Балалық шаққа саяхат



жүктеу 0.89 Mb.
Pdf просмотр
бет37/48
Дата05.11.2022
өлшемі0.89 Mb.
#23353
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   48
«Балалық шаққа саяхат» Бердібек Соқпақбаев PDF
Вавилондағы ең бай адам, Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”
Өлем-ау, өлем!
Баймырзаның ызасы əбден өтіп бітті. Бір емес, екі емес, үш рет ол маған
білгенін істеді.
Бірінші рет осы мектепке алғаш келген күні шалқамнан омақастыра
жығып, миымды аузыма түсіре жаздады ма? Жаздады. Екінші рет қыруар
ақшаға сатып алған жібек белбеуімді шашағын кесіп, істен шығарды ма?
Шығарды. Үшінші рет, бүгінгі істеп отырған ісі жəне мынау.
Күнбе күн ол екеуміздің арамызда талай болып тұратын ұсақ-түйек теке
тірестер бұл есепке кірмейді.
Жоқ, мен бұған төзе алмаймын – Баймырзаны шексіз басындырып қоя
алмаймын. Шешем мені туғанда да қалжа жеген. Мені де ұл деп тапқан.
Баймырзадан қалай да өш алуым керек.
Басқаларды қайдам, ал менің қайда жүрсем аңдысқан бір жауым болады.
Қостөбедегі жауым Жанбосын еді. Мұнда келіп, Баймырзаны таптым.
Баймырзадан қалай да өш алуым керек. Қалай алам?
Баймырза жалғыз жүрмейді, ылғи да сойыл соғар нөкер жиып жүреді.
Ендеше маған да нөкер керек.


Бір нөкерім дайын, ол – Рамазан. Тек аздап жүрексіздеу.
Тағы бір нөкер таптым, ол – Іргебай.
Іргебайдың үйі бізбен көрші. Əкесі Жаппар қарт адам аң аулап күнелтеді.
Шешесі менің шешем тəрізді о дүниеге сапар шегіп кеткен. Екі əпкесі бар
Іргебайдың. Үлкен əпкесі бойжеткен, сойталдай қыз. Осы үйді үй етіп
отырған сол. Кішісі мен құралыптас.
Іргеш бізден кіші – екінші оқиды, Біздің көшеде Іргебайдан қу, Іргебайдан
шақар бала жоқ. Жаныңа келсе, денесіндегі мың бір құрты жыбырлап,
тиіскісі кеп, құтырынып тұрады. Тиіспей қоймайды, тілімен болса да
шағып алады. Бүкіл Сүмбеде боқтасуға Іргебайдан шебер бала жоқ.
Аңшылықтан өзге кəсібі жоқ Жаппардың хал тұрмыстары нашар-ақ. Екі
бөлме үйдің ауыз бөлмесін жауып алуға күштері келмейді. Қар жауса,
жауын жауса, ауыз үй толарсақтан саз болып жатады. Сонда өздері төргі
бір ғана бөлмеде тұрады. Тамақты сонда ішеді, отын-су да сонда
сақталады. Жалғыз сиырдың бұзауы сонда байланады.
Əрі үй, əрі қора.
Есікті ашып кеп қалғанымызда, жаман бір иіс кеудеңізден соғып
кіргізбейді.
Іргебай, міне, осы үйдің тұрғыны. Таңертең тұрған соң Іргебай жуына ма,
жуынбай ма, білмеймін. Ал бірақ оның қолы мен мойнына, құлағының
ішіне жер жоқта, картоп ексе болар еді...
Іргештің денесінде қысы-жазы, негізінен, екі-ақ киім болады: қап жейде,
тақыр тері шалбар. Екі аяғы алты ай жаз жалаң аяқ. Алдына жан салмай,
зымырап жүгіргенде, тақыр шалбар қаудыр-қаудыр етіп, маңайда жайылып
жүрген малды үркітеді.
Іргебай ойын іздеп (əрі шатақ іздеп), Рамазан екеумізге келуші еді. Бірінші
боп өзі тиіседі, үлкен екен деп, бізден жасқануды білмейді. Біз екеулеп
Іргебайды жығып саламыз да, аямай мытып-мытып аламыз. «Ағатай,
ағатай! Енді өйтпейін де, бүйтпейін», – деп, ол астымызда жатып, ант-су
ішіп, жалынады.
Босатсаң, періп ұрып жөнеледі. Жəне жай қашпай, жер-жебіріңе жетіп,
боқтап бара жатады. Əкеңнің аузы... кем иек! Кемтар иек! Кесіліп қалған
сор иек деп, неше саққа жүгіртіп, шұбыртып боқтағанда, шыдап тұру еш
мүмкін емес.
Тұра кеп қашқан Іргебайды біз тұра кеп қуамыз. Аяғы аяғына жұғыспай,
бұлдыраңдап жүгіргенде, тері шалбар мықынына түсіп кетеді. Ол оны
ышқырынан екі қолдап шеңгелдеп ұстап алады. Жетсең, түлкіше бұлт-бұлт


етіп, оңайлықпен ұстатпай ыза қылады. Əбден құтылмасын білгенде ғана
күн ілгері ойбайлап, лақтырған тымақтай боп, домалап жата кетеді.
Көлденең қараған адам төрт мүшесінің біреуі қирап жатыр екен дегендей.
Ойбайлаған даусы «құдайға» жетеді.
Іргебайды тағы да мытып-мытып аламыз, ол ағатайлап тағы жалынады.
Енді одан мүсəпір, одан көнбіс жан жоқ. Айт дегеніңнің бəрін қайталап
айтады.
– Ағатай де!
– Ағатай!
– Көкетай де!
– Көкетай!
– Енді тиіссем, ит, шошқа болайын де!
– Енді тиіссем, ит, шошқа болайын! Доңыз болайын! Хайуанның ішінде ең
жаман тағы не бар? Соның нақ өзі болайын! – деп Іргебай артығымен
қайталайды.
Іргебайдың бойындағы бір қасиет одан таяқ өтпейді. Бүкіл денесі ет пен
сүйектен емес, темір пружинадан жасалғандай. Ұрып жатсаң, біресе
ойбайлайды да, біресе сақ-сақ күледі. Мазағы, жалынғаны бəрі бірдей.
Шымбайына батырып, мейлінше қатты ұрайын десең өзіңнің қолың
ауырады.
Араз кезімізде біз оны «апар-жаппар...» деп, келеке етеміз, ісіміз түссе,
Іргеш деп, еркелете қаламыз.
Мен міне, оған Іргеш деп қиылып тұрмын. Маған нөкер бол, оңбаған
Баймырзаларға біз əлі танытамыз. Олардың қарулары қару ма, тəйірі. Біз
нағыз атылатын қарудың өзін жасап аламыз деймін.
Шатаққұмар Іргебайға тамақ бермесең берме, төбелес тауып бер. Ол менің
ұсынысыма қуана-қуана келісті.
Рамазан мен Іргебай нөкер, мен командир. Енді тек қарулану қалды.
Шындап қарулану.
Кəдімгі тарс етіп атылатын нағанның өзін жасамақ болдым. Бəлем
Баймырзаның үрейін мықтап бір ұшырмақпын. Көздеп атып, жазым қып,
пəлесіне қалып жүрмейін, əрине. Басынан асыра гүмп еткізсем де екі көзі
алақандай болмай ма?
Менің атағы жер жарған конструктордың иығында тұру үшін жаралған
тапқыш басым шын нағанды қалай жасауға болатынын оп-оңай-ақ ойлап
таптым.
Атамның көне заттар «музейінде» бел ағашта шыбық тəрізді жіңішке, іші


қуыс мыс түтіктер қыстырулы тұратын. Соның бірін дүниеқор қартқа
білдірмей жымқырдым да, нөкерлеріммен бірге үй маңынан аулақ оңаша
кетіп, іске кірістім. Түтіктен бір сүйемдей кесіп алдым. Бұл болашақ
нағанның стволы. Ағаштан істелген ойыншық нағанның үстіне əлгі
стволды екі жерден сыммен буып бекіттім. Стволдың түп жағы қайырып
жапырылған, бітеу. Дəрі аузынан салынады. Түбіне тақау арадан егеумен
егеп, тебеннің көзіндей тесік жасадым. Дəріге осы арадан сіріңкемен от
бермекпін. Сонымен, кісі өлтіруге жарайтын сұсты қару оп-оңай дайын
болды.
Іргебай тақыр шалбарын қаудырлатып, үйіне жүгіре жөнелді де, аңшы
əкесінің оқ-дəрі сақтайтын қобдиынан бір уысқа жуық дəрі ұрлап əкелді.
Шырпының күкіртін уатып салса да атылар еді. Мүмкіндік боп тұрғанда
шын дəрімен атқанға не жетсін!
Стволға əуелі шақтап дəрі салынды. Одан соң қағазбен тығындалды. Оқ
орнына бірнеше түйір тас салынды. Жəне тығындалды. Енді айбынды
қаруды тек атып сынау ғана қалды.
Үй маңынан алыс кетіп атпасақ, атам естіп, сезік алуы мүмкін. Үлгілінің
бас жағындағы жаман тамдарға қарай келе жатырмыз. Құр далаға атпай,
сауысқан, қарға атып, мылтығымыздың керемет күшін көзбен көріп
білгенше асығыспыз.
Содан кейінгі кезек менің ата жауым Баймырзанікі.
Ауыл маңында не көп – қарға көп. Жарбиған бір қарға тамның қырында
ары қарап қонақтап отыр. Бізден сезік алып, ұшайын демейді. Бізді тіпті
адам орнына оқынбайды. Шамасы отыз метрдей жақын кеп, тұра қалдым.
– Ал ат!
Əскери адамдардың тік тұрып, наған атқанын көргенім бар. Соларға ұқсап,
бір аяғымды алғарақ жіберіп, көздеп тұрмын. Іргебай мен Рамазан екеуі екі
жағымда.
Қарға тіпті селт етпейді. Тигізбей қал деп, мені келеке еткендей жалпиған
жон арқасын қайта тоса түседі.
Стволдың түп жағына, тесікшенің дəл аузына тақап бекітілген шырпы
талын сіріңке қорабымен сүйкеп келіп қалайын. Бжт!
Бұдан соң не болғанын есіме алсам, күні бүгінге дейін денем түршігеді.
Жарқ еткен қызыл жалын беті-басымды көміп кетті. Наған ұстаған
қолымды əлдекім керемет қатты күшпен артқа қарай серпіп лақтырып
жіберді. Көзімді тарс жұмып, мəңгіріп тұрып қалдым.
Көзімді қайтадан ашсам, көк ала түтіннің ішінде тұр екенбіз. Бармысыңдар,


тірімісіңдер дегендей екі нөкеріме қараймын. Бар, тірі, бірақ екеуінің де
түрлері түр емес. Көздері бақырайып, боп-боз боп, қандары қашып кеткен.
Сия шашыраған тəрізді шұп-шұбар бірдеңе беттеріне жұғып қалған.
Менің қолымдағы наған қайда? Наған жоқ. Неге екенін білмеймін,
жарбиған жаман қарға өлмек түгіл ештеңе де болмаған. Анадайда
қалбақтап ұшып бара жатыр. Артына жалтақтап қарап қойып ұшады.
Өлмесе, өлмесін, зəресі зəр түбіне кетіп, қорықты.
Наған табылды. О, ғаламат! Жерде жатыр, стволдың орнында оттан суырып
алған мыж-тыж жаман қара темір...
Біртіндеп есімізді жиып, біріміздің біріміз не болғанымызды зерттеп, қарап
жатырмыз.
Іргебайдың шекесін оқ сызып кеткен, болар-болмас қан шығады. Қолына
жұққан қанды көріп, дереу жылап жіберді.
– Өй, неге жылайсың?
– Өлем-ау, өлем! – дейді Іргебай.
– Осыған да кісі өле ме екен?
– Оқ тиген адам өлмегенде...
Іргебай жылап-жылап басылды. Сірə, өлмесіне көзі жетсе керек. Бірақ
оның есесіне:
– Мен саған нөкер болмаймын! – деп, үзілді-кесілді бас тартты.

жүктеу 0.89 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   48




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет