Қазіргі замандағы білім беру және оның даму тенденциялары Жоспар



жүктеу 83.63 Kb.
бет5/12
Дата22.09.2022
өлшемі83.63 Kb.
#21403
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Тема №1.1. Қазіргі білім және оның ...ЛК, ПЗ,СРСП. . Берикханова А.Е. от 24.08.22.
Білім беру нәтиже ретінде: сауаттылық – білімділік - кәсіби кұзыреттілік - мәдениет - діл (менталитет). Білім беруді сапалық жағынан қарайтын болсақ ол тек құндылық, жүйе, үрдіс немесе іс-әрекет емес. Білім беруді нәтиже ретінде де қарастыра алу маңызды. Оқу-танымдық үрдіс барысында әр адам білімнің бір сапалық деңгейіне жетеді, ол оның нақты бір көлемдегі білімді игеруінің нәтижесі. Мысалы, бастауыш білім алу барысында адам сауаттылыққа ие болады.
Педагогикалық терминологиялық сөздікте «сауаттылық» ұғымы – ана тілінің грамматикалық нормаларына сай адамның оқу, жазу дағдысын меңгеру дәрежесі ретінде анықталады. Қоғам дамуындағы тарихи кезеңдерге байланысты бұл ұғымның мағынасы қарапайым оқу, жазу, есептеу дағдыларынан бастап, қоғамдық қажетті білімдер мен дағдыларды меңгеру деңгейіне дейін өзгеріп отыр. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, экономикалық сауаттылық , функционалдық сауаттылық, т.б.
Сауатты адам - өзінің білімдік әлеуетін ары қарай дамытуға, байытуға дайын адам. Сауаттылық әр адамды білім беру саласында бастапқы мүмкіншіліктермен қамтамасыз етеді. Сауаттылықтың негізгі педагогикалық сипаты - оның барлық адамдардың қол жеткізе алуларында. Бірақ қазіргі жаһандану заманында тек сауатты адам ғана болып қалу жеткіліксіз.
Сауаттылық және білімділік ұқсас ұғымдар, бірақ екеуі тең мағыналы ұғымдар емес. Бұл екі сапа адамның алған білім, білік, дағдыларының көлемі, кеңдігі, тереңдігі жағынан, шығармашылық іс-әрекет тәсілдерімен ажыратылады. Адамдардың белгілі білім беру мекемелерінде алған, меңгерген білімдерінің деңгейіне қарай бастауыш білімі бар, орта білімді, жоғары білімді адам деп аталатындарын көп естиміз. Білімділік – қажетті максимумға дейін жеткізілген қоғамдық және тұлғалық сауаттылық. Білімділік ұғымы адамның қоғам мен өмірдің түрлі сұрақтары бойынша дүниетанымының кеңдігі, танымдық үрдістерінің жетілу деңгейі, меңгерген білімдері негізінде қалыптасқан адамгершілік қадір-қасиеттері ретінде қарастырылып, тұлғаның білім алу саласындағы жетістіктерімен сипатталады.
Кәсіби құзыреттілік. Қазіргі ақпараттық қоғамда әр адам өзінің қызығушылықтарына, қабілеттеріне, ішкі әлеуетіне қарай бір мамандықты немесе кәсіпті дұрыс таңдауы маңызды. Сол мамандықты игеру үшін адам арнайы жоғары оқу орындарына түсіп, ғылыми білімдермен қаруланып, өзінің интеллектуалды әлеуетін дамытуға және сол арқылы қоғамдық ортада өз орнын анықтауға үлкен мүмкіндіктер алады. Мамандықты терең меңгеруге байланысты кәсіби құзыреттілік ұғымы кеңінен талқылануда, себебі бүгінгі қоғам дипломдары бар мамандарды емес, кәсіби құзыреттері, практика сұранысына жауап бере алатын мамандарды талап етуде.
Қазіргі білім берудегі негізгі нормативті құжаттардың басым көпшілігінде «құзыреттілік» ұғымы негізгі түйін сөздер қатарында қарастырылып келеді. Алдымен «құзыреттілік» ұғымының этимологиясына тоқталатын болсақ, ол латын тілінің «compete» деген сөзінен аударғанда «білу», «істей алу», «қол жеткізу» деген мағынаны білдіреді.
Педагогикалық терминологиялық сөздікте құзыреттілік ұғымы екі тұрғыдан сипатталған:
1) құзыреттілік - нақты білімдері мен дағдылары арқылы кейбір міндеттерді шешуге ат салыса алатын немесе мәселені өз бетінше шеше алатын жеке тұлға мүмкіншіліктері;
2) құзыреттілік - танымдық және тәжірибелік іс-әрекеттердің теориялық тәсілдерін меңгеру дәрежесімен анықталған жеке тұлғаның білімділік деңгейі.
Тек білімді болу адам үшін жеткіліксіз, адам бір мамандықтың иесі болып, құзырлы маман болуға тырысуы керек және сол өзі меңгерген мамандығы арқылы өзінің тұлғалық әлеуетін жан-жақты іске асыра алады.
Әрине, кейбір адамдар өздерінің қабілеттерін бірнеше салада (ғылымда, мәдениетте, өнерде) көрсете алулары мүмкін. Бұндай жағдайда кәсіби құзыреттілікпен қатар жеке тұлғаның түрлі салаларда табысты іс-әрекет жасай алатын дарындылығы байқалады.
«Кәсіби құзыреттілік» ұғымы ең бірінші жеке тұлғаның кәсіби білімінің деңгейімен, жеке қабілеттерімен, өзін-өзі үздіксіз жетілдіру іскерлігімен, өз ісіне деген шығармашылығымен, жауапкершілігімен, теориялық білімдерін практикада тиімді қолдана алуымен анықталады.
Жас маманның жоғарғы білім туралы дипломы оның шығармашылығының, шеберлігінің, құзыреттілігінің толық көрсеткіші бола алмайды, ол тек қана оның жоғарғы оқу орнында білім алып шыққанын растайтын құжат. Яғни, жоғары оқу орнын бітірген студенттердің көпшілігінің дипломдары бірдей болғанымен, олардың педагогикалық шеберліктері, кәсіби құзыреттілік деңгейлері бірдей емес. Осы жағдайдың өзі маманның кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мәселесінің өзектілігін айқындайды.
Мамандардың біліктіліктері, кәсіби құзыреттіліктері адамның жалпы мәдениетке қатынасын анықтайтын қажетті компонент болып табылады. Мәдениет өте кең мағыналы ұғым. Мәдениет ұғымы латын тілінен аударғанда өңдеу, баптау деген мағынаны білдіреді. Бұл ұғымның мәні әр тарихи-экономикалық формацияларда әр-түрлі өзгеріп дамып отырған.
Педагогикалық сөздікте мәдениет – қоғамның даму тарихының жеткен сатысын сипаттайтын және адамзаттың қоғамдық-тарихи тәжірибесі үрдісінде қалыптасатын материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы ретінде анықталған.
Мәдениеттің маңызды ерекшеліктері болып жеке тұлғаның өткен ғасырлар мұрасына терең, саналы түрде қастерлі қатынаста болуы, шығармашылықпен қабылдай алу іскерлігі, кез келген іс-әрекеттер немесе қарым-қатынастар саласындағы шынайылықты түсінуі және жағымды тұрғыда өзгертуге ұмтылысы жатады. Мәдениет – адам білімділігі мен кәсіби құзіреттілігінің жоғарғы көрінісі. Мәдениет - адам жанын да, қоғамды да, табиғи ортаны да ізгілікке бөлейтін пәрменді ерекше құрал. Сондықтан мұғалім шәкірттерді тәрбиелеудегі ізгіліктің бастауы, мәдениеттің қайнар көзі, әдебиет пен өнер шығармаларының жаршысы бола алатын жетекші тұлға.
Білім берудің ең жоғарғы құндылығы және жоғарғы мақсаты – жеке тұлғаның және социумның ділін қалыптастыру. Діл ұғымы адамның мінез-құлқының, дүниетанымының, дүниені қабылдауының терең негіздерін қамтиды.
Діл (менталитет) – тұлғаның, адамдар тобының немесе белгілі бір социум дүниетанымының, дүниеге деген көзқарастарының және мінез-құлықтарының терең жатқан негіздері болып табылатын мәдениеттің мазмұны. Мәдениеттану және философиялық әдебиеттерде діл белгілі бір кезеңдегі, географиялық аймақтағы және әлеуметтік ортадағы адамдар қауымы көзқарастарының, сезімдерінің жиынтығы, тарихи және әлеуметтік үрдістерге ықпал ететін қоғамның ерекше психологиялық салты ретінде түсіндіріледі. Діл – адамның санасына терең сіңісіп қалған рухани құбылыс.
Діл қай халықтың болмасын мәдениетінен, дінінен, өмірлік тұрмысынан, философиялық идеяларынан және білім беру жүйесінен туындап қалыптасады. Адамдардың қоғамдағы түрлі құбылыстарға қатынасы, нақты бір іс-әрекеттері, мінез-құлықтары олардың ділдерінің көрінісі болып табылады. Әр адам өз ұлттық ділінің өкілі екенін естен шығармай, қай кезде болмасын ұлттық намысты жоғары ұстауы ұлттық парыз екенін естен шығармағаны абзал.
Сонымен білім берудің нәтижелілігін мынандай тізбек ретінде қарастыруға болады: сауаттылық – білімділік – кәсіби құзыреттілік - мәдениет - діл. Білім берудің нәтижелілік тізбегінде діл ең жоғарғы сатысында тұрады, және ол тізбектегі басқа бөліктердің мазмұнын анықтайды. Барлық сауатты адамдар білімді бола бермейді. Барлық білімді адамдарды кәсіби құзыретті адамдар деп айту қиын. Барлық кәсіби құзыретті адамдарды мәдениетті адамдар қатарына жатқызуға болмайды. Аталған сапалар таңдаулы адамдарға ғана тән болуы мүмкін. Осы ойларды қорытындылай келе мынандай проблемалық сұрақтарға жауап іздестіру қажет:
- Кез келген адамды сауатты адам деп айтуға бола ма?

  • Кез келген сауатты адамды білімді адам деп айта аламыз ба?

  • Сауатты адам мен білімді адамдардың айырмашылықтары неде?

  • Кез келген жоғары білімді адамды кәсіби құзыретті адам деп атауға бола ма?

  • Кез келген кәсіби құзыретті адамды мәдениетті адам деуге бола ма?

  • Білімді адам мен мәдениетті адамның қандай айырмашылықтары бар?

Мінеки, осындай сұрақтарға жауаптар іздестіру барысында әр болашақ мұғалім өз білімінің қандай дәрежеде екенін, қандай нәтижелерге қол жеткізе алатынын жақсы түсіне бастайды. Сондықтан әрбір болашақ маман жоғарғы оқу орнында кәсіби даярлықтан өту барысында өз тұлғасын шығармашылық тұрғыдан дамытып, қоршаған әлеуметтік ортамен жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде үйлесімділік тауып, өзін-өзі құзыретті маман ретінде жетілдіруге ұмтылуы тиіс.




  1. жүктеу 83.63 Kb.

    Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет