Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты мейіркүл Жетпісбаева



жүктеу 3.67 Kb.

бет2/13
Дата28.03.2017
өлшемі3.67 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

1. ҰЛТТЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК, АЗАМАТТЫҚ БОСТАНДЫҚ 
ХАҚЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙ МЕН 
М. ШОҚАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ АРАСЫНДАҒЫ 
ИДЕЯЛЫҚ САБАҚТАСТЫҚ
1.1 Антикалық ой – мемлекеттік биліктің азаматтық 
бастаулары хақында
Мемлекеттің  түпкі  табиғаты,  мәні,  оның  қандай  бастау-
лардан туындайтыны, түпкі нәр алатын тамырлары жөніндегі 
ізденістерді  шартты  түрде  екі  типке  бөлуге  болады  деп  ой-
лаймыз.  Олардың  біріншісі  –  мемлекеттің,  жалпы  биліктің 
шығу  көзін  адамдар  әлемінен  тыс,  тіпті  кейде  табиғаттан 
да  тыс  күштерден  іздейді.  Бұл  ең  алдымен  әртүрлі  діни 
бағыттарға тән. Мемлекетті, оның тәртіптері мен талаптарын 
дүниеден тыс құдіретті күштердің адамдар үшін жер бетінде 
орнатқан  тәртібі  деп  түсінетін  көзқарастар  өткен  дәуірлерде 
кең  тараған.  Оның  қазіргі  кезеңдерде  де  үлкен  ықпалы 
бар.  Осы  типтес  бағыттағы  қисындарға  Антика  дәуіріндегі 
Платонның,  Аристотельдің,  Жаңа  дәуірдегі  Спинозаның, 
Гегельдің, Ницщенің, Шпенглердің философиялық жүйелерін 
жатқызуға болар еді. Екінші типтке сай билікті, оның негізгі 
формасы  –  мемлекетті  –  адамдардың  өздерімен,  адамдар 
құратын  дүниемен  байланыстырып,  негізінде  сол  арқылы 
түсіндіруге  ұмтылатын  ой  жүйелері  жатады.  Бұл  бағыттың 
көрнекті  өкілдері,  Жаңа  дәуірдің  белгілі  тұлғалары  Гоббс, 
Локк, Юм, Монтескье, Вольтер, Руссо, Кант, Фихте, Маркс және 
тағы басқалар болды. 
Антика  заманынан  бізге  дейін  жүйелі  түрде  өрбітілген 
мемлекет,  билік  туралы  көзқарастардан  сақталғаны  Платон 
мен  Аристотельдің  шығармалары  деуге  болады.  Олардан 
кейінгі сол заман ойшылдары көбінесе осы екі ойшылдың ой 
түзімдеріне ойысады. 

13
1. Ұлттық тәуелсіздік, азаматтық бостандық хақындағы әлемдік 
философиялық ой мен М. Шоқай шығармашылығы... 
Платонның  негізгі  еңбектері  «Мемлекет»,  «Заңдар» 
мемлекеттің,  заңдардың  қандай  болуы  керектігі  туралы 
қағидалардан  тұратыны  белгілі.  Платон  шығармашылығын 
зерттеушілердің көпшілігі оның жетілген мемлекет хақындағы 
идеялары  демократия,  азаматтық  қоғам,  адамдардың  бос-
тандығы тұрғысына тіпті жат екенін айтады. Мысалы, антика 
мәдениетін  зерттеген  белгілі  ғалым  А.Ф.  Лосевте  осындай 
көзқарас айтады. Өмірінің соңғы кезеңінде жазылған «Заңдар» 
деп  аталатын  еңбегінде  А.Ф.  Лосевтің  пікірінше,  ол  (Платон) 
«...шексіз  қатал  заңдарға  құрылған,  қандай  да  болмасын 
еркіндіктерге тыйым салынған, 10 мың жылдай ешбір өзгеріссіз 
бұлжымай  өмір  сүріп  отырған  деп  есептелген  Египеттік 
тәжірибені мадақтай отырып, ешқандай бүркеленбеген абсо-
люттік-полицейлік, темірдей қатты тоталитарлық мемлекетті 
уағыздайды»  [2].  Осы  іспеттес  бағаны  В.Ф.  Асмус  та  айтады: 
«Еркіндіктің және ең биік жетілгендіктің субъектісі Платонша 
жеке тұлға да, тіпті жеке тап та емес, тек бүкіл қоғам, тұтасымен 
бүкіл мемлекет» [3]. Осы бағалардың ақиқаттығына Платонның 
өз  сөздері  куә  бола  алады.  Ол  «Мемлекетте»  былай  дейді: 
«Заң  шығарушы  қалада  (мемлекетте,  полисте)  әсіресе  белгілі 
бір  топты  бақытты  етуді  көздемейді.  Ол  тек  иландыру  және 
қажеттілікпен  азаматтарды  келістіру  арқылы  тұтас  қаланың 
бақытын орнатуға тырысады»... [2, 257 б.]. 
Платон  жеке  адамның  рөлін,  маңызын,  тіпті  оның 
реальдылығын  алаңсыз  жоққа  шығарады.  Ол  үшін  тұтастық 
өзі  –  өзі  үшін  мақсат  және  түпкі  мақсат.  Сондықтан  да, 
тұтастықтың  бақыты,  яғни,  мемлекеттің  бақыты  әрбір  оған 
кіретін адамның бақыты емес, жекеліктің бақыты, оның өзіндік 
мүддесі тіпті болуға тиіс емес. Ол қайта мемлекеттің бүтіндігін 
бұзатын нәрсе. Жалпы Платонның түсінуінде билік тек адам-
дар әлемінде емес, тұтас космостық құбылыс. Биліктің мәнісі 
бүтіндіктің  бөліктерге,  жалпылықтың  жекелікке  үстемдігі, 
олардан бірінші маңызға иелігі. 
Өзінің «Заңдар» деп аталатын ең соңғы үлкен диалогында 
Платон мемлекетті тұтастық, бүтіндік ретінде қарап, оны түпкі 
құндылық, не мұрат деп қарап, ал оған кіретін адамдарды тек 
соның бөліктері, басқаша айтқанда сол бүтіндіктің құралдары 

14
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі
ғана  деп  қарайтындығын  былай  деп  көрсетеді:  «Қамқорлы 
құдірет  бәрін  де  бүтіндікті  сақтауды  және  оның  ізгілігін 
көздеп,  әрі  мүмкіндігінше  оның  әрбір  бөлігін  сол  үшін  өзін 
сыннан  өткізіп  немесе  өзіне  тиістіні  орындайтын  етіп  құрды. 
Сол бөліктердің әрқайсысының ең ұсақтарына дейін үстеріне 
олардың ең ұсақ істері мен әрекеттеріне дейін қадағалап оты-
руы  үшін  басқарушыны  қойды;  мұның  бәрі  белгілі  түпкі 
мақсаттарға  бағытталған.  Осындай  басқарушының  бір  өзі,  ей 
найсап адам, сенің жаныңның ең төр саңылауына дейін көріп, 
сол  бүтіндікті  көздей  отырып  басқарады.  Пайда  болған,  бо-
лып  жатқан  нәрселердің  бәрі  де  бүтіндік  үшін  болатынын, 
сол  бүтіндікке  тән  рахатты  болмыс  үшін  болатынын  сен  өзің 
байқамайсың да және ондай болмыс сен үшін емес, керісінше, 
сен ол үшін пайда боласың» [4].
Әсіресе  өзінің  «Заңдар»  деп  аталатын  көлемді  еңбегінде 
адамдарды  толық  бағыныштылықта  ұстайтын,  олардың 
әрбір  іс-әрекеттері  түгіл,  ой-сезімдеріне  дейін  қандай  бо-
луы  керектігін  белгілейтін  заңдарға  құрылған  мемлекетті 
суреттейді. Платонның мемлекет туралы мұраты – ешбір ішкі 
айырмашылықтары жоқ тұтастық, абстрактылық бірегейлік. 
Бұл жерде Платонның мемлекет, оның құрамындағы жеке 
адамдардың  орны  туралы  көзқарастарына  ғана  тоқталып 
өтуді жөн көрдім. Басқа мәселелерге байланысты Платонның 
бай мұрасын қарастыруға тақырыптың ауқымы көтермейді. 
Жеке  адамның  өмірінде  жанның  тәнге  үстемдігі  бүкіл-
әлемдік  жанның  аспан  денелерінің,  бүкіл  космостың  қозға-
лыстарын  реттейтін,  белгілі  бір  тәртіпке  келтіруінің  айнасы 
ғана. Мемлекет те, жеке адамның жан дүниесі де космостық 
тәртіптің  бір  бөліктері,  олар  –  микрокосмос.  Өз  кезіндегі 
Афиналық  демократияны  да,  басқа  да  мемлекеттік  басқару 
формаларын  да  (мысалы,  аристократиялық,  тирандық)  жа-
рамсыз деп қараған Платон жеке адамның дербестігін де, та-
рихи жасампаздық қызметін де жоққа шығарды. 
Кейінгі тарихи дәуірлердегі Платонға деген бас июшіліктің 
ешбір  теңдесі  жоқ  дәрежеге  жеткендігін  екі  жарым  мың 
жылдай  дерлік  уақытта  Батыста  да,  Шығыста  да  әртүрлі 
тоталитарлық,  деспотиялық  мемлекеттік  формалардың  ба-

15
1. Ұлттық тәуелсіздік, азаматтық бостандық хақындағы әлемдік 
философиялық ой мен М. Шоқай шығармашылығы... 
сым  болып  келгендігінен  деуге  белгілі  бір  негіз  бар.  Себебі, 
демократиялық,  халықтық  билікке  қарсы  тәртіпті  сондай 
логикалық  шеберлікпен  ешкім  де  негіздеп  бере  алған  жоқ. 
Әлемдік діндердегі биліктің бәрі құдайдан делінетін уағыз да 
бастауларын Платон философиясынан алады. 
Екінші  жағынан  сократ-платондық  дәстүр  мемлекеттік 
түзілімнің  негізгі  өзегін  құрайтын  игілік  идеясы  арқылы  ке-
лешекте,  біздің  кезіміздегі  құндылық  идеясының  алғашқы 
нұсқасын ұсынды деуге болады. Сонымен қатар, Сократ және 
оның  шәкірті  Платон  логикалық  конструктивтік  ойлау  тәсілі 
үрдісін  енгізді.  Кейінгі  мыңдаған  жылдардағы  әр  нәрсенің 
түпкі мәнін ашуға ұмтылатын, ғылыми ойлаудың түп қазығын 
құрайтын  әдіс  бірінші  рет  өзінің  айқын  формасын  тапты. 
Оның үстіне философиялық ойда даналықтың негізгі предметі 
болып  адам,  оның  ойлауы,  бүкіл  жан  дүниесі  алға  шықты. 
Сократтың бүкіләлемдік маңыздылығының өзі ойлаудың өзін 
өзіне зерттеудің нысаны етуінде деп Гегель де көрсеткен. 
Платонның  шәкірті  Аристотель  де  мемлекет  туралы  ой-
ларын  осы  тектес  негіздерден  өрбітеді.  Мемлекеттің,  жалпы 
биліктің түпкі мәнін Аристотель де адамдар қатынастарынан 
ғана  көрмейді,  ол  мәннің  төркіні  әлемдік  адамдардан  тыс 
қатынастарда жатыр. Аристотель үшін де бүтіннің бөліктерге 
үстемдігі, жалпылықтың жалқылықтан астамдығы бүкіләлемдік 
заң. Ол үшін де бүтіндік, ол – мемлекет, ал оған кіретін адам-
дар, сословиелер – бөліктер. Осы жалпылықтың жекеліктерден 
артықтығы  –  биліктің  метафизикалық  мәні.  Үздіксіз  бір-
бірімен  байланыстағы  немесе  бір-бірлерінен  ажыраған 
бірнеше бөліктерден тұратын бір тұтас бүтіндіктердің бәрінде 
де билеуші бастау мен бағынышты бастаулар білініп тұрады. 
Бұл  табиғаттың  жалпы  заңы  және  оған  жанды  жәндіктердің 
бәрі бағынады, [5] – дейді ол. 
Платон  да,  Аристотель  де  биліктің  түпкі  табиғатының  не 
екендігін айтумен қатар, соған сәйкес биліктің формаларының 
да  қандай  болуы  тиіс  екеніне  баса  көңіл  аударған.  Яғни 
өмірде  болып  отырған  биліктің  түрлерін  көрсетумен  шек-
телмей болуға тиісті формаларды айтады. Сол кездегі ежелгі 
гректердің  мемлекеттік  басқару  формалары  биліктің  түпкі 

16
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі
принципіне  сәйкес  келмейтінін  көрсетеді.  Биліктің  түпкі 
принципі  табиғаттың  мәңгі  заңы  болғандықтан,  ол  өзгермек 
емес. Бірақ адамдар қауымдарында бар болып отырған билеу 
формалары түпкі принциптен ауытқыған. 
Мемлекет – Аристотель үшін, биліктің ұйымдық ең жоғарғы 
формасы.  Антика  дәуірінде  мемлекет  туралы  білімді  жүйелі 
түрде саралаған   Платонның шәкірті Аристотель «Саясат» деп 
аталатын көлемді еңбек жазып қалдырған. 
Бірақ  билік  бүкіл  әлемнің  негізгі  принциптерінің  бірі. 
Ал,  ол  бүтіннің  бөлікке  үстемдігі,  артықшылығы.  Бұл  тұста, 
ол  Платонмен  бірдей  көзқараста  болды.  Аталған  еңбегінде 
мемлекеттің шығу негізін ол былай түсіндіреді: «Сонымен мем-
лекет табиғатынан өмір сүреді және табиғатынан әрбір адам-
нан  бұрын:  сондықтан  жеке  адам  оқшауланып  қалғанда  өзі 
өздігінен бола алмайтындықтан, оның мемлекетке қатынасы кез-
келген бөліктің бүтінге қатынасындай. Ал қарым-қатынастарға 
қабілетсіз  немесе  өзін-өзіне  жеткілікті  деп  есептеп,  оларды 
қажет етпейтін болса, ол жануарға айналып, я құдайға айна-
лып, мемлекеттің элементі болудан қалады. Барлық адамдарға 
табиғат  мемлекеттік  қарым-қатынасқа  деген  талпынысты 
берген,  ал  осы  қарым-қатынасты  алғаш  ұйымдастырған  адам 
адамзатқа ұлы игілікті табыс етті. Қалыптасуының шегіне жете 
алған адам тірі жәндіктердің ішіндегі ең жетілгені, ал керісінше, 
заң мен құқықтан тыс өмір сүретін адам – олардың ең жаманы, 
өйткені, қаруланған әділетсіздік – ең зардапты нәрсе; табиғат 
адамға ақыл мен адамгершіліктің күшін сыйлап, осындай қару 
берді, ал оны кері бағытта да қолдану әбден мүмкін. Сондықтан, 
адамгершіліктен махрұм адам ең арсыз, ең анайы, жыныстық 
және  талғамдық  ұмтылыстарында  ең  дөрекі  мақлұқ  болып 
шығады. Әділеттілік ұғымы мемлекет хақындағы түсініктермен 
байланысты,  өйткені  әділеттіліктің  өлшемі  болып  қызмет 
ететін құқықтық-саяси қарым-қатынастарды реттейтін тәртіп» 
[6, 315 б.]. 
Яғни,  бүкіл  жақсылық,  жамандық,  игілік,  жалпы  адам-
гершілік,  әділеттілік,  әділетсіздік,  құқық,  ақыл  т.б.  барлығы 
адамдардың  түзетін  нормалары  емес,  оларға  табиғаттан  бері-
летін  немесе  берілмейтін  қасиеттер.  Бірақ,  оларды  ұстану  не-

17
1. Ұлттық тәуелсіздік, азаматтық бостандық хақындағы әлемдік 
философиялық ой мен М. Шоқай шығармашылығы... 
месе  ұстанбау  әр  адамның  немесе  олардың  тұтас  кейбір  құра-
маларының  өз  таңдауларына  да  бағынышты.  Мемлекет  –  осы 
табиғат заңдарынан шығатын табиғи туынды, адамдардан   бұ-
рын әрі оларға тәуелсіз. Солай бола тұрса да, адамдарда таңдау 
еркіндігі бар, өйткені, олар сол тәртіпті ұстана білсе – адамдар, 
ұстана алмаса – жануарлар. Сондай еркіндіктің болуы адамдар-
ға жауапкершілік жүгін артады, себебі, ұстану-ұстанбау олардың 
өз  шешімі  болып  шығады.  Бірақ,  өз  қағидаларынан  шығатын 
осы соңғы логикалық қорытынды туралы Аристотель анық түрде 
көрсете бермейді. 
Билік барлық жағдайда үстемдік түрінде көріне бермейді, 
ол  бүтіннің  өз  бөліктерінен  артықшылығы,  беделділігі, 
ықпалдылығы,  өз  бөліктерін  тудыра  алатындығы,  ұйыстыра 
білетіндігі т.б. Зорлық үстемдіктің ең жарамсыз түрі, тіпті оның 
табиғатын бұзады. 
Биліктің  түрлері  көп:  Отбасы  иесінің  оның  мүшелеріне, 
жанның  тәнге,  бір  адамның  –  екінші  адамға,  бір  жанды  жән-
діктердің – екінші жәндікке, еркін туғанның – құлға және ерік-
ті азаматтардың – мемлекеттің тәртібіне т. т. Бұлардың ішін-
дегі ең жетілгені – мемлекеттік билік. Мемлекеттік билік – тек 
адамдарға ғана тән. Табиғат адамдарға ғана мемлекеттік өмірге 
құлшынысты дарытқан. Ол құлшыныс бұлтартпас қажеттілік 
емес.  Тіршілік  мұқтаждық  байланыстарына  сай  адамдар 
әртүрлі ұйымдар, топтастықтар құра береді, оларда да билік 
бар,  бірақ  мемлекеттік  билік  ең  қымбат,  ең  жоғары  бақытты 
өмір үшін құрылады. 
Ал  бақытты  өмір,  әрине,  әр  азаматтың  мемлекеттің 
тұрақтылығына,  беріктігіне  қызмет  ету.  Ол  тұрақтылық 
үнемі  әділеттілікті  қамтамасыз  ету.  Әділеттілік  дегеніміз 
не  деген  сұрақ  бойынша  ол  көптеген  ол  туралы  пікірлерді 
саралап  шығады,  оларға:  күштінің  құқы,  дәулеттінің  құқы, 
игі  жақсылардың  құқы  т.  б.,  ал  соған  байланысты  күшті, 
дәулетті,  игі  жақсы,  т.  т.  мағынасы  нені  білдіреді  дегендер-
дің  бәрін  дерлік  тәптіштеп  талдап  шығады.  Нәтижесінде, 
Аристотель  азаматтардың  –  олар  қандай  топқа  жатпасын 
–  жалпы  құқықтарында  артықшылықтардың  болмауына 
қарай ойысады, себебі артықшылықтар теңсіздікке әкелсе, ол 
наразылықтар туғызып, бірлікті бұзады. 

18
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі
Мемлекеттің түпкі негізіне байланысты Аристотель Платон-
мен пікірлес болғанымен әртүрлі топтар мен жеке адамдардың 
жекелік  мүдделеріне  ой  жүйесінде  орын  қалдырады.  Он-
дай  мүдделердің  үйлесімдігіне  көп  көңіл  бөлген.  Түпкі 
принциптерді  нақты  өрбіту  мәселелеріне  ауысқан  сайын 
Аристотельдің  түсінуі  Платоннан  алшақтай  берген.  Мысалы, 
жеке адамның жеке мүддесін алаңсыз тәрік етуде ол Платон-
мен  келіспейді.  Бірақ,  Платон  ойларын  Сократтың  атынан 
айтатындықтан Аристотель де сыни көзқарастарын Сократтың 
атына  бағыштайды.  Оның  Платонға  арналған  сын  екендігі, 
әрине түсінікті. «Платон біздің досымыз, бірақ ақиқат бәрінен 
қымбат» деген сөзді Аристотель айтқан деседі. 
Азамат ұғымы, яғни, мемлекетті құрған қауымдастықтың 
мүшесі.  Ол  гректерде  18  жасқа  толған  ересек  ер.  Ол  мемле-
кетте заң шығарушы, атқарушы билікке, сот істеріне қатысуға 
құқылы  да,  міндетті  де.  Яғни,  көбінесе  грек  полистерінде 
кәмелетке  толмаған  жастар,  қартайған  кісілер  азаматтықтан 
босатылып  жүрген.  Сирек  жағдайларда  әйелдер  азаматтық 
құқыққа ие болған. Мысалы, Перикл кезіндегі Афиналарда сан 
жағынан едәуір болса да сырт елдерден келіп қоныстанғандар 
азаматтыққа  қабылданбаған.  Мысалы,  Афиналарда  –  метек-
тер.  Азаматтар  Аристотельдің  айтуынша  ең  жетілгендер. 
Бақытты  өмірді  ол  осы  мемлекет  ісін  атқарумен  байланыс-
ты  қарастырады.  Әйелдерді  де  ол  азаматтық  істерге  жа-
рамсыз  деуге  бейім.  Құлдар  жөнінде  тіпті  әңгіме  жоқ.  Олар 
табиғатынан біреуге меншік бола алатындар. Азаматтық билік 
қабілеттері  де  табиғаттан  берілген.  Мемлекеттің  тұтастығын 
қамтамасыз  ете  алатын  әділеттілік  идеясы  да  Аристотель-
де  түбірінен  басқаша.  Әділеттілік  оның  түсінуінде  барлық 
азаматтардың,  сол  мемлекетті  құрған  барлық  топтардың  бір 
ортақ мүдделерін қамтамасыз етуде. Басқару формасы осын-
дай топтардың арасалмағына тәуелді болу керек. Басқару фор-
масын  тек  дәулеттілердің  ықпалымен  солардың  мұқтажына 
сай құратын болса, ол дұрыс емес. Ол наразылықтар туғызады. 
Ал,  тек  жарлылар  басым  болып,  дәулеттілердің  меншігін 
талауға  құрылса,  ол  да  жарамсыз  болып  шығады.  Ол  да 
әртүрлі  қайшылықтар  мен  бүліктерге  әкеледі.  Сол  сияқты 

19
1. Ұлттық тәуелсіздік, азаматтық бостандық хақындағы әлемдік 
философиялық ой мен М. Шоқай шығармашылығы... 
игі жақсыларды, жеке көрнекті, білгір беделділерді де мемле-
кет істерінен аластатса да, ол мемлекетке нұқсан. Осы сияқты 
тағы да басқа жағдайларды ескере отырып, Аристотель: мем-
лекет  еш  уақытта  тек  зорлыққа  құрылып,  түбінде  баянды 
бола  алмайды  деген  ұлы  қорытынды  жасайды.  Бұл,  әрине, 
мемлекеттің  азаматтарына  қатысты  түйін.  Мемлекет  ісінде 
оның шешімдеріне бағыну – ол зорлық емес. Азаматтар биле-
уге де, бағына білуге де қабілетті болуға тиіс. Құлдың да иесіне 
бағынуы – зорлық емес. Құл да – адам, бірақ жетілмеген адам. 
Азаматтар  айтылған  мағынада  мемлекеттің  иелері.  Басқа 
жұрттан  келгендер  мемлекеттің  иелері  бола  алмайды.  Билік 
орындарында ешкім өле-өлгенше отыра алмайды. Олар ауы-
стырылып отыруы керек. Кейбір грек мемлекеттерінде билік 
орындарына,  мысалы,  архонттар,  -  сайланып  отырған,  сот 
орындарын жеребе бойынша кезектесіп орындау да болыпты. 
Аристотель осындай тәжірибелердің бәрінде қай жерде, қай 
кезде және қалай іске асырылып отырғанын тәптіштеп баян-
дап, сыни талдау жасаған. Афиналарда ерте кезде Солонның 
түзген заңдары да, Аристотельдің идеялары да түптеп келген-
де  демократиялық  сарында.  Олар  бойынша  мемлекетте  бір 
топтың немесе басқа топтарға үстемдігі болуға тиіс емес. Соның 
ішінде  азшылықтың  көпшілікке  де,  көпшіліктің  азшылыққа 
да. Мемлекет жалпы үстемдікке құрылуға тиіс емес. Бүтіннің 
бөлікке  үстемдігі  принципі  бір  топтың  немесе  жеке  бір 
адамның басқалардың өмірлік мүддесін тәрік ету деген емес, 
бөліктердің мүдделік үйлесімдігі. Жалпылық жекеліксіз бола 
алмайды. Яғни, мағынасы жағынан Аристотельдің бүтін және 
бөлік  туралы  принципі  тіпті  басқаша.  Ол  кезіндегі  басқару 
формаларының  көпшілігін  Аристотель  мемлекеттің  түпкі 
мәніне толық сәйкес келмейді деп есептеген, бірақ оған жақын 
келетін үш форма бар деп есептеді: патшалық, олигархиялық 
және  демократиялық.  Демократиялық  басқарудың  да  оның 
ойынша кейбір кемшіліктері бар. Осы жөнінде Аристотельдің 
өз  уәждеріне  қарасақ,  ол  былай  дейді:  «Демократиялық 
құрылымның  негізгі  бастауы  –  еркіндік.  Жалпы  көпке  тара-
лып  кеткен  пікір  бойынша  тек  осы  мемлекеттік  құрылымда 
жұрттың бәрі де еркіндікті пайдалана алады, өйткені жұрттың 

20
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі
айтуынша,  қандайда  болсын  демократия  соған  ұмтылады. 
Ал  еркіндіктің  шарттарының  бірі  –  кезекпен  бағыну  және 
басқару. Шынында, демократиялық құқықтың негізгі бастауы 
теңдік  –  ізгіліктің  негізінде  емес,  сандық  негізде  іске  асыры-
лады; егер әділеттілік осындай болатын болса, онда жоғарғы 
билік,  әрине,  халық  бұқарасына  тиесілі,  көпшіліктің  шешімі 
әрі ақырғы, әрі әділетті – деп есептелуге тиіс. Барлық азамат-
тар, тең құқықтарды пайдалануы керек делінеді, сондықтан да 
демократиялық билік негізінде дәулеттілерде емес, жарлылар-
да, өйткені олар көпшілік қой, ал ең жоғарғы күші бар шешім 
– көпшіліктің шешімі» [6,  477 б.]. 
Аристотель  мұнда  басқарудың  басқа  формалары  сияқты 
демократияның  да  кемшіліктерін  көрсеткісі  келеді.  Оның 
ойынша  демократия  жағдайындағы  теңдік  барлық  уақытта 
әділеттілікпен барабар емес. Көпшілік, дауыспен азшылықтың 
мүддесіне зиянды шешімдер де қабылдауы мүмкін, әрі болып 
жатады.  Көпшіліктің  зорлығы  да  әділеттілікке  сай  келмейді. 
Ең  білікті,  ең  қабілетті,  әділеттілігімен  көрінген  адамдар 
шеттеліп  те  қалады.  Мемлекетті  қандай  басқару  форма-
сы  халықты  құрайтын  азаматтар  топтарының  ерекшелігіне 
тәуелді  дейді  ол.  Бай  адамдардың  да,  аса  кедейлердің  де  көп 
болуы ол үшін қолайлы емес. Ондайда тұрақтылық болмайды. 
Орташалардың  басым  болғаны  жақсы.  Дәулет  жағынан  ғана 
орташа емес, ұстанымдары жағынан да. Басқарудың формасы 
демократияның да, олигархияның да, патшалықтың да кейбір 
ұтымды  белгілерін  ұштастыра  алса,  сол  жақсы.  Ол  өмірде  іс 
жүзінде  болған  емес.  Аристотельдің  келешекте  болса  дейтін 
формасы осындай. Осындай болуға тиіс басқару формасын ол 
полития деп атады.   Гректердің сол кездегі әрбір қаласы өз ал-
дына мемлекет болып отырған кезінде басқару формалары жиі 
ауысып  отырған.  Көп  жағдайда  тираниялық  түрде  орнығып 
отырған. Әсіресе тиранның өзімшілдік билігі ішкі толқуларды, 
билік  үшін  тартыстарды,  төңкерістерді,  зұлымдықтарды  жиі 
туғызғаны  тарихтан  белгілі.  Аристотельден  бұрын  Платон  да 
ол туралы аса жиренішпен айтып отырған. Сиракуздардың ти-
раны кіші Дионисийдің Платонды құлдыққа сатып жібергені 
осындай сезімді шегіне жеткізсе керек. 

21
1. Ұлттық тәуелсіздік, азаматтық бостандық хақындағы әлемдік 
философиялық ой мен М. Шоқай шығармашылығы... 
Аристотельдің  түсінуінде  мемлекеттік  бүтіндік  пен 
тұрақтылықты  жеке  адамдар  мен  олардың  топтары  басқа-
ларға  зиян  келтірмей  өз  мүдделерін  күйттеу  арқылы 
қамтамасыз  етеді.  Жекеліктер  тек  өзіндік  өзгешелігі  арқылы 
бүтіндікті толықтырады. Бірақ сол жекеліктің өзін Аристотель 
мемлекеттегі  барлық  адамдарға  тән  деп  мойындамайды. 
Мысалы,  әйелдерді  азаматтар  қатарына  жеткізуді  ол  қолда-
майды.  Олардың  табиғи  ерекшеліктері,  оның  ойынша,  бұл 
қызметке  сай  емес.  Құлдар  табиғатынан  тек  сөйлей  алатын 
құралдар  ғана.  Шет  жұрттан  келіп  қоныстанғандар  бұл 
мемлекетті  құрғандар  және  солардың  ұрпақтары  емес.  Яғни, 
азаматтар мемлекетті мекендейтіндердің көпшілігі де болмауы 
мүмкін. 
Егер Платонның болуға тиіс қияли мемлекеті адамдардан 
алыс,  оларға  үстем,  оларды  жасаушы,  оларға  жат  дүлей 
күштей  болып  тұрса,  Аристотельдің  жетілген  де,  қияли  да 
мемлекеті оның өз азаматтарына жақын, олардың мүдделерін 
қорғайтын  құрылым.  Ондай  мемлекет  ешбір  зорлықпен 
сыйыспайды,  зорлық  принципімен  ешбір  бір  мемлекет 
баянды бола алмайды. 
Мемлекеттің басқару формасы жөнінде Араб-түрік фило-
софиялық  дәстүрінің  Орта  ғасырлардағы  аса  ірі  өкілі,  өз 
кезінде Аристотельден кейінгі екінші ұстаз деп танылған Әбу 
Насыр  әл-Фараби  осы  бағыттағы  ойшыл  болды.  Әл-Фараби 
Платон сияқты адамды, оның мемлекетін бүкіл әлемдік жүйе-
ден шығаруға тырысқан. Оның өзгешелігі – Алланы алғашқы 
себеп,  бірінші  қозғаушы  деп  есептейді.  Бүкіл  материалдық 
дүние,  яғни,  (ол  бұлай  деп  табиғатты  атайды)  –  Алланың 
туындысы. Бірақ, бірін тудырушы құдіретті күшті – Алланы ол 
материалдық емес, таза идеалдық деп біледі. Ол идеалдықтан 
болмыстың  он  сатысы  шығады.  Олардың  әрқайсысының 
субстанциясы өз ішінде, олар да материалдық емес, идеалдық, 
әр қайсысы өзінен кейінгі сатыны жаратады. Аспан денелері 
–  осындай  болмыстың  сатылары,  қатаң  айнымас  жолмен 
қозғалады,  бірақ  ешбір  материалдықпен  байланыссыз 
таза  идеалдық  күштер.  Ең  соңында  ғана  олардан  эманация 
жолымен  табиғи  заттар  дүниесі  пайда  болады,  адамдар  да 

22
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі
солай.  Құдіретті  қозғаушы  күш  бәрін  де  қамтиды,  бәрін 
де  біледі,  ол  ақырғы  себептілік,  ол  мәңгілік,  ол  өзгермейді, 
пайда  болмайды,  жоғалмайды.  Ол  бірлік,  ол  бөліктерден 
құралмайды,  онда  ішкі  айырмашылық  бола  алмайды,  ол  – 
абсолют. 
Абсолютті  алғашқы  деу  уақыт  бойынша  емес.  Оның 
материалдық  дүниеден  бұрын  болды,  тек  кейінірек  дүниені 
жаратты  деу  оның  ұғымымен  сиыспайды,  жаратушымен 
оның  жаратындылары  бір  нәрсе,  бәрі  де  мәңгілік.  Өйткені, 
жаратындылары  кейін  пайда  болды  деу  –  оған  дейін 
жаратушының  өзі  де  жаратушы  емес  деген  ұғымға  әкелер 
еді.  Яғни,  материалдық  дүние  де  мәңгілік.  Олай  болса, 
әрбір материалдықтың түпкі мәні – идеалдық. Адамдар мен 
олардың  құрамалары  да  солай.  Фарабидің  айтуынша  аспан 
денелерінің бәрі де идеалдық нәрселер: күн де, планеталар да, 
ай да т. б. 
Фарабидің  жалпы  дүниетанымы  –  объективтік  идеализм. 
Адамдар мен олардың құратын дүниесі Жаратушы мен оның 
жаратындыларының  арақатынасының  үлгісіне  сай  келу  ке-
рек. Яғни, қоғам – мемлекеттік құрылыс. Әрине, адамға ойлау 
қасиеті  дарытылғандықтан,  оларда  еріктілік,  еркін  ырық  бар. 
Сондықтан, олар іс-әрекеттерін өз мұқтаждықтарымен, ойла-
уымен анықтай алатындықтан, әлемдік үлгіден ауытқи береді. 
Қоғам  және  мемлекеттің  пайда  болуы  туралы  Фараби 
ұстанымы Платон мен Аристотельдің көзқарастарына жақын. 
Әрбір адам өзіне қажетті нәрселердің барлығын өзі қамтамасыз 
ете алмайды. Сондықтан, ол басқаларға да қажетті белгілі бір 
нәрсені атқаруы тиіс. Яғни, өзі дәуіріндегі біршама қалыптасып 
үлгерген қоғамдық еңбек бөлісті тарихтың түпкі бастауы деп 
қарайды. 
Қоғамдық  әрі  мемлекеттік  құрылым  туралы  Фарабидің 
көзқарасы  толық  жіктеліп  көрсетілмеген.  Бірақ,  қаланы  ол 
мемлекет  болудың  ең  қолайлы  формасы  деуге  жақын.  Бұл 
жөнінде  ол  қаланың  басшысы  қандай  болу  керек  екені  ту-
ралы  жазғандарында  біршама  анық  көрсеткен.  Оның  ойын-
ша  қаланың  басшысы  –  әрі  заң  шығарушы,  әрі  басқарушы. 
Бірақ,  олардың  барлығын  қала  тұрғындарының  бұрыннан 

23
1. Ұлттық тәуелсіздік, азаматтық бостандық хақындағы әлемдік 
философиялық ой мен М. Шоқай шығармашылығы... 
қалыптасқан  әдет-ғұрыптарын  ескере  атқару  керек.  Оның 
ойынша  қала  басшысын  ақылды,  білімді,  әділетті,  адам  тағы 
басқа ізгілікті қасиеттерімен белгілі болып жүрген кісілерден 
қою  керек.  Яғни,  шыққан  тегіне,  байлығына,  күшіне  қарай 
емес. Билік  атадан балаға берілетін мұра бола алмайды. Фа-
раби  ізгіліктілерден  басшы  болу  керек  дегенде,  оларды  сай-
лау  керек  дегенді  айтпайды.  Бірақ  елге  ықпалды  адамдар  өз 
орталарының  өкілі  ретінде  жиналып  шешу  ол  замандарда 
үйреншікті  жағдай  болатын.  Түріктерде  тайпа,  ру  билері, 
беделділері,  батырлары,  көсемдері  жиналып  ханды  сайлау 
ертеректе болып отырған. Ал бұл сайлаудың белгілі бір түрі. 
Фараби үшін ол кезде бұл әркімге түсінікті табиғи тәртіп, оны 
тіпті түсіндіріп жатудың өзі артық.
Сондықтан  да,  біздің  ойымызша  Фарабиді  Монархиялық 
билікті  жақтаушы  деу  қате.  Қоғамдық  құрылыс  оның 
түсінуінше  тірі  организм  құрылысына  ұқсас.  Ал  онда  бәрін 
жандырып  тұратын  орталық,  ол  –  жүрек.  Ақылды  бірінші 
қасиет  деп  қарайтын  Фараби  үшін  қоғамның  жүрегін  оның 
басшысынан  көру  оған  қайшы  сияқты  көрінуі  мүмкін.  Бірақ, 
біздіңше олай емес. Басшы, әрине, ақылды, көреген, дана бо-
луы керек, әйтседе, өз халқы үшін жүрек болу – оны барынша 
сүю  дегенмен  бара-бар  сияқты.  Ақылдың,  білімнің  болуы  өз 
еліне деген сүйіспеншілікпен ұштаса бермейді. Мұны Фараби 
жақсы білсе керек. 
Платон,  тирандық  билеуге  Аристотельдің  жиренішті 
қатынасын  Фараби  де  толық  қостайды.  Ол  да,  мемлекетті 
басқару  тек  әділ  заңдардың  негізінде  іске  асу  керек  дейді. 
Фараби  шығармаларында  басқару  формаларын  патшалық, 
аристократиялық,  олигархиялық,  демократиялық  деп  жіктей 
талдау жоқ. Бірақ, билеушінің халқының игілігіне қызмет етуі, 
оны түпкі міндеті деп қарау оның ойларының ішкі өзегі.
Негізгі  көзқарастары  Платонмен  бір  жерден  шыққаны-
мен,  кейінгі  оларды  өрбітуде  Аристотельдің  үлкен  айырма-
шылықтары бар. Бұл әсіресе адамдардың мемлекетті құрудағы 
және  өмір  сүруіндегі  рөлін  түсінуінде  жатыр.  Осыған  байла-
нысты  Аристотельдің  азаматтық  қоғам  және  демократиялық 
басқару  формасы  жөніндегі  ұстанымдары  тіпті  басқаша. 

24
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі
Әлеуметтік  философиялық  және  саяси  ойлаудың  тарихында 
азамат  және  демократия  туралы  ұғымдарды  алғаш  ұсынған 
Аристотель деуге болады. 
Егер  Платонның  айтуынша  мемлекет  тұтастық  болған-
дықтан  өзі  –  өзі  үшін,  адамдар  үшін  емес  дейтін  болса, 
Аристотель  мемлекеттің  адамдардың  белгілі  бір  өмірі  үшін 
құрылатынын  айтады.  Мысалы  экономикалық  және  басқа 
да  тұрмыс  мұқтаждықтарын  өтеу  үшін  адамдарға  мемлекет 
емес,  кәдімгі  жәй  бірігулер,  одақтар  сияқты  ұйымдасулар  да 
жеткілікті. Мемлекет мұқтаждықтар үшін емес, лайықты өмір 
үшін, игілікті өмір үшін құрылады. Оны ол бақытты өмір үшін 
деп те атайды. 
Ал лайықтылық деген не? Игіліктілік деген не? Бұлардың 
түпкі мағынасы әділеттілік үшін өмір сүру екен. Ал, әділет-
тілік  –  мемлекетке  кіретін  барлық  адамдарға  тиімді  ортақ 
мақсатты іске асыру екен. Олай болса, Аристотельдің түсінуі 
бойынша  мемлекет  адамдар  үшін,  адамдар  мемлекет  үшін 
емес. Ал бұл Платонның қағидасына тікелей қарама-қарсы. 
Бірақ  мемлекетті  құрушыларға  құлдар  жатпайды.  Әйел-
дер де құл болмаса да ер адамдарға бағынышты болуы тиіс. 
Неліктен? Ол туралы Аристотель былай дейді: «Біздің айтуы-
мызша әрбір тірі мақлұқта үстемдік әрі саяси билікті көруге 
болады. Жан тәнге билеушідей, ал зерде ұмтылыстарымызға 
мемлекеттік  тұлғадай  үстемдік  етеді.  Яғни,  тән  үшін  жанға, 
ал  жанның  әр  түрлі  сезімдерге  ұрынғыш  бөлігіне  зерде  мен 
пайымдық элементке бағынуды қаншалықты табиғи, әрі пай-
далы  екендігі,  ал,  керісінше,  олардың  тепе-тең  немесе  кері 
қатынаста  болуы  қаншалықты  зиян  екендігі  осыдан  айқын... 
Атқаратын қызметі дене күшін қолдану және олардың беретін 
ең жақсы нәрсесі сол болатын адамдар табиғатынан – құлдар; 
оларға  бұрын  көрсетілген  мақлұқтардай  бір  биліктің  қол 
астында  болу  –  ең  жақсы  үлес.  Құл  табиғатынан  басқаның 
меншігі  болуға  тиісті  адам...»  [5,  318  б.].  Бұрын  айтқандай 
Платонның жетілген болуға тиіс мемлекетінде – оған кіретін 
адамдарда  жеке  тілек,  мақсат  дегендер  болмау  керек  болса, 
Аристотельдің мемлекет идеясында – жеке адамдардың, яғни 
мемлекет мүшелерінің жалпы бүтіндіктің мүддесінен өзгеше 

25
1. Ұлттық тәуелсіздік, азаматтық бостандық хақындағы әлемдік 
философиялық ой мен М. Шоқай шығармашылығы... 
өзіндік  жеке  өміріне  де  жол  берілген.  Бірақ,  адамдардың 
барлығы  бірдей  мемлекетке  мүше,  яғни  оның  азаматы  бола 
алмайды. Мысалы, құлдар, өйткені бұларда пайымға қатысты 
түсінушілік болғанмен пайым жоқ, тек өз қожайындарының 
әмірін  орындауға  ғана  қабілетті.  «Барлық  адамдарға  табиғат 
мемлекеттік  қарым-қатынастарға  деген  талпынушылықты 
берген...» [5, 315 б.] деп әрі құлдарды да адам деп қараса да, 
Аристотель  оларды  азамат  болуға  қабілетсіз  деп  есептейді. 
Табиғатынан күң болмаса да әйел еркектен төмен, сол себепті 
ол еркекке бағынады. 
Әділеттіліктің табиғатын, яғни, оның түпкі мәнін Аристо-
тель  осылай  анықтайды.  Өзінің  табиғатынан  жеке  бағынуға 
жаралған  адамдардың  бағынышты  өмір  кешкені  әділеттілік. 
Сондықтан, мұндайлар мемлекетке толық мағынасында әйел-
дер де мемлекетке мүше бола алмайды. Мемлекетке тек ерікті 
туғандар ғана мүше бола алады немесе басқаша айтқанда аза-
мат  бола  алады.  Осы  айтылғандардан  азаматқа  тән  қандай 
белгілерді атауға болар? 
а) біріншіден, азамат дәрежесіндегі адамдар дербес субъек-
тілер  ретінде  ұйымдасып,  бірігіп  мемлекет  құрушылар  және 
сол құрылымды қорғап сақтай алушылар немесе соны сақтауға 
ұмтылушылар;
б) жоғарыда айтылған мағынадағы әділеттілікті жалпы мақ-
сат ретінде қолдаушылар және сол үшін қызмет ететіндер;
в)  айтылған  сипаттарға  сай  келетін  адамдарға  тән  нәрсе: 
олар қажет болғанда билей де, бағына да біледі. 
Осындай  адамдардың  өзара  бірігіп  құрған  мемлекетінде 
азаматтар, әрине, тең құқықты, жауапкершіліктері де түптеп 
келгенде бірдей. 
Тек  осындай  адамдар  туралы  ғана  Аристотель:  «Қалып-
тасуының  шегіне  жете  алған  адам  тірі  жәндіктердің  ішіндегі 
ең жетілгені, ал, керісінше, заң мен құқықтан тыс өмір сүретін 
адам – олардың ең жаманы, өйткені қаруланған – әділетсіздік – 
ең зардапты нәрсе» [5, 315 б.].
Сонымен бірге, Аристотель билеу дегенді үстемдік ету де-
ген  мағынада  қолданбайды.  Билеу  –  әділетті  заңдарға  сәйкес 
басқару.  Ол  –  барлық  азаматтардың  ортақ  мүдделері  үшін 

26
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі
қызмет  ету.  Ал  үстемдік  ету  болса  –  бір  адамның  немесе 
топтың, екінші адамның не топтың ырқымен есептеспей, оны 
басып-жаншу,  басқаның  ырқын  жою  болады.  Осы  соңғының 
Аристотель  мемлекет  ішінде  болуына  қарсы.  Соның  ішінде 
мысалы, азшылықтың көпшілікке де, көпшіліктің азшылыққа 
да. Қандай да болмасын үстемдік азаматтар арасында болмауға 
тиіс. 
Аристотель адамдарға олардың істерінің оңдылығы бақыт 
әкелу  керек  деп  есептейді.  Бірақ,  бақытты,  шын  бақытты  тек 
мемлекеттік  істер  ғана  әкеледі.  Жеке  мүдделерден  туатын 
жеке істер негізінде жалған бақытпен ғана байланысты. Және 
де ол Платон айтқандай, жеке адамдарға қатысы жоқ жалпы 
бүтіндіктің  (мемлекеттің)  бақыты  емес,  әрбір  азаматтардың 
бақыты болуы тиіс. 
Аристотель әсіресе өз кезіндегі Грекияда көптеген ұсақ қала 
– мемлекеттердегі билеу формаларына аса ыждағаттылықпен 
талдау  жасаған.  Олар  негізінде  төрт  түрге:  патшалық, 
олигархиялық, аристократиялық және демократиялық басқа-
руларға саяды. Патшалық билеу кейде тиранияға ұласып оты-
рады.  Осы  билеу  формаларының  бәрі  де  мемлекет  көздейтін 
жалпы  мүдденің  жеке  мүдделерге  байланысты  болу  ке-
рек  екендігі  жөнінде  ол  мұндай  жекелікті  алаңсыз  тәрік  ету 
мемлекеттің жойылуына әкеледі дейді. Сократтың (Платонның) 
жетілген мемлекетінде жоғарғы билеушілер мен сақшыларда 
меншік болмау керек, әйелдері мен балалары ортақ болу ке-
рек дейтін қағидасына қарсы ол былай деп жазады: «Егер тіпті 
қарым-қатынастың  игілігі  шегіне  дейін  жеткізілген  бірлік 
болған  күннің  өзінде  бәрінің  бірге  «бұл  менікі»  және  «бұл 
менікі емес» дегендері ондай бірлік туралы куәландырмайды, 
ал  Сократ  тап  осыны  мемлекеттің  ең  жетілген  бірлігі  деп 
есептейді...  Оның  үстіне,  Сократтың  қағидасында  тағы  бір 
жағымсыз жақ бар. Өте көп адамдардың иемденетін нәрсесіне 
қатысты қамқорлық та тым кем болады. Адамдар тікелей өзіне 
ғана тиісті нәрсеге неғұрлым көп қамқорлық жасайды; бәріне 
ортақ нәрселерге қатысты азырақ қамқорлық көрсетеді неме-
се оның қаншалықты өзіне тиісті жағына қамқорлық жасайды. 
Басқаны  былай  қойғанда,  олар  басқалардың  қамқорлығына 

27
1. Ұлттық тәуелсіздік, азаматтық бостандық хақындағы әлемдік 
философиялық ой мен М. Шоқай шығармашылығы... 
үміт артып, өзі азырақ қамқорлыққа бейім,...» [5, 336,337 бб.]. 
Яғни абстрактылық бірлік мемлекеттің ішкі өзегі бола алмай-
ды,  алаңсыз  бірдей  адамдар  болмайды  және  ондайлардың 
бір-біріне  тіпті  қажеттілігі  болмас  еді,  өйткені  әрбір  басқа 
біреуде бар нәрсе оның өзінде де бар. Ондай бір бірлер бірін 
бірі  толықтыратын  ұйымдастық  емес,  тек  бір-бірімен  бай-
ланысы  жоқ  топты,  сумманы  ғана  құрар  еді.  Жалпылық 
пен  жалқылықтың  ара  байланысын  Аристотель  нақтырақ 
қарастырған. 
Жалпы  түрде  бағалағанда,  Аристотель  мемлекеттің  фор-
малары  әр  елдің  нақты  жағдайларына,  соның  ішінде  әсіресе 
халықтың құрамына байланысты дей келіп, ең бастысы олар-
дың бәрі де азаматтардың барлығының ортақ мүдделерін қор-
ғайтын заңдарға сүйенген болу керек деп ойлайды. Сонымен 
бірге,  оның  барлық  талдауларынан  демократиялық  жүйеге 
көбірек  ойысқанын  көруге  болады.  Өз  кезіндегі  демократия-
лық  басқаруларды  да  ол  қатаң  сынайды,  себебі,  оларда  көп 
жағдайда  тұрақты  заңдар  жүйесі  болмай,  қоғамдық  тәртіп 
аумалы-төкпелі қалде бола берсе керек. Оның үстіне ол кездегі 
демократиялар  көпшіліктің  азшылыққа  үстемдігіне  құрыла 
берсе  керек,  ал  Аристотельдің  қандай  да  болса  үстемдікке 
қарсы  екендігін  бұрынырақ  айтқанбыз.  Яғни,  оның  ойынша 
мемлекетте ешбір бөліктің артықшылықтары болмауы керек. 
Тиранияны билеудің ең жаман формасы дегенде Аристотель 
Тиранның  ешбір  заңдарды  мойындамай,  тек  өз  өзімшілдігін 
ғана  көздейтінін  айтқан  болатын.  «Солонды  кейбіреулер 
тамаша заң шығарушы деп есептейді: ол олигархияның шегіне 
жеткен  формасын  жойды,  жәй  халықтың  құлдығын  құртты 
және бабаларымыздың демократиясын орнатып, онда әртүрлі 
мемлекеттік  құрылымдардың  элементтерін  сәтті  ұштастыра 
білді;  ареопаг  –  олигархия  элементі,  сайлау  арқылы  қызмет 
орындағыларды ауыстырып отыру аристократиялық элемент, 
ал  халықтық  сот  –  демократияның  элементі.  Бірақ,  Солон 
бұрыннан  болып  келген  ареопаг  пен  қызмет  орындарына 
сайлауды  сақтап  қалған  болуы  керек,  ал  демократияны 
халықтық  сотты  кіргізу  арқылы  ол  енгізді,  онда  бәрі  де  сот 
бола алады» [5, 366 б.]. 

28
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі
Бірақ  өз  кезіндегі  демократияларды  мемлекеттің  түпкі 
принципінен  ауытқушылық  деп  қараған  Аристотель  ең 
жетілген, сол принципке сәйкес келетін, болуға тиіс форманы 
полития деп атайды. Ол жоғарыда айтылған тираниядан басқа 
формалардың  ең  тиімді  деген  элементтерін  ұштастыратын 
билік  түрі.  Ол  ұғым  қазіргі  замандағы  демократия  ұғымына 
жақын. 
Ол замандағы гректердің толып жатқан ұсақ мемлекеттері 
болғаны  белгілі.  Әрбір  қала  өз  алдына  мемлекет.  Олардың 
көпшілігінің шағындығын барлық азаматтарын халық жиналы-
сына қатыстыруға болатынынан-ақ көруге болады. Олай болса, 
ондай  мемлекетте  қазіргі  парламент  сияқты  заң  шығаратын 
арнаулы органның да қажеті жоқ. Грек мемлекеттерінде ондай 
органның болғаны туралы Аристотель ешбір дерек келтірмейді. 
Ондай заңдарды халық жиналысы қабылдайтын болған. Оған 
қатысатын  әрбір  азамат  заң  шығаруға  тікелей  араласады,  да-
уыс  береді.  Керісінше,  атқарушы  органдардың  мүшелері, 
қызмет орнына отыратындар сайланатын болған немесе кейде 
кезектесіп ауысып отырған. 
Жоғарыда  келтірілген  Аристотельдің  «бабаларымыздың 
демократиясын  орнатып»  деген  сөзі  демократияның  тарихта 
ең алғаш пайда болғанын көрсетіп тұр деп ойлаймыз. Себебі, 
ең  алғашқы  қарапайым  қауымдастықтарда  ішкі  күрделі 
байланыстар,  әрине,  әлі  өрістемеген.  Қауымдастықтың  мү-
шелері  (ересектер)  бәрі  де  қатыса  отырып  өздерін  өздері 
басқарады.  Арнаулы  бөлектенген  органдар  жоқ.  Сондықтан 
да демократияның ең түпкі принципі – халық билігі алғашқы 
қарапайым түрінде іске асады. 
Олай  болса,  демократияға  адамзат  тарихының  ең  соңғы 
формасы  деп  қарауға  негіз  жоқ.  Жаңа  заманда  демократия, 
азаматтық  қоғам,  әрине,  күрделіленді,  оның  көптеген  фор-
малары  мен  деңгейлері  қалыптасты.  Себебі,  адамдардың 
өздерінің  мәндері  мен  мұраттары  саналуандалып,  олар 
күрделі  субъектілерге  айналды.  Есесіне  алғашқы  қарапайым, 
іштей  жіктеле  қоймаған  демократиялық  жүйе  де,  ол  туралы 
Аристотельдің бағамдары да бүкпесіз, бүркеленбеген ашық әрі 
мөлдір күйінде.           

29
1. Ұлттық тәуелсіздік, азаматтық бостандық хақындағы әлемдік 
философиялық ой мен М. Шоқай шығармашылығы... 

1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал