Балалық шаққа саяхат



жүктеу 0.89 Mb.
Pdf просмотр
бет21/48
Дата05.11.2022
өлшемі0.89 Mb.
#23353
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   48
«Балалық шаққа саяхат» Бердібек Соқпақбаев PDF
Вавилондағы ең бай адам, Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”
Менің салақ жеңгем
Мен біреуіне біреуі ұқсамайтын неше түрлі жеңгелерді бастан кештім.
Шешемнің науқасы күннен-күнге асқына берді. Ары қарамаса, бері
қарамайтын болды. Басын да жөндеп көтере алмайды. Тамақты тəтем
жасайды, ыдыс-аяқты тəтем жуады. Тіпті арпаға дейін Смағұл тəтем
қуырады. Қуырылған арпаны мен келі сұрап əкеліп, кеузеймін. Келі түюге
əбден-ақ жаттығып алғам. Алақанымды түкіріктеп, құлашымды кең жазып
соққанда, келінің түбін түсіре жаздаймын.
Кеузелген дəнді тəтем ұшырады.
Талқанды қол диірменмен тартамыз. Бұл азап жұмыс. Ап-ауыр шомбал
тасты айналдыруға менің шамам əрең келеді. Жіңішке білектерім салдырап
талып кетеді.
Тартылған талқанды елеп, майдасын бір бөлек, сағын бір бөлек аламыз.


Сатылған мен Ыдырыс даяр тамақты жегенді ғана біледі. Біреуі үй
тіршілігіне намыс көріп, мырзалықпен жоламаса, екіншісі аюдай ебедейсіз
болғандықтан жоламайды.
Үйде əйел қолы болмай, береке болмайтыны қатты білінді. Ол үшін
ағаларымның бірі үйленуі керек. Кезек, əрине, жасы үлкен Смағұлдікі.
Қайдан қалай тауып əкелгені есімде жоқ, тəтем бір күні қалбиған бір қара
əйел алып келді. Шектен шыққан олақ та, салақ та жан екені көрініп тұр.
Шаш дегенің таралмай, дудырап, орамалдың жан-жағынан шығып кеткен,
бөренедей аяқ-қолы қап-қара. Беті балшықтан жасағандай быттиған май
бет. Үстіндегі киімдері əрі лас, əрі тозып біткен. Қап-қара күс шынтағы
көйлектің жыртық жеңінен көрініп жүреді.
Түр-түсі осындай бола тұрып, əйелдің аты тамаша-ақ еді – Бибіжамал.
Соңынан ере келген, өзіне аумай тартқан бес-алты жасар қызы бар. Оның
да аты осал емес – Айгүлсім. Бибіжамалдың бір қолы үй тіршілігін істеп
жүрсе, екінші қолы шашының арасына, киімнің тігіс-тігісіне кіріп алып,
шағып маза таптырмайтын арамза ұсақ мақұлықтармен үнемі күресуде
болушы еді. Қазандағы тамақты сапырып, немесе отты сырып жатып,
мықынын қасып-қасып алады. Екі шаруа, екі қанағат бірден орындалып
жатады...
Қазан-ошақ күйесінің жарым-жарты бөлегі əменде Бибіжамалдың қолына,
бетіне жабысып жүреді. Казанның күйесіне былғап алған қолымен ол
құлағын қасиды. Содан қарала құлақ болып шыға келеді.
Қолы бос кезде Бибіжамалдың жаны сүйетін бір ісі болушы еді. Ол үй
сыртындағы күнеске астына тулақ төсеп, теңкиіп жатып алып, қызының
тізесіне басын қойып, шашын қарату. Айгүлсім бұл істің шебері болуы
керек. Тырнағы найзадай болып өсіп кеткен, саусақтарымен шаштың
арасын бір-бірлеп ашып, əрбір тал шаштың түбіндегі қайызғағын аяусыз
қыратын.
Ақыл-ой жағынан да жеңгем өзінің түр-түсінен оншалық алыс кете
қоймаған.
Бір күні Қостөбеге Өмірбек дейтін бір милиционер келеді. Бибіжамалға
кезігіп:
– Жеңге, сіздің ауылда жақсылап пима баса алатын əйел бар ма? – деп
сұрайды.
– Бар. Мына мен басамын, – дейді жеңгем.
– «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан кездеседі» деген осы екен ғой.
Онда маған бір пима басып берсеңіз қалай болады? Еңбегіңіз ақталады, –


дейді Өмірбек.
– Өзің бір сылқым жігіт көрінесің, қайным. Бассам, басып берейін.
Ертесінде Өмірбек біздікіне орта қап жүн жəне алдын ала жеңгемнің
көңілін аулап біраз шай-шамалақ əкеп тастайды.
Уəделі күн болады. Өмірбек даяр пималарын алуға келеді. Бибіжамал
басып бола алмай жатырмын, үш-төрт күннен кейін кел деп, қайырып
жібереді.
Тағы келсе, тағы басып болмаған.
Бұл екі арада, обалы нешік, жеңгем біздің үйді пима басатын заводқа толық
айналдырып бітіп еді. Күндіз-түні қазанда бұрқылдап қайнаған су, үйдің
іші толы бу. Бірімізді-біріміз көре алмаймыз. Осы бір шуаш сасыған соқыр
тұманның ішінде жеңгем бірдеңені оқтаумен былш-былш ұрады да жатады.
Жақын барып қарасаң онысы көлемі жаялықтай киіз болып шығады. Енді
бір кезде əлгі киіз байпаққа, одан киіз етікке ұқсағандай болады.
Пиманың ұзын саны екеу болмай, көбейіп барады.
Өмірбек үшінші рет келеді.
– Жеңге, дайын болды ма?
– Дайын...
Өмірбек үйге кіреді. Бибіжамал оның алдына біреуіне-біреуі ұқсамайтын
екі пиманы тастай береді:
– Мə, қайным, киіп көр. Қайнысының көзі баданадай болады.
– Ойбай-ау, жеңге, мыналарыңыз пима ма, не зат? Екеуі екі басқа ғой?
– Ендеше, мынаны киіп көр. Осылардың ішінен өзіңе ұнағандарын таңдап
ал, – дейді де, жеңгем сылқым жігіттің алдына төсектің астынан
топырлатып жəне бірнеше пима алып тастайды. Бірінен-бірі үлкен қиқы-
жиқы ұсқынсыз бірдеңелер.
Өмірбек жер қапқанын бір-ақ біледі. Ұялып, қызаратын Бибіжамал емес,
сампылдап айтып отыр:
– Бір кезде пиманы тəуір-ақ басатын секілді едім. Не қара басқанын, қара
басып, сенің пималарыңды ұқсата алмай қойдым, қайным. Табыскер
жігітсің ғой жəне біреуге бастырып аларсың, қапа болма оған. Ал мына
оймаларды алам десең ал. Ұнағанын өзің киерсің, ұнамағанын əйел, бала-
шағаларың бар шығар, солар киер...
– Саған пима басып береді деп, сеніп жүрген мен де ақымақ екенмін! –
дейді де, Өмірбек жерде үйіліп жатқан пималарды төрге қарай бар
пəрменімен шаша бір теуіп, үйден шығып кетеді.
Жеңгем енді бырқылдап ұрсып, Өмірбекті соңынан тілдеп жүр:


– Өй, қараң қалғыр, о несі! Жарты қап жүнім шығын болды деп өле ме!
Алмасаң, адырам қал! Өзім киіп алам. Қызым киеді. Соншама еңбектеніп,
мен енді бұларды лақтырып тастар деймісің!
Бұзаубас қиқы-жиқы ұсқынсыз пималардың екеуін, шынында да, жеңгем
өзі, екеуін қызы киіп алды. Сөйтіп, қыстан аяқтары көпіріп тоңбай шықты.
Концерт
Қазір мен екінші кластамын. Сауатым ашылып, өздігімнен оқуға, жазуға
жарап қалған кезім. Əліппедегі бүкіл өлең, əңгімелерді жатқа білем.
Өйткені одан басқа ермек етіп оқитын кітап жоқ. Күндіз-түні
айналдыратыным сол бір кітап.
Тышқан мен мысық жөніндегі əңгіме күні бүгінге дейін есімнен кетпейді.
Кітаптағы суреті көз алдымда. Мысық тышқанды қуып береді. Тышқан
қашып береді. Менің бəтеңкем секілді тұмсығы ырсиған жыртық бəтеңке
кездеседі. Тышқан бəтеңкенің қонышынан кіріп, тұмсығынан шығады.
Мысық та қуа кірмек болғанда, басы бəтеңкеге кептеліп шыға алмай қалды.
Əңгіме мазмұны осы.
Маған бұл əңгіме өте ұнайды. Кішкентай əлсіз тышқанның айлакерлігіне
сүйсініп, аман қалғанына қуанамын. Ақымақ болған мысыққа күлемін.
Өзімді айлакер тышқанға, Жанбосынды дөрекі мысықка теңеймін.
Сағатбай ақындық өнерден де қара жаяу емес. Бір күні масақ теруге барған
едік. Айша дейтін ересек қыз ауырдым деп, жұмыс істемей, үйге қайтып
кетті. Сонда Сағатбай əлгіні былай деп өлең еткен еді:
Масақтан Айша қашты үйге таман.
Кетіпті іші ауырып өте жаман.
Орындап нормамызды топ оқушы
Есен-сау үйімізге қайттық аман.
Жазылуы олақ болғанымен бұл тəрізді əзіл өлеңдер ауыздан-ауызға тарап
кеткіш, сыналып отырған адамға əсер еткіш болады.
Əліппедегі өлеңдерге жəне ұстазым Сағатбайға еліктеп мен-дағы өлең
жазуға құмартам.
Октябрь мерекесінің құрметіне біз алдын ала дайындалып, колхозшыларға
концерт қойып бердік. Сол кеш менің есімнен еш уақытта кетпейді.
Жаман мектептің іші өзінше тап-таза болып сыпырылған. Темір пеште
ерекше жомарттықпен маздап жанған от. Үй іші жылы. Екі жерден шишалы
ондық шам қойылған. Шаршылау келген кластың терезе жағы


шымылдықпен бөлініп, сахна жасалған.
Ұмытпасам, сары шымылдық.
Осының бəрін ұйымдастырып, əлекке түсіп жүрген адам Сағатбай.
Концертке қатысушының бірі менмін. Өнерім – тақпақ айту. Біз,
«артистер», жұрт жиналмастан бұрынырақ келгенбіз. Жүрегім қуаныштан
кеудеме сыймайды. Дəл мұндай салтанатты көңілді кешті өмірі көрген
емеспін. Қолтығымнан қанат біткендей өзімді-өзім қоярға жер таппаймын.
Əлсін-əлсін шымылдықтың сыртына жүгіріп шығам, қанша адам
жиналғанын қараймын.
Концертке Майра да қатысады, əн айтады. О, сіз Майраның əн салғанын
көрсеңіз! Майраның дауысындай əсем дауыс қыздардың біреуінде жоқ.
Менің бір байқаған нəрсем, табиғат өзінің сүйкімді етіп жаратқан пендесін
өнерден еш уақытта да құр тастамайды. Бір өнерді оның кеудесіне қалай да
құйып, бірге жаратады. Кейде тіпті сүйкімді сұлу адамға оның тəн
сұлулығы аздық ететіндей үйіп-төгіп, бəрін береді.
Өзі сұлу болып, өзі ақымақ болған пендені мен сірə, көрмеген тəріздімін.
Сол секілді ақылды, талантты адамдардың өңсіз, дөрекі жаралуы жəне
сирек.
Қалай десеңіз де, нені неменеге орауды білген жаратылыс. Майрада, менің
Майрамда, бəрі бар: ақыл да, талант та бар. Сұлулығы өз алдына,
бүгінгідей өмірде сирек кездесетін əдемі кеште Майра тіптен əдемі. Ол
өзінің ең жаңа, ең қонымды киімдерім киіп келген. Бұрымдарының ұшына
жібек лента таққан. Аяғында қардай аппақ, ақ пима. Өзі де аппақ,
маржандай тісі де аппақ.
Майраның тал бойында ине жасуындай бір мін болса, ол оның мұрнында.
Мұрны сəл тампыштау. Бірақ ол да мін емес. Қазақ жақсы көрген баласын
тампышым демей ме? Томпаң қаққан Майраға кішкене тампыш мұрын,
қайта, жарасатын тəрізді. Күлімдеген кезде əдемі танаулары делдиіп, қоса
күлімдегендей болады. Міне, міне, дəл осы кезде екі бетінің ұшында əсем
бір томпақшалар орнай қалады. О, Майраның кісіге көзқарасы қандай! Ол
жақсы көрсін, жаман көрсін, бір ғана рет қараған көзқарасымен білдіреді.
Айтарының бəрін де сонымен айтып салғандай болады. Кеще болмасаң,
ұғасың, түсінесің.
Сөйтіп, мен концерттің басталуын күтіп, өзімді қоярға жер таба алмай
жүрмін.
Жиналған адам саны қанша болғанын байқамаққа тағы да шымылдықтың
сыртына жүгіріп шықтым. Дəл осы арада бетпе-бет Майра ұшырасып


қалсын. Ол-дағы көбелектей ұшып-қонып, тыным таппай жүргеннің біреуі.
Мен Майраның білегінен қалай шап беріп, ұстай алғанымды өзім де
байқамай қалдым. Ол кілт тоқтады. Не айтасың дегендей күтіп тұр. Жүр
бері деген кісіше жетелей жөнелдім. Майрада қарсылық жоқ, ілесіп берді.
Кластың бүйір қабырғасының орта тұсында бір кісілік бұлтық қуыс бар.
Құпия бірдеңе айтатын адамша Майраны сол қуысқа ертіп келдім. Бірақ
келіп алып, мелшиіп үнсіз тұрмын, ештеңе айта алмай тұрған сөзімді естіп
білгенше ынтық болады.
– Кейін айтам, – дедім де, қаша жөнелдім.
Соңымнан Майра жүгіріп келеді.
Кейін не айтпақ болғанымды өзім де білмеймін.
Қаза
Шешемнің халі күрт түсіп кетті. Далаға əрең шығады. Төсегі қаңылтыр
пештің түбіне жерге салынған. Күндіз-түні ыңыранып жатады да қояды. От
жанғанда қаңылтыр пеш қызып кетеді де, терлейді. От сөнсе, тез суиды да,
жаңа ғана былбырап терлеп жатқан анам енді тоңази бастайды. Сөйтіп, аса
жайсыз жағдайда жатқандықтан ауруына ауру жамала береді.
Шешемнің қойнында күндіз-түні жылаудан жағы сембейтін Тұрдыбек.
Ауру ананың құр сүлдер шандыр мамасын сүліктей қадалып сорудан ол да
жалықпайды.
Бибіжамал жеңгем, өзінің шектен шыққан ластығына қарамастан,
Тұрдыбектен сондай жиренгіш. Баланың жөргек-жаялығын төсегінде
ыңыранып отырып, шешем өзі жуып тазалайды.
Шешемнің халі төмендеген сайын үй ішінде үлкендер менен жасыруға
тырысатын құпия бір əбігер кіре бастады. Олардың өзара күбір-сыбыры
көбейді. Əңгімелерінің шет жағасын кейде құлағым шалып, естіп қалам.
Шешем жөнінде сөйлеседі. Беті бері қарауы қиын екенін, қамсыз болмау
керектігін айтады.
Жалқау, жайбасар əкем енді ширай бастады. Отын-суды дайындап, үй
маңынан онша көп ұзамайтын болды, Шешемнің көңілін сұрауға келген
əйелдер есіктен шығар-шықпастан-ақ ойындағысын айтып қалады. «Біткен
адам». «Мал болмайды» дейді. Кім жөнінде екені белгілі. Əлгідей сұмдық
сөзді естігенде жүрегім су етіп, ішіме бір қап үрей бір-ақ кіргендей болады.
Шешемнің өлетініне менің де көзім жете бастады. Жылаудан сілесі қатқан
Тұрдыбек қалжырап, ұйықтап кетеді. Сол кезде шешемнің де бір сəтке көзі


ілініп, үй іші тым-тырыс бола қалады. Мен аяғымды ұшынан басып,
апатайымңың қасына келем. Оның қайғы мен қасіреттен, жанына батқан
сырқаттан əбден жүдеп біткен, ал бірақ, дал қазір соның бəрінен де бірнеше
минутке тыныштық тапқан жүзіне барлап қараумен болам. Өлімге бет
алған адам қаңдай болады. Шынымен-ақ рас па өлетіні? Осыны байқағым,
білгім келеді.
Шешемнің бір кездегі əдемі нұрлы жүзінде тек бозарған тері ғана қалған.
Терінін ар жағынан сүйек көрініп тұрғандай. Əдемі қыр мұрыны əрі
жұқарып, əрі биіктеп өсе түскен. Кірпігінің талшығы да ұп-ұзын, сəл ғана
ашылған қансыз-сөлсіз еріндері боп-боз. Екі көзінің алдына өлік
таңбасындай сұп-суық болып көктаңдақ көлеңке жұққан. Мен өте-мөте осы
көлеңкеден қорқып, селк ете қалғандай болушы едім.
Үңіліп көп қарауға дəтім шыдамайды да, тағы да аяғымның ұшынан басып,
дереу шегініп кетем. Шешемнің қу ағашқа ұқсаған арық денесі жұқалаң
көрпе астында бір түрлі ұп-ұзын боп, бейне бір жансыз денедей, созыла
түсіп жатады.
Шешем өледі, менің күнім не болады деген ой күндіз-түні басымнан
шықпайды. Жетімдік, панасыздық өмір бетпе-бет келіп, шабайын деп
тұрған қасқырдай сұмдық қорқынышты. Мен оған қандай қайрат
көрсетемін? Қалай қарсыласып, жан сақтаймын! Тіпті қарсыласа алам ба?
Əлі өмір босағасынан сығалап қарамай жатып менің де біткен, құрыған
жерім осы болғаны ма?
Жетім! Не деген суық та, жексұрын сөз!
Ауылда ол кезде қаза көп. Құдай тағала өзі жаратқан пендесінің асыл-
асылдарын өзі таңдап əкетіп жатады. Бір күні менімен бірге оқитын
Қаншайым деген қыздың шешесі өліп қалды. Үйлерінің іші у-шу. Ауыл
адамдары жылап келіп жатыр. Абысын-ажындары үйге жетер-жетпестен
дауыс салып, аз ауылды бастарына көтереді.
Топырдың арасымен əлгі үйге мен де бардым. Қаншайым қалай жылап
жатыр? Не айтып жылап жатыр? Көрмекшімін. Ертең менің де анам өледі
ғой. Сол кезде жөндеп жылай алмасам, масқара емес пе? Топырдың
арасымен үйге кіріп, Қаншайымды іздедім.
Қаншайым шешесінің төсегінің үстінде екі бетін қолымен басып алып,
етпеттеп жылап жатыр екен. Маған бұл бірден ұнады. Тікеден-тік тұрып,
немесе отырып, жұртқа қарап жылаудан бетіңді қолыңмен көміп алып
жылау тиімді көрінеді. Е, жақсы болды, шешем өлгенде мен де өстіп
жылайын деген оймен үйден шықтым. Əйтпесе, шешем өлгенде қалай


жылаймын, не айтып жылаймын деп, уайым шегіп жүр едім.
Ноябрьдің іші. Қақаған қара суық. Жыртылған қағаз тəрізді далада болар-
болмас ағараңдап жатқан қар бар. Мектептен үйге қайтып келе жатырмын.
Ойымда үйдегі бағана таңертең мен кетерде халі күндегіден де нашарлай,
жөн тартып жатқан шешем, Сабақта отырып та мен шешемді ойлаумен
болған едім.
Шешемді күтімілдеп жүрген үлкендердің қас-қабағы да бүгін ерекше
болатын. Талайдан күткен сұмдықтары тақалғандай абыржысып, ауру адам
шындап жөн тартқанда істейтін əрекеттер істеп жатқан. Көрші Киікбай
ауылынан Жақай молданы шақыруға тездетіп адам жіберген.
Одан кейін не болғанын мен əзірше білмеймін. Өзіммен өзім боп, міне енді
мəңгіріп, балалардан бір оқшау келе жатырмын. У-шу бірдеңе естілмес пе
екен дегендей өзіміздің үй жаққа елеңдеп көз тігемін. Əзірше тыныш
секілді.
Үйге келдім. Біраз əйел-еркек жиналып қалған. Екі-үш шалдың ортасында
көзі сұмдық жайнаңдаған Жақай молда. Біреулер шешемді қоршалап алған.
Маған өте бір жат көзбен қарасады.
Жүрегім жаманшылық тақап қалғанын бірден сезінді. Шүберек сөмкемді
терезенің алдына елеусіз тастай беріп, дереу сыртқа шығып кеттім.
Жаманшылықты көрмейін, оның басы-қасында болмайын, соңынан бір-ақ
естиін дедім.
Жардың астымен Текестің суын жағалап келе жатырмын. Қайда барам, не
істеймін, өзім де білмеймін. Тек тезірек үй маңынан ұзап кетсем, ешкімнің
көзіне түспесем болғаны.
О, Текес! Жаным қысылып сасқанда мен саған келіппін. Сендағы менің
анамсың. Кішкентайымнан суыңа шомылып, жағаңда өстім. Істерге іс
таппай зеріккенде, қолдан жасаған, жалмансыз тебен қармақпен
балығыңды аулаймын. Сөйтіп, сенен ермек табамын, сенімен көңіл
көтеремін. Аш, жалаңаш жүрсем де ауырмауым, берік болуым, Текес, ол-
дағы сенің арқаң. Сенің қоймалжың лай суыңа түсе-түсе шынығудың
арқасы. Жұрт:
Текестің суы арық емес пе!
Бердібек балық емес пе! –
деген сөзді бекер шығармаған.
Текес, сен мені балығыңмен асыраған, шынықтырған анам болсаң жəне бір
мені осы жарық дүниеге алып келген анам үйде хал үстінде. Ол-дағы өзің
секілді аяулым, қимасым еді. Сол асыл анам бұл дүниенің тізімінен


сызылуға жақын жатқан секілді. Осы бір мен үшін тіл жетпес ауыр кезеңді
мен оның шырағы жалп етіп сөнген шағын көзбен көріп, шыдай алар
емеспін. Сондықтан да басым ауған жаққа қаңғып кетіп барам. Айналайын,
Текесім, ол үшін сен мені кінəлама, кешір. О, ғажап! Адам мен табиғат бір-
бірінің тілін түсінетін, бірімен-бірі ұғынысып, сөйлесетін кез болады екен.
Жағасына жырым-жырым мұз тұра бастаған Текес менің басымдағы ауыр
халді түйсінетін тəрізді. Менімен кəдімгідей тілдескісі келгендей мұз
қабаққа жөңкіп келіп, ышқына соғылады. Мұздың үстіне асып шығып,
құлдыр-құлдыр етеді де, қайта шегініп кетеді. Ағынның өз тілінде
былдырлап, бірдеңе айтқандай болады. Не дейді? Не айтады? Ана тілін
бала қалай да ұғады ғой. Текес ана, мен де сенің не айтып жатқаныңды
білемін. «Мен осы өлкеге аты мəлім кəрі Текеспін. Мыңдаған жылдар
бойында мал мен жанға, даланың аң-құсына сарқылмас сусынымын.
Ғасырдан ғасырға созылған ұзақ өмірімнің ішінде менің көрмегенім қалған
жоқ. Бəрін де көрдім, сендей жетімдердің талайының көз жасының куəсі
болдым. Балапаным, егілме! Егілгенмен ештеңе өнбейді. Тірліктің осындай
бет қаратпас сұрапыл заңы болады. Соған төтеп бере алғандар өмір кешеді
де, төтеп бере алмағандар қаусап қалады. Одан да өзіңе-өзің берік бол.
Сілкін де бекін!
Жый есіңді, балапаным! Қайт үйіңе. Ақымақ болма! Аяулы анашыңның
шырағы мəңгілікке сөнетінін біліп, өстемісің? Соңғы иек қағысына дейін,
тым құрыса, көз алдында болып, қоштасып қал. Анаң сенің бұл сапардан
енді қайтып келмейді. Сен оның аналық мейірбан жүзін енді қайтып еш
уақытта да көре алмайсың. Өкінбей, кешікпей тұрғанда, қайт! Тезірек
қасына жет шешеңнің! Өмірінің ең соңғы минутында, үзілетін шағында ол
қалай да сені іздейді. Беркенім... Бердібегім қайда? Əкеліңдерші,
көрсетіңдерші дейді. Өзегін жарып шыққан балапаны болғандықтан сенің
иісіңді бір иіскеп, бетіңнен бір сүюді арман етеді. О дүниеге сенің жұпар
иісіңді өзіңмен бірге алып кеткісі келеді. Ақымақ бала, сен осыны
түсінемісің, сеземісің? Бойындағы ең соңғы тіршілік қуатын уысынан
шығармай, анаң сен үшін, сені бір көріп, қоштасу үшін ажалмен
арпалысып жатқанын білемісің? Қайт! Қайт үйіңе.
Қайғының қара дүлей жартасы үстіме қаңғыр-күңгір құлап келе жатқандай
Текес ананың маған айтып жатқан ақыл-өсиеті міне, осындай еді.
Далада мəңгіріп, қанша қаңғырып жүргенім есімде жоқ. Бір кезде үйге
қайттым. Өзіміздің үй жақтан жылаған дауыс күтіп, елеңдеп қараймын.
Əзірше ештеңе естілмейді. Қазір, осы енді қазір естілуі керек, жүрегім оны


анық сезеді де, үй жаққа жолағысы келмейді.
Қыстақтың су жақ шетінде өзіммен бірге оқитын Сыдықжан досымның үйі
бар. Мен сонда келдім. Сыдықжанның əкесі де, шешесі де мейірбан жақсы
адамдар.
Мен бұл үйге былай да жиі келіп тұрамын. Сыдықжанмен ойнап, уақыт
өткізіп қайтам. Нұрақын үйінде сауын бар. Ақ үзілмейді. Айран, сүт ішіп,
ішегімнің бір сүйем жері ағарып қалғандай болады.
Сырт киімімді де шешпестен Нұрақын үйінде отырмын. Темір пештің арт
жағында бір шөңке тұр екен, соған қалай болса солай жаншылып отыра
кеттім.
Кенет есікті қатты жұлқып ашып, колхоз председателі Жəкібайдың əрі ерке,
əрі сотқар баласы Тілеу кіріп келді. Əлдекімді іздегендей алақ-жұлақ етіп,
мені көрді де:
– Ей, неғып отырсың? Шешең өліп қалды! – дегені.
Төбемнен шатыр етіп аспан құлағандай болды.
Əлгінде менің осында кіріп бара жатқанымды Тілеу көрген еді.
Отырған орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін. Аңырап есікке
ұмтылдым. Біздің үй əлгі арадан көрініп тұрады, əрі жап-жақын. Есіктің
алдына біраз жұрт жиналып қалған. Іштен жылаған дауыстар естіледі.
Міне, енді енесінен айырылған боташа боздап келе жатырмын.
Есіктен кіре беріп оң жақ босағаға ши құрылып қалғанын байқадым. Өлікті
соған салған екен. Аңыраған бойда шидің аузына ұмтылдым. Бірақ əлгі
арада тұрған əйелдер жібермеді, ұстап алды. Сосын əнеугі Қаншайымша
жыламақшы болып, анамның ағаш төсегіне етпеттей барып құладым.
Өкіріп, бақырып жылап жатқандар, негізінен, өзіміздің үйдің адамдары.
Бибіжамалда дауыс дегенің бар-ақ екен. «Ойбой, жеңеше-ау! Басие,
ақылшым-ау!» деп аңырағанда үні көктегі құдайға жетеді. Бөлменің дəл
орта тұсында жерде отыр. Екі бүйірін балуан қолдарымен таянып алған.
Тебіреніп, шын жылап отырғанымды көріңдер дегендей семіз бетінен сегіз
тарам боп сорғалаған көз жасын, құдай үшін, сүртіп те қоймайды.
Сатылған ағайым Тұрдыбекті құшақтап, тікесінен-тік жылап тұр. Алты-
жеті айлық жас нəресте аяқ асты нендей сұмдық болып қалғанын біле
алмайды. Бас-басына шулағаны несі дегендей жан-жағына бағжаң-бағжаң
қарайды.
Əкем арқасын қабырғаға тіреп, жүресінен отырып алған. Дауысын онша
шығармай, пыш-пыш жылайды.
Даладан ойбай салып кірген əйелдер үй ішінде жəне азырақ ойбайлап


жылаған болады да, қоя қояды. Сосын, біраз уақыт өткен соң сусып шығып
кетіп, жаңадан жылап келетіндерге орын босатады.
Ертесінде шешемнің денесі ата-бабамыздың талай ұрпағы мəңгілік мекен
тапқан Жауыртоғандағы бейітке апарып жерленді. Жол шетіне таман жаңа
бір жас төмпешік қабір пайда болды да, біраз күн арлы-берлі өткен
жолаушының назарына шалынып, мұңлы ой салып жатты.
Шешемнің басына қорған соғылған жоқ, ескерткіш тұрғызылмады. Бірдеңе
қалқитуға бізде ешқандай да шама жоқ еді. Біздің қолымыздан келгені
көзіміздің жасын көл етіп, жылау-сықтау ғана болды.
Мəңгілікке көз жұмар кезде шешем жанталасып мені іздепті. «Əлгі
Бердібек қайда? Бердібек... шақырыңдаршы» деп сандырақтап жатып,
менің атымды атай беріпті. Алтын анамның дүниеден қайтар алдындағы
бір ауыз лебізін ести алмағаныма күні бүгінге дейін өкініштімін. Хош бол,
ғазиз анам!
...Қазекең де айтады-ақ: «Шешесіз жетім – шерлі жетім. Əкесіз жетім –
арсыз жетім». Мен шерлі жетіммін.
Шерлі екенім рас. Қайтыс болған шешемді күндіз-түні ойлаймын. Өлу ол –
мəңгі-бақи ғайып болу, жоғалу. Мен енді шешемді еш уақытта да көре
алмаймын. Осыны ойлағанда іші-бауырым бір түрлі жидіп кеткендей
болады.
Өлген адам мəңгілік өлмейтін болса. Арада он жыл ма, он бес жыл ма
өткенде, тіріліп қайта қайтып келсе. Мен онда қайғының түпсіз
шыңырауына құламас едім. Аяулы шешемнің қайтып келер мерзімін қалай
да шыдап, күтер едім. Басыма нендей ауыртпалық түссе де, төзер едім.
Өзімді-өзім жұбатар едім.
Алтын анам енді он бес жыл түгіл, мың жыл өткен соң да қайтып
тірілмейді. Мен бұны жақсы білемін. Сондықтан да өмірден қарманар
сүйеніш таба алмаймын. Бəрі бітті, сөнді. Мен оның Беркенім деген аналық
мейірбан сөзін енді еш уақытта да естімеймін.
Өзегімді өртеген ащы қайғы оңашада көзімнен моншақ болып, домалап-
домалап кетеді. Бірақ ешкімге көрсетпеуге тырысамын.
Сөйтіп, жетімдік өмірді бастан кеше бастадым. Жетім деген сөзде нендей
суық мағына жатқанына мен бұрын зейін қоймайды екем. Шешем өлген
соң енді білдім. Адамның ар-ожданын тілдеуге де дүниеде бұдан қатал,
бұдан аяусыз сөз болмайды екен.
Үлкендер жетім екенімді аяушылықпен есіме салады. Ал балалар ұрсып
қалғанда жетім деп боқтайды. Мен үшін екеуінің мағынасы бірдей. Аяп


айтса да, ұрсып айтса да жетім деген сөз менің жүрегіме қанжар болып
қадалады. Дүниеде мен үшін бұдан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған
тазшадай осы сөз қай жағымнан сап ете қалады деп зəрем ұшып, үрейленіп
тұрамын.
Менің осы осалдығымды жаукес балалар өте жақсы біледі. Сəл шекісіп
қалса, даяр тұрған өзге боқтық сөздің бірін де аузына алмай, «өй, əкеңнің
аузың.. жетім! Шешесін жалмаған қу жетім!» деп шыға келеді. Болды, мен
өлдім, күйреп түстім. Бұдан кейінгі қарсылығым – ол арсыздығым.
Балалар, менің қымбатты, жас достарым! Мынау қатал дүниеде əкесі не
шешесі өліп, жетім қалу секілді бақытсыздық əркімнің-ақ басында кездесуі
мүмкін. Ол секілді жаны жаралы балалар, мүмкін, араларыңда да бар
шығар. Сендер қанша араз болсаңдар да оларға жетім деген тажалдай суық
сөзді айтпаңдар, айналайындар. Ұр, соқ, төбелес. Тіпті етінен ет кесіп ал.
Ал бірақ əлгідей деп тілдеме. Тағдыр онсыз да аяусыз жазалаған
бейшаранын адамшылық менмендігін жетім деген сөз біржолата жер етіп,
таптап кететінін сендер ұғыңдар! Аяңдар!

жүктеу 0.89 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   48




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет