Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты



жүктеу 3.67 Kb.

бет1/49
Дата08.01.2017
өлшемі3.67 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ
ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ 
ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫ
ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫ: ТАРИХИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ 
ЖӘНЕ ЭТНОМӘДЕНИ НЕГІЗДЕР
Алматы 
2013

ӘӨЖ 1/14
КБЖ 87.3 (5 қаз)
Қ 17
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану
институтының Ғылыми Кеңесі баспаға ұсынды
Жалпы редакциясын басқарған:
З.К. Шәукенова, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 
әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор 
Рецензенттер:
Д.С. Раев, философия ғылымдарының докторы, профессор, 
А. Сағиқызы, философия ғылымдарының докторы, доцент,
М.З. Изотов, философия ғылымдарының докторы, профессор 
Авторлық ұжым:
Нұрмұратов С.Е., философия ғылымдарының докторы, профессор (автор-
лық топтың жетекшісі) – Кіріспе және қорытынды, 1.1.; Барлыбаева Г.Ғ., фило-
софия ғылымдарының докторы – 1.1., 3.1., 3.2.; Мейірманов А.Д. – 1.2.; Бижано-
ва М.А., философия ғылымдарының кандидаты – 1.3.; Әлжан Қ.Ұ., философия 
ғылымдарының кандидаты – 2.1.; Ошақбаева Ж.Б., философия ғылымдары-
ның кандидаты – 2.2., 3.3.; Аташ Б.М., философия ғылымдарының докторы 
– 2.3.; Қоңырбаева К.М., философия ғылымдарының кандидаты – 4.1.; Сатер-
шинов Б.М., философия ғылымдарының докторы, доцент – 4.2., 4.3.
Қ 17   Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіз-
дер. Ұжымдық монография / З.К. Шәукенованың жалпы редакциялауымен. 
– Алматы: ҚР БҒМ ҒК ФСДИ, 2013. – 375 б.
ISBN – 978-601-7082-66-6
Ұжымдық  монографияда  қазақ  халқының  руханиятының  қалыптасуы  мен 
дамуының  тарихи-философиялық  және  этномәдени  негіздері  заманауи  құн-
дылықтар тұрғысынан сараптаудан өткізіледі. Авторлар қазақ халқының рухани 
әлеміндегі түркілік дәуірден дәстүр жалғастығын сақтаған, сондай-ақ басымдық 
танытқан өркениет үлгілері мен этномәдениетіндегі құндылықтық бағдарларды 
өзіндік  рухани  қазына  ретінде  қарастырады.  Олардың  қазіргі  тарихи  кезеңмен 
рухани сабақтастығы және кейбір тарих дәуірлердегі әлеуметтік ортадағы саяси 
ұстанымдармен қайшылыққа келуі жан-жақты байыпталады.
Кітап философия тарихы мен қазақ мәдениетінің ерекшеліктерін зерделеуге 
ұмтылатын мамандарға, сонымен қатар жоғары оқу орындарының гуманитарлық 
саласының оқытушылары мен студенттеріне, докторанттарға арналған.
Ұжымдық  монография  «Ғылыми  қазына  (2012-2014  жж.)»  салааралық  ғылыми 
бағдарлама аясында дайындалған.
ӘӨЖ 1/14
КБЖ 87.3 (5 қаз)
ISBN – 978-601-7082-66-6
   
         © 
ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану 
   
 
 
 
            және дінтану институты, 2013

МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
4
1. ҚАЗАҚТЫҢ МӘДЕНИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙЫ ТАРИХЫНДАҒЫ  
    РУХАНИЯТ ҚҰБЫЛЫСЫНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІ
1.1.
1.2.
1.3.
Түркілік кезеңдегі халық руханиятының 
құндылықтық-мағыналық негіздері.................................................................
Сопылықтағы руханилықтың рәміздік көріністері 
және дәстүр сабақтастығы..................................................................................
Ортағасырлық түркі ойшылдарының бақыт мәселесін сипаттауы......... 
8
65
100
2. ДӘСТҮРЛІ ҚОҒАМ АҚЫН-ЖЫРАУЛАРЫНЫҢ
    ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ РУХАНИЛЫҒЫНЫҢ   
    АЙШЫҚТАЛУЫ
2.1.
2.2.
2.3.
Жыраулар шығармашылығында «Адам – әлем» қатынастарының 
рухани-адамгершілік  пайымдалуы..................................................................
Қазақ жыраулық дәстүріндегі рухани сабақтастықтың 
этномәдени негіздері............................................................................................
Дәстүрлі қоғамдағы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың қазақ 
руханиятын қалыптастырудағы маңызы мен рөлі.......................................
139
177
196
3. АБАЙ МЕН ШӘКӘРІМНІҢ ІЛІМІ – ҚАЗАҚ 
    РУХАНИЯТЫНЫҢ ТҮПТАМЫРЫ
3.1.
3.2.
3.3.
Абай қазақ рухының жаршысы.........................................................................
Қазақ руханилығының қалыптасуы мен дамуы аясындағы 
Шәкәрімнің этикалық мұрасы...........................................................................
Қазақ зиялыларының руханилықты қалыптастырудағы рөлі...................
217
242
258
4. КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢ МЕН ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ        
    РУХАНИЯТЫ ДАМУЫНЫҢ МӘДЕНИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ  
    ҚЫРЛАРЫ
4.1.
4.2.
4.3.
Кеңес дәуіріндегі қазақ халқы руханиятының ерекшеліктері: 
мәселелер мен қайшылықтар............................................................................
Қазіргі заманның этномәдени процестері ауқымындағы қазақ 
ұлтының рухани келбетінің жаңғыруы...........................................................
Жаһандану жағдайындағы руханилыққа 
зәрулік – тарихи сананың даму факторы........................................................
275
303
332
ҚОРЫТЫНДЫ............................................................................................................... 366
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 
Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану 
институты туралы мәлімет........................................................................................... 370
Информация об Институте философии, политологии 
и религиоведения Комитета науки Министерства образования 
и науки Республики Казахстан................................................................................... 372
Information about the Institute for Philosophy, Political Science 
and Religion Studies of Science Committee of the Ministry 
of Education and Science of the Republic of Kazakhstan.......................................... 374

4                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
КІРІСПЕ
Оқырмандарға  ұсынылып  отырылған  ұжымдық  монографияның 
негізгі  мақсаты  –  ежелгі  түркілік  заманнан  бүгінгі  күнге  дейінгі  Қазақ-
стандағы философиялық ойы дамуының негізгі кезеңдерін қазақ рухания-
ты  мәселесімен  байланыстыра  отырып  оны  тарихи-философиялық  және 
этномәдени  талдаулар  тұрғысынан  зерделеу,  қазіргі  қазақстандық  қоғам-
дағы руханият әлемінің қалыптасуы мен дамуының тарихи, дүниетаным-
дық  қайнар  көздерін  ашып  көрсету.  Ғылыми  зерттеуде  төмендегідей 
негізгі  міндеттер  қойылды:  қазақ  этносының  ежелден  бері  қалыптасып, 
тарихи  дамып  келе  жатқан  философиялық  ойының  эволюциясын  рух 
және  руханилық  проблемалары  ауқымында  рационалдық  және  герме-
невтикалық тұрғыдан сараптаудан өткізу; тарихи болмыста объективті түрде 
қалыптасқан  мифологиялық,  діни  және  философиялық  дүниені  түсіну-
лердің рухани көздері мен идеялық бастауларын көрсетіп, олардың өзара 
ішкі байланыстарын тарихи танымдық және этномәдени құрылымдар си-
патында анықтау; түркілердің рухани интеллектуалдық кеңістігінде кеңінен 
таралған  және  өрбіген  өркениеттік  үлгілердің,  құндылықтық  бағдарлар 
мен  дүниетанымдық  ұстанымдардың  және  мәдени  сабақтастықтардың 
маңызы  анықталып,  олардың  тарихи  тамырластықтағы  белгілеріне  жан-
жақты  философиялық  сипаттамалар  беру;  қазақ  даласында  қалыптасқан 
халықтың  тарихи  және  этникалық  санасына,  тарихи  түсініктеріне  тән 
көшпенділердің  рухани  әлемді  айшықтауына,  игеруіне  аксиологиялық, 
этикалық,  эстетикалық,  дінтанулық  және  әлеуметтік  философиялық 
тұрғыдан жан-жақты талдаулар жасау; Қорқыт, әл-Фараби, Ж. Баласағұн, 
Қ.А.Ясауи, А. Иүгінеки және т. б. түркілік ғұламалардың, сонымен қатар 
қазақ  халқының  ақын-жырауларының,  би-шешендерінің,  Шоқан,  Ыбы-
рай, Абай, Шәкәрім және ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының фило-
софиялық  көзқарастарын  руханилық  құбылысын  пайымдау  тұрғысынан 
тұжырымдау;  Қазақстандағы  қоғамдық  ой  дамуының  әртүрлі  тарихи 
кезеңдеріндегі ділдік, дүниетанымдық ерекшеліктерін руханилық мәселесі 
тұрғысынан  қазіргі  кезеңнің  рухани  әлемімен  байланыстыра  отырып 
философиялық сараптау, сонымен қатар кеңестік және қазіргі жаһандану 
кезеңдеріндегі халық руханияты мәселесінің қайшылықты тұстарын анық-
тау болып табылады.
Ғылыми  зерттеу  халқымыздың  сан  ғасырлық  тарихындағы  даналық 
тағылымдарының  терең  мәнімен  оқырманды  тікелей  сұхбаттастыруға 
шақырады.  Жалпы  этностың  дүниетанымы  мен  руханилығын  филосо-
фиялық  мағынада  сипаттау  жан-жақты  дербес  салаларды  байланыстыру-
ды  қажет  етеді.  Себебі,  руханият  мәселесі  тарихи,  аксиологиялық,  антро-
пологиялық,  этикалық,  эстетикалық,  діни,  этномәдени  ұстанымдарды 
тарихи-философиялық тұрғыдан саралауды қажет етеді. Бұл мәселе әртүрлі 
гуманитарлық  ғылымдардың  өзіндік  сұраныстарына  сәйкес  тұрғылардан 
маңызды. Жалпы әлеуметтік және рухани мүдделер кез келген этнос үшін 

                                                                    К І Р І С П Е                                                          5
тарихи процестің пәрменді ағымынан туындайтын заңды дүниелер болып 
келеді.  Сондықтан  белгілі  бір  әлеуметтік,  саяси  және  мәдени  кеңістікте 
қалыптасқан және өрбіген ұлттық рухани қазынаның қордалануы кездей-
соқ құбылыс емес деген жөн. Ол рухани ерекше дүние ретінде өзіндік та-
рихи  болмыстың  терең  қатпарларында  шыңдалып,  тарихи  процесс  пен 
тарихи  сана  үшін  қажетті  құбылыс  сипатында  пайда  болады.  Сонымен 
қатар ол бірте-бірте қоғамдық құрылымдардың өзіндік пәрменді дамуына 
қажетті қозғаушы күшке айналады және сан қырлы саланы қамти түседі. 
Ал, енді осындай өзіндік терең мағынадағы детерминациялық заңдылыққа 
бағынбаған өтпелі құндылықтық негіздерге сүйенетін кездейсоқ сипаттағы 
әлеуметтік  құбылыстар  жалаң  саясаттың  жетегінде  кетеді  және  олар 
нағыз  халықтық  мағынадағы  рухани  дүние  деңгейіне  көтеріле  алмайды. 
Сондықтан шынайы руханилықты қалыптастыру мен оны дамыту кез кел-
ген этноәлеуметтік кеңістік үшін үнемі инвариантты, яғни тұрақты сипатта 
өте маңызды және көкейкесті мәселеге айналады.
Адамзаттың  өркениеттік  кеңістігінде  өмір  сүріп  жатқан  әлемдегі  бар-
лық  халықтар,  әртүрлі  қауымдастықтар  өз  рухани  мәдениеті  мен  әлеу-
меттік  болмысының  үнемі  өркендеп,  дамып,  кемелденіп,  өскенін  қалайды. 
Осы  талпыныстардың,  мүдделіліктің  арқасында  әр  қилы  өрке-ниеттер 
қалыптасып, олар жүйелі, ұйымдасқан әлеуметтік құрылымдар түрінде та-
рихи  үдерісте  көрініс  беріп  отырды.  Олардың  сан  алуан  кейіпте,  әр  қилы 
сипатта танылуы заңды құбылыс. Дегенмен өзінің тарихи қалыптасқан ру-
хани құндылықтары мен руханият әлемін қадірлемеген қауымдастық басқа 
халықтар  алдында  сыйлы  болуға  лайықты  емес  және  олар  өркениеттік 
тұрғыдан алғанда пәрменді даму жолына түсе алмайды. Осындай әлеуметтік 
кеңістіктер  көбінесе  барынша  маргиналданған,  рухани  мәңгүрттенген 
әлеуметтік-этникалық топтар болып қана өмір сүре алады. Өкінішке орай 
қазіргі замандағы объективті түрде көрініс беріп отырған жаһандану үрдіс-
тері  осындай  нигилистенген,  тұтыну  мүддесін  ғана  алға  шығарған  барын-
ша  бұқараланған  мәдениеттің  қалыптасуына  ықпал  жасауда,  жаңа  тарихи 
кезең  адамдарды  ақпараттық  деңгейде  бір-біріне  жақындатқанмен,  жаңа 
заманның пенделерін психологиялық оқшаулануға, бір-бірінен қашықтатуға 
итермелейді.  Бұл  жаһанданудың  парадоксы.  Сондықтан  еліміздегі  барлық 
азаматтардың  қазіргі  таңдағы  руханилық  дүниесінің  сапасы,  оның  даму 
бағыты мен болашағы жөніндегі мәселе гуманитарлық саланың мамандары 
мен жастарға тәлім беру ортасы үшін үнемі өзекті болып қала бермек. 
Сөйтіп,  руханилық  оң  мағынада  қоғамдық  санадағы  адами  және 
әлеуметтік  прогресті,  алға  жылжуды  қамтамасыз  етуші  рухани  күш.  Ол 
халықтың бұқаралық санасында белгілі бір орын алып қана қоймай, соны-
мен қатар мемлекеттік деңгейде руханилық, рухани даму белгілі бір саяси 
платформа мен әлеуметтік бағдарланған концептуалды үлгінің іргетасына 
айналғанда қоғамның интеллектуалды сипатта сапалы деңгейге көтерілгені 
байқалады.  Осындай  деңгейдегі  шынайы  руханилықтың  жүйеленуі,  өзек-
тенуі  қазіргі  замандағы  мемлекеттік  идеологияның  гуманистік  мағынада 

6                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
өрбуіне негіз болар еді. Жалпы руханият әлеміндегі өзара мәдени әрекет-
тесуге, сұхбатқа, ықпалдасуға түспеген тарихи тәжірибені, өзіндік әлеуметтік 
деректі таза күйінде кездестіре қою тарихта сирек кездеседі. Ал, керісінше, 
әдеттегі  тарихи  тәжірибеде  руханилықтың  дамуының  жеткілікті  деңгейі 
болмағандықтан болған үлкен зұлматты, күйзелісті, зардапты жағдайларға 
көптеген мысалдарды келтіруге болады. Мәселен, тоталитарлық сипаттағы 
мемлекеттерде  руханият  өзінің  шынайы  табиғи-тарихи  қызметінің  түрін 
өзгертіп, барынша  жалаң саясаттанған, прагматикалық, тіптен, материал-
дық  игілікті  ғана  өзектендірген  пайдакүнемдік  кейіпте  көрініс  береді. 
Сөйтіп,  руханилық  құбылысының  халықтың  тағдыры  үшін  маңызы  мен 
мазмұны  сондай  ерекше  болғанымен  оның  құрылымы  мен  сипаты  теріс 
ұстанымдармен  көмкерілсе,  онда  қоғамдық  үдерісті  әртүрлі  сағымдық, 
жаңсақ  жолдарға  түсіріп  жіберетіндей  рухани  және  әлеуметтік  күштер 
басымдық  таныта  бастайды.  Жалпы  алғанда  руханияттың  өрбуі  мен 
дамуының  өзіндік  тарихи  күрделілігі  мен  маңыздылығы  да  осындай 
құбылыстардың өзара астасып кетуінен туындайды.
Гуманитарлық  ғылыми  әдебиетте  қазақтың  руханиятын  сипаттау 
көбінесе  этномәдениеттік  номадшылдықты  дәріптеуге  негізделген.  Бұл 
ғылыми  жобада  көшпенділіктің  тарихтағы  рөлі  кемсітілмейді,  керісінше, 
әлемдік  мәдени  процестегі  өзіндік  бірегейлігі  айшықталады.  Дегенмен, 
қарастырылатын проблеманың қайшылықты тұстары мен тұлғаның руха-
ни дамуындағы әр қилы қасиеттерін анықтау ғылым үшін маңызды екені 
белгілі. Жалпы, көшпенділіктің қоғамдық-экономикалық құрылым ретінде 
формациялық үлгіге сыйыспауы және далалық этникалық менталитеттің 
өзіндік  ерекшелігі  әлі  күнге  дейін  жете  игеріле  қоймағаны  шындық. 
Оның  үстіне  кеңестік  дәуірде  этникалық  руханилықтың  тарихи  қайнар 
көздері жалпы дәстүрдегі ескіліктің белгісі деп түсіндіріліп келді. Мұндай 
әдістемелік  негіздер  мен  идеологиялық  шектеулер  зерттеулерді  жалған 
бағытқа бұрып, оның төл ұлттық болмыстан арасын ажыратып жіберді.
Рухани құндылықтарымыздың бәсекеге қабілеттілігі немен өлшенеді, 
руханиятқа  негіз  болатын  іргетастарды  қайдан  іздейміз?  деген  сауал  да 
туындайды. Әрбір мәдениет үнемі өзіне рухани іргетасы болатын құры-
лымдарды  іздейді,  соны  орнықтыруға  тырысады.  Әлемдегі  басқа  ұлт-
тар мен ұлыстар сияқты қазақ халқының көп ғасырлық тарихында дана-
лықтың  озық  үлгісі  боларлық  әлемді  танып-білудің,  зерделеудің  өзіндік 
сипаттамалары,  түркілік  ерекшеліктерді  танытатын  философиялық  ой-
лар мен тұжырымдар жеткілікті болғаны белгілі. Мәселе сол рухани інжу-
маржанның қадірін біліп, қаймағын бұзбай қазіргі жаһандану заманында 
жүйелі түрде жинақтап алуда және оны әрбір жаңадан келетін жас ұрпақ-
қа рухани сабақтастықпен жүйелі түрде бере білуде болып отыр. Осы жау-
апты істі абыроймен жүзеге асырған жағдайда ғана еліміздің Еуразиялық 
кеңістіктегі өзіндік ерекшелігі бар халық ретіндегі мәртебесі өседі, басқа 
халықтар алдындағы құрметімізді асқақтата түседі. Өйткені, өзінің тарих-
та  қордалаған  маңызды  рухани  құндылықтарын  құрметтеген,  аялаған, 

                                                                    К І Р І С П Е                                                          7
өрбіткен  ел  ғана  және  оған  жаңа  заманда  өзіндік  жаңғырту  бедерлерін, 
келбетін бере білген халық ғана адамзаттың өркениеттік майданында шы-
найы және лайықты бағалануларға ие болатыны сөзсіз.
Қазақ халқының философиялық және әлеуметтік ойын зерттеуші ғалым-
дар осындай ерекшеліктерді ескеріп, ұлттық әдебиетті ұлттық философия-
ның өмір сүру пошымы ретінде түсінгені, көркем әдебиет туындыларын са-
лыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып зерделегені, жеке тұлғалардың 
поэтикалық  мұрасындағы  философиялық  мазмұнды  ашып  көрсету  үшін 
оны философиялық ойлау құралдары көмегімен қайта саралағаны дұрыс бо-
лар еді. Енді, міне қазіргі уақытта жаңа заманның тарихи кезеңі келді, руха-
ни дүние де демократиялана бастады, яғни ойлау еркіндігінің ұстанымдары 
қоғамдық санада беки түсуде. Сөйтіп, бұл басқа мәдени, саяси дәуір орыстың 
философиялық даналығының, қазақ халқының және басқа да халықтардың 
ой-тұжырымдарының тарих доңғалығының астында жоғалып кетпей, олар-
дың  халықтың  рухының  терең  тамырларында  бойлай  орналасқанын,  өмір 
сүргенін  байқатты.  Мәңгіге  жабылған  шығар,  енді  олар  Ақиқат  әлемінен 
орын теппес деген тарихтың «ақ таңдақтары» бірте-бірте ғылыми кеңістікте 
мамандар үшін ізденістер ауқымы, нысаны ретінде күн санап ашылу үстінде. 
Сол рухани күштердің, тарихи деректердің еркіндікке шығу кереметін, яғни 
басқаша айтқанда халық рухының шабыттық асқақтауын қазіргі заманда өз 
көзімізбен көріп, оның куәсі болып отырмыз. Бұл құбылыстар шын мәнінде 
қазіргі  тарихи  кезеңнің  дәуірлік,  шынайы  тарихи  сипаттамасы  болып  та-
былады,  ол  сонымен  қатар  жаңаша  рухани  этникалық  жаңғыруымыздың, 
өркендеуіміздің бастамасы болары анық. 
Ұжымдық  монография  авторлары  қазақ  руханиятының  көпқырлы 
мәселелерінің  кейбір  философиялық,  этномәдени  астарларын  гумани-
тарлық білім тұрғысынан айқындауға ұмтылды. Шын мәнінде бұл тақы-
рыптың  тереңдігі  мен  кеңдігі,  оның  маңыздылығы  бірнеше  томдардың 
еншісіндегі  зерттеулер  мен  ізденістер  ауқымында  екенін  де  айта  кеткен 
жөн, бір еңбектің ауқымында оның оның кейбір қырларын қамтуға бола-
тындығын  атап  өтуге  болады.  Сондықтан  қазақ  руханиятының  әртүрлі 
мәселелерін тереңдеп зерделеу болашақта ғалымдар тарапынан «Ғылыми 
қазына» ғылыми жобасы ауқымында жалғаса беретініне сенімдіміз.

8                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 
                                                      және этномәдени негіздер
1. ҚАЗАҚТЫҢ МӘДЕНИ-ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙЫ 
ТАРИХЫНДАҒЫ РУХАНИЯТ ҚҰБЫЛЫСЫНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІ
1.1. Түркілік кезеңдегі халық руханиятының құндылықтық-
мағыналық негіздері 
Адамзат  тарихының  тарихи  субъектілерге  байланысты  руханияты-
ның ең маңызды түпнегізі оның ақыл-ойының деңгейінен, парасатты ойлау 
тәжірибесінен байқалады. Ойлаудың ұғымдық, түсініктік жүйеленуі әлем-
дік  философиялық  дәстүрдің  жарқын  көрінісі  ретінде  танылады.  Жал-
пы  адами  эволюцияның  өлшемі  ретінде  даналық  үлгілерін  алуға  толық 
болатыны  анық.  Осы  тұрғыдан  алғанда  адамзат  тарихындағы  кез  келген 
халықтың философиялық пайымдаудың үлкен жүйелі құрылымдарынан 
бастап өлшеулі деңгейдегі тұжырымдар мен түсініктерден тұратын ерек-
ше сілемдер аралығындағы көптүрлілікті аңғаруға болады. Олардың бар-
лығына әр қилы бағалаулар беріп, әртүрлі өлшемдер арқылы сараптау-
лардан өткізу міндеті гуманитарлық ғылымдар алдында тұрған қасиетті 
міндет. Дегенмен, негізінен ойлау жүйесінің адами принциптерінің өзара 
ұқсастығына тәнті боламыз және әрбір мәдениеттің өзіндік көріністерінің, 
ерекше сипаттарының бар екенін де мойындауға тиістіміз. Міне, осыған 
орай халқымыздың өзіндік ойлау жүйесі, философиялық мәдениеті бар 
екеніне еліміздің көрнекті ғалымдары өткен ғасырдың екінші жартысында 
түбегейлі көңіл бөле бастады, көптеген философиялық мәселелер кәсіби 
тұрғыда игеріле бастады. Қазіргі заманғы руханилық мәселесінің әртүрлі  
қырларының  гуманитарлық  білім  саласындағы  ғалымдардың  арасында 
күн тәртібіне қойылуының өзі қоғамымыздың құндылықтық бағдарынан 
хабар беретіндей [1].
Қазақ  руханияты  туралы  философиялық  тұжырымдарды  айтардың 
алдында философиялық әдебиеттегі рух, руханилық, руханият ұғымдары 
жөнінде кейбір пайымдауларға, пікірталастарға тоқтала кетелік. Ежелден 
жалпы  әлемдегі  материалдық  дүниенің  өзге  сипаты  оның  рухани  жағы 
деп  түсінілгені  белгілі.  Рухтың  не  екеніне  жаратылыстану  тұрғысынан 
ешқандай дәлел дәйектемелер болмағанымен, оның нақты болмысы бар 
екеніне  зертеушілердің  көбісі  күмән  келтірмейді.  Кез  келген  діни  түсі-
ніктер,  діни  ілімдер  рухтың  әртүрлі  сипаттағы  көріністерін  (негізінен 
Абсолюттің  заңдылығына  бағынатын)  «табиғаттың  рухы»,  Жаратушы-
дан  тек  адамға  келетін  «қасиетті  Рух»  деген  мағынада  жіктеледі.  Жалпы 
табиғаттың  заңдылығы  материалды  әлемнің  үйлесімді өзара  байланысы 
бар,  суық  та  қатаң  қатынастарына  бағынады  және  онда  жақсылық  пен 
жамандық, ізгілік пен зұлымдық, игілік пен қиратушы күштер түйіспейді. 
Махаббатқа толы қатынастар тек адам әлемінде, яғни оның жан дүниесінен 
туындайтын  Қасиетті  Рух  кеңістігінде  ғана  бар  деп  түсініледі  [2,  351  б.]. 

                   1. Қазақтың мәдени-философиялық ойы тарихындағы                      9
руханият құбылысының қайнар көздері                                   
Қалайда  рухтың  өмір  сүру  формаларын  сипаттағанда  «руханият  және 
руханилық» деген ұғымдар бекер қолданылмайды. 
Руханият – қоғамда тарихи қалыптасқан рухани әлем, қоғамның руха-
ни өмірі мен мәдени кеңістігі. Сондықтан оған оң және теріс мағынадағы 
рухани элементтер мен түсініктер енуі толық мүмкін екені анық. Дегенмен, 
«Рух  абсолютті  мағынада  алғашқы»  деген  Гегель,  адам  рух  арқылы  ғана 
өзінің  табиғи  шектеулі  әлемінен  жалпылық  дүниесіне,  әмбебап  қатарға 
өрлей алатындығын ескертеді [3, 24 б.]. Трансценденттілік әлеміне қарай 
адами  танымдық  қадам  жасау,  әртүрлі  процестерді  сыни  рефлексиядан 
өткізу субъекті үшін рухты болмыстық іргетас ретінде қабылдаудан бас-
талады.  Сондықтан,  қазіргі  кезеңдердегі  кейбір  философиялық  зерттеу-
лердегідей «рухты руханилықтың онтологиялық негізі ретінде» түсінудің 
өнімді тұстары бар екенін атап өту керек [4, 69 б.]. Шынымен де рухтың 
маңызды құбылыс екенін мойындау арқылы адам әлеміндегі қатынастарға 
ендейміз.
Ал, енді руханият негізінен ерекше феномен ретінде қауымдастықтың, 
әлеуметтік  субъектінің  қалыптасу  эволюциясының  тарихи  кезеңдеріне 
сай  келеді,  жалпы  оның  эволюциясына  сәйкес  кейіпте  көрініс  береді. 
Оны кез келген халықтың өткенінен көре аламыз, ал бұл зерттеуде қазақ 
руханиятының  сатылы  тарихына  қарап  байқауға  болады.  Руханияттың 
өзегін  құрайтын  құбылысқа  руханилықты  жатқызуға  болады.  Ол  адамды 
Ақиқаттың жасампаздық жүйесін қалыптастыратын тұсына жақындататын, 
рухани дамуды қамтамасыз ету арқылы Ғаламды рухтандыратын, қоғамды 
іштей үйлесімдендіретін оң мағынадағы рухани күш, феномен [5, 67 б.].
Руханилық – еркін шығармашылық белсенділік арқылы, әлемге деген 
адамгершілік  қатынас  арқылы  қалыптасады  және  сол  құрылымдардың 
нәтижесінде  дамиды,  адам  өмірінің  мәніне  айналады.  Сондықтан, 
«руханилық – адамның түпкі мәндік негіздеріне сәйкес келетін дүниеге де-
ген оң мағынадағы ыстық ықыласынан туындаған қатынастар жиынтығы» 
деген тұжырымға тоқтам жасауға болады. Ал, руханият болса одан әлде 
кең мағынадағы қатынастар жүйесі. Ол қоғамның рухани өмірінің көптеген 
қырын  қамтиды.  Руханилық  адамның  жан  дүниесімен  байланыста  бол-
са,  оның  дүниетанымы  зерде,  ақыл-ой  саласымен,  рационалдылықпен 
астасып  жатады.  Дүниетаным  мен  руханилықтың  өзара  байланысын  іс-
әрекеттер  деңгейінің  биігінен  іздеу  керектігін  кейбір  зерттеушілер  атап 
көрсетуде [6, 129 б.]. Әрине, адам руханилығының парасаттанған формасы 
дүниетанымдық  жүйе  ретінде  рауажданады.  Басқа  кейіптегі  қатынастар 
дискретті  кейіптегі  түсініктерді  байқатады.  Өкінішке  орай,  көптеген 
зерттеушілер  арасында  руханият  пен  руханилықты  өзіндік  қасиеттерге 
жіктемей, оларды көбінесе толық сәйкестендіру, етенелестіру әдетке айнал-
ғанын байқаймыз. Бұл кейбір теориялық және құндылықтық-мағыналық 
жаңылысуларға, ауытқуларға алып баратынын байқаймыз.
Ал,  енді  кез  келген  қоғамдағы,  тарихи  кезеңдегі  руханилықтың  ең 
негізгі өлшемдерінің бірі – адамның жақсылыққа, адамгершілікке қарай 

10                                    Қазақ руханияты: тарихи-философиялық 


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал