Бірінші кітап (роман – диалогия)



жүктеу 2.27 Mb.
Pdf просмотр
бет41/68
Дата05.11.2022
өлшемі2.27 Mb.
#23354
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   68
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”
Вавилондағы ең бай адам, «Балалық шаққа саяхат» Бердібек Соқпақбаев PDF
КӨК КЕМПІР
Жаяу адам жатып, атты адам түсіп қарайтындай бопсың ғой, –
деді Көк Кемпір. – Төрткүл көшесінің қыздарына қырындап тұрсың-ау,
ə?!


Тарғыл-тарғыл тарпаң даусында кекесін бар. Оны сезіп қойдым.
Қай-қайдағы қойқаптағы жындарым қозыңқырап, жабайылау жаман
сөзбен жауап бергім кеп, тілім қышып, уын төккім кеп біраз тұрдым
да, Зиба əпкемнің айтқаны есіме түсіп, жақ ашпадым.
Көріпкелі бар ма, білмеймін, менің не ойлағанымды о да сезе
қойды.
− Жек көріп тұрсың, ə? – деді. – Боқтайын деп оқталдың, ə?
Ұрлығым ашылғандай сасып қалдым.
− Оқпен қабынып, өтің жарылмасын. Мен саған жамандық
жасамаймын. Қорықпа. Жүр менің үйіме!
«Үйіме» дегенді мекіреніп, кекесінмен айтты.
Үңгір үйге баруға қорықсам да, бір жағынан қызық көріп,
үркектеп, имене басып кірдім-ау.
Іші қап-қараңғы қашан көз үйренгенше. Көз үйренсе – ұядай ғана
екенін аңғарасың. Төбесін жүгерінің сабағымен жауыпты.
Қураған сары жапырақтары ақ орданың желбауындай салбырап
тұр. Жерде – жусан төсеніш. Содан да жусан иісі аңқиды. Екі ешкінің
терісі жатыр. Бірі қара, бірі ақ. Екі бөстек. Бірі қара, бірі ақ. «Неге?» –
деп сұрауға батпадым.
Бірақ Көк Кемпір сұрағымды айтпай білді.
− Өйткені, – деді ол, – үйдің іші қараңғы, дала жап-жарық.
Түсінбедім.
− Үйдің іші қараңғы, дала жап-жарық, – деп қайталады Көк Кемпір
менің санама жетсін дегендей. – Жазда ылғи далада жүремін. Ал қыста
қиы - ы - ын. Қыста ылғи далада жүре бермейсің. Үй болса қараңғы.
Ұдайы от жағуға отын жоқ. Мені қойшы, Зибада да отын жоқ. Өзі
өкпесі ауырса, отыны жоқ болса, суыққа қашанғы шыдайды? А?


«Соны да білмей тұрсың ба?» – дегендей маған ызғарлана қарады.
Зəрем зəр түбіне кетті. Қараңғы үңгір. Ақ шашы дударлана бұрқырап,
сексиіп кеткен. Өріп қойса қайтеді? Тым құрыса, шуда жіппен болса да
түйіп, байлап қойса қайтеді? Жоқ. Дауыл соққандай бұрқырайды.
Зəреңді алады.
− Зиба бұл ауруды қайдан тапты деп ойлайсың, а?
Үндемеймін. Мен қайдан білейін?
− А - а, білмейсің... Туысқан болмай, туа шөк. Зиба саған өзің
қиналғанда ғана керек. Жайшылықта халің қалай демейсің? А?
Үңгірден тұра кеп қашып, атып шыққым келді. Кемпір оны да біліп
қойды.
− Тоқта, мен жемеймін. Жалмауыз кемпір деп тұрсың ба?
Жемеймін сені. Бірақ тыңда. Зибаның байы Мырзагелді осы үйің
соғысқа кетердің алдында ғана соқты. Соғып бітіре алмай, əскерге
кетті. «Оу, қоя тұрыңдар, үйімді соғып болайын, содан кейін барайын»
дегенге соғыс қарамайды. Соғыстың аңсағаны – азап. Күз болса келіп
қалды. Қалған жағын Зиба өзі соқты. Күздің қақаған қара суығында
оппаға түсіп, жалаң аяқ, балтырын түріп алып, балшық иледі. Қыс түсе
бітірді. Үйі қалай бітті, ішіне қалай кірді – Зиба солай құлады. Төсек
тартып жатып қалды... Əне, өкпе ауруы.
Мұның бəрін мен қайдан білейін? Білсем. Зибаға шелекпен балшық
тасып беріп тұрсам да көмектесер едім-ау. Бірақ Əулиеатадан жырақ,
Қаратаудың ар жағында, Тəңіртаудың табанында жатқан мен оны
қайдан білейін? Біз қайбір жетіскен дейсің?
Жейдесі жұқа, қасіреті қалың біз емес пе едік?! Мына Көк Кемпір
соны білмей, көкбеттігіне басып тұр ғой.
Осы ойымды оқып отырғандай, Көк Кемпір:
− Шекеңнің майы шылқылдап тұрмағанын білемін. Кескін-
кейпіңнен көрініп тұр ғой. Балағы жырым-жырым шалбар киіп те адам


жекжат-жұрағат аралай ма екен? «Басқа түссе, баспақшыл» болғансың
ғой. Ал енді, – деді Көк Кемпір Зиба кішірейтіп берген қоңыр
шалбарды нұсқап. – Мұның құны базарда бір арба отын. Зибаның бір
ай жағатын отынын сен тылтитып бұтыңа киіп алдың...
Шыннан ба дегендей, көзім бақырайып кетсе керек, кемпір мені
аяғандай жұмсарып:
− Ештеңе етпейді, – деді – Ескермеске еріп барып, екі-үш күн
жусан шауып, есегіңмен тасысаң, нан-тұзды ақтарсың.
Кенет Көк Кемпір шақшиып, көзі шатынап:
− Ойбу, сорлы басым-ай, мен сенімен мылжыңдасып тұрғанымда
Битөре өтіп кеткен шығар. Менің үйімнің нөмірі жоқ қой. Адасып өтіп
кетсе, Битөремді қайдан іздеймін?! – деп, үңгірден атып шықты.
Соңынан мен де ата кеп жөнелдім. Көк Кемпір көшеге шығып алып:
− Битөре! Ойбой, Битөре - ее! Қайда жүрсің, жалғызым?! – деп
айқайды салды дейсің. Кешеден ары-бері өтіп жатқан жандар, бұл
азынауық дауыстан шошып-шошып түскендей болады.
Төрткүл көшесіне Көк Кемпір əбден мəлім көрінеді. Бірақ осы
көшемен қалаға кіретін Талас, Сарысу, Қаратау, Билікөл, Бурыл халқы
үшін бұл оқыс оқиға. Жолаушылардың көбі базарға мал айдағандар.
Таластың құмдағынан қауын, дарбыз тасығандар.
Олар Көк Кемпірді жынданған деп ойлайды. Көбі шошынады.
Біразы аяйды. Тіпті қайыр – садақа тастайтындары да бар. Бірақ Көк
Кемпір оларға:
− Мен сендерден қайыр-садақа сұраған жоқпын ғой. Жандарың
ашыса, маған Битөрені тауып беріңдер! –дейді.
− Ол кімің еді, байғұс-ау? – дейді кейбіреуі.
− Ол менің табынатын Тəңірім, – деп Көк Кемпір аспанға қолын
жаяды. – Ол менің аспандағы Ай мен Күнім. Ол – менің жалғандағы


жалғыз ұлым. Битөре соғыстан қайтпай өлген болса, онда Тəңірі де
өледі, Ай мен Күн де сөнеді. Ал мен болсам, күйіктен өртеніп өлемін.
Осындай сұмдық болсын демесеңдер, Битөрені тауып беріңдер. Ол
менің үңгір үйімді таба алмай, адасып жүрген шығар. Көрсеңдер, жөн
сілтеңдер.
Жолынан қалып, жиналып тұрған жолаушылар:
− Ей, бейшара, мұңлық ана! – дейді.
− Жалғызынан адасқан пəруана! – дейді.
− Ұлынан айырылған жалғыз сен емес, – дейді.
− Үмітсіз шайтан, жолын тос! – дейді.
− Көрсек айтамыз.
− Балаң келеді, жылай берме!
− Ақ шашты анаң жолыңды тосып тұр, – дейміз. Көк Кемпір сонда
аспанға алақан жайып:
− Айтқаның келсін, ағайын! Жолдарың болсын, жолдасың Қыдыр
болсын, бауырларым! – дейді.
Дауыл тыйылып, теңіз шайқалғаны тоқтайды. Аспанды
күңіренткен «Битөре» жаңғырық басылады.
*·*·*
Зиба əпкем екі иінінен дем алып, ентігіп отыр екен. Шелпегі кеңдеу
танауына дейін тершіп кетіпті. Екі бетінің ұшы алманың қызылындай
алаулайды. Мені көріп, аппақ тістері маржандай тізіліп, қасқая
күлімсіреп:
− Қыдырып келдің бе? Не қызық көрдің? – деді. Көк Кемпірдің
хикаясын айтып бердім.


− Өзің көңілсізсің ғой, біреу ренжітті ме? – деп бетіме үңіліп,
басымнан сипады Зиба.
− Зиба əпке, – дедім жалтара алмай. – Сіз мына шалбарды бекер
бүлдірдіңіз.
− Бүлдіргені несі? Кім айтты!?
− Көк Кемпір.
− Не деп?
− Бұл шалбарға бір арба отын алуға болады екен.
− Ай, жарықтық-ай, онда несі бар екен...
Басқа біреу болса: «Ай, қу қақбас-ай!», «Ай, жалмауыз кемпір-ай!»
– дер еді, Зиба: «Жарықтық-ай» дейді. Əулие тұта жаздайды.
− Сен соған сеніп қалдың ба, Барсхан? – деп Зиба шыннан күлді. –
Мырзагелді жездеңнің киімдерін базарға апарып сатып, ақшасына
отын алғаным рас, өткен қыста. Оның өзін мен көзін тауып сата
алмаймын ғой. Ауагүл əпкем сатып берді. Ауагүл əпкеңді білесің бе?
Айша əпкемнен үлкеніміз ғой. Осы қалада, Қапал көшесінде тұрады.
Сені ертіп апарар едім, көрмейсің бе, мына жөтел қысып тұрғанын...
Мен көрмеген, бірақ Айшадан талай естіген Ауагүл əпкемнің үйіне
бара алмадым. Оның есесіне Зиба əпкемнің картошкасын, сəбізін
қазып, қабына салып бердім. Ескермес дейтін баламен бірге есекке
мініп, Шайқорық деген ауылдың ар жағынан екі-үш рет отын
тасыдым.
− Зибаға Құдай беріп қалды. Жұдырықтай екі бала, өзі ауру, халі
əбден мүшкіл тартқанда, қолына інісі келіп, жаны кіріп қалды-ау, –
десіп жүрді. Мұны тіпті Көк Кемпірдің өзі де мойындады.
− Сені мен Зибаның кəртішнəй нанына ортақтасып, масыл бола ма
деп ем, иманды жердің баласы екенсің, – деді...


Төрткүл көшесінен Ескерместен басқа Рахметолла, Сағымбек,
Сауқымбек деген достар табылды. Осылай жүре берсем, қалаға оп-
оңай сіңіп кететін түрім бар.
Екіұдай болып, қиналдым. Зибаға қолғабыс болып жүре бергім де
келеді. Бірақ туған үй, туған ел деген де қиын екен. Оны мен тым-тым
ерте сезіндім. Жайшылықта қадірін біле бермейтін туған ауыл, қайран
туған ауыл, алыста жүргенде жүрегіңді сыздатады екен. Аспанмен
тілдескен тауларын, арқырап аққан суларын, сылдырап жатқан
бұлақтарын, хош иісті киікоты мен дəру жалбызын былай қойғанда,
шоңайна, шеттік, шошқа тікеніне дейін сағынады екенсің. Шошқа
тікен кірш етіп, кіріп кетіп, табаныңнан қара қаның судай аққанда,
аяғыңды малып-малып алатын майтопырақты аңсайды екенсің. Қалада
майтопырақ жоқ. Жаралы аяқты майтопыраққа батырып-батырып
алсаң, лезде жазылады ғой. Ем ғой майтопырақ.
Сол топырағына дейін дəру-шипа елден кетіп қалуға бола ма? Бірақ
мен өз еркіммен кетпедім. Тасбеттің жаласынан, бəлесінен
қаймықтым.
Айшаны, Құрмашты, Батырханды сағындым. Сүлейменді, Өсерді,
Қамқа апамды, тіпті арам Жолдасбекті де сағындым. Мұғалім апайдың
тəмпіш тəкаппар қызын да...
Сағыныш менің ес білгеннен бергі жолдасым.
Сол жолдасым болмаса мен қайтпас та едім. Сағыныш дегеннің не
екенін білмейтін Көк Есек сияқты қарным тойған жерде жүре берер
едім. Көк əңгі ауылды мүлде ұмытқан сияқты. Айтпақшы, осы есекке
бола, Айша Оңғарбай атамнан сөз естіп қалмаса нетсін. Екі-үш күнге
деп сұрап алған. Екі-үш күн емес, екі аптадан асып барады Оңғарбай
атам шыдар-ау. Тасбет жаман ғой. Оңғарбай атама:
− Есегің қайда? – дейді.
− Оны қайтесің? – дейді Оңғарбай атам.
− Элеваторға бидай тасимыз.


− Есек жоқ, құрыған, – дейді Оңғарбай атам жақтырмай.
− Ə, бəлем, – дейді Тасбет. – Əлгі «халық жауының» баласы қашып
кетіп еді, сол мініп кеткен болды ғой, сірə. Міне, бұл нағыз зиянкестік!
Бұл үшін үкімет алдында сен де жауап бересің.
Оңғарбай атам шыннан қорқа бастайды. Өйткені осы Тасбет
былтыр Сартай деген шалды есекке бола, «не есек, не өкімет
құрымады-ау» дегеніне бола, соттатып жіберген.
Мен ауылға тез қайтпасам, міне, осындай оспадарсыз оқиға болып
кетуі де мүмкін. Ал мені ұстатып, айдатып жіберсе – ол енді пешене
мəселесі. Тағдыр не айтады, сол болады. Айша айтпақшы:
«Жазмыштан озмыш жоқ». Он екі жастағы баланы соттай қоймас,
соғысқа да жібере қоймас. Жіберсе, қашпас едім. Бірақ ФЗО дегенге,
Қарағанды деген жерге айдайды дейді. Ол енді мен үшін беймəлім
дүние. Бірақ ауылдағы Шақалақ шалдың баласы Ікімəт деген айтқан:
«ФЗО-ға кетемін. Тамақ – өзінен, киім-кешек өзінен. Өкімет
асырайды», – деп. Ікімəттің өз шешесі ашаршылықта өліп қалыпты.
Ікімəт өгей шешенің қолына қарайды. ФЗО-ға кеткісі келетіні содан
шығар.
Құдай Айшаны аман қылсын.
Менің ауылға қайтпақшы болып қипақтап жүргенімді Зиба біліп
қойды.
− Сен келіп, қолым ұзарып, жаным кіріп қалып еді, қайтейін.
Қайтсаң, қайт. Айша əпкеме де қолғабыс керек қой. Бірақ бір нəрсені
Айша əпкеме айта бар, – деді.
Не нəрсе екен деп отырмын. Ентігіп, жөтелі күшейе түсті. Күл
салған тостағанға түкіріп тастап, жөтелден əрең тыйылды. Орама
жағалы сұр пальтосы үйде де үстінен түспеді. Аяғын көрпемен
қымтанып алған. Тағдыр қол-аяғын бұғаулап қойған тəрізді. Бірақ
соның өзінде ханзададай қасқайып отыр. Танадай көздер жарқ-жарқ
етеді. Танауы қусырылды.


− Мына заман алмағайып, – деді Зиба əпкем. – Соғыс бітіп, жездең
тірі қайтса бір жөн. Ал соғыс бітпей, Мырзагелді қайтпай, мен сөне
кетсем, мына екі баланың күні не болады? Детдомға өткізер. Өлтірмес.
Бірақ детдомда нəсілінен айырылып қалады ғой. Орыс боп кетеді ғой.
Айша əпкеме осыны айт. Бəлкім, өзінің үш баласына екі жетімді қосып
алса, сауабына қалар. Жаман айтпай, жақсы жоқ дегенім ғой. Шамасы
келсе, Айша əпкем менің көзім тіріде бір көрініп кетсін, осыны
ұмытпа.
Көк əңгіні ерттеп қайтар сəтте, Зиба мені құшақтап, арқамнан
көпке дейін сипалап тұрып алды. Үңгір үйінен Көк Кемпір шығып:
− Əй, тентек, мені жек көріп кетпе! – деді. – Битөрені сұрай жүр.
Көрсең айт, анаң күтіп отыр де. Тірі де! Өлмейді де! Əлдеқашан өліп
қалар едім, үміт өлтірмейді екен. – Кенет Көк Кемпір: «Битөре - е - е!
Битөре - е - е!» – деп жан даусы шыға айқай салды.

жүктеу 2.27 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   68




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет