Бағдарламасы бойынша жарық көрді НҰРҒалым ұ. Болмыс. Мақалалар/Ұ. Нұрғалым



жүктеу 6.44 Kb.

бет6/12
Дата15.02.2017
өлшемі6.44 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

71
БОЛМЫС
Ал, баста, Түнғатар! Төк шеріңді! Аяма! 
Шығарманың өн-бойындағы уытты біз де осы бір тұсқа 
жинақтай түсуге тырыстық. 
«– Дөрекі де болса айтайын, өттерің жарылып 
кетпес, – деп тұр екен Орманов. – Мұғалима 
жолдастар-ау, педагог деген атымыз бар, ал соған 
затымыз сай ма? Сабақты қалай беретіндеріңді 
айтпай-ақ қояйын, нәріңді айтпай-ақ қояйын, сәніңді 
айтамын, ішіңді ақтармай-ақ қояйын, сырт бейнеңе 
көңіл аударайын, қалай киінесіңдер, қалай жүресіңдер, 
сол туралы ойландыңдар ма? Ауылдың салпыетек 
сары қарын қатындарынан артықшылықтарың қайсы? 
Түрлерің анау – шала жуынып, шала таранған, 
киімдерің анау – олпы-солпы, кір-қожалақ, өй 
қарақтарым-ау, сендермен қол беріп амандасудың өзі 
қауіпті, ал ендеше, дөрекі болса да, өттерің жарылып 
кетсе де айттым, ұнамайсыңдар маған! Неменеге 
күлесіңдер? Еркектер жағы мәз бола қалыпсыңдар, 
сендер де оңып тұрған жоқсыңдар, жүрмей қалған 
машинаның астынан шыққан шофер не, сендер не? Кір-
қожалақ боп жүрістерің мынау, арақ ішпейтін мұғалім 
кемде-кем. Бала деген еліктегіш емес пе? Соны қалай 
ойламайсыз? ...Той-томалаққа бара қалсақ, оқушы 
балалардың көзінше, солардың ата-анасының көзінше 
арақ ішесіздер, балағаттап боқтасасыздар, төбелесіп те 
қаласыздар, одан кейін сіздерде қалай абырой болмақ, 
жалпы педагогиканың қандай абыройы болмақ? Ал 
әйтпесе, өттерің жарылса да айтайын! Тәлімгер деген, 
мұғалім, ұстаз деген кіршіксіз таза болса, жаны таза, 
тәні таза, үлгі болса жарасып тұрмай ма? Тәлімгер 
деген ол – жұрттың ақылды ағасы, ол... ол... баяғыда 
қожа-молда қараңғы жұртты алдағанда мен құдайдың 
жердегі өкілімін дейді екен. Біз дінге сенбейміз, әрине, 

72
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
біз құдайға сенбейміз, әрине. Бірақ егер құдай бар болса, 
мұғалім, ұстаз, тәлімгерді мен өз басым сол құдайдың 
жердегі өкілі дер едім, шын мәніндегі өкілі дер едім. Ал 
сендердің жүрістерің анау.
... Шикіл сары Сәрсенбай қып-қызыл болып бөртіп 
алыпты. Көзі жасаурап, орнынан қарғып тұрып, оң 
қолымен ауаны шауып түскендей сілтеп қалды да, айқай 
салды:
– Әй, мынау не деп тұр, ей құдайың не, ей, айтып 
тұрған?! Өзің саяси соқыр екенсің ғой! Мына біздің 
алдымызда, кеңестік тәлімгерлер алдында сен не деп 
оттап тұрсың ей?! Құдайдың жердегі өкілі дегенің не 
пәле, сенің құдайың не пәле?! Түс, кәнеки мінберден!». 
Өзгесі өз алдына «Маскүнем, кір-қожалақ» деген сөз 
шымбайларына батып әрең отырған мұғалімдер тағы да 
ағытылып ала жөнеледі. «Кеще, арам, кетсін, ұятсыз...» 
небір сөздер тізбегі...
Түнғатар Сәрсенбайдың: «Бәрімізді бірдей 
неге ғайбаттайсыз? Сіздің ондай хақыңыз бар ма? 
Жоғарыдан келген бастығымыз болсаңыз екен, онда 
бір жөн» деген сөзінен іліп алып аттың басын ары қарай 
жібереді.
«– Міне, міне, шындықтың шетін өзіңіз шығарып 
бердіңіз. Егер мен бастық болсам ғой, әлгі сөздерімді 
бұғып отырып, бүрісіп отырып, дірілдеп отырып 
тыңдар едіңіздер. Ойбай, кінәліміз, ойбай түзелеміз, 
ақылыңызға құлдық деп екі бүгіліп, маңдайыңызды 
жерге қояр едіңіз. Ал мен айтсам жазықтымын, сендер 
сүттен ақ, судан таза, менің пікірім былапыт, аузымнан 
құдай деген сөз шығып кетуі мұң екен, ит көрген 
ешкікөзденіп шыға келдіңдер. Білем мен, енді қайткен 
күнде де мені қуып тынасыңдар. ...Бірақ естеріңде 

73
БОЛМЫС
болсын, мен арпалысып, алысып үйренген адаммын, 
менен құтылу сендерге оңайға түспес».
Түнғатар бұрын Қостерек деген мектепте істеп 
одан да осылай қуылған еді. Ол осы мектепке келгенде 
Қостерек мектеп директорынан мұны жамандаған хат 
та келіп үлгерген. Оның бәрін өзі де біледі, ашық айтып 
тұр:
«...  Бірден дүрсе қоя бергеніме кешірім сұраймын, 
жолдастар, ашу, ыза... үш жылдың ішінде Қостеректегі 
нақұрыстар менің жүйкемді тоздырып болған. 
Қанымды ішіп тауысқан. Енді аз ғана мұрсат беріңіздер, 
мен өзімнің ұстаздық тәсілімді, сабақ беру тәсілімді 
түсіндіре кетсем, содан кейін қалай шешсеңдер де өз 
ықтиярларың. Оқу ісінің меңгерушісі Досболова Күләй 
жолдас менің бір сабағыма қатысты да, дау шығарды. 
«Мұныңыз қалай?» деп менімен сөйлескен де жоқ, 
«Сіз қай тәсілді ұстанып жүрсіз?» деп сұраған да жоқ. 
Жоспарды бұздың деп тиісті. Тиісіп қана қоймады, 
бірден сөгіс жариялады, сөгіс жариялап қана қоймады, 
бұйрық қағазды оқушылардың алдына шығарды...
...– Ал, енді маған мұрсат беріңіз, бас кеспек 
болғанмен, тіл кеспек жоқ, айтарымды айтайын...
Менің үлкен атам Орман молда болған кісі екен... – 
Түнғатар мырс етіп күліп жіберді. – Менің үстімнен 
арыз жазған кезде бұл фактіні де пайдаланасыздар. Сол 
кісі мені қасына жүгіндіріп отырғызып қойып... бес-
алты жасар кезім ғой... құранның сүрелерін, аяттарын 
жаттататын. Арабша жазылған ол сөздерден мен түк 
түсінбейтінмін. Бірақ әлі күнге дейін сол сөздерден мен 
түк түсінбеймін. Бірақ әлі күнге дейін сол ұзыннан-ұзақ 
сүре, аяттарды мен жатқа білемін. Неліктен? Бала миы, 
бала зердесі алғыр. Ол нені болса да тез қабылдайды 
және қабылдағанда өмірлікке өшпестей, біржолата 

74
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
қабылдайды. Мен Құранның бірінші жолынан соңғы 
бетін әлі күнге дейін мүдірмей айтып бере аламын. 
Демек, бес мыңдай адам тұратын бұл ауылда бірде-
бір орыс отбасы жоқ, бірде-бір орыс адам жоқ, ал мен 
осы ауылдың балаларына орыс тілін үйретуім керек. 
Күнбе-күнгі тірлікте пайдаланып, іске асып жатпаған 
соң, қандай тіл болмасын, оның қадір-қасиеті бола 
бермек емес. Бұл ауылдың балалары үшін орыс тілі әлгі 
бес жасар Түнғатар Омаров үшін атасының алдында 
жүгініп отырған бес жасар бала үшін араб тілі қандай 
болса, бұлар үшін орыс тілі сондай. Мен оқушыларға 
жоспар бойынша суффикстерді, деепричастиелерді 
босқа үйретіп несіне әуре боламын? Қадір-қасиетін 
анық біліп түсінбеген, кім екені белгісіз Лермонтов
Некрасовтардың өмірбаяндары неге керек? Бұлардың 
кім екенін білсе ғой, шығармашылығын білсе ғой, сонда 
ғана олардың өмірбаянына олар қызығар еді, өйтпегенде 
бұлар үшін Лермонтов деген сөз, Некрасов деген сөз 
бос жаңғырық емес пе? Сондықтан мен ойладым: орыс 
поэзиясын, әлгі ақындардың поэма, өлеңдерін бұларға 
жатқа үйретем, орыс сөздері, мағынасын түсінбесе де, 
бұлардың жадында өмір бойы сақталады, бірте-бірте 
әрбір сөздің мағынасын өздері де түсіне бастайды. 
Алдымен жаттап алып, содан кейін түсіне бастайды. 
Олардың өлеңдерінің, поэмаларының, прозалық 
шығармаларының мән-мағынасын әбден ұқты-ау деген 
кезде олардың өмірбаянын, кім болғанын, қызықты 
тағдырын мен айтып түсіндіре бастаймын. Міне, менің 
бар мақсатым! Алдын ала дайындап келген, жоспарлап 
келген сабақты, әйтеуір міндет үшін өткізе салу емес, 
бір сөз болса да, бір сөйлем болса да, балаларға солай 
орысша үйрету, шын мәнінде үйрету! Ол жолда қандай 
тәсіл қолданамын, ол – менің өз ісім, өз хақым. Соны 

75
БОЛМЫС
Досболова жолдас түсінгісі келмеді, сабақ соңына қарай 
оқушылардың көзінше маған айқайлап шыға келді».
Ұрыс-керіс тағы басталады. Әрнені айта келіп, 
Күләй орнынан қарғып тұрып жылап жібереді:
«– Құдайым-ай, мен не жазып едім?!
– А, қысылғанда сіз де құдайға жүгіндіңіз бе, естіп 
отырсыздар ғой, жолдастар».
«Қорқау жұлдыз» романы жайындағы бұл 
мақаламыздың Түнғатарға байланысты қойған 
тақырыпшамызды «Стандарт – Бұғау» деп атаған 
едік. Алла Тағала әр адамды әртүрлі етіп жаратты, 
әр адамның саусақ мөрі әртүрлі, тіпті Құдіреті күшті 
Алла Тағала өзінің ең кемел заңын адамзаттың бәріне 
бірдей, біркелкі атқарыңдар деп бұйырды ма? Өйткені, 
әр адамның мүмкіндігі әртүрлі. Тіпті, жақсы мен 
жаманды айыратын ақыл бергеннен кейін қайсысын 
таңдайтынын адамның өз еркіне қалдырған ғой. Ал, 
қараңыз, Түнғатарды ортаға алып шырылдатып тұрған 
қоғам ше? Ойдан құрастырған жалған жүйені бүкіл 
адамға бірдей атқаруға зорлайды. Бір ел, бір жүйе, бір 
оқулық, бір оқыту бағдарламасы, енді келіп бір метод! 
«Менің мақсатым – шын мәнінде үйрету! Ол жолда 
қандай тәсіл қолданамын, ол – менің өз ісім, өз хақым.» 
– деп Түнғатар зарлап тұр міне! Оған көну мүмкін 
бе??? Метод – ойындағыны жеткізу тәсілі. Әркімнің 
өз ойын жеткізуі табиғатына, мінезіне байланысты 
болады. Сонда метод деген әр адамның мінезі делік, сол 
мінездерді әлдебір мемлекеттік жүйе ойдан құрастырған 
бір мінезге айналдырып жіберу мүмкін бе? Иә, біразы 
сол бір із, бір мінезге түсер, үйренер, ал Түнғатар 
ше? Атасы жайында айтып тұрғаны анау! Басынан 
бастап бір әрпін қалдырмай Құранды жатқа айтатын 

76
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
Түнғатардың басы бұл бұғауға сыймайтыны енді анық 
болған шығар?!. 
Міне, Кеңес одағы құлауының негізгі себебі. 
Стандартқа түскендер де, түспегендер де көп болды! 
Міне, Желтоқсан оқиғасы! Міне, ыза! Міне, кек! 
міне, ашу! Міне, бұғауға көнбеу! Қадірлі оқырман, 
бұл романда сөз етілмеген Желтоқсан оқиғасы жайын 
айтсақ, тақырыптан алшақ кетіп бара жатыр деп 
ойламаңыз, керісінше, роман көтерген тақырыпқа 
сұғына еніп келе жатырмыз. Ендік те!!! 
Лима – Сәлима – Сәбира! Алаңда өзіне бензин 
шашып өзін-өзі өртеп жібереді. Мына бұғау, мына 
шіре, кіші шеңбердің ішінен үлкен шеңберді өткізгендей 
адам болмысын қорлау, ойдан құрастырған атеистік 
жүйемен аяусыз жаншу, ата бойындағы асылды 
жасық, адалды арам деп көрсетіп ғасырлардан келе 
жатқан текті мансұқтау, елін де, жерін де еншісіне 
алып ендігі ұрпағын мәңгүрттендіру... Біз Желтоқсан 
оқиғасы Колбинның келуінен болды дейміз, иә ол 
себеп, жай ғана себеп. Еліктің қасуына масаның басуы 
дөп келгендей-ақ шаруа ол. Негізгі себеп Лима – 
Сәлима – Сәбираның бойын кернеп кеткен ыза, бұғау! 
Түнғатардың бұрқ-сарқ қайнап тұрған қаны. Енді осы 
сөздерімізді шығармадан нақты үзінді келтіру арқылы 
дәлелдейік.
Мақаламыздың басында: «Тіпті шығарманың бүкіл 
құпиясы жасырылған соңғы сөйлемді оқығанда бұл 
романнан кейін оқырман санасында тағы бір роман 
туындай бастайды.» - деген едік. Енді автор тарапынан 
айтылатын сол сөйлемді мұқият оқып шығайық.
«Содан кейін, Лима, талай күңіренулер, күйзелістер 
болды, бүкіл Майқорық ауылы Қызылжиде аулына 
көшіп келгендей, жұрт ауған қозғалыстар, жылаулар 

77
БОЛМЫС
болды. Бірақ соның бәрінен саған не қайыр? Бірақ 
соның бәрінен сені сыртыңнан ұнатып, сені сыртыңнан 
сүйіп жүрген мына маған не қайыр?
Сенің қасіретің – менің қасіретім, Лима, 
Махаббатым менің!».
Міне, роман осылай аяқталады. Автор романға, 
Лимаға өзін қатысты етіп көрсетеді. «Тағы бір роман» 
дейтін себебіміз де осы еді. «...соның бәрінен сені 
сыртыңнан ұнатып, сені сыртыңнан сүйіп жүрген мына 
маған не қайыр?» дейді. Және де «Сенің қасіретің – 
менің қасіретім.» – дейді. Әрине, кейбір оқырманға 
махаббат туралы жалпылама түсініктегі Арасанбай 
мен Лиманың ортасына Лиманы сүйетін үшінші адам 
болып елестеуі де мүмкін. Жоқ, бұл ондай арзан түйінге 
құрылмаған. Шығарманың құпиясы да осы жерде 
екенін ескерткен болатынбыз. Иә, Лиманың қасіреті 
– сол кездегі қазақтың қасіреті, жанын да, тәнін де 
аяусыз қинаған сол кездегі қоғамдық жүйенің салған 
қасіреті! Бұл – автордың қасіреті! 
Дәл осы тұста автордың өзіне сөз берелік. Белгілі 
бір басылымға берген сұхбатында былай дейді: 
«– Шындықты бәрібір жазасың. Қоғамда болып 
жатқан шындық бар. Газет-журналдар айтып жатқан 
шындық бар. Көркем шығарма жазатын болсаң, осы 
шындықтарды қорытындылап, бір ғана шындық 
жазасың. Мысалы, менің «Қорқау жұлдыз» деген 1987 
жылы жазылған шағын ғана романым бар. 1986 жылы 
Брежнев атындағы алаңда жастардың қаны төгілді. 
Менің сол заманның бейнесін жасауым керек болды. 
Алайда, ол романда Брежнев алаңы немесе Алматы 
жоқ, онда алаңға шыққан жастар да жоқ. Десек те, 
сол көтеріліске әкелген шындық, көтеріліске әкелген 
шындықтан теріс айналып кеткен қоғамның бейнесі 

78
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
бар. Менің романымның басты кейіпкері болған жас 
келіншек қоғамдағы ұятсыздыққа көнбей, өзін-өзі өртеп 
жібереді. Мен ол әйелді өмірде көрдім. 1986 жылы 
алаңға шыққан жастардың да бойында осы келіншектің 
бойындағыдай «өлсем, өлейін!» деген шешім болды». 
Автордың осы сөзін жай ғана оқып бас шұлғып, «е» 
деп қоя салар жұрт романды бәрібір түсінбес еді, 
түйсінбес еді сол қоғамды. Ерекше ескертер бір жай, 
біз бұл шығарманы автор айтқан жоғарыдағы сөзге 
сүйене отырып талдаған жоқпыз, шығарманы шынайы 
талдай отырып автор айтқан сөзді дәлелдеп шықтық. 
Оқырманға, автордың өзіне де. Өз көзімізді жеткіздік.
Іш. Шығарманың негізгі құпиясын ашқанымызбен 
қалтарыстары әлі біткен жоқ. Жоғарыда 
кейіпкерлер болмысына байланысты «іш пен 
сырт» тақырыпшамыздың біреуіне ғана, яғни, 
Сәрсенбайлардың сыртқы бейнесіне ғана тоқталып едік. 
Иә, Түнғатарды жиналысқа салған жайын айтқанбыз, 
бірақ ол Түнғатарға жасаған зұлымдықтарының басы 
ғана еді. 
«Ертесiне жергiлiктi комитет бөлген бес мұғалiм 
Үндемес кемпiрдiң қорасында тұрған он бес тұсақ, қозы-
кепештердiң үстiнен шыққан болып, ол малды Орманов 
Түнғатар мемлекеттiк емтиханның алдында оқушы 
балаларды қорқытып, ата-анасынан пара ретiнде алды 
деп акт жасатты. Оны Лима бiлген жоқ. Бiр аптадай 
үйге қонбай, жоқ болып кеткен қайнағасы мен күйеуiнiң 
ауданға барып, одан облысқа барып, сұмдық iстiң 
басын бастап қайтқанын Лима бiлген жоқ. Түнғатармен 
бүкiл ауыл ендi қайта тiл табысқандай, бүкiл мектеп 
тiл табысқандай қайтадан тыныш күндер орнаған. 
Бiрақ оныншы сынып оқушылары соңғы мемлекеттiк 
емтихандарын тапсырған күнi ауданнан қызылбел 

79
БОЛМЫС
милиция машинасы келiп, мұғалiмдер бөлмесiнен екi 
милиционер Ормановты алып кеттi. Бүкiл ауыл қайта 
бiр дүрлiгiп, шуласып қалған:
«– Не дейсiң, Орманов сотталатын болыпты. 
Ол оңбаған өз анасын өзi өлтiрiптi ғой. Ол оңбаған 
Арасанбайдың машинасын ұрлап мiнiп кетiптi ғой! Ол 
оңбаған оқушылардың ата-анасынан пара алыпты ғой!» 
– деген қаңқу сөз, сұрқия сыбыс ауыл үйлерiн тiмiскiлеп 
аралап кеткен. Бұл кезде Лима төсектен қайта көтерiлiп, 
аула iшiнде жүруге жарап қалған. Көршiдегi сыпылдақ 
қара келiншек, үйде ешкiм жоқ кездi пайдаланып
сып етiп ұрлана кiрiп келiп, сыбырлай отырып әлгi 
сорақы сұмдықты айтқанда ол сенген жоқ. «Мүмкiн 
емес қой! – деп ойлады ол. – Үндемес кемпiрдiң 
қорасына жиналған мал осы ел-жұрттың адамгершiлiгi 
ұстап, Түнғатардың анасының қазасына сойысқа деп 
жетектеп әкелген малы емес пе? Оны жұрттың бәрi 
бiледi ғой. Ал анасын... анасын өзi өлтiрiптi деген сөз 
- мүлде қиянат, адам баласы ондайға қалай барады? 
Әсiресе Түнғатар ондайға баруы мүмкiн емес қой! 
Түнғатар Арасанбайдың машинасын ұрлап мiнiп 
кетiптi деген не жала? Машинаның кiлтiн Арасанбай 
Түнғатарға өз қолынан бергенiн өз көзiмен көрдi емес 
пе?! Мына сыпылдақ келiншек көкiп отырғаны анық. 
Ауыл адамдары бәрi бiрдей қара ниет емес қой. Ел 
болған соң елдiгi қайда? Сырттан көшiп келген жалғыз 
жiгiтке өйтiп қорлық көрсете қоймас. Әлiмжеттiлiк 
жасай қоймас. Бәрi бiрдей жабыла қоймас».
Міне, сырты аңқылдаған Сәрсенбай мен 
Арасанбайдың ісі. Ауданда бір аптадай жүріп, 
Түнғатарға осыншама жалаларды жауып енді 
соттатудың қамына кіріскен. Роман соңындағы үлкен 
сот осындай жалалармен басталған. 

80
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
Сол сотта Қызылжиде ауылы Үндемес кемпір деп 
атап кеткен кемпір болады. Ол кемпірдің адам баласына 
жауап қайырмай бетіне бажырайып қарап тұра 
беретіндігі үшін солай аталған. Сол Үндемес кемпірге 
осы сотта тіл бітеді ғой. Түнғатар соттан жеңіліп бара 
жатқанда екі-үш ауыз сөз айтады. Оның өзі Лимаға 
ғана. Сол екі-үш сөйлем бұл кемпірдің неге Үндемес 
кемпір атанғанын, сырлы тарихын және Сәрсенбайдың 
«ішін» ақтарып көрсетеді:
«Лима оң жағында отырған Үндемес кемпiрдiң 
бiлегiнен қатты қысып:
– Апатай-ай! – деп қалғанын кейiн аңғарды. – Ендi 
не болады, апатай?
Шүмiрейген бет-жүзiн сора-сора жас шайған 
Үндемес кемпiр бұған қарап тiл қатты. Ол кiсi мақау, 
меңiреу деп ойлайтын Лима өз құлағына өзi сенбеген.
– Амал бар ма? – дедi Үндемес кемпiр. – Бұлар 
сөйтедi, бұлар менiң күйеуiмдi де осылай құртқан! 
Түрмеде шiрiткен, ақырында ол байғұс, қорлыққа 
шыдай алмай, сол жақта асылып өлдi емес пе!».
Алыстан досы келгенге ат шаптырып той жасап 
жүрген жомарттан мұндайды күтер ме едік? Жоқ. Бұл 
шығарманың, жалпы біз зерттеу объектімізге алып 
отырған  Әкім Тарази шығармашылығының негізгі бір 
қыры осындай. Сол кездегі, сол жүйедегі адамдардың 
ішкі-сыртқы көріністеріне жан-жақты үңілген, жан-
жақты ашқан шығарма болған соң біз де сол қоғамның 
нақты жағдайына тереңінен бойлай алып отырмыз. 
«Жаманын» –жаман, «жақсысын» – жақсы деген 
жайдақ шығарма болса бізде сол жағалаудан қайтқан 
болар едік. Енді тағы бір сұрақ бар? Авторға оны 
да қойып көрдік. Әрине, шығарманы оқып отырып, 

81
БОЛМЫС
шығарманың өзінен іздедік? Автор оған да жауап 
берген екен. Таптық.
Сұрақ мынадай: «Бұл кейіпкерлер іш пен сыртын 
қалай тоқайластырады екен? Қалай сәйкестендіреді 
екен?».
Бұл романды оқыған оқырманның есінде қатты 
қалатын бір жай бар. Ол Арасанбайдың Лиманы 
шымшылауы. Арасанбайдың қорлығына жаны 
төзбеген Лима жатын бөлмесінің есігін іштен іліп жатып 
алатын. Түн ортасында Арасанбай келіп Лиманың 
есігін тырмалайды ғой, кәдімгі мысықша тырмалайды. 
Есікті ұрғыламайды, қатты итермейді де. Таң атқанша 
саусағының ұшымен жыбырлатып, тықырлатып 
шығады. Бұ не сонда?
«– Ендi ол Лиманың тамағын, төсiн бiрiнен соң 
бiрiн, үн-түнсiз тұрып, шымшып бұрай бердi, бұрай 
бердi. Мұндайды күтпеген келiншек алғаш абыржып 
қалған, келе-келе бұл да ерегiсiп, тiсiн ашпай қасарысып 
отырып алды. Анау ендi сөздi қойды. Бұның бар денесiн, 
қолға iлiнген жерiн шымшып бұрай бердi, бұрай бердi. 
Жайшылықта нәзiк Лима өз бойында бұғып жатқан 
мұнша қайрат бар деп ойламапты. Анау қанша қорлап, 
ауыртып шымшып бұраған сайын бұл тiптi ерегіскендей 
көндiгiп, өзiн-өзi зорлап төзе бердi, шыдай бердi.
Ақырында Арасанбайдың өзi жалықты ма, әлде 
шаршады ма, тахтаға барып отырды. 
... Сонан кейiн ол қайтадан шымшуға кiрiстi. «Бұл 
неге менi шымшиды, неге ұрмайды? – деп ойлады 
Лима. – Еркек екенiң рас болса, өлтiрiп салмайсың ба, 
шашымнан сүйреп сабамайсың ба?» Солай деп күйеуiне 
айтпақ болған, бiрақ әлдебiр түсiнiксiз құдiрет мұның 
аузын аштырмады. Онымен сөйлес-сөйлеспе, тiл қатып 
қайтесiң, ол сенiң лебiзiңдi естуге татымайды дегендей, 

82
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
әлгi құдiрет күш мұны буындыра бердi. «Мейлi, бұрап 
шымши берсiн, жаман неме, ұрсам сотталып кетем деп 
қорқатын болар, көгерген тәнiмдi ертең мен ешкiмге 
ашып көрсетпейтiнiмдi бiлетiн шығар. Қолынан келгенiн 
iстесiн, өзiме де сол керек! Қарапайым жiгiт деп, 
осылардiкi жөн деп, осылардың дәрежесiне көтерiле 
алсам – адамгершiлiктiң биiк сатысына шыққаным деп, 
өзiмдi-өзiм зорлап әкелiп, осы мына хайуанның қолына 
бермеп пе едiм, құшағына салмап па едiм?! Ал, Лима, 
тартатын тауқыметiңдi тарт ендi! Өзiң тарт, үнсiз тарт, 
әкең мен шешеңе, ағаларыңа, ел-жұртыңа мұңыңды 
шаға алмайсың ендi, сау басыңа тiлеп алған сақинаң. 
Көнесiң. Көнбесең өлесiң. Ажалың сенiң осының 
қолынан шығар немесе осының тiлiнен шығар. Әлi 
көресiң алда».
Жоғарыдағы сауалға автордың жауабы осы сөйлемнің 
ішінде. «Мейлi, бұрап шымши берсiн, жаман неме, ұрсам 
сотталып кетем деп қорқатын болар, көгерген тәнiмдi 
ертең мен ешкiмге ашып көрсетпейтiнiмдi бiлетiн шығар» 
-дейді Лима. Ұру менен күлуді шымшу дейтін нүктеде 
тоқайластырған аса зымияндық Сәрсенбайлардың 
өмір сүру тәсілі еді. Ұрмай-соқпай, ашық жәбірлемей 
жүйкесін жұқарту арқылы адамның түбіне жетер аяр 
тәсіл сол кездегі жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі 
еді. Міне, Сәрсенбайлар арқылы, олардың «ішін» ашу 
арқылы автор саналы оқырманды сол қоғамның шіріп 
тұрған өзегіне бойлатып жібереді. Қазір де осындай 
жүйе адамзаттың жүйкесімен ойнауда.
Қазақтың «бетіне мақтама, артынан даттама» дейтін 
мақалы осы кезде кері пайдаланылады. Алдынан 
шығып гүл беріп, артынан оқ атқандай екібеткейлікті 
заң жүзінде қорғай алса, заңнан бір саңлау тауып (пара 
бола ма, басқа ма) өз пайдасына асыра алса еш мін 

83
БОЛМЫС
емес деп қабылданған бұл мінез, бұл болмыс сол қоғам 
мүшелерінің өз болмыстарына айналып бара жатқан еді. 
«Іш пен сырт» тақырыбынан осыны толық ұғамыз. Бұл 
тұжырымды және де шегелеп, онан сайын орнықтыра 
түсу үшін жазушы-драматург Әкім Таразидың 
Қазақстан жазушыларының X-шы съезінде 
сөйлеген сөзінен нақты үзінді келтіре кеткеніміз 
артық болмас: «Міне, қайта құру, жариялылық 
жазушылардың аяқ-қолындағы тар бұғауды бұзып, 
еркіндік беріп отыр. Ендеше біздің әдебиет кермеден 
келген тұлпардай жалын еркіндіктің желіне таратып,  
неге заулап кетпеді?! Сөйтсек, бұғау біздің санамызға 
салынған екен. «Хайуанаттар паркіндегі» аңдарды 
вольерден шығарып жіберсе тар қамауға қайтып барып 
тығылады екен. Біз де сол сияқтымыз...
Жау кеткен соң қылыш сілтегім келмейді, әйтсе де, 
1988 жылдың ортасына дейін біз (Жазушылар одағы 
хатшылары) көрген күнді ешкімнің басына салмасын. 
Күн сайын талай-талай қатынас қағазына жауап жазып
жүздеген арыз тексерілді. Дүниеде төбеңнен әңгіртаяқ 
ойнататын әміршінің көп болғанынан асқан күйік жоқ 
көрінеді. 
Егер келіп тірелген  тығырық – творчестволық  
тығырық қана болса, одан ертелі-кеш әйтеуір 
құтылармыз. Ал адамгершілігіміздің тұмсығы тірелген 
тығырықтан шыға аламыз ба?!.» – дейді. Автордың 
адамгершілік жайында тегіннен-тегін бұлай сөйлеп 
отырмағанын «Қорқау жұлдыз» романындағы 
кейіпкерлердің іші мен сыртына бірдей барлау 
жасағаннан кейін ғана анық ұғындық. Көзіміз жетті.
Енді не істемек керек? Бұл романды оқып отырып 
бір мәселені көріп, оны түбегейлі індетіп мәнін түсіндік-
ау дегенде алдыңнан екінші мәселе шығады. Бірінің 


1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал