Балалық шаққа саяхат



жүктеу 0.89 Mb.
Pdf просмотр
бет29/48
Дата05.11.2022
өлшемі0.89 Mb.
#23353
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   48
«Балалық шаққа саяхат» Бердібек Соқпақбаев PDF
Вавилондағы ең бай адам, Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”
Бөпке əжем жəне біз
Бөпке əжем де сүйегі асыл адамның біреуі. Үйдегі əйелге тəн жұмыстың
бəрін де Зəуре жоқта сол тындырады. Ертеден қара кешке тыным алғанды
білмейді. Табиғат оны жасаған кезде мəз болып, күліп отырса керек. Бөпке
əжем жомарт табиғаттың аузынан жаз күніндей жайраңдап түсе қалған.
Салдырлаған ақ көңіл, ашық адам. Көрген-білгенін айтып сап, қарап


отырады.
Көктем шығысымен Қағазбай мен Зəуре үй көрмейді. Осыдан жеті
шақырым жердегі Ұшқа – егін жайға кетеді. Алты ай жаз – күзгі жиын-
терін біткенше сонда болады. Осы уақыттың ішінде бізге тамақ жасап
беретін, кірімізді жуып, үй ішіне қарайтын жетпіс жасар қаусаған кəрі
кемпір – Бөпке апам.
Əжемді біз «апа» дейміз.
Жоқ, қаусаған деген сөз оған жарамайды.
Таңертеңгі шайды апыл-ғұпыл береді де, апам қап алып тезек теруге кетеді.
Мал жайылатын қырқа жақты кезіп, түске таман бір қап тезек теріп əкеледі.
Мұрнынан су кетіп жүріп, түскі шайды береді. Сосын, қол орақ арқан
алады да, сонау төменгі жазықтан бір арқа қурай немесе ши орып əкелуге
кетеді.
Өрістен мал қайтатын кешкі мезгіл. Апам əлі жоқ.
– Əлгі Бөпке көріне ме, қараңдаршы, – дейді атам.
Біз үйдің үстіне шығамыз. Апам келетін жолға қараймыз.
Апам жоқ, түйе беліндей етіп нығарлап буған бір арқа нəн құрай келе
жатыр. Иə, иə, тек қурай. Олай-бұлай сəл ырғалып, кəдімгідей жылжып
келе жатады. Тағы біраз жақындаған кезде сіз курайдың астында
жыбырлаған аяқ бар екенін байқайсыз. Адам аяғы. Қурай тура біздің үйге
қарай келе жатады.
Қурай əбден жақындағанда, сіз енді оның астынан ауыр жүктің салмағымен
жерге тие жаздап келе жатқан, кимешек киген əйел басын қоса байқайсыз.
Бұл менін əжем, Қажымас Бөпке əжем. Түйе беліндей нəн жүкті арқасына
қондырып алған. Үй іргесіне келгенде, ол қурай-мурайымен шалқалап
бірден құлайды. Бұ дүниенің бір азабынан құтылғандай кеудесін кере
күрсініп, кимешегін басынан сыпырып жібереді. Тер шүмек-шүмек аққан
кəрі басын кештің салқын самал желіне тосып, жан шақырады. Түйе
беліндей қурайға сүйеніп отырып, қалтырмаштап алған жібін ағытады. Дем
алып, есін жинайды.
Үш мезгіл күніне тамақ пісіруге жұмсалатын жəне қыста үй жылытатын
отын бұл үйге осылай жиналады.
Біз отқа қурай жақпаймыз, Бөпке апамның терін жағамыз.
Бөпке апам кəріліктің басына теуіп жүрген адам.
Бір күн жұмыссыз отырса, екі қолы алдына сыймайды. Есіне, кенет,
Ұштағы Қағазбай мен Зəуре түсіп кетеді. Ол екеуі не күн көріп жүр екен?
Халдерін білейін. Шайларына қататын қаймақ апарып берейін, əнеугүні


барғанда Қағазбай тісім деп жүр еді. Сонысы қойды ма екен, не болды екен
дейді де, əжем жеті шақырым жердегі Ұшқа жаяу тартып жөнеледі. Кешке
мал келгенше, кеп қалармын дейді.
Ары жеті, бері жеті шақырым жаяу жүріп қайту оған түк те емес. Көршінің
үйіне кіріп шығайын дегенмен бірдей ғана.
Апам сөзінде тұрады. Ойға алған жұмысының бəрін тындырып, мал қайтар
кезде үйге ол да келеді. Бос қол жəне келмейді. Жол үстінде кез болған кебу
жапаларды теріп, бір етек тезек ала келеді. Көпірдің сынық тақтайы
кезіксе, оны да тастамайды.
Мен апамның ойбай, ауырдым деген сөзін өмірі естіген емеспін. Өле-
өлгенше аузына дəрі салғанын көрген емеспін. Күтіну, демалу дегенді,
марқұм білмейтін еді.
Апам 1953 жылы, сексен тоғыз жасында дүние салды. Бұл деген
мойымайтын, тозбайтын болат адам еді.
Бөпке апамның бойындағы бір кемшілік ол аяғына су жұқпас қыдырмашы.
Үй жұмысынан қолы қалт етсе-ақ тоқтамайды, ауылды шарлай жөнеледі.
Бас-аяғына ат шаптырым ұзын көшелердің о шетінен бір көрсең, бұ
шетінен қылаң етіп шыға келгенін жəне бір-ақ көресің.
Жоқ, ол тектен-текке қыдырмайды, өз үйінің жұмысы аздық еткендей елдің
тынбай, бітпей жатқан іс-місі болса, жинап, тернеп жүреді. Біреуге жіп
иіріп бермек боп, бір дорба жүн əкеледі. Біреудің жыртық қабын алып кеп,
жамап отырады. Тағы біреудің қатып қалған елтірісін уқалап, əуреленіп
жатқаны.
Немесе, апам сол кеткеннен мол кетеді. Кешке дейін үйге оралмайды.
Артынан іздеп барсаң, əлдекімнің көрпесін қабысып отырады.
Қызмет еткен үйінен апам бос қайтпайды, бешпентінің дорба тəрізденген
түпсіз терең қалталарына салып, кимешегінің ұшына түйіп нан, бауырсақ,
құрт, кəмпит, қант секілді бірсыпыра олжамен оралады. Кейде бір табақ ұн,
бір жілік ет əкеліп, бізге дəмді етіп кеспе істеп береді.
Апамның ел қыдырып, табыс табу кəсібін біз, балалар, намыс көруші едік.
Əсіресе, жігіт боп қалған Қасымқан қатты ренжитін:
– Апа, қайыршы құсап бұның не? Ұят емес пе? Осы ел қыдырғаныңды
қашан коясың? – дейді.
Апам мойымайды:
– Қайыршы боп мен біреудің бірдеңесін сұрап алды деймісің? Өзі берді.
– Сен алма!
– Е, неге алмаймын! Мен оның бір шекпендік жібін құдайы қып иіріп берді


деймісің?
– Əне, қайыршы сөйтеді. Ел қыдырып, кім көрінгеннің жұмысын істейді.
Ал сен істеме! Үйде отыр! Үйдегі өз жұмысың аз ба?
– Мен жұрттан не жұмыстарың бар деп сұрайды ғой деймісің, жалынатын
өздері. Бөпке, айналайын, мынаны істеп бере салшы дейді.
– Істеме! Жалынбақ түгіл, өліп кетсін!
– Мақұл, ендігəрі істемейін, – дейді Бөпке əжем. Онысын бес минуттан
кейін ұмытып кетеді.
Ел қыдырудан оралған Бөпке апама жан-жақтан жамырап, ұрса тұрып, біз
оның қалталарын ақтарып, қараумен боламыз. Əкелген пісі-күйік
нəрселерін талапайлап жеп апамыз. Сол кезде Бөпке əжем бізді əжуалап:
– Кəне, менің ел қыдырғаным сендерге жаман болды ма? Бір-бір
қаужаңдасып қалдыңдар, – дейді.
Ел болған соң біреу қыз ұзатқан, біреудің əйелі босанып, ұл тапқан. Біреу
жегені желкесіне шығып, қамалып қалған. Біреу түрмеден келген. Біреуді
ит қапқан, енді біреу қатынын сабаған... Осы хабардың бəр-бəрін де біз
Бөпке апамнан еститін едік. Ауылдағы жаңалық атаулыны Бөпке апам
елден бұрын біліп алады. Сосын көршілерге, бізге жеткізеді. Мен білгенді
жұрттың бəрі білсе екен дейді.
– Əлгі Нұрбекті ит қауып алыпты. Барып, біліп, келейін, – дейді де жөнеп
отырады.
Келген соң:
– Иə, Нұрбекті қаппапты, Нұрбектің Жұмабек дейтін сотанақ баласы бар
емес пе? Соны қауып алыпты. Балтырының мына арадағы көк етін
оңдырмай бөліп түсіпті, – дейді. Ұзын балақ дамбалын түріп жіберіп, иттің
дəл қай араны қапқанын саусағымен ұстап көрсетеді.
Қазақ тəуір деген тамағын кешке ішеді. Нағашым үйінде кешке қарай,
əдетте, дəу қазан кеспе істеледі. О, Бөпке апам жасаған кеспе ерекше!
Дүние жүзіндегі айтулы ресторандардың бір де біреуінен сіз ондай кеспе
таппайсың!
Ауыз үйдегі қара қазанда қара су шымыр-шымыр қайнап жатады. Осы
жетеді-ау деген шамамен апам баспақтан бір уыс тұз алады да, тастап
жібереді. Кеспе дəмді болу үшін қасықтың басындай тоңмай салады.
Кеспе істейтін ұнды апам елеп, əуреленіп жатпайды. Кебек шықса, ұн
азайып қалады дейді ол. Қамыр түйе терісіндей қалың иленеді. Кескен
кеспенің жуандығы саусақтай болады. Жіңішке етіп кесуге апам,
біріншіден асығады. Екіншіден, көзі көрмейді, кеспе орнына саусағын қоса


турап алмасына кім кепіл? Сосын, сиырды кім сауады? Қурайды кім орып
əкеледі?
Туралған кеспені апам қазанға себездеп, талдап салып жатпайды. Ұмар-
жұмар тастай салады. Былай да жуан кесілген кеспе пісе келе таяқтай
болады. Қамыр түйін-түйін байланысып жүреді.
Кеспеге картоп салынады. Біз көз болып отырмасақ апам картопты қазанға
қабығымен салып жіберуге бар. Ортасынан бір-бір ғана бөлінген
картоптың əр түйірі торғайдай.
Сыпыраның бетінде қамыр кескеннен қалған ұн бар емес пе? Көже
маңызды болады дейді де, апам кеспенін үстінен оны жəне себеді.
Тамақ қазанның сақыр-сақыр қайнауы əбден басылған соң түсіріледі. Ауыр
қақпақтың астында тұншыққан бу бүкіл ауыз үйді алып кетеді.
Апам будың арасынан көрінбейді. Тек қазандағы кеспені темір шелекке
қотарып, құйып алып жатқан дыбысы ғана естіледі.
Қына түсті дөңгелек тақтай үстел тағы да жұтынған тоғыз ауыздың (Зəуре
мен Қағазбай жоқ болса, жеті ауыздың) қоршауында.
Əркімнің кеспе ішуге арналған тиесілі ыдысы бар. Біреудікі табақ, біреудікі
құрсаулы үлкен кесе, тостаған... Үлкен ожауды шелекке малып алады да,
апам кеспені ыдысыңа толтыра бір-ақ құйып береді. Кеспе дерлік кеспе
емес. Ботқа дерлік ботқа емес. Қасығыңды шаншысаң, жығылмай, тіп-тік
тұрады. Қарын шығару жағына келгенде, өзге тамақтың бəрін алып ұрады.
Ал, іше бер. Тоймай қалсаң, апам тағы да құйып береді. Тек сақ бол!
Торғайдай картоптың сырты салқын болғанға, іші де сондай екен деп,
алданып қалып жүрме. Түйіліп қалған қамырдың арасы ол да сондай –
оңайлықпен суымайды. Тіс етіне ып-ыстық болып жабыса қалса,
қолдыратып түседі.
Бөпке апамның кеспесіне қарнымыз шеңбірек атып тойып алғаннан кейін,
енді біраздан соң шөлдей бастаймыз. Ауыз үйде шелекте тұрған суға дамыл
жоқ. Біресе біріміз, біресе екіншіміз темір кружкамен іліп алып, сімірумен
боламыз, Белтоған үйдің дəл қасында, су арзан. Шелегімен түгел қотарып
ішсең де, ешкім ештеңе демейді.

жүктеу 0.89 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   48




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет