Алматы 2014 жиырмасыншы жылдар журналистикасы 1-том



жүктеу 7.6 Kb.

бет1/27
Дата09.06.2017
өлшемі7.6 Kb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27

Алматы
2014
ЖИЫРМАСЫНШЫ 
ЖЫЛДАР 
ЖУРНАЛИСТИКАСЫ
1-том
Намазалы ОМАШЕВ

УДК 070
ББК 73.01
О 58
ISBN 978-601-7472-64-1
УДК 070
ББК 73.01
© Омашев Н., 2014 
© «Қазақ энциклопедиясы», 2014
«Жиырмасыншы  жылдар  журналистикасы»  көптомдығының  бірінші  кі-
табы    «Еңбекшіл  қазақ» (1923-1924 жж.)  басылымында  жарық  көрген  өткір 
де  өзекті  публицистикалық  жарияланымдарды  қамтиды.  ҚазАКСР-ның  рес-
ми  органы  болғанына  қарамастан    басылым  беттерінде  үкіметтің  түрлі 
бұйрық-жарлық, қаулы-қарарларымен бірге ел өмірінің, жұрт тынысының ішкі 
иірімдерін аңдататын қоғамдық-саяси, мəдени-шаруашылық тақырыптардағы 
көсемсөздер жарық көрді. Бұл көсемсөздердің арасында пікірталасқа құрылған, 
ұлттық мүддені ұлықтаған жарияланымдар да аз емес. Ахмет Байтұрсынұлы, 
Мұхаметжан  Сералин,  Жүсіпбек  Аймауытов,  Елдес  Омарұлы,  Смағұл 
Сəдуақасұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Сəкен Сейфулин, Тұрар Рысқұлұлы т.б.  
авторлардың  толғақты  ой-тұжырымдары  басылымды  өзгеше  қырынан  таны-
тады.
Кітап соңында мақалаларға түсіндірме, авторлар көрсеткіші жəне сол кезде 
қолданыста болған атаулар мен олардың бүгінгі баламалары ұсынылып отыр. 
Еңбек  зерттеушілерге,  журналистер  мен  тіл-əдебиет  мамандарына,  сту-
денттерге, магистранттарға жəне  көпшілік қауымға арналған.  
ОМАШЕВ Н.
Жиырмасыншы  жылдар  журналистикасы.  –  Алматы: 
«Қазақ энциклопедиясы», 2014. 
Т. 1. – 320 бет.
ISBN 978-601-7472-65-8
О 58
Қазақстан Республикасы 
Мəдениет министрлігі 
«Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» 
бағдарламасы бойынша шығарылды
ISBN 978-60174-72-65-8 – (Т. 1)

3
ТАРТЫСТЫ ЖЫЛДАР БАСПАСӨЗІ
Журналистика мəселелерін зерттеу институты қазақ журналис-
тикасы тарихын кезең-кезеңімен бүгінгі күн тұрғысынан зерттеуге, 
бағалауға  ден  қойып  келеді.  Осыған  дейін  «Сарыарқа» (1917-
1919), «Абай» (1918), «Шолпан» (1922-1923), «Таң» (1925), «Сана» 
(1925), Алаштың ардақты ұлы Мұстафа Шоқайдың басшылығымен 
шетелде жарық көрген «Жас Түркістан» (1929-1939) журналының 
жарияланымдарын жарыққа шығарды. «Жабық тақырып» саналып 
талай  жылдан  бері  архив  қойнауында  жатқан,  бүгінгі  күні  де 
өзектілігін  жоймаған  аяулы  арыстарымыздың  құнды  көсемсөзі 
тəуелсіз  мемлекетте  өмір  сүріп  жатқан  ұрпағына  жол  тартты. 
Мұндағы  басты  мақсат – өткеннен  сабақ  алу,  тəуелсіздіктің 
қадіріне жетер, оның баяндылығы үшін күресер ұрпақ тəрбиелеу. 
Осыған  дейінгі  зерттеулер  жеке  тұлғалар  өміріне,  белгілі  бір 
кезеңдерге  ғана  қатысты  болса,  біз  қазақ  журналистикасын,  ба-
сылымдар  мен  қаламгерлер  шығармашылығын  біртұтас  қарас-
тыруды  жөн санадық. Заман талабымен баспасөз бетінде бір-бі-
рін  қаралаған,  жала  жапқан,  орынсыз  айыптаған  мақалаларды 
оқырман  назарына  толық  ұсына  отырып,  ақ-қарасын  ажырату 
ниетіміз бар. Бұл өткеннің қоламтасын қоздатып, сол кездегі сая-
сат кесірінен қия басқандарды жазғыру емес. Керісінше,  тарихи 
əділеттілік үшін əркімнің елі үшін сіңірген еңбегіне лайықты ба-
ғасын  беру.  Кейбір  зерттеушілер  қолдарына  түскен  материалдар 
арқылы  өз  объектісінің  төңірегінде  ғана  сөз  қозғайды.  Екі  адам-
ның  пікірталасында  өз  жағын  ғана  ақтап  шығуға  тырысады.  Ал, 
ақиқаттың əр кезде бел ортада жататыны белгілі. Мəселен, осыған 
дейін «Егемен Қазақстан» газетінің бастауы – «Ұшқын», «Еңбек 
туы», «Еңбекшіл қазақ» басылымдары «кеңестік баспасөз» деген 
жалпы  түсінікпен  зерттеушілер  назарынан  тыс  қалып  келді.  Біз 
Алаш  баспасөзімен  қатар  кеңестік  баспасөзді  де  зерделеу  арқылы 
онда  да  елі  мен  жері  үшін  аянбай  күрескен,  ұлттық  мəселелерді 
батыл  көтерген  қаламгерлер  жарияланымдарына  куə  болдық.  Төң-
керістен  кейінгі  алмағайып  заманда  қазақ  жерлерінің  солтүстік 
бөлігін  басып  қалуға  тырысқан  алып  империя  саясатын  сынап, 
сол тұрғыда жүйелі келіссөздер жүргізу арқылы ел аумағын сақтап 
қалған деректерге кез болдық. Бұл ұлтжанды азаматтарымыздың 

4
аз  уақыт  болса  да  кеңестік  билікке  араласуының  нəтижесінде 
мүмкін  болған  жетістік.  Қазақ  жерінде  кеңес  өкіметі  орнаған 
алғашқы  жылдары  идеология,  баспасөз  саласында  Алаш  қай-
раткерлерін  жұмылдырмасқа  амал  жоқ  еді.  Біріншіден,  олардан 
өзге оқыған, көзі ашық азаматтар жоқ. Екіншіден, патша өкіметі 
кезінен  ел  тəуелсіздігі  жолында  жүйелі  күрес  жүргізіп  келе 
жатқандардың  халық  арасындағы  беделі  зор,  ұлт  көсемдері  ре-
тінде қабылданатын.  Ал, Алаш қайраткерлерінің мұраты – кеңес 
өкіметінің зор мүмкіндігін пайдалана отырып, халыққа қызметін 
жалғастыру  еді.  Сол  кезең  жарияланымдары «1920-жылдардағы 
кеңестік журналистика» атты томдыққа енгізілді.
Батыр  бабаларымыз  елін,  жерін  білектің  күші,  найзаның  ұшы-
мен  қорғаса,  өткен  ғасыр  басында  қазақтың  оқыған  азаматтары 
өршіл  рухымен,  қалам  қайратымен  ел  іргесінің  бүтін  болуына 
барларын салды. Бұл жерде біз сол кездегі ат төбеліндей ғана қа-
зақ  оқығандарын  алаштық,  я  кеңестік  деп  екіге  жарып,  араларына 
сына қағудан аулақпыз. Қазақ тілінің болашағы үшін күрескен, 
қазақтың  «қырғыз»  атауын  өзгертуге  тікелей  атсалысқан  Сəкенді 
кім ұлтын сүймеді деп айыптай алар? Немесе жеке басын бəйгеге 
тіге  отырып  Түркістандағы  аш-жалаңаштардың  мұңын  мұңдап, 
жоғын  жоқтаған,  өз  елінің  дамуына  өлшеусіз  үлес  қосқан  Тұрар 
Рысқұловтың  өршіл  рухын  кім  жоққа  шығарар?  Əрине,  заман 
талабы  осы  екен  деп  жел  ығына  қарай  оңай  жығыла  салатын 
«шолақ  белсенділер»  туралы  əңгіме  басқа.  Түптеп  келгенде,  ке-
ңес өкіметінің көздегені – қазақ оқығандарын бір-біріне айдап 
салу  арқылы  өз  арасында  жікшілдік  туғызып,  қаралатып,  қайсы 
жеңгендерінің түбіне өздері жету болатын. Бұл саясаттары айна-
қатесіз  орындалды.  Əйтпесе, «ұлтшылдар», «алашордашылар», 
«контрреволюционерлер» деген айыппен атылған ардақтылармен 
бірге  басынан  бақайшағына  дейін  «коммунистерді»  де  жер  жас-
тандыруының  себебі  не  еді?  Ұстанған  бағыты  емес,  аз  да  болса 
оқығандығы.  Өзгелерді  артынан  ертіп,  көзін  ашпасын  деген  қаупі 
болатын. 
«Жиырмасыншы  жылдар  журналистикасы»  атты  көптомдық-
тың  бірінші  томына 1923-1924 жылдардағы  «Еңбекшіл  қазақ» 
газетінің  жарияланымдары  енгізіліп  отыр.  Бұл  кезең,  салыстыр-
малы түрде алғанда, «дауыл алдындағы тыныштық» кезеңі деуге 
болар.  Себебі  бұл  қанқұйлы,  қатігез  Голощекиннің  билікке  ке-
ле  қоймаған  тұсы.  Қазақ  оқығандарының  талабымен  «қырғыз» 

5
дегеннің  орнына  тарихи  атауы  қайтарылып, «Қазақ  АССР»-і 
атала  бастаған  кез.  Мемлекеттік  деңгейде  қазақ  тілін  дамыту, 
іс  қағаздарын  қазақ  тілінде  жүргізуге  қатысты  бірнеше  қаулы-
лардың  қабылданған  уақыты.  Сонымен  қоса  қазақ  оқығандары-
ның бастамасымен Қазақ АССР Еңбек Халық Комиссириатының 
1924  жылғы 21 шілдеде  «Қазақ  тілінде  іс  жүргізуді  енгізуге 
байланысты қызметкерлерді жұмыстан босату жəне оларды қазақ 
тілінде сөйлеп, жаза алатын қызметкерлермен алмастырудың тəр-
тібі  жөніндегі»  қаулысы  қабылданған.  Қаулыны  қабылдатып  қа-
на  қоймай, «Еңбекшіл  қазақ»  газеті  оның  орындалу  барысын  əр 
санында нақты мысалдар арқылы қадағалап, сын тезіне салып 
отырды.  Əрине,  бұл 1925 жылдардың  күзіне  дейін  жалғасқан. 
Билікке  Голощекиннің  келуімен  «ұлтшылдық»  деген  айыптауға 
ұрынбас  үшін,  керісінше,  бұл  туралы  жақ  ашқандардың  артына 
шам  алып  түсу  науқаны  басталып  кетеді.  Сондықтан  бұл  кезең-
ді  ұлттық  рухтың  соңғы  жалқыны  деуге  келер.  Оның  тағы  бір 
дəлелі – кеңес өкіметіне де адал қызмет еткен Алаш ардақтыларын 
1929-жылдары  абақтыға  жабуға  негіз  болған  дəл  осы 1920-жыл-
дар басындағы ұлт жолындағы қызметтері болатын.
1923-1924  жылдары  баспасөзде  көтерілген  басты  мəселелер – 
оқу-білім  жайы,  мемлекеттік  кеңселерде  қазақ  тілінің  қолданы-
сын  арттыру,  баспасөзді  күшейту,  əліпби  ауыстырып,  латыншаға 
көшу,  жаңа  экономикалық  саясат,  ел  шаруасын  түзеу,  т.б.  болды. 
Сонымен  қатар  Түркістан  республикасындағы  қазақ  жерлерін 
Қазақстанға  қосып  алу  мəселесі  күн  тəртібінде  тұрды.  Билік  ба-
сындағылар  сол  кездері  қазақ  көп  қоныстанған  Ташкент  қаласын 
астана  жасауды  ұсынды.  Оның  себептерін  түсіндіріп,  дəлелдеуде 
көп  жұмыстар  жүргізіп,  халық  саны  жөнінен  нақты  статистикалық 
деректерге  жүгінді.  Соның  арқасында  Қазақстанның  оңтүстік 
облыстары  Қазақстанға  қосылып,  территориялық  аумағы  мен 
халқының  саны  бірнеше  есе  ұлғайды.  Бірақ,  ежелден  қазақтың 
атақонысы саналған Ташкент қаласын астана ете алмады. 
Алаш  ардақтыларының  үні  бұрынғыдай  жарқын  болмаса  да, 
ұстанымдары  сол  қалпы  батыл  əрі  табанды  қалпында  еді.  Осыған 
дейін мемлекет құру ісіндегі тəжірибелері бар олар қай істе болса 
да  ар  жақ,  бер  жағын  терең  салмақтаған  негізді,  дəлелді,  құлақ-
қа  қонымды  пікір  айтуымен  ерекшеленді.  Кейбіреулер  сынды 
коммунизмнің  тəтті  елесіне  елітіп,  өткеннің  бəрін  мансұқтай-
тын  əпербақандыққа  бармады.  Кеңестік  мемлекетті  құру  ісінде 

6
жүргендердің  көбісі  бірінші  кезекте  солардың  пікірімен  санасып 
отыратын. Бірақ реті келген жерде «ұлтшылдықтарын» тілге тиек 
етіп, «күндерің  өтті»  деген  кейіппен  астамси  сөйлейтін  əдеттері  
өршу үстінде еді. 
Жоғарыда  айтылған  қазақ  тіліне  қатысты  бірнеше  қаулы  қа-
былдаттырудың  себебі  не  дегенге  келер  болсақ, «Еңбекшіл  қа-
зақтың» 1925 жылғы  № 221 санында  төмендегідей  дерек  келті-
рілген: «Қазақстанда 2,632 бірінші,  екінші  басқыш  һəм  коммуна 
мектептері бар. Осы мектептерде оқушы балалардың жалпы есе-
бі 197, 670. Жоғарыда көрсетілген мектептің 618-і қазақтікі, оқу-
шының саны – 29,227» [1]. Осы көрсеткіштен-ақ отарлау саясаты-
ның  неден  басталғанын  көруге  болады.  Қазақ  мектебінің  саны 
орыстікінен 4,5 есе аз, онда оқитын бала саны 7 есеге кем. Əрине, 
дабыл  қағатын  жағдай. «Еңбекшіл  қазақ»  газетінің 1924 жылғы 
№172  санында  жарық  көрген  Тоқылдақ  деген  автор  «Қазақ  тілін 
жүргізуде  елден  келген  мағлұмат»  атты  Қарқаралы  кеңселеріндегі 
қазақ  тілінің  жай-күйі  туралы  мақаласында  мынадай  деректі 
алға тартады: «Ал, енді осы əңгіме қайта қозғалып, қазақ тілімен 
жүруге айналған істі қайта қоңырсытып  отырған мынадай оқиға 
болып  отыр. 22-ші  январьда  аукомның  жауапты  хатшысы  Чувилин 
жолдас  оқу  бөлімі  бастығы  Салих  жолдас  Қасымовты  шақырып 
алып,  сөгіп: «Сен,  алашординец,  қалайша  орыстарды  шығарып, 
Орынбек  Бековты  хатшылыққа  алып,  қазақша  жүргізесің?  Əзір 
қазақ тілі ерте, қазақ жетілген жоқ» дегенді айтып, қазақ тілімен 
жүріп  отырған  істі  тоқтатып,  қайтадан  орысша  жүргізетін  болды. 
Содан  қорқып,  Қасымов 24-ші  январда  қазақша  жазып  отырған 
Орынбекті  һəм  Əуезхан  Жолымбетовты  шығарып  тастап,  оның 
орнына хатшылыққа Афанасьев деген жолдасты алды. Һəм орыс-
ша жүргізе бастады. 
Бұл  қалай?  Мəскеу,  Орынбор  не  айтып  жүр,  біздер  не  оқып, 
не  естіп  жүрміз?  Біздің  аукомның  бастығы  не  ойлап  отыр?» [2]. 
«Бөкейлікте  қазақ  тілін  жүргізу  жайында»  атты  мақаланың  да 
негізгі өзегі – қазақ тілінің қолданыс аясы. «Енді гүбірнедегі бас-
қа мекемелерге қарасақ, олар да жоғарыдағы  айтқанымыз секілді 
таз  кебінде.  Оларға  барған  қазақ  кедейі  сыртынан  қазақ  кеңсесі 
деп естіп барса да,  қазақ тілімен мұңын шаға алмай, «аты өзгерсе 
де, заты өзгерген жоқ екен ғой» деп түңіліп, орысша жазушы із-
деп жүргенін көресің.

7
Басқа  мекемелер  өздері  қазақша  іс  жүргізуге  жігер  ету  түгіл, 
қазақша  іс  жүргізіп  отырған  ана  мекемелердің  істеріне  кедергі 
жасап,  кейде  қазақша  жазған  қағаздарын  қабыл  алмай,  қайырып 
жібергендер  де  көрінеді.  Іштерінде  бірен-саран  қазақша  ынталы 
жолдастар  болса,  қырық  кісі  бір  жақ,  қыңыр  кісі  бір  жақ  болып 
отырғандары да жоқ емес» [3].  
«Еңбекшіл  қазақ»  газетінің  жер-жердегі  қазақ  тілі  мəселесінің 
жай-күйі  туралы  əр  санында  үзбей  жазуында  үлкен  мəн  бар.  Бұл 
газеттің сол жылдардағы бас редакторы, ұлтжанды азамат Сəкен 
Сейфуллиннің  бастамасымен,  күш-жігерімен  қолға  алынған  зор 
іс. «Еңбекшіл  қазақтың»  №180  санында  Сəкеннің  қазақ  тілін 
мекемелерде  жүргізу  туралы  ашық  хаты  жарияланған.  Онда: 
«Қазақ тілін жүргізу керек» деп құр бұйрық жазып қана қоюмен 
іс  бітпейді.  Бұл  істі  жүргізу  жолында  көп  бөгет  бар» [4] дей  келіп, 
сол кедергілерді санамалап береді. Іс қағаздарының қазақ тілінде 
жүрмей  жатуына  ақша  немесе  маман  тапшылығын  көлденең 
тартатындарды  сынай  отырып,  олардың  уəждерінің  бəрі  сылтау 
ғана  дегенді  айтады.  Кейін  бұл  істің  арты  сиырқұймышақтанып, 
кеңселерге  қазақ  мамандарын  тартып,  іс  қағаздарын  қазақша 
жүргізудің  орнына  бір-екі  тілмаш  алумен  шектелген  кездер  де 
орын алыпты. Ол мəселе де газет бетінде сынға алынған.  
Бірақ  бұл  кеңес  өкіметі  орнаған  алғашқы  жылдарға  ғана  тəн 
құбылыс  еді.  Кейін  мұндай  келеңсіздікке  жұрттың  «еті  өліп» 
кеткені  сонша,  қалыпты  жағдай  ретінде  қабылданатын. 70 жыл-
дың ішінде үш ұрпақ: ата-бала-немере бірі-бірімен тек орыс тілін-
де  қарым-қатынас  жасайтын  күйге  жеттік.  Қазақ  мектебі  деген 
ауылды жерлерде ғана болмаса, қалада, өркениет орталықтарын-
да атымен жоғалды. Тіл мəселесінің жүз жылдан кейін де өзекті 
болып отырғаны осыдан. Тілмен бірге ұлттың рухы да жоғалды. 
Өткені  белгісіз,  əркімге  бір  жалтақ,  көзсіз  еліктегіш  ұрпақ  қа-
лыптасты.  Ғасыр  басындағы  Алаш  ардақтыларының  қаупі  айна-
қатесіз  орындалды.  Тəуелсіздік  заманында  мемлекет  тарапынан 
осы  жоқтың  орнын  толтыруға  қаншама  əрекет  жасалғанымен, 
ұзақ уақытқа ұлттық тамырдан ажырап қалғанымыздың кесірі аз 
уақытта жоғалар емес. Үмітіміз – тəуелсіз саналы жас ұрпақта.    
Бұл – қазақ тілінің қолданыс аясына қатысты мəселе. Ал, оқу 
барысы  қандай  күйде  еді  дегенге  төмендегі  мақалалар  арқылы 
жауап  табамыз. «Еңбекшіл  қазақ»  газетінің 1923 жылғы  №149 

8
санында  жарық  көрген  Баймұраттың  ұлы  деген  автордың  «Шал-
қар үйезінде оқу жайы» деген баяндама хатында қазақ мектебінің 
мүшкіл  халі  сөз  болады: «Қолыма  оқу  жұмысын  басқадан  бұ-
рын  алып  тексеріп  қарасам,  оқу  өте  нашар  деуге  болады  екен. 
Оқу  мектептерінің  оқытушылары  һəм  бастықтары  орыс  екен. 
Қырдан  келген  кедейдің  жас  балалары  орыстың  тіліне  түсінбей, 
əуреленіп  жүрген  көрінеді.  Қазақша  оқу  атымен  жоқ.  Қаладағы 
оқудың  түрін  көріп,  елдің  мектебін  аралауға  шықтым.  Елдің 
мұғалімдері  ноғай  екен.  Қазақтың  балаларына  ноғайдың  орыстан 
артықшылығы  көрінбейді.  Балалар  ноғайға  да  түсінбейді  екен. 
Бірлі-жарымды  қазақ  мұғалімдері  бар.  Мектептерге  барып  едім, 
оқытушылар  баланы  үйретпек  түгіл,  өздері  түк  білмейтін  тəжі-
рибесіздер.  Өзі  нашар  мұғалімге  оқу  құралдары  жоқ  көрінеді. 
Балалар  да  жалаңаш» [5]. «Еңбекшіл  қазақтың»  № 221 санында 
жарияланған  «Ақмола  үйезінде  оқу  жұмысы»  атты  мақаланың 
да  негізгі  өзегі – оқу  жайы: «1923-жылдың  күзінде,  Ақмола 
үйезінде  қазақ  арасында 32 мектеп  ашылды.  Қалада 4 мектеп 
ашылды.  Орыс  мектебі  қаладағы,  даладағысын  қосқанда,  бар-
лығы 83 мектеп болды. 1923-жыл, 20-июньде болған халық ағар-
ту қызметкерлерінің жиылысының: «Орысқа қарағанда қазақ ара-
сында  мектеп  көп  ашылсын»  деген  қаулысы  болған  еді.  Əрине, 
бұл  орыс  тұрсын,  қазақ  жүрсін  дегендік  емес,  қазақ  халқының 
жалпы сауатсыздығын еске алғандық болатын. Ақмола үйезі сы-
қылды  қазағы  көп  жерлерде,  болыс  басы  бір  мектептен  болмауы 
жоғарғы  қаулының  қағаз  жүзінде  ғана  қалғанын  көрсетеді.  Ал  енді 
сол  ашылған  мектептер  жайында  сөйлегенде  де  ауыз  толтырып 
айта  қалғандай  ешнəрсе  жоқ.  Кемшіліктері  өте  көп.  Мысалы,  оқу 
құралдарының  кемдігі,  жетіссіздігі;  мектепке  арналып  салынған 
лайықты  үйлердің  жоқтығы;  мұғалімдердің  білімдері  шамалы, 
дүмшелілігі;  болыс,  ауылнайлардың  оқу  жұмысына  қарастарының 
нашарлығы,  салқындығы;  мұғалімдерді  жетектеп,  жол  көрсетіп, 
жөн  істеп  отырған  күшті  (білімді)  нұсқаушылардың  болмауы, 
болғандарының лайықты еместігі. Мысалға, біздегі М. Келметұлын 
алуға  болады.  Өзі  татар,  қазақша-орысша  білмейді.  Бұл  байқұстың 
мұғалімдерге нұсқау беру түгіл, өзінің түк нəрседен хабары жоқ. 
Солай  болған  соң  оған  өкпе  де  болуға  тиіс  емес.  Өкпені  ағарту 
бөлімінің  қызметкерлеріне  артуға  болады.  Олардың  бір  лайықты 
кісі  тауып  қоюлары  керек  қой!» [6]. Бұл  Ақмола  үйезіне  ғана 
емес,  бүкіл  қазақ  жеріндегі  оқу  ісіне  тəн  кемшілік  болатын.  Оқу 

9
мəселесі  дегеніміз – сол  кез  үшін  басқа  ұлттармен  тереземізді 
теңелтетін  бір  ғана  айқын  жол.  Осыны  жақсы  ұғынған  қалам 
қайраткерлері  білім  мəселесін  газеттің  əр  санын  құрғатпай  жазып, 
жауапты  орындарға  жеткізіп  отырды.  Бірақ  оны  дəл  сол  кезде 
түпкілікті  шешудің  мүмкіндігі  жоқ  еді.  Себебі,  қазақ  тілінде  сабақ 
беретін  мұғалім  мен  оқулық  мəселесі  бір  күннің  шаруасы  емес 
екендігі  белгілі.  Оқулық  жазбас  бұрын,  қандай  əліпбиді  қолдану 
тиімдірек  деген  мəселе  баспасөзде  қызу  талқыға  салынып  жатқан. 
Біреулер Ахмет Байтұрсыновтың салып берген ізі – төте жазудан 
айнымайық  десе,  жаңашылдар  оның  қаржылық,  баспаханалық 
тұрғыдан  тиімсіздігін  алдыға  тартып,  латыншаға  көшу  қажеттігін 
айтты.  Төте  жазудың  қолданыстағы  қиындығы,  нақты  бір  ізге 
түспегендігі,  дыбыс  пен  əріп  санының  үйлесімсіздігі  көптеген 
даулы  мақалалар  мен  тартысты  пікірлерге  негіз  болды.  Бұл  ту-
ралы арнайы тоқталамыз.  
«Еңбекшіл  қазақ»  газетінде  қазақты  ұлт  ретінде  кемсітуге  жол 
беріліп жатқан жағдайлар батыл сыналып отырды. Отарлықтың 
қамытын  мықтап  киген,  отырықшы  жаңа  тұрмысқа,  саясатқа 
бойы үйренбеген, хат танымайтын, жат тілді меңгермеген,  ашар-
шылықтан  титықтаған  қарапайым  қазақтың  өз  құқын  қорғайтын 
қайбір  халі  болсын?! «Апатқа  ұшыраған  ел»  атты  мақалада 
осындай  жай  туралы  баяндалады: «Оралдан  қашқан  казак-орыс, 
оны  қуған  қызыл  əскер  осы  ауылдардың  үстінен  жүріп,  көп  залал 
тигізген еді. Оның соңында 21-ші жылғы аштық тағы орнап, көп 
үйлерді  орнымен  жоқ  етіп,  қалғанын  əлсіретіп  кеткен.  Жұттан 
тірі  қалған  үйлер 22-ші  жылы  қазынаның  берген  азын-аулақ  тұ-
қымын шашып, егін егіп, көздерін ашқан. Көздерін ашып, жұттан 
құтылдық  деп  демалып  отырғанда, «жарлының  аузы  аққа  тисе, 
мұрны қанайды» деген, бір күні қазынаның салық жинаушылары 
келіп, манағы азын-аулақ алған астығынан алып кеткен. Бір емес, 
екі емес ала қыстай алумен болған. Аз нəрсе көп алуға шыдамай, 
бір  күні  қаптың  түбі  көрініп  қалған.  Алушы  неше  бетсіз  болса 
да көзі көрген соң екінші қайтып келмеген. Қыс өтіп, жаз жетіп, 
кəсіп  етер  уақыт  болған.  Жұмыс  қылатын  көлік  жоқ.  Барлары 
сауатын  сиырын  салып,  жоғы  шоттап  болса  да  егін  салған. «Ер 
бір  сүрінсе,  қырық  сүрінеді»  деген  мақал,  жерде  жауын  болмай, 
салатын  егіндері  кеміс  болып  тұрғанда  далалықтан  жалпақ  өрт 
шығып,  шапқан  пішен,  азын-аулақ  шыққан  егін,  баршасы  өртке 

10
кеткен.  Ажалы  соған  байлаулы  болған  кедей  одан  айырылған  соң, 
құлағына су кеткен малша төмен бұғып отырған жайы бар» [7]. 
Бұл  кедей  шаруалар  өмірінің  айна-қатесіз  көрінісі.  Енді  қа-
ладағы  қазақ  жұмысшыларының  да  халі  оңып  тұрмағаны  мына 
мақалада  баяндалған  жайдан  көрінеді: «Осы  мыңнан  артық  жұ-
мыскерден  анық  жүз  кісі  ұлан  жазға  жоғарыдағы  зауыттарға 
кіріп, жұмыс істей алған жоқ.  Кіріп жұмыс істей алмайтын себе-
бі  мынау:  мəселен,  пароходқа  от  жағып,  жүк  салуға,  мал  сойып, 
ет  тұздауға  жүз  кісі  керек  болса,  жүз  орыс,  жүз  қазақ  барса, 50 
орыс, 50 қазақ  қылып  араластырып  алмайды.  Жүзін  де  орыстан 
алады. Бағзы қайсы уақытта кейбір зауытқа 50 кісі керек болып, 
50  орыс  таба  алмай,  əлдеқалай  он-он  бес  қазақ  кіріп  кетсе, 2-3 
күннен соң жұмыс іздеп, бір орыстың баласы келсе, қазақты айдап 
шығып,  орысты  алады.  Жəне  бір  зауытта 100 кісі  жұмыс  істеп 
жатса, 75 орыс, 25 қазақ болса қызметкер санын азайтып, 20 кісі 
шығарса, 10 қазақ, 10 орыс  шығады.  Кісінің  санына  қарамайды. 
Басындағы  местком,  завком  бірдеңе  комның  бəрі  орыс,  сонан  соң 
қазақтың  қақтығып,  жұмыссыз  қалатыны  осы.  Біразырағы  зауыт-
қа  кіріп  жұмыс  істей  алмаған  соң,  тамақ  асырау  үшін  үшеу-
төртеуі  бірігіп,  өз  беттерімен  қыл-қыбыр,  жүн-жұрқа  сатып,  бір 
шолағы  бары  отын  тасып,  басында  баспанасы  бар  қайсыбіреулері 
үйінің  бір  жағына 6-7-ден  тері  илеп,  күнін  көреді.  Қалған  айла-
шарғыға  шамасы  келмей,  қыс-жазы  дамыл-тыныштық  көрмей, 
табылса  жұмыс  істеп,  табылмаса  зауыт-зауыттың  арасында  жұ-
мыс іздеп, таңның атысы, күннің батысы 8-9-дан топтанып, сан-
далып  жүрген  қазақтар» [8].  Бұл  Семей  қаласынан 6 шақырым 
жердегі  Затон  зауытында  қалыптасқан  жағдай  туралы  жазылған 
«Жұмысшылар  тұрмысынан»  атты  мақала.  Бұдан  көретініміз – 
«Еңбекшіл  қазақтың»  ұлттық  мəселелерге  бей-жай  қарамай,  ба-
тыл  көтергендігі.  Көтеріп  қана  қоймайды,  жалпы,  шаруа  тұр-
мысынан  дамыған  елдерді  үлгіге  ала  отырып,  одан  шығудың 
жолын  нұсқайды.  Мəселен, «Ауыл  шаруасында  сауданың  орны» 
атты  мақалада: «Мал  шаруасын  алайық,  күнбатыс  Еуропада  мал 
шаруасын  кəсіп  орнына  жұмсайды.  Малдың  сүті,  жүні,  терісі – 
осының  бəрі  ақшаға  сатылады.  Швейцария  деген  патшалықта 
бір  сиырдың  өз  бағасынан  бір  жазғы  келтіретін  пайдасы  екі  есе 
артық  болады.  Мысалы,  бір  сиыр  жүз  теңгелік  болса,  оның  жаз-
ғы сүтінен, майынан 200 теңге пайда түседі.

11
Қазақтың  мал  шаруасы  көбінесе  санын  көбейту.  Қазақ  малы-
нан  тиісті  пайда  ала  алмайды.  Қазақтың  сиырының,  жылқысы-
ның,  түйесінің,  қойының  сүті,  майы  өзі  жеуінен  артылмайды. 
Қазақ мал шаруасынан түскен бұйымды ұқсатпайды.
Сондықтан  қазақ  шаруасы  ілгері  баспайды.  Қазақ  малының 
өнгенінен емес, өлгенінен пайда көреді. Тері сатып алатын ақша-
сы өлген малдың сілекейі ғана. Тірі малдан пайда шығарып, тірі 
малдан Швейцарияның жеріндегідей ақша алып отырған қазақ аз». 
Бұл қазақтың жайын бөле-жара айтқаны үшін «ұлтшыл» деген 
айып  тағылатын  алмағайып  кезеңнің  алдында,  сөз  бостандығы 
сəл де болса бар, қазақ қаламгерлерінің рухы жасымаған еркіндеу 
кезде жазылған пікірлер. Олар күндердің күнінде Голощекин де-
ген  қанқұмардың  айдап  салуымен  халықтың  қамын  жеп  жазған 
осы сөздері өздеріне «бəле» болып жабысарын, ілік іздегендерге 
таптырмас  дерек  көзі  болатындығын  іштері  сезсе  де,  тартынып 
қалмаған.  Тырнақ  астынан  кір  іздеуге  келгенде  алдына  жан  сал-
майтын  «шолақ  белсенділердің»  біреуді  қаралау  үшін  қиыннан 
қиыстыратын  тапқырлық  шеберлігіне  тəнті  болмау  мүмкін  емес. 
Олар  үшін  дұрыс  сөзді  бұрысқа  шығару,  достан  жау  жасай  салу 
түкке тұрмайдығын байқауға болады.  
1925-жылдары  Қазақстанға  бұрын  Түркістан  республикасына 
қарасты  болып  келген  Жетісу,  Сырдария  облыстары  қосылып, 
аумағы  кеңейгендігі  белгілі.  Сол  кездегі  Қазақ  АССР-інің  бас-
шысы С. Меңдешев, Т. Жүргенов, С. Сəдуақасұлы бастаған ұлт зия-
лылары  қазақ  көп  қоныстанған  жерлердің  Қазақстанға  қарауы 
керектігін  нақты  деректер  арқылы  дəлелдеп,  дəйектеді.  Шекара 
бөлісі  кезіндегі  даулы  аймақтарда  қай  ұлт  өкілінің  көптігін  санау 
барысында  біраз  қателіктерге  жол  берілгендігі,  көп  қазақтардың 
басқа  ұлт  есебінде  саналып  кеткендігі  айтылған.  Соның  кесірі-
нен  Қазақстанға  қарауы  керек  кейбір  жерлердің  өзбектерге  өтіп 
кеткендігіне өкініш білдіреді. Сонымен қатар қазақ астанасы бо-
луға  қай  қала  лайық  деген  мəселе  де  қызу  талқыланған.  Алаш 
ардақтысы  С.  Сəдуақасұлының  «Орта  Азияның  өміріндегі  жаңа 
дəуір»  атты  «Еңбекшіл  қазақ»  газетінің  № 252-255 сандарында 
жарияланған  терең  талдауға,  нақты  дерек  пен  бұлтартпас  уəжге 
құрылған  мақаласы  бар.  Онда  былай  делінген: «Төрт  жылғы  өмір-
дің  тəжірибесінің  арқасында  Орынбор  бізге  түпкілікті  астана  бола 
алмайтынына  көзіміз  жетті.  Ең  əуелі,  Орынбордың  тұрған  жері 
қолайсыз.  Түркістан  қазақтары  шетте  жатыр.  Семей  мен  Ақмола 

12
одан да алыс. Орынборға жан-жақтан келіп жатқан шойын жолдар 
жоқ. Сондықтан қатынасу мəселесі өте қиын. Оның бер жағында 
Орынборда  қазақ  жоқ.  Қазағы  болмағандықтан  оның  өмірі  бас-
қаша.  Қазаққа  ұқсамайды.  Сол  себепті  біздің  Орынбордан  алып 
отырған  тəжірибеміз  жоқ.  Орынбор  өз  өмірімен  тұрып  жатыр, 
Қазақстанның  сары  даласы  оның  ойын  білмейді.  Сондықтан 
Орынбор  өгей  шеше  сияқты»  дей  келіп, «Ташкенттің  қазіргі 
халына келсек, Ташкент, əрине, сөзсіз қазақтың қаласы. Ташкент-
тің  айналасы  жағалай  қазақ,  Ташкенттің  базарында  сатылатын 
ет, май, сүт – бəрі  маңайындағы қазақтың əкелгені. Егерде Таш-
кенттің  маңайындағы  қазақтар  қалаға  малын  əкелуді  қойса, 
Ташкенттің  күн  көру  мəселесі  екіталайға  айналар  еді.  Олай  бол-
са, Ташкенттің қазақсыз күні жоқ.
Маңайындағы  көп  қазаққа  жалғыз  қала  болған  соң,  киер  мен 
шай,  былғары  жəне  басқа  сондай  фабрикте  істеліп  шығатын 
нəрселерді Ташкенттен алады.
Ташкент  болмағанда  маңайындағы  қазақтардың  тұрмысы  да 
нашарлыққа  айналар  еді.  Сондықтан  Ташкент  пен  маңайындағы 
халықтың  арасы – ана  мен  баланың  арасындай.  Сол  себепті 
Ташкент Қазақстанға берілу керек.
Ташкенттің  басқа  Қазақстанға  керек  жері  толып  жатыр:  Таш-
кентте  университет  бар.  Ол  университеттің  оқушыларының  бір-
сыпырасы  осы  күнде  қазақ» [9] деген  дəлел-дəйектерін  келті-
реді.  Өкінішке  орай,  ұлт  зиялыларының  бұл  тілегі  қағаз  жүзінде 
ғана қалды. Кейіннен Қазақстан астанасы Сыр бойындағы Ақме-
шіт (Қызылорда) қаласына көшірілгені белгілі. 
«Еңбекшіл  қазақ»  газетінде  Қазақстаннан  тыс  жерлердегі,  атап 
айтқанда,  берісі – өзбек  жеріндегі,  арысы – алмағайып  замандарда 
Ауғанстан  мен  Қытайға  босқан  қазақ  жайы  да  сөз  болды.  Өзге 
ұлттардың  теперішін  көрген  кейбір  қазақтардың  өз  ұлтын  жасы-
рып қалуға дейін барып жатқандықтары айтылады. 
Қорыта  айтқанда, «Еңбекшіл  қазақ»  газетінде 1923-1924 жыл-
дары  ұлт  мүддесіне  қатысты  мəселелер  батыл  көтеріліп  отырған. 
Оған  қай  бағытты  ұстанғанына  қарамастан  қазақтың  ұлтжанды 
азаматтары,  мемлекет  құру  ісіне  араласып  жүрген  белгілі  қайрат-
керлер  бір  кісідей  атсалысқан.  Ел,  жер,  тіл  мəселесіне  келгенде 
араларында  ешқандай  алауыздықтың  болмағанын  байқаймыз.  Ұлт 
зиялыларын бір-біріне қарсы қою, жасанды жолмен «жау» жасау 
саясаты  қолдан  жасалған.  Олардың  түпкі  мақсаты – жалпы  қазақ 
оқығандарының көзін жою болғандығы бесенеден белгілі. 

13


  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   27


©emirb.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

войти | регистрация
    Басты бет


загрузить материал