Қазақ батырлары ұрпаққа өнеге



жүктеу 39.38 Kb.

Дата01.03.2017
өлшемі39.38 Kb.

Қазақ батырлары ұрпаққа өнеге 

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың орта тұсына дейінгі тарихи 

шындықты, қазақ халқының шежіресін білетін Шәкәрім Құдайбердіұлымен 

замандас Абай елінің Шыңғыстау жеріндегі ақсақалдар әңгімесін естіп және 

небір қолжазба деректерді оқып өстік. Әсіресе ақсақалдардың қысқы соғым 

басында, не көктемгі қымыз мұрындықта жиналғанда өзара қауқылдасып, 

өткеннің өнегесін өзек ететін небір келелі әңгімеге оп-оңай арна тар-тып 

әкетер шеберліктерін айтсаңызшы!  

Қайран ақсақалдар-ай, сол өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы ғасыр 

жасаған қариялар қайда деймін кейде. Бірін-бірі қанаттаса демеп, қапталдаса 

сілтейтін әңгімесі қандай жарасымды еді! Осы қариялардан естіген тарихи 

шындықты қозғау себебім: қазақта үлгі-өнеге болар батырлар жеткілікті. 

Солардың бірі —Үмбетайұлы Көкенай. Көкенай Үмбетайұлы Әз Тәуке хан 

заманында, яғни 1680-1718 жылдары Орта жүз билері мойындаған батыр әрі 

би болған. Тарихи деректерде 1648 жылы туып, 1728 жылы «Қара сиыр» 

шайқасында дүниеден өткендігі айтылады. Көкенай батыр Жоңғар-қазақ 

соғысында ауыр жарала-нып, оның сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі  

Әзірет Сұлтан қасында жерленген. Оны кесенедегі жазылған тізімнен көруге 

әбден болады. XVII ғасырдың 1670-1697 жылдары жоңғар шапқыншылығына 

қарсы Сырдария керуен жолдары үшін жоңғар қонтайшысы Галдан Бұшықты 

хан заманында бірнеше дүркін соғысқа қатысып, өзін батыр ретінде танытқан 

тарихи тұлға. Көкенай батыр 1698 жылғы жоңғар шапқыншылығында 

Тәукенің бас қолбасшысы болып, сол соғыста жоңғар ханы Суан-Рабданның 

бас қолбасшысы Черен Доржды жекпе-жекте өлтіріп, елу жасында үш жүздің 

әйгілі батыры атанады. Ол аз десеңіз, Әз Тәуке хан ұйымдастырған 1710 

жылғы тарихқа белгілі Қарақұм жиынында Ақжол бидің алдаспан қылышын 

көтеріп шыққан, жоңғар шапқыншылығына қарсы күш біріктіру жөнінде 

жалынды сөз сөйлеген, сөйтіп заманында қазақ еліне үлгі бола білген әрі 

батыр, әрі би болған бабамыз (Батырдың алдаспан қылышы мен көтеріп 

шыққан туы әлі күнге дейін сақтаулы тұр Қ.И.).  

Көкенай батыр жоңғарларға алғаш 1723 жылы Қаратал, Талас өзендерінің 

бойында, Қаратауда тұтқиылдан шабуыл жасайды. Жоңғар-қазақ әскері 

тоғысқан жерде ол алты мыңға жуық атты әскері және әр ру-тайпадан 

жиналған батыр жауынгерлерімен шеп құра отырып жауға қарсы соғысады. 

Қалың қазақ елі Қаратаудан асып, қатерден бас сауғалай батыс беткейге 

ұзағанша және негізгі қазақ батыр жауынгерлері бас біріктіргенше Көкенай 

батыр басынған жоңғарларды уысында бір ай мөлшерінде ұстап тұрады. Бес 

арғын, Жеті момын, Кіші Арғын елдерінің ішке қоныстануына ықпал етеді. 

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман—Мамыр», «Жолсыз жаза, не кез 

болған іс» атты дастандарында Көкенай батырдың ерліктері ілтипатпен 

айтылады.  


1728 жылғы «Қара сиыр» шайқасындағы өне бойы тілім-тілім ауыр жаралы 

Көкенай батырды былайша сипаттайды: Емендей иілмейтін ер Көкенай, 

Бүгіліп бара жатты-ау жерге қарай. Қан толып көздеріне соларды ойлап, 

Ұмытты өзін-өзі сонда Мамай. Үмбетайұлы Көкенай заманында есімі мұқым 

қазақ еліне әйгілі болған адам. Көнекөз қариялардың сипаттауынша, Көкенай 

аса тегеурінді, өте әлді, ешнәрседен сескенбейтін, шегір көзді, қобалжуы 

сезілмейтін, қарсы қараған адам ызғарына шыдап тұра алмайтын, кесек 

тұлғалы кісі болған деседі. Марқұм әкем Әнуарбек Исаханұлы «Көкенай 

батыр әрі би» атты тарихи дастан жазған кісі еді.  

Ол өз алдына бір бөлек әңгіме... Ақсақалдар бас қосқан отырыстарда 

бұрынғы заманда ел ішінде, тіпті анау қазақ хандығынан бастап қазақ елінде 

болған оқиғаны, ұлы бабалардан қалған «аталы сөзді, жоталы істерді» 

жаңғырта әңгімелеп отыратын. Бір ғажабы, қаншама есім, қаншама атаудың 

бәрін тізіп, бірінен де жаңылмайтын. Тіпті, қазір көріп отырғандай, араласып 

жүргендей мүдірмей сөйлеуші еді. Сол қариялар төл тарихымызға қажетті 

қаншама материалды өздерімен бірге қара жердің қойнауына әкеткені, әрине 

өкінішті.  

Олардың тарихи кейбір қолжазбасын да жоқ қылды — оған тарих куә. 

Солардың бірі Шәкәрім бабамыз емес пе еді? Шынайы тарихты дәріптеу 

кешегі Кеңес үкіметі тұсында үлкен қателік деп есептелінді. Қуғын-сүргіннен 

аман қалғандар біржола үрейге беріліп, үн шығармай бұғып қалды. Осының 

әсерінен төл тарихымыз негізгі шыңына шыға алмады. Тарих — күрделі 

ғылым, онымен байыпты араласқан жөн. «Алладан қорық, әруағыңды сыйла» 

деген қазақта аталы сөз бар. Бір Жаратушы Алланың көңілі ауған Ұлы 

бабаларымыздың ісін, өмір жолын білместіктен бұрмалау, не жоққа 

шығару — ол үлкен қателік! Сол ұлы бабаларымыздың арманына біз жеттік: 

тәуелсіздігіміз өз қолымызда.  

Кейінгі сол көкірегі ояу, санасы сара, тағылымы жаңа ұрпақтарымыз 

шындықтың ақиқатына, биігіне шықпасына кім кепіл. Азаттық, тәуелсіздік 

жолында күрескен бабалар халқының жүрегінде сақталып, ұрпақтарымен 

бірге мәңгі өмір сүруге тиісті. Қазақ елінің қорғаны болған бабаларымыздың 

жанқиярлық батырлық қимылдарын халқы мақтан тұтуы орынды. Басқа 

ел алдында ауыз толтырып айта алатын, тағылымы жаңа ұрпақтың 

мақтанышы, қазақ халқының портреті емес пе олар?  

Ұлы батыр бабаларымыз таяқтан тайсалмаған, оқтан бұқпаған, қылыштан 

сескенбеген, елінің мүддесі, бостандығы, бақыты үшін өз өмірін қымбат 

санамаған. Арғын ішіндегі Сарының кіндігінен тараған ұлдар: Мәмбетей, 

Үмбетай, Мәмбетсопы, Кішік. Үмбетайдың ұлы — Көкенай батыр, Кішіктің 

ұлы — Әнет баба, Әйтек. Осы рулар туралы Шәкәрім Құдайбердіұлының 

«Қалқаман-Мамыр» қиссасында айтылады. «Қалқаман— Мамыр» ағалы-

қарындасты жастардың албырттығынан 1722 жылдың жаз айында болған 


оқиға еді. Қалқаман— Мамырдың үйленуі елдің үлкендеріне мәлімсіз болды. 

Жеті Жарғы заңына қайшы келді, яғни жеті атаға толмай үйленбеу дәстүрі 

бұзылды және Мамыр бір елдің қалыңдығы еді. Бұл оқиға тарихтан белгілі. 

Санынан жеңіл жарақат алған Қалқаман Ұлы жүз нағашы жұртына жүйрік 

арда күрең атымен қашып, құрбыларына жеткізбей кетеді.  

Келесі 1723 жылы Қалқаманды елге қайтаруға ағайын-жұрты ат жаратып 

отырғанда көктемде жойқын жоңғар шапқыншылығы «Ақтабан-

шұбырынды» оқиғасы басталып, іздеусіз қалады. Тарихта Қазақ хандығына 

ойрат қалмақтарының алғаш соғыс ашқаны жайлы дерек жоқ деп жазылған. 

Бұл шамамен 1620-1627 жылдардың мөлшері. Демек, осы жылдар Алтай 

сілемдерінен Шыңғыстауға дейін, орталық Ертістен батысқа қарай ойрат 

қалмақтарынан болған бірінші шапқыншылық кезі. Сүйірбасұлы Қожаберген 

батырдың соғыста қаза болуы, Таңсұлу келіншектің қолға түсуі, Кенжесопы 

ұлдары Канжығалы, Тобықты аталардан тараған елдің үдере көшуі — 

осының бәрі Абай еліндегі ертедегі қариялардың тарих туралы 

айтқандарынан дәлел... Жаудан жеңіліп қалған Қанжығалы, Тобықты елінің 

ауа көшкені, Сыр бойына барғаны, Тобықты ішіндегі Сүйірбасұлы Сары 

бидің ағасы Қожабергеннің ауылын қалмақтар шауып, жекпе-жекте 

Қожабергенді өлтіріп, ақылы мен сұлулығы ел аузында жүрген жас келіншегі 

Таңсұлуды Хорахулай батырдың қолға түсіруі айтылады.  

Таңсұлуды Хорахулай батыр қалмаққа әйелдікке бермек болады. Таңсұлу 

келіншек іштегі жаңа өсіп келе жатқан баланы қимай, өле алмай, қалмақ 

ноянының зорлығына көнбей, оған әйел болмаймын деп өзінің мұрнын кесіп 

тастаған. Мұрнының тесігі үңірейген Таңсұлуды көрген ұлалы нояны ызаға 

булығып, бұдан былай босағадағы күң боласың деген екен. Құлдықта, 

күңдікте аяғы ауыр келіншек ауыр азап шегеді. Таңсұлудың ішіндегі кеткен 

нәресте ұл болып туып, өскенше көп қиыншылық көреді. Жапал анасы 

Таңсұлудың өсиетімен өседі, бұл мезгіл шамамен XVII ғасырдың басы болса 

керек. Осы XVII ғасырдың 1635 жылы Хорахулайдың ұлы Батур-хунтайшы 

жоңғар хандығын құрып, Ойрат тайпаларын біріктіреді. Жоңғар хандығы 

дүниеге келеді. Батур-хунтайшы таққа отырады (1635-1653 жылдары). Жапал 

жоңғардың жылқысын бағып, олардың жігіттерінен соғыс тәсілін үйренеді, 

өсіп жетіледі.  

Анасы Таңсұлу ұлы Жапалға бетін ашып көрсетіп, көзіне іркіп жас алып: 

«Сен қазақсың, Арғын деген елің бар, сол елде Момын деген жұртың бар

ұраның «Ақжол». Ақжол би ұлы бабаң. Ақжол бидің негізгі аты — 

Дайырқожа. Әз Жәнібек Керейдің тұсында өмір сүрген. Әкең Жеті Момын 

елінен, әкеңнің інісі — Сары, Әлі деген ағаң бар. Елің сенің Қаратауда, Сыр 

бойында» деп, жоңғар елінен жасырын қашырып жібереді. Жапал 16-17 

жасында анасы Таңсұлудың өсиетімен Жоңғар хандығында өткелі жатқан 

үлкен тойды пайдаланып, хан сарайындағы бәйге атқа мініп, оның жүйрік 

жорғасын жетелеп қашып кетеді. Жүйріктің жүрісіне шыдай алмай жорға 



жолда зорығып өледі. Мөлшермен қазіргі Қара Ертістен (Жоңғар елінен) Сыр 

бойы Қаратауға, әкесінің інісі Сары бидің еліне жетеді. Бұл тарихи шындық. 

Сары бидің 12 қанат ақ үйіне рұқсатсыз кіріп, төрінде шалқасынан демалып 

жатқан ұзын бойлы, шегір көздеу ақ құба, батыр денелі, жоңғарша киінген 

жігітті көргендер Сары биге хабар береді. Есіктен кірген Сары ағасына 

орнынан тұрып, анасы Таңсұлудың үйрету тәсілімен сәлем береді. Сөйтіп 

Сары ағасына қауышқан. Жапал анасын елге қайтаруға қол жинайды. Анасы 

Таңсұлу қалған жоңғар елін шауып, елге қайтып оралады. «Жапал батыр» 

деген атаққа ие болады.  

Ағасы Сары би жеңгесін бір ауыл қылып бөлек шығарған. Кейін ел сыйлаған 

анаға айналады деп әңгіме қылушы еді қариялар. XVII ғасыр басында туып 

өмір сүрген, қазақ-қалмақ соғысына қатысқан Қожаберген Сүйірбасұлы және 

оның жұбайы Таңсұлу ана, ұлы Жапал туралы ғасыр жасаған халық ақыны 

Шәкір Әбенұлының «Таңшебер Жапал» атты тарихи қиссасы XX ғасырдың 

басында жарық көрген. Осы қиссаның өзі қариялар аузынан қолжазбадан 

жазылып алынды деуші еді халық ақыны Шәкір Әбенұлы. Жоңғармен 

жаугершілік (1652-1653 жж.) жылдары Жапал Қожабергенұлының жаумен 

ақырғы шайқасы қазіргі «Жапал жайлауында» болған, бейіті де сол арада. 

Ол жетпіс шақты қолмен жүзге тарта жоңғарлардың барлау қолына кезігіп 

қалады.  

Сол жерде қызу шайқас болып, жоңғар қолы жеңіледі. Жеңісті тойлап, жас 

жігіттер жарақаттарына ем жасап, көтеріңкі көңілмен Жапал батыр көктемнің 

ағын суына сауытын шешіп жуынып отырғанда қамысты жарда жаралы 

болып тығылып отырған қалмақ жауынгері садағын алып Жапалдың 

ту сыртынан атады. Қапылыста қайран ердің денесін оқ тесіп, сол жерде қаза 

болады. Бұл кезде Жапал жас жігіт еді. Көктемнің ыстығынан әкете алмай, 

қаза болған жерге бейітін тұрғызады. Жапалдың тас зираты Әуезов атындағы 

кен орнынан жиырма шақырым жердегі «Жапал» жайлауында, қазіргі 

Шығыс Қазақстан облысы, Шар-Өскемен темір жолына жақын. «Таңшебер 

Жапал», «Қалқаман—Мамыр», «Еңлік-Кебек» — осы үш қиссада қазақ 

халқының шыңғырған шындығы, тарихта болған оқиғалар, тарихи тұлғалар 

жатыр. 


Қайырбек ИСАХАНҰЛЫ — ҚР Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген 

зейнеткері. С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих 



факультетін бітірген. Тарихшы-заңгер 

 




©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал