Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты мейіркүл Жетпісбаева



жүктеу 3.67 Kb.

бет1/13
Дата28.03.2017
өлшемі3.67 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

1
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ
ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ 
ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫ
Мейіркүл Жетпісбаева
МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ 
ТӘУЕЛСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ 
         
Алматы 
2013

2
ӘӨЖ 94 (574)
КБЖ 63,3 (5 Қаз)
Ж 56
ҚР БҒМ Ғылым Комитеті Философия, саясаттану және дінтану 
институтының Ғылыми кеңесі баспаға ұсынған
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әлеуметтану ғылымдарының докторы
профессор З.К.Шәукенова және философия ғылымдарының докторы
профессор С.Е.Нұрмұратовтың жалпы редакциясымен
Пікір жазғандар: 
М.Сәбит, философия ғылымдарының докторы, профессор 
М.З.Изотов, философия ғылымдарының докторы, профессор 
Б.М.Сатершинов, философия ғылымдарының докторы, доцент   
Ж 56 
Жетпісбаева  М.С.  Мұстафа  Шоқай  және  ұлттық 
тәуелсіздік  мәселесі  /  З.К.  Шәукенова  және  С.Е.  Нұрмұратовтың  жалпы 
редакциясымен. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК ФСДИ, 2013. – 191 бет. 
ISBN 978-601-7082-96-3 
Бұл  монографиялық  еңбекте  демократиялық  азаматтық  қоғам  идеясының 
қазақстандық  саяси  ойда  қалыптасуы  мен  оның  тарихи  және  рухани  негіздері 
әлеуметтік-философиялық қырынан талданады. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде 
жалпы Түркістан өлкесінде, соның ішінде әсіресе Қазақстанда орын алған ұлттық 
тәуелсіздік  үшін  күресте  белгілі  жүйеге  келген  демократиялық  ойдың  өкілі 
М.  Шоқайдың  көзқарастарының  дүниетанымдық,  философиялық  астарлары 
зерделенеді. Еліміздегі демократиялық ойдың дамуы және Батыс ойшылдарының 
осы  бағыттағы  қордаланған  ой  түйіндерімен  ішкі  байланысы  мағыналық-
құндылықтық тұрғыда сараланады.
Кітап  ғылыми  қызметкерлерге,  жоғары  оқу  орындарының  студенттеріне,  
магистранттар  мен  докторанттарға,  сонымен  қатар,  М.  Шоқайдың  шығар-
маларындағы  саяси  мәселелерді  талдауға  арналған  ойлау  үрдістерінен  туын-
дайтын  философиялық  идеяларына  қызығушылық  білдіретін  жалпы  оқырман 
қауымға арналады. 
 
ӘӨЖ 94 (574) 
КБЖ 63,3 (5 Қаз)
Ж 56
ISBN 978-601-7082-96-3                                       © ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану 
                                                                            және дінтану институты, 2013
 
 
 
 
               © Жетпісбаева М.С., 2013

К і р і с п е
3
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ....................................................................................................................
3
1.
ҰЛТТЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК, АЗАМАТТЫҚ БОСТАНДЫҚ 
ХАҚЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙ МЕН 
М. ШОҚАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ АРАСЫНДАҒЫ 
ИДЕЯЛЫҚ САБАҚТАСТЫҚ......................................................................
12
1.1 Антикалық ой – мемлекеттік биліктің азаматтық 
бастаулары хақында......................................................................................
12
1.2 Жаңа заман ойшылдары Т. Гоббс, Дж. Локк, Ж.Ж. Руссо....................
29
1.3 Кант және Гегель азаматтық қоғам туралы.............................................
40
2. МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ ТҮРКІСТАН АЗАМАТТЫҚ 
ҚОҒАМЫ ТУРАЛЫ ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҢ БІРІГУІНЕ 
НЕГІЗ БОЛА АЛАТЫН РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР...........................
57
2.1 М. Шоқайдың келешек Түркістан азаматтық қоғамы және 
мемлекеті жөніндегі ойларының философиялық негіздері...............
57
2.2 М. Шоқай «Мәдени автономия», ұлттық суверенитет 
идеяларының арақатынасы және «халық», «ұлт» ұғымдары 
мен адам құқықтары проблемасының философиялық негіздері.........
72
3. М. ШОҚАЙ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМҒА 
ТӘН РУХАНИ ҰСТАНЫМДАР МЕН АЛҒЫШАРТТАР.........................
127
3.1 М. Шоқай шығармашылығындағы ғылыми зерттеу, ақпараттық 
жүйе мен сөз бостандығының рухани-философиялық 
принциптері....................................................................................................
127
3.2 Қазіргі Қазақстандағы азаматтық қоғамға қажет кейбір 
рухани алғышарттар......................................................................................
146
ҚОРЫТЫНДЫ ......................................................................................................
178
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР...........................................................
... 182
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 
Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану 
институты туралы мәлімет........................................................................................ 185
Информация об Институте философии, политологии 
и религиоведения Комитета науки Министерства образования 
и науки Республики Казахстан.................................................................................... 187
Information about the Institute for Philosophy, Political Science 
and Religion Studies of Science Committee of the Ministry 
of Education and Science of the Republic of Kazakhstan............................................ 189

4
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі 
КІРІСПЕ
Монографиялық  жұмыстың  мақсаты  –  ұлттық  тәуелсіздік, 
азаматтық  бостандық  хақындағы  әлемдік  философиялық  ой 
мен  Мұстафа  Шоқай  шығармашылығы  арасындағы  идеялық 
сабақтастықты  көрсету.  Осы  мәселелердің  басын  ашуда                      
М.  Шоқайдың  азаматтық  қоғамның  іс  жүзіндегі  болмысымен 
ғана  емес,  ХVІІІ,  ХІХ  ғасырлардағы  Еуропа  ойшылдарының 
азаматтық  қоғамға  байланысты  идеяларымен  жақсы  таныс 
екендігі де көрінеді. 
Азаматтық  қоғам,  демократиялық  тәртіп  идеяларын 
жалпы  философиялық,  әрі  социологиялық  деңгейде  ХVІІ, 
ХVІІІ  ғасырларда  алғаш  рет  Еуропа  ойшылдары  ұсынып, 
әртүрлі  бағытта  өрбіткен.  Олар  сол  кездегі  феодалдық 
басыбайлылыққа  қарсы  Англия,  Нидерланды,  Франциялар-
да  жақындап  келе  жатқан  революцияларды  рухани  жағынан 
дайындады. Олар адамдардың табиғатынан тең, еркін екендігін 
алға тартып, қандай да болса құлдық пен тәуелділіктің табиғат 
заңдарына  қайшы  екендігін  жариялады.  Мемлекет,  қоғам 
ерікті адамдардың өзара келісімінің нәтижесі деп есептеді. Осы 
көзқарасты неғұрлым терең өрбітуге үлес қосқандар ағылшын 
философтары Т. Гоббс, Дж. Локк, француз ойшылдары Вольтер, 
Монтескье, Руссо, Гельвеций т. б. болды. Өз ойларын әртүрлі 
алғышарттардан шығаруларына қарамастан олар адамдардың 
табиғатына сай келетін қоғамдық тәртіпке ауысу қажет деген 
белгілі бір түйінге тоқталды. 
ХҮІІІ  ғасырда  осы  көзқарасты,  яғни  адамдардың  түпкі 
табиғаты  еркіндік  деп  түсінетін  тұрғыны  неміс  ойшылдары, 
солардың ішінде әсіресе Кант, Фихте және Гегель қарастырды. 
И.  Канттың  пайымдауынша  адамның  түпкі  мәнін  еркіндікте 
деп қарағанда ғана біз оның түзген қоғамын және адамгершілік, 
құқық, жалпы мәдениет, ойлау т. б. оған тән нәрселерді түсіне 
аламыз.  Басқаша  негізден  шыға  отырып  түсіну  мүмкін  емес. 

К і р і с п е
5
Адамның түпкі мәнін оған туа бітті тән қасиет деп тану дәстүрі 
ХІХ  ғасырда,  әсіресе  ХХ  ғасырда  жалғасты.  Бұлай  түсінуде 
идеяның жаңа бір өрісін ашқан неміс философы М. Хайдеггер 
мен француз философы Ж. П. Сартр еді. «Болмыс және ештеңе» 
деген көлемді еңбегінде Сартр әрбір адам өз мәнін (сущность) 
өзі таңдайды, әрі түзеді деген көзқарасты дамытты. Яғни, бұл  
әрбір адам о бастан дербес және  сол арқылы жауапты, оның 
еркіндігі мен құқықтары оның өзінен ажырамас қасиеті дейтін 
қағиданың жалғасы. 
Қазіргі кезеңде азаматтық қоғамның дамуын әлемдік үдеріс 
ретінде  қарастыратын  зерттеушілер  арасында  либеральдық 
құндылықтарды  демократиялық  жүйеден  ажырата  қарайтын 
бағыттар да көрініп жүр. Солардың ішінде мәселені филосо-
фиялық  тұрғыдан  қарастырып  жүрген  американ  ғалымы             
Ф. Фукуяма деуге болады. Оның ойынша кейбір елдердің тәжі-
рибесіне қарағанда (мыс. Сингапур, Иран) формальдық демо-
кратия  қалыптасты.  Ондай  елдерде  демократия  атрибуттары 
болғанмен, либеральдық бостандықтар жоқ немесе әлдеқайда 
шектелген.  Автор  либералдық  бостандықтар  өз  мағынасы 
жағынан ғана емес, әлемге таралу жағынан да әмбебаптық си-
пат алып келеді деген тұжырымға ойысады. 
Демократиялық азаматтық қоғам құру идеясы Қазақстан-
дық әлеуметтік, саяси ойда тұңғыш қойылып отырған жоқ. Бұл 
идея Алаш қозғалысының, кейін осы аттас партияның, Алаш 
автономдық өкіметінің өзекті идеясы болды деп айта аламыз. 
Сонымен бірге, алаш өкіметінің мүшесі болған, әрі Түркістан 
автономиясын құрушылардың басында тұрып, кейінірек оның 
басшысы болған, ол құлағаннан кейін шет елде, Еуропада эми-
грацияда жүріп Түркістан ұлттық бірлігінің Еуропадағы бөлі-
мін басқарған М. Шоқай бұл идеяны қолдаушы ғана емес, оны 
келешек Түркістанның мемлекеттік жүйесі деп білген еді. Алаш 
көсемдерін,  соның  ішінде  М.  Шоқайды  да  ескішіл,  бұрынғы 
хандықты,  әмірлікті  аңсаушылар  деп  көрсетіп  келген  боль-
шевиктер  насихатының  жалған  екендігі  оның  барлық  жарық 
көрген шығармаларынан көрініп тұрады. Алаш партиясының 
бағдарламасының  осы  идея  негізінде  құрылғандығы  туралы 
негізгі  мәтінде  кеңінен  баяндалады.  Алаш  көсемдері  Ресейде 

6
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі 
демократиялық  федеративтік  республика  құрылғанда  ғана, 
Ресей  қарамағындағы  орыс  емес  халықтар  тең  құқықты  авто-
номиялар ала алады деп қарады. Осыған байланысты «Қазақ» 
газетінде,  шет  елде  шығып  тұрған  «Яш  Түркістан»  журна-
лында  бұл  идеяның  сан  түрлі  қырлары  сөз  болып  отырған. 
Оның  концепциялық  мазмұны  көбіне  Ә.  Бөкейханов  пен                                   
М. Шоқай шығармаларында көрініс тапты. Әсіресе шет елде, 
көбінесе  Францияда  еркін  жағдайда  өзі  құрған  журналдар-
да,  Еуропа  елдерінде  әртүрлі  газет,  журналдарда  ағылшын, 
француз, неміс, орыс, поляк, түрік т. б. тілдерде жарық көрген 
еңбектерінде М. Шоқай өз ойларын емін-еркін өрістете алды. 
Тек, озық азаматтық жүйе құра алғанда ғана келешек Түркістан 
барлық жағынан қарқынды дамып, өз тәуелсіздігін жүзеге асы-
рып, басқалармен тең жағдайда өмір кеше алады деп есептеді. 
Бұрынғы  хандық  жүйе  қазіргі  заманда  басқа  қуатты  елдерге 
тәуелділікке апаратын жол деп білді. Алаш көсемдерінің бұл 
жөніндегі ой толғаулары, әсіресе М. Шоқайдың пайымдаулары 
мазмұндылығы жағынан да, ойлау деңгейінің биіктігі жағынан 
да әлдеқайда ілгері.
Алаш  жолбасшылары  сияқты  М.  Шоқай  өз  идеяларын 
Түркістанның, соның ішінде Қазақстанның әлеуметтік-тарихи 
жағдайларымен,  ерекшеліктерімен  ұштастыруға  тырысты 
және ол идеяларды тек теориялық, жалпы ой жүзінде уағыз-
даумен ғана емес, практикалық саяси тартыстарда айқындап, 
шыңдап  отырды.  Практикалық  саяси,  идеялық  тартыстар-
да  М.  Шоқайға  ұлттық  тәуелсіздік  үшін  күрестің  түпкі 
мақсаттарынан ауытқушылықтармен, ұлт мүддесінен көрі өз 
басының мүддесін жоғары қою, ұлттық күрестің бірлігін діни 
бірлікпен  шатастырушылықтармен,  т.  б.  екінші  қатардағы 
мүдделерді  жалпы  ортақ  мүдделерден  айыра  алмаушы-
лықтармен  үнемі  идеялық  күрес  жүргізуге  тура  келді.  Яғни, 
Түркістан ұлт азаматтық қозғалысының теориялық та, такти-
калық та мәселелерінің түпкі мәнін ашып отырды. 
М.  Шоқайдың  теориялық  қызметінде  большевиктердің 
ұлт  мәселесі  бойынша  қағидаларын  және  практикалық 
істері  мен  жоспарларын  демократиялық  тұрғыдан  сынауы 
үлкен  орын  алады.  Пролетариат  диктатурасы,  тап  күресінің, 

К і р і с п е
7
тарихтың  қорғаушы  күші  екендігі  туралы,  жалпы  қоғам 
дамуындағы  экономиканың  шешуші  рөлі  т.  т.  қағидаларын 
нақты  мәселелерді  талқылауда  жалған  тұрғы  екендігін 
үнемі  логикалық  деңгейде  дәлелдеп  отырады.  Марксизм-
мен  осындай  теориялық  сайыста  оның  негізгі  көздеп  отыра-
тыны  –  ол  қағидалардың  демократиялық,  азаматтық  қоғам 
принциптеріне ешбір жанаспайтындығын көрсету. 
Қазіргі қазақстандық қоғамдық ғылымда азаматтық қоғам 
мәселелері  жиі  айтылып  жатса  да  олар  саясаттану  саласын-
да,  біршама  социологиялық  тұрғыдан  талқыланып  жүр. 
Азаматтық  жүйе  мен  демократияның  түпкі  туындайтын  та-
мырлары,  яғни  философиялық  мәнінде  қаралмайды  деуге 
болады.  Қазақстанда  Мұстафа  Шоқайдың  шығармашылығын 
зерттеу соңғы 17 жылдың шамасында ғана біршама қарқынды 
жүрді. Оған дейін екінші дүниежүзілік соғыс басталған жыл-
дары Түркияда қоныс аударуға мәжбүр болған оның серіктері 
Ә. Оқтай, Т. Шағатай, С. Шағатай және М. Шоқайдың жұбайы 
– Мәрия Шоқай естеліктер түрінде еңбектер жазған. 
Қазақстан  ғылымында  М.  Шоқай  өмірін,  күресін,  шығар-
машылығын  зерттеу  ең  алдымен  тарихи  жағынан  басталуы 
табиғи  нәрсе.  Кеңестік  дәуірдің  соңғы  кезеңінде  М.  Шоқай 
аты  аталмайтын,  тарихтан  өшіріліп  тасталуға  тиістілердің 
қатарында болатын. Ол кеңестік биліктің Түркістандағы, тіпті 
жалпы  ұлттың  саясаты  мен  идеологиясына  шет  елде  қарсы 
тұрған  әшкерелеуші  оппоненттерінің  бірі  болды.  Сондықтан 
да  Шоқай  шығармашылығын  зерттеудің  әлі  де  болса  кенже 
қалпында екені түсінікті. Сонда да болса, осы аз уақыт ішінде 
тарихшы-шоқайтанушылар біраз істерді еңсеріп тастады. Бір 
жағынан  оған  мүмкіндік  берген  М.Шоқайдан  қалған  орасан 
зор шығармашылық мұрасы. Ол мұра әлі толық игерілген жоқ. 
Әзірге оның біраз шығармалары «Яш Түркістан» журналында 
жарияланған жүзден астам мақалалары қазақ тілінде аудары-
лып жарық көрді. 
Қазақстандық  Шоқайтануда  мұрағаттық  материалдар-
ды  ақтарып,  Шоқайдың  атқарған  істерін  және  тарихи,  саяси 
көзқарастарын айқындауға үлес қосқан тарихшылардың еңбегін 
айрықша атап өткен жөн. Бұл бағытта еңбектері жарық көрген 

8
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі 
М. Қойгелдиев, К. Нұрпейісов, К.Л. Есмағамбетов, Б. Садықова, 
Түркия  ғалымы    Ә.  Қара,  Франция  ғалымдары  А.  Бенингсен, 
Ш. Лемерсье-Келькеже, Ресей ғалымы С. Искаков, Қ. Бегманов                                                                                                                                         
т. б. зерттеушілерді атау қажет. Олардың еңбектері М. Шоқай-
дың  өмірі,  саяси  күресінің  көптеген  бұрын  белгісіз  болып 
келген жақтарын анықтады. М. Шоқайға байланысты құжат-
тарды  тауып,  біразын  жария  етті,  ұлы  қайраткерге  бұрын 
таңылып  келген  жалаларды  әшкерелеп,  жалған  екендігін 
дәлелдеді.  М.  Шоқайдың  шығармаларының  жинақтары  жа-
рияланып,  оқырмандардың  қолына  тиді.  Мәселенің  тарихи 
жақтарын  зерттеу  айтылғандармен  шектелмейді,  ары  қарай  
зерттеліп, әлі жалғасып жататыны сөзсіз. 
М.  Шоқайдың  мол  шығармашылық  мұрасы  қазақ  және 
орыс тілдерінде әлі жарияланып болмағанымен, оның жарық 
көрген проблемалық, идеялық терең мазмұнды еңбектері қазір 
олардың  философиялық  астарларын  да  зерттеуге  мүмкіндік 
береді. 
Еңбекте  әлемдік  философиялық  оймен  байланысты                 
М.  Шоқайдың  шығармашылығында  көрініс  тапқан  азамат-
тық  қоғам  идеялары  және  қазіргі  Қазақстанда  оларды  іске 
асырудың жалпы әлеуметтік-рухани негіздері сөз болады. 
Батыс  пен  Шығыстың,  өз  халқының  рухани  байлығын  өз 
бойына  сіңіре  отырып,  елінің  тәуелсіздігі  үшін  бүтін  өмірін 
жұмсаған М.Шоқайдың еңбектерінің философиялық астарла-
ры талданады. 
М.  Шоқай  шығармашылығын  зерттеуде  социологиялық, 
нақты саясат мәселелерін талқылауға арналған кітап, мақала, 
баяндамалардың астарында ұшқындай көрініп жататын оның 
философиялық ойлары мен ойлау үрдістерін барлау жұмыстың 
негізгі жаңалық мазмұны деп есептеуге болады. 
М. Шоқайдың саяси мәселелерді талдауға арналған барлық 
шығармаларында  оның  ойлау  жүйесінің  жаңа  дәуірдегі 
батыстық  демократиялық  идеялармен  іштей  терең  өзектес 
және  Еуропа  елдеріндегі  қалыптасқан  демократиялық  аза-
маттық қоғамдық түзімдердің өз халқының келешек ұстанымы 
болуы тиіс екендігі айқын көрініп отырады.  
Халықтың мәдени автономияға ие болуы – оны тұтас дербес 
субъект ете алмайды, ол сол жолдағы белгілі бір қадам ғана.   М. 

К і р і с п е
9
Шоқай ойларынан шығатын тұжырым бойынша, мәдени авто-
номия дербес тұтас субъект болуға дайындық қана. Олай бо-
латын себебі, рухани-мәдени кемелдену халықтың ұлт болуға 
қарай  басып  өтетін  белгілі  бір  баспалдағы.  Мәдени  кемелде-
ну халықтың өзіндік өзгеше рухани келбетін айқындап, басқа 
халықтардың соған сай қатынас жасауына негіз береді. 
М.  Шоқайдың  осындай  ойларынан  шығатын  тағы  бір 
тұжырым:  халық  әлі  әлеуметтік-тарихи  субъект  емес,  ол  әлі 
толық  іштей  бірлік  пен  бірегейлікке  жетпеген,  жеке  мәдени-
рухани  жағынан  өзара  жақын  ұлыстар  мен  топтардың 
жиынтығы.  Ол  өзін-өзі  біртұтас  бірлік  ретінде  әлі  толық 
басқара алмайды, яғни философия тілімен айтқанда халық әлі 
объект, ұлт – субъект.  
Қоғам  қайраткерінің  демократиялық  ойлары  тек  ұлттық 
бостандық  жөніндегі  мазмұнмен  шектелмейді.  Ұлт  бостан-
дығының  екінші  маңызды  жағы  –  ұлтқа  жататын,  мемлекет-
ке  жататын  әрбір  мүшенің  де  дербестігі.  Яғни  басқалармен 
үйлесімді  қатынаста  болған  жағдайда  оның  әрбір  мүшесінің 
табиғатынан  өзін-өзі  басқаруға,  өз  тағдырына  өзі  ие  болуға 
құқықтылығы.  Ұлттық  дербес  субъектілік  оның  әрбір  мүше-
сінің,  яғни  азаматтардың  дербестілігінен  құралады.  Қазіргі 
дәуірде  ұлттық  бостандық  немесе  тәуелсіздік  оның  жеке  аза-
маттарының құлдығымен ұштаса алмайды. 
Ойшылдың ойлау үрдістерінен туындайтын философиялық 
идеялардың түпкі төркіні – адамдар түпкі мәнінің еркіндікке 
құрылғандығы  туралы  түйін.  Адамдарда,  халықтарда  ол 
табиғат  заңы  іспеттес.  Тәуелділікте,  құлшылықта  отырған 
адамдарда,  халықтарда  қолайлы  жағдай  туа  қалған  сәттерде 
еркіндікке  ұмтылыс  көрінбей  қалмайтын  нәрсе.  Еркіндікке 
құштарлық адамды адам ететін қасиет деуге болады.  
Егер  адамдардың  түпкі  табиғатының,  яғни  мәнінің  (сущ-
ность)  өзі  еркіндік  болатын  болса,  онда  оған  сай  келетін 
қоғамдық  жүйе,  мемлекеттік  түзім  –  әркімнің  бостандығын 
құрметтеуге  құрылатын  азаматтық  қоғам,  демократиялық 
мемлекет. Ондай құрметті тәрк ететін мемлекеттік тәртіптердің 
барлығы  да  адамдардың  түпкі    табиғатына  сәйкес  келмейді, 
оны бұрмалайды. 

10
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі 
Азаттық  идеясының  Қазақстан  тарихында  өзіндік  үлесі 
бар. Ол Ресейдің қол астында қалған кезеңде ғана емес, тіпті 
сыртқы басқа қуатты империя болып алған Ресей тарапынан 
болатын үстемдік қаупін ерте сезген қазақ жырауларының по-
эзиясында да көрінеді. Олардың көптеген жырларының түпкі 
төркіні сол қауіпке көңіл аударып, одан сақтануға шақыратын 
дабыл  сипаттас  еді.  Оларда  ел  билеген  кейбір  хандардың 
осыны сезе бермейтін бейқамдығы сыналып отырған. Әрине, 
азаттық  елдің  дербестігі  ондай  жырларда  нақты  сезімдік 
деңгейде.  Азаттық  идеясы  жалпы  бұқаралық  санада,  соның 
ішінде  көркем  сөз  өнерлерінде  логикалық  концепция  дең-
гейіне  жетпейді.  Еркін  өмір,  өз  тағдырың  өз  билігінде  болу 
сезімдік деңгейде өзінен өзі түсінікті нәрсе. 
Қазақстан  зайырлы,  демократиялық  республика  деп  жа-
рияланып,  дербес  мемлекет  деңгейінде  өмір  кешіп  келе  жа-
тыр.  Демократиялық  сипаттағы  Конституция  қабылданып, 
одан кейінгі 1995 жылғы өзгертілген Конституцияда азаматтық 
бостандықтар жарияланып, экономикада нарық қатынастары 
біршама  өрбіп,  жекеменшікке  өріс  ашылды.  Саяси,  рухани 
өмірде  әртүрлі  көзқарастардың  болуына  белгілі  дәрежеде 
мүмкіндіктер туып, халықтың әртүрлі топтарының мүдделік, 
рухани  өзгешеліктері  айқындалып  көріне  бастады.  Бір  ғана 
большевиктік  идеологияның,  ресми  көзқарастың  қатаң 
үстемдігі жойылып, либералдық демократиялық көзқарастар 
мен  қатынастар  қоғамдық  өмірге  енді.  Сөз  еркіндігі  жария-
ланып,  жиналыстар  мен  шерулерге  жол  берілетіндігі  жария-
ланды.  Бейресми  қоғамдық  ұйымдар,  партиялар  қалыптаса 
бастады.  Солардың  ішінде,  ресми  билікке  оппозициялық 
бағыттағылары да пайда болып, оның саясатына қатаң сындар 
айтылып та жатыр. 
Сонымен, Қазақстан қоғамының алдында азаматтық, демо-
кратиялық салауатты мемлекеттік құрылым түзеу мақсаттары 
әлі де сол ұлы мұраттарымыз болып қалып отыр. Ол мұраттар-
ды  шындыққа  айналдыру  үшін  әлеуметтік,  экономикалық, 
мәдени  және  саяси  шаралар  мен  бағдарламалар  орындалып 
жатуы  керек.  Олардың  бәрі  де  оңай  міндеттер  емес.  Сондай 
атқарылуға  тиіс  міндеттеріміздің  бірі  –  азаматтық  қоғамның 

К і р і с п е
11
ғылыми-теориялық  мазмұндарын  зерттеу.  Азаматтық  қоғам-
ның  түпкі  метафизикалық-философиялық  тамырларына  тал-
дау жүргізу қазақстандық ғылыми ойда әлі де іске аса қойған 
жоқ.
«Ұлы  тұлғаларын  білмейінше,  бірде-бір  дәуірді  дұрыстап 
тану  мүмкін  емес.  Адам  тарихының  айнасынан  біз  тарих 
көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын 
сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің 
перзенттік  парызын  айқын  да  анық  түсінген,  қандай  қиын-
қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар 
қай  дәуірде  өмір  сүрсе  де,  дәйім  жұртының  нағыз  азаматы 
болып  қала  бермек.  Тарихтың  қай  кезеңінде  болсын  олар  өз 
ұлтының  бетке  ұстар  мақтанышы  болып  келген»  [1].  Қазақ 
елінің  дербес  мемлекет  болып  құрылып,  өз  даму  жолын  өзі 
анықтайтын  кезеңге  келгеннен  кейінгі  алда  тұрған  көптеген 
күрделі міндеттердің бірі – өз тарихымыздың ашылмай қалған 
жабық  тұстарын  ары  қарай  зерттеп,  ашып  көрсету  болып 
табылады. 

12
Мұстафа Шоқай және ұлттық тәуелсіздік мәселесі


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал