Бағдарламасы бойынша жарық көрді Омарұлы Бауыржан о 58 Ең əдемі ертегі. Эсселер мен портреттік мақалалар



жүктеу 2.8 Kb.

бет1/15
Дата15.09.2017
өлшемі2.8 Kb.
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Бауыржан ОМАРҰЛЫ
ЕҢ ƏДЕМІ ЕРТЕГІ
Елорда 
Астана 2014

УДК 821.512.122
ББК 84 (5Қаз) - 4
О 58
Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі 
«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 
бағдарламасы бойынша жарық көрді
 
Омарұлы Бауыржан
О 58  Ең əдемі ертегі. Эсселер мен портреттік мақалалар. 
 
Астана: Елорда, 2014. – 176 бет.
ISBN 978-601-7350-08-6
Бұл  жинаққа  ұлт  руханиятында  өзіндік  орны  бар  тұлғалар  мен 
елге  танымал  азаматтар  туралы  эсселер  мен  портреттік  мақалалар 
топтастырылған.  Кейіпкерлердің  азаматтық  бейнесі,  болмыс-бітімі 
шынайы  көрініс  тапқан.  Автор  оқырманға  танымдық  мəліметтер 
мен  деректерді  молынан  ұсынады.  Кітапқа  енген  дүниелер  əсерлі 
детальдармен, шұрайлы тілмен, жарасымды юмормен өрнектелген.
Жинақ көпшілік қауымға арналған. 
УДК 821.512.122
ББК 84 (5Қаз) - 4
ISBN 978-601-7350-08-6
© Омарұлы Б., 2014
© Елорда, 2014

3
ҒАНИ-ҒҰМЫР
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады.
Абай
Ғани – кедей, Ғани – бай...
Жиырма  үшке  де  толып  үлгермей  өмірден  өтті.  Жасынның  жарқ 
еткеніндей ғана ғұмыр. Туғанына жүз жылдан əлдеқашан асып кетсе 
де сол күлімсіреп тұрған бозбала қалпы. Жымия күлген күйі жиырма 
бірінші ғасырдың табалдырығынан аттады. Ғани-ғұмыр. Ғани-ғасыр...
Қазақта бұрын Ғани деген есім көп болмаған сияқты. Мұратбайдың 
тым болмаса екі мүшел жасқа да жетпей қыршынынан қиылған қайсар 
ұлының құрметіне талай оғланға азан шақырып ат қойдық. Ғанидың 
бұл  есімді  иелену  тарихы  да  қызық.  Қазалыда  Ғанибай  Құсайынов 
деген ұлты татар ауқатты кісі болыпты. Кейбір зерттеушілер оны жи-
ырмасыншы ғасырдың басында Қазанда кітап шығарып тұрған баспа-
гер  Құсайыновтың  ағайыны  деп  те  айтады.  Қазалыдағы  бұрын  ауыл 
шаруашылығы техникумы орналасқан ғимарат бір кезде Ғанибайдың 
меншігіндегі  ауланың  ішінде  екен.  Мұратбай  болыс  жиі  араласып 
тұратын  татар  тамырының  құрметіне  баласының  есімін  Ғанибай  деп 
атапты. Кейін жай ғана Ғани болып кеткен. Кезінде жұртшылық жап-
пай оқыған Айтбай Хангелдиннің «Ғанидың жұлдызы» атты кітабында 
Ғанидың  алғашқы  аты  Ғанибет  еді  деп  көрсетіледі.  Сол  кездегі 
идеологияның бұлжымас талаптары сақталғандықтан кітаптағы Ғани 
бай  мен  Мұратбай  біріне-бірі  жауығады  да  жүреді.  Дей  тұрсақ  та, 
өз  дəуірінде  тиісті  бағасын  алған  Жүсіпбек  Арыстанов  пен  Айтбай 
Хангелдиннің  Ғани  туралы  көркем  шығармаларын  жоққа  шығаруға 
болмас.
Ғанидың əкесінің сіңірі шыққан кедей болғаны жөніндегі «мифтің» 
қалай  тарағаны  белгілі.  Кеңес  өкіметінің  талабы  солай  еді. «Жас 
Алаштың» өзі де 1935 жылы «Ғани жолдас – бұрынғы Қазалы уезіндегі 
малмен күнелткен бір шаруаның баласы» деп жазды. Ал Мұратбай – 
Қалыңбас  болысын  басқарған  кісі.  Оны  бүкіл  Қазалы  жұрты  жақсы 
біледі. Болыс баласын жасынан оқу-білімге бейімдеген. Ғани ержеткен 
соң əкесінің қағаздарын жазып-сызуға жəрдемдескен.

4
Ғанидың  туғанына  тоқсан  жыл  толғанда  «Жас  Алашта»  қызмет 
істейтін едім. Мерейтой қарсаңында əйгілі жастар жастар жетекшісінің 
зайыбы Бақытжан əжемен əлсін-əлсін əңгімелесіп тұрдық. Сол тұста 
басылым бетінде «республика жастар ұйымының мүшелері кеуделеріне 
Ғанидың  бейнесі  бар  белгі  тағып  жүрсе»  деген  ұсыныс  айтылған. 
Бақытжан  апа  соны  естіп  қатты  қуанып  еді. 84 жасқа  келгеніне 
қарамастан  тың  болатын.  Қазалыға,  Ғанидың  тоқсан  жылдық  тойы-
на баруға дайындалды. Бірақ тағдыр оған жазбады. Бар-жоғы бір-екі 
ай айналдырған ауыр дерт ақыры алып тынды. Бақытжан əжені жер-
бесікке бөлеген делегация түс қайта Қазалыға аттанды. 1992 жылғы 3 
маусымда, Ғани тұп-тура тоқсан жасқа толған күні «Жас Алаш» оның 
зайыбының өмірден өткені туралы қазанама жариялады...
Бақытжан əжеміз Алматының «Самал-2» шағын ауданында тұрды. Ол 
үйінің іргесіндегі Оқушылар сарайының алдындағы Ғани ескерткішіне 
жиі  баратын. «Құдай-ау,  сол  баяғы  жиырма  бесінші  жылғыдай  жап-
жас.  Тас  тұғырдан  қарғып  түсіп,  жайраңдап  маған  қарай  ұмтылатын 
сияқты көрінеді», – дейтін.
Ғани мен Бақытжан Қазалы өңіріндегі «Құмшөл» деген жерде жас-
тар  басқосуында  танысыпты.  Ғанидың  жанында  сол  жолы  Бейімбет, 
Зақыш,  Махамбетжан  деген  жолдастары  болыпты.  Сөзге  шешен, 
ажар-көркі  тіл-ауызды  байлайтын  жас  жігіт  он  алты  жастағы  ауыл 
бойжеткенін салғаннан ұнатып қалыпты.
–  Мен  елден  ерекше  көрікті  де  болғам  жоқ, – дейді  Бақытжан 
əжеміз, – Оның үстіне білім алып та жарытпаған кезім. Шамасы, жас-
тар жиналған жерде өткір пікір айтып көзге түссем керек. Мəжілістен 
соң өзі келді. Əңгімеміз бірден жарасты. Ұзамай бірлесіп отау құрсақ 
деген  ниетін  аңғартты.  Мен  не  дейін?!  Қазақтың  ең  сымбатты  жігіті 
көңіл білдіріп тұрса... Күзде Қазалыда той жасадық. Бір-екі ай тұрған 
соң Мəскеуге кеттік. Ғаниды сол кезде-ақ ауру айналдырып жүр екен. 
Қазалыға келгенде жүдеулеу көрінген. Елде болған бірер айдың ішінде 
ет жеп, қымыз ішіп, едəуір тыңайып қалған. Мəскеуден шақырту жет-
кенде  емдеуші  дəрігері  Обинарович: «Тым  болмаса,  бір  жылға  жуық 
осында  болшы,  науқасыңнан  құлан-таза  айықтырамын», – деп  жата 
кеп  жалынды.  Обинарович  қолы  шипалы,  білікті  дəрігер  болатын. 
Оның үстіне Қазалының қымызын бір жыл ішкен адамның кез-келген 
аурудың  құрсауынан  аман  шығары  анық  еді.  Бірақ  оған  Ғани  көнді 
ме?

5
Бақытжанның бақыты
Ғани  мен  Бақытжан  Мəскеуге  келіп,  комсомол  қызметкерлеріне 
арналған үйдің аядай бір бөлмесіне қоныстанады. Ауыл қызына бəрі 
таңсық. Ғани қауырт жұмыстан қолы қалт еткенде көше аралатады. Бұл 
ел-жұрт тəңірдей табынған Ленин өмірден өткен жыл болатын. Мəскеу 
əлі де азалы. Ағаш ұсталары мен құрылысшылар Кремльдің алдында 
көсемнің  кесенесінің  қаңқасын  қалап  жатыр.  Ғани  Бақытжанға  соны 
көрсетеді.
Кешке қуықтай бөлмеге Ғанидың жолдастарының бəрі жиналады. 
Шетінен  жігерлі,  шетінен  екпінді.  Сөз  сөйлесе  дес  бермейді.  Бірақ 
солардың  ішінде  Ғани  ерекше.  Бұл  бір  Бақытжанның  бақыттан  басы 
айналған күндері еді. Осы қуаныш ұзаққа созылмады ғой.
Бір  күні  Ғани  жиналыста  сөз  сөйлеп  тұрғанда  қатты  қысылып, 
қан  тастайды.  Соны  көрген  жолдастары  оны  дереу  Сухумидегі 
сауықтыру орнына барып емделуге көндіреді. Ғани, əрине, айықпас 
дерттің қармағына түскенін жақсы білетін. Бірақ жазылып, қатарға 
қосылып кетем ғой деген үміті басым болатын. Ол сол үмітпен өмір 
сүрді. Сухумиге Бақытжан да еріп барғысы келеді. Ғани оның бірге 
жүргенін  қаламайды. «Сен  ауылға,  Қазалыға  қайт.  Мен  бірер  айда 
барып  қалармын.  Қымыз  дайындап  қой», – деп,  жымиып  аттанып 
кетеді.
Бақытжан елге келіп, өздері шаңырақ көтерген жерге үй тігеді. Ай-
наласына сексеуіл жинайды. Ғани əне-міне келіп қалады деп отырғанда 
суыт хабар жетеді.
– Сөйтсем, дəм-тұзы таусылатынын сезген Ғани мені ауылға алдап 
жіберген екен ғой. Аңырап Мəскеу қайдасың деп тартып отырдым. Жа-
ныма Ғанидың ағайындарынан Ағыбай, Құрақмет деген кісілер ерді. 
Ол  кезде  қазіргідей  үш-төрт  сағаттың  ішінде  Мəскеуге  табаныңды 
тигізетін ұшақ қайда? Отарбамен өліп-өшіп, табандатқан төрт тəулік 
жүріп жеткенімізде Мəскеу жұртшылығы Ғанидың денесін қара жердің 
қойына  тапсырғанына  бір  күн  болған  екен.  Бізді  вокзалда  Ғанидың 
қызметтес  жақын  жолдастарының  бірі  Подвойский  қарсы  алды.  Жол 
бойы  жанары  жасқа  шыланып, «Өмірге  ерте  келіп,  ерте  кетті  ғой», 
– деп ауыр күрсінумен болды. Ғанидың табаны тиген орындар көзге 
шалынған сайын көңілім босап, егіле беремін. Ауылға қайтқанша құр 
сүлдерім қалды.

6
Бақытжан Құрманбайқызы өмірден өткенше жиі жүздесіп тұрдық. 
1990  жылы  «Жас  Алашта»  ол  кісімен  көлемді  сұхбат  жарияладық. 
Марқұм əжеміз сонда көп жайға қанықтырып еді. Ғани мен Бақытжан 
1924 жылғы 16 қазанда некелескен. Заңды неке №64 жазбамен Қазалы 
қаласында тіркелген. Неке куəлік 1957 жылы ескі жазбаның негізінде 
жаңартылып берілген. Екеуінен ұрпақ болмады. Бақытжан кейін Ғани 
тəрбиелеп  өсірген,  туған  інісіндей  көрген  Жұмағали  Елеусізовке 
тұрмысқа  шыққан.  Бір  немересінің  атын  Ғанидың  атына  жаздырған. 
Ғанидай болып өссе екен деп ырым қылады. Серік Ғаниұлы Мұратбаев 
ұзақ жылдар бойы М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтын-
да қызмет істеді. Сексенінші жылдар баспасөзінде жиі көрінген орыс 
тілінде  жазатын  журналист  Жанна  Нұрланова  да  Бақытжан  əжейдің 
ұрпақтарының бірі.
Жылаған жұрт, егілген ел
Енді  Ғанидың  қазасы  жөніндегі  деректерге  жүгінейік. «Прав-
да»  газеті 1925 жылғы 17 сəуірдегі  №88 (3019) санында  мынадай 
қазанамалар жариялады:
«Коммунистік Жастар Интернационалы Атқару комитеті КИМ-нің 
барлық  секцияларына  сəуірдің 15-і  күні  кешкі  сағат 5-тен 50 минут 
кеткенде  Коммунистік  Жастар  Интернационалы  Атқару  комитетінің 
мүшесі  Ғани  Мұратбаев  жолдастың  ұзаққа  созылған  ауыр  науқастан 
кейін қайтыс болғанын қатты қайғырып хабарлайды».
«Коммунистік  Жастар  Интернационалы  Атқару  комитеті,  РЛКЖО 
Орталық Комитеті жəне Мəскеу қалалық комсомол комитеті РЛКЖО-
ның  барлық  мүшелеріне  КИМ  Атқару  комитетінің  жəне  РЛКЖО 
Орталық  Комитетінің  мүшесі  Ғани  Мұратбаев  жолдастың  осы 
жылғы 18 сəуірде,  сенбі  күні  жерленетінін  хабарлайды.  Марқұмның 
денесі  күндізгі  сағат 1-де  Страстная  алаңы,  №3  үй,  КУТВ  клубынан 
шығарылады. Мəйіт Ваганьков зиратына қойылады».
«Қырғыз  студенттер  комитеті  қырғыз  жастарына  еңбекші  қырғыз 
жастарының  көсемі  Мұратбаев  жолдастың  қайтыс  болғанын  қатты 
қайғырып хабарлайды. Жерлеу рəсімі 18 сəуірде, сенбі күні, күндізгі 
сағат 1-де  басталады.  Қырғыз  жастары  сол  күні  сағат 11-де  Қырғыз 
өкілдігі үйі ғимаратының (Трубниковский тұйық көшесі, 10 үй) алдына 
жиналуы керек. Қырғыз студенттер комитеті».

7
«Правда» газетінің бұл санында комсомолдың Орталық Комитетінің 
Ғанидың  қазасына  байланысты  барлық  жастарға  арналған  үндеуі 
жарияланған. Сол кездің рухымен жазылған бұл құжаттан біз жастар 
жетекшісіне қатерлі аурудың 1924 жылдың күзінде жабысқаны жөнінде 
мəлімет аламыз. «Ғани Мұратбаев енді жоқ. Қырғыз жастары оның ор-
нына  жанқиярлықпен  еңбек  ететін  ондаған-жүздеген  қызметкерлерді 
жаңадан ұсынуға тиіс», – делінеді үндеуде. Сондай-ақ басылым бетінде 
қазақтың ардақты ұлдарының бірі Нəзір Төреқұловтың азасөзі де бар. 
«Біздің тынымсыз Ғани өлді дегенге сенбейсің, сенгің де келмейді. Бұл 
қаза оны білетіндердің жан-дүниесіне ең сенімді, ең жақын аға-ініні, 
жауынгерді жоғалту сезімін ұялатады», – деп егіледі ол.
«Тым қысқа ғұмыр» («Такая короткая жизнь») деп аталатын деректі 
фильмді көргеніңіз бар ма? Бұл – бар ғұмырын Ғани өмірін зерттеуге 
арнаған танымал журналист, марқұм Сейілхан Асқаровтың сценарийі 
бойынша  түсірілген  туынды.  Сонда  бар-жоғы  бір-екі  секундта  ғана 
көз алдыңнан өте шығатын ғажап көрініс бар. Коминтерннің Шығыс 
бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған тірі Ғани бір сəт күлімдеп 
тұрады. Мұны Мəскеу мұрағаттарынан Сейілхан Асқаров немесе сол 
фильмге  атсалысқан  Ғаділбек  Шалахметов  тапқан  болуы  мүмкін. 
Қалай  болғанда  да  өте  құнды  дүние!  Бірақ  Ғанидың  бұл  қызметін 
атқаруға мүмкіндігі болмаған секілді. Оны «Правданың» тілімізге тиек 
болып отырған санында жарияланған Н.Фокиннің азасөзі дəлелдейді. 
«Коммунистік Жастар Интернационалының соңғы конгресі оны Атқару 
комитетінің құрамына сайлап, КИМ-нің Шығыс бөліміне жетекшілік 
етуді тапсырып еді, бірақ Ғаниға бұл жерде жұмыс істеудің сəті түскен 
жоқ.  Ешқандай  ем-дом  да,  Кавказ  да,  өмірге  деген  ыстық  ықылас  та 
көмектесе  алмады».  Н.Фокиннің  сөзінде  қазақ  жастарының  Ғаниды 
аман алып қалу үшін емдеу орнына қаражат жіберіп тұрғаны жөнінде 
айтылады.
Қадір мен құрмет
Сонымен,  Ғани  Мəскеуде  жерленді.  Отызыншы  жылдардағы  ой-
ранда  да,  қырқыншы  жылдардағы  қырғында  да  ел  Ғаниды  жадынан 
шығарған  жоқ.  Əсіресе,  өзі  шаңыраған  көтерген  «Жас  Алашы»  оны 
ешқашан  ұмытқан  емес.  Мəселен, «Лениншіл  жас» 1935 жылғы 25 
сəуірде  «Ғани  Мұратбайұлының  қайтыс  болғанына – он  жыл»  деген 

8
тақырыппен  материалдар  топтамасын  жариялады.  Мақалалар  мен 
деректер  басылымның  сол  күнгі  санының  түгелге  жуығын  қамтыды. 
«Ғанидың  өмір  тарихын  газетіміздің  бір  санында  түгел  беру,  түгел 
айтып шығу өте қиын нəрсе... Ғани жолдас туралы басылып отырған 
материалдар негізінен 1925 жылы Мəскеуде басылып шыққан «Біздің 
Ғани» деген кітаптан алынды. Бұл материалдар Алматы қалалық ком-
сомолдар ұйымының 15 жылдығымен қабат келгендіктен кешігіп ба-
сылып отыр» деген түсініктеме берілген редакциялық мақалада.
Бірақ  Ғани  қайтыс  болғаннан  кейін  отыз-қырық  жыл  бедерінде 
оның  Мəскеудегі  қабіріне  көп  адам  ат  басын  бұра  бермеген  сияқты. 
Тіпті  оның  Ваганьков  зиратының  қай  тұсында  жатқаны  да  ұмытыла 
бастағандай  еді.  Құдай  сəтін  салғанда,  алпысыншы  жылдарда  қазақ 
мəдениетінің жанашыры Өзбекəлі Жəнібеков Қазақстан комсомолының 
басшылығына келді. Келе сала Ғанидың жарқын бейнесін жастардың 
санасына  орнықтыру  мəселесімен  айналысты.  Осының  алдында 
Оңтүстік  Қазақстан  облыстық  комсомол  комитетінің  бірінші  хатшы-
сы  болған  Өзағаңның  бастамасымен  Шымкентте  Ғаниға  ескерткішті 
қандай  қиындықпен  орнатқандарын  Қалаубек  аға  Тұрсынқұлов  та-
лай жазды. Бірінші хатшы алаш ардақ тұтқан Өзағаң болса, облыстық 
комсомол  комитетінің  оқу  орындары  жөніндегі  хатшысы  қарымды 
қаламгер  Қалаубек  Тұрсынқұлов  болса,  Ғанидың  маңдайына  шаң 
тисін  бе,  облыс  басшыларының  қарсылығына  қарамастан  Мəскеуде 
жасалған  ескерткіш  Шымкенттің  қақ  ортасына  табан  тірейді.  Жал-
пы,  комсомолдың  Орталық  Комитетінде  жазушылар  Камал  Смайы-
лов,  Қалаубек  Тұрсынқұлов  хатшы,  Шерхан  Мұртаза,  Сейдахмет 
Бердіқұлов  бюро  мүшесі  болған  жылдарда  Ғанидың  атын  ардақтау 
мəселесіне  ерекше  мəн  берілген.  Өзағаң  бірінші  хатшылыққа  сайла-
нысымен  Сейілхан  Асқаровқа  Ғани  қабірін  іздеуді  тапсырады.  Екі 
ортаға талай ат сабылтқан Сейілхан Ғанидың Ваганьков зиратындағы 
20-учаскеде жерленгенін анықтайды. Өзағаң дереу Мəскеудегі зауытқа 
зират басына қоятын ескерткіш жасатуға тапсырыс бергізеді. Өзі басқа 
жұмысқа ауысып бара жатқанда бұл істі аяқтауды қызметті қабылдап 
алған Закаш Камалиденовке аманаттаған.
1972 жылдың жазында Ғани қабірі басындағы ескерткіштің ашылу 
рəсіміне  сол  кездегі  БЛКЖО  Орталық  Комитетінің  бірінші  хатшысы 
Е.М.Тяжельников қатысып, сөз сөйлеген. Ғанидың зайыбы Бақытжан, 
бірқатар  ардагерлер,  Қазақстан  жастарының  жетекшілері  арнайы 

9
барған. Жүрек толқытатын осы бір сəттің де кинохроникаға түсіріліп 
алынғаны қуантады.
Қазақстан  комсомолының  басшылығына  əр  жылдары  келген 
жігіттер Ғанидың қабірін қарусыз қалдырған жоқ. Ара-тұра болса да 
Мəскеуге өкілдерін жіберіп тұрды. Съездерге, пленумдарға барғандар 
Ваганьков зиратына соқпай өтпейтін. Ғани қабіріне тағзым ету бір за-
манда мектепте үздік оқыған балалар саяхатының маршруттарына да 
енгізілді.  Одақ  тараған  соң  бұл  дəстүр  сап  тыйылды.  Комсомолдың 
шаңырағында шырақшы болып қалған Жастар одағы басымен қайғы 
болып кетті.
1988  жылғы  қараша  айында  Мəскеуден  хабар  жетті. «Осылай  да 
осылай,  біреулер  Ғанидың  қабірін  бүлдіріп  кетті.  Қаскүнемдер  оның 
басындағы  қымбат  бағалы  тасты  олжалауды  көздесе  керек».  Көп 
ұзамай  комсомолдың  даңқ  мұражайының  директоры  Еркін  Өтешов 
пен  Қызылорда  облыстық  комсомол  комитетінің  нұсқаушысы  Үрипа 
Кішкенбаева  Мəскеуге  аттанды.  Хабар  рас  екен.  Қоршаудың  бір 
қапталын жұлып əкетіпті. Гранит тасты əрі қозғап, бері қозғап, өңгере 
алмапты.  Еркін  мен  Үрипа  Алматыдан  ала  шыққан  апортты  əркімге 
үлестіріп  жүріп,  сол  жолы  қоршауды  жөндетіп,  айналасын  тазалап, 
əктеп, сырлап қайтады. Бұл демі бітіп бара жатқан комсомолдың Ғаниға 
көрсеткен соңғы құрметінің бірі деп ойлаймыз.
Тоқтай  тұрыңыз,  соңғысы  емес  екен... 1990 жылы  сəуір  айында 
БЛКЖО-ның  ХХI  съезі  өтті.  Бұл  бір  «комсомолдың  саудасы  бітті 
ме,  жоқ  па?»  деген  мəселе  төңірегінде  жағы  талғанша  сөйлейтін 
көкезулердің  айтысы  еді.  Демократияның  таққа,  шешендердің  атқа 
қонған кезі. Съезд сен тұр мен атайын делегаттарды төрт күн бойы 
сайратып  алып,  бесінші  күні  үзіліс  жариялады.  Бұл 15 сəуір  бола-
тын. Ғанидың алпыс бес жыл бұрын өмірден өткен күні. Қазақстан 
комсомолының  жетекшісі  Иманғали  Тасмағамбетов  қыздар  мен 
жігіттерді Ғанидың қабіріне бастады. Гүл шоқтарын қойды. Жастар 
ескерткіш  басында  суретке  түсті.  Еркін  мен  Үрипаның  жөндеген 
жақтауының басқа жақтаулардан бөлектеу екенін сонда көрдік. Қабір 
басында адамның ең соңғы рет көп жиналғаны осы шығар. Өйткені 
келер  жылы  комсомол  асығыс-үсігіс  тағы  бір  съезд  өткізді  де,  ың-
шыңсыз тарап кетті.
Қазір Ғани қабірінің қандай жағдайда екенін бір құдайдың өзі біледі. 
Ана жылдары Мəскеуде оқитын аспиранттар мен студенттер жиі соғып 

10
тұратын.  Ваганьков  зираты  орналасқан  Краснопресненск  ауданының 
жастар ұйымы қамқорлық жасайтын. Қазір, кім біледі...
Рыстығұл қарттың əңгімесі
1992  жылы 27 маусым  күні  Жаңақазалы  қыстағында  жасы  жүзге 
таяған  Рыстығұл  қартпен  əңгімелестім.  Ол  кісі  Ғанидың  жақын 
ағайындарының бірі еді. Рыстығұл ата мен сөйлескен соң да бірер жыл 
өмір сүрді. Бертінде дүние салды. Диктофон таспасында сақталған сол 
əңгімені өзгеріссіз ұсынғанды жөн көріп отырмын.
–  Жасында  Қаниға  (Ғани  дегенді  ақсақал  осылай  айтады,  Б.О.) 
Əйтекенің тұқымынан қыз айттырған. Ол қыз ақылды əрі көрікті бо-
латын.  Айыбы – оқымаған.  Қанидың  онымен  ісі  болмады.  Мұратбай 
өліп  қалды.  Жаңағы  қызды  бөтен  біреуге  беріп  жіберуге  əкесі 
Қанидан  қаймықты.  Төртқара  Тəңірберген  деген  кісінің  қызы  еді. 
Бекжанның,  Өтепбергеннің  інісі  ол.  Əкесін  айтам.  Төртқаралар 
қарасақалдарға: «Мына жесірлерің бой жетті, жасауын тігіп отырмыз. 
Қашан  аласыңдар?», – дейді.  Содан  ақсақалдар  Қаниға: «Айттырған 
қалыңдығыңды ал!», – дейді. Ол оқымаған деп алмайды. Қыз енді ке-
ремет еді. Қани: «Менің оған зейілім де, наразылығым да жоқ», – деп 
рұқсатын  береді.  Ол  қызды  кейін  біреуге  берді  ғой.  Ақыры  оқыған 
деп  мына  Құрманбайдың  қызын  алды.  Шамалы  ғана  отасты.  Одан 
кейін аурудың қармағына ілікті. Мəскеуден Бақытжанды елге бар деп 
қайтарады.  Алғашында  дəрігердің  дəрісі  жаққан  көрінеді.  Кейін  на-
шарлай бастаған.
Мұратбайдың  əкесінің  аты – Қажет.  Одан  Жаманбай,  Салықбай, 
Мұратбай,  Боранқұл,  Жақсыбай,  Шəкенбай.  Зылиха – Жақсыбайдың 
қызы. Ағыбай – Салықбайдың баласы. Сол Ағыбай қасына адам алып, 
Мəскеуге  барып,  Қаниды  жерлеп  келді.  Қанидың  бір  жетім  қалған 
баланы  асырап  алғаны  бар.  Жұмағали  Елеусізов  деген.  Төртқараның 
Сексені.  Сол  ержетіп,  Бақытжанды  алды.  Шынын  айту  керек,  халық 
оны жақтыра қоймады. Ағыбай еді жақыны. Жол соныкі еді.
Қани адам біткеннің сұлуы еді. Түрі аққұба болатын. Əңгімелескенде 
бетіне қарай бергің келетін. Сүйек бітімі ірілеу болды. Жай сөйлейді. 
Бойы ұзын. Əкесі де ажарлы адам еді. Бұл одан да сұлу болды.
Мұратбайдың  Орысбай  дейтін  ағасы  болған.  Мұратбай  жиырма-
отыз жыл болыс болды. Кейін болыстығын Орысбай алған. Орысбай 

11
– Ермектің, Мұратбай – Қажеттің баласы. Орысбайдың баласы Мереке 
осы Қазалыда тұрады.
Қанидың шешесінің аты – Батпа (Бəтима, Б.О.). Қани оқуда жүрген 
кезінде үш-төрт ай болысқа хатшы болды. Он сегіз ауылнайға бұйрық 
жазды.  Жұмысын  əділ  істейтін.  Мұратбай  Жəнет  деген  қызды  асы-
рап  алған.  Оны  бойжеткен  соң  Ерімбеттің  (қазақтың  əйгілі  ақыны 
Қарасақал  Ерімбет,  Б.О.)  үлкен  баласы  Махамбетке  ұзатты.  Жəнет 
сол жолы маған арнап тақия тікті. Бес күн той болды. Біздің шешеміз 
жеңгетайлыққа жүрді.
Мұратбай  Қани  онға  келгенде  қайтты  дүниеден.  Бір  күні  қалада 
өткен  жиын-тойға  бардық.  Қани  жасы  кіші  болса  да  бізді  ертіп,  жол 
бастап жүрді. Өзі ылғи əкімдермен отырды. Бір жұпыны киінген адам 
елеусіз  қалып  қойған  екен.  Соны  шақырып  алып,  дастархан  басына 
отырғызды...
Сол жолы əке сөзін ел ағасы Ботабай Рыстығұлұлы жалғаған:
–  Қалыңбас  деген  біздің  ел  ол  жылдарда  Қармақшының  тұсын 
мекендеген.  Сол  Қалыңбасқа  болыстық  тиіп, «Қарасақалдар,  кімді 
сайлайсыңдар?», – дегенде  жұрт  Мұратбайды  ұйғарған.  Өйткені  ол 
елге жағымды болған.
Сыртта  оқып  жүрген  Ғани  демалысқа  ауылға  келгенде  небір  дау-
ларды шешуге араласқан. Руы қырғыз Тілеуімбет деген көзі өткір кісі 
Ғаниды көрейінші дейді екен. Оған жұрт Ғаниды көрсетпеген. Жалпы, 
біздің  шал  көп  нəрсеге  куə  болған.  Қазір  жасы 99-ға  келді.  Бірақ  өзі 
97-демін дейді...
Мен  сол  жолы  жүзге  аяқ  артқалы  отырған  Рыстығұл  қарттың 
қайратына таң қалғанмын. Өте тың болатын. Əңгіме айтқанда бір де-
ректен  жаңылыспайды.  Айтқанын  жазып  алғанымыз  абырой  болып-
ты.
Көршісі – Қожанов, корректоры – Қоңыратбаев
Ғаниға іні болған, кейін Бақытжанға үйленген Жұмағали Елеусізов 
туралы  деректер  Əуелбек  Қоңыратбаевтың  естеліктерінде  кездеседі. 
Базар  маңында  панасыз  жүрген  кішкентай  Жұмағалиды  Ғани  мен 
Əуелбек екеуі бірге жолықтырыпты. Оны балалар үйіне орналастыру 
оңайға соқпаған соң Ғани өз үйіне қалдырыпты. Əр сапарға аттанған 
сайын: «Əуелбек, мен жақын арада орала қоймаспын. Мен оралғанша 

12
сен Жұмағалидың қасында бол. Мына револьвердің оғы бар, тимеңдер. 
Дұрысы, мұны бір жерге жасырып қой. Жұмағалиға көрсетпе», – дейді 
екен.  Сол  Жұмағали  бірде  тығып  қойған  қаруды  тауып  алып,  торғай 
атпақ болыпты...
Əуелбек  Қоңыратбаев – Ғанимен  бірге  «Жас  Алашты» 
шығарысқандардың  бірі.  Ғани  оны  корректор  етіп  тағайындаған. 
Сөйтіп,  газеттің  тоқсан  жылдық  тарихы  бар  газеттің  дəстүрлі  кор-
ректурасын  əйгілі  ғалым  Əуелбектен  бастауымызға  толық  негіз  бар. 
Егер «Жас Алаш» пен «Жас қайраттың» алғашқы сандарынан «Ə.Қ.» 
деп қол қойған хабарлар мен мақалалар көрсеңіз, оның авторы «Жас 
Алаштың» алғашқы қызметкерлерінің бірі Əуелбек Қоңыратбаев деп 
біліңіз. Ə.Қоңыратбаев өз естеліктерінде жас Мұхтар Əуезовті Ташкент-
те Ғанимен таныстырғанын, жастар жетекшісі сондағы Халық ағарту 
институтының клубында Мұхтар мен Мағжанның əдебиет туралы ай-
тысын  ұйымдастырғаны  туралы  айтады.  (Əукеңнің  «Керуен»  атты 
естеліктер  кітабында  Мағжанның  есімі  аталмай,  тұспалдап  қана 
көрсетілген, Б.О.). Əдебиетші-ғалым Ғанидың Сұлтанбек Қожановпен 
бір аулада тұрғанын баяндайды. Ғанидың қырғыз ұландарына да көмегі 
аз  болмапты.  Оның  шарапатын  көрген  Ықыласов  деген  азамат  кейін 
Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып қызмет істепті.
Қазақ  баспасөзінің  тарихына  терең  бойлаған  профессор  Темірбек 
Қожакеев ұсынған мына бір дерек елең еткізбей қоймайды. «Қазақстан 
комсомолының 1921 жылы шілдеде өткізілген І съезіне Түркістаннан 
өкіл  болып  Ғ.Мұратбаев  келген.  Сонда  Қазақ  АССР-і  жастарының 
баспасөзін  шығару  туралы  сөз  болғанда  Ғани  «Қазақ  өлкесінде 
бөлек  газет  шығармайық, «Жас  Алаш»  Қазақ  өлкесі  мен  Түркістан 
жастарының тілі болсын» деп ұсыныс жасаған. Қазақстан делегаттары 
Ғанидың ұсынысына қосылып, «Уақытша бірігейік, одан кейін жеке га-
зет шығарамыз» дескен. Тек газеттің «Жас Алаш» атынан ұлтшылдық 
лебі еседі, оны өзгертейік» деп ұсыныс жасаушылар да табылған. Ғани 
оған  көнбейді,  сол  атауды  қалдыра  беруді  жақтайды.  Бірсыпыра  де-
легаттар «Жас Алаштың» мазмұны, бағыты таза емес деп тауып, оны 
өздерінің  орталық  органы  деуге  қарсы  болады. («ЖА», 1991 жыл, 5 
мамыр).
Ғанидың қаламы қарымды болғанына күмəн жоқ. Миының қатпары 
қалың Маркстің «Капиталын» аударуға ұмтылыс танытуы, пролетари-
ат  көсемінің  «Жастар  одағының  міндеттері»  атты  сөзін  қазақшалауы 

13
осыны аңғартады. Мақалаларында жергілікті халықтың  тілін  баянды 
етуге мəн берген. Мəселен, «Одақтың (Жастар одағының) іс-қағаздары 
төменгі  ұйымдардан  бастап  ана  тілінде  жүргізілуі  керек,  комитеттің 
аппараттарын  жергілікті  тілдерге  жетік  кадрлардан  құру  керек»  деп 
ой  толғаған.  Журналист  Ə.Қосанов  «Жас  Алашта»  жарияланған 
мақаласында  Ғанидың  ұлтжандылығын  көрсететін  ондаған  дерек 
келтіреді («ЖА», 1992 жыл, 9 мамыр).
Ғ.Мұратбаевтың  керемет  əнші  болғаны,  əсіресе, «Қараторғай», 
«Сəулем-ай»  əндерін  шебер  орындайтыны  Сара  Есованың 
естеліктерінде айтылады. Жастар жетекшісінің өлең жазғаны туралы 
да деректер бар.
РЛКЖО  Орталық  Комитетінің  бас  хатшысы  Александр  Мильча-
ков Ғани қайтыс болардан үш күн бұрын ауруханаға кіріп шығыпты. 
«Соншалық жігерлі көрінген. Бəріміздің жағдайымызды сұрады. Ара-
мыздан тез кетіп қалады деп кім ойлаған?.. Теңізшінің формасы онсыз да 
ажарлы Ғаниды жайнатып жіберетін. Оның ішкі мəдениеті, зиялылығы 
өте жоғары болатын. Шынын айту керек, бұл дегенің бəріміздің бойы-
мызда кездесе бермейтін қасиеттер еді», – деп еске алады «Тым қысқа 
ғұмыр» фильмінде.


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал