Қасым аманжолов



жүктеу 5.92 Kb.

бет4/8
Дата21.01.2017
өлшемі5.92 Kb.
1   2   3   4   5   6   7   8

(Жастар тілегі)
 
Мөлдір тұнық көк аспан,
Сол аспанға жарасқан
Самолеттей сұңқармен,
Ұшқан құспен таласқан,
Ұшқыш болғым келеді!
 
Көңлі – дария, ойы – аспан,
Асқар шыңнан бойы асқан,
Ай, Күнімен аспанның
Әзілдескен, сырласқан
Ұшқыш болғым келеді!
Күнге күліп, күй тартқан,
Айға әнін тыңдатқан,
Бақыт жырын жырласа,
Таң шолпанын қуантқан
Ұшқыш болғым келеді!
 
Тыңда туып түлеген,
Тастүлектей көреген,
Көк қойнында тояттап,
Шың басында түнеген
Ұшқыш болғым келеді!
 
Жат жерлерге қонбаған,
Жатқа көңілі толмаған,
Асыл затты сұңқардай
Өз ұясын қорғаған
Ұшқыш болғым келеді!
Мұздай болат киінген,
Батпан қару үйірген,
Қорғап бақыт ұясын,
Тастүлектей түйілген
Ұшқыш болғым келеді!
 

98
Ар, намысын ақтаған,
Жүректе сыр жаттаған,
Туған елін – ұясын
Жан-тәнімен сақтаған
Ұшқыш болғым келді!
 
Ұшқыш болмай немене!
Қуат бітті денеме!
Қанатым бар қайысып,
Жастарға ісім өнеге,
Ұшқыш болғым келеді!
 
ӘДІЛЕТ АЙНАСЫ 
Юрист емен, ақынмын, сонда-дағы 
Көз алдымда, қолымда елім заңы. 
Ескі таныс сөздермен сырласамын, 
Жырдай қонып көңілге әр тармағы.
Өз қолымен Сталин жазған мұны 
Толқып көңілі, жарқырап жаны ұлы, 
Біздер өскен заманның дастаны бұл, 
Кеткен сыйып халқымның бар ғұмыры.
 
Қалам найза бір кездер, сыя да қан 
Өртті, сертті күндерде жасалған заң, 
Мен оқысам жосылып, жолдарымен 
Жатады өтіп көп өмір көз алдымнан.
Ашылады жарқ етіп елім менің 
Көрем оның өткенін, келешегін, 
Алып айқас, аққан қан, төгілген тер, 
Ер күресін, көремін, дос еңбегін. 
Сол кез менің жарқ етіп жастық шағым 
Маған қарап ашады от құшағын; 
Сол себепті әділет айнасына
Қайта-қайта қараймын балқып жаным.
 

99
 
САБЫР ЕТШІ
Неге мұнша, сорлы жүрек, соғасың?
Неге күйіп, неге мұздап тоңасың?
Арпалысып тыныш жата алмай ұяңда,
Неге мұнша мазасыз сен боласың?!
 
Неге мұнша үрейлене соғасың?
Қиял кернеп, нені ойлап шоласың?
Сорлы жүрек, ойларсың да, толғарсың,
Толарсың да, сарғаясың, соларсың.
 
Неге мұнша жалындайсың, жанасың?
Жанды қинап, тәнді өртеп барасың?
Өл дейсің бе, кет дейсің бе ғайып боп,
Талақ етіп жер мен көктің арасын!
 
Сорлы жүрек, баяуладың балбырап,
Сорлы жүрек, талдың ғой сен қалжырап.
Не қыласың өзіңді-өзің жаралап,
Қажымашы сабыр етші азырақ!
 
Сабыр етші, жан-тәнімді талдырмай,
(Не шара бар, кетті ғой ол қайрылмай.
Сен жыласаң – ол күледі мәз болып,
Сен өлсең де, жүре берер  қайғырмай).
 
Сабыр етші, мен де тыным алайын,
Сабыр етші, бар тілегің табайын.
Сабыр етші қайғыңды мен жояйын,
Күй шертейін, шырқатып ән салайын!
Сабыр етші, қолға қалам алайын,
Толғанайын, ой құдығын қазайын.
Тау суындай сөз шығарып кеудеден,
Сырыңды мен жырға тізіп жазайын.
 
Сабыр етші, не десең де тұрайын,
Қырандайын, көкке құлаш ұрайын.
Көкті кешіп, бұлтты тесіп, Айға өрлеп,
Күнге барып тілегіңді сұрайын!

100
Сабыр етші, жерді кезіп кетейін,
Асқар таудан, орман-нудан өтейін.
Жонын тіліп, тоңын, тасын қопарып,
Қол тимеген қойынына жетейін.
 
Сабыр етші, суға түсіп жүзейін,
Судың бетін қалқып, түбін сүзейін.
Су сұлуын, барлық асыл бұйымын,
Мөлдіретіп, алдыңа әкеп тізейін!
 
Сабыр етші, не десең де көнейін,
Өмір – бақша, біраз жеміс терейін.
Соның бәрін жырға тізіп, дестелеп,
Мәңгі өшпес ескерткіш сап берейін!
29 қаңтар, 1936, Орал
 

101
ӨТЕДІ КҮНДЕР
(Тарас Шевченкодан)
Өтеді күндер, өтеді түндер,
Өтеді жазым зымырап.
Соғады дауыл, солады гүлдер,
Сарғаяды жапырақ.
 
Ой ұйқыда, жүрегім жым-жырт,
Сөнеді көздің жанары.
Бәрі ұйқыда жатыр ғой мүлгіп,
Тірліктің жоқ еш хабары.
 
Осынау жарық дүниеде
Бармын ба мен, – білмеймін.
Қаңғалақтап жүрмін бе әлде,
Жыламаймын, күлмеймін.
Сыбағам қайда, сыбағам?
Жоқ па сірә ешқандай?!
Жақсылық менен аясаң,
Жамандық бер, а, құдай?!!
Берме ұйқы, кезбе жанға,
Жүрегі бос қатпасын.
Ұсап сұрсыз қу томарға
Бұл дүниеде жатпасын.
Берші өмір, берші махаббат,
Жүрекпен сүйсін адамды.
Ол болмаса, етіп талақ
Өртесін мына жалғанды.
 
Қандай қиын – қаза тапсаң
Тар қапаста, зынданда.
Еркіндікте ұйықтап қалсаң,
Қиынырақ содан да.
 
Ұйықтап өтсең өміріңде,
Ұйқың ешбір қанбаса.

102
Тірлігің не, өлгенің не,
Ешбір ізің қалмаса.
1940
 
* * *
Ішім пысты. Жалықтым,
Жүре алман енді аяңдап.
Кейіндеп қаппын, жаңа ұқтым,
Не болса, соған аялдап.
 
Көңіл күйі екен деп
Күнделік тұрмыс ызыңын.
Өмір сыйы екен деп
Квартбюроның тізімін
 
Жүргенімде, тиісті
Сыбағамнан құр қаппын.
Егде тартып, сүйінішті
Жас шағымды ұрлаттым.
 
Қайта оралмас жиырма бес
Қоштасқанын сезбеппін.
Жас та емес, қарт та емес
Бір уақытқа кез кеппін.
Өткен күннен белгім аз,
Беттегі әжім болмаса,
Шимайлаппын көп қағаз, –
О-дағы бір далбаса.
Өкінгеннен не пайда?
Кеш болса да, қал сілтеп.
Кім өкпелер Абайға
Қырықта  қызды жаздың деп!
1940
 
 

103
ЕСКЕРТКІШ
Өмір – сағым, бұлдырап көз жетпейді.
Өмір сырын жырлауға жыр жетпейді.
Қымтырылмай өмірде еркін өссек,
Біздің жолды бөгеуге кім беттейді?
Біз – өмірдің бұлбұлы, еркін өстік;
Таудан асып, жас кезде су да кештік.
Адаспастан өмірдің тұманында
Қатар жүрдік, бірге өстік, әзілдестік.
Отты жаспыз, біздерді кім білмейді,
Сезімі бар пендені кім сүймейді?
Қадам бассақ, ізіміз отша лаулап,
Нені шарпып, дүниеде күлдірмейді?
Сол өмірден бір белгі қалсын-дағы
Сол күнді еске бұл сурет салсын-дағы.
Көрген жандар суреттің сырын ұғып,
Не сүйініп, не күйініп жансын-дағы.
Орал, 1933
 
* * *
Гүл жүзді, бұлбұл үнді Марфуғажан,
Бой еріп лебізіңе балқыды тән,
Елжіреп уыздай жас жүрегім
Соққандай бір сен үшін лүпілдеп қан.
Бұл күнде сыртым жалын, ішімде шоқ,
Бір өзіңнен басқада үмітім жоқ,
Шашсаң күлмін, егерде алсаң гүлмін,
Ой түйіні шешілсе тілегім боп.

104
Өмірге пенде болып неге тудым,
Не себепті қоғамның жолын қудым,
Балапандай талпынып жас кезімнен
Неге сонша серт беріп белді будым?
Бұл өмірден сонша мен нені күттім,
Бірсыпыра мінекей жерге жеттім,
Өмірімнің думанды кезеңінде
Сен тап болдың жүректі елжіреттің.
Кім бойсынбас, берілмес табиғатқа,
Кім оралмас, жеңілмес махаббатқа...
(Жалғасы жоқ)
Орал, 1935
 
КІМ КІНӘЛІ?
Кім кінәлі? Мен бе? Сен бе?
Таласпалық. Айтсын жұрт.
Егілмеші құр бекерге.
Мә орамал, жасың сүрт.
Бұл хикая болсын жария,
Жасырмайық жұрттан біз
Көздің жасын көл дария
Етіп біз де сыққанбыз.
Бірақ та мен жылағанда
Мазақ етіп күліп ең...
Ал мен күлмен.
Жыласаң да
Жас балаша түнімен.
Рас, жаным! Едім ғашық,
Жастық албырт күнімде,
Ол бір кездер кетті-ау қашық,
Түс сықылды бүгін де.
Онда менің көңілім көктем,
Жүзім бейне жаз еді;
Өсек, аяң, қауесеттен,
Зифа бойым таза еді.

105
Махаббаттың бұғалығы
Мойыныма түспеген,
Құландай ем.
(Аяғы жоқ)
* * * 
Білесің бе, жан сәулем, сол бір түнді?
Ай сығалап әйнектен қарап тұрды.
Ай сәулесі шағылған алма жүзің
Ұялтқандай еді ғой электрді.
Сен тұр едің сыбанып білегіңді,
Мен жүр едім қолға алып жүрегімді;
Сонда сенің жаныңа жайлап келіп,
Білесің бе, бас салып сүйгенімді?
Құшырлана сүйдім мен, кеттім балқып,
Бір қиянат жасадым сені ұялтып.
Не болғанын өзім де аңғара алмай,
Кете бардым жөніме ойға батып.
Содан бері зымырап өтті үш жыл;
Гүлден гүлге құмартқан мен бір бұлбұл,
Сайрай-сайрай сайрандап кетіп едім,
Басым бұлбұл, аяғым болып дүлдүл...
Содан бері аралап бақшаларды
Сүйдім талай сыланған сұлуларды.
Сүйген сайын сұлуды, көз алдымда
Сенің бейнең елестеп тұра қалды. 
Сол баяғы сүзілген қара көзің,
Ойға шомған мүләйім алма жүзің,
Сәулеленіп алдымда тұра берді,
Жаныма жаз орнатып бал мінезің.
Ойға батып, елжіреп көз жұмулы,
Жая бердім әйтеуір құшағымды,
Не болғанын ұмытып, талай рет
Сен екен деп сүйіппін жат сұлуды...

106
Армандамын. Енді мен не тілермін?
«Жат болсаң да, бақытты болшы» дермін.
Сен қайғырсаң, - бұлт басып көңілімді,
Сен шат болсаң, - масайрап күлімдермін. 
Құшағына кіргенше қара жердің,
Жас шағымды арнадым, саған бердім,
Сен боларсың жарымның бастамасы...
(Аяғы жоқ)
 
* * * 
(Өлеңнің басы жоғалған)
Сүйдім сені, сандуғаш, қуға теңеп,
Гүл, жапырақ, қызғалдақ, нуға теңеп,
Сүйдім сені – айдыннан күн шығарда
Көтерілген жібектей буға теңеп.
Сүйдім сені ерекше жанға балап,
Сүйдім сені жүрекке, қанға балап,
Сүйдім сенің жүзіңді – май айында
Саз беріп атқан нұрлы таңға балап.
Сүйдім сенің көзіңді нұрға балап,
Сүйдім сенің сөзіңді жырға балап,
Сүйдім сенің оймақтай ерініңді – 
Балбыраған ал қызыл сырға балап.
Сүйдім сенің шашыңды қойған тарап,
Көзім тоймас күніне сансыз қарап,
Сүйдім сенің қиылған қастарыңды
Жаңа туған бір жаңа айға балап.
Сүйдім сенің кірпігің, қабағыңды,
Сүйдім сенің ақ торғын тамағыңды,
Сүйдім сенің уыздай елжіреген – 
Күн шалмаған мамықтай бұғағыңды.
Сүйдім сенің қос сүмбіл білегіңді,
Сүйдім сенің балқытқан жас лебіңді,
Сүйдім сенің құшқанда тал беліңнен
Соққан жиі лүпілдеп жүрегіңді.

107
Сүйдім сенің сыңқылдап күлгеніңді,
Сүйдім сенің былқылдап жүргеніңді,
Сүйдім сенің ерітіп тіке қарап,
Жүрек сырын айтқызбай білгеніңді.
Сүйдім сенің тұңғиық мінезіңді,
Сүйсіндірген жанымды, кей кезіңді,
Сүйдім сені, қапы жоқ сүйгенімде
Сүйдім артық жалғанда бір өзіңді.
Сүйгенім хақ, өзіме аян, саған жат
Маған құнды, саған құнсыз махаббат.
Қара түнде құшағында бердім серт,
Жалған десең куә болсын табиғат.
1935 ж. қараша, Орал.
 
ГҮЛІМ 
Жайқала бер, қызыл гүлім,
Сұлулардың көзін тартып.
Саған сеуіп мардан нұрын,
Тұр ғой алтын күн құмартып,
Сен өмірдің бақшасында,
Шашақ аттың жазғытұрым,
Жас бұлбұлың нақ қасында
Тамылжытқан жүрек жырын.
Жайқала бер, қызыл гүлім,
Ну жапырақ арасында,
Бұлбұлыңның тыңдап үнін
Дүние саған қарасын да...
Әне, сұлу аспанда тұр
Көк лентасы  – «кемпірқосақ»,
Себелейді жұпар жаңбыр
Жайқала бер, қызыл шашақ!
Ай сығалап асқан таудан
Хош иісіңе тұр ғой елтіп;
Сені арылтып шаң-тозаңнан,
Жібек желің өтті желпіп.

108
Жайқала бер, қызыл гүлім,
Бірақ саған көз тимесін,
Қызыл гүлді жазғытұрым
Сұқтанбасын, кім сүймесін!
Әне бір қыз ақша маңдай
Күн келбетті, қара көзді
Сұлулықтың символындай,
Жан саясы, бал мінезді.
Келе жатыр ән шырқатып
Желпіп қызыл орамалын...
Жайқала бер шашақ атып,
Тарт сұлудың көз жанарын.
Қыздар қандай гүлге құмар,
Жақындатсаң, қалдың дауға,
Обалсынбас үзіп алар,
Тағып алып омырауға.
Риза емеспін ондай қызға
Солар гүлім – кетер тастап,
Не махаббат базарында
Жауқазынға айырбастап.
Ғафу, қыздар тыңдаңыздар,
(Күнәм болса, кешіріңдер),
Гүлге құмар болсаңыздар.
Үзбеңдерші,
(Өсіріңдер!)
Жайқала бер, қызыл гүлім,
Төңіректің көзін тартып
Айналаңда қағып күлім,
Қыздар жүрсін ән шырқатып.
Бақшамыздың кілті берік,
Саған келмес сырттан дұшпан,
Солдыра алмас аяз соғып,
Қауіптенбе қатал қыстан.
Қабақ түйіп келсе де күз,
Сені гүлім, солдыра алмас,
Бір болармыз біз екеуміз,
Мәңгі, мәңгі болармыз жас.

109
Қызыл гүлім, беріп сәулет
Құлпыра бер миуа бақта.
Беремін мен етіп букет
Болашаққа жас ұрпаққа.
Жайқала бер, қызыл гүлім,
Жүгірейін жеміс теріп,
Қызыл гүлім, - жас ғұмырым,
Ақын жанға болған серік.
1937.
 
* * * 
Көптен бері өзімнен кетті ерік,
Құпия сыр бойымды жүр меңгеріп,
Бір арудың тартады магниті,
Мен бір бейне металмын жүрген еріп.
Күндіз көлбеп өтеді көлеңкедей,
Түнде ләззат ала алман түсте көріп;
Ұят деген бір қырсық болды бөгет,
Жүрегіме жүрегім болмай серік;
Енді қайтем, япырмай, болдым дел-сал,
Махаббаттан кетермін қайтіп жеріп;
Ол перизат баспас па құмарымды,
Ақ құшағын ұсынып қолын беріп.
Тәтті ұйқыда жатқанда, жайлап қана,
Таңғы алтын шолпандай төніп келіп?!
Алматы, ақпан, 1938
 

110
Ғ...ҒА
Қара түнді жамылып,
Қайда кеттің қайқаңдап.
Тыным таппай сарылып,
Шаршадың-ау бай таңдап.
Түнде жортып сенделмей,
Бай іздесең базар бар.
Екатерина келгендей,
Қатар тұрып... қарсы алар.
Бір күндікке біреуін
Табарсың да тастарсың,
Сүйте-сүйте «сұлуым»
Бұл дүниені ластарсың.
Қоймасаң бұл құлқыңды,
Алдыңа сенің бір келер.
Көрген адам сиқыңды
Анадайдан жиіркенер.
Мейлің, шырақ, сүй бүгін,
Ертең тағы айни бер,
Әркім айтар билігін:
«Атышулы Ғайни» дер.
Алматы, 1938
 

111
КОЛХОЗ ҚЫЗЫНА
Күн күлімдеп сеуіп нұр,
Құлпырады егінжай;
Егінжайда бір қыз жүр
Айдындағы аққудай.
Колхоз қызы – Қарашаш,
Шырқап шаттық ән салған,
Ормандағы сандуғаш
Ләззат алып тамсанған.
Шырқа, шырқа, аспандат
Көңіл күйі - әніңді!
Сен – магнит, мен – болат,
Тартасың жас жанымды.
Лепірген жас жүректен
Жыр берейін жаттап ал. 
Махаббатты тілекпен
Жаттап ал да, әнге сал.
1938

112
* * * 
Алыстан айтқан сөзім өтер ме екен,
Биіксіз, созсам қолым жетер ме екен,
Алам деп Айға ұмтылған жас баладай
Қиынға қолқа салу бекер ме екен?
Тәуекел, бір сынайын өзімді-өзім,
Тоғындай электрдің тисін сөзім,
Әкетті мені билеп әлдеқайда
Сұңқардай алып ұшқан жастық сезім.
Аспанда жарқыраған көп жұлдыз бар,
Мен соның біреуіне едім құмар,
Жақында сол жұлдызым жерге түсіп,
Таба алмай жүруші едім боп ынтызар.
Таба алмай көп шарлап ем жердің жүзін,
Көз болдым, Сіз екенсіз сол жұлдызым,
Кең жайып құшағымды шақырамын,
Жаныма жылжып қана кел, жұлдызым.
24 ақпан, 1939
 
* * * 
Алдында мен махаббат әулиенің
Ұлы жанды ұсынып, бас иемін,
Аңыз болып қалғандай жұрт аузында
Дәл бір жігіт жар сүйсе, мен сүйемін,
Дәл бір жігіт жар сүйсе, мен сүйемін,
Жалыны ғой махаббат жан-жүйенің,
Махаббатсыз қан салқын, дене жансыз,
Махаббатсыз сәні жоқ дүниенің.
Түсінбейді-ау, кей адам махаббатты,
Оған сірә махаббат – гүл сияқты,
Үзіп алды, ол тақты, бұл да тақты,
Гүлі солды, тастады, болды ұятты.

113
Жоқ! Махаббат – гүл емес, жанның күйі,
Табиғаттың адамға тартқан сыйы,
Кеуде бейне күй сандық, білсең ойна,
Оның да бар до, ре, ми... соль, ля, сиі.
Махаббат бар адамда, ақыл, ой бар,
Сергек ақыл жан сырын терең ойлар,
Ойсыз жанға кеудеңнен орын берсең,
Жүрегіңді алар де доп қып ойнар.
Ондайларға ежелден кеудем жабық,
Сырым жұмбақ, бір жанмын, таңғаларлық,
Жүрегімнің түбінде не жатқанын,
Кімді сүйсем, сол ғана білер анық.
Кімді сүйем! Айтпаймын. Өзім білем,
Ол түсінер мені осы өлеңімнен;
Ол бір бейне махаббат періштесі,
Қанатымен сипар деп сенемін мен. 
30 қараша, 1939.
 
ҚАРАШАШ
Институтта жүр оқып, 
Қазақ қызы – Қарашаш, 
Оқы, оқы, қарындас, 
Туған елге білім шаш.
Қарашашым қара көз 
Жарасасың өмірге, 
Кірпігің нұр, көзің күн, 
Тамашасың өзің де.
Апаларың алдыңда, 
Сіңлілерің соңыңда, 
Келеді өсіп Қарашаш
Алтын томдар қолында.
1948
 

114
ЖАЗ КӨҢІЛ
(Әнге арналған)
Жаз көңіл, жарқылдаған бұл бір шағым, 
Жаныма дарытпаймын дүние шаңын, 
Әніммен қарсы аламын әрбір күнді 
Жайғандай ерке нәзік жар құшағын.
Жаз көңіл, жігіт болдық той бастаған, 
Құрбыға зейіні бар ой тастаған,
Жас өмір жайлауында шіркін көңіл 
Бәйгіден күнде келіп ойқастаған.
Желпимін жанымды бір осындайда, 
Үңілер жүрегіме досым қайда, 
Кездесіп көңілімнің күнгейінде 
Әніме асыл құрбым қосылмай ма?!
1948
 
КҮН КӨТЕРГЕН ҚАРЫНДАС
Көрейін деп ертемен 
Колхоз күні шыққанын, 
Араладым жеке мен 
Қалың ауыл сырт жағын.
Нұрға бөлеп таң сұлу 
Күн келбетті сәбиін, 
Жатты жырлап қалың ну 
Таңның күйін - әлдиін.
Шықты сол кез алдымнан 
Күн көтерген қарындас, 
Таң шапағын жамылған 
Жаз бейнелі балғын жас.

115
Күн көтеріп келесің 
Толқып таңғы назыңмен, 
Мұны кімге бересің? –
Деп сұрадым әзілмен.
Күн көтерген балғын қыз 
Жауап қатты күлімдеп: 
Сыйлағаным, алыңыз, 
Көп қой менің күнім,- деп.
Күн емес деп кім айтар 
Сырдың сары қауынын!
Сүйсіндірер, жырлатар
Еңбек еткен ауылым.
1949-1950
 
 
АЙ АСТЫНДА АЛТЫН ТАУ
Ай астында алтын тау! 
Әлде нұрлы күмбез бе? 
Жоқ еді ғой, япырм-ау, 
Келгенімде бір кезде?! –
Дедім де тез бұрылдым 
Келе жатқан бетімнен; 
Астымдағы бурылдың 
Жарауы әбден жетілген.
Бір бел астым бұлдырап, 
Құлағыма шалынды ән,
Күміс дауыс сыңғырап,
Түнгі гармонь шалқыған.
Сол бір әнді, сол күйді 
Тыңдай бердім аялдап; 
Астымда атым шұлғиды
Толқи басып, аяңдап.

116
Гармонь үнін, қыз әнін 
Қайтып сірә бұзамын; 
Өзім де әнге қызамын, 
Ай астымен сызамын.
Алтын тауда ән салған 
Қызға жеттім, қол создым. 
Ай нұрына шалынған 
Астығы екен колхоздың.
1948-1950
ҚОЙШЫБАЙ ҚАРТТЫҢ 
АРМАНЫ
«Мінгенім дәйім менің көк есегім, 
Күндіз-түн көк есекпен кеңесемін
Жалыңнан бір ұстатсаң, шіркін жақсы ат, 
Өмірде арманым бар демес едім», -
Деген де деген екен Қойшыбай шал, 
Ат таппай, ағарғанша қара сақал... 
Сол кезде орнап совет үкіметі, 
Оған бір ат беріпті күдері жал. 
Қойшеке, осы атты бір алшы, - депті,
- Құйғытып құмарыңнан қаншы, - депті. 
Мал-мүлік байдікі емес, сендердікі, 
Жасаңдар, жарлы  менен жалшы!  – депті. 
Қойшекең мініп апты жүйрік атқа, 
Еркінше шауыпты бір шартарапқа. 
Балалар, енді менің арманым жоқ, 
Қырандай бір құлшындым өлер шақта, 
Ризамын, қарақтарым, мен сендерге, 
Өкінбен - депті, - енді енсем көрге. 
Қойшеке, айта керме өлім жайын, 
Келесіз тоқсандарға, сексендерге, -

117
Деп қоршап орыс, қазақ жан-жақтағы. 
Советтің өңшең сұңқар саңлақтары, 
Алдына келді алып Қойшы-екеңнің 
Аттан да жүйрік затты таңғалтқалы. 
Япыр-ай, болмадыңдар, балаларым, 
Көрмеген тұлпар екен бабаларым, -
Деп мініп машинаға Қойшыбай қарт, 
Байтақ ел кетті аралап далаларын. 
Қойшекең бұл сапардан қайтып келді, 
Ғажабын көрген-білген айтып келді; 
Қарттықтан ұялғандай болса-дағы 
Өлерін білмеді қарт қайтіп енді. 
Балалар! – деді тағы ойлап-ойлап, -
Дүниеде жүрдім біраз күліп-ойнап, 
Оллаһи, арманым жоқ тіпті менің, 
Көрейін ол дүние тойын тойлап. 
Қойшеке, қай жақта еді ол дүниең? 
– Балалар, қайда екенін қайдан білем, 
Әйтеуір естуімше аспан жақта, 
Отырған болар күтіп ұлы әулием. 
Қойшеке, олай болса, кеттік көкке, -
Деп оны отырғызды самолетке;
Төбесі көкке тиген бұл Қойшекең 
Қояды күлімсіреп оқта-текте. 
Аспанды аралатты, еркін самғап, 
Қойшекең бүл ғажапқа отыр таң қап. 
Астында қардай қалың тұтасқан бұлт, 
Япыр-ай қайда қонбақ, қайда бармақ?! 
Үстінде кәдімгі Күн күлімдеген, 
Айнала тұнық ауа дірілдеген, 
Қарасы «ол дүние» керінбейді, 
Еш жерде, ешбір белгі тігілмеген. 
Ыдырап сөгілді бұлт, көрінді жер: 
Жапқандай алуан кілем төгілтіп зер
Құлпырып көз алдында Қойшекеңнің 
Бойына ғажайып бір құйды жігер. 

118
Самолет келеді алып дәл осыған, 
Сорғалап сөгілген бұлт арасынан; 
Жаннатын жер мен көктің тапты ақыры 
Қойшекең өзі туған даласынан. 
Балалар, о балалар, балаларым! 
Жерді де, аспанды да араладым, 
Мың есе армансызбын, сонда-дағы 
Өлмеймін, қарттыққа енді қарамадым.
 
АБАЙ АРМАНЫ
«Адасып, алаңдама жол таба алмай, 
Берірек тузу жолға шық қамалмай, 
Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ, 
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» –
Деген сөзі ақынның қайнап іште, 
Келе жаттық жүйткітіп шаңқай түсте; 
Көсіліп арыстандай жатты Шыңғыс, 
Сенген соң бойындағы алып күшке.
Келе жаттық кең қорық Жидебайға, 
Қарауыл қалды артта әлдеқайда; 
Кернеген көкіректі көп сыр жатыр, 
Келеміз айтарлықтай соны Абайға... 
Айдынның аралындай бір дөңесте 
Тұр қыстау, талай сырды салып еске; 
Еркіндеп араладық әр бөлмесін, 
Абайдың еркелері біз емес пе!
Бейіт тұр кәдімгі ескі, төрт құлақты,
Япыр-ай, ақын бұған қалай жатты?! 
Тіл қатпас, тусі суық, сұп-сұр мола 
Сезе ме, қуанышты, махаббатты...
Қария жас көңілді, жүзі бір нарт, 
Әрі әнші, әрі күйші, өзі жомарт, 
Көп сырды көңілдегі берді шешіп, 
Абайдың немересі Исраил қарт.

119
– Жігіттер, келіпсіздер Абайды іздеп, 
Маған да ишаратпен «қалайсыз?» деп. 
Ризамын! Ойламаған екенсіңдер 
Абайдың ескі жұрты абайсыз деп.
Сөзімде, ескертерсіз, болса қатам; 
Ақынға мекен болмас зират пен там; 
Аралап туған елін кеткен еді 
Сенің де, менің-дағы Абай атам.
Атаңның аңсағаны сендер едің, 
Әрқайсыңды атаңа тең дер едім,
Ғылым, еңбек бар бақыт өздеріңде,
Осы емес пе, қарағым, ең керегің.
Жұттай қысып бір кезде қатал заман, 
Оны жырлап бергенді атаң саған
Үнін естіп бүгінгі бақыттының 
Атаң шыдап қабірде жата алмаған.
Деген сөзі зерделі қарияның 
Бір сілкінтті ақынның ер қиялын; 
Кеттік тағы аралап байтақ елді 
Арасымен алуан уақиғаның.
Колхоз бардық, әрбір үй, әрбір мектеп 
Ақын ата Абайын жүр құрметтеп: 
Қала келдік, шықты алдан тағы да Абай, 
Бекер ойлап жүріппіз «құр сурет» деп.
Қабырғадан қараса ойлы көзбен, 
Тірі адамдай емес пе бәрін сезген. 
Асқақ жыры ақынның жүр аралап,
Өзіміздей кәдімгі өр мінезбен.
«Республика тойына жаздым өлең» 
Деп барсам мен ұйымға – кімді көрем?! 
Нағыз төрде отыр ол маңғазданып, 
Сөйлесердей сенімен, меніменен.
Ақын ата, жетіпсің арманыңа, 
Осыны аңсап жүрегің талмады ма! 
Бізбен бірге келіпсің бүгінгіге, 
Бізбен бірге барарсың алдағыға.
1950

120

1   2   3   4   5   6   7   8


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал