Бағдарламасы бойынша жарық көрді НҰРҒалым ұ. Болмыс. Мақалалар/Ұ. Нұрғалым



жүктеу 6.44 Kb.

бет12/12
Дата15.02.2017
өлшемі6.44 Kb.
түріБағдарламасы
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

156
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
Өз есімі Бота, ал ресми дәрежесі – Оғаш! Ешкімге 
бағынбайтын, оғаш тұрған дербес хан!
Сол Бота ханның арғымағының тұяғы Хуанхэ 
өзенінің өн бойымен жүріп отырып Еділ-Волга өзенін 
көктеп өткен» – деп бірақ тоқтайды. Сөйтеді де «Сен 
мені кешіре ғой, оқырманым, бір ғана ойды, бір ғана 
пікірді дәлелдеу үшін мен пақыр осыншама шегініс 
жасауға мәжбүр болып отырмын» – дейді. «Атының 
тұяғы жеткені рас, бірақ, ол жердің бәрін «Менікі» 
дейтін болса, онда Тынық мұхит пен Атлант мұхитының 
арасы, Хуанхэ мен  Еділ-Волгаға дейін қазіргі қазақ 
аталатын халықтың жері» дер едік қой деген ойды 
айтады.
«Александр Исаұлы Солженицын айтқандай 
«қазақтар атының тұяғы басып өткен жердің бәрін 
менікі дейді» – деген кекесін пікірді жоққа шығару 
үшін айтып отырмын» – дейді жазушы. 
Осы жерден Солженицын туралы әңгімені осы 
араға қайырмақтай тұрып, Күлтәй жеңешенің тағы бір 
кешірмесі туралы айтсақ. Барынша қысқа айтсақ. Мұны 
ата-баба дәстүрімен мың жылдар бойы қалыптасқан 
қазақ әйелі болмысы мен Совет үкіметі тұсында 
прокурор болған қазақ әйелінің іс-әрекеті арасындағы 
АРПАЛЫС деп айтуға болады. Екеуі бір адамның 
бойында – Күлтәй жеңешенің бойында арпалысады. 
Бұл сол қоғамдағы адамдардың, сол жүйенің астындағы 
қазақтың үрейі айтылады. Сондықтан ендігі баян етер 
жолдардың басына кішкентай тақырыпша қойғанды 
жөн санадық.
Арпалыс.Үрей.  Бұл арпалыс шығармада өте 
шынайы, өте қызық беріледі. Өйткені, ол Күлтәйдің 
өз басынан өткен нақты оқиғалар ғой. Әрі мәңгі 
ұмытпайтын, үнемі айтып отыратын әңгімелері ғой.

157
БОЛМЫС
«Жамбыл облысының Көктерек ауданында 
прокурор болған, жаңа түскен келін кезі. Прокурор ол 
кезде форма киетін. Пагон сияқты иығында, жағасында 
оқалы алтынды-күмісті белгілері болатын. Сол Күлтәй 
жеңешемнің өзі туралы айтын бір күлкілі жағдайы 
бар. Аудан орталығы шағын ғана село, ол кездегі аты 
Фурмановка, қазіргі аты Бірлік. Сол Фурмановкадан, 
қазынаның үйінен таңертеңгі сағат 7-8-дерде шығып, 
мекемесіне қарай жаяу өтеді екен. Жол бойында 
ешкімге қарамайды, ешкіммен сөйлесіп, тоқтап тұруға 
қақысы жоқ, себебі бүкіл бір ауданның прокуроры! 
Басына іс түсіп жататын адамдар көп. Біреу біреуге 
тәуелді, әсіресе, заң қызметкерлеріне жұрттың бәрі 
үрке қарайды, шоши қарайды. Себебі 37-жылдың 
қара дауылы қайта соға бастаған. Ызғар. Қатал ызғар 
ел ішін елеңдетіп тұр. Сотталушылар көп. Нақақ кетіп 
жатқандар көп. Күн-Көсемнің тірі кезі».
«...Бір күні бір үйдің есігінің алдынан өтіп келе 
жатса, 5-6 кемпір отыр екен, біреуі Күлтәй жеңешеме:
– Әй, бала, тоқта! – депті. Бұл кісі «Әй» деген сөзді 
ұнатпаса да тоқтайды. Үлкен кісілер ғой деп, қазақпын 
ғой деп.
– Сен, өзің неге сонша қайқаңдап бара жатырсың?– 
депті әлгілердің біреуі.
– Ары өтесің, бері өтесің. Біз осы жерде отырмыз. 
Сәлем беру жоқ сенде. Біз мынау отырғанда, Қапалдың 
кемпірлеріміз. Сен біздің келінімізсің. Неге сәлем 
бермейсің? – депті».
Қапал деген Күлтәй келін болып түскен рудың үлкен 
бір атасы. Кемпірлер соны меңзеп отыр.
«– Сіздер менің прокурор екенімді біліп тұрсыздар. 
Себебі, менің мынау оқалы жағамда белгі бар, – депті. 
– Ал, мен сіздердің Қапал атаның кемпірі екендеріңізді 

158
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
қайдан білем! Маңдайларыңызда: «мынау Қапалдың 
келіні!» – деген жазу жоқ қой, – депті». Бұл Күлтәй 
жеңешенің сөз тапқаны ғой, әйтпесе, мұның келін 
болып үлкендерге сәлем бергенін үкімет ұнатпайды. 
Ескілік санайды. Ал, Күлтәйдің «Үлкен кісілер ғой деп, 
қазақпын ғой деп» тоқтауы ішкі ерегестің кішкентай 
көрінісі еді.
Енді автордың Күлтәй жеңешесінің басынан өткен 
негізгі оқиғаға келейік. Облыс орталығы Жамбыл 
қаласында үлкен бір жиналыс өтіп, сол жиналыста 
«Көктерек ауданында отанын сатқан біреу қашып 
жүр. Ол туралы біздің аудандық прокурор ештеңе 
білмейді» деген қатаң сөгіс алған Күлтәй астына ат 
мініп қашқынды іздеуге шығады. Айдарлы деген ауылға 
келіп колхоз бастығының үйіне түседі. Жан-жақтан 
жеткен сыбыстың бірі: «Ауыл шетінде, оңашада, 
жалғыз үй тұрады. Сол үй күдікті көрінеді, – дейді. – 
бес-алты баласы бар жалғыз әйел тұрушы еді, сол әйел 
колхоздың сиыр қорасы жағына жиі-жиі түнде барып-
келіп жүреді» – дейді.
«Сонымен, қасына екі-үш жігіт куәгер ертіп алып, 
Күлтәй жеңешем күндіз де, түнде де қараңғы болып 
тұратын, ұзыннан ұзақ терезесі жоқ сиыр қораға 
лампы шаммен кіреді. Қораның ең түкпірінде бүрісіп, 
екі тізесіне басын тығып алып, бір адам, шынында, 
селкілдеп отыр екен. Ұстап алып келеді. Сол ауылда, 
колхоз бастығының кеңсесінде отырып, жалғыз өзі 
сұрақ алады. «Шығыстан батысқа кетіп бара жатқан 
әскери составтардың біреуінен түсіп қалғаным рас», – 
депті. Шуға келдім, ыстық су алайын деп едім, пойыз 
жүріп кетті. Содан кейін мен жақын жердегі ауылыма 
барайын, бір-екі күн болайын. Содан кейін қайтып 
келіп, Шудан қайтадан басқа составтармен кетермін 

159
БОЛМЫС
деп ойлап едім. Бірақ, болмады, балаларымның ең 
кішкентайы дімкәс еді. Соған қамқорлық жасауым 
керек болды. Сөйтіп жүргенде, мен туралы сыбыс 
тарап кеткенін естідім. Әйелім айтты: «Қашқындарды 
аямайды, ұстаған жерде тік тұрғызып қойып атып 
тастайды деді. Сонымен, қашқын болып жүргенім рас, 
қарағым. Енді өзің біл, атам десең ат, мінеки бас, міне 
мойын!» – деп айтады қашқын жігіт». Сатқын, қашқын 
деп облыс дүрлігіп жүрген қазақтың бар бейнесі осы еді.
«– Сонымен, өзім ұстаған кісіні, өзім енді аудан 
орталығына апаруым керек болды, – дейді Күлтәй 
жеңешем. Күлтәй жеңешем, дегенмен, қанша оқа 
жағалы болғанмен, әйел емес пе, ауылдан айдап шыққан 
тұтқынды жұрт көзі көрінбейтін жерге барғанда, атына 
мінгізіп, өзі жаяу жүріп, атты жетектеп алады. Оған 
тұтқын келіспейді.
– Қарағым, мені атқа мінгізбе, өзің сөзге қаласың
ұятқа қаласың, қызметіңнен айырылып қаласың! – 
дейді. Жеңешем көнбейді. Сөйтіп келе жатқанда, 
бұлардың алдынан ағысы қатты үлкен тоған шығады. 
Тоғаннан жаяу адам өте алмайды, су екпінді, ағызып 
кетеді. Тек қана атпен өтуге болады. Жеңешем 
тұтқынға:
– Қайнаға, мына атқа сіз мініп алдымен өтіңіз, содан 
кейін атты маған қарай жіберіңіз, – дейді.
Анау көнбейді.
– Бірақ, мен енді сізді өткізе алмаймын ғой, – дейді 
бұл.
Сонымен, ұзын шылбырды жеңешем қолына 
ұстатып, бергі бетте тұрады. Тұтқын атпен жалдап, 
тоғанның арғы бетіне өтеді. 

160
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
... Сол кезде барып, есіме түсті, ойпырай, мына кісі 
қазір атқа мініп шаба жөнелсе, мен масқара болдым ғой 
деп ойладым! – дейді. 
Жеңешем қатты күдіктенеді. «...енді құрыдым: 
– Енді мен комсомолдан шығамын, енді партиядан 
шығамын, енді мен сотталамын! – деп зәре-құтым 
қалмай тұр. Бірақ, оны ойбайлап сездірсем, анау шын 
мәнінде де қаша жөнеледі ғой деген күдік бар. Не де 
болса, сездірмей, сазарып тұрмын...» – дейді».
«Сөйтіп тұрғанда, менің қолымнан шылбыр сусып 
шығып, тоғанның суымен жыланша сызып барып... 
Бұл көзі бақырайып тұрғанда, тоғанның арғы бетіндегі 
қашқын аттың шылбырын қысқартып алып, тізгінін 
тарта ұстап, үзеңгіге аяғын салады... жеңешем кескен 
теректей құлап түседі. Есін тез жинап «Әй, тоқта!» – 
деп айқайлағысы келеді. Аузын ашады, бірақ ешқандай 
үн шықпайды. Жүн матадан тіккен қара көк юбкасының 
етегін баса-маса екі тізерлеп, жеңешем жерге отыра 
қалады, басы да салбырап кетеді. «Енді мен біттім, 
құрыдым, енді мен жас коммунист Жәлімбетова Күлтәй 
отанын сатқан қашқынды өз қолынан босатып жіберді 
деген масқараға қалдым. Енді мен партиядан шығам, 
енді мен сотталамын! Оның бәрін қойшы, енді бүкіл 
Совет Одағының газеттері жазатын болды ғой: «Қазақ 
әйелі сатқындық жасады – деп».
...Басы айналып, көзі қарауытқанын сезді. 
Ақырында тағы да жерге басын соға бердім дегенде, 
сол жамбасына қарай қисая бастағанын байқады.
Аз жатқан, көп жатқанын білмейді. Бір кезде есін 
жиып, енді қайтадан жүрелей отырып, оң қолымен 
жер тіреп көтерілгісі келген екен, оң жақ иығына әлгі 
адамның қолы тигенін байқады.

161
БОЛМЫС
– Қарағым, келін, тұр! – дейді қашқын. – 
Міне, мынау атың. Кел, міне ғой, қарағым. Әлгінде 
байқадым, анау жарты шақырымдай жерде өткел 
бар екен. Сол өткелден айналып сенің қасыңа келдім, 
қарағым. Мә!». Есімізде болуы керек, бұл таңғажайып 
оқиға. Біреу жай қарар, біреу түсіне қоймас, мән де 
бермес, бірақ бұл талайды таңқалдырар оқиға. Бірін-
бірі танымайтын қашқын мен тергеушінің бір-біріне 
осыншалық жанашыр болып, бір-бірінің жағдайын 
осыншалық түсініп, аттарын да атаспай иен далада бір-
бірін «қайнаға», «келін» десіп, арадағы жалғыз атты 
тоғанға кезек салып судан өтуі... қазаққа ғана тән оқиға 
десек артық бола қоймас, иә! Еш артықтығы жоқ!
Екеуі бірі атпен, бірі өткелден жаяулап тоғаннан 
өтеді. Содан кейінгі жағдай.
«Ол бергі бетке өтті, тоғанның батыс жағына қарай. 
Келді де:
– Ал, қарағым, мінеки, – деп екі қолын созып тұр. 
Қайтадан матап байла дегендей! Сол кезде мен ол кісіге 
айқайлап жіберіппін: 
– Қарабет, қашқын, отанын сатқан қашқын! Түс, 
алдыма! – деп деппін.
Ол үн-түнсіз. Басы салбырап кеткен, алдымда жүріп 
келеді. Жүріп келе жатып теңселіп кетеді, біресе сол 
жағына қисаяды. Әлде бірдеңеден сүрініп кеткендей, 
алдына қарай еңкеңдеп барып, шайқала әрең тұрып 
қалады». Сөйтіп, аш-арық тұтқын жүруге әлі келмей 
құлап түседі. Енді оны Күлтәй атқа салады. Әуреге 
түсіп әрең салады. Әлі келмей, жылап жүріп салады. 
«Жарықтық жылқы баласы ақылды ғой, шіркін! 
Жануар, қасыма келіп басын салбыратып тұр, тұрған 
жері – ойпаң» - деп қояды Күлтәй арасында.

162
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
«Жарты сағат жүрдім бе, бір сағат жүрдім бе, бір 
кезде тұтқын есін жинап алды.
– Қарағым, мен түсейін аттан. Сен өзің мін, – дейді.
– Жоқ, – дедім.
– Ендеше, қарағым, сен ертоқымға отыр. Мен сенің 
артыңа мінгесейін, – деді тұтқын».
Өзі өлім халінде келе жатып, алты баласы мен 
жары шиқылдап артта қалып, өзін алда ауыр жазалар 
күтіп тұрғанын біліп келе жатып, «мені атқа мінгізгенің 
үшін үкіметтен сөз естисің ғой, қарағым-ау» деп өзін 
тұтқындап келе жатқан әйелге жанашырлықпен қараған 
қандай биік кісілік дейсіз! Кімнің қолынан келеді осы 
ерлік? Өзеннің ар жағында да, бер жағында қашып 
кетуге мүмкіндігі бола тұра, «Сен сөзге қаласың ғой, 
қарағым» деп, байлауға қолын ұсыну... қай еркектің 
қолынан келмек? Дәл қазір, осы күнде?.. Өздерін кешегі 
қазақтан мәдениетті санап жүрген, білімді, білікті санап 
жүрген бүгінгі қазақтың қай жігіті осы тұтқынның, осы 
жалаңаяғы домбығып ісіп кеткен, өлім халінде келе 
жатып осындай кісілік биіктігінен бір мысқал түспеген 
осы қазақтың ерлігін істей алады? Қайталамақ түгілі 
түсінуге, түйсінуге рухани қауқарлары жете ме?.. Міне, 
сұрақ! Міне жауап! Жоқ. Гуманизмнің шыңы!
Енді Күлтәй жеңешенің, қазақ қызының, қазақ 
әйелінің мына сөзін қараңыз!
«– Атқа міне қоймадыңыз ба? – деп қалжыңдадым 
жеңешеме.
– Әй, Әкім-ай, қарағым-ай, – деді Күлтәй жеңешем. 
әкем қазақ, шешем қазақ емес пе? Мен қазақтың 
келіні, қазақтың қызы емеспін бе? Қалай мен еркек 
адаммен бір атқа мінгесіп келе жатам? Ол байқұстың 
басы сылқ ете қалады, кеудесіне түсіп кетеді. Сонда мен 

163
БОЛМЫС
оны құшақтап алам ба? Жоқ, қарағым, қой ондайды! – 
деп маған, осы авторға ежірейе қарайды».
Бұған не айтамыз? Не айтамыз емес, не айта 
аламыз? Осындай халде, осындай жағдайда қазақ 
әйелі, аналарымыз осылай істеген дегенде көзінен от 
жарқ етіп: «Неткен арлылық! Неткен тазалық! Еркекті 
әйел қалай құрметтеген?! Әйелді еркек қалай аялаған?!» 
деп орнынан атып тұрар, оларға сүйіне тамсанып, іштей 
болса да құрмет қылар жаңа өркен – жастар бар ма? 
Иығын екі толғап, аузын қисайтса, ернін шығарып қана 
қоймай, «Неткен сорлылық» десе қайттік? Ақиқатында 
біз ондай кісіліктің бойымыздан табылуы түгіл, оны 
түсінуден, түйсінуден қалып бара жатқан, адамдықтан, 
адамгершіліктен өзге құндылықтардың құрдымына 
құлап бара жатқан ұрпақпыз ба? Бәлкім...
Ал, оларды, тұтқын мен Күлтәйды бірін қашқын, 
бірін тергеуші қылған қоғам, үрей. Күлтәй да қазақтың 
келіні секілді кемпірлерге сәлем бергісі келеді, үрей сәлем 
салғызбайды – үкімет жақтырмайды. Ауру баласының 
қасында бір-екі күн болғысы келген қазақты жібере 
салғысы келеді – үрей, үрейлі үкімет жібертпейді. 
Күлтәй оны өзі де айтады: «Аудан орталығы көрінген 
кезде мен жүрісімді жәйлаттым. Қараңғы түссе екен 
дедім. Мен мынау қашқынды атқа мінгізіп алып, өзім 
жаяу келе жатсам, қаңқу сөзге қалам ғой. Себебі, 
ондайды кешірмейді. Қашқынды атына мінгізіп, өзі 
жаяу келді деген сөз ертең, ел құлағы елу, бастықтарға 
жетсе, олар мені аямайды ғой».
Міне, адам ретінде, қазақ ретінде, қазақ әйелі, 
қазақ қызы ретінде жүрегі қалап істегісі келген әр 
ісінің алдында осындай үрей тұрды. Өйткені автор 
жоғарыда айтқандай «37-жылдың қара дауылы қайта 
соға бастаған. Ызғар. Қатал ызғар ел ішін елеңдетіп 

164
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
тұр. Сотталушылар көп. Нақақ кетіп жатқандар көп. 
Күн-Көсемнің тірі кезі».
Сол үрей аудандық партия комитетінің бірінші 
хатшысы Тілеубердинге «Қарағым, қайтесің, орыс қой, 
жібере сал» дегізеді. Сол үрей  бүкіл аудан бойынша 
екі-ақ орыс бола тұра, соның бірі адам өлтірген 
бола тұра, оны босаттырып жібергізеді. Сол үрей 
пойыздан қалып қап, ауру баласына бола отбасына 
келген жазықсыз қазақты ақыры өлтіріп тындырады. 
«Тұтқынды НКВД-ға да, Ішкі істер министрлігінің 
аудандық бөліміне де берген жоқпын. Білемін ғой, 
әй-шәйға қарамайды, тепкілеп ұрып тастайды, өлтіріп 
тастайды. Сонымен, қазір есімде жоқ, толық төрт 
дәптер ме екен, әлгі кісінің барлық жауабын жазып, 
хаттап, енді аудандық түрмеге апарайын деп қарасам, 
жарықтық, дүниеден өтіп кеткен екен. Қылжиып, 
кабинеттің бұрышында отыр екен. Мойыны былқ-сылқ 
етеді» деп еске алады Күлтәй. «Қашқынды ұстаған 
жас прокурор» деген шағын мақала шықты облыстық 
газетте. Мен енді, шынымды айтайын, оған мақтанғам 
жоқ. Себебі, ол менің қолымда өліп кеткеніне, шын 
мәнінде, қатты күйіндім» деп күрсінеді Күлтәй.
Иә, сол үрей... Бір-біріне өш-қасы жоқ екі қазақтың 
біріне-бірін өлтіртті. Сол үрей ғасырлардан бері 
туыстық қатынасын шынжырдай бекітіп қазақтың 
туыстық қатынасын бырт-бырт үзді. Бала әкеден, аға 
ініден безді. Төменде дәл осы шығармадан тағы бір 
үзінді келтіреміз. Қажетті деп таптық. Тұтас келтіреміз. 
Тағы сол автордың қиналысы. Жоғарыда айтқан 
үзінді:
«Күн көтеріле бергенде қайта ұйықтамақ болып 
қайта жатқанмен, ұйықтай алмадым, тұрып кеттім. 
Отырдым. Мен әлі Солженицыннің бұл дүниеден 

165
БОЛМЫС
өтіп кеткенін естіген жоқпын ғой. Бірақ, көкейіме 
қайта-қайта сол кісі орала берді. Күлтәй жеңешем мен 
Александр Солженицын бірін-бірі алмастырып сана 
экранына орала берді, орала берді.
Көз іле алмай маужырап отырған Әкімді шар еткен 
телефонның ащы даусы оятып жіберді. Қалихан екен. 
...
Қалихан десем Алтай келеді көз алдыма.  Қатын 
қарағай.  Мұзтау. Алыстан көз тартқан күміс ертоқым 
– Мұзтау. Өрдегі ел, Белдегі ел, Қазақстандағы 
ең асау өзен – Қатын. Көк тұрғындарының, Көк 
тұрұқтардың кіндік елі. Сол елдің екі Қалиханы болса, 
бірі мен боп жүрдім. Кей кездерде мен Алтайға бара 
алмай қалсам, Қалиханның ағалары, жеңгелері сұрайды 
екен. – Әй, Қалихан, Әкім неге келмеді? Сен келмесең 
де, Әкім келсе де бізге жетіп жатар еді ғой! – дейтін 
көрінеді. Сол Қалиханның әкесі – екі жасар ұлын 
құшақтап, қатты қысып жатып, ұйқы үстінде өмірден 
өтіп кеткен ғой.  Қапалықтан өлген. Әне, айдап әкетеді, 
міне, айдап кетеді деген қорқыныштан өлді ме екен? 
1937 жыл еді себебі. Хат танитын адам, зиялы жігіт. 
Хат танитын адамды ол кезде  аямайтын еді ғой өкімет. 
Соның алдында ғана Сапақ деген ағасын этаппен 
айдап кеткен екен. Этап деген ол – жоспар, алыстағы 
аудандарда тұратын күдікті адамдарды бірлеп-екілеп 
айдамайтын, ол кезде жоспар болатын. Жоспар 
орындау үшін топтастырып, екі айда бір, үш айда бір 
бүкіл аудандардағы күдіктілерді жинап, Алматыға алып 
баратын. Бүкіл Қазақстандағы күдіктілерді жинап, 
Сібірге айдап кететін. Ол сөздің аты – этап еді. Сол 
этаппен Александр Исайұлы да қазақ жеріне келді 
ғой, саяси тұтқын болып келді. ...Ол байғұс та этаппен 
келді. Этап...

166
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
Қалиханның әкесі – жалғыз ұлын қатты қысып 
ұйықтаған қалпы, сатқын заманнан өтіп кеткен. Анасы 
Күләш ойбайлап жүріп, жылап жүріп, әке құшағында 
жатқан баласын әрең босатып алған, әрең босатқан. 
Әке жібермей қойған. Кейін анасы айтады екен:
– Қалихан, сенің өмірің ұзақ болады, себебі әкең 
саған өзінің қалған өмірін, бойындағы шуағы мен 
жылуын қалдырып кетті. Өз жылуын қалдырып кетті 
ғой!–дейді екен. 
Сол 42-жылы көзі бақырайған, тәштиген жалғыз 
ұлын шанаға отырғызып, басына әкесінің үлкен түлкі 
тұмағын кигізіп, әкесінің қалың сең-сең тонына орап, 
Күләш келіншек, жас ару он бес шақырым жердегі 
туысқанына тартады. Күні бойы жүріп отырып, түн 
ортасы ауғанда әрең жетеді. Қақаған аяз. Аяз – 
ажалдан да қиын ғой. Ажалда сезім жоқ. Аяз. Аяз 
адамның бар сезімін кеміріп, асықпай жеп, миыңды 
шағып, миыңды кеміріп жеп жібереді ғой. Аяз. Таңның 
атысында шыққан екі жасар ұлын шанаға отырғызып, 
сүйреп шыққан ана, түн ортасы ауа, он бес шақырым 
жердегі туысқанына келді. Туысқан – екі жасар 
нәрестенің туысқаны. Мынау жалғыз бала, сенің 
ағаңның жалғызы, осыны не істейміз деп алып келген 
болар. Бірақ туысқаны есігін ашпай қойды. Әйелі 
шықты. Танымаған болып:
– Кімсің? – деді.
– Мен ғой, Күләшпін ғой, – деді. – Қалиханды 
алып келіп едім, – деді.
– Ағаң жоқ үйде... – деді әйел. Бірақ ар жағынан 
ағасының күңкілдеген даусы естіліп тұрды. Ашпай 
қойды есікті. Аяз болса кеміріп барады. Күләш жылаған 
шығар әрине. Бірақ, Қалихан оны қайдан байқасын, 
тұмшалап тастаған Қалихан шанада отыр ғой.

167
БОЛМЫС
Есік ашылмады.
Ақырында, жарайды ендеше деп, Күләш жас 
келіншек, жас ару бұрыла берген кезде, есік шиқ етіп 
ашылып, әкесінің туған інісінің әйелі жарты күлше 
нанды лақтырып жіберді.
– Мә, мә, мынаны жеңдер! – деп.
Нан қатып қалған екен.
Сол кезде селк етіп оянды ма екен, әлде есін жинап 
алды ма екен Қалихан нанды шап беріп ұстап алды. 
Ұстап алды да қатты нанды қойнына тығып жіберді. 
Анасы ұрысты, әрине.
– Таста, таста нанды, саған керек емес, бұл жарты 
нан саған медет болмайды, таста! – дейді.
Бала тастамады, қойнына тығып жіберген. Ана 
тартып алып, лақтырмақшы болды. Әрине, есікке қарай 
лақтырмақшы ғой. Бірақ бала бермей қойды.
Беті қайтып қалған ауылдан, жүрегінен, лүпілдеп 
тұрған жүрегінен теуіп жіберген ағайынының үйінен сәл 
ұзай бергенде, Күләш байқады ма екен, баласының әлгі 
қатып қалған нанды аузына салып отырғанын... шананы 
тоқтатып.
– Әкел бері! – деді де тас болып қатып қалған 
нанды бала қолынан жұлып алды. Жұлып алды да 
тісіне ары салып, бері салып, сындыра алмай, ақыры 
бір үзімін ғана әрең үгіткен екен, бірақ тісінің қызыл еті 
қан-қан болыпты. Сол қызыл еттің қанымен араласқан 
нанды шайнап-шайнап Күләш келіншек, Күләш ару 
баласының аузына салады. Екі жасар нәрестенің 
аузынан нан ары қарай жүрмей қояды. Содан кейін 
Күләш сұқ саусағымен, сүйріктей әдемі саусағымен 
итеріп-итеріп ары қарай өңешінен өткізіп жбереді.
– Әттең-ай, әттең-ай! – деп жылайды содан 
соң, – Сен болмасаң мынау ит өмірде бір сәт қалмас 

168
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
едім. Тағдырымды бір жарым құлаш кендір арқанға 
тапсырар едім! – деп зарлайды. «Бір жарым құлаш 
кендір арқан» дегеннің мағынасын Қалихан ержеткен 
кезде ғана ұғынады.
Енді баратын жол бес шақырым. Он бес шақырым 
жүрген ана енді бес шақырымға шыдаймын ғой деп, 
жолда келе жатыр сүйретіліп. Өзі де былқ-сылқ, 
баланың басы да былқ-сылқ әрине. ...Бір кезде Күләш 
тоқтап баласына айқай салады:
– Өлмедің-ау, сен, өлмедің-ау! Сен өлсең маған 
жеңіл болар еді. Мен мына әдірам қалған тірліктің 
құнын бір жарым құлаш арқанмен өлшер едім! Сен 
өлмей қойдың ғой, қу жетім, сен өлмей қойдың ғой.
Еңкейіп, айқайлап, ұрсып тұрған анасының 
көзіндегі тырнақ басындай қос мұзды көріп үлгереді 
бала. Мұз. Көз жасы емес, қатып қалған екі мұз...». 
Күлтәй жеңеше, Солженицын жайындағы толғаныс, 
қиналыстар жазушы ойын осылай да сүйреген, жазушы 
жанын осылай да қинаған. Осы оқиғаны есіне түсірген.  
«Әлгінде әңгімені келте қайырғаныма ыңғайсызданып 
отыр едім, енді қайтадан Қалиханға тіл шалдым:
– Әй, Қалаға, сонда анаң айқайлап, саған ұрысқанда 
екі тамшы көз жасының мұз болып қатып тұрғаны 
шыннан есіңде ме? – дедім. Қалихан күлді.
– Әй, көке-ай, ол әңгімені жазып қойғам...– деді. 
-Және журналға беріп қойғам. Мен айттым:
– Ол 42 жылғы оқиғаны мың жазушы мың рет 
жазса да артық болмайды! Мың жазушы мың жазуы 
керек, сонда да адамзаттың ұяты ояна қояр ма екен? 
-дедім. – Сенің әкеңнің ағасы этаппен кеткен еді, сенің 
әпкең этаппен кеткен еді. Орыстың үлкен жазушысы 
Солженицын этаппен Қазақстанға келген еді. Сенің 

169
БОЛМЫС
әкең мен әпкең этаппен орыстың Сібіріне барған еді. 
Сол заман... – деп сөзімнің аржағын «жұтып қойдым».
Сөзімнің аржағын жұтып қойдым. Өзіме өзім 
күбірлеп айттым. Сондықтан да бұл эссені жазбасам 
болмайтын еді. Ішімде қалса дертке айналып кететін еді. 
Сондықтан да осы эссені жаздым. Бұдан оқтай бір жыл 
бұрын. Содан бері қанша мәрте қолға алдым, түзетіп, 
әрлеп, өңдеп жарыққа шығарайын деп... Қаламым 
жүрмеді. Осыдан бір апта бұрын, А.Солженицынның 
дүниеден өткеніне бір жыл толғанда Москва 
телеарнасының бірінен көп сериялы деректі фильмнің 
бірінші бөлімін көріп қалдым. Александр Исайұлы 
сөйлеп отыр екен.
– Қазақстан маған қымбат! – деді, – Мен қазақ 
мектебінде сабақ бердім! – деді. – Қазақ балалары 
алғыр! – деді. – Қазақ байсалды да өжет халық!  – 
деді.
Хабар аяқталған соң мен орнымнан тұрып терезе 
алдына бардым. Сол арада көрдім. Сездім. Түйсіндім.
Көк аспанда қырағы көз бар. 
Алланың қаһары қатты, Алланың мейірімі де шексіз 
ғой.
Көк аспанның қырағы көзінен мейірім ұшқынын 
аңғардым.
Тәубе!».
Жалғыз баласын құшағында қысып жатып, өмірден 
өтіп кету!.. Не қылған үрей! Ұрмай-соқпай, адам 
санасына, адам жүрегіне осындай қысым жасау... 
Неткен аяусыз жүйе. Қазақ даласында уілдеп соққан 
жел үрей шашып соққан. Жел, боран ел ішін үдей 
кезген, жел емес, үрей кезген! Үрей!...
Жер бетінде қазақтай туыстық қатынасқа берік, 
өз ағайынын «Өз қолыңды өзің кеспейсің» деп өз 

170
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
денесіне балаған халық кемде-кем шығар. «Ағайынның 
азары болса да, безері болмайды» деген, «Кескілесіп 
кетсең де туысқаның кетпейді» деген қазақтың асыл 
болмысы осылайша айрандай ақтарылып түсті емес пе. 
Қалиханның шешесі саршұнақ аязда неге қайнысының 
үйіне келеді? Ол шықпай қойғанда неге сонша еңірейді? 
Күйінгеннен неге өліп кете жаздайды? Ол ағайыны деп 
келіп отыр, бұрынғыша, баяғыша, туыстығын бұлдап 
келіп отыр. Ал, адам болмысының осылайша өзгеріп 
кеткенін ол сол сәтте, сол бір ашулы, жаңа ғана күйеуі 
өлген қайғылы сәтте қабылдай алмады. Қабылдай 
алмайды да. Мүлде. Туыстың теріс айналғанына күйеуі 
өлгеннен бетер қиналды емес пе, жан түкпірі қопарылып 
түсті емес пе! Осылайша, жақындар жалғызға айналды. 
«Ағайынның қадірін жалалы болғанда білесің» деген 
қазақтың ағайыны жалалы болғанда қасынан алыстап 
кетті, қашып кетті, танымай кетті. Суып кетті! Үрейден! 
Құрметті оқырман, шығармасын талдап отырып 
жазушы туралы ой келеді ентелеп. Еріксіз келеді. 
Жазушы туралы бұл ой жазушы туралы айтпай қалуға 
мүмкін емес жағдайда айтылды. Тәубе!
Жазушы деген осы екен ғой! Ұлт жазушысы деген 
осы екен ғой! Ұлтының тарихы, артық-кемі, қасірет-
қайғысы, арман-мұраты, мұң-шері қуаныш-күлкісі, 
намыс-жігері, ар-иманы..., бүкіл БОЛМЫСЫ нағыз 
жазушының ой-санасын ордалы жыландай орап, тұла-
бойын буып, қинап, әбден қинап, толғағы жеткенде 
топырлап кеп, жүрек деген нәзік жаратылыстың қылдан 
жіңішке пернесін көпір етіп оқырманға жол тартады екен 
ғой!.. Топырлап кеп, қылдан нәзік пернені солқылдатып 
өтеді екен, қылдан жіңішке тамырды кернеп, сыздатып 
өтеді екен, жүрек деген аяулы жаратылысты аямай 
солқылдатып, аямай сыздатып...

171
БОЛМЫС
Тарихшы шығарманы оқырманға жүрек деген 
көпірден айналып өтіп, санасын өткел қыла отырып 
жеткізсе, журналист жүрек деген көпірден айналып 
өтіп, факті мен ақылын өткел қылып жеткізетін шығар. 
Ал, жазушы, шын жазушы ақыл-санасында баптап, 
толғағы жеткенде жүрек деген қылдан жіңішке көпірге 
қарай иіріп айдайды екен ғой үйірлі жылқыны. Таптап 
өтпей ме, қиратып кетпей ме? Жүрек шыдай ма?.. Және 
оның ұлты өз жерінде зор қырғынға ұшырап, отарлық 
қамытын киіп, бодандықта сұраусыз тапталған, аяусыз 
езілген болса ше?.. Ол жүрек «Қанша қиналғанмен 
өмірден түңілмеймін» дейтін жүрек болғасын шыдайды, 
ол жүрек «Алланың қаһары қатты, Алланың мейірімі 
де шексіз ғой...
Тәубе!» дейтін жүрек болғасын төтеп береді.
Сол жазушы, сол болмысы аяусыз тапталған ұлттың 
жазушысы бір сұхбатында «Қазақты бір қазақ жақсы 
көрсе, мендей-ақ жақсы көрсін» депті. Жазушының 
осы бір ауыз сөзін шын түсіну үшін де осыншама 
дүниесін ақтару керек екен ғой. Ақтару керек!

Мазмұны 
Алғы сөз.....................................................................3
1-бөлім. Ерегеске толы екі роман
“Тасжарған” романындағы отбасылық 
қарым-қатынас және ұлттық болмыс....................6
“Тасжарған” романындағы қоғамдық жүйе 
мен бас кейіпкер болмысы арасындағы 
күрес................................................................................30
Әлемде миллионнан астам оқырманы бар 
қазақ романы жайлы толғаныс...............................52
2-бөлім. Қазақ болмысының құлын
 дауысы және жазушы жаны
Құлақ бұрау...................................................................96
Адамзат тарихындағы аянышты эпизод.............98
Жатқа айналған жақындар....................................112
Құпия геноцид...........................................................128
Гуманизмнің шыңы..................................................148

Ұларбек НҰРҒАЛЫМ 
БОЛМЫС
Редакторы                             Алмагүл Ниязбекова
Қате түзеуші                         Назерке Кәкен
Көркемдеуші редакторы Айкерім Бақбергенқызы
Техникалық сарапшы      Ержан Жамалбаев
Суретшісі                               Шәкен Бөкетайұлы                   
ISBN 978-601-03-0284-6
ИБ № 72
Басуға 15.10.2014 ж. қол  қойылды. 
Пішімі 80х100 
1
/
32
.  Офсеттік басылым. 
Қаріп түрі “MM Academy”.  Көлем 8,0 шартты баспа табақ. 
Таралымы 2000 дана. 
Тапсырыс № 72
«ҚАЗақпарат» баспа корпорациясының баспаханасы


1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал