Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты



жүктеу 3.67 Kb.

бет26/49
Дата08.01.2017
өлшемі3.67 Kb.
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   49

                                                      және этномәдени негіздер
Иман – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымы-
мен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата – бабаларымыздың 
ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Барлық бет-болмысының, 
мінез-құлқының айнасы. Өмірдің әртүрлі қиын жағдайларында мойымай, 
рухани даму жолында болу керектігін жыраулар пайымдап отырған және 
осы рухани дәстүр қазақ қоғамында қазіргі кезеңге дейін сабақтастығын 
көрсетеді. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат 
сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Қазақтың жүзі жылы 
жанды  жолықтыра  қалса,  «бетінен  иманы  төгіліп  тұрған  адам  екен»  не-
месе «иманжүзді кісі екен» дейтіні де сондықтан. Тіпті адам ғұмырының 
мәні  болып  саналатын  махаббат  сезімінің  де  негізі  имандылықтан  бас-
талады.  Имандылық  қасиеттің  сырына  тереңірек  үңілетін  болсақ,  қазақ 
халқы  имандылықтың  үш  негізін  өздеріне  тірек  еткен.  Ол,  біріншіден, 
дін,  яғни,  ерте  ғасырлардың  өзінде  ұланғайыр  қазақ  сахарасына  кең  та-
рап,  жергілікті  ұлттардың  (оның  ішінде  түркі  тектес  тайпалардың)  ара-
сына  сіңіп,  олардың  өмір  –  тіршілігімен  қабысып  кеткен  ақиқат  дін 
–  Ислам  діні.  Пайғамбарымыз  Мұхаммед  жайған  діннің  ең  тазасын 
қаймағын  бұзбай,  сол  қалпында  елдің  санасына  жеткізген  әулие  атала-
рымыз. Халқымыз имандылық нұрының бастауларын сондай жүрек көзі 
ашылған  перзенттерінен  алды  деп  толық  сеніммен  айта  аламыз.  Екінші 
тірегі – салт-дәстүр. Қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер бесікке» дейін 
қайталанып  жататын  далалық  өркениеттің  жарқын  көрінісі.  Салтынан, 
әдет-ғұрпынан  қол  үзбеген  жұрттың  кезінде  талай  өзге  елдің  өкілдерін, 
ғалым – зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың үшінші 
тірегі – ана тілі. Ананың бал әлдиімен бойға дарып, жүрекке сіңген ана тіл-
дің құдіреті байтақ даламызға береке дарытты, ұлттың ұланғайыр жерде 
бытырап жоғалмай, бір шаңырақ астына бірігуіне күшті құрал болды.
Рухани  даму  күнделікті  өмірде  адам  деген  атқа  ие  болу,  бұл  жол-
да құлдырау да бар, асқақтау да бар. Осы қалыптасудың негізі адамның 
әлеммен қарым-қатынасы. Өз бойындағы Махаббатын сыйлай білген адам 
нағыз рухани даму жолына түскен адам. Өзімшілдіктің, менменшілдіктің 
қақпанына түскен адам рухани дамудан алшақтай береді. Ар-ұяттан тыс 
өмір сүре бастайды, өзінің рухани қасиеттерінен айрыла бастағанын сез-
бей де қалады. Адам өзіне сын көзбен қарай бастаса ғана, ішіндегі ар-ұят 
сотының әсерімен ғана өзін жетілдіре, күшейте түседі. Өзінің пендешілік 
әлсіздіктерін жеңе білген адамдарды әулие, кемеңгер деп атаймыз. Олар 
нағыз  Ақиқатқа  барар  рухани  даму  жолына  түскен  адамдар  болып  та-
рихта қалады. Әркім өз ішкі «Меніне» үңілуі керек. Бұл рухани дамудың 
алғашқы баспалдағы.
Қазақта  имандылық  –  адамгершілік,  ізгілік  қасиеттерді  білдіреді. 
Имандылықтың  мұндай  мағынаны  білдіруі  қазақтың  мұсылман  болу-
ынан  туындаған.  Имандылық  сөзі  иманнан  шыққан.  Иман  –  жүректегі 
нұр,  имандылық  соның  сыртқы  пішіні.  Имандылық  –  Алла  Тағалаға 
иман еткен адамнан туған көркем мінез. Имандылық көркем мінезі әрбір 

         2. Дәстүрлі қоғамдағы ақын-жыраулар шығармашылығындағы               195
қазақи руханилықтың айшықталуы                                       
мұсылманның  бойынан  табылуы  шарт.  Атам  қазақтың  адамгершілік 
ұғымын имандылық сөзімен беруінде ерекше мән бар. Өйткені, адамгер-
шілік пен имандылық арасында үлкен айырмашылық бар. Адамгершілік 
– барлық адамның бойында бола алатын адамның адамдық болмысынан 
туған қасиет. Имандылық – әлемнің Жаратушысы, Ұлы Досына деген иман 
атты  сүйіспеншілігінен  туған  аса  ізгі  қасиет.  Яғни,  әрбір  имандылықта 
адамгершілік  бар  болса  да  әрбір  адамгершілікте  имандылық  болмауы 
мүмкін.  Сондықтан  қазақта  имандылық  –  ауқымы  аса  кең  ой-толғамға 
ие,  ерекше  мәнді  ұғым.  Халқымыз  сырт  көзбен  емес,  жүрекпен  ұғатын 
адамгершілік  құндылықтарды  жоғары  дәріптеген.  Имандылық,  әділет-
тілік,  ізгілік,  мейірімділік  мұраттарын  терең  игеруге  күш  салған.  Мал-
мүлкінен,  дәулетінен  иманын  жоғары  бағалаған  қазақ  «Ер  жігіттің  үш 
байлығы  бар:  бірінші  –  иманы,  екінші  –  ырысының  тұрағы,  үшінші  – 
дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған.
«Көшпенділік  өркениет  ақын-жырауларға  даланың  түпкі  еркіндік 
принципін,  адамның  табиғи  құқығын,  аңғал  демократияны  бағалауға 
мүмкіндік  берді.  Теңдік  пен  еркіндік  көшпенділердің  рухани  негізінде 
болған, біз біртіндеп осы құндылықтарға қайта оралудамыз. Өткенге көз 
жүгіртсек, түпкі еркіндік пен табиғи құқық ұзақ уақыттар бойы сақталған, 
өйткені  көшпелі  өркениет  Еуразия  кеңістігінде  тіршілік  еткен,  ал 
Қазақстанда ХХ ғасырдың басына дейін созылған, ал кей белгілері қазіргі 
уақытта да кездеседі» дейді белгілі философ М.С. Орынбеков [1, 157-б.]. 
Жырау қазынасы ұлттық құндылық. Оның жан дүниесіне жақын ұлт-
тық рухтың үнін жеткізетін жырау идеясы елдің тұлғалануы үшін жара-
тылған күш. Ол қарапайым идеядан ұлттық идеяның өзгешелігін айырып 
отырмақ.  Адам  баласының  рухани  қалыптасуының,  әлеуметтенілуінің 
қозғаушы күші – бұл қажеттілік. Сол қажеттіліктерді жүзеге асыру бағы-
тында  адам  өзінің  тәжірибесін  қалыптастырады.  Сол  сияқты  жырау  ел 
ішінен қоғам алдына кездейсоқ келетін адам емес, жырауды халыққа ұстаз 
қылатын  оның  рухы.  Жырау  заманалық  білімнің  иесі.  Олардың  идеясы 
ғасырлар  бойы  халыққа  білімнің  рухын,  ғылымның  қызметін  түсіндіріп 
келуде.  Сапалы  білімге,  нағыз  ғалымдыққа  қол  жеткізу  үшін  адам  пай-
ымдауды үйренуі қажет. Әрбір жыраудың поэзиясы арқылы ұрпақтың ел 
тарихын, сол тарихи кеңістіктегі ұлттық зиялы қауым өкілдерінің рухани 
қызметінің бағытын білуі алдымен оның өзін құндылықтарға бағыттайтын 
нәрсе.
Қай кезде болмасын қоғам дамуын түсiну үшiн оның өткенiне үңiлу 
керек. Сондықтан бүгiнгi қоғам қажеттiлiктерiн бiлу үшiн елiмiз егемендi 
мемлекет болып, әлемнiң көп елдерiмен тереземiз тең болған кезде қазақ 
халқының қоғамдық-саяси, әлеуметтiк мұралары мен рухани қазыналарын 
терең зерттеп, халықтың бай мәдениетiн, фольклорын, философиясын өз 
дәрежесiнде көрсете бiлуiмiз керек. 

196                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
Пайдаланылған әдебиеттер
1.  Орынбеков  М.С.  Духовные  основы  консолидации  казахов.  –  Алматы:  ИД 
«Аркаим», 2001. – 252 с. 
2. Касымжанов А.Х., Касымжанова С.А. Духовное наследие казахского народа. 
– Алма-Ата, 1991. – 89 с.
3. Гегель Г.Ф.В. Философия права. М., 1990. – 454 с. 
4. Кант И. Собрание сочинении. М:Чоро, 1984. Т. 3. – 741 с.
5. Бес ғасыр жырлайды: ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ 
ақын-жырауларының  шығармалары.  Үш  томдық.  (Құрастырған.  М.  Мағауин, 
М.Байділдаев). – Алматы: Жазушы, Т. І. 1984. – 256 б. 
6.  Нұрмұратов  С.Е.  Рухани  құндылықтар  әлемі:  әлеуметтік-философиялық 
талдау. – Алматы: ҚР БҒМ Философия және саясаттану институты, 2000. – 180 б. 
7.  Абай.  Екі томдық  шығармалар жинағы  /  Аудармалар мен  қара  сөздер. – 
Алматы: Жазушы, Т.2. 1986. – 200 б. 
8. Ясауи Қожа Ахмет. Хикметтер. Аударған Ә. Жәмішұлы. – Алматы: Өнер, 
1995. – 208 б. 
9. Бурбаев Т. Ұлт менталитеті. – Астана: Елорда, 2001. – 243 б.
2.3. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың қазақ руханиятын 
қалыптастырудағы маңызы мен рөлі
Соңғы уақыттағы еліміздің тәуелсіздігін нығайту, оның тұғырлылы-
ғы мен орнықты өркендеуін қамтамасыз ету бағдарын қолға алған мем-
лекетіміздің саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани даму бағыттары ұлт-
тық болмысымызды қайта жаңғырту мен түлетуді нақты нысанаға алған. 
Осы  орайда,  ғылыми-танымдық  кеңістік  аймағы  іргелі  ұстанымдар 
мен  өзіндік  ұстындарын  ұсынып  келеді.  Халқымыздың  рухани-тари-
хи  тамырларының  кең  аясынан  әдет-ғұрып  пен  салт-дәстүр  институ-
ты  айрықша  қастерлі  орын  алатындығы  сөзсіз.  Қазақ  қоғамы  ұлт  бо-
лып  қалыптасқаннан  бері  екі  нәрсеге  аса  мұқият  қарағандығын,  оның 
бірі  тіл,  екіншісі  әдет-ғұрып  екендігін  дәйектеушілердің  пікірлері  де 
[1,  3  б.],  шындығында,  бұл  құрылымның  аса  маңызды  өмірмәнділік-
дүниетанымдық  құндылық  екендігін  айғақтап  тұр.  Бұл  арнайы  инсти-
тут ретінде сан-салалы және көпқызметті болып келетін тарихи-мәдени, 
рухани-әлеуметтік  құрылым. 
Тарихи-мәдени қыры оның сан мыңдаған жылдар бойы арғы қазақтар 
дәуірінен  бері  жалғасын  тауып,  ұлттық  болмысымызбен,  тұрмыс  тірші-
лігімізбен  біте  қайнасқан  атрибут  болып  табылуымен  айқындалады.  Ал 
рухани-әлеуметтік қыры идеялық және практикалық маңызымен салала-
сып келіп, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып отырғандығымен байланысты. 
Тақырыптағы  қозғалып  отырған  басты  мәселеміз  бойынша,  алды-
мен, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың құрылымдық функционалдық негіз-

         2. Дәстүрлі қоғамдағы ақын-жыраулар шығармашылығындағы               197
қазақи руханилықтың айшықталуы                                       
дерін  сараптап,  одан  соң  ұлттық  руханиятты  қалыптастырудағы  рөлі 
мен маңызына тоқталамыз. Себебі, бұл құрылымды феноменологиялық 
тұрғыдан сараптау оның ұлт руханиятын құрудағы маңызы мен тетіктерін 
нақтырақ  аша  түсуге  септігін  тигізетін  қадам  болып  табылады.  Ендеше, 
осы  әлеуметтік  институттың  күрделі  түбірлестік  құрылымдылығына, 
жалпылығына  байланысты  ондағы  элементтерді  былайша  жеке-жеке 
ажыратып  алуымызға  болады:  салттар,  дәстүр,  әдет  пен  ғұрыптар  және 
бұлардың  құрамына  жатқызуға  болатын:  тыйымдар,  ырымдар,  жорал-
ғылар.  Сонымен  қатар,  ұлттық  ойындар  мен  шаруашылық  дәстүрлері-
міздің іске асу, орындалу үдерістерінің келбеті мен тәсілі де салт-дәстүр 
мен  әдет-ғұрып  заңдылықтары  аясында  жүзеге  асады.  Мәселен,  мал 
шаруашылығы  көптеген  халықтарға  ортақ  кәсіп  болғанмен,  үйленбеген 
ұлының  қуанышына  қосымша  сойылуға  дайындалатын  «серке  сақтау» 
халқымыздың дәстүріндегі өзіндік ерекше феномені.
Әдет – қоғамдық қатынастарда күнделiктi өмiр-тiршiлiк пен салттар-
ды  атқару  кезіндегі  жосын-жоралғыларды  бiрiздендiретін  және  ұлттық 
таным ауқымында атқарылатын нормалардың, талаптардың, шарттардың 
практикалық бiтiмi мен мазмұнының бірлігіндегі үдерістер бола отырып, 
өзінің  орындалу  бағдарымен  үндесетін  ғұрып  ұғымымен  тіркестіріліп, 
әдет-ғұрып  деп  те  көбінесе  күрделенген  ұғымдық  формада  айтылады. 
Сан ғасырлар бойы формасы өзгерсе де, мазмұны өзгермеген белгілі бір 
этностың  имманентті  әдет-ғұрпынан  тыс,  сырттан,  өзге  халықтан  енген 
мәдени шартты құбылыстар да бірте-бірте әдетке айналып кетіп отыры-
лады. Салт – сырттан да, ұлттың өз ішінен де туындап шығатын, белгілі бір 
нормалардың жеке-жеке көрінісі бола отырып, тұрмыста үш-төрт ұрпақ 
бойы қолданыста болып, ұлттық таныммен, талғаммен үндесе келе, бел-
гілі бір деңгейде мәдени-әлеуметтік тұғырды иеленіп, жалпылама ұғым – 
дәстүр ауқымына еніп, орнығып отыратын ұлттың шынайы рухани-мәдени, 
әлеуметтік-практикалық имманентті болмысына сәйкестеніп жатады. 
Осы пікірімізді педагог ғалымдарымыз былайша құптай түседі: «Со-
нымен өзіміздің зерттеу проблемамызға байланысты дәстүр ұғымына мы-
надай анықтама ұсынамыз: Жеті ата шежіресі мен дастарқан рәсімдерін 
дәстүр  деп  толық  айта  аламыз.  Өйткені  қазақ  халқының  әрбір  отбасын-
да  атадан-балаға,  ұрпақтан-ұрпаққа  жалғасын  тауып,  берік  орнығып, 
заңдылыққа  айналған  бұл  рәсімдер  мен  ғұрыптар  –  әлеуметтік  маңызға 
ие  халықтық  педагогиканың  тәрбие  құралы»  [2,  10  б.].  Ендеше,  дәстүр 
– әдетті, салтты, ғұрыпты т. б. қамтитын ауқымды концепт түрінде бол-
са, ғұрып – салтқа сай атқарылатын әдеттің нақты харекеті. Ол негізінен 
дүниетанымдық  көзқарастар  мен  наным-сенімге  байланысты  қалыптас-
қан салт-дәстүрге сай атқарылатын іс-әрекет ретіндегі көрініс болғандық-
тан  уақыт  пен  кеңістік  аясындағы  салыстырмалылығымен  және  тұрақ-
тылығымен  байланысты  өлшемденген.  Шындығында,  әдеттің  тұрақты-
лығы  «ауру  қалса  да,  әдет  қалмайды»  деген  халық  афоризмімен  (нақыл 
сөздермен)  нақтыланса,  дәстүрдің  барынша  орнықтылығы  ғылыми  та-

198                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
ным әдіснамасындағы дәстүршілдік қағида, оның жаңашылдыққа  қарсы 
қойылуы бойынша да туындап шығады. 
Салт туралы «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген тұжырым 
оның белгілі бір кеңістік аясында өзгешеленген, формасы өзгертілген түрде 
әртүрлі ғұрыптар бойынша сақталып, бәрінің түп тамырының бір арнаға 
тоғысатындығымен  байыпталады.  Бұл  шартты  түрде  әдет-ғұрыпты  суб-
страттар,  салт-дәстүрді  суперстраттар  деп  ажыратып  алуымызға  мүмкін-
діктер  ашады.  Бірақ  бұл  тұста  керісінше,  инверсия  пайда  болады,  әдет-
дәстүр барынша абсолютті, ғұрып-салт салыстырмалы болып айқындалып 
тұрады.  Олардың  қай-қайсысының  да  генетикалық-эволюциялық-тарихи-
құрылымдық негіздері таразыланбағандықтан, яғни, қай салттың, не дәстүр-
дің қай кезеңде пайда болғандығы, қабылданғандығы, өзгертілгендігі ашыл-
мағандықтан,  уақыт  пен  кеңістік  аясы  бойынша  оларды  горизонтальді-
вертикальді түрде иерархияға орналастырудың өзі қиын. Ал ырым – белгілі 
бір халықтың ішкі рухтық ниеттері аясына басымдылық беретін, өмірлік әре-
кеттермен,  мақсаттармен  сыртқы  келбеті  жағынан  (мүмкін  ішкі  шынайы 
себептері  бойынша)  психологиялық  ассоциация  туғызатын  немесе  оның 
осы байланыстары көмескіленгендіктен логикалық қатынас өресі түсініксіз 
болып  сақталып  қалған  өмірмәнділік  ишаралар.  Оның  жағымды  және 
жағымсыз түрлері бар. Мәселен, топырақты үю, үйге қарай атпен шабу т. б. 
– жаман ырым, себебі, топырақты үю, мәйітті көмумен, өліммен ассоциация 
береді, яғни, «қайғылы оқиғаны меңзеу, соны күту» деген сияқты ниеттерді 
шақыру  деп  түсінілген.  Немесе,  әлеуметтік  мәртебесі  жоғары  адамнан 
сыйлық алу, оның тұтынған заттарын пайдалану, тіпті сарқытын ішу т. б. – 
жақсы ырым. Бұл – «менің ұрпағым да, соның болмысын өзіне қабылдасын, 
дәл сондай болып өссін» деген проекциялау ниетті сездіріп тұратын болса, 
керісінше,  «малдың  қары  жілігінің  ұры-қарыдан  сақтайтындығы»  жөнін-
дегі  ырымдардың  қисындылық  мағынасы  біз  үшін  көмескілеу,  нақтырақ 
айтқанда, сойылған малдың сүйегі (қары жілік) мен әлеуметтік «әділетсіз» 
өмірдегі ұры-қарыдан сақтанудың арасында қандай байланыс бар екендігі 
беймәлімдеу.  Яғни,  соңғы  ырымның  шығу  тегі  мен  қисындылық  деңгейі 
күңгірттеніп  жоғалып  кеткен.  Этнограф  Ш.  Уәлихановтың:  «Ырым  – 
халықпен бірге көптен бірге жасасып келе жатырған әдет-ғұрыптың бірі бо-
лып саналады, ал аян, лепес жақсылық нышаны ретінде жасалады. Мысалы, 
әйелі үнемі қыз туып, ұл көрмей жүргендер, игі ниетпен, ең соңғы қызына 
Ұлтуған деген ат қояды» деген тұжырымдары [3, 185 б.] біздің түсініктеріміз-
ді айғақтай түседі. 
Ырымның кейбір элементтері жапондық-қытайлық мәдениеттегі күні 
бүгінге дейін сақталып, әлемге әлдеқандай идеологиялық беделдер арқылы 
тарап келе жатырған «фэн-шуй» шарттарын ұқсас болып келеді. Мәселен, 
«отбасын құрмаған адам дастарқанның бұрышына отыруға болмайды» де-
ген қағида, «табалдырықты баспа», «қалың киімнің жағасын баспа» деген 
тәрізді тыйымдардың да тылсым бақыттылық пен бақытсыздықты тудыра-
тын себептері бар тәрізді болып көрінеді. Мұндай ырымдарды болашақта 

         2. Дәстүрлі қоғамдағы ақын-жыраулар шығармашылығындағы               199
қазақи руханилықтың айшықталуы                                       
«қазақтың  фэн-шуйі»  ретінде  әлемге  танытуымызға  мүмкіндігіміз  мол 
екендігі күмәнсіз. Тыйым (табу) – кейбірінің түпкі мотивтері ұмыт болған, 
қайсыбірінің логикалық түсіндірмелері белгілі болып келетін күнделікті 
тұрмыстық істерді, қимыл-қозғалыстарды жасауға болмайтындықты ғана 
басшылыққа  алатын  мәдени-әлеуметтік  талаптардың  психологиялық 
жиынтығы мен этикеті тәрізді. Мәселен, «айға қарап қолыңды шошайтпа» 
деген  тыйымның  логикалық  түсіндірмесі  күңгірттеу,  қазір  ұмыт  болған. 
Тыйымдарда  жағымсыз  жаман  ырымдармен  қатар,  этикалық,  этикеттік 
нормалардың  үлгі  боларлық  жиынтығы  жасақталған.  Мәселен,  «кісіге 
қарап  керілме»  жаман  ырым  емес,  таза  этикеттік  нышан.  Осы  тыйым-
дардың  терең  мағыналы  тәсілімі  арқылы  кейіннен  моральдің,  қазіргі 
заманғы  құқықтық  заңдардың  іргетасы  қаланған  деп  пайымдауызға  бо-
лады. Мәселен, бүгінгі күнгі біреуге ғайбат сөз айтудың заңдық-құқықтық 
түрде жазалануы осының айғағы. 
Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып сан ғасырлар бойы қалыптасқан әрбір та-
рихи дәуір бойына толықтырылған, заманауи талаптар мен шарттардың 
қажеттіліктері мен сұраныстарына орай, үстемеленген күрделі түбірлестік 
құрылым. «Бұл жерде дөп басып айту өте қиын, аңыздардың бізге келіп 
жеткендерінің  қайсысы  ертеден,  қандай  діннің  ұғымынан  пайда  болды, 
қандай  сенімнің  әсеріне  ұшырады  деген  мәселенің  төңірегінде  қарама-
қайшы, әртүрлі пікірлер бар» деген Ш. Уәлихановтың тұжырымы [3, 149 б.] 
осы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың эволюциялық қалыптасу құрылымын 
анықтауға да қатысты соншалықты күрделі мәселе болып табылады.  
Ендеше, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жалпы халықтық дүниетаным 
тұрғысынан байыптап, концептуалды түсініктеме бере келіп, қалыптасуы 
мен дамуын эволюциялық хронологиялық бірізділік бойынша болмаған-
мен, құрылымдық-функционалдық тұрғыдан таразылап алуымыз қажет. 
Себебі,  оның  құрылымдары  мен  қызметтерін  бөліп  көрсетудің  өзі,  ұлт-
тың  руханиятын  қалыптастырудың  жалпы  бағдарларын  кері  байланыс 
бойынша  ашып  бере  алады.  Нақтырақ  айтқанда;  салт-дәстүрдің  ұлттық 
руханиятты  қалыптастыруы  немесе  руханияттың  салт-дәстүрді  нығайту 
түйткілі туралы.
Әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институты – халқымыздың тұрмыс тірші-
лігіндегі бихевиоризм қағидасы бойынша сүйеніліп жүрген; байқап көру 
–  қателесуді,  рухани-әлеуметтік  тұрғыдан  кері  кетудің  немесе  адасудың 
алдын алып отыратын жалпылама канондық, барынша абсолютті өмірлік 
ұстаным ережелері мен ғұмыр кешудің нақты және тұтас бейнесі болып 
табылады  және  ұлттық  трансцендентальді  руханияттық  императивтер 
жүйесіне айналады. Бұнда әуел бастан-ақ бәрінің жауабы нақты берілген, 
тығырықққа тірелгенде немесе «өмір сүрудің қай жолы дұрыс» деген сауал 
тасталғанда, ата-баба дәстүріне сүйеніп ғұмыр кешу ұстанымы мыңдаған 
жылдар бойғы тарихты құрайды. Себебі, ол  бір күнде-ақ пайда болған, не 
мистикалық тұрғыдан тылсым күштер арқылы жіберілген бір сәттің туын-
дысы емес, халықтың мыңдаған жылдар бойғы өмір сынағынан өткізілген, 

200                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
шыңдалған, жүйеленген, сұрыпталған, тиімсіздері мен қажетсіздері алы-
нып  тасталынған  өмір  сүрудің  формуласы  іспеттес  айқын  тұғырнамасы 
деп те айтуымызға болады. Демек, қайта-қайта өмір сынағынан өткізіліп, 
өміршең  кейіпке  енген,  өзінің  тиімділігі  мен  оңдылығын  дәлелдеген, 
халықтың ділі мен дүниетанымына үндескен дала заңдарының стихиялық 
көрінісі. 
Стихиялылық болатын себебі, оның «Жеті жарғы», фольклор сияқты 
кейбір  арнайы  жазба  үлгілері  болғанмен,  тұтас  жүйе  ретінде  жинақта-
лып,  бірізге  түсіріліп  арнайы  орнықтырылмағандығында.  Бірақ  бұндай 
логикалық пен бірізділікті салт-дәстүр құрылымынан іздеу, ғылымиланды-
рып  көрсетудің  өзі  еуропоорталықтық  түсінік  болуы  ықтимал  екендігін 
ескергендігіміз жөн. Бұл түркі халықтарының сан мыңдаған жылдар бойы 
жазуды игергендігімен және арнайы жазбай отырғандығымен дәйектеледі. 
Әдет-ғұрып  пен  салт-дәстүр  институтының  құрылымдық-функцио-
налдық  негіздерін  сараптау  бойынша,  оның  қызметін,  шығуының  түп-
төркінін,  құраушы  элементтерін  және  құрылымын  кең  концептуалды 
түрде қарастырсақ, шығу тегін, әу баста құралу, қалыптасу жолдарын бы-
лайша  топтап  көрсетуімізге  болады:  зорастризм  сенімінің  элементтері: 
отты үрлемеу, отқа май құю, наурыз мерекесінің салттары т. б; шамандық 
сенім көріністері: жын-періні аластау, қарғыс, киені сыйлау т. б. түсініктер; 
тәңіршілдік  сенімнен  туған  ғұрыптар:  аруақтарға  арналған  салттар, 
тотемдік сенім элементтері т. б.; исламдық дәстүрлермен үндескен: жер-
леу рәсімдерінің ғұрыптары, құрбандықтар шалу т. б.; халық даналығы: 
фольклордағы  ұлттық  дүниетаным  көріністері,  данагөйлердің  орнатқан 
дәстүрлері т. б.; халықтық медицина: үшкіру, тазалық сақтау, қымыз, шұбат 
ішу салттары т. б.; сакральді көне сенімдер: күн мен айды құрметтеу, түбірі 
айқынсыздау табулар т. б.; мифологиялық сана  қалдықтары: жақсылық 
пен жамандық туралы ырымдар, оккультизмдік ғұрыптар, тасаттық беру  
т. б.; өнердің ұлттық түрлері: бұйымдарды безендіру мен көркемдеу салт-
тары, ұлттық ойындар т. б.; шаруашылық-әлеуметтік дәстүрлер: тұрмысқа, 
мал шаруашылығына байланысты орындалатын ғұрыптар, төрт түліктің 
пірін құрмет тұту, жеті ата феномені т. б.
Жоғарыда  атап  өткеніміздей,  ата-баба  дәстүрі  күрделі  мәдени-
әлеуметтік  құрылым  болғандықтан,  көпқызметті  және  көпмәнді  қажет-
тілік  болып  табылатындығын  ескерсек,  оларды  былайша  топтап  жүйе-
леуімізге болады: 
1.  Орын  толтырушылық  қызмет,  демек,  адам  өмірінің  мағынасын 
аша  түсу  үшін  әртүрлі  психологиялық  қажеттіліктер  мен  руханияттық 
талаптарды алмастырады, толықтырады, үстемелейді. Мәселен, тасаттық 
беріп,  көктен  жаңбыр  тілеу,  табиғат  алдындағы  адамның  дәрменсіздігін 
өздігінше «жеңумен» толықтырылатын психологиялық және тәжірибелік-
нәтижелік ғұрып.
2. Гедонистік. Бұл халықтың эстетикалық талғамы мен руханияттық 
тұрғыдан ләззат алып отыруы үшін маңызды өмір салты мен зеріккенін 

         2. Дәстүрлі қоғамдағы ақын-жыраулар шығармашылығындағы               201
қазақи руханилықтың айшықталуы                                       
жабдықтау үшін ішкі психологиялық қажеттіліктен туындайды. Мәселен, 
ұлттық ойындар, түрлі безендіру салттары т. б. адамның жан дүниесінің 
жайлылығы үшін және өмірге мағына енгізу үшін атқарылады.  
3. Реттеушілік. Тек эстетикалық қана емес, этикалық-әлеуметтік қаты-
настарды  реттеп  отырудың  құралы,  нақтырақ  айтқанда,  «моральдік  ко-
декс», «конституция» сынды әлеуметтік институтқа парапар қызмет атқа-
рады. Барымта, құн төлену, шашу, қалың мал беру т. б. өзара есеп айрысу 
ғана емес, адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеп отырудың өзіндік 
құралына айналды.
4.  Ұлтты  бірегейлендіру,  ұлттық  Менді  нығайту  мен  тұлғаның  өзін-
өзі үнемі қайтадан тану қызметтерін атқарады. Бұл – барша әлем халық-
тарына  ортақ  жалпы  қызмет.  Ал  оны  іске  асырудың  нақты  тетіктері 
өзіндік субстраттар мен канондарға айналған. Мәселен, «ата-баба салтын 
бұзды», «ата-баба аруағын қорлады» деп тағылатын айыптар ұлтты үнемі 
бірегейлендіріп отырудың, оның өз болмыс-бітіміне сәйкес келіп отыруын 
қадағалаудың айқын көрінісі болып табылады. 
5.  Аксиологиялық  қызметі  де  неғұрлым  жалпы  конституция.  Себебі, 
салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың өзі рухани құндылық ретінде белгілі. Со-
нымен қатар, нақты қоршаған ортаны құрметтеу, діни табыну объектілері, 
ата-баба аруағын қастерлі санау, ұрпақ тазалығын сақтау т. б. игіліктердің 
құндылықтық деңгейі осыны айғақтайды. 
6.  Отансүйгіштік.  Бұған  жауынгерлік  салттар,  қару-жарақты  жасау 
мен меңгеру өнері, далаға деген сезімдік сүйіспеншілік пен сағыныш, «ас 
беру» сияқты бірлікке үндеу т. б. дәстүрлер жатқызылады. 
7.  Футурологиялық  қызметке  болашақты  болжауға  арналған  ырым-
тыйымдар, нақыл сөздер мен оларды орындау салттары, дала тәжірибесі 
т.  б.  енгізіледі:  «Ай  шалқасынан  туса,  бұл  малға,  адамға  жайлылықты 
білдіреді», «қыз иненің жібін ұзынырақ қылып сабақтаса, ол алысқа ұза-
тылады», «қарға қарқылдаса суық болады» т. б.
8.  Теологиялық.  Қазақтың  салт-дәстүрі  мен  әдет-ғұрпында,  шынды-
ғында, алғашқы діни сенім элементтері мен кейінгі ислам дінінің ғұрып-
тары  бейімделіп  барып,  синтезделген  және  тұтастандырылған.  Мәселен, 
«қасқырдың табанын баланың бесігіне байлап қою» дәстүрі байырғы көк 
бөрі тотемінің сарқыншағы екендігі күмәнсіз. Табулар мен тыйым салулар 
да көбінесе күңгірттенген діни сенім қызметтеріне сәйкес келеді. 
9.  Танымдық.  Осы  әлеуметтік  іргелі  институттың  –  дүниетанымдық, 
дүниені  байыптаушылық,  дүниемен  бірлікте  болуға  машықтандырушы-
лық  сияқты  қызметтері  кеңінен  танымал.  Мәселен,  киіз  үйдің  түндігі 
дүниенің  төрт  бұрышын  меңзейді,  ала  арқан  әлемдегі  жақсылық  пен 
жамандықтан басталған барлық қарама-қарсылықтарды жинақтайды т. б.
10.  Витальдік.  Өмір  шабыты  мен  құндылығын  қамтамасыз  етіп, 
денсаулықты  сақтауды  нығайтатын  дәстүрлер  халқымызда  ежелден-ақ 
қалыптасқан мызғымас салты екендігі бұрыннан белгілі және қазіргі таңда 
бүкіл әлемге танымал болып отыр. Мәселен, денсаулықты сақтауда – атқа 

202                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 

1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   49


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал