Балалық шаққа саяхат



жүктеу 0.89 Mb.
Pdf просмотр
бет6/48
Дата05.11.2022
өлшемі0.89 Mb.
#23353
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48
«Балалық шаққа саяхат» Бердібек Соқпақбаев PDF
Вавилондағы ең бай адам, Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”
Бір, екі, сол аяқ!
Күз – колхоз жұмысының аса əбігер, қарбалас кезі. Бір жағынан шөп
орылып бітпей, екінші жақтан ал, мені ора баста деп, қабаттасып астық,
піседі. Орылған астықты басу, тазалау, он бес шақырым жердегі
заготзерноға арбамен, көлікпен тасу.
Зябь жырту. Қолдағы азын-аулақ малды қыста қырып алмас үшін жылы
қоралар салу.
Жұмыс көп, адам аз. Бір жұмысқа бір жұмыс қабаттасып, нашар елдің есін
шығарады.
Трактор, комбайн секілді қуатты машиналар ол кезде жаңа пайда бола
бастаған. Жұмыс түгел дерлік қол күшімен істеледі. Күш көлігі жəне
жеткіліксіз. Қолда бар ат, өгіздің мойнынан қысы-жазы қамыт түспейді,
арқасынан ер түспейді. Шетінен арық, шетінен көтерем.
Салақтатып сөмке асынған өкілдер келеді. Екпіндерімен өрт өшіргендей.
Пəлен жұмыс неге бітпей жатыр? Түген жұмыс неге бітпей жатыр? Пəлен
күнде бітірмесең, қырам, жоям деп келеді. Жұрт жұмысқа таңқасқадан
шығады, түнде бір-ақ қайтады. Ай жарықта жұмыс түнімен тоқтамайды.
Жеке меншіктің ат, өгіздері колхоз жұмысына түгел алынады. Соқаға
құлынды бие, бұзаулы сиыр жеккен күндер болған.
Буаз биелердің зорыққаннан адамша шыңғырып, тікесінен тік тұрып,
құлын тастағанын өз көзіммен көрдім...
Ауыл үстінен ат мінген жолаушы өтіп бара жатса, атын аударып алатын
күндер болған.
Көлік жағы əлгіндей болғанда, соқа-сайман жағы тіптен сорақы. Қамыт,
доға, ершік, постремка, дағар секілді нəрселер мүлдем жетіспейді. Колхоз
председателі, бригадирлер, ауыл совет қызметкерлері үйден үйге қыдырып,
жіп-шу, киіз, тулақ, ноқта-жүген, дағар жинайды. Оған да болмаса, сен
ананы тауып бересің, сен мынаны тауып бересің деп, түтін басына салық
етіп салады.


Сумка асынған шадыр көз Сарманов өкіл менің көз алдымнан кетпейді.
Үлкен түгіл одан бала-шаға да қорқып, қалтырап тұратын. Маңайындағы
елді Сарманов қырып кете жаздап жүреді. Екі сөзінің бірі – жаусың! Колхоз
жұмысына зиянкессің! Атам, шабам! Айдатам! Шаш ал десе, бас алатын
əлгідей əпербақан өкілдер-
ге əй, батыр, бұның қалай деп, бетіне тура қарайтын адам ол кезде санасы
жаңа оянып келе жатқан ауылда сирек еді.
Суырдың айғырындай шақ-шақ еткен Сарманов бір күні сабақ
уақытысында қамшысын бүктеп ұстап, класқа кіріп келді. Тері шужурка,
тері кепка киген. Галифе шалбарының құйрығына ер қажап тозбас үшін
тері қаптатып алған. Бойы шағын, жуантық, бұлтиған қозы қарны бар
шəнтік адам. Қара сұр өңді қабағын үнемі түйіп алады. Біз сыйлағаннан
бұрын қорқып, дүр етіп түрегелдік. Сармановтың жақсылық алып
келмейтінін білгендейміз. Ол Сағатбайға жақындап, бізге бір қырынан
тоқтады.
– Так, сабақ бүгіннен бастап тоқтатылады. Мына мырқымбайларды күнде
таңертең масаққа алып барасың. Масақ тереді.
Қарсылық айтуға Сағатбайда шама жоқ.
Оқу тоқтап, біз масақ теретін болдық.
Жүнісбай класком Сармановтан бетер шақылдауық. Таңертең ең бір тəтті
ұйқының құшағында жатқан кезде терезені өрт шыққандай тақ-тақ ұрып
оятады. Өзінде ұйқы деген жоқ па, білмеймін. Қаңқылдаған дауысы
миыңды найзаша тесіп өтеді.
Тұрмасқа лажың жоқ. Апыл-ғұпыл киініп, болмашы бірдеңені қарынға
салып алып, ұйқымыз əлі ашылып болмаған қабақпен кіржиіп үйден
шығамыз. Түскі азыққа бір бөтелке арпа көже құйып, құшақтап алғанбыз.
Жүнісбай үй-үйді кезіп, бір бала қоймай жинайды. Бойымызға қарай тізіп
сапқа тұрғызады. Жұмысқа саппен алып жүреді.
Команда беруші өзі. Еңсемізді түзу ұстап, аяғымызды дұрыс алып
жүрмесек, пəле қылады.
– Əріпбай, көтер еңсеңді!
– Əбек, есінеме!
– Ұлдақан, қалма!
Төсектен ұйқы қанбай тұрғандықтан біз оңайлықпен серги алмаймыз.
Аяғымыз түзелмей, бұзыла береді.
– Қане, жүгіріңдер! – дейді Жүнісбай. Жамыраған қозыша дүрлігіп,
бірімізден біріміз озып, араласып кетеміз.


– Тоқтаңдар!
Тоқтаймыз. Əрқайсымыз өз орнымызды табамыз. Қашан аяғымыз
түзелгенше Жүнісбай бір орында тұрғызып, жер тепкізеді:
– Бір, екі, сол аяқ!
– Бір, екі, сол аяқ! Күлəйхан, сол аяқ қайсы екенін білмейсің бе? Түзе
аяғыңды! Тоқтаңдар! Қайта бастаңдар! Бір, екі, солаяқ! Сол аяқ! Пірам
шагім марш!
Əлгіден гөрі сергіп қалғандаймыз.
– Қане, өлең айтыңдар! Мəлік, баста!
Мəлік ересек қыз. Əрі əнші, əрі биші. Тартынбай бастай жөнеледі:
Ленин біздің атамыз.
Саясына жатамыз,
Қарсы келген дұшпанды
Қақ жүректен атамыз!
– Жамырап кеттіңдер! Жамырамай, жөндеп айтыңдар! – дейді Жүнісбай.
Жəне бір өлең басталады:
Біз жастар жұрттың таңын атырамыз,
Дұшпанды су түбіне батырамыз.
Еңбекші ел қызыл туын тіккен жерге,
Кедейдің бар баласын шақырамыз.
Қайырмасы:
Ахау, социализм, коммунизм,
Жасасын жер жүзінде ленинизм!
Бойым кішкене болғандықтан менің орным саптың арт жағында. Бұған
қорланамын. Алға таман тұруды арман етем. Сапқа тұру басталғанда
өкшемді көтеріңкіреп, немесе жердің төмпегін пайдаланып қалуға
тырысам.
Əсіресе, қыздардан да кейін тұру намысымды шоқтай қаритын еді.
Майраның бойы менімен шамалас. Сапқа екі-екіден тұрғанда ол менімен
қатарласып қалады. Бұл кезде алғарақ тұруды арман етпеймін. Қолына
қолым тиісіп, Майрамен қатар жүру – ол мен үшін бақыт.
Мен қу тілді тықылдаған пысық бала болдым. Сабақты тəуір оқимын. Тыз
етпе жеңілтек, əрі шатақ құмар едім. Біреумен дос болуым да, араз болуым
да теп-тез. Кекшілмін. Біреуден таяқ жесем, ызадан өле жаздаймын. Күндіз-
түні өш алудың жолын ойлаймын.
Дене шынықтыру сабағын өте сүйетін едім. Жүгіру, секіру, суға малту


секілді өнерден ешкімге есе жібермеймін.
Сұмдық намысқой едім. Жұрттан кем болуды дүниенің қорлығы санаймын.
Үйдегі елден ерек кедей тұрмысқа қорланам да, əкем мен ағаларымның
жұрт қатарлы бола алмағаны үшін ызаланам.
Үстімдегі киімдерім нашар-ақ. Жанбосынша қатып киініп жүруді арман
етем.
Ауылдағы бірден бір сылқым киінетін бала Жанбосын. Батырқанның
баласы болып тумағаныма өкінетін едім.
Біз жаз бойына аяғымыз күс-күс боп, жалаңаяқ жүргенде Жанбосын
бəтеңке киіп жүреді. Бəтеңке болғанда қандай! Өкшесі мен табанында сəнді
бедері бар. Дымқыл жерге мөр басқандай боп сайрап ізі түсіп қалады.
Жанбосынның аяғындағы бұжыр табан бəтеңкеге мен қатты қызығамын.
Шіркін, осындай бəтеңкем болса деп арман етем.
Көктем шыға бастағаннан қашан қар жауғанша менің аяғымның өз киімі
өзінде.
Үнемі жалаң аяқ жүргендіктен табан сүйел боп қатып қалады. Оны-мұны
тікен кірмейді. Кейде тоғайдың арасымен елікше орғып келе жатқанда
қараағаштың сояудай мықты шөңгесі май өкшеге кірш етіп кіріп кететіні
бар. Қара тікеннің уыты жаман болады, миыңнан солқ етіп бірақ шырады.
Ойбай деп, мықшиып отыра қалып, садақтың оғындай боп қадалып тұрған
тікенді күшпен суырып аласың. Бəлекеттің орны енді одан жаман ашиды.
Бірақ оған қарап жатуға мұрша жоқ. Озып кеткен балалардың соңынан
ақсаңдай жүгіресің. Біраздан соң ақсау басылады, табанға тікен кіргені
естен шығады.
Жаз бойы жалаң аяқ жүрген аяқ крокодилдің терісіндей қара бұжыр
болады, үсті шыт-шыт жарылады. Ол жарық тереңдеп, қан шығады. Су
тисе, ашып, жаның көзіңе көрінетін болады.
Шешең байғұс емдейді.
Емнің түрі мынадай: жатарда қара бұжыр аяқты ащы қара сабынмен
тырнап отырып жуады. Сосын қалың етіп сүттің кілегейін немесе вазелин
жағады. Тілім-тілім жарықтар майды қанша сылап жақса да жұтып ала
береді.
Ашығанның көкесін осыдан соң көресің! Босанатын əйелше бебеулеп, зар
жылайсың.
Бірақ ертесіне аяғың тəуірленіп қалғанын көріп, қуанасың
Тəуір аяқпен қатарға тағы да келіп тұрасың. Жүнісбай команда береді.
– Бір, екі, сол аяқ!


– Бір, екі, сол аяқ!
Жердің бұрқ-бұрқ еткен шаңын енді жігерлене тебесің.

жүктеу 0.89 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет