Бағдарламасы бойынша жарық көрді НҰРҒалым ұ. Болмыс. Мақалалар/Ұ. Нұрғалым



жүктеу 6.44 Kb.

бет1/12
Дата15.02.2017
өлшемі6.44 Kb.
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Ұларбек НҰРҒАЛЫМ
БОЛМЫС
Мақалалар
Алматы
2014

УДК 821. 512. 122
ББК 84 (5 Қаз) - 44
Н-83
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі 
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 
бағдарламасы бойынша жарық көрді
     
НҰРҒАЛЫМ Ұ.
      БОЛМЫС. Мақалалар/Ұ.Нұрғалым 
      – Алматы, «Хантәңірі», 2014. – 173 бет.
 ISBN 978-601-03-0284-6
Сөз – ұғым, ұғым – таным. Танымның болмысқа тікелей әсер етуші 
фактор екенін алға тартсақ, бір ұлттың болмысын оның сөзі арқылы 
тануға  болатынын  аңғарамыз.  Ұлт  ұстазы  Ахмет  Байтұрсынұлы: 
«Мақал  –  тәжірибеден  шыққан  ақиқат  түрінде  айтылатын  сөз»,  - 
дейді.  Бұл  еңбекте  автор  аса  күрделі  қоғамдық  жүйемен  күреске 
түскен  адам  табиғатын,  ұлт  болмысын  терең  түйсініп,  айшықты 
сомдаған жазушы-драматург Әкім Тарази прозасындағы кейіпкерлер 
бейнесін  мақал-мәтелдерімізде  айтылатын  қазақ  болмысымен  са-
лыстыра зерттейді.
Ұрпақтың  өз  ұлтын  тануына,  сол  арқылы  өзін  тануына  септігін 
тигізер  бұл  еңбек  шығармалары  зерттеу  обьектісіне  алынған  жа-
зушы  тарапынан  да  жоғары  бағаланып  отыр.  Оқырман  көңілінен 
шығады деп сенеміз.
Кітап әдебиетші қауымға және көпшілік оқырманға арналған.
 
УДК 821. 512. 122                 
ББК 84(5 Қаз) - 44
ISBN 978-601-03-0284-6
© «Хантәңірі», 2014
Н-83

ТАМЫРШЫЛЫҚ ТҮЙСІК, 
ҚАЗАҚЫ ЗЕРДЕ
Бұл  зерттеу  жұмысы  мені  таңқалдырды. 
Шындығында жазушы өзі жазып отырған дүниесінің 
барлығын  ақылмен  танып,  мынау  алай,  мынау 
былай  деп  нақты  жоспармен  жазбайды.  Өмірден 
көрген-білгенін,  оқыған-тоқығанын,  жалпы  көкейіне 
түйгендерін  сана  сарабына  сала  отырып  негізінен 
түйсік  арқылы  жазады.  Ал  оны  ғылыми  тұрғыдан 
тануға  келгенде  сыншының  немесе  философтың 
орнын  автордың  өзі  баса  алмайды.  Мінеки,  өзім 
жазған  шығармаларды  өзіме  таныстырған  жоғары 
сападағы  сараптамалық  еңбек  алдымда  жатыр. 
Мен  әдебиетке  келгеннен  бастап  мақтауды  да, 
даттауды  да  біраз  естіген  адаммын.  «Әдебиетке 
жаңашыл  жастар  келді!»  деп  жататын,  алғаш 
кезде  30-40  болып  келдік,  өмірдің  заңы  бойынша 
азайдық...  Ал  сол  мақталып  жүргендердің  ішінде 
көп  шүйлігіп,  атымды  атамаса  да,  сынап,  іліп 
кетіп  жататын  бір  ғана  мен  болдым.  Бірақ 
оны  өз  басым  еш  уақытта  елеген  емеспін.
Менің  бұл  жұмысқа  риза  болатыным,  басқалар 
оқымаса  да  мақтай  беретін,  басқалар  оқымаса  да 
даттай  беретін  менің  тағдырымда  деп  айтайын, 
бірінші рет шығармамды нақты талдап, талдағанда 
да  ғылыми  тұрғыдан  талқылап  пікір  жазған  осы 
жігіт. Орыс тілінде пікір айтқан бір-екі адам бар, ал 
қазақтан Ұларбекті айтар едім. Анау кейіпкер анадай, 

мынау  кейіпкер  мынадай  деп  жеке-жеке  сарапқа 
салып,  ол  кейіпкердің  түп  тамыры  қайдан  екенін, 
біздің қазақ әдебиетіне қалай келіп еді ол кейіпкерлер 
деп  арнайы  анализ  жасаған  айрықша  еңбек.
Шынымды  айтайын,  мен  Ұларбекке:  «Сен  Әкім 
Әшімов  деген  кісіге  Әкім  Тарази  деген  жазушыны 
шыт  жаңа  таныстырдың,  ризамын»  дедім.  Бұл 
ризашылық менің шығармаларымды талдағаны үшін 
ғана  емес,  жалпы  қазақ  әдебиетіне,  қазақ  әдебиеті 
сынына  өзгеше  стиль,  өзгеше  форма,  өзгеше  жазу 
тәсіліндегі  және  барынша  қазақы  түйсіктегі 
қарымды сыншының келгеніне білдірген ризашылығым.
  «Тасжарған»  романының  күрделі  жазылғанын 
білетінмін.  Айтқанмын  да.  Бірақ  мынадай  күрделі 
деп  ойламаппын.  Ұларбектің  әр  отбасын  бөлек-
бөлек ала отырып талдағанын, дәлел-дәйектерін дәл 
келтіргенін  оқығанда  бұл  роман  мен  ойлағаннан  да 
терең, мен ойлағаннан да биік екеніне көз жеткіздім. 
«Тасжарған»  ғана  емес,  зерттеу  негізіне  алған 
шығармаларды  бірінен-бірін  асырып  талдапты.  Ең 
бастысы  ұлттың  жан  дүниесін,  өткен  тарихын 
өз  жанымен,  жазушы  жанымен  астастыра 
біліпті.  Сықиған  сылдыр  сөз  емес,  барлығы  да 
тайға  басқан  таңбадай  айқын  дәлелдермен, 
жанды,  сезімді  көрсетіліпті.  Сәт  сапар  тілеймін!
Әкім ТАРАЗИ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

1-бөлім
ЕРЕГЕСКЕ ТОЛЫ 
ЕКІ РОМАН

6
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері,  жазушы-драматург 
Әкім  Таразидың  шығармашылығы  бойынша  жазылған 
бұл  зерттеу  еңбек  ұлтымыздың  болмысы  жайына  үңілу 
мақсатында  қолға  алынып  еді.  Ұлт  болмысының  өзгерісі 
әрине  үлкен  процесс.  Оны  тек  қана  тарихи  фактілер 
арқылы ашып көрсету мүмкін емес еді. Бұл күрделі үрдістің 
құпиясына  тереңірек  бойлауға  әдебиеттің,  соның  ішінде 
адам жанының терең қалтарыстарын шынайы образдар 
арқылы  аша  білетін  прозаның  орыны  айрықша  екендігін 
осы шығармаларды оқу барысында тіпті де анық түсіндім. 
Сондықтан да Әкім Тарази прозасын таңдадым. Бұл күнде 
жақсы жазылған дүние көп болғанымен, оларға жасалған 
сараптаманың аздығы себепті, орайы келген бұл жинаққа 
ұлт  қажетіне  деген  ниетпен  жасалған  осы  зерттеу 
еңбегімді ұсынғанды жөн көрдім.
Мақала  ішіндегі  тырнақшаға  алынған  үзінділер 
тақырыптағы аталған шығармалардан алынды.
Автор 
«Тасжарған» романындағы 
отбасылық қарым-қатынас 
және ұлттық болмыс
 «Тасжарған». Алғашқы бөлімдері әуелде «Бұлтқа 
салған ұясын» деген атпен жарыққа шығып, кейін 
біржола толығып, оқырманға «Тасжарған» романы 
болып жол тартады. Шығарма Кеңес үкіметінің тыныс-
тіршілігі қазақтың даласына ғана емес, санасына дендеп 
еніп алған кезеңін суреттейді деуге болады. Соғыстан 
кейінгі жылдар. Мұны романдағы кейіпкерлер өмірі 
туралы айтқанда анық көретін боламыз. Кейіпкерлер 
өмір сүріп жатқан кезең анықталғаннан кейін енді 

7
БОЛМЫС
олардың болмысына үңілу оңайлай түспек. Сонымен, 
бастадық.
Шығарма авторының біз байқаған бір ерекшелігі 
бар. Ол кейіпкер мінезін ешқашан жалаң сөзбен 
айтып бермейді, кейіпкерінің жан дүниесін ылғи да 
өзге кейіпкерлермен қарым-қатынаста, керек десеңіз 
қақтығыста ашуға барын салады. Сондықтан біз де 
тақырыбымызды ойдағыдай ашу үшін өзімізді шығарма 
табиғатына барынша икемдедік. Ұлт болмысын 
кейіпкер болмысы арқылы, кейіпкер болмысын ортамен, 
отбасымен қарым-қатынастары арқылы қарастырдық. 
Және бір ескере кетер жай, кейіпкерлердің бақытты-
бақытсыз екеніне кесім айтып, тұжырым жасау біздің 
міндетке кірмейді. Анығында адамдар бақыттың 
өлшемін әр кезде әр нәрсемен өлшеп келеді, біреуге 
азғантай мансап бақыт, біреуге осы шығармада көп 
айтылатын «аппақ Волга» бақыт дегендей... Кімнің нені 
бақыт көретінінен сол адамның таным деңгейін тани 
білетін талғампаз оқырман оны өз сарабына салары хақ. 
Ондай оқырман бұл шығарманы ойланбай, толғанбай, 
сыдыртып оқи алмайды. Талдап, зерттеп жазу былай 
тұрсын, оқудың өзі кәдімгідей еңбек екенін айтпасқа 
лаж жоқ. Біздің мақсат шығармада кім қалай, соны 
тану, құпиясына үңілу, одан бұрынғы ұлттық болмыспен 
алыс-жақындығын салыстыра бақылау, ойымыздың 
жеткенінше ашып көрсету. Сол арқылы және бас 
кейіпкер Омардың жан дүниесіндегі арпалыс арқылы 
замана бедеріндегі ұлт болмысына барлау жасау. 
Бұл шығармада отбасылық қарым-қатынас 
тәптіштей көрсетіледі. Автор қарым-қатынастың 
көкесі – семьялық қарым-қатынасты жіңішкелеп 
отырып көрсетуді арнайы мақсаттайды. Сол үшін 
бұл шығармада әр отбасы әртүрлі, бір-біріне мүлде 

8
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
ұқсамайды. Мысалы, Омардың семьясында бір түрлі, 
Мұсаның семьясында өзгеше қарым-қатынас, Досым 
семьясының жағдайы бір бөлек, Әлидің әулеті, Аблездің, 
«мәдениетті» Матековтың әйелімен қарым-қатынасы 
өз-өз алдына хикая. Сондықтан бұлардың бәрі жеке-
жеке талдауды қажет етеді. Өйткені, барлығының өз 
себептері бар. Және ол себептер олардың болмысына 
тікелей қатысты. Автор оның барлығын бір жағынан 
саналы түрде, енді бір жағынан өзінің сөзімен айтсақ 
«инстинкт дейтін жансыз қарауылы» арқылы түйсініп 
жазады. Енді біз осы мәселелер төңірегіне үңілеміз және 
шығарманың бас кейіпкері Омардың жан түкпіріндегі 
жанартауға жақындап көрмекпіз. Шығарма соңын ала 
орын алған самолеттегі жойқын сана сілкінісінен кейін 
біз Омарға онан сайын жақындай түскендей, тіпті өзі де 
аңғара бермейтін жұмбағын шешкендей болдық. Ол – 
алда! Қазір романдағы отбасылық қарым-қатынастар 
астарын аршып көреміз.
Аблез, Рауза, Лана. Бір ғимарат, бір қабат, бір 
алаңқайда есікпе-есік тұратын Омар мен Аблезді автор: 
«Бірақ бұлар семья боп өзара қатысқан емес, көрші 
хақы деп шақырысқан емес, сырт кейпіне қарағанда 
қазақы, можантопай көрінетін Аблез тұрмыста 
еуропалық заңға қалтқысыз берілген, сіресіп қалған 
тақуа» дейді. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші 
артық» дейтін қазақы қағиданың қазақ болмысынан өз 
құнын жоғалтып бара жатқан кезеңін қалтқысыз көруге 
болады бұл мінездемеден. Және Аблездің үйге ит 
бағатыны айтылады. «Итпен дос болсаң маңайың боқ 
сасиды» немесе «Ит тілінен терлейді» деп ит аузынан 
не түрлі улы микробтардың шығатынын баяғыда-
ақ білген қазақ оны мал шаруашылығы, аңшылыққа 
пайдаланғаны болмаса, үйге ешқашан кіргізген емес. 

9
БОЛМЫС
Аблездің  итінің аты – Рекс. «Аблез Рексті сейілдетуге 
алып шығады, сейіл мерзімі кемінде бір жарым сағат» 
Бұл романда қым-қиғаш отбасылық жағдай, күйеуі 
мен әйелі арасындағы кикілжің, берекесіздік көп баян 
етілетінін айттық. Алайда солардың ішіндегі сұмдығы 
осы Аблез отбасынан шығады. Бұл шаңырақтағы жаға 
ұстатар оқиғаның тууына себепкер «тұлғаның» бірі сол 
– Рекс. Жалғыздықтан жабыққан Лана – Аблездің 
жалғыз қызы. Себебі, «Бұл семьяда сөйлесу, сырласу 
салтқа айналмаған» Енді осындай көңілі жарым қызға 
бір күні шешесі келіп: «Түнде папаң звонит етті, облыста 
шаруалары бітпей қалса, бүгін келмей қалуы да мүмкін. 
Келмей қалса, Рексті қыдырту бүгін сенің міндетің!» 
десін. Ызадан булығып қалған қыз: «Тағы сол Рекс, 
Рекс, Рекс, Рекс! Рекстен басқа бұл үйде сыйлы бір 
жан жоқ, әрине! Мен бұл дүниеде бармын ба, бұлардың 
онда ісі болмас!» дейді. Сөйтеді де, бір жапырақ қағазға 
«Мен кеттім, біржола кеттім, іздемеңдер!» деп жазып, 
жоғалып кетеді. 
Жаға ұстатар жағдай қыздың жоғалып кеткені 
емес, әке-шешесінің 24 күн бойы іздемеуі, құзырлы 
мекемелерге хабарламауы еді. «Не істесе де өзі үшін 
істейтін, әңгімені де өзі үшін айтатын» Аблез қызының 
жоғалғанын айтпауының сыры бар. Істі болып, уақытша 
қызметінен босатылған қалалық атқару комитетінің 
бұрынғы бастығы Омардың орнына қонжимаққа 
жанталасып жүр. Дәл осындай «шешуші» кезде мына 
жағдайды ел білсе «Жалғыз баласын тәрбиелей алмаған 
деп жабысатындар табылады, әлбетте» Қысқасы, 
қызметінің өсуіне кесірі тиіп кетуі мүмкін.
Жоғалып кеткен Лана жиырма төрт күннен 
кейін Тольятти деген қаладан табылады. Сонда бір 
кәсіптік оқуға түседі. Үйіне қайтпауға әбден бекіген. 

10
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
Бұл жағдайды естігендер қатты таң қалады. Әсіресе 
Альберт Исаевич пен әйелі Валя екеуі ұйықтай алмайды. 
«Сұмдық!», «Неткен жаман адамдар еді!», «Қалайша 
іздемейді?», «Баласы ғой», «Қыз бала ғой», «Бұзықтар 
кездессе ше?», «Жиырма төрт күн!» «Іздемеуі тіпті 
ақылға сыймайды». Рас ақылға сыймайды. Өздерінде 
бала жоқтығы есіне түскен Валя ауыр-ауыр сөз айтады.
Мінеки, бұл шаңырақтың отбасылық құндылық, ата-
ана мен балалық қарым-қатынастан мақұрым қалуының 
басында «Аблез тұрмыста еуропалық заңға қалтқысыз 
берілген, сіресіп қалған тақуа» дейтін жалғыз сөйлем 
тұр. Осы жетіп жатыр. Әйелі де сондай. Өз бөлмесі, өз 
әлемі, өз тұрмыс дағдысы бар. Күйеуін былай қойғанда 
баласына да суық. Осы үйдің әйелі боп ыстық тамақ та 
жасап жарытпайды. Өз бөлмесінде телескопқа үңіліп, 
түпсіз терең тұңғиыққа ұмтыла береді. «Алғашында 
ғылымға белгісіз комета ашып, өз атын мәңгілікке 
қалдыруды армандайтын, бұ кезде ол ниетінен де 
қайтқан, ... суық семья тірлігінен қашудың ол да бір 
амалы ма, кім білсін?» дейді автор.
Бұдан нені білеміз? Біз Еуропадағы күйреген 
отбасылық жағдайға бүгін ғана анық көз жеткізіп, 
дабыл қағып жатырмыз ғой, ал ол жай бұл романда 
сол кезде-ақ бүге-шігесіне дейін баяндалып, көрсетіліп 
қойған-ды. Кейбір еуропалық «құндылықтар» әртүрлі 
жолдармен сол кезде-ақ Сәбет үкіметіне сыналанып 
кіріп алған еді. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде 
«Тұрғындарды баспанамен қамту» туралы құжатта  ит 
асырайтындар үшін бір бөлме қосып беретін арнайы 
бап болған екен. Мұндай қитұрқы баптың аужайын ол 
кезде жай жұртшылық түгілі, көп қаламгерлер де анық 
аңдай алған жоқ. Бұл бір көзге анық көріне бермейтін 
күрделі үрдіс-тін.

11
БОЛМЫС
Көріп отырғанымыздай, бұл отбасында бізге 
мәлім отбасылық құндылық жойылған деуге болады. 
Сондықтан да «Аблез, Рауза, Лана» деп алынды. 
«Аблездің отбасы» деп алуға болар еді. Жоқ, олар 
отбасы емес, бірге тұрушылар ғана. Күйеуі ретінде 
әйеліне хақы беріліп, әйел ретінде күйеуіне хақы беріліп 
жатқан жоқ. Баламен де солай. 
Енді қазақы қарым-қатынасты (болмысты) қағида 
етуден жерінетін Аблез әулетінің болашағынан не 
көреміз? «Сырты – бүтін, іші – түтін» ит жетелеп қалса 
да интеллигент көрінуге тырысатын, жалғыздықтың 
тұңғиығына қарық болған бүгінгі батыстың бақытсыз 
кемпірі мен шалын көреміз. Әке жылуы, ана мейірін 
көрмеген баланың болашағы да сол кепті кимек. 
Батысты алға тарта айтқанымызбен сол күй қазір біздің 
де басымызда тұр емес пе. 
Сөйтіп, ұлдың кенжесін қарашаңырақта 
ұстап, немере-шөберенің қызығын көретін қазақ 
болмысына жат осындай бір отбасы типі қалыптасып, 
болашағымызды дерттей меңдетіп бара жатыр дегенге 
әлі де сенгің келмейді. Сенгің келмесе де шындықтың 
аты – шындық. Біз енді ғана анық көріп отырған 
бұл жағдай бастауын сонау Сәбет заманынан алған 
екен. Анығы – «Тасжарған» романындағы Аблездің 
семьясынан.
Қатира, Матеков. Қазақы қағидада отағасының 
аты алдымен айтылады. «Пәленнің отбасы» дегенде 
сол үйдегі ер адамның аты аталады. Ал, бұл үйде 
Қатира бастық. Сол себепті Қатираның атын алдына 
шығардық.
Кеңес кезіндегі жалған идеология, жалған 
ұрандардың құрбаны болып, «Еркек – бас, әйел – 
мойын» деген ата-бабамыздан келе жатқан қағидадан 

12
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
кетіп, ер адамның отбасындағы орнынан айырылуы 
еді бұл. Бұл үрдіс қарқынды жүрілді. Санаға сіңірілді. 
Соның салдарынан қазіргі қазақ қоғамында Қатиралар 
мен Матековтер санап тауысқысыз. Зардабы тым 
ауыр. алдымен өздеріне, сосын елге зиян, қоғамға, 
ұлтқа қауіпті дерт.
«– Бір ай болды ұйқыңның қашқанына, өлетін 
болдың ғой, сорлы! Өзің өлгеніңмен қоймай мені де 
ала кетерсің! Түнімен айқайлап шығасың!» – Қатира 
шашын артқа қарай сілкіп-сілкіп қалып жатын бөлмеден 
шыға берді, жұқа лыпа денесіне жабысып, белі қайқайып 
кетіпті. «Сен де менің түбіме жетпей қоймассың!» 
Әйелінің артынан жүгіріп барып, алқымынан ала түсіп, 
үнін шығармай езіп тастағысы келді, өз ниетінен өзі 
шошып, қалшылдап-дірілдеп, аяқ-қолдары селкілдеп 
кетті. «Мәдениетті, зиялы адам әйеліне қол тигізбейді, 
мәдениетті, зиялы адам әйеліне қол тигізбейді...» деп 
кемінде отыз-қырық рет қайталаған шығар».
Матековтың образын анығырақ көрсете түсу үшін 
шығармадан көбірек үзінді келтіруге мәжбүрміз. 
Өйткені, Қатира мен Мәтековтың қарым-қатынасын 
түсіну үшін біз қанша жеткізіп айтсақ та, шығарманың 
өзінен көрсеткендей оңды нәтиже болмасы анық.
«Химия пәнінің мұғалімі Матековтың «екінші 
ауруы» денешынықтыру еді. Таң атпай тұратын, жеңіл 
киіммен далаға шығатын, қаланың мүлгіген көшелерімен 
алты-жеті шақырым жүгіретін, көше сыпырушы кемпір-
шалдың «будильнигі» – Матеков. Сосын үйіне келіп 
тастай сумен жуынады, гир көтеріп, гантель көтеріп 
әуре. Сөйтіп жүріп шай қойып, тамақ қыздырып, екі 
ұлын балабақшаға апарып үлгереді. Сағат сегіздерде 
әйелі оянады, ол кезде бәрі даяр, тап-тұйнақтай киінген 
қоңқақ мұрынды, қысы-жазы жазылмайтын жалақ 

13
БОЛМЫС
ерін, тақыр бас, төртбақ жігіт кухняда отырады. Қарап 
отырмайды, әрине нан турайды, қант, май, тоңазыған ет 
әзірлейді, редиска, қияр аршиды, сүт қайнатады.
– Привет, Матеков! – деп басы қобыраған, көз 
маңайы айғыз-айғыз әйелі ваннаға кіріп кетеді, көпке 
дейін сарылдаған, шорылдаған дыбыс естіліп тұрады, 
су-су боп шығады бір кезде, үстін сүртінбейді, денесін 
жүре кептіріп, тыржалаңаш бөлмелерді шарлайтын 
әдеті, өзі жалаңаш жүріп аяғынан шлепка тастамайтын 
әдеті, коридордағы шағын бөлмедегі айналар аздық 
қылғандай ас бөлмедегі айнаға келіп көзін сүзіп ұзақ 
қаранатын әдеті.
– Матеков, халатымды әкел, – дейтін әдеті.
Матеков әйеліне халат әкеп береді, әйелі жауды 
жеңіп келгендей керіліп отырып, аяғын аяғына қойып 
отырып, жібек халаттың алдын ашық тастап отырып 
шай ішетін әдеті. Май жағып, жалақ ернін жылтыратып 
қойып, жып-жылмағай болып отырған шегір көз шикіл 
сарыға ұзақ-ұзақ қарайтын, сынай қарайтын, ол тік 
қараса күйеуі жерге қарайтын, сол бір сәтте келіншек:
– Сен еркек емессің, Матеков! – дейтін де әдеті. – 
Еркек болсаң осыншама байлыққа көз қырыңды салар 
едің ғой, Матеков!
«Осыншама байлықтың» не екенін Матеков білетін, 
бірақ, амал не, үндей алмайтын, іштей ғана «Мекер... 
– деп қоятын, – бар аңсары далада. Еще мені кінәлі 
етіп қойғың келеді». Бұл сөздер, әрине, айтылмайды, 
айтылатын басқа сөздер, қарлығыңқырап шығатын 
жіңішке даусы жағына естіледі:
– Кештікке не дайындайын, мамасы?» 
Қатираның «Матеков» деп сөйлейтін әдеті, ол 
сөздерден ылғи қорлау, менсінбеу сарыны есіп тұратын: 

14
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
«Өзің біл, Матеков! Мен бүгін кеш келем, шаршап 
келем!» 
Матековты осыншама қорлыққа көндіретін не күш? 
Ол Матековтың ішінде. Матековтың түсінігіндегі 
«Семья – «ерікті личностардың» ерікті қоғамы» деген 
ұғым. Бұл ұғымның алдында ата-бабасының отбасылық 
қарым-қатынастары артта қалушылық, ескілік. Ол өзін 
мәдениетті, зиялы азамат санайды. «Тем более зиялы 
азамат жұбайының ішкі шаруасына қол сұқпауы керек». 
Бұл сөзді бұл да үнемі айтады, жоғарыдағы әрекетін 
Қатира да үнемі қайталайды. Қатираның әр ісіне 
байланысты автордың «әдеті» деп қайталап отыратыны 
сондықтан.
Қатира қызметтен қыз-келіншектер мен жігіттерді 
үйіне ертіп келеді, музыка қояды, ойнайды, күледі. 
Матеков соларға кофе дайындап зыр жүгіріп жүреді. 
Оған намыстанып жүрген ол жоқ. Матеков бейнесі 
(болмысы) өте сәтті жинақталған және қазірде ерекше 
өзекті болып отырған тақырыпқа арқау болар аса 
қажетті бейне. Сондықтан ары қарай тағы да аша 
түскіміз келеді. Автор да солай істеген.
«Бапты кофесін ішіп, Матековты бәрі де мақтайды. 
Соқталдай-соқталдай сыпайы жігіттердің ешқайсысы 
Қатираға жақындығын сездірмейді, өздерін «нейтрал» 
ұстайды, Матековтың қызғаныш білдіруге хақысы жоқ, 
онда мәдениетті, зиялы жігіт болмай қалады, «надан, 
отсталый» аталады, ал Матеков надан емес, тем более 
отсталый емес! Кеш келген күні, шаршап келген күні 
Қатира жолдастарының бірінің үйінде осылай отырып-
отырып қайтады. «Оның несі сөлекет, біздің үйде де 
отырмыз ғой, сондай мәдениетті отырыс! Матеков, 
сен надандығыңды көрсетпе! Зиялы адам әйелінің ішкі 
шаруасына араласпайды».

15
БОЛМЫС
«Өзінің жарын өзгеден қызғана алмас күйге дейін 
түсірген сана құрсауы! Сұмдық құрсау! «Айна алдында 
тұрған әйелінің бөлек шыққан бөксесінен сипап алғысы 
келіп өзін-өзі ұстап қалды, мәдениетті жігіт екені есіне 
түсті» Автор да аямайды-ақ, шегіне жеткізе шенеу ғой 
бұл. Шенеу болғанда шер, ермендей ащы кекесін, ыза! 
Өз әйелін бөгде еркектерге қолжаулық қылдырып, өзіне 
бөксесін де сипатпайтын не деген «мәдениет» бұл?!
Қатира неге бұлай? Ерінің алдында ерсі сөз 
сөйлемейтін ақылды аналарымыздың есті қылықтарын 
ескі көргені ғой, әйтпесе әйел адам бөлмелерді 
тыржалаңаш кезіп жүре ме? Ас үйге тыржалаңаш кіре 
ме? Жалаңаш денесіне халат қана жамылып, алдын 
ашып отырып, адаммен бірге шай іше ме? Неге бұлай? 
Жауап: «Үйленген жылдары Қатира ұялшақ еді, 
сызылып тұратын. Арамдық, қулық, сыр бүгу дегеннің 
не екенін білмейтін... Көп нәрсені Матеков үйретті». 
Мәселе қайда?!
Матековтың миында тайталасқан екі-ақ ұғым бар: 
Бірі – «мәдениет», екіншісі – «надандық». Және 
екеуін де түсінбейді. Мәдениет не екенін, надандық 
не екенін ашалап ойланып, орын-орнына қойған емес. 
Шындығында ол Матеков ашалап түсіне қояр оңай да 
дүние емес. Сонымен, Матековтың мәдениетті түсінген 
түрін көрдік. Ал надандық ұғымын ол қазақшылық 
деп ұғады. Тұтасымен, домалақ солай қарастырады. 
Қазақшылық атаулыдан қаша берсе, надандықтан 
алыстап, мәдениетке жақындай беретіндей сезінеді. 
Бұл ой Матековтың басына қайдан келіп жүр? 
Бұл ойды Матековтың басына сол кездегі қоғам, 
идеология салған. «Ескіліктің қалдығы», «Надандық», 
«Қараңғылық», «Артта қалушылық» деп салған. Оны 
жалғыз Матековтың ғана басына салған жоқ, әрине. Осы 

16
Ұларбек  НҰРҒАЛЫМ
романның авторы, жазушы-драматург, Әкім Тарази 
бір сұхбатында былай дейді: «... миллион адамның 
өмірінен миллион роман жазу мүмкін емес қой. Біреудің 
маған бір дәптер ғып жазған хаты – өмір шындығы. 
Соғыс кезінде қандай қорлық көргенін, соғыстан кейін 
көрген машақатын, қазіргі басынан өтіп жатқан шым-
шытырық оқиғаларды жазады. Ал мен сондай он мың 
хаттан, онда жазылған он мың өмірбаяннан бір ғана 
шындық жазуым керек. Ол – көркем шындық. Ал 
көркем шындық өмір шындығынан биік, себебі, ол он 
мың өмір шындығынан туындаған жалғыз шындық, 
ақиқат» дейді.
Матеков – сол көркем шындық. Мың-миллиондаған 
қазақты қағынан жеріген құландай етіп, өз ұрпағы өз 
ата-бабасының дәстүрін күстаналап, салт-санасын 
мазақ, болмысын бөзек етіп шыға келді. Сондағы 
шыққан ұшпағы – романдағы Матековтың тағдырының 
ар жақ-бер жағы. Сол Матековтер дәл қазіргі қазақ 
қоғамында біреуі – Матековтей, біреуі – Матековтен 
де өтіп кеткен, біреуі – Матековке таяу халде күн кешіп 
жатыр. Көбі есін әлі жия алмай, есін жиғаны алыстап 
кеткен асыл ауылға (қазақы болмысқа) орала алмай, өзі 
ғана оралуға тағы келмейді, гендерлік саясат кеңірдектеп 
тұрған мына заманда қазақы қағиданы «Қатираларға» 
қайта түсіндіру тіпті қиын дегендей уақыттың ағысымен 
ағып барады... Алайда, қағида – сол қағида – «Әйелдің 
өркөкіректенгені – қор болғаны» және «Қатын бастаған 
көш оңбайды».
Сөйтіп, «Қатынның еркі – ерінде, ерінің еркі – 
өзінде», «Әйел еліне басшы болса да, еріне басшы 
емес» деген қазақы қағидаға қарсы ерекше «мәдениет» 
те кеулеп кеткен еді қазақ ішін, ойрандап жатқан еді 
отбасы құндылығын. Ол да бастауын сонау Сәбет 


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал