Балалық шаққа саяхат



жүктеу 0.89 Mb.
Pdf просмотр
бет11/48
Дата05.11.2022
өлшемі0.89 Mb.
#23353
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   48
«Балалық шаққа саяхат» Бердібек Соқпақбаев PDF
Вавилондағы ең бай адам, Шерхан-Мұртаза - “Ай мен Айша”
Менің əкем
Мен бір жағдайда əкеме өте риза болатын едім – ол өмірбаян жазып, анкета
толтырған кезде. Кез келген қарапайым анкетада əке, шешең кім болған
деген сұрақ тұрады. О, бұл сұрақ барлық сұрақтың ішіндегі ең маңыздысы.
Болашақ өмір маршрутының сызылуына оның жасайтын ықпалы өте зор.
Мінекей, əлгі сұрақ алдымнан шыға келген кезде менің көзім жайнап
кеткендей болады. Жауапты құлшына жазамын, – əкем де, шешем де кедей
болған! Жай кедей емес, қу тақыр кедей.
Мен бұны шынайы мақтаныш етіп жазамын. Ата-тегімнің кедей болуы ол
совет өкіметі үшін менен сенімді, менен бағалы адам жоқ екенін білдіретін
бас бұрғызбас дəлел секілді. Ана Жылқыбай балалары өйдеп – ата-тегіміз
кедей болған деп жаза алмайды.
Анкета толтырғанда қолдары дірілдеп, жүректері толқып тұрады. Кедей
болмай, бұрын бай адамдар болғаны үшін олар əкелерін тап сол кезде бір-
бір боқтайды.
Ал менің жалқау əкем дүниеге кім болып келуді, тарих үшін қай таптың


өкілі болу артық екенін ерте білген. Міне, осы үшін де əкеме риза едім.
Ыдыке, жарайсың!
Ыдыкеңнің жасы бұл кезде отызды орталап қалған. Соған қарамастан,
жүріс-тұрысы қарт адамдар тəрізді. Ырғалып-жырғалып, ол қозғалып
болғанша, өмір керует біраз жерге барып та үлгереді.
Жақсылық, жамандықтың бəрін де əкем тəңіріден күтеді. Дұрыстау өмір
сүруге талпыну, ертеңгі күннің қамын ойлап мазасыздану ол үшін жат
нəрсе.
Шешем Əсбет – тілді де отты адам еді. Тек ауру иектеп алған да қор
қылған. Əкемнің ынжықтығын бетіне басып, қайрап айтып отыратын. Бірақ
əкем ағаш пышақ тəрізді, қанша қайраса да өтпейді.
Кедей іздеген, кедейшілік өмірдің қандай болатынын көргісі келген адам
біздің үйге келсін.
Ауыз үй, төр үй деп аталынатын, соқырдың көзіндей сығырайған бір-бір
ойық терезелері бар аласа екі бөлмеде тұрамыз. Жер еден. Шиқылдақ тапал
есік. Үйдің төргі бұрыштарында қадімгі бірнеше тал көк шөп өсіп тұрады.
Не шөп екен деп, жұлып алып қарасаң, арпаның не бидайдың дəні болып
шығады.
Біздің үйде бір қара жағал ағаш кебеже болушы еді. Мүлік атаулыдан менің
есімде сақталғаны сол.
Жалпиған ескі ағаш төсек. Онда əкем, шешем, мен үшеуміз ұйқтаймыэ.
Ауылдағы кез келген үйде самауыр, темір кереует, жүк етіп жинап қоятын
азын-аулақ көрпе-жастықтары болады. Көпшілігі кереуеттеріне шымылдық
ұстайды. Кестелеген киім жапқыштары болады.
Екі киім жапқышы бар үй əлді үй. Мəселен, Батырқанның үйі. Бір киім
жапқышы бар үй орта шаруа.
Түгі жоқ үй – кедей үй. Мəселен, біздікі. Əлгі аталған нəрселерден біздің үй
тап-таза.
Жұртта бар тəуір мүліктер біздің үйде неге жоқ деп, қорланып, ыза болатын
едім. Самауыр неге жок? Киім жапқыш неге жоқ?..
Көп үйде сауын сиыр бар, аздаған да болса, уақ малдары бар. Бізде ол да
жоқ. Ең барып тұрған қара жаяу кедей қазақтың аты болмаса да, ер-
тұрманы болады. Ат сұрау ұят емес, ал ер-тұрман сұрап жүру ыңғайсыз-ақ.
Бір жаққа баруға ат табылса, əкем мен ағаларым енді ер таба алмай
жүргені. Мен бұған да ыза болушы едім. Жұртта бар зат бізде неге жоқ?
Жұрт қайдан табады? Біз неге таппаймыз? Жұрт қайдан алады? Біз неге
алмаймыз? Жұрт бізден неге артық болады? Біз неге кем боламыз?


«Бəрі құдайдан, құдай өзі жеткізеді» дейді əкем. Қашан жеткізеді?
Сарғайып қанша тосуға болады оның жеткізуін? Ол жеткізгенше, желкеміз
үзілетін болды ғой.
Əкемнің бойы ортадан төмен, иықты. Өзі құсап селбіретіп қияқ мұрт
қояды. Уайымсыз адам, күйіп-піскенді білмейді, жайбарақат. Мезгілсіз
тозып, шаршамайды. Аш болса да, тоқ болса да екі беті қып-қызыл. Тамақ
таңдамайды, өңешінен өткеннің бəрін ішіп-жейді. Ауырмайды.
Таңертең əкем шайнамсыз жайдақ шайды сораптап, еркіне салсаң, түске
дейін қамсыз отыра береді. Ол тоғайдан колхоздың ұста дүкеніне көмір
жағып əкелуші еді. Келіп мүйізі абажадай үлкен арық қызыл өгіз. Əкем шай
сораптап отырғанда қызыл өгіз сыртта есік алдында оны күтіп, аш,
қаңтарылып байлаулы тұрады.
Бригадирді бес келтірмей əкем жұмысқа шығып көрген емес. Бағана
байланған қызыл өгіздің мызғымай əлі тұрғанын көріп, бригадир терезе
тұсына шауып келіп, айқай салады.
– Оу, Ыдырыс! Əлі отырмысың? Ойбай-ау, күн түс боп кетті ғой!
Болсаңшы!
– Қазір, міне, шыққалы жатырмын, – дейді əкем. Өзі тапжылмастан отыра
береді.
– Болды, барсаңшы жұмысыңа. Құр суды сіміре бергеннен бірдеңе шыға
ма? – дейді шешем.
– Тағы бір шыны құйып жібер. Содан соң болды. Сосын тағы бір шыны.
Шəугім сарқылғанда əкем орнынан бір-ақ түрегеледі.
Ыдыкең қысы-жазы бірдей қалың киінеді. Үстінен етегі делдиген ақ тоны,
басынан жарбиған жаман малақайы түспейді. Күн ыссыда малақайының
құлағын қайырып, байлап қоюға бір бауы қалай да шұнтиған үзік болады,
байлауға келмейді. Сондықтан малақайдың құлақтарын əкем жай
жымқырып бүктеп қояды. Əменде бір құлақтың бүктеуі жазылып кетіп,
есектің құлағынша қалқиып, былғаң-былғаң етіп жүргені.
Неге екенін қайдам, əкемнің тонында түйме дейтін нəрсе болмайтын. Киеді
де, тонның екі өңірін айқастырып, беліне май жағудан қап-қара болған
жіңішке қайыс белбеу буынады. Қатты тартып буынған белбеудің əсерінен
тонның етегі делдиіп, таңқия қалады. Əкемнің аласалау жалпақ денесі сол
кезде одан бетер аласарып кеткендей болады.
Шыжыған ыстық күнде де əкем əлгіндей қалың киіммен жүреді. Бұның
қалай десе:
Қалың киімнен ыстық өтпейді, – дейді.


Дəл арқасына белбеуден өткізіп, балта қыстырады.
Үйде ер болмағандықтан əкем қызыл өгізге ыңыршақ ерттейді. Тартпа
орнында құр жіп. Үзеңгінің біреуі ағаш, біреуі темір.
Əрі қалың киініп, сіресе қалған, əрі шайнамасыз құр шайды қарнын
сыздатып тоя ішкен Ыдыкең қызыл өгізге бірден қарғып міне алмайды.
Күшеніп, үзеңгіге аяғын əрең жеткізіп, артылып міне бергенде, ыңыршақ
ауып кетеді. Немесе сарғайып тұра беруден жалыққан қызыл өгіз
тыпыршып жүріп кетіп, міне алмай əуре болады. «Өй, əкеңнің»... деп,
Ыдыкең қызыл өгізді келістіре бір боқтайды да, үйден мені шақырады. Ар
жақтағы үзеңгіні басып ұстап тұр дейді.
Мен жоқ болсам, тамға, дуалға тартып мінеді.
Күн бұл кезде сəске болып қалған. Өзге жұрт жұмысқа бағана кеткен,
Жолшыбай кезіккен белсенділерден түгел сөз естіп, əкем жұмысқа енді
ғана кетіп бара жатады.
Кетіп барады деймін-ау. Əне, ауылдан ұзай берді де, ол қайта қайтты. Не
болды екен? Бірдеңесін ұмыт қалдырғаннан сау ма?
– Өй, Ыдырыс, неге қайттың?
– От жағатын сіріңке алмаппын, – дейді əкем жайлап қана.
Мен үйден сіріңке алып шығып беремін. Сіріңке жоғалып қалмас үшін оны
ішкі қалтасына салып алмаққа əкем белбеуін шешеді. Белбеуін шешу үшін
беліндегі балтаны маған бере тұрады. Осының бəрі ешқандай асығыссыз
кері қайталанып жəне істеледі.
Уақыт зымырып өтіп жатады. Күн түске тақалады.
– Мына ит бүгін аяғын баспай қалыпты, – деп, кінəнің бəрін енді қызыл
өгізге аударып, əкем тоғайға қарай маңып кетіп бара жатады.
Əкемнің іш пыстыратын қимылдарына менің төзімім зорға жетуші еді.
Ішімнен ыза болып, тістеніп, қаным қайнап тұрам.
Ұста дүкені біздің үймен қанаттас, жақын... Өкембай ұстаның шың-шың
соғылған балғасының дауысы ұзақ күнге бір сембейді. Күн сайын там-
тұмдап əкелінген көмір кейде бітіп қалады да, ол əкемнің көмір шағып
əкелуін күтіп, жұмыс істей алмай, сарғайып күтіп отырады.
Ұста дүкенінің бүкіл жұмысы маған қарап тұр-ау деп, Ыдыкең абыржи
қоймайды.
Əкем тоғайдан кеш қайтады. Қас қарайған кезде егіннің арасымен келе
жатып, тік тұрған астықтың масағынан қойын-қоншын толтырып, үзіп
алады.
Жатар кезде терезенің сырт жағынан жарық көрінбестей етіп ішінен бітейді


де, əлгі алып келген масақты тонның тақыр жағына салып, уқалауға
кіріседі. Бұл ертеңгі ішіп, жейтін талқан көженің қамы.
Масақ ұрлауды əкем егін ет алып, сарала тартқан кезден бастайды. Пісіп
жетілмеген дəн қуырғанда тырысып, шөжіп кетеді. Талқаны көкшіл, дəмі
қант қосқандай тəттілеу.
Көктемгі көкөзек кезде əкем көк талқанға іліксек өлмейміз деп, бізді
жұбатып, армандап отырады. Оның арман еткен көк талқаны əлгі.
Егіннен масақ ұрлап əкелетіндер тек менің əкем емес.
Таңертең бригадирдің айқайымен оянатын əкем түнде жатар кезде бей-
берекет шашып тастаған киімдерін таба алмай, үй ішінің астан-кестеңін
шығарады. Əрқайсымызды бір қозғап, жастығымызды қопарып, төсеніштің
ар жақ, бер жағын ашып қарап, белбеуін, тымағын іздейді. Сөйтіп, бəрімізді
түгел оятып бітеді. Шұлғауының бірі менің жастығымның астынан,
малақайы Сатылғанның қойнынан табылады.
Əкемнің жоғалғыш бұйымдарының бірі оның белбеуі. Барлық киімін киіп
ап, енді белбеуін таппай, есік алдында сілейіп тұрғаны:
– Ой, тоба, бұл əкеңнің аузын... жер жұтты ма? Қайда кетті?
Белбеу табылмай, ауырып жатқан шешеме де маза жоқ.
– Əсбет, қарашы, менің белбеуімді. Жер жұтты деймісің, бір жерде жатқан
шығар.
Шешем бейшара ыңқылдап қоса іздеседі.
– Түнде шешкенде бір жерге белгілеп қоймайсың ба? Күнде-күнде бұл не?
– дейді ренжіп.
Қырсық белбеу соңынан қорадағы ақырдың ішінен табылады. Түнде əкем
баздан онымен өгізіне салатын шөп буып əкелген. Ақырдың ішінде шөпті
шешкен кезде ұмыт қалдырған.
Қыстыгүні əкем аяғына қолдан басқан добалдай пима киеді. Галошсыз. Екі
аяқтағы пиманың түрі екі басқа; бірінің басы бақаның басына, екіншісінің
басы бұзаудың басына ұқсайды. Ол тəрізді пимаға тұра келетін галош
дүниеде əлі жасалмаған болуға керек.
Пималардың ішіне əкем құрым киізден ұлтарақ салады. Осы үйде іске
алғысыз ескі-құсқы шүберек қанша болса, соның бəрін шұлғау етіп
оранады.
Кешқұрым ол бүйірі шұрық-тесік қаңылтыр пешке отты толтырып жағады
да, күні бойы сусіңді болған шомбал пималарды шешіп, жайып жатады. Ең
ішкі орамына дейін су өткен сарала шұлғаулар, ұлтарақтар самсап түгел
жайылған кезде қайнаған қазанның буындай бу көтеріледі. Кісі қақалғандай


қоңырсық жаман иіс үйдің ішіне толып кетеді. Жер төсекте пешке арқасын
қыздырып тыныстап жатқан ауру шешем сол кезде үстіне от түскендей
басын көтеріп алады:
– Ыдырыс, тағы да сен бе? Тұншықтырып өлтірдің ғой сығыр құдай.
Қақтамай, қоя тұршы. Жатар кезде жайсаң да кебеді ғой. Тым болмаса,
пешке тақамай, əрірек жай.
Түнде біздің үйге ұры кіре ме, қайдам, таңертең əлгі аталған мүліктердің
бірсыпырасы жайылған орнында тағы да жоқ болып шығады. Əкем үйдің
ішін қопарып тағы іздеуге кіріседі.

жүктеу 0.89 Mb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   48




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет