Бағдарламасы бойынша жарық көрді НҰРҒалым ұ. Болмыс. Мақалалар/Ұ. Нұрғалым



жүктеу 6.44 Kb.

бет4/12
Дата15.02.2017
өлшемі6.44 Kb.
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

44
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
дейтіні де Омардың негізгі мақсаты қыздан өзге асу 
екенін анықтап тұрған жоқ па?! 
Әлидің жалғыздыққа төзбейтіні жайында осы 
тақырыпта айтамыз деген едік, сөз реті келгенде 
қыстыра кетейік. Ол Әлидің көп ойланбайтындығынан, 
қолды бір сілтеп қоя салуынан еді. Ойланбаған адамның 
сөйлегісі келеді, сөйлегісі келген адам топты, ортаны 
іздейтіні заңды ғой. Ал, Омардың осы кешіп жүрген 
күні сол ойланудан, ойланған соң ерегісуден болады. 
Ерегіске (рингке) шықпаған адамда жеңіс жоқ екені 
түсінікті.
Тағы ерегіс. Самолетте қатар отырған келіншек 
жайлы ойлайды. Күйеуі қасында отыр. Соған ерегісе 
ме, қалай? «Бір қисайса түзелмейтін қудың өзісің-ау, 
ана маубастың сорысың ғой. ...Осының Ұлмекеннен 
несі кем? Анау маубастан тартып алып кетсем бе екен? 
Мені жұрт аямағанда, жұртты мен неге аяймын, неге 
мен болашақ Аблезді аяуым керек? Ең болмаса бір езді 
жеңіп мерей тауып, рахаттануым керек та!». Бұл қауіпті 
ерегіс еді. 
Сілкініс.  Самолет. Бұл жоғарыда айтқан «үшінші 
кезек». Автордың Омарға дайындаған жойқын сілкінісі. 
«Сол кезде, сол сәтте... самолеттің құйрық жағынан лап 
етіп жанып, лап етіп өшіп тұрған жалынды көрді, жай 
жалын емес, қоп-қою қара түтіні бар жалын. «Өртене 
бастадық!» деген ой сап етті. «Өртене бастадық!», «О, 
сұмдық!». Алғашында жалынды Омардан басқа ешкім 
көрмейді. Ол қорыққанның орнына қуанды. «Аспанда, 
осы биікте жарылатын боламыз», «Мен қуанамын ғой! 
Рас қуандым, осындай шыңырау көкте қаза бергеніңе 
рахмет, тағдыр!». 
Самолеттің арт жағы, двигательдің өртеніп келе 
жатқанын тұтас жолаушылар білгенде самолеттің ішін, 

45
БОЛМЫС
самолеттің ішін ғана емес-ау «қазақтың бет-ажарындай 
болған» Маңғыстаудың аспанын сұмдық үрей, жан 
шыдатпас шыңғырыс кернеп кеткен еді. Кейбірінің 
жүректері отырған жерінде жарылып кеткен, тоқтап 
қалған. Әрине, олар өлім туралы ойлап үлгерген де жоқ 
еді. Ол отты Омар көргелі қай уақ. Омардың ойлары 
сол кезде-ақ өліммен астасып кеткен. Бетпе-бет келіп 
қалғанын тұтас жүйке-жүйесі, өне-бойы тұтастай 
сезініп еді. Бұл жойқын сілкініс Омардың мына қоғам, 
жүйеге деген өшпенділігінің түп-тамырын қопарып 
шығарып еді. 
«Егер адам өлмейтін болса жер бетінде жамандық, 
зұлымдықтан аяқ алып жүру мүмкін болмас еді, адамды 
адам ететін өлім да!». 
Бұл жерде Омардың ойындағы: «Адамды адам 
ететін еңбек деп Дарвинің де, өзгең де оттайсыңдар, 
адамды жаратқан Құдай» деген сөз еді. Бұл жерде 
барлық мән автордың «Адамды адам ететін...» деп дәл 
Дарвин сөзінің формасын алуында жатыр. Соған қарсы 
айтылған сөз ғой бұл! Және «адам өлмейтін болса» 
дегені, адам көбейіп кеткендіктен зұлымдық қаптайды 
емес, «өлімнен кейінгі өмірді ойламайтын болса», 
«күнәдан қорықпайтын болса» деген мағына айқын 
көрініп тұр. Абайдың да «...Ертең өзің қайдасың, 
білемісің, Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ!» дейтіні 
осы емес пе?!
Осыған жалғас, самолеттен түскеннен кейін, залдың 
оңашалау бір түкпіріне барып отырғандағы ойы осы 
шығармада шешуші мән алатын сөз болса керек-
ті. «Жаным қорықпаса да тәнім қорқыпты, ойым 
қорықпаса да бойым қорқыпты! Мына балшық пен 
судан жаралған дене... адамды қорқақ ететін осы ғой! 

46
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
– деп жігіт өзінің білектеріне қарады. – Дүниедегі 
зұлымдықтың дені қорқақ адамдардан!».
Міне, керемет! Қорқақ кім? Қазақ айтады: 
«Құдайдан қорықпаған Құдайдан басқаның бәрінен 
қорқады» деп, Омар сол Құдайдан басқаның бәрінен 
қорқатын қорқақтардың қорқақтығынан қорқады. 
Ташкентке бара жатқанда батырсынып пойызды 
басына көтерген «әншілерге» қаны қайнап еді, сонда 
Омар не ойлады? «...өзім барып тиіссем, жұрт ұйықтап 
жатыр, шу көтеріліп кетеді, ыңғайсыз. Тамбурға шығып 
сөйлесуге бұлар қорқақ. Қорқақ адамның қолы жылдам, 
пышақ салып алудан тайынбас. Енді не істеу керек?». 
Міне, Омардың қоғам үшін қорқатын адамдары. Айтты 
емес пе қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп. 
Залымдық пен зұлымдықтың дені солардың қолымен 
жасалады, жасырын, зымияндықпен жасалады. «Мен 
мұндалап тұрған дұшпаның болса ғой, алыса кетіп, не 
жеңіп, не жеңіліп шығатын!» деп армандайтыны да 
сондықтан ғой Омардың, сондықтан!
Уай, Омар! Ауызекі сөздің бәрін де «ет пен 
сүйектен жаралған» деп айтылып кете беретін сөзді 
неге арнайы түрде «балшық пен судан жаралған» деп 
айтты екен? Бекер ме ол? Жоқ! Бұл шығармада бір 
сөйлем бекерден-бекер айтылмаған. Қасиетті Құранда: 
«Расында адамды нағыз балшықтан жараттық. Сонан 
кейін оны жатырда тұратын тамшы қылдық. Сосын 
тамшыны ұйыған қан жасадық. Ұйыған қанды кесек 
ет жасап, кесек етті сүйек жасадық та сүйектерге ет 
қаптадық. Сонан кейін оны басқа бір жаратылыс қып, 
жан салдық. Жаратушылардың шебері ұлы Алла» дейді. 
Міне, мұны енді Омар айтып отырған жоқ па! Және бас 
көтертпеген ауыр соққы, өзі құтыла алмаған ерегістен 
мына сілкініс сілкіп-сілкіп алған сәтте айтып отырған 

47
БОЛМЫС
жоқ па! Тулай-тулай тұншығып бара жатқан тұсында 
мың күмәндар мен тұмандардың ішінен суырып алған 
жоқ па бұл сілкініс! Енді Омарды ешкім жеңе алмақ 
емес. Енді, міне! Омар! Соққыға ұрынған, сүрініп, 
жығылып, ерегісіп жүріп осындай жойқын сілкіністе 
қынабынан суырылып шыққан қаратамақ найзасын 
Дарвинның сандырағын өзек еткен Кеңес үкіметінің 
өңменіне тіреп отырған жоқ па?! Тіреп отыр!
Иә, ол кезең Алланы айтқызбайтын кезең. Әйтпесе 
автор Мамыржанның шахтаға түскендегі бейнесін сөз 
еткенде: «Мамыржан болса: «Бысмылда, - деп қалғанын 
өзі сезбеді, өзгелердің естімегеніне қуанды»деп айтар ма 
еді? Сөйте тұра автор мұсылманшылықтың көріністерін, 
белгілерін көптеп келтіреді. Самұраттың Терентий 
деген кержақтың қорасына шошқа түсіріп жатса да: 
«...Менің мұсылман екенімді сезе ме, әйтеуір бағынар 
емес» деуі, Омардың арақ ішу мен қою жайы, бәрі-бәрі 
автор әдейілеп көрсеткен мұсылманшылық болмыстың 
айқын көріністері емес пе?! «Кейін білді: бұл ауыз ашуға 
жиналып отырған кемпірлердің үстіне кіріп барыпты
дастарқандарын таптап, ыдыс-аяқтарын сындырыпты. 
Содан оншақты күн ұяттан ес жия алмай, өзін қоярға 
жер таба алмай, бұдан да өлгенім жақсы еді деп өкінгені 
есінде. Арақты бастағаны да, тастағаны да сол. Сондағы 
ісі есіне түссе, осы күнге дейін маңдайынан тер шығады». 
Шығармада Құдагелиев деген бастықтың әйелімен 
келе жатып машина шырғалаңына ұшырайтыны бар. 
Аман қалады. Сонда ол есін жия салып күнәларын 
еске алып, кімге зиян жасағанын санамалап кететін еді. 
Санамалағанда да қызық, келген ізімен кері жүгірген 
секілді, машинаға отырардың алдында кімге не істедім, 
кеше кімге зорлығым өтіп кетті, оның алдындағы күні 
ше дегенді ойлайды. «Иә, ана бала волганың сырылған 

48
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
жерін сырлатпай-ақ қойсын, өзім сырлатам» деген 
секілді өте шолақ, өте тар ойластырады. Бірақ ол бұл 
тәубесін тез ұмытады. Иә, шексіз құдіретті әділ күштің 
барын түйсінеді, бірақ онысы сәттік қана тыз етпе сезім 
күйінде ұмытылып қала береді. Ұмытылады. Өйткені 
ол күрескен жоқ, соққы алған жоқ, ерегіскен жоқ. 
Ондайлар көп, өте көп. Құдагелиевтың басынан өткен 
сілкіністі де автор тегіннен-тегін беріп отырмағаны 
осыны аңғарту үшін шығар. Иә! 
Аңдатпа. Романның жазылуында бір өзгеше тәсіл 
бар.Романда оқып келе жатқан оқиғаңыз енді бір 
үлкен оқиғаға орын берерде бір бүйірден автор келіп 
кіріседі, сіз қуалап келе жатқан оқиғаның соңы алда 
қалай болатынынан алдын ала сәл ғана аңдатпа береді. 
Мысалы: «Мына дүмпу, мына соққы Алексеевті 
де састырған, ол әлі кейін талай өкінер, бірақ қазір, 
шешуші сәтте үндей алмай қалғаны рас еді». Оқырман 
Алексеевтің өкінетінінен хабардар болады, сосын 
қалай өкінетініне қызығушылық танытады. Сөйтіп, 
ынтыға алға жылжумен келесі оқиғаның құшағына еніп, 
қызығына түсіп үлгереді. 
Осы зерттеу еңбекті жазар кезде пайдаланғанымыз 
Әкім Таразидың 2013 жылы «Фолиант» баспасынан  
шыққан VII томдығының I томы – «Тасжарған» 
романы еді. Роман 395 беттен тұрады. Әдетте көп 
оқырман көңілінде «соңыңда бас кейіпкердің тағдыры 
не болды?» деген төңіректе сауал туындайтын заңды 
ғой.  Сондай сауалға 395 беттік романның 380-бетінде 
аңдатпа жауап та беріліп қойған секілді. Ұлмекенді 
«ұмытам» деп өз-өзіне серт бергеннен кейін, автор 
кірісіп: «...жүрегің әлі талай Ұлмекеннің бейнесін танып, 
әлі талай қуанарсың, қуанарсың да шошынарсың! 
Машинамен зулап бара жатып шоферыңа әлі талай 

49
БОЛМЫС
«тоқта» деп айқайларсың, талай рет түс көріп, қызық 
киноның лентасы үзілгендей өкініп оянарсың әлі» дейді. 
Роман соңында көз алдында Шевченко қаласының 
жайнап тұруы да сілкіністен кейінгі Омардың 
жандүниесін аңғартса керек.
Тасжарған. «Тасжарған» романы жайлы 
зерттеушілердің, пікір айтушылардың алды да, соңы біз 
емес. Бұрын да айтылған, кейін де айтылады. Десе де, 
әр кезең, әр дәуір өзінің көзімен қарайтынын түсіндік. 
Сондықтан бұл роман жайында бұрынғы айтылған 
бірер қаламгердің пікірі мен автордың азғантай ойын 
бере кеткеніміз жөн шығар деп таптық. 
Қазақстан жазушыларының VIII-шы съезінде 
«Совет халқының жасампаздық еңбегіне лайық 
болайық» атты баяндама жасаған Қазақстан жазушылар 
одағы басқармасының бірінші секретары Жұбан 
Молдағалиев екі бірдей автордың екі бірдей романын 
қосақтай келіп: «Ә.Тарази мен Р.Тоқтаров романдары 
өмірдегі оралымсыздықтар мен үйреншікті әдеттен 
шықпаушылыққа, адамдардың дүниеге көзқарасындағы 
соқырлығы мен рухани мешеулігіне шабуыл жасауға 
арналыпты. «Тасжарған» және «Жердің үлгісі» 
романдарының кейіпкерлері – ғылыми-техникалық 
интеллигенция өкілдері. Жазушылардың творчествалық 
және адамгершілік биік мұраттардағы ізденістерінің 
бағыт-бағдары ешқандай күмән туғызбайды. Алайда, 
кейіпкерлерінің есте қаларлықтай, яки оқырмандардың 
жанды жеріне дөп тиетіндей қимыл-әрекеті аз; міне, 
осындай кемшіліктердің салдарынан бұл романдар 
өздеріне лайық ауыр жүк арқалай алмай тұр» дейді. 
«Қазақ әдебиеті» газетінің 1984 жылға санында 
жазушы-драматург Дулат Исабек: «Бүгінгі заман 
тақырыбын арқау еткен бұл интелектуалды шығарманың 

50
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
шынайылығы шындығында дер едім, бүгінгі өзіміз өмір 
сүріп отырған заманның бар сипатын табиғи қалпында 
суреттей білген жазушыға разы болмасқа болмайды» 
десе, аталған газеттің дәл осы нөмірінде жазушы 
Қалихан Ысқақ: «Автор қаламына тән тапқырлық 
– адамдар бойындағы әр қилы қасиет пен характерді 
нанымды аша білуінде» депті.
Жазушының шығармаларына бізден бұрын біраз 
зерттеу жасаған филология ғылымдарының докторы, 
профессор Алпысбай Мұсаұлымен болған бір 
сұхбатында біз шығармасын талдап отырған жазушы 
Әкім Таразидың өзі бүгінге дейінгі шығармашылық 
кезеңін үшке бөліп айта келіп: «... Екінші – «Бунтующий 
Аким» деп атадым немесе өліспей беріспеуге шыққан 
Әкім. 1972-1982 жылдар аралығы. Шығармадағы 
барлық салмақ, ойды шығарманың өзінің ішіне тығып 
тастап, түсінсең де осы, түсінбесең де осы деген 
мағынада жазып отырдым. Мәселен, өзімнің үш жыл 
уақытымды алған «Тасжарған» романы» дейді. 
Расында автор айтса айтқандай қалың қатпарлы, аса 
күрделі роман екенін осы талдауымыздан да аңғаруға 
болатын шығар. Енді осы романды зерттеп, талдаушы 
ретінде роман жайында біз де бір-екі ауыз түйінді сөз 
айтуға талпынып көрсек дейміз.
Жоғарыда «Бұл романда бір оқиға, бір сөйлем, бір 
сөз тегін айтылмаған, бір кейіпкер бекер кірмеген» деген 
едік, сол сөйлемді қайта қайталауға тура келеді. Біз 
бұл зерттеуімізде сол оқиға, сол кейіпкердің барлығын 
дерлік қамти алмадық, олардың да шығармада атқарған 
міндеттерін ашып көрсете алмадық. Зерттеуіміздің 
тым ұзарып кетуіне байланысты, тіпті, Адмирал және 
Аспанбай сынды аса маңызды кейіпкерлердің өзіне 
тоқтала алмадық. Бұ жерде де айтпағымыз ол емес еді.

51
БОЛМЫС
Айтпағымыз, шығарманың жазылу тәсілі жайлы 
еді. Романда Қойкелді дейтін кейіпкер бар. Омардың 
нағашысы. Өз тағдырын Тасжарған қаласымен бірге 
көреді. Ол сол қоғамның қыр-сырын әбден меңгеріп, 
жүйенің, айналасының өзіне істеген арамдығын өзіне 
қайтарып істеп отыратын қақпан баспас қағылез 
адам ретінде бейнеленеді. Шағын шаруашылықты 
шашауын шығармай ұршықтай иіріп отырып: «Шіркін, 
өзіміз деген ел басқарудың профессорымыз ғой!..» 
дейтін еді. Сосын романда автордың сол Қойкелдіге 
байланыстырып айтатын қызық екі сөйлемі бар: 
«Қойкелді анау деп нұқып көрсетпейді, атымның 
ізінен аңғар дегендей ойқастап, ауыл төңірегін айнала 
шабады» және «Алтайы қызыл түлкі өз ізін өзі кесіп, 
сан бұралаңға салып жүріп-жүріп келіп, тіке тартады. 
Қойкелді негізгі ісіне көшті, ...».
Роман тура осы Қойкелдінің стилімен жазылғандай 
көріне береді. Аждаһа жүйенің айтқызбаймын деген 
дүниесінің бәрін, бірін қалдырмай айтудың тәсілін 
табады. «Атымның ізінен аңғар» деп айнала шабады, 
сосын, «тіке тартады!». Сондықтан «Тасжарған» 
романы қазақтың сан ғасырлардан келе жатқан 
қоғамдық жүйесі мен кісілік ұлы құндылықтарын, 
ұлттың өнегелі де өзгеше болмысын аяқасты еткен аяр 
қоғамның, аждаһа жүйенің арамдығын аямай ашып 
берген, сол кезеңнің өзінде тұрып ашып берген күрескер 
роман, күрескер болмыс дер едік. «Тасжарған» десе 
Тасжарған!

52
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
Әлемде миллионнан астам оқырманы 
бар қазақ романы жайлы толғаныс
«Қорқау жұлдыз» 
романындағы кейіпкерлердің 
сыртқы сипаты мен ішкі болмысы 
Жазушының бұл романы қазір әлемде үлкен 
сұранысқа ие. Роман ағылшын тіліне аударылып, 
әлемдегі көптеген елдерде интернеттік сатылымға 
түсті. Қазірге дейін миллионнан астам оқырман 
интернет арқылы сатып алып оқығанына сол сайттың 
өзінде көрсетіліп тұрған цифрдың өзі факт. Ал 
адам көбінде тегін емес, ақшаға сатып алған дүниені 
пайдаланбай (оқымай) қоймайды. Ендеше, өз ішіміздегі 
оқырмандарды есептемегенде тек қана шетелде 
миллионнан астам адам оқыған бұл романның жалына 
біз де жармасып көрмекпіз. Оқып қана емес, талдап, 
талқылап. Тәуекел!
Бұл романды қолына алып оқи бастаған адам 
жазық даладағы жалғыз қаңбақтың боран басталған 
сәтіндегі күйін кешеді. Ағасы Жанәли бас кейіпкер 
Лиманы Қазақстандағы Майқорық аталатын ауылдан, 
оқырманға жұмбақ жағдайда сонау Ташкентке қалай 
дедектетіп ала жөнелсе, роман жай ғана бетін ашып оқи 
бастаған оқырманды дәл солай дедектетіп ала жөнеледі. 
Ала жөнеледі де, Ташкенттен жиырма шақырым 
жердегі Қызылжиде аталатын қазақ ауылына әкеліп 
бір-ақ тірейді. Енді бәрі осы жерден басталады.

53
БОЛМЫС
Мақаламыздың оқырманға анағұрлым ұғынықты 
болуы үшін мынадай бір тәсілді қолдануды оңтайлы 
санадық. Талдауды алдымен романдағы оқиғаны 
бастан-аяқ баяндау, сосын барып кейіпкерлер жан 
дүниесіне, сыртқы әрекеті мен ішкі болмысына барлау 
жасау, оны сол кезеңдегі ортамен байланыстыру сынды 
басқыштармен жүргізсек дейміз. Бұл оқырманның 
осы жұмысты бастан аяқ түсініп, әрі жеңіл оқуына 
пайдасын тигізер бірден-бір жол болмақ. Олай дейтін 
себебіміз, бұл романның оқиғасын бір ғана бетпен, тіпті 
жарты бетпен баяндап беруге болады. Оқушыға жалпы 
оқиғаның бас-аяғын баяндап берген соң, оған талдау 
жасау бізге де жеңіл болмақ. Алайда романдағы әр 
кейіпкерлер болмысын бұтарлап отырып талдап беру 
роман көлемінің өзінен неше есе көп материал болар 
еді. Тіпті шығарманың бүкіл құпиясы жасырылған 
соңғы сөйлемді оқығанда бұл романнан кейін оқырман 
санасында тағы бір роман туындай бастайды. 
Жазушының емес, есті оқырман өз көкірегінен бір 
романның бас көтеріп келе жатқанын іштей сезеді. 
Оқиға. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары. 
Романдағы бас кейіпкер (Сәлима) Лима деген қыз. 
Алматыдан оқып ауылына келген жоғары білімді 
мұғалім. Ішкі тәртібі мықты, Қараспан аталатын 
қазақы әулеттің қызы. Романның ортасынан ауғанша 
оқырманды елеңдетіп, қатты мазалайтын бір сұрақ бар. 
«Лима не істеп қойды екен?». Өйткені осы қылығы 
үшін Лима осы әулетті жерге қаратып, осы әрекеті үшін 
ағасы Жанәлиді күйзеліске түсіріп, осы әрекеті үшін 
Майқорық аталатын өзі туып өскен ауылынан өмірі 
аяқ басып көрмеген, бірде-бір туысы жоқ қиырдағы 
Ташкентке «жер аударылады». Осы әрекетінен бастау 
алған оқиғалар тізбегі бірін-бірі тудыра келіп, ақыры 

54
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
Лиманың өзін-өзі алаңда өртеп жіберуіне әкелген 
сұмдық оқиғаға ұласады.
Бәсіре ағасы Жанәли Лиманы Ташкенттегі досы 
Сәрсенбайдың үйіне әкеліп тастағаннан кейін «Мен 
бірдеңе демей бұл жерден ешқайда кетпейсің» деп 
тапсырып кетіп қалады. Айлап-жылдап келмей кетеді. 
Қыз сол үйде тұрып, сол ауылдың мектебінде мұғалімдік 
қызмет атқарады. Ауылын, ата-анасын сағынғанда 
жынданып кете жаздайды. Ойсоқты күй кешеді. 
Өзін-өзі әбден жазғырады. Іштей мүжіліп бітеді. 
Сөйтіп жүріп Сәрсенбайдың мұртын шайнап сөйлейтін 
парықсыз, пақыр інісі Арасанбайға тұрмысқа шығады. 
Қайғы мен қасіреттің көкесі содан кейін басталады.
Жанәлидің досы Сәрсенбай осы ауылдың мектеп 
директоры. Әйелі Ұлжан, інісі Арасанбай сол мектепте 
мұғалім. Енді оларға Лима қосылды. Ағайынды екі үйлі 
жан түгел бір мектепте. Лиманың Арасанбайға тұрмысқа 
шығуымен қатар ауылдың мектебіне Түнғатар Омаров 
дейтін мұғалім келеді. Романның ендігі «әлегі» осы 
Түнғатармен болмақ. Түнғатар жайында бөлек тақырып 
жоспарланған, оны кеңінен қозғайтын боламыз. Роман 
өзегіне де осы Түнғатар арқылы бойлаймыз. Әзірше 
шығарма оқиғасын ары қарай баяндайық. Ол келісімен 
ауыл мектебінің облысты шулатар оқиғалар тізбегі 
басталады да кетеді. Лима Түнғатардың ұстаздық 
біліктілік, сабақ беру тәсілін ұнатады. Түнғатардың 
оқыту тәсілін оқушылар да жақсы көріп, бірінен-бірі 
асырып мақтап жатса да директор мен өзге мұғалімдер 
түгел қарсы болады. Жай қарсы емес, тік шапшып 
қарсы болады, тіс-тырнақтарымен қарсы болады. 
Кәдімгі кірпідей жиырылып, түрпідей тиіседі. Сол үшін 
мектепте небір айтулы айқай-шулар көтеріліп, небір 
сорақы сөздер мен оқиғалар орын алады. 

55
БОЛМЫС
Осы күндердің бірінде Лиманың класы озат болып, 
оқушыларын ертіп Ташкентке барады. Сол кезде 
оқушыларын ертіп Түнғатар да Ташкентке барады. 
Сол күні кеште Лима қасына бірнеше оқушы қызды 
ертіп Түнғатардың бөлмесінен шай ішіп, жақын 
таныса отырып өмір тарихынан әртүрлі әңгімелерін 
тыңдайды. Осы жай ауылға өңі өзгеріп жетіп, Лиманың 
басындағы қара бұлт онан сайын қалыңдай түседі. 
Енді Арасанбайдың ашық қорлауына ұшырайды. 
Түн баласы ұйқы көрмейді. Арасанбай көрсетпегенді 
көрсетеді. Шымшиды, тырнайды, тұншықтырады, 
буындырады... Тіпті мұздай суық бөлмеге іш көйлегімен 
қамап тастап өлуге айналған кезде барып сүйреп алып 
шығады. Есін екі-үш айда әрең жинайды. Мәңгіріп 
қалады. Оны Сәрсенбайлар жұртқа «келініміз кішкене 
көтеріліп, ауырып қалды» деп жасырып, жабады. Ол 
өз алдына, енді ағайынды Сәрсенбай мен Арасанбай 
Түнғатардың көзін құртуға кіріседі. Жоғарыға небір 
арыздарды жазып, небір жалаларды жауып жүріп 
соттатуға айналады. Сол сотқа уайым мүжіп, қайғы 
меңдетіп, ауруы асқынып құр сүлдерін сүйреткен 
Лиманы да ертіп барады...
Қадірлі оқырман, біз әзірге шығармадағы оқиғаның 
сыртқы сұлбасын ғана айтып өтуді мақсаттап, осылай 
ғана шолу жасап отырмыз. Бұл оқиғалардың себептері, 
баяндалу барысы, адам жанындағы арпалыс, қоғам 
салған бұғау, жан төзгісіз әділетсіздіктер жайында әлі 
айтылады. Мазмұндап отырған жайымыз, романның 
ішкі әлеміне кіруге алғашқы баспалдақтар болып 
есептелмек. Алда бұғауланған адам санасының жан 
шошырлық жағдайын көргенде, ол жағдайдың баяғыда 
біреудің жазған романындағы ойдан құрай салған 
оқиға ғана емес, осы отырған уақытта, осы отырған 

56
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
бізге де тікелей қатысы бар шынайы өмірімізге тығыз 
байланысты дүние екенін білгенде бәлкім басымыздан 
өткеріп жатқан бүгінгі өміріміз туралы басқаша 
ойланармыз, күйзелерміз, күрсінерміз, күңіренерміз... 
бәлкім...
Лима қыз пәк еді. Бүлінбеген қызды бөтен ауылға 
бекерден-бекер әкеліп тастамайды ғой деп ойлаған 
Арасанбай Лимаға алғаш сөз салып тұрып: «Мен 
ондайға қарамаймын! – деді. – Мен ескі заманның 
адамы емеспін! – деді. – Коля досым да маған 
сондай ақыл айтты! – деді». Сонда Лима қорланады. 
Ашуланады. Бірақ, бойын кернеп бара жатқан ызасын 
ішіне бүге, ернін тістеп тұрып кекесінмен мырс етеді: 
«– Менің ағам Жанәли базарға байтал шығарса – тек 
қана тісі бүтінін шығарады, түсіндіңіз бе?.. – Ендеше, 
біліп қойыңыз, аға, Қараспан атамның қыздарының 
ежелден малы түгел болатын әдеті!». Ендеше, Лима 
неге мұндай күйге душар болды? Жер аударылды? 
Енді соған келейік.
Лиманың басына бұлт үйірген жағдай өз ауылында 
өзінен жасы үлкен Қасқатай деген жігітпен арадағы 
байланысы еді. Роман басталғанда-ақ оқырман көкейін 
тескен айтулы сауалдың жауабы шығарма аяғына таман 
белгілі болады. Анық-қанығын Арасанбайдың неше 
түрлі қорлығы мен қинауында есі кіресілі-шығасылы 
болып жатып Лиманың өзі айтады: «... Ал Қасқатай 
екеуіміздің тарихымыз – айтуға татымайтын жай. 
Қатын өсек. Мен оны сүйгенім рас, рас деп ойлаппын. 
Шын ғашықтай құмартып, хат жазысып жүргеніміз 
рас, бірақ ол мені бірде-бір рет бетімнен сүйген емес. 
Менің ақымақтығым, еркелеп, шолжаңдап тұрып
аса көңілді бір сәтімде мұғалімдердің көзінше жүгіріп 
барып, Қасқатайдың мойнына асылғаным, жұрт 

57
БОЛМЫС
көзінше «Мен Қасқатайды сүйемін!» деп сықылықтап 
күлгенім, бір жағы қалжыңға сүйеген сияқты, бір 
жағы шындық сияқты... Көпшілік оны ойын деп 
қабылдады, бірақ Раиса... Раиса жылап, бақырып, 
бетін жыртпағанда, еденге құлап түспегенде, ештеңе 
жоқ еді ғой. Асқындырған сол! Асқынып кеткен аран 
сөзге тосқауыл табылмай қалғаны рас, ондай еркіндікті, 
қала өмірінде кездесе беретін еркіндікті бейбастық деп 
санаған жұрт таңдайын тақылдатып, бетін шымшып, 
сан саққа жүгіртті ғой. Менің сол қылығымды естіген 
ата-анам намыстан жарылып кете жаздады ғой. Бар 
болғаны осы ғана!».
Лима Қасқатаймен байланысты әңгімені ағасына, 
ата-ана, ауылына түсіндіруге мүмкіндік таппай, 
Түнғатармен байланысты өсекті Арасанбай, 
Сәрсенбайларға түсіндірудің қисынын келтіре алмай, 
осыдан ушыққан оқиғалар Лиманың санасында өзгеше 
мән алып, ақыр аяғында Арасанбай, Сәрсенбайлар 
Түнғатарды тығырыққа тіреген сотта өзіне-өзі бензин 
құйып, өзін-өзі өртеп жібереді. Мына сөйлемді 
есіңізге берік сақтаңыз, біз Лиманың өзін-өзі өртеу 
себебін жоғарыдағы оқиғалар тізбегінен ғана емес, сол 
кездегі қоғамдық жүйеден, сол жүйе қалыптастырған 
адамдар санасынан іздейміз. Міне! «Қорқау жұлдыз» 
романының құпиялы есігінің тұтқасына қолымыз тиді 
деп есептей беріңіз.

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал