір  бойы  жылқы  баққаның  өтірік 
емес. Қартайғанда дәніңді алып, сабаныңа ат қоймайтын шығар?! 
Ағыбай тағы да үнсіз отырып қалды. Күлайшаның үндемей жүріп-жүріп келіп, 
анда-санда  осылайша  сөзді  жік  -  жігімен  тастайтыны  бар.  Мұндайда  оның 
бетіне келу қиын. Және бұл рет айтып отырғаны қисынсыз да емес... Айтты - 
айтпады, сонша жыл өткеннен кейін басқа барар жер, басар тау таппағандай, 
Тұрар  тұқымына  барып  аманатын  артуы  ыңғайсыздау  екен.  Бұл  жағын 
Ағыбай ескермепті. Тас түскен жеріне ауыр, не де болса совхоз басшыларына 
деген өкпесін былай қоя тұрып, солармен жалғасып көреді де. Тіпті болмаса 
ат қораға қарауыл болып - ақ қалар. 
Ержан манадан бері атасы мен апасының әңгімесіне кезек құлақ түріп, анда-
санда  жымиып  қойып,  үнсіз  отырған-ды.  Кенет  орнынан  қозғалақтап,  сөзге 
араласты. 
—  Жарайды,  нағашы,  жағдайыңыз  мәлім  болды.  Сіз  де  кемпіріңізден 
қорқады екенсіз ғой, — деді жырқ-жырқ күліп. — Апа, сіз де, теңдік алғанның 
жөні осы деп, шалыңыздың екі аяғын бір етікке тыға бермеңіз... 

135 
Әдеби KZ 
Қоңырайысып отырған кемпір-шал мына сөзге еріксіз күліп жіберді. Күлайша 
шәйнегін шоққа батырыңқырап, шайын қайта демдеді. 
—  Е,  осылай  көңілді  отырайық  та,  —  деді  Ержан  еркелеп.  —  Үй  жағын 
уайымдамай-ақ қойыңыздар. Үй қажет болса, мен - ақ сатып әперейін. 
—  Ондай  соманы  кім  береді,  құлыным  -  ау?—деді  Күлайша  ернін  сылп 
еткізіп. 
— Қазір ауылдағы ең тәуір үйлер екі-үш мың сомнан аспайды. Ол мен үшін, 
шындасам, екі-ақ айлық жұмыс. 
Сонан соң өзінің алдағы жоспарын айтып кетті. Жақында ғана осы совхоздан 
көтеріп  алған  жұмысын  аяқтап,  есеп  айырысыпты.  Енді  мына  көршілес 
«Көктерек» совхозы шақырып отырған көрінеді. Жаңа жылға дейін, амандық 
болса, оны да бітіріп тастайтын ойы бар. 
—  «Алтын  басым  аман  қалса,  алты  -  ақ  күнде  тірілем»  деп  жылан  айтады 
екен ғой. Сол айтқандай, мен де алтын қолым аман болса, сіздерді үй-күйсіз 
қалдырмаспын, — деп жас жігіт шалқайыңқырап отырды. 
—  О,  түріңнен  айналдым  сенің!  Жұмысбасты  болып  жүдеп  кетіп  жүрме, 
құлыным, — деді Күлайша жадырай түсіп. 
—  Ал  сіз,  нағашы,  жылқыдан  кететін  болдым  деп,  андағы  бурыл  тартқан 
сақал - шашыңызды текке ағарта бермеңіз, — деді Ержан. — Бұл жылқы енді 
сізге опа бермейді, қайта ертерек құтылғаныңыз жөн. 
— Е, неге? — деп Ағыбай еңсеріле бұрылды. 
— Сол. Жылқының заманы өтті. Жиырмасыншы ғасырдағы басты бір оқиға — 
машинаның  жылқыны  ығыстыруы.  Армияда  атты  әскер  жойылып,  ырдуан 
арбалар  отқа  жығылған  кезде-ақ  жылқының  басынан  бақ  тайған...  Миыңыз 

136 
Әдеби KZ 
болса,  Қоянкөкті  сатып  жіберіңіз  де,  тірнектеп  жинаған  ақшаңызды  қосып, 
машина алыңыз. 
— Машинаны қайтем? Соғымға соям ба, әлде сауып ішем бе?—деді Ағыбай 
мырс етіп. — Темір тамақ болмайды тегінде... Бәлкім, бұдан кейін жылқының 
күші  қажет  болмас,  бірақ  оның  қазы  - қартасы  мен  қымызы  далада  қалады 
дегенге сенбеймін. 
— Әй, нағашы - ай, кейде бала сияқтысыз, — деп Ержан біраз күліп алды. — 
Жылқы қасиетті болса, мына сізге, қазақтарға қасиетті: етін жейсіз, қымызын 
ішесіз. Бірақ дүниеде жылқының етін де, сүтін  де татып алмайтын халықтар 
бар ғой. Мәселенки, сіз өзіңіз: «жеп еті, алып терісі жоқ» деп есекті керемет 
жек көресіз. Кейбір халықтарға жылқы да сол есек тәрізді: күші — адал, сүті 
— арам. Ал бізде мемлекеттік жоспар жалпы халыққа арналып жасалады. 
— Шіркіндер дәмін алмай жүр ғой. Әйтпесе, жылқы етіне жететін ет бар ма 
дүниеде?!—  Ағыбай  шынысын  төңкеріп,  іргеде  жатқан  насыбай  шақшаға 
қолын созды. 
— Қайтесіз, нағашы, салт-дәстүр солай. Мың жылдан бері қалыптасып кеткен 
кімнің  дағдысын  өзгерте  аласыз?  Мәселен,  өзіңіз  «доңыз»  деген  түліктің 
маңынан жүргіңіз келмейді. Ал қоңдылық жағына келсек, одан семіз хайуан 
жоқ... 
—  Айтпашы  құрып  қалғырды.  Дастарқан  басында  арам  нәрсені  ауызға 
алғаның не?—деп, Күлайша танауын тыржитты. 
— Міне, көрдіңіз бе, өздеріңіз де бүкіл бір түлікті мойындамай отырсыздар. 
Демек,  әр  халықтың  ұғымында  малдың  қадір  -  қасиеті  әр  түрлі.  Сіздер 
жылқыға табынсаңыздар, біреулер сиыр мен шошқаны жоғары бағалайды. 

137 
Әдеби KZ 
— Ал егер жылқы керексіз болса, оның тұқымын асылдандырамыз деп неге 
әлекке  түсіп  жүрміз?  —  деді  жиенінің  сөзіне  ден  қоя  бастаған  Ағыбай.  — 
Басқа  түліктердің  тұқымын  жақсартқаны  түсінікті:  сиырдың  еті  мен  сүті 
молаяды, қойдың жүні көбейеді. Ал, жылқы тұқымын өзгертудегі мақсат не? 
— Жылдамдық үшін, — деді Ержан ойланып жатпастан. — Жылқы тұқымын 
асылдандырғанда,  оның  еті  мен  сүті,  не  терісі  үшін  емес,  көбінше  спорттық 
мақсаттар көзделіп отыр. Бұл ғасыр жылдамдық ғасыры екенін жаңа айттым 
ғой, адамдар соның инерциясынан әлі арыла алмай келеді. Машина, поезд, 
самолеттердің  жылдамдығы  өз  алдына,  енді  жылқының  шабысынан 
рекордтар жасауымыз керек... Жылқы малының қазіргі замандағы үлкен бір 
қызметі — ипподромдар мен цирктерде өнер көрсетіп, адамдардың көңілін 
көтеру... Өткен жылы бір журналдан оқығаным бар: Американың бір ғалымы 
жылқы  тұқымын  кішірейте  -  кішірейте,  ақыры  мысықтай  ғана  қуыршақ 
аттарды  ойлап  шығарған.  Денесінің  ергежейлі  мәстектігі  болмаса,  өзінде 
жылқының  күллі  белгілері  сақталған  деседі.  Ол  да  жер  тарпып  оқыранатын 
көрінеді,  күлдір-күлдір  кісінейтін  көрінеді.  Столдың  үстіне  шығып  алып, 
ортекеше  билейтін  өнері  тағы  бар  дейді,  —  деп  Ержан  өз  сөзіне  өзі  мәз 
болып, тырқылдап күліп алды. — Ал, осы ойыншық жылқының бағасы қанша 
дейсіз  ғой?  Жай  жылқыдан  әлденеше  есе  қымбат.  Өйткені  оған 
ғалымдардың  еңбегі,  лабораториялардың  шығыны  қосылады.  Билеп  беріп, 
көңіл  көтеретін  өнері  тағы  бар...  Әсілі,  батыс  елдерінде  биші  жылқылар  өте 
жоғары  бағаланады.  Естуіңіз  бар  шығар,  —  деді  ол  әлденені  есіне 
түсіргендей.  —  Біздің  Луговойдан  шыққан  Абсент  деген  ат  болды.  Өзі 
сүліктей  қара,  ат  біткеннің  сұлуы  -  тұғын.  Сол  Абсент  биші  аттардың 
жарысына түскенде, алдына жан салмай, талай рет әлем чемпионы атанды. 
Кемемен,  самолетпен  саяхаттап,  жер  шарында  бармаған  жері  жоқ. 
Естуімізше,  Америкаға  барған  сапарында  бір  капиталист  Абсентке  өлердей 

138 
Әдеби KZ 
қызығып,  «осы  атты  маған  миллион  долларға  сатыңдар»  деп  жата  кеп 
жабысыпты. Бірақ біздің адамдар әлгіге сауырын да сипатпаған. 
Өйткені  намысты  ақшаға  айырбастауға  болмайды  ғой.  Естіп  отырсыз  ба? 
Миллион  доллар!  Мұның  өзі  ең  бері  айтқанда  мың  жылқының  құны  емес 
пе?!  Қазір  кейбір  адамдардың  мың  не  жүз  жылқы  бағып  азапқа  түскенше, 
Абсент сияқты бір-ақ ат баптағанды артық көретін себебі осы... 
—  Сөзіңе  болайын  сенің!..  Сол  мақтап  отырған  арғымағың  шынтуайтқа 
келгенде  бір-ақ  үйдің  соғымы  емес  пе?  Сонда  қалған  ел  әлгі  үйдің  аузын 
жалай ма? — деді Ағыбай жиенінің сөзіне илана қоймай. 
— Әй, нағашы  - ай, аузыңызға соғымнан басқа сөз түспейді  - ау... Ойбай-ау, 
олар  ешқашан  сойылмайтын  биші  аттар  емес  пе.  Соған  қарағанда,  спортқа 
онша мән бермейсіз - ау деймін? 
— Бәрібір сенің айтқандарың көкейіме қонып тұрған жоқ. Менің білетінім — 
жер  бетінде  жылқы  көп  әрі  арзан  болуы  керек.  Жылқы  көп  болса,  жүзден 
жүйрік,  мыңнан  тұлпар  шықпай  қоймайды.  Мал  басын  бірыңғай  есепке, 
ақшаға бағындыру — қателік. Ақша тамақ болмайды, балам. Алдымен азық - 
түлік жағын қамдап алып, ойын - сауықты сонан кейін іздеген дұрыс болар. 
—  Жаңа  айттым  ғой:  жылқы  еті  жұрттың  бәріне  бірдей  азық  бола  алмайды 
деп... 
— Азық болады... Болғанда қандай! Сол адамдардың тамағы тесік екені рас 
болса, жылқының қазы - қартасы өзін әлі - ақ ақтап алады. 
—  Жарайды,  мен  қойдым,  нағашы.  Бұл  жолы  мен  -  ақ  жеңілейін,  —  деді 
Ержан  екі  қолын  бірдей  көтеріп.  —  Менікі  әншейін  сізге  қазіргі  жұрттың 
аңысын аңдату ғой баяғы. 

139 
Әдеби KZ 
Әйтпесе,  қазы-қартадан,  сары  қымыздан  безіп  жын  қағып  па  мені!  Соғым 
сойған сайын апамның жасап беретін шұжығының дәмі әлі таңдайымда тұр, 
— деп тілін сорып, тамсанып қойды. 
Осылайша қаңғыр - құңғыр әңгімесімен кемпір - шалдың көңілін аулап, біраз 
сергітіп  тастаған  Ержан  шайдан  кейін  қайтуға  қамданып,  қоштаса  бастады. 
Бұдан ары бөгелуге уақыты жоқ, бүгін қолы қалт еткенде, үлкендерге сәлем 
беру үшін амалсыз бұрылыпты. 
Ертеңдер  қағаз-қаламын,  бояуын  толықтырып  алып,  «Көктерек»  совхозына 
жүріп кетпек. 
Биыл  қыс  бойы  осы  ауданда  көтерме  жұмыстар  істеп,  біраз  қаржы  жинап 
алады да, көңілдегі үлкен мақсатқа сонан кейін қол созады. 
—  Айтпақшы,  ұмытып  бара  жатыр  екем  -  ау,  —  деді  ол  есіктен  шыға  бере 
артына  бұрылып.  —  Мен  қазір  Төреқұл  екеулеріңіздің  жайлаудағы 
сәттеріңізден  сурет  салып  жүрмін,  эскизі  бітуге  жақын...  Былайша  жаман 
шықпас  деп  ойлаймын:  Ақ  басты  Алатау,  төскейде  қылаң  берген  қалың 
жылқы. Төбенің басында насыбай атысып, сәлемдесіп тұрған қос жылқышы 
—  қазақ  пен  қырғыз...  Қалай,  ұнай  ма сізге?  Мен  жақында  XV  —  ғасырдағы 
италиян  суретшісі  Леонардо  До  Винчидің  жылқы  туралы  айтқан  мынадай 
сөзін  оқыдым:  «Дүниедегі  жан  -  жануардың  ішінде  жылқыдан  сұлу, 
жылқыдан кемел жаратылған бірде-бір хайуан жоқ» депті ұлы суретші. Ғажап 
емес  пе?!  Бұл  сурет  болашақта  «жылқышылар»  деп  аталатын  үлкен  циклге 
кіреді.  Жаман  жиеніңіздің  қырсығын  бір  тарқатса,  түбі  осы  цикл  тарқататын 
шығар, нағашы. 
Жас жігіт нағашы атасы мен апасына қарап ақсия бір күлді де, жылдам басып 
шығып  кетті.  Сол  жарқын жастық  шырайынан  үй  ішінде  де  бір  жарық  сәуле 
қонақтап қалған сияқтанды. 

140 
Әдеби KZ 
— «Тентектің бір аяғы сегіз, бір аяғы — тоғыз...» Ержан атының басын түзеп 
алды қазір. 
Осы  бетінен  таймаса,  әлі-ақ  адам  боп  кетеді,  —  деді  Ағыбай  сүйінішін 
жасырмай. 
 
 

141 
Әдеби KZ 

1   2   3   4   5   6   7   8   9


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал