Бағдарламасы бойынша жарық көрді



жүктеу 7.19 Kb.

бет15/19
Дата08.01.2017
өлшемі7.19 Kb.
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

«БИАҒАҢ ХАЛЫҚ ЖАУЫ БОЛСА –
 МЕН ДЕ ЖАУМЫН!»
 «Алматы» сауықтыру жайының кең бағы. Айнала жайқал­
ған ағаш. Қайың, үйеңкi, шырша, қарағай тәрiздi неше алуан 
ағаш түрлерi аралас егiлiп, со лардың араларына жiңiшке жол­
дар салынған. Кең алаңқайлар жасыл шалғынға толы. Бұларды 
жағалай етек­жеңi түрiлiп бiртегiс қырқылған, бойшаң кiсiнiң 
иығы теңескендей еңселi де жиi етiп қарағаш өсiрiлген. Қысқасы, 
бұл жерге тап болған жан өзiн жұмақтың кiре берiсiне енiп келе 
жатқандай сезiнiп, бойындағы жел­құзын бiр мезет ұмытары 
хақ.
Бiз де сондай кең пейiлдегi пенделердiң бiрiмiз. Күн сайынғы 
қалыптасқан машығымыз бойынша, емнің түрлi рәсiм, қажет 
талаптарын атқарған соң баққа шығамыз. Қазiргi бағытымыз – 
кешегiден де ұзақтау, жалқау қыдырмашылар баса қоймайтын 
шеткергi түкпiр.
Бiз дейтiнiмiз – Еңбек Ерi, атақты жазушымыз Ғабит Мү­
сiрепов ағай, профессор жазушы Нығмет Ғабдуллин және мен. 
Ғабеңнiң қазiргi жүрiс­тұрысы тым сылбыр, жуықта соқырiшегiн 
алдырған. Бiрақ iлбiп қозғалса да бұл күндерде көбiрек жүруге 
ол кiсi ерекше ықы ласты. Өйткенi соқырiшектi алдырудан соң 
iште байланған берiш­құрыстар, дәрiгер лердiң айтуынша, тек 
қана қозғалыста тарқайды­мыс. Сол себептi, кiшi бесiннен кейiн 
ол кiсiнi бөлмеде ұстай алмайсың. Серуенге шыққанда қасына 
ертетiн серiктерi – бiз, үзеңгiлес бол масақ та, жазушылардың 
үшiншi, төртiншi легiнен саналатын Нығаң екеуiмiз...
– Ғабеке, мына Медеу екеумiздiң осында сiзбен кездескен­
нен берi ынтамызды құртып, бiлгiмiз келiп жүрген бiр жайт – 
отыз жетiншi жылғы шексiз батырлығыңыз, – деп бұл жолғы 
әңгiменi Нығмет ағам көпшiк қоя бастады. – Биағаңды, Бейiм­

ШЫҒАРМАЛАРЫ
239
бет Майлиндi айтамыз, баяғыда көп алдында қалайша қорғап 
сөйлегенсiз? Мұныңыз ендi асқан ерлiк, әсiресе адам қанын 
селдетiп ағызған отыз жетiншi жылы!.. Осы сырды бiзге жұмбақ 
етпей жазсаңыз да болар едi, бiрақ өзiңiздi­өзiңiз мақтаудан 
қымсынатын шығарсыз. Тiптi жұртқа дабырлап айтпайсыз сол 
жайында...
Ғабит аға үндеген жоқ. «Оның рас» деп қостағандай, иә жа­
ратпағандай да шырай таныт пады. Толғана қозғалып, «Е­е...» 
дегендей бiр дыбыс қатты да, алға жүре түстi.
– Бұл оқиға бiзден де гөрi халыққа керегiрек, қала бердi ке­
лешек тарих үшiн де, – дедiм мен Нығаңды құптап. – Бесеудiң бi­
рi болып, қанішер Голощекиннiң қыр елiне озбыр лығын әшкере­
леп, отыз екiншi жылы да «Қазақ халқы аштыққа ұшырап жа­
тыр» деп Ста линге ашық хат жазыпсыз. Тiптi бiр емес, екi мәрте! 
Оны да жұртыңыз емiс­емiс бiледi. Ал мына ерлiгiңiздi... Отыз 
жетiншi жылдың нәу 
бет­зобалаңында қазақ зиялыларының 
бұғып қалмай, iшiнара қарсылық жасағандары болғанын күллі 
қауым, әсiресе қазiргi жастар бiлуге тиiс, аға...
Аға қаламгер қоңыр көзiнiң қиығымен екеумiзге бағдарлай 
бiр қарады да:
– Е, ол қаншалықты батырлық дейсiң? Бас қорғау қамындағы 
жанайқай десеңдер шындыққа жақын болар. Ежовтың қанды­
шеңгел жандайшаптары құтырып тұрған әлей кез емес пе, оларға 
қарсы тұру қайда?! – деп сәл кiдiрдi.
– Менi бәрiнен де бұрын сол науқаннан аман қалғаныңыз 
таңғалдырады. Пәле қайда деп iзденiп жүрген әлекей жандай­
шаптарға бұл ендi таптырмас желеу емес пе? – дедi Нығаң. – 
Менiң бiлуiмше, сол бiр аласапыран кезде ар­ұятын таза сақтап, 
ГПУ­ге тыңшы болмай, иә ұсталған сормаңдайларға куәлiкке 
жүрмей, дiн аман қалған қаламгерлер некен­саяқ. Солардың бi­
рi – сiз деседi бiлетiндер...
– Жарайды, Ғабдолла ақсақалдың баласы, құштар болып тұр­
саңдар – айтайын, тек анау сәкiге жетiп, аяқ суытайық. – Ға­
бит аға жасыл алаңның түпкiргi шетiндегi ұзын орындықты 
нұсқады. – Бұл ендi жол­жөнекей айтатын және елдiң бәрiне сыр 
ғып шертетiн қызықты хикаят емес. Артында дүдәмал гәптерi де 
аз емес...
Көлеңке мол түскен жердегi орындыққа жетiп жайғасқан соң 
да аға қаламгер әңгiмеге бiрден кiрiскен жоқ. Сiрә, өзi үшiн де 

Медеу СӘРСЕКЕ
240
жұмбақ сыры мол, әмбе еске алу әрқашан ауыр тиетiн қолайсыз 
оқиғаны айтар­айтпасын ойлап отырғандай...
Жолымыз оңғарылды. Сәлден соң­ақ көңiлдiң қалтарыс 
түпкiрiнде көп жылдан берi қозғаусыз жатқан көкейкесті сырын 
Ғабит аға там­тұмдап шығара бастады...
* * *
– Тағдыр жазуы дейміз, ал мен кейде Биағаңның ұсталуы на 
«Аманкелдi» кино фильмiнiң экранға кешiгiп шығуының ке­
селi тидi ме деген күпiр ойға жеңсiк беремiн. Сол картина бiрер 
ай бұрын шықты ма – Бейiмбет те аман қалып, дүниеден бiз құсап 
кексе тар тып өтер ме едi, кiм бiлсiн? Амал қанша, «Аманкелдi» 
экранға шыққанда Биағаң түрмеде болатын. ГПУ­дiң дөйлері 
Майлиннiң фамилиясын тит рден алғызып тастады да, оның ав­
торы боп Всеволод Иванов екеумiз ғана қалдық. Ал фильмдi 
халықтың қабылдауы ғажап болды. Күн сайын қойылса да 
жалықпайды, рақатқа батып көредi де отырады. Бiресе жылап, 
бiресе күлiп, жаппай қуанған жұрт.
О күндегi халықтың киноны, театрды тамашалауы – ерекше 
құбылыс. Соған қатысқан актерлер де – құдайдың еркесi. Олар­
ды тiптi жазушылардан да артығырақ құрметтеушi едi. Менiң 
де ГПУ­дiң ұзын құрығынан аман қалуымның бiр себебi – осы, 
«Аманкелдiнiң» мадақ дақпырты... Өйткенi мен бiрден­ақ жөнсiз 
мақ тауға түсiп, «Аманкелдiнi» жазған жалғыз қаламгер атан­
дым. Всеволод Вячеслав бала сының қосалқы еңбегiн бiздiң халық 
жете бағалай қойған жоқ, «Е, ол өзiмiздiң Ғабиттiң сөзiн орысша­
лап берген ғой» деген тұспал ойға сайды. Әйтеуiр Ежовтың жан­
дайшаптары бастапқы кезде маған тиiспедi...
Ғабең әңгiмесiн үзiп, бетон қорғанның ту сыртындағы қалың 
жыныстың iшiнен мезгiл­мезгiл естiлiп тұрған бұлбұлдың әнiне 
балаша таңырқап құлақ түрiп, ерекше қы зықтап, бiршама уақыт 
үнсiз отырды.
– Әлбетте, қызық­шыжық, иә сор­бейнеттiң бәрi де татар 
дәмнен екенi рас. Бейiмбет сынды арыстар әдiлетсiздiктiң құр­
баны болып кете барды, ал сiз, Ғабеке, халқымыздың мәртебесiн 
жоғарыға көтерiп, қандай­қандай асыл дүниелердi сый еттiңiз, – 
десiп көтерме сөз айтып едiк:
– Ондай мадақты мақтау сүйетiн Ғабиден ағаларыңа айтың­
дар... – дедi Ғабит аға келеңсiз iлтипатымызды жаратпай. – 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
241
Әлқисса, содан бiр күні, бұл ендi отыз жетiншi жылғы науқан­
ның қыза бастаған кезi, менi одақтың партия жиналысына 
шақыр ды. Күн тәртiбiндегi мәселе: «Халық жауы болып шыққан 
сатқын Майлиндi әшкерелеу; ортамызда бұғынып жүрген оның 
сыбайластарын анықтау»...
Бiзде үн жоқ. Өзiмiз тiлеген жұмбақ хикаяттың сүреңiне жа­
қындағанымызды сезiп, тым­тырыс отырмыз.
– Тiл безеген әдебиетшi белсендiлер мiнберге таласа шығып, 
кеше ғана орта 
мызда отырып, бәрiмiзге ақылшы, қамқоршы 
болған, қалам ұштауға септiгiн тигiзген Биағаңды аямай дүрелеп 
жатыр: «Ол арам ниетiн жасырған қорқау қасқыр; ел мүддесiн 
жапон, немiс агенттерiне қатар сатқан арамза; әдебиеттiң асыл 
мiндетiн терiс пиғылына жаратқан алаяқ; қасына жарамсақтарды 
ертiп топ құрған, сөйтiп өз руының сойылын көтерген әсiре 
ұлтшыл; кешегi Алаш партиясының сарқытын iшкен жырын­
ды қу...» Қысқасы, бәрiмiз де аңқау ғана емес, көрсоқыр болып­
пыз, қақ қасымызда жүрген тап жауын көрмегенбiз... Әшке­
релеу жиыны кем дегенде төрт­бес сағатқа созылды. Залдан 
шығуға болмайды, шықтың екен – пәлеге қаласың: «Халық 
жауын әшкерелеуге қарсысың; демек, сен де солардың бiрiсiң, 
иә тап дұшпанына iштартасың...» О күнде сынықтан сылтау 
iздеушi көп. Қалғып кетсең де кiнәлiсiң – тыңдағың келмегенi 
деп қаралауы сөзсіз. Амал қанша, тiлсiз мылқауға айналып, ара 
түсуге шама қайда, айтылып жатқан сорақы айыптардан сүйiктi 
қаламгерді адақтап алудың жо 
лын таппай, дәрменсiз халде, 
соған да iшқұса болып, дел­сал қалыпта күйiнiп отырғанмын. 
Дәрменсiз болатын себебiм – Ағарту комиссариатында өнер сек­
торын басқаратын мiндетiмнен сол қарсаңда босағам. Бастығым 
Жүргенов Темiрбек түрмеде. Басқадай жұмыс ұсынған жоқ­ты, 
менiң де халiм «Ертеңгi тiрлiк не бо лады, бала­шағаны қалай 
асыраймын?» дерлiк мүшкіл жағдайға жеткен. Қысқасы, бiр 
қабат жөнең киiмдi боқшаға салып қойып, қай күнi әкетедi деп 
күнi­түнi күтiп жүрген әрi­сәрi шақ. Өйткенi Темiрбектiң «оң 
қолы» болған дақпыр тым бар...
Қаламгер ауыр күрсініп, сәл тыныстады.
– Әлқисса, содан тiл безеген белсендiлердiң бiрi (Қаламгер 
белсендiнiң есiмiн атаған­ды. Қазiрде арамызда жоқ адам болған 
соң оны түстеп берудi лайық көрмей, Т.Ж. деп қана атаймыз – С.М.) 
әшкере сөзiн аяқтай берiп «Майлин сияқты жапон ның агенттерi 
16­247

Медеу СӘРСЕКЕ
242
бiздiң ара мыздан әлi толық арылған жоқ. Бейiмбеттiң итаршы 
құйыршықтары нақ бүгiн де осы залда толып отыр. Солардың 
бiрi – анау үнсіз отырған Мүсiрептiң Ғабитi...» десiн. Орнымнан 
қалай атып тұрға нымды, екi­үш аттап, қаралаушының қасына 
жетiп барғанымды бiлмеймiн. Жадымда анық сақталған оқиға, 
одан да гөрi жүрегiмде мәңгi жатталған жайт – мiнбердегi ше­
шендi шетке ығыстырып тастап, «Әй, қанішер, не оттап тұрсың?! 
Биағаң халық жауы болса – менi де сол кiсiнiң нақақ жа ладан 
опық жеген тобында деп есептеңдер! Бүкiл өмiрiн туған халқы 
үшiн сарп етiп, қаршадайынан соның мұң­мұқтажын жоқтап, 
дана сөзiн қағазға түсiрiп, ұлт әдебиетiнiң iргесiн қаласып, туған 
елінің сүйiспеншiлiгiне бөлен ген арлы азаматты «халық жауы» 
деп қорлауға қалайша ауыздарың барады, ар­инабат, на мыс деген 
қайда? Бүгiн Бейiмбет Майлиндi жаман дап, оның адал еңбегiне 
күйе жағып, ғажап дарынын күйкi қызғанышпен қаралап 
отырғандардың ертең­ақ халық алдында қарабет болмасына кiм 
кепiл?! Қысқасы, өз басым Биағаның жау екенiне сенбеймiн! 
Мына бүгiнгi жиын да – үстiне қой терiсiн жамылып, шын ниетiн 
жасырып жүрген халық жауларының ұйым дастырған зи янды 
әрекетi. Сондықтан да осынау ниетi бұзық жиналыста ендi бiр 
минут та қалмаймын!» дедiм де есiкке беттедім...
– Дұрыс­ақ, тiптi ғажап айтқан екенсiз!
– Екi өмiр жоқ деп, не болса да айтып өлуге бел байлағансыз­
ау, сiрә?
– Ашу үстiнде солай дедiм бе, әлде бұдан да гөрi ащырақ 
сөздер айттым ба – анық­қанығын бiлмеймiн, әйтеуiр өзiме аш 
қасқырдай анталай қараған қаскөй белсендiлер 
ден жасқан­
бағаным хақ. Неше айдан берi Қазақстанда жүрiп жатқан «жау­
ларды әшкерелеу» науқанына қарсылығымды, қашан әкетедi деп 
ұйқысыз өткiзген, соңғы кезде iште қордаланған запыран­кектi 
үш­төрт минутта төге салып, есiкке ұмтылғаным анық! Алайда 
есiкке жете бергенде­ақ сендер қазiр мадақтап отырған «батырға» 
қауiп кiрдi, кiмнiң болсын қатерлi сәтте басына оралатын сақтық 
амалын ойладым ба – бiлмеймiн, қалайда, есiктiң тұтқасын ұстап 
тұрып, жым­жырт қалыпта, бiрақ тағы да оқыс қимыл, әрекет 
күткендей телмiре қараған көпшiлiктiң үстiнен зiлдене көз тас­
тап, «Әй, белсендi топ! Мүсiрепов сендерге қылғыта салатын 
шабақ балық емес, Мәскеуде оны қызғыштай қорғайтын жайсаң 
тiлектестерi бар, – дедiм әдейi қоқан­лоқы көрсете сөйлеп. – 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
243
Ал олар – партияның адал солдаты және құрығы ұзын жандар, 
кiмге болсын жетедi! Менiң партияға, халыққа, Кеңес өкiметiне 
адал екенiмдi күнi кеше ғана Қазақстанға келiп қайтқан, Ста­
лин жолдастың айнымас серiгi Лазар Моисее вич Каганович өте 
жақсы бiледi. Тегiнде, мен әдiлдiктi сендерден емес, Мәскеуден 
сұрай мын!» деп, есiктi бар пәрменiммен жұлқи ашып, қайта 
бұрылмастан кете бардым.
– Болды қызық! Лапылдап жанған отқа түскен көбелек боп­
сыз­ау?
– Е, ол бүгiнде қызық сияқты. Ал сол кезде... Нағыз шатақ iс! 
Заманның өртше тұлданып тұрған қиын кезi! Ойлаймын, менi 
Биағаңа құйыршық етiп қоса аттан дырғысы келгендер соңғы 
ескертпемнен сескенiп қалған тәрiздi. Әсiресе сол күнде әмiрi 
мықты жүрiп тұрған Кагановичтiң есiмiн атауым оларға көбiрек 
әсерлi болған дай. Әйте уiр менi бiрден қамауға алған жоқ. Бiрақ 
қоқан­лоқы жасау шылар көбейiп кеттi. Бiр күнi өздерің жақсы 
білетін Ө. ақын Құсни жеңгелерiңе телефон соғып, «Әй, қатын, 
сендер үйлерiңдi бiреуге берiп қоймаңдар, оған мен кiремiн» 
дептi. Күйiнген Құсни да «Не сандалып тұрсың, бейшара, Ғабит 
вить әлi үйде ғой» десе, анау өзiнше би леп­төстеп, «Е, оны бүгiн 
бе, ертең бе – бәрiбiр әкетедi, күнi са наулы...» деп күпсiнеді. 
Сөйтiп жүргенде ол байғұстың өзi ұсталып, Алматыға жиырма 
жылдан соң оралды...
– Әлгi әңгiмеңiзге көшелiк, ағасы.
– Әрi­сәрi жағдаймен бiр ай шамасы уақыт өттi. Не түнде, 
не күндiз жарытып ұйықтай алмаймын. Әбден талықсып ба­
рып көзiмдi жұмсам: өңкей бiр қарашекпендiлер алды­артымды 
қамап, әлдеқайда сүйреп келе жатады; көзiмдi аш сам, көрерiм – 
мелшиген ақ қабырға. Айналамыз аз күнде тақырланып қалған­
ды. Қазақ әдебиетiнiң көш ба сында болған iрi қаламгерлердiң 
бәрi дерлiк қамауда: Сәкен, Iлияс, Мағжан, Ғаб бас қана емес, 
Тұрмағамбет, Тайжан, Үкілі Ыбырай сықылды шалдарды да ГПУ 
қақас қалдырған жоқ; Жүсiпбек, Мiржақыптарды iлгерiде жер 
жастандырған; Мұхаң, кәдуiлгi Әуезовті айтамын, жан сауға­
лап, Ленин град жағына ертерек жылжып кеткен. Менi бiрақ, 
қайсарлық десем бе екен, әлде тағдыр ағысына қарсы жүзу ме, 
кiм бiлсiн, әйтеуiр сол күнде бiр өжеттiк билеп, қорқуды бiржола 
қойып, күн арала тып Биағаңның үйiне соғып, жеңгемiздiң, бала­
шағасының хал­күйiн бiлiп қайтамын.

Медеу СӘРСЕКЕ
244
– Мұныңыз үлкен кiсiлiк қой. Ұсталғандардың үйiнде аңду 
тұратынын бiле жүрiп қалайша дәтiңiз барды? – десек, Ғабең 
желеу сөзiмiздi естiмеген кiсiдей бiршама уақыт үнсiз отырып, 
әңгiмесiн қайыра өрiстеттi.
– Әйтсе де, бiр күнi дәтім шыдамай, әлде ес кiрiп, Мәскеуге, 
Фадеевке телефон шалдым. «Александр Александрович, жағдай 
мәз емес. Алматының ауа райы мүлдем бұзылып кеттi. Қан 
қысымым көтерiлiп, жиi­жиi жатып қаламын, – дедiм Жазу­
шылар одағының сол кез дегi бас хатшысына қатерлі жайымды 
тұспалдай жеткiзiп. – Не iстеймiн, мен үшiн бiр шара жасамаса­
ңыз – бұдан арғыға төзе алар емеспiн». «Сонда қалай, саған да 
құрық сала бас таған ба?» дедi Фадеев салған жерден ашық сөзге 
көшiп. Аңқаулау кiсi едi, қазақтың тұспал сөзiн қайдан бiлсiн? 
«Жоқ, сiз менi, Александрыч, түсiнбей тұрсыз. Менiң таптық 
негiзiм мүлдем таза, тақыр кедейдiң баласы екенiмдi елдiң бәрi 
бiледi. Бүкiл үрiм­бұтағымда болыс түгiлi, ауылнай болған 
бiр пенде жоқ. Ал Кеңес өкiметiн қаршадай кезiмнен алаңсыз 
жақтағаным – өзiңiзге аян! – деп астарлы мәлiмдемемдi қасақана 
созып, әңгiменi кеңiрек толғадым. Тегiнде бұл Фадеевтен де 
гөрi екеумiздiң телефон сұхбатымызға құлақ салып тұрғандарға 
арналған сөз ғой. – Каганович жолдас менi Москваға шақыртпақ 
едi, бiрақ қолы тимей, әлде ұмытып кеттi ме, бiлмеймiн. Ал ауа 
райы бұзылған сайын қу жанымнан қысы лып жүрмiн». Фадеев­
ке ақырғы сөзiмнiң астары жеттi­ау деймiн. «Жарайды, Ғабит, 
Мәске 
уге келгiн. Тiлесең бүгiн­ақ телеграмма жолдаймын, – 
дедi ақырында. – Сендей орысшаға да жетiк жазушы одақтық 
басқармаға өте­мөте қажет! Бiрер жыл осы жақта iстейсiң...»
– Дұрыс­ақ, жөн болған. Азаматтық жасаған!
– Бас почтамптың үйiнен қайтып келе жатқанда ойыма күдiк 
кiрдi де, тексерудi құп көрiп, әрлi­берлi жүрiп, бұқпа жерлерден 
байқастап едiм: шляпаларын көзiне түсiре киген бейта ныс екеу 
кезiге бердi. Күдiгiм расқа шықты. Фадеевпен сөздi олар шүбәсiз 
естiдi. Де мек, бұлар менi қайткен күнде Алматыдан шығармауға 
тырысады. Бәлкiм, жолшыбай ұстайды. Олай болса, Мәскеуге 
жасырын кету керек. Қалай? Менiң ендiгi қарекетiм осыны күні­
түні ойлау болды...
– Өзiңiз тiптi, Ғабит аға, тақысқой екенсiз­ау, – деп едiм, Ға­
бең күлдi де:

ШЫҒАРМАЛАРЫ
245
– Өмiр сүргiң келсе, Медеуо, бұдан да зорғысын iстейсiң, – 
дедi қолын сермеп. – Әлқисса, Мүсiреп атамыздан берi үзiлмей 
келе жатқан аңшылық кәсiптiң ерекше кәдеге асқаны, сiрә, сол 
жолы болса керек. – Қаламгер өзiн­өзi әжуа еткендей, одан әрі 
мысқылдай сөйледi. – Ақыры бiр амал ойыма кiрдi. Дала бөрiсi 
қар жаңа жауған кезде iзiн жасыру үшiн қауiптi жердi әрлi­
берлi шимайлап, өз iзiн баса жортпай ма? Мен де сол көкжал 
бөрiнiң тақысын қолдануды құп көрдiм. Кез дескен кiсiнiң бәрiне 
әңгiме шертiп, Семей жағына ке тетiнiмдi, тiптi одан да әрi асып, 
Қалбаның ба, Алтайдың ба, алтын қазатын, иә түстi металл өн­
дiрiсiне барып, мына науқан саябырлағанша сол маңатта жүре 
тұрып, үлкен бiр шығар маға материал жиюға бекiнгенiмдi жа­
риялап бақтым. Ондағы шолақ есеп: бұл лақапты аңдушыларым­
ның құлағына жеткiзiп, саналарына сiңiру; өйткенi Фадеев уәде 
ет 
кен шақы 
руын әлi жiберген жоқ­ты; сондықтан Мәскеуге 
барудан айнығанымды да ес керте жүргем­дi. Ақыры бiр күнi 
вокзалдың кассасына барып, кезекке тұрып, Се мейге дейiн би лет 
алдым. Екiншi билеттi басқа кассадан сенiмдi кiсiм әкеп бердi. 
Ол, әрине, Москва бағытына. Екеуi де бiр күнге.
– Мұныңызды түсiнбедiк?
– Менiң неше күн ой тауысқанда тапқан қулығым да осы ғой. 
Аңдушыларыма жалған iз тастап, бөрiше адастыру. Иә, содан 
ертеңгiлiкте аттанатын Ал маты – Ноғайсiбiр пойызына отырдым 
да, Iле стансасына жетпей, бiр бекеттен елеусiз түсiп қалдым.
– Ендi түсiндiк. Сол жақтан келетiн пойызбен Алматыға 
қайттыңыз.
– Жоқ, бекет қараушыны есегiмен жалдап, қос доңғалақты 
арбасымен кешке таман Шамалған стансасына жеттiм. Онда 
да көзге түспей, қараңғылау жердi паналап отырып, түннiң бiр 
уағында Алматы – Мәскеу пойы з ына iлiктiм.
– Қатырған екенсiз!
– Жә, жорға сөздi қоя тұрыңдар. Жаның мұрныңның ұшына 
iлiккенде бұдан басқасын да жасайсыңдар... – дедi Ғабит аға ба­
сын шайқап. – Мәскеуде жылға тақау уақыт бас сауғаладым. Оба­
лы не, марқұм Фадеев кiсiлiк жасады. Әуелi Переделкино дағы 
жазушы лардың үйiне, одан соң кәсiподақтың сауықтыру орында­
рына айлап са лып қойып, тiршiлiк тауқыметiн жеңілейтті. Бей­
таныс жұртқа айтар жалым – сырқат танып қалдым, дәрігерге 
қаралып жүрмін. Алматымен байланысты біржола доғардым, 

Медеу СӘРСЕКЕ
246
кел ген­кеткенге көрiнбеймiн. Үйден шығарда балаларға өздерiнiң 
тұрағын жаз дырып, түрлi сурет салғызып, он шақты открыт­
ка ала кеткемiн. Ай сайын солардың бiреуiн пошта жәшiгiне 
тоғытамын. Өздерiнiң қолдарын таныған бала­шаға содан­ақ 
амандығымды бiлiп отырады. Тiршiлiктi ежiктеген артық­ауыс 
сөздiң керегi не? Ал «Көппен бiрге көрген ұлы той» деп Алматы­
ны айналып, ауыл маңында қалғандар түгел тұтылды. Со лардан 
елге аман келгендер... әй, бiлмеймiн, некен­саяқ... 
Алма тыға сол сапар дан «ха лық жауларын әшкерелеу» нау­
қаны бiршама саябырлап, соны ұйымдастырушы оз быр Ежовтың 
өзi ұсталып, оның орнына зымиян Берия тағайында лып, ол қас­
қа түрмеде отырғандардың бiразын iшiнара ақтап, «жақсы кiсi» 
аттанып тұрған шағында қайтып орал дым. Келсем – партиядан 
шығарып тастапты, қызметте жоқпын. Құсни да бос, әрине, бала­
лар да мейлiнше жүдеген, әйтеуiр бас аман. Бiр тәуiрi, аударма 
жасаудан қақас қалдырған жоқ. Өзге емес, тектен­текке шатас­
пауды ойлап, Горькийдiң әңгiме лерiн аударуды сонда бас тадым. 
Қалайда күнкөрiске жа райды. Бәрi де дәмнен шығар, жiгiттер, 
сөйтiп амал дап жүрiп, аман қалдым. Алғашқы кезде қамалған 
әдебиетшiлердiң бәрi дерлiк аты лып кеттi. Қан дай­қандай асыл 
азаматтардан айырылдық! Кейiнгi науқанда ұсталғандардың 
бiразы ал пысыншы жылдары қайтып оралды. Ал мен «пар тияда 
жоқ большевик» атанып, бертiндегi жылдарға дейiн жүрдiм. 
Пантелеймон Пона 
маренко Қазақстанға хатшы бо 
лып келген 
кезде ғана партиялық мәселем қаралып, Компартия қатарына 
қайтып оралдым.
– Оны бiлемiн, – дедi Нығаң. – Арызыңызды қарағанда, пар­
тия ұйымы не iстеудi бiлмей қатты дағдарып, қайтадан түссiн де­
дiк қой. Ал сiз бұған көнбедiңiз. «Бiр партияға екi мәрте түспей­
мiн, алсаңдар – бұрынғы стажымды қосып, әдiлiн жасаңдар!» 
қасарысып бақтыңыз. Мәселе кейiнге қалды... Ақыры сiздiң 
айтқаныңыз болды. Бiрiншi хатшы «Тура солай iстеңдер, он 
прав!..» дептi­мiс...
– Иә, солай, бәрiн де өздерiң бiлiп отырсыңдар, – деп жымиды 
Ғабең.
– Отыз жетiншi жылдың зобалаңында бiздiң жазушылар бi­
рiн­бiрi көрсетiп, өзара ша тасқан сияқты­ау? Бұл жайында не 
бiлесiз? – деп едiк:
 – Бұларың қисынды сөз. Бiрақ солай деп бiреудi қаралау 
үшiн ГПУ­дiң архивiн ашу ке рек. Өйтетiн болса, әй, бiлмеймiн, 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
247
сау қалған, арын таза сақтаған жан кемде­кем. Жә, бұл әңгiменi 
осымен доғарайық, аяқ та ұйи бастады, – деп Ғабит аға орнынан 
тұрды.
 
 Шілде, 1975 жыл
 
 
Дерек  («Казахстанская правда», 11.X.1937): «...Писатель, 
коммунист Габит Мусрепов бывший в то время заведующим 
Культпросвет отделом ЦК КП(б)К бил в себя в грудь, заверял 
тогда партийную группу Союза советских писателей Казахста­
на в том, что он несет полную ответственность и вручаается 
за политическую благонадежность своего соавтора Беймбета 
Майлина. А Майлин разоблачен как подлый предатель Родины, 
как один из соучастников националь­фашистской банды».
 
 ҒАБЕҢНІҢ СЫЙЛЫҒЫ
 Алматыға жиналысқа барғанмын. Бiрiншi хатшының алдын­
да отыратын Роза апайға амандаса кiрiп едiм, ол кiсi көзәйнегiн 
қолына алып, бетiме тесiле қарады да:
– Медеужан, көрiм келдiң! – дедi қуанып. – Сенi Ғабит ағаң 
iздеп жатыр. Кешке та ман болса да келiп кетсiн дедi. Сендердiң 
кешке қарай бөгде ермектерiң көбейедi, ұмытып кетпе! – деп сұқ 
қолын шошайтты. – Ол кiсi текке шақырмайды...
– Ескерткенiңiзге рақмет, ұмытпаймын.
Мәслихат тарқаған соң Ғабеңнiң үйiне келсем – жазу үсте­
лiнiң басында белгiлi қаламгер Жайсаңбек Молдағалиевпен 
әңгiмелесiп отыр екен. Ол бүгiнгi мәслихатта сөз болған мәсе­
лелердi әңгiмелеп едәуiр отырыңқырап қалды. Ал маған кiрген 
бетте­ақ Ғабит аға асықпа дегендей ишарат жасаған.
Бiр мезетте Ғабең кабинетiнiң оң жақ бұрышында тұрған биiк 
тағанды нұсқап:
– Мен саған анау тұрған екi мылтықтың бiрiн сыйлағалы отыр­
мын, Медеуо, – дедi жайба рақат шыраймен. – Арғы шеттегiнi 
сұрама, оқпанына бүрме нарез салынған, әуресi көп, шатақ қару. 
Ал бергiнi көзiме күйiк қылмай, қазiр­ақ алып кеткiн!
Мен қозғалақтап, ерекше қуанғанымды сездiрiп қойдым бi лем.
– Бiлемiн үйге келген сайын бұларға қызыға қарап, оқпанын 
сығалап көрiп, әрлi­берлi сипалап жүргенiңдi, – дедi Ғабит аға 

Медеу СӘРСЕКЕ
248
сәл­пәл жымиып. Әр сөзiн қарызға бергендей шым­шымдап 
шығарып, ежелгi әдетiнше маңғаз сөйлеп отыр. Мұндай сәтте 
қаламгердiң сөзiн бөлмей, үнсiз тыңдау шарт. Жайсаңбек марқұм 
екеуiмiзде үн жоқ, тым­тырыс отыр мыз. – Жә, бергi шеттегiнi 
маған әпер, жинауын көрсетейiн...
Үшауыз аңшы мылтықты ағаш тағаннан алып, Ғабеңнiң ал­
дына қойдым. Үй иесi оны бел ортасынан опырып екіге бөлдi де, 
қолымен нұсқап отырып, өзiме қайтадан жинатты. Үстiңгi қос 
оқпанның iшi айнадай жалтыр, калибрi – он алты; астыңғысына 
бүрме нарез салынған, бүйiрiнде қашып бара жатқан бұғының 
суретi бар; немiстердiң Дрезден қаласындағы атақты Крупп за­
уытында 1929 жылы жасалған мылтықтың өне бойына тит­
тей де сызат түспеген, тек жерге сүйретiлiп, тасқа тигiш дүмi 
ғана сәл­пәл мүжілген. Ал қос шүрiппе орналасқан сақина тә­
різді қорғауыштың имек шетi шатынап жарылыпты. Мықтап 
бекiтпесең, бiр кезде бiржола опыры лып қалғандай.
Нақ осындай үшауыз мылтықты Абайдың Жидебайдағы 
қыстау үйiнен көргем. Бiр жолы шегеден алып, зер сала қарағам. 
Оның бiрақ опырылатын тетiгi сынып қалған, мұражайға қойыл­
ғаннан өзге әжетке жарамайды. Ал мы нау – оқпанына оқ салсаң 
қазiр­ақ оталуға дайын тұрған ер қаруы!..
Күнi бұрын әзiрлеп қойған ба, Ғабең үстелдiң астынан мыл­
тықтың құндағын суы рып алды. Қалың қатырма қағаздан иiлiп, 
сыртына жұқалтаң дермантин желiмделген, оның кей жерi 
мы жылып тозыңқыраған. Мылтық қайтадан үшке бөлiндi де, 
құндаққа салынды. Бұл қалпында ол ұзын тұрқы төрт­бес сүйем 
шағын скрипкаға ұқсап қалған­ды. Ғабең оны менiң алдыма 
қарай ысырып:
– Қырық жылдай уақыт серiк еткен кәрi жолдасым едi. Ме­
деуо, сен мұны көзiмдей көрiп, ұқыпты ұстағын! – дедi бiртүрлi 
қатаң үнмен. – Торғай, қарғаны ат пасыңды сеземiн, бiрақ шіл, 
қырғауылға да тектен­текке тарсылдатпа!
– Сөзiңiздiң садағасы, ағасы! Қар әлi бекiген жоқ, мезгiл – 
нақ қансонар. Бұйырса, мұны көкжалдың өзiне жұмсармын. Ең 
құрығанда, әрине, рұқсат етсеңiз, саңырау құрға шығып, түлкi, 
қоян тәрiздi қыр аңдарын да шалған жөн ғой... – Мейiрлене 
сөйлеп отырдым да, – бiрақ, аға, – дедiм, – әлгi бiр сөзiңiз лепiл­
деген көңiлдi тежеп қойды. «Көзге күйiк қылмай» деп не себеп­
тен айттыңыз? Ескi досыңыздан көңiлiңiз қалған ба?

ШЫҒАРМАЛАРЫ
249
– О, жоқ, мылтықтың қапысы жоқ. Ата бiлсең әлей тигiш, 
оталуы да ғажап. Әңгiме басқада. Биылғы көктемде кәрi көңiл 
желiгiп, Iле бойына үйрек­қаз келіпті деген соң, мұны сайлап 
алып жетпеймін бе? Масқара болып, отыз қадам жерде отырған 
үйрекке тигiзе алмадым. Көзiлдiрiктiң түрi мынау, – деп қа­
ламгер аға көзәйнегiн нұсқады. – Бiреуi мұның плюс он үш, ал 
екiншi көзiм мүлдем көрмейді – су қараңғы. Сонсоң, амал қанша, 
аңшылық ме нен қалған екен деген байламға келдiм. Күйiк бо­
латыны да сол – бұларға қараған сайын қай­қайдағы еске түседi...
– Осы ма, басқа ма – әйтеуiр сiздiң бiр мылтығыңыз жайын­
да жазушылар ара сында күлкiлi хикаят айтылады... – Әлденеге 
жымиған Жайсаңбек соның жай­жапсарын анықтағысы кел­
гендей, қипақтап отырып, тың әңгіме бастады. – Бiр жолы сiз 
құс атуға барам деп мылтығыңызды, оқшантайыңызды алып, 
қоржыныңызды асқа сықап шығып, екi­үш тәулiк жоғалып 
кетесiз де, үйге баяғы арып­шаршап, құрқол орала сыз білем. 
Құсни жеңгей сiздi әлдекiм дерден қызғанған ба, жанжал кө­
тередi­мiс...
Жайсаңбек марқұм қымсынғандай Ғабеңе жасқана қарап едi, 
үй иесі айта бер дегендей қолын сермедi.
– Жә, содан сiздердi жарастыруға құрдасыңыз, кiшi Ғабең 
шақырылыпты­мыс. Ол кiсiге мұң­шерiн бүкпесiз тарқатқан 
Құсни жеңгей «Мұның аңға барғаны өтiрiк, серiлiк жасап келдi» 
деп шағым айтады. Ал сiз «Аңға шыққаным құдайға хақ, бiрақ 
сәтсiз болды. Небәрi үш­ақ үйрек аттым, оның өзi ортақ қазанға 
түстi...» деп ақталасыз. Жеңгей де сөзiнен танбай, «Үш үйректi 
де осы мылтықпен аттың ба?» деп қадалған екен, сiз «Әрине, 
таспен соқты дейсің бе, осымен аттым!» дейсiз. «Онда, – дейдi 
жеңгей, – мылтығыңды опыр да, оқпанына үңiл. Қайда кетiп 
бара жатқаныңды ішім сезіп, саған ескерту хат салғам, сол жер­
ден табылмаса – қате лестiм деп кешiрiм сұрайын...»
Аға қаламгер басын шайқап, сылқ­сылқ күлдi. Жайсаңбек те 
жымиып: 
– Қысқасы, Ғабиден аға мылтықты қолына алып, дүмінен 
опырса, «Ғабит, сенiң қандай аңға барып жүргенiндi бiлемiн 
вить...» деген тiлдей хат оқпаннан шығады. Сiз ұялғаннан ештеңе 
айта алмай төмен қарапсыз. Жарастырушы сонда сiзге «Әй, су­
айт аңшы, тым болмаса таса жерге шығып, мылтығыңнан бiр 
оқ шығармайсың ба, масқара болдың ғой» дейдi. Осы хикаятты 

Медеу СӘРСЕКЕ
250
бiрде құрдасыңыздан сұрап едiм, «Е, ол екеуiн талай жарасты­
рып, сауабын ал дым ғой» деп мақтанды. Мұның ендi қаншасы 
шындық екенiн өзiңiз бiлесiз, Ғабе.
– Қақ жартысы өтiрiк. Әсiресе Ғабиденнiң маған ақылгөйсiп 
жөн­жоба айтқаны, кiшкен 
тай ақылы өзiне әрең­әрең жетiп 
жүрген кiсiден оңды сөз шыға ма? – деп күлдi де, өткен өмiрдiң 
әрқилы соқпақтарын есiне түсiрдi ме, қаламгер аға бiразға дейiн 
үн­түнсiз оты рып қалды.
– «Кездiк сыйласаң – қынымен» де ген бар емес пе, аға, – 
дедiм мен көкейдегі сөзімді сыртқа шығарып. – Сiздiң қырық 
жыл ұстаған жанқаруыңызды сыйға алғаныма бөгде жұртты 
сендiру қиын. Со лардың бiрi – мына отырған Жайсаңбек. Күнi 
ертең әлдекiм «Е, бұл – Сәрсекеевтiң үйреншікті қиялынан туған 
кезектi өтірігі» деп өсек­аяң таратудан тайынбайды. Сондықтан 
тiлдей қағазға болса да, «Медеуге өзім сыйладым» деп қол қойып 
берiңiз. Ал милицияға тiркету жөнiн Семейге жеткен соң өзiм 
орайластырамын...
– Мұның енді ойға қонымды сөз, Медеуо... – Мырс еткен қа­
ламгер толғана сөйледi. – Бы 
лай iстегiн: дүкенде отыратын 
шеберлердiң жылтырақ пластинкасын тауып әкел, бiржола өш­
пестей етiп қолды соған қондырайын!..
– Тiптi жақсы!
– Онда дүкенге жүгір, Медеу. Сен өзі бөгде сөзге түсіңкіреп, 
тағы бiр шаруаны ұмытып отырсың. Тамақ пiскенше ұрымтал 
көшедегi үлкен дүкенге барып, коньяк та ала кел, пластинканы 
да сол маңаттан табасың, – деп Жайсаңбек марқұм маған қозғау 
салды.
Мен Ғабит ағаға қарап едім, ләм­мим демеді.
– Сендерге бұл мылтықты қалай иемденгенiмдi айтып берейiн, 
өзiндiк ұлағаты бар хи каят, – дедi Ғабит аға кенет Жайсаңбек 
екеумiзге әншейiн сөздi қойыңдар деген кiсiше алма­кезек 
қадала қарап. – Соғыстың алдында, иә, бұл отыз сегiзiншi 
жылдың басы болу керек, алғашқы сайлау науқаны басталды. 
Оның қандай зор дүрмекпен өткенiн естiген шығарсыңдар?.. Бiр 
күнi бiздiң үйдiң сыртқы есiгiне Жоғарғы Кеңеске ұсынылған 
кандидаттың суретi iлiндi. Арденс пе едi соның фамилиясы, 
әлде Реденс пе? Есiмi Станислав болса керек, нақтылы есімін 
ұмыттым. Республикалық ГПУ­дің бастығы, Сталинмен туған 
бажа деп естiгенбiз. Ор 
ганда төтенше комиссариат атанған 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
251
кезiнен iстеген, Дзержинскийге орынбасар бо лыпты. Қысқасы, 
өзі де, қызметі де осал кiсi емес! Өткен жылғы сүргiннен зәтте 
болған күптi көңiлге қауiп кiрдi де, төменгi қабатта тұратын 
үй сыпырушы кемпiрдiң есiгiн қағайын: «Поля апай, көрдiң бе 
есiктегi суреттi? – Кейде бiздiң үйге келiп, оны­мұны шаруаға 
қолғабыс етiп жүретiн иманжүздi шару ақор әйел едi. – Көрсеңiз, 
сол суреттi сайлау өткенше аман сақтау керек!..» «Дұрыс ай­
тасыз, бұл үшiн есiктi бала­шағадан күнi­түнi күзету қажет. 
Күндiзгiсi оңай­ау, кеш пен түнде қайтемiз?» дедi көрші кемпiр, 
рақымы көп құдай бұл пәленi бiзге қай дан тап еттi деген кiсiше 
бетiн шымшып, кәдiмгiдей ренжiп. «Сондықтан сіз маған осы 
төңiректегi жүгiрмектердiң атаманы, әлгi қыликөз жирен ба­
ланы тауып берiңiз. Күзеттi соған жүктеймiз» дедiм. «Иә, оның 
Боря ғой. Табамын!» деп қуана келiстi көршiм.
– Мұныңыз – тапқан ақыл! Кiм жыртатын болса – соған кү­
зеттiрiп амалдау ғой баяғы.
– Е, солай енді. Келесi күнi үй сыпырушы әйел қыликөз Бо­
ряны ертiп келдi. «Бо ренька, есiк тегi – тым үлкен кiсi! Оның 
суретiн қайткен күнде балаларға бет­аузын шимайлатпай, аман 
сақтау керек. Мен саған осы мiндеттi жүктеймiн!..» «Құп бола­
ды, ағасы! Бұл үшiн бiзге бiрақ ақы төлейсiз, – деп Боря най сап 
алақанын жаяды. – Тым қымбат сұра маймыз». «Қанша?» «Күн 
сайын ертеңгiлiкте есiктi тексересiз де, сурет аман тұрса – алақа­
ныма екi­үш сом саласыз». «Ой, оның көп! Суреттiң бағасы – бес­
он тиын, соны ой лап сөйлесеңшi, Боря!» десем, «Жаныңыздан 
қымбат емес шығар. Оның есесiне ұйқыңыз тиыш болады» 
деп антұрған сақ­сақ күледi. Амал қанша, келiсуге тура келдi. 
Со 
 
нымен Боря плаакатты күнi­түнi қарады, әрине, жалғыз 
күзетпеген тәрiздi. Күн сайын сыртқа шығып бара жатып, келе 
жатып та есiктi тексеремiн. Бiр ғажабы, сурет мұнтаздай таза 
қалпында әрдайым жарқырап тұрады. Боря жүгiрмек те есесiн 
алуды ұмытпайды, уәделi мерзiмде маған келiп, алақанын жа­
йып тұрады...
– Бұларыңыз қызық екен, соншама әуреге түскендей...
– Асықпаңдар, аяғы шатақ. Соншама ысырап шығынның қа­
лайша өтелгенiн ай тайын, – дейдi Ғабең жымиып. – Әлқисса, со­
дан не керек, бiр күнi Алматының газет терi шу ете қалды: Ста­
нислав Реденстi жаңсақ ұсыныппыз, ататегi поляк буржуйла­
рына сатылған опа сыз екен, «халық жауы» болып шығыпты. 

Медеу СӘРСЕКЕ
252
Боря пысық та сол күнi алақанын жайып тағы келген. «Боренька, 
қызметiңе рақмет! Алайда ендiгi күзеттiң қажетi болмай қалды. 
Мына хабарды көрдiң бе?» деп газеттi нұсқадым. Құдды бiр 
туған әкесi ұсталғандай­ақ бала қатты налыды. «Апыр­ай, ГПУ­
да бiздiң қырағы екен! Бiрер апта ұстамай қоя тұрғанда қайтуші 
едi, қап, бiздiң жүгiрмектердi майлы жіліктен айырғанын айтам­
ау!» деп жатып ренжiсiн. «Ой, сен не деп тұрсың? Сонда сендер 
Реденстiң суретiн мүлдем күзетпегенсiңдер ме?» десем, қыликөз 
жүгiрмек iшек­сiлесi қатып күледi. «Сiздi ақылды кiсi ме десем, 
тiптi аңғал екенсiз­ау, есiктi бос тан­босқа күзетiп не жы нымыз 
бар? – дейдi найсап. – Өзiңiзден тапсырма алған күнi­ақ біз сай­
лау участогына барып, кандидаттың жүз қаралы суретiн сұрап 
алғамыз. Сiзден ақы ала бастағаннан берi оның көп болса бесе уiн 
ғана ауыстыр дық. Плакаттың қалғаны бiздiң жасырын қоймада 
жа тыр. Қап, соры қайнағырдың тым ертерек ұсталғанын айтам­
ау!..»
– Қатырған екен, жарайсың, Боря! – деймiз. Бiрақ бұл оқи­
ғаның үшауыз мыл тыққа қанша лықты қатысы болғанына ақы­
лымыз жетпей, қаламгер ағаға аңтарыла қараймыз.
– Арада бiрер жыл өттi. Соғыстың алды болса керек, – деп 
әңгiмесiн жалғады Ға бит ағай. – Максим Горький (қазiрде Жi­
бек жолы) көшесiнде аңшылардың ар наулы дүкенi болды ғой, 
сол үй бертiнге дейiн тұрды. Бiр күнi соған кiрiп едiм, таны­
мал са ту шы маған аялдай тұрыңыз дегендей ишарат бiлдiрдi. 
Кiсi аяғы сиреген ме зетте есiктi iшiнен iлiп, осы үшауызды 
құндағымен алдыма қойсын. Көзiм жайнап кеттi. О күнде 
бұл қолға түспейтiн дүние! «О, рақмет! Кiмнiң қымбаты, саған 
бұл қайдан келдi?» десем, делдал алыпсатар қулана күлiп, 
«Сұрамаңыз, Ғабит Махмұто вич, Реденс деген ГПУ­дiң дөкейiнiң 
меншiк мылтығы. Ойнас қатынын та нушы едiм, сонда жасы­
рып ұстаған бiлем, жақсы кiсiге сатып бер деп қолқалады. Сiрә, 
қаражаттан қысылған» дейдi. Сұраған сомасын берiп, құндағына 
салып ал дым. Крупптың хас шеберлерi әскездеп соққан үшауыз 
менiң қолыма осылай түстi. Ал Ре денстiң қолына қайдан келгенi 
беймағлұм. Бiр сорлыны қамауға алғанда тiркемей иемдене 
салған шығар, ондай ұрлық­зорлық – бұлардың үйреншiктi әдетi. 
Бiзге дейiнгi аға жазушы лар түгел дерлiк саяткер аңшы бола­
тын. Әсiресе Мiржақып Дулатов, Iлияс, Жүсiпбек марқұмдар 
Қызылордада тұрғанда Сырдарияны жағалап, жаппай құс ата­

ШЫҒАРМАЛАРЫ
253
тын. Осы күнгi жасаң әдебиетшiлерден мұндай саятшылықты 
некен­саяқ естимiн. Сiрә, басқа ермектiң құлы. Ал аңның сы­
рын керемет бiлемiз десетіндер толып жатыр, солардың iшiнде 
қолына мылтық ұстап, аңшылықтың қыруар бейнетiне шыдап, 
түлкi, қасқыр қайда, қырғауыл ататындары кемде­кем. Кiшi 
калибрлi шолақ винтовканы бала да атады, оның ешқандай 
бейнетi жоқ ермек, ойыншық нәрсе. Ал мынаны әскездеп ұстап, 
патрон, дәрісін дұрыстап оқтап, құсқа шығу екiнiң бiрiнiң 
қолынан келмейдi. Оған, тегiнде, үлкен шыдам мен еп керек! 
Сенiң бұл өнерге әуес екенiңе тәнтiмiн, Медеуо. Бұл да бiле 
бiлгенге демалыстың бiр түрi, әсерi қандай! Аңшылықты да, қы­
лықты әйелге құмар болғандай, жан­тәнiңмен сүю керек!..
– Рақмет аға! Мылтығыңызды қастерлеп ұстауға, тектен­тек­
ке атпауға уәде етемiн. Қа шан қолым қалтырап, көзiм көруден 
қалғанша бөгде жанға ұстатпай, өзiме ғана серiк етермiн! – 
дедiм әсерлене сөйлеп. – Ал одан қалғанда өз тұрағыңызға қай­
тарамын!..
Қаламгер үндеген жоқ. Сөзiмдi бөлмей, мейiрлене тыңдаға­
нынан бұл ниетiме тәнтi болғанын топшыладым.
* * *
 Ғабең өмірден қайтқаннан кейін төрт­бес жыл өткен шама­
сында қаламгер ағамыз Сафуан Шаймерденов менi Жазу шылар 
үйiнде кездестiрiп:
– Әй, Медеу, саған қатты ренжiп жүрмiн. Ғабеңнiң бір мыл­
тығы сенде екен, оны музейiне неге қайтармайсың? Бiраз жыл 
пайдаланыпсың, ендiгiң жөнсіз, – дедi.
Түсiне бiлгенге бұл – ауыр сөз. Сапекеңдi екiншi қабаттағы 
кең дәлiздiң ортасындағы ди ванға қолтықтап келiп, ол мыл­
тықтың қолыма түскен хикаятын қысқаша айттым да:
– Ғабит ағадан мен оны «Қолым қалтырап, көзiм бұлдыраған­
ша көзіңіздей көріп, қастерлеп ұстаймын» де ген уәдемен алғам, 
сұрап емес, өзі сый еткен. Қартайып тұрғам жоқ, құдайға шүкiр, 
қолым сау, көзiм де жақсы көреді!.. Демек, ондай асылды музей­
ге мұрағат қылып iлiп қойған қалай болады, Сәке? Ғабит ағаның 
аңшылық рухы мұнымды құптар ма едi?.. Ал қайрат қайтқан 
кезде – сөз басқа! – дедiм.

Медеу СӘРСЕКЕ
254
– Ә, оның жөн, ойыңды ұқтым. Маған мұны басқаша айтқан 
едi. Уәдеңнең шық! Ондай асыл дүниеге елде қызығушылар көп 
болады, айырылып қалма! – деп Сафуан ағай құптау бiлдiрдi.
Айтып­айтпай не керек, еменнен шабылған құндағына жап­
сырылған жез таспаға «Медеуге – Ғ. Мүсiреповтен, желтоқсан, 
1976» деген қолтаңба түскен, 6375­санды үшауыз мылтықты 
мен аттай 29 жыл, яки 2005 жылдың шілде айына дейін қолым­
да ұстадым. Жолға шыққанда оны қастер леп басыма жастанып, 
үйде де сейфке салып қойып, жетi құлып астында сақтадым. 
Осынау ұзақ жылдарда мен онымен неше мәрте аңға шықтым, 
қаншасында қанжығам олжалы оралды? Мұның бәрi тәптiштеп 
жазып, жiпке тiзгендей санар болсам – міншіл қауым аңшы 
атаулының ежелгi бөспелiгiне балап жазғыруы мүмкiн. Сол 
себептi бұл жайындағы ұзақ сонар хикаяттан өзiмдi тыйып, 
әңгiменiң тоқетерiн айтайын: жер тозып, аң атаулы сиреп кеткен 
қазiргi жұтаң заманда да құралақан қайтқан емеспiн; саңырау 
құр болса да қанжығама байланады; мұны да мен Ғабеңдей жақсы 
ағаның шарапаты, маған байлаған қымбат тартуының сабағаты 
деп ырым етемiн. Соған айғақ – атақты майдангер, халық жа­
зушысы Әзiлхан Нұршайықов ақсақалдың жұмыс кабинетінде 
қара құйрығы еденге тиіп, қылшықты жоны күмістей жылтырап 
тұрған дала көкжалы. Мен оны 90­жылдардың басында, Абыра­
лы тауының теріскей бөктерінен Ғабеңнің мылтығымен атып, 
Әзағамыз жетпіс жылдық тойына байланысты Семейге келген са­
парында өз үйімде қонақ болғанда үш тоғыздың бірі ретінде тар­
ту еткенмін... 
Амал қанша, әр нәрсенің өз уақыты, ділгір сәті болмағы – 
өмір заңы. Оны бұзу түгілі, уақытын тежеп, бес­он жылға ұзар­
та алмайсың. Осы жолдарды жазып отырғанда менің де жа­
сым жетпісті қоралады. Демек, алыстағыны көру қабілетімнің 
төмендеуіне қоса, қашықтағы дүз аңына бұрынғыдай баспалап 
барудан да қалған жайдамын. Сірә, сол жағдайымды жете сезген 
болар, екі­үш жылдан бері қайта­қайта сұрап, бірақ әзірге қоя тұр 
деген қашыртқы жауап естіп жүрген сыйлас інім, ақындығына 
іскерлігі сай, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсірепов мұражайларының 
ортақ директоры Әділғазы Қайырбеков биыл жазда Семейге ар­
найы келіп, маған жоралғы ретінде сый­сияпаты да бар: «Ал, 
аға, Ғабеңнің жанқаруын қолқалай келдім. Өз үйіне қайтарасыз 
бе?..» – деп базына жасағанда, шыдай алмадым, сейфті ашып, 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
255
мылтықты оқсыз атып көрсетіп, қайта бөліп, бұрынғы қорабына 
салдым да: «Қолхат бер. Еш жері бүлінбеген, қапысыз сарт­сұрт 
атып тұрған қалпында қайтып алдым деп жаз, қимағанмен бола 
ма?» – дедім.
Алайда көзің үйреніп, көңіліңе сеп көріп қалған заттан айы­
рылу қиын екен, Әділғазы аттанып кеткен соң қымбат бір 
нәрсемді жоғалтқандай қатты қапаланып, қан қысымым да күрт 
көтеріліп, бір апта бойы сүлесоқ қалыптан айыға алмадым... 
 2005 жылдың тамызы

1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал