Бағдарламасы бойынша жарық көрді



жүктеу 7.19 Kb.

бет16/19
Дата08.01.2017
өлшемі7.19 Kb.
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

«ӨЗДЕРIНЕ ДЕ СОЛ КЕРЕК...»
– Шәкен марқұм ерекше жомарт азамат едi, жалаңаш жүр­
мiн десең, үстiндегi көйлегiн қолма­қол шешiп беретiн. Кәдiмгi 
әйгiлi актер, мақтаулы кинорежиссер болған Шәкен Ай­
мановты айтамын, – дедi бiрде Ғабит ағай жазушылар мен өнер 
иелерiнiң өзара қа 
рым­қатынасы жайында сөз қозғалып, қа­
сында отырған екi­үш кiсi бұған түрлiше пiкiр айтып, мәселенi 
өз бiлгендерiнше тереңдетiп, әрi қарай жiлiктей бастағанда. 
Сiрә, өзi де әлдене айтқысы келгендей, тамағын кенеп, емеурiн 
бiлдiре сөйледi. – Бiзге ол ерекше үйiр едi. Әсiресе Мұхаң барда. 
Қай үйге қонаққа бармайық, мәжiлiс жаңа қыза бастаған кез­
де «Ассалаумағалейкум, қазақтың игi жақсылары!» деп дауыс  ­
тай кiрiп келедi де, бәрiмiздi билеп­төстеп, бiрiмiзге еркелеп, 
бiрiмiзге қалжың айтып де 
гендей, күлкiге қарық қылатын. 
Мұхаң да оны ерекше жақсы көрушi едi. «Бұл Шәкен солай өзi. 
Өтiрiктi де шын болғандай етiп төндiре айтады, сонсоң ерiксiз 
сенесiң; мұның жүрген жерi – ойын­күлкi, қыз­келiншектер де 
осының төңiрегiнде. Бiр ғажабы, дүние­пұлдың бар­жоғы бұған 
есеп емес» деп, көпшiк қоя мадақтап, еркелетiп отыратын. 
Мұхаңды арқаланып еркелiгiн Шәкен бiзге де жасайтын. Кейде 
айла сын асырамын деп бүлдiрiп те алады. Бiрақ оған ашулана 
алмайсың. Өйткенi қылмысын да әп­сәтте күлкiге айналдырып, 
залалсыздандыра қояды. Қалайда құдай тағала оған адамның 
жан­сезiмiне жол тауып, шипалы дәрідей әсер ету өнерiн шаш 
етектен құйған. Мен кейде біздің Шәкен жаратылысынан Чарльз 
Чаплин тәрiздi ұлы ак тер­комик едi, режиссурамен бекер айна­
лысты ма деген күпiр ойға да жеңсiк бе ремiн. Бiзде, тегiнде, со­

Медеу СӘРСЕКЕ
256
лай ғой, маман жоқ деймiз де, бiр адамнан әрi актер, әрi режис­
сер, кейде оператор, тiптi суретшi болуды талап етемiз. Шәкен 
де Қали бек­Қаллекей (КСРО халық артисi Қ. Қуанышбаев – М.С.) 
тәрiздi бiрыңғай актерлiк өнердi қуған болса, сұмдық көп 
тұлғалар тiзбесiн жасар едi, амал қанша?! Ол актерлiк дарынын 
ақырына дейiн көрсете ал май кеттi...
Бiзде үн жоқ, қаламгердiң аузына қарап, тым­тырыс отыр­
мыз.
– Бiр жылы Шәкен марқұм бiзге аса үйiрсек болып алды. Ол 
кезде преферансты жиi ой наймыз. Шәкен де бұған қаражаяу 
емес. Бiрақ қалтасы тесiк, көбiне ақшасыз жүредi. Ұтылып 
қалса – қарыз болсын деп, жөнеп беретiн пәс қылығы әркiмге 
таныс. Сонысынан зәрезап болған ойыншылар қатарға оны 
қоспауға тырысады. Әлқисса, бiр жолы кәнiгi ойыншылардың 
бiрi «Жо­жоқ, Шәке, сiзбен ендi ойнамаймыз, ана жолы да нәу­
мез қалдырғансыз» деп, үстел басынан қуа бастап едi, Шәкен 
қалтасынан бiр бума ақшаны суырып алып, ортаға лақтырды. 
Әлгi ойыншы сасып қалып, «Ойбай, ғапу ет, қатеден айттым, 
отырыңыз!» деген соң, екеуiн жарастырып, Шәкендi ойынға 
қостық.
– Ойыны қалай едi? Ұтатын кезi бола ма?
– Өте сирек, – дедi Ғабең басын шайқап. – Қызып ойнайтын 
едi. Мизер шыға қалса шы дамайтын, тым әсершiл жан ғой. Ал 
преферанста тым әсерленiп қызуға болмайды, бұл – салиқа 
мiнездiң, үлкен есептiң ойыны. Ал Шәкенге салқынқандылық 
қайда? Қысқасы, төрт­бес сағаттан соң бiр қалта ақшадан сыпы­
рылып, ойыннан шығып қалады.
– Ой, бәрекелдi, онысы қиын екен.
– Ұтылдым деп қамығатын Шәкен бе? Ондай шығын жұлы­
ғынан келмейдi са 
баздың. «Келесi жолы болсын, мықтанып 
келiп, есемдi қайтарамын» дейдi де кете барады.
Ғабеңе таңырқай қарап қоямыз. Әңгiмеге сараң ағамыз, әсілі, 
мұндай арзан сөзге баспай тын. Әсiресе ойыншы тұрғыластары 
жайында. Ал қазiр...
– Арада ай өттi­ау деймiн, Шәкен бұл жолы да өзi сұранып 
келiп, ойынға қосылды. Әрине, тағы да ұтылды. Және соған 
қуанғандай қылық аңғартты. Сонымен, не керек, осындай жұмбақ 
қылықты ол бiзге кем дегенде бiр жыл бойы көрсеттi. Айдың 
басталған кезiнде ме, аяғында ма, телефон шалып, өзi iздей бас­

ШЫҒАРМАЛАРЫ
257
тайды. Кездесуге келiстiк екен, көп күттiрмей жетiп келедi де, 
қалтасындағы бірер жүз сомды ұтқызғанша, неше түрлi қауiп­
қатерге басып, тасыр­тұсыр қызып ойнайды. Ұтылған соң үйде 
байыздап отырмайды. «Болдым, бiттiм, құтылдым, өзiме де сол 
керек!» деп жөнеп береді. Бiр ескертетiн жайт: Шәкен соған дейін 
мұндай қылық көрсетпейтiн, мәжiлiс тарқағанша отыратын­
ды; ұтылғанын ықтияттап төлеуге де қазiргiдей ұқыптылық 
байқатпайтын. Оның соншама өзгеруiнде жұмбақ гәп барын 
жүрегiм сезедi. Бiрақ сол не? Қанша ойласам да таба алмадым. 
Ал әншейiнде аузы сөзден босамайтын Шәкеннiң өзi бұл жолы 
түсiнiксiз шыдамдылық аңғартуда.
Бiр күнi ойынымыздың берекесi болмай, ертелеу тарадық, – 
деп күптi әңгiмесiн жалғай түстi қаламгер. – Шәкеңнiң, сiрә, 
менiмен оңаша сөзi болды­ау деймiн, серiк тестерi қайтып жат­
қанда ол үстел басында отырып қалды.
«Ал сөйле, көмейіңде не бар?»
Әлденеге қыбыжықтап отырғанын байқап, сөзге тартып едiм. 
Әрең отыр екен, балаша қуанды. 
«Байқадыңыз ба, мен сiздерге бiр жылдан берi әдейi ұтылып 
жүрмiн».
«Е, оныңа бiз де таңбыз. Не себептен?»
«Өйткенi төлеп жүргенiм – арам ақша. Өздерiңiздi сатудан 
тапқан. Сондықтан оның бiр тиынын да шашау шығармай, тура 
өздерiңiзге қайтардым, ақ адал иесiне де ген дей... – Төмен қарап 
тұнжырап отырған сабаз кенет сылқ­сылқ күлдi. – Сiрә, оларды 
қатырдым бiлем. Өздерiне де сол керек!»
«Кiмдердi, батыр­ау? Олар деп кiмдi айтып отырсың?»
«Е, Ғабе, сүйiктi Шәкенiңiзде сiз бiлмейтiн сыр көп... – дейдi 
сабаз маған мөлие қарап. – Былтырдан берi қосымша табыс та­
уып, Алматының үш қарпiне қызметкер болып жүрмiн. Бы­
лайша айтқанда, сiздердiң бас қосқанда сөз қылатын қысыр 
әңгiмелерiңiздi тыңдап отырып, ең керектiсiн сүзiп, үш қарiпке 
жеткiзiп тұрамын».
«Қой, осындай да қалжың бола ма екен?»
«Қалжың емес, имандай шыным! Оллаһи­биллаһи! Құдай менi 
қара бастырып, былтыр күзде келеңсiз бiр серiлiк қылмыстан 
ұсталып қалдым да, со нымды жария етпеймiз деп шарт қойған 
соң, амал қанша, ерiксiз көндiм. Сiрә, бұл да со лардың менi әдейi 
арандатқан амалы­ау деймiн...»
17­247

Медеу СӘРСЕКЕ
258
«Мынауың сұмдық екен. Апыр­ау, отыз жетiнiң зобалаңы 
басыңа төнiп тұрған жоқ. Не ден, неге сонша қорықтың?» десем, 
«Е, оны қайтесiз, одан да менiң сөзiме құлақ салыңыз, – дейдi 
мұңайған Шәкен. – Сiздердiң оны­мұны сөздерiңiздi КГБ­ге мо­
лайтып жазып беремiн, соған олар кәдiмгiдей қаламақы төлейдi. 
Мен оны алған күнi­ақ сіздерге ұтыламын. Бар болғаны осы. 
Қолыма нан ұстап ант етейiн, құдай бiледi, оллаһи­билләһи, со­
дан бiр тиын да бас пайдама жаратқам жоқ. Ал ендi бұдан бы­
лай сiздермен карта ойнамаймын. Өйткенi кешеден бастап бұл 
мiндеттен құтылдым. Бiржола құрысын! Арам гонорар тоқтады, 
мен де азаттық алдым».
«Мынауың қызық екен! Жә, сонда не жазасың? Бiз, тегiнде, 
өкiметке, партияға қарсы сөз ешқашанда, ештеңе айтар кiсi 
емеспiз. Оларға қажет сөздi жаныңнан қоспасаң, бiлмеймiн, 
сенiң соншама не жайында көйітетiнiңдi?» десем, Шәкен марқұм 
iшек­сiлесi қатып күледi де, «Қаншама бiр маңызды сөз дейсiз. 
Былтыр пәленшекең жолдас Ішкi iстер ми нистрi мансабынан 
нақақтан босады. Сiздер соны өздерiңiзше ежiктеп, адал iстеушi 
едi, қайратты кiсiнi нелiктен қудалады деп, қазiргi партия хатшы­
сын жазғырдыңыздар. Сол сияқты майда­шүйде сөздер бергенiм. 
Бастапқыда мені қадағалаушылар риза болып, мадақтап жүрдi. 
Кейi ннен жазған сөздерiм қайталау бола берген соң ренжитiндi 
шығарды. Қысқасы, мәндi ештеңе де тергем жоқ: ауызекi өсек, 
әдебиетшiлердiң күйбең тiрлiгi, қыз­келiншектермен қыдырған 
жайы, картақұмарлардың есiмi...» деп қашыртқы сөзге көшiп 
сырғақтай бастады.
«Немене, сонда солар бәрі­бәрiн тексерусiз қабылдай бере ме? 
Саған да еңбектi әншейiн өсек бергенiң үшiн төлеген бе?» деп 
түсiмдi суытып едiм, «Ғабе, сiздi аңқау деуге болмайды, – дедi 
Шәкен кiнәсiн бiрден мойындап. – Кейде ендi хабарды әсерлi ету 
үшiн аздап солақай жүрiстерiңiздi аштым. Айталық, өзiңiз кейде 
шай iшуге баратын әнебiр Абай көшесiндегi пәтердi айттым. Бұл 
үшiн маған ұрыспаңыз, оны өздерi де бiледi екен. Тегiнде байқау 
керек, бұлар кiмдi болсын аңдиды. Тiптi үкiмет мүшелерiн де. 
Ал сiздерге, иә, қазақтың атақты азаматтарына тiптi құмар ма 
деймiн. Келешекте керегі болар деп, компромат жияды білем...»
«Жарайды, ақылыңа рақмет! Сонымен қосалқы табыстан 
тыйылдың ғой? Рас па?»
«Құрып қалсын, бастан құлақ садаға! Итке бергiсiз тiрлiк 
екен, бiр жылдан асты бүлiн генiме. Жегенiм желкемнен шықты, 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
259
ойын­күлкiден айырылдым. Мiнезiм де бұзылып кеттi. Сiрә, 
менен мәндi ештеңе шықпасын олар да ұқты бiлем, кеше кеш­
те шақырып алды да, «Бiзден ендi азатсыз, тек аузыңызға ие 
болыңыз!» дедi. Қолхат бердiм. Так что, менi аман болсын десе­
ңiз – осы естiгенiңiздi тiрi жанға айтпаңыз» деп Шәкен үстел 
үстiнде қалған коньяктан бүйiрлi бокалға толтыра құйып алды 
да, бiрден сiмiрiп салып, мойнынан бiр ауыр жүк түскендей, 
«Уһ!» деп терең күрсiнiп жөнеп берді.
– Қызық деуден де гөрi бұл шатақ хикаят екен. Шәкендей аза­
матты ондай мерез қы лыққа қию тiптi қиын, – деп едiк, Ғабең 
басын шайқады.
– Жоқ, жiгiттер, бекерге жазғырмаңдар, Шәкеннiң бұл – 
шексiз адалдығы. Ертеде ГПУ, қазiргi КГБ­ның торына түскен 
адамның бұлайша оп­оңай құтылғаны кемде­кем. Ал о лардың 
бәрi де арам iсiн өмiр бақи жасырумен өтедi. Айталық, менің 
бiр дос кiсiм, өзi белгiлi жазушы, менiң соңымнан тыңшы бо­
лып, мен ғана емес, барша әдебиетшi тұрғыластары туралы үш 
қаріптің адамдарына материал берiп, отыз­қырық жыл бойы со­
лардан еңбекақы алып жүрдi. Сол пақыр күнi бүгiнге дейiн үйге 
келiп тұрады, карта ойнайды, асымызды да iшедi. Шiркiнде 
бiрақ титтей  қымсыну болсайшы, өмiр бойы сол қылығы ха­
қында маған тiс жа рып, бiр ауыз сыр ашқан емес. Сiрә, соған ба­
тылы бармайды, әлде iстеп келе жатқан мерез кәсiбiне етi өлiп 
кеткен. Болмаса барып тұрған арсыз адам! Ал Шәкен – арлы 
ғана емес, нағыз азамат! Көрдiң бе, қаншама қиналып, содан бiр 
тиынды өзi үшiн жара туға дәтi бармай, ойлап тапқан амалын? 
Сондықтан өз басым оны ешқашан да жазғырған емеспiн, қашан 
ол өмiрден қапылыста өткенше құшақ айырмай, дос болып 
жүрдiк, – деп Ға бит ағай үлкенге де, кiшiге де бiрдей ұлағаты бар 
астарлы әңгiмесiн бiтiрген­дi.
 Наурыз, 1986 жыл
ТАЯҚ ХИКАЯСЫ
  Жолдаманың сәтi түсiп, 1975 жылдың мамыр айын мен 
Алатаудың көкке ма 
лынған кеңқолтық баурайында, оның 
да күтiм­бабы ерекше жайлы сауықтыру орны – «Алматы» 
санаторийінде өткiздiм. О күнде бұл – маңдайы кере қарыс таң­

Медеу СӘРСЕКЕ
260
даулы лардың ғана құтты ме кенi. Аупарткомның екiншi, үшiн­
шi хатшыларының өзiне оқта­текте әрең тиетiн, онда да жыл 
мезгiлiнiң қолайсыз – күз, иә қыс айла рында ғана берiлетiн 
мақтаулы орын. Қалайда бұйрыққа дауа бар ма, «Алматыға» 
ерекше жақсы мезгiлде орналасып, бiрден­ақ сүттiң бетiне шық­
қан қаймақ iспеттес, өңкей бiр iзеттi де зиялы қауымның ортасы­
на күп ете түстiм.
Әрбiр сауықтыру орнының өзiне тән әуені болады. Сiрә, оны 
емдеушi, иә күтушi қызметкерлер емес, бiз сияқты жан­жақ­
тан келген, бой баптап, жан күйттеген демалушылар жасайды.
Мезгiл – тамылжыған жаз, гүл атаулы ұзара өсiп, сұлу 
көркiне енген шақ. Ағаштар да жа пырағын мейлiнше жа йып, 
көлеңкелi саяны молайта түскен. Жан бағушылар да тым кек­
се, иә жарымжандар емес – емдеуден бос уақытын сыр 
тта, 
сауықтыру орнын айнала қоршаған кең бақтың аясында өткiзуге 
аса ықыласты, астананың қыс бойы көк түтiн тұмшалап тұратын 
сасық ауасынан кеуделерiн тазартқылары келгендей көбiне ау­
лада жүредi. Кекселер күншуақ аңсап баққа шықса, облыстар­
дан келген сақа жiгiттер өзгерек ермек iздеп, бильярд маңын, 
су бассейнiн жағалап, иә бас ғимараттың алдындағы шатырша 
астындағы карташылар сайы сын тамашалайды.
Мұнда өнер қайраткерлерi де аз емес. Актер, композитор, 
су 
 
ретшiлер де бiрталай. Жазу 
шылар қатарынан – төртеумiз. 
Олардың екеуi – сол күндегi ең егде қаламгерiмiз Ғабит Махмұ­
тұлы Мүсiрепов пен Иван Петрович Шухов.
Ғабит ағайдың келгенiне жиырма шақты күн болыпты. Өз 
айтуынша, өмiр бақи курорт, аурухана, туристiк саяхат тәрiздi 
демалыс, иә емдеу жайла 
рын өте сирек пайдаланған жұмыр 
басы биыл көктемде аяқ астынан «өлiп қала жаздап», қаладағы 
дәрiгерлердiң қатаң бақылауынан жуықта әупiрiмдеп әрең 
құтылған; қазiргi тiрлiгi – «сол әупiрiмде үзiлiп­жалғанған» iше­
гiне май жиып, бойына әл­қуат алу...
Шығармаларында адам мiнезiнiң түрлi құбылыстарын ше­
бер бейнелеп, тiрлiктегi күйкi жайттарды сайқымазақ әжуамен 
сипаттауға дағдыланған қаламгер ке неттен «өлiп қала жаздаған» 
жағдайын да тыңдаушы бiзге ерiксiз күлгендей мысқылмен 
әңгiмелейдi:
– Менiң бiр жаман ғадетiм бар. Оны, сiрә, бұзбаймын, оғаш 
көрсеңдер де өзгертпеймiн, – дер едi ол езу тартып. – Аңға, иә 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
261
алыс жолға кетiп бара жатқанда, әлдебiр көшенiң қиылысынан 
сыншы Т. иә ақын Ө. кездесiп, жолымды кесе­көлденең қиып 
өттi ме (жазушы бұл екi адамның есiмдерiн атап сөйлеген­дi), 
жүргiзушiге дереу керi қайтуды бұйырамын. Сол күнi жолға 
шықпаймын...
– Сiрә, оларды ерекше жек көретiн шығарсыз?
– Иә, солай болу керек. Бұл ендi жеке бастың шаруасы. Ал 
оның да өзiндiк себебі бар, бiрде ай тармын. Әлқисса, бұдан ай 
жарым шамасы бұрын Iленiң бойына қаз келіпті деген қауе­
сет құлағыма жеткен соң­ақ, ойыма желiк кiрiп, аңшылар қо­
ғамындағы ескi достарды елiктiрiп, қоржынды ауқатқа сықап, 
көктемгi жайылымға тоқ 
таған байғұс қаздардан бұйырғанын 
атпақ болып сапарға аттанайын. Комсомол атындағы әйдiк даң­
ғылмен жүйткiп келе жатқанымызда, өзiмiздiң Жазу 
шылар 
үйiнiң тұсынан жез таяғын шо шаңдатып, сыншы Т.­ның шыға 
келгенi. Қолымды саныма соғып, iшiмнен «Қап!» деп қалдым, 
тiлегiм – тұра тұрса екен. Қырсыққандай, сол кезде көше рет­
тегiштiң қызыл шамы бiзге жанды да, қаздаңдаған әлгi байғұс 
алдымызды көлденең кесiп өте шықты. Ештеңе етпес деп 
тәуекелге жеңгiзiп едiм, бiрер көше жүрген соң iшегiм түйiлiп 
шаншығандай, iшiмдi бiр пәле тартқылап жұлқығандай болып, 
ма замды ала бастады. Құдай тағала, сiрә, оңға бастаған шығар­
ау, байырғы жүргiзушiм Александрға «Бүгiнгi серуендi осы мен 
тоқтатайық, Саша, үйге бұрыл!» дедiм. Бiр тәуiрi, қасымдағы 
серiктерiм ренiш айтып, қарсылық бiлдiрген жоқ. Үйге әкелiп 
түсiрдi де, «Хабар өзiңiзден болсын» деп кете барды. Ал ме­
нен сол сағаттан бастап маза кетсiн. Күнi бойы жаттым, кеште 
де, түнiмен де дөңбекшiп ұйықтай алсамшы. Үйдегiлер дәрiгер 
шақырмақ болып қаншама айтса да, «Қоя тұрыңдар, шаншу ғой, 
әлi­ақ тарқайды, бұл енді Т.­ның жолымды кескен қырсығы» 
деп жата бердiм. Дәрiгер атаулыға, укол салғызуға мен сон­
дай зәрезап кiсiмiн. Ақыры не керек, келесi күнi кенже қызым 
үйге келіп, «Же дел жәрдем» шақырып, Совминнiң аурухана­
сынан бiр­ақ шықтым. Сөйтсем, құрып қалғыр соқырiшектiң 
жетпiс үшке келгенде ұстаған толғағы екен. Операция жа саған 
оташының болжамынша, шiрiген iшектiң үзiлуiне бiрер сағат 
қалыпты. Бұдан әрi кешiксем – жағдай қиын болмақ екен. Оны­
сы рас болу керек, әншейiнде жарым сағатта бiтiретiн жеңiл 
опера цияны ол екi есе ұзағырақ уақыт жасапты. Маған да со­

Медеу СӘРСЕКЕ
262
нысы ауырырақ тидi. Ауруханаға құр аттай тың барып едiм, 
мiне, көрдiңдер ме, әлжуаз шал болып, дымым құрып, мүлдем 
титықтап шыққанымды. Соқырiшектi жұрт оп­оңай операция 
деушi едi, әншейiн сөз­ау деймiн, маған сол әжептәуiр бей нетке 
түстi...
– Демек, жолыңызды кескен кiсi соншама қырсық емес. 
Дер кезiнде ал дыңыздан көлденең өтiп, сiздi бiр ажалдан алып 
қалған, – деп мен әзiл айттым. – Ал егер алда­жалда Iле жағасына 
кетiп қалсаңыз...
Ғабит ағай ақырын ғана езу тартты, қатты күлуге жайы жоқ­
ты, iштегi дертiн үнемi ауы рсынып едәуiр қиналушы едi. Маған 
маңқия қарап:
– Оның, Медеуо, дұрыс бiр есептен. Ол байғұс аса жаман да 
кiсi емес, бiлiмi ұшан­теңiз, өмiрден едәуiр бейнет шеккен – 
отыз жетi мен елу екiншi жылдардың тауқыметiн қо саметкей 
тартқан жан. Бiрақ менiң мiнезiм солай: көңiлiм бiр қалған 
адамға қайтып жiбiмеймiн! Бәлкiм, ол шiркiн нақ сол мезетте 
көшеге қалт етiп шыға қалмаса, кiм бiлсiн, менiң iшегiм түйiлмес 
пе едi? Ауру да оқыс түйілуден кездейсоқ қозбай ма?..
* * *
Түстен кейінгі ұйқыдан соң Ғабең баққа шығып, кiсi аяғы си­
ректеу, егде демалушылар бара қой майтын шеткергi түкпiрде 
қыдыруды ұнататын. Есiк алдындағы алаңда көп аялдамай ды. 
Өйтуiнiң түп себебi, сiрә, өзi айтқандай, «Аяқ суытуға тоқтады­
ақ, сұхбат құруға құмарлар қоршап, әр түрлi жайттан әңгiме 
қозғайды». Қаламгер аға 
мыз мұндай қысыр кеңестi, әсiресе 
өтiрiктi шындай етiп, иә жұртты күлдiру үшiн әзiл­оспақ неме­
се анекдот айтып емiн­еркiн жоситын пысықай әңгiмешiлердi 
ұнатпайды. Ондай сөз басталса­ақ шеткеріге жылжып беретiн­дi.
Бiр күнi күндiзгi ұйқыны созыңқырап алып, есiк алдына 
мерзiмдi уақыттан кешiрек шықсам, Ғабеңдi бiр топ кексе зей­
неткерлер (әрине, бәрi де дербес дәрежедегi) қоршап алыпты. 
Әңгiмелерiне құлақ салсам, мәндi сөз жоқ, әлдебiр ескi тарихты 
қозғаған мезi естелiк. Оның аяғы әдетте әңгiмелеушiнiң көзсiз 
ерлiгiн танытумен, иә асқан кiсiлiгiн аңғартумен бiтедi. Ғабит 
ағай да содан зерiгiп, жалғыз өзi сырғып кетудiң бiрақ қыбын 
таппай, әрең тұрса керек. «Бiрдеме қылып мына жерден менi 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
263
әкетсеңшi» дегендей сұқпен маған бiрер мәрте түйiле қарап қой­
ды.
– Ғабит аға, кешегi уәдемiздiң уақыты болды, кешiгемiз ғой, – 
дедiм қапелiмде ойыма түскен тосын ұйғарымға өзiмдi де сен­
дiре сөйлеп.
Әңгiме айтып тұрған кексе кiсi едi, республикалық баспасөзде 
көп жылдар бойы басшы лық қызметте болған жорналшы әкiм­
дi. «Сен неме қайдан ғана келе қалдың?» деген кiсiше маған ол 
оқты көзбен алара қарады.
– Пәлi, ұмыта жаздаппын, жүрелiк, – деп қаламгер аға өзiн 
қаумалаған кекселер тобынан iле­ақ сытылып шықты. – Әлгi 
шал жуық маңда таусылмас мезi сөз бастап едi. Газетке ұсын­
ған менiң бiр әңгiмеме өзiнiң ертеде «ерлiк» жасап, қырағы 
цензорлардың қырқуынан сақтап қалғаны жайында. Сен, Меде­
уо, дер кезiнде айырып әкеттiң. – Ғабең былай шыққан соң маған 
ризалық бiлдiрдi. – Бұл шiркiн сауысқандай сақ редактор бол­
ды, қазақтың оралымды тiлiн белiнен басып, оның небiр асыл, 
бейнелi сөздерiн бұрмалап орысшаға айналдырып бақты, әмбе 
онысын коммунистiк қырағылық, интернационалдық тағылым 
деп бiлетiн сорлы жан. Иә, кәдiмгi Маңғыстауды – Мангыш­
лакка ауыстырып, үстелдi – столға, су реттi – картинаға, хатшы­
ны – секретарьға айналдырғыш орысшыл космополиттердiң бiрi 
және соның ең соғындысы. Халқыма қалайша қызмет еттiм, ана 
тiлiме, ескi атау ларға қиянат жасап тұрмын­ау деген сезiк олар­
да болған жоқ, сірә, дарымаған. Бiр күн болса да лауазымы биiк 
креслосда қонжиып отырып, өзiнен үлкен төрелерге «Ләппай, 
тақ сыр!» десiп, тәртiп сақтағыш кiсi сияқтанып көрiнсе – есебi 
түгел...
Сәлден соң бүйiрдегi соқпақтардың бiрiнен жазушы Нығмет 
Ғабдуллин қосылды.
Аяңдап отырып терiстiк бағыттағы қосалқы есiкке апаратын 
тақта жолдың орта тұсына жеткен кезде, Ғабең кенет тоқтап:
– Ал екеуiңе бiр сұрақ... – дедi бiзге алма­кезек бағдарлай 
қарап. – Қайсыларыңның ата­бабаларың жау түсiргiш мықты 
болған? Әйгiлi батыр, палуан болмаса да ауыл ара 
сындағы 
барымтаға жүрiп, иә қарны ашып, өңешi қызыл тiлегенде тай­
құнан әке луге жараған? Тек шындарыңды айтыңдар!
Ғабеңнен iлкi кiшi екi әдебиетшi бiр­бiрiмiзге таңдана қа­
радық. Соңында қитұрқысы бар жұмбақ сауал. Сонда не? 

Медеу СӘРСЕКЕ
264
Мен жолды өзiмнен бiрер көйлектi бұрын тоздырған Нығаңа 
берудi құп көрдiм.
– Бiздiң ауылдың айналасы қалың жыныс. Әкемнiң де ата 
кәсiбi орманшылық болған. Ал ондай ну жынысты жерде тым 
қорқақ кiсiлердiң өмiр сүре алмайтынын бiлетiн шығарсыз, – дедi 
Нығаң Көкшенiң таулы, көлдi, қалың орманы жайлы бiршама 
мақтана әңгiме шертiп.
– Бәрекелдi, иланымды сөз! Қанағаттандым, – дедi қаламгер 
аға Нығаңды тыңдап болған соң, маған қарап ишарат бiлдiрдi.
Тосын сауалдың түп себебiн бiлмесем де, жауабымды Нығаң­
нан сәл асырыңқырап, ата­бабамның қарекет­тiрлiгiн бiршама 
көтере сөйлеуге бел байладым да:
– Ал бiздiң ауылдың қыстауы Шыңғыстаудың теріскей 
бөктерiндегi Матай бұйратында, бұрынғыша Дегелең болысы. 
Өзiңiз бiлесiз, Ғабит аға, ол жақтың қысы әлей қытымыр, ал 
табиғаты аса жұтаң. Демек, ондай иен далада өмiр сүру үшiн 
ата ларымыз тiршiлiктiң әр түрлi амалдарын қолданған. Соның 
бiрi тобықтының саяқ жылқысын Едiрей, Мыржық таула рын қо­
ныстайтын қаракесек ауылдарына амал дап өткiзу болса керек, – 
деп едiм, Ғабең қолын құшырлана соғып, балаша мәз болды.
– Бәсе, екеулерiңнiң де түп негiздерiң осал болмады! Тегiнде, 
атасына тартпаған ұл бiзде некен­саяқ. Демек, сендерден үмiт 
күтуге болады екен... – десiн жымиып тұрып. – Әнебiр тұрқы 
кiсi бойындай, дiңгегiнiң жуандығы бiлектей тобылғы түстес 
қызылкүрең түзiк ағашты көрдiңдер ме? – Қаламгер аға ас­
фальт төселген жiңiшке жолдың оң жағында, оны жағалай өскен 
қалың қарағаштың үстiнен тұрқы озып, бұтағын едәуiр жер­
ге жая оқшаула нып тұрған бойшаң үйеңкiнi нұсқады. – Менiң 
осы ағашқа келгеннен берi көзiм түсiп жүр. Сүйегi зiлдей ауыр, 
анау қызылкүрең қабығы – кептiргенде түспейтiн ерекше мықты 
жаралған жыныс. Ата­бабаларыңнан дарыған жүректiлiктен 
бойларыңда ештеңе қалса – осы ағашты маған таяқ етiп, кесiп 
берiңдер...
Нығаң маған, мен ол кiсiге таңдана қарап, қапелiмде ештеңе 
дей алмай, үнсiз тұрып қа лыппыз.
– Ойбой, қыдырмашылар көп жүретiн орталық жолда тұрған 
көрнектi ағаш. Оны кесемiз деп пәлеге қалып жүрмесек?..
– Қорықсаңдар, әуре болмаңдар. Әлбетте, бұл кiм көрiнгеннiң 
қолынан келетiн оңай iс емес. Баяғыда ұрлықты да, жiгiттер, iз 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
265
қалдырмай, боранды түнде жол тауып жорта алатын жүректi аза­
маттар ғана жасаған. – Мырс­мырс күлген Ғабең екеумізге бар­
лай қарады. – Ал алда­жалда кесуге талап қылсаңдар, естерiңде 
болсын, екi жерден бәкiмен кертiп белгi салып қоямын...
– Жарайды, аға, тәуекел! – дедiм мен кенет батылданып. – Бү­
гiн­ертең кес деп асық тырмаңыз, үйге қайтқанша бұл тапсыр­
маңызды бiр жайлы етемiн. Аңдауымша, бұл – анау­мынау бәкiге 
көнбейтiн қатты ағаш. Демек, оны жылдам кесу үшiн де бiршама 
әзiрлiк жасау керек.
– Мұның енді істің жөн­жосығын бiлгеннiң сөзi, Медеуо! – деп 
қостады менi Ғабит аға. – Жә, неге тұрмыз? Уәде десең – болды, 
мен сендiм! Ал, жүрелiк.
Арада екi­үш күн өттi. Түскi тамаққа шақыру үшiн үстiңгi 
қабаттағы екi бөлмелi люкске кiрiп едiм, қаламгер маған жымия 
қарады да:
– Медеуо, бас жағымдағы тағанның тартпасында сүйеккескiш 
қолара тұр. Саған керек болар­ау деп, үйден алдырып қойдым, – 
дедi.
Тартпаны ашсам, шынында да тұрқы қарыстай қолара кескiш 
газетке ораулы тұр. Жүзi бiрақ қидаланып қалған. Сүйек болма­
са, қатты ағашты кесуге жа рауы екiталай. Сөйтсе де қарындаш 
ұштағыш бәкiден гөрi көп­көрiм қару...
* * *
 Сол екi ортада сауықтыру орнындағы оқырман қауымды 
елең еткiзген бiр оқиға болып қалды...
Астананың Фрунзе (қазiргi Медеу) ауданының сайлаушы­
лары, оның iшiнде Ғы лым акаде миясының ұжымы Ғабит Мах­
мұт ұлын республика Парламентiнiң құрамына кандидат етiп 
ұсыныпты. Сол хабар бiзге түске таман жеткен кезде демалу­
шылардың бiр тобы менi оңашалап:
– Медеу, Ғабеңе сiз әдебиетшi ретiнде бiр табан жақындау 
адамсыз. Кешкi астан кейiн депутатқа ұсынылғанын құттықтап 
бөлмесiне барсақ, ақсақал ұялып қалмай ма? – десiн әлденеге 
емеурiн аңғартып.
Мен оны әрi қарай сатылап айтып ежiктемей, бiрден­ақ ағай­
дың үйiне телефон шалып едiм, Ғазиза жеңгей:

Медеу СӘРСЕКЕ
266
– Е, ескерткенiң көрiм болды, қайным. Керек­жарақты кеш­
ке таман жүргiзушi апарып бередi, одан соңғысын өзiң жайғас­
тырасың, – дедi.
Бұл хабарды манағы кiсiлерге қайыра жеткiзiп едiм. Олар 
өзара ақылдасқан болу керек, бiр­бiрiне қарады да:
– Жә, онда, қыздарға сыйлайтын шоқ гүл ұстап, ақсақалға 
қалай барамыз? Қарғалының дүкенiнде мардымды ештеңе жоқ, 
ортадан ақша шығарып, бiреумiз қалаға барып, сағат бола ма, 
жоқ, шапан тәрiздi басқа бiрдеме табыла ма – Ғабеңе лайық бiр 
нәрсе iздейiк, – дестi.
Осы арада маған бiр ой келдi де:
– Сыйлықтың жөнiн мен айтайын, бiрақ қазiр емес, түстен 
кейiн, кешкi сағат бес жарым мен алтының аралығында 
төмен ге жиналайық, – дедiм. – Не сыйлайтыны мызды сонда ес­
тiртемiн...
– Дүкенге кеш қалып жүрмейiк.
– Жоқ, кешiкпеймiз.
Уәделескен мерзiмде төменге түссем – үш­ақ кiсi, жазушы 
Нығмет Ғабдоллаұлы және жас мөлшерi өзiмiз құралыптас екi 
жiгiт күтiп тұр екен (Бұл екеуiнiң есiм дерiн әдейi атамай отыр­
мын. Өйткенi екеуi де сол кезде iрi қызмет атқарған абырой­
лы азаматтар едi. Сондық тан шартты түрде оларды тек қана 
қызмет мансабы және кәсiбiмен даралап, министр және эконо­
мист­доктор деп атамақпын. Оның себебi төменде баяндалатын 
ыңғайсыздау қаре кетiмiзден түсiнiктi болады).
Қолыма сол кезде зиялылар қауымы көбiрек киетiн қытай 
макинтошын ұстап шыққам­ды. Мамырдың шыжыған ыстығын­
да Антон Чеховтың жұртқа белгiлi қаһарманы Беликов құсап, 
күз киiмiн қамдап шыққаныма одырая қараған жiгiттер бiрақ 
сыпайылық сақтап ештеңе демедi, соңымнан үнсiз ердi. Жасыл 
бақтың терiстiк жақтағы қақпасына шыға ратын тақта жолдың 
орта тұсына келген соң:
– Ғабеңе сыйлықты осы жерден дайындаймыз. Ол анау, – дедiм 
қаламгердiң өзi әнеугүнi көрсеткен бойшаң ағашты нұсқап. – 
Осы ағашты шорт кесiп алып, сый етсек – құдай деп сөйлейiн, 
бiзге ол кісі барша ықыласымен шексiз алғыс айтады.
– Пәлi, бiр топ кiсi дардай басымызбен қолтоқпақтай сабау 
таяқты ұстап барғанымыз қа лай болады? – деп желкесiн сипады 
министр.

ШЫҒАРМАЛАРЫ
267
– Мен де соны ойлап тұрмын. Әмбе мынау жол бойында тұр, 
терезеден қараса­ақ елдiң бәрi не iстеп жатқанымызды көреді. 
Оның үстiне жапырағы жайқалып тұрған жасыл ағашты қалай­
ша кесемiз? Жұртқа масқара болып, шу шығып жүрсе? – деп эко­
номист ғалым да қа уiп айтып тайсақтай бастады.
– Жiгiттер, бiздi әдебиетшi, Ғабеңнiң мiнез­құлқын бiршама 
бiледi деп сен сеңдер – Медеудiң айтқанын iстейiк, – дедi Нығаң 
менi қостап. – Мен өзiм бұл ойды толық құптай мын. Әмбе бұл, 
сiздер айтқандай, әншейiн сабау емес, сүйегi ерекше мықты 
ағаш. Оны кесу де, сiрә, оңай емес. Бiр ме? Екiншi, Ғабеңдi сағат 
сықылды жылтырақ затпен қуанта алмай 
мыз, ертең­ақ оны 
бiреуге сыйлай салады. Ал мына ағашты таяққа кесiп берсек – 
күн сайын қолына ұстап жүредi. Ұстаған сайын бізді есіне алып, 
рақмет айтудан жаңылмайды...
– Жарайды, олай десеңдер – иландық дәлелдерiңе, – дедi ми­
нистр. – Жә, мұны қалай ке семiз, бәлкiм, қараңғы түскенiн то­
сармыз?..
– Қараңғыны күтсек – кеш қаламыз, құттықтаушы жұрт 
бiздi тосып, текке ошары лып отырады, – дедiм мен бұл iстiң 
ендiгi жөн­жосығын өз қолыма алуды ойлап. – Сiз, Пәленшеке, 
мына жолдың қала жақ басына шығыңыз да, берi қарай тiрi жан 
өткiзбеу үшiн қарауылға тұрыңыз. – Министр құп дегендей басын 
изедi. – Ал сiз, ғалым жолдас, осы жолдың екiншi басына ие бо­
ласыз, сырт жақтан да бiреу­мiреу келiп қалмасын. – Эконо мист­
доктор да ризалық бiлдiрдi. – Бiз, Нығаң екеумiз, жұмыстың ең 
ауырына, яки ағаш кесуге тұрамыз, – деп макин тоштың қау­
сырма жақтағы қалтасында жасырып тұрған сүйеккескiштi суы­
рып алып едiм, «Ы... операциясына» қатысушы әрiптестерiм 
жымың етiп, қолдарын соғып, маған қошемет бiлдiрдi. – Ал, iске 
сәт деп жұмысқа кiрiсейiк! Бiреу­мiреу берi өтпек болып әрекет 
жасаса – қатты жөтелiп, бiзге белгi бересiздер. Қысқасы, ұсталып 
қалмайық, ал ұсталмаған ұрлыққа – сот жоқ...
– Келiстiк!
Екi серігіміз операцияның ең жеңiл мiндетi тигенiне мәз бо­
лып, жолдың екi басына жөнеп бердi.
– Кесудi маған жүкте, – деп жоралғы сұрады Нығаң маған 
қиыла қарап. – Орманшының баласы екенiмдi білесің, әмбе се­
нен жасым да үлкенiрек...
– Жарайды, Ныға, сөзiңiздiң садағасы! Тек мынау бар болғыр 
тым қысқа, қолға ұстауға ора лымсыз құрал. Байқап кесiңiз!..

Медеу СӘРСЕКЕ
268
Нығаң ағаңа ақыл үйретпе дегендей қолын сермедi де, жол­
дың жиегiн қаулай өскен қарағаштың арасын ысыра ашып, арғы 
жағына еңбектеп әрең өттi. Мен бол сам ұзынша тақта жолдың 
екi басына алма­кезек көз тастап, бақылауда тұрмын. Арада бес­
алты минут өткен жоқ, Нығаң кенет: «Ойбу, қап!» – деп баж ете 
қалды да, бiр қолын қысып, ағаш түбiнен атып шықты. Сөйтсем, 
сол қолының үстiне ара тигiзiп алыпты. Құдды бiр ине мен он 
жерден шанышқандай­ақ, араның сойдиған жүзi қолының ту 
сыртына тыңнан боразда тартқандай iз салып өткен, лезде одан 
шып­шып қан шығып, қызыл ала болды да қалды. Шара қанша, 
қол орамалы мызды жыртып, тас қып байлап тастадық.
Ағашты кесуге ендi мен бардым. Бұрнағы күнi бұл жерге 
алдын ала барлау жа сап, Ғабеңнiң өзi керткен жерiн бәкiмен 
ұңғып, жол салып қойғанмын. Нығаң таяқты ұзартып ке скiсi 
келген бе, әлде керткен тұсты көрмеген бе, қолараны тыңға са­
лыпты. Темiрдей қатты жыныс оған көне ме, сүйеккескiштi 
қолына тайдырып алғаны да содан. Мен оны бәкiмен кертiлген 
ұңғы iзге салдым да, бiршама қидалап, ақыры жуантық ағашты 
жерге құлатқаным сол едi – аллеяның қала жақ басынан қатты 
жөтелген, одан соң әлдекiмдердiң күбiр­күбiр дабырлаған үндерi 
естiлдi. Бүге­шiгесi толық ойластырылған құпия опера цияның 
бiзге жетпегенi осы едi – көлденең көздерге түсу...
Жапырағы жайылып, бұтақтары да ұзара өсiп, жан­жа­
ғына далиып кеткен мәуелi ағашты мықшыңдай тартып, жол 
жиегiндегi қалың бұтаның түбiне әрең жеткiздiм де, бүк түсiп 
жата қалдым: министр әрiптесiмiздiң даусы қаттырақ шығады, 
әлдекiмдермен дауға түскендей да бырлай сөйлейдi; мына жақ­
тағы ғалым серiгiмiз де солай қарай ойысып кетiптi; ол тiптi мас 
кiсiдей жолдың ортасына талтайып тұрып алып, ашық жазуға 
келмейтiн сөлекет көрiнiс жа сап, қақшиып қалған. Соны көрген 
соң менi қорқыныштан гөрi күлкi қысты. Бiрақ, қимыл сыз сұлап 
жатып, оқиғаның соңын тостым. Бiраздан соң Нығаң маған 
жақындап:
– Медеу, тездет, бiр қауiптен құтылдық, – деп сыбырлады.
Қалған жұмыс оңай­ды: жерге құлатылған жыныстың екiн­
шi басын шорт кесiп, одан соң ортаңғы дiңгектi бұтақтан сып­
тығырлап тазарттым; ағаштың кесiндiлерiн қорғанның ұрым­
тал тұсына тасып, сыртына лақтырдым. Ондағы ойым – кесiлген 
ағаштан жұрт күдiктен гендей белгi қалдырмау. Ақыры, жарым 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
269
сағаттан соң бұл жұмысты бiржола тәмамдап, макинтошыма 
оралған, ұзындығы оқтаудай тобылғы түстi қызылкүрең, дiңгегi 
бiлектей жұп­жұмыр, әмбе сабаудай түп­түзу әдемі таяқты менiң 
бөлмеме жеткiзiп, киiм iлетiн шкафтың iшiне жайғастырдым.
* * *
 Уәделескен мерзiмде, кешкi ас iшiлiп, жұрттың денi теледи­
дар алдына жайғасқан ымырт мезгiл едi бұл, манағы төрт жiгiт 
бас қосып, Ғабеңнiң бөлмесiне келсек – орыс жазушысы, байырғы 
қазақстандық Иван Шухов пен атақты актер ағамыз, Еңбек Ерi 
Серке Қо 
жамқұлов төрде және екi­үш үлкен кiсiлер үстелдi 
жағалай жайғасып алған, үй иесiмен алқа­қотан әңгiмелесiп 
отыр.
– Ау, Медеу шырақ, бұл үйдегi жасырын қойманың кiлтi сен­
де дейдi. Манадан берi қайда жүрсiң? – деп әзiлдедi Серке ағай 
менiң қолымдағы газетке оралған бумаға үмiттене қарап.
Тоңазытқыштағы ас­суды дастарқанға орналастырып, жең­
гей жiберген армян коньягынан әркiмге сыбаға құйған соң 
Серке ағай орнынан тұрып, ортамыздағы жалғыз кандидатқа 
құттықтау сөздер айтты. Рюмкелер екiншi, иә үшiншi мәрте 
қайталанғанда бiздiң топтың бiрi маған қа рап иек қаққан­ды.
– Ғабит аға, – дедiм газетке оралуы затты қолыма алып, – Сiз­
дiң халық мерейiне бөленiп, абыройыңыз асып тұрған бүгiнгі­
дей аса мәртебелi күнiңiзде осы жерде де малып жүрген жiгiттер 
өзара ақылдасып, көңiлiңiзден шығар деген ниетпен бiр сыйлық 
әзiрлеп едiк. Соны табыс етуге рұқсат етiңiз. Бiр айта кететiн 
жайт, бұл сыйлықтың нарқы аса қымбат бол мағанымен, бiзге 
ол бiрталай бейнетке түстi: мысал үшiн, едәуiр жерге саяхат 
жасап, шар шап­шалдығып, көп еңбекпен таудағы ну жыныстан 
таң дауға тура келдi. Жасырын жүрген бұл операцияға қазiр 
алдыңызда тік тұрған төрт iнiңiз – бiр министр, бiр доктор­эконо­
мист және қос жазушы қатысты...
Үстел басындағы жұрт жұмбақтай сөйлеген тосын әңгiмеге 
құлақ түрiп, тым­тырыс тына қалысты. Сiрә, бұл неғылған ғажап 
сыйлық деп ойласа керек. Ғабит ағайда үн жоқ. «Iшiм сезедi 
оныңды» деген кiсiше маған ұмсына қарап тыныш отыр.

Медеу СӘРСЕКЕ
270
– Қысқасы, бұл шаруаны ойдағыдай орындау жолында төр­
теуiмiздiң тап бүгiн көрген қорлығымыз аз емес. Бiр жiгiтiмiз 
техникалық қауiпсiздiк ережесiн өрескел бұзу себептi қолын 
шие дей ғып жаралап алды, бейнелеп айтқанда, қасықтай қанын 
сiз үшiн шығын еттi...
Нығаң орамал байламы ақ дәкемен ауысқан сол қолын жоғары 
көтердi. Ғабең оған мәз бо лып, алақанын бiр­бiрiне соғып едi, 
басқа жұрт дереу қостап, Нығаңа мәрттiгi үшiн де қошемет 
бiлдiрiп, «Бәрекелдi!» десiп, жаппай мақтау айтысты.
– Ал жол жақта қарауылда тұрған дардай бiр iнiңiз бай­
қаусызда үстiмiзге келiп қалған әйел қыдыр машыларды бөгеп, 
ұрлығымызды сездiрмеу үшiн қасақана мас кiсiше былқылдап, 
жол ор тасында сөлекет қимыл жасап, өтiрiк талтайып, дәрет 
сындырған кісі боп, не керек, абыройынан жұрдай болды. Бұл 
«ерлiктiң» иесiн қолмен нұсқап айтпаймын, бiрақ сол аза маттың 
дастарқан басында отырғаны – шындық!
Жұрт бұл кiм болды десiп, төртеумiзге алма­кезек тiнте қа­
расты. Бiрақ бiз де өзара келi скендей, қасақана тымырайып сыр 
бермедiк.
– Әй, Медеу қарағым, мынауың бек қызық әңгiме екен! Кiм 
болса да айтсаңшы, қайсың, ей, бұл амалды жасаған? – деп Серке 
ағай қыстап едi, мен басымды шайқа дым.
Қаламгер ағамыз әлгiден бетер құмарланып, тек қатты күле 
алмай, iшiн басып селкiлдеп қояды. Жұрттың ықылас­ын тасы 
менде екенiн сезiп тұрмын. Сөйтсе де үлкендердiң iлтипа тына 
қиянат жасауға болмайды ғой, әр нәрсе орнымен дегендей... Сол 
себептi сөздiң тоқетерiне көшiп:
– Мынау! – дедiм. – Соншама бейнетпен әрi бiршама беделден 
айырылып, Ғабит аға, сiзге әкелген сыйлығымыз!
Қолымдағы затты орауынан босатып, Ғабеңе ұсынып едiм, 
ол кiсi тағы да мәз болып, қолын құшырлана соқты да, менi ба­
уырына тартып, қазақша құшақтады. Менен кейiн жасырын 
операцияға қатысқан жiгiттердi түгел құшақтап:
– Бәрекелдi, сендер өзi мұны Алатаудың қиын бiр қиясынан 
қиып алғансыңдар ма? Құдай­ау, өне бойына қорғасын құйып 
қойғандай сүйегi зiлмауыр, әмбе түсi де сондай келiстi таяқ екен! 
Қайдан тапқансыңдар? Қайдан алсаңдар да бәріңе шексiз рақ­
мет! Әлгi ерлiктерiңе де дән ризамын, соншама iздеген бейнетте­
рiң үшiн де! Бұларың – мен үшiн өте қымбат сыйлық, қымбат бо­

ШЫҒАРМАЛАРЫ
271
латыны – көптен берi нақ осындай жуан, салмақты таяқ қолыма 
түспей жүр едi. Тұп­тура көңiлiмнен шықтыңдар, жа райсыңдар, 
азаматтар! – деп тағы да бiрталай ри залық сөздер айтты.
Люкс бөлмедегi көпшiлiк ту баста менiң елiктiре сөйлеген 
жел сөзiме малданып, ерекше бiр қымбат, әрi сирек зат көремiз 
деп ойлап қалып, онысы әншейiн қол ағаш болып шыққан соң, 
оңбай алданғандарына өкiнiп, тым­тырыс отырып қалған­ды. 
Ендi қадiрлi қаламгердiң бiздiң сыйлықты ерекше құптап, бала­
ша қуанғанын көрген соң, дереу қостап, таяқты мадақтап, бiзге 
де мақтау айта бастады. Ғабеңнiң өзi де: 
– Не iстедiк дейсiңдер, қандай­қандай құрбандық жасадыңдар? 
Әсiресе әлгi қыдырмашыларға обал болған екен...– деген сияқты 
лебiз бiлдiрiп, әзiл әңгiменi қыздыра түскен­дi. – Менiң ерекше 
бiр құмар iсiм – таяқ жинау, ағайын. Әлдебiр баққа, иә орман­
ды жерге тап болдым ба, әнебiр түзiк ағаштан қандай әдемi таяқ 
шығар едi деп, ойша жобалай бас тайтын жаман ға детiм бар. Әмбе 
соны барша жұрт құсап таяну үшiн емес, оқтаудай етiп қысқартып 
алып, қолыма ұстап жүрудi ұнатамын, – дедi қаламгер тың 
әңгiме бастап. – Бұрнағы жылы дәм тартып, жапон елiне бар­
дым ғой. Бiздiң топ ақын­жазушылардан құралғанымен, үкiмет 
делегация сы дәрежесiнде құрмет көрсеттi. Соның дәстүрлi бiр 
рәсiмi, орысша оны ритуал дейсiңдер ме?.. Иә, сол бойынша, 
бiр күнi жапон патшасының меншiк бағына тап болдық. Жер 
бетiндегi пейiш, жұмақ жайындағы түрлi аңыздарды естiген 
шығарсыңдар? Өз басым бiздiң планетадағы нағыз жұмақ – тап 
сол, жапон императорының меншiк бағы ма деп ой ладым: неше 
түрлi әншi тотықұстар сайраған; қаншама мың ағаш түрлерi 
өскен; қолға үйретiлген жабайы аңдары да қисапсыз көп. 
Тоқетерiн айтқанда, бақты ар мансыз қызықтап болып шығар кез­
де, әлгiнде айтқан қисық ғадетiм есiме түсiп, бiршама қипақтап 
тұрып, бастаушы кiсiмiзге соны тұспалдап жеткiзiп едiм. Жа­
пондар мұндай тiлекке ерекше iлтипат бiлдiредi екен, әсiресе 
қонақ күтуге бiздiң қазақтан да артық па деймiн, тапсырма алған 
бақтың қызметшiсi өзiм көрсеткен тырбық ағаштан әдемi бiр 
таяқ кесiп бердi...
– Неғылған iзет!
– Әмбе жапон патшасының меншiк бағынан!..
– Сенiң мұның, Ғабит, ендi бүкiл Алатау баурайынан, иә 
өзiмiздiң терiскейден, тiптi Көкшетаудан ағаш таппағандай, со­

Медеу СӘРСЕКЕ
272
нау Жапониядан сабау таяқ қалағаның – бiлмеймiн, ба рып тұрған 
кесiрлiк! Бала­шағаңа мәңгi ермек болатын бiр телевизор, иә әлгi 
сөз жазғыш магнитофон әкеп берудiң орнына... – деп Серағаң 
кеңк­кеңк күлiп, қаламгерге тиiсе сөйлеп едi, Ғабең миығынан 
күлiп:
– Мұның тұп­тура құдай сөзi! Өзiм де соны айтқалы отыр­
мын. Бiздiң қазақ мұндай кесiрлiктi «Тентек шоқпар жияды» 
деп өлтiре шенеп, адалын тура айтқан. Қалайда менiкi – құдай 
сүйер қылық емес, үй iшiм де қайтып келгенде нақ осылай дедi! 
Бiрақ, не керек, сол еңбегiм еш болды. Жапониядан қайтып кел­
ген соң, аэро порт басында­ақ Алексей Сурков «Осы олжаңды 
маған сыйла!» деп жатып жабыс сын... Ол өзi ұсақ­түйекке құмар 
кiсi, сол қылығын сувенир жинау деп ақтайтынын қайтер сiң? 
Сiрә, таяқтың жапонның императоры бағынан кесiлген ма­
дақ дақпыртына қызықты­ау деймiн. Бергiм келмей қипақтап 
едiм, мейманханаға дейiн ере жүрiп, «Өмiрi маған ештеңе сый­
лаған емессiң; мен бiлетiн қа зақтар шетiнен жо март едi, сен 
ғана сараңсың. Мұхтар, Сәбиттер тiрi жүрсе бүйтпес едi...» 
деп, қай­қайдағы мезі сөздердi үйiп­төгiп, еркiме қоймады. Кө­
ңiлiн қимадым, берiп­ақ жiбер генiм, – деп қаламгер сол күнгi 
мырзалығына әлi де өкiнгендей қинала сөйлесiн.
– Қап, бекер­ақ берген екенсiз.
– Соншама жерден атан түйедей қалап алған соң үйге әкелу 
керек едi, – десiп бiз де өкiнiшiн қоздыра түскемiз.
– Ал, жiгiттер, мен сендерге турасын айтайын, мына таяқ – 
Жапон аралынан алғандағы дан бiр мысқал кем емес, өте сүйектi 
жыныс! Сiрә, арғы тегi – бiздiң жақтың ағашы емес. Алматының 
бағбандары, тегiнде, әскез мамандар, әлдебiр шалғай қияннан 
алдырып өсiрген, – деп Ғабең бiздiң сырымызды аша жаздап, 
абиұр болғанда сөзiн қолма­қол түзеттi. – Қайдан қисаңдар да, 
жайсаң інілерім, сендер мұны таңдай бiлгенсiңдер, көздерiң ғана 
емес, көкiректерiң де көреген!..
Сол күнi кеште қадiрлi қаламгердiң бөлмесiнде біршама уа­
қыт отырып, көңiлдi демалыс жасап, сыртқа шыққанымызда:
– Жiгiттер, екеуiңе де рақмет! – дестi бiздiң таяқ кесу опе­
рациясына қатысқан ми нистр мен экономист­ғалым бiрiн­бiрi 
қостай сөйлеп. – Жылтырақ бiрдеме iздемей, сыйлыққа таяқ 
апарғанымыз жақсы болды. Менi өзi соны қомсынып барып едiм. 
Со ншама үлкен кiсi бола тұра Ғабең бiздiң қарапайым сыйлыққа 
балаша қуанды. Ғажап мiнез!

ШЫҒАРМАЛАРЫ
273
Бiрер күннен соң бақтағы серуеннен қайтып келе жатқаным­
да Шухов менi тоқта тып:
– Мен саған қатты өкпеледiм, Медеу, – дедi кәдiмгiдей ер­
нiн бұлтита сөйлеп. – Жазушы лар одағындағы қызмет жөнiмен 
айтсам, осында демалып жатқан екеуiмiз де – басқарма хат шы­
сымыз, яғни саған құқымыз бiрдей жүретін ресми бастықпыз. Ал 
сен арамызға от жаққандай­ақ қандас ағаңа күнi кеше соншама 
әдемi таяқ сыйладың, маған соның бiр бұтағын да ұстатпадың. 
Мұның қалай? Әлде мен бiр таяққа таты майтын жөнең жазушы­
мын ба? Керек десең, менi де кеше депутатқа ұсынды, өзімнің 
Пресногор ауданынан. Ал сендер, қазақтар, менi құттықтаған 
да жоқсыңдар. Әне угүнi оқыдың ба, мен сенi «Простор» жур­
налының қоржынында жылқышы туралы жап­жақсы жаңа 
хикаяты жатыр, жуықта жарияланады деп «Казправданың» 
бетiнде жер­көкке сыйғызбай мақ тап жаз дым. Ең құрығанда сол 
лебiзiмдi ақтамадың...
Мен қипақтап тұрып:
– Жарайды, Иван Петрович, қайтқанға дейiн бiр таяқ кесiп 
берейiн, тек оны Ға бит Махмұтұлына айтпаңыз, – дедiм.
– Е, бәсе, рақмет, осылай дейтiнiңдi бiлiп едiм!
Амал қанша, уәде еткен соң – орындау керек. Екi­үш күннен 
соң өзiмiз кескен үйеңкi ағаштың қалдығын қайта көтерiп, 
әлдiрек бiр бұтағынан ұзындығы бiр метр дей таяқ кесіп, Иван Пе­
тровичке сыйладым. Шухов та iрi дарын иесi. Зор таланттардың 
мiнез­құлқында, сiрә, өзара ұқсастық болады. Ол кiсi де осынау 
бол машы iзетке Ғабеңдей қуанып:
– Ә, мұның дұрыс болды. Мұны әкеп бермесең, мен сенi ха­
лықтар достығын түсiнбейтiн, қадiрлемейтiн, пиғылы терiс, 
ұлттық тар шеңбердегi әдебиетшi деп ой лайтын едiм. Ондай кү­
пiр ойдан менi құтқарғаныңа тәңiр жарылқасын! – дедi қолым­
ды құшырлана қысып.
Бүгiнде өзiме де ерсiлеу көрiнетiн осынау болмашы сыйлықпен 
сол жолы екi бiрдей iрi жазушыны риза еткенiме осы күнге дейiн 
таңмын...
 
* * *
 
 Сол жылы бiз, бiр топ демалушы сый еткен оқтаудай жуан 
қызылкүрең түстi таяқ Ғабеңнiң жұмыс бөлмесiндегi ағаш та­
18­247

Медеу СӘРСЕКЕ
274
ғанда төрт­бес жыл ұдайы iлулi тұрғанын мен үйiне барған сайын 
көрiп жүрдiм. Қаламгер аға оның өте берік жыныс екенiн дұрыс 
меңзептi: қанша жыл өтсе де қабықталмаған, сүйегi мықты ағаш 
бастапқы реңiн тит тей өзгерткен жоқ; Ғабең оның бiр жақ ба­
сын жiңiшкелеп кертiп, ширатылған жiбек бау таққаннан өзге 
ешқандай дақ түсiрмей, ұзақ уақыт сыртқа шыққанда қолына 
ұс тап  жүрдi.
2002 жылы Ғабит ағайдың жүз жылдық мерейтойы ха лық­
аралық деңгейде тойланар қарсаңда өзі тұрған пәтердегі мұ­
ражайы күрделі жөндеуден өтіп, қайыра ашылғанда мен Семей­
ден арнайы барып, талай мәрте сұхбат құрып, дәм де ішкен үйді 
асықпай аралап, әр бөлмеге қойылған мұрағаттармен мұқият 
таныстым. Шыны шкафтың ішінде ілулі тұрған төрт­бес таяқ 
та көзіме оттай басылды. Бірақ, қаншама үңілсем де, бір кез­
де өзім кесіп берген қызылкүрең таяқты көре алмадым. Соның 
жөнін тәптіштей сұрағанымда, мұражай директоры Әділғазы 
Қайырбеков: «Екі­үш таяқты біз Қызылжардағы өлкетану мұ­
ражайына сыйлағанбыз, онда да Ғабеңе арналған бөлімше бар. 
Сірә, сіздің сыйлық таяқ сонда кеткен болар. Тегінде, әр таяқта 
қаламгердің өткір бәкісінің ізі болғанмен, ешқандай паспорты 
жоқ, кімнен, қашан алғаны да жазылмаған...» – деген түсінік 
айтты. Қисынды уәж.
Сол себепті мән­жайын, кесілген тарихын осы хикаятта біз 
түгендеуге тырысқан мұрағатты көргісі келген жұртқа Қызыл­
жардың өлкетану мұражайын нұсқаймын... 
 
 1991 жылдың қараша айы мен 2001 жылдың тамызы

1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал