Қазіргі замандағы білім беру және оның даму тенденциялары Жоспар



жүктеу 83.63 Kb.
бет3/12
Дата22.09.2022
өлшемі83.63 Kb.
#21403
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Тема №1.1. Қазіргі білім және оның ...ЛК, ПЗ,СРСП. . Берикханова А.Е. от 24.08.22.
Білім беру жүйе ретінде. Дәстүрлі түсінігіміз бойынша білім беру дегеніміз деңгейлерімен, кәсіптік бағыттарымен ерекшеленетін білім беру мекемелерінің (мемлекеттік және мемлекеттік емес) жүйесі. Бірақ білім беру мекемелерінің мұндай алуан түрлілігі оны әлі жүйе деп қабылдауға негіз бола алмайды. Себебі жүйе дегеніміз кез келген объектілердің кездейсоқ жиыны емес, олардың элементтерінің өзара сәйкестендіріліп байланысқан жиынтығы. Қандай белгілері арқылы білім беруді жүйе ретінде сипаттауға болады? Ең алдымен деңгейлеріне, профильдеріне қарамастан жүйені және оған кіретін құрамды бөліктерді сипаттайтын жалпы, инвариантты сапалардың болуы қажет. Мұндай сапаларға икемділік, тұрақтылық, болжамдылық, тұтастық, сабақтастық, вариативтілік, динамикалық сапалар жатады. Білім беру жүйесі икемді және динамикалық түрде әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бейімделе алуы керек және өзіндік психологиялық-педагогикалық негізін берік ұстануы маңызды. Жоғарыда аталған сапалардың өзі білім беру жүйесінің күрделілігін көрсетеді.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесі ретінде өзара бірлесе іс-әрекет ететін:

  1. білім берудің деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар мен оқу бағдарламаларының жиынтығы;

  2. білім беру бағдарламаларын типтеріне, түрлеріне, меншіктік формаларына қарамастан іске асыратын білім беру ұйымдарының жиынтығы;

  3. білім беру сапасының мониторингін жүргізетін ғылыми ұйымдар мен оқу-әдістемелік қамтамасыздандыратын білім беруді басқару органдарының және оған сәйкес инфраструктураларының жиынтығы қарастырылады.

Сонымен, біріншіден, білім беру жүйесі тарихи қалыптасқан бірі-бірімен сабақтасқан және біртіндеп бірі-біріне ауысатын білім беру парадигмаларынан туындайды. Екіншіден, білім беру жүйесінің нәтижелері болашақта көрініс береді, себебі білім беру мекемелерінің түлектері өздері білім алған жағдайлардан өзгеше, жаңа жағдайда өмір сүріп іс-әректпен шұғылданады.
Білім беруді жүйе ретінде анықтауда жеке тұлғаға бағытталған білім беру парадигмасы маңызды орынды иеленуде. Білім берудегі бұрынғы көп жылдар бойы қалыптасып қалған, қатал орталықтандырылған басқару, қатаң тәртіп орнаған жүйенің тұрақсыздығы байқалып, бүгінгі күнде білім беру жүйелеріне мазмұны жағынан да, оқыту-тәрбие жүйесін ұйымдастыру формалары жағынан да көп өзгерістер енгізілуде.
Білім беру мекемелері төмендегідей деңгейлер бойынша сарапталады:

  1. мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту;
    2) бастауыш білім беру;
    3) негізгі орта білім беру;
    4) орта білім беру (жалпы орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру);
    5) орта білімнен кейінгі білім беру;
    6) жоғары білім беру;
    7) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңының баптарына сәйкес қарастырылып отырған білім беру деңгейлері әр түрлі типті мекемелерде жүзеге асырылады.

  1. Мектепке дейiнгi тәрбиелеу отбасында немесе бiр жастан бастап мектеп жасына жеткенге дейін мектепке дейiнгi ұйымдарда жүзеге асырылады (30 бап).

  2. Орта бiлiм беру ұйымдарының негiзгi түрлерi жалпы білім беретін мектеп, шағын жинақталған мектеп, гимназия, лицей, бейiндiк мектеп болып табылады (31бап).

  3. Техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында училищелерде, колледждерде және жоғары колледждерде жүзеге асырылады (32 бап).

  4. Орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары колледждерде және жоғары колледждерде іске асырылады (33 бап).

  5. Жоғары оқу орындарының негiзгi түрлерiне ұлттық зерттеу университеті, ұлттық жоғары оқу орны, зерттеу университеті, университет, академия, институт және оларға теңестiрiлгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) жатады ( 35 бап).

  6. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жоғары оқу орындарының магистратурасы мен докторантурасында, жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың резидентурасында, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендиаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жыл сайын бекiтiлетiн мамандықтар тiзбесiне сәйкес күндiзгi оқыту нысаны бойынша жетекші шет елдердiң жоғары оқу орындарына оқуға жiберу арқылы жүзеге асырылады (36 бап).

Білім берудің жүйелік сипатына қазіргі білім беру үрдісінде қалыптасқан сынып-сабақ жүйесін де атап өтуге болады. Ол жүйенің негізін қалаушы ретінде чех педагогы Я.А.Коменскийдің еңбектері елеулі орын алады. Өзінен бұрынғы қалыптасқан оқыту жүйелерінің ұтымды тәжірибелерін жинақтай келе, XVII ғасырдың ортасында Я.А.Коменский оқытудың сынып-сабақ жүйесін ғылыми тұрғыдан негіздейді. Оқытудың сынып-сабақ жүйесінің негізгі сипаттары:

  • оқушылар жас ерекшеліктері бойынша оқу топтарына – сыныптарға топтастырылып оқытылады;

  • сыныптардың құрылымдары тұрақты, өзгертіле бермейді;

  • оқытудың мазмұны жеке пәндер бойынша жүргізіледі;

  • сыныптағы оқушылардың барлығына оқу пәнінің бөлімдері мен тақырыптар тізбектемесі бірдей беріледі;

  • сыныптың барлық мүшелеріне бірдей сабақтың басталу және аяқталу уақыттары бірдей белгіленеді;

  • сабақтардың саны, олардың ұзақтығы, сабақтар арасындағы демалысқа берілетін үзілістер барлық оқушыларға бірдей белгіленеді.

Үш ғасырдай бойы айтарлықтай өзгерістерге ұшырамай сақталып келе жатқан оқытудың сынып-сабақтық жүйесі қазіргі кезде дәстүрлі оқыту жүйесі ретінде қалыптасып, бүгінгі мәдени-әлеуметтік өзгерістерге, қоғамдық қатынастардың талаптарына сай оның тиімділігін арттыру қажеттілігі айқын байқалуда.

жүктеу 83.63 Kb.

Поделитесь с Вашими друзьями:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirb.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет