Бірінші кітап (роман – диалогия)


СƏЛИ, ҚАЛИ, БӨПЕТАЙ, САТАЙ ЖƏНЕ БАСҚАЛАР



жүктеу 2.27 Mb.
Pdf просмотр
бет39/68
Дата05.11.2022
өлшемі2.27 Mb.
#23354
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   68
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”
Вавилондағы ең бай адам, «Балалық шаққа саяхат» Бердібек Соқпақбаев PDF
СƏЛИ, ҚАЛИ, БӨПЕТАЙ, САТАЙ ЖƏНЕ БАСҚАЛАР
Есектеріміз кəдімгідей тынығып қалған екен, томпаңдап жүріп
берді. Айша-Бибі анамыздың мазарына басымызды иіп аттандық.
Бибісара апа:
− Балам, бұл ауылдан əлі талай өтерсің. Ары өткенде де, бері
өткенде де Айша-Бибі анаңа тағзым ет. Жамандық көрмейсің, – деді. –
Аруағы күшті ғой жарықтықтың.
− Аруағы күшті болса, мұның қышын бұзып алғандарды неге
ұрмайды?
Бибісара бетіме таңырқай қарады:
− Ұрса – ұрған шығар, балам, əлі ұратын да шығар. Əйтеуір,
оңдырмайды. Ұрпағына дейін ұрады, – деп қату айтты.
Менің анамның аты да Айша. Бірақ «Бибісі» жоқ. Бəлкім, анамның
атын осы əулиені еске алып қойған шығар. Бұл əулие анамыз неге
өзінің аттасына көз қырын салмайды, неге азабынан арылдырмайды,
оны қорлаушыларды неге жазаламайды? Бала да болсам, осындай
сұрақтар тілімнің ұшында тұрды. Бибісараға айтайын деп ойладым да
тоқталдым. Əуелгі сұрағымды жақтырмай қалған сыңайлы.
Əулие анамыз топастардан, имансыздардан өзін-өзі қорғай алмаса,
алыстағы (мен үшін алыс), Тəңіртаудың бауырындағы қызылшаны тау
суымен суғарамын деп қызыл сирақ болған Айшаны қалайша
қорғамақ?
Бұл сұрақтың күпірлік екенін ол кезде мен біле бермеймін. Тек өз
Айшам қорғансыз екені есіме түскенде ет-жүрегім езіліп, артыма
бұрылып, ішімнен:
− Иə, əулие ана Айша-Бибі! Менің Айша апама пана бола гөр! –
деп тіледім.


Сөйтсем, есектеріміз Аса өзенін жалдап кешіп келе жатыр екен.
Кейін білсем, Аса дегеніңіз біздің Теріс екен. Біздің Теріс өзені
жарықтық ылғи күншығысқа қасқая тартып отырып, Маймақ тауының
тұсына таярда Қырғыздың Күркіреу өзенімен құшақтасады екен де,
екеуі бірігіп, ылдиға, солтүстікке қарай құлайды екен. Оны Аса деп
қойыпты. Сірə, Асау болуы керек. Бірі Шақпақтан, бірі Манастан
шыққан екі тау суы қосылған соң о баста жойқын болған ғой. Содан
Асау атанған шығар. Еріншек қазақ толық айтуға да ерініп, ыңыранып
Аса дей салған ғой.
Сонымен, киелі Терісті екі рет кешіп өттік.
Жап-жазық жасыл саздың терістігінен ауыл көрінді.
− Құдай қаласа, келдік, – деді Бибісара. – Əлі өсерсің, жетілерсің,
балам. Сонда, сонау Тəңіртаудан бері қарай сапарда екі күн жолдас
болған Бибісара деген апаңды ұмытып кетпей, анда-санда есіңе
алғайсың. Бибісараны ұмытсаң да, Шоқайды ұмытпассың.
Кəрі кісілер қызық. Оны менің ұмытқанымда, ұмытпағанымда не
тұр? Келер-кетер не бар? Дүниеге келдің, кеттің. А, бірақ мүлде із-
түзсіз, сен дүниеге мүлде келмегендей, жер басып жүрмегендей, ешкім
есіне де алмай, анда-санда атыңды да атамай, мүлде ұмытылып кету де
қиын шығар. Адам шіркін о дүниеде де тірілерден бірдеңе, тым
құрыса, жақсы лебіз дəмететін болуы керек. А, бəлкім, о дүниеде де
есеп-қисап бар болар. Жарық дүниедегілер өлген адам туралы жақсы
айтты ма, жаман айтты ма – есепке алатын шығар. Ұпай жинайтын
шығар. Сол ұпайға қарап марқұмның о дүниедегі жағдайы жасалатын
шығар...
Көшенің басынан кіре бергенде, астымдағы көк есек əңкілдеп
тұрып ақырсын-ай келіп! Бүкіл көшенің ұзына бойында бір-біріне
іргелесе, бір-біріне жаналай, тығылыса отырған Ошақты, Қоралас,
Сіргелі, Алшын ауылына:
− Ей, жараңдар! Кім келе жатқанына қараңдар! Барсхан келе
жатыр! – деп жар салғандай əңкілдеді-ай, ар - рам.


Ыңғайсызданып, басына шыбықпен тартып-тартып жібердім. Бұл
елден сүйінші сұрайтындай мен қайбір ханзада. Аяғымда қыстың күні
киетін бақабас жаман бəтеңке. Құйрығы мен тізесіне жамау түскен түсі
белгісіз бомази шалбар, көйлегім де келісіп тұрмаса керек. Түнде
шешпей жатқандықтан мыжылып, бырысып-тырысып қалған без
көйлек. Қорғанбайдың апасынан Айша сұрап алып берген қисық
кепке.
Тал-дарақтан көрініңкіремей тұрған аласалау үйдің тұсына келіп
тоқтадық. Бибісара апа есектен түсуді қиынсынды ма, көлікте тұрып:
− Кім бар-оу? – деп айқайлады. Кішкентай мəшке ит шəуілдеді.
Үйдің ар жағынан, жүгерінің арасынан кетпенін сүйретіп, бір қолымен
көзін көлеңкелетіп қарт кісі шықты. Əрең таныдым: былтыр көрген
Сəли атам! Былтыр төредей еді. Қазір... Жақындап келіп:
− Ə-ə, Бибісарасың ба? – деді. Содан соң маған үңілді. Əңгіден
аунап түсіп:
− Ассалаумаəлəйкум, ата! – деп қолымды ала жүгірдім.
− Жиеншарыңды алып келдім, – деді Бибісара.
− Е, е. Жиеншар. Ə, ə. Таныдым. О, айналайын! – деп, мені
құшақтай алды.
Көк есекті талға байлап, үйге кірдік.
− О кім? – деген дауыс іш жақтан барылдаңқырап өктем шықты.
− Жиеен, жиен, жиеншар... – деді атам мүдіріп. Сірə, атымды
ұмытыңқырап қалса керек.
Далада күн шыжып жарқырап тұрса да, үйдің іші күңгірт,
терезелерін тұмшалап тастапты. Оң жақ іргеде денесі қомақтылау бір
кексе əйел төсектегі балаға тостағанмен бірдеңе ішкізіп отыр. Үсті-
басыма тінткілей қарап алды да, төсектегі балаға қарай қайта
бұрылды. «Қай жиеншар?» – деп сұраған да жоқ.


Атам маған бір қарап, төсек жаққа бір қарап, кібіртіктеп қалды.
Сəлден соң:
− Əй, қатын! – деп керең адамға айқайлағандай, балғамен темір
төсті соққандай шаңқ етті. – Айшаның баласы алыстан келді. Шөлдеп
келді. Тұр, сусын бер.
Табалдырықтан аттамай жатып, шал мен кемпірді кикілжіңге
салып қойдым ба деп мен қыбыжықтадым.
Кексе əйел маған енді ықыластана қарап:
− Е, айналайын, апаң аман ба? – деп орнынан ауырлау тұрды-ау.
− Аман. Бəріңізге сəлем айтты, – дедім. Өзімнен гөрі, сөзім əсер
етті білем:
− Е, қайран Айша, сəлемет болсын, – деп бақырауықтау апам (əлі
атын білмеймін) бұрышта тұрған күбіні піспекпен пісіп-пісіп жіберіп,
ағаш зереге ашыған көже құйып берді.
Ашытқан жүгері көже екен, көзімді жұмып сіміріп салғанда көзім
шырақтай ашылып, қаракөлеңке үйдің іші жап-жарық болып сала
берді.
Біздің Мыңбұлақта күн салқын шығар, жүгері піспейді, дүмбіл
күйінде қалады. Сөйтсем, жүгері деген балдай тəтті болады екен.
Əйтеуір, қазір маған солай көрінді.
− Қазір шəй қоямын, – деді жуан апам. Бұл сөзді құптағандай Сəли
атам көзі күлімдеп, қутыңдап қалған сияқты. Мені таныстыра түспек
оймен:
− Бұл – Айшаның баласы, а - а - а, Барсхан! – деді менің атым есіне
түскеніне қуанып кетіп, даусы шығыңқырап. – Айша менің туған апам
Құлыханның қызы ғой. Айтып ем ғой, ұмытып қалдың ба? – деді
кемпіріне. – Құлыхандай апамнан қалған тұяқ.


− Е - е, айтқансың, – деді жуан апам аузы балпылдаңқырап. –
Бұрын көрмеген соң біліңкіремей қалдым. Баласы адам боп қалыпты
ғой байғұстың. – «Байғұс» дегенін жақтырмасам да, үндемей тілімді
тістей алдым. Айшаға «байғұс» деген жараспайды. Байғұс – ол күнін
көре алмай жүрген, қолынан түк келмейтін мүсəпір жан. Айша қайда,
біреу қайда! Мен осылай ойлаймын. Мен үшін Айшадан асқан асқақ,
ақылды адам жоқ. Айша болмаса, мен осылай тірі жүріп, тау асып, тас
басамын ба?
Төсекте жатқан балаға көзім түсіп еді, тесірейіп маған қарап жатыр
екен. Екі көзі шоқтай. Кірпік қақпайды. Мен тетелес, менен кішілеу
шығар.
− Бұл – Қуаныш, – деді Сəли атам менің балаға қарап қалғанымды
байқап. – Нағашың. Сенімен қатар шығар. Сен қаншадасың?
− Мен енді бір айдан кейін он екіге толамын, – дедім Иса
мұғалімнің дəлдігіне үйренген басым.
− Е, мүшелге шығады екенсің ғой. Мүшеліңнен аман өт. Ал
Қуаныш онға шықты ма? Ондасың ба, ей, Қуантай?
Көзі жарқ ете қалып:
− Бұйырса, – деді Қуаныш. Үні ересек адамның үніндей ірі.
«Бұйырса» дегенінде де бір бəле бар. Тегін емес.
Бес жасында ма, одан да жасырақ кезінде ме, ойнап жүріп үйдің
төбесінен құлап кетіп, белі бүкшиіп, құныс болып қалыпты. Содан бері
төсек тартып жатады екен. Ем-дом қонбайды. Ол кездегі емшілер
дəрменсіз бе, гипске салып түзеткенді білмеген бе, əйтеуір, төсек
тартып қалған.
Құдай сондайынан сақтасын. Əйтпесе, таудан да, тастан да
құладым. Аттан да, есектен де құладым. Көк қарғаның жұмыртқасын
аламын деп, жарқабақтан құзға құлап түскен күнім де болды. Тəуба,
тəуба, əзірге аманмын. Əзірге.


Ал енді жаңа Сəли атам: «Мүшеліңнен аман өт» деп қалды. Оны
мен ойланбаппын. Сөйтсем, мүшел деген əрбір он екі жылда
қайталанып тұрады екен. Алғашқы мүшел – он үш көрінеді. Мүшел
сайын бір қатерден өтеді екенсің. Сөйтсем, сол бірінші «қылкөпірге»
мен таяп қалыппын. Нендей қатер? Ойлансам да, уайым жоқ. Айша
айтқан: «Құдай өзі берген жанын өзі алады. Оны алдын ала ешкім де
білмейді», – деп.
Бірақ мына Қуаныштың: «Бұйырса» дегені – уайым. Қартамыс
болған қарт адамның сөзіндей. Дені сау адам ажалды ойлай бермейді,
өмірі өлместей көрінеді. Ал ауру адамға, ұзақ кесел қысқан адамға,
ажалдың апаны елестеп тұратын болар. Ұзақ кеселдің адамын тек үміт
қана сақтайды. «Бұйырса» деген сөзде үміт те бар, күдік те бар.
Қайсысы жеңеді, сонысы алады.
Еркек дауысты жуан кемпірдің аты – Зүбəйда екен. Зүбəйда апа
дастарқан жайды. Шəугіммен шəй əкелді. Дастарқанға бір таба нан
əкеліп қойды. Нанның түсі бөлектеу көрінді. Сап-сары екен. Сөйтсем,
жүгері нан екен. Сəли атам қысқа ғана дұға оқып, бетін сипап
«бісміллə» деп, əлгі нанды қолына алып, үзіп-үзіп қойды. Байқағаным:
нан үзілмеді, сынды. Үгітіліп, оп-оңай сынды. Мен сілекейім ағып,
үздігіп бара жатсам да атамнан бұрын қол созбай, жағымды
қарыстырып, тістеніп отырмын. Айша: «Сұғанақ болма!» – деген.
Сəли атам күлімсіреп бетіме қарап: «Ал, балам», – дегенде, мен
молдау бір үзігін алып, қанша сыпайы болайын десем де аузыма
апарып, қарпыңқырап жібердім. Жарықтық шайнауға да келмей,
өзінен-өзі еріп қоя берді. Тəтті екен, шырын екен. Байқаймын, Сəли
атам əлі жемей, маған сол күлімсіреген қалпы қара - а - ап отыр екен.
Қомағайланып кеткенімді сезіп, қысылып қалдым. Сөйтсем, төсектегі
баланың да, шəй құйып отырған Зүбəйданың да көздері менде екен.
Түйіліңкіреп қалып, шашала жаздап, шəй ұрттап құтылдым.
Абыройым айрандай төгіле жаздады. Енді бұдан былай аузыма асты
бұралақтап салмауға ант бердім. "Түйілген көзім жасаурап кетсе керек,
байқамай жеңіммен сүрте салдым. Оны да кеш аңғардым.
Беторамалым жоқ қой. Мұндайда өзінің кішкентай кестелі
орамалымен менің бетімді сүртетін алмабет, тəмпіш мұрын, тəлпіш


қыз қайда?! Қалды ғой алыста, Тəңіртаудың бауырында. Лезде
қайтқым келді. Ауылымды сағыны - ы - ып кеттім.
Енді қайтып дастарқанға қол созбадым. Зүбəйда апа барпылдаған
дауыспен: «Ой, жалған -ай, аһ! – деп, Нəметқұл ұстаның көрігіндей
күрсінді. – Ал, жиен шырақ. Ұялма. Жол азабын көріп келдің ғой», –
деп, кенет өзінен-өзі өксігін баса алмай, жаулығының ұшымен көзін
басып, бырқ дегізіп мұрнын сүртті.
Сілейіп не істерімді білмей қалдым.
Сəли атам үндемейді, басы салбырап, аппақ қудай сақалы кеудесіне
құлады.
Менің келгенімді ауырсынып қалды ма?
Əлде мұның алдында біреулер қазаға ұшыраған ба?
Айшаның нағашыларының ауылында жұмақ бар, арғымақ мінген
əулиедей аталар бар десем... Мұнда да мұнар-мұнар мұң, бұлардың да
көздерінде қасірет...
Күн ыстықта мақталы қара шибарқыт камзол киген қара кемпір бір
тізерлеп отырған қалпы жер шұқылап, тұқшиды да қалды.
Төсектегі бала кірпік қақпайды. Менен көз алмайды. Сəлден кейін
бала даусы сақпандай сақ етіп:
− Ата, – деді.
Мүлгіген болып отырған Сəли атам басын көтеріп алып:
− Ау, Қуантай, – деп көзі қайтадан күлімдеді.
− Мына бала Шертай көкеме ұқсайды ə?
− Қайсы? – деп қарт маған оқыс бұрылды. Мені жаңа көргендей
бетіме қарап-қарап:


− Ұқсайды ғой. Аумайды. Шертай мұның нағашысы ғой. Тартқан
ғой нағашысына! – Шал қуанып кетті.
Сөйтсем, Сəли атамның бұрын марқұм болған бəйбішесінен екі ұл,
бір қыз туған екен. Үлкені – Сейітжан. Қазір бір жерде, ауданда ма,
милиция бастығы көрінеді. Қызы Майдаш қалада тұрады екен. Одан
кейінгі Шертай... осыдан біраз жыл бұрын ат жалын тартып мініп, енді
ер жетіп келе жатқанда, өкпе ауруынан қыршын кетіпті. Зүбəйда
екінші əйелі екен. Одан туған – Қуаныш. Жатысы анау.
Əке мен бала арасындағы жаңағы бірер сөзден кейін Зүбəйда аттың
басын қоя берді: аңырап ала жөнелді. Шертайды жас күнінде
бауырына салып баққан екен. Бəйбіше ертерек қайтыс болған.
− Маңдайыма сыймай кеткен, менің қу маңдайыма сыймай кеткен
жолбарысым - о - о -оу... Шертайжан - оу, Мына жиен бала кіріп
келгенде, сен екен деп қалып ем, Қуантай да сөйтіп ойлапты ғо - о -
ой...
− Қой! – деді атам. – Барқырама! Бəле шақырма! О, өз басыңа
көрінгір! – деп еді, кемпір мұрны бырқ-бырқ етіп барып, жым болды.
− Шертайға ұқсаса несі бар, – деп сабасына түсті Сəли атам. – Қан
ғой, қан. Құлыхан – менің туған əпкем. Одан Айша туды. Айшадан
Барсхан туды. Менен – Шертай. Əрі-беріден кейін аттарына дейін
ұқсас. Барыс деген – Шер деген сөз. Шер дегенің – барыс. Құдай
ұйқастырған, ұқсастырған. Əйтпесе, біз аттарын əдейілеп олай қойған
жоқпыз ғой, Шердің орнына Барс келді. – Кемпіріне қарап: –
Қуанбайсың ба қайта. Өлгенің тірілді деген осы, – деп нығарлады.
Зүбəйда бір қолымен жер таянып, ауыр денесін əрең көтеріп,
орнынан зорға тұрды.
− Əлгі Маржан жұмыста. Қой, қазанға бірдеңе салайын, – деп
үйден шығып кетті.
Мен əлі сілейіп отырмын. Сонда қалай? Сонда мен өліп тірілген
болдым ба? Мен көрмеген, мен білмеген Шертай деген бозым


болыпты. Ерте қиылыпты. Енді соны мыналар қайтып келді деп отыр.
Мыңбұлақтағы үйіміздің алдына, үйінді тезектің жанына, көктемде
ұйысып, жылда шырмауық шығады. Күзде қурап қалады. Көктемде
қайта шығады. Адамдар да сондай шығар.
* * *
Сəли атам кешке мені Қали үйіне алып барды. Қали атам жұмыстан
жаңа келген екен. Былтыр біздің Мыңбұлаққа мініп барған қарақасқа
акалтеке есігінің алдында байлаулы тұр екен. Бойы үймен бірдей-ау,
шіркін. Жанынан өтіп бара жатқанда: «Сені қайдан көрдім?» дегендей,
тостағандай көздерін төңкеріп, маған бір қарап қойды.
Қали атамның мұндай арғымаққа мініп жүрген себебі – колхоз
бастықтың орынбасары көрінеді. Бастық бір əйел екен. Соған
жəрдемші есепті. «Неге Қали атам бастық емес, неге əйел бастық?» –
деп қойдым ішімнен.
Қали атам мені бірден таныды.
− О, айналайын Барсхан, жігіт болып қалыпсың ғой, – деп, бас
салып құшақтады. Бір көзін қысыңқырап, басымды қос қолдап ұстап,
бетімнен, маңдайымнан сүйіп жатыр. – Азамат болды деген осы. Сонау
Жуалыдан іздеп келдің, ə, бізді!
− Біздің жиеніміз Барсхан, – деді аң-таң қалып тұрған əйеліне.
Сөйтсе, ол Қали атамның бəйбішесі Қалатай апа екен. Бетінде шешек
дағы бар, қызылшырайлы, жылы жүзді кісі екен.
− Е, айналайын, елің аман ба, шешең аман ба? – деп, о да асты-
үстіме түсіп жатыр. Аузына саусағын салып, аңырайып, тұлымшағы
селтиіп, бір кішкентай қыз түр. Бұл осылардың жалғыз перзенті –
Əзиза екен. Қартайғанда көрген жəдігер. Мұндайда алыстан келген
мейман кішкентай балаға базарлық деп кəмпит ұстатар еді. Ол менде
жоқ. Ұят болды. Өйткені əке-шешесі мені айналып-толғанып жатқан
соң, тұлымшағы селтиген, топ-томпақ кішкентай қыз маған тесіле
қарап қалып еді. Сонда, қолына қуыршақ па, бірдеңе ұстата салсам
ғой. Дүниеде баланы қуантқаннан артық қандай жақсылық бар?


Базарлық байлық емес, дəнекер. Енді қолымда сол дəнекердің
жоқтығынан мына қыз мені жатырқап, томсырайып тұр.
Қалатай апам төрге көрпеше салды. Сəли атам, Қали атам, мен енді
жайғаса бергенде:
− Ассалаумаəлейкум! – деп, екі кісі кіріп келді. Бірінен бірі өткен
шырайлы, көздері нұрлы, сақал-шашы бурыл, сахаба тақылеттес, үсті-
басы тап-таза, тақуа.
«Бөпетай мен Сатай!» – дедім ішімнен. Айшаның айтуы бойынша,
олар осындай ажарлы болуға тиіс.
− Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал алдынан
шығар болар, – деген ашаң жүзділеуі сөз бастап. – Алыстан жиеншар
келді деген соң, сəлем берейік дедік.
Мұндай құрметті өмірі көрмеген басым қатты састым. Қолдарын
алып, амандасқаным болмаса, мыңқылдап, жөнді сөйлей де алмай
қалдым.
Төрде төртеуі қатар отырғанда – төрт шадияр отырғандай келісті
еді. Сол сурет есімнен кетпейді. Əттең, ол кезде қолымда қазіргідей
фотоаппарат, телеаппарат жоқ. Сондағы айтқан сөздері қандай. Жазып
алатын магнитофон, диктофон дегенді ол кезде атымен білмеймін ғой.
Өрттей өкініш. Енді, тек елес. Көкірегіме басылып қалған сурет
көмескілене бастады. Сөздері де есімде шала-шарпы ғана қалған.
Төртеуі отырып алып, Қалатай апамның шəйін ішіп отырып,
əңгімені менен тартып тарихқа кетті-ау деймін.
Оның ішінде менің əкем Мұртаза жиі айтылады. Бөпетай атамның
айтуынша, Мұртаза екеуі Əулиеатаның Балпық сарайына түсіп, атақты
Керімбай болыстың қасында отырып, қымыз ішкен көрінеді.
Əулиеатаны ояз билесе, Керімбай одан артық болмаса, кем емес
көрінеді. Содан Керімбайдың ерлігі, пəрмені, айбынынын асқақтығы
айтылады. Арқаға атпен бара жатқанда, Шу бойындағы ну, нар
қамыстың арасынан жолбарыс шыға келгенде, аттардың қалш-қалш


етіп, сиіп-сиіп жібергені; Керімбай, екі көзі жарқыраған шарадай,
ақырып кеп қалғанда, жолбарыс көзін тайдырып əкетіп, мысықтай жер
бауырлап, шегіншектеп кеткені... Қаратаудағы əйгілі Мақұлбектің
теңдесі жоқ атақты қара атын Керімбай қалай тартып алғаны... Арада
сойқан соғыс бола жаздап, ақыры қара ат Керімбайға опа бермей, бағы
тайып, шабыстап қалғаны...
− Əне, сенің əкең Мұртаза сондай болған, – деп, Бөпетай атам енді
маған бурылды. – Керімбайдың өзімен қатар отырған. Керімбаймен
қатар отырмақ тұрмақ, ол отырған үйдің есігінен сығалап қарауға
батпайтын жұрт онда. Əкең онда бозбала шағы. Ақбоз киініп, ақбоз ат
мініп жүретін. Екеуіміз талай бірге болып, талай жерді араладық қой.
Ай, жалған дүние... – деп аяқтады Бөпетай атам.
Сатай атам əңгімеге араласпаса да ықыластана тыңдап, аялы, əдемі,
сүйкімді көздері жарқ-жұрқ етіп, керек жерінде аңқылдап күліп қойып
отырды. Күлкісінде титтей жасандылық жоқ. Адамды көзінен тануға
болады дейді. Ол рас. Бірақ күлкісінен де тануға болады. Кейбіреулер
өтірік күледі. Өтірік күлкі – жаны кіршең, пейілі пəс адамдарға Құдай
өзі басып қойған қара таңба.
− А - а, – деді Қали атам бір көзін қысыңқырап қойып, дөңгелек
сақалын қисық бас бармақты саусақтарымен иегінің астын ала
қасылап. – Сондай адамзаттың баласы енді біздің қасымызда отыр.
Төртеуі де енді: «шыннан сол Мұртазаның баласы ма?» дегендей
маған бұрылды. Əкем əлгіндей болғанда, мен мырың болмайын деп
бойымды тіктедім. Басымды көтердім. Бұл менің төрт нағашыға берген
үнсіз жауабым.
− Бұл жиен бүлдіріпті, – деді Сəли атам көзі мейірлене,
күлімсіреген күйі.
− Е, не болды? – десті бəрі.
Ең қиын жері осы болар. Əжептəуір абиырмен отырғанымда, Сəли
атам мені əшкерелейін деді. Елде болған жағдайды күндіз айтып ем
ғой оған. Қайдан білейін ол сырымды шаршы топтың ортасында


жайып 
салатынын. 
Болары-болды, 
сабыр 
сақтайын 
деп
күбіжіктемедім.
− Ауылындағы бригадирді ұрыпты. Əлгі ақымақ бригадир Айшаға
күн көрсетпейтін көрінеді «халық жауы» деп. Соған шыдай алмай,
мына батыр біреуді жазым қыла жаздапты. О да сорлы екен,
шынашақтай баланы соттатамын деп ауданға шапқылапты. Сөйтіп,
бізді паналап келген түрі мынау...
− Оттапты, – деді Қали атам айылын жимай. – Мен Сейітжанға
айтамын. Ол Жуалының милициясын біледі. – Қорықпа! – Мені
бауырына тартып, шашымды ұйпалап, еркелетіп қойды.
− Міне, нағыз батыр, – деп, тұңғыш рет əңгімеге араласты Сатай
атам.
− Аруағыңнан айналайын, Тұрған анамыздың қаны бар ғой
Барсханда, – деп, Қали атам Тұрған анасын көріп тұрғандай алысқа
қарады. Мен білсін, түсінсін деп:
− Сенің шешең Айша болғанда, Айшаның шешесі – Құлыхан. Ал
Құлыхан осы отырған бəріміздің бауырымыз. Бəріміз Тұрған анадан
туғанбыз. Тұрған ана – аса көріпкел, үлкен дəрігер, əулие кісі болатын.
Сондай анаңның аруағы қолдасын сені, Барсхан! – деді.
Төрт шадияр қолдарын жайып: «Əумин!» – деді.
* * *
Сөйтіп, мен нағашыларымның үйлеріне кезек-кезек қонып жүрдім.
Қабақ шытқан біреуі жоқ. Бөпетай атамның үйіндегі Адас апам да
құрақ ұшып, құрдай жорғалайды. Соншалықты мен ненің шікірəсі?
Айшаның, Мұртазаның құрметі шығар. Жақсы əке жаман балаға
қырық жыл азық деген осы болар. Сəли, Қали, Бөпетай, Сатайлардың
ең үлкен ағасы Жүніс дейтін кісі болған екен. Ол марқұмның
бəйбішесі Шолпан апа қырғыздың қызы екен. О да үйіне шақырды.
Үйінде бойжеткен Оңал деген қызы бар екен. Бұрымдары тілерсегіне


түседі. Өзі əсем. Бірақ қолында, бетінде ақтаңдақ бар. Содан
қорланады.
Кейін-кейін ондай ақтаңдағы барлардың талайын көрдім. Өзін көр
тұтқан ешқайсысы жоқ. Ал Шолпанның мына бойжетіп, отырыңқырап
қалған қызы жұрт көзіне көрінбейді, үйінен шықпайды. Намысқой.
Отырып алып кітап оқи береді. Менен: ананы оқыдың ба, мынаны
оқыдың ба деп сұрайды. Мен кітабы тұрмақ, атын естімеген
жазушыларым. Тұңғыш рет «Жұмбақ жалауды» сол үйден көрдім.
Бастап оқып едім, бас ала алмай байландым да қалдым. Ғабиден
Мұстафин деген жазушы бар екен. «Өмір мен өлім» деген шағын, сұр
мұқабалы кітабын да қопарып тастадым. Бір орыстың «Порт-Артур»
деген кітабын да аудармадан тауыстым. Əсіресе Ғабдол Сланов деген
жазушының «Арман ағысы», «Дөң асқан» деген кітабын екі рет
қайталадым-ау деймін. Сахи, Таңат дейтіндері бар екен. Солар сияқты
болсам-ау деп қойдым. Жаман адамдармен жауласып, құм ішін кезіп,
көк бөрідей жортуылда жүргендер өзім сияқты көрінді.
Кітаптарды бірінен соң бірін қылғытқанымды көрген соң Оңал
мені жақсы көріп қалды. Махан, Əшірбек деген ағалары əскерге
кетіпті. Махан соғыс басталарда Брест дейтін қалада екен. Хабар жоқ.
Əшірбектен хат келіп тұрған екен, соңғы жыл одан да хабар үзіліпті.
Қайда барсам да алдымнан бір үміт пен күдіктің жағаласып
жатқанын көремін. Мынау үй де сондай. Кəрі кемпір, бойжеткен қыз.
Күліп, жарқылдап отырған болады. Сəлден соң, көздерін қасірет торы
қамалайды.
Бір күні Оңал:
− Əй, Барсхан, қой көрмеген, қой көрсе, қуалап жүріп өлтірер
дегендей, кітап көрмегенсің бе, немене, бала болып, далаға шығып, сен
де ойнасаңшы, – деді.
− Ешкімді танымаймын, кіммен ойнаймын? – деймін.
Оның үстіне мен енді ойын баласы емеспін. Ауылда болсам, Тасбет
маған элеваторға бидай тасытып қояр еді. Енді ойласам, мына жүрісім


ерсі. Елдің бəрі жұмыста. Мен бөтен елде жүріп, күндіз-түні кітап
оқимын. Əрі десе, Оңғарбай атамның көк есегін мініп кеттім.
Элеваторға бидай таситын басты көлік сол еді. Өзім қашқаныммен
қоймай, есекті міне кеткенім... екі есе зиянкестік пе, қалай? Тасбет
сотқа мұны да айтады ғой. Қайтайын десем-ұят, қиын.
Сөйтіп жүргенде, əлгі əңгі бəрін бүлдірді. Сəли атамның
жүгерісінің аяқ жағына, арықтың ар жағына арқандап қоятынмын. Бір
күні құтырды, арам қатқыр. Басқа біреудің жүгерісінің жанына бір мəш
пайда болған екен. О да арқандаулы. Аласа ғана есек екен. Оңғарбай
атамның көк айғыры соны көріп азынасын-ай келіп. Мені тулақ құрлы
көрмей, арқанымен қоса сүйреп алып кетті. Етпетімнен құлап, ажырап
қалдым.
Мен орнымнан тұрып, соңынан қуып жете бергенше болмай, əлгі
арам сұр есекке асылды-ай келіп. Анау да сорлы екен, олай-бұлай
бұлталақтап 
қашқанды 
білмей, 
қыбыжықтап, 
құйрығын
шыжбыңдатып, аузын қайшылап тұра қалды. Көк əңгі барып
асылғанда, белі үзіліп кете жаздап, сүріне жаздап, жүгерінің ішіне
кіріп кетіп, ойранды салды дейсің.
Сол-сол екен, арғы беткейдегі құжыра үйден бір бала жүгіріп
шықты. Келе менің жағамнан ала түсті. Не орыс екенін білмеймін, не
қазақ екенін білмеймін, əйтеуір, түсі бөтен. Көзі шақшиып от шашады.
Мен құралпы, менен, бəлкім, үлкендеу. Сөзі түсініксіз. Бірақ аузынан
түкірігі шашырап, кіжінгеніне қарағанда, мені оңдырмай сыбап
тұрғанын сеземін.
Менің жағамнан əлдеқайдағы біреу тұрмақ, Тасбет те алып көрген
емес. Ақылға салуға болмай қалды. Əлгі қырт бір-екі рет мені
түйгіштеп те жіберді.
«Кеудеңді ешкімге бастырма!» – деген Айша. Мынаны көрсе,
Айша: «Менен тумай кеткір», – дейді ғой. Қой, болмас.
Сол білегіммен мойнынан қысып, ырғап кеп қалып едім, жерге
бұрқ ете түсті. Үстіне мініп алып, кеудесін тіземмен басып, қос
қолыммен басын жерге бір-екі рет түйіп-түйіп алып, енді беттен пере


берейін дегенімде, арт жағымнан айқай шықты. Жалт қарасам – Сəли
атам екен.
− Ойбай, тиме бəлеге!
Амал жоқ, астымдағы періні босатып, орнымнан тұра беріп едім,
анау тағы жармасты. Аяғымнан шалып жіберіп, етпетімнен түсірді.
Енді тебейін деп келе жатқанда, аунап түсіп, орнымнан ыршып
тұрдым. Шапши бергенімде, Сəли атам қолымнан ұстай алды:
− Қой, қой! Тиме бəлеге!
Менің қолымның бос емес екенін пайдаланып, əлгі жынды бетіме
тырнағын салып кеп жібергені. Бетім қанап қалды.
Сол екі ортада жұрт жиналды.
− Не болды? Не болды?
Даусы қырылдаған мен құралпы бала:
− Алдымен анау тиісті, мен көріп тұрдым, – деп, ақикөз албастыны
көрсетті. – Петька тиісті!
Жан-жақтан:
− Қой, қой. Бəлелі көтке бармағыңды сұқпа! – десіп жатыр.
− Мынау бөтен бала ғой, – деп маған шұқшиысты. Сəли атам:
− Бұл – менің балам, мына Петьканың сырын білмейді ғой, – деді.
Мені білмейтіндер:
− А - а, – десті.
− Дегенмен қайсар екен. Петьканы жығып салып сабау деген...


− Ай, қайдам, Петька да қарап қалмас. Шешең екені рас болса,
кекшіл ғой.
Петька бажылдап тұр. Шала-пұла орысша, арасында шешенше
бірдеңе дейді. Жұлқынып тұр. «Моя кукуруза! Оныкі есек... менікі
есек...»
Енді жиналғандар мəз болып күлсін-ай кеп. Сөйтсем, Оңғарбай
атамның көк əңгісі Петьканың сұр мəшін жүгерінің арғы шетіне
шығарып алып, тағы да асылып жатыр екен. «Атаңа нəлет! Сазаңды
берермін!» – дедім ішімнен. – Соған бола, ойда жоқта менің шатаққа
қалғаным мынау, сенің қызыққа батқаның анау».
− Ой, Петька, нешауа, есегің енді екеу болады. Кішкентай ослик
болады, – деп күлді мұрны таңырайғандау, шомбал келген, менен
үлкендеу бала мəз болып.
Петька ызаланып:
− Менікі пчак, нож! – деп, қолымен кеңірдегін бауыздаған белгі
жасап, үйіне қарай жүгіре жөнелді.
− Ойбай, кетейік. Ағаларына айтса – талқанымызды шығарады, –
деді жаңағы шомбал, таңқы мұрын.
Сөйтсем, ол Тұрсынхан деген бала екен. Алғашқы қырылдақ Білəл
деген қарашай бала екен. Сəли атам айтты:
− Ана арамыңды ұстап əкеліп, қораға қамап қоймасаң, шешендер
жарып тастайды, – деді.
Есіріп алған неме, əңгіленіп маған бой бере ме, Тұрсынхан, Білəл
үшеуміз үш жақтап, əрең əкелдік. Шешендердің сұр мəшіне əуселесі
құлай түсіп, құдай ұрып қалыпты.
Сөйтсем, бұл жаққа қарашай, балқар, шешен дегендерді Кавказдан
көшіріп əкелген екен. Біздің Мыңбұлаққа немістерді көшіріп əкелгені
сияқты. Шешен дегенді сыртынан естігенім болмаса, бірінші рет


көруім. Шешен десе, мынау ауыл үрей. Маған бəрі таңғалысты. Қалай
қорықпадың деп. Мен Петькамен батыр болып төбелескен жоқпын
ғой. Оның шешен екенін де білген жоқпын. Оқыстан өзі тиісті. Амал
жоқ, алыстым. Менің жазығым не? Сөйтсем, алыспастан,
қарсыласпастан қаша жөнелуім керек екен. Мыналар солай дейді.
Пышақ салады дейді. Мен қайдан білейін?
Петьканың екі ағасы бар екен. Екеуі де тракторшы екен. Үлкен
ағасы Нұрдин деген өгіздей дейді. Тракторы тығылып қалса, оппадан
өзі сүйреп шығара береді дейді. Осы үшеуінің шешесі бар дейді. Бір
мая шөпті бір өзі көтеріп кете береді дейді. Тұратын үйлері үй емес,
үңгір дейді. Бұлардан бүкіл ауыл қорқады екен. Мен қайдан білейін?
Оңал əпкем:
− Ойбу, – деп бетімнің қанын жуып, орамалмен сүртіп, мақтамен
йод жағып еді, ой, тызылдады-ай дейсің.
− Əп-əдемі, айдай жүзіңе дақ түсірдің-ау, балам, – деп Шолпан
апам ренжігендей болды.
− Айда да дақ бар ғой, aпa, – дедім.
Бұл шəлекейге араласқанымды біреу мақтады, біреу жақтырмады.
Таңертең Шолпан апам:
− Қалаға. Қалада Зиба бар ғой, Айшаның сіңлісі. Соған барып
сəлемдессін де, – деді.
− Зиба... – деп Оңал үндемей қалды. Бірдеңе айтайын деді,
айтпады. Бірақ оның не айтқысы келгенін кейін түсіндім.

жүктеу 2.27 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   68




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет