Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы



жүктеу 3.09 Mb.

бет19/23
Дата08.01.2017
өлшемі3.09 Mb.
түріБағдарламасы
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23
ПАРТИЯҒА РАҚМЕТ!

Өткен өмір көз алдымда. Оның қызығы да, қиындығы да 

бүгінгі күні бар қымбат бағасымен ойыма оралады...

...Нұра  елі  Ақмолаға  (қазіргі  Целиноград)  жақын.  Қала 

жаңалығы біздің жаққа тез жетіп, ел іші тез құлақтанып жа-

татын. Əлеумет ісіне араласқан қыз-келіншектер де көп. Оқу 

оқығандарды,  комсомолға  кіргендерді,  əйелдер  жиналысы-

на қатысқандарды қызықтап жүріп, мен де біраз сауатымды 

ашып алдым. «Шолпан Иманбайқызы Орынборға, Базарай-

ым  Хасенқызы,  Күлзабира  Сүлеймен  келіні  Қызылжарға 

оқуға  кетіпті,  ал  Зейнеп  Хайдар  келіні  əйелдер  бөлімінде 

қызмет істейтін болыпты» деген хабарлар бізге қол жетпес 

арман лебіндей есетін.

Жалғыз бауырым Бозтай Батырбекұлы, туысымыз Кəрім 

Мыңбайұлы,  тағы  басқа  ағайын  балаларының  ел  ісіне  ара-

ласып жүруі арқасында мен 1925 жылы Ақмола қаласында 

оқыдым.  Келесі  жылы  Петропавлдағы  Совпартшколаға 

түстім.


Сол жылдын күзінде Сəкен осы қалаға келді. Оның аты 

мен  даңқына  əбден  қанық  болатынмын.  Дидарласқаннан 

кейін өз ойын айтып, Қызылордада оқығанымды жөн көрді. 

Сөз арасында: – Елден онсыз да алыстап кетіп ем, енді сізге 

еріп кетсем, ағайын-туысымды таба алмай қалармын, – де-

ген күдігімді айтып едім, Сəкеннің ақ жарқын жүзі сұстана 

сұрланып, ара-тұра алқызыл қан теуіп, кілт өзгере қалды.

– Түсіндім сөзіңе, – деді ол біраз үнсіздіктен соң, – маған 

таңылған жалған өсекті естіген сыңайың бар ғой. Егер сөзіңе 

берік болсаң, ел-жұртқа жария етіп жар боламын.

Жайдарылап айтамын десе де, сөзі қатқыл шықты. «Оны 

кезінде көрерміз» дегеннен басқа ештеңе дей қоймадым.

Сəкен  Қызылордаға  барғаннан  кейін  хат  жазып  тұрды. 

Оқуымды бітіріп шығайын деген ойдамын. Бір күні «Еңбекші 

қазақ»  газетінің  (қазіргі  «Социалистік  Қазақстан») 1926 


311

жылғы 19 қарашасында шыққан номері келді. Онда Сəкеннің 

«Совпарттағы қарындасыма – Гүлбарамға» деген өлеңі жүр 

екен. Оның «ел-жұртқа жария етіп жар боламын» деген сөзі 

сап  етіп  есіме  түсе  кетті.  Іле-шала  хаты  да  келді.  Ол  «мен 

сертіме жеттім, ендігі сөз – сенікі» депті, тағы да біраз сыр-

лар  жазыпты.  Келісімімді  білдірген  жауап  қайтардым.  Со-

дан соң жиі хат жазысып тұрдық. Сəкен хаттарында қызмет 

жайынан, қаладағы тұрмыс туралы аздап хабар беріп қояды. 

Əлі есімде, бір хатында тұратын үйінің халін, кеңсе мүлкін 

пайдаланып  отырғанына  іштей  қатты  ренжитінін,  бірақ 

қаладан  жөні  түзу,  əрі  онша  қымбат  емес  керует  те  таба 

алмай  жүргенін  жазыпты. «Өзі  үлкен  қызметкер,  қиналған 

жерінің сиқын қара», – деп, мен күліп қоятынмын.

Сəкен совпартшколдың директорына, жақын жолдаста-

рына  хат  жолдап,  мені  Қызылордаға  оқуға  ауыстыратын 

қағаздар жіберіпті. Жол жайын түсіндірген хат та жазыпты. 

Желтоқсан айында Кызылордаға жеттім. Сəкенмен осылай-

ша басталған жұбайлық өмірім қызық пен бақыт қат-қабат 

келіп,  айқара  түскен  тəтті  шақ  еді.  Тұңғыш  перзентіміз 

Лаура  (Сəкеннің  еркелетіп  қойған  аты  Дəрідана)  жарық 

дүниені  азғана  күн  көрді.  Ал 1936 жылы  туған  Аян  атты 

аяулы  ұлымыз 1938 жылы  Көкшетау  қаласында  қайтыс 

болды.


Аяулы  ардағымның  бар  мінезі,  бар  ісі  дəл  бүгінгідей 

көңілімде сайрап тұр. Ол «жер көр, ел көр, жақсы-жаманмен 

таныса  бер»  деп,  көбіне  мені  өзімен  ерте  жүретін,  маған 

«өзіңді еркін ұста» дейтін.

1927 жылдың көктемінде Сəкен жер бөлу науқанына шық-

ты.  Көкшетауда  Елжас  Бекенов  пен  Жақан  Сыздықовтың 

ауылы – Қараағашта  болдық.  Ол  төңіректі  Сəкен  «Жаңа 

аймақ» деп атап еді, қазірде де солай аталатын көрінеді.

Жер  өлшеуге  шығарында  маған  міндетті  түрде  екі  тап-

сырма беріп кететін: біріншісі – орталыққа жер бөлісі жайын 

баяндайтын  қағаздарды  қайтадан  əдемілеп  көшіріп  шығу, 

екіншісі – орыс тілінен жаттығу сабақтары. Бұларды орын-

дамау маған күнəмен пара-пар еді. Қазір ойласам, бұл менің 


312

уақытты  пайдалы  өткізуіме,  ауылдың  өсек-аяңынан  аулақ 

болуыма жасаған шарасы екен.

Сəкен  бұл  науқаннан  абыройлы  да,  олжалы  да  қайтты. 

Осы  сапарында  «Көкшетау»  дастанының  көп  материалын 

ауылдың кəрі құлақ ақсақалдарынан естіп, жер, су аттарын 

жазып алып жүрді, елдің сəн-салтанат, сауық-сайран салты-

мен танысты.

Сəкеннің ол кездегі етене араласып жүретін достары ре-

волюционер Абдолла Асылбеков, Захар Катченко, жазушы 

Сəбит  Мұқанов,  əлеуметшіл  Хамза  Жүсіпбеков,  Жанайдар 

Садуақасов,  Қали  Тəтімов,  өнерлі  Қаскей  Өтекин,  ақын 

Мəжит Дəулетбаев еді. Ол бұлармен қоян-қолтық араласып 

жүретін жəне қырын-қабақ болған кезін байқаған емен.

Бұл  достарының  ішінде  Хамза  Жүсіпбековтың 1929 

жылы  «Сəкен  жəне  сəкеншілдер»  деген  мақаласы  шықты. 

Сонда  қабақ  шытқан  Сəкенді  көре  алмадым.  Бірнеше  күн-

нен  кейін  өз  үйімізде  Хамзамен  əңгіме-думан  құрып,  мəз 

болып  отырғанымыз  да  есімде.  Сондай-ақ,  Сəкенді  көп 

сынаушылардың бірі – Ғаббас Тоқжанов болушы еді. Алай-

да, онымен де əңгіме-тұзымыз жарасып, араласып-құраласып 

тұратынбыз. Сірə, бұл Сəкеннің достық, жақындық дегендер 

мен жалпы көпке ортақ іс жөнінде ашық пікір алысуды бір-

бірімен шатыстырмайтын мінезінен-ау деймін.

Бір  қызығы,  Сəкеннің  əлеумет  ісінде  қабақ  шытып,  рен-

жіген  кезін  көрмедім.  Қайта,  сондай  бір  жайсыз  шақта 

Сəкеннің  өзінен  гөрі  онымен  бірге  үйге  еріп  келген  жора-

жолдастарының  ашуланып,  ащы  сөз  айтып,  күйіп-пісіп 

жүргендерін  көргенім  көп.  Сəкен  көбіне  іштен  тынатын. 

Асылбеков жайын естігенде біз Алматы төңірегінде бір сов-

хозда  үй  ішімізбен  дем  алып  жатқанбыз.  Осы  хабар  Сəкен-

нің  жан  дүниесіне  əлек  салып,  қайран  қалдырды.  Малдас 

құрып  үн-түнсіз  отырып,  саусағымен  саусағын  сартылдата 

соға беретінді шығарды. Анда-санда «кезекті тексеру шығар, 

ештеңе болмайды!» деп өзіне-өзі сөйлегенін де естігенім бар.

Аса  бір  қиын  жағдай  болмаса,  Сəкен  еш  нəрсеге  асып-

сасып  аптығуды  білмейтін  еді.  Ойлана-толғана  қимыл  жа-


313

сайтын.  Шындыққа  көз  жеткенде  қанша  бел  қайыстырар 

ауыртпалық болса да, қажымай, таусылмай қарсы алатын.

Өткен іс болса да, үй ішінде болған бір кірбіңді айтсам 

деп ем. 1931 – 1932 жылдары қиын болды ғой. Сəкен Семей-

дің  шекарадағы  ең  бір  қиын  ауданына  арнаулы  жұмыспен 

жіберілді. Мұның өзі үлкен сын ғана емес, тіпті қатері ара-

ласқан  тапсырма  көрінеді. «Тегісшілдік»  колхозын  ұйым-

дастырудан оралғанда əлде неге қатты ренжіп келгенін бай-

қадым.  Содан  кейін  Сəкен  «Біздің  тұрмыс»  деген  роман 

жазуға  қауырт  кірісті.  Алғашқы  тарауларындағы  əртүрлі  

шытырман оқиғалар артында сол кездегі кей басшылардың 

теріс ісіне наразылық байқалады. Бірақ, оны сол кезде өзім 

дұрыс түсіндім деп айта алмаймын. Сəкеннің жалпы ренжулі 

боп жүргеніне қарамай, «оқуға кетемін» деп, Москваға тар-

тып отырдым. Қызыл профессура институтында оқып жат-

қан Сəбит қарсы алды. Əуелі «Цветметзолотоның» рабфагі-

не,  одан  кейін  ВКП  (б)  Орталық  Комитеті  ұйымдастырған 

курсқа  орналастым.  Оқу  аяқталар  шамада  ауруға  шалдық-

тым.  Денсаулығым  төмендей  бастағанда  Сəкеннен  «үйге 

қайт, емделесің» деген телеграмма алдым.

Алматыға  келгенімде  Сəкеннің  маған  соншалық  бəйек 

болғанын  сөзбен  айтып  жеткізе  алмаймын.  Көңілі  жақын 

жора-жолдастарын  түгел  шақырып,  қонақ  күту  қамында 

жүрген сондағы Сəкен əлі көз алдымда. Əдетте «алдыңа ас 

қойдым, екі қолыңды бос қойдым» дегендей сыңай білдіретін 

Сəкен,  бұл  жолы  ішімдіктерді  өзі  құйып,  əзіл-қалжыңды 

қарша  боратып,  жайраңдап  жүрді.  Бұрын  қиязданып  бір-

екі ғана рюмке ішетін шарапты төртеу-бесеуге жеткізді ғой 

деймін. Айта кетейін, Сəкен шарап пен шылымды ұнатпаған 

жан. Жұрт тарағаннан кейін емделу жайын ұзақ сонар əңгіме 

қылды да, ертеңіне жедел шаралар қолданды. Емханада жат-

қан шағымда күн құрғатпай келіп, өзінің көңіліне қолайлы 

сəлем-сауқат əкеп беріп жүрді. Басқа ас-суды үйдегі Кəрима 

арқылы жеткізіп тұрды. Мен Сəкеннің əрбір сөзін, əрбір жаз-

ған нəрсесін өте қастерлейтін едім. Содан болар, оның мен 

ауруханада жатқанда жазған бір жапырақ қағаздағы хаттары 


314

да осы күнге дейін үйде сақтаулы тұр. Сонау бір қиын жыл-

дарда да одан көз жазғаным жоқ. Тек қағаздары ғана емес, 

жұбайымның  үй-ішінде  ұстап-тұтқан  бұйымдары  да  түгел 

қолымда.  Киімдеріне  де  кіршік  жұқтырмай  отырған  күйім 

бар.


Сəкеннің  адамды  сыйлау  əдеті  де  қызық  болатын.  Оны 

дəреже  емес,  тек  адамның  басы  ғана  билейтін.  Өзіне  ірілік 

көрсетпек  болған  адам  Сəкеннің  сый-құрметінен  құралақан 

қалатын. Ал өзін тең көргенге, жолым, жасым үлкен деп маң-

ғазданбағандарға Сəкеннің жүзі де жылы, инабаты да мол бо-

латын. Өзінен кішілерге менсінбей қарау оған жат еді.

Маған: «үйге іздеп келген кісіні кім де болса жылы шы-

раймен қарсы ал, үйге топырлап қонақ келіп жатуының өзі 

бір ғанибет қой» деп, мықтап ескертіп қойған болатын. Мен 

жұбайымның бұл сөзін ешқашан тəрік еткен емеспін. Тіпті, 

бұрын көрмеген, таныстығы жоқ адамдардың үйімізде апта-

лап, айлап жататын кезі көп еді. Сəкен кісіні аямпаз да бо-

латын. Қолдан келген көмегі мен жақсылығын ешкімнен ая-

майтын. Ол тіпті аң екеш, аңға да соншалық елжіреп, аяныш-

пен қараушы еді. Бір күні үш-төрт жолдасымен аңға кеткені 

бар-ды. Серіктері бір таутекені атқан екен, Сəкен жақындап 

барып қараса, əлгі жануардың емшегінен сүт саулап жатыр 

екен.  Аңнан  үйге  қатты  толқып  оралды.  Кейін  соның  етін 

үйге əкелдірмей қойды.

1934  жылғы  халық  таланттарының  слеті  кезінде  Жам-

был  мен  Кенен  Əзірбаев  үшеуі  мəз-мейрам  болып  əңгіме-

дүкен құрғаны əлі есімде. Олардың сондағы бір-біріне бəйек 

болып, «Жəке,  Кенеке,  Сəкенжан»  десулері  үлкен  өнерлі 

өмірдің сəн-салтанаты болып елестейді де тұрады. Осы сый-

құрметтің айнымаған белгісін таяу арада тағы көрдім. Тірі 

адам өз көңілін əртүрлі жолмен білдіреді ғой. Кенен ақсақал 

Алматыға келгенде біздің үйге соқты. Сексендегі Кенекемнің 

мөлтілдеп төгілген мөлдір жасы өткен-кеткенді еске түсіріп, 

жан-жүйемді елжіретіп жіберді.

Сəкеннің енді бір ерекше мінезі – əсемдікке, сұлулыққа 

құштарлығы  еді.  Ол  өз  бойының  сəні  мен  тазалығын  қат-


ты қадірлейтін. Оның кербездігі – ақ жанының сыртқы айна-

сы  еді.  Олпы-солпы  жүруді  мейлінше  ұнатпайтын,  үй 

ішінде  мұнтаздай  тазалық  пен  тəртіптілік,  əсемділік  пен 

жарасымдылық  болуын  талап  ететін.  Жан  жадыратар  жи-

һаздардың көбін өзі таңдап, сатып алдыратын, əр нəрсенің 

ажарлы да сүйкімді болуын қатты қадағалайтын. Орашолақ-

тың қолынан шыққан бұйым алтыннан істелсе де маңайына 

дарытпайтын.

Арысымның тағы бір мінезі мен үшін өзгеше ыстық. Ол 

менің сөзімнен, не ісімнен бір нəрсені ұнатпай қалса, соның 

терістігін көбіне əзілмен ескертіп отыратын.

Сəкен  ешқашан,  ешбір  жағдайда  өз  басының  немесе  үй 

ішінің жайына ғана қарап, қоғамдық іске титтей де нұқсан 

келтірмеуші еді.

Бар еңбегін, қайрат-жігерін еліне арнаған азаматын халқы 

да қатты құрметтеді. Қазір Сəкен аты елдің ең қымбат асы-

лындай ардақталып отыр.

Бүгінде  шұғылалы  шаттыққа  бөленген  аяулы  ардаге-

рім – Сəкеннің ұлан-асыр тойында тағы да ұлы Ленин пар-

тиясының алдында ақ басымды иіп, тағзым етемін!



316

Рымжан Мəжитқызы СЕЙФУЛЛИНА

СƏКЕН ҚАЛАЙ ТҰТҚЫНДАЛҒАН

Мен  Сəкеннің  туған  кенже  інісі  Мəжиттің  қызымын. 

Сəкен  тұтқындалғанда  мен  бес  жарым  жастамын.  Сəкенді 

біздер Туған аға дейтінбіз, ал əкем Мəжитті Мəнə деп атай-

тынбыз,  өйткені  Сəкен  солай  дейтін.  Ол  үлкен  шешеміз – 

Жамалдың қойған аты екен.

Мəз-мейрам ойнап жүрген жас баламын. Жұмасында екі-

үш  күн  Туған  ағаның,  бір-екі  күн  Мəліктің  (Сəкеннің  тете 

інісі)  үйінде  болып  қайтатынмын.  Бір  күні  Мəлік  ағаның 

үйінде қонып, үйге ертеңіне түс-ауа келдім. Есік алдында ме-

нен екі жас үлкен ағам Орынбек ағашқа сүйеніп, мұңайып тұр 

екен. Ол үнемі доп ойнап, көгершін қуып, көрші балалардың 

көсемі болып, қайдағы ойын-төбелестің ортасында жүретін. 

Күлкісі  үзілмейтін.  Сол  Орынбек  бір  сəтте  жуасып  мұңая 

қалыпты. Бұрын-соңды оның мұндай күйде тұрғанын көрген 

емеспін. Мен «Орынбек, немене, бірдеңені қатты бүлдірдің 

бе, Мəнəм ұрысты ма» – дедім. Ол үндемей біраз тұрды да, 

кенеттен бақырып жылап жіберді: «Туған ағам жоқ. Туған 

ағаны  алып  кетті,  ойбай,  ойбай!» – деп  отыра  қалды.  Мен 

де шыңғырып жылап, «Мəнəм қайда, мама қайда» – деп үй-

ге  жүгірдім.  Үлкен  кісілердің  əңгімесінен  халық  жауы  деп 

кейбір адамдарды тұтқындап жатыр дегенді жиі еститінмін. 

Мысалы,  Бейімбет  ағаны  ұстап  əкетті  дегенді,  сол  Туған 

ағаның үйінде жүргенде естігенмін. Енді Орынбектің сөзінен 

Сəкенді əкеткенін түсіндім. Біз ол кезде Алатау көшесі, 34-

ші үйде тұратынбыз. (Құрманғазы көшесі мен К.Бəйсейітова 

көшесінің қиылысындағы биік үйлердін арасында болатын, 

кейін 1970 жылдары ол үй бұзылған).

Ағаштан  қиып  салған  үш  пəтерлік  үйдің  көше  жақтағы 

(Құрманғазы) екі бөлмелісі біздікі болатын. Ауыз бөлме ас 

үй, пеш жағылады, тамақ ішеміз, төргі бөлмесі жатар орын.

Кіріп келсем, ауыз үйдің екі бұрышында əке-шешем екеуі 

үнсіз жылап отыр екен. Мен айғайлап жылап келіп: «Орын-


317

бек не дейді, Туған ағам қайда, кім əкетті?.. Қайда əкетті?.. 

Жүріңдер үйіне барайық» – деп Мəнəмнан сұрай бастадым. 

Əлі есімде, дəл сол кезде шешем дауыстап қатты жылап қоя 

берді:

–  Туған  ағаң  енді  жоқ,  келмеске  кетті,  құлыным, – деп 



тағы басқа жоқтау сөздерді айтып жылай берді. Мəнəм мені 

бауырына басып:

– Енді ол үйге бұрынғыдай бара алмайсың, бірге барып 

тұрамыз, ертең барамыз, – деді.

Сонымен  біздің  үйімізде  күннің  бетін  бұлт  басқандай 

бір  қараңғылық  өмір  орнады.  Əке-шешемнің  бетінен  күлкі 

жоғалып,  жүздері  сола  берді.  Мəнəм  жасында  бет-пішіні, 

дене бітімі келіскен, жүзі нұрлы, əдемі болатын.

Аққұба, қызыл шырайлы өңінен үнемі жылы, жарқындық 

кетпейтін əкем, жиі-жиі күрсініп, реңі тайып жүдей бастады. 

Жап-жақсы домбыра тартып, əн салатын, оның бəрі бірден 

тоқтады.  Тағы  бір  болған  кенет  өзгеріс – сол  күндерден 

бастап  біздің  үйге  бұрынғы  жақын-жуық  адамдардың 

қатынасуы  пышақ  кескендей  тиылды.  Күнде  болмаса  да, 

күнара,  жұмасына  үш-төрт  рет  кешкі  аста  əңгімелесуге, 

амандасуға  келетін  көршілер,  əке-шешемнің  араласып 

жүрген  таныстары  келуін  тоқтатты.  Дегенмен  бұрынғы 

қалыптарынан өзгермей, сол қаратүнек 20 жыл бойы біздің 

үймен  қатынасын  үзбеген  екі  отбасы  болды.  Ол  кісілер 

Ғабиден  Мұстафин  мен  Сəрсен  Маусымбаев  ағалар  еді. 

Өздері  келіп  жұбатып,  əке-шешемді  қонаққа  шақырып, 

көңілдерін аулап қуат беріп, демеп жүрген осы кісілер менің 

бала жүрегімде ерекше қалды.

Сонымен  көбіне  өзімізбен  өзіміз  оңаша  қалған  көңілсіз 

күндер  өтіп  жатты.  Бір  күні  əкем  жұмыстан  түс  болмай 

ерте  келді.  Біз  Орынбек  екеуміз  есік  алдында  отырғанбыз. 

Үндемей ғана басымыздан сипап үйге кіріп кетті.

Бір  кезде  шешемнің  тұншыға  өксіп  жылағаны  естілді. 

Ағам Орынбек менен естілеу ғой:

–  Мамам  тағы  жылап  жатыр,  енді  Мəнəмді  əкететін 

болған ғой, – деп үйге жүгіріп кетті. Мен келсем, əкем: «Аш-


318

тан  өлмеспіз,  аман  болайық,  балалар  аман  болсын», – деп 

қасында тұр екен. Біз Орынбек екеуміз жарыса: «не нəрсе, 

не болды?» – деп əкемнен сұрап жатырмыз.

Əкем:

–  Ештеме  емес,  айналайындар,  барып  ойнай  беріндер, 



мен үйде мамаңның қасында боламын, – деді.

Содан əкем ертеңіне де, одан кейін де үйден шықпайтын 

болды.  Кейін  білдік  əкемді  «сен  халық  жауының  інісісің» 

деп  жұмыстан  шығарып  тастапты.  Ол  кезде  əкем  халық 

ағарту  комиссариатында  нұсқаушы  болып  істейтін.  Осы-

лай жұмыссыз, жалақысыз жүріп 6 айдан асқанда барып бір 

жұмысқа тұрды. Оның өзі үлкен əңгіме.

Сол  қара  түнек  ауыр  жылдар,  біздің  отбасымызда 20 

жыл  бойы  сейілмей  тұрды.  Бұл  жылдары  біздің  көрген 

қорлығымызды, қиындықтарымызды ешкімнің басына бер-

месін, оны сөзбен жеткізіп айтып беру мүмкін емес.

Əке-шешем  халық  жауының  інісі  мен  келіні  атанып, 

бұрынғы  ойнап-күліп  араласып  жүрген  адамдар,  үйге  кел-

мек түгіл, көшеде кездесіп калса сырт айналып кетіп жүрген. 

Мені  де  тентек  балалар,  ойнап  жүріп  келіспей  қалсақ, «ой 

халық  жауының  қызы», – деп  тас  лақтырып  жүрді.  Осы 

қорланыс сезіктену менің өз басымда институт бітіріп, мұға-

лімдік қызмет атқарып жүрген жылдары да болды.

Əрине, өткеннің бəрін айту мүмкін емес. Менің бұл жолғы 

айтайын  дегенім – Сəкен  ағаның  қалай  тұтқындалғаны, 

қай  күні  үйінен  қалай  əкеткені  туралы.  Оны  мен 1957 

жылы Сəкен аға ақталған соң əкемнің аузынан естідім. Бұл 

қуаныш  хабар  тарасымен  үйіміз  қайтадан  қызық  думанға 

толды. Құдайға тəубе, көп адамдар бізбен кездесуді өздері 

іздеді.  Сол  уақытта  үйімізге  көптеген  лауазымды  жоғары 

адамдар да келіп жүрді. Олардың ішінде Жұмабек Тəшенов, 

Ғабиден Мұстафин, Раббани Мұхамедияров, Елубай Тайбе-

ков,  Сейділ  Талжанов,  Əңгелбай  Əлиханов  сияқты  кісілер 

бар  еді.  Сол  кісілер  əңгіме  үстінде  əкемнен  «Сəкен  қалай 

ұсталды,  білесіңдер  ме?» – деп  сұрайтын.  Бұрынғы  қол 

үзіп  кеткен  ағайын,  жолдас,  көршілердің  өзі  əкемнен  осы 


319

жағдайды сан рет сұрап айтқызды. Сол кісілерге, ұмытпасам, 

бірінші рет Жұмабек пен Ғабиден ағаларға Сəкеннің қалай 

ұсталғанын  əкем  былай  айтқан  еді. «1937 жылы  қыркүйек 

айының 24-ші  жұлдызы,  жексенбі  күні  болатын.  Демалыс 

күндері Сəкен ағаға барып сəлем беріп, ретіне қарай не күні 

бойы, не түске дейін бірге болып əңгімелесіп қайтатынбыз. 

Бүкіл апта бойы Сəкен жұмыс үстінде болатын. Аса бір ша-

руасы болмаса, үйден шықпай үнемі жазу үстінде отырады. 

Сабақ кестесіне, белгіленген жиналыс, кездесулеріне қарай, 

көбінесе институтқа, Жазушылар одағына шыққаны болма-

са, ылғи үйде жұмыс істейтін. Соңғы кезде үйіне келушілер 

де азайып, мүлде жазу үстелінде отыратын болған. Демалыс 

күндері біздер – туыстары жиналамыз.

Бүгін  де  сол  əдетіміз  бойынша  үстімізге  бар  жақсы  де-

ген киімімізді киіп, Метов Əлкен (біздің Сəйда деген немере 

қарындасымыздың  күйеуі)  екеуіміз  таңертеңгі  сағат  оннан 

аса Сəкеннің үйіне келдік. Гүлбарам жеңгейіміз бен Жақия 

есік алдында Аянды (Сəкеннің жалғыз ұлы, бір жастан енді 

асқан,  атын  Мұхтар  Əуезов  қойған)  ойнатып  жүр  екен. 

Үйге  кірсек,  Сəкен  қонақтарды  қабылдайтын  бөлмесінде 

ой үстінде жалғыз отыр екен. Басында əдемі оюлармен зер-

ленген  топы  тақия,  иығында  таза  шəйіден  тігілген  ала  ша-

пан. Мұның екеуін де бір жыл бұрын Өзбекстанға барғанда 

өзбек жазушылары кигізген. Сəлем беріп амандық сұрасып, 

əңгімелесіп  отырдық.  Əңгіме  «Елден  хабар  бар  ма,  үй-іш-

терің, қызметтерің қалай?» – деген сөздер маңында.

Бетімізге  барлап  қарап  қояды.  Соңғы  жұмада  Сəкен 

бұрынғысынан  едəуір  өзгеріп,  жүдеңкіреп  қалған  екен. 

Ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер болғаны белгілі. Гүлбарам 

жеңгеміз  де  айтып  қоятын: «Көп  уақыт  болды,  Сəкенде 

жөнді ұйқы жоқ», – деп жəне айтатын: «Үш жұмадан асты 

үйдің маңында əр жерде, күндіз де, түні де бір күдікті адам-

дар жүреді», – деп.

Сол күндері Сəкен ағаға біз сан рет айттық: «Мəскеуге кетіп 

қалыңыз,  Фадеевке  жолығып,  мүмкін  Сталинге  кірерсіз,  бұл 

жерде Сізді тұтқындайды», – деп. Бізді ешбір тыңдамады ғой.


320

–  Осы  өкіметті  құруға  мен  жан  аямай  қатыстым,  маған 

тиіспейтін шығар, дейтін қысқа ғана.

Бұл  кезде  Бейімбет,  Ілияс,  Жанайдар  (Садуақасов)  бəрі 

тұтқындалған. «Ананы  алып  кетіпті,  мынаны  алып  кетіп-

ті» – деп үрейіңді ұшырып, денеңді түршіктірген суық хабар-

лар, жылаған əйел, бала-шағалар. Күнде еститінің, көретінің 

осы.  Сонымен,  Сəкен  ағамен  сиректеу  сөз  қатысып  біраз 

отырдық.  Бір  кезде  сағат  он  бірден  асқан  шамасында  үйге 

түстері суық қызыл жағалы екі адам кіріп келді. Біреуі орыс, 

біреуі татар жігіті. Бəрімізді біздей тескен көздерімен жедел 

шолып өтті де:

– Сəкен Сейфуллин сіз боласыз ба? – деп Сəкенге қарады. 

Сəкен:


– Иə, мен боламын, – деді.

–  Ендеше  мына  қағазбен  танысыңыз, – деп  бір  қағазды 

ұсынды.  Сəкен  қағазды  алып  оқысымен  түсі  өзгеріп  сала 

берді. Əуелі беті қызыл күреңденіп, артынша қарайып бара 

жатты.  Əдемі  мұрты  жыбырлап,  еріндері  қозғалыңқырап 

үнсіз  отырып  қалды.  Біз – Əлкен,  Жақия  үшеуміз  жапыр-

лап:

– Сəкен аға, бұл не қағаз, не болды? – деп сұрадық. Сəкен 



селт  еткендей  бойын  тез  жиып  алды.  Содан  кейін  үлкен 

сабырлылықпен, өзінің əдеттегі қоңыр үнімен:

– Бұл – прокурордың қағазы, мына кісілер мені тұтқын-

дауға  келіпті, – деді.  Сол  кезде  есігінің  сыртында  тұрған 

Гүлбарам  дауыс  салып  жылап  қоя  берді.  Шошып  кетті 

ғой деймін, оған ілесіп қолындағы Аян да шар етіп жылап 

жіберді. Сəкен аға Гүлбарамға:

–  Жылағаныңды  қой,  менің  қыстық  жылы  киімдерімді 

əкел,  əуелі  бір  стақан  су  берші? – деді.  Жаңағы  кісілердің 

біреуі темірдей суық зілді дауыспен:

– Сізге ештеңе ішуге болмайды, тез киініңіз! – деді. Сəкен 

аға үндемей теріс айналды да, асықпай киіне бастады. Кел-

гендер Сəкен ағадан:

– Мына отырған кісілер кім? – деп сұрады, бізді нұсқап. 

Сəкен аға:


321

– Маған келген жай посетительдер, – деді. Тап солай айт-

ты. Бізде үн жоқ. Мен өз басым не болғанымды білмеймін. 

Аздан  соң  Əлкен  тұрып  шығып  кетті.  Біз  Жақия  екеуміз 

отырған күйімізде қалдық. Бір сəт Сəкен аға «сен де кет» деп 

белгі берді. Бірақ мен ағамды қиып кете алмадым. Не бол-

са да ақырына дейін көрейін деп отырдым. Əлгілер Сəкенге 

тағы да:


– Тез киін, немене осынша баптанып жылы киініп жат-

қаның? – деп зекіңкіреп қойды. Сəкен аға:

–  Мен  түрмені  көрген  кісімін,  белімнің  құяңы,  тіземнің 

ревматизмі бар. Қазір қыркүйектің аяғы, суық түсіп келе жа-

тыр, сондықтан жылы киінуім керек, – деді. Əлгілер Сəкенге 

қағазын оқытқан соң-ақ үйді тінте бастаған. Алдымен жазу 

үстелінің суырмасының кілтін сұрап алды.

– Сізде мылтық болу керек, – деді.

Сəкен үндемей басын изеп, суырманы көрсетті. Суырма-

ны ашып тапаншасын алды, ақшаларды санап, кейбір құжат 

қағаздарды  алып  қаттап  жатыр.  Сөредегі  кітаптарды  алып 

беттерін  ашып  төмен  қарай  сілкіп  тексеріп  жатыр.  Аузы 

байланған  папкаларды  алып  нөмірлеп  жазып  жатыр.  Не 

керек,  көз  алдымызда  үй  ішінің  ойран-топырын  шығарып, 

көрпе-жастықты  аударып,  киім  ілген  шкафты  құлатып,  əб-

діре, чемодандарды төңкеріп, ішіндегі дүниелерді еденге ша-

шып тастады. Ғұмырымда үй тінткенді бірінші көрдім. Тап-

таза мұнтаздай етіп жиналған, кілемдер төселген бөлмелер, 

лезде  шашылған  қағаз,  киім-кешек,  басқа  заттарға  толып 

кетті. Біраз уақыт өткен соң НКВД-ның тағы екі адамы үйге 

кіріп келді де:

–  Неге  кешігіп  жатырсыңдар,  қарсылық  бар  ма? – деді. 

Алғашқылар: «Жоқ, қарсылық жоқ, тек мына кісі өте баяу 

жəне жылы киініп жатыр»,  – деді. Сəкен жылы ішкиім, то-

қыма кеудеше, тізесін, артын хром терімен қаптаған галифе 

шалбар, аяғына жүннен тоқылған шұлық, күзде, қыста киетін 

жылы етігін киді. Құндыз жағалы былғары тонын, мойнына 

бөкебай  орап,  басына  құндыз  тақиясын  киді.  Əбден  киініп 

болған соң бір сəт орындыққа отырды, жан-жағына қарады. 


322

Сондағы  Сəкеннің  ең  көз  тоқтатып  қарағаны  шашылып 

жатқан кітаптары мен бума-бума папкалары болды. Ол пап-

калары толған қолжазба, газеттің қиындылары, суреттер бо-

латын. Сəкен сол дүниелерімен үнсіз қоштасты ғой деймін.

НКВД-ның адамдары:

–  Ал  тұрыңыз,  кету  керек, – деді.  Сəкеннің  үлкен  қол 

сағаты  болатын.  Үстелдің  үстінен  соны  ала  беріп  еді,  ана-

лар «алуға болмайды», – деді. Сəкен орнынан тұрып, бізбен 

үнсіз қоштасты. Аянды қолына алып бетінен сүйді. Бала жы-

лап жабыса берді. Гүлбарамға ғана «қош», – деді. Қозғалар 

алдында бізге қарап:

– Қорықпаңдар, мен кешікпей қайтуға тиіспін. Мен өзім 

қолдан  құрысқан  үкіметтен  мұны  күткен  жоқ  едім.  Ақ-

қарасын  анықтап  босататын  шығар, – деді.  Сөйтіп  көз  ал-

дымызда, тал түсте НКВД-ның төрт адамы қоршап Сəкенді 

үйден  алып  шығып  кетті.  Бізге  «шықпаңдар», – деді.  Іле 

мəшиненің  гүрілі  естілді.  Жүгіре  шықсақ,  мəшине  шаңын 

бұрқыратып көше айналып бара жатыр екен.

«Мен жеңгемді жұбатып, Аянды ұстап түс ауғанша отыр-

дым.  Жақия  бірге  болды.  Содан  үйге  қалай  жеткенімді 

білмеймін,  келдім  де  Сəкен  ағаны  тұтқындап  алып  кетке-

нін  Əминаға  айтым  (шешемнің  аты),  екеуміз  жылап  отыр-

дық», – деп сөзін аяқтады.

Сөз  басталғаннан  бері  əкемнің  айтқанын  үнсіз  тыңдап 

отырған Жұмабек Тəшенев:

– Шіркін-ай, су ішуге де рұқсат етпегені, ə – деді. Ғаби-

ден аға:


– Бұрынғылар айтқан ғой: «е, Алла, пендеңе пенде қыла 

көрме», Гүлбəрəм деп, бұл сол ғой, – деді.

–  Біз  сол  жолы  үйде  отырған  əке-шешемнің  балалары 

Сəкен  аға 1937 жылы  қалай  тұтқындалғанын  бірінші  рет 

əкемнің аузынан естідік. Сол жылы қазан айында Сəкеннің 

əкесі  Сейфолланы  елде,  Киров  колхозының  (Жаңаарқа  ау-

даны) «Бестоған»  деген  жерінде  мал  қайырып  жүргенде 

даладан  ұстап  əкетіпті.  Ол  да  ұзақ  əңгіме.  Сəкеннің  тете 

інісі Мəлік қудалаумен қызметтен шығарылып, Алматыдан 


323

қуылып  Түркістанға  барып,  əйелімен  екеуі  аштан  өліпті. 

Бəрін айту мүмкін емес.

Енді осы əңгімеге қоса мен өзім қатысқан бір жағдайды 

айтқым келеді. Ол – Сəкен ағамның атылар алдындағы соңғы 

түсірілген суретін қалай көргенім туралы. 1958 жылдың мау-

сым  айы  болатын.  Раббани  Мұхамедияровты  жұбайымен 

(Рəбиға Есімжанова), Ғабиден аға, Зейне апай төртеуін əке-

шешем қонаққа шақырды. Үлкендер тамақ ішіп, əңгімелесіп 

отырды, біз жолдасым екеуміз ас дайындап күтісіп жүрдік. 

Əңгіме үстінде Раббани аға:

– Сəкеннің тергеу ісі 4 том екен, танысайын деп жақында 

анау үйден сұрап алдым, менің сейфімде жатыр, – деді. Үйде 

сəл уақыт үнсіздік орнады.

– Сəкен өзіне тағылған ешбір айыпты мойындамапты, тек 

қағазға қалай түскені белгісіз бір күмəн туғызатын жазулар 

бар. Істің соңғы томында, үкімді орындар алдында түсірген 

Сəкеннің екі суреті бар, – деді.

Ғабиден аға ештеңе айтпады, өте маңғаз, салмақты, сөзге 

сараң кісі еді, үндемей тыңдап отырды. Əкемде де үн жоқ. 

Біз  шешем  екеуміз  булығып,  жылай  бастадық.  Ал  Рəбиға 

мен Зейне апай:

–  Ой  шіркін-ай,  қайран  сабаз-ай! – деп  көздерін  сүрте 

берді. Мен шыдамай:

– Раббани аға, сол қағаздармен мені аздап таныстырсаңыз 

қайтеді? – дедім. Рекең:

– Жоқ, шырағым, ол құжаттарды көрсете алмаймын, ме-

нің қызметімнің өзі олай етуге қоспайды, – деді. (Раббани аға 

ол жылдары Алматы облысының прокуроры болатын). Мен 

жылап,  қайта-қайта  жалынып  өтіне  бердім.  Содан  Рабиға 

апай Рекеңе қарап:

–  Көрсете  салсаңызшы  Рымжанға,  Сізді  кім  аңдып  тұр, 

баланың көңілі басылсын? – деді. Сəл уақыттан кейін Раб-

бани аға:

–  Жарайды,  шырағым,  болмадың  ғой,  ертең  түс  кезінде 

маған  елеусіз  келе  қойыңдар,  қызметкерлер  түскі  үзіліске 

кеткенде көрсетейін, – деді.


324

–  Ертеңіне  біз  жолдасымыз  екеуміз  айтқан  уақытында 

Раббани ағаның кабинетіне бардық. Кеңсесі бір қабат жеке 

үйде  екен.  Біз  қағып  едік,  Рекең  өзі  іштен  ашып  кіргізді. 

«Отырыңдар», – деп бос орындықтарды нұсқады.

Үстелінің  үстінде 4 том  папкалар  жатыр  екен,  үстіңгі 

томы қалындау. Жоғарғы 3 томын аударып, төртінші томы-

ның соңғы жағынан конвертті ашып фотосурет алды.

– Міне, шырағым, Сəкен ағаның суреті, – деп өзі ұстап 

тұрып көрсетті.

Біз жақындап келіп қолымызға алып көргіміз келді, бірақ 

Раббани аға суретті бермеді, ұстатпады. Мен туған ағамның 

баяғы  əдемі  жүзі,  қап-қара  қою  шашы,  қайрат  пен  жігерге 

толы,  бірақ  үнемі  жұмсақ  жылы  көзқарасынан  ештеңе 

қалмағанын  көрдім.  Сəкен  ағамның  сүлдері  ғана  қалған, 

жағы  суалған,  аузы  опырылған.  Қуаң  даланың  селеуіндей 

селдіреген  ақ  шаш.  Өмірден  түңілген,  сəулесіз,  үмітсіз 

көзқарас. Туған ағамның көздері қандай еді, қараған адамды 

еріксіз баурап алатын ерекше нұрлы болатын.

Не  керек,  жалпы  бет-пішіні  сақталғаны  болмаса,  баяғы 

сұлу Сəкеннен ештеңе жоқ. Мен жылап құлап түстім. Көзім 

ештеңе көрмейді. Тек Раббани ағаның:

– Əй, шырақтарым-ай, менің көрсетпейін дегенім осы еді 

ғой, – деген сөздері құлағыма келеді. Есімді жисам, сол ка-

бинетте отыр екенмін. Менің көзімді ашқанымды көріп Раб-

бани аға:

– Рымжан шырағым, сабыр ет, міне, су іше қойшы, – деп 

су  құйып  берді.  Суды  ішіп,  ес  жиып  біраз  отырдым.  Мен 

өзіме-өзім келген соң Раббани аға:

– Ал енді қайта қойыңдар, Рымжан қарағым, өзіңді ұста, 

бəрін өздерің түсінесіңдер ғой, – деді.

– 20 жыл бойы Сəкен аға тірі шығар, бір күні келіп қалар 

деп  үмітпен  жүрген  жүрек  сол  күні  жоғарыда  айтылған 

суретті көрген сəтте суыды. Ол кісінің енді жоқ екеніне көз 

жетті.

...Сəби  күндерімнен  есімде  қалған  бір  жақын  елестер 



ойыма орала береді. Сəкен аға үйде жазу үстінде отырғанда 

325

ешкім үстіне батып кіре алмайтын. Туыстарының ішінде ең 

жақсы көретін менің əкем де, тіпті Гүлбарам жеңгем де бат-

пайтын.  Жолығуға  келген  адамдар  болса,  Сəкен  аға  қашан 

өзі шыққанша отыратын. Ал өзі қатарлы үлкен адамдар ке-

лерде  алдын-ала  келісіп,  сол  уақытында  келетін.  Ондайда 

Сəкен аға ол кісілерді далада жүріп күтіп алатын.

Сондай  жұмыс  істеп  отырғанда,  тамақтану  уақыты  өтіп 

кетіп, «шаршады  ғой,  тамақ  ішіп  біраз  дем  алсын»  деген 

жағдайда мен үйлерінде жүргенде Гүлбарам жеңгей, есікті 

ашып мені ептеп кіргізіп жібереді. Мен артынан келіп Сəкен 

ағаның мойнынан құшақтай аламын. Сонда Туған ағам:

– Ə, сары тентек, келдің бе? – деп əуелі бетімнен сүйіп, 

ананы-мынаны сұрап сөйлейтін.

Содан  кейін  үстелінің  тартпасынан  уыстап  жаңғақ  ала-

тын. Есік алдында өзі отырғызған жас емен ағаштың көлең-

кесіндегі орындыққа барып отыратын. Жаңғақ шағып дəнін 

маған жегізетін. Менің бірдеңе деп сөйлегенімді, тойғанымды 

білмей жаңғақты сұрап жей беретінімді айтып күліп отыраты-

ны есімде, жағымды қоңыр үні əлі құлағымда...

Сонымен үйге келіп, көрген суретті əкем-шешеме айтып, 

бəріміз қосылып ұзақ жыладық. Мен бір жұма төсек тартып 

жатып  қалдым.  Əкемнің  қышыма  (экзема)  ауруы  болатын. 

Сол  ауруы  қайта  қозып,  тұла  бойы,  беті  түгел  қып-қызыл 

сулы жара болып кетті. Бір ай жатып əрең жазылды.

Кейін 1967 жылы Əкем МҚК мекемесіне барып, Сəкеннің 

сол соңғы суретінің көшірмесін алып келді. Ол сурет кейі-

нірек «Жалын» журналында, «Қазақ əдебиеті» газетінде де 

басылып, оқырмандарға көрсетілді.

Бұрын Сəкен ағаны көрген егде адамдар суретті көргенде, 

«əбден қор қылған екен ғой», – деп көздеріне жас алып ай-

тып жүрді.

Міне, биыл Сəкен ағаның туғанына 100, көз жұмғанына 

56 (1938 жылғы 25 ақпан) жыл толады. Сəкен ағаны əкеткен 

соң  қазанның 27-сінде  туған  інім  Амангелді  биыл 57-ге 

келеді. Сəкен аға аман келер ме екен деген тілекпен солай 

атаған.


Əрине, тағы айтамын, өткеннің бəрін еске алу мүмкін емес. 

Сəкен аға туралы, тіпті ол кісінің жұбайы Гүлбарам шешей 

туралы, менің жеңешем туралы да біраз хабарлар басылды. 

Шындықтары бар, бірақ шындыққа жақындамайтын жалғаны 

да  аз  емес.  Көп  жылдар  бойы  Сəкен  аға  туралы,  өзіміздің 

көрген-білгеніміз туралы біз – туыстары ештеңе жазбадық. 

Тек əкем ғана «Қызыл сұңқар» жинағына естелік жазды, одан 

басқа  да  біраз  мақалалары  бар.  Бірақ  əкем  бұл  тақырыпқа 

көп  жазуды  қаламады,  көп  айтуды  да  жақтырмайтын.  Бұл 

кісіге өте ауыр еді. Əкем 1987 жылы қайтыс болды, ол кез-

де  қоғамда  казіргідей  еркіндік,  жариялылық  əлі  жоқ  бо-

латын.  Сəкенмен  қатарлас  көп  жазушылар,  сол  кездегі 

партия,  кеңес  қызметкерлері,  көптеген  өзі  көрген,  білген 

оқиғалар туралы, əкем көп əңгіме-сыр білетін еді. Сəкеннің 

басынан  кешкендері,  Гүлбарам  шешейдің  жағдайы  тура-

лы  да  ол  кісіден  артық  ешкім  білмейтін.  Сəкенмен  бірге 

жүрген  көп  адамдардың  пендешілік  ұсақ  мінездерін,  тіпті 

опасыздықтарын  көрген,  сондықтан  шешіліп  сөйлеспейтін 

еді.  Ол  кісі  сол  кездегі  өкіметке,  көптеген  адамдарға 

сенімін жоғалтқан. МҚК мекемесі де мазасын аз алған жоқ. 

Сондықтан  да  өзі  білетін  көп  шындықты  жаза  алмай,  айта 

алмай кетті. Қазіргідей кеңшілік уақытқа жеткенде, мүмкін, 

біраз құпияларды айтар ма еді, бірақ ол болмады. Енді біз 

шешем  екеуміз  шамамыз  келгенше  өз  білгенімізді  айтсақ 

дейміз.  Тым  болмаса  балаларымыз,  жақын-қашықтарымыз 

біліп қалсын. Сол мақсатпен осы əңгімені жазып отырмын. 

Амандық болса, əлі де айтатын жағдай аз емес.

«Қазақ əдебиеті» № 7,

18 ақпан, 1994 жыл


327

Мүсілім БАЗАРБАЕВ



1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал