Қазіргі замандағы білім беру және оның даму тенденциялары Жоспар


Білім беру парадигмасының нәтижеге және жеке тұлғаға бағдарлануы



жүктеу 83.63 Kb.
бет6/12
Дата22.09.2022
өлшемі83.63 Kb.
#21403
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Тема №1.1. Қазіргі білім және оның ...ЛК, ПЗ,СРСП. . Берикханова А.Е. от 24.08.22.
    Навигация по данной странице:
  • TIMSS
Білім беру парадигмасының нәтижеге және жеке тұлғаға бағдарлануы. ХХІ ғасырдағы өркениеттің дамуында экономикалық дағдарыстармен қатар мәдени-әлеуметтік дағдарыстар да жиіленіп, көптеген зерттеуші-ғалымдардың пікірінше ең басты мәселелер ретінде қоғамдағы адами капиталдың сапалық деңгейін жақсарту, оның интеллектуалды әлеуетін дамыта отырып, қоғамның болашағын рухани құлдырау қауіпінен сақтау болып табылуда. Рухани-адамгершілік саласындағы дағдарыстың көріністері ретінде жылдан жылға жастар арасында байқалып жатқан рухани құндылықтардың орнына материалдық құндылықтардың басымдық танытуы, ұлттық сана-сезімнің, ұлттық мәдениеттің жеткілікті деңгейде бағаланбауы, маскүнемдік пен нашақорлық, ұрлық пен зорлық, суицид жағдайларының жиіленуі, т.с.с. ұлғайып бара жатқан жағымсыз құбылыстардың алдын алу үшін қазіргі білім беру саласында инновациялық идеялар талқыланып, оларды іске асыру тетіктері іздестірілуде.

Осы тұрғыдан білім берудің үшінші жүзжылдықтағы рөлін анықтайтын болсақ, оның тек оқыту мен тәрбие беру емес, сонымен қатар қазіргі таңда тұлғаны әлеуметтендіру, оның бойында жалпыадамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған құндылықтық рөлін күшейту қажеттілігі айқын байқалуда.
Білім беру саласының әрбір даму кезеңдеріне тән заманауи үлгі, модель ретінде қабылданатын өзіндік теориялық, әдіснамалық ерекшеліктері болады. Бұл жалпы педагогикалық қауымдастықтың қабылдаған даму бағыттарының жиынтығы ғылыми тілде парадигма деп аталады. Парадигма ұғымын ең бірінші болып ғылыми пәндердің дамуының түрлі кезеңдерін зерттеген американдық тарихшы Т.Кун болған. Оның пайымдауынша әр ғылымның дамуында мынандай кезеңдер бар:

  • парадигманың орнығуына дейінгі кезең,

  • парадигманың қалыптасуы, орнығуы;

  • ғылым саласындағы дағдарыс, парадигмалардың ауысуы.

Заман өзгеруіне байланысты парадигмалардың ауысып отыруы заңдылық. Оны философиялық заңдар да дәлелдейді. Ал педагогикалық парадигма дегеніміз нақты педагогикалық міндеттерді шешудегі үлгі, стандарт, өлшемдер, модель ретінде ұстанылатын, қалыптасып қалған негізгі ғылыми жетістіктер, әдістер, теориялар, көзқарастар жүйесі. Жаңа парадигмалар келешектегі ғылыми зерттеулердің бағыттарын анықтайды, оларға негіз болады. Мысалы: қазіргі отандық педагогикада мынандай парадигмалардың ауысуы байқалады: «білімді адам» парадигмасының орнына «өмірге бейімделген, белсенді, шығармашылық тұрғыдан ойлай алатын, және өзін-өзі адамгершілік, ақыл-ой жағынан дамытуға қабілетті адам» парадигмасының ауысуы айқын көрінеді. Яғни, бұрынғы көзқарастар бойынша адамға білім, білік, дағдылар жүйесін меңгерту жеткілікті деп есептелінген болса, қазір ол жеткіліксіз. Себебі адам тек дайын білімдерді меңгерген болса, бірақ оны шығармашылықпен практикада қолдана алмаса, өзін-өзі жетілдіріп отыруға бейімделмеген болса, онда бұндай адам қоғам талабына жауап бере алмайды.
Сондықтан қазіргі білім беру саласында жаңа педагогикалық парадигма қалыптасуда. Қазір білім беру жүйесі педагогикалық жаңашыл идеяларды енгізуге дайын, ашық салаға айналып келеді. Осыған байланысты білім беру парадигмасы да өзгереді: адамның еркіндігін шектейтін білім берудің қатаң жүйесінің орнына өзінің қызығушылықтарына, қабілеттеріне сәйкес жеке білім алу жолын (траекториясын) саналы түрде таңдай алатын адам парадигмасының ауысуы орын алуда.
Қазіргі білім беру саласындағы дағдарыстық жағдайлардан шығудың басты тетіктерінің бірі – педагогикалық парадигманың өзгеруін талап етіп отырған маңызды теткітер қатарында білім берудің нәтижеге және жеке тұлғаға бағдарлануы. Бұл бағыттардағы зерттеулердің барлығы өз алдына жеке-жеке педагогикалық теорияларға айналуда.
Білім берудегі жеке тұлғаға бағдарлану тұғыры оқыту мен тәрбиелеу үрдісіндегі әр оқушы тұлғасын ең жоғарғы құндылық ретінде қабылдауды көздейді. Педагогикалық сөздіктерде тәрбие барысындағы жеке тұлғаға бағдарлану тұғырын педагогтардың оқушыны тәрбиелік ықпалдың саналы, жауапты субъектісі ретінде қабылдайтын бірізді қатынасын атайды. Педагогика саласында бұл теория тәрбиенің субъект-субъектілі процесс ретінде анықталуына байланысты ХХ ғасырдың 80 жылдарынан бастап қалыптаса бастады. Оның әр түрлі философиялық, психологиялық-педагогикалық аспектілерін Б.Г.Ананьев, А.Г.Асмолов, М.С.Каган, В.В.Сериков, И.С.Якиманская т.б. көптеген ғалымдар зерттеген.
Бұл теория бойынша педагог әрбір балаға объект ретінде емес, керісінше, оны белсенді позицияға қойып оқушы тұлғасын субъект ретінде қабылдауы қажет. Яғни әрбір баланың жеке дара тұлға екені ескеріліп, оның құндылығын басты мәселе ретінде қарастырған абзал. Бұл идеяның негізгі мақсаты - балаға құрмет көрсете отырып оның өзін-өзі жеке тұлға ретінде сезінуіне жағдай жасау, өзіндік санасын, өзін-өзі іске асыра алу, өз күшіне деген сенімділікті арттыру сияқты мүмкіншіліктерін дамыту.
Әрине, тәрбие үнемі ұжымдық сипатта болатыны белгілі. Сол ұжым ішінде гуманистік қарым-қатынастар арқылы шәкірттер өздерінің дербестігін, тұлғалық мәртебесін сезініп, басқа тұлғаларды құрметтеуге үйренеді. Дәл осы ұжым ішінде жеке тұлғаның мүмкіндіктері көпшілік сынынан өтіп бағаланады және оның өз күштері мен қабілеттерін қандай тұстарын жетілдіру қажеттілігі анықталады.
Тұлғаны тұлға ғана қалыптастыра алатыны анық. Сондықтан болашақ мұғалімдер де оқушы тұлғасына дұрыс тәрбиелік ықпал бере алу үшін өз тұлғаларын жан-жақты дамытуға тырысулары керек. Өздерінің ішкі «Мен» -жүйесін үздіксіз жетілдіру арқылы ғана ұстаз абыройы асқақтай алатынын естен шығармау абзал.
Егер болашақ ұстаз өзінің жеке «Мен»-жүйесін жағымды етіп қалыптастырса, ол балалар тұлғасына да жағымды ықпал бере алады. Ал өзін-өзі төмен бағалайтын мұғалім басқаларға да жағымсыз көзқарас танытады. Мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты анықтайтын негізгі бағдар – оқушы тұлғасының ерекшеліктері, әрбір оқушының шығармашылық әлеуетін дамыту. «Педагог-оқушы» қарым-қатынастық жүйесінде оқышылардың ішкі қабілеттері, мүмкіншіліктері, жас және дербес ерекшеліктері жеке бір қайталанбас әлем ретінде қабылданады. Тәрбиелеу және оқыту барысында әр баланың тұлғасын дамытуға арналған қолайлы жағдайлар жасалып, оқушының өзін-өзі дамытуға деген ынтасын оятуға көмектесетін әдіс-тәсілдер жүйесі қолданылуы қажет. Әрбір тұлға тек өзінің ынталы іс-әрекеті арқылы ғана дами алатынын: «Атты суатқа жетектеп апаруға болады, бірақ оны күштеп су ішкізу мүмкін емес» - деген мақалдың астарындағы түйінді оймен қорытындылап өтуге болады. Сондай-ақ, мысалы, адамды жүзуге үйрету үшін оған сөз жүзінде айтылған кеңестер, нұсқаулар жеткіліксіз, себебі адам өзі суға түсіп, жүзуге қажетті іс-қимылдарды орындап көрмейінше ол ешқандай табысты нәтижеге қол жеткізе алмайды.
Білім беру үрдісінің тұлғаны дамытуға бағдарлануы оқушылардың білімді меңгеру арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізе алатындығын басты назарға алады. Барлық дамыған мемлекеттер білім беруге инвестиция жасаудың ұтымдылығын бағалай отырып, оны мемлекеттік стратегиялық басымдықтар ретінде қарастыруда. Сондықтан Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты - Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жеке тұлғаны жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде оқытып, тәрбиелеу, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру.. Осындай стратегиялық мақсаттың өзі білім беру нәтижелілігін, қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттырып, экономикалық даму сапасын жоғарлату қажеттілігін айқындайды.
Қазіргі жаһандану заманында мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін дамытуда мектеп жасынан бастап қалыптасатын әр тұлға үшін маңызды әлеуметтік белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау және шешім қабылдай алу, кәсіби бағдарын таңдай білу, өмір бойы білім алуға дайын болу сапаларын жетілдіру мәселесі өзектене түсті. Себебі педагогикалық тәжірибе көрсетіп отырғандай көптеген мектеп бітірушілері меңгерген академиялық білімдерін өмірлік тәжірибеде толыққанды пайдалана алмайды немесе білімдері жаттанды үстіртін екені анықталуда.
Сондықтан меңгерілген білімнің практикалық құндылығын арттыру мақсатында оқушылар бойында қажетті сапаларды қалыптастыру үшін олардың функционалдық сауаттылығын дамыту қажеттілігі заман талабына айналды. Кең мағынадағы функционалдық сауаттылық ұғымы білім беру үрдісінің адамдардың көп жоспарлы қызметімен байланысын кіріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі. Функционалдық сауаттылықтың маңыздылығы адамның қоршаған ортамен үйлесімді қарым-қатынасқа тез бейімделіп, өз білімдерін өмірлік тәжірибеде тиімді пайдалана алуында. Функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналып отыр.
Әлемдік деңгейдегі функционалдық сауттылық идеясына негізделген оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы (PISA - Program for International Student Assessment) оқушылардың білімдерін түрлі өмірлік жағдаяттарда, адам қызметтерінің түрлі салаларында және әлеуметтік қатынастарда тиімді қолдана алу қабілеттерін тексеруге бағытталған. PISA бағдарламасы бойынша функционалдық сауаттылықтың оқу сауаттылығы, математикалық және ғылыми-жаратылыстану сауаттылық деп ажыратылатын үш саласы, үш жылда бір рет зерттеліп отырады. РІSА бағдарламасы қазіргі уақытта әлемде мектептік білім берудің тиімділігін салыстырмалы бағалау құралы және мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту деңгейіне ықпал етуші фактор ретінде білім беру жүйесін дамыту стратегиясын анықтау негізі.
Білім беру саласында үздіксіз өзгерістер енгізу қажеттігі соңғы жылдары Қазақстан мектептерінің білім сапасын анықтайтын және білім нәтижелерінің тиімділігін көрсететін түрлі халықаралық деңгейдегі TIMSS (Trends in Mathematics and Science Study), PIRLS (Progress in International Reading Literacy Study)  зерттеулерінің нәтижелерінен байқалып отыр.
Халықаралық тәуелсіз бағалау шкалаларының нәтижелері оқушылардың білімі мен функционалды сауаттылықтарын ғана емес, сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби даярлық деңгейлерін, білім беру мазмұнын, білім нәтижелерінің практикалық құндылығын дамыту қажеттігін өзектендіре түсті.

Қазақстан PISA бағдарламасы бойынша зерттеуге 2009 жылы бірінші рет қатысып, соның нәтижесінде оқушылардың функционалдық сауаттылықтарын дамыту мәселесі өзектене түсті. Осыған байланысты мектептердің де әлеуметтік мәні қоғамның ең басты құндылығы болып саналатын өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беретін, оқушылардың шығармашылығын шыңдап, олардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыратын мекеме ретінде кеңейе түсті. Бірақ осындай жауапты міндеттерді қазіргі мектептер қаншалықты толық атқарып жатқаны туралы қанағаттанарлық жауап беру қиындық туғызады. Себебі, білім мен тәрбие үрдістерінде кеткен олқылықтар нәтижесінде қоғам дамуында көптеген қарама-қайшылықтар орын алуда: рухани құндылықтардың құлдырауы, функционалдық сауаттылық сапасының төмендігі, мектеп түлектерінің кәсіби бағдарларының толық қалыптаспағандығы, адамдар арасындағы қарым-қатынастардың күрделеніп, көптеген түсініспеушілік пен шиеленістердің көбейуі, т.с.с. жағымсыз құбылыстар қоғам болашағына қатысты алаңдатушылық туғызуда.


Бұл мәселе тек біздің мемлекетімізде ғана емес, жалпы әлемдік тәжірибеде өзекті мәселелер қатарында. Дамыған елдердің басым көпшілігінде білім беру жүйесі мемлекеттің негізгі басымдықтарына айналып, ұлттың интеллектуалды әлеуетін дамытатын және бәсекеге қабілеттіліктің кепілі ретінде бағаланады. Дүниежүзілік педагогикалық тәжірибені зерделейтін болсақ, білім беру саласында озық орындарды Сингапур, Финляндия, Жапония, Ұлыбритания мемлекеттері иеленіп келеді. Сондықтан бұл елдерде білім беру жүйесі несімен ерекшеленеді, бұл мемлекеттер осындай жетістіктерге қалай қол жеткізді деген заңды сұрақтар туындайды.
ЭЫДҰ-ның (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) 2015 жылдың білім беру саясатының перспективалары жайлы соңғы жариялаған (19.03.2015) есебінде 34 мемлекетте жүргізлген білім беру саласындағы реформаларға талдау жасалып, солардың қайсысы және қалайша табысты нәтижеге қол жеткізгені туралы баяндалған. Осы ЭЫДҰ өкілдерінің зерттеулері нәтижесінде мектеп реформаларының тиімділігі ең алдымен білім беру жүйесінің өзегі ретінде оқушы тұлғасы мен оқыту үрдісін фокусқа алу қажеттілігін негіздейді.
Әлемдік білім беру стандарттарына сәйкес Қазақстан 2017 жылдан бастап 12-жылдық білім беру моделін енгізуді көздеуде. Дүниежүзілік тәжірибеде 12-жылдық орта білім беру Европа кеңесінің (1992 ж.) Декларациясына сәйкес 136 елде жүзеге асырылған. Олардың қатарында Жапония, АҚШ, Франция, және ТМД елдерінен Украина, Беларусь, Өзбекстан, Балтық елдері осы білім беру жүйесін тиімді деп таңдаған.
Қазақстан Республикасының 12-жылдық жалпы орта білім беру Тұжырымдамасында орта білім беру жүйесінің мақсаты, міндеттері, негізгі сатылары қарастырылған. Аталған тұжырымдамада 12-жылдық орта білім беруге көшудің басты себептері ретінде:

  • Дәстүрлі орта білім беру жүйесінің жеке тұлғаның дамуына емес, формальды нәтижелерге бағдарлануы;

  • Орта білім беру жүйесінде диагностикалық мақсаттылықтың болмауы;

  • Оқу жетістіктерін бағалауда оқушыны қызықтырмайтын, шынайылықты толық қамтамасыз ете алмайтын және қиындық тудыратын жағдайларға душар ететін ескірген жүйенің сақталуы;

  • Жасөспірімдердің тұлғалық, азаматтық және адамгершілік қасиеттерінің жеткілікті дамымауы, өзін-өздері жетілдіру бағдарын анықтау мотивтерінің және өзіндік қызығушылығы мен болашақ жоспарын құра алу деңгейінің төмендігі аталып көрсетілген.

Қоғамның дамуында мектептің маңыздылығын жоғары бағалай отырып қазақ даласында ең алғашқы мектептер ашқызған атақты ағартушы-педагог Ы.Алтынсарин айтып кеткендей «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты тұтқасы... Үміт мектепте, қазақ халқының келешегі мектеппен байланысты». Сондықтан қазіргі таңда орта білім беру ұзақтығын өзгерту мәселесі оның алдына қойылған мақсаттар мен одан күтілетін нәтижелер арасындағы сәйкессіздіктен туындап отыр деуге болады.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңінде 12-жылдық жалпы орта білім беру негізінде жас ұрпаққа білім берудің мазмұны күрделеніп, оқушылардың болашақ кәсіптерін саналы түрде таңдай білуге бейімдеу, сол арқылы білікті және құзіретті маман болып қалыптастыру, ел мүддесі үшін қызмет ететін ерікті азаматтар ретінде тәрбиелеу әр мектептің аса жауапты міндеті. Байқап отырғанымыздай, қазіргі кезде білім беру барған сайын қоғамдық өмірдің барлық саласына еніп, жалпылық сипатты иеленіп, тұтастай қалыптасып жатқан үздіксіз білім беру жүйесінің бір маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Бұл салада мектеп пен жоғарғы оқу орындарындағы сабақтастық, мектеп бітірушілердің болашақ мамандықтарын бейіндік оқыту арқылы дұрыс таңдай алулары, сол таңдаған кәсіптері арқылы әр тұлғаның толық өздерін іске асыра алулары көзделген.
Бейіндік оқытудың бір артықшылығы оқушылар тек білім алумен ғана шектелмей, өздерінің қызығушылықтарына, бейімдеріне, қабілеттеріне, икемділіктеріне, таңдайтын мамандықтарына қарай алғашқы кәсіби бағдар алып шығуы қамтамасыз етілмек. Бұл әрине ұтымды қадам, себебі неғұрлым адам өзіне қажетті кәсіпті саналы түрде дұрыс таңдай білсе сол кәсіптің қыр-сырын дұрыс түсініп, тез меңгеріп, қажетті дағдыларды қалыптастырады.
Сонымен, бүгінгі таңда толғағы жеткен көптеген әлеуметтік-педагогикалық мәселелердің шешімдері білім беру мазмұнын жаңартумен, казіргі мұғалімдердің ой-санасының өзгеруімен, білім берудің жаңа міндеттерін айқын түсінулерімен, әлеуметтік белсенділіктерін жоғарлатумен, өз қызметтеріне деген шығармашылық қатынастарын жетілдірумен тығыз байланысты зерттелуде.




  1. жүктеу 83.63 Kb.

    Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет