Бағдарламасы бойынша жарық көрді



жүктеу 7.19 Kb.

бет1/19
Дата08.01.2017
өлшемі7.19 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Осы кітапта шерлі тағдыры сөз болатын бес ағайынды Қадыл бе ков тер­
дің алғашқы екеуі – Кодаленко атанған Нұрғали мен Мерғали – өз заманын­
да мемлекеттік қыруар ең бектерімен күллі Қазақстан атырабына таныл­
ған айтулы қайрат керлер. Амал қанша, қызыл репрессияның тасдөңбегі 
екеуін де орта жасқа жеткізбей құртқан. Деректі жанрға әуей жазушы 
олар туралы ұзақ ізденіс жасап, мұрағат деректері мен замандастарының 
естеліктері арқылы сол тұлғаларды ел тарихына қайтарып отыр.
Эссе түрiнде қағазға түскен екінші хикаят, «Мен білетін Ер Ғабең» де­
ген атынан­ақ аңғарылып тұрғандай, 1960­70 жылдарда аралас­құралас 
болып, шәкірт ретінде жақын­жуық жүріп, ғұмыр жолын, жазушылық 
өнерін, азаматтық ділін жете таныған көркем сөздің хас шебері Ғабит 
Мүсіреповтің өміріндегі ұлағатты оқиғаларды саралап өрнектеуімен дара­
ланады. 
Деректі эсселердің де оқырманға әсері өзгеше болар деген үміт теміз.    
Сәрсеке М.
Шығармалары М. Сәрсеке. – Астана: Фолиант, 2014. 
ISBN 978-601-7568-20-7
Т.3. Деректі хикаяттар. – 336 б.
ISBN 978-601-7568-23-8
ISBN 978-601-7568-20-7
УДК 821.512.122-3
ББК 84 (5 Қаз) 7-44
УДК 821.512.122-3
ББК 84 (5 Қаз) 7-44
      С 28
© Сәрсеке М., 2014
© «Фолиант» баспасы, 2014
С 28
ISBN 978-601-7568-23-8 (Т.3)
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі 
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 
бағдарламасы бойынша жарық көрді

3
АҒАЙЫНДЫ ҚАДЫЛБЕКОВТЕР
 
(Тарихи эссе)
 
Республикалық кітапханада соғыстан бұрынғы газет тік­
пелерін қарап отырғанымда «Социалистік Қазақстанның» 
1936 жылғы 12 наурыз күнгі ішкі бетіне жарияланған екі мақа­
лаға көзім түсті: үстіңгісі – «Қорғасын зауытына кен жетіс­
тіру үшін күрес» деп аталған, авторы – инженер М. Қадылбеков; 
екін  шісінің тақырыбы – «Жез­Қазғанның кені зерттелуде» (ла­
тын әрпімен басылған мақалалардың сол кездегі емлесін сақтап 
отыр мын – М.С.), оны жазушы – инженер Қ. Сәтбаев. Екеуінің 
де ортасына мақала иелерінің суреттері берілген. Маңдайлары 
кере қарыс, қалың бұйра шашты, еуропаша киініп, галстук тақ­
қан маңғаз қазақ жігіттері. Келісті келбеті, байсалды нышаны 
іске мығым азаматтар екенін аңғартқандай.
Әуелі Қаныш Сәтбаевтың «Жез­Қазғанның ұшан­теңіз бай­
лы ғы осы күнге дейін толық зерттеліп болған жоқ. Кеннің қоры 
зерттелген сайын молая түсуде…» – деген мәнді уәжбен бастал­
ған мақаласын оқыдым...
Назарым алғашқы мақалаға ауды: есімі бейтаныс, ал көтер­
ген мәселесі – сол күннің көкейкесті шаруасы: «Биылғы жыл – 
Қазақстан байлығын зерттеу ісінде күрделі жұмыс істейтін 
жыл. Біздің алдымызда тұрған міндет – Шымкент қорғасын 
зауытына керекті руда жетістіру үшін зерттеуді мейілінше 
күшейту...» – депті есімі бейтаныс геолог. Қызықтың көке­
сіне келесі аптада кезіктім. «Социалистік Қазақстанның» 
1936 жыл ғы сандарынан Қазақстан қыртысындағы қорғасын 
мен мырыш металына бай кен орындары туралы инженер Қа­
дылбековтің тағы бір мақаласын оқыдым. Одан да техни калық 
сауаты мығым азаматтың мемлекеттік көзқарасын аңдадым. 

Медеу СӘРСЕКЕ
4
Содан­ақ «Бұл кім, қазақ қауымы оны неге білмейді?» деген са­
уал көкейімде көлбеңдеді.
Амал не, сол қарсаңда өзім күні­түні шұғылданып жүрген 
Сәт  баев тақырыбынан ауытқи алмай, инженер М. Қадылбе­
ков көтерген мәселелерге енжарлық таныттым.
Арада бірнеше жыл өтті.
Әлқисса, содан Қ.И. Сәтбаев атындағы Халықаралық қор­
дың президенті, мемлекет және қоғам қайраткері, көп жыл­
дан қимас досым Кәкімбек Салықов 2003 жылдың ақпанында 
70 жасқа толуына арналған мерейтойына шақырды. Тойдың 
салтанатты жиыны Алматы қалалық партия комитетінің 
бұрынғы Саяси ағарту ғимаратында өтпек. Бәйбішем Клара 
Дүйсебайқызы екеуміз ертерек барып, залға жайғасқанымыз сол 
еді, Жазушылар одағының кезекші қызметкері кексе жастағы 
қазақ әйелін ертіп келіп: 
– Міне, сіз іздеген Сәрсеке Медеу, – десін.
−  «ЖЗЛ» сериясынан жарық көрген «Сәтбаев» кітабының ав­
торы сіз бе?
−  Иә, мен.
−  Мен Рузима Қадылбековамын... −  Бейтаныс әйелге таңыр­
қай қарадым. Жөпелдемеде Қадылбековтің кім екені де есіме тү­
се қоймады. −  Ел жадынан есімі із­түзсіз ұмытылған ағайын ды 
Кадылбековтердің тірі жүрген жалғыз перзентімін, қарағым, 
Алматыда тұрамын, зейнеткер мұғалимамын...
−  Мені неге іздедіңіз?
Бейтаныс әйел сөмкесінен мұқабамен қапталған қомақты бу­
маны суырды.
− Қадылбековтер туралы мұрағат деректері. Өзімнің көп 
жыл ғы жиған­тергенім. Осыны сізге көрсетуге әкелдім... – деді.
−  Қандай мақсатпен?
−   Сіз деректі жанрдың жазушысыз, ағаларымның ғұмыр 
жо лы көңіліңізден шықса – біздің әулеттің шерлі тарихын 
халыққа жеткізер деген үкілі үмітпен, қарағым...
Буманы ашып, бірінші беттегі үй тұрағы мен телефонын 
көріп:
−  Деректеріңізбен танысайын. Геологиялық ғылымдар инс­
ти тутының ғимаратында Сәтбаев қорының оңаша каби неті 
бар, ертең емес, бүрсігүні сағат ертеңгілік он шамасында соған 
келіңіз, −  деп қолындағы буманы алып қалдым.

ШЫҒАРМАЛАРЫ
5
Рузима Қадылбекова жиған деректерді әуелі шола, соңы­
нан шұқшия оқыдым. Баяғыда өзім «Социалистік Қазақ с тан» 
га зетінің тікпелерінен қызыға оқыған мақалалар түгел тір ­
келген, кейбірі «Казахстанская правда» газетінде қай 
тала­
ныпты. Ағайынды Қадылбековтерді айыптаған, 23 жылдан 
кейін қайыра ақтаған сот үкімдері, өмірбаян дық анке та лар­
дың ксерокөшірмелері мен партиялық мұрағат тардың дерек­
тері. Ағайындылардың еңбегі мен шерлі тарихы туралы бірне­
ше журналистердің очерктері, бірен­саран естеліктер бар. Қыс­
қасы, хикаят толғауға керек­ау деген деректер түгел қат тал­
ған...
Оңаша кабинетте түске дейін созылған екеуара ұзақ сұх бат­
тан соң: 
− Қазірде мен өзімнің ұстазым, академик Бөкетов туралы 
деректі роман­эссе жазудамын. Оған қоса өзіңіздің баянауыл­
дық жерлесіңіз, атақты тарихшы Бекмаханов туралы жа­
рым­жартылай қағазға түскен ғұмырнаманы аяқтауға тиіс­
пін. Екеуі де ауыр еңбек... Тоқетерін айтқанда, сіздің әулет 
та қырыбына соларды бітірмей кірісе алмаймын. Сіз ұсынған 
ма териалдың күпті жайттары көп. Оларды тарқату үшін 
қо сымша ізденіс жасау қажет. Сөйтсе де бес ағайынды Қадыл­
бековтердің тағдыры – біздің халық басынан кешкен ауыр тра­
гедияның күрделісі екеніне иландым, апай. Соны түре ашып, 
қауымның жаны түршіккендей, бейшараларды қуғынға салған 
соғындыларға лағынет айтқандай етіп, әсіре қоспасыз тол­
ғау шарт! Өйтпейінше деректі хикаят оқылмайды, жазылса 
да жадағай дүние болып шығады. Менің жазуымды қаласаңыз, 
біраз уақыт тосасыз... – деп ағымнан жарыла ескерту айттым.
− Ойыңызды түсіндім. Сәті түскенде жазамын дегеніңізге 
тоқтадым, сізден өзге жазушы іздемеймін. Мерғали әкемнің 
тағдыры Қаныш ағайдың өмірін қайталайды, екеуі бірін­бірі 
білген, алыста тұрса да жиі кездескен, біріне бірі сүйеуші болған...
−  Олай десеңіз, келістік. Мына папка менде болсын. Үйде қал­
ғаны бар ма?
−  Жоқ, бары осы.
−   Онда келесі кездескенше делік...
Біраз жыл тосасыз дегенім әншейін сөз болды. «Бөкетов ті» 
ғана емес, 1999 жылдан беріде 12 жыл толғатқан «Бекмаха­
нов» ғұмырнамасын тәмамдап, уһ дегеніме екі жыл өтті. 

Медеу СӘРСЕКЕ
6
Жазушы ның қаламы тегінде қағаз бетінде күні­түні жорға лай 
бермейді. Әр түрлі себептер, сірә да ойламаған бөгеттер кезде­
седі. Қаламың жүрмейтін, жазудан шаршайтын күндер кейде 
айларға созылады. Айтып­айтпай не керек, Қадылбековтердің 
ғұмыр хикаятын шертуді әрең дегенде 2012 жылдың көктемінде 
аяқтадым.
Қолжазбаның бір данасын Алматыға апарып, жасы сексен 
жастың үстіне көтерілген Рузима апайдың алдына қойдым.
−  Медеу қарағым, амандығыңды тілеумен отырмын. Бес жыл 
болды, ақсақалым қайтпайтын сапарға аттанып кетті. Бала­
шағам, құдайға шүкір, аман­есен, күтімім әйбат. «Бөкетов» пен 
«Бекмахановты» аяқтағаныңды, екеуін де қазақша ғана емес, 
Мәскеудің атақты «ЖЗЛ» сериясынан шығарғаныңды естідім, 
қайырлы болсын! Соны естігенде қатты қуанып, қаламы енді 
менің шерменді әулетіме бұрылар деген үмітпен өзіңді күт­
тім... −  деп жүз беттен асқан қолжазбамды кеудесіне басып, 
сүйікті немересін құшқандай болып, ақ шашты ана мейірімді 
жүзбен маған елжірей қарады.
Мен ұзақ күттіргеніме кешірім сұрап:
−  Көптеген жыл іздеушісі болмаған соң күрделі ғасырдың күп ­
ті оқиғалары көмескі тартқандықтан соларды қайыра жаң ­
ғырту ауыр болды, апай. Көңіліңізге жақпаған, шындыққа ке ре­
ғар сияқтанған тұсын көрсеңіз, пікіріңізді сол беттің сыртына 
жаза отырып оқыңыз. Барлық ескертпеңізді мұқият ескеремін. 
Сіз «Түзетуім түгесілді» дегенше жарияламаймын, −  деп Алма­
тыда тұратын баламның үй телефонын жазып бердім.
Екі аптадан соң Рузима апай үйіне шақырды.
−  Қолжазбаңды үш мәрте ұқыптап оқыдым. Ризамын, Медеу 
інім, пәлендей алып­қосарым жоқ. Жүрекжарды сөзімді «Рақ­
мет!» деген қысқа лебізбен білдіріп, әр жеріне түртіп отыр­
дым. Бұл сөзім – имандай шыным! Көкірегіме шер боп байлан­
ған шындықты түгел ашыпсың, бұдан артықты талап етуді 
әбестік санаймын. Оқып отырғанда ащылы­тұщылы ұзақ өмі ­
рімді көз алдымнан қайыра өткердім. Бірде жылап, бірде кү­
ліп, Бибімәрия әжемді, өзімді өбектеген атамды, көкемді, аға­
ларымды қайта көргендей болып, рақат сәттерді басымнан 
кештім. Біздің әулет басынан кешкен қорлық пен зорлықты, 
ауыр нәубетті ешкімге тілемеймін! Енді кітабыңды күтумен 
күн кешемін, қарағым! Сексен жасты орталаған кексенің айы 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
7
мен күндері, әрбір жылы шектеулі екенін есіңде ұстағын! −  деп 
Рузима апай қолымды қайта­қайта қысып, неше мәрте бауыры­
на тарта құшақтап, «Құдай тағала жолыңды оңғарсын!» деу­
мен есікке дейін шығарып салды...
Содан кейін де осы эссені жариялаудың сәті түсе қоймады. 
Бұл енді кітап шығарудың қиындығына байланысты кінәрат. 
Сөйтсе де, тәубе деймін, соның сәті биыл түскен тәрізді... 
Семей.
 
15.05.2012 – 16.07.2014 жылдар
І 
Баянауыл кентінен Қарағанды қаласына тікелей тартылған 
даңғылмен жеті­сегіз шақырым бөгеусіз жүйткіп, Жалғыз­
қайың аталатын аялдамадан оңтүстікке қарай кілт бұрылған 
соң­ақ кәдуілгі дала жолына тап болдық. Сол жолмен шай қай­
натым уақыт изеңдеп келе жатқанымызда көделі жазықтың 
күнба тысқа еңкейген шетінен жатаған бұйраттар көрінді. Іле­
шала жіңіш ке өзекше кезікті. Мезгіл 2004 жылдың қара күзі еді, 
қазан айының орта кезі. Жаз бойы өзекшеде су болған тәрізді. 
Тізені қаққандай қалың шалғын қаулап өсіп, кей тұсында бой­
шаң ши леуіт желкілдеп тұр.
– Қыстау орнына жаяу барамыз, Медеке, өзектен машинамыз 
өте алмайды... – деді осы сапарға бізді бастап келе жатқан бая­
науылдық Ақбота Жетпісбаев.
Іздеп келе жатқан Жаманқыстау таяқ тастам жерде екен. 
Ескі қыстаудың орны өшуге айналыпты, қызғылтым қына шық­
қан тас үймелері жүлгесінен екі­үш үйдің жұртын шамаладым. 
Кезінде теңкиген төбешікке ұқсаған күлдің де орны жермен­жек­
сен болған. Мал қоралары ғана емес, там үйлердің де қабырғасы 
тастан өрілген тәрізді. Әрине, есік­терезелері, төбеге жабылған 
сырғауылдар баяғыда қолды болған...
– Жас күнімде әкеме еріп келгенде мына тастардың үстінде 
кірпіштен қаланған қабырғалардың жұрнағы сопиып тұратын­
ды. Кірпіштер де, тастар да әлгінде өзіміз айналып өткен, бұ­
рын ғы «Южный» кеңшарының іргесін көтеруге пайдаланылған 
тәрізді... – деген түсінік айтты Ақбота сұрауыма. 
Ақбота (азан аты – Рақымбек) Жетпісбайұлы Әбіш неме­
ре сі – осы қыстау иелерінің бүгінгі естияр ұрпағы. Ал Әбіш – 

Медеу СӘРСЕКЕ
8
мен іздеген Қадылбековтердің үшінші атасы Қойсарыдан 
қо  сыла  тын туысы. Жетпісбай, оның әкесі Әбіш – Қойсары 
Бө генбайұлы  нан тарайтын үш ұл – Еткей, Бабай және Қыйық 
(азан аты – Байырман) өзара ағайындылар. Еткейден – Бейсен, 
ол – Қадылбектің әкесі. Ал Байырман – Әбіштің әкесі. Жетпісбай 
Әбішұлының әулеті Баянаула атырабынан ұзамай (Тек 1932­
1937 жылдарда ғана жан сақтау қамымен Қарағандыда және 
Алматының ірге сінде еңбек еткен. Бұл жайында біз сәл кейінірек 
сөз етеміз), ата­бабасы туып­өскен жұртта тұрып, өсіп­өнген. 
Ақбота Жетпісбайұлы ауыл шаруашылығының бүгінгі тех­
никасының білікті маманы, сол тірлігімен бақ­беделге ие бо­
лып, Баянауыл кентінде қонақ түсетін ретті үйлердің бірі ата­
ныпты. Рузима әпкесінің кеңесімен мен оған хат жазып, Қа дыл­
бековтердің ататегі туралы деректер сұрағанымда, ол әкесі нен, 
ағайын­жұрағаттарынан естігенін қағазға түсіріп, жергілік 
ті 
«Баянтау» мен Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газет­
терінде жариялаған естелігін қосып, Семейге жолдаған­ды. Бү­
гінгі сапардың мақсаты – Қойсары әулетіне құтты қоныс болған 
Жаманқыстауды көру... 
– Мына қорымның қайсысы Қадылбек ағаңдікі?
Ақбота оны да білді, өздерінің үйі мен Қадылбектің қыс тауы 
іргелес екен. Жолбасшым көрсеткен жұртты суретке түсір ген 
соң:
– Енді ата­бабаң су ішкен құдықты көрейік, – дедім.
Көп жылдан бері көзі аршылмаған, таспен шегенделген құ­
дықтың аузы топырақпен бітеліп қалыпты. Межелі орнын ғана 
шамаладық.
– Бұл маңатта таза су болмайды, Медеке. Біздің бабала­
рымыз қыста қар суын ішкен, жазда осы шыңыраудан алған. 
Басқадай амал жоқ. Құйқалы жердің қыртысында тұз көп, ал 
шөбі малға шүйгін, ерекше жұғымды. Малдың сүті құнарлы, 
еті де дәмді болады. Қыста қар қалың түседі. Осы маңатты 
қоныстаған ауылдар иелігіндегі азын­аулақ малына жаз бойы 
шөп дайындап, қыруар бейнетпен асыраған. Бұл атырапта бай 
ауылдар болмаған, сіңірі шыққан кедейлер мекендеген. Жи­
ырма­отыз қой, бірнеше сауын сиыр, соларды бағатын бірде­
екілі жылқы ұстаған. Сонымен­ақ 1932 жылға дейін ас­судан 
тарықпаған. Кейбірі бай ауылдардың малын бағып, күнкөріс 
жасаған...

ШЫҒАРМАЛАРЫ
9
– Өткен ғасырдың басында, бұл енді 1925­1927 жылдар, Қа­
дыл бек Бейсенұлына біраз мал бітіп, жайлауға шығатын болып­
ты деген деректі мен бір естеліктен оқыдым. Мерғали ағаң­
ның өмірбаяндық дерегінде «әкем бірер жыл кулак атанған, 
бірақ тәркіленбеген» деген дерек бар. Бұл жайында не білесің?
– Әкемнің айтуынша, Қадылбек ақсақал оқыған ұлдары  ның 
көмегімен кәператив құрып, осы жерді мекендейтін Қойса ры әу­
летінің басын қосып, тұрмыс күйтін едәуір түзеген. 1931 жыл  ­
ғы колхоздасу науқанында сол да ортақ қазанға түскен, Ең 
сорақы  сы, Жаманқыстау кәперативінің төрағасын құлақ ретінде 
қылмысқа тарту туралы іс қозғалған, Жетпісбай әкемнің ай­
туынша, сол түртпекті жасаушы – өзіміздің аталас бір ағайын. 
Сөйтуге оны мәжбүрлеген – Баянауыл ауданының сол кездегі 
прокуроры. Қадылбек атамның екінші ұлы, өзіңіз ғұмыр тари­
хын қазып жүрген, сол уақытта жалынды большевик атанған 
Нұрға ли ағай дың сұлу балдызы Дәметті еркінен тыс тоқал етпек 
болған. Ал Нұрғали ағатайым о күнде «Қарағандыкөмір» тресі 
бастығының орынбасары, қарауында 30 мыңдай жұмысшы бар. 
Аяқ астынан құтырып, төсек жаңғыртпақ болған ақымақ заңгер­
ді ол тәртіпке шақырып, бейбастық қылығын дүйім жұрттың 
көзінше бетіне басып боқтаған деседі. Сол бетінде сұлу балдызын 
Қарағанды ға алып кетіпті. Соның артынша әлгі заңгерсымақ 
Нұрғалидың әкесі Қадылбек ағайға донос ұйымдастырып, қыл­
мыс бабын күшейтіп, Павлодарға жөнелткен... – деген түсінік 
айтты Ақбота менің сұрауыма. – Оның аяғы нендей қасіретке ду­
шар еткені өзі ңізге мәлім.
– Бұл жердің Жаманқыстау аталуы неліктен? Академик Әбіл­
қас Мұсаұлы Сағынов та осы қыстаудың түлегі екенін білемін.
– Ол кісінің қыстауы анау, күн астында көлденең жатқан 
жатаған бұйраттың бергі беті, таяқ тастам жер, – деді Ақбота. – 
Бұл төңіректе, байқайсыз ба, Баяндағыдай ақар­шақар тау, иә 
орман жоқ. Біздің қыстаудың жүдеу сиқын көріп тұрсыз, ығы­
жығы тас қора. Жалғыз түп ағаш өспеген тұлдыр дала. Сондықтан 
да оны Жақсықыстау деп қалай айтады?..
– Әбілқас ағай да солай деп еді. Иланымды уәж айттың, – де­
дім Ақботаға.
– Ол кісінің мінезі тұйық сияқты, Баянға келгенде байқа­
дым...
– Әбілқас Мұсаұлы мен сұраған жайттардың бәріне де тия­
нақты жауап берді. Нұрғали ағаң туралы мәнді естелік айтты, – 

Медеу СӘРСЕКЕ
10
деп  едім, жол бастаушым маған күдіктене қарады. Сыпайылық 
сақтады білем, әңгімені одан әрі ежіктеген жоқ.
– Қазақ ғалымдарынан Еңбек Ері атағын тұңғыш иеленген 
Әбілқас ағаймен де, ұлы ғұлама Қаныш Сәтбаев қана емес, атақ­
дақпырты дүйім елге мәлім Шорман әулетімен де біз аталаспыз, 
ол кісілер де, біз де – арғынның Сүйіндік бұтағынан тарайтын 
Қаржастың ұрпағымыз. Қаржастың қаулап өскен ұрпақтары­
ның сойы Анай мырзадан бес ауыл ұрпақ өрбігенін сіз «Қаныш 
елі» атты альбом­кітабыңызда тарата жазып, «Арғы атасы сұрал­
са – ізгі өткен Анай­ды, Қаржастың қасқа­жайсаңы Анайдан өрбіп 
тарайды...» деген Мәшһүр Жүсіптің полковник Мұса Шорманов­
қа арнаған «Жоқтау өлеңін» келтіресіз. Сол кітапта өзіңіз жаса­
ған рулық кестеде сіз «Анайдан – Нияз, Мырзағұл, Құдайқұл, 
Құл және Жәдігер туады» дейсіз. Жәдігерден – Сәтбаевтар, 
Мырзағұлдан – Шормановтар әулеті, ал Нияздан – Құттыбай, 
Тәттібай және Бөгенбай аталарын таратасыз. Бөгенбайдан – біз, 
Қойсары әулеті. Біздің аталарымызға Баянаулаға ұрымтал жер­
ден қыстау тимеген. Ресейден ауған орыс осы атырапқа тобы­
мен келіп, әскери қосынымен қоныстап, Баянауыл станица­
сын 1826 жылы тұрғызып, жеті жылдан кейін дуан құрылып, 
төңіректегі егінге қолайлы, малға шұрайлы жерді байырғы иеле­
рінен тартып ала бастағанда, біздің аталарымыз мына сияқты 
қар қалың түсетін сортаң жерге ығысқан... – деп жол бастаушы­
мыз кенет атамекенінің тарихын ежіктеді. 
Мен оның сөзін бөліп:
– Ақбота, сенің айтып тұрғаның – бертіндегі жорамал сөз, – 
дедім. – «Қаныш елі» кітабымда мен осы жайтқа байланыс ты 
«Павлодар уезі» жинағынан нақты айғақ келтірдім. 1903 жы­
лы Воронежде жарық көрген сол кітапта, оны дайындаушы – 
санақшы ғалым басқарған Ф.А. Щербина экспедициясы, Ауыл 
шаруашылығы министрлігінің қаржысымен 15 жыл бойы күллі 
қазақ даласына зерттеу жүргізіп, 13 том кітап шығарған, түпкі 
мақсаты – қазақтардың атақонысына орыс шаруаларын мың­
мыңдап орналастыру. Сол кітаптың түсініктеме бөлімінде Баяна­
уыл дуанының аға сұлтаны Мұса Шорманов өзінің қандас туыста­
рын, яки қаржас руынан бір жүздей түтінді бертінде станицаға 
ұрымтал жерге орналастырды деген. Қойсары аталарың Жаман­
қыстауды, сірә, сол кезде иеленген.

ШЫҒАРМАЛАРЫ
11
– Апыр­ай, солай деген лақапты әкем де айтқан еді, сіз кел­
тірген дерек соны растайды... – Ақбота машинасы қалған өзек­
ке бетін түзеді. – Шорман бидің балалары, сонсоң Қаныш ағай­
мен де біз алтыншы атамыз Анайда қосыламыз. Демек, өзіңіз 
шерлі тарихын қазып жүрген ағайынды Қадылбековтер де Анай 
мырзаның ұрпағы...
– Осы жайтты бекітетін тағы бір деректі жадыңда сақта­
ғын, – дедім ата­бабалары туралы әңгімеге ерекше еліккен жол 
бастаушымызға. – Баянауыл дуанын бірегей билеген 16 жылда 
полковник шенін иеленген Мұса Шорманов кеңсе қағаздарын 
жүргізуге Бейсен Шүкейұлының
*
 қызметін пайдаланған. Шү ­
кейден (Еткейден) – екі ұл, Бейсен мен Дүйсебай туады. Дүй­
сенбайдың ұрпақтарын білгір өлкетанушы Серік Жақсыбаев 
та, «Қаржас шежіресі» кітабын қайыра жазушы әкелі­балалы 
Біләловтер де (Шорман бидің ұрпақтары. – Қарағанды: «Арко», 
2010 ж.) таратпаған, сірә, қаулап өспеген ата. Ал Бейсеннен 
туған Қадылбектің тұл жалғыз екенін екі шежіреші жарыса 
қайталап, одан тарайтын әулетті бүгінгі ұрпақтарына дейін да­
ралап көрсеткен... 
Қадылбек Бейсенұлының атамекенін жермен­жексен болған 
қалпында иен даланың қиыр шетінен көру мені кембағал уа­
қыттың өткіншілігі туралы тұмша ойға жетеледі: XXI ғасыр­
дың автомобилімен шай қайнатым уақытта келіп, ескі жұртты 
жарым сағат аралау дарқан өмірдің анау ұясына батып бара 
жатқан күндей уақытша құбылыс екеніне иландырып, нақ осы 
жұртта бұдан шамасы 160 жыл бұрын, одан да әріректе, XIX­
XX ғасырлардың тоғысында азын­аулақ мал бағып, қарапайым 

Екібастұзда тұратын керекулік шежіреші Серік Жақсыбаев «Қаржас ұрпақта ры» 
шежіресінің 125­бетінде бұл кісіні Үшкей деп атайды. Рузима Қадылбекова шежіре 
кітаптың сол бетіне: «Үшкей емес, қате атау, үлкен атамның есімі – Шүкей, ал Ет­
кей – азан аты, ол кісі өз заманында батыр атанған. Ауызекі айтылатын әңгімелерде 
Бейсен атамды көбіне Батырұлы деп атаған», – деген түзетуді өз қолымен жазып­
ты. Иланымды ескерту, бұл деректерді ол кісі бала күнінде жады мықты Бибімәрия 
әжесінен естіген. Сол кісінің айтуынша, Бейсен атасының орысша сауаты тәп­тәуір 
болған, Павлодар мен Омбының орыс мектептерінен тыңғылықты білім алған­мыс. 
Сондықтан да оның қызметін Шорман әулеті көбірек пайдаланған, әсіресе Омбыға 
барғанда жолсерікке ерткен. Мұса Шорманов орысшаға жүйрік Бейсен Шүкейұлын 
үнемі қасында ұстаған.

Медеу СӘРСЕКЕ
12
тұрмыс құрып, бала­шаға өсірген дала қазағының қиыншы лық­
қа көнбіс өр келбетін көз алдыма келтірдім. Бұл да, сайып кел­
генде, Қадылбек отағасының тегеуіріні күшті жаңа заманның 
қатыбас талабына көнгісі келмей, бәз­баяғыдай жұпыны өмір 
сүріп, емін­еркін жүріп­тұрмақ болған ниетінен туғаны сөзсіз. 
Жә, содан ақырында не шықты?.. 
* * * 
Ақботаның үй­жайы Баянауыл кентінің тау қойнына сұғы­
на кірген алаңқайда екенін бағана байқағанмын. Семейден ар­
найы іздеп келген қонаққа ізет көрсетіп, менің машинамды ау­
лаға кіргізіп, гараждан тұрқы биігірек өз көлігін шығарып, 
Жаманқыстауға аттанғанбыз. Аулаға қайыра кірген соң үй иесі:
– Медеке, машинаңыздың кілтін беріңіз, гаражға кіргізейін. 
Бүгін біздің үйге қонасыз, жолсерігіңіз Бауыржан бауыр, сен 
де. Бұл жігіт те маған бөтен кісі емес, Қаныш ағамыз туатын 
Жәдігер атамыздың ұрпағы... – деді.
Мен Павлодардан қосылған Бауыржан Қалымұлына қара­
дым. Қаныш ағайдың жүз жылдық тойы қарсаңында Семейге 
іздеп келіп танысып, содан беріде осы өңірге жол түскен әрбір са­
парымда маған атқосшы болып, өз көлігімен еріп, болмаса менің 
машинамның руліне отырып, үнемі қызмет көрсетіп жүрген, 
қайрат­қажыры мол жасаң азамат. Бүгін де туған әпкесінің үйіне 
аялдап, шай ішкен соң Ақботаны іздеуге бірге шыққамыз­ды. 
– Ақаң маған үлкендік жасап тұр, сөзін бұзбайық, апай дың 
үйіне телефон шаламын, ертеңгілікте сіздің үйдің дәмін ішіп, 
Павлодарға аттанамыз деймін... – деп Бауыржан да туысының 
ыңғайына қарай жығылды.
Жарасты әңгімемен түннің бір уағына дейін сұхбат құрдық. 
Әңгімеміз негізінен Жаманқыстаудың өмірден көшкен егде 
иелері, сол ауылдың өзіне тән әдет­ғұрпы, шерлі тағдыры жа­
йында болғаны түсінікті...
II
 Менің қолымдағы естеліктердің кейбірін сенімді деуге бол­
майды. Өйткені олар оқиғаның ізі суымаған мезгілде емес, 
көп жыл кейін жазылып, Жаманқыстау иелері туралы аз­кем 

ШЫҒАРМАЛАРЫ
13
сипаттамалар берумен ғана шектелген және бәрі бір сарын­
ды: Қадылбек Бейсенұлының бірбеткей мінезі мен бітім­жа­
ра   тылысының тумысынан өзгешелігін даралайды; қалайда ол 
өзінің күш­қайратына бекем сенген адам­мыс; қолында барды 
қанағат көрген, жоқты іздеп, бас ауыртып ешкімге жалынып­
жалпаймаған өркеуде жан... 
Бұл да дала қазағының болмысына тән қылық. Мінезінің со­
лай қалыптасуына XX ғасырдың бас кезінде «Он алты ұлды 
Қа дылбек» атануы да әсер еткен­міс. Он алты ұлды ол бір ғана 
әйелден көрген. Қазақ ғұрпымен қосылған жарының есімі – 
Бибімәрия (немерелері Мәкіш әже атандырған), оның да тегі – 
қаржас, Анайдан тарайтын Құдайқұл бұтағының тұяғы Бөлек­
бай деген ән­әуенге бейім қадірлі адамның перзенті (Ағайынды 
Қадылбековтердің жанкешті өмірі жайында деректер негізінен 
осы кісінің айтуымен, жады мықты әжесінің естияр немересі 
Рузимаға ертелі­кеш шерткен әңгімесі арқылы бізге жеткенін 
ескерту парыз).
Бибімәрия Бөлекбайқызы 1866 жылы дүниеге келген. Отаға­
сы Қадылбек бәйбішесінен мүшел жас үлкен, 1854 жылы ту­
ған. Мәкіш әжесі, немересі Рузиманың айтуынша, ұзақ өмірінде 
ешқашанда балтыры сыздап, басы ауырмаған, ақыл­есінен жа­
ңылмаған, дәті де мықты адам. Табиғаттың ол кісіге дарытқан 
тағы бір ғажап сыйы: тек қана ұл балалар туған, бәрі­бәрін тек 
кемел жасқа жеткізе алмаған. Бұл енді күллі дала қазағы ба­
сынан кешкен өкінішті ахуал, он бір баласы қыр елін денде­
ген түрліше дерттерден кішкентай кезінде шетінеген. Десек те, 
ерлі­зайыптылар бес бүлдіршінін тірі сақтап, қызық­шыжығын 
көрген. Аман қалып, ержеткен балаларының үлкені – 1892 жы­
лы туған Садық, одан кейінгісі – Нұрғали (1896 жылғы төл, 
партиялық анкеталардың кейбірінде 1898 жыл деп көрсетілген), 
Мерғали (1907), Ахмет (1912) және кенжесі Алтынтас 1916 жы­
лы дүниеге келген...
Ұл баланың атұстар боп ержетуі тегінде әкеге байланысты. 
«Ата көрген оқ жонар» деген сөз де осыдан шыққан. Қадылбек 
отағасының бес ұлының дене бітімдері кесек, бойшаң, етті, кең 
иықты, жауырындары да жалпақ, беттері томпиған шығыңқы, 
бастары үлкен, дөң қабақ, маңдайы жарық екенін біз бертінгі 
ұрпақтарының қолында сақталған бірді­екілі фотосуреттерге 
үңіле қарап сипаттап отырмыз. Бесеуінің де мінез­құлықтары 

Медеу СӘРСЕКЕ
14
бірбеткей әкесін айнытпай қайталаған деседі. Яғни, бір нәр се ге 
құлай берілсе, сол бетінен қайтпайды, ақырына дейін тұра ды. 
Алайда құлаған жағынан тұрмайтын ноқайлар емес. Бесеуі де 
оқу жолына жастай түскен...
Ұлдарының білімпаз болуына анасының да ықпалы айтар­
лықтай әсер еткен. Бибімәрия анасынан оларға дарыған 
қабілет – әншілік пен ұғымталдық. Баянауыл жұрты ертеден 
ерекше әуей болған өлең­жырлар мен батырлық дастандардың 
көпші лігін ағайындылардың анасы жатқа айтқан. Ең ғажабы, 
бір рет естіген әндерді, иә дастандарды тыңдаған сәтінде жадына 
құйып алып, балаларын бесікте тербетіп отырып қайталағанда 
әсте жаңылмаған. Әсіресе ел мұңын әнмен әспеттеген, көңіл 
күйін дір еткізер шерлі жырларды қайталауға әуей болған­
мыс. Жү рек түкпірінде шорланған мұңын, қапылыста айырыл­
ған бө 
бектерін аңсағанда көңіл бұлтын солардың әуенімен 
тар қатқан. Мәшһүр Жүсіп мәтінін жазып, Мұса Шормановтың 
1885 жыл  ғы асында Соқыр Жамал деген екі көзі су қараңғы 
әнші әйел бір түн жоқтаған ұзақ жырды Бибімәрия ана төгілте, 
төндіре айтқанда, Жаманқыстаудағы екі­үш үйдің үлкен­кішісі 
егіле тыңдаған. Рузима Қадылбекованың өз әулетінің ғұмыр та­
рихы туралы жазбаларында
*
 әжесінің «Қара қыпшақ Қобылан­
ды батыр», «Ер Төстік», «Ер Едіге», «Қара қасқа атты Қамбар 
батыр» дастандарын, одан да өзге көптеген жыр­қиссаларды 
жатқа білгенін, жас күнінде әжесінің жадынан суырған сол 
қазыналарды өзі зейін қоя тыңдап есейгенін тәптіштей баян­
даған. Ол кісі өз замандасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 
көптеген өлеңдерін жатқа білгені үшін атақты жыршының 
өзінің де ілтипатына ие болған деседі...
Кеңес өкіметі билігін бекемдеген кезде жариялаған жаңа 
эко 
номикалық саясат – НЭП 1922­1927 жылдар аралығында 
Ресей атырабын ғана емес, қиырдағы Дала тұрғындары арасын­
да да едәуір өрекпу туғызып, бұрынғы жадау­жүдеу тіршілігіне 
тың өзгерістер енгізгені өткен тарихымыздан мәлім: жер­жер­
де кәперативтер мен ТОЗ­дар (жерді ортақтасып пайдалау бір­

«Қадылбековтердің өмір жолы» деп аталған өмірбаяндық қолжазба орыс 
тілінде жазылған. Көлемі едәуір қолжазбамен танысқан соң біз бірталай сұрау жол­
дап, соларға жауап беруді өтінгенбіз. Рузима апай қосымша түсіндірмесін алғаш қы 
нұсқаның ашық беттеріне өз қолымен қазақша жазып қайтарды. Алдағы баяндауда 
біз сол жазбаларды жиі пайдаланғанымызды ескертеміз.

ШЫҒАРМАЛАРЫ
15
лестіктері) құрылып, шаруаға ебі бар қазақтар алдына мал са­
лып, астық та егіп, жадау­жүдеу тұрмысын түзеген; біржола 
байып кетпесе де қой арқасына бозторғай жұмыртқалаған дерлік 
екі­үш жылда ұсақ мал мен бес­он сиыр иемденіп, үйірлі жылқы 
мен боталы түйелерін өріске айдап, кейбірі қыстаудан ұзап, жай­
лауға шығатын болған... Сондай қожалықтардың бірі – Қадыл­
бек отағасынікі. Шындығында Жаманқыстауды қоныстайтын 
Қойсары әулеті сол дәулетті бірге иеленген. Сөйтуіне ә дегеннен 
төңкеріс комитетінің құрамына еніп, алғашқы большевиктер са­
натында болған Нұрғали Қадылбековтің де септігі тиген. 
Пайғамбар жасына тақаған ұзақ өмірінде, 1926 жылдың жа­
зында Қадылбек те жайлауға шыққан. Таңданарлық жайт: біздің 
қолымызда бұл туралы да естелік бар...
Төлеутай АҚШОЛАҚОВ, профессор. «Осы жұрт Кодаленко­
ларды (?) біле ме екен?» (Р. Қадылбекова ұсынған осы естелік 
жа рияланған газет қиындысында сол жазбалардың қайда, қа шан 
жарияланғаны, қандай басылым екені көрсетілмеген):


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал