Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



жүктеу 7.28 Kb.

бет19/19
Дата08.01.2017
өлшемі7.28 Kb.
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

АҚЫННЫҢ СОҢҒЫ ОЙЫ
Өртеніп, жанып барам, күйіп барам,
Ей, жүрек, соға тұршы, ұйықтама.
Аман бол, аппақ уыз, ақ зер өмір
Жолымды ортасынан тұйықтаған.
 
Таңдардан алабұртқан өлең іздеп,
Таулардан қарауытқан өлең іздеп.
Атом ми жарылып бір кететіндей,
Жүруші ем текті жыр мен мен егіз деп.
Өсектер жыбырлақтар ұға алмаған,
Ақын ем Махамбет деп ұрандаған.
Мені де дегеніне көндірмек пе
Сұм ажал түлкі болып бұлаңдаған?
Ей, ажал, білем саған көнерімді,
Жымиям, жасып өлер дегенің кім?
Мұрсат бер, қинап жатыр, қойылмап ед
Нүктесі соңғы жазған өлеңімнің...
Мен күнмін – шапағымның нұры қалсын,
Мен кіммін – оны кейін ұғынарсың.
Мен өлем, меніменен бірге туған
Қазақта бір қара өлең тірі қалсын...
 
    
1976 жыл

310
БИІКТІКТІ СҮЙЕМІН
(Расул Ғамзатовқа)
Шапқан соң кім жек көрер көсілуді,
Ақберен тұлпар болсаң несі мінді?
Шіркін-ай, ақын жүрек Ғамзат әкең
Қалайша тауып қойған есіміңді.
Өзіңмен дүр сілкінді жыр әлемі,
Жырларың неткен ойлы, ғұлама еді.
Авардың тауларындай биіктігің,
Әманда тәнті етеді мына мені.
Көңіл керек қашанда ақынға ояу,
Шаппасын тек, тау-аға, атың баяу.
...Әуезовке өзіңді теңгерем де,
Олжасымды өзіңе жақын қоям.
Қырансың көз жіберген алыстарға,
Тұлпарсың баптап қосар жарыстарға...
Ел-жұртың осы арқылы танысын деп
Табиғат сені берген Дағыстанға.
Биікке жігіт сендей құлаш ұрсын,
Тозбайтын, мұқалмайтын бір асылсың.
Тек Ғамзат Цадасаның ұлы емессің –
Әлемге мәшһүр болған Рас-ұлсың.
 
    
1973 жыл

311
ІҢКӘР КӨҢІЛ
Көктемді толы сезімге,
Достар-ай, жырлап қалыңдар.
Арындап жүрген кезіңде,
Асқақтап айтар әнің бар.
Атқанда арай таң күліп,
Айналып қана кетер ме ек,
Жаныңда қалсын мәңгілік
Сәуір мен зауза мекендеп.
Жарқылдап жүріп жүздессек,
Жүрекке толар жылы ағыс.
Жауқазын өссе...
Біз де өссек,
Жиһанға болар қуаныш.
Жаныңнан жауһар жыр есіп,
Сыр бағып тұрсақ ғаламнан.
Қарлығаштармен ілесіп,
Қалқыса көкте ақ арман.
Сендерді көріп жасарғам,
Жаныңнан тауып жарасым.
Ақ таңды сүймеу қашаннан –
Бақыттың білмеу бағасын.
Шуақты жан ғой демес пе ел,
Жігіт боп жүрсек көп-көрім.
...Көктемге ғашық еместер
Өмірге ғашық деп пе едің?!
 
   
1976 жыл

312
ДАЛА ЖЫРЫ
(Сергей Мнацаканяннан)
Қыстақтарда тіршілік жоқ әлі де,
Малшы ауылдың қашқан бір кез дегбірі.
Әйел отыр жіп иіріп шәліге,
Күндеріне дайындалып ендігі.
Құла дүздің өз тілі бар қашаннан,
От пен тәңір әлімсақтан жебеген.
Тастарында заңдары бар қашалған
Соқпақтары, сүрлеулері көнеден...
Шығыс осы
Шұғыласын таратқан,
Осы күнге аман жеткен кешеден.
Жапан дүзге жар болады Жаратқан,
Алшаң бассаң астаналық көшемен...
Шығыс осы
Арай сүйген дидарын,
Алқабында өмір жатыр жалғасып.
Өмір, бізді жұбаттың да қинадың –
Армандардың жетегінде алға асып...
Ғарыш алаң –
Бұл даланың тағы аты,
Түйелері сахарада шұбырған.
Байқоңырдың таусылады тағаты
Ракетаның от демімен құбылған.

313
Түтіндері түгесілмей тұрған жер,
Миллиондаған ат күшінің екпіні.
Зымырандар көкке бетін бұрған жер,
Көзің болса көру керек тек мұны.
Жаутаңдайды кең даланың жанары,
Қандай ыстық сол өлкенің құшағы.
Көздеріңнен кермек тамшы тамады,
Арманыңды ап уақыт бірге ұшады...

314
СЫР
Өз-өзімді сезінгенмен құр аттай,
Бір сағыныш жүр ғой мені шыдатпай.
Аптығамын кенен жырдың еліне
Ақ далаға асыққан ақ бұлақтай.
Шалқар шабыт, сен әманда біргесің,
Армантауға бұрды бетін жыр көшім.
Саған-дағы,
Маған-дағы дос емес
Түсінбейтін ақпақұлақ сырды есіл.
Жолыға алмай оңайлықпен жыр-кенге,
Күндерімді жалғастырып түндерге.
Лаулай алмай,
Қаулай алмай қиналғам
Өзімді өзім іздеп таппай жүргенде.
Кейде-кейде шалқар түстей нұрланып,
Кейде-қайда өз-өзіңнен ұрланып,
Бір бозарып,
Бір қызарып жүргенің,
Дүниенің қабағынан сыр бағып.
Жасқанбайтын кезде кейде жасқанған,
Дұшпанымды айыра алмай достардан.
Суық сөзден секем алып, сезінгем
Хатсыз пошта жәшігіндей бос қалған.
Содан кейін гүл-гүл жайнап реңім,
Ертең ерте іздеп шығам жыр елін.
Қолға тұрмас сырғымалы сынаптай
Сағат сайын мың құбылған бұл өмір.

315
ЖӘЙРЕМ ЖЫРЛАРЫ
ШЕЖІРЕГЕ ҮҢІЛСЕК
«Болды ғой, – деп, – Байәділ қасиетті жер тегі...» –
Көнекөздер өткенін аңыз етіп шертеді.
Құлан жортқан құла дүз,
бабалардың көш жолы,
Өткен шағы Жәйремнің – біздер үшін ертегі.
Суын ішіп Сарысудың,
киік жайлап қырларда,
Желмаясын желдірген Асанқайғы бұл маңға.
Қара аспанды кіреуке бұлт торлаған кезінде,
Жауға аттанған қас батыр, күн төбеде тұрғанда.
Бұл даланың көп қой тым елге айтатын аңызы,
Құм беткейде тұлпарлар тұяғының бар ізі.
«Жайылымнан» шыққан-ау шөбі шүйгін болған соң,
«Жәйрем» деген атаудың түп төркіні тәрізі.
Бұл даланың тынбаған тамылжыған әні де,
Касиетті құт мекен тамыр жайған әріге.
Керегетас, Үшқатын, Қужал, Арап, Бестөбе –
Бір-бір тарих, бір-бір сыр жер атауы бәрі де.
Бұл далада бабалар сан дәлелдеп елдігін,
Бұл далада батырлар сан көрсеткен ерлігін.
...Соның бәрін шежіре беттерінен оқисың,
Шын Жәйремді, о, достым, көрмек болсаң кел бүгін.

316
ЖӘЙРЕМ ТАҢЫ
Жәйрем қандай,
атқан онда таң қандай!
Тұра алмайсың тебіренбей, таңданбай.
Жер астының қазынасы бұйығы,
Бір-ақ күнде аян болып қалғандай,
Ал, ақыным, таңмен тұр да таласып,
Ерлерді  көр  салып  жатқан  қалашық.
Ертектегі Ертөстік пен Толағай
Тап осында емес пе деп қаласың!
Бұл даланың енді ашылды сыры мың,
Аян етіп таңмен еңбек дүбірін.
Естігенде тұра алмайсың селт етпей
Экскаватор, крандардың гүрілін.
Жәйремдіктер бақыт әнін тыңдайды,
Әр ақ таңда еңбек күйі тынбайды.
Карьерден кен тиеген «БелАЗ»-дар
Бала-Жомарт жақка қарай зырлайды.
Бұла таңмен қолына алып көп істі,
Жасампаздар іс тындырар келісті.
Жәйрем таңы – жай таң емес,
нұрлы таң,
Сол таңменен нұрланады жер үсті

317
ЖҰМЫСШЫ ПОСЕЛКЕСІ
Арасы қырат-құмның,
Дей алман асыл жайлы.
Машина, трактордың
У-дуы басылмайды.
Вагон үй, барақ үйдің
Айшықты жүлдыздары.
Іздемес дара күйді
Әр ұлттың ұл-қыздары.
Бұл маңда қала орнайды,
Арқаның жас еркесі.
Әзірше құбатөбел
Жұмысшы поселкесі.

318
ҮЛКЕН ЖӘЙРЕМ
Туған дала, гүлден де жайна бүгін,
Сарыарқаның ырысты аймағы бұл.
Үлкен Жәйрем – қазақтың жаңа Алтайы,
Бұзылмаған жерінің каймағы кіл.
Байлығы сан жылдарға азық әлі,
Ол жайлы талай жырлар жазылады.
Бүгінгі Жезқазғанның жас еркесі,
Кұт мекен, Үлкен Жәйрем қазыналы.
...Келер ұрпақ, тарихтан сұра мұны,
Жаңғырық боп жылдардың тұрар үні.
Болашаққа адымдап бара жатыр
Жиырмасыншы ғасырдың бір алыбы.
 
     
1983 жыл

319
МҰХИТТАН ҰШҚАН КӨГЕРШІН
Немесе америкалық қыз 
Саманта Смиттің рухымен сырласу
Жапырақ жаяр өндір еді Саманта,
Есіміңді ел біледі, Саманта.
Огастудан жеткен жайсыз хабардан
Жылап қалды жер жүрегі, Саманта.
Он үшіңде өткермедің нелер сын,
Арман-талың жайқалсын да көгерсін.
Мұхит асып, менің туған еліме
Арғы беттен ұшып жеткен көгершін!
Көрдің бізден ортақ БАҚЫТ бар көпке,
Бөлмейтінін ер нәсілге, әр текке,.
...Мүмкін емес Самантаның өлуі...
«Келер жазда келем, – деген, – «Артекке».
Сені ойлаймын оранғанда тау сағым,
Алаңдаймын талып жетсе кәусар үн.
...Көкжиектен қол бұлғайды Саманта,
Жаксылыққа жайып нәзік саусағын.
«Адам.
Адам – емес білсең жай атақ,
Дүниені баққа бөлеп, сая тап...»
Деп тіл қатар күн кітаптың әр жолы –
Советтердің Одағына саяхат.
Ой-хой, уақыт!
Жанарыңда толып нұр,
Адамзатты арманына жолықтыр.

320
Қаршадай қыз, кіп-кішкентай кеудеңде
Үлкен жүрек тоқтаған жоқ, соғып тұр!
Самантаның қазақшасы – Ақбаян,
Жарқын ісі шұғылалы шаққа аян.
Өлеңіммен соға алмасам ескерткіш,
Қызым болса, САМАНТА деп ат қоям!

321
САУСАҚСЫЗ ҚОЛДАР ЖЫРЛАЙДЫ
(Ауған баласы Абдул Сабирдің тағдыры туралы)
Он саусағы – империализм құрбаны,
Томар қолдың сырын дүние тыңдады.
Көздерінде сөздері жоқ муза ойнап,
Абдул Сабир жырлады.
Абдул Сабир – ауғандық ұл сымбатты,
Қанқұмарлар бар қызығын ұрлапты.
Көтеріліп мінбесіне мезгілдің,
Мұқыл қолдар адамдарша тіл қатты.
Танып отыр – дұшпаны кім, бауыр кім,
Ауған халқы арқалаған ауыр мұң.
Келе жатты ол – жайма-шуақ жаз айы,
Көшесінде туған шаһар Кабулдың.
Бұла таңдар – бала көңіл құштары,
Тыныш қала жарқын әрі, сұсты әрі.
Жолда жатты автоқалам тым әсем,
Алмақ болып Абдул оны ұстады.
Ұстады да...
Есінде жоқ қалғаны,
Ұшқаны да саусағы мен бармағы.
Бір білері – сол минадан кесілді
Қос қолы мен дәрігер болмақ арманы.
...Он бірдегі Абдул айтар сыр қандай,
Қолдары оның сөйлейді екен мұңданбай.
Сырты жылтыр дүниенің бәрінің
Іші сұлу болмайды деп тұрғандай.
21-267

322
Мәңгі үзілген мақсатты аңсап, жүдеген
Сол тағдарды ойлаймын да түнерем.
...Ей, жауыздар, адам атын жамылған,
Саусақсыз қол – сөздері жоқ ұлы өлең.

323
МЕН СОҒЫСТЫ КӨРГЕМ ЖОҚ
 
(Публицистикалық цикл)
Отан үшін басын тігіп өлімге,
Он сегізде отқа оранды өрімдер.
Мен ту етіп көтерейін көгімде,
Тарих-ана, даңқ-тұғырдың төрін бер.
Боздақтарды бастау етіп өлеңге,
Жасын жырмен жеткізейін әлемге.
Басымды ием замандастар атынан,
Жүрегінде жанартауы бар ерге!
Жаужүрек ұл қалай тыныш табады,
Ел басына күн туғанда қаралы.
Халқым менің
Туысқандық, бірліктің
Шын үлгісін көрсетуге жарады.
Ұран біреу:
«Отан үшін, ел үшін!»
Халқым менің
Күткен солай жеңісін.
Азаматтар ақиқатқа сеніпті,
Қиын күндер тарылмай-ақ өрісі.
Қырық бестің көктемінде қырмызы,
Жеңіс болып жарқыраған жұлдызы.
Бір еменнің қанат жайған бұтағы –
Ұлы Отанның ардақ тұтқан ұл-қызы.

324
Ашық болса туған елдің нұр таңы,
Сендер жайлы жазылады жыр тағы.
Елдігімді ерлігімен паш еткен –
Революция сарбазының ұрпағы!

325
СОҒЫСҚА КІРГЕН СОЛДАТТАР
«Қыздарым менің көрікті,
Ұлдарым менің айбынды.
Сендерге бердім ерлікті
Қайыспай көтер қайғымды».
Деп Отан-Ана тіл қатты,
Ұландарына қымбатты.
Қан майдан солай біздерге
Қасірет әнін тыңдатты.
«Сілімтіктерді тазалап,
Қайтамын бәрін жазалап».
Сұранып жатты соғысқа
Ашуға мінген азамат.
«Қорқауға тиген оқыста,
Көрсетем күшті атыста».
Жауынгер мінген эшелон
Түзеді бетін батысқа.
Өлімге қарсы ерлікпен,
Сан сынағыңа көндіккен.
Қатарда тұрды ел үшін
Еңіреп туған ер біткен.
Отанның ұлы ардақтар,
Кез туды бүгін алға аттар.
Жүрекке түйіп жігерін,
Соғысқа кірді солдаттар.

326
ЖАУЫНГЕР ЖАЛҒАСТЫҢ 
ЖАРЫНА ЖАЗҒАН ХАТЫ
(Сталинград майданынан)
«Аман ба, Күміс, аяулым,
Көңіліңде жоқ па қаяу-мұң?
Дұшпанды көміп көріне,
Оралар біздің таяу күн.
Жағдайы қалай Әшімнің,
Артымда қалған асылдың.
Сендерден мені айырған,
Келмейді жауға бас ұрғым.
Қамықпа, қалқам, күрсінбе,
Жігеріңді жұрт білсін де.
Әлі де Мизам ұстаға
Балғашы болып жүрсің бе?
Жауымды басам табанға,
Қызықтар үшін тоналған.
Мақсұттан басқа майданнан
Жігіттер бар ма оралған?
Кірбіңсіз болсын қабағың,
Жеңіспен әлі-ақ барамын.
Жауап хатыңда жазғайсың
Ауылдың барлық хабарын.
Аузын да басын қан қылып,
Жібердік естен тандырып.

327
Біз салған соңғы сойқанда
Құзғындар қалды мәңгіріп.
Достарым менің сүйінді,
Дұшпаным менің күйінді.
Шабуылға шыққан алаңда
Өлігі жаудың үйілді.
Фашистке алған мазамды,
Аудардым оқпен назарды.
Екі жүз күнгі қоршаудан
Сталинград тазарды.
Бой алдырмайтын күдікке,
Ерліктен ғана үміткер,
Қасымда Отан ұлдары –
Тасындай сайдың жігіттер.
Олармен біздің білек бір,
Олармен біздің жүрек бір.
Түріміз бөлек болғанмен,
Ойымыз ортақ, тілек бір.
Қарқыннан аян танбасым,
Тосады тағы алда сын.
Көріктім, Күміс, күт мені,
Жеңіспен жетер Жалғасың.
 
   
1943 жыл, 10 ақпан»

328
ҚЫРШЫНДАР
Жер салмағын жүрегімен көтерген,
Сендерді іздеп өткен күнге жетем мен.
Өздеріңе өрнекті өлең арнасам,
Мендік парыз сонда ғана өтелген.
Жауап таппай отырмын сан сұраққа,
Ел жетерін білдіңдер-ау мұратқа.
Өлсең өлдің оққа төсеп кеудені,
Дұшпаныңа бас имедің бірақ та.
Ұшпай жатып көңілінің кептері,
Бітпей солған өмірінің көктемі.
Қыршындардың қандарымен жазылған
Бізге жеткен тарихнама беттері.
Жүрек отын жігерімен жандырып,
Ел біткенді ерлігімен таң қылып,
Құзғын жауға қыран болып шүйілді
Шырқау көктен Гастелло мен Әбдіров.
Кездерің жоқ тар күндерде тайсалған,
Қиындықта қайыспаған қайсарлар.
Өлімдерің өмірлерге бергісіз,
Жиырмасында жанын қиған жайсаңдар!
Әр жүректің түкпірінде тұрсыңдар,
Сендер – мәңгі таусылмайтын жырсыңдар.
Ұрпақпенен жасайсыңдар ДАҢҚ болып,
Батырлықтың символындай қыршындар!

329
ҚАЛИДАН «ҚАРА ҚАҒАЗ» 
КЕЛГЕН КҮН
Ада боп ата арманы,
Соғыстың батты-ау салмағы.
Гитлершіл жауды сол күні
Бар ауыл болып қарғады.
Қалса деп аман бағыма,
Қалиын күткен сарыла,
Төртінші ұлдың қазасын
Естіді әке тағы да.
Ақ отау қалды қаңырап,
Шайқалды қара шаңырақ.
Тұяқбай қалды тұяқсыз,
Әз ана қалды аңырап.
«Арайлап атар бұла таң,
Тек аман болсын ұлы Отан!»
Жалғыз сөз табу қиын-ақ
Жылаған жанды жұбатар.
Кетірген жұрттың мазасын,
Ер берер жаудың жазасын.
Көтеріп тұрды бар ауыл
Қалидың сонда қазасын.

330
СМАЙЫЛДЫҢ ОМАРЫ
Сырың аз да құпияң көп біз білер,
Қасиетіңнен айналайын, ізгі жер.
Бабаларын ұрпақтары жыр етіп,
Асылдарын қастерлеген біздің ел.
Отан арын ту ғып ұстар жоғары,
Ер есімін ел ұмытқан жоқ әлі.
Соның бірі – азаматы Арқаның –
Қызыл құлақ Смайылдың Омары.
* * *
Жүйріктей қалып қойған кермесінде,
Жұртынан жігіттерін бөлмесін де.
Наз қалды ғашықтарда айтылмаған,
Саз қалды домбыраның пернесінде.
Жауынан беті қайтып көрмеп еді,
Ер Омар беретұғын елге көрік.
Осы жол кіре алмады қан майданға
Қалғасын жасы құрғыр егделеніп.
«Жеріме от қоймақ боп желікті кім,
Еліммен еркінмін де еріктімін...» –
Омекең айтып отыр бұйымтайын,
Колхоздың кеңсесіне келіп бүгін.
«Революция дабылын білесіңдер,
Шыныққан жаным соның күресінде.
Жүз төрт мың қаржы берем Жеңіс үшін,
Көрсін жау шалдың қосқан үлесін де».

331
Үлгі алды ердің ісін халық көріп,
Болсын деп бастаманың арты көрік.
«Жүз төрт мың» Омар берген кірді ұрысқа
Иманов атындағы танк болып.
Кезі жоқ оның жұрттан жырақ қонған,
Сұм соғыс тағы да бір сынақ болған.
Алғыс хат алды Омекең, бақытты еді,
Қолы бар Сталиннің, Главкомнан!
Омар боп от күндерден атың қалған,
Ақберен өлең сыйлап ақынға да,
Түгіскен топырағында төмпешік боп
Жатырсың, бас иемін, батыр баба!

332
СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ ОҚТАРЫ
Атылды да соғыстың соңғы оқтары,
Арман елі тағы да алға аттады.
Той жасады Жеңіске арнап бәрі,
Елге қайтып жаужүрек солдаттары.
Қайсар ұлдар барында бір ұғымы,
Отанымның аян боп ұлылығы.
Тоғызыншы май болып жеткен елге
Жеңіс күні,
Ұлыстың Ұлы күні!
«Арайланған ілесіп күн көшіне,
Жігіттер жетер еңбек жүлдесіне».
Лапылдап жыр оқыды ақын біткен
Шығып ап БЕЙБІТШІЛІК мінбесіне.
Үзбей жібін үміттің, жалғап тағы,
Арман елі аршындап алға аттады.
Атылмаған оқ қалды жүректерде,
Атылғанмен соғыстың соңғы оқтары!

333
* * *
Мен соғысты көргем жоқ, көп естідім,
Ол біз үшін үрейлі елес бүгін.
Мен атынан қорқамын, сезем оның
Балалардың ойыны еместігін.
Естігем жоқ қайғының қаралы әнін,
Арман шыңы, жыр тауы қарағаным.
Мен соғысты көргем жоқ, көрдім оның
Жер бетіне сап кеткен жараларын.
Мың сан арман жолдарын кесіп өткен,
Соғыс деген – сұр жылан есі кеткен.
Құрсағында сәбиді жетім етіп,
Он сегізде аруды жесір еткен.
Егіліп бір сыр айтар жан жүйесі,
«Қос жанарсыз тірліктің сәнді несі?»
Днепрден өтерде зағип болған,
Көп естігем ақ көкем әңгімесін.
Ашық таңда күнде той, күнде қызық,
Өсірейік ұрпақты жырға емізіп.
Кімге таңсық ананың жоқтау үні,
Хиросима қайғысы кімге қызық?!
Соғыс деген сұр жылан құрсын әрі,
Биік өссін тірліктің гүл шынары.
Махаббатын, достығын айта берсін
Жұлдыз жанған жылдардың жыршылары.
 
      
1985 жыл

  
МАЗМҰНЫ
Көне үннің көмейінен сабақталған жыр .................................3
ЖЫЛҚЫ ЖӨТЕЛГЕН ЖЫЛ...
Жылқы жөтелген жыл... .................................................... 23
Аңдардың аруы еді ақбөкендер ............................................ 30
Ажал аждаһасы ................................................................. 36
Аттыдан жаяу жүріп кегін алған .......................................... 44
Серілердің серісі – Сегіз сері ................................................ 54
Днепрдің тербетіп толқындары... ......................................... 67
Үрдіннің көрдім үр күнін... ................................................. 74
«Әдебиет – ардың емес, ақшасы бардың
 ісіне айналып кетпесе екен...»............................................. 80
Алматыдан сөйлеп тұрмыз! ................................................. 89
«Тоқырау тоқмейілсуден басталады» .................................... 95
Әдебиет ешқашан біреудің талап қойып
тапсырма беруімен жасалмайды......................................... 104
Көктемнен көктем іздеген елдің ұлы ................................... 112
ТАЛАНТ – ТАҒДЫРЫҢНЫҢ ТАМЫРЫ
Ұлттың ұлы ақыны .......................................................... 123
Қазақ өлеңі қайда барады? ................................................ 139
Сәкен Жүнісов жылы ....................................................... 158
Бозаңдағы бозторғай ........................................................ 162
Сексенге сегіз сауал .......................................................... 169
Қазақ қара сөзінің дарабозы .............................................. 178
Өткелдер мен өткендер ..................................................... 191
Сұрмерген тартқан жебедей ............................................... 207
Марфуға ......................................................................... 214
«Мен де жүрмін туған жерге нұр шашып...» ........................ 224
Кеңістік көк, кербез көл... ................................................ 232
Баламен де, ағамен де сырласқан ....................................... 242
«Таңбасын» қалдырған суреткер ........................................ 246
Сәкен соқпағы ................................................................. 251
Қазыналы еді Қажекең... .................................................. 256
Ақын Есенқұл Жақыпбековпен қоштасу сөз ........................ 261
Талант – тағдырыңның тамыры ......................................... 263

Ақындық әлем, арда өлең... .............................................. 274
Өлгендер қайтып келеді... ..................................................283
 «...Табиғатқа өлең айналар» ..............................................290
Өлеңді кім қорғайды? ........................................................299
БІР ӨЛЕҢІМ БАР ЕДІ...
Тұрқы ерек тұлпар қостым аламанға ...................................305
Аймауытов тойы ...............................................................307
Ақынның соңғы ойы .........................................................309
Биіктікті сүйемін ..............................................................310
Іңкәр көңіл ......................................................................311
Дала жыры ......................................................................312
Сыр .................................................................................314
Жәйрем жырлары
Шежіреге үңілсек .............................................................315
Жәйрем таңы ...................................................................316
Жұмысшы поселкесі .........................................................317
Үлкен Жәйрем .................................................................318
Мұхиттан ұшқан көгершін .................................................319
Саусақсыз қолдар жырлайды..............................................321
Мен соғысты көргем жоқ ....................................................323
Соғысқа кірген солдаттар ...................................................325
Жауынгер Жалғастың жарына жазған хаты .........................326
Қыршындар .....................................................................328
Қалидан «қара қағаз» келген күн ........................................329
Смайылдың Омары ...........................................................330
Соғыстың соңғы оқтары .....................................................332
«Мен соғысты көргем жоқ, көп естідім...» ........................... 333

Ғалым Жайлыбай
ТАҢДАМАЛЫ
Үшінші том
Эссе, ой-толғамдар, сұхбаттар және өлеңдер
Басуға 15.10.14 қол қойылды.
Пішімі 60х90 
1
/
16
. Қағазы офсеттік. Офсеттік басылыс. 
Шартты баспа табағы 21,0.
Тапсырыс №267. Таралымы 2000 дана.
Редакторы Қуат Құрмансейіт
Техникалық редакторы Эльмира Заманбек
Көркемдеуші редакторы Жеңіс Қазанқапов
Корректоры Венера Ғайнуллина
Компьютерде беттеген Ақерке Сқақова 
«Фолиант» баспасы
010000, Астана қаласы, Ш. Айманов к., 13
«Фолиант» баспасының баспаханасында басылды
010000, Астана қаласы, Ш. Айманов к., 13


1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал