Бағдарламасы бойынша шығарылды. Құрастырған жəне алғы сөзін жазған филология ғылымдарының докторы, профессор



жүктеу 5.55 Kb.

бет1/23
Дата14.01.2017
өлшемі5.55 Kb.
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

УДК 821.512.122
ББК 84 Қаз 7– 4
Н 86
Қазақстан Республикасы
Мəдениет жəне ақпарат министрлігі
Ақпарат жəне мұрағат комитеті
«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 
бағдарламасы бойынша шығарылды.
Құрастырған жəне алғы сөзін жазған 
филология ғылымдарының докторы, профессор 
Серік Негимов
Нұрқатов А.
Н 86 Шығармалары: Айқын Нұрқатов.–  Алматы: “Ана тілі”  
         бас пасы ЖШС,  2013.             
 Т. 1.–384 б.
  
ISBN 978–601–251–085–0
Қазақ əдебиетінің аса көрнекті өкілі, əдебиет зерттеушісі,  ай-
тулы сыншы-ғалым Айқын Нұрқатовтың əдеби мұрасы өте бай да 
құнарлы.
Оның  əдебиет  жайындағы  көптеген  іргелі  ізденістері,  əде-
би-мəдени  жəне  тарихи  деректер  негізінде  өріліп,  ғылыми-тео-
риялық  тұжырымдарды  тереңдей  тарқатқан  зерттеулері  өрімі 
келіскен,  өрісі биік еңбек болып табылады. Соған орай автордың 
шығармаларының  бірінші  томына  «Абайдың  ақындық  дəстүрі» 
атты зерттеу еңбегі берілді.
Кітап сөз өнерін құрметтеуші оқырмандарға арналады.
ISBN 978–601–251–085–0                           УДК 821.512.122 
ISBN 978–601–251–084–3                            ББК 84 Қаз 7– 4
© Нұрқатов А., 2013
 © “Ана тілі” баспасы ЖШС, 2013

  5
АЛҒЫ СӨЗ
АЙҚЫН  НҰРҚАТОВТЫҢ 
ƏДЕБИ-ҒЫЛЫМИ  ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Біліктілік өнегесі, сыншылдық, ойшылдық дəрежесі, та-
ным-пайым өресі, пікір айту мəдениеті айрықша Айқын Нұр-
қатов, шын мəнісінде, көрнекті əдебиет тарихшысы, білімдар 
сыншысы жəне пайымдау қабілет-қарымы тегеурінді əде биет 
теоретигі еді. Ол айтулы Абайтанушы, білгір Əуе зовтанушы 
да.  Оның  шығармашылық  жолы  мейлінше  келте  болса 
да, «жорғадай  төгілте  жазды,  ағыл-тегіл  ой  толғады,  пікір 
қозғады, көп шындықты қопара көрсетті, халқына кітаптан 
соң  кітап  ұсынды» (Академик  Зейнолла  Қабдолов).  Ол – 
академик-жазушы  Мұхтар  Əуезовтің  əйгілі  шəкірті.  От  ау-
ызды, орақ тілді аяулы Айқын ағаның курстасы, қазіргі қазақ 
əдебиеттану  ғылымының  ту  ұстаушысы  академик  Се рік 
Қирабаев кемеңгер суреткер М.О.Əуезовтің мына бір лебізін 
былайша  келтіреді: «Айқын  мен  Серікті  мен  бөлмеймін. 
Екеуінің аяқ алысы жақсы. Білімі, талғамы зор. Бейсенбай, 
Есмағамбет,  Қажымдар  сыннан  алыстап  бара  жатқан  кез-
де,  кейбір  сыншылар  басқа  жанрларға  ауысып  тұрақтамай 
жүрген  тұста,  екеуінің  бірыңғай  сынмен  айналысуы  маған 
ұнайды.  Сынға  тұрақты,  маман  кадрлар  керек».  Ұстаздың 
ұлы  тілегі  Тайбурылдың  дүлдүл  шабысын  тілегендей  еді. 
Айқын  да  қомданып  əдебиет  кеңістігінде  қыранша  парлап, 
тұйғынша барлап көркем сыр төкті.
Ажал-аждаһаның  қанды  тырнағына 37 жасқа  қараған 
шағында іліксе де, ұлт тарихындағы ұлы Шоқан, Абайдың 
перзенті  Əбдірахман,  суырылып  озған  сұңқар  табиғатты 
Сұлтанмахмұт, мемлекет қайраткері, əмбебап дарын Смағұл 
Садуақасұлы  тағдырлас  жемісі  мол  мəуелі  керемет  дарақ, 
тайпалмалы дарабоз деу лайық.

6
Артықша жаратылған зерек зейінді Айқын Нұрқатовтың 
шығармашылық  өмірбаянына  зерделей  үңілсек,  болаттай 
серпінді,  екпінді  берекелі  ой-толғаныстары,  сымға  тартқан 
күмістей сыңғыр қаққан тілі, сонымен қатар оқығыштығы, 
тоқығыштығы,  қорытқыштығы  көңіл  сүйсіндіреді.  Оның 
ХІХ-ХХ  ғасырлардағы  қазақ  əдебиетіне,  ұлт  баспасөзі  мен 
журналистикасының  тарихына,  орыстың  классикалық  əде-
бие тіне, сондай-ақ əдебиеттану ғылымының теориялық қа-
ғида-қисындарына  жетіктігі,  мөлдірете,  түсінікті  баяндауы 
қы зықтырады.
Айқын  Нұрқатов – əдебиеттану  ғылымында  жарқын  із 
қалдырған  шалқар  шабытты  шамшырақ  тұлға.  Оның  қала-
мы нан  «Абайдың  ақындық  дəстүрі», «Идея  жəне  образ», 
«Мұхтар Əуезов творчествосы», «Жалғасқан дəстүр» дейтін 
парасатты пайымдауларға бай сүйекті зерттеулер туындады.
Əсіресе,  ұлт  мəдениеті  тарихындағы  Абай  құбылысы  
Айқын  Нұрқатовтың  «Абайдың  ақындық  дəстүрі»  атты 
ең бегінде  ұшан-теңіз  əдеби-мəдени  жəне  тарихи  дерек-
тер  негізінде  ғылыми-теориялық  тұжырымдар  өрбіткен. 
Реалист-ақын,  ағартушы-гуманист,  қоғам  қайраткері  Абай-
дың ақындық  дəстүрлерін  жүйелі  шығармашылық  құбылыс 
ретінде    жəне    əрбір    кезеңдегі  жанды    əдеби  үрдіспен 
үйле сімді  байланыстыра  зерделеген.  Адамзаттың  замана-
уи  ауқымды  көркемдік  мүлігі  іспетті  Абайдың  ақындық 
даралығы  мен  даналығының  тағылымдық,  танымдық 
көріністері,  үлгілі,  өне гелі  жаңашылдық,  бастамашылдық 
қырлары,  дəстүр  сабақтары  шынайылықпен  терең,  əсерлі 
баяндалған.
Айқын  Нұрқатов  реалист-ақын,  ағартушы-гуманист,  қо-
ғам  қайраткері Абайдың ақындық дəстүрлерінің табиғатын 
талдап  түсіндіру  мақсатында  «дəуірінің  ұлы  азаматы, 
қайраткері», «білімдары, ойшылы», «қазақтың жаңа əде бие-
тінің, жазба əдебиетінің негізін салушы, бастаушы», «тұтас 
бір  дəуірдің»  теңдессіз  ұйытқысы  «өз  халқының  ілгері 
ұмтылған  талабы,  ой-арманын  қалай  бейнеледі?  Ұлттық 
мə дениетті  дамыта  түсуге  оның  сіңірген  еңбегі  қанша?  Өз 
халқының рухани қазынасын ол қаншалықты молықтырды? 
Оның  шығармашылығының  дəуірге,  халықтың  тарихи  тағ-

  7
ды  ры на  тигізген  əсері  қандай?»  дейтін  көкейкесті  мəселе-
лер  ді  қарбыта  қозғайды,  мейлінше  түбір-тамырынан  терең 
тол  ғай ды.  Заманның  шындығы  мен  сырын,  халықтың  жа-
йын, «бейуақыттың бар трагедиялық күйін, қаралы, ке  селді 
көрі ніс терін,  дара-дара  адам  бейнелерін,  айқын  типтерді, 
тіпті дəуірдің типтерін, тұтас заман келбетін», «тарих тамы-
ры ның жанды соғысын» үздік шеберлікпен, қыран көреген-
дікпен, жан құмарымен толғаған Абайдың ұлттық-көркемдік 
игіліктері «халықтың ой-санасының көрінісі» əрі халықтың 
эстетика лық-фило софиялық дүниетанымына жойқын, қуат-
ты  ағын  қосатын  құрал  екендігін  біліктілікпен  салмақтап 
саралайды. «Ұлы ақынның поэзиясы, – деп жазады Айқын 
Нұрқатов, – өзінің сан-салалы қырымен, тереңдігімен жəне 
поли фониясымен құнды».
Айқын Нұрқатов ұлт ақыны Абайдың суреткерлік өне ге-
сін, «алыптығы  мен  ұлылығын»  ақындық  айналасы,  əдеби 
мектебімен,  қазақтың  ХІХ  ғасыр  басындағы  əдебиетімен 
са бақ тастыра  талдап  түсіндіреді.  Қазақтың  байырғы  ауыз 
əдебиетінің көркемдік тəжірибелерін жоққа шығармағанын 
қадап айтады. Абайдың ақындық дəстүрлері оның жаңашыл-
дығымен төркіндестігі, түптеп келгенде, «дəстүр мен жаңа-
шыл дық – шығармашылық, эстетикалық жəне тарихи кате-
гория»  екендігін  жəне  Абай  дəстүрлерінің  «өзімен  тұстас 
жəне  кейінгі  қазақ  поэзиясында  дамуы,  орнығуы,  өсіп  өр-
буі  туралы  мəселені»  əр  дəуірдегі  жанды  əдеби  үдеріспен 
бірлік-тұтастықта қарастырады. Ақынның тұңғиық ойлары, 
тұнық іңкəр сезімдері, биік парасаты, кемеңгерлік ғибраты, 
терең  гуманизмі,  ұлттық  рухы,  көркемдік  келісімі  қандай 
десеңізші!
Əдебиет  зерттеушісі  Айқын  Нұрқатов  Абайдың  əлеу-
мет тік-саяси,  философиялық,  пейзаждық,  сатиралық,  ға-
шық тық  лирикасын,  ғақлияларын, «Біраз  сөз  қазақтың 
қай дан шыққаны туралы» дейтін тарихи еңбегін талдау ба-
ры сындағы дəйекті негіздемелерінің ғылыми-теориялық мə-
ні  ерекше.  Қазақ  поэзиясы  тарихында  Абай  лирикалық  по-
эзияны  классикалық  дəрежеге  жеткізгенін  құлшыныспен 
дəлелдейді. Бұл орайда ол «Аттың сыны», «Адамның кейбір 
кездері», «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында», «Асқа, тойға 

8
баратұғын», «Өлең – сөздің  патшасы,  сөз  сарасы», «Жел-
сіз  түнде  жарық  ай», «Тоты  құс  түсті  көбелек»  жəне  т.с.с. 
өлеңдердің  көркемдік  əлеміне  мұқият  байқампаздықпен 
үңіледі. Суреткерлік зертханасының құпиясын тұспалдап тү-
сін діреді.  Абай  поэзиясына  əуезділік,  сыршылдық,  ойшыл-
дық,  күйлілік,  көркемдік,  ұлттық  бояу-нақыш, «ғажайып 
жан ды суреттер» тəн екенін көрсетеді. 
Оның  тұтас  шығармашылығына  халықтық  рух,  ұлттық 
дəс түр,  қасиетті  мақсұт,  ұлттық  нəр-нақыш,  ұлттық  намыс 
тəн  екенін  жəне  Абайдың  ғибратты  ой-толғамдары  «жан ды 
да  көркем  бейне»  арқылы  беріліп  отыратындығын  «бүкіл 
халыққа», тұтас қауымға ғибрат айтатынын бажайлап түсін-
діреді.  А.Нұрқатов  Əбдірахман  жайындағы  өлеңдер  шо ғы-
рын мұқият зерделейді. Мұнда Абай Əбдірахманның «ру хани 
кейпін, интеллектуалдық бейнесін», «ірі-ірі сөз дер ді түйдек-
түйдегімен  қиыстыра  отырып  суреттейді».  Сөйтіп, «қазақ 
жасының,  жаңа  адамының  образын  жасады».  Зерттеушінің 
көрсетуінше, Абайдың лирикалық қаһарманы – əрі күрескер, 
əрі ақыл-ой иесі. Мысалы:
Күн артынан күн туар, 
Бір күн дамыл еткізбес.
Ой артынан ой қуар,
Желге мінсең жеткізбес.
Сөз  өнері  ғылымын   мінсіз  меңгерген Айқын Нұр қа-
товтың танымына жүгінсек, мұнда бейне бір «өрелі ой, аталы 
ой əрі шабытты, қанатты ой» салтанат құрған.
Я болмаса «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңін 
адамды  заңғар  биікке  құлшындыратын  «қуат  жыры,  демеу 
жыры» деген түйін жасайды.
Сондай-ақ  халық  тағдыры  мен  заман  талқысын  толқыта 
толғаған  «Сегіз    аяқ»,  махаббат  əнұранындай  «Жарқ  етпес 
қара көңілім нағылса да», рух мəңгілігі, ақыл-ойдың шұғы-
ла сы  турасындағы  «Өлсе  өлер  табиғат,  адам  өлмес»,  Адам 
ғапыл  дүниені  дер  менікі, «Менікі»  деп  жүргеннің  бəрі 
«онікі». Тəн қалып, мал да қалып жан кеткенде, Сонда ойла 
не болады сенікі, «Өлсем, орным – қара жер сыз болмай ма?» 

  9
дейтін  сырлы,  сап  толғауларында    ақынның  «бүтін  болмы-
сы, бүтін тұлғасы» қызыл тілдің «бар толғауын, бар бояуын 
таба білгендіктен» жарқын көрініс тапқан. Палитрасындағы 
бояулар реңкі, «қатпар-қатпар күрделі ойлардың қиюын та- 
уып жеткізуі», бейнелілік қуаты, шығармашылық тəжірибесі 
таңғаларлық. Задында, Айқын Нұрқатов Абай поэзиясының 
рухын  осылайша  сұңғылалықпен  сезініп,  ғұламалық  зерде-
мен қабылдап, төгілтіп сөйлейді. Айқынның аталы пікірлері, 
байсалды  ойлары  өркендемпаз,  алға  басымпаз  қасиетімен 
қадірлі.
«Сөйтіп,  ақын  жалпы  адам  баласының,  оның  рухы  мен 
ақыл-ойы  жемісінің, – деп  көрсетеді  Айқын  Нұрқатов, – 
мəң гі жасайтындығы туралы тақырыпқа ауысады». Бұл рет-
те  ол  «Өлсем,  орным – қара  жер  сыз  болмай  ма?»  өлеңіне 
ой  көзімен  бақылау  жасап, «оның  болашақ  ұрпаққа  арнап 
тіл қатуы, сондай-ақ өз жанының да бар түкпірі, тереңі мен 
тұнығы еді» деп пайымдайды.
Абай поэзиясында сатиралық сарындар мейлінше қуатты. 
Қоғам  өміріндегі  əділетсіздіктердің,  адам  бойындағы  қай -
шылықтардың сыр-сипатын түбірлеп түсінеді. «Өзі мыс қыл-
дап отырған құбылыстың ішкі мəніне тереңдеп үңіледі жəне 
сол кеселдің туындап жатқан төркінін тап басып, дəл табады, 
өзінің ызалы тілінің зілі мен кəрін соған қадайды». Бұл орайда 
«Абыралыға», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Болыс болдым, 
мінекей», «Мəз  болады  болысың», «Дүтбайға», «Көзінен 
басқа  ойы  жоқ»  тəрізді  əлеуметтік  мəні  зор  өлеңдеріндегі 
сатиралық, əшкерелеушілік пафосын айрықша атайды.
Сыншылдық  көзқарасы,  ой-пікірі  оқшау,  үздік  ақынның 
тапқырлығы  соншалықты,  осынау  «құралды  кімге  қарсы 
жəне  қалай  жұмсаудың  жолдары  мен  тəсілдерін  тапты». 
Суреткерлік  қолтаңбасы,  көркемдікті  қабылдау  қабілеті, 
шығармашылық тəжірибесі кемел Абайдың орыстың ұлы са-
тирашысы Салтыков-Щедриннен үлгі-өнеге алғаны тағы бар.
Абайдың    рухани  тұлғасын,  даналық  болмысын  айқын-
дауда Айқын Нұрқатов «ол – шыншыл ақын, күрескер ақын, 
қо ғам ды  да,  адамды  да  сауықтырушы  емші-ақын»  деген 
мінездемелер  беретіндігі  тегін  емес.  Оның  «сауықтырушы, 
айықтырушы емші-ақын» дегенінде қоғам өміріндегі, адам 

10
бойындағы  өрескел  қайшылықтарды,  ушыққан  дерттерді 
қанын  сорғалата  аяусыз  əшкерелеп,  қарғыс  оғын  қапысыз 
жаудыруында («Түзетпек едім заманды», «Түзу кел, қисық-
қыңыр  қырын  келмей»)  оқымысты  Абай  сатирасының  ха-
лықтың  көзқарасымен  үндестігін,  жаңашылдық  сипатта-
рын, суреткерлік сарайын саралай-салмақтай келіп, «нағыз 
эпиграммаға тəн жинақылық пен алмастай тілгір өткірлік те 
бар», «құбылыстардың сыртқы көріністерін де, ішкі сырла-
рын  да  көре  білген». «Жұз  құбылған  аярларды», «мақтан 
күй легіш  күпілдектерді», «сұмырайдай  тақылдағандарды», 
ішмерездікті, үзеңгі  бауы  алты  қабат кісімсінген менмен-
дер ді айыптаған сайын «əсемдік пен сұлулыққа, əділет пен 
адам гер шілікке  соғұрлым  молырақ,  əсерлірек  етпек»  деген 
түйін ді қорытынды жасайды.
Зерттеуші Абайдың поэзиялық мұраларының ішінде поэ-
ма  жанрын  өркендетуге  қосқан  үлесіне  талдау  жүргізеді. 
Ақынның «Масғұт» поэмасы мен И.С.Тургеневтің «Восточ-
ная легенда» дейтін хикаятының негізі бір екенін анықтаған. 
Мүрсейіттің 1907 жылғы  қолжазбасында  Абай  Тургенев 
шы ғар машылығымен таныс екендігі айтылған-ды.
Абайдың  «Ескендір»  поэмасы  Əзірбайжан  халқының 
ұлы шайыры Низамидің «Ескендірнама» дастанымен (20000 
жол)  үндес.  Негізінде,  ол  Шығыстың  жеті  жұлдызының 
өнер намасымен етене жақын болған-ды.
Айқын  Нұрқатов  «Абай  өзінің  ойшылдығын,  білім-
дар лы ғын  «Қара  сөздерінде»  де  мол  аңғартып  отырады» 
дейді.  Ғалым  пікірінше: «Замана  жайы,  халықтың  тағдыры 
мен  тіршілік  күйлері,  ел  мінезін  түзеудің,  оны  жарық  пен 
прогрес ке бастаудың жолдары, адамның рухы мен санасының 
өзгеруі,  халықтардың  өзара  байланысы  мен  қарым-қаты на-
сы, оның мəдениеті мен рухани қазынасының жайы, адамға 
адамгершілік  тəрбие  беру  мəселелері,  со  кездегі  қазақ  қо-
ға мының,  сахара  өмірінің  қым-қуыт  шындығы – Абайдың  
«Қара сөздерінің» негізгі тақырыптары».
Тоқетері, мұнда қоғамдық-публицистикалық, филосо фия  -
лық-моралистік, сатиралық-əшкерелеушілік, патри оттық ой-
толғаныстар  өрбіткенін  көрсетеді.  Сонымен  қатар  адам зат-
тың рухани тарихындағы ақыл-ой алыптары Сократ, Платон, 

 11
Аристотель,  Гомер,  Софокл,  Фалес,  Гермес  жайын  жақсы 
біл ге нін ойға оралтады. 
Абайдың  А.С.Пушкин,  М.Ю.Лермонтов,  И.А.Крылов 
сын ды ұлы ақындардың суреткерлік тəжірибесіне, көркемдік 
əлеміне, сұлулық, еркіндік, рух ойларына иек артқанын жəне 
тең дəрежеде сұхбат құрғанын жан-жақты, терең, толық ба-
ян дайды.
Бұл орайда Айқын Нұрқатовтың үш түрлі түйінді, күр де лі 
мəселені    ғылыми-теориялық  тұрғыдан  байыпты  қарас тыр-
ғанын көруге болады. 
Біріншіден, «озық  та  озат  орыс  əдебиетінің  қазақ  клас-
си гінің  өнернамасына    тұп-тура  құдіретті  əсері  шын  мəні-
сінде,  классикалық  орыс  əдебиеті  ұлт  ақынның  «өмірлік 
сыр ласы», «шабыт  алар  қайнары», «тағылым  алар  ұстазы» 
бол ған-ды.  Екіншіден,  орыстың  ұлт  ақындарымен  тең  дə-
ре жеде  сырласып-сұхбаттасып,  ой,  пікір,  идея  жағынан  ру-
хани  келісім  тауып  жасаған  жаратындылары  яки  төрт  аяғы 
тең  төлтума  аудармалары.  Үшіншіден,  орыстың  ақын-жазу-
шы лары, сыншыл-ойшыл қайраткерлері мен Абайдың əдеби-
ғылыми дүниетанымындағы ортақ, ұқсас сарындар.
Оқымыстының «Абайдың ақындық дəстүрі» монография-
сына  тарихилық  пен  деректілік  тəн.  Дереккөздерді  мұқият, 
тиянақты  пайдаланады.  Əдеби-зерттеу  əдістерінің  бас-
ты  шарттарын  қапысыз  сақтайды.  Əдебиет  тарихшысы 
А.Нұрқатов  Семей  облыстық  Статистикалық  комитеті  хат-
шы сының 1882 жылы 6 шілдеде  орыстың  Императорлық 
географиялық  қоғамының  Батыс  Сібір  бөліміне  жолдаған 
хатын келтірген:
«…К крайнему моему сожалению, я не могу оказать со-
действие  отделу  в  сборе  местных  киргизских  сказок  и  ле-
генд как по незнанию киргизского языка, так по недостатку 
времени. Полагаю, что в этом отношении для отдела мог бы 
быть  полезен  Ибрагим  Кунанбаевич  Ускенбаев  (управитель 
Мокурской волости Семипалатинского уезда), весьма разви-
той киргиз, умеющий при том писать по русский достаточно 
связно.
Секретарь Микоклин».
(ГАОО. Ф.86 д. 11, л.102, св. 2)

12
Асылында, «əдеби  форма  жасау  міндеті  халықтың  ұлт-
тық  өмірін,  болмысы  мен  тағдырын,  ой-арманын  барын ша 
кең  қамтып  суреттеу,  замана  сырына,  əлеуметтік  құбы лыс-
та р  дың ішкі мəніне тереңірек үңілу міндетімен тығыз байла-
нысты» екендігі ақиқат.
Поэзиялық  бейнелеу,  көркем  суреттеу,  ой  асылын,  сөз 
асы лын  шынайы  шеберлікпен  мінсіз  келістіру,  үйлестіру  
маз мұн  мен  түрдің  бірегей  біртұтастығынан  туындайды. 
Абай поэзиясы – қазақтың жазба əдебиеті,  көркемдік ойлау 
тарихындағы тұтас бір тарихи дəуір, теңдесі жоқ үздік, ұлы 
құбылыс. Сондықтан да Айқын Нұрқатовтың мына бір лала, 
дара лебіздеріне зейін аударайықшы:
Абай  поэзиясы  өзінің  халықтығымен,  қарапайым ды лы-
ғымен құнды. Бұл – нағыз даналықпен ұласып жатқан қа ра-
пайымдылық.
Абай поэзиясы өзінің айқындығымен, шыншылдығымен 
бағалы.
Абай өлеңдері музыкалық үйлесімділігімен, əуезділігімен 
ерекшеленеді.
Абай поэзиясының ең бір қуатты қасиеті – оның бей не лі-
лігі. Ол өзінің ақындық құдіретімен небір дерексіз сезімдер 
мен түйсіктерді жанды күйге түсіріп бере алады.
Əдебиеттанушы  А.Нұрқатов  Абайдың  ақындық  мекте-
бін, ұстаздық еңбегін, яғни Абай тұсындағы ақындар шығар-
машылығын, атап айтар болсақ, Б.Айтқожаұлы, Тайыр Жо-
мартбаев,  Ақылбай,  Мағауия,  Халиолла,  Кəкітай,  əншілер 
Мұхаметжан  Майбасаров,  Əлмағамбет  Сексенбаев,  Мұқа 
Əділханов, ертекші Баймағамбет, жыршы Бейсенбай сынды 
нешеме алуан өрелі өнерпаздар болған дығын атап кетеді. 
Ақындық-əншілікті,  композиторлықты,  жыршылықты, 
əңгімешілдікті, шежірешілдікті ту ғып ұстаған өнерлі, өнеге-
лі  ортаның  ортасында: «Мұқа  асқан  скрипкашылығына, 
зор  үнді  əншілігіне  қоса  ақын  да  болған.  Оған  Абайдың, 
Ақылбай  мен  Мағауияның  зор  ықпалы  тиген.  Ол  «Дунай 
толқындарын»  скрипкада  тамылжытып  тарта тын  болған. 
Соған  арнап  өлең  де  шығарған...» – деп,  ой  түйеді.  Абай-
танушы  Айқын  Нұрқатов.  Мұқаның  болмысына  Абайдың 
композиторлық өнері, «аталы ойларының» рухы əсер еткен. 

 13
Ғалымның Абайдың немересі Əубəкірдің сатирашылдық 
қабілетіне, уытты жырларына ден қойып, ол жөнінде Əрхам 
Ысқақовтың  естелігіндегі  айғақтарды  ортаға  салады.  Бұл 
деректер  Абайдың  ақындық,  ұстаздық  тағылымынан  сыр 
шер теді.  Əсіресе,  Абайдан  даналық  дəрістерін  ұғып-ұйып 
қабылдаған,  шығармашылық  дəстүрін  дамытқан  Ақылбай 
мен Мағауияның, Əріп пен Əсеттің поэма жанры мен лири-
ка лық  поэзиядағы  жаңашылдық  қырларын,  көркемдік 
келісімін сөз етеді. 
Ғалым-сыншы А.Нұрқатов Ақылбайдың «Дағыстан» мен 
«Зұлыс», Мағауияның «Медғат-Қасым» мен «Еңлік-Кебек», 
Əсеттің  «Салиха-Сəмен»  поэмаларының  композициялық 
құрылысындағы, көркемдік əлеміндегі көркемдік құбылыс-
тарды, романтикалық көріністерді, əсерлі, көркем суреттерді 
жаңғырта,  түрлендіре  жетілдіргенін,  романтизм  бағытын 
енгізгенін, «оқиғалы, қызықты дастан туғызғанын» ғылыми-
теориялық тұрғыдан бажайлап түсіндіреді.
«Абай  поэзиясының  дəстүрлері  туралы  мəселе – сайып 
кел генде, қазақ поэзиясының тағдыры мен болашағы тура-
лы  мəселе  еді»  деген  түйінді  тұжырымына  адалдық  таны-
тып, Айқын Нұрқатов Абайдың шығармашылық өмірбаянын 
ыждаһатпен  тексереді.  Ақын  шығармаларының  жариялану 
тарихына, мысалы, «Жаздыгүн шілде болғанда» Көкбай ақын 
атынан жарық көргенін (1889 жыл, №7,  17 ақпан), «Болыс 
болдым, мінекей», «Күлембайға» («Дала уалаятының газеті», 
1889  жыл,  №12, 24 наурыз), «Аттың  сыны», «Қансонарда» 
(Қисса  Кнəз  білəн  Зағифа.  Қазан, 1897 жыл)  өлеңдерінің 
қайда, қашан жарияланғанын нақтылы көрсетіп отырады.
Жəне  де  Зейнелғабиден  ибн  əл-Жауһари  əл-Омскауи 
1909 жылы Уфада бастырған «Насихат-Қазақия» кітабында 
«Тобықты Ыбырай марқұмның өлеңдерінен» деген топтама-
сында Абайдың өлеңдері берілген.
Сондай-ақ «қызғылықты бір дерек» Д.М.Львовичтің «По 
киргизской  степи» (Петроград, 1914, с.46)  дейтін  еңбегінде 
бар  екен.  Ол  Торғай  уезін  аралағанда  Қарасу  ауылының 
əншісі  Нұрғожа  Ыбырай  Алтынсариннің  табиғат  лирика-
сы жайында жəне Нұрпейістің үйінде қарт жыршы Абылай 
Қарабатыровты тыңдағанда мынадай ой жібін сабақтайды:

14
«...Домбыра  тартып,  өлең  айтқанына  айран  асыр  қалға-
ным ды  айттым  Абылайға.  Содан  соң  тағы  да  бір  əн  салып 
бе рі ңіз,  көңілдірек  біреуін  айтыңыз  деп  қолқаладым...  Ол 
көп  бəлсінген  жоқ.  Домбырасының  құлақ  күйін  келтіріп 
ап, ескектете қағып-қағып жіберді де, шырқап ала жөнелді. 
Алғашқы  əн  сияқты  мынаның  да  əуені  шерлі  екен.  Ал  сөзі 
ше... Сөзі қандай тамаша еді, шіркін... Расымды айтайын, ал-
ғашқыда өз құлағыма өзім сенбедім... Кəрі қазақ өзге бірдеңе 
емес, Татьянаның Онегинге арнаған хатын əндетіп айтқанын 
көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші...»
Айқын  Нұрқатовтың  өжеттігі  дейсіз  бе,  ұлт  мəдениетіне 
жа нашырлығы  дейсіз  бе,  əдеби-мəдени  жəне  тарихи  дерек-
тер ді  ұлт  ұстазы  Ахмет  Байтұрсынұлы  ұйымдастырған 
«Қазақ»  газетіндегі  материалдарды  кеңес  дəуірінің  өзінде 
ұсталықпен пайдаланған деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы 
мен Міржақып Дулатұлының Абайдың шығармашылық мұ-
ра сы, ақындық тұлғасы (өлең бунақтары, дауыс ағыны, сөз-
дің табиғи түзілісі), тарихи орны турасындағы көшелі пікір-
лерін  ақылмандық  тапқырлықпен  орайластыра  келтірген. 
Мəселен, «Қазақ»  газетінің 1914 жылғы 30 наурызындағы 
№56  санында  Мұхтар  Саматовтың  «Потанин  докладынан» 
дейтін оқшау сөзінен үзінді келтірген:
«Расында  да,  қазақ  халқы  əнші  келеді.  Дауыстары  таза, 
ашық болады. Əншілер өнерін халыққа аса шебер көрсетеді. 
Əнші  болған  жерге  кəрісі  бар,  жасы  бар  жиналмаған  жан 
қалмайды. Сондықтан да, менің ойлауымша, қазақ арасын-
да ең əуелі əн-сырнай өнері гүлденбек. Енді бір елу жылдан 
кейін  қазақ  əнші-сырнайшы  əртістері  патшалық  театрдың 
сахнасына да шығуға жарайды».
1913-1914 жылдарда Абай мен Ыбырай Алтынсарин мұ-
расы  хақында  əдеби-музыкалық  кештер  өткен.  Соның  бі-
рі – 1914 жылы 26 қаңтарда  Семейдегі  «Халық  үйінде» 
ұйымдастырылған. Ұйытқысы ұлт мəдениетінің айтулы қай-
раткері Нəзипа Құлжанова Абай турасында екі тілде баян дама 
жасаған. Əнші Əлмағамбет Абай аудармаларын орындаған.
Сонан соң  1915 жылдың 13 ақпанында Семейдің «При  -
каз чик  клубында»  Абай  мен  Ыбырай  Алтынсарин  шығар-
машылығы    жайында  əдеби  кеш  өтеді. «Айқап»  журналы 

 15
(1915 жыл, №5, 77-бет) Абай мен Ыбырайды ұлт та рихындағы 
ұлы  тұлғалар  ретінде  бағалаған. «Кеште  Біржан  мен  Са ра-
ның,  Жанақ  пен  Баланың  айтыстарынан  көрініс  беріледі, 
Н.Құлжанова  Ыбырай  өлеңдерін  оқиды,  Əлмағамбет  тағы 
да  Абай  əндерін  айтады.  Кештің  басқа  бө лім дері  де  қызық 
болып  өтеді.  Оған  Қаныш  Сəтбаев,  Тайыр  Жомартбаев, 
Қайықбай деген бала əнші, Ыбырай Алтынсариннің баласы – 
Ғабділхамит жəне басқалар қатынасады» – деп батыл жазады 
Айқын Нұрқатов («Ай қап», 1915 жыл, №5, 77-79 беттер).
Қазақ əдебиеті тарихындағы ұлы тұлғалар, керемет кесек 
шығармалар, қадау-қадау терең ой-тұжырымдар А.Нұрқатов 
назарына  ілінбей  қалғаны  некен-саяқ  шығар. 1933 жылы 
«Сұлтанмахмұт  Торайғырұлының  толық  шығармалар  жи-
нағындағы» (құрастырған  Жүсіпбек  Аймауытов) «Айтыс» 
поэмасында  Нəзипа  Құлжанова  туралы  толғаныстарға 
жүгінуі  қандай  зерделілік  десеңізші!  Ақын  суреттегендей, 
«Сөз  табар  əр  мəжілісте  жарасымды», «Əр  іске  ыңғайы 
бар  жанасымды»  ұлт  руханиятының  біртуар  өкілінің  өре-
лі  істерін,  ұйымдастырушылық,  ұйыстырушылық  қабі лет-
қарымын қапысыз əңгімелейді. Абай туралы «Қыр ба ла сы-
ның хатын» («Дала уалаятының газеті», 1889, №24, 26, 29) 
ғылыми айналымға қосқан.
Абайдың  «Желсіз  түнде  жарық  ай»  атты  өлеңін  орыс 
тіліне Нəзипа Құлжанова тəржімалап, «Сибирский студент» 
журналына (1915, №3-4) бастырған.
Айқын  Нұрқатов  «Қазақтың  жалғызы»  Абай  жө нін де гі 
Джордж  Кеннанның,  А.Е.Алекторовтың,  А.Н.Белослю дов-
тың, А.Н.Седельниковтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржа-
қып  Дулатовтың,  Нұқ  Рамазановтың  ой-пікірлерін  таразы-
лап салмақтайды. 
Америка  журналисі,  жиһангезі  Джордж  Кеннан 1880 
жылдарда  Абай  еліне  келіп,  Леонтьевпен  əңгімелескенде 
Абайдың Бокль, Милль жəне Дрэпер трактаттарын оқитынын 
естиді. «Иə, иə, алғаш рет кездестіргенімде ол индукция мен 
дедукцияның  айырмасын  түсіндіріп  беруді  қолқалап,  мені 
айран-асыр қалдырды. Кейін мен оның ағылшын философ-
тарын тереңдеп оқып жүргенін, ал мен айтқан авторлардың 

16
шығармаларын орысшаға аударылғанынан оқып шыққанын 
білдім.
Сонда сіз ол оқығанының бəрін түсінді деп ойлайсыз ба?  – 
деп сұрады студент.
Дрэпердің  «Еуропадағы  өркениеттің  тарихы»  бойынша 
мен одан екі кеш бойы сұрап бақтым. Ашып айтуға тиіспін: 
оның білімі тіпті көп екен» (Джордж Кеннан. Сибирь и ссыл-
ка. Пер. с англ. СПб., 1906, С.101-102).
Білгір  зерттеуші  Абай  мұрасын  танып  талдауда,  Алаш 
əде биетін,  əсіресе  Сұлтанмахмұт  Торайғыровтың,  Сəбит 
Дө нентаевтың,  қайраткер,  санаткер  Нəзипа  Құлжанованың 
(Абайды қазақ əдебиетінің атасы деп білген), сонымен бірге 
ұлттық ояну, өнер-білімге құлшыну, əйел теңдігі тақырыбын 
қоз ғаған,  халықтық,  реалистік,  демократтық  бағыттағы 
Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мақыш Қалтаев, Ғұмар Қарашев, 
Мұхамеджан Сералин, Спандияр Көбеев, Нұржан Наушаба-
ев,  Бекет  Өтетілеуов,  Əкірам  Ғалимов,  Бернияз  Күлеев, 
Шəң герей Бөкеев тəрізді ақын-жазушылардың мұрасын ын-
ты зар лықпен əңгімелейді.
Атап  өтерлік  жəйт,  Абай  мен  Сұлтанмахмұттың  рухани 
үндестігін,  көркемдік  бояу-нақыштардың,  суреткерлік  па-
лит расының байлығы, ойлау жүйесі, Абай поэзиясымен та-
мыр ластығын жəне өзгешелігін əділ байқаған.
«Тегі,  Сұлтанмахмұттың  ақындық  тілі – мейлінше  ша-
быт ты  тіл,  шыншыл  тіл»  жəне  оған  «романтикалық  өршіл 
си пат»  тəн  екенін  егжей-тегжейлі  ұғындырады.  Абай  мен 
Сұлтанмахмұт дүниетанымы бойынша, «ақын – қоғам мінін 
түзеуші, адамгершілік қоғам іздеуші, əділет жыршысы».
Əуезовтің  əйгілі  шəкірті  Айқын  Нұрқатов  Сұлтан мах-
мұт тың  Лермонтов,  Некрасов,  Блок  сияқты  ақындар  поэ-
зиясының  полифонизмін,  көркемдік-стилистикалық  ерек-
ше ліктерін,  рухын,  сарынын  бойына  сіңіргенін  нанымды 
тү сіндіреді.
Сайып  келгенде,  ол  Абай  поэзиясының  эвфониясын, 
сти ли стикасын,  музыкалық  архитектоникасын,  образдық-
ме та форалық  жүйесін,  қарама-қарсы  күрделі  ассоциация-
сын,  лирикалық  тұлғаның  интеллектуалдық  дəрежесін, 
іш кі  мəнін,  поэзиялық  фразеологиясын,  негізгі  сөздік  қо-

 17
рын  дұрыс  пайымдаған,  лайықты  қорытынды  шығарған. 
Абайдың ақындық, ағартушылық, қайраткерлік, санаткерлік 
ең бегі  мен  қызметін  ұлт  мəдениеті  тарихындағы  тұтас 
дəуір  екендігін  ұшан-теңіз  əдеби-мəдени,  тарихи  деректер 
негізінде растап дəлелдеген.
Академик Серік Қирабаев Айқын Нұрқатовтың «Абайдың 
ақындық дəстүрі» атты зерттеуі «ғылымның елеулі табысы 
саналуға лайық», «қазақ əдебиеттану ғылымында тың сөз» 
деуі ақиқаттығымен бағалы.
Дүлдүл сыншы, көсемсөзші, зерттемпаз қалам қайрат ке-
рінің «Идея жəне образ», «Жалғасқан дəстүр» деген қа быр-
ғалы еңбектерінде ұлы кобзарь Тарас Шевченконың, тағ дыр-
талайы аңызға айналған Н.Островскийдің, өз бек ақыны Ғафур 
Ғұлəмнің жəне қазақ əдебиетінің марқас қа лары М.Əуезовтің, 
С.Мұқановтың,  Ғ.Мұстафиннің,  Иса  Байзақовтың,  Ғали 
Ормановтың,  Тайыр  Жароковтың,  Əлжап пар  Əбішевтің, 
Жұмағали  Саинның,  Қалижан  Бекхожиннің,  Хамза      Есен-
жановтың,  Зейін  Шашкиннің,  Тахауи  Ахтановтың,  Əбді-
жəміл  Нұрпейісовтың,  Сафуан  Шаймерденовтың,  жыр 
алыбы  Жамбылдың,  Мұқан  Иманжановтың,  Жекен  Жұма-
хановтың,  Темірғали  Нұртазиннің,  Жəрдем  Тіле ковтың, 
Қалмұқан  Исабаевтың,  Əкім  Таразидің  көркем  шы ғарма-
ларының  идеялық-көркемдік  деңгейі,  лексикалық  бай-
лығы,  стилистикалық  мəнерлілігі,  авторлық  баяндалуы 
мен  кейіпкерлерінің  ішкі  монологтары,  образ  жасаудағы 
тəсілдері,  реалистік  штрихтарға  психологиялық  сипаттама 
беруі білгірлікпен қарастырылады.
«Көркем əдебиеттің міндеті – дейді əдеби құбылыстардың 
та мыршысы,  адамды  рухани  жағынан  байыту,  ой  өрісін  ке-
ңейту, оны өмір сүруге, күресе білуге үйрету екендігі аян». 
Айқын Нұрқатовтың ой – толғауы, сөз саптауы, «ақиық қы-
ран дай нұрлы аспанды құшып айтуы», «ақиқаттың ақ жолына 
түсіп айтуы» барынша əділетті сыншылдық көзқарасынан, те-
рең дүниетанымынан, ғұламалық ой-санасынан туындайды.
«Ғасыр  перзенті»  кітабында (1965) əмбебап  оқымысты 
Шо қан  Уəлихановтың  фольклортану,  этнография,  эпоста-
ну  саласындағы  түйдек-түйдек  пікірлеріне  мейірлендіріп 
ортақ тастырады.

18
«Ақан  сері»  атты  ой-толғамында  оның  шығармашылық 
өмірбаяны мен поэзиялық мұрасын жан-жақты талдайды.
А.Нұрқатовтың 1957-1958 жылдарда  «Мұхтар  Əуезов» 
деген монографиясы қазақ-орыс тілдерінде Алматы мен Мəс -
кеуде  жарияланған.  Толық  тəмамдауға  үлгермеген  Мұх тар 
Əуезовтің шығармашылық еңбегі туралы монографиясын да 
«Абай  жолы»  роман-эпопеясының  суреткерлік  шеберхана-
сы, идеялық тереңдігі, көркемдік кемелдігі, тарихи тұлғалар 
бейнесі, əйелдер образы, ұлттық характер табиғаты, халық-
тың  тарихи  тағдыры,  кейіпкерлерге  сөздік  сипаттама,  пей-
заж дық  классикалық  үлгілері,  портреттік  мінездеулер,  сю-
жет пен композиция, диалог құру шеберлігі, контраст тəсілі 
байыпты зерттелген.
Ол – Батыстың,  Шығыстың,  орыстың  классикалық  əде-
бие тін жетік игерген-ді. Бұл сөзімізге француздың гумани-
ст-жазушысы,  Анри  Барбюс,  ұлы  кобзарь  Т.Шевченко, 
орыстың озық ойшылдары, суреткерлері Н.Г.Чернышевский, 
Н.А.Добролюбов, Н.В.Гоголь, М.Горький, қазақ əдебиетінің 
досы Л.Соболев жайындағы ой-толғаныстары айғақ.
Суреткер-сыншы аударма өнерінде де із қалдырды.
«Вен гр əңгімелерін», Лениндік сыйлықтың лауреаты Шың-
ғыс  Айтматовтың  «Шынарым  менің,  шырайлым  менің» 
повесі мен «Сыпайшы» əңгімесін орыс тілінен тамылжыта 
тəржімалады. Түпнұсқаның рухын, стилистикасын, полифо-
ниясын шеберлікпен жеткізді. 
Қамшының  сабындай  қысқа  ғұмыр  кешкен,  Абайдың 
ой  мұхитында  жүзген,  Əуезовтің  меруерт  толқындарында 
тер бел ген,  ұлт  əдебиетінің  жемісті  бақшасында  ересен  ең-
бек тенген,  ойшылдық,  даналық,  тереңдік  дейтін  қасиетті 
ұғымдарды  зерттеу  нысанасы  еткен  Айқын  Нұрқатовтың 
(19.09.1928 – 16.04.1965) өмір жолына бір мезет көңіл аудар-
сақ, 1950 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ді, 1953 жылы аспи-
рантурасын аяқтаған. 1954 жылы «Қазақ əдебиетіндегі Мая-
ковский дəстүрі» атты тақырыпта кандидаттық диссертация 
қорғайды. 
КСРО  Жазушылар  одағының  мүшесі 1950-1957 жыл-
дарда  «Əдебиет  жəне  искусство»  журналында («Жұлдыз» 
журналы) бөлім меңгерушісі, 1957 жылдан өмірінің соңына 

 19
шейін Қазақ ССР Ғылым академиясы М.О.Əуезов атындағы 
Əдебиет жəне өнер институтында аға ғылыми қызметкер бо-
ла ды.
«Қазақ  əдебиетінің  тарихы» (1961 жыл, 2-том)  жəне 
«Қа зақ  совет  əдебиеті» (1961 жыл, 1-басылым)  оқулығы 
авторларының бірі.
Алатаудай  даңқты  ағаларының  абзал  істеріне,  қатарлас-
қанаттастарының жазған-сызғандарына, желкілдеп өсіп ке ле 
жатқан уыздай жеткіншектердің қаламалды туындылары на, 
əдебиет  əлеміндегі  жаңалықты  құбылыстарға  ыстық  ілти-
па тын,  жақсы  лепесін  аямаған,  сыншылық  пен  ғалымдық, 
адалдық пен ар тазалығы, адамшылық пен азаматтық тұлғасы 
сұлу жарасым тапқан Айқын Нұрқатовтың əдеппенен тамыл-
жыған үлбір нəзік жанды, от жігерлі, жайсаң, жомарт мінезді, 
жарқын жүзді, қабілетті-қасиетті асыл бейнесін замандаста-
ры былайша күңірене толғайды. Академик-жазушы Зейнол-
ла  Қабдолов: «Өзі  де  Айқын  десе  айқын,  табиғаты  тап-та-
за,  мөп-мөлдір  еді  ғой.  Бар  болмысы  балғын,  жазғытұрғы 
жас қайыңдай бой түзеп, жапырақ жайып, төңірегін сырлы 
шуға,  шұғыла-нұрға  малындырып,  біртүрлі  бір  сұлу  өсіп 
келе жатқан. ...Адамның асылы еді. Қашан көрсек бірқалпы, 
жып-жылы болып күлетін де жүретін. Досқа деген ықылас-
пейілі-ақ ғажап; бір құласа, мықтап құлайтын; жақсы көрген 
адамын ылғи ғана жаңа көргендей, жанымен аялап тұратын. 
Өзі туған Көкшетау самалындай аңқылдаған ашық, ақжелең 
еді: еркелейтін, есіле сөйлейтін, еркін күлетін».
Ал  Айқынның  ішіктің  ішкі  бауындай  жанқияр  досы, 
ғылымның  ірі  ұйымдастырушысы  Мүсілім  Базарбаев: 
«Өмірдегі  əрі  ғылымдағы  байсалдылығы  бірдей  болатын: 
салмақты, білімді, мінезді, принципшіл еді. Сонымен бірге 
ізеттілік, кішіпейілділік, елгезектік оның ардақты қасиеттері. 
Туралығы,  шыншылдығы  үшін,  əрі  білім  мен  интеллектен 
кеп шығатын биязылығы, сыпайылығы үшін үлкен де, кіші 
де оны сүйетін».
Білімдардың  ғылымдағы,  өмірдегі,  тұрмыс  жүзіндегі 
мызғымас  қағидасын  əдебиет  сыншысы  Баламер  Сахариев 
былайша  мөлдірете  жазады: «Бір  майданда  еңбек  етіп,  та-
лай сырласып жүргенде, не тікелей, не тұспалдап болса да, 

20
өзіне ыңғайластыруға ықпал етіп қалайын деген ниеттің ны-
шаны  да  болмаушы  еді  сенде.  Өмірдегі  қарым-қатынасты 
əдебиетке көшірмеуші едің».
Қазақ əдебиеттану ғылымы тарихындағы «ойының бай-
лығы, қаламының жүйріктігі» (академик С.Қирабаев сипат-
тамасы)  жағынан  алғанда  атақты  сыншы-ғалымның  əдеби-
ғылыми шығармашылығы өзгеше бір өміршең əлем. 
Ол – Абайтану  мен  Əуезовтану  ілімі  тарихындағы  тарлан 
тұлға.
Серік Негимов,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия 
Ұлттық университетінің 
профессоры, филология 
ғылымдарының докторы,
Мəдениет қайраткері 

 21
                                                                        


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал