Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы



жүктеу 4.25 Mb.

бет1/32
Дата14.09.2017
өлшемі4.25 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32

«ҒЫЛЫМИ ҚАЗЫНА»

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ 



БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ  

БАСТАМАСЫ БОЙЫНША ШЫҒАРЫЛДЫ



Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

«Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы 

қоғамдық кеңесінің құрамы

ЖҰМАҒҰЛОВ Б.Т. – кеңес төрағасы, Бас редактор, 



ҰҒА-ның академигі.

Орынханов М.Қ. – төраға орынбасары

Ыбырайым Н.М. – жауапты хатшы

Аяған Б.Ғ.

Әбжанов Х.

Әбусейітова М.Қ.

Байтанаев Б.Ә.

Еспаев С.С.

Қалижанов У.Қ.

Малбақов М.М.

Шаукенова З.К.


Ғ.МҮСІРЕПОВ, 

Ғ.МҰСТАФИН

КЛАССИКАЛЫҚ 

ЗЕРТТЕУЛЕР

1-ТОМ


Алматы 2012

М 88

УДК 821.512.122.0

ББК 83.3 (5 Каз)

М 88

Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы, «Әдебиет Әлемі», 2012.

Т.1: Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин. Әдебиет  туралы. – 424 бет.



ISBN 978-601-7414-01-6

Жинаққа көрнекті қазақ жазушылары Ғ.Мүсірепов пен Ғ.Мұстафиннің әр 

жылдарда әдебиет жайында жазған мақалалары мен баяндамалары, сөйлеген 

сөздері  топтастырылып  берілді.  Замана  бедерлері  мен  уақыт  тынысы  мол 

сезілетін, әдеби өмір шежіресінің өткенін бағамдауға бағыт-бағдар болатын 

бұл еңбектер бүгінгі қалың оқырманға «Ғылыми қазына» сериясы бойынша 

ұсынылып отыр. 

Кітап ғылыми көпшілікке, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен 

студенттеріне, магистранттарға арналған.    

Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы

Фольклортану, әдебиеттану және өнертану секциясының мүшелері:

Қалижанов У.Қ. (төраға), Әлібекұлы А. (төрағаның орынбасары), 

Қалиева А.Қ. (жауапты хатшы), Ананьева С.В., Әзібаева Б.У., Әлбеков Т., 

Елеукенов Ш.Р., Ерғалиева Р.Ә., Күзембай С.Ә., Қирабаев С.С., Қонаев Д.А., 

Қосанов С.Қ.,  Қорабай С.С., Мұқан А.О., Ісімақова А.С.  

Томды басуға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының 

Ғылыми кеңесі ұсынған

Томды баспаға дайындағандар:

Қирабаев С.С. (жауапты редактор), Ақыш  Н.Б. (жауапты шығарушы), 

Ханкей Е. (құрастырушы)

Пікір жазғандар:

Дәуітов С. – филология ғылымдарының  докторы.

Қорабай С. – филология ғылымдарының  кандидаты, доцент.

УДК 821.512.122.0

ББК 83.3 (5Каз)

ISBN 978-601-7414-01-6 (Т.1)                                                    © М.О.Әуезов атындағы 

Әдебиет және өнер институты, 2012.



ISBN 978-601-7414-00-9                        © «Әдебиет Әлемі» баспасы, көркемдеу, 2012. 

5

АЛҒЫСӨЗ

(Ғабит  Мүсірепов пен  Ғабиден  Мұстафиннің 

әдебиеттік ой-пікірлері)

Қазақстанның  халық  жазушылары Ғабит  Мүсірепов  пен  Ғабиден  

Мұстафин – ХХ ғасырда  өмір  сүріп, шығармашылық  өмірлерінде жаңа 

қазақ әдебиетінің  тууы мен  қалыптасуына,  өркен  жайып,  оның  одақтық 

(кеңестік)  әдебиет  дәрежесіне    көтерілуіне,  содан    әлемдік    деңгейде  

тарауына  ықпал  еткен белгілі сөз  зергерлері. Олар  қазақ  әдебиетінің  

көп    жанрлы  болып    дамуы  мен  кемелденуіне    үлкен    үлес  қосты.  

Ғабит  прозаның  шағын  жанрларында  (новелла, әңгіме)  классикалық  

шығармалар  жазып, роман мен  драма  саласында  өнімді туындылар  

берсе,    Ғабиден,    негізінен,    үлкен    прозада  қызмет    етті.    Олардың  

шығармалары  орыс  және  бірқатар  шет  тілдерінде  жарияланды.  Екеуі  

кезектесіп  көп  жылдар  Жазушылар  одағын  басқарды.  

Олар    бір    жылы    туып  (1902),  бір    жылда    (1985)  қайтыс    болған,  

әзілдері жарасқан  жақсы  достар  еді.  Екеуінен  қалған  құрдастық  әзіл-

қалжыңдар халық  арасына  кең тараған.  

Сонымен  бірге  қазақ  кеңес  әдебиеті  тууы  мен  қалыптасуының  

басы-қасында    болған    жазушылардың  қазақтың  ұлттық    әдебиетінің  

идеялық-көркемдік  дәрежеде жетілуіне,  оның  халықтық  принциптерінің  

орнығуына,  жаңа реалистік  әдісті меңгеруіне қосқан шығармашылық  

үлесі де,  әдеби-теориялық  ой-пікірлері  де мол.  Бұлар, ең  алдымен,  

олардың    ұзақ    жылдар    бойы  әдебиет    мәселесіне  арнап  жазған 

мақалалары  мен    баяндамаларынан,    әдеби  процесс  туралы,    жеке  

авторлар мен  олардың туындылары жайында  әр  кезде  айтып  қалдырған  

ой-пікірлерінен    көрінеді.    Олардың  бұл  саладағы  еңбектері  кезінде 

Ғабиттің «Суреткер  парызы» (1970), Ғабиденнің «Ой әуендері» (1978) 

кітаптарында жинақталып басылған.  Кейін,  әр  кезде, бұл  кітаптар жеке  

күйінде де,  жазушылардың  көп  томдық  шығармалары  жинақтарында  

да  жарияланған.  

Ғабиттің  сыншылық    ой-пікірлері    кеңестік    дәуіріндегі    жаңа 

әдебиеттің  туу,  қалыптасу  процесімен    терең    байланысып    жатады. 

Ұлттық    әдебиетіміздің    ұзақ    жылдық    тарихымен    бірге    жасасып  

келе жатқан  жазушы  жиырмасыншы жылдардан  бастап  пролетариат  

бағытын    ұстанған    Сәкен,    Бейімбет,    Сәбит    сияқты    ағаларына    ере  


6

шықты  да,  осы  әдебиеттің    негізгі    принциптерін    қорғауға  қатысты,  

ескішіл  күштерге  қарсы күресті.  Орынбор  рабфагінде оқып  жүрген  

жас Ғабиттің  «Қисық сынға  – әділ  төре» деген  алғашқы  сын  мақаласы 

«Еңбекші  қазақ»  газетінде (1924, 24 март) басылған  еді.  Бұл  мақалада  

ол  сол  кезде  оңшыл бағыттағы  әдебиетшілер  тарапынан  қазақтың  

пролетарлық  әдебиетінің  көшбасшысы  Сәкенге  жасалған  шабуылға  

өзінше  жауап  беруге  ұмтылды.  Бүгін  біз  үшін маңыздысы – мақаланың  

мазмұны    мен    сыншылдық    өнегесі    емес,    тарихи  маңызы.    Сәкенді  

қорғау  – ол  кезде бір  адамның  басына араша  түсу  емес,  ол  бастаған  

пролетарлық,    революциялық    бағыттағы    қазақтың    жаңа  әдебиетінің  

халықтық  позициясын  қорғаумен  тең  еді.  Әдебиет  әлеміне араласып  

үлгірмеген    студент    жастың    алғашқы    талабын    осындай    күрес 

жағдайында  ұштауы оның  кейінгі  шығармашылық  жолын халықтық  

бағытта    жалғастыруына    негіз    болды.    Содан    сәл    кейіндеу    жазған  

«Әдебиет  айтысына» атты көлемді мақаласында Ғабит  жаңа  әдебиеттің  

даму  бағытына  сын  айтқан,  тіпті,  оны жоққа шығарған  пікірлерге  

дәлелді  дау  айта білді.  Қазақстанда  пролетариат  ішінен  шыққан  ақын-

жазушы жоқ,  демек,  бізде  пролетариат  әдебиеті  болуы  мүмкін  емес 

деген  сәуегейлікке  мақала  авторы  республиканың саяси-әлеуметтік,  

қоғамдық  жағдайларының  негізін  тілге тиек  ете  жауап  берді.  «Бізде 

де  пролетариат  күресі (байлар  қалдығы,  ескі  салт-санамен) бар.  Біздің 

әдебиет  те осы  күрестің  құралы», – деді  ол. 

Әрине,  ол  кезде  бұлай  жазу  заман  талаптарына үн қосу қажеттілігінен 

туған  еді.  Заманның  пролетариат  пен  езілген  кедей  шаруаны бетке 

ұстап,  үстем  тап  өкілдеріне  қарсы күреске  бағыттауы,  әдебиеттің  

бетін  де солай  бұруы әдебиеттің  жас  күштеріне саяси  бағыт  берді. 

Ол  коммунистік  партия    нұсқауларын,  В.И.Лениннің  әдебиет    туралы 

пікірлерін    пайдаланды.    Кейін    бұл    бүкіл    кеңес  дәуірі    әдебиетінің  

бұлжымас  қағидасына  айналды.  Бүгін  осының  бәрін  түсіне  қабылдау 

керек.  

Ғабиттің  шыншылдық  ой-пікірлерінің  өзгеше бір  қасиеті – қолына 

қалам    ұстағаннан  бастап    бұрын    айтылып    жүрген    қағидаларды 

қайталамай, өмір  процесіне  сүйене отырып, әдебиетте  тың  байламдар, 

жаңа ойлар  айтуға ұмтылуында. 1930 жылы  жазылған  «КазАПП-тың  

бүгінгі    міндеттері»  атты    мақаласында  жазушы    КазАПП  қызметін  

еліміздегі  социалистік  құрылыс  шараларымен  байланыстыра қарады. 

Жаңа  әдебиеттің принциптері жөніндегі В.И.Ленин пікірлерін, РКП(б) 

Орталық    Комитетінің    1925  жылы  «Партияның    көркем    әдебиет  

саласындағы    саясаты    туралы»  қаулысының    негізгі  қағидаларын, 

Қазақстан    өлкелік    Комитетінің    1929  жылғы    декабрь    Пленумының  

шешімдерін,  РАПП-тың  бағдарламасын  негізге  ала  отырып, КазАПП 

платформасының  басты-басты буындарын  белгіледі.  Сөйтіп  КазАПП 


7

ұйымы  осы  дәуірдің    айқасқан    алысында,    пролетариат  табының 

негізгі құралының  бірі болатын  төңкерісшіл  пролетариат  әдебиетін 

жасайтынына  сендірді.  КазАПП-тың    ұйымдастырушылық    қызметі 

жөнінде  де  жазушы    көптеген    ойлы  ұсыныстар    жасады.    Өзінің  

30-жылдардың    бас  кезінде  жазған    мақалаларында  да  Ғабит    әдебиет  

дамуындағы КазАПП-тың  ролін атай отырып,  оның  қателіктеріне сын  

көзімен қарай білді, пролетариат  әдебиетін  өркендетудің басты-басты  

мәселелеріне  көңіл аударды.  

1932 жылы  РКП(б) Орталық  Комитеті  «Көркем әдебиет  ұйымдарын  

қайта құру туралы» қаулы  қабылдады.  Осы қаулы  негізінде  КазАПП 

тарап,  Жазушылар  одағының  ұйымдастыру  Комитеті  құрылды.  Ғабит  

осы Комитеттің  жауапты  хатшысы  қызметіне  тағайындалып,  бірыңғай  

кеңес  жазушылары    одағын    құруды    ұйымдастыру,    жазушылардың  

бірінші  съезін  дайындау істеріне белсенді қатысты. Осы кезде жазған 

мақала-баяндамаларында    ол    қазақтың    революция    тудырған    жаңа 

әдебиетінің  табысты  жолмен  ілгерлеп  келе  жатқандығын атай отырып,  

оның    ізденістері  мен    олқылықтарына    салмақты    талдау    жасады,  

социалистік    құрылыс   дәуірінде түрі    ұлттық,    мазмұны    социалистік  

өнерді  өркендетудің жаңа жолдарын  қарастыратын  тың  пікірлер  айтты.  

Бұған  дейінгі  әдебиет  дамуымен  жаңа  дәуірдің  міндеттері туғызған  

өзгерістерді  жіті  танығандық  байқатты.  

1933  жылғы    Қазақстан    Жазушылары    ұйымдастыру  Комитетінің  

бірінші  пленумында  жасаған  баяндамасында Ғабит  қазақ  қаламгерлері  

ішінен  бірінші рет  социалистік реализм әдісі  жайлы  тұңғыш  пікір  айтты.  

«Социалистік  нағызшылдық  (реализм  деген  мағынада. – С.Қ.), – деп  

жазды ол, – ұсақ-ұлан  нәрсе  мен  үлкен  шын  өмірді  жамылтқыламай,  

шындықтың,  қазіргі  өмірдің  өзін  толық  көрсетуді  керек етеді.  Қазіргі  

өмірде келешегі  кең,  қандай қиыншылықтарды жеңіп,  үстемдік  алып,  

алға  сүйреп  отырған  не – соны  жазуды тілейді.  Бұл  ұран жазушыларға 

шындықты үстінен  қарпымай,  тексеріп, неғұрлым  барлық  сырын  ашып,  

түгел    көрсетуді    жүктейді».  Социалистік    романтизмнің    реализмге 

қайшы    келмейтін,    оны    келешекпен,    халықтың  арман-болашағымен  

байланыстыратын  әдіс  екенін  де жазушы орынды  көрсетті.  

Бұдан    кейінгі  дәуірдегі  жазушы  өмірі    түгелдей  Қазақстандағы  

әдеби  процеспен    тығыз    байланысты    өтті.    Ол  ұзақ    жылдар  

республика    Жазушылар    одағының    басшы  қызметтерінде    болды,  

әдебиет    дамуына  белсенді  қатысты,    баяндамалар  жасады,    сөздер  

сөйледі,    арнайы  мақалалар    жазды.    Мұның    барлығында,    тұтастай  

қарағанда,    әдебиетіміздің  көп    жылдық    тарихының    ізі  бар.  Ол  әр  

дәуірдегі    әдебиет    дамуын    өмір    шындығымен    салыстыра  қарайды, 

жетістіктерін    қуана    айтады,    кемшіліктерін    сынға    алады.    Жазушы  

қазақ    әдебиеті    жанрларының    өрісі    жайлы    көп    еңбектер    жазды  – 


8

прозаның,  драматургияның,  сынның,  әдеби    тілдің    даму    беталысын  

талдады. Осылардың бәрінде де салмақты ой,  байсалдылық танылады,  

оның  мақтап  айтқан  немесе сынаған  пікірлері дәлелділігімен  орынды  

естіледі.    Бұл    тұрғыда  Ғабиттің    «Совет    драматургиясының  кезекте  

тұрған  кейбір  мәселелері», «Жоғары идеялы  көркем әдебиет жасайық», 

«Қазақстандағы    әдебиет    сынының    жайы  мен    міндеттері    туралы», 

«Қазақ кеңес прозасы туралы», «Қазақ  кеңес  әдебиетінің  қазіргі жайы 

мен  міндеттері туралы», «Әдебиет  тілі  жайында» т.б. еңбектері  сын  

тарихын  зерттеушілер  үшін  де,  қазақ  әдебиеттану  ғылымы үшін  де 

қажет  тың  ойларды, проблемалық  мәселелерді  қамтиды.  Мәселен, кеңес 

драматургиясының  жағдайы  талқыланған  СССР Жазушылар  одағының  

пленумында  (1949) сөйлеген  сөзінде  ол  бұл жанрда кеңес шындығы 

тудырған  идеялық,  формалық  жаңалықтарды,  драмалық  тартыстың  

түрлерін,  трагедиялық  шығармаларда жаңа  образ  жасау  мәселелерін  

талқыға  салды.    «Идеясы    жоғары,    қоғамдық    мәні    аса  зор  кеңестік  

драматургия жасай отырып, драматургияның  феодалдық, буржуазиялық  

үстемдіктер  кезінде тозған  заңы мен  теориясына  бас иіп  отыра  беруге  

болмайды.  Екінші жағынан,  кеңес әдебиетінің  қай  жанрын  алсаңыз 

да,    ескі    өлшеулеріне    сыймайтын,    өзіндік    заңмен,    революциялық  

теория  арқылы  ғана  өспек», – деді  Ғабит.  Қазақ  әдебиетінің  дамуына  

арналған  мақалаларда  ұлттық  тіл  өнерінің  табыстары  мен  міндеттері  

жан-жақты сөз болады.  

Осылардың ішінде  және  жеке  мақалаларында  Ғабит  әдебиетіміздің  

көрнекті    қайраткерлерінің    шығармашылығына,    олардың  басты  

кітаптарына талдау  береді,  өзінің  қаламдастары  еңбектерінің  әдеби  

процестегі  және әдебиет  тарихындағы  орнын  анықтауға  ұмтылады.  

Осы тұрғыда  оның  Абай,  Жамбыл,  Сәкен,  Мұхтар,  Сәбит,  Асқар  

жайындағы    мақалалары    аса  бағалы.    «Қазақ  әдебиетінің    өркендеу  

жолындағы  Абайдың  тарихи  орны» атты  мақаласында  ол  ұлы  ақынның  

шығармашылық  бетін  оның  өмір  сүрген  дәуірінің  ерекшеліктерімен, 

орыс  халқы  мәдениетінің  прогрестік  маңызымен,  Абай сусындаған  

халық    әдебиетінің    үлгілерімен    тығыз    байланыста    қараса,  Жамбыл  

туралы пікірлерін  кеңестік  жағдайда  жаңарып  туған  халық  поэзиясының  

табыстарына  негіздейді.  Ал, Сәкен туралы  жазғандарында Ғабит  «25 

жасқа  толмай  тұрып-ақ  есімі  халыққа  кең мәлім  болған,  өзінің  жан  

сұлулығымен,  мөлдір  тазалығымен,  ақындық  және  публицистік  шексіз  

дарынымен  революциялық  дәуірдің  қаһарманына»  айналған  адамның  

портретін    жасайды.    Мұхтар    Әуезовтің    «Абай»  романының  бірінші 

кітабы  жарияланғанда, оны  қуана  қарсы алып,  осы  ұлы  шығарманың  

қазақ  әдебиетіндегі  орнын  белгілеп,  оның  жарқын  болашағын  болжаған  

да Ғабит  еді.  «Абай» романы  – бүгінгі  қазақ  әдебиетінің  жаңа белі, 

– деп  жазды  ол.  – Бұл – роман  деген  үлкен  ұғынысқа  толық жауап  


9

беретін  қазақ  әдебиетіндегі  бірінші роман.  «Абай» шын  мағынасында  

европалық  озық  әдебиеттердің  піскен,  сыналған  үлгісімен  жазылған... 

«Абай» романын  неше рет  қайталап  оқысам, сонша, әрдайым  жаңа 

бір    ой,    жаңа    бір    көркемдік,    бұрын    оқығанда  байқалмай    кеткен  

тереңдік  табам».  Мақалада    суреткер    жазушының    қазақ    әдебиетінің  

кесек  туындысына ағынан  жарыла  айтқан  қуанышы,  роман  туралы  

толғанып  айтқан  ақтық  пікірі  бар.  Әсіресе, әрбір  ұлы  жазушының  

қаламынан  шыққан  классикалық  шығарманың  қаламгерге  ой салар,  

тәлімдік    мәнін    де    мақала    авторы  жақсы  таниды.    Ұлылықты  тану,  

жаңалықты  тап  басу тек осындай  ұлағатты  адамның  ғана  қолынан 

келмек.  Осы сипатты Ғабиттің  «Майданнан  соққан  жаңа  леп» (1944) 

деген  мақаласынан  да көреміз.  Онда  автор  Ұлы Отан  соғысы кезінде 

майдан  даласында  туған  Қасым  Аманжоловтың  «Абдолла» поэмасы  

мен  Әбу  Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңінің  жаңашылдық  сипатын  

алғаш  таныды. Жақсыға  қуанып,  оны  жеткізе  дәлелдеп, ғылымдық,  

халықтық    баға    беру    –  Ғабит  сыншылдығының    ең    бір    үлгі    тұтар  

белгісі.  

Кеңес  әдебиетінің    интернационалдық    сипаты,    одақтық,  

дүниежүзілік  әдебиеттің жалпыға ортақ  үлгілері Ғабит  еңбектерінде  

кең    қаралып  отырады.    Ол    қазақ    әдебиеті    құбылыстарын    сондай  

салыстырулардан    өткізіп,    жан-жақты    талдайды.    Қазақ    әдебиетінің  

туысқан  халықтар  әдебиеттерімен  (орыс,  украин,  өзбек,  тәжік, т.б.) 

шығармашылық    байланысы    мәселелерін    қарастырады.    Осылардың  

қатарында    жазушының    М.Ю.Лермонтов,    Т.Г.Шевченко,    М.Горький,  

Н.Хикмет,  А.Фадеев,  М.Шолохов туралы  да  мақалалары бар.  Бұлардың 

әрқайсысы    белгілі    жайларды    қайталауға  емес,    ұлы    суреткерлердің  

барлық  халықтарға ортақ  ерекшеліктерін  ашуға  құрылады,  олардың  

кейінгі  ұрпаққа ұсынар  өнегесіне үңілдіреді.  

Ғабит  көп жылдар  бойы Азия,  Африка жазушыларының халықаралық  

байланысына    белсенді    араласып    жүрді.    Осы  елдердің    әдебиетін,  

көрнекті    жазушыларының    еңбектерін    насихаттауда    оның    еңбегі  

үлкен.  Бұған  оның  «Күресте туған ынтымақ», «Судан  халқының  ер  

ұлы», «Каирдағы  маңызды кездесу», «Азия,  Африка  жазушыларының  

қозғалысы  жаңа  белесте»,  т.б.  мақалалары  дәлел.  Бұларда    Ғабит  

жазушының    бейбітшілік    жолындағы    күрестегі    орнына,    әдебиеттің  

саяси  белсенділігінің  артуына  ерекше  мән  береді.  

Қазақ  мәдениетінің  аса көрнекті  қайраткері  есебінде Ғабит  әдебиет  

мәселелерімен    шектеліп    қалмай,    өз    өмірінде    өнердің    басқа  да  

салаларының  өркендеуіне  белсенді  ат  салысқан. Оның  опералық  және  

драмалық  шығармалар  жөнінде, кино  туындылары,  қазақ  мәдениетінің  

дамуы    мен    жеке    қайраткерлері    (Қ.Қуанышбаев,    Е.Өмірзақов,  

А.Жұбанов,  т.б.) жайлы  жазған  мақалалары  мен  сөздері  бұған  куә.  


10

Үлкен  суреткер, шебер  жазушы өзінің сыншылдық  ой-пікірлерінде 

әрқашан  әдебиетке талап  қоя  қарады,  оны биік  өнер  санады,  ақын-

жазушының    жауапкершілігін    ескертті.    Көбіне    ол    қазақ    кеңес  

әдебиетінің    негізін    салған    «Алыптар    тобының»  (Сәкен,  Бейімбет, 

Ілияс, Сәбит, Мұхтар  тобын  ол  осылай  атайды) өмір  мен  әдебиеттегі 

өнегелі дәстүрін  мысалға  алып,  үлгі  ете  сөйледі. Олардың  жазушылық, 

жолдастық,  адамдық  қарым-қатынастарда  есте  қалған  жайларын  сөз  

етті.  Бұл  – біз  үшін, әдеби  қауым  үшін  ұмтылмас өнеге.  

«Сын    түзелмей,  мін    түзелмейді»  дейтін,  ескіден    келе    жатса  да,  

ескірмейтін  бір қағидамыз  бар, – деп  еді  Ғабит  жас жазушылар  алдында  

сөйлеген  бір  сөзінде.  – Бірімізді біріміз сынау,  менің  үлкен  бір  арманым  

бойынша,  бірінші  жолдастық,  бірінші  достық,  бірінші әділ  сөз  болу 

керек.  Амал  не,  кейде  қандай  әдемі  сөздер,  қандай  ұтқыр сөздер  

жолдасыңды  мұқатуға  арналып  жатады.  Бұл – үлкен  өкініш.   Кейде 

сол  ұтқыр  сөздер  «орныңды босат,  маған  бер!» – дегендей  естіледі.  

Бұл  –  үлкен    өкініштен    гөрі  де  үлкен    өкініш.    Әрбір    ақын-жазушы 

әдебиетіміздің  кең  жайлауынан өзі тапқан  орынға ғана келісімді  болады.  

Ақын  орны,  қаламының  қанаты  қандай биікке  көтеріп  шығарса,  сол  

жерде.  Ондай  орын,  әсіресе, биікте көп.  Қырандай  құлаштап,  сермеп  

барып,  сол  орынды ал. Өзгенің  бәрі – мансап  та  мансұқ». 

Аға    жазушының    жас  буынға  айтқан    ақылында  әдебиетке,    оның 

еңбеккерлеріне  деген  үлкен  қамқорлық, ескірмейтін,  оқыған  сайын  

жаңарып  естілетін  өсиет  жатыр. 

Қазіргі әдебиеттің көркемдік  сапасы үшін, ана тілінің тазалығы үшін 

күрес – Ғабиттің  сын  мақалаларының  негізгі  тақырыбы.  Бұл  тұрғыда  

жазушының  «Асқындырып  алмайық,  достар», «Авгейдің  атқорасынан  

бастайық»,  «Ана  тілін    анамыздай  ардақтайық!»  атты  мақалаларының  

елеулі мәні бар. Олардың  алғашқысында  белгілі  сөз  зергері  қазіргі  

әдебиетте    «ауыз»  тұшымайын,    ой-сезімі  таяз,    көркемдігі    алабажақ,  

ойландырмайтын,  сендіре алмайтын,  қызықтырмайтын,  әшейін  ыза  

қылатын    жасанды    нәрселер  етек    алып    бара    жатқанын    қынжыла 

жазып,    нақты    шығармалар    жайлы    сын    пікірлерін    ортаға  салды.  

«Бір-біріміздің  жазғанымызды  біріміз    қадағалап    оқымайтын    салтқа  

бой  үйретіп  алдық.  Әсіресе,  ұшырасып  қалатын  кемшіліктерге  бей-

жай    қараймыз»,  –  деп    қынжылды  ол.    Ал,    екінші    мақала  ана  тілін  

қадірлемей,    тіл    бұзуға    жол    беріліп    отырғанына    реніштен    туған. 

Жазушы «Біздің  ауыл  осылай сөйлейді» деп, ойына келгенін  жазып,  

әдеби  тілдің  нормасына нұқсан  келтіріп  жүрген  бірталай  авторларға  

ескерту  жасады.  Үшінші мақала Ғабиттің жазушылар  алдында ең соңғы  

жасаған  баяндамасы  негізінде жазылған. Онда жазушы тағы да  әдеби 

тіл мәселесіне  оралып,  мұның  әдебиеттің көркемдік  биік  сапасы  үшін  

күрестегі  орнын  ерекше  атап  көрсетті. Тілді  әдебиетте  пайдаланудың  


11

олқы  тұстарына  қиналып, жұрт алдында үш  сағат  бойы  тік  тұрып  

сөйлегені    бәріміздің  есімізде.    Әдебиет    тілі  қандай    болу  керектігін  

іздейтін  адам  үшін  Ғабит  мақалалары  таптырмайтын  оқу  құралы  

екенінде  дау  жоқ. Оны тек  ұқыптылықпен  үйреніп  оқу  керек.  

Осы  еңбектерінің өзімен  Ғабит  көркем әдебиетке  биік  талаптар  қоя  

қарайтын  ұлы  күрестің басында  тұрғандай  көрінеді.  Оның  әдебиеттік 

ой-пікірлері,  өсиет-ғибраты  әрқашан  ойыңды  байытады,  жаңа  ізденіске  

жігерлендіреді.  

Ғабиден    Мұстафин    –  бүкіл    шығармашылығын    өз    дәуірінің  

шындығын  суреттеуге  арнаған  қаламгер. Өзінің  романдарында  («Өмір  

не өлім», «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан  кейін», 

«Көз  көрген») ол  Қазақстандағы  қоғамдық  құрылыстың басында тұрған  

замандастарының    алуан    түрлі    бейнелерін    жасады.    Сөйтіп    ұлттық  

әдебиеттің  бетін  жаңа заманға  бұруға себепкер  болды.  

Сонымен  қатар  Ғабиден    –  тек  көркем    шығарма    жазумен    ғана 

шұғылданбай,  әдебиет  дамуының  маңызды  мәселелерін  талқылауға 

белсенді  араласып,  өзінің  жазушылық  тәжірибесін  жас  қаламгерлерге  

үлгі  етіп  әңгімелеп  өткен  ұстаз  суреткер.  Ол  әдебиеттің  қоғамдық  

белсенділігін    көтеру,    өмірмен    байланысын    арттыру,    көркемдік  

шеберлікке  жетілдіру сияқты  проблемалар  жайында  жиі жазды,  өз  

тәжірибесін  ортаға  салды.  Сөйтіп, көркем  шығармаларында  көтерген  

үлкен  ойларын  сыншылдық  пікірлерімен  толықтыра түсті.  Мұны біз  

жазушының  «Ой әуендері» (1978) атты кітабынан көреміз. Кітап  1979 

жылы  Қазақ  ССР Мемлекеттік  сыйлығына ие  болған.  

«Ой әуендері»  жазушы өмірінің  соңғы  отыз  жылы  ішіндегі әдебиет  

жайлы    ойларын    жинақтады.    Бұл  –  оның    үлкен    суреткер    есебінде  

танылып,  көркем  туындыларының әлемдік  әдебиеттің  қорына кірген  

кезі.  Оның  шығармаларымен  қатар,  мақалалары да  авторының  ойлы 

қаламгер  екенін,  оның әдебиет  алдына нағыз  биік  көркемдік  талаптар  

қоя  білетінін,  сол  үшін  белсенді күрескер  болғанын  көрсетті.  Кітап  – 

ұзақ  ойдың,  әдебиет  тағдыры  жайлы  тынымсыз  ізденістердің  жемісі,  

«Ойсыз  күнім  болмайды, – дейді  Ғабиден  кітапқа  жазған  алғысөзінде. 

– Әр  кезде  әр  қилы  ой келеді.  Көре келе,  жүре  келе,  уақыт,  жағдай  

өзгерген  сайын,  ол  да өзгере береді... Автордың  өз әуенім, өз  ойым  

дегені,  сайып  келгенде,  қоғамдық  ой  қозғалыстарының  бір  саласымен  

ұштасып жатады». Бұл сөздің шындығын кітапты оқыған адамның бәрі 

де ұға алады.  Жазушы әуендері – өзі куә болған, бірге жасаған  әдеби  

процесс,  әдебиеттің    даму  жолы,    жеке    авторлары  мен  туындылары 

жайлы.    Сөйтіп,    ол    ойлар    қазақ    әдебиетінің    тарихына  қатысты  

қоғамдық  ой-пікірлермен  ұштасып  жатады. 

Қай  заманда    болсын,    адам,    ең    алдымен,  өз    қоғамының    өнімі.  

Ол  қоғамнан  тыс  өмір  сүре алмайды және  де қоғам  өмірінің  ісіне  


12

араласпай да қала  алмайды.  Қоғамда өмір  сүрген  адам,  бір  жағынан,  

сол  қоғамның тіршілігі  үшін  жауапты  да.  Жай  адам  бір  есе жауапты  

болса,  жазушы  қоғам  қайраткері  есебінде  екі  есе жауапты.  Кешегі  

Кеңес  Одағымен,  ол  құрған  қоғамдық  құрылыспен  бірге  жасаған  

ұрпақ та осындай  міндеттер  атқарды.  Жазушылар  өз  шығармаларымен  

сол  қоғам  өмірінің  шындығын  бейнелеп, сол  заман  қаһармандарының  

бейнесін  жасады.  Аға жазушылардың заман  туралы,  әдебиет  туралы  

толғаныстарын    оқысаң,    оларды    суреткер    есебінде  толғантқан  

мәселелердің    көптігін    көресің.  Ол  мәселелер    заманмен    бірге    адам  

тағдырына    келіп  тіреледі.  Сөйтіп    олар    заман  ауыртпашылығын  

көтереді, заманның  сөзін,  адамның  сөзін  сөйледі.  Заман  тағдыры,  

адамзат  өмірі,  соғыс  алапатына  қарсы  күрес,  бейбітшілікті қорғау,  

елді    жаңарту,  қоғамдық  жүйені  жетілдіру    жолындағы  шаралар,    осы 

істердегі  әдебиеттің  орны  мен  міндетін  ұғыну,  әдебиеттің халықтығы 

мен    көркемдік    саласындағы  табысы  мен    олқылықтары    –  бәрі  де 

қалам  иелерін  тебірентпей   қоймады.  Ғабиденнің ой әуендері де үлкен 

жазушының  осы  дәрежедегі қоғам  қайраткері болғанын  көрсетеді.  

«Ой  әуендеріне» автордың  әр  кезде  айтылып,  жазылған  әдебиет  

туралы  сын  пікірлері,  баяндамалары,  сөздері,  мақалалары кірген.  

Олардың  бәріне ортақ  ерекшелігі – жазушының  барды тізе  беруге, 

белгілі  нәрсені    қайталауға  құмарлығы  емес,    қайта    өз    ойларын  

белгілі бір  әдеби проблемаларға құруға  ұмтылушылығы,  сол  арқылы  

әдебиетке  талап  қоя білетіндігі,  оқушысын  ізденуге  үйрете білетін  

ойшылдығы.  Оның  әдебиет  дамуы  мен  әдеби жанрлардың  жетілуі  

жайындағы    мақалалары  мен    баяндамаларының  өзі  шолу    сипатты 

емес,    проблемалық    үлгіде    жазылуының    сыры    осында.    Жазушы 

ойларын  сынға  құрады.  Әдебиет  алдына  тың  талап  қояды.  Мұндай 

ерекшелік  Ғабиденнің  «Қазақ  кеңес  драматургиясы», «Өскелең проза», 

«Терең  характерлер  жасайық», «Әдебиетіміздің жайы мен  міндеттері», 

«Дамуымызың кейбір  сипаттары», «Әдебиетшілердің ортақ  ісі», тағы  

басқа сын  мақалаларына тән.  Кеңес дәуіріндегі  қазақ  драматургиясына  

негіз  болған  драманың  халықтық  формалары  жөніндегі  ойларымен,  

драманың    даму    кезеңдерінде  лайық    дәуірлік    шығармаларды  

талдау    негізіндегі    пікірлерімен,    драмадағы    тілдің    қызметі    жайлы 

байқауларымен,  үлкен  прозаның  ізденістері  жайлы  тың  түсініктерімен  

жазушының    бұл    мақалалары    оқушыға  да,  әдебиетшіге  де  белгілі 

дәрежеде  ой  саларлық, оның  тың  пікірлерге бастарлық  қасиетке  ие 

болады.  

«Әдебиетіміздің  жайы  мен    міндеттері»  –    Ғабиденнің  Қазақстан  

Жазушыларының    ІІІ  съезінде  (1954)  жасаған  баяндамасы    еді.    Осы 

бір    ойлы    баяндамада    жазушы  екі    съезд    аралығындағы    15  жыл  

ішіндегі  әдебиеттің  дамуы  фактыларын  тізбелемей,  негізгі  мәселені  


13

бірнеше  проблеманың  төңірегінде  сөз  етті.  Ол – реализмді меңгеруде 

жазушыларымыздың    жеткен    дәрежесін    анықтау,    қазақ    әдебиетінің  

басқа    ұлттар    әдебиетімен    байланысы,    жетілу    жолы,    әдебиеттегі  

мазмұн  мен    ұлттық    түр,  әдебиет    жанрлары  ізденістерінің  бағыт-

бағдары  т.б. Екі съезд аралығында  қол жеткен  табыстарымызды осы 

жүйемен  анықтай  келіп,  жазушы  көркем    әдебиетке    қойылар    жаңа  

талап  жайлы әңгімеледі.  «Жеткен  табыстар жоғары, – деді ол. – Талап  

жоғарыламайынша,  әдебиет  жоғарыламайды». 

Осы  және  осы  тектес  мақалаларында    Ғабиден    әдебиеттің 

шығармашылық  мәселелеріне қоса  ұйымдық  мәселелеріне де ерекше 

назар  аударып  отырады.  Ол  жазушының  азаматтық  абыройын көтеру 

жайын  кең  сөз  етеді.  Ол  үшін  қаламгерлерді  үздіксіз  тәрбиелеу,  

олардың    халықпен    байланысын    көтеру,    қоғамдық    көзқарасын  

жетілдіру,  осы салада  Жазушылар  одағы  атқаруға  тиісті  әр  алуан  

істерді  әңгімелейді.  «Бойға  біткен  дарынды  ғажап  өсіруге  де немесе  

мүлде өшіруге  де болады.  Ол  тек  дән  ғана.  Дән  ерінбей,  ебін  тауып  

күтсе  өнеді,  өседі,  әйтпесе семіп  қалады» – дейді  тәжірибелі  жазушы.  

Оның  «Жазушы  атағын  жоғары  ұстайық», «Жазушылардың  моралі  

таза    болсын»,  «Халық    ісіне  лайық    болайық»    сияқты    мақалаларын  

тағы да бір қарап  шығып,  соған  сәйкес ұйым  жұмысын  қайта құру 

жайлы  ойланса,  Ғабиденнің  бұл  тектес  ой-пікірлері  одақтың  бүгінгі  

жұмысын  жандандыруға  да  көмектесетіні  даусыз. 

Ғабиден  өзінің  бірқатар  мақалаларын  ұлы суреткерлер  мен  әдебиет  

абыройын  көтерген  жеке  туындылар  жайлы  ойларын  білдіруге құрған. 

Бұл  тұрғыда  оның  әлем  әдебиетінің  алыптары  Л.Толстой,  Т.Шевченко, 

А.Фадеев  жайындағы    пікірлерімен    қатар    қазақ    әдебиеті    мен  

мәдениетінің  ардагерлері  Абай,  Жамбыл,  С.Сейфуллин,  І.Жансүгіров, 

М.Әуезов,  Қ.Сәтпаев,  Ғ.Мүсірепов,  Ж.Елебеков,  А.Жұбанов,  С.Бегалин, 

Ш.Құсайынов туралы,  олардың еңбектері жайлы  ойлары да  қызықты.  

«Абай»  романы  – әдебиетіміздің  мақтаны» атты мақаласында ол: 

«Ұлы  қасиет  үлкен  тау  тәрізді:  ішіне кірсең,  көп  шоқы,  сыртына  

шыққанда  ғана  зорлығы,  айбынын айқын  көрсетеді. «Абай» романы 

маған  дәл  осы  секілді,  көз  алдында  ғана  биік  емес,  тарих  көші ұзаған  

сайын  көркейе, зорая  беретін  секілді  байқалады» – депті.  1949 жылы 

айтылған  бұл  пікірдің  әділдігін  және  көрегендігін  біз  күн  өткен  

сайын  айқын  түсініп,  көріп  келеміз. 

Сәкен  Сейфуллиннің  азаматтық,  ақындық  бейнесі  жайлы ойларын  

жазушы  былай  түйіндейді:  «Ағынмен    аға    беруге  болады.    Ағынмен  

қарсыласа отырып,  мақсатты  жерге  жетуге  де болады.  Сәкен  мақсатына  

тулаған  толқындармен  алыса  отырып  жетті.  Біз  ағынның  айдауымен  

жетіп  келеміз.  Сәкен  өз  тұсында топ  жара шығып, халық  көңілінің  

төрінен  орын  алды.  Бір  кезде  Абайды  сүйгендіктен  халқы  еркелетіп,  


14

Ибраһим  демей,    Абай  десе,    Сәкенді    Садуақас    демей,    Сәкен    деді. 

Қазіргі жазушыларға  бұл  дәрежеге  жету  – ұлы  арман.  Сондықтан  

Сәкеннің  орны  қазақ  кеңес  әдебиетінде  өзгеше.  Сондықтан  ол – бізге 

ерекше  ардақты,  ескірмейтін  өнеге». 

«Ілияс  туралы  бірер  сөз»  атты  мақаласын  Ғабиден  ақын  және  

дәуір  деген  мәселеге  құрады да,  ақын  талантын  шарықтатып  өсірген  

заман  шындығымен  байланыстырады.  «Егін,  шөп  сияқты  әдебиеттің  

де    шығымды    не  шығымсыз    жылдары    бар,  –  дейді  ол.  –  Әдебиетті  

жазушы  жасаса,  жазушыны талант  жасайды.  Талант бап  талғайды, 

бабы  табылмаса, толыспай  жатып  солады,  не  өзінен  зорға  соқтығып  

өледі.  Ілиястікі  бабы  табылған,  қажымайтын, кір  шалмайтын  жарқын  

талант.  Ол  әмән лаулап  жанып  тұратын  еді.  Бірде өткір, бірде нәзік, 

бірде ащы, бірде тәтті  алуан-алуан  қысқа  өлеңдерден  бастап, поэма 

биігіне  көтерілді  бұл  ақын.  Ол – тек ақын  ғана емес,  очерк,  фельетон,  

әңгіме мақалалармен  қоса  роман  жазуға дейін  барған  көркем  сөздің  

сегіз  қырлы  шебері  болатын». 

Ғабиденнің    өз  замандастары    жайлы    осы    тектес  сөздері  өнер  

адамының    дәуірмен    байланысы,    келбеті,    адамдық    қасиеті    жайлы  

түйінді  ойларға  құрылады.  Жазушы өз  естеліктерін  оның  еңбектері  

арқылы  дамытып, нақты адамның  портретін жасайды.  Ол жөніндегі  

замандастарының  ұғымын  әңгімелейді. 

Ғабиден  мақалалары  қандай  тақырыпқа  арналса да,  жазушы  ең 

алдымен  әдебиеттің  қоғамдық  қызметін  көтеру  жолындағы күрескер  

болып  танылады,  әдебиеттің халықтығы  принципін  берік  ұстанады.  

Әдебиетті  дәуірдің жаңа міндеттеріне  бағыттап  ақыл-өнегесін  ұсынады.  

Үлкен  суреткер  есебінде де  Ғабиден  әдебиеттің көркемдік  сапасы 

үшін  күрестің  алдыңғы легінде  көрінді.  «Іші-сырты  сай келген  нағыз  

көркем  шығармаға  өлім  жоқ десе де болады, – дейді  жазушы.  – Адамдар  

қартайып, ескі  қауым  кетіп,  жаңа қауым  келіп  жатады.  Нағыз  көркем  

шығарма олардың  кеткенін  ұзатып  салып,  келгенін  қарсы алып,  жасай  

береді.  Ондай  шығармада  өзі  туған  дәуірдің  лебі,  тұлғасы  сақталады,  

өз  ұлтының  исі  аңқып  тұрады. Ондай шығарма  оқушысына  әрі ләззат,  

әрі  білім  береді». 

Жақсы,  сапалы  шығарма    жасаудың    жолы    –  жазушы    ұғымынша, 

қажымайтын  ұзақ  еңбек,  талмайтын  ізденіс. «Талай  томдар  жазған  

дарынды    жазушының    өзі    әрбір  жаңа    шығарманың    тұсында  биік  

шыңға өрмелегендей  демігеді,  ізденеді,  кейде  тіпті  аяғы  тайып, кейін  

сырғанайды.  Сонда да  қайтпастан  өрмелей  береді» – деген пікірлердің  

қаламгер  тәжірибесінен  туғаны даусыз.  

Жазушылық  ізденісте Ғабиден  ой мен көркем  сөзге  ерекше мән  

береді.  Жазушы  еңбегінің  санымен  емес,  сапасымен  өлшенетінін  айта  

келіп, ол: «сапа  дегенім – ой мен  тіл. Ойы мешеу, тілі  доғал  шығарма 


15

өктесең  де оқушының  көмейінен  өтпейді.  Ойы жоғары,  тілі  алғыр  

шығарма  қашан  да  естен  кетпейді» – деп  жазады.  

«Қалампаздар кәдімгі  төрт бұрышты  кірпішті жалпағынан, қырынан  

ғана емес,  тігінен  де,  көлбете де  қалай  біледі.  Сөйтіп,  жасаған  дүниесіне 

алуан-алуан,  қызықты  сымбат  береді.  Жазушы  да осы  тәрізді.  Сөзді  

әр қилы қалай  отырып, о  да  бір  қызықты дүние  жасайды». 

«Сөз  –  ойдың  айнасы.    Айнаның,    әрине,    жақсы,    жаманы  бар.  

Қайсысы  болса да  барды  көрсетеді,  жоқты  көрсете алмайды.  Түптеп  

келгенде,  шығарманың  тағдырын  шешетін  ой.  Ой деген  қисапсыз  көп,  

шексіз  үлкен.  Сол көптің  ішінен  таңдай  білсе,  сол  үлкеннің  шетінен 

бойына  шақтап  ала білсе,  жазушы  сәтті  бір  адым  алға  басқаны.  

Ойларға мен  социализм  тұрғысынан  қарадым.  Неғұрлым  социализмді 

жақтаған,  оны  жасаушыларға  жәрдем  еткен  ой  солғұрлым  күшті,  әрі  

әдемі». 

Жазушының  бұл  сөздерінде  өмір  мен әдебиет  тәжірибесін  өткен  

үлкен  суреткердің  ағалық  ақылы мен  шығармашылық  өнегесі  қабат  

көрінеді.  Оның  өз шығармаларының  жазылуы жайындағы  ойлары  да 

жастарға  ғибрат  берерлік  мәліметтерге толы.  Онда өмір  деректерінің  

әдебиет  туындысына  айналу  жолы,  жазушылық  лаборатория мәселесі 

кеңінен  қозғалады.  Сондықтан  да  Ғабиден  кітабының  кейінгі жас 

ұрпаққа    берері    мол.  Халықтың    ұлттық    дәстүрлерінің    пайдалы 

жақтарын    әрқашан    үйреніп,    жалғастырудың    қажеттігін    ескертеді.  

«Қазақ  дәстүрі  тек  ата-ананы  ғана емес,  жалпы адамды  сыйлауға  

баулиды, – дейді  дана қарт.  – Үлкенге сәлем беру,  орын  беру,  жол 

беру,  кимелеп баса-көктеп  өтпеу,  үйіне  келе  қалса,  атын  байлап,  есік  

ашып,  төрге  шығарып, жақсы қабақпен  аттандырып  салу,  меймандос,  

жолдас-жораға қайырымды  болу  сияқты  салт-дәстүрлердің  бірде-бірі 

ескірген  жоқ.  Бұлар  – өмір  бойы ескірмейтін,  адамнан  адам  іштей  

әмән дәметіп  тұратын  табиғи  құлық-мінездер.  Бұл  мінездерді  қорлау 

– алдымен  өзін өзі қорлау, сыйлау – алдымен  өзін  өзі сыйлау». 

Сырт қарағанда,  жалпыға  мәлім  осы  қағидалар  қазіргі жастарға  

арналып,  қадірменді   ақсақал  жазушының  аузынан  шыққанда тың,  

өзгеше естіледі.  Жазушы осы  негізде  әдебиет  дәстүрін  сыйлауды да  

әңгіме  етеді.  

Ғабиден    кітаптарында    мақал-мәтелге,  қанатты    қағидаларға,  

афоризмге айналып  кеткен  тіркестер  мол  кездеседі.  Жазушы  тілінің  

бұл    қасиеттері    кезінде  зерттеулерде    талай    атап    көрсетілген.  «Ой  

әуендерінің» соңғы  бөліміне  жазушы  аузынан  шығып, кейін  халық  

игілігіне  көшкен  қанатты  сөздердің бір  қатары  сұрыпталып  берілген.  

Бұл  –  тіл    үйренуге  ұмтылатын  жастарға    да,    жазушы  өнегесін    үлгі  

тұтатын  оқырмандарға  да қажет  дүниелер.   

Бұл айтылғандар  Ғабиден  мақалалары  әдебиеттану, әдебиет  сыны  


16

үшін  ғана емес,  жалпы әдебиет  сүйгіш,  заман  үніне  құлақ  тосқыш,  

ізденімпаз  қауым  үшін  де пайдалы екенін  дәлелдейді.  Мұнда  өмірлік 

тәжірибесі    мол    жазушының    даналық    ойлары  мен    өсиет-өнегелері  

жинақталған.  

Ғабиден    мақалалары  әр  кезде  жазылған.    Оларда    отызыншы  

жылдардан  күні  бүгінге  дейінгі  әдеби дамуымыздың  ізі жатыр.  Ұзақ  

жылдар  Жазушылар  одағының  басшылығында  болған  жазушының  

еңбектерінде  одақтық  ұйымдастыру  жұмыстары жайлы  да  мәліметтер  

мол. Сондықтан  оларда  жеке  адамдардың  атына,  одақтағы ұйымдастыру  

жұмыстарына,  әдебиет    баспасы  мен    газет-журнал    редакцияларына 

айтылған  сындар,  ескертулер болса,  олардың  тарихи  дәлелі,  себебі 

бар.  Бүгін  біз  Ғабиден  мақалаларынан  бір  кез  баспа орындарының  

қалыптасуы жолындағы  ізденістерін  де  аңғарамыз.  Сондықтан  бүгінгі  

баспаға, бүгінгі  газет-журнал  редакцияларына  оны  өкпе  етудің  орны  

жоқ.  Жеке  адамдар  жайлы  жазушы  ойларына  да  солай  қарау қажет. 

Әдебиет  алыптары мен  сол  әдебиет  тарихын  зерттеушілердің  аға  

ұрпағы бүгін  қатарымызда жоқ.  Бірақ  олардың  жасаған  еңбегі  өлмек 

емес.  Әдебиетпен  бірге ол  туралы айтылған, жазылған  ой-пікірлер  де  

жасай  береді.  Кейінгі  ұрпақ  ұлы шығармаларды  қалай  өнеге  тұтып,  

үйренсе,  үйренерлік,  ой  саларлық  пікір  сын,  зерттеу еңбектерінен  

де  мол  табылатыны  анық.  Сондай бағалы еңбектерді халық  қазынасы  

ретінде басып  шығарудың  қажеттігі  де  осыдан  туған.  Ғ.Мүсірепов 

пен  Ғ.Мұстафиннің әдебиеттік ой-пікірлері  де  осы  қажеттілікті өтей 

алатыны даусыз.  



  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   32


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал