Бағдарламасы бойынша жарық көрді Омарұлы Бауыржан о 58 Ең əдемі ертегі. Эсселер мен портреттік мақалалар



жүктеу 2.8 Kb.

бет2/15
Дата15.09.2017
өлшемі2.8 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Тұғыры биік тұлға
Ғанидың  бар  болғаны  жиырма  екі  жасында  жеткен  лауазымының 
биіктігін  былайша  түсіндіруге  болар  еді.  Жетпіс  үш  жыл  үстемдік 
құрған  комсомол  ұйымы  тарағанға  дейін  қазақ  жігіттерінің  ішінде 
Ғанидың деңгейіндегі қызметке көтерілгені жоқтың қасы. Əр жылдар-
да  БЛКЖО  Орталық  Комитетінде  Нұрлыбек  Жаңабергенов,  Исахан 
Əлімжанов,  Мэльс  Семғалиевтар  нұсқаушы  болып  қызмет  істеді.  Ал 
қазақ  жігіті  Яхия  Чудров  кейін  сипаты  ептеп  өзгерген  комсомолдың 
Орталық  Комитетінің  Кеңес  төрағасы  деп  аталатын,  хатшының 
деңгейіндегі  қызметке  орналасты.  Бірақ  бұл  комсомолдың  берекеті 
кете бастаған кез болатын.
Айтпақшы, 1990 жылы  Мəскеуде  комсомолдың  ХХІ  съезінде 
БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сол тұстағы 
Қазақстан  жастарының  жетекшісі,  бүгінгі  Астана  қаласының  əкімі 
Иманғали  Тасмағамбетовтың  кандидатурасы  ұсынылғанын  көзіміз 
көрді.  Бірақ  қаршадайынан  көрегендігімен  көзге  түскен  Иманғали 

14
одақ комсомолына басшы болудан бас тартты. Сөйтіп, жетпіс жылда 
БЛКЖО-ның  бас  кеңсесінде  саусақпен  санарлық  қазақ  жастары  ғана 
жұмыс  істеді.  Азия  халықтарының  өкілдерін  көп  жолата  қоймаған 
Мəскеудің  билік  биігінде  Ғани  қызметінің  қаншалықты  салмағы 
болғанын осының өзі ақ аңғартса керек.
Ерте ме, кеш пе, Ғанидың өмірден осылай жасындай ағып өтетіні 
анық еді.
Құрт ауруының тұзағына ілікпегенде бəрібір қазақ зиялыларының 
басына түскен шырғалаңға тап келер еді. Алдынан отыз жетінің қанды 
қақпаны  күтіп  тұрар  еді.  Азаттық  аңсаған  алаш  ардақтыларының 
қатарына  қосар  едік.  Одан  аман  кеткеннің  өзінде  жаһандық  соғысқа 
атойлап кірер еді. Қалай болғанда да оттай жанған ғұмыр кешер еді. 
Басқаша болуы мүмкін емес.
Ғанидан  ұрпақ  қалмады  деп  өкінеміз.  Сірə,  сонымыз  бекер-ау 
деймін. Он тоғыз жасында өмірге əкелген перзенті – «Жас Алашты» 
қайда қоямыз?! 
Кейде Ғани құдіреттің аз ғана ғұмырда көп нəрсе тындыру дегеннің 
не  екенін  мынау  жұмыр  басты  пенделерге  дəлелдеп  беру  үшін 
жіберілген елшісі секілді көрінеді... 
2011 ж. 

15
БІРІНШІ БАУЫРЖАН
Бойы бар бізден гөрі биігірек,
Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.
(Қасым Аманжолов)
Бауыржан Момышұлы жер жүзінде
Тарапты барлық елге ертегі боп.
(Сəбит Мұқанов) 
Тек тезірек жетсем дедім,
Сағынғаным – Бауыржаным.
(Əбділда Тəжібаев)
Қадалып қабағыңа көп қарадым,
Тұрғандай тұрпатында қазақ біткен.
(Ғали Орманов)
Кең жауырынды, 
Талғардай тік иықты,
Бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан.
(Сырбай Мəуленов)
Бірінші курста оқитын ботатірсек төрт студент бақыттан басымыз 
айналып,  масайрағанымыз  соншалық,  жер-көкке  сыймай  отырмыз. 
Ортамызда асқар таудай болып жайғасқан Бауыржан Момышұлы ата-
мыз  шылымен  дамылсыз  сорып,  əңгімесін  ауық-ауық  жалғастырып 
қояды.  Демімізді  ішке  тартып,  кірпік  қақпай  тыңдап  отырмыз.  Ара-
тұра  сұрақ  қойған  боламыз.  Оның  өзі  сұрақ  деуге  келмейтін  қиқы-
жиқы бірдеңелер...
Бұл сексен бірінші жылғы желтоқсанның он тоғызы еді. Жатақханада 
жолыққан  кураторымыз,  жазушы  Мамытбек  Қалдыбаев  ағамыз: «Ба-
уыржан аталарыңды көргілерің келе ме? Ол кісі бүгін біздің үйде бола-
ды», – деп қалғаны. Мамытбек ағаның батырмен араласып-құраласып 
тұратынын бұрыннан білетінбіз.

16
– Көргіміз келгенде қандай! Бірақ, əйгілі Баукең біз құсаған бірінші 
курстың бақа-шаяндарын қайтсін? Əзілхан Нұршайықовтың өзі роман 
жазып жүргенде ол кісімен абайлап сөйлескен ғой. 
– Жоқ, Баукең сендер ойлағандай емес. – Мамытбек ағай жымиып 
қойды. – Келбеті сұсты болғанымен, мейірбандығы шексіз. Жүріңдер. 
Өзінің көңілі қаласа, сендермен шешіліп əңгімелесуі де əбден мүмкін.
Мəкеңді айнала қоршап тұрған төрт студент – өмірден ерте кеткен 
талантты  ақын  Бауыржан  Үсенов,  бүгінде  жұртшылыққа  есімі  кең 
танымал ақын Светқали Нұржанов, қазір Алматы облысында қызмет 
істейтін журналист Нүсіп Əбдірахимов жəне мен – бір бірімізге қарадық. 
Барсақ па, бармасақ па? Барсақ па дейтініміз, мұндай мүмкіндікке ие 
болу бақыты екінің бірінің мандайына жазыла бермес. Астананы өмір 
бойы мекен еткенімен Баукең атамызбен тілдеспек түгілі, өзін мүлде 
көрмегендер де бар ғой. Қиялымызда Қобыланды мен Алпамыстан кем 
көрінбейтін батыр атамызға сəлем беріп шығудың реті келіп тұрғанда, 
кім  тартынсын?  Бармасақ  па  екен  дегеніміз,  бірінші  курсқа  түспей 
жатып  арсалаңдап,  алты  алашқа  белгілі  ақсақалдың  алдында  баруға 
жүрегіміз  дауаламай  тұр.  Баукеңнің  «Ұшқан  ұясын»,  Əз-ағаңның 
«Ақиқат пен аңызын», Александр Бектің «Арпалысын» оқуға түспей 
тұрып оқып үлгергеніміз көңілге медеу.
– Əй, барасыңдар ма, жоқ па? Ал, мен кеттім. 
Мамытбек ағай мол денесімен бұрыла берді.
– Ойбай, көке! Қалдыра көрмеңіз. 
Жатақхананың бесінші қабатында тұрған біз баспалдақтардың үш-
төртеуін бір-ақ аттап, төмен қарай зуладық...
Шыға берісте Мамытбек аға:
– Əлгі Жақыпов қайда жүр екен? Баукеңе журфактағы үш Бауыр-
жанды ертіп барғаным дұрыс болар еді, – деп қалды.
Бүгінгі  белгілі  ақын  Бауыржан  Жақыпов  ол  кезде  балауса  жыр-
ларымен  ел-жұртты  елеңдете  бастаған  екінші  курстың  студенті  еді. 
Жатақхананы қайта бір сүзіп шықтық. Бауыржан табыла қоймады. 
Пəтерінің  есігіне  маңдайымыз  тірелгенде,  Мамытбек  ағай  сəл 
кідірді. 
– Тұра тұрыңдаршы, мен қазір Баукеңнен рұқсат сұрап келейін!
Буын-буынымыз  былқ-сылқ  етеді.  Келуін  келіп  алып,  қара  терге 
түстік. Төртеуіміздің де шашымыз желкемізді қабады. Сол жылдарда 
ұзын шаш өсіру үрдіс еді ғой. Баукеңнің шашы жауырынын жапқан бір 

17
журналисті қуып жібергені есіме түсіп, жүрегім су ете қалды. Аналарға 
қараймын. Байқаймын, жетісіп тұрған жоқ. Масқара болғанда...
Мамытбек ағай үйінен көңілді шықты.
– Жолдарың болды. Баукең сендерге кірсін деді.
Деміміз бітіп қалды. Есіктің тұтқасы қайда кеткен? 61-ші автобустың 
ішіндегі  желдей  ескен  сөзуарлығымыздың  ізі  де  жоқ.  Бұтаның  түбін 
паналаған торғайдай бүрісіп, бір-бірімізге «сен кір, жоқ, сен кір» десіп, 
есік алдында үрпиісіп, сəл бөгелдік.
Бауыржан Момышұлы диванда отыр екен. Үстінде көкшіл көйлек. 
Кірерімізді кіріп алып, босағада состиып тұрып қалған бізге Мамыт-
бек  ағай  «Баукеңнің  жанына  жайғасыңдар»  дегендей  ишарат  жаса-
ды.  Қашаннан  еті  тірі  Бауыржан  Үсенов  батылдық  танытып,  батыр 
атамыздың  қасына  барып  қонжиды.  Ілби  басып,  одан  сəл  төменірек 
мен орын алдым. Светқали мен Нүсіп қарсы алдымызға отырды.
– Əй, Мекемтас (Мамытбек ағайымызды айтқаны), бұлардың кім?
Баукеңнің даусы гүр ете түсті.
–  Бұлар – бірінші  курстың  студенттері.  Сізге  сəлем  береміз  деп... 
Мына жаныңызда отырған екеуінің аты – Бауыржан...
Баукең көк түтінді құшырлана сорып, бізге қарады. Батырдың өткір 
жанары кірпігімізді күйдіріп жіберді. 
– Сонда сендердің аттарыңды менің құрметіме қойған ба? А-а?!
Үнсіз бас шұлғыдық. Тіл қатайық десек, көрмейімізге тобық тіреліп 
тұрғандай дыбысымыз шықпайды.
–  Əке-шешелеріңнің  ниеттеріне  рахмет.  Мына  мен  нөмірі  бірінші 
Бауыржанмын.  Бауыржан  номер  пер-вый!  Солай.  Ал,  сендердің 
нөмірлерің нешінші?
Бізде  үн  жоқ.  Не  дейік?  Өмірге  жаңа  қадам  басып  жатқанымызда 
нөмірімізді  қайдан  білейік.  Төмен  қарап,  жанарымызбен  жер 
шұқимыз.
– Сендердің нөмірлерің «энінші» болады, яғни, əзірге белгісіз деген 
сөз. – Бауыржан атамыз мол денесімен бізге бұрылды, – Өмірдегі өз 
нөмірлеріңді тауып алындар!
Бағанағыдай  емес,  Баукеңе  бойымыз  үйрене  бастады.  Енді  бурыл 
тартқан  шашына,  қыран  қабағына,  семсердей  мұртына  көз  тоқтатып 
қарадым. Не деген сесті кісі еді!
– Сенің атың кім? – деп сұрады қарсы алдында бұйра шашы дуды-
рап отырған ақын досымыздан.

18
– Светқали.
– Е-е, сенің атың Жарқынғали болды ғой.
Содан соң Бауыржанға бұрылды.
– Əй, мұрт, сенің қанша əйелің бар?
– Əйелім жоқ, аға. Бойдақпын.
– Əй, мынау не дейді? Əп-əдемі жігітсің, неге əйелің жоқ?
Баукең  жорта  қабағын  түйіп,  Бауыржанды  ұрып  жібердей  оқыс 
қимыл танытты.
–  Е-е,  университетте  оқимын  деңдер.  Дұрыс.  Қазақтың  Ахмет 
Байтұрсынов деген мықты ғалымы болған. Осы күнгі мүйізі қарағайдай 
тіл мамандары сол кісінің еңбектерін пайдаланып жүр.
Баукең сөзінің соңына ащы тұздық араластырып жіберді.
Міне,  қызық!  Өмірі  есімін  естімеген  кісіміз.  Атағы  мəшһүр 
ғалым  болса,  еңбектері  қайда?  Оқу  орындарының  бағдарламасына 
шығармалары неге кірмеген? Санамызда осындай сауалдар сапырылы-
сып жатты. Ол кезде бұл сұрақтардың жауабын білмейтін едік. Ахмет 
Байтұрсыновтың  ардақты  есімі  ақталып,  асыл  мұрасы  алты  алашқа 
кеңінен  тарайтын  күндер  ол  кезде  үш  ұйықтасаң  түсіңе  кірмейтін. 
Сондықтан, ғұлама ғалымның атын алғаш рет аңыз адам – Бауыржан 
Момышұлының өз ауызынан естігенімізді мақтаныш көреміз.
Баукең əр сөзін нығарлап отырып, бір ауыз өлең оқыды.
Міржақып, төмендердің аласасы,
Сөзімнің бар ма, жоқ па, тамашасы.
Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,
Қазаққа бір роман жаза салшы.
Бізге  бұл  өлең  де  таныс  емес.  Байыбына  толық  барғанымыз  жоқ. 
Курстастарыма қараймын. Байқаймын, олар да аң-таң болып отырған 
сияқты. Елдің рухын оятатын осы бір жолдар Міржақып Дулатовтың 
жүрекжарды сөзі екенін, əйгілі «Бақытсыз Жамал» романы осы бета-
шар өлеңмен басталатынын кейін білдік қой.
– Қасым үйден көп қиындық көрді. Ғаламат ақын ол. Жүсіпбековке 
шығарған өлеңін білесіндер ме? 
Бұл  туралы  енді  еміс-еміс  естігеніміз  бар.  Жалпы,  əдебиетші  сту-
денттер  арасында  ауыздан-ауызға  көшіп,  жылдар  бойы  айтылып 
жүретін белгілі шумақтар, тұрақтар тіркестер болады. Жарты ғасырға 

19
жуық уақыт бойы ұмытылмаған əңгімелер де бар. Біздің тұсымызда да 
студенттер Қасым Аманжоловтың бір кезде қаланың басшысын сынап-
мінеп шығарған:
Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытамын,
Үйдегі бір қатын мен жас баламды, –
деп  басталатын  өлеңін  жатқа  білетін.  Сондықтан,  батыр  атамыздың 
сауалына басымызды шұлғыдық.
Баукеңнің  жүзінде  ептеп  күлкі  жүгірді.  Енді  ол  «Қаракесектің» 
əуеніне салып, əндете бастады:
Сыртынан көреміз де сүйінеміз,
Жүсіпбеков жолдастың үйіне біз.
Қашан түсіп қалғанша хатшылықтан
Туғанға ақын болып күйінеміз...
Мұны  бұрын  естімеген  едік.  Баукең  əр  сөзін  шегелеп  айтқан  соң, 
миымызда жатталды да қалды.
– Жақсы ақындар бар ғой. Қазіргілердің ішінен Сағидың өлеңдерін 
тəуір көрем.
Баукең  одан  əрі  өзінің  офицерлік  қызметіндегі  қызықты  оқиғалар 
туралы  əңгімеледі.  Батырдың  жастық  шағы  көз  алдымызға  елестеді. 
Аты аңызға айналған қаһарман қазақтың əскери қызметтегі əмірлі дау-
сы құлаққа келгендей болды.
Ол тарамыс саусақтарына темекі талын қыстырды да, бір сəт үнсіз 
қалды.
– Əй, Мекемтас, бұлардың маған қоятын сұрақтары жоқ па? 
– Кəне, балдар, сұраңдар, – деп Мамытбек ағамыз қалбалақтап жатыр.
Сұрақ  қойған  болдық.  Курстарымыздың  бірі  бірінші  курстың 
студентіне тəн балаңдықпен келеңсіздеу сауал берді.
– Это – глупый вопрос! – деді батыр даусы қатқылданып. Жанары 
ұшқындап, мұрты жыбырлап кетті.
Жым  болдық.  Бұдан  əрі  сұрақ  қоймақ  түгілі,  тіліміз  байланып 
қалды.

20
Баукең тағы да бірер үзік əңгіме айтты. Арасында: «Мен атағым да, 
шатағым да бар адаммын» деп нығыздап қойды.
Біз  отырғалы  бір  сағат  болды.  Бөлменің  іші  буалдыр.  Баукең 
темекінің  тағы  бір  талын  саусағына  қыстырды.  Мəкең  сіріңкеге 
ұмтылды. Қою түтін бұрқ етті. Əлі де отыра бергіміз бар еді. Баукеңе 
бойымыз енді-енді үйреніп, ептеп əңгімеге араласа бастағанбыз. Батыр 
атамыз шаршады деді ме, əлде, бірінші курстың студенттеріне осының 
өзі жетер деп ойлады ма, Мамытбек ағамыздың:
–  Бауке,  рұқсат  болса...  Бұлардың  қазір  сабағы  бар  еді,.. – деп 
қалғаны.
Баукеңнің мұрты жыбыр ете түсті. Қап!
– Мен не, осыларды ұстап отыр ма едім. Əйда, барсын!
Батыр  атамызбен  асығыс-үсігіс  қоштасып,  іркес-тіркес  шыға 
жөнелдік.  Сөйтіп,  бар-жоғы  бір  сағаттық  жүздесуге  құмарымыз 
қанбай  қалды.  Қымбат  қазынаны  қолымызбен  ұстап  тұрып,  айыры-
лып қалғандай күй кешіп, көңіліміз қоңылтақсып жүрген. Студенттік 
өміріміздің алғашқы көктемі ұзамай бəрін де ұмыттырып жіберді.
Сол жазда Баукең дүние салды. Дəл сол күні астана жұртшылығы 
Қазақстанның  Ресейге  қосылғанының 250 жылдығын  мерекелеп  жа-
тыр еді... 
* * *
Тағдырымыздың бізге ұсынған сыйындай болған сол бір ұмытылмас 
кездесуден бері жиырма сегіз жыл өтіпті. 
Ұмытпасам,  сол  жүздесуден  кейін  Баукеңді  тағы  бір  рет  көрдік-
ау  деймін.  Ол  кісі  университетте  ұйымдастырылған  кездесуге  келді. 
Төралқада  отырған  оны  жиі  нысанаға  алып,  түсіру  аспабының 
тұмсығын  тақай  берген  киношы  ағайымызға  кіжініп,  таяғын  көтеріп 
қалғаны есімізде. 
Мамытбек ағайымыздың арқасында Баукеңнің алдына барып, қолын 
алып, аз-кем əңгімелескен бір кездегі төрт студенттің қай-қайсысы да 
кейін өмірден өз орнын тапты.
Танымал  ақын,  талантты  əнші,  сыршыл  сазгер  Бауыржан 
Үсеновтің ғұмыры қысқа болды. Бар-жоғы отыздан енді ғана асқанда 
дүниеден өтті. Бірақ сол қамшының сабындай ғана өмірлік сапарын-
да айрықша із қалдырды. Жұрттың жүрегінде жатталатындай жақсы 
жырлар  жазды.  Бірнеше  кітаптары  жарық  көрді.  Оның  өлеңдерін 

21
қазіргі  жастар  да  жатқа  оқиды.  Бəлкім,  Баукеңмен  сол  жүздесудің 
əсері болар, Бауыржан ол тұста ауызға алуға тиым салынған жабық 
тақырыптар  жөнінде  жыр  жазуды  жиілетті.  Оңаша  сəттерде  отыз 
жетінші жылдың зобалаңы туралы туралы əйгілі «Қара машина» де-
ген өлеңін оқитын. 
Оқуды  бітіргелі  мұнаралы  Маңғыстауды  мекендейтін  Светқали 
Нұржанов қазір қазақ поэзиясының орта буын өкілдерінің санаты-
на ілікті. Жас күнінен талайды таң қалдырып, ешкімге ұқсамайтын 
ақындық  болмысымен  əдеби  ортаны  дүр  сілкіндірген  ол  бүгінде 
елге белгілі жыр жүйрігіне айналды. «Дарын» мемлекеттік жастар 
сыйлығының  лауреаты.  Шынашақтай  кезінде  студент  ақындардың 
айтысына  қатысып, «Бір  бала  алдарыңда  жыр  бастады,  Бітпейді 
мұнымен  де  шын  дастаны.  Каз  ГУ-ім  елудегі  аман  болсын,  Сау 
жүрсін  Каз  ГУ-імнің  құрдастары!», – деп  жырлаған  Светқалидың 
өзі де қазір қырықтың қысқасынан асып, елудің еңсесіне қарай ен-
телеп келеді. 
Бірнеше  кітаптары  жарық  көрген  белгілі  ақын,  жүйрік  журна-
лист  Нүсіп  Əбдірахимов  қазір  Алматы  облыстық  «Жетісу»  газетінің 
жауапты хатшысы болып қызмет істейді. Баспасөздегі жемісті еңбегі 
үшін бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент грантын 
иеленді.
Аллаға  шүкір,  біз  де  жаман  болғанымыз  жоқ.  Журналистика 
мен  əдебиеттанудың  ауылына  қазық  қағып,  ат  байладық.  Қастерлі 
шаңырақтың үрдісін ырым көріп, бір ұлымыздың атын Бақытжан деп 
қойдық.
Мамытбек ағаның осы кездесуге арнайы ертіп апарғысы келіп, сол 
күні  сонша  іздеп  таба  алмаған  тағы  бір  студенті  Бауыржан  Жақып – 
бүгінгі баспасөз бен əдебиеттегі белді тұлғалардың бірі. Қарымды ақын. 
Ғибратты  ғалым.  Филология  ғылымдарының  докторы,  профессор. 
Бірнеше жыл Каз ГУ-дің журналистика факультетінің деканы қызметін 
атқарып, бəріміз түлеп ұшқан қара шаңырақтың бесігін тербетті. Қазір 
еліміздің  бас  баспасы – «Қазақ  энциклопедиясы»  ЖШС-ның  бас  ди-
ректоры. 
Сол  жолы  бірнеше  Бауыржанның  басын  құрап,  Баукеңмен 
жолықтыруға  ниет  қылған  ақжүрек  Мамытбек  ағамыз  бүгінде  ауызы 
дуалы, сөзі уəлі ақсақалдардың санатында. 

22
* * *
Бауыржан – қазір  қазақ  ішінде  ең  көп  тараған  есімнің  бірі. 
Соғыстан  кейін  қалың  ел  балаларына  жаппай  осы  атты  қоя  бастады. 
Бауыржан  Момышұлының  есімі  жұртшылыққа  кең  танылғанға  дейін 
біздің  ұлтымызда  мұндай  есім  болған  емес.  Алды  алпысқа  келген 
Бауыржандардың ішінен бүгінде елге белгілі азаматтар көптен шықты. 
Бауыржан-министр, Бауыржан-ақын, Бауыржан-əртіс, Бауыржан-əнші, 
Бауыржан-ғалым, Бауыржан-заңгер, Бауыржан-журналист, Бауыржан-
бай-бағлан...  Қысқасы,  бұл  есімді  иеленген  жігіттер  қай  саланың  да 
өрісін кеңейтіп, көрігін қыздырып жүр. 
Бүгінгі көзқараспен зер салсақ, Бауыржан деген ұғымды түсіндіру 
оңай. «Бауырмал жан», «Бауыры бүтін жан» деген секілді ойға тез ора-
латын тіркестермен түйіндей салуға болады. Бірақ бұл есімнің əдепкі 
мағынасы  шынында  да  осындай  болды  ма  екен?  Қазіргі  заманға  да 
еркін үйлесе кететіндей Бауыржан деген аттың сонау жиырмасыншы 
ғасырдың басында қойылуының сыры неде? Бауыржан атамыздың өмірі 
туралы  еңбектерде  бұл  тақырып  кеңінен  қозғала  бермейді. «Ұшқан 
ұя»  атты  ғұмырнамалық  шығармасында: «Келген  қонақ  ең  алдымен 
менің атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі білімімді 
тексеретін. Ел танудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол кез-
де кім білген» деп түйіндеген Баукең одан əрі көп ашыла қоймайды. 
Сол «Ұшқан ұяда» өзі жақын араласқан отбасы туралы: «Сол күннен 
бастап  Гончаровтар  мен  іш  тартып,  еркелете  сөйлейтін  болды.  Бірақ 
əрқайсысы  əртүрлі  атап,  атымды  бүлдіріп  бітті.  Бірі – Бажан,  бірі – 
Бардан, бірі – Буржан немесе Баржан деп тұрғаны. Ал ақкөңіл кемпір 
мені тіпті баласындай бауыр тартып, Буроржан дейтін» деп еске алады. 
Міне, осыдан-ақ бұл аттың басқалар үшін өте тосын болғанын көреміз. 
Осы есімді Бауыржан Момышұлы атақ-даңқы шыққанға дейін жалғыз 
өзі иленіп келген.
Атақты  «Ақиқат  пен  аңыз»  роман-диалогының  авторы,  қадірлі 
қаламгеріміз Əзілхан Нұршайықовтың қойған сауалына батыр былай-
ша жауап береді:
«Автор: Қазір елде сіздің құрметіңізге қойылған Бауыржан есімді 
балалар көп. Соларға қандай тілек айтар едіңіз?
Бауыржан:  Маған  білеміз  деген  жігіттер  «Қазақстанда  он  үш 
мыңдай  Бауыржан  бар  екен», – деп  хабарлады.  Мен  əзілдеп,  оларға: 
«Менің  атым  орыстың  Иванындай  болып  бара  жатыр  екен  ғой», – 

23
дедім.  Бұл  əзілім,  əрине.  Ал  мен  ол  цифрдың  анықтығын  білмеймін. 
Білетінім – мен қазіргі Бауыржандардың ішінде бірінші нөмірлі Бауыр-
жанмын. Міне, мен алпысқа келдім. Мені сыйлап, қадірлеп, сəбилеріне 
менің  атымды  қойған  ата-аналарға,  олардың  туған-туысқандарына 
шын ниетпен алғыс айтамын. Ал Бауыржандарға айтарым: Азамат боп 
өсіңдер, қарақтарым! Қатарыңнан кем болмаңдар. Бірің болмаса бірің 
менен асып кетсеңдер, оған ешқандай дауым жоқ. Барлық Бауыржанға, 
барлық балдырғандарға ақ ниетпен батамды беремін!»
Бұл – жас  ұрпақтың  бəріне  өмірлік  бағдар  сілтейтін  аталы  сөз. 
Барлық Бауыржанның бойтұмар етіп тағып жүретін қасиетті қағидасы. 
Романдағы əңгіменің осыдан қырық жыл бұрын қозғалғанын ескерсек, 
сол тұстағы он үш мың Бауыржанның қатарына бүгінде олардың қанша 
аттасы қосылғанын жобалай беріңіз.
* * *
Кейін əлгі кездесудің əр сəтін ойға алып, қайта саралап отырғанда 
Баукеңнің мынадай сөз айтқаны есімізге түсті. Көк түтінді құшырлана 
сорып отырып:
–  Бауыржан  деген  сөз  негізінде  Баһур-əл  Жалил  деген  атаудан 
шыққан  ғой, – деп  еді  ол  кісі.  Бірінші  курста  оқитын  бозөкпелер 
сол  тұста  бұған  да  жете  мəн  беріп  жарытпадық.  Себебін  сұрауға 
батылдығымыз да, білігіміз де жете қоймады. Содан кейін ана екеуі 
Бауыржан  Үсенов  екеумізді  біразға  дейін  Баһур  əл  Жалил  деп  атап 
жүрді. Кейін бəрін де естен шығардық. Енді міне, ақыл тоқтатқаннан 
соң  сол  кездесудің  əр  мезетін  қайта  жаңғыртып,  көз  алдымыздан 
өткізуге  тырыстық.  Кей  тұсы  күнделік  дəптерде  жазылған,  кей  сəті 
миымызда жатталған. 
Баһур  əл  Жалил...  Ол  кім?  Қай  Баһур  əл  Жалил?  Бəлкім,  Баһадүр 
шығар?  Діни  тұлға  ма,  əлде  Шығыстың  ғылыми  əлемінің  өкілі  ме? 
Əзірге  жұмбақтау.  Дінтанушылармен  кеңесіп,  шығыстанушылармен 
тілдесіп көрдік. Белгілі бір тоқтамға келе алмадық. Бұл мəселені əлі де 
біраз қаузамақпыз. Аңызға айналған ағамыздың есіміне тағы бір ұлы 
тұлғаның аты арқау болды ма екен? Содан қазақы ұғымға бейімделіп, 
Бауыржан деген атқа айналды ма, кім біледі?.. Құран сөздеріне қарап 
ат қоятын сол заманғы үрдісті ескерсек, осылай топшылауға болады. 
Бірақ  тарихты  хаттауға  жетік  Баукең  бұл  туралы  неге  өзі  жазбаған? 
Сондықтан үзілді-кесілді байлам жасау қиындау. 

24
«Ескерткіш боп тұрып қалмай бір жерде, Алшаң басып жүргеніңе 
қуанам», – деп ақын Сырбай Мəуленов жырлағандай, батыр Баукеңнің 
рухы үнемі халқымен бірге. Оның тұлғасы əлі де қазақтың руханият 
көшін өрге бастап келеді. 
Бірінші Бауыржанның болмыс-бітімі ұлт ұланына мынау əлемдегі 
орнын,  яғни,  өзі  айтқандай,  өмірдегі  нөмірін  іздеп  табуды  міндеттеп 
тұрады.
2009 ж. 
АМАНДОСОВ АУДИТОРИЯСЫ
Қырғи қабақ қос көкем
Тем-ағаңның мінезі –
Арыстанды Қарабас.
Тау-ағаңның мінезі –
Қар-жаңбыры аралас...
(Журналистік фольклордан)
Біз  оқуға  түскенде  журналистика  факультетінің  тұтқасын  елге  та-
нымал екі кісі ұстап тұр еді. Екеуінің де атағы жер жарады. Екеуі де 
белгілі ғалымдар. Журфактың төрт құбыласы секілді төрт кафедраның 
екеуін  мүйізі  қарағайдай  осы  ағаларымыз  басқарады.  Бірі – тау 
тұлғалы Тауман Амандосов. Екіншісі – мықшегедей мығым Темірбек 
Қожакеев.  Таукең – журналистік  шеберлік  жəне  əдеби  редакциялау 
кафедрасының  меңгерушісі.  Ал  Темкең – совет  журналистикасының 
теориясы  мен  практикасы  кафедрасының  меңгерушісі.  Оның  үстіне 
журфактың аюдай ақырған деканы. Оқуға жаңа түскен студенттер ал-
дымен  осы  екі  кафедраны  төңіректейді.  Əйтеуір  осы  қос  мықтының 
біреуінің маңайында болғанды жөн санайды.
Журфакқа  түскен  кез  келген  студент  осы  екі  шалдың  арасынан 
ілгеріде  қара  мысық  жүгіріп  өткенін  бірден  байқар  еді.  Сол  мысығы 
құрымағыр  тек  жүгіріп  өтіп  қана  қоймай,  екі  ортада  шалқасынан 
керіліп жатып алған ба дерсің. Себебі, екеуінің не қатар жүргенін, не 
əңгімелесіп, сырласқанын көрген емеспіз. Оны айтасың, ең сорақысы, 
амандаспайтын да сияқты. Ол екеуінің қарым-қатынасы жөнінде күллі 
журфак  сыбырлап  сөйлеседі.  Студенттер  өстіп  екі  ортада  шыбын-

25
шіркей  болып  жүргенде  сол  екеуінің  қарамағында  істейтін  оқытушы 
байғұстар қайтіп шыдайды екен?! Арасындағы еті тірі үш-төртеуі бол-
маса, ұстаздарымыз негізінен біртоға кісілер. Елге танымал адуынды 
ағаларым оларды баяғыда күшігінен талап тастаған секілді. Шетінен 
ақырын сөйлеп, анық басады. 
Сонымен, екеуінің де шоқтығы биік. Қаталдық екеуінің бойында да 
жеткілікті. Бірақ Амандосовтың қаталдығының ар жағынан ізгілік пен 
мейірімнің  белгілері  көрініп  тұрады.  Ал  Қожакеевтің  қаталдығының 
тоңы  көпке  дейін  жіби  бермейді.  Жібігенді  айтасың,  кейде  оның 
қаталдығы  қатігездікке  ұласып  кетеді.  Таукеңнің  ызбары  болғанымен 
ызғары жоқ. Ал Темкеңнің ызбары мен ызғары қоса жүреді. Тауман аға 
көпшілдеу, Темірбек аға кекшілдеу. Бірақ соған қарамастан бəріміз екі 
шалды  да  жақсы  көреміз.  Журфактың  төлқұжаты  секілді  еді  ол  екеуі. 
Əрқайсысының орны бөлек. Олардың қыңырлығынан қоғам соншалықты 
зардап шеккен жоқ. Екеуі де ешқашан қайталанбайтын тұлғалар еді.
Қос профессор да лекциядан кешіккендерді жақтырмайды. Таукең 
сабақ тыңдамағандарды аудиториядан сыртқа шығарып жіберіп, біразға 
дейін кіргізбей қояды. Ал Темкең кешігуді үнемі кəсіп қылғандарды ау-
дитория түгілі оқудан да аластап жібереді. 
Тегеурінді Темкең тез қимылдап, жедел желіп отырады. Көңіл-күйі 
келіспесе, жолындағының бəрін жайпап өтеді. Ал Амандосов ақсаңдай 
басып,  асықпай  жүреді.  Ақсаңдайтын  себебі,  бала  кезінде  бір  аяғын 
жылан шағып алған деседі... Содан қасірет шеккен. Жастайынан жетім 
қалып,  балалар  үйінде  өсіпті.  Бірақ  соның  бəрін  білдіргісі  келмеген-
дей,  денесін  тік,  басын  шалқақ  ұстайды.  Əдемі  таяғына  сүйеніп,  бір 
аяғын  сəл  сүйрете  əрі  орай  басып  келе  жатады.  Осынысы  өзіне  ке-
ремет  үйлесіп  тұрады.  Жүріс-тұрысы  өте  асқақ.  Болмысы  бекзат 
екені  бірден  байқалады.  Үстіне  қылау  жұқпайды.  Түрі  Атыраудың 
қарапайым қазағынан гөрі алты атасынан бері аристократ еуропалыққа 
көбірек  ұқсайды.  Жатқыза  тараған  бурыл  шашының  бір  талына 
дейін  шашау  шықпайды.  Көйлегінің  жағасы  қатып  тұрады.  Галстугі 
өмірі  қисаймайды.  Оны  да  бір  бөлекше  тəсілмен  байлайтын  секілді. 
Қысқасы, ол күн сайын бір жаңа киім киіп келетіндей əсер қалдырады. 
Осыдан-ақ Тауман ағаның қызметтегі бағынан үйіндегі бабы ешқашан 
кем түспейтінін аңғаруға болар еді. 
Журфактағы өте күрделі мəселенің бірі – студенттердің осы екі про-
фессормен амандасу жайы. Ұстазбен сəлемдесу – əр шəкірттің айны-

26
мас дағдысы. Басқа оқытушылар берген сəлеміңді құрақ ұшып тұрып 
алады. Ал ел еркесі саналатын екі шалмен амандасу аса қиындықпен 
жүзеге  асады.  Олардың  алыстан  төбесі  көрінгеннен  тар  дəліздің  бір 
шетіне  ығысып,  сəлемдесіп  қалуға  тырысасың.  Құдды  бұрылыста 
бүйір  шамын  жағып,  кезегін  күтіп  тұрған  майда  машинаның  күйін 
кешесің.  Амандосов  қашанғы  əдетінше  басын  шалқақ  ұстап,  саған 
сығырая  көз  тастап,  жаныңнан  өтіп  бара  жатады.  Не  ернін  болар-
болмас жыбырлатқандай, не басын сəл изегендей болады. Əлде, көзіңе 
солай көріне ме, кім білсін?! Əйтеуір əрбір сəлемдесу рəсімінен кейін 
«осы кісі сəлемімді алды ма, жоқ па?» деген күдік көңіліңде қалады. Ал 
студенттердің кейбірі ол кісі сəлем алмайды деп санайды. Сондықтан 
ағамыз ұзап кеткеннен кейін «Амандосов, жүрсе ғой амандасып» деп 
ептеп  өлеңдетіп  аламыз.  Сен  сəлем  берген  есеп,  ол  кісі  алған  есеп... 
Бірақ сабақ үстіндегі көзқарасына қарап, Тауман ағаның өзіне кімнің 
амандасып, кімнің амандаспайтынын аңғарып отыратынын біле қоямыз. 
Ал  екпіні  бөлек  Темкең  алдыңнан  шыға  келгенде  абдырайтының 
соншалық, сəлем берген-бермегеніңді ұмытып қаласың. Бірақ екеуі де 
текті. Сабақ үстінде студенттердің көзінше бір-бірі туралы артық-ауыс 
пікір айта қоймайды. Мақтамайды да, даттамайды да. 
Екі  жүйенің  арасындағы  қырғи  қабақ  қақтығыс  секілді 
ақсақалдардың арбасуы біз оқу бітіргенше тарқамады. Бір-бірінің ал-
дында иіле қоймайтын қос көкеміздің арасында желіп жүріп жетілдік.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал