Қазақ елі туралы тарихи этюдтер З. Қинаятұлы «Алаш» – «қазақ» атауының баламасы



жүктеу 116.62 Kb.

Дата14.01.2017
өлшемі116.62 Kb.

Қазақ елі туралы тарихи этюдтер 

З. Қинаятұлы  

 

1. «Алаш» – «қазақ» атауының баламасы. «Алаш» деген ұлттық, саяси-

әлеуметтік мәні бар категориялық ұғым. Қазірге дейін Алаш туралы біріккен түсінік жоқ. 

Тарихшылар, саясатшы, шежірешілер сан-саққа жүгіртіп анықтайды. Әзірге Алаш ұғымы 

жайында бес түрлі пікір бар.  

1. Көне заманда түркі жұрты бөлініп-жарыла қоймаған кезінде дүниеге келген жалпы 

түркі қауымының бірлік ұраны делінетін пікір. 

2. Оғыздарды Нұқ Иафат (түрікше Абулжа-хан)-тан таратып Оғыздың алты ұлы «алты 

алаш» атаныпты-мыс делінетін қисын.  

3. «Алаш» («алаач») дегеніміз моңғолдардың жаугершілік ұраны делінетін кейбір орыс 

тарихшыларының пікірі.  

4. «Алты алаш» деп Қазақ, Ноғай, Башқұрт, Қарақалпақ, Татарлардың бірлігіне қойылған 

атау екен делінетін Қожаберген жыраудың (1663–1763) «Баба тілі» дастанынан бастау 

алатын ұғым.  

5. «Алаш» дегеніміз қазақтың бірлік ұраны, әрі қазақ атауының синонимі деп қарайтын 

Ш.Ш.Уәлиханов, И.Н.Березин, Құрбанғали Халид және Қадырғали Жалайыр, Су 

Бихайдың пікірі.  

Енді осыларды қысқаша талдап көрелік. 



Бірінші пікірдегілер «Түркілер бір болған кез» деп қай кезді айтып отыр? Жалпы 

дүйім түркілердің басы бір шаңырақ астына бірігіп бір мақсатқа жұдырықтай жұмылып 

көрген бе? Айталық Буман қаған құрған алғашқы Түркі қағанаты тек Көк түріктердің 

басын қосты, Түргеш, Батыс түрік қағанаты Бес Дулат, Бес Нүшбе барлығы он тайпа, Он-

оқ Будуннан құралды, Шығыс түрік қағанаты кезінде барша түріктер жабылып Көк 

түркілерге жау болды. Күлтегін (үлкен) жазуында «Оңымызда табғаш халқы жау еді, 

солымызда Баз қаған тоғыз оғыз халқы жау еді. Қырық аз (қырғыз), құрықан, отыз татар, 

қытан, татабы бәрі де жау еді» дейді. Қимақ хандығы кезінде қимақ, қыпшақ, қайлар өзара 

жауласты. Қыпшақ хандығы кезінде оғыз бен қыпшақ жауласты, қырғыздар өз жайында 

Енисейде жатты. Сон- да түркілердің бөлінбеген кезі деп қай кезді айтып отырғаны 

түсініксіз. Моңғол құмынан Алтай асып Днестрге дейін жайылған түркілерді бір ұран 

астында біріктіру ешқашан мүмкін болмаған және қазірде қазақтардан өзге түрік 

топтарының арасында Алаш ұраны еш жерде айтылмайды. 

Екінші пікір. Оғыз мәселесіне келейік. Әйгілі «Лұғат ит-Түрік» (Түркі сөздігінің) 

авторы Махмуд Қашқари көшпенді Түркі тайпалары Нұқтың ұлы Иафат немесе Абулжа-

ханның ұлы Якиядан тарады-мыс делінетін пікір ұсынған. Осыдан болып тарихи 

әдебиетте көшпенді түркілер Нұқтың ұлы Яфестен тарады делінетін аңыз тараған. Рашид 

ад-Дин және оғызнамалардың басты нұсқаларының (мұндай нұсқа 12) бірі Ұйғыр 

оғызнамасында бұл туралы айтылмайды. Рашид ад-Дин бірде Нұқтың немерелері төртеу 

(Қара хан, Ор хан, Гүр хан және Қаз хан) болған дейді де, оғыздарды Қара ханнан 

таратады. Әбілғазының «Түрік шежіресінде» олар – 24. Нұқ туралы хиқая мұсылманнан 

әлде қайда бұрын Иудеизмнен бастала ды. Нұқ Мұхаммед дінінде пайғамбар ретінде 

қабылданғаннан кейінгі уақытта түрлі оғызнамалар мұсылман діни ілімінің ықпалында 

жазылды. Оғызнамалар нұсқасында Абулжа ханның немересі Яфестің алты ұлы туралы 

айтылмайды. Біздің ата-бабаларымыз Көк түркілерде мұндай аңыз жоқ. Көк түркілердің 

шыққан тегі басқаша.  

Үшінші пікірге келсек. Мен моңғолдың тіл, жазуы, тарихымен сусындап өскен 

адаммын. Моңғолдар жауынгер жұрт болғаны рас. Бірақ оларда «алаач» (өлтірейік, 

құртайық) делінетін жауынгер ұран болмаған. Олар жауға кіргенде «оръёо» (орыстардың 

«ура» ұраны осыдан қалған) және «урагшаа» (алға) деп ұмтылады. Бұл «Алаш» ұғымының 

жұмбағын шешуге әрекеттенген тарихи қисыны әлсіз жай бір ұсыныс қана.  


Төртінші пікірге келсек ол бір дастанда айтылған жыр жолдарынан алынған. 

Тарихта қазақ, башқұрт, қырғыз, татарлар бірлесіп ел болған немесе бірлесіп жауға 

аттанған оқиғалар кездеспейді. Башқұрт, татар былай тұрсын тіптен іргелес жатқан 

қырғыз бен қазақ Моғолстан дәуірінде орын алған бірер оқиғаны айтпағанда бірігіп жауға 

атанған кезі жоқ. Сондығынан болар башқұрт, қырғыз, татар, қарақалпақтарда «Алаш» 

деген ұран немесе саяси сөз тіркесі кездеспейді. Тек ноғайлы және Сібір мен Алтай 

өлкесіндегі кішігірім тайпалардың арасында ғана бар. Өйткені Ақ Орда қазақтары мен 

ноғайлының басы қосылған тұстары бар. Құрбанғали Халид айтады «Алаш, алаш дегенде 

қазақ, ноғай бір болып сарт сыртта қалады» деп. 

Бесінші. Сөйтіп қалай іздесек те Орыс ханның тұсында Ақ Ордада қазақтардың 

басы қосылғанға (1360 жж.) дейін әскери-саяси территориялық мән мағынасындағы 

«Алаш» ұғымын таба алмаймыз. Орыс ханның тұсында бір ұранның астында қазақтардың 

басы қосылып, ханы Алаша хан, әскері «Алаш мыңдығы», ұлысы «Алаш» атанды. Ақ 

Орданы «Алаш ұлысы» деп оның алғашқы ханын (Орыс ханды) Алаша хан деп атау Ш.Ш. 

Уәлиханов және А.П.Чулошниковте бар. Ш.Уәлиханов «Темір шапқыншылығы Ақ Орда, 

Алаш ұлысының билеушісі Орыс хан және оның ұлдарының қажырлы қарсылығына 

ұшырады... Темір Тоқтамысқа қарсы жорығы кезінде қазақтың алғашқы ханы Алаштың 

ұлдарын өлтірді» десе, А.П.Чулошников «Казахский народ сложился еще в первой 

половине ХІҮ в., и первым ханом его называют Алача, прокаженного и гонимого сына 

Туранского и Туркестанского государя» деп жазды. Ш.Уәлиханов мұнда Алаштың 

алғашқы ханының (Орыс ханның) ұлы Әмет, Сәмет деп келтіреді. Бұл ауызша ше жірелік 

нұсқа болуы мүмкін. Ал Темір мен Тоқтамыс Орыс ханның ұлы Тоқтақия мен Темір 

Мәлік ханды өлтіргені тарихи шындық. Осыларды зерделей келе Алаша ханның мазары 

деп жүргеніміз қазақтың алғашқы ханы Орыс ханның мазары емес пе деген қорытынды 

шығады. Әрине, бұл мәселе әлі де терең зерттеуді қажет етеді.  

Ақ орданың тұсында «Алаш» идеологиясы қазақтың ұлттық ұранына айналды. Бұл 

жайында Машһүр Жүсіп Көпеев былай дейді. «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға 

шапқанда «Алаш, Алаш» деп шабыңдар, Алаш демегенді әкең де болса ұрып жыға 

беріңдер» десіп бата қылысты.  

Кеше Алаш, Алаш болғанда,  

Алаша хан болғанда,  

Үйіміз ағаш болғанда,  

Ұранымыз Алаш болғанда  

Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?! –  

деп айтылған сөз содан қалған дейді. 

Шоқан Уәлиханов «Қазақ» ат-атауының тегін көп іздеді. Ақыры осы «Алаш» 

ұғымы қазақтың жалпы есім (нарицательное имя) деп тапты. Қадырғали Жалайыр «Алаш» 

ұғымын «Қазақ» деген мағынада қолданды. Шоқан Уәлиханов өзінің «Қазақ шежіресі» 

немесе «Ата тегі» атты еңбегінде «Алаш» арқылы қазақты сұлтан, қожалардан да айырып 

көрсеткен. Онда былай дейді: «Қазақтар ақсүйектер деп Шыңғыс хан әулетінен тараған 

хан, сұлтандарды атайды. Қожа дегеніміз Мұхаммедтің ұрпақтары. Ал қарабайыр қауым 

өздерін қарасүйектер дейді. Сұлтандар Алаш одағына (қазақ – Қ.З.) жатпайды. Қара орман 

қазақ атқа қонғанда Алаш деп ұран салады. Ал сұлтандар және олардың құлы қалмақ пен 

қырғыздардың ұраны – Арқар». Нәсілі қазақ Қадырғали Жалайыр мен Шоқан екеуі 

қазағына іш тартып алашты «қазақ» демегенде не десін. Ал басқалары не дейді екен. 

Қытайлық тарихшы Су Бихайды тыңдап көрелік. Ол былай дейді: «Халық аңызы бойынша 

Алаш ханның ордасы Қазақстанның Ұлытау өңірінде болған. Бүгінде Ұлытау 

ауданындағы Қаракеңгір өзенінің оң жағында «Алаш хан күмбезі» бар. Қазақтар қай кезде 

де «Алаш» аруағына сиынып келген. Ел басына күн туған сәтте «Алаш» ұраны шықса бәрі 

дерлік ереуіл атқа ер салған. 

ХІІІ ғ. алғашқы жартысында Алаш одағы тағы да Алтын Орда құрамынан бөлініп 

Ақ Орда атанды. Оның бірінші ханы Жошының үлкен ұлы Орда Ежен еді. Сол тұста Ақ 


Орда өз ішінен оң, сол екі

 

әкімшілікке бөлінді. Оның оң жағы – Қаңлы, сол жағы – Алаш 



деп аталатын. Соның ішінде десі басымы Алаш жағы болатын. Осы одақ негізінде 1456 (?) 

жылы Қазақ ордасы (хандығы) құрылды. Дәл осы бір тарихи бұрылыс кезеңінде қазақ 

жұртының ұраны бастан аяқ «Алаш» болды» дейді. Бұл өте орынды пікір. Алашты қазақ 

демей тума уран, идеологиямызды неге басқаларға шаша береміз. Менімше «Алаш» деген 

тек қазақтың бірлік идеологиясы, жауынгер ұраны екендігін мойындайтын кез жеткен 

сияқты. 


Мен профессор М.Қойгелдиевтің 2008 жылы жарық көрген «Алаш қозғалысы» 

атты екі томдық монографиялық еңбегімен танысып отырып жоғарыдағы тұжырымның 

нақтылығына және бір мәрте көз жеткіздім. Алаш Орда көсемдерінің бірі Ә.Бөкейханов 

Кадет партиясының ұлт саясатын сынға алып «Біз Алаш ұранды жұрт жиылып ұлт 

автономиясын тікпек болдық» десе, І жалпықазақ съезінің қаулысында партияның 

«Алаш» аталуының мәнін былайша түсіндіреді. Біздің «партияның ұранына келсек дейді 

автор – бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп 

қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою, ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр».  

Ал алты санына келсек, оның да өз жөні бар. Алаш мыңдығы екі сан қатаған, үш 

сан майсара және қаңлыдан құралады. Олардың басында (немесе жоғарғы шендегі 

офицерлер) тарақ таңбалы жалайырлар болды. Қадырғали би Қосымұлы осы үлкендік 

жолын үзбей жалғастырып отырған алты кісінің атын атайды. Олар: Тебре Бек, Шайқы 

софы Бек, Атұлы Бек, Итбаға Бек, Қараша Бек және Тоңқа Бек. Алаш мыңының ағасы 

болып келген осы алтауы. Алты ұғымы Алаш әскери ішкі құрылымының санын білдіреді. 

Мұның басқа жұртпен қатысы жоқ. Алаш көсемдері қоғамдық қозғалысын, партия- сын, 

ордасының атын «Алаш» деп бекерден-бекер атаған жоқ. Мұндағы «Алаш» сөзін «Қазақ» 

деп түсіну керек. Олар қара орман қазақты елең еткізетін осы атау арқылы барша 

қазақтың басын қосқысы келді. Кейін Алаш көсемдерін қойдай тізіп, айдап атып жатқанда 

қазақтан өзге оларға іштей болса да жаны ашыған ешкім болған емес. 

Қазақ қайда жүрмесін бірін-бірі «Алаштың азаматы ғой» деп мүсіркеп, бір-біріне 

жанашырлық танытып жүреді. Ал қырғыз, ноғай, башқұрттарды «Алаштың азаматы» 

демейді, түбірі бір түркі халықтары дейміз. Осыны ажырата білуіміз керек. Біздің қазақтар 

үшін Әлемде шекара арқылы да, тіл, мәдениеті арқылы да бөлінбейтін құндылық 

біреу – ол қазақ. Оларды «Алаштың азаматымыз» деген ұлы идеология біріктіріп тұр. 

Қайсыбіреулер қазақта ұлттық идеология жоқ дейді. Ол бос сөз. Қазаққа Алаштың бірлік 

ұраны мен тәуелсіздіктен асқан қандай идеология керек? Біз алаш азаматымыз, қазақпыз, 

байтақ елміз, бөгдеге енді қайтып бас ұрғымыз келмейді дегенді әрбір қазақ баласының 

жүрек түбіне сіңіру қажет. 

2.  А.Левшин  шынымен  қазақ  тарихының  Геродоты  ма?  Мен  бұрындар  «Қазақ 

жартылай жабайы, көшпелі, жыртқыш, жанкеспе ұры, қарақшы жұрт...» деп жазған 

А.И.Левшинді  өзіміздің  ұлы  Шоқан  Уәлиханов  қалайша  «Қазақ  тарихының  Геродоты» 

деп атады екен деп таң қалып жүретінмін. Кейінірек Левшинді де, Шоқанды да біршама 

оқығаннан  соң  бұл  сөзді  мұнда  Шоқан  Левшиннің  пікірін  қолдамағандықтан  айтқанын 

түсіндім.  А.И.Левшин  Фирдоусидің  «Рүстем  дастанындағы»  кейкібад  кезбелерін  біздің 

қазаққа  теңеген  екен.  Шоқан  А.И.Левшиннің  мұндай  салыстыруын  жақтырмай  оны 

«Геродот»  деп  атаған.  Ал  Шоқанның  кекесінмен  айтқан  сөзінің  мәнін  түсінбей  Шоқан 

Левшинді  «Қазақ  тарихының  Геродоты  деп  атапты-мыс»  деп  Шоқанның  сөзін  тура 

мағынасында  түсініп  жүрген  кейінгі  тарихшылар.  Тіптен  қайсыбіреулер  бүгіннің  өзінде 

солай түсінеді. Тарихты оқып бабына барса нетті. Иә Ресей және Франция географиялық 

қоғамының мүшесі А.И.Левшин патшалық Ресей үкіметінің тікелей тапсырмасымен қазақ, 

қырғыздардың  тарихи  географиясы,  шаруашылығы,  салт-санасы,  мінез-құлқы,  рулық 

қатынастарын  зерттеп  монографиялық  еңбек  жазды.  Ғалымның  еңбегі  қазақ  тарихын 

зерттеудегі  құнды  материал  екені  рас.  Бірақ  Алексей  Ираклиевич  Левшин  «Қазақ 

тарихының Геродоты» бола алмайды.  


1) Ол ең әуелі Қазақ даласы, қазақтарды жаулап алуды мақсат еткен патшалық Ресей 

үкіметіне қызмет етті.  

2) А.Левшин бұл тапсырысты ойдағыдай орындады. Қазақ өмірін жан- жақты зерттей 

келіп, қазақтар мына түрімен өз алдына ел болып тұра алмайды, оларды орталықтанған 

билікке бағындыру қажет екендігін ашып көрсетті. Оның еңбектері Патшалық Ресей 

қазақтарды жаулап алуының ғылыми негізі болды. 

3) А.Левшин тек тарихшы емес, Патша үкіметінің жоғары шенді шенеу- нігі. Ол 

қарапайым қазақ өміріне Патшалық Ресей шенеунігі тұрғысынан қарады. Сондықтан 

болар қазақтың жан арманын түсіне алмады. Менің бұл пікірім орысжанды қазақтардың 

өзіне оғаштау көрінуі мүмкін. Ол үшін А.Левшиннің «Описание Киргиз-казацких или 

Киргиз-кайсацких орд и степей» атты еңбегінің кейбір қорытынды ұсыныс пікірлерін 

байыппен оқып шығу қажет шығар. Автор қазақтардың мінез-құлқын талдау үшін қазақты 

үш ұйықтаса түсінде көрмеген ХVІІ–ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген Француз ағартушы 

философтары Жан Жак Руссо, Шарль Луи Монтескьенің еңбегіне жүгінуінің өзі таңданыс 

тудырады. Мысалы Монтескье дүйім Азияны еңбекқор, қаһарман, еркіндікті аңсаған 

солтүстік және осал, жалқау, құлдықты көксеген оңтүстік деп екі топқа бөліп қараған 

екен. А.Левшин біздің қазақты осылардың екінші тобына жатқызады. Немістің таңдаулы 

философы В.Ф.Гегель өзінің «Логика» атты философиялық трактатында құдды бір 

өзбектердің арасында жүріп көргендей-ақ «Өзбектер логикалық ойлау жүйесі жетілмеген 

жұрт» деп сәуегейсігені бар. Монтескьенікі де еуропа төрінде отырып құр сәуегейсу. Ал 

Левшин олармен салыстырғанда қазақтарды көріп асын ішіп, аяғын босатқан адам ғой. 

Сөйте тұра ол «Қазақтар табиғатынан жалқау, жаздың аптап ыстығында көп уақытын 

ұйқымен өткізеді, ал қыста қар қалың түсіп жол жабылып қалатындықтан үйінен 

шықпайды» деп білгірсиді. Сонда не қазақтың малын қысы-жазы орыстар қайырып берген 

бе! Ары қарай «Сәл ауқаты бар қазақтар күні бойы саба толы қымыздың жанынан 

шықпайды, қымызға тойып алып азаннан кешке дейін қыртады» дейді. Сонда не 

Левшиннің қатыны қазақтың биесін сауып, сабасын қымызға толтырып беріп отырған ба?  

Көшпенді мал шаруашылығы деген орыстың қол өндірісі манифактурасынан да ауыр 

жұмыс. Қол өндіріс жылы жайда өтеді. Ал мал шаруашылығы деген табиғатпен бетпе-бет 

күрес. Қазақ малын қауым болып бағады және қалай бағуды ешкімнен сұрамайды. Мал 

бағудың өзіндік үрдісі ішкі ережесі бар. Үй иесі мал табады, ұл балалар малын бағады, 

әйелдер мен қыз балалар отын жағады, малын сауады. Бұл қазақтың жалқаулығы емес 

шаруашылық дәстүрі.  

Ол қазақтың тек үш түрлі қасиетін дұрыс аңғарған. Біріншісі «Жасы үлкенді сыйлау», 

екіншісі «Қауқарсыздардың алдында үлкейіп, қолында билігі бар, қауқарлылардың 

алдында әрдайым осалдық танытатындығы», үшіншісі «Ресей жерінде немесе Астраханда 

жүріп малданып, әлденіп қайтқан қазақ Жайықтан өтіп еліне қайтып оралғасын қазақ 

топырағын сүйіп жылап көрісетін отансүйгіштігі». Иә Левшиннің бұл айтқандарымен 

келісуге болады. Мысалы қазақтың қауқарлының алдында әрдайым осалдық танытатын 

мінезі бүгіндер бәлкім күшейіп бара жатпаса, еш арыла қойған жоқ. 

Біз қазақ батыр да, батыл халық дейміз. Тарихта мұндай деректер аз емес. Бірақ «Қазақ 

тарихының  атасы»  қазаққа  батылдық  пен  батырлықты  қимапты.  «Қазақ  батыр  болса 

қанағатсыздығынан  болар»  дейді  тарихымыздың  атасы.  Ол  тағы  былай  дейді:  «Қазақтар 

жыртқыштықпен  қоқан-лоқы  елірме  мінезін  қаһармандық  деп  санайды...  Нағыз 

қаһармандық  қазақтың  табиғатына  жат  қылық,  олар  соғыса  білмейді...  Қылыш,  шолақ 

мылтық,  садақ,  бақан,  тас,  тіптен  арқан  жіп  болмасын  қолына  не  түскенін  алып, 

ұрандатып,  айқай-шу  көтеріп  қарсыласын  түн  қараңғысында  шабады».  Сонда  қалай 

қазақтар  пушка,  бес  атар  мылтық,  өткір  қылышпен  мұздай  қаруланған  орыс  әскерін 

ұйымшылдықпен  тосып  алып  қызыл  қолымен  жекпе-жекке  шақыру  керек  пе!  Қазақ 

орыстың  сайлауыт  қарулы  қолының  алдында  қорғансыз  болды.  Қаптаған  орыстармен 

фронтальдық  соғыс  жасау  мүмкіндігі  болмады.  Қазақтар  орыс  басқыншыларына  қарсы 

партизандық  жолмен  соғысты.  Автор  мұны  көрмей,  білмей  отырған  жоқ.  Жақсы  біліп 



отыр.  Тек  патша  әскерилеріне  қазақтармен  қалай  соғысудың  жолын  көрсетіп  отыр. 

«Қазақтар  алғаш  шабуылға  шыққанда  ешкімді  шақ  келтірмейтіндей-ақ  айбатты 

көрінгенімен олардың қаһарын пушканың бір оғымен тоқтатуға болады. Егер екпінін бір 

қайтарсаң алғашқы күш қуатынан лезде айрылып, тәуекелшілдігінен жұрдай болып басы 

ауған  жаққа  қаша  жөнеледі»,  сондықтан  дейді  ол  «Жұдырықтай  жұмылып  сапқа  тұрған 

жаяу  әскердің  кішігірім  майданы  (Каре)  сан  жағынан  өзінен  он  есе  көп  қазақ  қолының 

бетін қиналмай қайтара алады» деп кеңес береді біздің тарихтың «атасы» өз орыстарына. 

Орыстар  кейін  қазақтарды  жаулап  алғанда  тарихшы  ғалымның  ақыл  кеңестерін  қалт 

жібермей  тыңдады  және  бұлжытпай  орындады.  Ал  осыдан  кейін  А.  Левшинді  «Қазақ 

тарихының Геродоты» деп атап көріңіз. Оның үстіне А. Левшиннің өзі мойындағанындай 

орыстар  «ХVІІІ ғасырға дейін біздің қазақ деген халықты танып білмеген». Сонда ХVІІІ 

ғасырға дейін біздің халықты танып білмеген жаттың өкілін қазақ туралы бір монография, 

бірнеше мақала жазғаны үшін қалай  «Қазақ тарихының Геродоты»  деп тануымыз керек! 

Жоқ, мен тарихшы ретінде А.Левшинді «Қазақ тарихының Геродоты» немесе «атасы» деп 

тани алмаймын. Жалпы тарих ғылымына ата керек пе өзі? Егер керек болса ондай тұлға 

ұлтымен қаны бір, жаны бір, тілі бір, мұрат-мүддесі бір адам болуы керек емес пе! Біздің 

қазақ  тарихында  ондай  тұлға  үшеу.  Олар:  Мұхамед  Хайдар  Дулат,  Қадырғали  Жалайыр 

және  Шоқан  Уәлихановтың  өзі.  Тіптен  аталған  үшеуін  де  қазақ  тарихының  атасы  десек 

артық болмайды.  

3. Василий Бартольд көшпенділер мемлекеті туралы. ХІХ–ХХ ғасырлар тоғысында 

Орыс  шығыстанушылары  көшпенділер  тарихын  зерттеуде  үлкен  серпіліс  жасады. 

Шығыстағы көшпенді халықтардың тарихи этнографиялық келбетін солар ашты. Шығыс 

және мұсылман халықтарының ортағасырлық тарихын Орыс шығыстанушылары, әсіресе 

В.Бартольдсыз талдау мүмкін емес. В.Бартольд «Түркістан Моңғол шабуылы қарсаңында» 

атты  әйгілі  еңбегін  29-30  жасында  жазып,  оның  І  бөлімі  бойынша  магистр,  ІІ  бөлімі 

бойынша шығыс тарихының докторы атағына ие болды. Оның Ислам әлемі, Түркілердің 

шығу  тегі,  Шыңғыс  хан,  Әмір  Темірдің  өмірбаянына  қатысты  еңбектері  әлем 

тарихнамасынан  ойып  орын  алады.  Мұның  бәрін  бір  эсседе  айтып  жеткізу  мүмкін  емес, 

мен  ондай  мақсат  та  қойып  отырған  жоқпын.  Мен  мұнда  ғалымның  тауып  айтқан  бір 

сөзіне ғана тоқталмақпын. В.Бартольд бірде «Кочевой народ при нормальных условиях 

не  стремиться  к  политическому  объединению»  (Көшпенді  халықтар  мал  басының 

аманында  саяси  бірлікке  ұмтыла  қоймайды)  депті.  Бұл  көшпенділердің  тамырын  дөп 

басып айтқан сөз. Неге дейсіздер ғой. Көшпенділер қоғамы ру-тайпалық жүйеге сүйенген 

дәстүрлі  (традициональный)  құрылым.  Ру,  тайпалардың  өз  меншігінде  малы,  қыстау, 

жайлау,  көктеу,  күзейтін  өз  жері,  өзінің  ауыл  ақсақалы  мен  рубасы,  батыры,  өз  ақын 

жырауы  бар.  Өз  алдына  құдды  бір  мемлекет  десе  болғандай.  Ата  бейітін  айнала 

қоныстанған  қыстау,  жайлауын  «Ру  мемлекетінің»  шеп-шекарасы  десе  де  болады.  Жау 

келсе еркек кіндіктісі атқа қонып бірге қорғанады, адамы өлсе құнын бірлесе жоқтайды, 

құнға  жығылса  жабылып  бірлесе  төлейді.  Жесірін  жатқа  жібермейді,  жетімін  жебеп 

қорғап жүреді. Тіптен өлгенін жерлейтін бейіт, қорымы да бір. Егер өз ішінде ыңғайсыз 

жағдай  туа  қалса  «бас  жарылса  бөрік  ішінде,  қол  сынса  жең  ішінде»  қала  береді.  Тек 

өзінен күші басым жау шапса, құда түссе, жұт-жұрқынға ұшыраса ғана ру, тайпа аралық 

арабайланысқа  түседі.  Басқадай  жағдайда  у  ішсе  де  руымен  болады.  Көшпенділер 

мемлекеті  ру,  тайпа  бірлестігінен  құралады.  Даланың  алғашқы  көшпенді  мемлекеті 

Ғұндар 26 тайпа бірлігінен (аймақ)  құралды. Кейін держава ыдырағанда 26 тайпа бірлігі 

40-қа  бөлініп  бет-бетімен  кетіп,  шығыс-оңтүстік  бөлігі  қытайларға  жем  болды.  Көк 

түркілер  40-қа  жуық  ірі  тайпаның  басын  қосып  алғашқы  Түрік  қағанатын  құрды.  Кейін 

ұйғырлардан  жеңіліп  ыдырағанда  әуелі  үшке,  шығыс  түркілер  отызға,  батысы  онға 

бөлініп  рулық,  қандастық  жүйе  осалдығын  көрсетті.  Егер  жақындаса  қалса  бір-бірімен 

шабысады,  алыстап  кетсе  бірін-бірі  сағынады.  Мысалы  Ғұндардың  орта  дәуірінің  Сәнбе 

әулеті Ғұндардың бір бөлімін көп жыл бойы билеп тұрып ақыры ағайынды Нағрағи мен 

Тайғұн екеуі  араздасып екі бөлініп кетеді. Бірер жыл өткесін Нағрағи күндердің күнінде 



ағасы  Тайғұнды  сағынып  «Ахан  дуу»  («Ағаға  сағыныш»)  деген  ән  шығарып,  кейін 

Нағрағи әулеті осы әнді Елінің ән ұраны етіп бір-бірімен табысқан деседі.  

ХІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Найман ханы Инанч Білгенің екі ұлы Бай 

Бұқа мен Бұйрық әкелері өлгесін әкесінен қалған бір жесірдің қойнына таласып елін екіге 

бөліп  әкетті.  Бұл  Орхон  бойында  дүрілдеп  тұрған  Найман  хандығын  құлдырауға  әкелді. 

Осы  жайды  көзімен  көріп  күңіренген  жыршы  Құба-Тегін  «Әкелерің  Инанчының  көзі 

тірісінде  екеуің  құстың  екі  қанатындай  едіңдер.  Енді  міне  ағайынды  екеуің  екіге 

жарылғанда  қапаланған  Найман  елің  теңіздей  толқып  тұр.  Бытыраған  еліңді  кімге  сеніп 

тастап  барасыңдар?»  деп  зар  жылаған  екен.  Осы  быты-  раудан  болып  Найман  елі 

моңғолдардан жеңіліп торғайдай тозды.  

Керейлердің ханы Құржақұздың балалары да бақталастықтан елін екіге бөлгенде 

Наймалчин атты жыршы ананың: 

Екі күн шықса аспанда  

Құрлық құрғап қалмай ма?  

Екі хан шықса тақтарға,  

Елінің бағы таймай ма? дегені бар.  

Кейін әкелі, балалы Тоғорыл Уаң хан мен оның ұлы Сэнкум бірлікке келе алмай бұрынғы 

арқалы Кереит жұрты моңғолдардың қанжығасында кетпеді ме?  

Мұның түбі неден шығады? Баққұмарлықтан, таққұмарлықтан, топқұмарлықтан, 

мемлекеттілік, қауымдастық сананың жоқтығынан шығады. Барлығы өз алдына би 

болғысы келеді, ақыры барлығы да би бола алмай басқаларға жем болады. Мұны аңғарған 

Абай:  


Бас басына би болған өңкей қиқым 

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын... деп сын тезіне алады.  

Жікшілдік, топшылдық, рушылдық біздің қазаққа өте сіңісті болған құ-былыс. Мұны Өр 

Алтайдан шыққан ғұлама ақын Ақытқажы Үлімжіұлы да дұрыс аңғарған.  

Алашта сырты түзу, іші кірбең,  

Тістесіп кісіменен жақын жүрген.  

Жақынын тіріде аңдып ала көз боп,  

Өлсе өкіріп жақынын сонда білген.  

Жақыннан бір данышпан адам шықса,  

Ғайбат айтып сыртынан иттей үрген... деп мінейді. Көпті көрген ақын ашынып ащы 

шындықты айтады. 

Көшпенділерді шашау шығармай бір шаңырақ астына біріктірудің ортағасырлық 

үлгісін Шыңғыс хан көрсетті. Ол 1206 жылы білектің күші, найзаның ұшымен 12 кіші 

хандықтар және 49 тайпаның басын қосып Ұлы моңғол мемлекетін құрды. Шыңғыс хан 

құрған Моңғол империясы әлемнің 720 тілінде сөйлейтін 361 жұрттың (Хураангуй Алтан 

товч) басын қосты. Кейін империя ыдырағанда оның қанаты астынан 20 дан аса тәуелсіз 

мемлекетер бой көтерді. Солардың бірі қазақтың Ақ Орда мемлекеті. Ақ Орда «Көшпенді 

Өзі-Бектер мемлекеті» атанған тұста 92 тайпа бірлігінен құралды. Кейін олардың 28-і 

Шайбанилік Әбілқайырды жақтап Әбілқайыр хандығын құрды да, қалғандары Ақ Орда, 

Ноғай ордасы, Моғолстан билігінде қалды. ХҮ ғасырдың орта кезінен бастап көшпенді 

тайпалар жан-жағынан анталаған жаудың қоршауында қалды. Оңтүстігінен Шай-

баниліктер, шығысынан Қалмақ, батысынан Ноғайлы мен Тоқай Темір әулеті билігіндегі 

Астрахан қауіп төндірді. Қазақ енді бірікпесе ру-руымен басқаларға жұтылып кету қаупі 

төнді. Осы кезде Ақ Орда мұрагерлері Керей мен Жәнібек ол кезде Моғолстан билігіндегі 

қара орман қазағының ортасына келіп өз мемлекетінің шаңырағын қайта көтерді. Олар 

алғашқы қадамынан бастап қазақтардың қолдауына ие болды. Үш жүздің басын қосты. Ал 

үш жүз бір орталыққа бағынып, бір жағадан бас шығарған кезде қазақ ешкімге дес берген 

емес. Ал бөліне қалса бөрілерге жем болып отыр- ды. Қазақ Жоңғарларға, Қоқанға, 

Орысқа алдыруының басты себебі осы береке-бірліксіздіктен болды. 


Кеңестер Одағы кезінде қазақ өзі емес, басқа орталыққа, өзінің ұлттық 

идеологиясына емес, бөгде идеологияға бағынуға мәжбүр болды. Әрине рулық жүйе 

әлсіреді. Руы былай тұрсын қазақ ұлт ретінде хал үстінде қалды. 

Тәуелсіздік Қазақ мемлекеттілігінің үзілгенін жалғап, ұлттың рухын көтерді. 

Тәуелсіздік қазақтың арманы еді. Бірақ билік қазақтың өз қолына келіп, мәнсап пен билік, 

байлық пен бақты бөліске салғанда бұрынғы жүздік, рулық, топтық мүдде қайтадан алға 

шығарылды. Тәуелсіздіктің мүмкіндігін әр топ өзінше пайдаланып бақты. Әр рудың 

бұрын ұмыт болған өтірік-шынды батырлары, көсемі, шайырлары, әулиелері пайда болды. 

Қайсыбір рудың батыр, көсемдері қолдан жасалды. Рулық, топтық мүмкіндіктер түрлі 

сайлауларда шен-шекпенге жетуге, келеңсіздіктерді жасырып бүркемелеудің пайдасына 

жаратылды. Осылайша сонау ХІХ ғасырдың соңында В.Бартольд, Абай Құнанбаевтар 

айтқан трайбалистік әрекет қазақ өмірінде бүркемеленген түрде ХХІ ғасырда өз жалғасын 

тауып жатқан жоқ па? Олай болғанда енді ғана ел боламын деп бесігін түзеп жатқан, ішкі 

құрамы ала-құла біздің жас мемлекет үшін жақсылық әкелмесі анық. Бірлескеннің жөні 

осы деп авторитарилыққа жүгіну де жақсылыққа апаратын жол емес. Ондай жасанды 

бірлік іштей тоздырады. Біз үшін тек демократиялық құндылықтарға, адалдық, ақыл, 

парасат, көпшіліктің таңдауына сүйенген мемлекетшілдік шынайы бірлік қажет болып 

тұрған сияқты. 

4. Көшпенділер және Лев Гумилевтің этнос теориясы.  «В нашем мире нет человека 

без этноса» Этногенез и биосфера земли. М., 1997, с. 209.  

Университетте оқып жүргенімізде ұстаздарымыз Лев Николаевич Гумилев туралы 

көп айтушы еді. Кейінірек білдік ғой ол тек ұлы тарихшы, географияшы, өлкетанушы ғана 

емес, Баты ханның ұлы Сартақ әулетіне жиен болып келетін ақсүйек, әйгілі ақын Анна 

Ахматованың ұлы екен. Әкесі Николай Гумилев те ақын. 

Лев Гумилев жастайынан (23 жасынан) саяси қуғын-сүргінге ұшырады дегенді 

естіп өрімдей жас жігіт не үшін қуғындалып, өлім жазасына кесіліп, жер аударылып, екі 

мәрте түрмеге жабылғанының себебін біле алмай жүретінмін. Сөйтсем бұл сауалдың 

жауабын мен Гумилевтің өз жазғандарынан таптым. Ол бір сөзінде: «Мен көшпенді түркі, 

моңғолдар, олардың мәдениетін қорғаштағаным үшін жазалы болдым» депті. 1948 жылы 

«Бірінші Түрік қағанатының (Буман қаған 552 ж. құрған – Қ.З.) толық саяси тарихы» 

тақырыбында алғаш кандидаттық диссертация қорғапты. Ғалымның Түркі

Моңғол 



тарихының ізіне түсуі бұдан әлде қайда бұрын, сонау 1930 жылдары Азия экспедициясына 

қатысқан кезден басталған екен. Ол Ғұндардан бастап, Түрік қағанаттары, Моңғол 

державасы тарихын түгендеп шықты. Түгендегенде тарихты жай ғана бір баяндау емес, 

көшпенділерді біртұтас өркениет ретінде қарастырды. Гумилев көшпенділер өркениеті 

туралы ілімін Н.Я.Данилевский, О.Шпенглер, Дж.Тойнбилердің «Көшпенділер дамуды 

көрмеген, адамзат өркениетінде өзіндік үлесі жоқ қауым» деген теориясына қарсы қойды. 

Тарихта жоғарыдағы авторлар жер-көкке сиғызбай мақтаған көптеген отырықшы 

мемлекеттер (империялар) жойылып кетті. Ал көшпенді империялардың ыдырауы деген 

ол жойылу емес, олар кіші хандықтар, ел, ұлыстар болып ыдырайды да, даму барысында 

солардың ішіндегі ең қуатты, қауқарлы біреуі олардың басын қайтадан қосып жаңа 

мемлекет, жаңа держава құрып отырды. Л.Гумилевтің пікірінше, мұның бір айқын көрінісі 

Шыңғыс хан құрған Моңғол империясы. 

Көшпенділердің «жоюшылық рөлі» туралы тарихта көп жазылды. Осыдан болып 

орта ғасырларда жойылған өркениеттердің басты күнәкері ретінде Шыңғыс хан, оның 

ұрпақтары аталады. Шынымен солай ма? Бұл біржақты пікір емес пе? деген сауалға да 

Л.Гумилев жауап берді. Иә, орта ғасыр шынымен де қан кешкен жойқын ғасыр болғаны 

рас. Көптеген құндылықтар жойылды. Бұған тек моңғолдар ғана кінәлі емес екендігін 

Л.Гумилев ашып көрсетті. «Шыңғыс хан жойды деп жүрген Тангуттардың Идзин-ай (П.К. 

КозловХара-хото) қаласы ХІV ғасырға дейін өмір сүрді, ал Урахай (моңғ.), Хэйчуйчен 

(қыт.) қаласы Моңғол шапқыншылығы кезінде емес, Қытайдың Мин әулеті әскерінің 

шабуылы кезінде 1372 жылы жойылған» дейді Гумилев. Ғалымның ортағасырлық Ресейде 


Русь княздарының өзара бақталастығынан туған соғыстарда қираған қала, кесілген 

бастардың саны Моңғол шабуылы кезінде күйреген қала, қырылған адамдардың санынан 

әлдеқайда көп болды деген пікірін Г.Вернадский құптаған еді. Моңғол шабуылы 

басталарда дуа тимей жырым-жырым болып қақтығысып жатқан Русь Алтын Орда билігі 

тұсында қабырғасы қатайып, Ұлы Орда ыдырағанда жеке мемлекет ретінде қабырғасы 

қатайып тарих сахнасына шықты дейді Г.Вернадский. 

Л.Гумилев көшпенділерді осылайша еуроорталықтық астамшылдықтан қызғыштай 

қорғаумен болды. Ол көшпенділерді де алаламай жалпы адамзатты этнопассионарлық, 

«биосоциалдық» бір жүйеге жатқызады. Адам заттың әрбір топтарын бір-бірінен ажырату 

үшін ғылымға «этнос» деген ұғымды алғаш әкелген адам Н.М.Могилянский еді.  

Ал «этнос» деген не деген сауалға алғаш орыс ғалымы М.С.Широкогоров біршама 

толық жауап берді. Оның пікірінше, этнос дегеніміз «Бір тілде сөйлейтін, шыққан тегі 

(қаз. қаны) бір екендігін мойындайтын, басқаға ұқсамайтын өзіндік салт, дәстүр, тіршілік 

салты бір және оларды ұрпақтан- ұрпағына дейін үзбей жалғап келе жатқан адамдардың 

жеке тобы» деп анықтапты. Бірақ Н.М.Могилянский, М.С.Широкогоров және ХХ ғасырда 

ерекше көзге түскен француз этнос танушылары бұл мәселені одан ары қазбаламапты. 

Л.Гумилев бұл ілімге этногенезистік пассионарлық жаңа бағыт әкелді. Ол этностардың 

шығу тегін сол қауымның өмір сүрген жер қыртысы, оның табиғатының ерекшелігі, 

ғарыш қуатының әсерлерінен пайда болған кешендік, жиынтық құбылыс (комплексный) 

деп қарастырады. Ғалымның пайымдауынша, этностардың пайда болуы адамдардың 

сезіміне тәуелді емес, бұл комплементарлық процесс. Бір табиғи ортада өмір сүрген 

адамдар даму барысында бір-бірімен табысып қауымдасып мұрад, мүдделерге байланады. 

Қауымдасып өмір сүру тек адамзатқа ғана емес, жан-жануарға да тән құбылыс. «Жалғыз 

лағып кеткен ит Динго сияқты жабайы ит, үйірінен адасқан жалғыз жылқы тарпаң тағы 

Мустанго болып кетер еді» дейді ғалым. Ұялас иттер бір-бірін бір үргенінен, үйірлі 

жылқы бір-бірін кісінескенінен таниды. Сол сияқты «Этнос деген де өзіндік ерекше бет-



бейне, салт, жан бағу тәсілі, ойлау жүйесі, мұрад мүддесі, тілі, мәдениеті ұқсас 

адамзат қауымдастығы» болып табылады. Бірлесіп өмір сүру барысында оның әрбір 

мүшесіне өзін сол қауым (этнотоптың) мүшесі, сол жер-судың иесі деп танып, басқаны 

жат санайтын сана-сезім пайда болады. Бұл эволюциялық дамудың нәтижесінде пайда 

болатын біршама тұрақты құбылыс. Оның өзіндік даму кезеңдері бар. Л.Гумилевтің 

пайымдауынша мұндай кезең бесеу. 

1. Өрлеу айқын көрініс бере бастайтын алғашқы кезең .  

2. Табиғатымен жарасып адамдардың этникалық белсенділігі арта бастайтын акматикалық 

кезең.  


3. Адамдардың шыққан тегі басты қасиет болудан қалып салы суға кете бастайтын кезең.  

4. Техникалық құрал, жабдықтар көбейіп, идеологиялық құндылықтар басымдылық алып 

этникалық селқостық пайда болатын кезең. Бұл кезеңде жер (ландшафт) адамды бала 

кезінде тербеткен, қазір сақтаулы тұрған бе- сік сияқты болып қалады. 

5. Ұлттың немқұрайдылық кезеңі. Осыдан кейін ұлттар этностар өзіндік бет-бейнесінен 

айрылып, оның жеріне кімдер келіп, кімдер кетіп жатқанымен ісі жоқ ұлттық бейжайлық 

пайда болады. Мұндайда этностың алдында екі-ақ таңдау қалады. Не бөгделерге сіңісіп 

жұтылып кету немесе түрен салып қайта серпіліс күшін алу. Ұлт ретінде біздің өмірімізде 

Гумилевтің осы айтқандары жазбай қайталанды. 1990 жылдары қазақ ұлт ретінде біржола 

жұтылып кету қаупінің алдында тұрды. Тіліміз жойылып қазақ «қара орысқа» айналып 

бара жатты. Қазақ кең даласы сыйлаған өзіндік ұлттық сипаты, мінез-құлқы, рухы, салт-

санасынан айрыла бастады. Енді қамшы баспаса қазақ ұлт ретінде құруға айналды. Осыны 

сезген қазақ жастары ұлтын сақтап қалу үшін 1986 жылы 16 желтоқсанда атой салып алға 

ұмтылды. Көп адам, талай тағдырлар жапа шексе де ұлттық серпілістің кілті осы кезден 

басталды. Қазақ тәуелсіздікке қол жеткізіп, қазақ мемлекетінің бұрын құлап қалған 

шаңырағын қайта көтерді. Қазақ ұлт ретінде қайта түлеуінің бір мүмкіндігі осылайша 

туды. Ұлттың былайша қайта түлеуі (ренесанс) бір емес, сан рет қайталануы мүмкін. 


Л.Гумилев айтқандайын қазақ қазір «инкувационный кезеңді» басынан кешіріп жатыр. 

Бұл қайта түлеудің механизмын іске қосу ғана. Бастаманың бәрі табысты бола бермейді. 

Өте сақ болмасақ ұлттық мүмкіндіктен айрылып қалуымыз да ғажап емес. Бізге алды 

артымызға қарамай «айға» шабуға болмайды. Кезінде талай ұлт, ұлыстарды өзіне 

бағындырып аузын айға білеген Рим, ұлы Византия да жоқ болды. Олардың түбіне 

жеткен көп ұлттылық, көп дінділік, мульткультуралдық болатын. Онсызда 

жиһанданып келе жатқан бүгінгі әлемде өз ұлты ұлт бола алмай жатқан Қазақстан сияқты 

жас мемлекетте халықты көп ұлттылыққа, көп мәдениеттілікке шақыру, онымен көпіре 

мақтану үлкен қатер. Бізді нағыз ойланып басқан әрбір қадамымыз, мағыналы ісіміз 

құтқармаса «қазақ», «Қазақстан» деген ат- атау құтқара алмайды. Өйткені Гумилев 

айтқандайын ат-атау өзгеріп отыратындықтан ол кейде өз мән-мағынасына ие бола алмай 

қалады. Егер біз қазіргідей есігімізді айқара ашып тастап, басқаны өзімізге шақыра берсек 

бірер жылдан соң «қазақстандық» деген ат-атаудың қалқасында қазақ та емес, қалмақ та 

емес, «қырық темірдің қылауы»-нан жиналған жаңа тобыр пайда болып кетуі мүмкін. 

Л.Гумилев алдын-ала сақтандырған ұлт өмірінің инерциялық кезеңі сонда басталатын 

болады. «Біз өмір сүріп отырған әлемде этникалық текке жатпайтын адам болуы мүмкін 

емес». Л.Гумилевтің этно-пассионарлық теориясының тоқ етері осы. 






©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал