Бағдарламасы бойынша шығарылды Редакция алқасы: С. Абдрахманов, Н. Асқарбекова, Р. Асылбекқызы



жүктеу 3.09 Mb.

бет15/23
Дата08.01.2017
өлшемі3.09 Mb.
түріБағдарламасы
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23

«СƏКЕНДІ - АТҚАН МЕН!»

дейді қауіпсіздік қызметінің подполковнигі. Сонда 

қазақтан тағы бір жендеттің шыққаны ма?

Ғабдул-Ғазиз ЕСЕМБАЕВ

Тарихтың ашылмаған парақтары өктемдік пен озбырлық 

саясаты  қара  бұлттай  қаптай  қонған  даламыздың  талай 

құпиясын  бүгіп  жатыр.  Аңди  білген  адамға  тау  да,  тас  та 

сөйлейді.  Ой  қиялы,  ерік-жігері  бұғауланған  аға  ұрпақтың 

көз жасы қара жердің қабырғасын қайыстырып-ақ тұр. Сол 

бізге тыншу бермейді.

«Жалын»  журналының 1989 жылғы  төртінші  нөмірінде 

ақын  Жаппар  Өмірбековтың  «Сурет  сыры  немесе  №04519 

іс»  деген  мақаласы  жарық  көрді.  Халқымыздың  қастерлі 

ұлдарының  бірі,  есіл  ер  Сəкен  Сейфуллиннің  түрмедегі 

суреттерін  көріп,  тергеуші  Иванов  деген  сұмырайдың 

қорлығын оқығанда жүрегің қан жылайды. Айуанның қолы 

қалтырамаған екен. Сəкеннің қиналысқа толы реңінен ара-

шалап  алар  бір  жанның  табылмағанына  налыған  үлкен 

қасіреттің,  өзек  өртер  өкініштің  табын  байқау  қиын  емес. 

Қанішер  Берияның  қанды  тырнағына  ілініп,  сталиндік 

зұлматқа  ұшыраған  ақынды  ұстап  берген  де,  құртқан  да 

өзіміз  дейтін  əңгіменің  шет  жағасын  бұрын  естуші  едік. 

Бірақ ол кім дегенде, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып, 

сұрақ тұйыққа тірелетін. Тоқырау жылдарында тəрбиеленген 

біздер үшін ондай жұмбақ дүниелерді ашу қиял сияқты бол-

ды ғой. Соңғы кездері Сəкенді «пəлен» жеряе көрдік «түген» 

жерде  көрдік  деген  жоба-жорамалдар  естіліп  қалып  жүр. 

«Қазақ  əдебиеті»  ұжымы  көтерген  бұл  мəселе  ақиқат  де-

рекке  жетсек  деген  үлкен  азаматтық  жүрек  толғанысынан 

бастау  алған  іс  екені  даусыз.  Сонау  Магаданға  дейін  іздеп 

барып, қарағандылық зейнеткер И.Н.Мудров көрсеткен жер-

де  өлгендердің  мəйітін  қазып  жүрген  жігіттерге  алғыстан 

басқа  айтарымыз  жоқ.  Алаштың  ардақты  ұлы  туралы 

шындыққа  жақындау  екі  деректі  ел  арасынан  естіп,  менің 


234

де қағазға түсіріп мақалаға арқау етуім сол іске аз да болса 

көмегі тие ме деген үмітпен туған ниет.

Семей  облысы  Таскескен  аудандық  табиғат  қорғау 

комитетінің  төрағасы  Мекен  Ермұхаметовтың  айтуымен 

мына бір əңгімені жазып алған едім.

Осыдан  үш-төрт  жыл  бұрын  Аягөз  қаласында  Əлімхан 

деген  ақсақал  қайтыс  болды.  Жер-май  сатып  тұратын 

шалғы мұрт кісі еді. Сол халық жауы ретінде ұсталып, 1937 

жылы  Мекеннің  нағашысымен  бірге  айдалады.  Кейіннен 

Ермұхаметов  өз  туысы  жайында  деректер  сұрап  жүргенде 

ақсақал Сəкен туралы бір оқиғаны да айтқан екен.

Темір  құрсаулы  вагондармен  Алматыға  айдалып,  бұлар 

тас  түрменің  камераларының  біріне  қамалады.  Талшықта-

ры – қара су, сұлы. Күнде айқай, күнде тергеу. Алып кетіп 

жатқан тұтқындарға қайта оралу жоқ. Олардың орнын жаңа 

«халық  жаулары»  басады.  Сықырлаған  ауыр  темір  есіктер 

ашылып-жабылған  сайын  жұрт  иманын  үйіреді.  Бірде 

бұларға  көрші  камераның  есігі  сарт-сұрт  ашылып,  түрме 

күзетшісінің: «Сəкен Сейфуллин на выход» деген өктем да-

уысы шығады. Сəлден соң: «Ал жолдастар, қош болыңдар! 

Бұл бəлкім менің соңғы сапарым шығар!» деген жарықшақ 

қоңыр  дауыс  естіледі  де  «давайлаған»  күзетшілердің  темір 

тағалы  етіктері  тас  еденді  ойып  жіберердей  болып  сыртқа 

беттейді. «Біз  Сəкеннің  жүзін  көре  алмадық,  бірақ  дауысы 

құлағымызда қалды. Ол камераластарымен ғана емес, бүкіл 

түрмедегілермен  қоштасқан  сияқты  болды.  Сəкен  осын-

да  екен  ғой  десіп  тұтқындар  қараңғы  түкпірде  күбірлесіп 

сөйлесіп  жатты», – депті  Əлімхан  ақсақал.  Əттең  шіркін, 

мəселе  ертерек  қолға  алынып,  қозғау  салынғанда  талай 

тірі куəлармен сөйлесуге болар еді! Дегенмен бұл ақынның 

Алматыда  атылғанын  дəлелдейтін  бір  дерек  екені  айқын. 

Осыған  сабақтас  жəне  бір  əңгіменің  бүкіл  қазақ  жұртын 

елең  еткізері  хақ.  Өскемен  қаласында  тұратын  зейнеткер 

бір ағамыз тосын жайдың бетін ашты. (Өзінің өтініші бой-

ынша  аты-жөнін  көрсетпей  Арынхан  аға  деп  өзгертіп  алу-

ды  жөн  көрдік.)  Бұл  кісі 1955 – 1965 жылдар  аралығында 

Шығыс  Қазақстан  облыстық  мемлекеттік  қауіпсіздік  ко-



235

митеті  басқарма  бастығының  орынбасары  болған  марқұм 

Мұса Оспановпен жақсы араласып тұрған екен. Сөзге сараң, 

тұйық мінезді комитет адамы еңбек демалысына шыққаннан 

кейін  кейбір  сырларын  анда-санда  айтып  қоятын  болса  ке-

рек «естіген құлақта жазық жоқ, мен еш қоспасыз сол кісінің 

аузынан шыққан сөзді қайталап отырмын. Қаншалықты рас 

өтірігі  барын  білмеймін», – деп  Арынхан  ағамыз  алдымен 

ескертіп алды. Шынында да өлген адамның артынан топы-

рақ  шашып,  ғайбаттауға  қақымыз  жоқ.  Марқұмның  ұрпақ-

тары  кешірер.  Дегенмен  қоғам  үшін,  ақиқатқа  көз  жеткізу 

үшін қазір əрбір дерек қымбат. Зерттеліп, зерделеніп кəдеге 

жарап жатса, оның айыбы болмас. Мұсакеңді тағы біреулер 

білер, ой салар...

Мүса  Оспановтың 1937 жылы  Алматыда  НКВД-да  жұ-

мыс  істегенін  кейбір  мəліметтер  бойынша  білдік.  Арты-

нан  қызметі  жоғарылап,  Жамбыл  облыстық  мемлекеттік 

қауіпсіздік  комитеті  басқармасының  бастығы  болған. 

Мұның  растығын  МҚК-ның  қызметкері  болған  тағы  бір 

ақсақал дəлелдей түседі. Арынхан ағамызға ол сол жылдары 

Мемлекеттік  қауіпсіздік  органында  қызмет  еткен  шені  бар 

жалғыз қазақ болғанын сыр ғып айтқан екен.

Сейфуллинді ұстауға екі еврей жігітімен бардым, – депті 

подполковник.  Сəкен  есік  алдындағы  орындықтың  арқа-

сына  шынтақтарын  тіреп  отыр  екен.  Жүзі  сынық. «Келе-

тіндеріңді  біліп  едім», – деді  салқын  ғана.  Сосын  киінуге 

рұқсат сұрады. Ол еуропалық үлгідегі киімдерін тастап, түлкі 

тымақ, саптама етік киді. Бір парақ қағаз алып «Мен кінəлі 

емеспін» деген жалғыз ауыз сөз жазып, баласына қалдырып 

кетті. Кейіннен қылмысы мойнына қойылып, ату жазасына 

кесілгенде үкімді бір орыс жігіті екеуіміз орындадық...

Оспанов  осылай  депті.  Егер  оның  бұл  сөзі  рас  болса, 

Шəкəрімді  атқандардан  несі  кем?  Өз  жағасын  өзі  жыртып, 

өз ұртын өзі қанға толтырған сорлы қазақ-ай!

Сəкен атылар кезде өзін қалай ұстапты? – деп Арынхан 

ақсақалдың аузын бағып елеңдеп отырмыз.

–  Қайдан  білейін  қарағым.  Ол  кезде  мұндай  əңгімені 

ешкім  жария  етпейді.  Бүгін  керек  екенін  білгенде  сұрап 



236

қалатын  едім  ғой.  Мұса  көп  сөйлемейтін  кісі,  қыдырыстап 

жүрген  бір  жолы  осылай  айтып  қалғаны  бар.  Сол  үшін  ол 

Ғабит Мүсіреповпен де араласпай кетіпті.

Мүсіреповтің мұнда қандай катысы бар?

Ол  кісі  Мұсаның  туған  құдасы.  Екеуі  өмір  бойы  бірін-

бірі көрмей өтті. Міне, жаңалық керек болса... Жоқ, Сəкенді 

атқднын  білсе  Ғабеңнің  үнсіз  қалуы  мүмкін  емес. «Бейім-

бет жау болса, мен де жаумын» дейтін Ғабит Мүсірепов мұ-

ны жария етпей қайтіп шыдасын деген ой келді маған. Бірақ 

жұмыр басты пенде емеспіз бе, қызы мен күйеу баласының 

бетіне шіркеу болмасын деді ме екен?...

Бұл жөнінде көп жылдар Шығыс Қазақстан облыстық пар-

тия комитетінде қызмет істеген, республикалық дəрежедегі 

дербес пенсионер Естай Жүрсінов былай деді:

Мұса  Өскеменге  Жамбыл  облысындағы  қызметінен  тө-

мендеп келді. Таныс болдық, əңгімелесіп жүретінбіз. Бірде 

оның «37-інші жылдары халық жауын» кім көп əшкереледі 

деп бəсекеге түсіп жататынбыз. Мен Ғабит Мүсіреповті де 

көрсетіп жібердім. Тағдырдың жазуы шығар, кейін екеуміз 

құда болып шықтық. Бірақ ешқашан араласқан емеспіз, деп 

айтып қалғаны бар.

Жон арқам мұздап кетті. Егер рас болса, Сəкендей сұңқарды 

топшысынан қағып, Ғабиттей асылдың сағын сындырғысы 

келген неткен қараниеттілік еді бұл. Оспановтың ұрпақтары 

тағы да кешірсін. Осылай айтпасқа лажың жоқ. Ақсақалдар 

ойдан  құрап,  ештеңе  шығармаса  керек.  Есекең  естелігін 

жалғастырған сайын МКК подполковнигіне деген күдігіміз 

қордалана түсті...

Е.Жүрсінов 1962 – 1963 жылдары  Шығыс  Қазақстан 

облыстық  партия  комитетінде  үгіт-насихат  бөлімінің  мең-

герушісі болып қызмет істеп жүргенде, бір күні партиялық 

комиссияны  басқаратын  Орынбай  Сатыбалдин  деген  (қай-

тыс  болған)  бұған  бір  арызды  көрсетеді.  Арыз  иесі – 

Мұқаметжан  Қаратаев  екен.  Мұның  түрмеде  көрген  зор-

лық-зомбылықтарын  айтып,  басына  əңгір-таяқ  орнатқан 

Оспановтың  əлі  күнге  жазаланбай,  Шығыс  Қазақстан  об-

лыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бастығының орын-



237

басары  болып  қызмет  істеп  жүргенін  жазады.  Сол  бойын-

ша партия комитетінің бюросында Оспановтың ісі қаралып, 

партия қатарынан шығарылады. Сөйтіп, органнан еңбек де-

малысына кетіп, архив жұмысына ауысады. Ақсақалдардың 

сөздеріне  қарағанда,  М.Оспанов  түрмедегі  іс-əрекеттері 

үшін біраз қудалауға түскен сияқты. Бізге Шығыс Қазақстан 

облыстық  партия  комитетінің  архивінен  осы  арызды  жəне 

бюро мəжілсінің хаттамасын тауып алуға кейбір объективті 

себептер бөгет болды. Болашақта оны да қарастырып, біраз 

жайдың  бетін  ашуға  мүмкіндік  туатын  сияқты.  Академик 

ақсақалымыз  Мұқаметжан  Қаратаевтың  өз  аузынан  Мұса 

Оспанов туралы пікірлерін білсек, бəлкім бізге жұмбақ тағы 

бір  құпиялар  шығып  қалар.  Əйтеуір  жіптің  ұшы  бір-біріне 

жалғасьш  жатыр.  Біздіңше  Ғабитті  көрсетіп,  Қаратаевты 

қаралаған адамның «Сəкенді атқан мен едім» деген сөзінде 

жалғандық  жоқ  тəрізді.  Мұны  қазірше  болжам  десек  те, 

өмірінің  соңғы  күндерінде  Мұса  Оспанов  ішінде  сақтаған, 

айтуға болмайтын дүниені көңіл толқынысымен жария етіп 

қалған болар, кім біледі...

1937 жылғы зұлматта НКВД қызметкерлері үштіктің үкімін 

қай жерде, қай сағатта орындағандары жөнінде қолхат толты-

рып береді екен. Өскеменде сондай бір үкімді орындаған ко-

митет адамының құжатын нəубет жөнінде жазып жүрген зей-

неткер, бұрынғы МҚК подполковнигі Совет Жанбосыновтың 

қолынан  көрген  едім.  Егер  құртып  жіберілмесе  дəл  сон-

дай  құжат  Мемлекеттік  Қауіпсіздік  комитетіндегі  том-том 

архивтердің ішінен шығып қалуы əбден мүмкін. Сондықтан 

қазіргі республикалық Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі аза-

маттар сөз болып отырған шаруаға ашық көзбен қарап, көмек 

көрсетсе, академик Мұқаметжан Қаратаевтан бастап НКВД 

түрмесін  көрген  ақсақалдар  есте  қалғандарын  ортаға  сал-

са, Мұса Оспановтың шын мəнінде кім екенін, Сəкенге қай 

жердің  топырағы  бұйырғанын  біліп  қалуымыз  ғажап  емес. 

Онда асыл азаматтың мүрдесін іздеп Магаданға сандалмас 

едік, əр жердің топырағын бір шұқыламас едік-ау...



«Халық кеңесі», 22 шілде, 1922 жыл.

238

ПОЛКОВНИКТІҢ ЫЗАСЫ МЕН ӨКІНІШІ

Жаппар ӨМІРБЕК, жазушы

(Бұл  əңгіме  осыдан  он  үш  жыл  бұрын  жазылып  

еді, қолжазбам жоғалып кетіп, кайыра қалам тар-

тып  отырмын.  Алматы  қаласындағы  Заводская 

көшесі, 16 үйде  тұратын  жақын  ағайын  болып 

кеткен  полковник  Орыншайық  көргені  көп,  əң-

гімешіл кісі, демалыс күні шахмат ойнағанды жа-

нындай жақсы көреді).

– Жəпке, мен сізді бір ұтып жіберейінші, – деді жайғасып 

отырған соң.

– Жарайды, – дедім мен.

Сəнді  жасалған  шахмат  тақтасы  əзір  екен,  тіпті  ойын 

пішіндері де тігулі тұр. Отыра қалып, ойынға кірісіп кеттік.

Шахмат  ойынынан  ойыншының  мінезі  көрініп  қалады. 

Біреу  үнсіз  ойланады.  Біреу  мықтымсып  «жə  нем  кетеді, 

азар болса қасқа сиыр кетер», – деген сияқты сөздер айтып 

отырады.  Орыншайық  бұл  жолы  үндемей  ойлап  отырды 

да, қолын фигураға тигізіп алып, («əттеген-ай» деп қалып). 

саусақтарын  салалап,  ернін  жымқырып,  қасын  керіп,  бір 

сəт  отырды  да,  ойын  пішінін  көтеріп  алып,  тарс  еткізіп 

менің  фигурамды  жеп  қойды.  Өзі  сол  жүрісіне  соншалық 

рақаттанғанын  білдіріп: «Осыдан  қалай  құтылар  екенсіз!» 

деп масаттанды осы жолы.

–  Бəрі  дұрыс-ау,  осы  кіжініп,  күш  көрсетіп,  мықтым-

сынатының жаман, тіпті, құшырланып кетесің, менің Əлжік 

ағам құсап...

– Əлжігін кім еді? – деді Орыншайық өзі сияқты құмар 

ойыншыны білгісі келіп.

Мен фамилиясын атадым да «өзі драматург» дедім. Пол-

ковник  қалшылдап  кетті  де,  жаңағы  драматуртті  сыртынан 

сыбап, боқтай бастады.

– Əй неге боқтайсың?! Ол менің жерлес ағам...

– Өй, өйткен ағаңды!... Ондай аға кімге керек?! Шахмат 



239

ойыны былай қалды. Орекең əлі сабасына түсетін емес, тіпті 

қалш-қалш етеді.

–  Нендей  өш-қасың  бар  менің  ағайынымда,  өшің  болса 

өзінен  алмайсың  ба?  Əскери  адамсың,  сенің  қақыңды  кім 

жейді?!.


–  Шынымды  айтайын...  Сенің  ол  драматургіңде  қақым 

кетті, өшім де бар, атын естісем, төбе құйқам шымырлайды, 

ызасының өткені сондай...

Орыншайық  мəдениетті  полковник,  өзін  байсалды 

ұстайтын, бірақ намысқойлығы бар, қашанда əділ адам бо-

лып  көрінетін.  Ал  осы  сəтте  тым  ызақор,  ұстамсыз  болып 

қалды.  Қайран  қалдым  да,  ойынның  барысын  қадағалаған 

болып, үнсіз отыра бердім.

–  Осы  ашуыңды  маған  бер  де,  тақтаңа  қарашы,  ызала-

нып кетуіңе қарағанда, бір жазығы бар-ау менің ағайынымн-

ың, – дедім.  Енді  Орыншайықтың  шахмат  ойнауға  зауқы 

болмай  қалды.  Қайта-қайта  тершіген  мандайына  алақанын 

апарып, сипай берді де, үнсіз отырып қалды. Сол екі арада 

дастарқан басына шақырған Мəдинаның дауысы шықты.

–  Жəпке, – деді  ол – қаншама  жыл  бірге  өмір  сүріп  ке-

ле жатырмыз, менің əбес сөйлеп, біреуді сыртынан жазғыр-

ғанымды естідіңіз бе?

–  Жоқ  естімедім,  əрқашан  сыпайы,  сырбазсың,  жаңағы 

сөзіңе қайран қалып отырмын...

–  Ендеше, – деді  полковник,  жайбарақаттанып, – қазір 

бір-бір рюмка тартып жіберейік, сонан соң сізге ызаланған 

себебімді  айтамын.  Мəдинаның  ықыласты  шайын  асықпай 

отырып  іштік.  Байқаймын,  Орыншайық  əлі  толқулы.  Маң-

дайын тыжырып отырып, полковник сыр шерте бастады.

– Мен ол кезде капитан едім, қалалық милицияның кадр 

бөлімін басқаратынмын. Жиырмасыншы съезден кейін, жап-

пай ақтау, 1937 жылдың қылмысты істерін қайта қарау бастал-

ды. Сəкен Сейфуллин де ақталды. Ол кісіні біз кезінде оқи 

алмадық қой, атын ел аузынан естиміз. Ісін алдырып, оқып, 

танысайын деген ой келді маған. КЕБ-ның бес жылдығына 

қалалық милиция бастығы Жанатбек Құсманғалиевтің атына 

хат  жазып,  өз  қолымнан  арарып  бердім.  Кешікпей  №4519-



240

шы – Сəкен Сейфуллиннің ісі қолыма түсті. Бірінші томын 

Орталық  Партия  Комитеті  сұратып  алды  деген  сылтаумен 

подполковник  Үсенбаев 19.03.1964 жылы  жолдама  жазып, 

он  күннің  ішінде  қайтарылсын  депті.  Алдымен  үш  том-

ды өзім оқып шықтым да, қалалық бастығымыз полковник 

Құсманғалиевке  апарып  бердім.  Істің  ыңғайына  қарағанда, 

Сəкен Сейфуллинді ұрып-соғып, сұмдық қорлаған, суретіне 

қарасаңыз  адам  көргісіз,  сондай  сұлу  адамның  түр-сиқы 

қалмаған!..

Бір  папканы  үстелінен  суырып  алып,  ішінен  Сəкеннің 

түрмедегі суретін алып, менің қолыма ұстатты. Мынау Сəкен 

дегенге  адам  нанарлық  емес.  Менің  де  жаным  ашып  кетті. 

Сурет екеу – қырынан əрі қарсы алдынан түсірілген.

– Көрдіңіз бе? Адам сиқы жоқ, оң жақ көзі ақшиып, шара-

сынан шығып кеткен. Біздің тілімізде мұны ұрып-соққанның 

заттық дəлелі деп атайды. Енді Жəкең екеуіміз ақылдасып, 

қазіргі  Фрунзе  ауданының  ішкі  істер  бөлімін  басқарып 

жүрген,  бұрынғы  Сəкен  Сейфуллиннің  тергеу  жұмысын 

жүргізген  Ивановтың  үстінен  қылмыстық  іс  қозғайық  деп 

шештік.  Бір  жағы  ұлттық  намысымыз  да  бар  ғой.  Екеуміз 

бірге  барып,  облыстық  партия  комитетінің  бірінші  хатшы-

сы Мəсімхан Бейсебаевқа кіріп, Сəкеннің түрмедегі суретін 

апарып көрсетіп, №4519 іспен танысқанымызды баяндадық. 

Мəсекең  бізден  дəлелдеп  жазылған  қағаз  түсісімен, 

кешіктірмей бюроға салмақ болды.

– «Бірақ  дəлелдеріңіз  нақтылы  болсын,  Ортком  неме-

се Мəскеу бұзып жүрсе, абыройсыз қаламыз», – деп қатты 

ескертті.  Сонымен,  Ивановты  партиядан  шығару  мəселесі-

мен Құсманғалиев екеуміз ғана айналыстық. Облыстық ми-

лицияны  да  кім  басқарып  отырғанын  білеміз.  Сондықтан 

ешкімге  білдірмей  дайындадық.  Бейсебаев  сөзінде  тұрып, 

бюроға  салып  еді,  полковник  Иванов  Иван  Васильевичті 

партиядан  шығару  туралы  бір  ауыздан  қаулы  шықты.  Енді 

сол  қаулыны  алысымен,  Ивановты  полковник  дəрежесінен 

айыру  туралы  Мəскеуге  жазу  керек  болды.  Оны  да  тез 

істедік.  Мəскеуден  Ивановтың  полковник  дəрежесін  жою 

əрі органнан шығару туралы Жарлық бір айға жетпей келді. 



241

Иванов маған, əрине, ызалы, атарға оғы бар, бірақ ата алмай 

жүр.  Бұл  жолы  Құсманғалиевқа  емес,  өзіме,  кадр  бөліміне 

шақырдым. Ол кіре бергенде, мен де мылтығымды оңтайлы 

жерге,  үстел  үстіндегі  газеттің  астына  қойдым.  Өңі  сынық 

«батырыңның»,  жүні  жығылған,  Мəскеумен  хабарласса  да, 

түк шығара алмаса керек.

– «Оружие  положить  на  стол!!» – дедім  таяна  бер-

генде,  қатал  үнмен.  Иванов  мылтығын  үстел  үстіне 

қойды. «Отырыңыз! – дедім  орындыққа  нұсқап.  Қолына 

Мəскеуден  келген  жарлықты  бердім.  Оқып  шығып,  түсі 

бұзылып кетті. «Теперь распишитесь. Сакену Сейфуллину 

таким образом Вы не раз диктовали. Вот Вам пришел день 

расплаты!» Қолы қалтырап, əрең дегенде «таныстым» деп 

қол қойды. Шағым жазамын деп ештеңе демеді. Енді өзім 

жақындап  бардым  да: «Эти  погоны  пока  будут  у  меня  в 

сейфе!»  деп,  погонын  жұлып-жұлып  алдым.  Шіркін  сол 

күнгі  айызымның  қанғанын  айтпа!  Құдды  Сəкен  үшін 

өзім кек алғандаймын. «Можете идти!» Иванов сүмірейіп 

шығып кетті...

– Погонын жұлып алуға қақың бар ма еді?

–  Болсын-болмасын,  өз  қолымен  жұлып  алғандай  бол-

майды  ғой. «А»  деген  соң  «Б»  деу  керек  қой.  Əңгіме  мұ-

нымен  бітпеді,  енді  Ивановты  соттауды  ойладық  Ол  үшін 

заң бойынша «истец» –талапкер керек. Ойлап, ойлап Жазу-

шылар Одағына келіп, Сəбеңмен сөйлесіп едім, ол кісі шы-

нын айтты: «Менің куə болар бірер сөзім бар, – деп – бірақ 

осы əңгіме өзара болсын». «Енді кімге барайын» деп едім. 

Мына суретті көрген соң інісі Мəжит бір ауыз сөз жазып бе-

рер, – деді  Сəбең.  Мəжікең  «Менің  жиырма  жыл  солардан 

көрген қорлығым жетер, ағам ақталды, сол жетеді, пəлесінен 

аулақ», – деп ол кісі жылап жіберді. Одан əрі үгіттей алма-

дым. Сөйтіп дел-сал болып жүргенде, əлгі сенің «ағайының» 

кездесе кетсін. Ивановтың органнан қуылғанын, погонын өз 

қолыммен  жұлғанымды  айтып  едім  қуанып  кетті.  Өзімді 

«еркексің» – деп  мақтап,  құшақтасын.  Сонан  соң  «истец» 

болыңыз  деп  едім,  көне  кетті. «Бірақ  мен  іспен  таныса-

йын» – деді.



242

Тап  сол  күні  қалалық  басқармаға  ертіп  əкеліп,  №4519 

істің үш томын қолына бердім. КГБ-ге жағдайды айтып хат 

жазуға тура келді.

Сонымен, əлгі драматург ағайым Сəкеннің ісін бір айдан 

артық  ұстады,  одан  артық  ұстауға  біздің  де  мүмкіндігіміз 

жоқ  еді.  Бір  күні  істі  алуға  үйіне  барсам, «бұл  іске  біздің 

араласуымыздың  жөні  жоқ  екен», – деп  отыр.  Жасы  үлкен 

адамға ауыр сөз айтуға болмады. Ызамның келетіні сондай, 

«ағайыңның» аты аталса, зығырданым қайнап кетеді. Сөйтіп 

бір жарым айдай мені əуре қылды, мұндай бəтуасыз сылтау-

шыл  адамды  көрмеппін,  əуелі  сөйлескенде  жап-жақсы  еді. 

Абыройы  бар  дейсіз  ғой,  мен  бірдеңе  білсем  нағыз  жарға 

жығардың  өзі  болса  керек...  Ол  Ивановтан  именді,  əлі  де 

именеді, біз білмейтін жəйттерді Иванов біледі...

– Істі неге ұзақ ұстадыңыз – деп сұрамадың ба?

– Сұрадым, Сəкен туралы пьеса жазбақ едім деді, ол пье-

сасы  қайда?  Аттай  алты  жыл  өтті?!  Мен  сол  арада  драма-

тургты жақтап ештеңе айта алмадым. Күндердің күнінде бір 

жақсы  жағдайда  ағайымыздан:  Орыншайық  Ыдырысовты 

білесіз  бе? – деп  сұрап  едім: «Білгем,  сенің  білгің  келетіні 

Сəкеннің тергеушісі» туралы ғой. Ол сен екеуміздің араласа-

тын шаруамыз емес... – деп сөзді доғарып тастады.

Мен тоқтала қоймадым:

– Қолыңыздағы суретті қайтесіз?

«Қазақ əдебиетіне» беремін де, жариялатамын...

Осы мен жазып отырған жəйтті Орыншайық Ыдырысов 

өзі жазғысы келіп: «Қалай жазсам екен?» – деп сұрады.

Ешбір  қоспасыз,  қаз-қалпында  жаз, – Ивановты  соттата 

алмай, оның қашып кеткенін де ашық жаз, – дедім мен.

–  Жазғым-ақ  келеді,  мынау  папкада  бəрі  бар  ғой, – деп 

қатты  жөтеліп,  қысылып  қалды  ма,  əлден  уақытта  есін 

жиып, – Мəдина... – деді. – Мен олай-бұлай болып кетсем, 

мына папканы Жəпкеңе табыс етерсің...

Полковник Орыншайық Ыдырысов 1982 жылдың 5 мау-

сымында ауыр науқастан қайтыс болды. Аманат папка менің 

қолыма оның жылы өткеннен кейін ғана тиді. Онда марқұм 

өзі жазам ба деп, жинап жүрген, таксистерді өлтіре берген 



қайғылы  уақиғалар  толық  жазылған.  Ивановқа  жазылған 

мінездеме,  Облыстық  Партия  Комитетіне  жазған  қағаздар, 

ССРО  ішкі  істер  министрлігіне  жазылатын  екінші  дана-

лары  бар  екен.  Мен  сол  папканы  танысуға,  əрі  Сəкеннің 

суретін жариялауға көмектесесің деп, Олжас Сүлейменовке 

əкеліп беріп едім. Көп ұзамай оның үстелінің суырмасынан 

біреулердің  ұрлап  кеткенін  білдік.  Олжас  «одан  басқа  да 

қолжазбаларым жоқ болып кетті», – деп өкініш білдірді.

Менің  қолымда  Сəкеннің  түрмедегі  суреті  мен  КГБ 

подполковнигі Үсенбаевтың істі мерзімі белгіленген жолда-

ма хаты ғана қалды. Енді не істеу керек? Бұл кезде Жанатбек 

Құсманғалиев қызметінен өзі кеткен генерал Ивановтың жа-

залануына  себепкер  болып,  Сəкеннің  кегін  алушы,  ұлт  на-

мысын қорғаушымен полковниктің əңгімесінің шындығына 

көз жеткізу үшін сөйлесуіме тура келді... Ол кісі өз білгенін 

бүкпесіз баяндады...

"Жалын"  журналының  бас  редакторы  Мұхтар  Шаханов 

«сурет  сыры»  немесе  №4519  іс  деген  мақаламды  басуға 

келіскен соң, заң жүзінде ер намысын қорғаушы ұлтжанды 

полковник  Орыншайық  Ыдырысов  пен  генерал  Жанатбек 

Құсманғалиевтың  суреттерін  қоса  жариялауды  өтіндім. 

Мұхтар Шаханов оған да келісті. Бұл екі азаматтың ер на-

мысын қорғау жолындағы істері нағыз ерлікпен бірдей еді. 

Жалын журналының 1989 жылғы төртінші санындағы «су-

рет  сыры»  деген  мақаланың  қысқаша  тарихы  осындай  еді. 

Жазықсыз  өлгендердің  аруағын  сыйлап,  жан  салған  бұл 

екі  азамат  та  дүние  салған.  Əділдік,  адам  құқығын  қорғау 

жолындағы  құн  жетпес  еңбектерін  бағалау  да  тірілерге 

ұмытылмас сабақ, өлмес өнеге...

«Сақшы – На страже» газеті, 

№51, 18 желтоқсан 1997 ж.


244



1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал