Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрлігі Ақпарат жəне мұрағат комитеті «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»



жүктеу 3.73 Mb.

бет1/24
Дата14.09.2017
өлшемі3.73 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

УДК 821. 512. 122. 0

ББК 83.3 (5Қаз)

Е 45

Қазақстан Республикасы

Мəдениет жəне ақпарат министрлігі

Ақпарат жəне мұрағат комитеті

«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»

 бағдарламасы бойынша шығарылды

Елеукенов Ш.

Көптомдық шығармалар жинағы / Шериаздан Елеукенов. 

– Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2012. 



Т. 6 – 2012 – 480 б.

ISBN 978-9965-22-403-4

Көрнекті  жазушы-ғалым,  Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреа-

ты, филология ғылымдарының докторы, профессор Шериаздан 

Елеукенов тің  көп том дық  шығармалар  жинағының 6-томына 

зерттеулері  мен  сыни  мақа ла ла ры  енген.  Кітаптың  ерекшелігі 

–  кезінде  репрессияға  ұшыраған  белгілі  ақын-жазушылар: 

Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұ ма баев-

тар дың шығармашылық мұраларын зерттеуге жедел үн қосу бо-

лып табылады.

Кітап көпшілік оқырманға арналған.

УДК 821.512.122.0

ББК 83.3 (5Қаз)

© Елеукенов Ш., 2012

© «Қазығұрт» баспасы, 2012

ISBN 978-9965-22-403-4



Е 45

4

ІЛЕСІП ҰЛЫ АБАЙҒА ІЛГЕРІЛЕП . . .

ХАКІМ МЕН АҚЫН

Əр  əдебиеттің  айырықша  жұлдызы  жанатын  кезеңі  бо-

лады. Орыс əдебиетінде Пушкин мен Лермонтов туғызатын 

алтын ғасыр іспетті. Қазақ əдебиетінің сондай алтын ғасыры 

Абай мен Мағжаннан бастау алады.

Абай  мен  Мағжан...  Бұл  екі  есім  де  Пушкин  мен  Лер-

монтов  секілді  бір  өрімде,  іркес-тіркес  аталуға  тиісті. 

Абайдан  соң  алдына  жан  салмайтын  ақынымыз  Мағжан 

деп  отызыншы  жылдардың  бас  шеніне  дейін  айтылып 

келгені  мəлім.  Мағжанның  ең  қатал  сыншыларының  бірі 

Сəбит  Мұқановтың  өзі  де: «Абайдан  кейін  тіл  өнегесінде 

Мағжаннан  асқан  ақын  қазақта  жоқ», – деп  мойындауға 

мəжбүр  болған. (Мұқанұлы  Сəбит. XX ғасырдағы  қазақ 

əдебиеті. «Қазақстан». 1932, 283-бет.)  Мағжан  көп  жыл-

дарды адақтап, ортамызға оралғанда жаңағы дəстүр қайта 

жаңғырып отыр.

Жаңғыруы орынды. Абай мен Мағжан біздің бетке ұста-

рымыз, əлем əдебиетінің аламан бəйгесіне күдіксіз мақтана 

қосар сандал керіміз. Абай мен Мағжан:

–  Əдебиетімізді  бұрын  көтеріле  алмаған  биікке  көтерді, 

ауыз  əдебиетін  жазба  əдебиетке  айналдырып,  сөз  өнерінің 

жоғары көркемдік үлгілерін жасады.

–  Шығыс  əдебиетімен  жалғастыратын,  енді  болмаса 

семіп, солып бара жатқан тамырларға қан жүгіртіп жандан-

дырды.

– Батыс əлемінің таң-тамаша рухани сарайына енгізді.



–  Шығыс  пен  Батыс  əдебиеттерін  синтездеу,  тоғыстыру 

процесіне атсалысып, қазақ əдебиетін жаңа реалистік арнаға 

бұрды.

Абай  мен  Мағжанның  ерекше  сападағы  ақындығы  əлі 



жете таныла қоймағандығы ақиқат. Осы екі қазақ ақынының 

өлеңдерін оқыған кезде бір қайран қалатын жайт бар. Туған 



5

жерлері Шығыс аймағы. Ал өлеңдерінен тек сол жақтың иісі 

ғана аңқымайды. Олардың шығармаларына үңілгенде, оқып 

отырғаныңнан не таза Шығыс ақынын, не таза Батыс ақынын 

айырып алу қиын, өйткені Абай, Мағжан творчествосынан 

жер шарының екі бетінің де дəстүрі бой көрсетеді.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Жаратылысындағыдан  да  жарасты  көрінетін  жазғы 

түн  бізді  қақаған  қыс  ортасында  да  əндете  қалсақ,  рахатқа 

бөлейді.  Бұл  туралы  жаза  қалсақ,  Абай,  Лермонтов,  Гете 

жүректері  үндестік  тауып,  əлем  ырғағына  қосылып  бірге 

соғатынын сүйсіне, тебірене айтамыз. Мағжан поэзиясынан 

да əлем поэзиясының қан тамырының соғуы естіліп тұрады.

Сондағы  ойлайтының:  ау  қазаққа  да  Жасаған  Ие  ризық 

қалдырған  екен.  Қос  алып  жарық  дүниеге  қандай  бір  сəтті 

кезде  келген  деп  қуанасың.  Өйткені  Абай  мен  Мағжан 

əдебиет табалдырығын аттаған кез – Гетенің «Батыс-шығыс 

диванындағы» секілді екі жарты шар əдебиеттерінің бір ар-

нада тоғысып, тұтас əлемдік əдебиет боп қалыптасқан кезде 

аттады. Демек, Абай мен Мағжан ұлттық һəм əлем ақындары.

Жалпы  Шығыс  пен  Батыс  мəдениеттерінің  ауыс-күйісі 

ертеден  басталған.  Еуропацентризм  көп  ғасыр  бойы  тек 

антикалық дүниенің өркениеттілік рөлін бадырайта көрсете 

келіп, Еуропаға, басқа континенттерге Шығыс мəдениетінің 

жасаған  əсерін  бүгіп  қалуға  тырысты. XIX ғасырға  таман 

бұл тарихи əділетсіздік қатаң сынға ұшырады. Ұлы Абайдың 

сүйікті авторы – американ ғалымы Джон В. Дрэпер «Еуропа 

ой-зердесінің  даму  тарихы»  атты  еңбегінде (1856) адамзат 

өркениеті Дунай мен Миссисипи жағалауында емес, Ніл да-

рия бойында басталғанын дəлелдеген. Шынында да арабтар 

ғылым мен əдебиетті төбелеріне қойды десек, артық емес.

«Ғалым сыясы шаһид қанына бара-бар»

«Жұмақ есігі қалам ұстағанға да, соғыста шейіт кеткенге 

де бірдей ашық».


6

Бұл  сөздер  ғылым-білім  ұлылығын,  ағыл-тегіл  пайда-

сын тексермейтін тантық аузына ешқашан түспес еді. Бағдат 

халифі əл-Манзор сарайында математика, астрономия, меди-

цина ғұламалары, əдебиет зерттеушілер жыртылып, айыры-

лады екен. Оның мұрагері əл-Рашид қасына кем дегенде жүз 

ғалым ертпей сапарға шықпайтын болған. Мектепсіз мешіт 

салуға үзілді-кесілді тыйым жасаған да сол.

Ғылымда испан арабтары өркениеті дейтін арнайы тарау 

тегіннен-тегін  жасалмаған.  Испаниядағы  əл-Гакем  халифі 

ұстаған  кітапхана  каталогінің  өзі  қырық  томнан  тұрған. 

Тұрғыны миллионнан асып жығылатын Кордова қаласында 

қараңғы  түскен  соң  көлемі  он  мильдей  төңіректі  самала-

дай  жарық  қылатын  фонарь  шам  жағылатын.  Салыстырып 

көріңіз: бұдан жеті жүз жыл кейін Лондонның көшесінде бір 

ғана  қоғамдық  фонарь  ілуге  ғана  шамасы  келген.  Кордова 

көшелері  тас  кесекпен  шегенделді.  Париж  көшелері  бұдан 

көп ғасыр кейін барып батпақтан тазарды.

Азия,  Африка,  Батыс  жарты  шары  мəдени  үлгілері 

күні  бүгінге  дейін  таңдай  қақтырады.  Еуропа  мен  өзге 

континенттердің мəдениетін бір-біріне қарсы қоюға болмай-

ды  екен.  Осы  пікір  бірте-бірте  үстемдік  ала  бастады.  Ұлы 

Гете  сол  қозғалыстың  алдыңғы  сапына  шығып,  жоғарыда 

ескертілгендей, «Батыс-шығыс  диванын»  жазды (1819). 

Абай  заманында  батыс-шығыс  мəдени  аралас-құраластығы 

нағыз дер шағында еді. Абайдың:

Ғылымды іздеп, 

Дүниені көздеп, 

Екі жаққа үңілдім,–

деуінде үлкен мəн жатыр. Абай мен Мағжан сол қос қайнар-

дан  сусындағанда  «бірі  жамау,  бірі  құрау»  өлең  туғызуды 

мақсат  еткен  жоқ.  Батыстың  озық  идеялары  Шығыс 

шындығында  жаңадан  ұрықтанды.  Батыс-шығыс  синтезі 

қазақ  поэзиясынын  əлі  ашылмаған  көздерін  аршуға, 

көркемдік  қуатын  еселеп  арттыруға  мүмкіндік  берді.  Дү-


7

ниеге  мүлде  жаңа  сапалы  поэзия  келді.  Қазақ  елінің  сол 

кездегі мəдени-рухани байланыстары дəл бүгінгідей болса, 

Абай  мен  Мағжан  поэзиясын  күллі  адамзат – Батысың  да, 

Шығысың  да  «Абай  жолы»  роман-эпопеясы  сықылды,  еш 

жатырқамай,  əрі  таңырқай,  əрі  тамсана  қарсы  алары  сөзсіз 

еді.

Абай  мен  Мағжан  Шығыс  ақындарының  əсіреқызыл-



шыл,  ақырғы  деміндей  үздігіп,  таусылып  айтқыштығына, 

шымқай жарқылдақ өрнек, теңеу, метафораларына еліктеген 

жоқ. («Мұнда жоқ, «алтын иек, сары ала қыз»). Оның есесіне 

жаңа талаптарға сай дəстүрлерін барынша дамытуға тырыс-

ты. Солардың бірі 

– Шығыс поэзиясында айырықша дəріптелетін сөз культі. 

«Əсерлі, қасиетті сөзге» табынудың түп төркіні сонау Авес-

тадан.  Адамзат  рухының  тағы  бір  үлгісі – Інжіл: «Дүние 

бастауы – сөз»  деген.  Шығыс  ақындары  сөздің  сиқырлы 

күшін  күрес  қаруы  ете  білген.  Сол  қарудың  күшімен  та-

лай  алпауыттың  мойнын  астынан  келтірген  мысал  қазақ 

өлеңі  тарихында  жетерлік.  Абай  бұл  дəстүрді  байытқанда, 

оны терең түсініп, сындарлы жүйеге келтіріп байытқан дер 

едік.  Қазақ  философиясының  іргетасын  қалаған  «Ғақлия» 

тақырыптары  рет  санымен  аталған  Сөз  екені  тегін  емес. 

«Пушкин – орыстың ұлттық ақыны» десек, біз өзіміздің ойы-

мызды сол тақырыптың аясында іркіп айтамыз. Ал «Пушкин 

туралы сөз» айтқан кісі ақын туралы барын сарқып айтуға 

тиіс.  Бұл  дəуір  биігінен  тереңнен  тартып  айтылатын  сөз. 

Абай сөздерінің кең құлаштылығы жəне нақтылығы сондай, 

мұны кезінде бар ғылым тарамданған философия демесіңе 

амалың жоқ.

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.

Қоладан құйылған ескерткіштен адамзат жүрегінде өлмей-

тұғын сөзден тұрғызылған ескерткіш əлдеқайда биік Абайда 

арттағыға сөз бен іс қалдырудан артық арман болмаған.


8

Абай  адамды  бағалаудың  өзінше  бір  критериін  жасай-

ды.  Сөздің  бағасын  білген  кісі  ғана  нағыз  адам  боп  өспек. 

Абайдың: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі 

де есті болады» деп тұжырып, сенімді айтатыны сондықтан.

Сөз ұғымына Абай идеологияны сыйғызып: «Сөз түзелді, 

тыңдаушы сен де түзел» дейді. Идеологияң қисық болса, сен 

қисық өсесің деген сөз.

Мағжан  «Педагогика»  кітабында «...жан  көріністерінің 

ең қымбаттысы – ой. Ой тілі – сөз» деп қорытады.

Абай  төңірегіндегілерді  сөзге  шақырып,  бір  жағы  сы-

нап дегендей, оларға тұтқиылдан сұрақ қойып, жұртын сөз 

ұстартуға  баулып  отырғаны  мəлім.  Керей  Шақантайдың 

Төлтай,  Ошыбай  дегендермен  осындай  бір  сөз  сынасу-

ын  Мұхтар  Əуезов  былайша  баяндайды.  Абай  əлгілерден: 

«Қаттыда не қатты, тəттіде не тəтті?» – деп сұрайды. Соған 

Ошыбай: «Құрттың ақ малтасына қосып жеген қанттан тəтті 

бар дейсіз бе» деп бастағанда, Төлтай құрдасы: «Өй, ит, от-

тама!  Қатты  деген  жоқшылық,  тəтті  деген  жан  емес  пе?» 

депті. Абай күліп: «Жарайсың, Төлеуім! Құдай ақымақты да, 

ақылдыны да Шақантайға берген екен»,– дейді.

Бұл  Мұхаң  жазып  алған  белгілі  əңгіме.  Ал  мен,  осы 

жолдардың  авторы,  бала  кезімде  естіген  бір  əңгімені  еске 

түсіріп  отырмын.  Абай  кейде  тіпті  өзіне  пайдалы  сөз 

естімейтінін біле тұра, шешендерді сөйлету əдетін тастамаған.

Абай  бір  сапарға  аттанып  бара  жатқанда,  жолшыбай 

Құрманғалы  деген  болыс  құралпасының  ауылының  үстін 

басып  өтуі  керек  екен.  Жаз.  Күн  еңкейе  бастаған  шақ. 

Құрманғалы  болыс  Абайлар  өтетін  күре  жолдың  астыңғы 

жағынан боз үй тіктіріп, өзі соның алдына көгалға сырмақ 

жайдырып,  бір  топ  ауыл  ақсақалдарымен  əңгіме-дүкен 

құрып отырады. Осы кезде үстіне орыс үлгісінде тігілген пен-

жек киген Абай тобы көрінеді. Құрманғалылар əңгімелерін 

доғарып, енді соларға көз тігеді. Құрманғалының орақ ауыз-

ды, от тілді екенін білетін Абай, мадқапыда бұл қайтер екен 

деп, оң жақ қолын бүйіріне тақап, отырған Құрманғалымен 

амандаспай,  бұларға  бақырайып  тесірейе  қарап  өте  береді. 


9

Сонда арт жақтан ілезде Құрманғалының зор қатқыл даусы 

Абай құлағына жетеді.

–  Əй,  мынауың  кім  өзі,  орыс  боп  «здрастиі»,  қазақ  боп 

«ассалаумағаликімі» жоқ!» – депті Құрманғалы.

Абай  атының  басын  кілт  бұрып,  қайырылып  күліп  ора-

лып, аттан түсіп, кешірім сұрайды, ат-шапан айыбым мой-

нымда дейді. Құрманғалы да осал емес. Абай құралпасының 

қалжыңын  түсініп,  орнынан  тұрып,  құшақ  жаяды.  Абайды 

жібермей қондырып, қонақ етеді.

Абайдың  сөз  қадірін  түсірушілікке,  дауқұмарлық,  бос 

сөзділікке  жаны  қас  болғандығын  жəне  білеміз.  Ол  жай-

ында  да  мысалдар  жеткілікті.  Сөз  сыйлаған  Абайдың  сол 

дəстүрінің  қазір  аяқ  астына  жаншылып  бара  жатқанын 

көріп  те  ренжисің. «Сөзіміз  жығылмасын!» – деп  бір 

қойдың  дауына  бірнеше  жылқысын  сатып  шығынданған 

бір қазақты Сабыр Шəріпов «Алтыбасар» повесінде күлкіге 

шығарады, мазақ етеді. Таза тұрмыстық тұрғыдан қарағанда, 

жазушының жаңағы қазақты шенеуі дұрыс. Дегенмен, «ма-

лым – жанымның  садағасы,  жаным – арымның  садағасы» 

дейтін  де  қазекең  ғой.  Сөзден  есе  жіберу – намыскер 

қазақтың сүйегіне таңба. Ал сүйегіне таңба түсірмеймін деп 

қазакең күрт кетуі де.

Мінеки,  қазақ  рухани  əлемінде  Шығыс  ойынан  қалған 

сарқыт.  Бұл  еліктеуге  жатпайды.  Өз  топырағыңда  өсірген 

мəуелі  ағаштың  дұрыс  бойлауына  жəрдем  етеді.  Абай 

мен  Мағжан  шығармаларының  тамырлары – қазақ  халық 

əдебиеті,  шығыс  пен  батыс  əдебиетінің  өрнек-үлгілері  де-

сек,  мұны  өткеннің  аузынан  шыққанды  сағызша  шайнау 

деп  түсінбеуге  керек.  Абай  мен  Мағжан  осы  үшеуінің  ба-

сын  қосқанда,  бəрін  өз  өмір  елегінен  өткізеді,  өз  көрігінде 

қорытады, нəтижеде жаңа сапалы құйма алады.

Мысалы,  поэзияның  мəңгілік  тақырыбы – махаббатты 

алайық. Жаңағы үш үлгінің ізі Абай мен Мағжан поэзиясын-

да сайрап жатыр. Соның өзінде, бұлар жаңа дүние, анық қазақ 

өлеңі болып туады. Араб ақыны Омардан қалды дейтін бір 

дəстүр махаббатты – тек қана лəззат, құмар қандыру өлкесі 


10

деп  түсінеді.  Тағы  бірі – Азра  дəстүрі  бойынша  жазылған 

өлеңдерде  махаббат – өртеп  жіберетін  өрт,  ғашықтар  сол 

отта жанып өледі. Жəне бір көз – Абай жас шəкірт шағында 

сыйынып медет сұрайтын парсы ақыны Хафиз. Он төртінші 

ғасырдың жарық жұлдызы Хафиз ғəзалдары сұлу жанды ма-

хаббат  иесін  тəңірі  дəрежесіне  дейін  көтерген.  Осы  жай-

ларды Абай «Бұл өмірдің қызығы махаббатпен» деп түйсе, 

Мағжан тұтас интимдік лирика аймағына айналдырады.

Хафиз:


Мен Шираздың пəк сұлуын тəңіріме теңер ем, 

Бір меңіне Самарқанд пен Бұқараны берер ем, – десе:

Мағжан:

Сүй, жан сəулем, тағы да сүй, тағы да!



Жылы, тəтті у тарады қаныма.

Бұл лəззаттың бір минутын бермеймін,

Патша тағы, бүкіл дүние малына, –

деп, лирикалық кейіпкерге қан-сөл бітіреді.

Қазақ  ақынының  ғашығын  дүниедегі  не  асыл  жиһазға 

теңгермейтіндігі  Хафиз  поэтикалық  дəстүрін  жалғас-

тырғандық  сияқты  көрінуі.  Іс  жүзінде  Мағжан  дəстүр  мен 

жаңашылдықтың  қоян-қолтық  байланысы  негізінде  поэ-

зияны  биігірек  орбитаға  шығару  үлгісін  көрсетсе  керек. 

Мағжан өлеңінің негізінде реалистік принцип жатыр. Ол өз 

теңеуінің шындығына, əділдігіне, орындылығына бұлжымас 

дəлел  іздеп  тапқандай.  Жəне  бұл  дəлелі  адамның  ішкі 

əлеміндегі буырқанған толқындардың жан идіретін əсерінен 

туындайды.  Хафиз  өлеңі  ғашығынан  ештеңені  аямайтын 

жүрек  жомарттығын  паш  етеді.  Мағжан  жомарттығы  да 

осал  емес,  бірақ  қазақ  ақыны  арудың  сипатына  асыратын 

теңеу  іздеумен  бірге,  соның  табиғилығына  бой  ұрады.  Ха-


11

физ  сұлудың  сұлулығын  бет-əлпетінен  іздейді.  Бір  меңіне 

Самарқанд  пен  Бұхараны  беруге  əзір.  Мағжан  сұлудың 

сұлулығын  жан  əлемінен,  ару  ерінінен  алар  бал  лəззəттан 

іздейді. Басқа сөзбен айтқанда, ақын психологиялық талдау 

жолымен ішкі жан əлемінің рақат еліне көшкен көріністерін 

өрнектейді.  Сол  рақатты  патша  тағы,  бүкіл  дүние  малына 

бермейтіндігіне сені иландырады.

Махаббат сезімінің баға жетпес қасиеттілігін айтқанда, 

Абай Шығыс, Батыс поэзиясы тоғысатын өзгеше арна тап-

ты.  Абай  сұлудың  сұлулығын  қызықтаудан («Қақтаған  ақ 

күмістей  кең  маңдайлы»)  сүйген  жүректің  өзін  сөйлетуге 

көшті («Айттым сəлем, қаламқас»). Осы екі өлеңнің жазы-

лу  мерзімі  арасына  əрі  кетсе  жеті  жылдай  ғана  уақыт  си-

яды.  Ал  сол  азын-аулақ  жылдар  ішінде  Абай  ақындығы 

қандай  адымдап  ілгерілеп  кеткен,  қалай  өскен!  Нағыз 

алыптың қадамы сондай болса керек-ті. Бірінші өлең мен 

екіншісін  салыстырып  көріңіз.  Арасы  жер  мен  көктей. 

Бірінші  өлең («Қақтаған  ақ  күмістей  кең  маңдайлы»)  өз 

құлағымызға жағымды естілгенімен, тым ұзаққа шаба ал-

маса  керек.  Өйткені  бұл  өлең – ауыз  əдебиеті  өріміндегі 

шығарма.  Бұл  өлең  жолдарынан  тіпті  бұрыннан  көз  та-

ныс,  сағыздай  шайналған  тіркестер  де  ұшырасып  қалады 

(«Күлкісі  бейне  бұлбұл  құс  сайрайды», «Нəзік  бел  тал 

шыбықтай  бұраңдайды»).  Ақын  көбінекей  арудың  сырт 

келбетін  тамашалайды,  сезімнің  сыртқа  тепкен  реңін  су-

реттеуден аспайды.

Екінші өлеңге «Айттым сəлем, қаламқас» келсек, мұның 

жөні мүлде басқа. Бұл өлең ғашық жігіттің ішін ашу арқылы 

ешкімге  пара-пар  келмейтін,  ес  тандыратын  сұлудың  бей-

несін жасайды. Бізге сұлудың сырт пішінінен белгілісі қалам 

қасы, қырғауыл жез қанат екендігі. Ішіп-жеп қоятын келбетін 

көрмесек те, жүректен от алған сезім жолдары қызға деген 

махаббатыңды лап еткізеді.

Сенен артық жан тумас,

Туса туар – артылмас.



12

Бір өзіңнен басқаға

Ынтықтығым айтылмас.

Мінеки, тұнып тұрған реализм деп осыны айтады. Əше-

кейсіз, мəнерлеусіз қарапайым сөздерден қандай асыл өлең 

туған. Қарапайым кірпіштен қаланған ғажайып ғимараттай. 

Сұлу  атаулыдан  сенен  артық  жаралған  маған  ешқайсысы 

көрінбейді.  Сол  жетіп  жатыр.  Ғашығыңның  бет-аузын  тү-

гендеп жату бұл жерде қажетсіз. Мүсіндеу – өзге өнер иесінің 

–  скульптордың  ісі.  Нағыз  поэзия  жүрек  сырын  шертеді. 

Ой  тұнығынан  ішеді.  Сығымдай-сығымдай  келе  аз  сөзге 

қалың  қыртысты  роман  мағынасын  сиғызады.  Қаламқасқа 

ақтарыла,  үздіге  айтылған  нəзік  сырдан  лүпілдемес  жүрек, 

жадырамас жан, арылмас арман болмасқа керек.

Абай махаббаттың қазақ өлеңінде бұрын-соңды кездеспе-

ген,  ұшыраспаған  сырларына  үңілді.  Махаббат  сезімі  адам 

бойындағы ең ізгі сезімдермен ұштасып жатады. Содан байи 

түседі. Мысалға ар-инабаттылық (нравственность) ұғымын 

алайық. Мағжан сөзімен айтқанда, адам өзінің əрбір ойына, 

əрбір ісіне баға беріп отырады. Ойдың яки істің ізгі, яки жа-

уыз  болуына  қарап,  сол  ойға,  яки  іске  баға  бергенде  бола-

тын жағымды яки жағымсыз сезімдер құлық сезімдері деп 

аталады. Адам білімі, ақылы тереңдеген сайын оның құлық 

сезімдері  де  жоғарылай,  тереңдей,  кеңейе  береді.  Адам  өз 

басының  ғана  пайдасын  іздемейді.  Өзімен  бірге  тұратын 

басқа  адамдарға  да  пайда  келіп,  зиян  тимеуін  тілесе,  бұл 

құлықтылығының да тереңдегенін көрсетеді («Педагогика», 

135-бет).

Абай: «Дүниеде сенен артық маған жар жоқ, Саған жар 

менен артық табылса да», – деп жырлайды. Құлықтылықтың 

бергі,  үстірттеу  ұғымы,  сүйген  жарың  күндердің  күнінде 

басқа  біреуге  ғашық  болса,  бұл  мінезін  опасыздық  деп  та-

бады. Ал Абай дəріптеген махаббат сезімі олай демейді. Ізгі 

жүректің  тілегі – ғашығының  бақыты.  Менен  артық  жар 

тапсаң, жолың болсын. Сонда да мен үшін сенен артық жар 

табылмайды дейді. Пəк сезімнің жолында өзін құрбандыққа 



13

шалуға  даяр.  Бұны  Пушкиндермен  қалам  жарыстыру, 

құлықтылық биігінен көріну, ерікті адам идеясын туғызған 

батыс поэзиясының айдынында еркін жүзгендік деп түсіну 

керек.

Бостандық, еріктілік сияқты батыс поэзиясы көркем кон-



цепциясын Мағжан Жұмабаев жəне бір сəтінде ұлт-азаттық 

тақырыбына арналған өлеңдерінің өзегі етті.

Сөз  жоқ,  Абай  мен  Мағжанның  гуманизмінде  адам-

ды  адам  дəрежесіне  көтеріп  қастерлеген  Ренессанс  яки 

Жаңғыру дəуірінің жарқын рухы сақталған. Батыс жақ (Ита-

лия, XIV – XV ғасырлар)  көне  антика  өркениетін  қайта 

тірілтті. Əлем кіндігі – адам, деп жар салды. Шығысқа көз 

жіберсек, бұл жақта «адамды сүю керек» деген сөз одан да 

бұрын, Қытайда VIII ғасырда, Таяу Шығыс пен Орта Азия-

да IX – XII ғасырларда айтыла бастаған. Шығыс Батыстың 

жетістіктеріне  теріс  айналған  жоқ.  Жерлесіміз  əл-Фараби 

(870 – 950) антика  «файлясуфтарының»  ілімін  жүйелеп, 

мұсылмандық,  рационализм  іргетасын  қаласып,  əлемнің 

екінші ұстазы атанды.

Абай  Шығыс  поэзиясынан  «түпнұсқа  арқылы  (ішінара 

шағатай  тіліндегі  аудармасы  арқылы)  араб-иранның  бүкіл 

батырлық  діни  эпосын,  Шығыстың  Фирдоуси,  Низами, 

Сағди,  Хафиз,  Науаи,  Физули  сияқты  классиктерін  білді... 

Таяу  Шығыс  мəдениетін  тарихи  зерттей  жүріп,  Абай,  Та-

бари,  Рабгузи,  Рашид  əд-Дин,  Бабыр,  Əбілғазы  Баһадур 

хан  жəне  басқаларының  еңбектерімен  танысты» (Мұхтар 

Əуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Он сегізінші 

том. Алматы, «Жазушы», 51-бет)

Бұл тізімнен Қожа Ахмет Йассауидің есімін кезіктірмей-

міз.  Мұхаң  елуінші  жылдардағы  саяси  ахуалды  ескер-

ген  болуға  тиісті.  Əйтпесе  Түркістан  əулиесі  ауызға  алын-

бай  қалмауы  тиіс  еді.  Йассауидің  «Дивани-Хикметі»  қазақ 

тілінде алғаш рет 1896 жылы жарық көрді. Абай өмірден ке-

терден үш жыл бұрын тағы бір рет қайта басылып шықты. 

Бұдан ертерек Йассауидің шəкірті Сүлеймен Бақырғанидың 

еңбектері («Ақырзаман», «Хаким  ата», «Бақырған», «Тағы 


14

ғажап»)  алдымен 1846 жылы  шағатай  тілінде, 1897 жылы 

қазақ тілінде жарық көргенін еске алсақ, Орта Азия мен Қа-

зақстанның  оңтүстік  өлкелерінде  көмекші  оқу  құралы  рет-

інде пайдаланылған Бақырғани шығармаларымен Абайдың, 

Мағжанның таныс болмауы мүмкін емес.

Осынау дəстүрді түрік ғалымдары берік ұстанды. Белгілі 

фарабитанушы  ғалым  Ақжан  Машанидің  мына  бір  пікірі 

көңілге қонады: Фараби мен Абай арасында жетіспей тұрған 

бір буын бар, ол – Шахабаддин əл-Маржани, (1818 – 1889). 

Маржанидің Абайға ықпалы аз болмағанын Мұхтар Əуезов 

те  құлаққағыс  еткен.  Маржани  рационалды  Ислам  жолына 

түсіп, əл-Фараби, ибн Сина ілімдерін жаңғыртуға күш сал-

ды,  мұсылмандық  схоластикаға,  догматизмге  қарсы  күрес 

жүргізді.  Оның  сөзі  мен  ісі  бір  жерден  шығып  отырды. 

Маржани  Қазан  шаһарында  жаңа  тұрпатты  мектеп  ашып, 

онда  діни  пəндермен  қатар,  жаратылыстану  ғылымдарын 

үйрететін пəндер енгізді, орыс-татар мектептерін ашты.

Абай Батыс пен Шығыс мұрасын игергенде, оның табыста-

рын қазақ сахарасына лайықтады. «Алланың сөзі де рас, өзі де 

рас» дей отыра, ислам қағидаларының бəрін көз жұмып қыл-

ғыта  берген  жоқ.  Христиан  һəм  мұсылман  фанатиктерінің 

басқа діндегілерді кемсітушілігіне ол қосыла алмады. Жал-

пы  адамзаттық  идеяны  көкседі.  Абай  «Ғақлиясының» 

отыз  сегізінші  сөзінде  ол: «...мұсылман  болдың  һəм  то-

лық  инсаниятың  бар  болды», – дейді.  Инсаният  деген  сөз 

адамгершілік, адамзат деген ұғымдарды білдіретінін ескер-

сек,  Абайдың  адамзатты  бөле-жармай  жақсы  көруге  күллі 

мұсылман баласын шақырғанына көз жеткіземіз. «Адамның 

баласы – бауырың» дейтін де Абай ғой.

Мағжан дəл сол арнада ой толғайды. «Адам, – деп жазады 

ол «Педагогика» еңбегінде, – өз халқының адамдарын сүюінің 

үстіне  басқа  халықтардың  адамдарын  да  сүюге  міндетті. 

Міндетті ғана емес, еріксіз сүймек. Жер жүзіндегі адамды адам 

сүймек. Бұл адамның жаратылысындағы негізгі мінез»

1

 Шір-



кін, өстіген адамды да бір кезде ұлтшылсың деп кінəлады-ау!

1

 Педагогика «Ана тілі» баспасы. Алматы, 1992. 137-бет. 



15

Көпжылдар  бойы  суфизм  десе  аза  бойымыз  қаза  тұра-

тын.  Ал  Абай  мен  Мағжан  суфизмнің  үстемдік  құрушы 

системаға,  ресми  діндəр  доктриналарға  қарсы  күресін  ба-

рынша қолдаған. Бір кездері Науаи, Хафиз, Жəми, Румилер 

суфизмнің халықтық сөлінен нəр тартса, Абай мен Мағжан 

да сөйткен. Сонымен бірге олар тақуа, дəруіштерден іргесін 

аулақ салған. Абай: «Құранды молда теріс оқыр, Дағарадай 

боп сəлдесі» десе, Мағжан:

Ақылға, жан-жүрекке кісен салды,

Көрмейтін көзді көр ғып артты-алды, 

Үйретіп, дін деп құлдық, қорқытады,

Қандай құл бізге молда бола қалды?!–

деп ашынады («Дін үйреткенге»).

Абай  мен  Мағжан  суфизм  мистикасының  бұл  дүние 

қызығынан бас тартуды дəріптегеніне ешқашан қосылмаған. 

Əл-Фараби: «...софис тыңдаушы санасында болмыстан тыс, 

оған  қайшы  қайдағы  бір  иллюзия  туғызады;  сондықтан  ол 

бар нəрсе жоқ, жоқ нəрсе бар деп ойлайды»

1

 дейді. Қандай 



дүрбімен қарасаң да қазақ ақындарының өлеңдерінен мұн-

дай иллюзияны, құр далбасаны кездестірмейсіз.

Абай мен Мағжан Батыс пен Шығысқа бірдей төл ақын 

екендері  Шығыс  демесең,  өлеңдерін  жер  шарының  екі 

бетіңдегі  ел  атаулы  өгейсінбеуге,  жатсынбауға  керек.  Бір 

кездерде  қазақ  өлеңі  құлаққа  арналған,  ал  нағыз  өлең  су-

реттен жаралуға тиіс деп жүрді. Абай мен Мағжан поэзия-

сы құлаққа қандай жағымды болса, сурет тілейтін көзге де 

сондай  сүйкімді.  Сонысымен  қай  ел  адамының  болса  да 

жүрегіне жол табуы тиіс.

Абай мен Мағжан арқасында көркем санамыз азаматтық 

биік  өреге  көтерілді.  Əттең,  соны  өз  сапасында  былайғы 

жұртқа  жеткізе  алатын  аударма  дүниеге  келсе.  Пушкин 

мен  Лермонтовты – Абай,  Фет  пен  Горькийді – Мағжан 

қазақшалап,  орыс  тіліндегі  тума  қалпынан  түсірмей  қалай 

Ə.Дербісəлиев. Əл-Фарабидің эстетикасы. Алматы, 1980, 59-бет.



16

сөйлете  алса,  сол  қазақ  ақындарын  да  басқа  тілдерде  түп- 

нұсқасындағы  күйіндей  сөйлете  аларлық  поэтикалық  қуат 

табылса...

* * *

Əдебиетке  келген  əр  қаламгер  өзіне  дейінгі  ақын-жазу-



шылардың  мұрасына  сүйенері  хақ.  Біреуіне  сын  көзбен 

қараса, екіншісімен – жоқ олай емес, былай өрнектеген дұрыс 

деп, – өнер  сайысына  түседі,  тағы  біріне  піріндей  табына-

ды. Бірақ ол осы үшеуінен де тағылым алмақ, үшеуінің де 

шиырын баспай, өзінше соны соқпақ тартып, поэзияның көк 

қайнар  бұлағы  көзін  өз  жүрегінен  тауып  ағытпақ.  Мағжан 

бұл заңдылықтан тыс тұрмаған. Тек өзге көп жұрттан өнерге 

қояр талабы қатаңырақ болуға керек. Ақынның əдебиет ту-

ралы  еңбектерінде  көп  қолпаштау,  мадақтау,  қызыл  сөзге 

үйірлік, жə болмаса немқұрайды, бейғам айтыла салғандық 

атымен жоқ. Мағжан сөзі дəріханашының безбеніне ұқсайды. 

Əр мысқалына дейін өлшеулі.

Халық ақындарынан Мағжанның аса қадір тұтқандары – 

Мұрат, Махамбет, Базар жырау, Шортанбай, Ақан сері. Олар-

дың ақындығы үстіне ел-жұртының қайғы-қасіретіне, мұң-

мұқтажына  ортақтаса  білгендігін  жоғары  бағалаған.  Жазба 

əдебиеттен бөліп айтатыны – Шəңгерей Бөкеев. Шəңгерейді 

«қазақтың сыршыл ақыны» деп білген. Зор азаматтық тұл-

ғасын  мақтаныш  етіп,  ілтипатпен  атайтын  ақындарының 

бірі – Міржақып  Дулатов.  Кеңес  дəуіріндегі  ақындардан 

Бейімбет  Майлинді  бөлек  көрген.  Мағжанның  «Сауатты 

бол!» кітабына, айталық, Сəкен өлеңдері енгізілмеген. Оның 

есесіне Би ағаңның еңбек тақырыбына жазылған өлеңдерін 

кіргізген.

Піріндей табынатыны, əрине, Абай – əдебиетіміздің бас 

тұлғасы. Мағжанның Мағжан Жұмабаев сынды ақын болып 

қалыптасуы алдында Абайдай алыптың тұрғандығы.

Абайдан қалған бір сөз бар: «Жаттың бір тəуір кісісін көр-

се, «жарықтық»  деп  жалбарынып  қалып,  мақтай  қалып,  өз 

елінде содан артық адам болса да, танымайтыны қалай?» – де-



17

ген.  Қаршадайынан  ұлы  ақын  поэзиясының  мөлдір  бұлағы-

нан  сусындаған  Мағжан,  əрі  ұстаздары,  əрі  əріптестері  Ах-

мет  Байтұрсынов,  Əлихан  Бөкейханов,  Міржақып  Дулатов, 

өз құралпастары Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Əуезов секіл-

ді ол Абай данышпандығын бірден жазбай тани білді. Ахаң 

«Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ»

1

 десе, Əле-



кең Абайды «асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының 

мақтанышы»

2

  атаған.  Міржақып  Дулатовтың  бағасы  тіптен 



керім.  Ол  қазақ  ұлты  мен  Абайды  бір  синонимдік  қатарға 

қояды. «...Абайдың жоғалуы... қазақтың жоғалуы, қазақ атты 

халықтың ұмытылуымен бірдей»,

3

 – дейді.



Мағжан Абай ақынды құлай сүйген жəне оны иісі қазақ 

ұстазы  данышпан  деп  білген.  Сондықтан  Абайды  «хакім» 

атайды. «Алтын  хакім  Абайға»  атты  арнайы  өлең  жазады 

(«Шолпан» жинағы, 1912 жыл).

«Хакім» (хаким) – араб  сөзі.  Білімді,  оқымысты,  дана, 

ғалым  деген  ұғымдарды  береді.  Хакім  əрбір  істің  себебін 

іздейді.  Яки  ол – ғалым.  Хакімі  жоқ  ел – ел  емес, – дейді 

Абай.  Бұл  пікірін  ол  былайша  дəлелдейді: «Адаспай  тура 

іздеген хакимдар болмаса, дүние ойран болар еді.»

4

 



Міне, осы хакім тəжін Мағжан қазақ тарихында тұңғыш 

рет Абайға кигізіп отыр.

«Тұңғыш рет» деген сөздің астын сызып айтуға керек. Сан 

ғасырларға созылған бодандық халіміз миымызды ашытып 

жіберді ме, əйтеуір өзімізді-өзіміз төменшік ұстауды əдетке 

айналдырдық.  Бұрынғы  ресми  идеологияның,  империялық 

насихаттың  жетегінде  жүріп,  надан  едік,  қараңғы  едік  деп 

зарлауымыз  бір  басқа.  Тарихымызда  қайрат  көрсеткен  бір 

тұлға көрінсе, сонымен алысып-жұлысып бақтық. «Көсем», 

«хакім»  атаулы  тек  басқа  жұрттың  үлесі  сияқтанатын.  Өз 

қатарымыздан елін ел ететін көсем шығуы мүмкін деген ой 

1

 Ахмет Байтұрсынов. «Ақжол» жинағы. Алматы, 1991, 218-бет.



2

 Əлихан Бөкейханов. Абай. «Жұлдыз»журналы. 1911, №9, 111-бет.

Міржақып Дулатов. Шығармалары. Алматы, 1991, 250-бет. 



4

 Абай. Екі томдық. II том. Алматы, 1977, 201-бет. 



18

кəперімізге кіріп шықпайтын. Біз бұрын хакім десек, Лұхман 

хакімді еске алатынбыз. Көсем десек, Ленин мен Сталиннен 

өзге ешкім көзімізге ілінбейтін. Мағжанның алғырлығы сол, 

дуалы ауыз көсемді қазақтың өз ішінен көріп, тани білді.

Арқада Бурабайға жер жетпейді,

Басқа жер ойды ондай тербетпейді.

Арқада Бурабайға жер жетпесе,

Қазақта хан Кенеге ер жетпейді.

деп,  енді  ғана  Мағжанға  қосылып  əндете  бастадық.  Жəне 

осының  бəрі  құр  қызыл  сөз  үшін  айтылмаған,  негізі  бар 

нəрсе. Ендігəрі Абайды хакім деп тануды ойламасаң, бұдан 

өз түйсіксіздігің аңғарылуы мүмкін.

Хакім  Абай  қандай  Абай?  Бұрын  ішіміз  сезсе  де, 

кесірімізді  тигізіп  аламыз  ба  деп  айта  алмай  келген  Абай. 

Жаңа заманымыздың басы, болашағымыздың жол сілтеушісі.

Біз бұған дейін Абайды отаршылдыққа қарсылық ойлаған 

күрескер  ретінде  зерттемедік.  Мағжанның  сипаттауында 

(«Алқа»  үйірмесіне  байланысты  бағдарламада)  далаға  лап 

қойған отаршылдықтан зар шегіп, өмірінің аяғын қайғыда, 

құлазуда  өткізген,  ақыры  қан  жұтып  өлген  жан.  Шынын-

да  да,  Абай  өлеңдерінде  бөтен  ел  табанындағы  халықтың 

жадау  тұрмысы («қай  жерінде  кедейдің  тұрсын  күйі»), 

қазақ  ішінің  берекесіздікке  ұшырауы («болды  да  партия, 

ел іші жарылды»), ел басқарушы шіренгендердің өздерінің 

сайқымазақ жайы, бодандық санасы («Мəз болады болысың, 

Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейіп отырсың, Шенді шекпен 

жапқанға») тағы да басқа көзден жас ағызып, омырауыңды 

бояйтын жайлар аздық еткен бе?

Мағжан  əсіресе  ақындық  ілкі  қадамдарында  Абайға 

еліктеп көп өлең туғызды. Қазақтың жер-суынан айырылуы, 

қайыршылануы далаға уайым, үрей, шарасыздық əкелгенін 

отаршылдықтан бір көрсе, сол көргендерін Абайдың шерлі, 

зарлы  өлеңдерінен  тағы  əсерленіп,  аһ  ұрды. «Қазағым, 

қалың  елім,  қайран  жұртым», – деп  жүрегі  қарс  айырыла 


19

күрсіне, жас шəкірт ақынның жүрегі торға түскен жолбарыс-

тай бұлқынды.

«Туған жерім – Сасықкөл» өлеңінде Мағжан қазақ елінің 

отаршылдық тұзағына түсуін басынан бақыт құсы ұшқанға 

балайды.  Мұнда  біз  Абай  өлеңдері  сарынынан  пəлендей 

ауытқуды  аңғармаймыз.  Өлең  мазмұнындағы  сабақтастық 

шындық өмірдің сабақтастығынан туындайды.

Абай – ұстаз, Мағжан – шəкірт. Шəкірт ұстазына ұқсайды 

да,  ұқсамайды  да.  Мағжан  бақыты – ол  өзінің  поэзиядағы 

уыз  сүтін  Абай  өлеңдерінен  қана  ішті.  Абайдың  тұңғыш 

жинағы шыққан 1909 жылы ол он алтыда. Абай өлең есігін 

Шығыс  ақындарынан  пəрмен  сұрап  ашса,  Мағжан  қазақ 

данышпаны  Абайға  сыйынды.  Оның  өлендерін  түйсініп 

һəм түсініп оқыды. Абайға бас иді, əр сөзіне мұқият құлақ 

қойды. Өз сезіміне есеп беруге үйренді. Сырт қарағанда жа-

дау көрінетін дала поэзияға толы екен. Содан таңырқай рух-

танды. Əдебиет замана айнасына қалай айналуы керектігін 

оқып үйренді. Жəне бір түйгені – поэзияда қалам десең өз 

соқпағынды тауып ал.

Қазақ əдебиеті Мағжан тұсында жаңа белеске көтерілді. 

Мұны,  əрине,  дұрыс  түсіну  керек. «Көтерілді»,  ілгеріледі 

дегенде,  ең  əуелі  жаңа  кезеңнің  өзгешеліктеріне  байла-

нысты  жайттарды  ескеріп  отырмыз.  Ол  айырмашылық, 

өзгешеліктер атап айтқанда төмендегідей:

1. Дəуір өзгешеліктері. Абай мен Мағжан, бірі – дүниенің 

астын  үстіне  келтірген  революция  дауылдары  қарсаңында, 

екіншісі – сол  дауылдық  өртке  тигендей  құтырынып 

аласұрған шағында өмір сүріп, ақындық құрды.

2.  Əдеби  байланыстағы  өзгерістер.  Абай  реалистік  орыс 

əдебиетінің  алтын  ғасырына  етене  жақын  жүрсе,  Мағжан 

осы  əдебиеттің  күміс  ғасырымен,  символизм  (романтизм) 

ағымымен т. б. мидай араласты. Абай антика, Шығыс сарында-

рына құлақ түрсе, Мағжан түрікшіл, Шығыскер атанып жүрді.

3.Əдеби  ортаның  пайда  болуы. XX ғасырдың  басын-

да қазақ зиялыларының айтарлықтай шоғыры құралды. Та-

рихшы  В.  Григорьев  деректері  бойынша: «Жоғары  жəне 


20

аяқталмаған жоғары білімді 100-ге жуық (Ж.Досмұхамбетов, 

Ə. Бөкейханов, М. Шоқаев, Б. Қаратаев, М. Тынышбаев т. б.), 

мектептер,  училищелер  мен  мұғалімдер  семинарияларын 

тамамдаған 700-ге  жуық  (А.  Байтұрсынов,  М.  Жұмабаев, 

Ə. Жантөрін, А. Асылбеков, К. Төгісов т. б.) азаматтар бол-

ды...»

1

Сол  мыңға  тарта  зиялылардың  ел  қамын  бірігіп  ойла-



суына  мүмкіндік  туа  бастады.  ХІХ  ғасырдың  екінші  жар-

тысында  «Түркістан  уалаяты»(1870-1882), «Дала  уала-

яты»(1888-1902)  сияқты  газеттер  қоғамдық  ой-пікірдің 

өрістеуіне кереметтей ықпал етті. Абайдың бізге белгілі екі 

өлеңі авторы көрсетілмей «Дала уалаяты» газетінде жарық 

көрсе,  Мағжан  Орда  мен  Оралда  басылатын  «Қазақстан» 

(1911-1913), Орынборда шыға бастаған «Қазақ»(1913-1918) 

газеттерінің, Троицкідегі «Айқап»(1911-1915) журналының 

оқушысы, əрі авторы болды. Бұған Мағжанның көзі түспеді, 

оқымады деуге келмейтін Томскінің «Ешім даласы» (1913), 

Семейдің  «Сарыарқа» (1917-1918), Тəшкенттің  «Алаш» 

(1916-1917), «Бірлік  туы» (1918) газеттерін,  Семейдегі 

«Абай» журналын (1918) қосыңыз.

Осы өзгерістердің нəтижесінде пікір алмасатын, оқыған-

тоқығанды талқылайтын, ой шыңдайтын əдеби орта құрала 

бастады.  Қазақ  əдебиеті  тақырыбын  кеңейтіп,  өмір  проб-

лемаларына  қызу  араласып,  жанры  жағынан  байи  түсті. 

Ағартушылық шығармалар ұлтжандылық идеяларымен суа-

рылған  туындылармен  толықты.  Лирика  түрлері  молығып, 

роман жанры дүниеге келді.

Мағжанның  төл  туындыларындағы  жаңалықтар  оны 

Абайдан  алыстатты  да,  жақындатты  да. «Алыстатты»  де-

ген  сөзді  бейнелеудің  жаңа  тəсілдерін,  стильдерін  игеру 

мағынасында айтып отырмыз.

«Жақындай  түсті»  деген  сөздерге  байланысты  В.Белин-

скийдің  бір  айтқаны  еске  түседі.  Пушкин  мен  Лермонтов 

арасын салыстыра келіп, ұлы сыншы:

Григорьев В. К. О чем не говорили. Фрагменты времени. Документы, 



рассказы и очерки. Алматы, 1990, с.с. 47–48.

21

«Печорин Лермонтова... Это Онегин нашего времени, ге-

рой  нашего  времени,  Несходство  их  между  собою  гораздо 

меньше расстояния между Онегою и Печорою.»

1

 – деген.



Сол  сияқты,  Абай  мен  Мағжан  арасы  Есіл  мен  Ертістің 

аралығынан  əлдеқайда  жақын.  Мағжан  Абайдан  еш  көз 

жазбаған.

Мағжанның студент кезіндегі фотосуретінен оның міне-

зін  аздап  нобайлауға  болар  деймін.  Еуропаша  киінген,  ап-

пақ  шаңқандай  көйлегінің  тік  жағасы  ұшы  жағынан  қайы-

рылған, ой ұялаған дөңгелек жүзінен жігерлі де мұңды қой 

көзі  ұшқындап,  əлдебір  сыр  шертеді.  Қалың  қою  бұйра 

шашы  Есілден  ескен  желге  сəл  толқынданып,  қозғалып 

тұрғандай.  Жас  ақынның  зерделі  келбетін,  парасатты  көз 

қарасын,  болар-болмас  күлімсіреген  өңінде  жүгірген  нəзік 

сəулені Абайдан түскен өрнек пе дерсің. Абай – рухани ата-

сы,  оған  тартпауы  мүмкін  емес  деген  ой  билеп,  жас  жігіт 

келбетіне қайта бір үңілгенде одан өзіне-өзі сенімді майыс-

пас характер тебіндеп тұрғанын байқайсың. Жиырмасыншы 

жылдардың бас кезіңде қып-қызыл белсенділер ұлы ақынды 

қара  тақтаға  жазып,  ұяттан  асып  жүргенде  айыз  қандырар 

мінез көрсеткен нақ осы көркем жігіт еді-ау! «Қазақтың да-

нышпаны Абай» деген сөз дəл сол тұста Мағжаннан басқа 

ешкімнің  аузына  түсе  қойған  жоқ-ты.  Қандай  дүрбелеңде 

де  Мағжанның  ұстазынан  айнымауындағы  негізгі  себеп – 

екеуінің  ақындық  кредосы  мен  дүниетаным  жарастығынан 

екендігі  əбден  түсінікті.  Бұған  кезінде  ақынның  атақты  за-

мандастары да қол қойып кеткен.

Жүсіпбек  Аймауытов  пен  Мұхтар  Əуезовтің  «Абайдан 

соңғы ақындар» атты мақаласында («Абай» журналы, 1918, 

№5),  қазақ  ақындарын  стиліне  қарай  үш  топқа  бөледі.  Бұл 

жіктеу  түрлі  себептермен  əдебиеттану  ғылымында  жөнді 

ескерілмей  келеді. «Ақ  таңдақ»  деп  іш  тартуымыз  бір  бас-

қа  да,  олардың  əрқайсысының  əдебиетте  алатын  орнын 

тағайындау  екі  басқа  екендігі  жөнді  ескерілмейді.  Бұл  да 

өзінше теңгермешілік сарқыты ма дерсің.

1

 В. Белинский. Полн. собр. соч., т.ГУ, с. 265. 



22

Жүсекең  мен  Мұхаң  жаңағы  мақаласында  мынадай 

ғылыми тұжырым жасаған: «Сезімге əсер берерлік суретші 

өлеңдер көбінесе Мағжан, Міржақып, кейде Сұлтанмахмұт 

һəм Ахмет Мəметовтікі... Бұлар сыршыл (лирик) ақындар.

Екінші жіктің ақындары: Ахмет Байтұрсынов, Сəбит Дө-

нентаев,  Шəкəрім,  Бекет  Өтетілеуов.  Бұлардың  өлеңдері 

сырты төгілген сұлу, тілі кестелі, анық халықтың ұғымына, 

оқуына  жеңіл,  тəтті.  Бұлардың  өлеңінің  сезім  мен  қиялға 

тəрбие  беруге  əсері  аз,  ақылға  азығы  бар,  бұлар  халықтық 

(народный) ақындар...

Осы  күнде  сəні  кетіп  бара  жатқан  үшінші  бір  жік  бар. 

Бұл жіктің ақыны ескі өлең, жыр, тақпақтарға еліктеп, жеке 

жортақтап, құба жонданып кететін Ғұмар Қарашев».

Абай  мен  Мағжан  əдебиетке  тұтас  бір  ататекті  жанр – 

лириканы  енгізді.  Қазақ  поэзиясын  сыршылдыққа  бұрды. 

Адамның  ішкі  жан  əсерлерін  қызықтады.  Жан  əлеміндегі 

сиқырлы көріністерді, өзгерістерді, мың сан құбылыстарды 

суреттеу  үшін  жүрекке  жетер  оралымды,  бейнелі  тіл  таба 

білді.


* * *

Абай мен Мағжан туған елінің қамын ойлаған ойлардың 

ұшығында  жетіп  болмайды.  Солардың  ең  бір  құнарлысы – 

халыққа рухани тəрбие беру мəселесі.

Біз  Абайдың  тəрбие  мəселесін  зормен  бергенін  білеміз. 

«Ғақлияның»  отыз  жетінші  сөзінде:  Мен  егер  закон  қуаты 

қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзетіп болмайды де-

ген кісінің тілін кесер едім» дегені жадымызда. Адам қайтсе 

адам деген атаққа лайықты болмақ? Осы бағыттағы ойларын 

жүйелей  келіп,  ол  «жуанмəрттілік» (жақсы  адам), «толық 

адам» жайлы тұтас бір ілімнің негізін қалайды. Адам қайтсе 

бақытты болады? Толық адам болғанда, – деп жауап береді 

Абай.

Толық адам – бақытты адам. Мұны қалай түсінуге керек?



Осы сұраққа жауап іздегенде Абаймен қатар біз Мағжан 

шығармаларына  үңілеміз.  Мағжан  ұстазының  толық  адам 



23

хақындағы  ілімін  насихаттауға  көп  күш  салған.  Мысалы, 

оның  «Айқап»  журналында (1912, мамыр)  жарияланған 

«Қала,  дала»  деген  мақаласы  Абайдың  жаңағы  толық  адам 

туралы  ойлары  арнасында  жазылған.  Мақала  бір  шумақ 

өлеңнен басталды:

Қырда ерік, жібек кілем, тау мен су бар.

Шулаған, көңілге хош қаз бен қу бар.

Қалада жан азығы, шам шырағы

Белгісі адамдықтың білім табар.

Əрі  қарайғы  қара  сөз  осы  жуанмəрттілік  идеяны  кең 

түсіндіреді.  Мақала  (жанры  жағынан  очеркке  ұқсас)  құры-

лымының  өзі  қызық.  Өлеңмен  басталатын  көтеріңкі  əуен 

қазақ  даласының  көктем  шыға  құлпыруын,  қызылды-

жасылды  киінген  қыз-келіншек  көздің  жауын  алуын, 

бозбалалардың  елдің  жайлауы,  биенің  байлауы,  жұрттың 

жиын  болатын  мезгілі  жетіп  қалды-ау  деп  іштей  қуануын 

суреттеумен  ұласады.  Сонсоң  оқыстан  «Жалғыз-ақ,  сол 

сүйкімді  даланың  орасан  бір  кемшілігі  бар.  Оның  баласы 

білімсіз. Ойсыз. Ішіп жеу, ойнап күлу, ұйықтаудан басқаны 

білмейді. Төрт аяқты малдан аз-ақ ілгері. Ол – жарты адам»,– 

деп қаланы суреттеуге кірісер алдында манағы жарқыраған 

көңіліңді су сепкендей басады. Биіктеп тұрған жеріңнен та-

стап  кеп  жібергендей,  керағар  сезімге  құрылған  компози-

ция  автор  идеясына  қосымша  күш  бітіріп,  жадында  əбден 

шегенделіп қалғандай əсер етеді.

Қаланың артықшылығы – өнер, білім, рухани өмір Орда-

сы. Кемістігі – тыныс тарылтып, өкпені қабындыратын ауа-

сы. «Дала баласына қала көңілсіз».

Шығарма  қорытындысы  айқын:  дала  мен  қаланың  ар-

тықшылықтарын  ұштастыр – бақытың  толық  бүтін  адам 

боласың.


«Қала,  дала»  туындысы  жарияланғанда  оның  авто-

ры  он  тоғызда.  Балғын  жігіт  медресе  Ғалияның  оқуын 

бітіруге  жақындап,  енді  Омбы  Мұғалімдер  семинариясы-


24

на  түспекке  даярланып  жүр.  Сырты  солай,  іші  алай-түлей: 

қазақ  қайткенде  «жартыдан»  толық  бақытқа  жетпек?  Осы 

ізденістерін  ол  тоқтатқан  жоқ.  Ойы,  білімі  əбден  піскен 

шақта  іштей  түйгендерін  қағаз  бетіне  түсірді.  Соның  бір 

жемісі  «Педагогика»  кітабы (1922, 1923). Осы  аталымға 

тақырыпша  берсе,  ол  былай  тұжырымдалар  ма  еді,  қайтер 

еді: дене жəне жан тəрбиесі туралы əлем ғылымы жəне Абай 

тағылымы.

Педагогика  ғылымы  адамның  рухани  əлемін  негізгі  үш 

салаға жіктейді. Бұлар: ақыл, көңіл (ішкі сезім) һəм қайрат. 

Енді бұл турасында Абай не дейді, соған келейік. «Қазақтың 

данышпаны Абай, – деп жазады Мағжан, – бұл үш тапты ақыл, 

жүрек, қайрат деп атайды. Біз бір заттың яки көріністің сы-

нын белгілейміз, заттар яки көріністер арасындағы байлам-

ды яки айырманы табамыз. Бұл – ақыл ісі. Біз қайғырамыз, 

қуанамыз. Бұл – ішкі сезім ісі. Біз бір істі істемекші боламыз, 

бір мақсатқа жетпекші боламыз. Бұл – қайрат ісі»

1

 

Осы жерде Абайдың толық адам туралы ілімі сандығының 



кілті  ашылады.  Толық  адам  болу  үшін  ақыл,  жүрек  (ішкі 

сезім) һəм қайрат арасында берік байлам бар екендігін есте 

ұстауға  керек.  Тəрбиешінің  міндеті – адамның  əрбір  ісіне 

осы  үш  таптың  үшеуі  бірдей  қатынасатынын  білу.  Ақыл, 

ішкі  сезім,  қайрат  үшеуін  бірдей  тең  тəрбие  етпесе,  толық 

адам шықпайды. Ондай адам бақытты болмақ емес. Бұл ту-

ралы, – деп жалғайды пікірін Мағжан – данышпан Абайдың 

төмендегі  сөзі  шын  дұрыс  сөз.  Бұдан  əрі  Абайдың  белгілі 

өлеңі тұтастай келтірілген. Біз де сөйтелік.

Əуелде бір суық мұз – ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды асыл жүрек.

Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық,

Бұл қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Мағжан  Жұмабаев.  Педагогика. (Баланы  тəрбие  қылу  жолдары). 



Ташкент. 1923, 35-бет. 

25

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады əлек.

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

Осы ойлар Ғаклияда (Он жетінші сөз) философиялық айтыс 

есебінде қайталанады. Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін 

салыстырып,  таласып  келіп,  ғылымға  жүгінеді.  Ғылымның 

байламы жоғарыдағы өлең ғибраттарына саяды. «Осы үшеуің 

бір  кісіде  менің  айтқанымдай  табылсаңдар,  табанының 

топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол» дейді.

«Табанының  топырағы  көз  сүртерлік»  толық  адам-

ды өмірден кезіктірмесең, сыртынан тон пішу қиын. Абай 

үшін ол нақтылы кім еді? Абайтанушылар бұл сұраққа жа-

уап іздегенде Əбдірахман бейнесіне тоқталады. Шынында 

да, жоқтау жанры сияқты көрінгенімен, Əбдірахман туралы 

өлеңдер шоғыры біз кейіндері «Замандас бейнесі» деп атап 

кеткен  талап  тұрғысынан  қарайтын  реалистік  шығарма. 

Жоқтау  жанрына  тəн  миф  əуенін  мұнда  кезіктірмейсіз. 

Əсірелеу атымен жоқ. Жоқтауларда əдетте айтылатын «асқар 

тауым құлады», «бəйтерегім жығылды» деген сияқты əсіре 

мадақтау  метафоралары  да  пайдаланылмаған.  Біздің  көз 

алдымызға алдымен ауыр қайғы жаншып, көзіне қамшы ти-

гендей, омырауына жасы сорғалап отырған, сорлап қалған 

қарт  ақын  бейнесі  елестейді.  Арнайы  солай  етейін  деме-

се  де,  дана  ой  сүрлеуінен  шықпайды.  Толық  адам  туралы 

толғанысын  тіпті  күшейтіп  жіберген  тəрізді  əсер  аласың. 

Өйткені  ол  жүрек  пен  мидың  терең  тұңғиығынан  қайнап 

шыққан  табиғи  ойлар  еді.  Əбдірахман  туралы  циклді  ба-

жайлап қорытсаң ақыл, жүрек, қайратты бірдей ұстаған жан 

Абайдың бел баласы екендігіне көз жеткізесің, иланасың.

Мағжан идеалы – оқыған қазақ. Асыл сөз иесін айырықша 

сыйлайды.  Оның  толық  адамы – Абай, «бір  сөзі  мың  жыл 

жүрсе, дəмі кетпес» адам.



26

Парасатты  жанның  бірі – Əбдірахман.  Жиырманы  енді 

қаусырып келе жатқан жігіттен жұрт ақыл сұрайды.

Жасы – жас, «ойға – кəрі». Көргені, тоқығаны көп. Өрім-

дей жап-жас адам Петербор, Сібірлерден бастап Кавказ, Қы-

рым, Түркістандарды аралап үлгірген. Аузынан шыққан сөз 

дəлелді,  салмақты.  Абай  Əбдірахман  туралы:  көргені  мен 

білгені жүзге келген шалдан көп, бəрінен тəуірім кетті десе, 

бұл өлең шоғырында əбден дəлелденген қорытынды.

Толық адамның екінші қасиеті – ізгі жүрек десек, Əбді-

рахман оған толық сай. Ішкі сезімі нəзік, жүрегі таза, мінезге 

бай бейне. Бауырмал, жалғанға баспайды, тəкаппарлығы жоқ, 

өлім тақау тұрғанын білсе де, сырға тұйық, туған-туысқан-

дарын  қалжыңмен  алдарқатады.  Біреудің  көңілін  аулағыш, 

жастық буына елітпей, арамға жоламай, тура сөзді жақтаған 

баласын Абай ерекше мақтаныш тұтқан.

Абай  мен  Мағжан  поэзиясында  қазақ  жүрегінің  нелер 

тылсым сырлары ақтарылған. Жақсы жағынан – ашықтығы, 

ізеттілігі, ізгілігі.

Əл-Фараби «Əлеуметтік-этикалык трактаттарында» адам ба-

ласы өзінің адам атағын ақтай алуы үшін жауыздықты ізгілікке 

жеңдіруі тиіс деген. Абай жауыздықтан, жаманшылықтан бой-

ын жыймақтық, бұл адамға нұр болады,– дейді.

«Педагогика» еңбегінде Мағжан ізгілік пен жауыздық адам-

дар арасындағы қатынастардан қалай өрбитінін қадағалайды. 

Біреудің басы ауырып, балтыры сыздаса, не қайғы шегіп, қара 

жамылса, көңіл айту, қазаның соңын күтісу қазақ қауымының 

мақтаныш етерлік əдеті. Бірақ қазақта (Мағжан пікірін өз та-

рапымыздан  нақтыласақ)  бұған  қарама-қарсы,  ағайынның, 

я  жора-жолдасыңның  нұрын  тасытқан  əлдебір  табысы-

на  ортақтасу,  қуаныш  бөлісу  жағы  кем  соғады.  Кей  ағайын 

қызғаныш,  күншілдік,  іштарлық  салдарынан  көрген  күнінің 

жарығын  кемітетінін, «адамдықтың  гүлін,  нұрын» (Абай) 

бұзатынын түсініп жетпейді. Мағжан бір оқымыстының дана 

сөзін  еске  алады.  Сол  оқымысты  айтқан  екен:  аяушылық 

үшін  адамгершілігің  жетіп  жатыр.  Ал  біреудің  қуанышына 

ортақтасу үшін періште болуың керек.


27

Енді адамның толық бақытты болуына əсер ететін елеулі 

қасиет – қайрат хақында бірер сөз.

Əбдірахман  ойға  кəрі,  жаны  нəзік,  жүрегі  жылы  адам. 

Оның осы тамаша мінезі құрыш қайратпен ұштасып жата-

ды («Тəуекелге нар» жігіт, «Бойы құрыш» адам). Мақсатына 

жетпей тынбайтын характер. Мұның өзі, Мағжан сөздерімен 

айтқанда,  бір  нəрсені  істеуге  жетектейтін  қажыр-қайрат 

белгісі. Жанның бір іс істеуге саналы ұмтылуы.

– Егер бір адамның қайраты күшті болса, – деп жазады 

Мағжан  Жұмабаев, – сөзінен  ісі  айырылмайтын,  екеуі  екі 

бөлек жан болмайтын болса, ондай адамның мінезі қайратты 

мінез, берік мінез.

Тұрмыс  мəселесін  шешуге  келгенде  қайрат  əр  адамның 

бойынан  табылады.  Мағжанға  қымбаттысы – қайраттың 

қоғамдық мəні. Нағыз қайрат иесі деуге тұрарлық адам – ел-

жұртының мұңын мұңдаған, күйін күйттеген адам. Ақынның 

сүйікті  қаһармандары  тарихтан – Кенесары,  замандасынан 

– Міржақып, яғни ел қамын жеген едігелер болып келетіні 

кездейсоқ  нəрсе  емес,  оның  ақындық  кредосынан  туатын 

заңдылық.

Жалғыз-ақ Кенекем ғой қайрат қылған,

Қазақты құтқарам деп қалың өрттен,–

дейді  Мағжан  «Оқжетпестің  қиясында»  атты  балладасын-

да.  Кенесарының  сөзі  мен  ісінде  айырма  жоқ.  Хан  Кене 

қазақтың қайғысына уланған. Жүрегі жара. Бірақ қайғының 

қара  бұлтына  еніп,  аһылап-уһілейтін  əлдекім  емес.  Ол – 

əрекеттің  адамы.  Атқа  қонып,  ойына  алғанын  іске  асырып 

жүр.

Алашты алып шығып ел қылмаққа,



Орысқа аш бөрідей ойран салды.

Замандасы Міржақып ұдайы іс басында. Жұртына «Оян, 

қазақ!» деп жар салып, патша зынданына түседі. Міржақыпқа 


28

арнаған өлеңдерінде Мағжан тұтқынның аянышты халін су-

реттей келе, кейіпкерін мойымауға шақырады.

Қайғы көрсе, ер жігіт қайраты аспақ,

Қамшы тисе, шын жүйрік үдей шаппақ, –

деп қайрайды. Уағаз сияқты көрінгенімен, денеге тиген ащы 

таяқтан туған ашыныс. Ерлікке шақыруға да кісісі керек. Кім 

көрінгенге елдің азаттығына жету мақсатын «жаңа күшпен», 

«өткір  қимылмен»  жүзеге  асыруға  шақыра  алмайсың. 

Міржақыптай  еңіреп  туған  ерлерге  айтылар,  өзіңді  де 

қамшылар шындық.

* * *


Көркем  əдебиет  құбылыстан,  оқиғалардан  яки  талант 

иелерінен  бас  құрайды.  Солардың  біреуі  ауызға  алынбай 

қалса, орны үңірейіп тұрады. Ал бізде бір емес, талай тар-

ландар  ақтандақ  аталды.  Ақтаңдақ  дейтін  кесел  фольклор 

екеш  фольклорға  дейін  жайлады.  Нəтижеде  қазақ  əдебиеті 

тарихының  ит  жыртқан  терідей  ту-талақайы  шықты.  Тіпті 

қыза-қыза келе, Абай төңірегін тып-типыл етіп жалаңаштап 

тастадық. Мұның Абайтану ғылымына зардабы аз тиген жоқ.

Не нəрсенің биік-аласалығы, терең-саяздығы салыстыру 

арқылы анықталатыны белгілі. Абай ақындығын, төңірегін, 

шəкірттерін  бір-бірімен  салыстыратын  Шəкəрім,  Ахмет, 

Міржақып, Мағжан секілді жұлдыздар əдебиет көгінен ғайып 

болғанда,  қазақ  əдебиеті  жөніндегі  түсінігіміз  теріс,  жұтаң 

халге ұшырап қана қойған жоқ. Абайдың өз түсірер жарығы 

əжептеуір көмескіленді. Соның салдарынан Абай поэзиясы 

туралы дуалы ауыздардың өздерінен үстірт, сыңаржақ пікір 

айтылып  қалып  жүрді.  Мəселенки,  Абай  Шығыстан  жары-

тып  ештеңе  тартқан  жоқ,  не  болмаса,  Абай  ескіні  сынауға 

келгенде басшы, ал, «не істеу керек?» дегенде басшы бола 

алмай қалды, – деп те ойқастадық.

Ендігі жерде, бұл кінəраттардан арылуға толық мүмкіндік 

бар. Қазақ əдебиетін ілгерілетудегі Абай мен Абайдан соңғы 



29

ақындардың тарихи рөлі терең тамырлы байланыста, дүние 

жүзілік  көркем  контексте  жүйелі  түрде  зерттелуге  тиіс. 

Бұл – əдебиет тарихын бұрынғыдай жартыкеш емес, нағыз 

ғылыми дəрежеге көтерілген рухани, мəдени тарихымыздың 

шұрайлы  бөлігіне  айналдырудың  маңызды  шарттарының 

бірі  екені  сөзсіз.  Оқушы  назарына  ұсынылып  отырған 

еңбегіміз  осы  шартты  жүзеге  асыру  жолындағы  талпыныс 

деп қана қабылдануын өтінер едік.

28 қазан 1994 жыл.



  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал