Қанапия Ғабдуллина



жүктеу 2.8 Kb.

бет1/12
Дата12.01.2017
өлшемі2.8 Kb.
түріОқулық
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

 
 
 
Қанапия Ғабдуллина 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Құқық социологиясы 
 
 
 
 
Оқулық 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Алматы  
2006 

 
ББК 60.5+67.99 я7 
F 13 
 
Қазақ гуманитарлық заң университетінің Ғылыми кеңесінде 
бекітіліп, баспаға усынылды 
 
Пікір жазушылар: 
 
Бөлекбаев С. Б. – философия ғылымдарының докторы, Қазақ 
гуманитарлық заң университетінің əлеуметтік-гуманитарлық 
кафедрасының профессоры; 
Садырова М. С. – социология ғылымдарының докторы,  
əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 
социология кафедрасының профессоры. 
 
Ғабдуллина Қ. 
F 13   Құқық социологиясы. Оқулық. — Алматы, 2006.—208 
бет. 
 
ISBN 9965-620-14-8 
 
Социология  ғылымдарының  докторы,  профессор  Ғабдуллина 
Қанапияның  ұсынып  отырған  оқулық  жоғары  оқу  орындарында 
оқитын  студенттерге,  магистранттарға,  аспиранттраға  жəне 
оқытушыларға арналған. 
Қазақстан  Республикасында  қазақ  тілінде  жазылған  тұңғыш 
туындыда, автор құқық социолоиясының əлеуметтік-гуманитарлық 
ғылымдар  жүйесіндегі  алатын  өзіндік  орны  мен  рөлін  айқындап, 
қоғамдағы құқықтық қатынастардың əлеуметтік астарларын талдап 
түсіндіріп,  əлеуметтік – құқықтық  зерттеулердің  мəнін  ашып, 
оқушы қауымға жан – жақты жеткізе білген. 
  
 
                                                                           ББК 60.5+67.99 я7 

03
00(05)
0302030000

                                                                               
                   
                                                                       
© Ғабдуллина Қ., 2006.                              
  
ISBN 9965-620-14-8
                                       © Заң əдебиеті, 2006
                   

М А З М Ұ Н Ы 
Алғы сөз 
 
I – бөлiм
 
Социология ғылымы
 
І – тарау. 
 
СОЦИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ
 
1. Социология тарихы
 
2. Социологияның зерттеу нысаны мен пəні
 
ІІ-тарау. 
 
СОЦИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
 
1. Социология ғылымының құрылымына қатысты əр түрлі көзқарастар
 
2. Социология ғылымының қызметі
 
3. Əлеуметтік ғылымдар жүйесіндегі социологияның алатын орны
 
II - бөлiм
 
Шығыс елдерiндегi жəне Қазақстандағы əлеуметтiк – құқықтық ойлар
 
I – тарау
 
ЕРТЕ ТҮРКI ДƏУIРIНДЕГI ƏЛЕУМЕТТIК – ҚҰҚЫҚТЫҚ ОЙЛАР
 
1. Ерте түркi жазбаларындағы əлеуметтiк – құқықтық идеялар
 
2. Əл – Фараби жəне оның шығармаларындағы əлеуметтiк – құқықтық ойлар
 
3. Ж . Баласағұн, М. Қашқари жəне А. Иассауишығармаларының əлеуметтiк идеялық 
мазмұны
 
II – тарау
 
XIX – XX ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ƏЛЕУМЕТТIК – ҚҰҚЫҚТЫҚ ОЙЛАР
 
1. “Зар заман” мектебiнiң өкiлдерi қоғамдағы қайшылықтар мен əлеуметтiк мəселелер 
туралы
 
2. Абай Құнанбаевтың қоғам жəне замана туралы ой – пiкiрлерi
 
3. Шоқан Уалихановтың, Ыбырай Алтынсариннiң жəне Ахмет Байтұрсыновтың əлеуметттiк 
– құқықтық көзқарастары
 
III - бөлiм
 

Қоғам жəне əлеуметтiк жүйелер
 
I – тарау. 
 
ТАБИҒАТ ЖƏНЕ ҚОҒАМ
 
1. Табиғат пен қоғамның өзара əсері
 
2. Қоғам — əлеуметтік жүйе
 
3. Азаматтық қоғам: қалыптасуы мен даму проблемалары
 
II – тарау
 
ҚОҒАМ ЖƏНЕ АДАМ
 
1. Əлеуметтік жүйедегі тұлға
 
2. Тұлғаның əлеуметтенуі
 
3. Қоғамдағы тұлғаның əлеуметтік тəртібі
 
IV – бөлiм
 
Азаматтық құқық жəне социология
 
1. Азаматтық құқық жүйелерiнiң негiзгi элементтерi жəне олардың əлеуметтiк өмiрге əсерi
 
2. Азаматтардың əрекет қабiлеттiлiгi жəне əдет - ғұрып
 
3. Ар – намысты, қадiр – қасиеттi iскерлiк беделдi қорғау құқығының əлеуметтiк өмiрдегi 
алатын орны
 
V – бөлiм
 
Қылмыстық құқық жəне социология
 
1. Адамның жəне азаматтың əлеуметтiк құқықтары мен бас бостандықтарына қарсы 
қылмыстар
 
2. Қоғамдық тəртiпке қарсы қылмыскер жəне еркiндiк
 
VI – бөлiм
 
Қылмыстық – атқару құқығы жəне социология
 
1. Қылмыстық – атқару құқығының қағидалары жəне олардың əлеуметтiк өмiр дамуына 
əсерi
 
2. Сотталған адамдардың құқықтық жағдайлары жəне оларды тəрбиелеу жолдары
 
VII – бөлiм
 
Социологиялық зерттеулер: құрылымы, процесi, тəсiлдерi мен амалдары
 

I тарау. 
 
СОЦИОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДIҢ МЕТОДОЛОГИЯЛЫҚ НЕГIЗДЕРІ
 
1. Қолданбалы социологиялық зерттеулердің кезеңдері мен түрлері
 
2. Қолданбалы социологиялық зерттеу бағдарламасы
 
3. Социологиялық зерттеудегі сұрыптау тəсілі
 
II – тарау
 
СОЦИОЛОГИЯЛЫҚ АҚПАРАТ ЖИНАУ ƏДІСТЕРІ
 
1. Алғашқы социологиялық ақпарат жинау əдістері
 
2. Бақылау əдісі
 
3. Сынақ əдісі
 
4. Құжаттарды талдау əдісі
 
ҚОРЫТЫНДЫ
 
НЕГIЗГI ТЕРМИНДЕРДIҢ СӨЗДIГI
 
  

Алғы сөз
 
Оқырмандарға  ұсынылып  отырған  оқулық – адамдар  қауымдастығында  қалыптасқан  əлеуметтiк 
өмiрдi,  адамдар  арасындағы  əрқилы  қарым – қатынастық  қалыптарды,  мiнез – құлықтық,  əдет  –
ғұрыптық, өнегелiк, имандылық, жөн – жоралғылық тағылымдарды, жүрiс – тұрыс ережелерi мен 
құқықтық нормаларды көпшiлiктiң көңiлi мен еркiне лайық, олардың жеке бастық, экономикалық, 
саяси,  рухани  т.б.  мүдделерiне  сай  құқықтық  тұрғыдан  реттеуде  социологиялық  зерттеу
нəтижелерiне, əлеуметтiк өмiрдiң нақтылы деректерiне сүйену қажеттiлiгiн негiздейдi. 
Социологияның құқықтық саласындағы алатын орны оның белгiлi бiр қоғамда қалыптасқан құқық 
жүйесiнiң,  онда  қабылданған  конституциялық  жəне  құқықтық – нормативтiк  актiлердiң,  қоғам 
мүшелерiнiң,  заңды  тұлғалардың  азаматтық – құқықтық  қатынастарын,  əрекеттерi  мен 
қызметтерiн заңдық тұрғыдан реттеудiң əлеуметтiк мəнiн анықтауымен бағаланады. 
Социологиялық  зерттеулер  əлеуметтiк  саясатты  жүзеге  асыруда  құқықтық  жүйенiң  тиiмдiлiгiн 
арттыруға көмек бередi.  
Қазiргi  Қазақстан  Республикасындағы  қарқынды  қоғамдық  даму  жағдайында,  өмiр  жедел 
өзгерiстерге  ұшырап,  шұғыл  бетбұрыстар  жасалып  жатқан  кезде,  əлеуметтiк  құбылыстарға, 
процесстерге,  оқиғаларға,  саяси  қайраткерлердiң қызметтерiне  т.  б.,  мұқият  əрi  объективтi  түрде 
талдау жасау қажет болған шақта жалпы социологиялық теория ерекше методологиялық маңызға
ие болып отырғандығы бəрiмiзге мəлiм. 
Сонымен,  социология  ғылымы  қоғамды,  оның  қойнауындағы  сан  алуан  əлеуметтiк, 
экономикалық, құқықтық, саяси, дiни, рухани т. б. құбылыстар мен процесстердi қылымитұрғыдан 
түсiндiрiп, ұғындырудың жалпы теориялық методологиялық негiзi, темiр қазығы болып табылады.
Оқу  құралы 7 бөлiмнен  тұрады: 1. Социология  ғылымы; 2. Шығыс  елдерiндегi  жəне 
Қазақстандағы  əлеуметтiк – құқықтық  ойлар; 3. Қоғам  жəне  əлеуметтiк  жүйелер; 4. Азаматтық 
құқық жəне социология; 5. Қылмыстық құқық жəне социология; 6. Қылмыстық – атқару құқығы 
жəне социология; 7. Социологиялық зерттеулер: құрылымы, процесi, тəсiлдерi мен амалдары. 
Оқулықты  жазу  барысында  автор  қазақ  тiлiнде  жарияланған  “Мемлекет  жəне  құқық  негiздерi” 
оқулық, Алматы, 2001; А.Н. Ағыбаевтың “Қылмыстық құқық” ерекше бөлiмiн, Алматы, 2000; Н. 
Өсерұлының  “Ислам  жəне  қазақ  əдет – ғұрпы”,  Алматы, 1992; Ғ.  Төлеуғалиевтың  “Қазақстан 
Республикасының  Азаматтық  құқығы”  академиялық  курсын, 1 том,  Алматы, 2001; А.Қ. 
Мұхтаровының “Шетелдердiң мемлекет жəне құқық тарихы” лекциялар курсын, Алматы, 1999, А. 
Қасабеков  пен  Ж.  Алтаевтың  “Қазақ  философиясының  тарихына  кiрiспе”  Алматы, 1994; З.Ж. 
Кенжалиевтiң  “Қазақ  қоғамындағы  дəстүрлi  құқықтық  мəдениет” (теориялық  мəселелерi,  тарихи 
тағылымы), алматы, 1997; С.А. Ынтымақовтың “Азаматтық құқық” практикумын, Алматы, 2000; 
“Əлеуметтiк  философия”  хрестоматия,  Алматы, 1996; С.М.  Əпеновтың  “Қылмыстық – атқару 
құқығы”  оқу  құралын,  Алматы, 2001 т.  б.,  жəне  өзiнiң 1994 жылдан 2002 жылға  дейiнгi  жарық 
көрген социология пəнiне арнап жазылған оқулықтарын, оқу құралдарын, мақаларын пайдаланды. 
Бұл қазақ тiлiндегi осы салаға байланысты тұңғыш басылым болғандықтан, автор айтылған сын -
пiкiрлердi ризашылықпен қабылдайды. 
  

I – бөлiм
 
Социология ғылымы
 
І – тарау.
 
СОЦИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ
 
ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ
 
1. Социология тарихы
 
Социология  ғылымының  тарихын  шартты  түрде  үшке  бөліп  қарастыруға  болады: 1) Ежелгі 
дəуірдегі  социологиялық  көзқарастар; 2) Орта  ғасыр  жəне  жаңа  дəуір  социологиясы; 3) Қазіргі 
заманғы социология. 
Ежелгі дəуірдегі социологиялық көзқарастар грек философтары Платон (б.з.б 428/427 — 348/347) 
мен Аристотель (б.з.б. 384—322) есiмдерімен байланысты. Бұл ойшылдар əдет-ғұрыптарды, салт-
дəстүрлерді, адамдардың өзара карым-қатынастарын зерттеп, одарды қорытып, қоғамды одан əрі 
жетiлдіруге бағытталған практикалық ұсыныстары бар бағдарламалар түзді. 
Платонның  “Мемлекеті”  жалпы  социология  саласындағы  алғашқы  еңбек  болып  саналады.  Оның 
негізгі  тұжырымы  əлеуметтік  проблемаларды  сыни  талдаулардан  өткiзіп,  қоғамды  жетілдіруге 
бағытталған  саяси  ұсыныстар  жасаумен  аяқталатын  ғылымның  көмегімен  жетілген  мемлекетті
негіздеп құруға болады дегенге саяды.  
“Қоғам  басшысынан  бастап  бұзылады”  деп  білген  Платон  зиялылардан  адамгершілік  тазалықты
талап  етеді. “Қоғамды  билеудің  негізгі  құралы  билік  жасау  емес,  бедел”.  Платонның  ойынша, 
мемлекеттің  ойдағыдай  өмір  сүруін  қоғамның  негізгі  үш  құрамдас  бөлігінiң  (өндiрушiлер, 
əскерлер, билеушілер) үйлесімді ықпалдастығы қамтамасыз етеді. “Тек осындай мемлекетте ғана 
шын мəнінде бай адам, алтынға емес, қайырымдылық пен парасатқа бай адам билік жасайды. Егер 
кедейлер  мен  қолында  байлығы  жоқтар  өзіне  мол  үлес  алу  мақсатымен  қоғамдық  игіліктерге
ұмтылса, ол жақсылыққа апармайды. Билік үй-ішілік кикiлжің сияқты ереже құралына айналады; 
билікке  таласушылардың  арасындағы  өзара  қырқыс  олардың  өздерін  де,  өзгелерді  де  қажытып 
құртады”. 
Сөйтіп,  Платонның  əлеуметтік  тұжырымдамасында  бөлшек  пен  бүтiннің  өзара  қарым-катынасы 
күйінде  болатын  саяси  тұлғалардың  типі  мен  мемлекеттік  құрылымдардағы  əртүрлі  бөлшек  пен
бүтіннің  өзара  қарым-қатынасы  толығырақ  талданған.  Мемлекеттік  құрылысты  түсіндіру  кiлтін 
адамның  болмысынан,  ал  мемлекеттің  сипатын  саяси  қайраткерлердің  типтік  белгілерінен  іздеу
керек деп саналып келді. 
Мемлекеттегі қоғам мен қалыптасқан қайраткер идеялары Аристотель шығармаларында одан əрi 
дамытылады, “Біздің сенiміміз бойынша, — деп жазды ол, — кез келген тіршiлік иесінің бойынан 
қожайындық  сезім  мен  саяси  билікті  көруге  болады.  Жан  денеге  қожайындық  етеді,  ал  ақыл-ой 
мемлекет қызметшісі сияқты біздің талпыныстарымызға билік жасайды. Бұл жерде сенің жанның
қарамағында  болғаныңның,  ал  ашу  қысқан  кезде  дене  бөліктерінің  ақыл-ойға  бағынғанының 
табиғи да пайдалы екендігi көрінеді” /1/. 
Аристотельдің пікiрінше, мемлекеттің негізгі мақсаты қоғамда көптің бəріне ортақ игіліктер мен
əлеуметтік əділеттiкке жету болып табылады. Бұл орайда əдiлеттiкке белгілi бір заңдар мен билік 
құрылымдарына  негізделген  берік  мемлекеттік  ұйымдар  арқылы  ғана  жету  мүмкін  екендігi 
ескеріледі. Билікті заң шығарушылық, атқарушылық жəне сот жүйесіне бөлу əділеттілік орнатуға
септігін тигізедi. 
Оның  көзқарасы  бойынша,  мемлекеттік  құрылым  дегеніміздің  өзі  мемлекеттік  басқару  тəртібі. 
Мемлекеттік  басқарудың  өзі  жоғары  билікті  кімнің  жүргізіп  отырғанына  (бір  адамның,  бір  топ 

адамдардың немесе тұрғындардың көпшiлігінiң жүргізуіне) қарай белгілі бір түрлерге жіктелінiп, 
сипатталады. Мұндай сандық көрсеткіш биліктің сипатын анықтай бермейді, өйткені бір адамның 
немесе  бірнеше  адамның  билігі  жақсы  да,  жаман  да  бола  беруі  мүмкін.  Бəрі  де  биліктің  өзінің 
алдына  қандай  мақсат  (жалпыхалықтық  немесе  жеке  мүдделік)  қойғанына  байланысты.  Бұл 
орайда  ол  мемлекеттік  құрылымның  үш  жақсы,  үш  жаман  түрін  атап  өтеді.  Біріншісіне, 
Аристотель  жеке  жара  билікті  (немесе  заңды  монархия),  ақсүйектер  билігін  (қоғамның  ауқатты 
топтарының  жоғары  бөлігiнің  билігі)  жəне  политияны  (көпшліктің  парасатты  билігі),  екіншісіне 
тиранды  (бір  адамның  заңсыз  билiгі),  олигархияны  (қоғамның  ауқатты  топтарының  төмен 
бөлігінің билігі) жəне демократияны (халықтың билігі) жатқызады /2/. 
Кез  келген  мемлекеттің  адамдары  негізгі  үш  категорияға:  байларға,  орташаларға,  кедейлерге 
бөлінеді дейді ол. Аристотель адамдардың байлығына қарай жікке бөлінуі, олардың өз мүдделерін 
қорғап күресуі мемлекеттің іргесін шайқалтатын əлеуметтік қырқысуларға апарып соқтыратынын
атап көрсетті. Мемлекет, Аристотельдің айтуынша, адамдарға үстемдік етіп тұратын тұтастық. 
Орта ғасырларда Аврелий Августин (354 – 430 ) мен Фома Аквинскийдің (1225 – 1274 ) еңбектері 
ерекше  мəнге  ие  болды.  Августиннің  пікірінше,  адамзаттың  тарихы  бақилық  пен  пəнилік, 
руханилық  пен  материалдық,  жақсылық  пен  жамандық  сияқты  керағар  қасиеттердің  күресінен
тұрады. Августин құдайға сүйіспеншілік идеясын өз тұжырымдарының өзегі етіп алып, саясат пен 
қоғамдық прогреске түгелдей теологиялық тұрғыдан түсінік берген. 
Ал  Фома  Аквинский  болса,  адамды  саяси  тұлға  ретінде  қарастырады.  Ол  сол  замандағы 
мемлекеттік биліктің шіркеуге тікелей тəуелді екендігіне қарамастан, шіркеу ғана емес, мемлекет 
те  жаратқанның  туындысы  деп  дəлелдеді.  Əлемдік  өркениет  тарихындағы  қайта  өрлеу  кезеңінің
идеялық  өзегі — адам  құндылығын,  оның  бостандық  пен  бақытқа  ұмтылу  құқықтарын
мойындайтын көзқарастар жүйесі, яғни гуманизм болды. 
Гуманизмнің  алғашқы  өкілдерінiң  бірі — Италия  ойшылы  Данте  Алигьери (1265 – 1321 ). Ол 
өзінің  ғажайып  шығармасы  “Құдіретті  комедиясында”  жəне  “Халық  сөзі  туралы”  трактатында 
жаңа гуманистік көзқарастың негізін қалады. Данте Құдай мен жаратылысты бір – біріне қайшы 
келмейтін, керісінше, бір – бірін толықтырып тұратын тең құдiретті екі шындық деп уағыздады. 
Ежелгі  дəуір  мəдениетін  зерттеп,  ондағы  ізгілік  идеяларын  насихаттаушылардың  бірі
“гуманизмнің  атасы”  атанған  Франческо  Петрарка (1304 – 1374 ) еді. Осы  кезеңнен  бастап  адам 
мəселесі қоғамдық ойдағы негізгі мəселеге айналды: бұл жерде антропоцентризм теоцентризмнен 
арылу үшін қолданылады. Бағдарды өзгерту этикалық, эстетикалық жəне саяси түсініктерді қайта 
қарауға əкелді. 
Адам туралы жаңа көзқарас бірсыпыра əлеуметтік - саяси мəселелерді дұрыс шешуге ықпал етті. 
Мемлекет  туралы  жаңа  тұжырымдаманың  алғашқы  идеологтарының  бірі  Никколо  Макиавелли
(1469 – 1527 ) болды.  Ол  өзінің  “Тита  Ливияның  алғашқы  он  күндігі  туралы  ойлар”, “Елбасы”, 
“Флоренция  тарихы”  сияқты  трактаттарында  адамның  белсенділік  идеясын  дамытты.  Адамның 
саяси қызметіндегі еркін ерік – жігердің ерекше рөліне назар аударды. 
Жан Боден (1530 – 1596) өзінің “Мемлекет туралы алты кітап” (1576) атты трактатында мемлекет 
отбасы негізінде пайда болып, жеке меншiкті нығайтуға қызмет етеді деп жазды. 
Томас Мор (1478 – 1535) “Утопия аралығындағы мемлекеттік құрылыстың тамаша үлгісі туралы
шын  мəніндегі  асыл  əрі  пайдалы,  əрі  жұбаныш  кітапшасы” (1516) атты  шығармасында 
мемлекеттің  əлеуметтік – саяси  құрылымы  проблемалары  хақында  толғанды.  Оның  басты 
тақырыбы жеке меншік мəселесі болды. 
Томазо Кампанелла (1568 – 1639) “Күн қаласы” атты еңбегінде қоғамдық меншіктің қалыптасуы
мəселелерін өзінше шешті.

Материализмнің алғашқы өкілдерінің бірі Томас Гоббс (1588 – 1679) қоғам туралы натуралистік 
тұжырымдаманың  дамуына  өзіндік  үлесін  қосты. “Левиафан,  немесе  материя,  шіркеулік  жəне 
зайырлық мемлекеттің түрі мен билігі” (1651) атты еңбегінде ол адам мен мемлекеттің табиғаты
туралы өз көзқарасын баяндады. Оның ойынша, мемлекеттік билік қоғамды жаңа сапалық күйге
ауыстырады. Гоббстің пікірінше, мейлі ол демократиялық, не аристократиялық, не монархиялық 
болсын, жоғары мемлекеттік билік шексіз, тұтас, өзгермейтін болуы керек. 
Əлеуметтік саяси ілімдердің дамуындағы келесі қадамды Гоббстың отандасы Джон Локк (1632 –
1704)  жасады.  Ол  “Табиғат  заңдары  туралы  зерттеу” (1664), “Мемлекеттік  басқару  туралы  екі 
трактат” (1690) атты  еңбектерінде  буржуазия  мен  дворяндықтың  арасындағы  өзінше  бір
келісімпаздық  ретінде  ағылшын  либерализмі  идеясын  қолдады.  Парламенттік  типтегі 
конституциялық  монархияны  саяси  құрылымның  идеясы  санады.  Бұл  орайда  үкіметтің  басты 
мақсаты  адамдардың  табиғи  құқыларын,  яғни  еркіндік  құқы  мен  жеке  меншік  иелену  құқын
қорғау болып табылады. 
XVIII ғасырдың жартысындағы əлеуметтік – философиялық ой - пікірдің көрнекті өкілдерінiң бірі, 
“Заңдардың  рухы  туралы” (1747) деген  еңбегінде  адам  табиғаты  мен  əлеуметтік – саяси 
құбылыстарды жаңаша пайымдауды ұсынған Шарл Лук Монтескье (1689 – 1755 ) болды. 
Француз ойшылы Огюст Конт (1798 – 1857) “Позитивтік философия курсы” (1842) атты еңбегінде 
социология терминін алғаш рет ғылыми айналымға енгізді. 
Конт  социологияны  əлеуметтік  статика,  əлеуметтік  динамика  деп  үлкен  екі  тарауға  бөлді. 
Біріншісі  қоғамдық  жүйенің  өмір  сүру  шарттары  мен  заңдарын,  ал  екіншісі  қоғамдық  жүйенің 
даму жəне өзгеру заңдарын зерттейді. 
Əлеуметтік статика — қоғамдық тəртіп, ұйым, үйлесім теориясы. Конт қоғамды барлық бөліктері 
өзара тығыз байланысты, бір-бірімен берік бірлікте ғана тануға болатын органикалық тұтас дүние
ретінде қарастырады. Бұл тұжырымдама индивидтер теориясына, яғни қоғамды жеке адамдардың 
(индивидтердің)  келісім – шарттарының  жемісі  ретінде  түсіндірушілерге  қарсы  бағытталған. 
Қоғамның  құрылымын  айқындап,  үйлесімділік  пен  тəртіпті  қамтамасыз  етіп  отыратын
принциптерді  зерттеу  кезінде  Конт  осы  принциптерді  оларды  жүзеге  асыратын  əлеуметтік
саясатпен  тығыз  байланыстырады.  Ол  алдымен  негізгі  қоғамдық  институттарды  (отбасы, 
мемлекет,  дін)  олардың  əлеуметтік  қызметі,  əлеуметтік  ықпалдастықтығы  тұрғысынан 
қарастырады.  Конт  заңы  бойынша,  адамзат  қоғамы  дамудың  теологиялық,  метафизикалық  жəне 
позитивтік үш сатысын басынан өткереді. 
Ағылшын  позитивизмiнiң  негiзiн  қалаушылардың  бірі  Герберт  Спенсер (1820 – 1903) дамудың 
жаңа  идеясын — эволюциялық  даму  теориясын  жариялайды.  Ол  эволюцияның  жалпы  идеясын 
байланыссыздықтан  байланыстылыққа,  біртектіліктен  көптектілікке,  белгісіздіктен  белгілілікке 
өту деп түсіндіреді. 
Табиғаттағы тіршіліктің дамуы туралы көзқарастың бір түрі болған эволюция теориясы енді қоғам
дамуына қатысты қолданылды. Қоғамдық құрылысты ерекше организм ретінде қарау жəне оның
дамуын эволюция идеясы тұрғысынан сипаттауы Спенсерді социологиядағы организмшілдік пен
эволюцияшылдық бағыттарының негізін салушы деп санауға толық дəлел бола алады. 
Людвиг Гумплович (1838 – 1909) қоғам организмінің негізгі құрамдас бөлігі жеке адам емес, топ 
(нəсіл) деп білді. Топтар (нəсілдер) арасындағы бітіспес қайшылықтар қоғамдық дамудың негізін
құрайды.  Гумпловичтің  пікірінше,  социология  ғылымының  нысаны  əлеуметтік  топтар  мен
олардың өзара қарым – қатынастарын зерттеу болып табылады. 
Француз социологы, əлеуметтік психологияның негізін салушылардың бірі Габриэл Тард (1843 –
1904) қоғамды клеткалары индивидтердің миы болып табылатын үлкен миға теңейді. Ол ұжымдық 
сананы  жеке  саналар  факторы  емес,  дербес  функция  санады,  ал  психологияны  əлеуметтік 

құбылыстарды  түсіну  кілті  деп  есептеп,  біздің  “мен”  мен  басқалардың  “менінің”  арасындағы 
қарым – қатынастарды, олардың бір – біріне өзара əсерін зерттейтін əлеуметтік немесе ұжымдық
психологияның  (интерпсихология)  негізін  қалауға  əрекеттенді.  Тард  бұл  қатынастарды 
индивидтердің наным – сенімдерінің, ықылас – ниеттерінің, т. б. басқаларға берілуі, қабылдануы 
деп ұқты. 
Тард  қоғамдық  өмірді,  ондағы  процестерді,  негізінен,  еліктеу  түріндегі  жай  психикалық 
механизмдердің əсері деп түсіндіреді. Ол жай ғана қоғамдық факт деп басқа индивидтің əсерінен
туындаған индивидтің психологаялық қалпын  таныды. Бұл  қалыпты ол  “социрлогия”  деп  атаған 
интерменталды психология зерттейдi /3/. 
Француз  социология  мектебінің  негізін  қалаушы  Эмил  Дюркгейм (1858 – 1917) социологияны 
қоғам туралы басқа ғылым салаларынан ажыратып, жеке ғылым етіп негіздеуге, қоғамдық өмірдің 
барлық  құбылыстарын  тек  социология  тұрғысынан  түсіндіруге  ұмтылды.  Эмил  Дюркгейм 
“Социология”  атты  еңбегінде  фактілер  категориясы  өзіне  ғана  тəн  ерекшеліктерімен
айқындалатындығын, ал олардың индивидтен тысқары, күштеумен тағылатын ойлау, іс - əрекет, 
сезіну тəсілдерімен байланысты екендігін жазады. Сондықтан да оларды елестер мен əрекеттерден
тұратын  органикалық  құбылыстармен  де,  жеке  саналарда  не  солар  арқылы  өмір  сүретін
психикалық  құбылыстармен  де  шатастыруға  болмайды.  Демек,  бұл  жаңа  құбылысты  əлеуметтік 
деп атау керек. Бұл атау оған толық сай келеді, өйткені онын өзінің индивидтік субстраты болмаса
да,  ол  тұтас  саяси  қоғамдікiнен  немесе  діни  топтардан,  саяси  не  əдеби  мектептерден,  кəсіптік 
корпорациялардан  т.  б.  тұратын  жекелеген  топтардікінен  өзге  субстратты  иемдене  алмайды. 
Екінші  жағынан, “əлеуметтік”  сөзі  жоғарыда  аталған  фактілер  категориясына  кірмей,  тек 
құбылыстың  атауы  болғанда  ғана  қолданыла  алады.  Демек,  бұлар  социологияның  өзіндік 
ерекшелігін құрайды /4/. 
Макс  Вебердің (1864 – 1920) теориясындағы  өзекті  мəселе:  адамдардың  өзара  күрделі  қарым  –
катынастары жүйесінің салдары болып табылатын əлеуметтік əрекеттерді қоғамдағы индивидтер
мінез – құлқының  қарапайым  түрлерінен  бөліп  қарастыру  болды.  Оның  ілімі  бойынша,  қоғам 
əрқайсысы өздерінің мақсаттарына жету үшін əрекеттенуші индивидтердің жиынтығанан тұрады. 
Жекелеген  индивидтердің  іс - əрекеттері  бірігіп,  соның  негізінде  серіктестіктер  (топтар  немесе 
қоғам) пайда болды. 
“Вебер  ойларының  өзектілігі”,  ең  алдымен,  оның  нақтылы  зерттеулерінде,  жалпы  теориялық 
тұжырымдарында  көрініс  тапқан  жаңа  дəуірдің  сипатымен  тығыз  байланысты.  Əлеуметтік 
білімдердің  белгілі  бір  жаңа  типі  М.  Вебердің  еңбектерінде  айқын  көрінеді.  Ол XIX ғасырда 
социологиядан өзгеше, жаңа əлеуметтік ғылым типін жасау қажеттігін өз замандастарынан бұрын, 
қоғам  туралы  бұрынғы  түсініктер  мəдени – тарихи  сəйкессіздікке  ұшыраған  кезде  сезінді. 
Тарихшылардың  өздері  де  “хронологиялық  туризмнен”  шегініп,  жиырмасыншы  ғасырдың 
басталуын  бірінші  дүниежүзілік  соғыспен,  өткен  ғасырлар  тоғысында  еуропалық  сана – сезімде 
болған  терең  дағдарыстың  жиырмасыншы  ғасырда  кең  көлемде  орын  алған  астан – кестен 
оқиғардың қайнар көзіне айналуымен, мəдени – тарихи ізденістермен түсіндіреді. 
Бұл дағдарысты мəдениеттiң дағдарысы, гуманитарлық білімдер дағдарысы деп түсінген М. Вебер 
жаңа  ғасырда  өзінің  жаңашылдығын,  өзектілігін  танытқан  социология  ғылымының  негізін
қалаушылардың бірі болды. 
Батысқа  кетіп,  АҚШ-та  жұмыс  істеген  белгілі  социолог  Питирим  Сорокин (1889 – 1968) 
эмпириялық  социологияны  тар  тақырыптылығы,  əлеуметтік  мəселелерді  кеңінен  қамти 
алмайтындығы  үшін  сынады.  Ол  əлеуметтік  əрекеттілік  пен  əлеуметтік  стратификацияны
эмпириялық тұрғыдан зерттеп, оларды ауқымды əлеуметтік құрылымға апарып “тіледі”, қоғамдық 
құбылыстарды  оның  өмір  сүруімен  тығыз  байланыстыра  қарастырады.  П.Сорокин  əлеуметтік 
институттардың  (мектеп,  бюрократия,  əскер,  кəсіптік  ұйымдар,  шіркеу  т.  б.)  қоғамның 
икемділігiне қалай əсер ететіндігіне назар аударды.

П.Сорокин  қоғамдағы  өзгерістерді  түсіндіруге  көмектесетін  теориялық  тұжырымдамалардың
авторы ретінде де белгілі. Солардың бірі əлеуметтік мəдениет динамикасы тұжырымдамасы болса, 
екіншiсі — қоғамның интегралдық типі тұжырымдамасы. Біріншісі бойынша, ол тарихи процесті 
əрқайсысы  белгілі  бір  тұтастықка  ие  мəдениеттер  типінің  қозғалысы  деп  түсіндіруге  ұмтылады. 
П.Сорокин мəдениеттің үш түрін: сезімдік, рационалдық, идеалистік түрлерін атап көрсетеді. 
Біріншісінде  өмірді  тікелей  сезіммен  қабылдау,  екішісінде  ақылмен  пайымдау,  үшiншісінде 
түйсікпен  бағамдау  басым.  Мəдениеттің  осы  үш  түрлі  типі  үнемі  даму  жағдайында  болады  да, 
адамзат  қоғамы  дамуының  түрлі  кезеңдеріне  сай  келеді.  П.Сорокин  өзінің  əлеуметтік  мəдениет 
динамикасы 
тұжырымдамасы 
арқылы 
қоғамның 
əлеуметтік 
өзгерістері 
мен 
даму
диалектикасының қайнар көздері мен қозғаушы күштерін талдай түсіндіруге тырысты /5/. 
П.  Сорокиннің  пікірі  бойынша,  əлеуметтік  ғылымдар  тарихында  социологияға  қатысты  бір  –
біріне  қарама – қарсы  екі  түрлі  көзқарасты  байқауға  болады.  Біріншісі  ғылым  дамуының 
логикасынан туындайды, яғни ғылым даму барысында бірте – бірте жіктеліп, тар мамандықтарға 
бөліне түсетіндіктен де оның əр саласы шексіз күрделі əлеуметтік əлемнің əр қырын жеке – жеке 
зерттеуі керек. Өйткені олардың əр қайсысы жеке ғылым саласының пəні боларлықтай деңгейде. 
Əлеуметтік  əлемді  бірден  кең  ауқыммен  қамтуға  болады;  бірақ  мұндай  жағдайда  алдын  ала  ол 
туралы жалпы мағлұматтармен абстрактылы түрде болса да танысып алу керек. Бұдан социология 
ғылымы қоғамдық құбылыстар əлемін зерттейтін жекелеген ғылым салаларының жиынтығы деген
қорытынды  шығады. (О.  Конт,  Г.  Спенсер,  Э.  Дюркгейм,  т.б.)  П.Сорокин  бұған  қарама – қарсы 
екінші көзқарасты да келтіреді. Ол бойынша, социология басқа ғылым салалары қарастырмайтын
өзіндік зерттеу нысаны бар əлеуметтік ғылымның дербес бір саласы болып табылады. 
П. Сорокин бұл екі көзқарастың да мықты жəне əлсіз тұстарын сезіне білді, сондықтан олардың 
екеуінің  де  жақсы  тұстарының  барлығын  социологияның  шекарасын  айқындап,  пəнін  жаңаша 
біркелкі  түсіндіруге  қолданды.  Ол  бірінші  көзқарастан  жалпы  социологияның  қызметі  мен
динамикасы,  абстрактылық  заңдары  идеясын,  екінші  көзқарастан  “əлеуметтік  өзара 
ықпалдастықтар”  құбылысының  ұқсас  қасиеттерін,  əлеуметтік  ғылымдардың  дербес  саласы  —
социология идеясын алды /6/. 
Мiне,  біз  социология  ғылымының  қалыптасу  тарихына  қысқаша  шолу  жасап,  қазіргі  заманғы 
деңгейіне дейін келдік.  


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал