Бірінші кітап (роман – диалогия)



жүктеу 2.27 Mb.
Pdf просмотр
бет66/68
Дата05.11.2022
өлшемі2.27 Mb.
#23354
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   68
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”
Вавилондағы ең бай адам, «Балалық шаққа саяхат» Бердібек Соқпақбаев PDF
ТАНГО - САҒЫНЫШ САЗЫ
Ай - хай көктем! Əулиеатаның көктемі əдемі. Зипа теректер бой
таластырып əуелеп тұр. Бізге зипа теректер қолайлы емес. Оған
маймылша өрмелеп шыққаныңмен бұтақтары осал, сынып кетсе, күл-
талқаның шығады. Бізге жайлысы кəдімгі қарағаш. Бұтақтары тарбақ,
əрі жуан. Арғымақ атқа мінгендей болып отырасың.
Əулиеатаның паркі қаланың қақ ортасында. Атшабардың. астында.
Балпық керуен – сарайының қапталында. Парктің қарсы жағы – МГБ
дегенін жапон тұтқындары салған үй. Жапсарлас – монша. Мүсілім
Қонақович апта сайын бір рет бізді қойша айдап əкеліп, тоғытады.
Парк пен моншаның екі арасын Абай көшесі бөліп жатады,
жарықтық.
Демалыс күні кешке паркке келеміз. Топтанып келеміз. Əйтпесе,
паркте неше түрлі бұзықтар бар. Біздің көне қаламыздың бір
мақтанышы – жазғы кинотеатр. Басқалар мақтанбаса – мақтанбас. Мен
үшін бұл кинотеатрға жетер өнер орны жоқ. Жан-жағы биік дуалмен


қоршалған. Төбесі жабылмаған. Жабылмағаны жақсы. Бізге жақсы.
Өйткені бізде билет алатын ақша болмайды.
Қарағаштың басына шығамыз. Құдды қарғалар сияқтымыз. Кешке
қарай қарғалар ағаш басына қонақтайды ғой. Ағаш басынан экран
анық көрінеді.
Төбесі жабылмағаны қандай жақсы. Ақшасы барлар билет алып,
дуалдың ішіндегі қатар-қатар скамейкаларға барып, қаздай тізіліп,
кісімсіп отырады. Ал біз олардың төбесінен қараймыз.
Жұлдыздарға да рахат. Олар да ақша төлемей, киноны тегін көреді.
Жұлдыздарға кино не керек деп күлерсіздер. Жұлдыздарда жан жоқ,
көз жоқ, ой жоқ деп түсінетіндердің өздерінде ой жоқ. Жұлдыздар
біздің марқұм ұлы ата-бабаларымыздың, ұлы аналарымыздың мекені.
Киноны кейде мұңайып тұрып Ай да көреді. Айда ой жоқ, ми жоқ,
көз жоқ дегендер де қатты қателеседі. Айдын бетінде қара дақ бар. Ол
диюлардың мекені. Ал жарық жағы – періштелер отаны. Алыстағы
Айдың өзінде де дүлейлер мен тазалардың арпалысы болып жатады.
Фильмнің аты «Ватерлоо көпірі». Тілі орысша болса да бəрі
түсінікті. Əсіресе музыкасы ғажайып. Əлгі музыканың жүрегіңді
ерітіп, елжіретері соншалықты, қарағаштың басында қарға сияқты
шоқиып отырғаныңды да ұмытып, кейде бұтақтан қатып ұстаған
қолың босап кетіп, құлап қала жаздайсың.
Гүлнəрға өлердей ғашық Сойдақтіске əсіресе əсер еткен болуы
керек, қопаңдап, қозғалақтай беремін деп, отырған бұтағы қарш етіп
сынып кетіп, астындағы келесі бұтаққа ілініп қалып, ажалы жоқ екен,
əрең құламады. Егер терекке шығып отырсақ қой, сөз жоқ құлайтын
еді.
«Ватерлоо көпірі» сойқан соғыстан кейінгі шыққан фильм. Жас
жігіт пен бойжеткен қыздың хикаясы. Əрине, мұны көрген
Сойдақтістің тұлабойы балқып кетеді.


Фильм бітіп, біз жерге түсе бергенде, кинотеатрмен қабаттас би
алаңында оркестр гүрс ете қалады да, біз енді топтанып алып солай
қарай жылжимыз. Оркестр алғашқы арқырағанын қойып, енді
баяулата ыңырсиды. Темір шарбақтың ішіне билет алып кіргендер –
Құдайдың сүйген құлдары. Қыздар мен бозбалалар, тіпті бурыл шаш
егделер мен кексе əйелдер құшақтасып билеп жүреді. Би алаңын
асфальттап тастаған. Бишілердің аяғынан асфальт алаң сыр-сыр етеді.
Оркестрге өздерінше үн қосқан сияқты.
Біз, колхозбайлар, би білмейміз. Биден сəл-пəл хабары бар
Сайыпқожа сияқтылар ақша жоқтан кіре алмайды. Құр қарап,
қызықтап тұрамыз. Бір жақсысы – темір тордан бəрі көрінеді.
Адамдар бақыт құшағында жүрген бейбіт заман. Күні кеше алапат
соғыс болмағандай, адамдар аш-жалаңаш жүрмегендей, мамыражай,
дүн-дүние дін-аман.
− «Танго», – деді Сайыпқожа би білетінін сездіріп.
− Танго? Ол не? – дедім мен түсінбей.
− Бидің аты. Мысалы, «вальс» деген сияқты.
Музыка сыңсиды. Бұл қай сыңсу? Түсінбеймін. Темір шарбақтың
сыртында тұрып, сол сыңсудан менің жүрегім сыздайды. Ал билеп
жүргендердің, темір шарбақтың ар жағына өтуге қолы жеткендердің де
жүректері менікіндей сыздап, көздерінен еріксіз жас жылжып аға ма
екен?
Қараймын, ондайлар байқалмайды. Аяқтары асфальтты тырп-тырп
сыпырып, бірін-бірі құшақтап алып, кейбіреулері қабыса-жабыса
сүйісіп (ұят-ай!), сықылықтап күліп, мəз-мəйрам болып жүр. Тек
гимнастеркаларының омырауы медальге толы ерте егде тартқандар
мен сарықарын қатындар ғана онша жабыспай, қабыспай, сабыр
сақтап қимылдайды. Ал менің жүрегім сыздайды.
Сөйтсем, бұл Танго дегеніңіз сағыныш сазы екен. Аргентина деген
елде туған сарын. Аргентина Атлант мұхитының ар жағында екенін


жағрафия сабағынан жақсы білемін. Жағрафиядан сабақты бізге
Жақыпбек деген кісі оқытады. Басы қасқа, өңі ашаң, көздері мейірлі,
сұңғақ бойлы, бойын тік ұстап жүретін, заты ақсүйектеу кісі еді.
Жағрафия сабағынан үйге тапсырма береді. Əр оқушы бір- бір
мемлекеттің картасын суретке салып əкелуі керек. Оны əдемілеп
бояуы керек. Менің сыбағама Италия деген ел тиді. Интернатта соның
суретін салып отырғанымда, Сайыпқожа жаныма келіп:
− Өй, мынауың саптама етік қой, – деп мазақтаған.
Өзі етік сияқты болса, мен қайтейін. Етікке ұқсамасын деп не
дөңгелетіп, не төртбұрышты етіп салсам, шатақ шықпай ма? Онда
Италияға Австрияның, не Францияның, яки Швейцарияның жерін
қосып аласың, онсыз да жер үшін жан берісіп, жан алысып жататын
Еуропада қып-қызыл жанжал шықпай ма?
Маған бола Eвропа соғыса қоймас, бірақ Қасымбеков мұғалім оны
кешірмейді. Баттитып «2» қояды.
Аргентина картасын кім салғаны есімде жоқ. Сол елді бір кезде
испандықтар жаулап алған көрінеді. Жаулап алушылардың ішінде
бақыттылары да, мұңдылары да болатын сияқты.
Байлық іздеп, бақыт іздеп, Испанияны тастап, Аргентинаға қоныс
тепкенімен, өзінің бұрынғы Отанын, туған жерін сағынатын нəзік
жүректілер де болса керек. «Танго» сарынын шығарған солар деседі.
Мен айтар едім: «Танго» – көктем музыкасы. Көктем жыры.
Көктемде адамдар əсіресе əсершіл. Көктемде Самарқанның көк тасы
да жібиді дейді. Ал адам жаны тас. емес қой. Жаның жібігенде
қараптан-қарап келе жатып əн салғың келеді. Өзіңнен-өзің
ыңылдайсың, көкіректі бір үн кернеп ызың салады. Терезенің қос
əйнегінің арасында қамалып қалған шыбындай аласұрып ызыңдап,
шығарға саңылау іздейді.
Ал сол саңылауы барлар – жап-жақсы композиторлар.
Композиторға тілдің, сөздің керегі жоқ.


Енді мынау – «Танго». Сөзі жоқ. Сөзсіз-ақ түсінемін. Сеземін.
Адамның бір қымбат қасиеті сезім шығар.
«Танго» сыңсиды. «Танго» алысқа-алысқа, туған елге шақырады.
Би алаңының темір шарбағына сүйеніп тұрып, мен сонда Жуалыны,
Мыңбұлақты өлердей сағынғанымды сездім.
Мыңбұлақтан басқа тағы да əлдене бар... Атын, затын біле
бермейтін. Көзге көрінбейтін, бірақ көкірегіңнен кетпейтін. Əлде өң,
əлде түс сияқты бір елес ақыл-есіңді арбай береді. Əлдене іздеп алаң
боласың. Себепсізден себепсіз алаң бола бергеннің несі жақсы? Бірақ
тəтті алаң. Жұмбақ болған сайын тəтті сияқты көрінеді.
О, «Танго!» Мен оны билеп жүргендердің ішінен көріп қалғандай
болдым. Темір шарбақтың жуан шыбықтарынан қатып ұстап, қарап
қалдым. Иə, сол! Құдаша ғой, Құдаша! Семіздеу бір жігітпен билеп
жүр. Ержан бөлемнің үйінен көрген Құдаша!
Адам айтса сенбейтін, түсінде ғана кездесетін шартта-шұрт, қым-
қиғаш, одағай оқиға. Əйтпесе...
Өзім темір шарбақтың жуан шыбығынан қатып ұстап тұрмын.
Орнымнан қозғалған жоқпын. Қозғалсам қасымдағы жолдастарымнан:
Сайыпқожадан, Сойдақтістен, Ақтайдан, Тұмсықтан сұраңдар.
Құдайақы, қозғалған жоқпын.
Ал сонда Құдашамен билеп жүрген Бейтаныс Семіздің жағасынан
шап етіп ала түскен кім? Теңбіл барысша атылып барып ала түсті! Мен
ғой! Мен! Барсхан! Танымайтын, білмейтін Бейтаныс Семізде нем
бар?! Не түлен түртті?
Бірақ мен орнымнан қозғалған жоқпын. Темір шарбақты қатты
қысқаннан саусақтарым қарысып қалды. Оллаһи, қозғалған жоқпын.
Куəлерім бар: Жантық-Сайыпқожа, Сойдақтіс-Ертай, Қодық-Ақтай,
Тұмсық-Мақан...


Сонда... ана Бейтаныс Семізбен алысып жатқан кім? Құдаша шыр-
шыр етеді. Билеп жүргендер үрке жөнелді. Алысып жатқан – өзім.
Мен! Барсхан! Бейтаныс Семіз шалбарының қалтасынан пистолет
суырып алып, маған оқтала бергенде, қолынан шап етіп ұстағанымда,
пистолет аспанға қарай атылып кетті. Халық жан-жаққа жанталаса
қашып, темір шарбаққа кептеліп, бірін-бірі таптап кетті. Оркестрдің
үні ешті. «Танго» тыйылды.
Енді бір қарасам: «Танго» бұрынғысынша сыңсиды, билеген
адамдардың аяқтары асфальт алаңды тырп-тырп сыпырады. Құдаша
сол кəдімгі Бейтаныс Семіздің құшағында. Өзім сол орында тұрмын.
Темір 
шарбақты 
қыса-қыса 
саусақтарым 
қарысып 
қалды.
Жолдастарым да орнында. Жантық-Сайыпқожадан:
− Жана не болды? – деп сұрадым сыбырлап.
− Ештеңе де.
− Пистолет атылды ғой.
Сайыпқожа маған ажырая қарап:
− Саған қос көрінген шығар, байғұс, – деді.
− Əне, анау, – деймін Құдашаның құшақтап, қалың топтан шеттеу
шыққан Бейтаныс Семізді сұқ саусағыммен оқтап. (Саусақтарымды
шабақтан əрең ажыратып алдым).
− Өй, ол редактордың баласы ғой, – деп таң қалды Жантық –
Сайыпқожа. – Оның шыннан пистолеті бар болуы мүмкін. Əкесінің
пистолетін алып жүреді екен деп естітем. Бірақ əзір пистолет атылған
жоқ қой.
− Мен жаңа онымен төбелескен сияқтымын...
Енді Сайыпқожа менің иығымды сығымдап ұстап, бетімді өзіне
қарата бұрып алып, көзіме үңіле, сезіктене қарады.
− Не үшін төбелестің?


− Құдаша үшін.
− Ана билеп жүрген құдашаң ба?
− Иə.
− Қайдағы құдашаң?
− Ержан бөлемнің балдызы.
− Е, ол Ленин мектебінде оқитын қыз ғой. Ана жігіт те сол
мектепте оқиды. Құдашаң орысша оқиды екен да. Ə, арам, жақсы
көріп қалыпсың, ə! Бізге ғой айтпайсың, – Сайыпқожа шықылықтап
кеп күлді.
− Бірақ пистолет атылды, – деймін мен əлі сенбей.
− Əлгі кинодан көргенің ғой. Соның əсері ғой.
− Кино – кино. Ол – «Ватерлоо». Ал мынау...
− Бұл – «Танго», – деді пысықай Сайыпқожа.
«Танго». Сыңсиды. Емен шулап, қайындар билеп, тут ағаштан ақ
бүлдірген сияқты жеміс төгіледі. Музыканы ағаш екеш ағаш та сезініп,
елжірейді. Ұйқысы бұзылған қарғалар қарқ-қарқ етіп қойып, Ай
сəулесінен алакөбең аспанда арлы-берлі сапырылысып ұшып жүр. А,
бəлкім, олардың да билеген сықпыты сол шығар. Би білмегенің қандай
қорлық. Əйтпесе, қазір темір шарбақтан секіріп түсіп, Құдашаны биге
шақырсам. Бірақ Бейтаныс Семіз. Пистолет... Ну что ж!
Ай да, Құдаша! Ақсары жүзі жарқылдап күледі. Бейтаныс Семіз
оның бетіне бетін тақап, құлағына бірдеңе деп сыбырлайды. Құдаша
сықылықтап күледі.
Неге күледі? Мүмкін, шарбақ сыртындағы мені көріп қалып, мен
туралы əлдене айтысып күлетін шығар.


Күшəла жалаған күшіктей ішім удай ашып, қараптан-қарап тұрып,
тістерім шықырлайды. Жаңағы елес... Шыннан елес пе, əлде шыннан
төбелестім бе? Егер шыннан төбелессем, неге мына жұрт мамыражай,
мамырлап билеп жүр? Пистолет атылса, ана милициялар неге
маңқиысып босқа қарап тұр? Неге менің жолдастарым түк
білмегендей, ештеңе сезбегендей?
Адам да тікесінен тік тұрып, ұйықтамай-ақ түс көре ме? Жылқы
емеспін ғой, түрегеп тұрып ұйықтап, түс көретін!
Ал сол соғыстың болғаны рас. Əлгінің жағасынан алғаным рас.
Пистолет атылғаны рас. Ал Жантық-Сайыпқожа ештеңе де болған жоқ
дейді. Басқалары да түк сезбеген.
Ауырып қалмасам жарар еді. Ненің ауруы, тапа-тəннен жабысқан
қандай сырқат?
«Танго». Сөзсіз, тілсіз əуен. Неге сөзсіз, неге тілсіз? Сөз болмаса,
тіл болмаса жүрек сыздай ма?
«Танго». Оның да сөзі, тілі бар. Оны есту үшін мына қалқайған екі
құлақтан басқа, тіптен басқа, мүлде басқа, көзге көрінбейтін, он екі
мүшеңде жоқ ерекше құлақ керек!
«Танго». Сағыныш сазы. Сонда нені, кімді сағындым? Əрине,
Мыңбұлақты, Тəңіртауды, Ақсу-Жабағылыны...
Құдашаның аты – Ақ-Шолпан еді...

жүктеу 2.27 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   60   61   62   63   64   65   66   67   68




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет