Бағдарламасы бойынша шығарылды Елубаев Ескен е 49 Таңдамалы. Алматы: «Ана тiлi» баспасы жшс. 2013 ж



жүктеу 2.6 Kb.

бет4/16
Дата26.05.2017
өлшемі2.6 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

СҰМДЫҚ ОҚИҒА
(Бүгiнгi күннiң ертегiсi)
Болды сұмдық оқиға,
Расында,
Естiген соң шыдап сен
Тұрасың ба?
Көршi ауылда биылғы
Оқу жылы
Қалып қойған бiр бала
Класында.
«Сұмдық екен, мұнысы,
Барайын мен,
Сəтi түссе тiлдесiп
Қалайын мен.
Көптен берi көрген де,
Бiлген де емен,
Қалып қойған класта
Баланы мен...»

82
Елге хабар тез тарап
Кеткен екен,
Желөкпенiң бiразы
Жеткен екен.
Көруге оны кезекке
Тұрып жатыр:
«Бұл бiр сұмдық оқиға
Неткен?» – деген.
Мұндай бала екiншi
Таба алар ма,
Таңсық көрiп келдi көп
Балалар да.
Биыл бармақ оқуға
Кенжелерiн
Қорқытпаққа əкептi
Аналар да.
Дəрiгерлер аспабын
Жатыр қойып,
Тексермекшi ретi
Ақыл-ойын.
Əлгi оқушы үйiнен
Шықпай отыр,
Бүкiл ауыл түсiрген
Абыройын.
Адамдай-ақ кəдiмгi 
Есi бардай,
Ол баланың ұялған
Несiн алған?..
Бəрiмiздi əуре етiп, 
Дүрлiктiрiп,
Класына келесi
Көшiп алмай...
ҚЫЗЫЛҚАЙНАР, КӨКСУ
Екi бала танысты,
Жөн сұрасып қалысты:
– Əй, сен қайсы жерденсiң?
– Өзiң қайдан келгенсiң?
– Келдiм алыс жайлаудан,
Сонау Қызылқайнардан.

83
– Көксуданмын мен онда,
– Танысайық, кел онда.
– Қызылқайнардан болғанда,
Қып-қызыл ма суы оның,
Атын содан қойған ба?..
(Өтiрiктi айтудың
Келiп қалды ретi.
Бөспелердiң айтулы
Ауылдағы ол бiрi едi.)
– Қызылқайнар деп халық,
Қайнарға ат жай бермеген.
Суы қызыл,
Көр барып,
Сенбейдi ешкiм көрмеген.
Аламыз да шишаны
Қайнар жаққа келемiз.
Су құйып ап, мысалы,
Сурет сала беремiз...
Кейде апамыз бұлаққа
Жейдемiздi жуады.
Аппақ жейдең
Сол кезде...
Қып-қызыл боп шығады.
Сөздiң келiп кезегi
Екiншi айтты:
– Көксуда
Бар ғой Көксу өзенi,
Сен естiген жоқсың ба?..
(Өтiрiктi бұл-дағы
Сапыратын судай қып.
Соқты,
Қарап тұрмады.
Өтiрiктi шындай қып).
– Көксудың бiз
Суына
Қалам малып жазамыз.
Сия iздеп, əуре боп,
Кетпейдi еш мазамыз...
Өтiрiктi екеуi
Өстiп судай сапырды.

84
Жеңiсе алмай,
Əйтеуiр,
Бiрiн-бiрi қатырды.
ҚАНДАЙ ҚАРБЫЗ ПIСКЕН?
Жасырайық несiн бiз,
Ол күндерде өзiмiз,
Қарбыз десе есiмiз,
Шығып кетер кезiмiз.
Мезгiл едi, 
Жеткен күз,
Алып ұшып өкпемiз,
Бақшаға кеп,
Қарбызбен
Араласып кеткенбiз.
Əнтек шығып сөзiмiз,
Шоқтай жайнап көзiмiз,
Əр қарбызды ұстаймыз,
Сылбырымыз, тезiмiз!
– Қане,
Кiмдер таңдайды,
Пiскен екен қандайы?..
Осындайда, сенсеңiз,
Тер жуады маңдайды.
– Қазiр ендi тоямыз...
Бiр пiскенiн соямыз...
Деймiз-дағы шетiнен
Шертiп-шертiп қоямыз.
Шерткенде бос тұрмаймыз,
Жатып келiп тыңдаймыз.
Шынын айтсақ, бiрақ та,
Таңдағанға жұрдаймыз.
– Кəне,
Қайсын жарамыз,

85
Тек пiскенiн табамыз! –
Деген кезде тартынып,
Сасқалақтап қаламыз.
Қысыр сөздiң шеберi,
Арамызда көп едi.
Ал қарбыздың пiскенiн
Танитыны жоқ едi.
Қол батпай тұр үзуге,
Шетiмiзден шеттеймiз:
– Бақташы атай келсiн, – деп
Үйге тағы кетпеймiз.
Жоқ босқа оны жарғымыз,
Ұятына қалғымыз.
Келiп-ақ тұр,
Бiрақ та,
Қарбызды жеп алғымыз.
Жақсы болды көргенi,
Өзi атайдың келгенi.
Пiскендерiн бiр-бiрлеп,
Таңдап үзiп бергенi.
Қарбыз таңдау əдiсiн,
Бiледi екен мəнiсiн.
Сойып бердi қарбызды,
Алып шаппа бəкiсiн.
Бiреу айтқан:
– Шындасам
Бiр қарбызды жеймiн, – деп...
Бiр тiлiмiн, қарасақ
Тауыса алмай тұр ендi кеп.
Оның несiн айтайық,
Қарынымыз қампайып,
Əрең бiрiн тауысып
Жата кеттiк жантайып.

86
Тойып алып қарбызға,
Жатып тақыр аңдызға,
Сұрақ қойдық атайға:
– Ата, сiзге таңбыз да?!
Сұрасақ қой, күлесiз,
Бағбандықты сүйесiз,
Пiскендерiн қарбыздың 
Қалай таңдай бiлесiз?..
Бақшашы айтты сабырлы:
– Қайтесiңдер дабырды.
Таңдағанда қарбызды,
Демейдi ешкiм жаңылды.
Жатқан қарбыз қалың бұл, –
Бағып-қаққан малым бiр.
Таңдасқанда бəс тiгiп,
Талайды ұтқан шалың бұл...
Мiне, 
Мынау бармағың,
Қарбызға бас салмағын,
Тессе тырнақ қабығын
Оны үзiп алмағын,
Пiспегенi ол,
Бiлiп қой,
Көңiлiңе түйiп қой.
Тесiлмесе ал қабығы,
Пiскенi сол,
Тiлiп, той...
Сөйтiп үлкен жаңалық...
Естiп бiздер тарадық...
Ең ақыры қарбызды
Таңдай алмас дұрыстап,
Əй, балалық, балалық!..
– Данышпандық осы, – деп
Жүрiп кеттiк тезiрек,

87
Тұрған жоқ па байқасаң,
Мақтанудың кезi кеп.
Сөйтiп сол жол шаттанып,
Кеттiк дереу аттанып.
Жұрт алдында бiлгiшсiп,
Қалу керек мақтанып...
БIР КӨШЕНIҢ 
ФУТБОЛ КОММЕНТАТОРЫМЕН ƏҢГIМЕ
Бiр көшеде тұрамыз,
Ат шаптырым арасы.
Қос команда құрамыз,
Жиналып бар баласы.
«Спартак» бiр команда,
«Динамо» бiр команда,
Бəс тiгiсiп табанда
Шыға келдiк алаңға.
Бермеймiз деп намысты,
Қабақ жауып түнердiк.
Қол алысып,
Ойынды
Бастап келiп жiбердiк.
Ең желаяқ балалар
Шабуылға барады.
Қорғаныста шабандар
Амалсыздан қалады.
Қақпамызда – «Сорақай»,
Қорғаныста – «Пұшық» бар,
Шабуылда – «Солақай»,
«Жираф»,
Өзiм,
«Қисық» бар...
Басталды бiр сұрапыл,
Көтерiлдi қою шаң.

88
– Доп қайда əлгi ұратын?!
Аласұрдық аюша.
Бiрiн-бiрi «қиратып»
Шекелерiн жарған бар.
Доп орнына 
Сирақты
Болды теуiп қалғандар.
«Тасбақа» дəл доп берiп,
«Пұшық» соқты бiр голды.
Жақсы ойнап ол көп-көрiм,
Есеп:
Ноль де бiр болды.
Жау қамалын алғандай,
Бастық дейсiң
«Ураға!!!»
Құлақ бiтiп қалғандай,
Шыдап адам тұра ма?!
Қарсы жақтың жiгерiн
Құм етiп бiз тастадық.
Кеттiк тағы iлгерi,
Шабуылды бастадық.
Шабуылдап, 
Алайда,
Ұмыт қалды қорғаныс...
Өкiнгенмен не пайда,
Боласысы болғанда iс.
Қарсы жақтың «Жалағы»
Соғып кеттi бiр голды.
Өзгердi есеп жаңағы,
Есеп:
Бiр де бiр болды...
– «Сорақайың»,
«Пұшығың»
«Солақайың»,

89
«Қисығың»,
«Жирафың» мен
«Жалағың»,
Кiмдер өзi, қарағым?!
– Балалар ғой барлығы, –
Дедi ол тiптi баптанып. –
Ал əлгiнiң əрбiрi –
Жалған лақап аттары.
– Ау, тұра тұр,
Əңгiмең
Жақсы-ақ екен,
Не дерсiң?!
Балаларға бəрiң де
Ат тағуға шеберсiң.
Ешбiр адам мұныңды
Жақсы екен-ау демейдi.
Айтшы, өзiң шыныңды,
Сонда сенi кiм дейдi?!
Сасып қалды ол əуелi,
Iс қылғандай ұятты.
Қазбалап мен əдейi
Қайта қойдым сұрақты.
Қызарақтап тұрды өзi,
Қашып бердi бұл мықты.
Жанындағы бiр досы
Айтты сонда шындықты.
Дедi ол сұрақ қойған соң:
Шын есiмi – Артықбек,
Бойы аласа болған соң,
Атап кеттiк
«Қортық», – деп...

90
БҰРШАҚ
Бұршақ кең даланы
Төпелеп барады.
Күйiнген күйiмде,
Тыпыршып үйiмде,
Уайымдап отырмын,
Күтiп мен ақырын.
Жүр едi еңiсте
Қозы-лақ өрiсте,
Баспана паналар
Қай жерден таба алар,
Бұршақта қалды-ау, – деп,
Бастарын жарды-ау, – деп...
ФАНТАЗИЯ
Түн болғанда қарасаң,
Көресiңдер, балалар:
Жарқыраған тамаша
Аспанда бiр қала бар.
Қаланың ең алыбы
Бүкiл көктi жайлаған.
Терезелер жарығы
Жұлдыз болып жайнаған.
«Құс жолы» – бас көше де,
«Ай» автобус мiнетiн.
Жолаушыны нешеме
Тасымалдап жүретiн...
Бұл қаланың жандары –
Бəрi талант, бəрi ақын.
Таңға сөнбей шамдары
Өлең жазып жататын...
Аспанда бiр қала бар,
Тұратын кiл даналар.

91
Сенбесеңдер, балалар,
Түнде көкке қараңдар...
ТЕҢIЗШI
Арманым бар ең iзгi,
Армандаумен келем мен.
Матрос болып теңiздi
Жүзсем кешiп кемемен.
Теңiз дейтiн күштiмен,
Алысуға жарасам.
Тау толқындар үстiнен,
Алыстарға қарасам.
Желбiреткен төбеге
Көкшiл туын елiмнiң.
Алып, алып кемелер –
Бөлшегiндей жерiмнiң.
КҮРЕС
Бiреу айтты:
– Қайраттың
Бойы тапал демесең,
Талайларды жайратты,
Күшi көп, – деп, – ересен...
Бiреу айтты:
– Ыңғайы.
Қара күштен пайда жоқ,
Күрескенде жығады,
Болса кiмге айла көп.
Айтсам егер,
Мысалы,
Қайрат бiзге таныс қой.
Жыға алмайды ол Мұсаны,
Мұса деген əдiсқой.

92
Мен ит болып кетейiн,
Жығылмайды ол тiрессе...
Сөйте-сөйте екеуiн
Айдап салдық күреске.
Қайрат шықты кiжiнiп:
– Көрсетемiн қазiр, – деп.
Мұса шықты қызынып:
– Оған мен де əзiр, – деп.
Ұстасып кеп қалысты,
Жiбермеуге намысты.
Аяқтарын шалысты,
Жатып келiп алысты.
Қарап тұрсаң,
Қайратты
Арыстандай айбатты.
Қарап тұрсаң,
Мұсаны
Жолбарысқа ұқсайды...
Мұса iшке енiп емiнiп,
Қалған едi бұлт етiп.
Қайрат жатты көмiлiп,
Қою шаңға бұрқ етiп.
– Мұса мықты!!!
– Жарады!
Деп үйдi-үйге тарадық.
Ал, Қайрат ше?
Мұсаның
Соңына ерiп барады.
«Жықпай қойман мұны мен,
Жығамын, – деп, – күресiп...»
Мұсаның ол күнiмен
Соңынан жүр iлесiп...

93
ЖУАС
Айтам досым жайында:
Момынның ең момыны.
Бiрақ бiздiң ауылда
Бөлек едi орыны.
Қыңырлықты бiлмейтiн,
Бiзбен бiрге ойнайтын.
Ойын сəнi кiрмейтiн,
Онсыз қызық болмайтын.
Егеске де жоқ бала,
Барлығына көнетiн.
Тұр десең де қақпаға,
Барып тұра беретiн.
Доп кетсе егер жыраққа,
Қиястықпен тебiлген,
Өзi əкелер, бiрақ та,
Жан емес ол ерiнген.
Басқаларша санасып,
Есептесiп бақпайтын.
Жоқ нəрсеге таласып,
Қабақ шытып жатпайтын.
Сол қылығын бiледi,
Барлық бала басынып.
Жұмсап өзiн жүредi,
Амалдарын асырып...
Жүрмiз ғой деп қатырып,
Көзiмiзге iлмеппiз.
Сөйтсек, оның қадiрiн
Ешбiрiмiз бiлмеппiз.
Сапарлап ол кеткелi
Ағасының үйiне,
Еш шатақсыз өтпедi,
Ойынымыздың бiрi де.

94
Тұрғысы жоқ ешкiмнiң,
Доп ойнасақ,
Қақпаға.
Барғысы жоқ ешкiмнiң
Доп алыста жатқанда.
– Сен бар, – десек,
Қырсығып:
– Өзiң бар! – деп ол шықты.
Бетпақтанып құлшынып,
Шетiмiзден зор шықты.
– Бар дегенде, бар деймiн!
– Қышымаса мұрының!..
– Əкiреңдеме, əй, деймiн,
– Үзейiн бе жұлынын.
Сөйте-сөйте басталды,
Арамызда ерегес.
Ешкiм қия баспады,
Iле шықты төбелес.
Керiлдестiк өлгенше,
Қиқарланып ұрыс сап.
Сол досымыз келгенще,
Өтпедi ойын дұрыстап.
Шетiмiзден құр кеуде
Өр көкiрек,
Менменбiз,
Жақсы болды бiлген де,
Бұрын сезбей келгенбiз.
Жуас емес,
Досымыз,
Бiлгiрлiгi мол екен.
Соған жеттi көзiмiз,
Ең мықтымыз –
Сол екен.
Момынның ең момыны
Деген жай бос сөз екен.

95
Бөлек екен орыны
Берекемiз өзi екен!
КЛАСС ЖИЫНЫ
(Фельетон)
Жиыны боп кластың,
Сабақтан соң қалғанбыз.
«Екiсi» көп Тұраштың,
Мəселесiн салғанбыз.
Алдыменен класком
Суырылып сөйлеген:
– «Екiсi» көп,
Рас қой,
Кертартпа бұл не деген?!
Бiздiң бүкiл класты
Осы артқа тартатын.
Қайтсек екен
Тұрашты?
Болжамайтын алды-артын?
Айтудан еш кенде емес,
Қақсаудан еш кенде емес,
Қатарыңа теңелмес,
Қайдан шыққан кеңкелес?!
Бiрi айтты жекiрiп:
Көзiн шұқып отырып:
– Алатыны «екiлiк», –
Көп ойнайды секiрiп.
Баланың бұл мылқауы,
Аузын ашқан аңқауы.
Айтатын көп сылтауы,
Шектен шыққан жалқауы.
Үшiншi айтты:
– Мұның мен

96
Бiлем терiс iстерiн.
Көрдiм
Əркiм үйiнен
«Наурыз көже» iшкенiн.
Оңбайтынын задында
Сол кезде-ақ бiлгенмiн.
Пионер деген атына
Кiр келтiрiп жүргенiн...
Бiреу:
– Көже iшкенде
Тұрған не бар? – деп едi,
Үстiнен жай түскендей,
Босқа таяқ жегенi.
– Ескiлiктiң құрбанын
Пионерден... қуған жөн.
Қара, айтып тұрғанын!..
Шыдамаймын бұған мен.
Жайына қап Тұрашың,
Бəрi айтысып қалысты.
Жиынында кластың
Талай жерге барысты.
Тұраш бүгiн орнында
Естiп жатты сөз қатты.
Жиналыстың соңында
Тоқ етерiн өзi айтты:
– Күнде «бес» ап қайталық,
Бiлгiш болса бар халық,
Сонда қара жұмысты
Кiм iстейдi, айталық?!
Келгенiнше əлiмiз,
Оқып жүрмiз бəрiмiз.
Жиналысқа сал, салма,
Осы ендi барымыз!..
– Айтқаныңды ұқпайды,
Қараңдаршы сүдiнiн.

97
Бұдан түк те шықпайды,
Менiң айтар күдiгiм.
Қалды бəрi тосылып,
Қамданысты қайтуға.
Ұйғарысты осыны
Əкесiне айтуға.
Бəрi өстiп келiсiп,
Өре тұрған күйiнде.
Жол-жөнекей керiсiп,
Жеттi Тұраш үйiне.
Ауласының iшiнде
Ағытулы қарғысы.
Нəн төбет жүр,
Түсiнен
Қорыққандай əр кiсi.
Ұмтылды ол абалап,
Секiрiп тiк шарбаққа.
Тұра қашты балалар
Сасқанынан жан-жаққа.
Ал, Тұраш мəз, күлкiден
Жарылуға аз-ақ қап.
Жылмыңдайды түлкiдей:
– Кел, кел, кел! – деп, мазақтап. 
Шықты əкесi далаға
Будақтатып шылымын,
Сəлемдесiп балалар
Жайын айтты ұлының.
Мiнеп жатыр Тұрашты,
Осылай да осылай.
Керi тартып класты,
Қатарға жүр қосылмай.
Нашар жəне тəртiбi,
Отырады алақтап.

98
Кешiгедi əр күнi,
Зейiнi жоқ сабаққа...
Əкесi оның ауылда
Бақуатты тұратын.
Сөз баласы жайында
Жоқ жанын еш қинайтын.
Əкесi айтты бiлгенiн:
– Жалғыз өскен қалқам ғой,
Оның бүйтiп жүргенi,
Мына менiң арқам ғой...
КҮН ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?
Астанамыз Алматы,
Жердiң дейдi жаннаты.
Аулымыздан бiр бала
Сол қалаға бармапты.
Қала дейтiн алмалы,
Таулар екен жан-жағы.
Өзiн, шiркiн, бiр көру,
Барлық бала арманы.
Қызығамыз аса бiз,
Көремiз деп қашан бiз.
Астананы көрiктi,
Мақтаныш қып тасамыз.
Дақпырты оның қаншалық,
Тыңдап жүрмiз жан салып.
Зəулiм десе үйлерi,
Қуанамыз тамсанып.
Сондай күннiң бiрi едi,
Айтты достың бiреуi:
«Жолаушылап Қалдыбек
Алматыға жүредi».

99
Дедiк:
– Шiркiн, мiне, ендi,
Қабыл болды тiлегi.
Қалай ғана бақыттан
Жарылмайды жүрегi.
Тобымызбен түрiле,
Жеттiк оның үйiне.
Орындалған арманы
Қызығып шат күйiне.
Қолы жетiп төбеге,
Кердең-кердең ете ме,
Қалдыбектен мақтаншақ
Бала ауылда өте ме?!
Толған бала маңайы,
Шекесiнен қарайды.
Шашын сынық тарақпен
Қайта-қайта тарайды.
Жейде киген жайнаған,
Бəтеңкесiн майлаған.
Белiн солдат белдiкпен
Жарқыратып байлаған.
Жол жүредi!
Шын анық!
– Хал қалай? – деп сұрадық.
– Алматыға əпкеме
Барам, – дейдi қуанып.
Бəйге атындай жарауын,
Көтередi танауын,
Көзiмiзше қоймайды,
Тиындарын санауын.
Галстугiн тағыпты,
Үстiне əтiр жағыпты.
«Алматыға жол шеккен
Неткен, – деймiз, – бақытты!»

100
Жанында бiз – нөкерi,
Вокзалға ол келедi.
Арамыздан бiрiншi
Алматыны көредi!
Айтқанымен санасып,
Шықтық үйден жарасып.
Көтеруге сандығын
Жол-жөнекей таласып.
Бiз айтқанды ол тыңдап,
Кең костюмi қолқылдап,
Мiндi жүрдек поезға...
Бiр тынбаймыз қол бұлғап.
Ол да қолын бұлғайды
Бiздiң қол да ыңғайлы.
Iшiмiздi қызғаныш
Итше келiп тырнайды.
Жолын санап келетiн,
Əңгiме айтып беретiн.
Күндi күттiк асығып,
Қалдыбектi көретiн.
Келдi бiр күн,
Келдi деп,
Алматыны көрдi деп,
Жеттiк оған,
Естиiк
Əңгiмесiн ендi кеп.
Қарап тұрсақ көзiне,
Өзгерiс бар өзiнде.
Бойы да өскен сияқты,
Тым салмақты сөзi де.
Əңгiменi ол бастады,
Бiздi ұйытып тастады.
Тыңдап тұрмыз ынтығып,
Ұмытқанбыз басқаны.

101
Бiздiкi оны мақұлдау,
Оғаш мiнез шақырмау.
Болса-дағы басынан
Өтiрiкке жақындау.
– Көп, – дедi ол алманы, –
Бiр-бiр кило салмағы!
Шекесiнiң сол себеп,
Бiрде iсiп қалғаны...
Ең бiр қызық бiлгенi:
– Нағыз ғажап бұл, – дедi.
Батыс жақтан атады,
Алматыда күн! – дедi.
Айтқанына көнуге,
Басты изей беруге,
Болады ма сенуге?
Болмайды тек кеюге.
Бiз де тыныш тұрмаймыз:
– Бұл айтқаның ыңғайсыз.
Күн шығыстан атады,
Дедiк:
– Көкте күн жалғыз!
Мəмiлеге ол келмедi,
Бетпақтанып көнбедi.
– Алматыға бар-дағы,
Сенбесеңдер, көр! – дедi.
Түйдiк тағы қабақты,
Шығардық бiз шатақты.
Тақтық содан өзiне,
«Суайт» деген атақты...
Көп жыл өттi арада,
Бiз де бардық қалаға.
Қалдыбектiң айтқаны
Келедi екен шамаға.

102
Алғаш рет көргенде,
Айнала ма басың да.
Күн,
Батыстан атқандай,
Болды екi-үш күн, расында!!!
Өте қатал екенбiз,
Кiнəлаппыз бекер бiз.
Қалдыбектi сол кезде
Босқа «суайт» дегенбiз...
ҚАМШЫ
Қолға ұстап көруге,
Қызыққандай бар кiсi.
Iлулi тұр төр үйде
Атасының қамшысы.
Сол қамшыңыз орнында
Кейде жоқ боп шығады.
Бар мəнiсiн оның да
Атасы тез ұғады.
Қар жауады қабақтан,
Ұмытады өңгенi.
Бұл –
Ұлының сабақтан
«Екi» алып келгенi.
Өзi ғана бiледi,
Қанық бала сырына.
Таба алмай жүредi,
Қамшыны да,
Ұлын да.
Құпия көп оңында,
Бар ма, сiрə, айтары.
Қамшы тұрса орнында,
Ата көңiлi жайдары...

103
ƏРКIМНIҢ ОЙЫ ƏР БАСҚА
– Қонақ келдi үйге, – деп,
Атасы қой сойып жатыр.
Ал, анасы кимелеп,
Ошаққа от қойып жатыр.
Тек баласы бəрiне,
Жайбарақат қарап отыр.
Қой асығы,
Əрине:
Менiкi деп санап отыр.
ҚАЛАНЫҢ БАЛАСЫ
Астанадан
Келдi де,
Күлдiрдi Ақан
Халықты.
Атты жатқан
Көрдi де,
Дедi:
– Құлап қалыпты...
ЖОРЫҚСЫЗ
Тамақ пiстi,
Ес кеттi.
Столға ол қойылды:
Iнiме мен ескерттiм:
– Жуып кел, – деп – қолыңды.
Түйiп алып қабақты
Көтердi iнiм дауысын:
– Жейтiн менiң тамақты,
Қолым емес,
Ауызым.

104
ҮЛКЕННIҢ ТIЛIН АЛАМЫЗ
Ойын қуған баламыз,
Ана тiлiн аламыз.
Ана тiлiн алмасақ,
Кəрiп болып қаламыз.
– Қарлығашқа тимеңдер,
Ол жарықтық киелi.
Адамзатты ол сүйедi,
Содан жақын жүредi.
Оған тиген баланың,
Қолы сынып қалады, –
Деген сөзiн ананың
Бəрi есiне алады...
Ойын қуған баламыз,
Əке тiлiн аламыз.
Əке тiлiн алмасақ,
Секпiл болып қаламыз.
– Анау жүрген торғайлар,
Даламыздың сəнi ғой.
Оны бəрiң қорғаңдар,
Елжiретер əнi ғой.
– Жұмыртқасын алмаңдар, –
Деген əкем
– Жармаңдар,
Жарамын деп беттерi,
Секпiл болып қалған бар...
Ойын қуған баламыз,
Аға тiлiн аламыз.
Аға
тiлiн
алмасақ,
Ақсақ болып қаламыз.
– Мынау жүрген малымыз,
Күтiп жүрмiз бəрiмiз.

105
Суғарамыз шөп салып,
Ашиды оған жанымыз.
Малды тепкен адамның
Шорт сынып аяғы, –
Деген ағам:
– Шойнаңдап,
Ақсақ болып қалады...
Ойын қуған баламыз,
Əпке тiлiн аламыз.
Əпке
тiлiн
алмасақ,
Қисық болып қаламыз.
– Не шөмеле үйгенде, 
Не қой жайып жүргенде, –
Деген əпкем:
– Далада
Ұйқтап əсте үйренбе.
Далаға еш жатпаңдар.
Ұйқтап қалып далаға,
Аузы-мұрны қисайып,
Масқара боп жатқан бар...
Ойын қуған баламыз,
Үлкен тiлiн аламыз.
Үлкен тiлiн алғаннан
Өсе берер санамыз.
ТӨРТ ТҮЛIК
Табиғат о басында
Төрт түлiк мал таратқан.
Барлығын да расында
Адам үшiн жаратқан.
Киiм тоқыр жүнiнен
Жаурағанда бойлары.
Қажетiнiң бiрi деп,
Жаратыпты қойларды.

106
Қуаттана түссiн деп,
Сүт iшпесе қиын-ды.
Сүтiн сауып iшсiн деп,
Жаратыпты сиырды.
Ел көшкенде жайлауға,
Жүгiн артып жүредi.
Көндiкбас қып айдауға
Жаратыпты түйенi.
Өксiтпесiн өмiрiн
Той болғанда бiр күнi,
Көтерсiн деп көңiлiн,
Жаратыпты жылқыны.
Төрт түлiктiң есектер,
Санатына кiрмептi.
Алмаған соң есепке
Не iстерiн бiлмептi.
Оны сөйтiп жүргенде,
Қарттар көрiп қалыпты.
Жайлы екен мiнгенге
Көлiк қылып алыпты!
НЕСIП
Келе жатқан кəдiмгi,
Несiп деймiн,
Балалардың даукесi
Өзi – «дөйдiң».
Шақырайған ыстықта
Етiк киiп,
Мазағына қалып жүр
Несiне елдiң?!
Сөйтсек оның мəнiсi,
басқада екен,
Лəңгi ойнапты баламен,
Асқар деген.

107
Қайта-қайта жеңiлiп,
кеше өзi,
«Малай» болып жүгiрген
қасқаң екен.
Несiп деген намыс жоқ,
бала ма едi,
Жаманатқа осылай,
қала ма ендi.
Өшiн алу үшiн ол
Сəске түспей,
Асқарды iздеп асығып,
барады ендi!
Етiк киiп алды ол
əдейiлеп,
«Лəңгi тепсең қонышы
əдемi», – деп.
Асқарды iздеп келедi
Шыдай алмай
Бүгiн қайтсе жеңбекке
дəмелi боп!
 
ҚОРДАЙ БАТЫР
Алысып елдiң жауымен,
Шабысып жердiң дауымен,
Атағы қалған тарихта,
Атақты Қордай тауымен.
Ел сенген батыр болған-ды,
Есiмi оның Қордай-ды.
Үзеңгiге сыймас аяғы,
Денесi дүр зордан-ды.
Қордайдан батыр асар кiм,
Желiгiн жаудың басатын.
Тобылғы иiп арнайы,
Атқа үзеңгi жасайтын.

108
Құрықтай едi бойы деп,
Теңiздей терең ойы деп,
Көне көз қарттар кез болса,
Əңгiме етер оны көп.
Естiдiм аңыз айтқанын,
Сүйегi тауда жатқанын.
Көк заңғар шыңның басында
Көз жұмып батыр қайтқанын.
Қай шыңда?
Ешкiм бiлмейдi.
Қордайдан қалған бiр белгi,
Қойқаптың желi соққанда.
Ашуы қоса жүр дейдi.
Ел қойды атын асуға,
Құрметтеп қимас асылға.
Есесi кетпес ешкiмге
Жан екен теңдес жасынға.
Көсем ғой қалың ел деген,
Жер атын тегiн бермеген.
Көсегесiн көгерткен,
Қордайдай тусын ер деген.
Алапат едi ықпалы,
Жаулары шеттеп ықтады.
Батырға жұғып қалыпты,
Ем қонбас ауру жұқпалы.
Елiм деп соққан жүрегi,
Батыр бұл жайын бiледi.
Жұқпалы ауру екенiн,
Табылмасын да бiр емi.
Алмаған емiн тəуiптiң,
Көрсетпеу мақсат мəйiтiн.
Залалын ойлап ертеңгi,
Жайылар елге қауiптiң.

109
Жұққызбау үшiн елiне,
Болмауға күйiк жерiне,
Жалғыздан-жалғыз аттанған,
Биiк тау басы – «көрiне».
Қоштасып байтақ жұртына,
Ұзайды ауыл сыртына.
Қарасын кеткен көрсетпей,
Көнбестен елдiң ырқына.
Ел таппас тауға асады,
Сүйегiн алып қашады.
Сөйтiп ол асқар елi үшiн,
Ең соңғы ерлiк жасады!
Заманда өткен бұрнағы,
Қордайдың бiзбiз ұрпағы.
Парасатының қалса ғой,
Сынықтай бойда жұрнағы.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал