Бейсембай кенжебайұлы (1904-1987)



жүктеу 61.41 Kb.

Дата20.05.2017
өлшемі61.41 Kb.

 

БЕЙСЕМБАЙ КЕНЖЕБАЙҰЛЫ 



(1904-1987) 

 

Қазақ  əдебиеттану  ғылымының  алып  тұлғаларының  бірі  профессор 

Бейсембай  Кенжебайұлының  ғылыми  жəне  ұстаздық  өмірі - маңызды  да 

мəнді,  үлгісі  мен  өнегесі  мол  өмір.  Бейсекеңнің  қазақ  əдебиетінің  тарихын 

зерттеу  мен  зерделеу  жұмыстарын  жүргізу,  ұйымдастыру,  басқару 

саласындағы жетістіктерінің əлеуметтік маңызы мен мəні өлшеусіз зор. Қазақ 

əдебиетінің  тарихын  ХҮІІІ  ғасырдан  ҮІІІ  ғасырға  дейін  тереңдетіп,  он 

ғасырға  байыту  профессор  Бейсембай  Кенжебаевтың  қайтпас  қайсар 

табиғаты, халықтың рухани асыл құндылықтарына деген ерекше құрметі мен 

сүйіспеншілігі, ғылыми ойлаудағы даралығы мен даналығы нəтижесінде қол 

жеткен жетістік еді. 

Профессор  Бейсембай  Кенжебайұлы  қазақ  əдебиетінің  тарихын  он 

ғасырға  тереңдетті,  он  ғасырға  байытты  деген  пікір  біреулер  үшін  орынды, 

біреулер  үшін  артық  айтылғандай  болуы  ғажап  емес.  Тұрмыстық  ойлау 

жүйесі  тұрғысынан  қарағанда,  бір  адамның  бүкіл  бір  ұлттың  əдебиетін  он 

ғасырға байытуы мүмкін еместей көрінетінін де жоққа шығаруға болмайды. 

Соған  қарамастан,  профессор  Бейсембай  Кенжебайұлы  қазақ  əдебиетінің 

тарихын  он  жылға  тереңдетіп,  он  жылға  байытты  деп  қайталап  айтудан 

тартына  алмаймын.  Шынын  айтқанда,  менің  он  жыл  деп  отырғаным  дəл 

болмауы  мүмкін,  одан  əлдеқайда  көп  болуы  да  ғажап  емес.  Олай  болатын 

себебі  бар.  Бейсекең  қазақ  əдебиетінің  тарихы  бойынша  бірнеше  талантты 

жастарды  тəрбиелеп,  ғылым  жолына  салды.  Əрқайсысының  алдына  нақты 

ғылыми  міндет  қойып,  олардың  іргелі  зерттеулер  жүргізуіне  жетекшілік 

жасады.  Хандық  дəуір  əдебиеті,  Алтын  орда  дəуірінің  əдебиеті,  түркі 

хандығы дəуірінің əдебиеті тарихы бойынша бірнеше шəкірттері қатар, енді 

бір  шəкірттері  бірінен  соң  бірі  шығып,  кандидаттық,  докторлық 

диссертациялар  қорғады,  монографиялық  зерттеулер  жазды.  Осы  бағытта 

тиянақты, мақсатты түрде жүргізілген ғылыми зерттеулер нəтижесінде қазақ 

əдебиетінің тарихы ХҮІІІ ғасырдан ҮІІІ ғасырға дейін тереңдеді. 

Қазақ  əдебиеті  тарихының  ХҮІІІ  ғасырдан  ҮІІІ  ғасырға  дейінгі 

тереңіне  бойлау  айтуға  жеңіл  болғанмен,  іс  жүзінде  үлкен  қиындықтармен 

жүзеге асты. Түрлі елдердің кітапханаларын, архивтерін, қолжазба қорларын 

парақтап қараған ізденістер, табылған əдеби үлгілерді сұрыптау мен жүйелеу, 

зерттеу  барысындағы  ерен  еңбекті  айтпағанда,  кеңестік  идеологияның 

жаршылары 

тарапынан 

болған 

тосқауылдарды, 



қарсылықтарды, 

айыптауларды бұзып-жарып шығудың өзі қыруар уақытты, қажыр-қайратты 

талап  етті.  Бейсекең  қазақ  ғылымы  мен  білімінің  өз  заманындағы  алдыңғы 

қатардағы  зиялыларымен  пікірлесе,  бірлесе  отырып,  осы  қиындықтардың 

бəріне төзді, бəрін де жеңіп шықты, ғалым шəкірттерін отқа күйдірмеді, суға 

батырмады, тырнақтыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқытпады. 



 

Ғалым  қазақ  əдебиеті  тарихын  он  жылға  тереңдету  барысында  қол 



жеткен  ғылыми  нəтижелерді  диссертация,  монография  күйінде  қалдырмай, 

оларды қалың елдің пайдасына, игілігіне асыру жолында да қажырлы еңбек 

етті.  Бейсекең  ғылыми-зерттеу  нəтижелері  халықтың  пайдасына  аспайтын 

болса,  елдің  игілігіне  пайдаланылмайтын  болса,  онда  ондай  ғылымды  да, 

ондай  ғылымның  нəтижесін  де,  ондай  ғылым  саласындағы  ғалымдарды  да 

мойындамады.  Өзі  жетекшілік  жасаған  ғылыми  бағыт  бойынша  жүргізілген 

зерттеу  нəтижелерінің  ғылыми  жəне  практикалық  маңызы  мен  мəнін  өзі 

тікелей  бақылап,  қадағалап  отырды.  Сондықтан  бұл  саладағы  əр  ғылыми 

нəтиженің  ғылымдағы  жаңа  білім  болуына,  ғылымдағы  жаңалық  болуына 

ерекше  көңіл  бөлді.  Осындай  талаптарға  сай  жүргізілген  зерттеу 

нəтижелерінің  сапалылығына  көз  жеткізген  соң,  ғалым  оларды    

университеттің оқу үдерісіне енгізді: жаңа оқу пəндері мен арнаулы курстар 

оқу  жоспарына  енгізілді,  олардың  оқу  бағдарламалары,  лекциялары 

дайындалып,  оқулықтары,  оқу  құралдары  жазылды.  Бірте-бірте  ол  пəндерді 

еліміздің  жоғары  оу  орындарының  бəрінде  оқытуға  қол  жетті.  Көп  ұзамай 

орта мектептің оқу бағдарламаларына да тиісті өзгерістер енгізілді. Бейсекең 

қазақ  əдебиетінің  тарихын  он  ғасырға  тереңдетіп,  он  ғасырға  байытқанда, 

осылай  тереңдетті,  осылай  байытты.  Бейсекең  тəрбиелеп  өсірген  ғалым-

ұстаздардың  алдынан  шыққан  ғалымдар  қазақ  əдебиетінің  тарихын  одан  да 

əрі  терең  зерттеуге  барды,  сақ,  скиф  дəуірінің  əдеби  ескерткіштері  жəне 

олардың қазақ əдеби танымына қатысы туралы қағидалар негізделді. 

Қазақ  əдебиеттану  ғылымында  Бейсембай  Кенжебаев  негізін  қалаған 

ғылыми  бағыт,  Бейсембай  Кенжебайұлы  қалыптастырған  ғылыми  мектеп 

қазақ халқының қоғамдық санасының жаңаруына, ұлттық құндылықтарының 

дамуына,  интеллектуалдық  əлеуетінің  артуына  аса  зор  ықпал  етті.  Ғалым 

туралы,  ғалымның  ғылыми  мектебі  туралы  айтылып  жүрген  пікірлердің 

артық-кемі  болатыны  рас.  Бірақ  Бейсембай  Кенжебайұлының  ғылымы, 

ғылыми мектебі туралы біздің айтып отырған пікірімізде артық ештеңе жоқ. 

Ғалымның  өзі  негізін  қалаған  ғылыми  бағытымен,  қалыптастырған  ғылыми 

мектебімен 

халықтың 

қоғамдық 

санасының 

жаңаруына, 

ұлттық 

құндылықтарының  дамуына,  интеллектуалдық  əлеуетінің  артуына  аса  зор 



ықпал  етуі  екінің  бірі  емес,  ілуде  бір  ғұламаның  ғана  қолынан  келеді. 

Бейсембай Кенжебайұлы - қазақ əдебиеттану ғылымының тарихындағы ілуде 

бір кездесетін ірі тұлға.          

Бейсекең бізге «ХХ ғасырдың басындағы қазақ əдебиеті» пəнінен сабақ 

берді.  Сұлтанмахмұт  Торайғыров  шығармашылығы  бойынша  арнаулы  курс 

оқыды.  Ағартушы  ақындар,  ағартушы  демократ  ақын-жазушылар  туралы, 

олардың  өмірі  мен  шығармашылығы  туралы  білім  алдық.  Сыртқы  түр-түсі, 

қимыл-қозғалысы  жинақы,  лекция  оқығандағы  үні  де  бір  қалыпты.  Шашын 

қысқа  алдырған.  Костюмінің  түймесі  үнемі  түймеленулі.  Студенттер 

арасынан  Бейсекеңнің  Мəскеуде  Мағжан  Жұмабаевтан  оқығаны  жайында 

айтушылар,  өзіміз  оқып  жүрген  университеттің  филология  факультетін 


 

бітіргені, қазақ əдебиеті кафедрасында М.О. Əуезовпен бірге қызмет еткені, 



М.О.  Əуезов  ұстаздық  еткен  кафедрада  отыз  жыл  бойы  меңгеруші  болып 

келе  жатқаны  туралы  мəлімет  беретіндер  бар.  Ол  тұста  Мағжан 

Жұмабаевтың  атын  атауға  болмайтын.  Соған  қарамастан,  Бейсекеңнің 

Мағжаннан  сабақ  алғанына,  дəріс  тыңдағанына  ертегідегі  бір  ерен  істей 

қараймыз.  Бірте-бірте  Бейсекеңе  қатысты  қандай  ірі  істер  де  біз  үшін 

əдеттегідей, солай болуға тиісті секілді болып көріне бастады. Аудиторияда, 

аудиториядан  тыс  жерлердегі  əңгіме  арасында  небір  маңызды  ойлар 

айтылады. Бейсекеңнің жас кезінде ағарту министрі болғанын айтушылар да 

табылды. Бəрі де рас екен. Кейін білсек, Бейсекең ағарту министрі болғанда, 

Алматыда емес, Ташкентте болыпты. Бала кезінде. Ғани Мұратбаев Бейсекең 

бастаған  бір  топ  жетім  балаларды  Ташкенттегі  мектеп-интернатқа 

орналастырады.  Мектеп-интернаттың  оқушылар  деңгейіндегі  басқару 

құрылымы  үкімет  құрылымымен  бірдей  екен.  Мектеп-интернаттың 

Министрлер  кеңесінің  құрамында  Бейсекең  ағарту  министрі  болыпты.  Біз 

бұған  да  əдеттегідей  қарадық.  Өйткені  бұл  тұста  Бейсекеңнің  қандай 

министрден  де  абыройлы,  құрметті,  ардақты  адам  екені  туралы  ұғымымыз 

қалыптасып қалған еді.        

Пəнді  оқу  барысында  ХХ  ғасырдың  басындағы  қазақ  ақын-

жазушыларының  өмірі  мен  шығармашылығы  айналасында  кезінде  қарама-

қарсы  пікірлердің  қатты  қайшыласқанынан  хабардар  болдық.  Бейсекеңнің  

ХХ  ғасыр  басындағы  ақын-жазушылардың  өмірі  мен  шығармашылығының 

əр  сəтін,  əр  қырын  бір  талдап  таңдап,  талғап  алғанын,  қарама-қарсы 

пікірлердің  қайшыласқан  өрісінен  аман-есен  алып  шыққанын,  сөйтіп  елдің 

игілігіне айналдырғанын білдік. 

Сұлтанмахмұт  Торайғыров  шығармашылығы  туралы  арнаулы  курстан 

да  ойымызға  ой  қосып  шықтық.  Мектепте  Сұлтанмахмұттың  өмірі  мен 

шығармашылығы  туралы  Шайбек  Шоңов  деген  ағайымыздың  сабағынан 

алған əсерім əлі күнге дейін көңілімде. Өзі КазГУді бітірген, М.О. Əуезовтен 

де,  Бейсекеңнен  де  сабақ  алған.  Сол  ағайымыз  Сұлтанмахмұттың  өмірімен, 

заманымен,  халық  өмірінің  жағдайымен  сабақтастырып,  ақынның  он  тоғыз 

жасында: 

 

 



 

 

 



 

Қараңғы қазақ көгіне  

 

 

 



Өрмелеп шығып, күн болам. 

 

 



 

Қараңғылықтың кегіне 

 

 

 



Күн болмағанда, кім болам!? – 

 

деген өлең жолдарын барынша толғанып, ақын жанының шыны мен сырына 



өз жанының шыны мен сырын қосқандай болып тебіреніп айтқанда, тебіреніп 

талдағанда,  өзімнің  қатты  əсерленгенім,  ақынның  ойының  абзалдығына, 

арманының  асылдығына  көңілім  толып,  сондай  разы  болғаным  есімде. 

Бейсекеңнің 

арнаулы 

курсын 


тыңдап 

отырғанда, 

Сұлтанмахмұт 


 

Торайғыровтың  шығармашылық  өмірі  туралы  мектептегі  мұғалімімнің 



сабағын есіме алдым. Бейсекеңнің арнаулы курсы арқылы Сұлтанмахмұттың 

өзінің  ғана  емес,  əр  сөзінің,  əр  ойының  өмір-тарихынан  мəлімет  алдық. 

Уақыттың  қылт  еткенді  қалт  жібермейтін  қарауылдары  ақынның  атынан  да 

дұшпандық  ізін  көріпті,  тіпті  ақынның  менің  есімде  мектеп  қабырғасында 

жүргенде  жатталып  қалған  «қараңғы  қазақ  көгі», «қараңғы  қазақ  көгіне 

өрмелеп шығып күн болу» секілді сөздерінің өзінен «ұлтшылдық» іздегендер 

болыпты.  Ақынның  ұлтына  деген  ұлы  құрметі  мен  сүйіспеншілігінен 

«ұлтшылдық» іздегендер Бейсекеңді де аямапты. Бейсекеңнің алдынан сабақ 

алып жүріп, ол кісінің өмірінің осындай қилы кезеңдерінің біраз шындығына 

қанықтық. 

Бейсекеңнің  лекциялары  артық  эмоциясыз,  бір  қалыпты  болғанмен, 

талдаулары  нақты,  пайымдаулары  терең,  тұжырымдары  негізді  еді.  Бөтен 

біреулер теріс жорып, тіріс түсініп қалатындай дерексіз ойлар айтпайтын. Əр 

ойын,  əр  тұжырымын,  əр  пікірін  студенттеріне  анық,  айқын  жеткізетін. 

Алайда  олардың  мəнін,  жүйесін  түсіну  үшін,  Бейсекеңнің  өзінің  қалыбына 

түсіп,  ақылдың  дегенінен  көз  жазбай,  үн-түнсіз,  алаңсыз  ықылас  қойып 

тыңдау  керек  болатын.  Ал  семинар  сабақтарында  ұстаз  студенттердің 

өздігінше жасаған жұмыстарының мазмұнына ерекше мəн берді. Бейсекеңнің 

қадағалуымен студенттердің лекциядан, оқулықтан, қосымша əдебиеттерден 

алған  білім  мазмұны  семинар  тақырыптары  бойынша  өздігінше  орындаған 

жұмыстары,  алған  тəжірибесі  арқылы  жаңа  сапаға  ие  болатын,  білім 

алушылардың  ақыл-ойының,  болмыс-бітімінің  өшпейтін,  сөнбейтін 

жарығына, айрықша рухани байлығына айналатын. 

Бейсекең пенсияға шыққаннан кейін де кафедрамен байланысын үзген 

жоқ. Біз де барып, хал-жағдайын біліп, сəлем беріп тұрдық. Бейсекеңнің қас-

қабағына  қарап,  баладай  бағып-қағып  отырған  Құлбек  пен  Баянның 

дастарханының  басында  Бейсекеңнің  кесесіне  қол  жалғап,  бірге  отырдық, 

дəмдес  болдық.  Əңгіме  айта  қалса,  Құлбектің  қаламы  мен  қағазы  дайын, 

жазып отырады. Ағамыздың сөзін біз де үлкен ыждағатпен тыңдаймыз. Бірақ 

бірнəрсе жайлы сұрап, мазаламаймыз. Шаршатып аламыз ба деп тартынамыз. 

Құлбек  сөздің  орайына  қарай  Бейсекеңді  сөйлетіп  алғысы  келіп  отырады, 

Бейсекеңнің əр сөзін алтынға балайды. Оңашада Бейсекеңнің осы сөздерінің 

ізімен кейін роман-эссе жазбақ ойы барын айтады. Біз мақұлдаймыз. 

Бейсекеңнің  кітапханасы  бай  еді.  Іздегенде  таптырмайтын  небір 

кітаптары  болды.  Соларды  көріп,  сүйсінсем,  Құлбек  Бейсекеңнің 

кітапханасының  бұрынғы  байлығы  жайында  əңгімелейді.  ХХ  ғасырдың 

елуінші жылдарының басында Бейсекең қуғын көріп, жұмыстан босап қалған 

жылдары  күнкөріс  үшін  кітапханасындағы  сирек  кездесетін  құнды 

кітаптарының бірталайын сатуға мəжбүр болған екен. Құлбектің əңгімесінен 

кейін,  ішім  удай  ашыды:  ел  кітапханаларынан  іздеп  таба  алмай  жүрген 

бірнеше  кітабым  бар  еді,  əлгі  сатылған  кітаптардың  ішінде  солар  да 

кеткендей сезіндім. 



 

Құлбек  Бейсекеңнің  кітаптарына  көзінің  қарашығындай  қарады. 



Ешкімге  бермеді.  Бейсекеңнің  кітапханасының  есігін  көбіне  жабық  ұстады. 

Соған  қарамастан,  Бейсекеңнің  бір  кітабын  бірер  күнге  сұрадым.  Құлбек 

екеуміз  университетте  бірге  оқығанбыз,  Бейсекеңнің  лекцияларын  бірге 

тыңдағанбыз,  ол  Бейсекеңнің  кенже  баласындай,  мен  ертерек  еншісін  алып, 

бөлек үй болып кеткен үлкен баласы сияқтымын. Бейсекеңе бірдеңе жайында 

бір  ауыз  сөз  айтар  болсам,  алдымен  мұныма  Құлбек  қалай  қарар  екен  деп 

ойланып  аламын.  Құлбек  бір  сөзге  келмей,  сұраған  кітабымды  қолыма 

ұстатты.  Көңілім  толып,  мəз  болдым.  Ол  кітап  Шоқан  Уəлихановтың 1904 

жылы Н.И. Веселовскийдің редакциясымен «Орыс географиялық қоғамының 

этнография  бөлімшесі  бойынша  жазбаларының»  арнайы  томы (XXІХ  том) 

түрінде шыққан «Ш.Ш. Уəлихановтың шығармалары» [1] еді. Кітаптан менің 

көзіме  ыстық  көрінгені  Едіге  туралы  материалдар  болды.  Бұрын  сирек 

кездесетін кітаптар қорынан Едігенің биліктері туралы үзінді түрінде жазып 

алған мəліметтерімді осы кітаптан толық алдым. 

Едігенің  биліктері  туралы  мəліметтерді  біршама  толық  алғаныма 

қуанып тұрғанда, Құлбек Бейсекеңнің қилы жылдары «Едіге батыр» жырын 

қалай  қорғағаны  туралы  əңгімеледі.  Халық  үшін  жат  саналып  қалған  жыр 

жайында  Бейсекеңнің  ХХ  ғасырдың  отызыншы  жылдарының  аяғынан 

қырқыншы жылға дейін бірнеше мақала жазғанын, ол мақалаларында «Едіге 

батырды» халықтық тұрғыдан бағалағанын, оған қорған болғанын Құлбектің 

əңгімесінен білдім. 

Едігенің  билігі,  Едіге  мен  Тоқтамыстың  арасы  туралы  Бейсекеңнің 

кітапханасынан  алған  сол  мəліметтерді  кандидаттық  диссертациямда  да, 

докторлық  диссертациямда  да  пайдаландым.  Кейін  билер  дəуірінің  əдебиеті 

туралы  зерттеулерімде  де  пайдасы  тиді.  Бүгінде  осы  жайларды  есіме  алып, 

іштей: «Жақсыдан – шарапат», - деген  осы  екен-ау  деп  ойға  қаламын. 

Қолымдағы түрлі деректер, мəліметтер негізінде Бейсекең қорғаған, Бейсекең 

қолдаған Едігенің ғылыми өмірбаянын жазу туралы ойлаймын...         

Бейсембай Кенжебайұлы өзінің азаматтық болмысының асылдығымен, 

өмірлік  ұстанымдарының  беріктігімен,  ғылыми-шығармашылық,  ұстаздық 

еңбегінің ізгілігімен қазақ əдебиеттанушыларының бірнеше буын өкілдеріне 

өшпейтін үлгі-өнеге, тəлім-тəрбие берді. 

Алла рақым етсін Бейсембай Кенжебайұлының рухына. 

 

ƏДЕБИЕТ 



1.

 

Сочинения  Ч.Ч.  Валиханова / Изданы  под  редакциею  д.ч.  Н.И. 



Веселовского // 

Записки  Императорского  Русского  Географического  Общества  по 

отделению этнографии. Том ХХІХ. – С.-Петербург, 1904.  

 

 



    

 

 






©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал