Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты



жүктеу 3.67 Kb.

бет7/49
Дата08.01.2017
өлшемі3.67 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   49

                                                      және этномәдени негіздер
елінің  қоғамдық  болмысы  үшін  көтере  түседі,  дегенмен  жан  дүниенің 
руханилығын  жарқыратудың  маңыздылығы  одан  да  жоғары.  Себебі,  кез 
келген жаңа білімнің сіңуі мен таралуы механикалық үрдіс емес, ол әлеу-
меттік ортада әрбір адамның тағдырына тікелей қатысты нәрсе. 
Адамдар  арасындағы  айырманы  тектіліктен  емес,  білімсіздіктен, 
қайырымдылық жоқтықтан, яғни рухани дамымаудан іздейтіндігі Ахмед 
Иүгінекидің  рухани  құндылықтардың  маңыздылығын  аңғартқаны.  Бұл 
ойшылдың  жаңа  ұрпаққа  қалдырған  рухани  мұра  ретіндегі  шығарма-
шылығындағы  әмбебап  идеялы  ой-толғамдардың  болғанының  көрінісі. 
Бұл тарихи құндылықтарға барынша құрметпен қарауға меңзейді. Тарихи 
процесс әмбебап-адамдық құндылықтарсыз, қоғамдағы рухани диалогсыз 
тарихи сабақтастық та болмайтындығын көрсетеді.
Тарихтың  сабақтастығын  білдіретін  салалардың  қатарына  барлық 
гуманитарлық  салаларды  жатқызамыз.  Әсіресе,  философиялық  ойдың 
жалғасын  табуы  тарихи  процесс  үшін  маңызды  дүние.  Философиялық 
ой-сана қарапайым дүниетанымның күшімен, қуатымен қалыптаспайды. 
Оның пайда болуына, қалыптасуына, таралуына және дамуына негіз бо-
латын  құрылымдар  кәдуілгі  ортаның  деңгейінен  әлде  қайда  биік  болуы 
тиіс.  Бұл  заңдылық  ғасырлар  бойы  өзінің  көрінісін  білдіруде  және  бұл 
жерде жалпы үйлесімділік, әділеттілік заңын бұзу байқалмайды. Есесіне 
алға қарай зерделі дамудың пәрменділігінің тетіктерін байқаймыз. Міне, 
осыған орай Б.Батищевтің айтып кеткен тұжырымдарында қоғамдағы ру-
хани сабақтастықтың терең мазмұнын ашатын келелі ойлар жатқан деуге 
болады. Мәселен, философтың мынандай пікіріне назар аударып көрелік: 
«Тарихи мағыналықтың ішкі нақтылы мазмұнын орталанған – бұқаралық 
макроөлшемдерден таба алмаймыз, керісінше, ол аталғандарда бұлдырап 
қана байқалады. Және де ол тарихтың жекеленген мұрагерлерінде, тұлға-
ның тұтастығы қалпына келтірілген және жан-жақты дамыған мазмұнды 
өмірінде  тек  қоғамдық-адамдық  кемелденудің  үзілмейтін  мирасқоры 
түрінде ғана айқындалады. Осы тұтас күрделі мәдени-тарихи процесс өзі-
нің барлық өлшемдерінде замандас-тұлғаны құрастырады» [53].
Жоғарыда келтірілген бағалаудың қисынына сүйенетін болсақ, онда 
тарихтың ішкі нақтылы бейнесі, мазмұны негізінен озық ойлы тұлғаларда 
қордаланады.  Орталық  Азиядағы  дүниеге  келіп,  тек  қана  түркі  әлеміне 
ғана емес, жалпы әлемдік гуманитарлық ой тарихына сүбелі үлес қосқан 
ойшылдарымыз Ахмед Иүгінекиге дейін де, кейін де болғаны белгілі. Олар 
бір-бірінен рухани сусындап, кейбір идеялар бойынша үндестік танытқаны 
белгілі. Мәселен, Бұқара маңында дүниеге келген Әбу Әли Хусейн Әбу Аб-
даллах ибн Сина (Авиценна) өзінің дәрігерлік қана емес, философиялық 
еңбектерімен  тарихта  қалған  тұлға  болатын.  Біздің  зерттеулеріміздің 
негізгі арқауы болып отырған тарихи тұлға Ахмед Иүгінеки ілімінен әл-
Фараби  мен  Ибн  Синадағыдай  терең  рациональдік  құрылымдар  тап-
пағанымызбен,  дегенмен,  оның  көзқарастарының  діни-адамгершілік 
мазмұны  көп  астарлы  болып  келеді.  Әсіресе,  оның  білімнің  құдіретіне 

                   1. Қазақтың мәдени-философиялық ойы тарихындағы                      47
руханият құбылысының қайнар көздері                                   
сене отырып, жанның құтқарылуы сияқты идеяларды жүзеге асыруға ты-
рысатындай. Ойшылдың білім туралы айтқан ойларына тоқталып, оның 
астарына зер салып көрелік:
Білікті білім жинап кәсіп етер,
Білімнің дәмін татып өсіп өтер.
Білдірер білім елге білім сырын,
Біліксіз білімді аттап, бөсіп өтер [51, 72 б.]
Әрине, бұл жерде христиан дініне тән жанның құтқарылуы идеясы-
мен  Ахмед  Иүгінекидің  жанның  тазалығы  туралы  ойлары  толық  сәйкес 
келеді  деп  айтуға  болмайды.  Жалпы  мұсылмандық  теологиядағы  жан-
ның  құтқарылуы  біршама  ерекшелікке  толы.  Мәселен,  екі  әлемнің  бір 
тұтастықта болуы туралы ойлар адамдардың жалпы өміріндегі екі қырлы 
келбеті  бар  біртұтас  тіршілікті  білдіреді.  Яғни  оның  Фәни  мен  Бақиға 
бөлінетіні  мұсылмандық  зерттеулерде  жан-жақты  жіктеледі.  Бірақ,  бұл 
екі әлемді байланыстырып тұратын күш тылсым күйінде қала бермейді, 
жарық дүниеге – адам мен оның руханилығы арасындағы тұтастық, бірлік, 
өзара байланыс болып табылады. Ал бұл руханилықтың ішкі құрылымын 
жанның тазалығы мен ақылдың кемелденуі сияқты құрылымдар құрайды. 
Ортағасырлық ойшылдар адам болмысын танып білу үшін және оның сан 
қырлы сырын анықтау үшін біршама өздерінің интеллектуалдық, рухани 
күштерін сарп еткенін байқаймыз және оның нәтижесі де қомақты.
Руханияттың  дидарын  танытатын  Сөз  қадірін  түркілер  қауымы  ер-
теден  білгенін  Шығыстың  ортағасырлық  ойшылдарының  бірі  Ахмед 
Иүгінекидің философиялық пайымдауларынан, этномәдени, әлеуметтік-
психологиялық зерделеулерінен байқаймыз. Енді діни бағыттағы түркілік 
ойшылдың өзінің жырларында сөзге деген құрметті қалай қалыптастыру 
қажеттігі туралы айтқанына назар аударалық:
Ақымақтың тілі – бастың дұшпаны,
Қан төгіліп, талай бастың ұшқаны.
Көп сөйлеген өкінеді түбінде –
Безей бермей ақылға сап ұста оны.
Не келсе де тілден келер бір басқа
Содан – жақсы, жаман атақ бір басқа.
Тыңдашы: адам ерте тұрып күн сайын
Осы тілге табынбайды құр босқа [51, 74 б.]
Руханилықты, шығармашылықты дәріптейтін Сөз – адамның күнде-
лікті  өміріндегі  жасампаздыққа  жетелейтін  күш,  оған  әсер  ететін  Руха-
ни күштер мен табиғат берген ерекше қасиеттер екенін Ахмед Иүгінеки 
өз  шығармашылығында  баса  көрсетеді.  Тілдің  жақсы  болуы  адамдар 
арасындағы үйлесімділікті нығайтса, керісінше, ақылға жүгінбеген, зердеде 

48                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
жүйеленбеген сөз қырық рулы елді бүлдіретіндігін ойшыл үнемі ескертіп 
отырады. Әрине, ақымақтың тілінің тигізетін әсері өз басының төңірегінде 
ғана шектеліп қалмайды, ол қоршаған әлеуметтік ортадағы көптеген пен-
делер үшін де өзінің теріс ықпалын әкеледі, ол адамдар арасында іріткі 
салады, қоғамды психологиялық дағдарысқа түсіруі де мүмкін. 
Артына  өлмейтіндігін  сөз  қалдыру  –  адамның  белгілі  бір  тарихи 
дәуірдің  тіршілік  аясындағы  қысқа  ғұмырын  ұзартуы  болып  табылады, 
яғни  сөз  осындай  әлеуметтік  факторға  айналатындығын  көптеген  ғұла-
малар өз заманында көрегендікпен айтқан болатын. Міне, сондықтын фило-
софиялық ойдың сабақтастығын зерттеудің маңыздылығы қоғам үшін өте 
зор. Түркі халықтарының тағы бір ғұламаларының бірі болып саналатын 
Жүсіп  Баласағұнның  сөз  туралы  айтқан  ойларынан  осы  мәселе  бойынша 
үндестікті байқаймыз:
Біліп айтқан сөз – білікті саналар
Біліксіз сөз басыңды жеп, табалар.
Көп сөйлеме, аз айт бірер түйірін,
Бір сөзбен шеш тәмәм сөздің түйінін [48].
Арнап айтылған сөздің ізгілік пен жақсылық үшін қызмет етуін орта-
ғасырлар ойшылдардың көбісі ескертіп отырады. Бұндай философиялық-
этикалық  бағдардың  басымдық  танытуы  кездейсоқ  жағдай  емес.  Себебі, 
Шығыстық  менталитеттің  ғасырлар  бойы  қалыптасқан  дәстүрі  бойынша 
қоғамның алдыңғы қатарлы өкілдері үнемі этикалық құндылықтарды өмір-
дің бастауы деп түсінгені белгілі. Адамдардың өмірдегі негізгі қайшылығы 
– өзінің жеке басындағы тұлғалық ерекшелігінде деген ойдың астарын пай-
ымдаймыз. Бұл жыр жолдарынан түйіндейтініміз жалпы Рухани әлем мен 
табиғаттың әділеттілігін біз өзіміздің санасыз істерімізбен бұзамыз. Керек-
сіз  сөзді  өзіміздің  өмірімізде  көп  қолдансақ,  онда  жеке  тағдырымыздың 
мәні  де  бұлыңғырлана  түсері  анық.  Ал  дұрыс  сөзді  тыңдамау,  жөн  іске 
бет бұрмау көптеген даналарымызды жабықтырды. Солардың қатарында 
хакімдік  деңгейге  көтерілген  Абай  Құнанбаев  сияқты  руханилық  биігіне 
көтерілген данагөйіміз болатын. 
Әрбір  тұлғаның  адами  рухани  болмысын  белсенді  түрде  қозғалысқа 
түсіретін, оның ішкі даму импульстерінің оянуына түрткі болатын құдірет-
ті күш. Онымен санаспау, немесе, оны елемеу үлкен жаңылысуларға алып 
әкелері  анық.  Тек  сөздің  осындай  керемет  қасиетіне  назар  аудармайтын, 
оның  қадірін  түсінбейтін  пенде  ғана  бұл  процестерден  шеттеп  қалары 
анық.  Қазіргі  кезеңде  әлеуметтік  саладағы  белгілі  бір  шеттеуде,  сыртта 
қалған  азаматтарды  маргиналдар  ұғымымен  сипаттаудамыз.  Ал  сөздің 
құдіретінен  шеттеп  қалу  құбылысы  болса  ол  өз  ретінде  дүниетанымдық 
құлдыраудың,  дағдарыстың  бастамасы  болары  анық.  Өкінішке  орай  көп-
теген қандастарымыз өзінің ана тілінен шеттеп қалған күйде өмір сүруде. 
Бұл  еліміздегі  тілдік  маргиналдықтың  белгісі.  Ал  шын  мәнінде  байыпты 

                   1. Қазақтың мәдени-философиялық ойы тарихындағы                      49
руханият құбылысының қайнар көздері                                   
да, данагөй. Сөз осындай керемет қасиеттері арқылы адамдар арасындағы 
қатынастарды барынша үйлестіруші, жақындатушы күшке айналады.
Қазақтың  дүниетанымында,  философиялық  пайымдауларында  ше-
шендік  сөздердің  ерекше  рөл  атқарғанын  жан-жақты  зерделеген  қазақ-
стандық  зерттеуші  Д.С.  Раев  былай  деп  тұжырымдайды:  «Шешендік  сөз-
дерде қазақ даласы көшпелілерінің бүкіл коммуникация жүйесі мен дүние-
танымының дәстүрлі ұлттық логикасы, қозғалу ритмі жатыр» [54, 8 б.] Өз 
кезегінде  шешендік  сөзге  С.Н.  Ақатай  былай  сипаттама  берген  болатын: 
«Шешендік сөз – тек ауыз әдебиетінің жанры ғана емес, дүние туралы ел бай-
ламы, дүниенің тегі жөніндегі белгілі бір тиянақты көзқарастық позицияны 
арқау еткен тұжырым, әлемді рухани игерудің формасы, басқаша айтқанда, 
табиғат, адам мен қоғам заңдылықтары туралы болжаулар, пайымдар мен 
ақыл-ой жиынтығы» [55, 45-46 бб.]. Міне, сөйтіп, қадірлі сөздің мағыналық-
құндылықтық сипатын қазақ даласында көшпелілердің қадірлеуі тереңнен 
басталғанын аңғарамыз деген ойлары көңілге қонымды. 
Қоғамдағы тілдің әлеуметтік процестерде реттеуші, кейде басқарушы 
қызметті атқара алатындығы күмән туғызбайды. Бірақ дұрыс сөз тыңдал-
маса  жетімдік  күй  кешеді.  Жақсы  сөздің  адам  үшін  маңыздылығы  өте 
зор  екенін  көптеген  қазақ  даласының  ойшылдары  кейінгі  ғасырларда 
атап өткен. Бір тарихи кезеңге ғана толық күші жеткен сөздің қадірі бір 
уақыттардан кейін топтық өзімшілдікке орын беріп, халықтар мен ұлттар 
арасында  текетірестер,  шиеленістер  жалғасын  тауып  отырғанын  атап 
өтуге болады. Сондықтан адамзат тарихы соғыс пен қырқысқа толы екенін 
білеміз.  Ал  шын  мәнінде  адамаралық  қатынаста  келісімге  келу  үшін 
сөздің жасампаз құдіретіне сүйенгенге не жетсін. Әсіресе, қоғамдық орта-
ны тұтастындыра түсетін сөздің күшін қазақ даласының шешендері үнемі 
ардақтауға шақырып отырған. 
Сонау Қорқыт заманынан бастап кең байтақ қазақ даласында талай 
ғұламалар  өмір  сүріп,  әлем  мен  адам  сырын  ашуға  талаптанған,  тір-
шіліктің мәнін іздеп, құдіретті күштердің ықпалын талдауға ұмтылған. 
Міне  сондай  әртүрлі  бағыттарға,  салаларға  бөлінген  дүниетанымдық 
ізденістердің бір көрінісі – сопылық философия. Орта ғасырдағы сопылық 
дәстүрдің  көрнекті  өкілі  Қожа  Ахмет  Ясауи  ерекше  тұлға  ретінде 
халық ділінде сақталған. Сыр бойының топырағынан жаралған әртүрлі 
ойшылдардың арасынан Әбу Насыр әл Фараби философиясы бірқатар 
жүйеленіп  келе  жатқан  ғалым  болса,  ал  Қожа  Ахмет  Ясауи  еңбектері 
(хикметтері) енді-енді зерттеушілердің назарына ілініп жан-жақты зерт-
телуде. Оның өлеңдері кезінде халық арасына кең тарап, ауыз әдебиеті 
түрінде  өмір  сүріп  келген.  Сонымен  қатар  олар  фольклордың  бағыт-
бағдарын анықтаушы рөлді де атқарған. Әрбір классикалық шығармаға 
тән қасиетке ие «Диуани хикмет» қазіргі заманның өзінде құндылығы мен 
өзектілігін  жоғалтқан  емес,  бұл  еңбекте  қойылған  мәселелер  идеялық 
жағынан халықты біріктіреді және адамның рухани дамуындағы биік бе-
лестер болып қала бермек.

50                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
Шығыста орта ғасырларда кең тараған сопылық ілімді зерттеушілер-
дің бірі Идрис Шахтың пайымдауынша сопылықтың мәнін, оның көп астар-
лы мағынасын ашу үшін «керемет» деректер іздеп, логикалық тұжырым-
дармен  дәлелдеу  құрылымын  қалыптастыру  қажеттілігі  керек  емес.  Ол 
(сопылық)  адамның  ерекше  қабілеттерін  ашуға  арналған  әлеуметтік  дү-
ниенің  бір  көрінісі.  Сопылық  деңгейге  көтерілу  үшін  адам  өз  бойындағы 
кейбір қасиеттерін дамытуға тиісті. Ал оны істемеген адам сол бұрынғы қа-
рапайым күйінде қалады. Сопылықтың құрылымында қатал шындық пен 
нәзік әлем, жарық дүние мен қара түнек, үйлесімділік пен шым-шытырық 
түйісіп, астасып жатады [56].
Сопы  ерекше  тұлға  және  ол  ислам  дінін  берік  ұстанған  адам,  ол 
шариғатты басты ұстаным ретінде қабылдап, тақуалық өмір салтын қадір 
тұтады.  Ал  дәруіш  тұлғасы  осы  сопылық  дүниетанымды,  философияны, 
ділді әлемге паш етуші, оның бір қырын өзінің іс-қимылымен танытушы 
жан  болып  келеді.  «Дәруіш  деген  кім?»  деген  сұраққа  Е.Э.  Бертельстің 
еңбектерінде  мынандай  тұжырымдар  келтіріледі:  «Дәруіштің  жүрегінде 
түйткіл  жоқ.  Ол  көсіліп  сөйлейді,  бірақ  сөз  жоқ,  ол  бәрін  көреді,  бірақ 
көргені жоқ, ол тамақ ішеді, бірақ оның дәмін білмейді, онда беймазалық 
та, қанағаттық та, қайғы да, қуаныш та жоқ. Міне, дәруіш дегеніміз осы» [57].
Түркілік ойшыл Қожа Ахмет пен дәруіштер әлемі туралы айтылған 
пікірлердің  ішінен  шығыстанушы  ғалым  В.В.  Бартольдтың  ойларына 
тоқталайық:  «Ахмет  Ясауи  мен  оның  шәкірттері  туралы  ақпардың  кең 
тарауы  олардың  ислам  дінін  кең  далада  таратудағы  маңызын  білдіреді. 
Ортағасырлық  дәруіштер  сияқты  қазіргі  кездегі  дәруіштер  өкілдері  мен 
ишандардың  отырықшы  тұрғындарға  қарағанда  көшпенділер  арасында 
көбірек ізбасарлары бар» [58] деген тұжырымға келуі бекер емес.
Тарихи кезеңдердің жаңа дәуірі туғанмен де Қожа Ахмет Ясауи айтқан 
ар,  ұят,  әдеп,  әділеттілік  сияқты  руханилықтың  мәңгі  категориялары  өз 
құнын ешқашан жоймақ емес. Бұл ұғымдар қоғамның формациялық тұр-
ғыда, дамудың қандай сатысында тұрғанына, қандай өркениеттің өкілі еке-
ніне қарамай-ақ адамдардың рухани дидарын байқатушы негізгі белгілер 
болып қала бермек. Ар мен ұят руханият кеңістігінде маңызын төмендетіп, 
құнсызданған  болса,  онда  заманның  әлеуметтік  болмысы  өркениеттік  да-
муда әлеуметтік субъектіні алшақтата түседі, халықтың өмірі тұрпайылана 
түседі.  Міне,  осындай  кезеңдерде  рухани  дамудың  жақтаушысы  ретінде 
әлеуметтік сахнаға кемеңгер ойшылдар шыға бастайды. Осы тұрғыдан алған-
да Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы кездейсоқ құбылыс емес, ол әлеуметтік өмір 
қажеттілігінен  туындаған  халықтың  қалаулысы.  Түркістанның  ұлы  шейхы 
туралы халық зердесінде көптеген аңыздар қалған. Фольклорда аңыздардың 
әртүрлі нұсқалары түрінде көрініс беруі заңды құбылыс. Осы аңыздардың 
біразы соңғы уақытта кейбір ғылыми-көпшілік шығармаларда жинақталған.
Әрине,  Қожа  Ахметтің  «Диуани  хикметі»  айырықша  құндылығы 
бар,  ол  ғасырлардың  сынағынан  өткен  рухани  мұра  екені  анық  [59].  Ал 
Қожа Ахмет кесенесі тек қана өнер туындысы емес, сонымен қатар үлкен 

                   1. Қазақтың мәдени-философиялық ойы тарихындағы                      51
руханият құбылысының қайнар көздері                                   
Түркістанның  ғажайып  материалдық  мәдениетінің  іргетасы,  халықты 
біріктіруші, іштей жақындатушы орталығы, оны қайта түлетудің рухани 
қайнар көзі? Сәулетшілік арқылы бейнеленген ұлттық идея десе де бола-
ды. Оның ұрпақтарды өзара диалогқа шақыратын құдіреті бар. Сондықтан 
қазіргі  кезеңде  Түркістан  жері  мұсылман  діндарларына  өз  ықпалын 
күшейте түсуде, қоғамды рухани топтастырушы қызметті атқара бастауда.
Ясауи  өз  ілімінің  негізгі  принциптердің  қатарына  Ақиқатқа,  Абсо-
лютке, рухани жаңғыруға баратын жолдарды іздеу жатады. Осы мақсатта 
адам мынадай сатылардан өтуге тиіс: шариғат, тарихат, мағрипат, хақиқат. 
Даналықтың жоғары үлгісі қандай қиын жағдайда болмасын сабырлылық-
тан айырылмау, қандай ауыртпалық заман келсе де артынан берекелі кезең 
де келетініне үміт пен сенімді жоғалтпау қажеттігін түсіну. Сабырсыздық 
адамды парасаттылық істерден бұрмаланған жолдарға жетелейтіні халық 
ділінде терең орналасқанын «Сабыр түбі сары алтын» деген мақалдан бай-
қалады. Жалпы мақал-мәтелдер қазақ халқының руханиятының нағыз ай-
насы болып табылады. Өмірдің көптеген жағдайлары мақалдарда көрініс 
берген, ол да халық даналығының белгісі. Әрине, Абай айтқандай кейбір 
мақалдарға  да  сын  көзбен  қарап,  олардың  шектеулі  әлеуетін  айқындап 
отырған жөн. Ғылыми сараптаудың қажеттілігі де осында.
Сабырлылық білдіру, адамдық қадір-қасиетті жоғарғы биікке көтере 
білу Қожа Ахмет үшін күнделікті өмірдің тұрпайы белсенділігінен жоғары 
тұрады. Әрине, дәруіштік психология мен өмір салты барлық адамзат үшін 
үлгі мен қалып болмасы анық. Бірақ, қиындықты көтере алмай дүниенің 
қара аспанын төндіріп жүрген жандар үшін «Сабыр» ең қажетті күш емес 
пе? Тәубаға келу, қанағатты білу жалпы табиғат заңдылығымен сәйкес кел-
мей ме? Дүниеқоңыздық пен парақорлық та адамның рухани дүниесінің 
барынша бұрмаланған қасиеттері. Қожа Ахмет заманынан қазіргі кезеңге 
дейін Рухани Мирас болып келе жатқан бұл құбылыс «дәстүр» түрінде кез 
келген қауымдастықтың арасында кездесетіні анық. Бұлар адамның табиғи 
мұқтаждықтарына  негізделген  қанағатсыздығының  бір  қыры.  Ешқандай 
ғұлама бұл құбылыстарды адам үшін дұрыс процестер деп есептемеген. 
Құндылықтар  иерархиясында  сопылық  дүниетанымы  әр  уақытта 
Алланы  ең  жоғарыға  қояды,  Алла  әлемі  –  Ақиқат  әлемі.  Ал  Ақиқатты 
түсінуге, игеруге, бағындыруға, дәлелдеуге болмайды, оны тек таза жүрек-
пен қабылдау керек, адам сол әлемге ақ ниетпен ұмтылу қажет. Ақиқат 
патшалығы кез келген адамды қабылдай алмайды. Ол алдымен шариғатты 
білуі шарт. Содан соң жанын тазартып, тарихат, мағрипат сатыларынан 
өткен адам, нәпсісін өлтірген жағдайда ғана, ол хақ дидарын көре алады, 
яғни  хақиқатқа  жетеді  (жүрегімен,  яғни  көкейкөзімен).  Сондықтан  бұл 
ілімде имандылық адам үшін тағдырдың іргетасы деп түсініледі.
Алла  мен  адам  арасындағы  қарым-қатынастар  негізінен  құндылық-
тарды айырудан тұрады. Егер адам өзіне жетілуді, Ақиқатқа ұмтылуды – 
өмірдің негізгі құндылығы етіп қоймаса, онда ол негізінен нәпсінің құлы 
болып  қала  бермек,  тұрмыстық  деңгейдегі  құндылықтар  қақпанынан 

52                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
шыға алмай қалады. Ал, бұл жүйенің қалыптасуында адамзат тарихын-
да  діннің  рөлі  зор  болды.  Ол  имандылыққа  шақыра  отырып,  қоғамның 
белгілі  бір  қалыптарының,  ұстанымдарының  қалыптасуына  ықпал  етті. 
Әрине, әлеуметтік дүниедегі дүмше молданың сауатсыз сөзі мен ғұлама ой-
шылдардың  Ақиқатқа  шақырған  тағылымға  толы  ой-тұжырымдарының 
арасында көп айырмашылық болатын. Оны қазақ мәдениетінің тарихында 
ХІХ ғасырдың ағартушылары атап өткен.
Қазақтың классикалық ағартушысы Ыбырай Алтынсарин ислам дінін 
уағыздаудағы  Қожа  Ахмет  Ясауидың  еңбегін  жоғары  бағалайды.  Оның  
Қожа Ахмет Ясауиге берген бағасы арқылы ұлы шейхтың қазақ мәдение-
тінде алатын орнын және оның идеяларының өміршеңдігін анықтауға бо-
лады. «Муштафид ғұламалар арасындағы ұлықтары төртеу: имам Ағзам, 
имам  Мәлік,  имам  Шафиғ,  имам  Ахмед  Ханбал.  Бұл  төртеуі  шариғат 
мәнісін толық тексеріп, халыққа түсіндіріп берді» [60] деп исламның терең 
астарларына қанық екенін білдіреді.
Қожа  Ахметтің  пайымдауынша,  адам  әр  уақытта  жетілуге,  дамуға 
ұмтылу керек. Сондықтан «жетілген адам» бағдарламасы ұлы шейх үшін 
әлеуметтік  дүниенің  негізгі  өзегі  және  сол  моральдік-этикалық  қағида-
лармен анықталады, адам болмысының мәні тұрғысында қарастырылады. 
«Жетілген адам» ілімі кейінгі тарихта көптеген ойшылдар үшін Тұлғаны 
зерттеудің негізгі бағдарына айналғанын одан кейінгі даналардың көзқа-
растарынан байқаймыз. Қожа Ахметтің сопылық мектебіндегі мүридтер 
осы идеяны түркі тайпаларының кең даласына таратумен болды. Әрине, 
мұсылман  дінінің  уағыздаушылары  кең  даланың  еркіндікті  пір  тұтқан 
ділімен  санасуға  мәжбүр  болды.  Сондықтан,  бұл  екі  құбылыстың,  яғни 
еркіндік пен мойынсұнушылықтың байланысын сипаттайтын ортақ идея 
қажет  болатын.  Ол  –  ақиқатқа  ұмтылу  және  сол  үшін  адамның  үнемі 
рухани  жетілу  идеясы  болатын.  Бұл  идеяның  әмбебаптығы,  адамдарға 
қажеттігі даналарға айқын дүние болып табылады.
Осы тұрғыдан алғанда сопылық дәстүрінің өзінің ерекше тарихы бар, 
рухани  дамуға  деген  ерекше  көзқарасы  бар.  Бұл  сараптау  –  күнделікті 
тіршіліктің қисынымен сай келе бермейді, оған қарсы да келмейді, мүмкін, 
оның қатарласа, өзінше ерекше жолмен жүретіндей қасиеті бар. Сопылық 
іс-қимылдың  ішкі  мән-мағынасын  түсінбеген  адамға  –  бұл  өзінше  діни 
сыңаржақтылықтың көрінісі іспетті. Оны теріс құбылыс ретінде бағалап 
қалуы да ғажап емес. Шынымен де сырттан бақылаған адамға сопы өз сы-
рын  алдыра  қоймайды.  Өйткені,  олар  кәдеуілгі  өмірден  алшақтау  жан-
дар. Олар әрбір пенденің ішіндегі Ақиқаттың ұшқынын іздеушілер, сол 
отты мәңгілік үйлесімділік заңына бағындыруды мақсат етушілер, әдеттегі 
қисынға бағына қоймайтын, кәдіулгі әлеуметтен тыс әлемдегі тұлғалар.
Сопылық  тарихының  екі  кереметі  бар.  Алдымен,  ол  сенімде,  сену 
өнерінде,  Ұлы  жаратушының  бар  екеніне  ғана  сену  емес,  оған  жан-тәнің-
мен,  кәміл  сенім  білдіруде.  Сонда,  сыртқы  көзге  мүмкін  емес  нәрсе  де 
өмірде жүзеге асады. Сене білген – жеңе де біледі. Екіншіден, махаббатта. 

                   1. Қазақтың мәдени-философиялық ойы тарихындағы                      53
руханият құбылысының қайнар көздері                                   
Сондықтан,  сопылықты  –  махаббат  діні  деп  те  атайды.  Барлық  сопылық 
бағыттарға ортақ қасиет – әлемді тек махаббатпен қабылдау, селқостық пен 
немқұрайлық,  екіжүзділік  пен  сатқындыққа  бармау,  тек  шынайы  сүйген 
адам ғана Ақиқатқа жақындай түседі. Атақты сопылық ойшыл Жәлеладдин 
Руми: «Қай жерде болсаң да, қандай күйде болсаң да ғашық болуға тырыс» 
деген  сөздер  қалдырған  екен.  Сопылық  дүниетаным  –  ғаламның  көптүр-
лілігін  мойындап  қана  қоймайды,  сонымен  қатар  рухани  дамудағы  жол-
дардың алуан бағдары бар екенін білдіреді. Бірақ, Ақиқатқа барар жол – 
солардың ішінде ерекше. Сондықтан, әрбір жан өзінің кез келген ісіне, қада-
мына жауапкершілікпен қарау керек. Тіптен адамның миында туындаған 
ойлардың өзі – құбылысқа, затқа, нәрсеге, әлемнің бір бөлшегіне айналады. 
Адамның санасы өзін қоршаған ортасын қалыптастырады. Тек олардың ара-
сын бөліп тұратын нәрсе – уақыт қана. Ал уақытты созу мен адамды барын-
ша  бақытқа  жақындату  –  ұлы  үйлесімділіктің,  Ақиқаттың  ғана  қолында. 
Оны тек жүрегіңмен ғана сезіп, жан-тәніңмен қабылдауға ғана болады; оған 
өзгерістер енгізу сопылық философия бойынша адам үлесіне көп тимеген 
(сірә, эзотериялық ілімде қолданылатын «тағдыр» деген ұғым сол болар).
Адам өз санасымен осы нақты әлемнің өзінде көптеген жалған мұрат-
тар мен армандар жасауы мүмкін. Олардың жалған болатыны бұл дүние-
нің жалған болуынан емес, немесе о дүниеге барғанда ғана барлық керемет-
терге жетумен де байланысты да емес. Бұл дүниені «жалған» ететін адамның 
пендешілігі, және жалаң ақылмен құраған құндылықтар жүйесі басымдық 
танытуы,  ол  өзінің  өмір  бойы  жинаған  малы  мен  дүние-мүлкінің  сын 
сағаты келгенде түкке тұрғысыз игіліктер екенін, қаншама марапаттаумен 
келген  атақ-даңқы  тек  жалған  эмоциялық  іс-қимылдардың  қисынындағы 
құбылыстар  екенін  бұл  дүниеде  аз  уақытқа  болса  да  түсініп  үлгергендер 
де  бар,  түсінбей  басқа  әлемге  өтіп  кеткендер  де  бар.  Міне,  сопылық  осы 
мәселелерді  әлемдік  өркениеттің  алдына  нақты  қоя  білді.  Тек  мәселе 
түрінде  ғана  қоймай,  осы  метафизикалық  қайшылықты  іс  жүзінде  қалай 
жеңіп,  тіршілікте  қандай  жолдармен  тиімді  нәтижелерге  жетуге  болаты-
нын көрсетті. Сопылық іс-әрекеттің әлем тарихындағы осы талпыныстары 
талай  ғұламаларды  терең  ойландырды,  ол  сонымен  қатар  халық  санасын 
біршама үйлесімдендіруде үлкен рөл атқарды.
Ортағасырлық ойшыл Рабғузидің Харут пен Марутқа арналған хикая-
сындағы  тәлімдік  өнегелі  тұжырымдардың  маңызы  ерекше.  Бұл  хикая-
да  адамның  рухани  әлемінің  көлеңкелі  беттерінің  қыр-сырына  ұқыпты-
лықпен  назар  аудару  қажеттілігі  айтылады.  Кезінде  Қожа  Ахмет  Ясауи 
мен Жүсіп Баласағұн жырларында атап көрсетілген адамның рухани же-
тілмегендігін  білдіретін  нәпсіқұмарлық  құбылысы  философиялық  тал-
даудан өтеді. Адамның табиғи қасиеттерінің кейде көптеген рухани сүрі-
ністерге жетелейтінін Абай да, Шәкәрім де кейінгі тарихта айтқанын еске 
түсіре аламыз. Бұл даналардың өзара диалогқа түсуі.
Рабғузи хикаяларында адам бейнесіндегі періштенің өзі кейде дұрыс 
жолдан тайқып кетіп, зинақорлық жолға түсуі мүмкін екендігі баяндалады. 

54                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   49


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал