Бірінші кітап (роман – диалогия)



жүктеу 2.27 Mb.
Pdf просмотр
бет34/68
Дата05.11.2022
өлшемі2.27 Mb.
#23354
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   68
Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”
Вавилондағы ең бай адам, «Балалық шаққа саяхат» Бердібек Соқпақбаев PDF
АРҒЫМАҚ МІНГЕН ATАЛАР
Олар маған ертегілер елінен келген алып батырлар, яки Баба Түкті
Шашты Əзіздің туысқандары сияқты болып көрінді. Əйтеуір, күнбе-
күнгі көріп жүрген көз үйреншік адамдарына ұқсамайды.
Жаз маусымы аяқталып, колхоз астығын жиып-теріп, Борандының
тойымсыз элеваторының өңешіне құйып болған кез. Элеваторға бидай
тасудан босаған соң, мені Тасбет қайтадан жылқыға шығарды. Баяғы
бурыл тай бұл күнде құнан болып, сұлу мүсінді сəйгүлік тартып келе
жатқан. Тасбет қызығып өзі мініп жүрді. Баяғы Бердімбетторы
қартайды.
Тасбет бригадирге мен:
− Ақыры, жылқыға жіберсеңіз, өзімнің бурыл тайымды беріңіз, –
дедім.
Сөйтіп ем, Тасбет тулап шыға келді:
− Əй, жуəрмек, бурыл сенің əкеңнің кəлгəн мəл мə? Мін əнə
бəбəңнəн кəлгəн Бердімбетторыға! – деді.
Бердімбетторы бабамнан қалғаны рас. Колхозға өтіп кеткені
болмаса, баяғы бай бабамның көзі. Мейлі дедім.
Жарықтық жылқы баласы да жақсы адамдар сияқты. Адамның адал
досы, серігі, қанаты болған соң, оған да Құдай адамның орта
жасындай жас берсе ғой. Бірақ пенделердің орта жасымен
салыстырғанда Қамбар ата баласы аз жасайды. Дер шағы – бесті
шыққаннан бастап, он, ары кетсе он беске дейін. Одан ары қартайып,
небір тұлпарлар тұғырынан түсе бастайды. Адамзат – келер, келер
жүзге келер десе, жылқы жарықтық, ары кетсе жиырма бес, отыз
жасар. Олар некен-саяқ. Онда да қорлық көрмей, қамыт кимей, арда
өскендері ғана.


Ал Бердімбетторы не көрмеді? Бір кезде кəдімгідей қадірі бар ат
белсенділер міне-міне жауыр да болды, қамыт киіп, қосқа да түсті,
Тасбеттің тас тақымы батып талай жыл жүрді. Енді əбден қалжырап
біткенде маған бұйырды.
Атта тіл жоқ. Əйтпесе торыдан:
− Неге Бердімбетторы аталдың? Бердімбетті көрдің бе? – деп сұрар
едім. Ұлы анамыз Күнікей бəйбішені ше? – деп сұрар едім.
Жылқыны арпаның аңызына жіберіп, өзім торыдан түсіп,
ауыздығын алып, оты қалыңдау, ажырық аралас, арпа масағы молдау
шөмелеге жетектеп келіп, өзім арпа сабанға жата кетемін. Аспанға
қарап жатырмын.
Бердімбетторы маған риза болғандай, қайта-қайта пысқырынып
қойып, ажырықпен араластырып, арпаның масағын күртілдетті-ай
келіп. Тасбет мініп жүргенде мұндай еркіндік қай - да - а - а. Түсте
үйіне шəй ішуге келгенде де қақшиып қаңтарулы тұратын.
Бұл адам баласы қызық. Колхоз дедік, барлық мал-мүлік бəрімізге
ортақ дедік. Сонда да тышқаншылап, əркім өз ініне тартқылайды. Бір
қалта бидай, бір бау шөп болса да өз үйіне жеткізгенше жан дəрмен.
Жеке меншік психология Адам Ата, Хауа Ана мен Абыл, Қабылдан
бері қалыптасқан. Сол қалыпта түскен тірлікті большевиктер бір
жылда быт-шыт қылып, қызыл қырғын орнатып, колхоз құрды.
Мысалы, маған мына колхоздың жылқысының бəрі бірдей. Əйтеуір,
тапсырып, міндет артып қойған соң бағасың. Бақпасаң құрисың.
Бірақ бар жылқының ішінде маған Бердімбетторы ыстық көрінеді.
Менің жеке меншігім емес, бұл да колхоздікі. Əйтсе де мұны ерекше
ықыласпен мəпелегім келіп тұрады. Беталды міне бермей, ауыздығын
алып, арқасын суытып, тартпасын босатып, жемді жерге қоя беремін.
Сөйтсем, жеке меншік дегеннен «жеріп» өсіп келе жатқан менің өзімде
де, сол қан деген қасиеттен жұққан сарқыт бар.
Арпаны комбайн Нəметқұл көкем əскерге кетпей тұрғанда
балалардың шашын тап-тақыр қылып алғандай, сыпырып кеткен.


Сонда да там-тұм масағы, əсіресе шөмеледе қалып қойған. Кейде тіпті
сабанмен бірге бүнкерден дəн де төгіліп қалады. Оны мен
топырағымен, топанымен араластырып, дорбама салып аламын. Кім
біледі биылғы қыстың қандай боларын? Өткен қыстан өлмей əрең
шықтық. Көктемде жуа теріп, борсық сияқты жауқазынның тамырын
қазып жеп, Қаратаудан қойшылар алып келген жаужұмырды талғажау
етіп, жанымызды сақтадық. Əйтеуір, жаз келіп, пісікке ілініп,
жүрегімізді жалғадық. Өткен қыс пен көктемнің сұмдығынан үрей
болып қалған басым, жерде дəн жатса да теріп алып, дорбама сала
беремін. Арпа жарықтықтың масағы күйрек; бидайдай емес, дəні тез
төгіліп қалады. Сондықтан, одан масақ теріп жарымайсың.
Сөйте тұра, дорбадағы арпадан уыстап алып, Бердімбетторыға
асатамын. Қатқылдау ернімен алақанымды қытықтап, жалап-жұқтап
қояды. Бір кезде менің қолымнан жеген жемге тойып қалғандай,
оттағанын қойып, ішін тартып, көзін жұмып, тым-тырыс болады. О да
мен құсап, баяғы балалық – құлын шағын сағынып, есіне алып
тұратын шығар.
Кəрі торы мүлгиді. Жұмулы көзі іріңдегендей, оған шыбындар
үймелейді. Бірақ оны торы ат кірпігін жыпылықтатып ұшырған
болады.
Арпаның шөмелесіне шалқалай жатып аспанға қараймын. Ала
шарбы бұлттар Шығысқа қарай тізбектеліп көшіп барады. Бұлтқа
шекара, тосқауыл жоқ,. Мүмкін, бұл бұлт сонау Атлант мұхитынан
шығып, қансыраған Еуропаның үстінен өтіп, ұлы майданның
түтінімен араласып, біздің жерге де жеткен шығар. Майданда бұл
бұлтты Нəметқұл көкем, Орха мен Ноха көкелерім, Махан мен
Сейсенбай ағаларым көріп: «Бұлттар, елге сəлем айта барыңдар.
Барсхан деген бауырымыз бар еді, тірі жүрсе, соған ерекше сəлем
айтыңдар. Далада жүрсе, төбесіне тоқтаңдар!» – деді ме екен.
Үміт пен қиял ғой. Əйтпесе, бұлттар менің тұсыма тоқтаған да
жоқ, сəлем де айтқан жоқ. Баяу қалқып, керуендей көшіп барады. Ала
бұлттың ар жағынан ойдым-ойдым болып, көкшіл аспан көрінді.
Айнымайтын сол ғана. Мені көрсе, сол аспан ғана көреді. Шексіз
аспан – Шексіз Құдіреттің көзі. Осыншама орасан көз болмаса,


Жаратқан Алла жердің бетіндегі қыбыр-жыбыр тіршілікті қалт
жібермей қалай қамтиды? Сірə, Жасаған Иемнің оң көзінің бір қиығы
маған да түсті-ау деймін.
Өйткені...
Тастақтау жолдың үстінен дүбірлеген ат тұяғы естілді. Басымды
көтеріп алып қарасам: серейген-серейген еңселі екі атқа мінген қос
жолаушы келе жатыр екен. Орнымнан тұрдым. Балағыма жабысқан
арпаның топанын қағып, торы аттын ауыздығын салдым. Жолда келе
жатқан еңгезердей екі атқа торы да оқшия қарап, салбыраңқы кəрі
құлақтарын тікшитпекші болып еді, құлақтары түскір оған
көніңкіремей, сəл-пəл қозғалақтады да, қайтадан солып қалды.
Салтанатты салт аттыларға таяп:
− Ассалаумағалейкум! – деп даусымды шығарыңқырап сəлем
бердім.
− Əлейкуме-ассалам, – деді түйеден биік ала айғыр мінген,
толықтау кісі, бір көзін қысыңқырап тұрып.
Аман бол, балам, – деді көзі күлімсіреген қара шал.
Екеуі бір-бірінен аумайды. Тек, біреуі толықтау, біреуі ашаңдау.
Сақалдары аппақ. Екеуі де күлімсірейді, күлімсірегенде жүздерінен
нұр шашырағандай сүйкімді. Өздерінен де гөрі, мені астарындағы
аттары қызықтырып барады. Əскерге кеткен Қара бие сияқты тұрқы
ұзын, шоқтығы биік. Сірə, үзеңгісіне менің аяғым жетпес.
Екі жолаушы да көздері күлімсіреп, маған тамашалай қарап
қалыпты. «Менің түр-тұрпатыма күліп тұр ма?» деп сезіктеніп, өзімнің
үсті-басыма көз салсам: жалаңаяқ екенмін. Онда тұрған не бар? Əлі
күн жылы, əне, қарлығаштар ұшып жүр, одан да биікте құрқылтайлар
əуені əрі-бері сызғылап, зымырайды. Демек əлі ызғарлы күз бен
қыстың ауылы алыста. Тек, көк бомази шалбарымның балағы жырым-
жырым. Онда тұрған не бар? Жылқы баққан бала немене, сал-
серілерше киінуі керек пе?»


Өзіме өзім осылай дедім де, үлкендерден үйренгенімді білдіріп:
− Жолдарыңыз болсын, – деп қойдым.
− Əлей болсын, жарығым, – деді қартаңдау, арық, қараторысы.
− Əй, осы сен Айшаның баласы емессің бе? – деді бір көзін
қысыңқырап, аузы ашылыңқырап, күлімсіреп тұрған толықтауы.
Бүкіл тұла бойымнан əлдебір белгісіз дүлей ұрып өткендей ду-у ете
қалды. Əкемді атамай, шешемді айтқаны таңдандырды. Мен сəл
күмілжіп:
− Иə, Мұртазаның баласымын, Айша – менің шешем, – дедім.
− Ой, айналайын, – деп толықтауы жардай биік ала аттан аунап
түсті. Қорбиып келіп, мені бас салып құшақтап, бетімнен,
маңдайымнан ары да сүйді, бері де сүйді. – Қайран, Мұртазаның
титімдей тұяғы, – деп, көзінің жасын сүртті.
− А, а, – деп екінші жолаушы да аттан түсіп, менің күс-күстеу
қолымды алып, емірене сүйіп, арқамнан қағып, басымнан сипады. –
Кішкентай жиеншар.
Кім екендерін жыға танымасам да, енді ішім сезді, бұлар Айша
айта беретін Сəли мен Қали нағашыларымыз болды-ау, сірə.
− Сіздер Сəли ата мен Қали ата... – дей беріп едім, толықтауы:
− Ой, айналайын, қайдан танып қойдың? – деп елжіреді.
− Баланың жүрегі сезіп тұр ғой, – деді үлкені де емірене қалып.
− Мынау – Сəли атаң, – деді толықтауы, – мен – Қали атаң
боламын.
Мен ес білгелі мені бұлайша аймалап, бұлайша еміреніп сүйген
ешкім есімде жоқ. Тек, шанышқылыдағы Əдия əпкем ғана, анда-санда
біздің үйге келгенде, қалтасынан жалғыз кəмпит шығарып беріп:


− Кел-ей, Айшаға тартып кеткен жаман неме, – деп, мені бауырына
қысып-қысып қоятын. – Мұртаза көкеме тартсаң ғой, аппақ, сұлу
болар едің. Е, мұрныңнан айналайын, жалпайып тұрған...
Сонда мен Əдия əпкемнің бетіне қарап қаламын. Əкемнің туған
қарындасы ғой. Мүмкін, Мұртазаға ұқсайтын шығар. Мұртазаның түр-
түсі есімде сақталмапты. Өзімше Əдияға сақал-мұрт бітіремін.
Басынан аппақ күндігін алып тастап, Мұртазаның дөңгелек тері
телпегін кигіземін. Шамада əкем осындай: ақсары, қыр мұрынды,
жирен сақалды...
Сөйтсем, мен шешеме тартып кеткен екенмін. Мына Қали
нағашым мені сол Айшаға ұқсастығымнан шырамытып тұр екен.
Өйткені Мұртазаның баласымысың демей, Айшаның баласы емессің
бе? – деп сұрады ғой. Қан деген қасиет сездіріп тұрған шығар.
Мынадай қадірменді қонақтар келгенде, қалай шыдап тұрасың? Тез
Айшаға хабарлау керек!
Айша қызылшада, анау талдың ар жағында, – деп Өреке жақты
көрсеттім. – Мен шақырып келейін. Бригадир босатса, қазір келеді.
Сіздер... Анау өрде тұрған ақ үй – біздің үй. Бара беріңіздер. Мен
қазір... – деп, Бердімбетторыға қарғып міндім.
− Үйде біреу бар ма? – деді Қали атам.
− Бар. Құрмаш бар. Батырхан бар, – дедім оларды бір үлкен
кісілерге балап. Көңілім тасып, асыра сілтеңкіреп тұрмын. Əйтпесе,
жаңа біздің қотыраштау тамымызды «анау... ақ үй» дегенім артықтау.
Рас, алыстан ағарып көрінеді. Жанына барсаң, əр жерінің əгі түсіп
қалған, қарақотырлау. Баяғыда əлі арнайы мектеп салынбай тұрған
кезде, біздің отбасымызды Шоңғардың ескі тамына көшіріп, біздің
үйді мектеп етіпті. Сыртын сонда ақтаса керек. Кейін мектепке арнап
жай салынғаннан соң, өз үйімізге қайта көшіппіз. Оны мен біле
бермеймін. Қалай болғанда да бүкіл Талаптыда қазіргі мектептен
кейінгі ақ үй – біздің үй.


Кəрі лақса атты қамшылап келемін. Менің қуанышымды сезгендей,
қайран торы да əлінше аянбай-ақ, қосаяқ қақты.
Жанына жақындай бергенде, Айша:
− Не болды-ей? Балалар аман ба? – деп, қызылша тазалап отырған
жерінен пышағын қолынан тастамай ұшып тұрды. Жанындағы басқа
əйелдер де үрпиісіп қалды.
− Аман, аман... – Ентігіп тұрмын.
− Енді не болды? Өлген əкең тіріліп келді ме?
− Сə... Сəли, Қали ата... аталарым келді.
Айшаның жүзі найзағай шағылысқандай жарқ ете қалды.
Қызылшашы қатындар Айшадан:
− О кім?
− Кімің еді, байғұс-ау? – деп жан-жақтан жамырады.
− Иттің иесі болса, бөрінің тəңірі бар. Бізді де іздейтін жан
табылғаны ғой. Сəли, Қали – менің нағашыларым, – деді Айша. Мұны
айтқанда біртүрлі масаттанып қалды.
Айша селебедей ұзын пышағын қызылшаның жапырағына сүртіп,
топырағын тазалап, дорбаға салды, қатындарға:
− Мен кеттім-ей. Тасбет келсе, айтыңдар, алыстан адыр-адыр
таулардан, бұдыр-бұдыр белдерден асып, нағашылары іздеп келген
деп. Енді Тасбет көп болса, мені көшіріп жіберер. Көшірсе – мейлі, –
деді.
Құдай аузына салды ма, кім біледі...
Мен Айшаға:


− Атқа мінесің бе? – деп едім:
− Сенің атыңнан өзім бұрын жетемін, – деп, қызылшаның жиегіне
шығып, ирелең жалғызаяқ жолға да түспей, қызыл тікенді, шоңайналы,
тастақтау қырқамен тіке тартты.
Бір кезде Айшаның білектей-білектей қос бұрымы тілерсегіне
дейін түседі екен. Əлі де ұзын. Екі бұрымды қосақтап, ортасында
«сандуғаш сандықтың» кілті байлаулы тұр. Сол кілттің салмағымен
Айша адымдаған сайын, бұрымдары теңселіп келеді. Арт жағынан мен
оны көріп келемін. Бір мезгіл Айша артына бұрылып:
− Əй, Барсхан, мені тұтқындаған айдауыл құсамай алдыма түс, –
деді. – Не қатарласып жүр.
Айша осылай деп айтқалы бері арада қанша жыл өтті – мен
біреудің артынан жүре алмаймын. Озып та кеткім келмейді, тек
қатарлассам болғаны.
− Жеттім деген жығылады, толдым деген төгіледі, –деуші еді
Айша.
Заң – закон, кодекстердің талайын оқып, талайын бастан өткеріп,
ұзын жолдың алдамшы гүлі аралас тікенегін кешіп жүріп келемін,
жүріп келемін... Бірақ ешбір кодекс менің көкірегіме əлгі Айша айтқан
мақалдай қонған емес. «Жеттім-жетілдім» деп жетіскен де жерім жоқ,
«болдым-толдым» деп далиған да емеспін. Айшадан да көп бұрын
əулие анамыз өзінің күндесінен туған балаға:
− Ағарып алдыма түспе, қарайып артымда қалма, – деген екен.
Кодекстің көкесі – осы.
Айшаның өз нағашыларымен қалай көріскенін несіне айтайын.
Бəрібір тап басып, дəл бере алмаймын, тек айтарым: қос нағашы, бір
жиен қыз – үшеуі құшақтасып, тіпті бастары түйісіп, көпке дейін
ажыраса алмай тұрды. Əлде сағыныш, əлде зар, көкіректегі көп сырлар
осылай айтылатын шығар.


Бұлар көріспеген төрт-бес жылдың ішінде не өтіп, не кетпеген.
Дүниеден Мұртаза өтті. Айшаның туған анасы, мына Сəли мен
Қалидың туған апасы (əпкесі) Құлыхан; Айшаның туған бауыры, Сəли
мен Қалидың жиені Рахман қаза болды.
Үшеуі де аһыласып-уһілесіп біраз отырды. Айша маған:
− Əй, Барсхан, құмғанмен су əкел, – деді.
Қолдарына су құйдым. Жас аққан көздерін шайды.
Содан соң Сəли мен Қали кезек-кезек құран оқыды. Бірінен бірі
өткен, жүрегінде қатып қалған шеменді жібітіп, елжіретіп жібергендей
сиқырлы дұға. «Мен өлгенде, басыма дұға осылай оқылса» деп
армандатар сияқты. Осындай əуезді дұғадан кейін, өлгендер тіріліп
келер сияқты.
Үйімізге бір емес, екі Қыдыр ата келгендей, берекеміз кірді де
қалды. Нағашыларымыздың қоржынында сары мейіз, қара мейіз,
кəмпит бар екен. Бұл Айша көңілденгені сонша: маған, Құрмашқа,
Батырханға сол базарлықтан уыстап-уыстап берді. Құдайымыз
жарылқады. От басына құт қонды.
Бүйіріне патшалардың суреті салынған самаурынға от қойылды.
Айша бұл самаурынды киізге орап, тығып тастап еді. Өзіміз шəйді
шəугімге қайнатып ішетінбіз. Бұл жолы Айша сол өзіміз көре
бермейтін самаурынды шығарды. Бірақ жүдеу дастарқанның басында,
есекке күміс ер салып, зермен жабулағандай жараспай тұрды.
Самаурын соншалықты сəнді. Ал дастарқанда пəтір наннан басқа
ештеңе жоқ. Тағы да болса, Əулиеатадан келген қоржындағы мейіз бен
кəмпит əбүйірімізді жапты.
Қали атам орысша да сауатты білем: самаурынның бүйіріндегі
суреттерге сығырая қарап отырып:
− Атаңа нəлет, Николай, ішкізіп едің қант пен шəй, – деп мырс етті.


Патшаны мақтау үшін, алдымен нəлеттеп алмаса болмайды екен,
заман осындай болған ғой.
Кейін білдім, сары самаурынның айналы бүйірінде едірейісіп
тұрған сақал-мұрттылар: Александр патшалар мен Николай патшалар
екен. Соңғы патшаны құлатқан – біздің большевиктер екен. Соңғы
патшаны қатын, бала-шағасымен қосып қырып тастағандардың бірі
Голощекин деген жендет, осыдан он жыл бұрын ғана Қазақстаннан
кеткен екен. Соған дейін, сегіз жыл бойы, Қазақстанға патша болып,
қазақтарды қойдай қырып, сергелдеңге салған екен.
Сары самаурынның сыры сондай. Оны біз қайдан білейік? Қали
атам болмаса, жəй сурет екен деп мəн бермейтінбіз. Патшалар
əлдеқашан құрыған. Ал біздің үйде бейнелері əлі тұр. Мұны ақи көз
белсенділер көрсе, сорымызды сорпа қайнатқандай қылар екен...
Шəйдан кейін меймандар жүрмекші болды. Айша жыламсырап:
− Бұларың қалай? Бас иесі жоқ үй дегендерің бе? Тым құрыса,
тышқан мұрнын да қаната алмадым. Қона кетсеңдер болмай ма? – деп
ренжіп қалды.
Қали:
− Е, Айшажан, заманында сенін əкең Есей байдың малын үйірімен
айдап жедік, Мұртазаның да сый-сияпатын көрдік. Мал соймады екен
деп саған кінə қойсақ, бізді аруақтар атар. Мына Жуалы ауданының
бастығына келіп едік, біздің ауылда, өзің білесің, мал өрісі тар. Соған
мына Тəңіртаудың бір қуысынан жайлау сұрай келдік, шаруа тығыз, –
деді. – Аман – есен екеніңді көрдік. «Орнында бар – оңалар». Мына
жаман немелерің де өсер. Заман құрығы тым қылқындырып бара
жатса, хабарлас, бір амалын табармыз.
Басқа да көп сөздер айтылды, бəрі есімде жоқ.
Бұл қырық үшінші жылдың қыркүйегі еді.


Олар бізді құшақтап сүйіп, қош айтысып, арғымақ аттарына қонып,
аудан орталығына қарай бет алғанда, қаралары үзіліп кеткенше
арттарынан қарап тұрдық.
Айша:
− Бізге де Құдайдың оң көзі түскен екен, бізді де іздейтін жанашыр
бар екен. Тəуба, тəуба! Құдая шүкір! – деді.
Бізді онша аялап, еркелете бермейтін Айша бұл жолы үш баласын
бірдей құшағына сыйдырып жіберді.
Балапандарын құзғын құстан қорғаған мекиендей қорбиып қалды.

жүктеу 2.27 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   68




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет