Бағдарламасы бойынша жарық көрді



жүктеу 3.69 Mb.

бет1/31
Дата31.01.2017
өлшемі3.69 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31

УДК 821.512.122

ББК 84 (5 Қаз)

     Е75

Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігінің 

«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 

бағдарламасы бойынша жарық көрді

ISBN 978-601-06-3044-4

© Ерубаев С., 2014

© Хабдина Б., Қой шыбаев Б.,  

    құрастырушылар, 2014

© «Рух БГ» баспасы, 2014



УДК 821.512.122

ББК 84 (5 Қаз)

Ерубаев С. 

Шығармалары.  Роман,  өлең-жырлар,  əңгімелер,  сықақ,  сын, 

көсемсөз. Естеліктер, мақалалар / Құраст.: Б. Хабдина, Б. Қой-

шыбаев. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2014. – 480 бет + 8 жап-

сырма бет.

ISBN 978-601-06-3044-4

Кітапқа қазақ əдебиеті төрінен мəңгілік құрметті орын алған, жастар дың 

сүйікті жазушысы Саттар Ерубаевтың атақты «Менің құрдаста рым» романы, 

өлең-жырлары, əңгімелері, сатирасы, əдеби сындары мен пуб лицистикалық 

еңбектері, сондай-ақ қатардағы оқырманының оның өмірі мен қызметі жай-

лы  өзіндік  саттартану  бағытындағы  жаз балары  енгізіл ген.  Жинақ  Саттар-

дың əйгілі шығармаларын қайта топтап ұсына отырып, қазір гі жас оқырман-

ға  жазушының  қайталанбас  бейнесі  мен  шығармашылық  көркем  əлемін 

мейлінше тақалта түсуді көздейді.

Кітап Саттар Ерубаевтың туғанына 100 жыл толуына арналып отыр.

Е 75


3

МӘҢГІ ЖАС, МӘҢГІ ҚҰРДАС



(Алғысөз орнына)

2013  жылғы  2  маусым  болатын.  Күн  жексенбі  еді.  Біз  Сат-

тар  Ерубаевтың  қалалық  зираттағы  құлпытасына  тағзым  еттік.  Ол 

1937 жылғы 2 маусымда дүниеден өткен, ал ескерткіш 1994 жылғы                       

2 маусымда, жазушының туғанына 80 жыл толар қарсаң да қойылған 

еді...


Саттар  Ерубаев  аз  ғана  өмір  сүріп,  қазақ  əдебиеті  көгінде  жа рық 

жұлдызша  жарқырай  ағып  өтті.  Сол  жарық  жұлдызша  жар қы рай 

ағып өткен қамшының сабындай қысқа тіршілігінде əде биет тің алтын 

қорына  енген  тамаша  туындылар  жасап  кетті.  Оның  шығармалары 

əлденеше ондаған жылдар бойы талай жан ның дүниетанымын, өмірге 

көзқарасын қалыптастыруға жəр демдесіп келеді. 

Ол  жазған  «Менің  құрдастарым»  біздің  ұрпақтың  жан  дүние-

сіне  айрықша  əсер  еткен  кітаптар  қатарында.  Оны  қайыра  оқы ған 

сайын  алғашқы  алған  əсеріңнен  айнымай,  ризашылыққа  бө ленесің 

де отырасың. «Менің құрдастарымды» мен ғұмыр бойы өзімді ыстық 

сезімге бөлеп келе жатқан қымбат туынды ретін де ерекше атаймын. Бұл 

роман мен үшін адал, берік достық тың, шын жүректен сөйлеуші лік тің 

символына  айналып,  нағыз  жан  серігің  секілденіп  кеткен.  Мен  ғана 

емес, менің ағаларым, менің қатарым, менің інілерім де, күллі біз дің 

ұрпақ солай санайды.

...Біз романның бас кейіпкері Рахметті ұнаттық. Қазақ тех никалық 

интеллигенциясы  өкілінің  өмірін  қызықтадық.  Жеті  атасынан  мал 

баққан жалшы ұлының заманауи тəрбие алып, институт бітіруі, одан 

республикамыздың алғашқы индустрия ошағында еңбек етуі туралы 

сүйсіне оқып, оның көмір өнеркəсібінде өзін білікті инженер ретінде 

ғана емес, алыпты көтеріп жатқан дала жастары арасына жаңа сана-

сезім, озық мəдениет əкелген дəуірдің алғашқы шамшырағы кейпінде 

де көрінгеніне қатты риза болдық.

Біз  Ленинградтың  үлкен  ғалымының  қызы,  əуелі  студент,  одан 

қарағандылық инженер Лизаны керемет жақсы көрдік...

Рахмет пен Лизаның махаббаты біздің жүрегімізге терең ұялады...

Біз дəрігер Ықыластың адам айтып жеткізгісіз адамгершілігі мен 

ерлігіне қайран қалдық...

Біздің романды сүйіп оқуымыз осындай бағыттармен межеленді. 

Бір ғажабы, бертінде, кемшін тұстарды бірінен соң бірін тапсам да, 

«Менің құрдастарымның» маған əсері баяғы қалпында болды. Ғажап: 

баяғыша қанды қыздырып, жүректі тулатты.

Неліктен бұлай? «Менің құрдастарымның» жеткіншек, жас өспірім, 


4

жас біткенді былай қойғанда, жасамысқа да «құрдас» болып қала беру 

сыры неде жатыр? Оның тартымдылығының қандай құпиясы бар?

Таптым:  «Менің  құрдастарымның»  басты  күші  –  адал  көңілден, 

шын жүректен жазылғанында болып шықты. Мəселе – «Менің құр дас-

тарымның» сезіміңді тербейтінінде жатыр екен. Бас əріппен жа зыла-

тын шынайы адамгершілікті, жаңа дəуірдің жаңа ада мы на тəн асқақ та 

əсем, ең адамгершіл сезімді қозғайтынын да жатыр екен. 

Романның  ересен  əсерлі  болуы  –  ақ  жүректен  ақтарыла  жа зыл-

ғандығында. Ақ жүректен ақтарыла жазылғандықтан да, замана рухы 

шағын романға қарапайым сөздермен, қарапайым сөздер болған дық-

тан  да,  эстетикалық  əсері  айрықша  пəрменді  болып,  қаз-қалпын да 

сыйып  кеткен.  Ақ  жүректен  ақтарыла  жазылғандық тан  да,  «Менің 

құр дас та рым» сыр шертетін отызыншы жылдар жастарының бойын-

дағы  тама ша  қасиеттер  күні  бүгінге  дейін  біз дің  тұла  бойымызды 

шымырла тып, ғажап күйге бөлейді, сүйсін теді, еліктетеді. 

Бұдан  сексен  жылдай  ілгеріде  өмір  сүрген  жас  жұмысшылар 

мен  интеллигенттердің  интернационалдық  сана-сезімі  неткен  əсер-

лі  суреттермен  берілген!  Ол,  сөз  жоқ,  өскелең  ұрпақтың  талай  буы-

нына  үлгі  бола  бермек.  Ал  сонау  жасампаз  қадір-қасиеттің  терең 

тамыры революцияға дейінгі шахтерлер бейнелері арқылы қан дай дəл 

көрсетілген!

Қалай сүзіп оқысақ та, жағымды кейіпкерлердің сол шақтағы озық 

иланымды  бекем  ұстануы  қайран  қалдырады.  Романдағы  жастар 

өмірі – төңкеріс алға тартқан дəстүрлерге адалдықтың нақ ты көрінісі. 

Шынтуайтқа  келгенде,  туындыны  мəңгі  жас  етіп  айшықтап  тұрған 

өлмес өрнек сол ғой.

«Менің құрдастарымды» жастардың жан серігі дəрежесіне кө теріп 

тұрған өлмес өрнек Саттардың аузымен «жаңа сезім» деп аталғанын 

көрдік. Ал, «жаңа сезімді түсіне білу үшін сыншыл болу, саясатшы 

болу  аз  екен,  сол  сезімнің  денеңді  дуылдатып,  жүрегіңді  тулатып 

толқытуы қажет екен. Былайынша айтқан да, жаңа сезіммен бойың-

ның теңдес болуы керек екен». Керемет дəл байлам. Мұның дəлдігі 

сонда  –  сол  айтқандарын  Ерубаев  өз  басынан  өткерген,  сондықтан 

да өзі тізген қажеттілік, өзі тауып қойып отырған шарт оның терең 

сеніміне, иланымына айнал ған.

Өмірден  қыршын  кеткен  мəңгі  жас  Саттар  Ерубаев  өткен  ғасыр 

тереңінен,  «Менің  құрдастарымның»  лирикалық  кейіпкерінің  ау-

зымен  былай  дейді:  «Қарап  тұрсаң  төңкеріске,  отаныңа,  тарихқа, 

Адамдағы қымбат қасиет – берілгендік халыққа. Бүкіл халық мақсаты 

бір, барлығында бір ниет, Отан үшін басты беру бəрінде бар қасиет... 

Менің қаным миллионның тамырында ағады. Бір жүрегім миллионның 

жүрегі боп соғады...Менің бақытым, қуа нышым бүкіл елдік болады, 

Мен  жасасқан  жаңа  өмір  жайнап  өсіп,  жанады!»  –  Міне,  «Менің 

құрдастарымның» тақырыбы да, мазмұны да, əсерлілігі де, өзіңізбен 


5

замандастығы да, мəңгі өл местігі де осында. Ол алғаш жарық көргелі 

бергі жетпіс төрт жыл дан астам уақыттан бері талай буынның асыл 

сезімін ұштауға септесіп келеді, бұдан əрі де солай бола бермек... 

«Менің құрдастарым» – мəңгі жас туынды. Ол халқымыздың өткен 

ғасырдағы отызыншы жылдардан бергі бірнеше жас тол қынына əр-

дайым құрдас, сырлас, жолбасшы, жетекші болып ке леді, келешек ұр-

паққа да тап солай қызмет етері даусыз ақиқат. Осынау ғаламат роман-

ның авторы, жастар жазушысы Саттар Еру баев пен оның ақтық əніне, 

аққу əніне айналған, бейне бір өзіне, өзінің тамаша замандастары на 

қой ған өлмес ескерткіші сынды «Менің құрдастарымы» əрқашан біз-

дің ара мызда. Демек, ол өзі нің туындысымен бірге мəңгі тірілер қа та-

рын да. Біздің өскелең ұрпағымыздың сенімді тəрбиешілері қа тарында. 

Бізге «Менің құрдастарым» ұрпақтар зердесінде имандық-идея лық 

сананың əрі көркем ескерткіші, əрі пəрменді оқулығы ретінде жасай 

беретіндей көрінеді.

Бірақ төңкеріс дəуірі тəрбиелеген осынау албырт ақынның жан сы-

рын бүгінгі тəуелсіз еліміздің жас ұрпағы парықтай алар ма екен деген 

де күдік бар. Оның тамаша романын, мөлдір сезімге тұнған поэзиясын, 

ақ көңілден туған мөлтек əңгімелерін, əжуə, сықақтарын, замандаста-

рын замана талабына сай болуға шақырған сыни жəне публицистика-

лық еңбектерін бүгінгі таңның қыз-жігіті қалай қабылдайды? 

Саттар  өз  заманында  жасампаз  революция  он  бес  жыл  ішінде 

тəрбиелеп,  қалыптастырып  шығарған  жаңа  адам  санатында  атал-

ған-ды.  Мұнда  ешқандай  асыра  айту,  əсіре  бояма  жоқ  еді,  бұл  шын 

болатын. Өйткені ол өзгерген заман адамдарынан, өзгер ген заманның 

мектептерінен  қаршадайынан  оң  сипатты  тəлім  алды,  сондықтан  да 

төңкеріспен келген ұлы өзгерістің биік мұ рат тарына қалтқысыз сенді, 

құлай сенді. Сол себепті оның шы ғар машылығы айналасындағы жан 

біткенді  от-жалыны  шарпи  шалқыған  революциялық  көңіл-күйдің 

асау  да  тегеуірінді  толқы нында  шыңдалды.  Тиісінше  Саттар  да, 

революцияның  жасам паз  идеяларымен  баулынған  жаңа  адамдардың 

өкілі ретінде, жаңа заманның жаңа адамына тəн болуға тиіс жаңа сезімді 

айрықша ас қақ пафоспен жырлады. Сөйтіп, ол өзінің көркем сөзінің 

қуа тын жаңа өмірдің жасампаздық идеяларын насихаттауға бағыттады. 

Біз осылайша танитын Саттар Ерубаевтың өлмес туынды ла ры хал-

қымыздың əлденеше ұрпағының рухани тəрбиесіне себін тигізді. Тек 

енді оның осынау шын жүректен ақтарыла жазыл ған шығарма ла рын 

қазіргі жастарымыз жан серік ете ме, жоқ па? Ойланатын сұрақ...

Біз Саттар құлпытасы алдында басымызды иіп, рухына тағ зым ете 

тұрып, аз уақытта осынау тамаша жазушының туғаны на бір ғасыр бо-

латынын ойладық. Ойладық та, əуелі, оның өзіміз ді тебіренткен туын-

дыларын  тағы  бір  оқып  шығуға  ұйғардық.  Бүгінгі  жас  оқырман мен 

бірге. Сонымен, бүгінгі жас оқырманмен бірге өлмес шығармаларды 

тағы бір мəрте ойлана оқиық... 


6

Саттар Ерубаев

8

РОМАННЫҢ УВЕРТЮРАСЫ



РОМАН ТУРАЛЫ ƏҢГІМЕ

Менің  бір  жолдасым  болды.  Ол  қарап  келе  жатып,  айқайлп 

сүйгім келеді дейтін. Бақыттылықтан ғой деймін.

Мен бір əңгіме жаздым. Ол менің көрінгенді құшақтап сүйге-

нім, бірінші шыққан айқайым еді. Онда шеберлік, жазушылық жоқ 

болғанымен, жаңа сезім бар еді.

Бірақ бақытты болу бір басқа да, сол бақытты тани білу бір бас-

қа екен. Ол сезімді көп жолдастардың түсінгісі келмейді.

– Адам баласын бақытты ететін сөзді тыңдап жатып адамның 

өлгенін сезбей калуы мүмкін бе? – дейді олар.

Жаңа сезімді түсіне білу үшін сыншыл болу, саясатшы болу аз 

екен, сол сезімнің денеңді дуылдатып, жүрегіңді тулатып толқы-

туы қажет екен. Былайынша айтқанда, жаңа сезіммен бойың ның 

теңдес болуы керек екен.

Сезім туралы айта түсейінші...

Киров өлгенде Ленинградтағы менің бір жолдас қызым былай 

деп маған хат жазды:

«Əкем Сергей Мироновичтің өлгенін естіп заводтан келді де, 

сандықта жатқан ескі наганын алып майлап, сүртіп, тыныш тап-

пай, жауға аттанатындай түнімен ұйықтамады. Осы жағдайда сөз-

бен айтып болмайтын бір аса жалынды, сəулелі сезім бар».

Мен жолдас Киров өлімі жөнінде көп өлең, поэмалар оқыдым. 

Бірақ оның ешқайсысы да жоғарғы хат сияқты қанымды қызды-

рып, жүрегімді толқытқан жоқ. Осы бір нəрсе əдебиетке өте қажет 

қасиет екен-ау деп түсініп едім сонда бір.

Мен сезім жөнінде біреуге сабақ берсем бе деп отырғаным жоқ. 

Сезім жөніндегі сабақты бəріміз бірігіп тыңдасақ деп отыр мын. 

Сол сезімді толықтайтын кітапты тыңдасақ деп отырмын.

Өмірге сүйген жардай ғашық болғандардың бірі – менмін. Бə-

ріміздің өміріміздің басталуы бар. Барлығымыздың да өмірде бас-

тан кешірген аса тəтті минуттарымыз, бақытпен бетпе-бет кез-

дес кен уақытымыз, барлық өміріміздің тағдырын шешіп бер ген 

кезеңдеріміз, өлгенше ұмытылмайтын, еске түссе, жүректі тула-

татын уақиғаларымыз бар. Міне, бұл əңгіме сезімнен басталып, 

менің бастан кешірген аса тəтті қымбат минуттарыма, өмірімнің 

бет алған бағытына арналмақшы. Бірақ өмірімнің бағытына жол 

сызып берген кезеңнің өзі сол жаңа сезімнің жасалуы мен сезім ді 


9

МЕНІҢ ҚҰРДАСТАРЫМ

оятатын кітаптар еді. Ол менің саналы өмірдің соқпағына түспе ген 

кезім еді. Мен өмірімді де, оның бақытын да содан кейін тап тым. 

Ыстықпен де, суықпен де содан кейін таныстым. Мен жүрегім нің 

отын да, өмірімнің мазмұнын да содан кейін жасадым.

Мен онда 12 жасар едім. Ағам менің сабақты қалай пысықта-

ғанымды бақылап, қадағалап тұратын. Ол өте қатаң еді. Бір күні 

ол Анри Барбюстың жаңа шыққан романын алып келді.

– Осыны оқып, мазмұнын маған айтып берерсің, – деді. 

Мен  əлденеше  күн  соңына  түсіп  жүріп  «Отты»  оқып  шық-

тым. Бірақ түк түсіне алмадым. Екінші рет оқып шқтым. Романда 

Барбюстың суреті бар еді. Суретінде ол үлкен қара көзді, қою қара 

мұртты, əдемі-ақ еді. Содан кейін Барбюс десе, окопта жатқан ұшы-

қиырсыз көп солдаттардың ішінен көтеріліп, жалпы əлем ге ай қай 

салып тұрған қара көзді, қара мұртты, əдемі кісі көзіме елестей тін.

Мүмкін,  бұл  Максим  Горькийдің  жазған  беташарының  əсері 

болар. Ағайым:

– Осындай ұлы адам біздің компартияның мүшесі, – деп тіпті 

мақтанып қалатын.

Кейінірек,  өмір  бақытының  дəмін  тата  бастаған  соң,  қандай 

тілек  болса  да  орындалатынына  көзім  жете  бастаған  соң,  Анри 

Барбюсты көруге өте құмар болдым.

Бұл  құмарлықты  өмірімнің  барлық  ой-қырынан  алып  өтіп, 

1935 жылға дейін əкелдім. 1935 жылы жастайымнан жанымның 

арма ны – Барбюсты көрдім. Бірақ мен көргенде ол консервато-

рия залын да үлкен қара көздерін мəңгілік жұмып жатыр еді. Мен 

сөйтіп оның отты көздерін көре алмадым. Мен оған жер бетінен 

кетер алдын да кездесіп, бірінші рет, ақтық рет алдынан өтіп бара 

жатып  жылап  жібердім.  Мен  бұрын  ешуақытта  да  жыламаған 

едім. Тек мына дай бір жағдай болды...

1931 жылы, Ленинградта оқып жүргенімде, «əкең өлді» деген 

телеграмма келді. Мен жылағаным жоқ. Бірақ, неге екенін қай-

дам,  жолдастарымның  барлығын  жинап  алып,  «əкем  өлді»  деп 

айт тым да, жүгіріп үйге кетіп қалдым. Кешке біздің екінші курста-

ғы барлық студенттер жиналып келіп, маған көңіл айтты. Менің 

қайғыма ортақ екендерін білдірді. Сонда грузин баласы – жолда-

сым Сивадзе: «Қайғырма, біз екеуміз Кеңес өкіметі дейтін өл мей-

тін əке тауып алғанымыз жоқ па», – деді. Сонда мен қайғыдан емес, 

қуанғандықтан жылап жібердім. Өмірде жалғыз емес екенімді се-

зу, бүкіл Отан болып мені сүйетінін сезу мені аса бақытты етті, 

жолдасымның өте жылы сөзі көңілімді босатып-ақ жіберді.



Саттар Ерубаев

10

Мен жаңа сезіммен, интернационалдық сезіммен осылай кез-



десіп едім.

Мен өмірдегі ең тəтті минуттарды, бақытты содан кейін тап-

тым.

Мен осы əңгімені теңіз желіне кеудемді тоса тұрып жаздым. 



Өмірдің жолына, бақыттың соқпағына ең алғаш түскен минут тар 

аса қымбатты болды. Сол алыстағы минуттар жел болып кеудеңе 

соғып, ауа болып ішіңе кіріп жатқандай болады. Сол тəтті минут-

тар теңіз желіндей көңілді көтереді, желпіп үрлейді, ескірген тұз-

ды иісі кең дем алдырады.

...Баяғыда, бұдан көп болды, мен онда сегіз жасар едім; ауыл да 

асық ойнап, қозы жайып жүретін едік. Өмірде қала көрме ген, қолы-

на қағаз ұстамаған əжем бірінші рет қалаға барып, маған бір кітап 

əкеліп берді. Ешкімге көрсетпей, мені оңашалап шығарып алды да:

– Қалқам, болашақтан үмітіміз бар. Мынау дүниедегі барлық 

ана лардың қамқоры, жанашырының жазған кітабы дейді. Бұл əу-

лие адам дейді. Осыны өзің өскенде оқып, маған түсіндіріп берер-

сің. Ешкімге бермей, жыртпай сақта, – деді. 

Содан бері көп жыл өтті. Одан бері мен бақытты да, қуаныш, ма-

хаббатты да өмірден таптым. «Жерде адам болу – үлкен бақыт», – 

дейді ұлы жазушы. Мен осы ұлы бақытқа ие болдым.

Мен осы өмірімнің қырынан қарғып, ойынан орғып өткенде де 

осы анам берген кітапты тастағаным жоқ.

– Бақытты, шырағым, құдай бермек еді. Əзірет Сұлтан бермек 

еді. Енді осы кітап берер, оқы, шырағым, – деген еді əжем. 

Осы кітап маған бақыт берді. Мен анам берген кітапты «бар-

лық аналардың бірден-бір қамқоры, жанашыры жазған кітап ты», 

ең  бірінші  рет  Əзірет  Сұлтанның  дəл  түбінде  отырып  оқы дым. 

Кітаптың басы жыртылып қалған екен. Мен оқып болған соң, ба-

зардан жарты кез қызыл шүберек сатып алдым да, ағашқа ту қы-

лып тағып, əжеме апарып бердім.

– Кітап беретін бақыт осы көрінеді, – дедім.

Кітаптың атын, авторын білмесем де, ішінен түсінгенім осы 

еді. Ертеңіне əжем қолына қызыл ту алып, бірінші рет Май ми-

тингі сіне шықты. Бұл бүкіл аналардың қамқоры болған адамға 

сенушілік тің күштілігінен еді.

Кейін, 29-шы жылы Ленинградта сол кітапты талқыладық. Ол 

кітап Максим Горькийдің «Анасы» екен.

1931  жылы  Түркістан  барғанда,  Максим  Горькийдің  үлкен 

порт ретін ала бардым.


11

МЕНІҢ ҚҰРДАСТАРЫМ

– Бұл кім? – деді əжем.

–  Бұл  баяғы  өзің  берген  кітапты  жазған  «барлық  аналардың 

жанашыры» болған адам, – дедім мен.

Мəдениет жолы баспаған Азияға, хат танымайтын, қала көр-

меген қара халықтың анасына да «барлық аналардың» қамқоры 

болып жете алған ұлы адамның ұлы шығармасымен мен осылай 

танысып едім.

Мен Барбюс пен Горький жөнінде айтып отырғанда, олардың 

ұлы шығармаларының жүрек толқытатынын, əрбір оқыған адам-

ның  өміріне  өзінше  бағыт  сілтеп  беретінін  айтпақшы  едім.  Бұл 

жалпы роман туралы, роман жазу туралы əңгіме еді.

Мен жазушы болғым келді, Горькийге ұсап жағалауда, теңіз же-

ліне кеудемді төсей отырып, Макар Чудралардың əңгімесін тың-

дағым келді. Бұл Горькийдің əсері еді. Горькийге еліктеп, теңіз жа-

ғалап көп жүрдім. Сұңқар жырын Горькийге айтып берген қой шы 

жолықса екен деп, көп іздедім. Бір күні бір қойшыға жолықтым.

– Горькийді білесің бе? – дедім.

Білгенде қандай, колхозымыздың аты – Горький.

– Сұңқар жырын оқып па едің?

– Иə.


– Сол сияқты жыр айтып бересің бе?

– Ондай жырды қайдан айтайын, өйткені оны дүниеде бір-ақ рет 

туған Горький жазған. Бірақ бір ертегі айтайын. – Сонда қойшы 

шал маған осы «Терек пен қызыл гүлді» айтып берді.



ТЕРЕК ПЕН ҚЫЗЫЛ ГҮЛ

Текше таудың бауырында, мөлдір бұлақ жағасында ұзын терек 

болатын еді. Бұл терекке жақын жерде, қалың шөптер арасын да, 

жылда жайнап шешек атып, айналаға жұпар иісін тарататын бір 

қызыл гүл өсетін еді.

Саяхатта жүрген жастар мөлдір бұлақ жағасына, көркем терек 

саясына кеп отырып демалатын, қызыл гүлдің жұпар иісін таза 

ауада еркін жұтып көңілденіп, шаттанатын.

Бір  күндері  бір  сұлу  қыз  келіп,  бұлақ  жағасынан  қызыл  гүл-

ді көрді-дағы, қасына кеп отырды. Мен білем бе себептерін: қыз 

жүрегі қызыл гүлге жақын болған ғой ежелден, əйтеуір ол содан 

кейін күнде келіп, қызыл гүлді сылап-сипап мəпелейді. Жан-жақ-

тағы кесір етер, сəнін бұзар шөбін жұлып, əдемі етіп өсіреді.


Саттар Ерубаев

12

Көкке  мойнын  созған  терек,  тəкаппар  боп  өскен  ғой,  ол  іші 



күйіп қызғанады. Сұлу қыз да қызыл гүл екенін қайдан білсін, 

сүйілген сұлу гүлге құмар болатынын қайдан білсін, қыз жү ре гін 

ұрлап алған қызыл гүлді көп ойланып, мұқатпақшы болады те рек.

Таң  алдында  қызыл  гүлдер  шешек  атып  сыланғанда,  сұлу 

қыздай таранғанда, ұзын терек дөрекілеу сөз бастайды:

«Е, қызыл гүл, таң атарда шешек атып сыланасың, сұлу қыздай 

таранасың, бірақ сен гүл, табиғаттың сені əбден мазақ етіп, қор 

қыл


 

ғанын сезесің бе? Өсімдіктердің ішіндегі ең жаманы сен бо ла-

сың, ұзындығың бір-ақ тұтам, алабұта, қамыстардан бойың озып, 

мойның асып еш нəрсені көре алмайсың. Ағаштарға патша – ұзын 

терек мен боламын, жер бетінде не болса да көріп, біліп тұрам. 

Алабұта,  қамыстардан  басқа  нəрсе  көре  алмаған  сен  де  өзіңді 

ұялмастан, бақытты деп санайсың-ау!»

Шешек атқан алқызыл гүл саспай былай жауап береді:

«Тəкаппар  боп  өскен  терек,  ақылың  қысқа,  бойың  ұзын... 

Бойым  қысқа  болғанымен,  адам  маған  бақыт  берген.  Жүз  жыл 

өмір  сүрсең-дағы,  тастан  басқа  нені  көрдің,  тау  артында  нелер 

ба рын сен білмейсің, сезбейсің де.

Сен  де  тассың,  қозғалмайсың.  Күнде  маған  кеп  жүрген  қыз 

мені, қызыл гүлді, қолына ұстап, самолетпен аспанға ұшты, тау 

ар тында нелер барын өз көзіммен көріп түстім. Мұндай құрметті 

мың  жылда  да  сен  көрмессің.  Бір  орында  тастай  қатқан,  ұзын 

терек болғаннан да, бір орыннан қозғала алмай, өмір бойы тұрған-

нан да, бір-ақ рет аспанға ұшып, айдан сұлу қызды құшып, жер 

бетіне түскен артық...»

Терек мұны тыңдап алып, былайша деп сөз қозғады:

«Сенде,  қызыл  гүл,  мақтануға  себеп  те  жоқ,  желеу  де  жоқ. 

Сор лы гүлім, менімен теңесуге саған қайда? Мен өскелі жүз жыл 

бол ды, əлі жүз жыл жасармын мен. Ал сен болсаң – бір күндіксің, 

бір-ақ күндік өмірің бар. Бүгін барсың, ертең жоқсың, бүгін таңда 

шешек атсаң, ертең қурап соласың. Əй, сорлы гүл, сөйте тұрып 

маған қарсы сөйлейсің-ау!»

Күн сəулесін жұтып жатып, қызыл гүл қысқа ғана былай жауап 

берді:


«Ұзын терек, жүз жыл жасап нені білдің, нені көрдің? Халыққа 

жеміс бердің бе? Əуеге жұпар иісіңді шаштың ба? 

Бір күн өмір жасасам да, жержүзілік мейрам күні бүкіл ха лық-

қа бақыт берген, бүкіл халыққа сəуле сепкен Ұлы көсем кеу десі не 

сыйлық болып тағылдым мен.


13

МЕНІҢ ҚҰРДАСТАРЫМ

Ұлы көсем жүрегінің соғуын да есіттім мен. Сонда бүкіл жер-

дің жүзі көсем жаққа көзін тікті, көсемдегі бір шоқ гүлді жер жүзі-

нің бəрі көрді. Бұдан артық бақыт бар ма? Бұдан артық құрмет бар 

ма? Тау мен тастың арасында елге ешқандай жеміс бермей жүз 

жыл өмір сүргеннен де, Ұлы көсем кеудесіне 15 минут тағыл ған 

соң, қуарғаным жақсы емес пе?..»

Көргенімді  мен  де  айтайын,  енді  кезек  келсе  маған:  мейрам 

күні жайнап кетті қызыл алаң. Қарап тұрсам көзім тігіп, халқы 

берген гүлді кеудесіне тағып алып, Ұлы көсем келеді екен. Ұлы 

көсем – ол данышпан.

Киялшыл боп тұрған шал ем, былайша ой ойлаймын:

«Бір-ақ рет Ұлы көсем кеудесіне тағылған гүл осыншама қуан-

ды. Ал көсемнің кеудесінен мəңгілікке шықпайтұғын, еш уақыт та 

құшағынан, жүрегінен кетпейтұғын жастардың да бір арманы бар 

ма екен!» – деп ойлаймын мен...

Мен жазушы болам деп жүріп, романның сюжеті, жаны, жүре-

гінің соғуы болған ұлы бақытты, армансыз жастарды – романның 

темасын осылай тапқан едім.




  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал